ВЕРНУТЬСЯ

Жымпиты-жалпақ жазық аудан ана.
Бір шалғын,
бірде сұрғылт қаудан
дала.
Сыңсыған, сыңғырлаған орманы жоқ..
Кыземшек, айыр өркеш
таудан да ада.
Жоқ және Ақ Жайығы, Сыр, Ертісі.
Жаңбырсыз
жазда жердің жүдер түсі.
Қураған суыртпақтай үзіледі
Өлеңті, Қалдығайты,
Шідергісі.
«Анайтөс
айдын да бар Тамды деген,
Толқында
атқызады таңды кемем.
Сен аққу, мен қаршыға боп жүземіз,
Қолымды қайық қылсам, талды демен».
Солай деп
бір жігіті ұзақ жерден,
Майданнан оралғанда қыз ап келген.
Келе сап «Тамды қайда» демей ме ару
Жарына Тамды атымен тұзақ керген.
Жыра екен жатқан
Тамды далада аулақ.
Өтетін тауық аттап,
бала бойлап.
Әркімнің өз
астауы-өзіне өзен,
«Тамдым!» деп
талған жүрек салады ойпақ.
Кермектеу, әттең, суы жер теріндей,
Немесе жер суарған ер теріндей.
Бәрін айт бірін айт та, жігіттерді айт,
Ерлік те, елдігі де
ертегідей!
Болса да қалшылдаған қысы қандай,
Отынан жүректердің ысығандай.
Болса да жалындаған жазы қандай,
Халықтың басады екен мысы қардай.
Жатады пішеншілер
дала қонып,
Тербеліп тары,
бидай теңіздері,
Дихан тұз
қайта жарып, қалады оңып.
Тамды да өзін көлден кем көрмейді,
Ұлы еңбек кімді кіммен теңгермейді?
Сенемін, оның да өз күні туып,
Кемерін бұйра
толқын кең кернейді.
Жүгіріп Жымпитының үйлеріне.
Суы да жер астының тиді ерінге.
Қалықтап
аспанында он қанаты,
Тұяқтай
дүбірлейді күй жерінде.
Болғанмен
бау-бақтары аз, бақыты көп,
Бұ да бір
жасарған жер уақыты көп.
Қырлары ұсынады
қызғалдағын,
Жатпайды жауқазынға
ақы төлеп.
Естисің тың дүбірді, тың
жер үнін,
Естисің тәтті, шатты тілдер үнін.
Арудай жүздерін-ай күндерінің!
Күндіздей көздерін-ай түндерінің!
Той болса, кез-келгені  тор
ағасы,
Бүркіттей
сыңырылған томағасы.
Даласы-дархан байлық дастарқаны,
Көк шатыр-Бұланының топ ағашы.
Дейді елі:
«Еңбек бар жер-бәрі егін жер,
Дән түгіл бал егілер, мал егілер.
Алыстан түскен келін жатырқамас.
Тамдының бойына да тал егілер!..»
Сенемін
одан зорға, сен десе ерлер,
Тәйірі, серт ете
ме, сенбесе ерлер!
«Біз қайда қалдық?» деме, қарындастар,
Қанаты жігіттердің сендерсіңдер.
Нұр болып, жаңбыр болып жуып тері,
Құрсағын
тулақ түздің жібітті елі.
Жаралған
жақсылыққа, зор-зор іске,
Жігіт-ау Жымпитының
жігіттері!
1974