ВЕРНУТЬСЯ

I
                            Автор. Енді 1943
жылдың Сіздің өміріңізге қатысты жағын әңгіме етейік, Бауке.
                        Бауыржан. Мақұл. Сөйтіп
біздің 3-ші екпінді армияның екпінді тобы жаумен Великие Луки, Невель шайқастарын
жүргізді. Бұл кезде армияның үш дивизиясы - біреуі біздің 8-ші гвардиялық дивизия,
үш бригадасы, екі танк батальоны Холм түбінде қорғаныста қалды дедім ғой.
Қорғаныстағы бұл топқа Ловать өзенін бойлай тартылған бекініс шебінен Торопецке
қарай дұшпанды өткізбеу, сөйтіп оларды алдымен Великие Лукиге, одан кейін Невельге
шабуыл жасап жатқан әскерлердің желкесіне шығармау міндеті жүктелді. Бұл
міндетті біз де айтарлыктай етіп орындадық. Немістер шебімізді бұзбақ болып,
бірнеше рет әрекет етті. Әсіресе, Великие Лукиден айрылғаннан кейін, ауылға
күнде шауып маза бермейтін күшігін алдырған қасқырдай боп, аласұрды. Бірақ біз
қасқырды тұмсықтан соғып, тілін салақтатып кейін қайтарып отырдық.
                       1943 жылдың апрелінде
біздің 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы Калинин майданынан Солтүстік-батыс майданының
қарамағына ауыстырылды. Енді біз 3-ші екпінді армияның құрамынан шығып,
генерал-лейтенант В.А.Юшкевич басқаратын 22-ші армияның қол астына қарадық. Бірақ
басқа майданға ауысып, басқа армияның құрамына кіргенімізбен корпусқа,
дивизияға жүктелетін міндет бұрынғы күйінде қалды.
                       Автор. Сіздін
өмірбаяныңызға байланысты барлық документтермен танысқаннан кейін, Бауке, мен
мынадай қорытындыға келдім. Қазақтардың тіршілігінде ең ауыр жыл қоян жылы деп
есептелсе, сіздің тағдырыңыздағы бір қоян 1943 жыл ма деп қалдым.
                       Бауыржан. Ол не деген
сөз?
                       Автор. Төрт жыл соғыста
күн сайын, сағат сайын, тіпті минут сайын тебеңізден төніп тұрған қауіп пен
қатерді айтпаймын, Бауке. 1943 жылы бір генерал қолына жарық алып Сіздің
соңыңызға түскен екен.
                       Бауыржан. Кімді айтасың?
                       Автор. 8-ші гвардиялық
дивизияның Серебряковтан кейінгі командирі генерал -майор Ч-ны айтамын.
                       Бауыржан. Ым-м-м!..
                       Автор. Бір жеріңіз
ауырып отыр ма?
                       Бауыржан. Жоқ, айта бер.
                      Автор. Панфилов дивизиясы
жайында «Красная звезда» газетінде ең алдымен хабар жазған, артынан 28 батырдың
ізіне түсіп, олардың кім екенін анықтап очерк жариялаған, содан кейін де өмір
бойы сол дивизиямен байланысын үзбеген Александр
Кривицкийдің «Не
забуду вовек» деген кітабында «Генерал Ч-мен әңгіме» деген тарау бар екенін өзіңіз
білесіз. Ол тарауда жазушы Москва түбіндегі шайқастан кейін бірсыпыра уақыт өткен
соң Калинин облысының жерінде, «батпақ пен орманның ортасында» тұрған 8-ші
гвардиялық дивизияны іздеп барып, оның соңғы командирлерінің бірі генерал Ч-мен
қалай кездескенін былай баяндайды:
                      «Генерал Ч-мен кездесу
көңілсіз болды. Жол бойы Панфилов туралы босқа ойлап, Корнейчуктың «Майдан»
пьесасын тектен-текке есіме алмаппын. Генерал Ч. (атын айтпай отырған себебім ол
дивизияға ұзақ командир бола алған жоқ және оның армиядан
кетіп қалғанына
да талай жыл болды) барып тұрған горловшылдың өзі болып шықты. Өзінің қандай
дивизияға басшы болғанын, қолына таяқ емес, қылшылдаған әскери қару ұстап
отырғанын түсінбейтін болса керек. Ол дивизияның ұлттық ерекшелігін де ұғынбапты.
Адамдардың бұрынғы жауынгерлік еңбектерін қадірлеуді қойыпты. Дивизияның
дәстүрін бағаламайтын болыпты. Сөз арасында мен Панфиловты аузыма алып едім,
оның түсі
біржолата
бұзылып кетті».
                      Кривицкий кітабындағы
генерал Ч-ның кім екеніне бұрын мен мән бермеген едім. Жақында генерал Ч-ның
Сіздің үстіңізден жазған қағаздарын оқыдым. Әрине, ол жоғарыға жолдаған жауынгерлік
мінездеме түрінде болып келеді. Сондықтан ол алдымен Момышұлының партия мен
Отанға адал берілген азамат екендігін, саяси-моральдық жағынан беріктігін,
тәртіптілігін тәптіштеп айтып алады. Содан кейін бір-екі ауыр кінәні оның мойнына
арта салады да, ең соңында Момышұлы полк командирі болуға лайық адам деп шыға
келеді.
                      Әрине, бұл Капров пен
Мұхамедияровтың, Панфилов пен Егоровтың, Чистяков пен Егоровтың, Серебряков пен
Лобовтың, Галицкий мен Литвиновтың Сізге берген бұрынғы, соңғы мінездемелеріне
мүлде қарама-қайшы.
                      Бауыржан. Ер шекіспей бекіспейді,
есер шетінеспей кетіспейді. Ер басқа, есер басқа. Екеуіміздің қайсынымыз ер,
қайсынымыз есер екенімізді кім білсін. Әйтеуір бір жолы аттай тебісіп, айғырдай
шайнасып қалғанымыз рас.
                     Автор. Әйтеуір, бір жақсысы
сегіз айдың ішінде Сіздің үстіңізден Ч. жазған бесінші мінездемені 22-ші
армияның командашысы Юшкевич пен Соғыс советінің мүшесі Катков екеуі бекітпей
тастапты.
                     Бауыржан. Рас, солай болды.
1943 жылдың 15 ноябріндегі ұрыста мен тағы да жараландым. Сен маған қалай
соғысқаныңды, ұрыс картиналарын айтпа. Оны Александр Бек пен Бауыржан Момышұлы
жазды, мен оларға тоқталмаймын деп едің ғой.
                     Автор. Иә, Бауке. Менің
мақсатым Сіздің өміріңіздің ұзын-ырғасын қағазға түсіру. Соғыс суреттерін
сіздерден, Бек екеуіңізден артық етіп жеткізе алмайтын болғандықтан, оған соқпау.
                     Бауыржан. Бір жарым айдай
госпитальда жаттым.
                     Автор. Сөйтіп Сіздің қоян
жылыңыз жаралануыңызбен аяқталды ғой ақыры.
                     Бауыржан. Иә. Госпитальдан шыққаннан
кейін маған екі айлық демалыс берілді. Декабрьдің соңғы күндерінде мен Алматыға
келдім.
                     Автор. Мен Сіздің ол келгеніңізді
архивтен алдырып, «Советтік Қазақстан» киножурналының 1944 жылғы бірінші
номерінің лентасынан көрдім, Бауке. Журнал басталғанда Сіз бір жұпыны бөлмеде,
қалың дәптердің бетіне сыпылдатып орысша жазып жаттыңыз. Мен ол бөлме өзіңіз
документтеріңізде үй әдірісім: Алматы қаласы, Фурманов көшесі, 94, квартира 22
деп көрсететін пәтеріңіз болар деп ойладым. Бір кезде Сіз басыңызды көтеріп,
көрермендерге тіке қарап, 1944 жаңа жылмен құттыктап сөз сөйледіңіз. Көзіңіз
шүңірейген, жағыңыз суалыңқы, арық екенсіз. Бірақ дауысыңыз жігерлі, қимылыңыз
өте ширақ екен. Сөзіңіздің басында 28 гвардияшы панфиловшылар жайында айта
келіп, генерал Панфилов туралы тебірене толғанып сыр шерттіңіз. Егер мен
өзіміздің генерал туралы жаза қалсам, онда бұл шығармамды мынадай тарауларға
бөлер едім: парасатты генерал, логикалы генерал, кең толғамды генерал, әдіс-айлалы
генерал, қажырлы генерал, саспайтын салқын қанды генерал, кішіпейіл генерал, дегеніне
жетпей тынбайтын генерал дер едім дедіңіз. 1941 жылы Москва түбінде бір
гвардияшының гитлершіл алты қарақшыға
қарсы тұрғанын
айттыңыз. Соғыстағы солдаттың баласын, әйелін, әке-шешесін сағынатынын,
жолдастары қаза болғанда көзінен жас шығып жылайтынын айта келіп сөзіңізді
былай деп бітірдіңіз:
                        - Жаңа жыл құтты
болсын! Жаңа жылда жаңа бақытқа жетейік, майдандағы қымбатты жолдастар! Мен
қазір әзірше сіздердің араңызда емеспін, мен қиырдағы туған елім Қазақстандамын.
Мен жерлестерім - қазақстандықтарды сіздердің атыңыздан жаңа жылмен - 1944
жылда құттықтаймын.
                        Сіздің сол құттықтау
сөзіңіз «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правданың» сол 1944 жылғы 1
январь күнгі номерлерінде басылыпты.
 
III
                        Бауыржан. Сол келген
жолымда мені Екінші Алматының темір жол вокзалында Қазақстан Жазушылар одағының
председателі Сәбит Мұқанов бастаған бір топ жазушылар және басқа да беделді, белгілі
деген өнер қайраткерлері қарсы алды. Аты аңызға айналған үлкен жазушымен тұңғыш
дидарласуым осылай басталды. Сол жолы Сәбең үйіне шақырды. Бұл қонақасыда қазақ
әдебиеті мен өнерінің, мәдениетінің белгілі қайраткерлері де бірге болды. Тап
сол күні Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, өзімнің кластас
досым, сонау 1928 жылдары Шымкентте бірге оқыған жолдасым Әбділда Тәжібаев,
Әлжаппар Әбішев сиякты қазақтың қадірлі қалам қайраткерлерімен, Күләш пен
Қанабек Байсейітовтар сияқты өнер ардагерлерімен тұңғыш рет Сәбең дастарқанының
басында дидарластым. (Әбділда, Әлжаппар, Ғабиден үшеуі майданға келіп қайтқан
болатын.) Осы
сапарымда Сәбең
қазақтың жақсылары мен жайсаңдарын танып-білуіме, сыйлас болуыма көп себін
тигізді. Сәбеңнің арқасында сол жолы ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен де
мәжілістес, пікірлес болып қайттым. Сол екеуінің ұйымдастыруымен Ғылым академиясында
отыз алты сағат лекция оқуыма да тура келді.
                        Автор. Жаңағы журналда
өзіңіз айтқан адамдардың барлығы да түсіпті. Айтылмағандардан генералдың жұбайы
Мария Ивановна Панфилова мен ақын Иса Байзақовты да көзім шалып қалды. Одан
кейінгі бір кадрда өз қол астыңызда болған саяси жетекші, ержүрек азамат Жолтай
Бозжановтың үйіне барғаныңыз бейнеленіпті. Жолтайдың туған ағасы Нұрмұхамед
Бозжановтың балалы-шағалы үлкен семьясының ортасында әңгіме шертіп отырсыз.
Тегі Жолтай жайында баяндап отырған боларсыз деп ойладым. Енді бір кадрда Сіз
«Эмка» қара машинасымен 28 панфиловшылар атындағы парктің алдына келіп тоқтадыңыз
да, парк ішінде сапқа тізіліп тұрған қалың әскермен сәлемдестіңіз. Әскерлерді
аралап көріп,
оларға арнап сөз сөйледіңіз. Журнал осымен аяқталады екен.
                     Сол жолы Сізбен жүздескен
адамдардың ішінен Қазақ ССР-інің халық артисі Серке Қожамқұловпен сөйлесіп, сол
кісінің естелігін жазып алып едім, Бауке. Соны оқып берсем қайтеді Сізге?
                     Бауыржан. Оқығын.
                    Автор. Серағаң былай деді:
«1943 жылдың аяғында Бауыржан майданнан келді. Март айына дейін Алматыда болды.
Екі жерде - Академияда және театрда лекция оқыды. Волоколамскіде болғанын,
қоршауда қалғанын айтты. Панфилов туралы көп айтты. Генералдың адамгершілігі
туралы айтқанда бүкіл зал тебіреніп отырды. Оны туған әке, ағамыздай көрдік деді.
Ол біздің бойымыздағы ерлікті жанып отыратын еді деді. Мынау менің қойын
дәптерім, соғыс басталғаннан бергі көрген-білгенімді осыған жазып келемін.
Осыны аманат
етіп Сізге тапсырамын, Қанеке, - деп дәптерін Қаныш Сәтбаевқа берді...
                     Бауыржан. Рас. Соғыста жазғандарымның бәрін
Сәтбаевтың сейфына тастап кеттім деп бұрын саған айтқан болатынмын.
                     Автор. Айтқансыз, Бауке.
                     Бауыржан. Ары қарай оқи
бергін.
                     Автор. Бұрын жұрт лекция үстінде
кіріп-шыға беруші еді. Бауыржан өйттірмеді. Лекцияға бір минут қалғанда ол
ешкімді кіргізбейді екен. Үлкен-кішіңе қарамайды, есікті жаптырып тастайды.
Сондықтан оның әр лекциясына 15-20 минут ерте барып отыратын болдық. Біздің
театрдан Бауыржан «Ақан сері», «Еңлік-Кебек», «Намыс гвардиясын» көрді. Бірақ
спектакльден кейін ешқандай талдау, әңгіме болған жоқ. Жұрт оны кезектесіп,
театрдан кейін қолма-қол үйіне қонаққа әкетіп отырды. Кешкі, түнгі уақыттары шақырылудан
босаған жоқ. Лекция оқығанда, кейбір қонақтарда болғанда айтқан сөздері,
ойлары, ерлік
тұлғасы есімде қалды. Қазір Бауыржан туралы сөз бола қалса, мен алдымен қырық
үш-қырық төртінші жылғы Бауыржанды көз алдыма елестетемін. Бауыржан сөзді өте
тауып сөйлейді екен. Әттең, арасына «встаты» мен «молчаты» кіріп кетеді. Өз
басым сонысын сөлекеттеу көрдім. Бауыржанды ең алғаш көргенім жайында
есімдегілер осы ғана».
                       Бауыржан. Ым-м-м...
                      Автор. Екі ай демалысыңыз
біткеннен кейін Алматыдан бірден майданға қайттыңыз ба, Бауке?
                      Бауыржан. Екі айдан
асыңқырап қайттым. Жолда Жуалыға соқтым. Одан бұрын, енді бірер күнде қайтамын
деп әзірленіп жүргенімде бір күні Сәбит:
                       -        Әй, Бауыржан, мен бір білместік істеп алыппын, кешір, ұят-ай,
ұят болды, - деді сол үйден түстік ішіп отырғанымызда.
                       -        Не боп калды, Сәке?
                       -        Біз бүгін кешке карай Жамбыл қарттың ауылына барып келейік.
Жәкеңнің алдын көріп, сәлем беріп қайтқаның орынды болады.
                      -         Жарайды.
                     Сол күні кешке Ұзынағашқа
бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай
ақсақалға сәлем бердік.
                     -          Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген
Бауыржан деген батыр балаңыз осы, - деді Сәбит Жамбылдың құлағына дауыстап. -
Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта
кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.
                      Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның
сынап отырғанын байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң
Жамбыл Сәбитке қарай мойнын бұрды да:
                       -        Мына қызынды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! - деді.
                     Сәбит оған қарық болып күліп
жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.
                       -        Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы,-деді.
                      Мен ойланбастан жауап
бердім.
                      - Өтеген қаптап келе жаткан
өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен
судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен - оттың
ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке, - дедім.
                     Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын
«борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді
көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы да Сәбитке қарады.
                      -         Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе
бар екен, қоныңдар, - деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай,
Балуан Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе, Сәбит: «Ау, тәте»деп
жауап береді.
                       Біз жайғаса бастадық.
Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ
қайрандай болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай
мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу, шабуылға шығатын кавалеристей
екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да:
                        -       Әумин, - деп алақанын жайды.
                       Малдас құрып отырған
Жөкең мойнын бұрды да:
                       -        Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші
ме еді батаны? - деді.
                       -        Ойбай,
тәте, өзіңіз жасаңыз, - деді Сәбит. Жамбыл алақанын жайды да:
                     Батырдың жолы болсын!
                     Самсаған қолы болсын!
                      Түсі де суық екен,
                   Ісі де долы болсын,
аллаәкпар! - деп бетін сипады.
                     Ақ қошқар ауыз үйде
сойылып жатты. Бір кезде ішек-қарын аршыған әйелдердің де дыбысы естіле
бастады. Олардың үстіне сырт жақтан мұрнынан міңгірлей сөйлеп тағы біреу келді.
                       -        Екінтіде елге сүйкімді қонақ келеді деуші еді. Бір қадірлі
қонақ келген-ау тегі... Ойбай-ай, шарбысын-ай ақтарылып жатқан. Тура бір тегене
май түсіпті ғой... Өй, мыналарың Жәкемнің ең сыйлы қонаққа соямын деп жүрген ай
мүйізді аққошқары ғой,
қарақтарым-ау.
Кім келгенін айтсаңдаршы өздерің!..
                    Осылай деп есіктен төртбақ
денелі жалпақ бет біреу кіріп келді.
Келді де:
                   - Ой, айналайын, жүрген жері
құт Сәбитімнің өзі екен ғой. Әйтпесе Жәкем ай мүйізді ақ қошкарды кімге союшы
еді? Өзім де біліп едім-ау! - деп қос қолдап келіп Сәбиттің алақанын алды. Содан
соң бұрылып маған қарады да:
                        -       Мына литенант жігіт кім? - деді Сәбитке.
«Лейтенанттың» да бір әрпін қымқырып жіберді деп ойладым ішімнен.
                        -       Ой, Ғали, қара бассын сені, - деді Сәбит.
- Лейтенант емес, полковник Бауыржан Момышұлы ғой.
                        -       Ойбай, калқам, атыңа қанықпын. Тек мынау
жұлдызға ғана шорқақпын. Келші бері бетіңнен сүйейін, - деп бетімнен сүйді.
                      Сөйтсем ол Жамбылдың сол
кездегі әдеби хатшысы атақты ақын Ғали Орманов екен.
                      Ауыл адамдары жиналып,
солармен әңгімелесіп, Жәкеңнің соғыс, майдан жайындағы әр түрлі сұрақтарына
жауап беріп, ұзақ отырдық. Түннің бір кезінде алдымызға ет келді.
                      -         Ал, балуан, ал,батыр, сыбағаларыңа қол созындар, - деді
Жамбыл табақты нұсқап.
                      Сәбит пен Ғали етті
шеңгелдеп асай бастады. Мен табаққа қол созбай отырып қалдым.
                      -         Делбе болған жылқыдай, мына қызталағың неғып отыр ет жемей,
- деді Жамбыл Сәбитке, сақалын шошаң еткізе, мені иегімен нұсқап.
                      -         Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың! - деп Сәбит
табаққа қайтадан қол соза бастады.
                      -         Жемеймін! - дедім мен қатаң үнмен.
                    Сәбит табақтан қолын тартып
алып, менің бетіме қарады.
                      -         Әй, Бауыржан, саған не болды? - деді ол үні одан сайын қарлыға
шығып.
                     -          Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ, - дедім Сәбитке
даусымды қаттырақ шығарып. - Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жеймін. Ал
мұнда ұлы Жамбылдың, соғыстағы бар солдаттың ұлы әкесінің сарқытын ішуге
келдім. Ол үшін Жәкең анау тұздыққа сақалын батырып ұрттасын да, қалғанын табақтың
үстіне құйсын... Мен етті сонда ғана жеймін. Және барлық солдаттарға Жәкеңнің
сарқытын ішкенімді айтып барамын!
                      -         Әй, мынауың дұрыс екен! - деп Сәбит қарқылдап кеп күлді.
                     Содан кейін Жамбылдың
құлағына еңкейіп, менің сөздерімнің бірін қалдырмай айтып берді.
                      - Бұл қызталақтың мұнысы
да жөн екен, - деп Жамбыл басын изеп, анадай тұрған тұздыққа қарай қолын созды.
- Бірақ сақалымды батыратын мен суға еңкейген теке емеспін, мұртымды тигізейін.
Мына батырыңа түсіндіріп айт.
                      Жәкең осылай деп Сәбитке
қарап, қутыңдап иек қақты. Қарт ақынның бұл тапқырлығына біз қыран күлкіге
баттық.
                      Сөйтіп Жәкеңнің жүзін
көріп, қолынан дәм татып, төрінде жатып, қонақ болып аттандым. Ертеңінде поезға
мініп, майданға қарай бет түзедім.
                      Автор. Сіз Ұзынағаштан
аттанып кеткен күні Ғали ақын өзіңізге арнап «Полковник» деген өлең шығарды.
Әрине, оны майданға аттанарда Сіз ести алған жоқсыз. Бәлкім, кейін де оқымаған боларсыз.
                      Бауыржан. Жоқ.
                      Автор. Онда мен ол өленді
оқып берейін.
                      Бауыржан. Оқығын.
                      Автор.
Кеңесіп көп
отырдым полковникпен,
Бұлдырап еске түсті
өткен-кеткен.
Қадалып қабағына
көп қарадым,
Тұрғандай тұрпатында
қазақ біткен.
Бірде тік, бірде
сынық, бірде катты,
Жайдары көңілі
түссе махаббатты.
Жалғанның жазы,
қысы қабағында,
Батырын кім сүймесін
бұл сымбатты!
Тарынса табиғаты
бір-ақ уыс,
Өткендей тал
бойынан аңғардым күш.
Тік өскен туған
жерге қара емендей,
Халкымның қалағаны
сондай туыс!
Қоштастым құрмет
етіп полковникпен,
Қазақтың бір
ұлысың үміт еткен.
«Бауыржан!» десе
барлық үлкен-кіші
Елеңдеп құлақ түріп,
көзін тіккен.
                     Бауыржан. Ракмет.
Алматыдан қайттым дедім ғой. Жолда Жуалыға соғып, Момынқұл көкемнің орнына
құран оқытып аттандым.
 
IV
                      Автор. Сіздің туған
жеріңізді көріп қайту үшін жетпіс үшінші жылдың январында мен де Жуалыға
бардым, Бауке. Момынқұл көкеңіздің баласы Әбділда ауылда жоқ екен. Бурныйдың
басынан Әтін, Рақымжан Орынбаевтар деген туыстарыңызды таптырып алдым. Әтінді
Сіз ертіп апарып, отыз төртінші жылы Шымкенттегі өзіңіз оқыған қазіргі Сыпатаев
атындағы мектепке түсірген екенсіз. Әтін мен Рақымжан екеуі кезектесіп отырып, маған
Сіз туралы есте қалғандарын айтып берді.
                      Бауыржан. Қандай?
                     Автор. Қырық төртінші
жылдың басында, Алматыдан соғысқа қайтып бара жатқан жолында Бауыржан көкем
ауылға келді, - деді Рақымжан. - Бауыржан көкем келер алдында ауданнан атты кісілер
келіп, көкемнің келетінін хабарлады. Қайтыс болған Момынқұл атамның үйінде қой
сойылып, бауырсақ пісіріліп жатты. Көкемдер Бурныйдан шығардың алдында ауылдағы
еркек кіндікті дегендердің бәрін Момынқұл атамның үйінің қасына шақырды. Соғыстан
келген 3-4 мүгедек, он-он үш жастағы он шақты ауыл балалары - барлығымыз он бес
шақты еркек жиналдық. Балалардың қолына бір-бір таяқ ұстатып, Момынқұл атамның
үйін жағалай сыртқа қойғызды да, соғыстан келген ағалар келген кісілердің аттарын
ұстайтын болып, соған әзірленіп түрды. Әйелдер жиналып іште отырды. Бір кезде
5-6 салт атты шығып, «Ой, бауырымдап!» ауылға қарай шапты. Алдымен Бауыржан көкем
келді. Сыртта тұрған бәрімізбен көрісіп ішке кірді.
                      Бауыржан көкем не істесе,
басқалар да соны істеп жатты. Іштерінде бір орыс кісі бар екен. Ол да бізбен құшақтасып
жатқанда мен күліп жібердім.
                      Біраздан кейін Бауыржан
көкем сыртқа шығып, таяққа сүйеніп тұрған бізге келді де:
                      - Қарақтарым, таяқтарынды
тастап, енді ойнай беріндер, - деді.
                      Біз қуанып кеттік. Таяқтарымызды
тастай сала, бірімізді біріміз итере топырлап үйге кірдік. Келген кісілер төр
алдында, қаптаған ауыл әйелдерінің ортасында отыр екен. Есіктен кіре бере
Бауыржан көкемнің сөйлеп отырғанын естіп, жым бола қалдық. Бауыржан көкем үй
ішіндегілермен көрісіп болып, енді майданнан келгендерге көңіл айтып отыр екен.
                        -       Аюбай, - деді ол солардың біріне қарай
бұрылып, - Отан соғысында сен де бір аяғыңнан айрылыпсың. Аяғыңның арт жақсылығын
берсін, бауырым. Ауылдың нардай тракторист азаматы едің. Енді міне, ақсақ боп
шоқандап қалғанынды көргенде ішім
удай ашыды.
Жарайды, мойыма. Біріміз аяғымызды, біріміз қолымызды берсек те, біріміз жанымызды
қисақ та, Отанды аман сақтап қалсақ болды ғой. Сақталады Отан! Бәріңнің де жақындарың
жауды жеңіп келеді. Бірақ кімнің қандай күйде келетінін білмеймін.
                         -      Рас.
                         -      Рас.
                         -      Айтқаның келсін!
                         -      Қандай боп келсе де кеудесінде құр жаны
болса болды, - десіп әйелдер дабырласып кетті.
                         Бауыржан. Ал, Әтін не
айтты?
                         Автор. Әтін Сізден
сегіз жас кіші екен. Ол кісі ертерек кезден бір деталь айтып берді. Сіз
ауаткомде секретарь боп жүрген уақытта сатушы боп жүрген Ыстықұлов Оспан деген
ағайындарыңыз істі болып, сасқанынан Сізге барыпты.
                          -     Мені соттайтын болды, көмектес, - депті
Оспан Сізге.
                          -  Неге соттайды? - деп сұрапсыз Сіз.
                          -  Ақша кем дейді.
                         -      Қайда кетті?
                         -      Бірсыпырасын жаратып қойып едім.
                         -      Онда маған ақылдастың ба?
                         - Жоқ.
                            - Ендеше менің
саған беретін көмегім жоқ, - деп Сіз туысыңызды кабинеттен қуып жіберген
екенсіз.
                        Әтін осыны айтты.
                         Бауыржан. Ә, ол оқиға
менің есімнен шығып кеткен екен.
                         Автор. Содан кейін мен
шана жектіріп, Сіздің ескі ауылдың жұртына бардым. Қар қалың боп түседі екен.
Пар ат омбылап, әрең жеттік. Әр жерлерден бұрқыраған бу шығып жатты. Ол Мыңбұлақ,
Кеңбұлак, Әділбұлақ, Момышбұлақ деген қыста қатпайтын жылы бұлақтар екен. Сол
бұлақтардан басталатын кең жазық Ақсай, Көксай, Тобышақты сайы дейтін сайлармен
ұштасып қырғыз Алатауына тіреледі екен. Қырғыз Алатауының Ма-
нас шоқысы үнемі
мен мұндалап, көз алдыңда тұрады. Ежелден Манас шоқысының ар жағын қырғыздар,
бер жағын қазақтар жайлайтын болса керек. Соғыстың ауыр жылдарында бұл екі ел
осы сайлар арқылы жалғасып, бір-біріне азық-түлік жағынан үзбей көмектесіп
отырыпты.
                     Осы үлкен жазықта соғыстан
бұрын «Талапты», «Қайрат», «Орақ-Балға» деген шағын-шағын колхоздар болыпты.
Қазір ол колхоздардың орны үлкен қорыққа айналдырылып, Карл Маркс атындағы
совхозға қарайтын болыпты.
                      Біз Момышбұлақтың басына
келдік. Әтін мен Рақымжан қатар салынған Момыш пен Момынқұл үйлерінің орнын
көрсетті. Мен оларға:
                        -       Баукең отыз үшінші жылы алғаш әскерден
қайтқанда боранды күні кеште осы үйдің терезесіне келген. Қарт әке баласын танып,
қоңылтаяқ етікті аяғына сұға салып, қораға жүгіріп шығып есік ашқан. Қарт әке
кақаған аязға қарамастан баласын бауырына
басып, емірене
құшақтап тұрып қалған. Сол кезде мына үйге хабар жетіп, Баукеңнің Момынқұл
көкесі мен Сарагүл жеңгесі бірін-бірі жетектей жүгіріп, осы үйге келген,-
дедім.
                         -      Рас. Сіз солай деп жаздыңыз. Біз оны «Жұлдыз» бен «Жалыннан» оқыдық,
- деді Әтін мен Рақымжан қабаттаса сөйлеп. - Міне, бұл сол үйлердің орны.
                        -       Момыш атам бұлағының басы жайқ алған тал
болушы еді, - деді Рақымжан содан соң. - Соның бәрін, жарықтық, ерінбей-
жалықпай жалғыз өзі отырғызған екен. Біз, кішкентай балалар жүгіріп келіп:
                        -       Ата, ат берші,- деуші едік.
                        -       Қандайы керек: жорғасы ма, жүйрігі ме? -
деуші еді атам күліп.
                      Біріміз «жорғасын»,
біріміз «жүйрігін» сұрайтынбыз. Атам бізге бір-бір шыбық кесіп беретін. Момыш
атам менің тоғыз жасымда дүниеден қайтты. Ол кісінің бізге ұрыспай, бір-бір ат мінгізіп
жіберетінін осы күнге дейін ұмытпаймын. Сол талдың бәрін жұрт соғыс кезінде
күрекке сапқа, отынға кесіп әкетті...
                         Сіздің туып-өскен,
балалық шағыңызды өткерген жерді көріп, мен қатты қуанып едім, Бауке. Бірақ сол
күні бойыма суық тигізіп алыппын. Қатты ауырып, ертеңінде Шымкент ауруханасына түстім.
Онда он бес күн жатып, Алматыға келдім. Үйге келген соң дәрігер тағы да бір ай
қозғалтпастан және жатқызып қойды.
                        Бауыржан. Өй, сен өзің
менің ауылыма барамын деп бейнет көріп, қиналып қалған екенсің ғой. Неге
айтпадың бұрын?
                        Автор. Оның несін
айтамын. Жалғыз бір жолғы ауырған ғана емес, Сізбен сөйлесемін деп, ауырғаннан
кем қиналмаған күндер де болды ғой, Бауке. Қиналмасаң - кітап туа ма?
                        Бауыржан. Ол сенің
жұмысың.
                         Автор. Ал, Бауке, енді
Жуалыдан шығып, соғысқа қарай бет қоймайсыз ба?
                        Бауыржан. Қойдым. Жолда
Москваға соғып, Отан Қорғау Комиссариатына кірсем, менің К. Е. Ворошилов
атындағы Жоғары Әскери Академияның жанындағы «Выстрел» деп аталатын білім жетілдіру
курсына қабылданғаным туралы бұйрық шыққан екен. Бейбіт кезде мерзімі бір
жылдык бұл курстың оқуы соғыс кезінде алты айға қысқартылған болатын. Оку 3
майда басталады екен. Оған дейін мен ГУК-тың қарамағында қалып, сонда бір ай
қызмет істедім.
                           Автор. ГУК дегеніңіз
не, Бауке?
                           Бауыржан. Кадрлар
бас басқармасы, Қорғаныс министрлігіне қарайды. Майдың 3-інен октябрьдің 23-іне
дейін сол курста оқыдым. Онда қалай оқып, не бітіргенімді мына документтен оқып,
керек болса көшіріп ал. Сен ылғи мені сөйлете бергенше, документтерге сөз
берсеңші. Документтер де мен ғой.
V
                           Баукең осылай деп
темекі тартуға кетті. Мен асыкпай отырып, ол кісі берген документті түгелдей көшіріп
алдым.
«К. Е. Ворошилов
атындағы Жоғары
Әскери
Академияның білім жетілдіру
курсының
тыңдаушысы полковник
Момышұлы
БАУЫРЖАНҒА
1944 жылдың
майынан октябріне дейінге уақытқа
 
АНЫҚТАМА
                          
                            Жалпы және әскери білімі
жеткілікті. Әскер түрлерінің тактика-техникалық қасиеттерін білуі ойдағыдай
және бұл жөніндегі емтиханды толық қанағаттанарлық етіп тапсырды.
                          Жағдайды дұрыс
бағалай біледі, жағдайга сәйкес тиянақты қорытынды жасай алады. Көбінесе дұрыс
шешім қабылдайды және қабылдаған шешімін нақпа-нақ әрі айқын етіп айтып бере
алады. Басқару, бірлесе қимылдау және жабдықтау мәселелерін барынша жеткілікті біледі.
Тактикалық міндеттерді шешу қабілетіне жақсы бағалар қойылды. Штаб
документтерін толтыруды біршама біледі. Қайсарлық қабілеті бар. Сабаққа ұқыпты.
                          Тәртіпті, ұстамды.
Дивизия командирінің орынбасары қызметіне тағайындауға болады.
Курс бастығы
23.10.1944
ж.                                                                                      генерал-майор
ЖЕМАЙТИС.
Келісемін.
Академия
бастығының орынбасары
                                                                                                   
генерал-лейтенант МОРДВИНОВ.
 
25 октябрь
1944ж.»
                             Бауыржан. Енді
мына документті оқы.
                            Автор. Мұнда былай
деп жазылыпты, Бауке:
 
«КУӘЛІК
                        
                           Бұл куәлік полковник
Момышұлы Бауыржанға берілді. Себебі ол 1944 жылы октябрьде К.Е.Ворошилов
атындағы Жоғары Әскери Академия жанындағы білім жетілдіру курсын жақсы деген
бағамен бітіріп шықты.
                         Негіз: НКО ГУК-тың
1944 жылғы 28 октябръдегі № 03582 бұйрығы.
Академия бастығының
орынбасары
генерал-лейтенант
В. МОРДВИНОВ
Оқу бөлімінің
бастығы генерал-майор
Н. БЕЛЯЕВ
                        Аяғына академияның мөрі
басылыпты. Штемпілде: «1944 ж. 3 ноябрь, № 7/25» деген белгі бар.
                        Бауыржан. Ұқтың ба?
                       Автор. Ұқтым. Академия
Сізді дивизия командирінің орынбасары етіп жоғарылатуға болады деді.
                       Бауыржан. Ендеше мен
содан кейін І-Балтық майданы Соғыс советінің қарамағына келдім де, дивизия
командирі болып тағайындалдым. Оны менің «Жұлдызда» жариялаған «Өмірімнің бір саласы»
деген естелігімнен оқып алғын.
                       Автор. Ол естелігіңізді
мен алып келдім, Бауке. Соны өз аузыңыздан маған айтып берсеңіз қайтеді?
                       Бауыржан. Немене, сауатың
жетпей ме?
                       Автор. Әңгіме онда емес,
Бауке. Оның кейбір жерлерін өз аузыңыздан анықтап алайын деп едім... Мінеки,
журнал.
                       Мен Бауыржанға журналды
ұсындым. Ол маған мұрты жыбырлап, тесірейе қарады да, журналды алып, оң жағына
тастай салды.
                       Содан кейін онда
жазылғанның мазмұнын ауызша баяндай бастады.
 
VI
                        Автор. Енді әрі қарай
айта беріңіз.
                       Бауыржан. Бір күні мені
күтпеген жерден майданның штабына шақыртты. Ол кезде майданның командашысы
армия генералы Иван Христофорович Баграмян болатын. 6-шы армияның командашысы
генерал-полковник Иван Михайлович Чистяков еді.
                      Мен кіргенде Чистяковтың
қасында авиацияның бір маршалы отыр екен.
                     - Ең алдымен тамақтанып
алайық, содан соң мен майдан командашысына таныстырамын, - деді
генерал-полковник Чистяков салған жерден. Жасыратын ештеңе жок, жүз грамнан
тастап алып, тамаққа кірістік. Сол кезде майданда үлкен шайқас болып жатыр
екен. Шайкасқа Жоғарғы Командование Ставкасының өкілі болып Совет Одағының
Маршалы Василевский келіпті. Ара қазы ретінде Совет Одағының Маршалы Жуков та
келген екен. Жуковты соғыстан бұрын, Ерекше Киев әскери округында қызметте
болған кезімде бір-ер рет алыстан көргенмін. Ал Василевский бұрын кермеген
кісім болатын.
                       Ас үстіндегі әңгімесін
тез аяқтап, Чистяков орнынан тұрды.
                      -         Ал мен кеттім.
                      Шайкастың сәті түспей
жатқан кез еді. Соған елдің бәрі қатулы. Бірсыпыра уакыт өтті. Мен өзімді ішке
шақырған бұйрық күтіп отырмын.
                       Автор. Сол күтіп отырған
кезіңізде не ойладыңыз, Бауке?
                       Бауыржан. Майдан қолбасшысы
туралы өзімнің білетінімді, Чистяковтың генерал Баграмян туралы айтқандарын
есіме алдым. Баграмян бұрын да көрген кісім ғой. Соғыстан бұрын, Қиыр Шығыстан
Ерекше Киев әскери округының қарамағына қызметке келгенде полковник Баграмянның
қабылдауында болғанмын. Енді генерал Баграмянның қабылдауына келіп тұрмын. Одан
бері бірсыпыра уақыт өтті. Баграмян бұл уақыт ішінде еліміздің көрнекті қолбасыларының
қатарына қосылды. Бұл штабта отырып өскен генерал емес, от пен өрттің ішінде
жүріп, өзінің батылдығымен, батырлығымен өрлеген өрен болатын.
                       Мен бұрын Баграмянның
қарамағында соғыста болғамын жоқ. Сондықтан оны жақыннан жақсы білмейтінмін.
Бірақ генерал Чистяков оның адамгершілік қасиеттері, инициативаны бағалай білетіндігі,
қол астындағы адамдарға сеніммен қарайтындығы жайында жылы-жылы лебіздер айтқан.
Командашы мен командарм арасында Елгава окиғасынан кейін өзгеше бір сыйластық
сезім орнағанын да аңғарғанмын. Ол оқиға былай болған екен.
                       Өткен август пен
сентябрьдің алғашкы жартысында фашистер өз күштерін қайта топтап, Елгаваға
қарай сел болып лап қойған. Сөйтіп олардың майдан шебін бұзып кету қаупі туған.
І-Балтық майданының басшылары бұл жайды қалай тоқтатудың қамын ой-
лап, қатты
толғана бастаған. Осы кезде Даугавпилс бағытында тұрған 6-шы гвардиялық
армияның командашысы генерал Чистяков генерал Баграмянға телефон соғып, өз
армиясының бағытындағы жаудың жайбарақат екендігін, әзірге қозғала қоятын ниеті
жоқтығын баяндай келіп, былай дейді:
                       -        Жолдас командашы, менің участогымды сол жақ көршінің күшімен
тығындап, менің армиямды Елгава түбіне жұмсауынызға болар еді... деп ойлаймын.
Ол жақта өте қиын болып жатыр ғой.
                       -        Олай етуге болады, - дейді Баграмян сәл ойланғаннан кейін. - Бірақ
Даугавпилс бағытының жауапкершілігі сіздің мойныңыздан алынбайды.
                       -        Мұнда бір корпусымды қалдырамын, бұл бағытқа да жауап беремін,
жолдас командашы.
                        -       Сонда сіз қарсыңызда жатқан дұшпанға
армияның алғы шептен шыққанын сездірмей, қайда баратыныңызды байқатпай кете
аласыз ба, жолда оны ешкімнің көзіне түсірмей, тығыз түрде Елгава түбіне
жеткізе аласыз ба?
                        -       Жеткіземіз, жолдас командашы.
                        Бұл Чистяков тарапынан
жасалған аса батыл әрі өте жауапты ұсыныс еді. Чистяков Баграмянға берген
уәдесін мүлтіксіз орындап, жауып тұрған жауынға, жердің мидай батпағына қарамастан
армиясын үш күннің ішінде 150
километр жердегі Елгава ауданына жеткізіп үлгіреді. Армия
келіп орналаса сала жаудың 150 танкі, 60 өздігінен жүретін зеңбірек, 50
бронетранспортерімен шайқаска түседі. Сөйтіп генерал Я.Г. Крейзердің
51-ші армиясымен
қанаттаса шеп құрған генерал И.М.Чистяковтың 6-шы гвардиялық армиясы дұшпанның
қиян-кескі шабуылдарын тойтарып, І-Балтық майданының шебін бұздырмай сақтап қалады.
                          Бұл әңгімені Чистяков
бағана ас үстінде айтқан еді. Содан кейін ол орнынан тұрып:
                          -  Демек, Иван Христофорович менің өзін ұятқа
қалдырмайтыныма сенеді. Сені маған командир етіп бекітіп береді. Ал мен кеттім,
- деп еніп кеткен болатын.
                           Мен генерал
Чистяковтың ерлігіне, ал Баграмянның ол ұсынысты ерлікпен қолдай білген
батылдығына іштей сүйсіне отырып, батылды батыл, батырды батыр осылай қолдауы
тиіс қой деп ойлағанмын.
                          Осындай әр түрлі
ойлармен отырдым. Өзім 8-ші гвардиялық дивизиядан шығып, 9-шы гвардиялық дивизияға
командир болғалы келіп отырғанымды да ойладым.
                          Бір кезде есіктен
генерал-полковник Чистяков көрінді де:
                           - Жолдас полковник,
келіңіз, - деп мені шақырды.
                         Ішке кірдім. Жасы әлі
елуге жетпеген армия генералы Баграмян қасқа басы жалтырап, төр жақтағы столда
отыр екен. Алдындағы папкаға зер сала үңіліп қалыпты. Тегі менің личное деломды
көріп отырған болар деп ойладым. Баграмян иықтанып, бұрынғы
полковник
кезіндегісінен сәл толыса түскендей боп көрінді.
                      Оң жақтағы ұзын столда
екі маршал катар отыр. Олар алдарындағы кіші картаға үңіліп, одан кейін кең бөлменің
бір жақ қабырғасын түгелдей жауып тұрған үлкен топографиялық картаға ойлана
кезек көз салып қояды.
                        Бұрынғы командашым
болғандықтан ба, менің назарым бірден Жуковке ауды. Жуков маған бұрынғы қалпынан
көп өзгермеген тәрізденді. Бұл да елуге тақаған кісі. Бірақ түр-тұлғасынан ешқандай
егделік сезілмейді.
                        Картадан бас көтеруі,
мойын бұрысы ширақтық пен шапшаңдық танытады. Ал Василевский болса, құрыштан
құйылғандай болып, нық отыр.
                        -       Жолдас маршал, майдан командашысымен тілдесуге рұқсат етіңіз,
- деп генерал-полковник Чистяков маршал Василевскийге бұрылды. Василевскийді
өте мәдениетті адам деп еститінмін.
                       Чистяковке жайдары
қарап, сыпайы ізет білдірді.
                        -       Тілдесіңіз, тілдесіңіз, - деді.
                        Чистяков денесін майдан
командашысына қарай бұрды.
                         -      Жолдас майдан командашысы, сізге полковник
Момышұлын таныстыруға рұқсат етіңіз, - деді ол Баграмянға.
                       Баграмян қағазға қарап
отырған күйі басын изеді. «Өзім де оқып жатырмын» дегендей ишара білдірді.
                          -  Полковниктің фамилиясы қалай дедіңіз? - деді
Жуков Чистяковке қарай еңсеріле бұрылып.
                         -      Мо-мыш-ұлы, - деп Чистяков менің
фамилиямды буынға бөліп, анықтай айтты. - Бауыржан Момышұлы, жолдас маршал.
                         -      Естіген сияқтымын, - деп Жуков сәл
ойланғандай болды.
                         -      Дәл айтасыз, жолдас маршал, - деді
Чистяков әлденені тезірек айтып қалуға тырысқандай асыға сейлеп. Жолдас Момышұлы
өткен жылы «Знамя» журналында басылған панфиловшылар туралы кітаптың қаһарманы.
Онда батальон командирі, аға лейтенант кезі баяндалған. Қазір полковник.
                         -      Көріп тұрмын полковник екенін, - деді
Жуков орнынан тұрып.- Мен полковник соғыстың қаһарманы ма десем, кітаптың қаһарманы
ма еді?
                         Жуковтың бұл сөзінен
оның не кұптағанын, не кінәлағанын түсіну қиын еді. Әрине, мен кінәлау деп
түсіндім.
                          -     Екеуі де, жолдас маршал, - деп бұған да
Чистяков жауап берді.
                         Жуков Василевский
отырған стол мен Баграмян отырған столдың арасында ерсілі-қарсылы жүре бастады.
Маршалдың жаңағы не құптау, не кінәлау екені белгісіз сұрағына өзім жауап
беруді жөн көрдім.
                          -  Жолдас маршал, бір ауыз жауап беруге рұқсат
етіңіз, - дедім Жуков Василевскийдің столынан кері бұрылып, Баграмян столына қарай
аялдаған кезде найзадай тік тұрған қалпымда.
                          Жуков тоқтай қалып,
менің бетіме тіке қарады. Менің бойым маршалдың бойынан биіктеу екен. Ол сәл
иегін көтерді де:
                             - Рұқсат, айт, -
деді.
                             - Соғыстың да,
кітаптың да қаһарманы болайын деп ойлаған жоқ едім, жолдас маршал. Отанымыздың
басына түскен тарихи жағдай мәжбүр етті. Алдымен соғыс, сонан соң барып «Соғыс
және бейбітшілік» болғаны жөн де шығар. Олай болмағанына мен емес, соғыстан
қалмай шеру тартып келе жатқан әдебиет кінәлі.
                              Осылай деп
Жуковке басымды идім.
                             Жуков «қарай гөр»
дегендей, басын шайқады да, қайтадан жүріп кетті. Маған жауап берген жоқ.
                              - Георгий
Константинович, - деді Баграмян орнынан тұрып, Жуковке бұрыла, - Кавказ
халықтарында «қыранның шамасы шаңқылдаған үнінен танылады» деген мақал бар.
Полковниктің ұшқан ұясы біздің Ерекше Киев әскери округы екен.
                               - Қашан? - деп
Жуков маған иек қақты.
                               - Сіз командашы
боп тұрған кезде, жолдас маршал, 1940-41 жылдары, соғысқа дейін.
                                - Қай
дивизияда?
                                -           24-ші атқыштар дивизиясының 406-шы
аткыштар полкында, Житомир қаласында, жолдас маршал.
                                Маршал сәл
ойланып, әлденелерді есіне түсіргендей болды.
                                 -          Кім болдыңыз?
                                 -          Полк штабы бастығының бірінші
көмекшісі.
                                 -          Одан кейін?
                                 -          Одан кейін генерал Панфиловтың
дивизиясында батальон, полк командирі болдым, жолдас маршал.
                                  -         Полковникті генерал Чистяков біле ме?
                                 Жуков Баграмян
мен Чистяковке кезек көз тастады.
                                 -          Білемін, жолдас маршал, - деді
Чистяков алға ұмсынып. - Полковник Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық
дивизиядағы менің ең өжет, батыл, білгір командирлерімнің бірі болды.
                              - Полковник дивизияға
лайық деп сенесіз бе?
                              - Сенемін, жолдас
маршал.
                              - Білсеңдер,
сенсеңдер бекітпейсіндер ме? - деп жайлап қана айтты да, Жуков кейін бұрылып,
Василевскийге қарай аяңдады.
                              - Бекітуге тура
келеді, - деп Баграмян қайтадан орнына отыра бастады.
                             - Полковник
жолдас, - деді осы кезде маршал Василевский маған қарай мойын бұрып. - Карта
бойынша біз бір операция жүргізіп жатырмыз. Картаға жақындап, жақсылап тыңдап
алыңыз. Міне, жау мына жерде. Оның күші бізден басымырақтау, бәрі де картада
көрсетілген. Оның есесіне бір корпус резервіміз бар. Міне. Бірақ бұл қашығырақта
жатыр. Әңгіме осы корпус жайында. Сіздің пікіріңіз қандай? Жағдайды мұқият
сараптап, өз
ойыңызды
айтыңыз.
                              Мен картаның
алдында біраз ойланып тұрдым да:
                              - Баяндауға
рұқсат етіңіз, - деп маршалға бұрылдым.
                              - Айта беріңіз,
жолдас полковник, - деп маршал қозғала түсіп, тындауға ыңғай білдірді.
                           Жағдайдың бәрін
айтып болдым да:
                              - Меніңше осы корпустан
дәнеңе шықпайды, оны қозғаудың керегі жоқ, - дедім.
                                - Неге? - деді
Баграмян сәл алға ұмсынып.
                             - Жер алыс, қар
қалың, жол ауыр, жолдас командашы. Корпус босқа ысырап болады. Оның есесіне...
                               - Біз оның бәрін де есептедік қой,
полковник, - деп Баграмян басын шайқады.
                             Менің пікірім
командашының ойымен үйлеспегенін сонда ғана білдім. Ал айтылған сөз - атылған
оқ. Мен қолбасылардың бұған дейін өзара пікір алысып, жаңағы корпус туралы
ойларын сарапқа салып отырғанын білгемін жоқ. Бірақ білсем де, мен кімнің
алдында болса
да, тек қана өз ойымды айтар едім.
                            - Жолдас командашы,
мен маршалға полковниктің пікірін ғана баяндап тұрмын, - дедім сәл басымды иіп.
Осы арада Баграмянның да өз пікірінен қайтпайтын қайсарлығы ойыма сап ете
қалды. Соны тілге тиек етуге тырыстым. - Егер, мен жаңылмасам, II-гвардиялық армияның
командашысы генерал Баграмян да Курск шайқасы алдында Батыс майданы мен Брянск
майданының екі бірдей командашысының пікірімен келіспей, өз жоспарын Ставка
алдында дәлелдеп, қабылдаттырған жоқ па еді?
                       Ол оқиға былай болатын.
Курск шайқасына әзірлік жүріп жатқан. Батыс майданының қарамағындағы генерал
Баграмянның армиясы мен Брянск майданындағы генерал Беловтың армиясы жаудың
Орел тобына қатарласа соққы жасап, одан кейін шырқап
ілгері кетуі
керек.
                       Бұл жоба Баграмянға
ұнамады. Ол қанаттас екі армия бірден шырқап ілгері кетпей, алдымен Орелдың
солтүстік желкесіндегі жаудың шағындау тобын қоршауға алып, құртуы керек деген қорытындыға
келді. Сонда жаудың қорғаныс шебі едәуір үңірейіп қалады. Ол қуысты бітеу
немістерге оңайға түспейді.
                        Батыс майданының
командашысы генерал Соколовский де, Брянск майданының командашысы генерал
Рейтер де Баграмянның жоспарын қабылдамады.
                        Шайқас басталардан
бұрын Бас штабта мәжіліс өтті. Оған майдандар мен армиялардың командашылары шақырылды.
Генерал Баграмян өз жоспарын мұнда да айтады. Командашылар мұнда да оған қарсы
шығады. Одан кейін Ставка мәжілісі болып, онда Орел операциясының жоспары бекітілмек
болады. Майдан командашыларының операцияға байланысты ойларын айтып, Бас штаб
бастығының орынбасары А. Антонов баяндама жасайды. Мәжілісті Сталин басқарады.
Бас қолбасшы ешқандай ескертпе жасамайды. Тек майдандардың өзара байланысы
жайында бірнеше сұрақ қана қояды. Сөйтіп мәжіліс бітуге айналады. Карталар
жинала бастайды. Осы кезде Сталин кенеттен:
                         -      Бас
штабтың шешіміне бәріңіз де келісесіздер ме? Бәлкім, бұл мәселеге қатысты
басқаша ұсыныстарыңыз болар? - деп сұрады.
                         Сонда Баграмян орнынан
тұрып, өз жоспарын айтады. Генерал Рейтер тағы да оған қарсы шығады. Сталин
екеуінің де сөзін тыңдап болып, Баграмянның ұсынысын орынды деп табады. Сөйтіп
оның жобасы ешбір өзгеріссіз қабылданады.
                         Мен осыған ишара едім.
Баграмян күлімсіреді де:
                         -      Сіз қателескен жоқсыз. Солай болғаны рас,
- деп басын изеді. - Бірақ мен сіздің ойыңызды ұқтым, полковник, - командашы маған
зілсіз сұқ саусағын безеді. - Баграмянның өз пікірі болса, менің де өз пікірім
бар. Баграмян қыңыр болса, мен де қыңырмын деп тұрсыз ғой.
                          -  Тіпті де олай емес, жолдас командашы, - дедім
мен иегімді көтеріп,- командирдің қайсарлығы, табандылығы деген де терминдер
бар ғой...
                          -  Жолдас полковник, операцияны аяқтаңыз, - деді
маршал Василевский салмақты үнмен.- Сөзіңізді жалғастырыңыз.
                         Мен алыстағы корпустың
көмегінсіз-ак, жақындағы дивизиялардың маневрі арқылы жағдайдан шығу
мүмкіндігін айттым.
                           - Полковник жолдасқа
енді кімнің қандай сұрағы бар? - деді маршал Василевский мен сөзімді
аяктағаннан кейін.
                          Бағанадан бері екі
қолын артына ұстап, бөлме ішінде ерсілі-қарсылы үнсіз жүрген Жуков аласа бойлы
шағын денесін ықшам қозғап, қасыма келді.
                           - Сен маған ренжіп қалдың
ба? - деді маған тіке қарап.
                           - Полковниктің
маршалға ренжуі ағаттық болады, - дедім мен.
                          Маршал Жуков
ішек-сілесі қата күлді де, иығымнан алақанымен түйіп жіберді. Тегеуріні қатты
екен. Шайқалып барып, қайта түзелдім.
                           - Енеңді ұрайын, сен
мені қатырдың, - деді содан соң.
                           Маршал Василевский
орнынан қозғала түсіп:
                           - Жолдас полковник,
сізге рұқсат, бара беріңіз, - деді.
                           Мен шығып кеттім. Іштен хабар күтіп,
ауыз бөлмеде біраз отырдым. Қадірлі командашыны өкпелетіп алдым-ау деп ойладым.
Адамға жақсы көретінімді жеткізе алмайтын орашолақтығыма өкіндім. Бірақ жұрттың
бәрі жақсы көргенін жалбақтап білдіруге міндетті емес шығар деп өзімді өзім
және жұбаттым.
                         Бірақ Баграмян көңіліне
ештеңе алмаған екен. Оны артынан білдім. Соғыстан кейін, маған Бас штаб
академиясына оқуға бару туралы қағаз толтырылғанда Иван Христофорович:
академияға сондай полковниктерімізді жіберуіміз керек деп, бірден қол қо-
йыпты.
                         Сонымен біраздан кейін
іштен Чистяков шықты. Орнымнан атып тұрып, бірден қабағына қарадым. Көңілді
екен.
                             -  Сен 9-шы гвардиялық дивизияның командирі
болып тағайындалдың, - деді ол бірден. - Комаңдашы қол қойды. Екі маршал
батасын берді. Құттықтаймын! - Генерал-полковник құшырлана қолымды қысты.-
Бірақ, - деді одан кейін түсін суытып, - үлкендердің алдында байқап сөйлеу
керек, енеңді ұрайын. Сен бастықтарға жақпай қала ма деп жаным мұрнымның ұшына
келді. Командашымен атаңның басына сөз таластырасың ба? Әйтеуір, ол кісі
шамданған жоқ. Әйтпесе күйіп кететін едің. Ұқтың ба?
                           Мен үндемедім.
Үндемегенім: өтер іс өтті, өкінгенмен пайда жоқ. Генерал бетіме алара қарады
да, енді даусын жұмсарта сөйледі.
                          -  Іштен телефон соқтым. Қазір саған машина
келеді. Бар да дивизияны қабылда және оның әкесі бола біл. Дивизия қазір қатты
шайқас үстінде. Тез жет.
                           - Құп, жолдас генерал, -
дедім мен оң қолымды шекеме көтеріп, - дивизияны қабылдауға және оған әке
болуға!
                            - Жөнел.
                         Сөйтіп мен дивизия командирі
болдым.
                          Автор. Рақмет, Бауке.
Бұл арада Сіздің дивизия командирі болдым дегеніңізге ешкім таласа алмайды. Өйткені
Сіз онда Баграмян штабынан 9-шы гвардиялық дивизия командирінің орынбасарлығына
тағайындалып, бірақ дивизия командирінің лауазымын арқалап шықтыңыз. Бұйрықта
солай делінген: орынбасар болып тағайындалсын, командирдің міндетін атқарсын
деп көрсетілген. Бұл 1945 жылдың 21 январы болатын, Бауке.
                              Бауыржан. Рас.
                             Автор. Ал Сіз
өзіңізге жүктелген дивизия командирі міндетін ойдағыдай атқарыпсыз, Бауке. Ол
туралы тиісті документ бар.
                              Бауыржан. Қандай?
                             Автор. Мынадай.
«Гвардия
полковнигі Момышұлы Бауыржанды 9-шы
гвардиялық қызылтулы
атқыштар дивизиясының
командирі
лауазымына бекіту туралы
ҰСЫНЫС
                         Бұл лауазымның
міндетін 1945 жылдың 25 январынан бері атқарып келеді, батыл, өжет, тактикалық
жағынан сауатты, ұрыс үстінде әскерлердің өзара байланысын ептілікпен ұйымдастыра
біледі, ұрысты жақсы басқарады, тәртіпті. Өзіне де, өзгелерге де талап қойғыш,
бағыныштыларының арасында абыройлы. Саяси ой-өрісі кең. Моральдық жағынан
берік. Партия ісіне берілген.
                        Әскерлерге ойдағыдай
басшылығы, Прибалтикадағы неміс группировкасын жою жөніндегі ұрыстарда
көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін Қызыл Ту орденімен наградтауға ұсынылды.
                         Қорытынды: атқарып
келе жатқан лауазымына лайық. Момышұлын дивизия командирі лауазымына бекіту
туралы ұсыныс енгіземін:
 
 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының командирі
Совет Одағының Батыры гв. генерал-майоры БАКСОВ.
8 март 1945 ж.»
                          Бауыржан. Рақмет.
VІІ
                          Автор. Осы ұсынысқа
қоса берілген жауынгерлік мінездемеге корпус командирі Баксовтан кейін
өздерінің ризалықтарын генерал-полковник Чистяков пен армия Соғыс советінің
мүшесі Совет Одағының Батыры гвардия генерал-майоры Абрамов қол қойған.
                      Ол екеуінен төменірек:
«Дивизия командирі лауазымына лайық» деп жазып 2-ші Балтық майданының
командашысы Совет Одағының Маршалы Говоров пен Соғыс советінің мүшесі
генерал-лейтенант В.Богаткин деген кісі қол қойыпты.
                      Міне, осыдан кейін Сізге
АГ-00 001 сериялы № 52. 374 куәлік берілді. Ол куәлікте Қорғаныс Халық
Комиссарының 1945 жылы 28 марттағы 0115 санды бұйрығы бойынша Сіздің штатты
лауазымыңыз 9-шы гвардиялық Қызылтулы атқыштар дивизиясының командирі екендігі
көрсетілген. Сонымен бірге «Москваны қорғағаны үшін» медалімен, Қызыл Ту
орденімен наградталғаныңыз, Оңтүстік Қазақстан облысының Жуалы ауданында
туғаныңыз, әйеліңіздің аты-жөні Мұканова Жамал және Бақытжан деген ұлыңыз бен
Шолпан деген қызыңыз бар екендігі айтылған. «Куәлік иесінің өз қолы» деген
жерге «Б.Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойыпсыз. Бір қызық жері Сіз өз
куәліктеріңіздің бәріне де осылай латынша қол қойып отырғансыз. Бұл документтің
бірінші бетіне де, соңғы бетіне де 2-ші гвардиялық атқыштар корпусының
командирі Совет Одағының Батыры генерал-майор Баксов қол қойған. Менде бұл
куәліктің де фото көшірмесі бар. Осы рас па, Бауке?
                        Бауыржан. Рас.
                        Автор. Осы арада тағы
бір анықтап алатын мәселе боп тұр, Бауке.
                       Бауыржан. Қандай?
                       Автор. Жаңылмасам Сіздің
қызмет тізімдеріңіздің бірінен қырық төртінші жылдың аяғында, академияның алты
айлық курсын бітіргеннен кейін, 2-ші Балтық майданының қарамағына жіберілді
дегенді көзім шалған сияқты еді. Ол кезде 2-ші Балтық
майданының командашысы
А. И. Еременко болатын. Сонда Сіз қалай 1 -ші Балтық майданының командашысы
Баграмянның штабынан, Василевский мен Жуковтың ортасынан бір-ақ шықтыңыз?
                  Әлде генерал-полковник Чистяков
Сіздің 2-ші Балтық майданының резервінде жатқаныңызды біліп, Сізге сенгендіктен,
басшылық орны бос тұрған 9-шы гвардиялық дивизияға командир етуге шакыртты ма?
Бұл үшін, әрине, армия командашысы майдан ко-
мандашысымен
ақылдасады. Ал Баграмянның Сізді Ставканың екі Балтық майданындағы өкілі
Василевский арқылы шақырттырып алуы мүмкін ғой.
                   Бауыржан. Иә, солай.
                   Автор. Оған дейін
генерал-полковник Чистяковпен кездескен бе едіңіз?
                   Бауыржан. Иә, кездескенбіз.
Немене сен бір сұрақты қайта-қайта қоя бересің. Сенбей отырсың ба өзің?
                      Автор. Неге сенбейін,
Бауке. Анықтап алайын деп жатқаным ғой. Москвада 2-ші Балтық майданына барамын
деп өзіңіз тілек білдіріп пе едіңіз?
                     Бауыржан. Иә.
                     Автор. Неге?
                     Бауыржан. Алыста жүрген адам үйіне қайтуы
тиіс пе, жоқ айдалаға қаңғып кетуі керек пе?
                     Автор. Әрине, үйіне қайтқаны
жөн.
                    Бауыржан. Ендеше бұл да
сол. Сол кезде генерал-полковник Казаков басқаратын 10-шы армия 2-ші Балтық
майданының қарамағында болатын. 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясы сол армия
құрамында жүрді. Ол менің туған үйім емес пе?
                     Автор. Рас. Сонда бармақ ойыңыз
болып па еді?
                    Бауыржан. Иә. Дивизиямды,
жігіттерімді сағындым. Онда мен екі полкта қызмет істедім ғой. Соның қайсысы
бос болса, бұрынғы орныма баруға да бейіл едім. Бірақ жолда генерал-полковник Чистяков
кездесті де, ол мені өз армиясына шақыртып алды. Жақсы ұстаз жаман шәкіртін де
ұмытпайды екен.
                      Автор. Сіз жаман шәкірт болған
жоқсыз ғой, Бауке.
                     Бауыржан. Сөздің сірәғысы
емес пе?
                     Автор. Ұстаздарыңыздан
ұмытқандарыңыз бар ма?
                      Бауыржан. Шәкірт үшін ұстаздың
жаманы жоқ. Олардың бәрі де есімде. Солардың ішінде ең алдымен ойыма оралатыны
Панфилов пен Чистяков. Чистяков маған үш рет ұстаз болған кісі. Ал бір шәкірттің
бір ұстаздан бастауыш кластарда, орта мектепте және жоғары оқу орнында сабақ
алуы өмірде өте сирек кездесетін оқиға.
                      Автор. Ол кісімен
байланысыңыз қандай?
                      Бауыржан. Қарт адамдардың
арасында байланыс бәсеңдеу болады. Москваға барғанда - соғамын, сәлем беремін.
Былтыр Иван Михайлович Чистяков Алматыға келді. Үйіме шақырып қонақ еттім.
                      Автор. Сізді жақсы көрген
командирлеріңіздің бірі генерал-майор Баксов па деп ойладым, Бауке.
                      Бауыржан. Баксов ер
көңілді, өжет, өткір кісі еді. Тәртіптілікті, тиянақтылықты ұнататын.
Бұлтаң-сұлтаңы жок, тура мінезді нағыз орыс адамы болатын.
                      Автор. Оны айтып отырған
себебім Баксов Сізге алты-жеті жақсы мінездемелер жазыпты.
                      Бауыржан. Онысына рақмет.
                      Автор. Өзіңізді екі рет Қызыл
Ту орденіне ұсыныпты: 2 мартта және 16 майда. Сіз 1945 жылы 6 июньде 1 дәрежелі
Отан соғысы орденімен наградталдыңыз. Бұл Баксовтың сол ұсынысының нәтижесі
болуға тиіс.
                        Бауыржан. Әрине.
                     Автор. Бір қызығы Сіз тек
6 июньде ғана наградталып отырыпсыз. Ең бірінші рет Қызыл Ту ордені 1942 жылы 6
июньде беріліпті. «Москваны қорғағаны үшін» медалін де 1944 жылы 6 июньде алыпсыз.
                      Бауыржан. Кездейсоқ көп
сәйкестіктің бірі болар.
                     Автор. Сіздің батальон
басқарған, полк командирі болған кездердегі жауынгерлік іс, еңбектеріңізден
азды-көпті хабардармыз, Бауке. Енді 9-шы гвардиялық дивизияның басшысы болған кезіңізден
қысқаша да болса дерек айтпайсыз ба?
                      Бауыржан. 1944 жылдың
екінші жартысынан бастап 1, 2, 3- Балтық және 3-Белорусь майдандары
әскерлерінің иығына Балтық республикаларының жерін жаудан босату, бұл үшін ең
алдымен жау шебін бұзып, Балтық жағалауына шығу, сөйтіп Балтық пен Шығыс
Пруссия арасындағы күре тамырды талқандап, немістің «Солтүстік» армиялар тобын
Германиядан бөліп ұстау міндеті жүктелді. Дұшпанның 16 және 18-армияларына соққы
бере отырып, жаз бойы бұл майдандар осы міндетті сатылап орындаумен болды.
Оңтүстік Литваға (Вильнюс, Каунас, Неман жағалауы) Черняховский бет қойды.
Курляндия мен Ригаға қарай Баграмян құлаш сермеді. Еременко Резекнеге бағыт
ұстады. Сөйтіп Вильнюс, Шауляй, Елгава, Двинск, Резекне алынды. 3-ші Балтық майданының
армиялары Остров пен Псковты, Ленинград майданының әскерлері Нарваны азат етті.
Сөйтіп бұл майдандар біртіндеп күз бойы алға баса берді. Рига босатылды.
Октябрьдің екінші жартысында 3-ші Балтық майданы ажыратылды. 1945 жылы
январьдың басында қалған екі Балтық майданы шабуылды тоқтатып, аз уақытқа табан
тіреп бекіністе болды. 1-ші Балтық майданының қарамағындағы 9-шы гвардиялық
дивизияға мен осы кезде келдім. Бұл майдандар мен армиялар штабтарында алдағы
шайқас-шабуылдардың жоба-жоспарлары үсті-үстіне талқыланып жатқан қарбалас,
қызу шақ еді.
                     Олай болатын себебі
мынадай. Қырық бірінші жылы немістердің біздің Отанымыздың жеріне үш топқа
бөлініп кіргенін білесің. Олар: «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» армиялар
топтары деп аталды ғой. Біздің әскерлердің соққысы салдарынан
оның екеуі,
әсіресе «Оңтүстік» армиялар тобы тоз-тоз болып, бірнеше рет қайта жасақталды. Тек
«Солтүстік» армиялар тобы ғана үш жыл бойына қаймағы бұзылмаған қалпында тұрды.
Балтық майдандары әскерлерінің 1944 жылғы жазғы, күзгі тегеурінді қимылдарынан
кейін бұл да өзінің бұрынғы белсенді оперативтік-стратегиялық бірлестік
қалпынан айрылды. Бұрын Балтық жеріне бауырын төсей созылып жатқан «Солтүстік»
армиялар тобы, енді таяқ тиген жыландай жиырылып, шиыршықталып, «Курляндия» армиялар
тобы деп аталып, түбекке тығылды. Бұл топта отыздан аса дивизия болды. 1944
жылы 5 сентябрьде Финляндияның бізбен соғысты тоқтатуына байланысты,
Финляндиядағы неміс әскерлері де «Курляндия» тобына келіп құйылып жатты.
                  Сөйтіп, тар түбекке иін
тіресе тығыздалып топталған жау жан аямай қарсылық көрсетті. Жабайы шошқалар
емен ағашының түбін тұмсығымен қопарып, қалай ойран-асыр қылса, немістер де
Курляндия түбегін сондай етіп, окоппен ойып, траншеямен тілімдеді. Ордың әр он
бес метрінен автомат пен винтовканың тұмсықтары қылтиып, әр сексен метр жерде
қылғына қылқиып пулеметтер тұрды.
                   Орлардың алдына, 30-40
метрдей жерден, темір тікенекті сым темірлер тартылып, артына, 15-20 метрге,
бүйінің ініндей үңірейе блиндаждар тізілген. Бұл - жау бекінісінің бірінші
линиясы болса, содан жүз-екі жүз метрдей қашықтықтан дәл осындай екінші линия
тартылған. Екінші линияның арты танк өте алмайтын жалпақ та терең орлармен
қоршалып, артиллериямен тығындалған.
                   Мұның бәрі бірінші рубеж
аталады. Одан бес-алты километрдей кейінде дәл осындай құрылыс, құралдары бар
екінші рубеж басталады. Одан кейін үшінші рубеж келеді. «Солтүстік» армиялар
тобының командашысы генерал-полковник Шернер осы линия, рубеждегі солдаттардан
бір-бірлеп отырып, өлсем де орнымнан шегінбеймін деген қолхат алған.
                     Олай болатын себебі Совет
Одағының жеріне басып кірген кезде Гитлер өз күшінің сол қанатын Курляндия
арқылы Ленинградқа төкті. Ленинградқа блокада жасады.
                       -        Егер Курляндия біздің уысымызда тұратын болса, Россия үшін
Европаға жол жабық. Курляндия - Россияның Балтық теңізіндегі форпосты саналатын
Ленинградты алатын плацдарм. Ол - Ленинградтың тажалы, одан соң Россияның
Европалық бөліміне сілтелетін найза. Сондықтан Курляндияға тез табан тіреп, оны
қаһарман қамалға айналдыруымыз керек, - деп өзінің стратегиялық нұсқауын берді.
Қырық төртінші жылы Совет Армиясының Балтық майдандары әскерлерінің жойқын
шабуылы басталып, Гитлер армиясы амалсыздан кейін шегіне бастады. Осы кезде
Гитлер:
                        -       Қайткен күнде де Курляндиядан айрылмау
керек. Орыстар Балтық жағалауына шыға алмайтын болсын! Әйтпесе Финляндия,
Швеция, Норвегия, Польша, Дания қолдан кетеді. Шығыс Пруссия қатал соққыға
ұшырайды. Одан кейін бүкіл империяға қатер төнеді, - деп және бажылдады.- Күшті
қорғаныс шебін жасап, қайткенде де Курляндиядан айрылмау керек! - деп бұйырды.
                     Міне, біз олардың осындай
қорғаныс шебін бұзып барып, «Курляндия» тобын қоршауға алуға тиіс едік. Біздің
қолымызға өткен елді пункттерді қайтарып алу үшін фашистердің күніне қырық рет
қарсы шабуыл жасаған кездері болды. Күніне төрт рет емес,
қырық рет қарсы шабуыл!
Түсінесің бе жағдайдың қандай қиын болғанын?
                       Автор. Түсінемін, Бауке.
2-ші Балтық майданының командашысы А.И. Еременконың жазбаларында да Сіздің бұл
айтқаныңызды растайтын сөздер бар.
                        Бауыржан. Оның үстіне
Балтық жағалауының ауа райы өте құбылмалы ғой. Бірде жауын, бірде тұман болып,
ілгері басқан аяқты кейін кетірген кездер де аз болған жоқ. Маршалдар мен генералдардың
күйіп-пісіп, ызаланатын себептері де сол. Осындай қиын-қыстау кезеңде менің
9-шы гвардиялық дивизияға басшы болуыма тура келді.
                        Дивизияда жеті полк бар
еді. Олардың төртеуі орденді полк. Орынбасарым өзіміздің Қазалының балықшы
орыстарының ұрпағы, Совет Одағының Батыры гвардия полковнигі Геннадий Фадеевич
Шляпин деген жігіт. Ол қазақша судай жүйрік екен. Саяси жұмыс жөніндегі
орынбасарым қарт большевик, Саратов обкомының бұрынғы секретары гвардия полковнигі
Иван Михайлович Коньков деген кісі. Шляпин кейін мені аға, оны ақсақал деп атайтын.
Мен дивизияның жеті полкымен, олардың командир, жауынгерлерімен жете танысқаннан
кейін, біраз күннен соң біздің корпус шабуылға шықты.
                      Курляндия - орманды, батпақты
өлке. Онда аяқты, тұсаулы аттай, кібіртіктеп қана басасың. Жүгіре алмайсың,
тартпа шалшық аяғыңнан алып, аттаған сайын сүріндіреді. Сондықтан да біздің
майдандарымыз аршындап ілгері баса алмай, жау шебін кеміріп мүжіп келе жатқан
болатын.
                     Біздің дивизияға Латыш ССР-інің
Приекуле станциясын жаудан азат ету міндеті жүктелді. Оны картадан қараймын
десең, Лиепая қаласының шығыс жағынан ізде. Литва ССР-інің шекарасына жақын
жерде. Дивизия алғашқы күні жаудың жоғарыда айтылған үш қатар бекінісін бұзып,
станңияны алды. Одан кейін екі күнде тағы да сегіз километр алға басты. Содан
соң тағы он күн соғысып, ол он күнде он жеті километр ілгері жылжыдық. Жаудан
он бес елді пунктті азат еттік. Олардан есімде қалғаны Жабали, Усайтюгворс,
Видсмунка, Усайты деген деревнялар. Жиырма шақты күнде не бары жиырма бес
шақырым жерге жылжыдық. Соның өзі Курляндия жағдайында аса зор жеңіс болып
есептелді. Дивизиямыз жаудың жиырма бес зеңбірегін, бес минометін, қырық бес
пулеметін, отыз бес танкін жойып, мыңға тарта неміс солдаттары мен офицерлерін
құртты. Бұл цифрларды мен саған өз жанымнан шығарып айтып отырғамын жоқ.
Корпустың сол кездегі ресми документтерінде осылай жазылған болатын.
                        Автор. Рас, Бауке. Ол
документтердің кейбір көшірмелерін мен өз көзіммен көріп оқыдым.
IX
                      Бауыржан. Осыдан кейін дивизия
екінші эшелонға демалысқа шығарылды. 6-шы гвардиялық армияның қолбасшысы Совет
Одағының Батыры, генерал-полковник Иван Михайлович Чистяковтың өзі келіп
құттықтады.
                     Осыдан кейін
ғенерал-полковник біздің дивизияның 120 жауынгері мен офицеріне өз қолымен награда
тапсырды.
                     Автор. Ол бір ауыр ұрыстар
болған екен, Бауке. Өзгесін айтпағанда отыз бес танкті ойрандау осал іс емес қой!
Ол күндерде қысылған, сасқан сәттеріңіз болды ма?
                     Бауыржан. Неге болмасын. Қысылуды
сұрасаң, күніне әлденеше рет қысылдық қой. Сасқан сәттер де болды.
                     Алғашқы күні, жаудың екі
түбегін тартып алып, үшіншісіне ұмтыла бергенімізде, фашистер танктерін тасалап
бізге қарай дүрсе қоя берді. Алғы шеп абыржып барып, кейін толқыды. Мен де
дивизиямның алғы тізбектерін екшелеп келе жатыр едім.
Командирі қасында
тақау жүрсе, жауынгердің жаудан беті қайтпайды. Зеңбіректер бір елі қалмасын
деп Шляпинге қатты тапсырып қойғанмын. Өйткені зеңбірек ерткен жаяу әскер танктен
тайсалмайды.
                     Қалай дегенмен де, алғы
шеп кейін лықығанда мен едәуір сасқалақтап қалдым. Бірақ адам бойында жасырын
жатқан неше түрлі күш-қасиеттер бар ғой. Солардың бірі қайрат пен жігер.
                     Қайрат - қамал бұзады.
Шляпин жігерлі жігіт еді. Танктерді көргенде ол да бар зеңбіректен атқылап
берді. Кейін толқыған жігіттерді тоқтату үшін мен қылышымды жарқ еткізіп қынабынан
суырып алдым да:
                       - Қайда барасындар, менің
қырандарым, алға! - деп алға қарай ұмтылдым.
                      Дивизия командирін көргеннен
кейін жауынгерлер кейін бұрылып, «Ура!» деп қайтадан жауға қарай лап қойды.
Дүние тарс-тұрс, гүрс- гүрс болды да кетті. Жау танктері де лаулай бастады. Жігітгер
жанына кеп қалғанын шоқпар гранатпен соғып, «КС-пен» өртеп, жайрата женелді.
                    Біз, алғашында кейін
серпілген жігіттерді өкшелей қуып, екпіндеп келіп қалған бір топ неміспен қоян-қолтық
келіп, найзаласа жұлқысып кеп кеттік. Менің дәл қарсы алдыма бір арғымақтай
офицер кісінеп келіп қалған екен. Баяғы Сибирьде жүргенде үйренген ат үстінен
шыбық шабатын әдісіме салып, қыл мойынды қиғаштай тартып кеп жіберіп едім,
офицер жұлындай ұшып түсті.
                       -        Алға, қырандарым, - деп тағы да қарлыға айқайлап, ілгері жүгірдім.
Қырандарым, таудан төңкерілген судай ағындап, менен озып, айналамнан алға қарай
ағылып жатты. Қираған танктердің біріне тақап қалғанымда люктен шығуға тырбанып
жатқан жау офицерін көзім және шалып қалды. Оны маузермен көздей басып кеп
салдым да, домалатып танктың алдына сұлаттым. Осы кезде артымнан біреу келіп
қапсыра құшақтай алды. Жалт қарасам, орынбасарым Геннадий Фадеевич Шляпин екен.
                         -      Ағатай,
Сізге не болды? - деді ол қазақшалап. - Кейін қайтыңыз.
                        Сөйтсем ол менің жаяу
әскерді бастап, атакаға жүгіргенімді көріп, олжа транспортерге міне салып,
соңымнан қуып келіпті. «Ағатайлап» жалынып, транспортерге отырғызып, мені
кейінірекке алып шықты.
                       Ол күні мен қылыш
сілтеп, маузерден атып, жеке өзім жаудың екі офицерін жойдым. Ал менің
дивизиямның жауынгерлері жиырма танкты өртеп, көптеген дұшпанды жер
жастандырды.
                      Автор. Дәл осы ұрыстарға
байланысты 2-ші гвардиялық корпустың командирі Совет Одағының Батыры, гвардия
генерал-майоры Баксов мынадай мінездеме жазған екен, Бауке. Орысшасы өте әдемі.
Аудармастан сол қалпында оқиын: «Гвардии полковник
Момышулы умелым
руководством войсками, личным примером героизма, мужества и отваги, проявленные
в бою, воодушевлял бойцов и офицеров на выполнение задач, поставленных перед дивизией,
в результате чего противнику нанесены значительные потери в живой силе и технике».
Осылай депті, Бауке.
                         Бауыржан. Бұл
документтерді ерінбей іздеп, тауып алғаныңа рақмет!
                        Автор. «Ақиқат пен
аңыздың» журналға шыққан тарауларында мен Сіздің көзіңізге жас алған бір тұсты
айтқан едім. Ұмытпасам Сіздің алғашқы ұстазыңыз помкомвзвода Николай Рединнің өлген
жерінде болуы керек. Соны оқыған жазушы жігіттердің біреуі: сенің мұның өтірік.
Момышұлы жыламайды деп маған кінә тақты. Сол сияқты, соғыстың соңғы кездерінде
жылаған сәттеріңіз болды ма?
                       Бауыржан. Момышұлын адам емес, ағаш деп
ойлайтын ол неғылған жазушы?
                      Содан кейін ыңылдап
отырып, өз өлеңімен жауап берді:
«Мен де адаммын
жаралған сүйек, еттен»,
Менде де ой бар,
сезім бар жан тербеткен.
Жүрегім менің
қиыршық тас емес қой,
Қайғыларым бар
мені де еңіреткен...
                     Болды, қарағым. Бір рет
тағы да еңіреп тұрып жыладым. Басынан айтайын.
                    Біз жаңағы айтылған
Приекуле түбінде басталған ұрыстан кейін екінші эшелонда бір жарым айдай болдық.
Бұл кезде біз Ленинград майданының, маршал Говоровтың қарамағында болатынбыз.   
                     Бір күні мені армияның
Соғыс советінің кеңесіне шақырды.
                      - Өзіңіз білесіз, кеше, 2
майда Берлин құлады, - деді командашы. - Ал Курляндияда немістің жарты
миллиондай әскері бар. Оларға бағыну туралы ультиматум қойылды. Бірақ хабар
жоқ. Олар айтқанға көнбесе күш көрсетіп бағындыруымыз керек. Ал
соғыстың бұл
соңғы күндерінде, бәлкім, соңғы сағаттарында екі жақтан да қан төгілмегені-ақ жақсы
болар еді. Бірақ олар қойған шартты қабылдамаса, біз шабуылға шығамыз. Сіздің
дивизия сол шабуылшы топқа кіреді.
                      Генерал-полковник
Чистяковтың бұл бұйрығын алып, мен дивизияға келдім. Коньков пен Шляпинге жайды
айтып, дивизияны орнынан көтердік.
                      - Бауыржан, қарағым, -
деді жолда келе жатып Иван Михайлович Коньков, - бәлкім, немістер ақылына
келер, қаруларын тастап, қол көтерер. Бәлкім, бұл біздің немістермен ең соңғы
ұрысымыз болар. Өзің де сақ бол, өзгелерді де сақтауға тырыс. Приекуледегідей
қызбаланып, ілгері ұмтылма. Кейінірекке жайғас.
                        -       Оны жағдай көрсетеді ғой, ақсақал, -
дедім мен.
                       Бірақ менің командалық
пунктім артқа емес, алға, жаудан жүз елу метрдей жерге орналастырылды. Жау
айтқанға көнбей, бұрқыратып оқ боратып тұрды. Бір кезде радист екеуіміз жатқан
шұңқырға біреу домалап кеп құлады. Иван Михайлович Коньков екен.
                         -      Сізге не болды? - дедім.
                        -       Сіз осында жатыр деген соң әдейі
келдім,-деді ол. - Ағалық ақылымды беріп, басу айтып, қасыңызда болайын дедім.
                        Осы кезде біздің
самолеттер келіп, төбеден оқ атып, ұсақ бомбалар тастады. Жаумен ара жақын, жүз
елу метр ғана болғандықтан, олардың оғы ауытқып өз үстімізге де ақтарылып
жатты.
                          -  Соғыстың соңғы сағатында мыналар қайтеді, ей,
- деп Коньков атып тұрып, біздің ұшқыштарға қарап колын сермеп, жұдырығын
түйді. Сол сәтте ол радист екеуіміздің үстімізге қайтадан құлап түсті.
                            - Иван Михайлович,
не болды? - деп мен оның басын сүйей бердім.
                            - Бауыржан! Комдив!
- деді ол сөздерін үзіп-үзіп әрең сөйлеп. - Соғыстың соңғы сағатының құрбаны
мен-ақ болайын... Өзгелер аман болсын...
                           Осылай деп ол көзін
мәңгіге жұмды. Радист солдат екеуіміз қосыла еңкілдеп жылап жібердік.
                          Дүние тып-тыныш бола
қалды. Үрейленіп, окоптың кенересіне көз жібердік. Немістер ақ ту көтеріп, шұбырып
бізге қарай келе жатты.
                        Олар бізге көп қорлық
көрсетті. Бірақ біз тұтқындарды қорламадық. «Таспен атқанды аспен ат» деген.
Мен немістің жиырма жеті генералының алдына халқымыздың ақ дастарқанын жайып,
қонақасы бердім. Енді елімізге тиіссеңдер дәм ұрсын! - дедім.
                         -      Найн, найн! - деп олар бастарын шайқап,
көздерін жыпылықтатты. Арий қанды зиялы генералдар алдарындағы асты аш қасқырдай
түтіп, жеп жатты.
                       Соғыс осылай бітті.