ВЕРНУТЬСЯ

          I
        Мен ауруханада
сексен күн жатып, марттың аяқ жағында үйге қайттым. Бауыржан жүз жиырма күн
жатып, менен кейін шықты. Менің жүрегім, Баукеңнің аяғы ауырды. Көп уақытқа
дейін біз жүздесіп, тілдесе алмай, бір-бірімізге қасымыздағы сырқат серіктерімізден
сәлем айтысумен болдық. Сөйтіп біздің диалогтарымыз жолдастар арқылы жалғасып
жатгы. Әсіресе Баукеңнің әйелі Кәмәш екі этажда серейіп жатқан екеуіміздің
арамызда
үлкен хабаршылық
қызмет атқарды.
     Екі айдан кейін Бауыржан екеуіміз де бас
көтердік. Ілбіп палатада жүретін, ептеп дәлізге шығатын болдық. Бізді сестра
үшінші этаждан тәй-тәйлап түсіріп, төмендегі спорт залына апарып, гимнастика
ойнатып жүрді. Сол күндердің бірінде төменгі этаждың дәлізінде темекі тартып
отырған Бауыржанға кездестім.
Автор.
Сәлеметсіз бе, Бауке?
Бауыржан.
Сәлеметтендің бе, қарағым?
Автор. Халіңіз
қалай?
Бауыржан. Ептеп
тәуір боп келемін. Алғашқы жиырма күнде қайда жатқанымды білмедім. Қазір сәл
басым айналады, ептеп жүруге жарадым. Бізді қойшы, біз ұзақ сапар шегіп, тоналып
қалған жолаушы сияқтымыз ғой, қарағым. Қазынасыз керуен қарақшыдан қорықпайды.
Өзің қалайсың?
Автор.
Дәрігерлер екі ай сірестіріп шалқамнан жатқызып тастап еді. Енді бас көтеріп,
ептеп ілби бастадым. Арыстан боп қимылсыз жатқаннан, тышқан боп жорғалап жүрген
артық екен.
Бауыржан.
Хабарыңды естіп, жіберген журналдарыңды алып жаттым. Менің аяғым ғана емес,
қолым да шабан екенін білесің ғой. Ауызша сәлем айтқаным болмаса, арнап записка
жаза алмадым.
Баукеңнің бұлай
деген себебі мен жоғарыда жатып ол кісіге өзі туралы материалдарым басылған
«Балдырған» (№ 12, 1970), «Жұлдыз» (№ 2, 1971) журналдарының, «Жетісу» және
басқа облыстық газеттердің номерлерін жібергенмін.
Автор. Рақмет,
Бауке. Сіздің әр сәлеміңізді дәрігерлердің дәрісімен қоса қабылдап жаттым.
Осында біраз үлкен қызметкерлер де бар екен.
100
Бауыржан. Ауру
болсаң, әкімдіктен не пайда?
Автор. Оныңыз
рас. Сол кісілер өздерінің қызмет бабына қарамастан маған хал-жайыңызды
хабарлап тұрды.
Бауыржан. Адамды
үш түрлі жағдай жақындастырады, қарағым. Ол жағдай: соғыс, түрме, аурухана. Бұл
үшеуі лауазым таңдамайды. Адам қанша көкке көтерілгенімен топ етіп төменнен
бір-ақ шығады. Олар соны да ескеретін болар. Жара жаралыны қинайды. Шыдай-шыдай
шыдам таусылғанда, ашу шақырып, артық сөйлеп қалатын сәттерің де болады екен.
Артынан райыңнан қайтасың. Ол занды да ғой. Өйткені әркім жеткен жеріне дейін
барады, жығылған жерінде қалады. Атағыңа ақылың сай келсе ғана сыйлы боласың.
      Осы кезде сырттан келген сестра мені
қолтығымнан алып, жоғары қарай жетектеді.
Біздің
ауруханадағы алғашкы әңгімеміз осылай басталды.
II
Бір күні
палатада жатыр едім, есік қағып, Бауыржанның әйелі Кәмәш бас сұқты.
-        Жай жатырсыз ба?
-        Жай.
-        Онда Баукең сізбен әңгімелесемін деп
жоғарыға келіп отыр еді.
-        Қазір барайын, - дедім мен.
Шықсам, біздің
үшінші этаждағы алаңда газет-журнал қоятын кішкентай үстелдің қасында Бауыржан,
үстелден әрірек Кәмәш отыр екен. Бір орындық бос тұр. Екеуінің үстінде де
аурухананың көкала халаты. Баукеңмен амандасып, бос орынға барып отырдым.
Бауыржан. Мынау
Кәмәшқа сүйеніп әрең көтерілдім. Өзің бір таудың төбесінде жатыр екенсің ғой.
Автор. Бірнеше
күн төсекте шалқамнан жатып, одан кейін дәрігерлер басымды көтеріп төсекке
отырғызғанда мен биік таудың төбесіне шыққандай болғанмын. Алғаш рет тәй-тәй
басып барып палатаның терезесінен қарағанда, басым айналып, құлап қала
жаздағанмын. Көп жатқан адам осындай күйге ұшырайды екен - оған аласаның өзі
асқар тау боп көрінеді екен.
Бауыржан. Маған
«Жұлдыздың» екінші номерін оқыдық деп әркімдер айтып жатыр. Әлішер Бейсенов,
Шаяхмет Хұсайынов тағы басқалар айтты. - Мен олар не деді деп сұрамадым. Баукең
солардың сөзіне разылықпен «таудың төбесіне шығып» отырғанын түсіндім. - Кеше
Әбділда Тәжібаев келіп, ұзақ әңгімелесіп
101
қайтты. Ол да оқығанын
айтып жатыр. Журналдың редакторы Сырбай Мәуленов келіп еді. Оқушылардан көп хат
келді. Беккер тұтас баспаған екенбіз деп өкініп қалдық деді...
Осы кезде іштен
халатын жүре қаусырынып, шүңірек көз бір шал шықты. Отырған үшеумізге
кезек-кезек сүзе қарап алды да:
-        Бауыржан, аманбысың?-деп Момышұлына
қолын ұсынды.
Бауыржан оның
қолын алды да, үнсіз отыра берді.
-        Маркстік философияның заңы бойынша, - деді
шүңірек көз шал Бауыржанға үңіліп, - адамдардың ара қатынасы бір-біріне кездесуден
жасалады. Міне, бүгін атақты Бауыржанды көріп, қолын алып тұрмын.
-        Ақсақал, біз әңгімелесіп отырмыз, - деді
Бауыржан түсін суыққа салып.
-        Сөйлесе беріндер, мен бөгет болмаймын, -
деді шүңірек көз шал бұрылып, баспалдақпен төмен түсе бастап. - Сөйлесу - өзара
қатынастың бір түрі.
Шал төмен түсіп
кетті.
-        Мынау кім? - деді Баукең маған.
-        Бұл кісіні осындағылардың бәрі Дерпен
деп атайды.
-        Ол немене, аты ма?
-        Аты-жөнінің кім екенін біліңкіремеймін.
Өзі дербес пенсионер көрінеді. Соны жұрт қысқартып Дерпен деп кеткен. Екі сөзінің
бірі тарих пен философиядан басталады. Үйінен алдырып үзбей оқитыны «Үгітші
блокноты», «Вечерняя Алма-Ата» газеті және кейбір саяси кітаптар. Жанасып
кеткен адамға саясаттан сабақ айтып, мазасын алады. Одан басқа жазығы жоқ.
-        Құдай сені көршіге жарытқан екен, - деп
күлді Бауыржан.
Автор. Бауке,
тойға әзірлік қалай болып жатыр? Кұттықтаушы жұрт көп шығар.
Бауыржан. Жұрттың
қалай құттықтап жатқанын жеңгең айтсын.
-        Кұттықтаудың күші Баукеңді осы жерден
әкеп бір-ақ шығарды ғой, - деді Кәмәш күліп. - Басы өзінің туған күні жиырма
төртінші декабрьден басталды. Қаладағы жұрт бірден үйге келіп, тек облыс,
аудандардан ғана телефон соғылып жатты. Алғашқы күндері Сәбит аға, Ғабит аға,
Дмитрий Снегин келіп құттықтады. Ол кісілердің келуінің өзі бір мейрам ғой.
Мейрамға қосылып, мерейіміз көтеріліп қалды. Сәбит пен Ғабит аға екеуі де:
-        Әй, Бауыржан, біз сені шаршатып алармыз,
- деп үнемі ескертіп отырды. - Бұл күндері саған кісі көп келеді. Сен оларды
режиміңді бұзбай қабылда.
Осылай деп олар
ұзақ отырмай үйлеріне қайтты. Бірақ жұртгың бәрі ол кісілердей болмады. Бір
келгені бес сағат отырып алысты.
102
Солардың сөзін
тындаймын деп Баукең әбден шаршады. Баукең бөлмесіне барып тынығайын десе
кейбіреулер соңынан ілесе кіріп, қақсап қасында отырып алды. Өстіп Баукең әбден
қалжырады. Денсаулығы бұрыннан жұқарып жүрген Баукең мұндай құттық тауларды
көтере алмай, ақыры ауруханадан бір-ақ шықты.
Бауыржан. Біз
сен зерігіп жатқан шығар. Біраз әңгіме айтып, көңіліңді көтерейік деп келдік.
Бүгінгі әңгіме айту осының үлесіне тиген, - деді Баукең әйелін иегімен нұсқап.
- Айта бер.
-        Мен не айтайын?-деді Кәмәш жан-жағына
жалтақтай қарап.
-        «Жұлдызды» оқығаннан кейін, қап, менің
бір айтатыным бар еді деп жүр едің ғой, - деді Баукең әйеліне бұрылмастан теріс
қараған күйі. - Соныңды айт.
-        Ол жай, әшейін бір күлкілі жағдай ғана
ғой.
-        Е, соны айт. Бұған сондайлар да керек.
-        Ендеше айтайын,-деп Кәмәш сөзге кірісті.
III
-        Бауыржан екеуіміздің жаңа жұптасқан
алғашқы күндеріміз еді, - деп бастады Кәмәш әңгімесін. - Бір күні біреу үйге
телефон соқты. Онда Дзержинский көшесіндегі үйде едік. Телефон дәлізде болатын.
Трубканы мен барып алдым. Ар жактан бір жас қыздың даусы келді.
-        Кім керек сізге?
-        Маған Бауыржан керек. Мен Жақсыгүлмін.
Шақырып жіберіңізші, - деді қыз.
«Мұның Жақсыгүлі
кім?» деп іштей ойлап Бауыржанға бардым.
-        Сенің Жақсыгүл дегенің бар ма еді?-дедім
оған.
-        Жоқ, - деді бұл бірден.
-        Трубкаға шақырып тұр, бар сөйлес, -
дедім мен оның «жоқ» дегеніне сенбей.
-        Мен ондай адамды білмеймін, - деп
бақырды бұл. - Барып трубканы жауып қой.
Сенер-сенбесімді
білместен трубканы жаптым. Сонша бақыруы жаман, бір пәлесі бар ғой деп ішімнен
күдіктеніп қалдым.
Екінші күні тағы
телефон шылдырлады.
-        Мен Жақсыгүлмін ғой, Бауыржанды шақырып
беріңізші, - деді кешегі қыз.
-        Бауыржан жоқ, - деп сарт еткізіп
трубканы жаба салдым.
-        О кім, ей, қатын? - деді Баукең
кабинетінен.
-        Сенің Жақсыгүлің,-дедім булығып. Ішім өртеніп
қоя берді.
Осының бір
пәлесі болуы керек. Бұрын мен келмей тұрғанда сөйлесіп жүрген ескі танысы
болар. Мен барда сөйлесуден қашып, білмеймін деп әдейі қасарысып отырған шығар
деп ойлап қасына бардым. Бұл бетіме бір қарады да:
-        Ә, Жақсыгүл ме? - деп жұмысын істеп
отыра берді.
Бір күні қызуым
көтеріліп қатты ауырып, төсектен тұра алмай жатып қалдым. Түс кезінде дәліздегі
телефон шылдырлады, «Дәу де болса Жақсыгүл шығарсың» деп, ауырғанымды ұмытып,
басымды төсектен тез көтеріп алдым. Кабинетінен шығып Баукең трубканы көтерді.
Бұлар не сөйлесер екен деп, бар демімді ішіме тартып тындай қалдым.
-        Иә, мен Бауыржанмын, - деді Баукең. - Ә,
Жақсыгүлмісің? Жақсымысың? Келейін деп едім дейсің бе? Келсең кел. Әдіріс пе, әдіріс
мынадай, - деп үйдің әдірісін айтты да, трубканы жапты.
Осы кезде қаным
қайнап кетті. Мына қу пәленің істеп жүргенін қарашы. Мен ауырып жатқанда ол
қызды әдейі шақырды ғой. Мен төсектен тұра алмай жатканда оны ана жақта оңаша қабылдамақ
қой. Ана жолдары менің көзімше сөйлеспей қойып еді. Онысы айласы екен ғой, -
деп ойлап төсегімнен атып тұрдым. Өн бойымды қозғалтпай жатқан аурудың да қайда
кетіп калғанын білмеймін.
Жан дәрмен
халатымды киіп, шашымды жиып «Келсін сол албасты» деп, дайын отырдым. Лезде
есік шылдырлады. Оны естігенде өне бойым қалшылдап кетті.
Кабинетінен
шығып Баукең сыртқы есікті ашқан кезде жататын бөлмеден жай оғындай атылып мен
де шықтым дәлізге. Шықсам:
-        Сәлеметсіздер ме? - деп үріп ауызға
салғандай бір жас қыз табалдырықтан аттап келе жатыр.
-        Сәлемет пе, шырағым,-деді де Баукең өз
кабинетіне қарай кетті. Қызбен бетпе-бет дәлізде жалғыз мен қалдым. Бас аяғына қарасам,
кісі жаманшылыкқа қиятын бала емес. Мен оны бөлмеге алып кірдім.
-        Отыр, қалқам. Кімсің?
-        Жақсыгүлмін.
-        Саған кім керек еді?
-        Бауыржан керек еді, апай.
-        Бауыржанды көріп пе едің өзің, білесің
бе?
-        Білемін, көргемін.
«Ә, қулар, бұлар
бірін-бірі біледі екен ғой. Бұрын көріскен, кездескен екен ғой. Түк білмейтін,
сезбейтін сияқтанып, мүләйімсіп кіріп кеткенін қарашы» деп ойлап тағы да өне
бойым безгектей қалтырап кетті. Неше түрлі ой келді басыма. Дегенмен өзімді
өзім ұстап:
-        Қайдан келіп едің? Қайда оқисың? - дедім.
-        Ешқайда оқымаймын, апай. Былтыр ауылдан
оқуға келіп, институтка түсе алмадым да, қазір сатушы боп жұмыс істеп жүрмін.
-        Ал, Бауыржан керек болса, бар, жаңағы
шал Бауыржаның. Бұрын кездессендер, танып тұрған шығарсың, - дедім даусым дірілдеп.
Қыздың көзі
бақырайып кетті.
-        Ол... емес, апай, -деді дыбысы әрең
шығып.
-        Алғашында аңғармай қалған шығарсың.
Қараңғыда кездесіп пе едіңдер?-дедім сонда да сенбей.
-        Жок, сонша қараңғы емес болатын... Ол
жасырақ болатын...
Екеуіміз
танысқаннан кейін, менің ауылдан келгенімді білді де, өзін Бауыржан Момышұлымын
деп айтты. Менің бұрын Бауыржан туралы естігенім болатын. Сол кісі осы екен ғой
деп ойладым... Ол менімен ажырасарда: әдірісім телефон справочнигінде бар, «М»
әрпінен қарасаң табасың деді. Үйде аға-жеңгем бар. Өзім болмасам, телефонды сол
екеуінің біреуі алады деді де кетіп қалды.
-        Қай жерде кездесіп едіндер?
-        Максим Горький паркінде...
-        Бойы қандай еді?
-        Ол кісі сұңғақ бойлы, арықша келген қара
сұр жігіт болатын.
-        Басқа қандай белгілерін білесің?
-        Ешқандай белгісін білмеймін, апай. Екі
көзі жылтырап тұратын сияқты еді. «Қалқам, айналайын» деп кісінің асты-үстіне
түсіп өліп кете жаздайды екен. Парктің аузында таныса сала:
-        Жүр, қалқам, ресторанға кіріп сусын ішіп
шығайык, айналайын... - деді... «Айналайын» деген сөзді ылғи созып айтады. Мен содан
бері осы үйге күнде телефон соғып жүрмін.
Қыз қызарып, бұл
сөздерді жыларман болып айтты. Қыздың алданғанын біліп, енді оған жаным аши
бастады.
-        Қарағым-ау, өзің ойламайсың ба:
соғыстағы жас Бауыржан осы күнге дейін жас қалыбында жүр дейсің бе? Бауыржан
бұл күнде сенің әкең құралпы кісі болған. Жаңағы өзіңе есік ашқан нағыз
Бауыржанның өзі. Көремін десең жүр, ертіп апарайын, -
дедім.
-        Жок, апай. Менің енді ол кісіні көрер
бетім жоқ. Менің кетуіме рұқсат етіңіз, - деп қыз орнынан тұрды.
Мен есікті ашып,
кызды қоя бердім.
-        Әй, қатын, ол кім екен? -деді Баукең дауыстап.
-        Жақсыгүл.
-        Жақсыгүл ме! Жаңа барамын деп әдірісті
сұрап алып еді, не шаруасы бар екен?
Мен Жаксыгүддің
жайын айттым. Мынау шала бүлінді де қалды. Неге қазақтың жас жігіттері ауылдан
келген қыздарды алдайды? Ұят, ар, намыс қайда? - деп маған зірк-зірк етеді.
-        Оны жігіттерден сұра, маған несіне
күжілдейсің? - дедім.
-        Жігіттің аты-жөнін біле ме екен өзі?
-        Бауыржан деп тұр ғой.
Бұл маған ала
көзімен қарады да, ештеңе демеді.
-        Түрі-түсін біле ме екен өзі?
-        Ұзын бойлы дейді,- дедім де ар жағын
айтпай қоя қойдым.
Қыздың айтқан
белгілерімен Баукең бет алды біреулерге тиісіп, ұят болып жүрер деп ойладым. -
Байтақ қалада бетіне қарап кімді танушы едің?
Бұл сөзге Баукең
бөгеліп қалды.
-        Сұрқиялар алдымен жұртқа қиянат жасайды.
Содан кейін сыртыңнан сенің атынды сатады. Мұндай сұмдарға бір зауал жасау
керек,-деп Баукең біраз бұрқырап алды да, артынан сабасына түсіп, істеп отырған
жұмысына кірісті. Мен де басымды ұстап, жататын бөлмеге қарай аяңдадым. Жаңағы
кішкентай түрегеп жүргенге басым сынардай боп зырқ-зырқ етіп, төсегіме әрең жеттім.
Жақсыгүлі құрысын, қайдан тұрып едім деп, қайтадан
ыңқылдай
бастадым.
        Кәмәш күліп, осылай деп әңгімесін
бітірді. Баукең тырс етпестен үнсіз отырды. Мен Кәмәшпен қосыла жымидым да,
іштей дереу ол кісі айтқан әңгімеге ат іздедім. Бұл менің әдетім. Біреудің әңгімесі
ұнаса, оған алдымен ат қойып аламын. Сөйтіп барып ойымда сақтаймын. Бұл
әңгімеге «Жақсыгүл» деген ат қойдым да, ішімнен екі рет: «Жақсыгүл», «Жақсыгүл»
деп қайталап шықтым.
Содан кейін
Кәмәшқа бұрылдым.
-        Апырау, Баукеңнің атын сататын да батырлар
бар екен ғой.
-        Бар, бар,-деді Кәмәш басын тез-тез изеп.
- Мен сізге мына бір оқиғаны айтып берейін.
ІҮ
-        Бір күні Бауыржан екеуіміз қала араламақ
боп такси шақырдық. Шоферіміз ұйғырдың бір жас жігіті екен. Баукең соның қасында,
мен артта отырмын. Бір кезде мен:
-        Бауыржан, мына магазинге кіре шығайықшы,
- дедім.
Мен Бауыржан
дегенде, таксист жігіт Баукеңнің бетіне жалт қарады. Содан кейін де қайта-қайта
қарағыштай берді.
Біз магазиннен
шығып, Баукең қасына жайғасқаннан кейін таксист жігіт машинасын жүргізуден
бұрын Баукеңнің бетіне қарады да:
-        Аға, сіз шын Бауыржансыз ба? - деп
сұрады. - Момышұлы Бауыржансыз ба?
-        Ол не керек саған?-деді Баукең катқылдау
үнмен.
Шофер жігіт
күлді де, осыдан бір жыл бұрын өзінің бір жолаушыны тасып, қаланы күні бойы аралатқанын
айтты.
-        Мен одан бір тиын ақша алмадым,-деді
жігіт. - Өйткені ол «Мен Бауыржан Момышұлымын!» деді. Атақты Бауыржаннан ақша
алып не болыпты маған?
-        Неге алмайсың? - деп сұрады Баукең.
-        Себебім бар.
-        Қандай себеп?
-        Менің әкем Ұлы Отан соғысында Бауыржан
полкының жауынгері болған. Әкем Бауыржанның батырлығын, солдаттарға деген қамқорлығын
аузынан тастамай айтып отырушы еді.
-        Әкең тірі ме?-деді Баукең оған сәл
бұрыла түсіп.
-        Бертінде қайтыс болды, - деді таксист. -
Бірақ мен оның Бауыржан екеніне бір сөзінен шүбәланып қалып едім. Өйткені біз
микроауданға қарай бара жатқанда бір «Запорожецті» басып оздық. Сонда ол:
-        Мен де осындай бір «Запорожец» алсам деп
жүрмін, кезекте тұрмын,-деп қалды.
-        Бауыржанның «Волгасы» бар деп естіп едік
қой, - дедім мен оған жалт қарап.
Ол сәл
қолайсызданып қалды да, содан соң күліп:
-        «Волгамның» бары бар, оны өзім мінемін,
«Запорожецті» балаларға алып берейін деп едім, - деді.
Мен солай болса
солай шығар дедім де қойдым. Сонымен міне бүгін екінші Бауыржаңды алып келе
жатқаныма таңғалып отырмын.
-        Екінші емес, бұл номер бірінші Бауыржан,
- деді Баукен шоферға даусын көтеріп.
Таксист «қайдан
білейін» дегендей, басын шайқады.
-        Тоқтат! - деді Баукең қатуланып.
Таксист те, мен
де сасып қалдым. Ол дереу машинасын тоқтатты. Мен Баукең түсемін деп әлек салып
жүрмесе екен деп қылпылдап барамын. Жоқ, өйтпеді. Қалтасына қолын сұғып, паспортын
суырып алды да:
-        Мә, оқы, - деп шофер жігітке ұсынды.
Ол паспорттан
Баукеңнің аты-жөнін оқып шығып, куана бас изеді. Содан кейін ол елбелек қағып қос
қолын бірдей Баукеңе ұсынды.
-        Әкем өлерінде Алматыға барсаң, менің
командирім Бауыржанға сәлем бер деп еді, - деді даусы дірілдеп.
Баукең таксист
жігіттің қолын алып:
-        Әкең иманды болсын, қарағым, - деді.
Содан кейін қайтадан
ілгері козғалдык. Мен де ішімнен «уһ» дедім.
-        Анау Бауыржан қанша ақшанды бермей
кетті? - деп сұрады бір кезде Баукең таксистен.
-        Көп емес, ағай. Он сом ғана.
-        Өзіңнің балаларың бар ма?
-        Бар, ағай, екі балам бар.
Біз баратын
жерімізге жеттік. Таксистің счетчигіне қарап едім, бес сом екен. Соны төлейін
деп сумкамды ашқалы жатыр едім, Баукең:
-        Ей, қатын, маған жиырма сом бер, - деді.
Мен оны не қылады
деп ойладым да, сумкамнан алып аддымен оның сұраған ақшасын бердім. Одан кейін
таксистке бес сом ұсынғалы жатқанымда, Баукең:
-        Қарағым, мынау былтырғы, жалған Бауыржан
алдап, төлемей кеткен он сомың. Мынаның бес сомы мына счетчигің көрсетіп тұрған
біздің жол ақшамыз. Калған бес сомына менің атымнан балаларына базарлық апарып
бер, - деп жаңағы менен алған жиырма сомды тұтас таксистке ұсынды.
Шофер
сасқалақтап:
-        Мен сізден бір тиын да алмаймын, - деп
еді, Баукең:
-        Молчать! - деп ақырып қалды да, ақшаны
оның алдына тастай салды. - Бұдан кейін адданушы болма.
Осылай деп
Баукең машинадан шықты да, есігін тарс еткізіп жауып тастады. Біз қолтықтасып,
ілгері кеттік. Бір кезде шофер да машинадан шығып, қалбалақтап артымыздан қуып
келді.
-        Аға, қайтатын уақыттарыңызды айтыңыз.
Мен сол сағатта келіп, сіздерді үйлеріңізге жеткізіп салайын, - деді ол
жалынғандай болып.
-        Жоқ, - деді Баукең. - Өз жұмысыңмен жүре
бер. Біз осы жақтан бір машина алармыз.
Осы кезде
баспалдақта дабырлай сөйлесіп, төменгі жақта жүрген аурулар жоғары көтеріліп
келе жатты. Солардың ішінен біреудің жігерлене сөйлеген: «Біз, қарттар, өткен
өмірдің ауыртпашылық, қиыншылыктарын жақсы білеміз. Соның философиялық мәнін
жастарға айтсаң тыңдамайды ғой, тындамайды» деген сөздері айқын естіліп тұрды.
Баукең ол сөзге құлак салды да, маған карап:
-        Мынау сенің Дерпенің бе? - деді.
-        Сол кісі.
-        Жүр, Кәмәш, мені төменге түсіріп сал, -
деп ол асыға орнынан тұрды.
Баукең Кәмәшка
сүйеніп төмен қарай беттеді. Мен ілбіп өз палатама келдім. Келе сала Баукеңмен
бүгінгі кездесудің детальдарын қолма-қол сол тұста жаңа бастап жазып жүрген
блокнотыма көшіре бастадым. Ол әңгімелердің әркайсысының басына
«Жаксыгүл»,
«Таксист», «Дерпен» деген тақырыптар қойдым.
V
Аурухананың
тәртібіне байланысты біз көбіне кешке қарай сөйлесіп жүрдік. Бұл күні үшінші қабаттың
вестибюлінде адам көп болып, жұрт бір жағынан қабырғадағы автоматтан үйлеріне
телефон соғып жатқандықтан шырқымыз бұзылып, төменге түстік.
Астағы
неврология бөлімінің ескі диванына келіп жайғаса бастадық. Осы кезде
аурухананың көк ала халаты сүйретіліп пұшпағына түскен біреу қалтиып келіп
қасымызға тұра қалды. Сөйтсек өзіміздің ағайынымыз, аудармашы, жазушы, қу тілді
кісі Әбдірашит Ахметов екен.
-        Сендердің халдерінді білу үшін демалыс
сайын осында келемін,- деп бастады ол сөзін. - Келген сайын карантин деп
кеудемнен итеріп кіргізбейді. Содан соң, осы екеуіңнің, - ол екеуімізді кезек
нұскады, - халдерінді білейін деп әдейі ауруханаға түстім.
Бұл әдемі әзілге
Баукең екеуіміз қосыла күлдік.
-        Біздің көңілімізді дәл бүйтіп ешкім сұрап
келген емес, - деді Бауыржан көзінің жасын сүртіп.
-        Білесің, білгеннен соң істейсің, - деп
Ахметовте күлді. Бұл қазақтың атақты академиктерінің бірінің аузынан шығып,
жұртқа мәтел боп кеткен «Білесің, білгеннен соң айтасың» дейтін белгілі сөзінің
сәл өзгертілген нұсқасы еді. Оған тағы да езу тарттық.
-        Науқас кісіге күлкі де керек, - деді
Ахметов одан соң. - Екеуіңе берген менің алғашқы жәрдемім осы болсын.
-        Рақмет, Әбеке.
-        Өзің қашан келдің? - деді Бауыржан.
-        Осыдан бір сағат бұрын келіп, хирургия
бөлімінің қырық төртінші палатасына жайғастым.
-        Не науқас?
-        Баяғы бауыр. Бұл менің екеуіңнің
көңілінді сұрағаным, - деді Ахметов әңгімені өзге тақырыпқа аударып. - Ал енді
екеуіңді де құттықтаймын.
-        Не үшін, тағы да ауырып жатқанымыз үшін
бе?
-        Жоқ, - деді Ахметов, алдымен Бауыржанның
қолын алды. - «Жұлдыз» журналындағы «Ақиқат пен аңыз» үшін, алмас қылышты ешқашан
да тот баспайтыны үшін, Бауке.
-        Онда мынаны кұттықта, - деді Бауыржан
мені иегімен нұскап.
Ахметов енді
менің қолымды алды.
-        Қызықтығы, бастасаң бас алдырмайтыны
сондай, бір атым насыбайдай бір-ақ қақтым. Рақмет саған.
-        Ауруханада жатқан менің көңілімді көтеру
үшін де мақтап жатқан боларсыз, Әбеке. Оныңызға рақмет.
-        Жок, шыным,-деді Ахметов саусағын
шошайтып.
Автор. «Москва
үшін шайқас» фильмінде Бауыржан рөлінде өзіңіз неге шықпадыңыз? Фильм сіздің
кітап бойынша жасалғаннан кейін, онда Бауыржан болып өзіңіз көрінгеніңіз жөн
сияқты еді. Келешек ұрпақ кітаптарыңызды оқып, атыңызды білгеннің үстіне
өзіңізді кинодан көрсе тіпті ғанибет болатын еді ғой.
Бауыржан. Оған
шыдамым жетпеді. Алдымен Ілияс Омаров фильмнің сценарийін көріп бер деп өтінді.
Көріп берген емес, мен оны қайта жазып шықтым. Бірақ киношылар менің
жазғанымның жартысын ғана қабылдады: өйтуге болмайды, бүйтуге келмейді, оны
көрсетуге жарамайды деп есімді шығарды. Ілияс марқұм Бауыржан боп өзің ойнасаң
қайтеді дегенді де айтып еді. Енді мені артист етейін деп пе едіңдер, аулақ
деп, қолымды бір-ақ сермедім.
Осы кезде кешкі
тамаққа шақырып сестралар келді. Біз бетбетімізге тарап, әрқайсымыз өз бөлім,
палаталарымызға қарай кеттік.
VI
Тағы бір күні
кешке Кәмәш палатаға бас сұғып, Баукеңнің вестибюльге көтеріліп, мені күтіп
отырғанын айтты.
Үйреншікті
орынға келсем Баукең қолтығына бір қағаз папка қысып, креслода темекі тартып
отыр екен. Оның қасындағы бос орынға келіп мен жайғастым. Біздің бұл кештегі
әңгімеміз алдымен әзіл қалжың түрінде басталды.
-        Біздің бір жақынымыз, атақты артистің
әкесі, сері, айтысқыш ақын әрі алғашқы совет болыстарының бірі болыпты, - деді Бауыржан
әңгіме бастап. - Олардың руы Алакүшік аталушы еді. Ол кісіні өзім жас кезімде
талай рет көрдім, әңгімесін де естідім. Қыздармен айтысқанда екі рет жеңілдім
деп отырушы еді.
-        Бір жолы өзіммен айтысқан қызды
дөңгелентіп жеңуге аз-ақ қалып едім, - дейтін жарықтық. - Қасымдағы хатшым
пұшық мұрын қара жігіт еді. Жеңілемін-ау деп сасқалақтап отырған қыздың соған
көзі түсіп кетіп, бір кезде былай деп қоя бергені ғой:
Болысы біздің
елдің Алакүшік,
Хатшысы
қасындағы қара пұшық.
Ауылдың
әйелдері, сақтанындар,
Кетпесін Ала
күшік сүтіңді ішіп.
Осыдан кейін
ауыз аша алмай тотидым да қалдым, - дейтін.
-        Екінші рет жеңілгенім, - деуші еді ол кісі,
- сақал мен мұрттың әлегінен болды. Ол кезде жас адамдар да сақал мен мұрт
қояды. Бір тойда тағы да бір қызбен айтысып қоя бердім. Мен де соғып жатырмын,
қыз да жағаласып жатыр. Бір кезде қыз былай деді:
Қауғадай
сақал-мұртың, кәрімісің?
Кәрі болсаң қыздарға
дәрімісің?
Мынау
түр-сықпытыңа қарағанда,
Адам ата жасынан
әрімісің?
Оған менің былай
деп жауап бермесім бар ма:
Ала қашып
сөйлейсің жылқыдай ұрт,
Тебеген биедей
боп бересің сырт.
Несіне сақалымды
қазбаладың,
Қай жерге
шықпайды бұл боқ жеген мұрт?
Осыған қыз шап
ете түсіп, «мұртыңыз боқ жесе, аузыңыз не жейді?» деп өлеңдетіп қоя бергені
ғой. «Боқ жеген» деген екі-ақ сөзбен ұсталдым. Оның орнына «қай жерге шықпайды
бұл оңбаған мұрт» десем жетіп жатыр. Қыз тырп ете алмайтын еді. Міне, бұл
екінші жеңілгенім,-деп отырушы еді ол кісі.
Жас кезде
естігенің жадыңда жақсы сақталады. Сонау бозбала күнімде сол кісінің аузынан
қағып алған осы өлеңдер күні бүгінге дейін ойда келеді.
Кәмәш Баукеңе
қарап:
-        Ойға келеді демекші, көптен сізден
жасырып келген бір әңгімем бар еді. Жарайды, оны да айтайын, - деді Кәмәш
күліп. - 1964 жылдың жазында Семейдің Абай атындағы қазақ театры Алматыға
гастрольге келді. Семейліктер менің төркінім ғой. Баукең оларды тегіс қонаққа
шақырды. Үйге жиырма шақты артист жиналды.
Қонактар ішіп-жеді.
Ән салды, әзіл тарқатты. Кетуге ыңғайланды. Сол кезде Бауыржан орнынан тұрды.
-        Ал енді сендердің бәрлерің сонау
Семейден келдіңдер, - деді қонақтарға кезек көз тастап. - Семей - менің қайын
жұртым, мына Кәмәштің төркіні. Семей - Кәмәштің ғана емес, қазақтың театр өнерінің
төркіні. Ең алғаш сонау Шыңғыс тауының етегінде көтерілген қазақ театрының қара
шаңырағын арқалап келіп, алғашқы спектакль «Еңлік- Кебекті» көрсетіп, астананың
көрермен қауымын риза еттіндер. Халық қол шапалақтап, министрлер
мақтап, газеттер
мадақтап жатыр. Қайырлы болсын! Біз де разымыз. Разылығымыздың белгісіне...-
деп бұл пиджагінің ішкі қалтасына қолын сұқты. Мына шал не қылғалы тұр деп мен
оған қадалып қалыппын. Бірақ қалтасынан қолын суырмастан, сөзін әрі қарай
жалғады. - Осы отырған біреуің қайнаға, бірнешеуің балдыз екенсің маған. Тек
Кәмәштің ғана төркіні деп емес, өнеріміздің төркіні, театрымыздың төркіні деп,
мен әрқайсыңның иығыңа шапан жабамын.
        Мен өз көзіме өзім сенбедім.
Сенбейтінім кеше ғана Бауыржанмбаспа берген қаламақы деп, екі буда ақша
әкелген. Он сомдықтармбудасының шетін бұзып, қонақасыға жұмсағанмын. Жиырма бесмсомдықтар
будасы тұтасмтұрған. Сол бүтін буданы қалтасынан суырып алып, белдеме қағазын
жыртгы да, карта үлестіргендей етіп,мәр қонақтың алдына төрт қағаздан тастай
бастады.
-        Әрқайсыңа жүз сомнан. Шапан тіктірсендер
де, костюм алыпмкисендер де ерік өздерінде, - деп шалым қарап тұр.
        Ең соңында қолында бес-алты-ақ қағаз
қалды. Оны желпуіш етіп жайды да, маған қарай лақтырып кеп жіберді. Оны жинап алып
жатып, ішім удай ашып кетті...
-        Ақша өз өңешіңді тығындау үшін ғана
жиналмайды. Елін сыйлаған ер жұтамайды. Ара-тұра дүниеден тарықпаған адам дүниенің
қадірін білмейді. Понятно тебе? Тат-та, тат-та, тат-та-та!-деп Баукең оң жақ
иығына қарай басын бұрып әкетті. Мұнысы оның: «Бұл әңгіме бітті» дегені еді.
VII
Автор. Бауке,
анада бір сөз арасында шетелден келген әйел жазушыны қабылдадым деген сияқты
едіңіз.
Бауыржан. Осыдан
бірер жыл бұрын француздың бір жазушы әйелі Алматыға келді. Ол әйелдің туған
ағасы француз армиясының подполковнигі екен. Қарындасының Москва арқылы Алматыға
соғатынын естіп, Момышұлына жолығып, көре кел деп тапсырады. Арнап хат беріп
жібереді. Әйел Алматыға келіп, Жазушылар одағында болады. Одан мені
сұрастырады.
Одақтағылар Момышұлы науқастанып үйде жатыр, мұнда келе алмайды, жолыға
алмассыз дейді. Әйел де бір айтқанынан қайтпайтын жан болса керек. Ағасының
аманатын орындау үшін қалайда маған жолығуға тырысады. Мейманханада жатып
телефон анықтамалығынан менің әдресімді іздейді. Өзі орысша жақсы біледі екен.
Кешке трубканы алады да 2-20-44-ке телефон соғады.
-        Айтыңызшы, тілеуіңізді берсін, бұл
Момышұлының пәтері ме?-деп сұрайды.
-        Иә.
-        Ол кісіні телефонға шақыруға бола ма?
-        Болады.
Кәмәш келіп,
сені бір шет ел акцентімен сөйлейтін орыс әйелі телефонға шақырып тұр деді. Бұл
кім болды екен деп ойлап, телефонға бардым. Сөйтсем, сонау Франциядан келген
жазушы әйел.
-        Мен сізді көрмей Алма-Атадан қайтпаймын
деп ағама уәде беріп едім. Сіз науқастанып жатыр деп естідім. Сауығуыңызға шын
жүректен тілектеспін. Бірақ бірер минутқа болса да үйіңізге кіріп шығуға рұксат
етуіңізді өтінемін, - дейді жалынып.
-        Келіңіз, мадам, - дедім мен. - Бұрын
ауырғаным рас еді. Қазір тәуір болдым. Ертең қай уакытта келсеңіз де менің
есігім ашық.
Ертеңінде түс
ауа есіктің коңырауы шылдырлады. Телефон соққан француз әйелі екен. Қасында
біздің Жазушылар одағы басшыларының біреуі бар. Оларды төрге отырғыздым да,
өзім қарсыдағы креслоға жайғастым. Әйел алдымен қабылдағаным үшін көп-көп рақмет
айтты. Мен басымды изедім. Содан соң ол сумкасынан ағасының хатын алып, маған
ұсынды. Хатқа қарадым да:
-        Мен французша білмеймін, мадам,-дедім.
Ол жалма-жан
сумкасына қайтадан қолын сұғып, екінші бір қағазды суырып алды.
-        Ғапу етіңіз, полковник мырза, мен
орысшасын қоса бермеппін ғой сізге,-деп қағазды маған берді.
Оқысам француз
подполковнигі маған жауынгерлік сәлем жолдапты. Мен туралы кітаптан оқығанын,
Совет Армиясы полковнигін өзіне ұстаз көретінін айтыпты, тағысын тағылар.
Хатты оқып
болдым да:
-        Ағаңызға рақмет. Менен жауынгерлік сәлем
айтып барыңыз,-дедім.
Әйел жымиып бас
изеді де:
-        Сізге бірнеше сұрау беруіме бола
ма?-деді.
Осы кезде оның
қасына еріп келген жазушы қазақша:
-        Бауке, былай... қиқарланбай...
дұрыстап... - дей беріп еді,
мен оның сөзін
бөліп жібердім.
-        Мадам қазақша білмейді, - дедім
өзіміздің жазушыға ежірейе қарап, орысша сөйлеп. - Мен французша білмеймін.
Сондықтан біздің тек қана орыс тілінде сөйлескеніміз жөн.
-        Қазақтар француз әдебиетін оқи ма? - деп
әйел бірінші сұрағын қойды.
-        Оқиды, мадам, көп оқиды, - дедім мен.-
Француз әдебиетін қазақтардың көпшілігі орыс және қазақтілінде окиды. Сонымен бірге
француз тілінде оқитын қазақтар да бар. Олардың саны әлі аз. Бірақ түбінде
қазақтардың көпшілігі француз әдебиетін түпнұсқадан оқитындығына мен сізді
сендіре аламын.
       Әйел менің жауабымды қағазына жазып
болғаннан кейін:
-        Мадам, бәлкім Сіздің менің өзімнің
француз әдебиетін оқитын, окымайтынымды білгіңіз келетін болар, - дедім.
      Әйел үндемеді. Содан кейін мен орнымнан
тұрдым да:
-        Менің кітаптарымды көріңіз онда, - деп
кабинетімнің есігін аштым.
Әйел орнынан ұшып
тұрып кабинетке кірді де, бірден шкаф- тағы кітаптардың түбіне үңілді. Үңілген
сайын:
-        О,Золя!
-        О, Флобер!
-        О, Бомарше!
-        О, Анатоль Франс!
-        О, Роман Роллан!
-        О, Луи Арагон!
-        Антуан де Сент-Экзюпери!-деп, әбден есі
шығып кетті.
-        Бұл сұрағыңызға қанағаттанарлық жауап
алдыңыз ба, мадам?-дедім мен.
Әйел басын
изеді.
-        Ендеше қайтадан жайғасып отырайық.
-        Сіздің Франция президенті Де Голльге
көзқарасыңыз қандай? - деді әйел қайта келіп отырғаннан кейін екінші сұрағын айтып.
-        Кубада болғанымда маған әскери адамдар
саяси сұрақтар қойды. Мәселен, АҚШ-қа қалай қарайсыз, ағылшындарды қалай көресіз?
- деген сияқты. Мен ешқандай саяси сұраққа жауап бермеймін дедім оларға. Менің
партиямның, Отанымның оларға көзқарасы қандай болса, менің де көзқарасым
сондай. Осыдан кейін кубалықтар маған саяси сұрақтар бермейтін болды. Ал сіз әйел
адамсыз ғой, сондықтан жауап берейін.
-        Де Голль мырзаның саяси бағытына
қосылмаймын. Бірақ өзін Францияның адал ұлдарының бірі деп есептеймін, - дедім.
-        Қазақ әдебиеті туралы пікіріңіз қалай? -
деді әйел бұдан соң.
-        Өте жақсы,- дедім мен. - Ең арыдан келе
жатқан өрелі, өрісті әдебиеттің бірі. Мен кейбір әдебиет зерттеушілерінің қазақ
әдебиетін беріден бастап дамыды дегеніне қосылмаймын. Олай дейтінім қазақтың
батырлар жырын алыңыз. Олардың әрқайсысы дүние жүзіндегі ең озық мұралармен
таласа алады. Мәселен, қазақтың «Қобыланды батыр» жырының жалғыз өзі ғана
немістің «Нибелунгтар туралы», француздың «Роланд туралы» жырларынан немесе
карелдер мен финдердің «Калевалл» эпосынан бір де кем емес. Ал қазақтарда
мұндай жырлардың жалпы саны елуге тарта. Олардың көркемдік, күштілік, шешендік
жақтарын бірер аптаның ішінде ауызбен айтып жеткізу қиын. Оларды біздің
профессорларымыз
университеттер мен институттарда бүкіл жыл бойына талдап түсіндіреді. Ал осы
ғажайып қаһармандық дастандардың жеке-жеке авторлары болған. Бірақ бұл
дастандар сонау көне заманнан келе жатқандыктан олардың авторлары ұмытылып, жыр
текстері ғасырдан ғасырға ауызша ауысып отырған. Міне, осындай ұлы шығармалар
жазған ежелгі казак ақындарының өз кабинеті болған. Олар осындай асыл жырларды,
тамаша мақал-мәтел, шешендік сөздерді, жұмбақ, жаңылтпаш, әр алуан айтыс өлеңдерін
сол ғажайып кабинетте отырып жазған.
        Франңуз әйелі маған қадала қарап
бақырайып қалыпты.
-        Сенбей отырсыз ба, мадам? - дедім мен
оған.
Әйел басын
изеді.
-        Сіздің ата-бабаларыңыз көшпелі халық
болған ғой. Көшпелі халықтың ақынына кабинет қайдан келеді деп ойлап отырғаным рас.
-        Жок, менің халқымның арғы аталары бір
кезде отырықшы ел болған. Отырар, Тараз тәрізді ірі-ірі қалалары бар
мәдениетті, білімді ол ел бүкіл шығыс жұртының сауда орталығы боп тұрған. Кейін
шетелдік басқыншылар ол қалаларды ойрандап, елдің егіншілік мәдениетін құртып,
халқын қайтадан көшпенді қауымға айналдырып жіберген. Әңгіме ол туралы емес,
әңгіме біздің ежелгі ақындарымыздың тамаша шығармалар қалдыруына мүмкіншілік берген
ғажайып кабинеті болғаны жайында. Өзіңіз ойлаңызшы, мадам, кабинетсіз шығарма
жазуға болмайды ғой.
Әйел басын
изеді.
-        Қазақ ақындарының кабинеті шексіз-шетсіз
кең дала, тамаша табиғат аясы болған. Сол кабинетте отырып олар мөлдір көл, зеңгір
тау, жұртқа жайлы жерұйык мекен, ел қорғаны болған қаһарман батырлар жайлы
мәңгілік шығармалар тудырған. Сол кабинетте отырып олар күндіз самал желмен
сырласқан, түнде жымындаған жұлдыздармен тілдескен. Міне, нағыз ақын үшін осыдан
артык кабинет бола ма?
Француз әйелі
мен біздің жазушы екеуі қосыла күліп жіберді.
-        Мен қазіргі, іші дүние жүзі классиктерінің
асыл мұраларына толы кабинеттерді кемітіп отырғамын жок, мадам. Осы заманғы
өнерлі елдер данышпандары қалдырған өлмес мұралармен парапар түсетін
туындыларды дүниеге келтірген көшпелі ел ақындарының кабинетін айтып отырмын.
Енді әйел
күлместен, ыкыластана бас изеді. Содан соң ол жаңа сұрақ қойды.
-        Қазақтың жазуы қашаннан басталды?
-        Өте ертеден.
-        Тарихшылардың айтуына қарағанда қазақ
жазуы арабтар
жаулап алғаннан
кейін пайда болған сияқты ғой, - деді француз әйелі.
-        Жоқ, одан да арыдан. Ежелгі атам заманнан-ақ
қазақтардың жазуы және мынаған ұқсас жазу аспаптары болған. - Мен саусағыммен
үстел үстіндегі екі жағында екі автомат қалам шаншулы тұрған приборды нұсқадым.
Қазақтар сол аспаппен ноталар да жазған. Кәдімгі музыка нотасын және
дипломатиялық ноталарды айтамын, мадам.
Қонақтарым тағы
да маған тандана қарады.
-        Иланбай отырсыз ба, мадам?
-        Иә, - деді әйел.
-        Қазақтың жазу құралы міне, мынадай
болған, - деп мен креслоның қасында тұрған домбырамды алып, шертіп-шертіп
жібердім.
- Қазақтың асқақ
ақындары мен әйгілі композиторлары өз өлендері мен музыкаларын халыктың жанына,
жүрегіне осы аспаппен жазған. Тілін түсінбейтін басқыншы армияның алдынан шығып
біздің ежелгі дипломаттарымыз бен парламентерлеріміз осы домбыра үнімен жауап
берген, оларға өз ультиматумын домбыра күйімен ұқтырған. Күй қазақтың жер
қайысқан қалың қолы бар екенін, олар жер бетінде бір жауынгер қалғанынша өзінің
туған жерін
қорғайтынын, оларға туған жердің асқар-асқар таулары мен күркіреген өзендері
көмектесетінін айтқан. Қазақтың кең даласы келген дұшпанның басына кебін боп
кептелетінін білдірген. Есің барда елің тап, кейін қайт деген. Міне, бұл домбырамен
осындай ноталар жазылған.
Бұған дәлел
қазақта «Ақсақ кұлан» деген күй бар. Ол күйдің қысқаша тарихы мынадай. Бір
кезде қазақ жерлерін монғолдар басып алғаны белгілі. Сол тұста Алтын орданың
бір бөлігін Жошы хан билеп тұрған. Ол өзіңіз білетін Шыңғысханның үлкен ұлы, белгілі
Батый ханның әкесі. Сол Жошы ханның бір баласы аң аулап жүргенде оны дала тағысы,
хан ұлының оғы жаралаған ақсақ құлан шайнап өлтіреді. Хан аңға кеткен ұлының
кешіккенінен күдіктеніп, оны іздеуге жер жайын білетін бір топ қазақтарды
аттандырады.  
-        Егер ұлымды таппай қайтсандар, бәріңді
де өлтіремін. Ал ол өлді деген хабар әкелсендер, сол хабарды айтқан кісінің
көмейіне ерітіп бір бақыр қорғасын құямын! - дейді хан.
Хан жарлығы екі
болмайды. Қазақтар іздеп келіп құланнан ажал тапқан қатыгез хан баласының
сүйегіне кездеседі. Олар сүйекті атқа тендеп хан ордасының сыртына алып келеді.
Бірак оны ханға кім айтуы керек. Ешкімнің де көмейінен ыстық қорғасын жұтқысы
келмейді. Сонда бір жас қазақ батыры алға шығып:
-          Өлсем көп үшін кұрбан болармын. Бұл
хабарды ханға мен жеткізейін, - дейді.
Жас батыр
бойындағы барлық қаруын шешіп тастап (өйткені хан үстіне қарумен кіруге
болмайды), ордаға қарай жаяу аяндайды. Батырдың қолында шоқпар орнына осындай
ғана, - мен домбыраны қолыма алып көрсеттім, - қара домбыра кете барады.
Сыртқы
жендеттерден өтіп, орданың ішіне кірген жас батыр ханның алдына барып бас иеді.
-        Баламды таптындар ма?-деп сұрайды хан.
-        Таптық, алдияр, - деп жас батыр тағы да
бас иеді.
-        Тірі ме, өлі ме?
Осы кезде жас
батыр ләм деп аузын ашпастан, тізерлеп отыра қалады да, қара домбыраны
безілдете кеп жөнеледі. Жас батыр тартқан жаңа күйден хан баласының желкілдеп
аңға шыққаны, содан соң дүсірлетіп құлан қуғаны, садақпен атып айғыр кұланды аяғынан
жаралағаны, ақсақ құланның шоқақ-шоқақ желіп, қарайлай қашып бара жатқаны
ақаусыз танылып тұрады. Хан баласының ақсақ құланды құртпай қоймаймын деп
екілене шауып, қасындағы нөкерлерінен қара үзіп кеткені аңғарылады. Домбырада
үш аяқпен шоқақ қаққан құланның, оның соңына жеке түскен төрт тұяқтың дыбысы
ғана калады. Кенет шоқақтаған құланның дүсірі күшейіп, оның жалт бұрылып соңына
түскен куғыншыға тап бергені білінеді. Сарт-сұрт тұяқ соғысып, кұланның қылыштай
тістерінің шақыр-шұқыр еткені айқын аңғарылады. Сол кезде домбыра ішектерінен:
«өлдім, өлдім!» деген екі сөз адамның үнімен айқын естіледі.
Осы жерге
жеткенде қара терге түскен батыр күйді кілт үзеді де, домбырасын алдына көлденең
қойып, ханға қайтадан бас иеді.
Мінеки, мадам,
бұл бертінде, он екінші ғасырдың аяғы мен он үшінші ғасырдың бас жағында болған
оқиға. Жаңағы мен айтқан Жошы ханның бір мың екі жүз жиырма жетінші жылы өлгені
тарихтан аян. Ал қазақтың универсалды аспабы домбыра арабтар басқыншылығынан
әлдеқайда бұрын болған. Домбыраның жазу құралы болғанына сендіңіз бе енді?
-          Сендім, - деді әйел. - Бірақ жаңағы
қазақ батырының тағдыры не болды, соны айта кетіңізші, тілеуіңізді берсін.
-          Ол батыр тірі қалды. Өйткені Жошы
баламды өлді деп естірткен адамның аузына қорғасын құямын деген ғой. Ал батыр оған
өз аузымен ұлың өлді деп айтқан жок. Оны домбыраның үнімен, қазақтың өзіне тән
жазу алфавитінің өрнегімен ұқтырды. Сондықтан хан күлкілдеп еріп тұрған бір
бақыр қорғасынды сол домбыраның шанағына құйғызды. Бірақ ол жас батыр шапқыншылармен
кезекті бір ұрыста қаза тапты.
-        Жиаль, жиаль, - деді әйел басын шайқап.
-        Алайда ол мәңгі тірі қалды. «Ақсақ
құлан» күйі күні бүгінге дейін тартылады. Ол қазақтың ұлт аспаптары оркестрінің
орындауында бүкіл дүние жүзін аралап шықты.
Қонақ әйелді
төргі бөлмеге ертіп барып, бөлменің бір қабырғасын жауып тұрған өзімнің туған
апам тоқыған алаша-кілемді көрсеттім.
-        Бұл фабрика тоқып шығарған дүние деп
ойламаңыз, мадам. Менің өз апайым мұны өз қолымен тоқыған.
Әйел алашаның
неше алуан оюларына қарап, мүйіз-мүйіз өрнектердің сызығын саусағымен қуалай
сипалап, басын шайқап, біраз отырды.
-        Айтқандарыңыздың бәріне де сендім, -
деді содан кейін әйел орнынан қозғалып. - Енді менің сізге басқа қоятын сұрақтарым
жоқ. Тек бір ғана өтінішім бар: Сіз маған өзіңіздің атақты кітабыңыз «За нами
Москваның» бір данасын бермес пе екенсіз. Бұл мен үшін, менің семьям үшін баға
жетпес үлкен сыйлық болар еді.
-        Әбден болады, мадам.
Мен қол қойып,
кітабымды бердім. Француз әйелі көп-көп рақмет айтып, ризалықпен кетті.
Бірақ мен
кешіргісіз бір қате жасаппын. Оны өзім ертеңінде аңғардым. Ол қатем әйелдің
ағасына, маған арнап хат жолдаған француз подполковнигіне бір нәрсе беріп
жібермеппін. Бұл қатемді кейін сезіп, телефонмен ол әйелді іздестіргенімде,
кеше кешкі самолетпен Москваға аттанып кеткенін бір-ақ білдім.
Бұл әңгімені
айтып болғаннан кейін Бауыржан орнынан тұрды. Қолтығындағы қағаз папкасын алды
да, маған ұсынды.
Бауыржан. Сен
маған шетелдерден келген хаттардың көшірмелерін көрсет деп едің ғой. Кеше
балаларға айтып жіберсем Болгариядан келген бір-екі хатты ғана тауып әкепті.
Ішінде менің өзіміздің бір әскери училищенің лейтенантына жолдаған жауап хатым
да жүр. Бұларды палатаңа апарып оқырсың.
Автор. Рақмет,
Бауке.
VIII
Ертеңінде
таңертең ертерек тұрып, кеше кешке Бауыржан берген папканың бетін аштым.
Хаттардың көшірмелерінің бәрі де машинкаға басылған екен. Бірінші хатта былай
деп жазылыпты:
«Қымбатты жолдас
Момышұлы!
Осы жаңа ғана
Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып шықтым. Кітапта Отан
соғысындағы Сіздің алғашқы ұрыстарыңыздың тарихы суреттеліпті. Егер мен дұрыс ұқсам,
Сіз өз басыңыздан кешкен оқиғаларды әрі шынайы түрде, әрі көркем етіп жазушыға
баяндап бергенсіз.
Міне, кітаптың
соңғы бетін жаптым, бірақ сіз менің көз алдымда қалдыңыз. Сіздің батылдығыңыз,
байсалдылығыңыз, ойшылдығыңыз бәрі-бәрі көкірегімде сайрап тұр...
Менің Сізге
деген сүйіспеншілігімді айтып, Сізді шын жүректен құттықтауыма рұқсат етіңіз.
Сіздің іс-әрекетіңіз,
ой-қиялыңыз, қамқорлығыңыз, ұйқысыз өткерген түндеріңіз жайында оқығанда мен
нағыз командирдің қандай болуы керектігін білдім...
Менің барлық
жолдастарымның-болгар армиясы командирлерінің Сізге деген алғысын қабыл
алуыңызды өтінемін.
Біздің қуанышымыз
және қуатты Совет Одағының даңқы үшін Сіздің деніңіздің сау, көңіліңіздің
сергек балуын тілейміз.
Болгар әуе
күштері, Ұшқыш поручик
26 июль 1947 ж.
Банкя қаласы.       Лило Иванов Ненов».
Екінші хатты
София қаласындағы Христо Ботев атындағы саяси ротаның курсанттары «Волоколамск
тас жолы» кітабының авторына жолдаған. Онда былай делінген:
«Қымбатты біздің
жазушымыз Александр Бек!
... Генерал
Панфилов пен Бауыржан Момышұлы сияқты ұмытылмас образдар жасағаныңыз үшін біз
Сізге шын жүректен алғыс айтамыз.
Соғыс туралы,
жауынгерлік ерліктер жайында талай кітаптар жазылды, әлі де жазылуға тиіс. Ал
Сіздің кітабыңыз тек көркем шығарма ғана емес. Біз үшін бул кітап нұсқау,
басшылық, біз күнделікті жұмысымызда осы кітаптан үйренеміз. Егер біз бір іске кірісетін
болсақ, онда ең алдымен «Біздің орнымызда Бауыржан болса ол қайтер еді?» деп
ойлаймыз. Сіздің кітабыңыз бізді қатал, бірақ әділ командир болуға үйретеді.
Сондай болсақ қана біз, жас Болгар Халық Республикасы өзіміздің алдымызға қойған
міндеттерді ойдағыдай орындай аламыз».
Бұл хат 1947 жылы
10 майда жазылған. Оған сексен бір адам қол қойған.
Мінеки,
Баукеңнің белгісіз лейтенантқа жазған жауап хаты.
Белгісіз
дейтінім хаттың текстінде лейтенанттың аты-жөні көрсетілмепті. Мүмкін бұл кітап
орыс тіліне аударылып шықса ол лейтенанттың кім екені де табылар. Бұл хатта
«Волоколамск тас жолы» кітабына байланысты жұртка мәлімсіз бірсыпыра деректер
айтылады. Баукеңнің бойындағы қаталдықтың негізгі себептері көрсетіледі.
Сондықтан мұны оқырмандарға толық күйінде ұсынуды жөн көрдік. Бұл хат мынадай:
« Құрметті жолдас
лейтенант!
Хатыңызға рақмет.
Сіздің сұрақтарыңызға жауабым мынадай:
1.         «Волоколамск тас жолы» кітабын талқылау
стенограммаларының, оған берілген рецензиялардың, кітапқа байланысты келген хаттардың
көшірмелерін Сізге жіберуге мүмкіндігім жоқ, оған шамам жетпейді. Өйткені
оқырмандардың лебіздері мен хаттары, сыншылардың пікірлері орасан көп. Мәселен,
«Волоколамск тас жолын» жариялаған «Знамя» журналының редакциясына соғыс
кезінде тек менің атыма ғана жүздеген хаттар келді. Повесть 1942-1943 жылдарда
Москва қаласындағы әдебиетшілер үйінде екі рет талқыланды. Ол талқылауларға екі
жүз-үш жүздей адам қатысты. Онда мен повестің біткен бөлімдерінің мазмұны және
оның жалғасына байланысты біздің істейтін жұмысьшыздың программасы туралы екі
рет баяндама жасадым. Әр баяндамам бір жарым сағатқа созылды. Ол талқылауларға қатысқан
адамдар мыналар: өзіңізге мәлім «Елу жыл сапта» кітабының авторы генерал А.А
Игнатьев, жазушы В.Шкловский, жазушы БЛавренев, жазушы Николай Тихонов, СССР Ғылым
академиясының корреспондент мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор
А.М.Панкратова, профессор - әдебиет зерттеушісі Е.Н.Михайлов, байырғы революционер
Елена Дмитриевна Стасова және басқалар.
Сөйлеушілердің
сөздерінің барлығы да стенография арқылы жазылып алынды. Бірақ стенограмма
менің қолымда жоқ. Мен Сізге сөйлеушілердің көпшілігінің повесть жайында жақсы
пікірде болғанын ғана айта аламын.
Бұдан басқа мен
дүркін-дүркін кітаптың: ағылшын, француз, итальян, неміс, қытай, болгар, чех,
венгер, серб, румын, грек және басқа тілдерге аударылған даналарын да алып тұрдым.
Барлық басылымдарда да жақсы алғы сөздер берілді. Олардың кейбіреулері
Панфиловтың
және менің
суреттерімізді басты. Осы кітаптарды оқыған көптеген шетел оқырмандарынан да
хаттар келді.
2.         Сіз менен генерал Панфилов туралы өз
естеліктерімді жазып жіберуді сұрайсыз- бұл тілегіңізді орындау да оңай емес. Марқұм
генерал туралы менің естеліктерімнің бір бөлігі повестің жариялаған екі бөлімінде
айтылды, қалғаны осы кітаптың жалғасы боп табылатын
кейінгі екі бөлімінде
және айтылады. Ал бүкіл бір кітапта жазылған нәрсені екі-үш ауыз сөзбен айтып,
бір хатқа сыйғызу қисынға келмейді.
1942 жылдан
бастап генерал Панфилов туралы мен газеттерде әр кезде оннан астам мақала жарияладым.
Оларды екі-үш ауыз сөзге сыйғызу тағы да мүмкін емес.
3.         Сіз тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіздің
ересек адамдар екені, олардың кітапта жазылған оқиғалар мен суреттелген
қаһармандарға сын көзімен қарайтыны өте жақсы. Ал жазушылардың қағидасы -
оқушымен ұрыспау, оның әрбір айтқаны орынды болса - құлақ асу, сөйтіп өз
қатесін (егер жіберген болса) келесі басылымдарда түзету.
Өйткені жазушы
оқушының қызметшісі, ол өз шығармасын оқушы үшін, халық үшін жазады, соларға
қызмет етеді. Ендеше оның оқырмандар бұқарасымен есептеспеуге қақысы жоқ. Әр
шығарманың мақсаты - лұғат айту. Біз де алдымызға осы мақсатты қойдық. Өз
ұрпағымызға
қатал соғыс шындығын асырмай, боямай, сол болған қалпында айтып беруге
тырыстық. Бұл үшін өзімізді де аямадық, ұрыс майданында өз басымыздан өткен
осалдықтарды да жасырмай айттық. Біз өз алдымызға оқушыларға «кедір-бұдырсыз»,
күнәдан пәк тап-таза қаһарман ұсыну мақсатын қойғанымыз жоқ, оларды өмірдегідей
қарапайым, ординарлық қалпында көрсетуге тырыстық.
Біз оқырмандарға
болған оқиғаны айтып, өзіміздің басымыздан өткен жауынгерлік өмірдің нағыз
шындығын баяндап отырмыз. Біз қаһармандарымыздың басынан кешкен қателері
оқырмандарға сабақ аларлық үлгі, жақсылық қасиеттері өнеге болсын деп ойладық.
Кітап
әлі аяқталған
жоқ, сондықтан оның кемшіліктері мен жетістіктері туралы сөз қозғау ертерек.
Өзіңіз білесіз, кітаптың бірінші тарауында мен өзімнің қорыққанымды, ұрыс
кезінде сол қорқынышты жеңу үшін көп күш жұмсағанымды айтқанмын. Өзімнің
бірсыпыра қателер
жібергенімді мен
қазір де мойындаудан жасқанбаймын, ол қателерді өзгелер қайталамасын деген мақсатпен
қағазга түсіріп те жүрмін.
Мен өзімнің
әскери жазбаларымды жазып жатырмын, оны сырттан бақылаушы болып емес, ұрыстарға
қатысқан куәгер, соғыстың басынан аяғына дейін қатысып, барлық ауыртпалықты
арқалап өткен солдат ретінде толғаймын. Мен титтей детальді де ойдан шығармаймын.
Оның ешқандай қажеті де жоқ.
4.         Сіз менің неліктен қатал болуымның
себептерін сұрайсыз. Қаталдығым кітаптағыдай екені рас, онда титтей әсірелеу
жоқ. Мен сізге өзімнің қаталдық дегенді қалай түсінетінімді ғана айтайын. Суворовтың:
«Әскер ойынында азапты көп көрсең - ұрыста қиналмайсың » деген сөзін есіңізге
түсіріңіз. Немесе В.И. Лениннің: «Жауды жеңу үшін қаһармандық күрес керек,
темірдей әскери тәртіп керек» дегенін ойлап көріңіз. Ленин тағы бір сөзінде
армияда әскери тәртіпті қолдамайтындарды опасыз және сатқын деп атайды.
Солдатқа деген
ең жоғары қамқорлық - оны әскери ойында аямау, оны жорық пен жауынгерлік
өмірдің барлық ауыртпалықтары мен қиыншылықтарына төзімді етіп үйрету. Сонда
ғана солдат ұрыстың әдістері мен техникасын толық меңгеріп, шайқас даласында
өзін суда жүзген балықтай сезінеді.
Біз, әскери
адамдар, көлденең көзге әдемі көрінетін парадқа емес, Отан үшін өліспей
беріспейтін қатал күреске әзірленеміз. Әскери оқу орындарында біз бишілер
әзірлеп, оларға әр түрлі балдарда билейтін би сабағын бермейміз, жігерлі, өзіне
де, өзгеге де талап қойғыш командир лер әзірлейміз, оларды ұрыс даласында әрбір
жауынгерге кездесетін қиындықтарға төзе білуге тәрбиелейміз. Ал, бірақ,
қаталдық мынадай екі түрлі болады:
а) Ақылды қаталдық.
Мұның мәнісі командирдің өзінен де, өзгеден де уставта көрсетілген әскери
дәстүр мен тәртіпті мүлтіксіз орындауын талап етуі. Оларды өз борыштары мен
қызмет міндеттерін дұрыс орындауға, Совет елінің офицері мен жауынгері деген
ардақты атты, дүние жүзіндегі ең озат армия - Совет Армиясының офицерімен
жауынгері деген жоғары атақты құрметтей білуге баулу.
Біздің
армиямыздағы тәрбиенің негізгі әдісі - сендіре білу. Бұл бағыныштыны саналы
тәртіпке баулып, оны өз міндетін ойланып, байыппен орындауға үйрету деген сөз.
Ал оны түсінбейтін кейбір кертартпалар болса, онда бұл тәртіпке оларды зорлап
көндіруден де бас тартпаймыз. Біздің әскери заңдарымыз (уставтарымыз)
офицерлерден ең алдымен сендіре білу әдісін қолдануды талап етеді, сонымен
бірге егер қажет болса оларға еріксіз көндіруге де право береді.
ә) Ақылсыз
қаталдық. Мұның мәнісі өзінің қызмет бабын және солдаттың берген анты мен
қызмет міндетіне байланысты командирдің еркіне көнуге тиісті екенін пайдаланып
қиянат жасау деген сөз. Мұндайлар біздің армиямызда өте сирек кездеседі. Партия
өзінің ұзақ жылдық тәрбие жұмысының арқасында негізінен жоғары мәдениетті,
өзінің қызмет міндетін жақсы түсінетін жан-жақты білімді офицерлер,
жауынгерлеріміздің идеялық жағынан ұстамды тәрбиешілерін даярлап шығару ісіне
жетісті. Атап айтқанда офицерлер кадрларын даярлау жөніндегі бұл құрметті
міндетті сіздің училище де орындап келеді.
Солдат болу да
оңай жұмыс емес, командирдің әскерді тәртіптендіруі де қиын іс. Ал соғысу одан
да ауыр. Командир бағыныштыларға ғана емес, ең алдымен өзіне қатаң, өзіне талап
қойғыш болуга тиіс. Әскер тәртібін қатаң сақтау, оны бағыныштылардың санасына
сіңіру, әскери ант пен борышты орындау, жауынгерлерді жақсы қасиеттерге
тәрбиелеп, оларды соғыс ісіне үйрету - командирдің қасиетті борышы.
Командирдің
қаталдығы барынша әділ болып, қызмет бабындағы қажеттік пен нақты жағдайдың
жалпы мүддесіне негізделуі тиіс. Командир ешқашанда солдат-жауынгердің адамдық
қасиеттерін қорламауы керек. Өйткені біздің солдат саналы түрде қызмет атқарушы,
әскери қызметке байланысты өзіне кейбір шек қоюшылықтар бо-
латынын
түсінетін совет адамы. Ол шек қоюшылық армиядағы жалпы жөн-жосық пен тәртіпті
нығайтуға қажет екендігін, оның негізгі мақсаты ұрыс даласында Отанды қорғап
қалуға багытталғандығын совет жауынгері жақсы түсінеді. Біздің совет адамы- өр
адам. Ол
жағымпаздануды,
жалбақтауды, жәмпеңдеуді, екі жүзділікті білмейді. Оның мырзасы жоқ. Ол құл
емес, азат адам. Офицер оған ең алдымен- аға жолдас, сондықтан ол совет адамы
деген атына сай бағынышты болуы үшін солдаттарды лайықты басқарып, тәрбиелей білуі
керек. Совет офицерінің міндеті осындай, саналы солдаттарды тәрбиелеу.
Командирлердің бұйрығы- бағыныштыға заң. Бұйрықты ол жан-тәнімен орындауға
тиіс. Әрбір бұйрықты командир жан-жақты ойланып, нақты есепке негіздеп беруі
қажет. Ешбір бұйрық қорлау түрінде берілмеуі керек. Бағыныштылардың ары мен
намысын қорлаған адам тәрбиеші де, бастық та бола алмайды.
Сіздің және
тәрбиелеушілеріңіздің барша табысқа жетуіне шын жүректен тілектеспін. Жолдастық
сәлеммен гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы.
1951 жылдың 26марты.
Калинин қаласы».
IX
Баукең шақырады
дегенге вестибюльге шықсам, ол кісі ординаторский жақтағы есіктің алдында сұр
дермантинмен тысталған арқалығы жок үш кісілік жұмсақ ұзын орындықтың бір жақ шетінде
шалбарының сол жақ балағын тізесіне дейін түріп тастап, балтырын уқалап отыр
екен.
-        Не болды, Бауке?-дедім мен ол кісі аяғын
мертіктіріп алған екен деп.
-        Ойбай, мынау аяғы құрғыр жаңа
баспалдақпен көтеріліп келе жатқанымда кілт ете түсіп еді, осы араға сүйретіліп
әрең жеттім. Отырып қарасам жаны кетіп қалыпты, соны уқалап жатырмын.
-        Онда әуре боп несіне көтерілдіңіз,
Бауке. Ептеп төменге өзім баратын едім ғой.
-        Жоқ, сенікі жүрек қой, жүрекпен ойнауға
болмайды, қарағым. Ал менікі аяқ, аяқ ит сүйретіліп те болса жүруге жаратылған.
- Кәмәш қабырғадағы автомат телефонның алдындағы креслода, бізден сәл қиыстау
жерде отыр еді. Баукең бұрылып, соған қарады. - Мына қатынға сүйеніп, шығып
кетермін деп едім, оның септігі болмады.
-        Енді сені арқалап шығарайын ба? - деп
күлді әйелі. - Арқаласам аяғың баспалдақтың тасына соғылып, тағы бір пәлеге ұшырайтын
едің.
Бауыржан күлді
де, шалбарының балағын төмен түсірді. Біз әңгімелесе бастағанда вестибюльге біреу
кіріп, біреу шығып, есік қайта-қайта ашық кала берді. Мен оны үнемі жауып келіп
отырдым.
-        Өзің болмасаң, мен суықтан қорықпаймын,
- деді бірде Баукең.
Бауыржанның
онысы рас еді. Ол күздің катты қара суықтарының өзінде де балконды ашып тастап
отырады екен. Өткен күзде «Ақиқат пен аңыздың» біткен бөлімдерін өзіне оқып
беру үшін Баукеңнің үйіне барғамын. Сонда балконы ашық азынап тұрған бөлмеде үш
сағат отырып, иегім иегіме тимей қалшылдап, үйге әрең жеткенмін. Мен Баукеңе
осыны айттым.
-        Бәле, сен қызық екенсің ғой,-деді ол,-
тоңып отырғаныңды айтып, балконның есігін жауып қоймайсың ба?
«Тоңып
отырғанымды көрсеңіз де үндемеп едіңіз ғой» дедім мен ішімнен. Содан кейін ол өзінің
Калинин қаласында тұрғанда жатын бөлмесінің кіші-гірім терезедей форточкасы
болғанын, қысты күнгі аяздарда оны ашып тастап ұйыктайтынын есіне алды.
Бір күні сол
суық бөлмеге жауынгер серіктерінің бірі кіріп, «Мынау қазақ жататын орын емес,
қасқыр жататын жер ғой» деп екінші бөлмеге қарай қаша жөнеліпті.
-        Мұның бәрі соғысқа дейін Сібірдің
суығына шыныққандықтың арқасы ғой, - деді ол.
Автор. Бауке,
кешегі папка менде қала берсін бе, әлде өзіңізге қайтарып берейін бе?
Бауыржан. Керек
болса - қала берсін.
Автор. Анау Сіз
жауап хат жазған лейтенанттың фамилиясы есіңізде жоқ па?
Бауыржан. Ол
өзіміздің әскери училищелердің бірінің лейтенанты екен. Маған бірнеше сұрақтар
қойып, суретімді сұрап хат жазыпты. Фамилиясын конверттің сыртына жазған едім,
қазір ұмытгым.
Айтпақшы
партизан Қасым Қайсенов келіп кетгі. Саған да сәлем айтты.
-        Сәлемет болсын. Карантин ғой, қалай
кірді екен?
-        Қасымға карантин бөгет болушы ма еді. Қақпаға
барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да, қоршау тақтайды теуіп қалып
біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да, сып етіп
аурухананың ауласына кірдім. Полковник ағам ауырып, арыстай боп ауруханада
жатса, қараймын ба мен бұлардың қарауылы мен карантиніне дейді.
-        Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін
өзінді сотқа берсе қайтесің?-дедім оған.
Ол аурухананың
ауласын басына көтеріп, сақылдап кеп күлді.
- Жок, Бауке,
оған қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап,
автомат, пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда олардың тас-талқанын шығарып, совет
азаматтарын азат еткен Қасым ауруханадағы ағасына келіп, алақанын сипап,
бетінен сүйе алмаса, ол несіне кісі болып жүреді, - деп айқара кұшақтап, екі
бетімнен кезек сүйіп жатыр.- Өзіңді арқалап алып кетейін, кетесің бе үйге? -
дейді тағы да. Қасымға не дерсің, ракмет, айналайын деп мағдайынан сүйдім. Ол
жоғарыға көтеріліп, сенің де көңілінді сұрамақ еді. Бірақ төмендегі сестралар
шуылдап, жібермеді. Содан кейін: «Әй, Қасым, қойғын. Бұл саған Украинаның
орманы емес»,-деп қайтарып жібердім.
        Партизан жазушы Қасым Қайсеновтың бұл
қылығына мен қатты тебіреніп қалдым. Өйткені осы кішкентай деталь маған көп нәрсені
баяндап тұрғандай болды. Қасым кешегі ел басына күн туған ауыр шақта етігімен
су кешкен ерлердің бірі. Ол украин партизандарының ортасында от ішінде отряд
бастап жүрді. Отанның азаттығы үшін өз басын өлімге байлап, өжетгігімен,
ерлігімен талай ауыр тапсырмаларды абыроймен орындады. Енді сол ардагер азамат
арсаландап арамызда жүр. Қасымның менімен қарым-қатынасы жоқ адам, айтқан
сәлеміне рақмет. Ал оның Баукенді бұлай іздеп келуі екінің бірінің қолынан
келмейтін жай. Кейбір ағайындарың ауырып жатқанында есік ашық тұрса да бас
сұкпайды. Ал Қасым болса аурухананың қабырғасын қақыратып кіріп, ағасын аймалап
бетінен сүйген. Бұл да бір өзінше ерлік іспеттес іс екен. Ағаны ардақтаудың,
азаматты қадірлеудің адамгершілік үлгісі осындай болар. Ерді ер, батырды батыр
осылай құрметтейтін шығар деп ойладым мен.
        Содан кейін Совет Одағының Маршалы,
СССР Қорғаныс министрі Андрей Антонович Гречконың «Карпаттан асқанда» дейтін
кітабы есіме түсті. Сол кітапта 1944 жылы июльде партизан қозғалысы Украин
штабының Чехословакия мен Венгрияға қырықтан аса жауынгер партизан отрядтарын
түсіргенін, бұлардың совет әскерлері Карпатқа шабуыл жасаған кезде Гитлер
әскерлерінің тылында белсенді қимыл жасағаны айтылады.
        Мұндағы партизан құрамаларының бірін А.
В. Тканко басқарады. Партизандар жау гарнизондарына батыл шабуыл жасап, жергілікті
халыққа Қызыл Армияның жеңістерін баян етіп отырады. Украин селоларына: «Карпат
сыртының халқы, көтеріліңдер! Фашистердің тұмсығын бұзындар!» деген листовкалар
таратады. Осыдан кейін маршал былай деп жазады: «А. Тканконың парти- зандары
«Ақ Таня» тұтқын лагеріне батыл шабуыл жасады.
Гитлершілдер
700-дей украин, словак және венгер коммунистерін тұтқындап, Ровнаяның
оңтүстік-батысындағы таудың адам аяғы баспас қиын қуысындағы лагерьге әкеп қамаған
екен. Фашистер лагерьге ұрымтал тұстарды тегіс миналап, егер шегінерлік жағдай
болса, оны талқандап кетуге әзірлеп қояды.
        Партизан құрамасының штабы лагерьдегі
жау гарнизонын жойып, тұтқындарды босатып алу жөніндегі жауынгерлік операцияның
нақты жоспарын жасады.
Сағат 19-да Қ. Қайсенов
бастаған партизандар отряды осы жауынгерлік тапсырманы орындауға аттанды. Лагерьге
жеткеннен кейін партизандар тұтқындармен байланыс жасады. Жағдайдың бәрін
байыптап болғаннан кейін Қайсенов жауынгерлік тапсырманы баяндаудың уақытын өзгертуге
ұйғарды, операцияны жоспарда көрсетілген 23 сағатта емес, 21 сағатта бастауды
жөн деп тапты. Бұл уақытқа дейін партизандардың бір бөлігі үстеріне
тұтқын
киімдерін, басқалары венгер солдаттарының формасын киіп үлгірді. Сөйтіп топ
лагерьдің іргесіне тақады. Лагерь сақшылары бұл топты тұтқындардың жаңа тобы
екен деп ұқты. Осы кезде партизандар күзетшілерге кенетген тап берді.
Күзетшілердің кейбіреулері ғана қаруға кол созып үлгерді. Партизандар жаудың 34
солдаты мен офицерін тұткынға алды. Қапасқа қамалған коммунистер тегіс азат
етілді. Олардың көпшілігі партизандар отрядтарына қосылды.
Партизандарға
жаңа адамдар үсті-үстіне келіп қосыла бастады. Енді олар құр қол емес, қару да
ұстап келетін болды. Құрама штабы жаңа партизан отрядтарын жасақтады.
Партизандар да жігерлі қимылдады. Олардың көбі ордендермен, медальдармен наградталды,
ал құрама командирі А.В.Тканкоға Совет Одағының Батыры атағы берілді.»
Маршал Гречконың
кітабында осылай делінген. Ол кітапта ерлігі елге мақтан ете аталған жалғыз
қазақ жаңа ғана төменде халықтың өзі сияқты өзгеше өр ұлы Бауыржан Момышұлына өзінін
солдаттық, азаматтық жүрегінің сүйіспеншілігін білдіріп, көңілін сұрап кеткен
Қасым Қайсенов еді. Қасекең бір әңгімесінде маған жеңістің жиырма бес
жылдығымен кұттықтап, өзіне сонау Москвадан Совет Одағының Маршалы Андрей Антонович
Гречконың телефон соққанын да айтқан болатын.
-        Қасеке, шыныңызды айтыңызшы, састыңыз ба
сол кезде? - дедім мен әзілдеп.
-        Ойбай, несін айтасың, үй ішімізбен
«қырылып» қала жаздадық,-деп Қасым қарқылдап кеп күлген еді онда. - Москвадан
Алматыға, сенің үйіңе Қорғаныс министрінің өзі телефон соғып тұрса, саспағанда
ше? Содан кейін үй ішіміз болып таң атқанша
ұйықтағанымыз
жоқ. Ол кісі түнде телефон соққан.
-         Не деді?
-      Жеңіс мерекесімен құттықтады.
-        Одан соң?
-        Өзіме денсаулық, табыс, семьяма бақыт
тіледі. Маған одан артық не керек, - деп Қасым тағы да қарқылдай күліп,
күректей екі алақанын жайған.
Осыларды ойыма
түсіріп, Баукеңе мойын бұрдым.
Автор. Қасымның аты
Қорғаныс министрінің кітабына кіргенін білесіз бе, Бауке?   
Бауыржан. Білемін.
Автор. Оның
үйіне Қорғаныс министрі Гречконың телефон соққанын білесіз бе?
Бауыржан.
Білемін.
Автор. Сіздің
фамилияңыз бұрынғы министрдің, маршал Жуковтың кітабында жоқ қой деймін, Бауке.
Бауыржан мойнын
шұғыл бұрып, бетіме ажырая қарады да, қатқыл үнмен жауап қатгы.
Бауыржан. Ол масштабына
байланысты. Масштаб дегеннің не екенін білесің бе өзің?
Автор. Қорғаныс
министрі партизан отрядының командирін кітабына кіргізіп, үйіне телефон
соққан.- Бқл сөздерім Баукеңнің көңіліне келіп қалмасын деп, үнімді бәсеңдете
сөйледім.- Мен білетін масштаб бойынша дивизия отрядтан үлкен емес пе? Ендеше
маршал Жуковтың дивизия командирі ретінде Момышұлының да атын атай кетуіне
болмайтын ба еді?
Бауыржан. Ой,
сен өзің түк түсінбейді екенсің ғой, - Ол ашу шақыра сөйледі.- Гречко бұл
кітапты министр ретінде жазып отырған жоқ қой. Сен айтып отырған «Карпаттан
асқанда» кітабы командармның естеліктері, онда 1944-45 жылдардың оқиғалары қамтылады.
Ол кезде Гречко Украинаны, Польшаны, Чехословакияны жаудан азат етуге қатысқан
1-гвардиялық армияның командашысы болатын. Командарм өз қарамағындағы корпустар
мен
дивизияларды,
солардың адамдарын сөз етеді. Ол кезде партизандар тиісті майдандардың
армияларымен бірлесе қимыл жасайтын.
     Ал Жуков өз естеліктерін Кызыл Армия Бас
штабының бастығы, СССР Корғаныс Халкомының бірінші орынбасары және Жоғарғы Бас
қолбасшының орынбасары ретінде жазып отыр. Сондықтан оның майдандар мен
армиялар жайында айтуы, ерекше ерлік көрсеткен бірен-саран дивизияны ғана
ауызға алуы өте орынды. Оның үстіне мен соғыстың соңғы жағында ғана дивизия
командирі болдым емес пе? Понятно тебе?
Автор.
Түсінікті, Бауке.
        Мен бұл әңгімені тезірек доғаруға
тырыстым. Бірақ Баукең де тез сабасына түсті.
Бауыржан. Ал
маршал Жуковқа менің ешкандай өкпем жок. Майданда мен ол кісімен жүздесіп,
тілдескенмін. Дивизия командирі боларда батасын алғанмын. Кейін, Қорғаныс
министрі кезінде мен туралы Алматыға телефон да соққан. Оны кейін айтамын.
Автор. Құп,
Бауке. Бұл әңгіме қасым партизаннан шығып кетті ғой.
Бауыржан. Мен ол
партизанды ұнатамын. - Ол аузынан темекі түтінін шұбалта шығарып, даусын да
соза сөйледі. - Содан соң анау Рейхстагқа ту тіккен жігіт бар емес пе?
Автор. Рақымжан
Қошқарбаевты айтасыз ба?
Бауыржан. Иә,
соны айтамын. Бұл екеуі бір жосын жандар. Жұлдызын көрмесең, жүзіне қарап батыр
екенін айыру қиын адамдар болады. Бұл екеуі өздері жұлдыздай жарқырап тұрған
жігітгер. Бұлардың соғыста ересен ерлік жасағанын айтпай-ақ сенесің. Халық үшін
қасықтай қанын аямаған қаһармандардың бірі гой бұлар.
Автор. Соғыс
ардагерлерінен тағы да қандай азаматтарды жақсы көресіз?
Бауыржан. Соғысқа
қатысқандардың бәрін де жақсы көремін. Соғыс кезінде елде болып, еңбек
майданында біздің жеңісімізді шындаған адамдарды да ардақтаймын. Халық үшін
қасықтай қанын, шыбындай жанын аямай қызмет еткен жандардың бәрі аяулы.
Автор. Қазақша
шыққан тұңғыш кітабыңыз «Офицердің күнделігі» болды ғой, Бауке. Онда орысша
шыққан алғашқы кітабыңыз қайсысы?
Бауыржан.
«История одной ночи». Мұны орыс тілінде жаздым. Алдымен Алматыға жібердім.
Бірақ қолжазбам бірсыпыра уақыттан кейін өзіме қайтып келді. Баспа
редакторларының бірі «Қолжазба жариялауға жарамайды» деген рецензиясын қоса жіберіпті.
Ол кезде мен Калининде тұратын едім. Қолжазбаны Калинин баспасына апардым.
Директоры алып қалып оқып шығып, басуға жарамайды деп екінші барғанымда өзіме
ұсынды. Мен алмадым.
- Бұл Сіздің
ғана пікіріңіз және Сіз жазушы емессіз. Жазушы емес адам творчествоға үкім айта
алмайды. Басқа біреуге рецензияға беріңіз, - дедім.
Директор қып-қызыл
боп алып қалды. Бір аптадан кейін қайтадан барсам, Горьбан деген жергілікті
жазушы менің жержебіріме жеткен, намысыма тиетін рецензия жазыпты. Оның айтуына
қарағанда менің әдебиет маңына жоламауым, орыс тілін «бүлдірмеуім» керек
көрінеді. Горьбаныңа көнетін адамынды тапкан екенсің дедім де қолжазбамды
Москваға, Всеволод Вишневскийге жібердім. Вишневскийден тез арада мақтаған
рецензия келді. Бұл дайын дүние, жеке кітап етіп жариялау керек депті ол.
Осы кезде
Калинин баспасының бұрынғы директоры ауысып, оның орнына әдебиет институтын
бітірген майдангер Парфенов деген кісі келді. Соның алдына апарып «Бір түннің
окиғасының» қолжазбасы мен оған жазылған үш рецензияны жайып салдым.
Бірнеше күннен
кейін маған Парфеновтың өзі телефон соқты.
Шығармаңыз маған
қатты ұнады, шығарамыз деді. Елу екінші жылы ол Калинин баспасынан жеке кітап
болып шыкты. Сол кітап елу жетінші жылы Алматыда орыс тілінде екінші рет
басылды. Бауыржанның да алғашкы кітаптары әлекпен шыққан, қарағым. Кімнің тұңғыш
кітабы тұсамыс көрмеген? Одан кейінгі орыс тілінде шыққан екінші кітабым
«Біздің семья». Оны Бас штаб академиясында оқып жүргенде он бес күнде жазғанымды
жоғарыда айтып едім ғой. Соның бір қызық деталін айттым ба, айтпадым ба осы?
Автор. Айтқан
жоқсыз, Бауке.
Бауыржан. Ендеше
тыңда. «Біздің семьяны» бітіргеннен кейін бір жолы Алматыға келгенде мен оны
ескі досыма көрсеттім. Осыны оқып шықшы дедім. Ол оқып шығып, жатып кеп
мақтады.
-        Мынау дап-дайын көркем шығарма. Осы
күйінде қалам тигізбестен жариялауға жарайды,-деді.
Мен оған қанаттанып
қалдым. Келесі күндердің бірінде досым үйіне қонаққа шақырды. Табағын тосып,
тамағын беріп сыйлап отырып, маған қолқа салды.
-        Сен әскери адамсың. Атағың жер жүзіне
жайылды. Саған сол даңқың да жетеді. Жазушы болып қайтесің? Жазушылык деген де азабы
көп жұмыс. Соғыста жанынды бір жедің. Енді жазушы болып жанынды және
қинамақпысың? Төрт жыл соғыста қиналғаның да жеткілікті емес пе? Жазушы болсаң
төрт жыл емес, өзінді өзің өмір бойы қинайсың. Сен жазушы боламын дегенінді қой
да, мына кітабынды маған қи. Мен өз атымнан жариялайын, - деді.
Мен қатты
шамданып қалдым.
-        Онда сен жазушылық менің қолымнан
келмейді деп отырмысың? - дедім, түйіліп.
-        Келеді. Бірақ енді бұл ауыр кәсіпке
ауысып жанынды жеп қайтесің дегенім ғой.
-        Маған жаның ашымай-ақ қойсын, жараса
бастыр, жарамаса өзіме бер, - дедім.
-        Жарайды, менде қалсын, мен баспаға
ұсынайын, - деді досым қабағын шытып.
Мен Москваға
кете бардым. Кітабымнан ешқандай хабар келмеді. Басуға жарамаған шығар, онда
архивке өткізейін дедім де, Москва әскери архивынан Алматыға кетіп бара жатқан
ма-
йорға пәленшеден
менің қолжазбамды ала кел деп иелендіру қағаз бердім. Майор келіп менің
досымнан қолжазбаны алып, өзіме әкеп берді. Кейіннен досым «Бауыржан мендегі қолжазбасын
милиция жіберіп алғызды» деп көпке дейін өкпелеп жүрді.
Сол кітап елу
алтыншы жылы алпыс мың данамен Калинин қаласында басылып шықты. Бұрынғы бір
әңгімелерде бұл кітапты қазақшаға аудартпаймын деген болармын. Енді ол сөзге түзету
жасауыңа болады, кітабымды қазақ тілінде шығаруға келістім, қарағым.
            Әйелдер суыртпақтап тырнағымен шымшып
бір-бірлеп жіп суырады. Кей жіп тұтас суырылып, кей жіптің жартысы суыртпақта
үзіліп қалады. Бүтінін бір жағына, жартысын екінші жағына жинай отырып, артынан
олардың екі-үшеуден басын қосып, жіп ширатады. Содан соң оны инеге сабақтап
іске кіріседі.
Суыртпақтап жіп
суырғандай болып, мен де Баукеңнің аузынан шыққан детальдарды бір-бірлеп
қағазға түсіре беремін. Әрине, маған дәрігерлер мен сестралар қағаз жазуға
рұқсат етпейді. Бірақ мен олар жоқта, ұрланып, блокноттарымды толтырып жатамын.
Жан да керек, жазу да қажет. Жазбасам Баукең айтқан әңгімелерден айрылып
қаламын. Ол маған әке-көке десем де бір айтқанын екінші рет қайталап бермейді.
Оны Александр Бектің тәжірибесінен білемін, Баукеңнің бір беткей мінезінен аңғарамын.
Сондықтан бұл жолғы айтқандарын да іштей тақырыпқа бөліп, ұмытып қалмау үшін ол
тақырыптарды үнсіз қай-
талап қойып отыр
едім, төменнен жатын орын - палаталарға қарай қайтып келе жатқан аурулардың
дүбірі естілді. Таныс ащы дауыс дәлізді шыңылдатып келе жатты. Оны ести сала
Баукең мазасызданып, қозғалақтай бастады.
-        Кәмәш, кетейік, мынаның Дерпені келе
жатыр, - деді әйеліне қарап.
Неге екені
белгісіз, Баукең Дерпенді көрсе теріс айналып кетеді. Оның шүңірейген көзін,
шіңкілдеген үнін көрмеуге, естімеуге тырысатын сияқты. Ол қасына келсе үндемей
отырып
алады, немесе
дәрі ішетін едім деп сылтауратып кетіп қалады.
Бұл жолы да
сөйтпекші еді. Бірақ бізді көре сала Дерпен шапшаң аяңдап қасымызға жетіп
келді.
-        Екі жазушы, немене сендер өздерің
сөйлесе бересіндер? Одан да мына менімен әңгімелесіп, менің өмірімді кітап
қылып жазбайсыңдар ма? - деді ол.
Бауыржан бұкиып
төмен қарады. Баукеннің онысынан:
«Мынауыңмен өзің
сейлес» дегенді аңғардым да, енді аузымды аша беріп едім.
-        Сенің өміріңде жазатын не бар, Бейсеке?
- деді Дерпеннің қасында келе жаткан салауатты келген екінші шал.
-        Неге жоқ? - Дерпеннің басы кекең ете
түсті. - Батрак болдым. Байларды кәмпескеледім. Совпартшколда оқыдым. Колхоз кұрдым.
Енді дербес пенсионермін. Неге жазбасқа?
-        Дербес пенсия дегеніңнен баскасның бәрі
жазылды-ау, Бейсеке, - деді Дерпеннің жолдасы. - Оны Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс
жазды емес пе?
-        Жок, олардікі жалпы ғой. Мен туралы жеке
жазылуы керек. Осы күнгі жазушылар тема таба алмайды. Міне, мен темемін. Қастарында
жүрген темені неге көрмейсіндер осы? - Содан кейін Дерпен сұқ саусағын шошайтты.
- Дербес пенсия деген кім көрінгенге
беріле бермейді,
жолдастар. Маркстың сөзімен айтқанда, ақша еңбек еткенге ғана беріледі.
-        Әй, Бейсеке-ай, - деді жолдас шалы
Дерпенді қолтығынан алып,-дербес пенсияң, қасында кемпірің, басыңда үйің, тауда
дачаң бар. Балаларыңның бәрін жақсы қызметке орналастырдың, әрқайсысына үш-төрт
бөлмеден үй әпердің. Мінем, жүрем десең машинаң дайын. Осыным бойыма құт деп
отырмайсың ба тыныш. Енді кітапқа герой болғың келеді. Бұл дүниедегі жақсылыктың
бәрін жалғыз арқалап кетпексің бе сонда? Жүр, жұрттың мазасын алмайық.
Жолдас шалы
Дерпенді қолтығынан тартып еді, ол қозғалмады. Бауыржанға қарап тұрып:
-        Сен атақты Момышұлысың. Сен жазшы мен
туралы. Сен өзің солдаттар туралы жақсы жазасың, - деді.
-        Мен Сіздің психологияңызды білмеймін,
ақсақал,-деді Бауыржан мойнын теріс бұрып. - Өзіңіз жазыңыз.
-        Сіз туралы да жазамыз, Бейсеке, - дедім
мен Дерпенге басымды изеп. - Әуелі тәуір болып алайық та.
-        Е, дұрыс, тәуір болындар, - деді Дерпен
жайдарыланып. - Оларың жөн. - Содан соң жолдас шалына ілесіп, дәліздің есігіне қарай
аяндады. - Мен бәрін де айтып беремін.
-        Қасындағысы да дерпен бе?-деді Баукең
есік жақты иегімен нұсқап.
-        Жоқ, Жайпен.
-        Аты солай ма?
-        Аты басқа болуы керек, дербес емес, жай
пенсионер деген екі сөздің қысқарған түбірінен туған ат. Осындағы кейбір ку жігіттер
ол кісінің өз аузынан естіген әрі күлкілі, әрі күйінішті бір әңгімеге байланысты
оны Жайпен деп атап кетіпті.  Дерпен екеуі
дос, үнемі бірге жүреді.
-        Сол Жайпекеңдікі жөн сиякты, - деді
Бауыржан қайтадан ашыла сөйлеп.
Бауыржан:
Айтпакшы, сенің «Ақикатыңның» «Жұлдыздан» қалған жалғасын «Жалын» жариялайтын
болыпты ғой. Естідің бе?
Автор. Естідім,
Бауке, рақмет. Оларға «Жас Бауыржан» деген атпен басыңдар дедім.