ВЕРНУТЬСЯ

          I
        Автор. Өткен жолы Сіз Панфилов дүниеден
қайтып, дивизияға Чистяков келгенге дейін жетім баладай қамкөңіл күйде едік
дедіңіз ғой. Оның мәнісін айтыңызшы.
        Бауыржан. Оның мәнісі мынадай. Панфилов
1941 жылы 18 ноябрьде опат болды. Чистяков біздің дивизияға 1942 жылдың 18
январында келді. Осы екі айдың ішінде бірінен соң бірі екі командир ауысты.
Тұлпар дивизияның тегеуірініне шыдамады. Өйткені олар Тайбурылдың тізгінін
ұстаған Қобыланды емес-ті. Ол екеуінің бірі аса ұшқалақ кісі болып шықты. Ұшқалақтығы
сондай, әркімге шіңкілдеп соқтыға берді. Маған: «Сен Панфиловтың еркесісің.
Сендей еркенің енесін ұрамын!» деп ұрынды. Тегі ол менің батальонымның
қынаптағы қылыш сияқты, Панфиловтың резервінде болғанын, ал генерал қылышын қынабынан
қиын-қыстау кездерде суырып қиямет кезеңдерде сілтегенін айтатын болар.
       Автор. Сіз өзіңіздің «Москва үшін
шайқас» кітабыңызда дивизия командирлерінен тек Панфилов пен Чистяковты ғана көрсетіпсіз.
Оның осындай себебі бар екен ғой.
       Бауыржан: Иә...
       Автор. Сіз атын айтпасаңыз да мен
түсініп отырмын, Бауке. Панфиловтан кейін екі айда ауысқан екі командир
Шелудько мен Ревякин. Сіз алдыңғысын айтып отырсыз ғой?
       Баукең бетіме ажырая қарады да,
үндемеді. Сөзін әрі қарай жалғады.
       Бауыржан. Соғыста кімді кім еркелетеді?
Соғыста өзге емес, өз баланды да әлдилей алмайсың. Панфиловтың мені еркелетпек тұрғай,
қарамағында солдат боп жүрген туған қызының да маңдайынан сипауға мұршасы
болған жоқ. Ал соғыс еркелікті емес, ерлікті ұнатады. Соғысқа ерке емес, ел
бастайтын серке керек. Міне, осыны ұғуға миы жетпеді ғой оның.
       Автор. Мен Сіз жайында, 8-гвардиялық
дивизия туралы архивтен көптеген материал көшіріп алдым, Бауке. Сонда Сіздің
атыңызға жазылған мынадай әрі бұйрык, әрі жолдама қағаз бар:
«Жолдама қағаз
       Аға
лейтенант Момышұлына!
      Осыны алысымен Сізге полкке басшылық ету
ісін майор Елинге тапсырып, 1075-атқыштар полкына барып, полк командирінің міндетін
қабылдап алу бұйырылады.
                                                       
Негіз: дивизия комаңдирінің нұсқауы.
                                                       
Штаб бастығы полковник (Серебряков)
                                               
        Соғыс комиссары
                                                       
Аға баталъон комиссары (Погорелов)
                                                       
4 декабрь 1941 ж.»
                                                                 
      №4/0412
       Осылай деп штаб бастығы мен комиссар
екеуі қол қойып, мөр басқан. Бірақ Сіз 1075-полкке командир емес, орынбасар
болдыңыз ғой. Бұл да сол аласапыран кезеңнің ізі емес пе?
        Бауыржан.Ол қағазға комдивтің қолы
қойылмағаннан-ақ білініп тұр ғой. Ертең қағазда менің қолым жоқ деп, тайқып
беруге жақсы емес пе? Ал, Панфилов полк командирі тұрғай, батальон командиріне
жіберген бұйрығына дейін өзі қол қоятын.
         Автор. Дұрыс айтасыз. Мәселен,
генералдың батальон командирі Сізге жолдаған бұйрығының фото көшірмесі де бар
менде. Онда былай деп жазылған:
 «Серкия Г.
                      1073-аткыштар полкы 1-ші
батальонының командиріне
                                      ЖАУЫНГЕРЛІК
ТАПСЫРМА № 014
                                                                    316-шы дивизияның
                                                                          
штабы, Гусеново
                                                                           
18. 11.41 ж. 4.00
        1. Лысцево,
Шишкиноны дұшпанның танктерімен жаяу әскері басып алды. Матренинода 50-ші атты
әскер дивизиясы шеп құрып жатыр.
        Бұйырамын:
        2. Танк
қаупі күшті аудан Матренино станциясын, Горюны мен Покровское селоларын танкпен
күресетін отрядтың (ПТО) 768-ші артполкымен және 1-ші гвардиялық танк
бригадасының 6 танкі, сол сияқты мотоатқыштар батальонымен бірлесіп, табанды түрде
қорғауға тиіссіз.
         М і н д е т: Жаудың жаяу әскері мен
танктерін Волоколамск, Истра тас жолына шығармау. 298,0 биігі ауданына күшейтілген
күзет қойыңыз.
         Менің командалық пунктім Гусеново.
         Орындалуын 18.11. 41 ж. 8.00-де хабарлаңыз.
                                            Дивизия
командирі
                                                        
Генерал-майор (Панфилов).
                                            Дивизия
военкомы
                                                        
аға батальон комиссары (Егоров).
                                           
Штаб бастығы полковник ( Серебряков).
                                             1 -ші
бөлімнің бастығы
                                                                           
капитан (Гофман) ».
         Бауыржан. Иә, бұл менің Панфиловтан
алған ақырғы бұйрығым болды. Оқып болғаннан кейін генералдың хатын планшетіме салмай,
төрт бүктеп гимнастеркамның омырау қалтасына жайғастырдым да, бұйрықты орындау
қамына кірістім.
II
           Автор. Ол жағдайды Сіз «Москва үшін
шайқастың» екінші кітабында толық жаздыңыз ғой.
           Бауыржан. Иә. Ондағы оннан аса тарау
сол кездегі жағдайды сыпаттауға және біздің генералдың соңғы бұйрығын қалай
орындағанымызды баяндауға арналды. Генерал қағазға аталған қыстақтарды «табанды
түрде қорғауға тиіссіз» деп көрсеткенімен, дивизия саяси бөлімінің нұскаушысы
Федор Толстуновтан ауызша айтқан сәлемінде «бүгін мен ертең шыдап берсін,
әсіресе, тас жолдың бойындағы Горюныны қолдан шығармай мықты ұстасын» депті.
           Шыбын жанды шүберекке түйдік те,
генералдың бұйрығын орындауға кірістік. Табанымызды Горюныға тас қып тіреп, тапжылмастан
жатып алдық. Бұл екі қолды басқа жастап, окоп ішінде қаннен-қаперсіз шалжиып
жату деген сөз емес. Мұның мәнісі шарт етіп аспан жарылғандай болып жүздеген
жау снарядтары ажал боп ысқырып, ысылдап, зуылдап үстіңнен төніп келе жатқанда төбе
құйқаң шымырлап соны естіп отыру деген сөз. Мұның мәнісі сол снарядтар
жарқ-жұрқ етіп жарылып, арс-ұрс етіп топырақ қапқан сәтте отырған окобың солқ
ете түсіп, жүрегің аузыңа тығылса да соған тырп етпей шыдау деген сөз. Мұның
мәнісі жау самолеттері үстіңе шығып алып келі түйгендей төбеңнен бомбамен
түйгіштегенде соған көну керек деген сөз. Оқ, жарықшақ тиіп, жанындағы
серіктерің көз алдында жан тәсілім етіп жатқанда, тамағыңа ыстық тас
кептелгендей болып, жаның қинала қайғыру деген сөз. Сөйтіп жатып, окобыңа қарай
жортып келе жатқан темір аждаһа-танктермен айқасу, оларға бір-бірлеп қара кебін
кигізіп, қара түтінге орау деген сөз. Қара құрымдай қаптап келе жатқан жаяу
әскерге қорғасын оқты қарсы алдынан соққан темір жаң-
бырдай жаудырып,
жайпап, тірісін беттетпей кері қайтару деген сөз. Бұл жанталасып кейін шегіну,
аласұрып алға ұмтылу деген сөз. Не жау сені жермен-жексен етіп таптап кетуі
керек, не жаудың бетін шиедей қылып сенің ілгері бастырмай ұстап тұруың керек.
Мінеки, тосқауылға қалған бөлімшеге тағдырдың тартар сыйы осы. Екінің бірі,
басқа ешқандай жол жоқ.
        Бұйрықты алған күні түске дейін біздің
жігіттер жаудың үш танкісін құртып, талай әскерін жер жастаңдырды. Батальон
түстен кейін де олардың бірнеше атакасын тойтарды. Кешке қарай олар атакаға
тағы әзірленіп жатты. Осы кезде маған мынадай бір батыл ой келді. Күн болса
суық - отыз градус аяз. Бұлардың емешесі құрып тұрғаны кешке дейін осы Горюныны
алып, түнде осында рақаттанып ұйықтап шығу ғой. Горюныны алса бұлар түнге қарай
бәрібір ілгері баспайды, жайбарақат жайлы төсекке жантаяды. Ендеше олардың осы
атакасын тойтарғаннан кейін батальонды Горюныдан шығарып, орман ішіне
шегіндірейін. Немістер келіп мұнда жайғассын. Сол кезде батальонның жұдырығын
мықтап
түйіп әкеп,
бұларды қапыда қайтадан түйгіштейін.
          Осы шешімге табан тірей бергенімде
екінші бір күдік көлбең ете қалды. Берік жатқан батальонды орнынан тұрғызып сен
қаша жөнелгенде, ол Горюныға қарамай, соңыңа түсіп қуып берсе қайтесің. Онда
сен қыстақты әдейі тастап, генералдың бұйрығын қасақана орындамаған боласың
деді күдік. Жок, немістердің өйтерлік шамасы жоқ. Олар Горюныға кірсе, одан
аттап ілгері баспайды. Сонда оларды біз жақсылап жамсатамыз. Бұйрықты орындау
деген қойған жерде қақайып қатып қалу емес қой. Ол бұйрыкты әр түрлі маневр
жасап та жүзеге асыруға болады. Біздің міндетіміз жауды осы арада кідірте тұру.
Олай болса дұшпанмен ары итерісіп, бері итерісіп, теке тірес боп тұрғанша, оны
жаңағыдай айла жасап, күйрете неге кідіртпейміз. Біздің мақсатымыз жаудың
техникасы мен тірі күшін көптеп құрта беру ғой. Сөйтсек бізге кім ұрысады.
Қазақта «Апама да барайын, тайлағымды да үйрете келейін» деген нақыл сөз бар.
Сол айтқандай, бұйрықты да орындасақ, немістерді де ойсырата кұртсақ бізге кім
кінә тағады?
            Ақыры, күдік жеңілді де, батылдық
бел алды. Жаудың кезекті атакасын тойтарғаннан кейін мен Горюныны тастап
шығындар деп батальонға бұйрық бердім. Мұны естігенде Толстуновтың көзі
бақырайып кетті.
-        Мұның не, есің дұрыс па? - деді.
-        Дұрыс, - дедім мен. Содан кейін оған ойымды
айтып түсіндірдім. Алғашында ол менің көңіліме келген күдіктің сойылын соғып
тұрды да, артынан:
-        Жарайды, нар тәуекел. Бір іс бастаған
екенсің, артын күтейік, - деді.
         Сонымен біздің батальон тас түйін боп,
Горюныдан шықты да, соның желкесіндегі орманға келіп кірді. Оны көрген немістер
орыстар қашты деді де, алдарына екі танк салып, өздері төрт-төрттен сапқа
тұрып, шұбалған ұзын колонна болып Горюныға ұмтылды. Дүрбімен қарап санап
тұрмыз, шамасы төрт жүз қаралы адам. Олар деревняға жетісімен танктерін,
зеңбіректерін тастай салып, үй-үйге сүңгіп кірді де кетті. Біраздан кейін
көшеде бақыртып тауық, шыңғыртып шошқа қуып, мәре-сәре болды да қалды. Бұл
кезде біз үш топқа бөлініп, деревняны үш жағынан қоршауға алдық та, олардың
аузы ыстық асқа енді тие бергенде ойранды салып кеп жібердік. Екілене соққан үш
топ немістердің күл-талқанын шы-
ғарды. Тура
оларды жусатып салдық. Танк, зеңбіректер бір оқ шығармастан өңкиіп-өңкиіп
көшеде қалды. Құтылса бір он шақты-ақ адам құтылып кеткен болуы керек, өзгесі
тегіс кұрыды. Сөйтіп біз екі танк, екі зеңбірек, толып жатқан арба, төрт станокті
пулемет олжаладық. Үш штаб машинасы тола документтерімен қолымызға түсті.
Толстунов мені құттықтап жатыр.
-        Бұйрықты беруін берсем де, ойым
орындалмай қала ма деп зәре-құтым қалған жоқ, Федя... Жігіттерге рақмет, -
дедім мен.
 
III
          Автор. Содан кейін не болды, Бауке?
          Бауыржан. Содан кейін үй-үйді аралап
жүріп, оларға жайғасқан жігіттерге рақмет айтып шықтым. Келе сала күйреген
неміс батальоны штабының барлық документтерімен артындырып-тартындырып, өзім
генералдың атына жауынгерлік ақпар жазып, түнделетіп батальон штабының бастығы
Рахимовты дивизия штабына жөнелттім.
         Түнде қатты ұйықтап кетсем керек,
біреу иығымнан қозғап оятады. Атып тұрсам - Рахимов екен.
- Гусеноводан
келдім. Ондағылар қатты қуанып қалды. Мынау Сізге жолдаған Серебряковтың хаты,
- деп Хабиболла маған рапорт берді де, умарланған дәптер бетіне қызыл
қарындашпен жазылған біздің дивизия штабының бастығы Серебряковтың хатын қолыма
ұстатты. Ашып оқып жіберсем, мынадай сөздермен басталған екен: «Жолдас
Момышұлы! Генерал да, біздің барлығымыз да сіздің жұмысыңызға ризамыз...» Содан
кейін генералдың асығыс түрде командашыға кеткенін, бізге рақмет айтып, алдағы
уақытта да абыройлы болуға тілек білдіргенін хабарлапты. Мұндайда «қатыны ұл
тапқандай қуанды» дейді ғой қазақ. Ал мен қатыным бір ұл емес, бес ұл тапқандай
қуандым.
       Сонымен, не керек, біз қасық қанымыз
қалғанша жаумен күресіп, генералдың жоғарыдағы №014 бұйрығын орындадық. Басқа
бөлімдеріміздің жылжып, кейін шығып жайғасуларына жағдай жасадық. Біздің
бұйрықты орындауымызға «Катюша» дивизионының командирі капитан Кирсанов,
дивизия артполкының командирі подполковник Курганов пен артиллерия бастығы
подполковник Марков ойдағыдай адамшылық, азаматтық, тіпті туысқандық көмек
көрсетті. Олар шегініп, екінші позицияға ауысқаннан кейін біз жаумен тағы бір
күн бетпе-бет арпалыстық та, үшінші күні қоршауда қалдық. Бізге көмекке
берілген танктердің септігі тимеді. Олардың топас подполковник командирі бізге тек
қорғаныста тұрындар деп айтқан деп, батальонға көмек бермеді. Мотоаткыштар
батальоны бірінші күні бұғып жатты да, екінші күні ешкімге айтпастан кейін қарай
шегініп, қашып кетті. Жау өтінде жалғыз қалған батальон қансырады. Сергей
Танков сияқты ержүрек рота командирінен айрылдық. Ондаған асыл жігіттер опат болды.
Батальон менің өз денем, өзімнің тұла бой, тұтас тұлғам еді. Оған тиген оқ,
кірш-кірш кіріп, менің тәнімді де тілгілеп жатты. Оққа ұшқан әрбір солдатпен
бірге өз денемнің де клеткалары қоса өліп жатқан сияқтанды. Енді маған
батальонның қалған күшін шашыратпай, шумақтай жинап алып кейін шегінуден басқа
жол қалмады. Генералдың бұйрығын орындадық. Ендеше батальонға ешкімнің ренжитін
де, ұрысатын да жөні жоқ. Ендігі міндет қоршауда қалдык деп ұнжырғаны түсірмей,
батальонды найзалы винтовкадай кезей ұстап, жолыққан жауды жайратып өтіп,
дивизияға қайта қосылу болды. Біздің бөлімдердің тактикалық есеппен жоспарлы
түрде қалдырып кеткен жерлерін иемдене ілгері ұмтылған немістерден қалыспай, қатарласа
қозғалып бердік. Олар масайрап Волоколамск тас жолымен келеді. Тас жолды қуалай
созылған орман ішімен оларды мысықтай аңдып біз келеміз. Ойымыз мына
немістердің алғы шепке дүмін тигізбей тұрып, өздерімен жағаласа барып, ілгері
өтіп кету.
          Соғыста солдат сорлыны аңдитын жау көп қой, қарағым.
Оған алдан атылған оқ та, снаряд та, мина да, төбеден төгілген бомба да - бәрі
жау. «Ордағы солдатка оқ өтпейді» деп баяғыда комбриг Дотоль айтқандай, оқтан
қорғанарсың, снарядтан сақтанарсың, бомбадан да құтыларсың. Бірақ солдатты құтқармайтын
тағы бір жау бар. Ол - ұйқы. Қазақ атамыздың «ұйкы - дұшпан» деген даналық
сөзін бала күнімізде ауылдағы ақсақалдарымыздың аузынан сан рет естісек те,
соның мәнін ұғыппыз ба, қарағым. Оның
мәнін соғыста
бір-ақ ұқтық қой. Жалғыз бұл ғана емес, соғыс аталарымыздың талай асыл
сөздерінің мағынасын ұктырды бізге. «Ат басына күн туса - ауыздықпен су ішер,
ер басына күн туса - етікпенен су кешер», «Балапан басына, тұрымтай тұсына»,
«Атадан ұл, анадан қыз айрылып, көл қылып көздің жасын ағызамын» деген сияқты
нелер сөздердің шындығын сездік қой сонда.
            Сөйтіп, үш күн бойына немістердің
артиллериясына алдырмаған, танктерінен тайсалмаған, бомбалауына болмаған
батальонды әп-сәтте ұйқы өлтіріп кете жаздады. Немістермен жанталаса жарысып
келе жатқан біз Гусеново орманының шетіне іліктік. Әри-
не, дивизия
штабы бұрынғы орнында жоқ болып шықты. Дивизияның ізін шолып, бағдарын білуге
шолғыншылар жібердік те, олар келгенше екі сағаттай демалуға ұйғардык. Әрбір он
адамның алтауын ұйықтатып, төртеуін табандарынан тік тұрғызып қойдым. Сөйтіп
бір сағаттан кезек ұйықтасын дедім. Бұған дейін өзім де ұйықтамай, ешкімді де
ұйықтатпай аюдай ақырып келе жатқанмын. Өйткені жорық, ұрыс кезінде ұйқыға
кеткен солдат - өлі
солдат. Оны әке-көке
деп ешқашан да оята алмайсың.
           Колоннаны аралай шығып, бір үлкен ақ
қайыңның қасына келіп, соның оқ тиген қабығын алақаныммен сипап, иығыммен сүйене
бергенім есімде. Қайыңның әппақ қабығын әйелімнің иығы деп ойлап қалдым ба,
қайдан білейін, әйтеуір соған сүйене сала қор етіп ұйықтап кетіппін. Әйелді
ойласаң-ақ қырсыққа қамалдың емес пе, ақ қайың мені құшағына алып, әлдилей жөнеліпті...
Оқ алмаған солдатты ұйқы осылай үн-түнсіз байлап-матап ала
қойыпты. Есінде
ме, Қобыланды батырды ұйқы жеңгенде жауларының жиналып келіп, байлап алатын
жері бар еді ғой. Дәл сондай боп, батальон батыр да қолға түсіп қала жаздады.
          Алғашында құлағыма алысырақтан
пыр-пыр атылған автомат даусы келді. Ол өше қалған сәтте «өзі автомат па,
пулемет пе» деп ойладым. «Неміс пулеметі дүңкілдей атылса керек еді. Біздікі
сақ-сақ етіп зіркілдей жөнелуге тиіс. Екеуіне де ұқсамайды. Автомат болар»
дедім. Сөйткенше болған жоқ, әлгі үн сәл жақындай түсіп қайтадан естілді. «Ә,
автомат екен» дедім. Оған қарсы тіпті жақыннан қақала шығып, ұзағырақ
безілдеген тағы бір үн шықты. «Бұл да автомат» деді санам. Дүбірлеп, дүркіреген
аяқ дыбысы білінді. «Ат шапшаң», «аш көзіңді» деген таныс дауыстар естілді.
Көзімді ашайын десем, аша алмаймын. Тұрайын десем, тұра алмаймын. Айналада не
боп жатқанын білмеймін. Жақындағы дүбір ұзап барады, алыстағы автомат үні
жақындап келді. Жақыннан шыңғырған әлдебір жылқының үні құлағыма келді. Көзімді
ашып алып, жан дәрмен орнымнан атып тұрдым. Жан-жағыма қарасам, батальоным быт-шыт
боп қашып барады. Үстеріне ақ халат киген бір взводтай неміс оларға оқ атып, маған
қарай қаптап келеді. Таяу жерде тұрған кухнялардың жегулі тұрған аттарының
біріне оқ тиіп, құлап түсіпті. Ол жанталаса артқы аяғын сермеп жатыр.
Айналамнан оқ зу-зу үшкіріп өтеді. Төбе құйқам шымырлап, денем ағаш боп сіресіп
қалған сияқтанды.
Пистолетімді суырайын десем қолымда жан жоқ, дабыстайын десем аузым икемге
келмейді. Біткен, құрыған деген осы екен деп ойлап, қададай қақшиып, мелшидім
де қалдым. Сол сәтте:
-        Кейін! Кейін жүгіріңдер, комбат қалып
қойды! - деп ышқына айғай салған Толстуновтың үні құлағыма келді.
IV
            Автор. Оның арты не болды, Бауке?
            Бауыржан. Оның арты жүн-түтін атысқа
айналды. Менің жанымнан оқ екі жаққа қарай ерсілі-қарсылы зымырады. Менде енді қозғалуға
дәрмен қалмады. Көзім қарауытып, енді оқ тиеді-ау, енді құлаймын-ау деп
тұрғанда батальон жақтан біреудің «ура!» деп айғай салған даусы шықты. Топ-топ
дүрсілдеген аяқ дүбірі естілді.
-        Ағатайым-ай, барсың ба? - деп ентіге
жүгіріп, ең бірінші боп келіп мені Жалмұхамед Бозжанов құшақтай алды. Екеуіміздің
де көзімізден жас ыршып кетті.
          Ажал адамға әр түрлі бейнеде келеді.
Оқ, от, су, аштық, ауру болып аңдиды. Осылардың бәрін бірінен соң бірін соңыма
салып, екі көзі екі тесік болып үңірейген қу бас ажал саудыраған саусағын маған
қарай сан рет созып еді. Бұл жолы ол мойныма ұйқының арқанын лақтырып, бұлқынта
буалдырық салған еді. Бірақ жауынгер серіктерім, адал достарым, болат
батальоным мені бұл тұзақтан да құтқарып әкетті, қарағым. Бұл ұрыс небәрі он
минутқа ғана созылды. Алайда, осы он минут ішінде мен дәл бір он жылға
қартайған шығармын деп ойлаймын.
          Сонымен батальон қоршаудан шықты.
Домна пешінің маңында болғаның бар ма еді? Басына киіз қалпақ киген болат
қорытушы қазанда от боп балқып жаткан болатты қолындағы ұзын көсеуімен жан-жағына
от шашырата көсеп-көсеп алмайтын ба еді. Руданың ерімей жатқан тұсын танып,
оған көсеуін және сілтейді. Сөйтіп ол қолындағы көсеу арқылы қазандағы құрыштың
тегіс балқуына көмектеседі. Жарқ-жұрқ жалын шашып, бұрқ-сарқ қайнап жатқан
құрыш оттың ортасын сұққылап-сұққылап суырып алған ұзын көсеу сияқты, ұзын
колонна боп шұбатылып орманнан шығып, біздің батальон 1941 жылдың 21 ноябрінде
таңертең дивизия штабы тұрған деревняға қарай бет түзеді. Батальон қызыл оттан
суырылған құрыш кесеу болса, онда басына киіз қалпақ киген болат балқытушы
генерал Панфиловтың өзі деп ойладым мен ішімнен. Содан кейін осыдан бір ай
бұрын, бес күн, бес түн қоршауда болып, 20 октябрьде батальонның дивизияға
келіп қосылғаны есіме түсті. Сондағы генералдың алдымнан шығып, рапорт беруге
мұршамды келтірмей алақанымды қос қолдай қысып, әкемдей еміреніп, шексіз
қуанышпен қарсы алғаны көз алдыма келді.
Иван
Васильевичті бұл жолы да сейтіп қуантамыз деп масаттандым көңілімді қуаныш кернеп.
             Содан кейін жүріп келе жатқан
саптың алдына Толстуновты қалдырып, өзім бүйірден тұрып, батальонға көз салдым.
Жігіттерім рота-рота болып, еңселерін көтере ұстап, аяқтарын адымдай басып
келеді. Жол шетіне шыққан мені көргеннен кейін бойларын
жиып, одан сайын
ширақтана түсті. Өз роталарын бастап Ефим Филимонов, Семен Краев, Жалмұхамед
Бозжанов (оны Танковтың орнына тағайындағанмын) бара жатыр. Бір тұста фельдшер
Киреев, лейтенант Борисов, аю денелі артиллерист Андреев кетіп барады. Әр
жерден Курбатовтың, Синченконың, Хасеновтың төбелері көрінеді. Ең соңында кеше
жігіттер байлаған бір танк олжасы бар аспаз Жан Пайзиев томпаңдап ол кетіп
барады. Жаяулардың артынан атқа жегілген зеңбіректер, доңғалақты кухнялар,
жаралылар тиелген арбалар ұзын көш боп шұбалып олар келеді. Соларға көз салып,
сыртым сұсты көрінгенмен, іштей тебіреніп тұрдым. «Отқа салса күймейтін, суға
салса батпайтын болат батальонным менің! - дедім өз-өзімнен күбірлеп. - Батыр
жігіттерім, асыл азаматтарым, айналдым сендерден. Айналдым осындай ұл тауып, тәрбиелеген
аналарың мен аталарыңнан сендердің!».
            Деревняға жарты шақырым қалғанда
алдымыздан бір салтатты шауып шықты. Тоқтатып жөн сұрадық. Бір бөлімшеге асығыс
кетіп бара жатқан шабарман екен.
-        Мынау тұрған Колпаки деген деревня,
дивизия штабы осында, - деді ол. - Бірақ... генерал Панфилов қайтыс болған.
Оның орнына Шелудько деген полковник командир боп келді.
          Осы қаралы хабарды айтты да, ол атына
қамшы басып жөнеле берді. Панфилов өліпті деген хабар тарағанда батальон дауыл
шайқаған сансыз теректей теңселіп кетті. Арсаландап алыстан келген жолаушыға
үйіне кіре бергенде «әкең өлді» деп естірткенмен бірдей болды бұл хабар.
          Жаңа ғана екпінді келе жатқан біздің
еңсеміз түсіп кетті. Бес жүз метр жерге сүйретіліп әрең жеттік. Батальонды
штабтың қасына сапқа тұрғыздым да, баяндайын деп өзім ішке кірдім. Бұл жолы маған
құшағын жая ешкім де қарсы шыққан жоқ. Штабта полковник Шелудько, дивизия
комиссары Егоров және штаб бастығы полковник Серебряков үшеуі отыр екен. Мен
Шелудькоға қарап:
-        Жолдас полковник, 1073-ші полктың
1-батальоны генерал Панфиловтың тапсырмасын орындап, дивизияның қарамағына келді.
Баяндап тұрған батальон командирі аға лейтенант Момышұлы, - дедім.
-        Іһі... «генерал Панфиловтың
тапсырмасын...», - деп полковник мені кекегендей боп езуін тыржитты. -
Панфиловтың емес, Қызыл Армияның тапсырмасын деңіз, жолдас аға лейтенант.
-        Маған бұйрықты Қызыл Армияның генералы
Панфилов берді. Мен соны айтып тұрмын, жолдас полковник.
          Егоров пен Серебряков мойындарына су
кеткендей бұқиып, төмен қарады. Полковник езуін тағы бір тыржитты да:
-        Батальонды өз полкыңызға апарып қосыңыз,
- деді.
        Мен штабқа аяғымды ширақ басып, жіті
аяндап кірген сияқты едім. Штабтан батальонның қасына келгенде, әкенің өлгеніне
көзі жетіп, оның қаңырап қалған кара шаңырағынан құр сүлдері шыққан жолаушы
жігітке ұқсадым. Өткен жолы дәл осылай қоршаудан шығып келгенімізде Панфилов
батальонды алдымен дивизия штабының басында тамақтандырып, жігіттерге жылы сөз
бен алғысын айтып, содан кейін полкке жөнелтіп еді. Бұл жолы олай болмады. Екі
күннен бері нәр татпаған жігіттер ішектері шұрылдап, полкке дейін тағы да он
шақырым аш салпақтайтын болды. Соған ашуландым ба, әлде жігіттерді ширатайын
дедім бе мен оларға құшырлана қатты айғайлап команда бердім:
-        Батальон! Оңға! 1073-ші полктың штабына
қарай қарыштаңдар! - дедім де, өзім Толетуновтың қасына келіп, онымен қатарласа
аяндадым. Осымен бәрі де түсінікті болды. Ұрыстан қалжыраған, ұйқыдан қажыған,
әрі ашыққан азаматтар қыңқ етпестен соңымнан ілесіп жүре берді.
         Ал полктегілер бізді әлдеқайда жылы
қарсы алды. Полк командирі майор Елин мен комиссар Логвиненко бізді салтанатпен
қарсы алмақ боп, алдымызға бір ротаны тізіп құрметті қарауыл қойыпты. Мен
батальонды тоқтатып, оңға бұрып, сапты тегістеп болдым да, қатар тұрған ол
екеуіне рапорт бердім.
-        Жолдас командир! Жолдас комиссар!
Сіздердің қарамақтарыңыздағы полктың бірінші батальоны генерал Панфиловтың тапсырмасын
орындап, қайтып келді, - дедім. Полк командирі Елин менің рапортымды қабылдады
да, қатты сілкіп қолымды қысты. Комиссар Логвиненко «Командир саған қолын ғана
берді. Міне менің сені қалай құрметтейтінімді көрдің бе?» дегендей, қапсыра
құшактай алып, екі бетімнен кезек сүйді. Содан кейін тоқталмастан сөз сөйлеп кетті.
Сөйлей білетін заржақ кісі еді. Бізді Панфиловтың тапсырмасын абыроймен орындап
келгенімізбен құттықтап, жұртты ұйытып тастады. Сендерді өліп қалды деп есептеп
едік деді. Арасына Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты өлеңінің жаттап алған
бір шумағын да қыстырып жіберді. Панфиловтың дәстүрін сақтайық деп келді де,
дереу «Жаңа командирдің басшылығымен жана жеңістерге жетейік», «Жаңа командир
бізге былай деді», «Жана командирдің салиқалы нұсқауы әрқайсысымыздың жадымызда
болсын» деп екінші әнге көшті. Ең соңында ол бізге Панфиловтың 18 ноябрьде қаза
болғанын естіртті.
         Мінеки, ол бұйрықтың тарихы осылай,
карағым.
V
            Автор. Рақмет, Бауке. Бұл әңгіме
полк командирі кезіңізде Сізге дивизия командирі өзі қол қоймай комиссар мен
штаб бастығына қол қойдырып жіберген бұйрықтан шығып кетті ғой.
            Бауыржан. Иә, мен Панфиловтың
батальон командиріне берген бұйрығына да өзі қол қоятынын айттым.
            Автор. Айтпақшы Панфиловтың осы
бұйрығына байланысты Сізге бір айтайын дегенім бар еді.
            Бауыржан. Айтқын.
           Автор. Осы бұйрықтың көшірмесін Сіз
«Генерал Панфилов» атты кітабыңызда келтіргенсіз, Бауке. Бірақ бұйрыктағы
«Матренинода 50 кд шеп кұрып жатыр» деген сөз кітаптың 112 бетінде «Матренинода
номері жоқ атқыштар дивизиясы (сд) шеп құрып
жатыр» деп қате
кетіпті. Сол сияқты Покровское деген село - Мокровское, 768 артполк - атқыштар
полкі болып жүр. Әрине бұл Сіздің емес, Сізге көмекші ретінде бұйрықтың көшірмесін
салыстырып оқыған адамның кінәсі. Ол қатені Сіз генерал Доватордың атты әскер
корпусына қарайтын 50 кавдивизия екенін білмегендіктен жіберді деп отырғамын
жоқ, Бауке. Кітабыңыздың кейінгі басылымында мұндай тарихи деректердің
дұрыстығын
ескеруіңіз керек
дегенім ғой. Оның үстіне фото көшірмеде оның қандай дивизия екені көмескі
шығыпты, «д»-сы айқын да, оның алдындағы әрпі адам танығысыз.
              Бауыржан. Оны сен қалай айқындадың?
             Автар. Менің қолымдағы архив
көшірмелерінде «Волоколамск операциясы» деген документ бар. 16 армия
оперативтік бөлімінің 1-бөлімшесінің бастығы майор Соколов қол қойған сол
документе Москва түбіндегі 1941 жылы 14 октябрьден 16 ноябрьге дейінгі
ұрыстардың
қысқаша сыпаттамасы берілген. Сонда бұл ұрыстарға 50-ші кавдивизия мен 786-ші
артполктың қатысқаны көрсетілген.
        Баукең маған сүзе қарады да, үндемеді. Бұл
кісі маған иланбай отыр ма деп ойладым да, сөзімді әрі қарай жалғадым.
          Автор. Бауке, бұл Қорғаныс
Министрлігінің архивінен алынған документ. Сенбесеңіз өзіңіз қарарсыз: «Ф. 16
А. ОП. 5916,д. 54-57, л.
1-4».
         Бауыржан. Ой, сен өзің документшіл
екенсің ғой.
         Автор. Жұрт Сізге өтірік айтсаңыз да
сенеді. Ал маған документ болмаса кім сенеді, Бауке?
           Бауыржан. Сонда сен мені өтірікші
демексің бе?
          Автор. Жоқ, Бауке, жай әшейін сөздің
сірәғысы ғой.
          Баукең менің бұл сөздерімді тындаған
жоқ, әлдене ойына түсіп кеткендей, басын темен салып, үнсіз отырды. Сәлден
кейін барып еңсесін көтерді.
          Бауыржан. Иә. Генерал Доватор генерал
Панфиловтан бір ай кейін қаза тапты. Екеуі де ел үшін еңіреп туған ер еді.
Екеуі де жас кетті: Панфилов қырық сегізінде, Доватор отыз сегізінде опат болды.
           Автор. Сол ерлер қорғаған өмірдің
рақат, қызығын қазіргі жастар көріп жатыр.
          Бауыржан. Жастар әкелердің қанымен
келген рақатты қадірлей білсе екен. Елді, жерді сол ерлерше сүйіп, Отан үшін
отқа түсуге әзір бола білсе екен... Ал, жарайды. Менің бір күдігім болып отыр.
          Автор. Қандай, Бауке?
          Бауыржан. Сен оқушынды жалықтырып
алып жүрмес пе екенсің деген.
         Автор. Себеп?
         Бауыржан. Өйткені екеуіміз сәл
бүйректеу әңгімеге түсіп кеттік. Біздің бүгінгі әңгімеміздің желісі Чистяков
туралы емес пе? Енді соған оралсақ деймін.
          Автор. Құп, Бауке.
          Бауыржан. Жоғарыда Нахабино селосынан
Чистяковпен жүздескеннен кейін қатты тебіреніп қайттым дедім ғой. Рас, Панфилов
өлгенде мен өзімді де, дивизияны да бақытсыз екен деп ойладым. Сол ойда ұзақ
жүрдім. Оқ пен оттың ішінде жүрген екі ай - аз уақыт емес, қарағым. Енді міне,
дивизияға командир болып Чистяков келді. «Жоқ, біз бақытсыз емес екенбіз» деген
қорытынды жасадым. Солдаттың бақыты дегеннің не екенін түсінесің ғой сен. Ол
командирден қатын әпер демейді, пәтер сұрамайды. Немесе мені не кандидат, не
доктор етіп, ақшамды көбейт, қызметімді жоғарылат демейді. Оған тек қана бейіл,
ықылас,
адамгершілік
қатынас қажет. Қатесі болса қатты айтқанға солдат ешқашан да ренжімейді. Бірақ
кемшілігімді қорламай көрсет дейді. Бұйрығынды дұрыстап беріп, өлімге айдасаң
да жылы қабақпен жұмса дейді. Міне, оның бақыты осы. Ал командирін шын сыйлаған
солдат жаудан жеңілмейді, өлімді де жеңіп шығады. Өйткені оның бойында
бұйрықтың күші ғана емес, ар мен ұяттың, командирге, қолбасшыға деген
сүйіспеншіліктің күші қоса жүреді. Бұл
жеңіс үшін аса
қажетті фактор. Суворовтың, Кутузовтың солдаттарының жеңімпаз болуының негізгі
себебі осында жатыр. Ал жүздеген, мыңдаған жауынгерге өзіңді жақсы көрдіру оңай
іс емес, қарағым. Оған ең алдымен ақыл, қайрат, адамгершілік қажет.
          Ал енді мен саған дивизияға Чистяков
келген кездегі жалпы жағдайды айтып түсіндірейін. Мұны жазасың ба, жазбайсың ба
- өзің біл.
           Автор. Айта беріңіз, Бауке.
           Бауыржан. Өзің білесің, Ұлы Отан
соғысының алғашқы дәуірі күрделі-күрделі екі кезеңге бөлінеді ғой. Оның
біріншісі - 1941 жылдың июнь - ноябрь айлары. Бұл Совет Армиясының стратегиялық
қорғаныс жасай отырып, фашистердің Совет Одағын «тұтқиылдан» талқандап
жібереміз деген жоспарын күл-талқан етуі. Гитлер армиясының емес, оның
жоспарының күйретілуі, түсінікті ме? Екінші кезең - 1941 жылдың декабрі мен
1942 жыл апрелінің арасы. Бұл біздің әскерлеріміздің қарсы шабуылға шығып,
басқыншыларды батысқа қарай тырқырата қуған шағы. Міне осы екі кезеңде де
біздің дивизия белсене ат салысты. Алғашқысында оны генерал Панфилов,
соңғысында генерал Чистяков басқарды. Панфиловтың жаңағы № 014 бұйрығына
байланысты әңгімелер сол бірінші кезеңнің - Москваға қарап шабынып бой бермей
келе жатқан қаңтардың қара бурасын тізеден, тірсектен ұрып тоқтатып, оны шөгуге
мәжбүр еткен кездің оқиғалары. Кар-
тадан хабарың
болса, көзіңді сал, - Баукең таяғын алып, қабырғада ілулі тұрған жалпақ картаны
нұсқады.
           - Мынау үлкен жұлдыз ғой Москва.
Біздің майданымыз Москваға иығын тіреп тұрып жаумен шайқасты. Олар: Ленинград, Волхов,
Солтүстік-Батыс, Калинин, Батыс, Оңтүстік-Батыс, Оңтүстік майдандары деп аталды.
Неміс әскерлері осы жеті майданға қарсы үш топқа бөлініп шабуыл жасап келе
жатты. Олар «Солтүстік» армияларының тобы, «Орталық» армияларының тобы және
«Оңтүстік» армияларының тобы деп аталды. Бір кезде Наполеон Россияға шабуыл
жасағанда осындай үш бағытты белгілеп алып: «Егер Киевті құлатсам онда Россияны
аяғынан алғаным; егер Петербургты басып алсам, онда басынан жұлмалағаным; ал Москваны
алсам, онда Россияның жүрегін шұқып жегенім» деген еді. Гитлер тұтқиылдан соның
үшеуін де бірден алып, Наполеонға ұқсаймын немесе ұстазымнан да озып түсемін
деп ойлады. «Мысықтың көзін ашпаған баласы арыстанға қандай ұқсаса, Гитлер де Наполеонға
сондай ұқсайды» деп Сталин оны тірі күнінде-ақ өлтіріп салған болатын. Міне,
Москваға отыз бес шақырым қалғанда біз тізеден соғып тоқтататын қара бура
Гитлерді Наполеон дәрежесіне көтеруге тиісті сол «Орталық» армияларының тобы
еді. Сонымен қатар оңтүстік пен солтүстіктегі ана екі бура да жеткен жерлеріне шөгіп-шөгіп
қалды. Ендігі міндет сол шөгіп жатқан есірік бураларды түрткілеп орындарынан
тұрғызып, бастарын кері бұрғызып, келген жақтарына қарай айдау еді. Айдағанда
сойыл шоқпарды үсті-үстіне салып, олардың енді кейін бұрылуға мұршасын келтірмеу
қажет болды. Сойыл, шоқпар деп отырғаным бомба, снаряд, мина екені түсінікті
ғой. Міне, бұл міндет ең алдымен, ағайынды тоғыз батыр тәрізді советтік тоғыз
майданның үшеуіне: Батыс (командашысы Г. К. Жуков), Калинин (командашысы И.С.
Конев), және Оңтүстік-Батыс (командашысы С.К.Тимошенко) майданына жүктелді. Бұлар
қарсы шабуыл жасап, жауды Москва түбінен желкелеп қууға әзірленді. Бұл үш
майданның қарамағындағы армияларда сегіз жүз мыңға жуық адам, 6808 зеңбірек пен
миномет, 782 танк және 545 самолет болды. Ал Москва түбіне келіп тірелген
жаудың адам саны біздікінен - 1,25 есе, танктері - 2,2 есе, зеңбірек пен
минометтері - 2,1 есе, ал самолеттері - 1,7 есе көп болатын.
         Оның есесіне біздің әрбір солдаттың көкірегінде
жауға деген түпсіз өшпенділік, Отанға деген мәңгілік махаббат, командирге, қолбасшыға
деген шексіз сүйіспеншілік бар еді. Орысша мұны ненависть, любовь и преданность
деп атайды. Бұл үшеуіне жаудың ешбір қаруы тең келе алмайды және ешбір жау
көкірегінде осы үш өзгеше қаруы бар солдатты ешқашанда жеңе алмайды. Жаздың ба?
Менің үш топқа бөлініп Москваға қарай ұмтылған
жау әскерлерін
кісіге қарай шабатын құтырған үш бураға, біздің тоғыз майданды тоғыз батырға
теңеп және басқа да мақал, нақылдар шығарып айтып отырған себебім сенің
оқушыларыңа түсініктірек болсын дегенім. Әйтпесе бұл тұсың кафедрадан оқылған
кезекті лекция сияқты көңілсіздеу болады.
 
VI
           Автор. Бауке, оттан ұшқан ұшқын
тәрізді болып, Сіздің ауызыңыздан теңеу, нақыл, метафора дегендердің жарқ-жұрқ
ұшып жататынына таңғаламын. Және Сіз осыншама оқиға, цифрларды қалай өлеңдей
етіп жаттап алғансыз?
           Бауыржан. Комплиментті қатындар
жақсы көреді. Сен соларға айтқын мұныңды. Ал мен әскери академияда лекция
оқыған кісімін. Түсінікті ме саған?
           Автор. Түсінікті.
           Бауыржан. Түсінікті болса ары қарай кеттік.
Сейтіп, біздің әскерлердің Москва түбіндегі қарсы шабуылы 1941 жылдың 5-6 декабрінде
басталды. 1942 жылғы январьдың басында Москва түбінен басталған бұл қарсы
шабуыл Совет Армиясының жаппай шабуылына ұласты. Тоғыз батыр түгелдей білекті
сыбанып тастап, немістерді оқпен осып, отпен үйтіп, бомбамен желкелеп, келген
жағына қарай қуды. Ол кездегі жағдайға жалпы шолу осы. Осы тұста генерал
Чистяков келіп біздің дивизияның тізгінін қолына алды.
         Сөйтіп біз «қара бураны» қаумалап
кейін қарай айдап келе жатырмыз. «Қара бурада» бұрынғы хал жоқ. Москва түбіне келгенде
бейіттің құлағындай серейіп тұрған екі өркеш майысты. Қыршаңқы болғандай, әр
жерінің жүні де түсе бастады. Кешегі жер сызған шудадан желкілдерлік ештеңе
қалмады. Сонда да ол артынан келе жатқандарға айбат шегеді. Кейде кісіге жынын
шашып тоқтап қалады. Кей күндері қарсы шөгіп жатып алады. Екі көзі шатынап,
тістері сақырлап, қозғалмастан қатып қалады. Екі-үш күн әуреленіп, оны орнынан
әрең тұрғызамыз. Қайткенмен бураның аты бура емес пе - тақап барсаң тарпып
тастайды: алдынан өтсең шайнап жібереді...
           Москваға тақау келіп өмешесі кұрып
сіресіп жатқан жауды біздің әскерлер қуатты соққымен декабрьде желкелеп кейін
қарай қуғаннан кейін, сәл күш жинап, қатарына жаңа жауынгерлер қабылдап үлгірген
біздің дивизияны Чистяков қабылдай сала Валдай қаласына бастап келді. Біз Батыс
майданынан, ортадағы Калинин майданының белін аттап өтіп, Солтүстік-Батыс
майданының қарамағына келдік. Осы жерде жаңадан жасақталып жатқан 2-ші
гвардиялық атқыштар корпусының құрамына кіріп, жауынгерлік тапсырма алдық.
Командование 8-ші гвардиялық дивизияға осы арадан жау шебін бұзып өтіп, қалың
жаудың ортасына үңгілеп кіріп ілгері баруға бұйрық берді. Бұрын жау бет
алдымызда ғана болушы еді. Енді төрт құбыламыз тегіс аранын ашқан дұшпан болды.
Оның үстіне қылт еткен қаранды көрсе неміс құзғындары қаптай ұшып келіп,
бомбамен төбеңнен және құй қазады. Біздің міндетіміз жау қоршауында жүз
километр шабуыл жасап, алдымен Старая Руссаны немістерден босату. Одан соң тағы
жүз километрге ырғып, Холмды алу. Сөйтіп біз, үлкен қаптың ішіне кірген жолбарыстай
боп, алға қарай жылжып бара жаттық. Бұл қолыңа қылыш ұстап, жолдағысын жайпап
құжынаған жыланның ордасын қақ жарып өтумен пара-пар еді. Қаптаған жаудың қалың
ортасына кіріп алып, шабуыл жасап ілгері басу ешбір елде, ешбір
тарихта болмаған
окиға. Осы аса жауапты міндетті Жоғарғы Бас командование қаһарман 8-ші
гвардиялық дивизияға жүктеді. Бұл жорық бізге оңайға түскен жоқ. Қырық градус
қылшылдаған аязда, орман ішіне үйілген омбы қарды белуардан кешіп отырып, немістерді
бекініп жатқан жылы орындарынан қозғау оңай болып па. Екі жүз шақырымға
созылған бұл жорық Суворов әскерлерінің Альпы тауларынан асуы немесе Кутузовтың
Бородино шайқасынан кем болған жоқ. Сонау Балтық теңізінен Қара теңізге дейін
созылған ұлан-асыр майданда Совет Армиясы құрамаларының алдынан неше алуан ауыр
асулар кездесті ғой. Оған ешкімнің дауы жоқ. Ал Валдай - Старая Русса - Холм
жорығы біздің 8-ші гвардиялық дивизияның өз Альпысы, өз Бородиносы болды, тіпті
ол бүкіл Совет Армиясының Альпы-Бородиносы болды деп батыл түрде айтуға тұрады.
Олай болса дивизия көлеміндегі біздің кішкентай Суворовымыз да, Кутузовымыз да
генерал Чистяковтың өзі болды. Бұл сөзді мен жағымпазданып айтып отырғаным жоқ.
Қазір ол кісі отставкада, мен армиядан кеткелі әлдеқашан. Несіне жағымпазданайын.
Және осы уақытқа
дейін ешкімге
жағымсынып көрген емеспін. Мен сол кездегі болған шын жағдайды айтып отырмын. Өлген
генералиссимус пен фельдмаршалдан тірі генерал артық деген сөз емес бұл. Сен
түсін мұны. Әйтпесе Бауыржан да жағымпаз екен деп жазып қойып жүрерсің бір
жерге. Жоқ, одан аулақпын. Жақпасаң да жағымпаз болма. Мен осының кісісімін. Ал
Чистяковты сәл-пәл Суворов пен Кутузовқа ұқсатсам, оның адал еңбегіне берген
бағам бұл. Одан Суворов пен Кутузовтың ештеңесі де кеміп қалмайды. Олардың
есімі Отандық тарихымыздың төрінде бірі ұлы, бірі данышпан қолбасшы ретінде
мәңгі жарқырап тұра береді. Ал Чистяков ұлы да, данышпан да қолбасшы емес. Ол
не бары адал коммунист, Отанның қажырлы солдаты ғана. Сондықтан да ол осы
ғаламат қиын іске иығын тосты. Өзің ойлашы, саған мыңдаған адамның тағдырын қолыңа
ұстатып, мына темір коридорға кір де, оның ар жағындағы темір қабырғасын тесіп
өт десе, барар ма едің, бармас па едің? Бұйрық болғаннан кейін барсаң барарсың
да. Бірақ, адамдардың обалына қалмай оларды ары қарай алып шыға аласың ба, жоқ
па? Әңгіме осында ғой. Сондықтан да ол осы екі жүз шақырымдық жорықта
солдаттармен иық тіресіп қатар жүрді. Әрқашан да алдыңғы шептен табылды. Қай
жерде қиыншылық сезілсе, сол жерге шапқылап өзі барды. Түнде түні бойы көз
ілместен отырып, қолға түскен тұтқындардың берген жауаптарын тыңдады. Оның
шындығын барлаушылардың жау тылынан әкелген ақпарларымен салыстырды. Өстіп,
көрер танды көзімен атқызып, ертеңгі ұрыстардың дұрыс шешімін табуы,
қателеспеуі керек. Мұнда сағат сайын сөйлесіп, кеміңді көрсетіп, жөніңді түзеп
беріп отыратын майдан немесе армия командашысы жоқ. Сол екеуінің ойлайтынын
жалғыз ойлап, олар қабылдайтын шешімді жалғыз табуың керек. Ал Чистяков болса,
мұз жарғыш кеменің капитаны іспеттеніп, жан-жақтан, төбеден жауған оқ астында
қасқая қарап тұрып дивизияны ұрыспен алға бастады. Қасымда командашы жоқ деп
қысылмады. Оның есесіне ол қарамағындағы офицерлермен үзбей ақылдасып отырды. Кейде
ол бізге қарап: «Менің кіші академиям сіздерсіздер ғой. Ал сіздер не
айтасыздар?» деп әзіл тастап, күлімдеп те қоюшы еді. Олай дейтіні Иван
Михайлович Бас штабтың академиясында оқып жүргенде соғыс басталып кетіп, содан
майданға келген кісі ғой. Міне, осы жорық кезінде солдаттар мен офицерлер оны
«екінші Панфилов» деп атады. (Қажырлы командирЧистяков)
              Панфиловтың атына дақ түсірмей,
оның дәстүрін дивизия арының туы деп біліп, жоғары көтере ұстады да, Чистяков
оны тағы бір даңқты жолға бастады. Бірінші февральда дивизия Валдай - Старая
Русса тас жолына шықты. Үшінші февральдың екпіні атты кісіні құлатарлық боранды
түнінде 1075 және 1073-ші полктардың алғы батальондары тас жол бойындағы немістердің
алғы шебіне жетті. Олар кідірместен ұрысқа кірісіп, Бологое-Старая Русса темір
жолын кесіп тастады. Осыдан кейін Красиково, Брагино, Козырево, Фильшево сияқты
ондаған деревняларда осындай қиян-кескі ұрыстар болды. Солардың бәрінен
немістерді сырғыта айдаумен келіп, дивизия жаудың Старая Русса қорғанысын
талқандады. «Қара бура» жығылған өркештері салаңдап, енді Холмға қарай қашты.
Оны қақпалап қуалай отырып, екі жүз километрлік ерлік жорығын аяқтап, Холм қаласының
түбінде Калинин майданының 3-ші екпінді армиясына келіп қосылды.
             Ең алғаш Нахабино селосында көрісіп, қауышқаннан
кейін, осы жорық үстінде мен Чистяковпен бірнеше рет кездестім.
             Дивизия ең алғаш дұшпанның шебін
бұзып, жолбарыстай атылып жау тылына өтер түні біздің полктың алдына қойылған
міндет Ново-Свинухово қыстағын басып алу еді. Немістерді маңдайдан және екі
бүйірден соғып, қатты ұрыстан кейін қыстақты тартып алдық. Оқ атылған жерде
өлім аз болмайды. Кыстақта кәперсіз жаткан немістер қатты қырылды, азын-аулақ
бізден де шығын болды. Таң ата немістердің ең соңғы тобын деревня аузынан
желкелеп шығарып жатқанымызда кенеттен генерал келіп қалды. Тұлғасына Қиыр
Шығыстан көзім қанғандықтан басына солдат құлақшынын, үстіне қоңырқай шинель
киген, аяғында қалың ұлтанды шаруа етігі бар орта бойлы, тығыршық денелі төртбақ
адамның генерал Чистяков екенін бірден таныдым. Жан-жағына жіті көз салып,
асықпай аяндап келе жатқан генералдың алдынан шығып, рапорт бердім. Полктың
бұйрыкты уақытында орындап, қыстақты алғанын айттым.
-        Шығын жоқ па? - деді генерал.
-        Азын-аулақ бар, жолдас генерал.
         Комдив қабағын шытты.
-        Бұл жауабыңыз маған ұнамайды, - деді ол.
- Азын-аулақ емес, бір де жауынгерден айырылмауыңыз керек. Біз көрші ауылға
тойға кетіп бара жатқанымыз жоқ, жолдас капитан. Біз қалың жаудың ортасына кіріп
ойран салуға кетіп барамыз. Қазір осы деревнядан ілгері аттағаннан кейін, жол
тарта топырақ сүзген бульдозердің ізіндей болып, артымызда тар коридор пайда
болды. Корпус біздің соңымыздан ілесе сол коридорға кіреді де, өзге кұрамалардың
күшімен екі жақ бүйірімізді шегендеп отырады. Біздің міндетіміз корпусқа жол
ашып, тоқтаусыз ілгерілей беру. Ол үшін бізге өз күшімізді сақтай білу керек. Өйткені
бізге сырттан келіп қосылар бір де солдат болмайды.
-        Кінәлімін, жолдас генерал, - дедім мен
комдивтің орынды ұрысқанына өзге жауап таба алмай.
-        Сіздің кінәңіз мынада, жолдас Момышұлы.
Сіз жауды, жалынғандай боп, деревнядан қолынан бір-бірлеп жетектеп шығардыңыз.
Сіз кұтқарып қоя берген жау ертең алдыңыздан шығып, рақым жасайтындай көрдіңіз.
Фашистерден бізге ешқандай рақым болмайды. Сондықтан оларды қоршап алып, құртып
жіберуіңіз керек еді.
-        Ақылымыздың жеткені осы болды, жолдас
генерал. Мен жіберген бір топ әскер мына қалың қарда омбылап жаудың желкесіне
шыққанша таң атып кетеді деп ойладым.
          Генерал көзін шүйіре қалып, жау
кеткен жаққа назар салды. Оның ойланғанда өстетіні де маған бұрыннан мәлім.
Содан кейін сәл басын изеді де:
- Шығынсыз соғыс
болмайды ғой, - деді. - Бірақ оның орынды, орынсыз деген екі түрі болады.
Әрине, біз үшін соның екеуінің де болмағаны жаксы. Мен сондықтан айтып
жатырмын. Мына қалың қарда қоршау қиын да болған шығар. Бірақ болашақта осы әдісті
кең қолдануымыз керек, жауды қоршап алып құртып отыру қажет. Осы есіңізде
болсын. Бүгінгі ұрысты өзіңізге бір сабақ деп қабылдаңыз. Келесі жолы содан
қорытынды шығаратын болыңыз.
             Генералдың маған жорықта жасаған
бірінші ескертпесі осы болды. Бұған мен шамданғаным жоқ. Қайта ақылын айтқаны
үшін разы боп қалдым. Бәсе, бұл кісі осындай адам болса керек еді ғой, деп
көңілденіп, полкімді ілгері қарай бастадым.
VII
           Автор. Бауке, Сіз ол кезде 1075-ші
полк командирінің орынбасары емес пе едіңіз? Полкті Сіз басқарып жүрсеңіз
Капров қайда болып еді?
           Бауыржан. Орынбасар екенімді қайдан
білдің?
           Автор. Архивтен алынған
документтерден. Өзіңізге берілген куәліктен білемін.
            Бауыржан. Қандай?
          Автор. Міне, мынадай. Мен Сізге оқып
берейін.
«Куәлік»
           «Осыны ұсынушы Бауыржан Момышұлы
Қызыл Ту орденді 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында тұрақты әскери қызмет атқарады».
Осыдан кейін бұл
куәліктің «Қызмет бабы және әскери атағы» деген тұсына мынадай мәліметтер
жазылыпты:
           1)         26.
II 1941 ж. 1073-атқыштар полкының командирі, аға лейтенант.
           2)         10.12.1941
ж. 1075-атқыштар полкы командирінің орынбасары, аға лейтенант.
           3)         23.2.1942
ж. 1073-атқыштар полкының командирі.
Тағы да қандай
мәліметтер бар дейсіз ғой. Айтайын. 1910 жылы 24 декабрьде Оңтүстік Қазақстан
облысы Жуалы ауданының Көлбастау ауылында туыпсыз. Әйеліңіз бар екен. Аяғына
«Б.Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойыпсыз. Бұл куәлік мерзімі алғашында
1941 ж. 13 декабрьге дейін, одан соң 1942 ж. 24 декабріне дейін, одан соң 1943
ж. 18 майына дейін үш рет ұзартылған.
            Онда Сіздің 1942 жылы 6 июньде Калинин
майданы әскерлеріне арналған № 0196 бұйрық бойынша Қызыл Ту орденімен
наградгалғаныңыз, 1942 жылы 27 августа Сізге 2-ші гвардиялық атқыштар корпусы
бойынша жарияланған № 157 бұйрықпен «Гвардия» значогы берілгені көрсетілген.
             Және әскери атағыңыздың қашан, қай
дәрежеге көтерілгені туралы да деректер бар. Батыс майданы әскерлеріне арналған
№ 0413 бұйрық бойынша 1941 жылы 19 декабрьде капитан, Калинин майданы әскерлеріне
арналған № 0146 бұйрық бойынша 1942 жылы 10 майда майор, ал Қорғаныс Халық
Комиссариатының № 06 190 бұйрығы бойынша 1942 жылы 2 октябрьде
подполковник болыпсыз. Дұрыс па?
              Бауыржан. Дұрыс. Бірақ біз Валдай
түбінен шабуылға шыққанда полковник Капров жараланып, шанада келе жатқан болатын.
1075-ші полкты бұл жорықта тікелей мен басқардым.
            Автар. Артынан 1073-ші полкке
қайтадан командир болдыңыз ғой.
            Бауыржан. Иә.
             Автор. «Москва үшін шайқас»
документке негізделген дүние болғанымен бір жағынан көркем шығарма ғой. Сол
себептен де Сіз онда аз уақыт орынбасар болғаныңызды айтпағансыз ғой, тегі.
            Бауыржан. Иә. Оның өтірігі жоқ қой.
            Автор. Өзгелер үшін өтірігі жоқ.
Мен барлық документтерді салыстыра оқығандықтан сұрап жатырмын ғой.
             Бауыржан. Сөйтіп, жаудың тылында
жортып келе жатырмыз. Кей күндері бірнеше қыстақты бірден алып жібереміз. Қолға
түскен тұтқындардың айтуына қарағанда немістер қатты үрейленіп қалса керек. Бір
взвод немесе рота емес, өздерін бақандай бір дивизия ту сыртына шығып алып
желкелеп келе жатса қалай қорықпасын! Оның үстіне бұл Москва түбінде атағы
жайылған 8-ші гвардиялық дивизия екені олардың тіпті зәрелерін алады. Жолдағы
гарнизондар мен бөлімшелердің осы маңда зоопарктан шығып кеткен арыстан жүр
екен деген қорқынышты хабар естігендей, аза бойлары қаза болады. «Сақтаныңдар,
Панфиловтың «тағы» дивизиясы келе жатыр» деп, олар жан-жақтарына жар салады.
Москва
түбінде
немістердің аузын әлденеше рет қан жалатқандықтан фашистер біздің дивизияны
осылай, «тағы» дивизия деп атаған ғой. Олар біздің артымызда бүкіл корпус келе
жатқанын, біздің дивизия сол корпустың авангарды екенін қайдан білсін.
               Осылай, жолдағы жаумен жағаласа
жорық жасап келе жаттық. Бірнеше қатерлі күндер мен түндер өтті. Алғашында шашырай
жүреміз деп шаршауымыз көп болып еді. Артынан оның да әдісін таптық. Алға шаңғы
мінген шолғыншыларды, ақ масхалат киген тосқауылшыларды жөнелткеннен кейін
колонна болып жаяулар қозғалады. Жаяулардың алдына саперлер шығып, колонна
өтетіндей етіп жолда кездескен ағаштарды кесіп отырады.
Колоннаның
алдына кезекпен сегіз жауынгер шаңғысыз қатарласа шығып, қалың қарды омбылап із
салады. Олар кезекпен жүз-екі жүз метр сайын алмасып отырады. Одан артыққа адам
шыдамайды. Нелер атпал азаматтардың жүз метрден кейін булары бұрқырап шыға келеді.
Содан кейін оларды жаңа жігіттер алмастырады. Олар шаршаған кезде полк комсоргы
Балтабек Жетпісбаев бірнеше жігіттерді ертіп алып, алға өзі түсуші еді.
Балтабек
дегеніңіз таудай
кісі. Қалың қарды бұрқыратып аршындай адымдағанда қайраттың көкесін сол көрсететін
еді. Қасындағы жігіттері де одан қалыспайтын. Кейіннен білдім, Балтабек сонда
Төлеген Тоқтаров, Жұмажан Батталов, Жүніс Нұрбосынов, Қайырбек Жүнісов сияқты
бірнеше ер жігіттерді қасына ертіп алған екен ғой. Ол жігіттер қалың қарда малтығып
келе жатқан колоннамыздың басы ғана болған жок, сол жорықтағы абыройымыздың да
алды болды. Олардың көпшілігі осы жорықта ерлікпен қаза тапты. Сол сияқты Мәлік
бастаған шаңғышы автоматшылар тобы колоннаны қызғыштай қорғап, біресе алға,
біресе артқа ұмтылып, жұлдыздай ақты. Шынында да солардың бәрі, айналып кетейіндер,
жұлдыздай жарқырап тұрған жандар еді. Көпшілігі қыршын кетті ғой есіл ерлердің!
                Орман ішінде полкты бастап келе
жатып, генерал шақырады деген хабар алдым. Ақбоз атты ызғытып, Васильево
қыстағындағы генерал отырған үйге келдім. Кірсем генерал картаға қатты үңіліп
қалған екен. Келгенімді айтып, сәлем бердім. Генерал адъютантына ас алдырды.
Осы күнгі жастардың үстелге отырғанда кітабын ала келіп, астан анда-санда бір
алып, кітапқа қадала отырып тамақтанатыны сияқты, комдив те біресе шай ұрттап,
біресе
картаға қараумен
болды. Содан соң ол менің назарымды да картаға аударды.
          - Мынау Демьянск деген қала, - деді
генерал картаны саусағымен нұсқап. - Біз жаудың 16-армиясын осы қалада қоршауға
түсіруді көздеп келе жатырмыз. Ол үшін біз Холмға солтүстіктен, Калинин
майданының әскерлері оңтүстіктен келіп тоғысуы тиіс. Сөйтіп Холмда қаптың аузын
бууымыз керек. Ол арғы міндет. Ал бергі міндет - Холмға тез жету. Жолдағы қыстақтарды
жау тепкісінен азат ету. Бірақ мынау Соколово деген деревня екі күннен бері
дивизияны шаужайдан алып ұстап тұр. Олай болатын жөні бар. Бұл Холм тас жолын
жағалай бірнеше километрге созылып жатқан үлкен деревня. Бұл деревня кімнің
қолына көшсе, тас жол соған қызмет етеді. Сондықтан да немістер бұл деревняны
қорғауға СС, «Қу бас» сияқты ең таңдаулы бөлімдерін төгіп отыр және сол себептен
де жау біздің төбемізден самолеттерін қаптатып, бас көтертпей жатыр.
Соколовоның ар жағында мына бір Трошково деген деревня тұр, - деп комдив оны
тағы да саусағымен түртіп
Көрсетті. - Бар
гәп, меніңше, осында ғой деп ойлаймын. Сіз қалай деп есептейсіз?
           -         Әрине,
жолдас генерал, - дедім мен. - Екі ортада күре тамырдай боп мына бір жол жатыр
екен. Ең алдымен сол күре тамырды кию керек болар.
-        Дұрыс айтасыз, - деді генерал куана бас
изеп. - Алдымен Трошковоны құрту керек. Сонда бұл күретамырмен Соколовоға қарай
ағатын қан тоқтап қалады. Бұл үшін Соколовоның мына жақ сыртын айналып барып,
таң атқанша Трошковоны алу керек. Бұл қиын міндетті күштерің аз болса да Сіздің
полкке жүктеймін. Сізге беретін бұйрығым осы.
            Бұйрықты алып, орман ішінде
немістерді қар жамыла қадағалап жаткан полкке келдім. Полк комиссары Ахметжан
Мұхамедияровты, батальон командирлерін шақырып алып қыскаша ақылдастық та,
Балтабекті жігіттерімен тағы да колоннаға паровоз ғып «жегіп», дереу ілгері
жүріп кеттік. Он бес шақырымдай қалың қарды сызып отырып, түс ауа орманның
Трошковомен жанасатын өкпе тұсына келіп іліндік. Сол арадан дереу жан-жаққа
адамдар жөнелтіп, барлау жасауға кірістік. Барлаудың қорытындысында мынадай жай
анықталды.
            Соколовоға қуат болып тұрған жалғыз
Трошково емес екен. Трошковоның сыртында тағы Баркловица, Трохово, Кашино, Коншино
деген қыстақтар жатыр. Ол төртеуінің ортасында тіреудей сорайып Бородино деген
бір дәу деревня және тұр. Біз алғашында тек Трошковоны ғана аламыз деп келген
едік. Бұйрық бойынша солай етіп қана қоюымызға болады. Бірақ жалғызТрошковоны
алғанмен іс бітпейді. Онда полкке мына бес қыстақ бес
жақтан ауыз
салады. Соколоводан кейін сырғыған жау сені және жаныштайды. Сондықтан
генералдың бұйрығына «түзету» жасап, осы алты қыстақты бірден алу керек пе?
«Бұл қиын міндетті күштерің аз болса да Сіздің полкка жүктеймін» деді генерал.
Бұл оның санмен емес, санамен алыңдар деп, бізге сенгені еді. Сеніп тапсырған
істі адал ғып орындау абырой. Ол үшін алты қыстақты бірдей алу керек. Оған
күшіміз жете ме? Генерал жауды қоршап
құртуды
дивизияның бірінші парызы болсын деді. Бар күшпен Трошковоны ғана алып қана
қойсаң, басқа бес қыстақ және жанынды қоймайды. Сондықтан аз күшпен болса да
осының алтауын бірден алу керек. «Нартәуекел!» демейтін бе еді атам қазақ.
Халық сөзінде қапы жоқ. Нар тәуекел!
 
VIII
          Полкке бұйрық осылай берілді.
         -           Өзіңді
өзің өлімге қидың-ау, Бауыржан. Мұның қатал бұйрық болды ғой, - деді комиссар.
         -           Басқа
жол жоқ, Мадияр, - дедім мен.
         -           Күшіміз
аз ғой, бір батальон артта қалды.
        Айтқан бұйрық аққан қылыш сияқты. Оны
бәрібір тоқтата алмайсың. Тасқа тие ме, басқа тие ме - қылыш оны артынан бірақ
көреді. Бұйрық берілгеннен кейін оны орындау ғана қалады. Енді соған кірістік.
         Полктың қалған күшін алтыға қақ
бөлдік. Әр бөлікке Мұхамедияров, Гундилович, Трофимов, Мамонов, Жетпісбаевты
басшы етіп белгіледім. Алты қыстақтың ішіндегі алыбы Бородино болғандықтан
капитан Гундиловичтің қасына политрук Мәлік Ғабдуллиннің автоматшылар ротасын қосып
бердім. Сағат түнгі екіде полк топ-топқа бөлініп, қаруларын серт ұстап, орай
соққан ақ боранды арқаларына жамылып, әр топ өзіне тиісті қыстаққа қарай тартып
берді.
          «Жолдарың болсын, батырларым,
бауырларым. Сегізінші февральдің бұл түні сендердің атақ, абыройларынды
арттырсын. Бірақ сендердің өмірлеріңнің ақтық түні болмасын. Бұл түнде ақ қардың
үстіне қызыл қандарың төгіліп, қаза жетер азамат болса,
қандарыңды қарыз
ғып менің мойныма жүктемеңдер, қарақтарым. Сүйегім шашылып қалғанша мен
сендердің қасындамын. Осы қараңғы түнде сендерге сілтелер найзаға кеудемді қоса
тостым, мінеки!» - деп іштей тебіреніп тұрдым да, дыбысымды сыртқа
шығармай
тістеніп, алтыншы топты бастап Трошковоға қарай өзім жөнелдім.
            Бұл міндет те, полктың алдына қойылған
өзге міндеттер де абыроймен орындалды. Дивизия тұтас өз борышын абыроймен іске асырып,
1942 жылдың 14 февралінде оңтүстік жақтан орай шабуыл жасап келе жатқан Калинин
майданы әскерлерінің 33-ші атқыштар дивизиясымен келіп қауышты. Міндет
абыроймен орындалды деген сөз айтуға ғана оңай. Адамға абырой тыныштық күндерде
тек термен, еңбекпен ғана келеді. Ал соғыста тер мен
қан қоса төгіліп
барып абыройға жетесің. Демек, бұл жорықта да солай болды, қарағым. Көптеген
асыл азаматтар Отан үшін опат болды. «Абыроймен» деген сөзді сен осылай түсін,
осылай түсіндір оқушыңа. Сонымен, үнемі 8-ші гвардиялық дивизияны алдына авангард
етіп ұстаган генерал Лизюков бастаған біздің 2-ші гвардиялық корпус жау
әскерлерінің Демьянск тобын қоршауға алған атақты жорығын аяқтап келіп, марттың
аяқ жағында Холм қаласының түбінен ірге тепті. 1941-1942 жылдарда Совет Армиясының
аса маңызды жиырма үш шайқасы болды. Оның тоғызыншысы 1941 жылғы октябрьдегі Москваның
шалғай шебіндегі қорғаныс шайқасы, ал оныншысы 1941 жылғы ноябрь-декабрьдегі
Москваның таяу
шебіндегі қорғаныс шайқасы деп аталады. Ал соның он жетіншісі - совет
әскерлерінің 1942 жылғы январь-апрельдегі Демьянск шабуылы операциясы. Біздің
дивизия осы жиырма үш шайқастың үшеуінің жуан ортасы емес, қасқа маңдайында
болды. Алғашқы екі шайқасқа қатысқаны үшін Қызыл Ту орденімен наградталған
дивизияға он жетінші шайқастағы ерлігі үшін Ленин ордені берілді. Алғашқы екі
шайқаста оны генерал Панфилов басқарса, соңғы шайқасты генерал Чистяков
бастады. Ал корпусымыздың командирі болған генерал А. И. Лизюков, кейіннен,
Воронеж түбінде, танк армиясының қолбасшысы боп
жүргенде қаза
тапты.
             Автор. Төлеген Тоқтаров пен Мәлік
Ғабдуллинді Совет Одағының Батыры атағына ұсыну документтерін кім даярлап, кім
қол қойды?
            Бауыржан. Мен. Генерал Панфиловтың
сенімді серіктерінің бірі, біздің дивизиядағы қадырлы ақсақалымыз полковник
Илья Васильевич Капровтың полкынан Москва түбіндегі ұрыстарда 29 Совет Одағының
Батыры шыққан еді. Саяси жетекші Василий Георгиевич Клочков басқарған 4-ротадан
шыққан 28 батыр және 6-ротаның саяси жетекшісі Петр Борисович Вихрев. Бұл да өзіміздің
жерлесіміз, Алматы облысы Шелек ауданының тумасы
болатын. Оларға
Валдай - Холм жорығында осы екі батыр қосылды. Сөйтіп, бұл жаяу әскер
дивизияларының ішіндегі батыр ең көп шыққан полктардың не бірі, не өзі болды.
Менің 1075-полктегі ең соңғы қызметім осы екі азаматты Батыр атағына ұсынып,
қол қойып, қағаздарын жоғарыға жөнелтумен тынды.
            Автор. Өйткені Сіз 1942 жылы 23
февральда мынадай бұйрык алдыңыз ғой.
        «1075-атқыштар полкы командирінің
орынбасары капитан Б.Момышұлына
       Осыны алысымен Сізге дивизия командирі
1073-ші полкты қабылдап, соның командирі қызметіне кірісуге бұйырды.
         Штаб бастығы.                       полковник                          (СЕРЕБРЯКОВ)
         Дивизия военкомы.                батальон комиссары           ФРОЛОВ
         4-ші бөлімнің бастығы.
         2 рангалы интедант.                                                           
РЕВЯКИН
             Бауыржан. Иә.
            Автор. Мұндағы үшінші боп қол қойған
интендант Ревякин Чистяковқа дейінгі комдивтеріңіз емес пе?
            Бауыржан. Жоқ. Генерал-майор
Василий Андреевич Ревякин Кремльдің және Москваның бұрынғы әскери коменданты
болатын. Тегі әскери дипломат, соғыстың жайын білмейтін қала генералы еді.
Сондықтан ол кісі біздің дивизияда 1941 жылдың 1 декабрінен 1942 жылдың 15
январына дейін ғана командир болды. Одан кейін баска қызметке ауыстырылды.
 
IX
          Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның жау
тылындағы сол атақты жорығын баяндай келіп, генерал Чистяковтың не деп жазғанын
оқиын ба?
          Бауыржан. Оқығын.
          Автор. Генерал Чистяков былай деп
жазады:
          «Холм бағытында шабуыл жасай отырып,
дивизия жаумен жағаласқан ұрыс үстінде екі жүз километрден астам жол жүрді. Сөйтіп,
Замостье-Лисичкино, Чамовка-Пустынки Вторые шебіне шықты. Дивизия бұл ұрыстарда
дұшпанның жекелеген гарнизон, бөлімдерін жойып қана қойған жоқ, сонымен бірге
оның Холмға өткізбеу үшін жасаған бөгетінің бәрін талқандады...
          Бұл арада 1073-полктың және оның
командирі Бауыржан Момышұлының, сол сияқты полктың жігерлі, батыл комиссары
П.В. Логвиненконың еңбегіне тиісті баға бере кеткен жөн. Старая Русса-Холм тас
жолын бойлай жасаған бұл жорықта полк қиын жағдайда қалғанына қарамастан,
дұшпанмен жекпе-жек шайқасып, оның қорғаныс шебін күйрете алға басып отырды.
Қақаған аяз да, қалың қар да оған бөгет бола алған жоқ.
          Февраль мен мартта дивизия екі жүз
елуден астам ел мекенін жаудан тазартып, дұшпанның бес мыңнан астам солдаты мен
офицерін, жиырма танкін, мыңдай автомашинасын, жүздеген зеңбіректері мен
пулеметтерін жойды.
          Осы бір қаһармандық жорықта Панфилов
атындағы 8-ші гвардиялық дивизияның жауынгерлері Отан үшін қаншама ерліктер жасады
десеңші! Олар мыңдаған ерлік істеді!»
          Бауыржан. Рас. Екі айға созылған бұл
жорықтың алғашқы жиырма үш күнінде мен 1075-ші полкты басқардым. Капров тәуір болғаннан
кейін оған өз полкін өткіздім. Илья Васильевич әкемдей тебіреніп бетімнен
сүйіп, полкінің атынан рақмет айтып, мені қолтығымнан алып, Ақбоз аттың үстіне
өзі аттандырып мінгізді. Мадиярмен (Ахметжан Мұхамедияровты осылай атаушы
едік), Мәлікпен, Гундиловичпен, Трофимовпен, Мамоновпен, Балтабекпен - бәрімен
қоштасып, тумаса да туғандай боп кеткен полкты,
туыстай боп
кеткен адамдарды артқа қалдырып, атқосшым Николай Синченко екеуіміз туған
үйіміз іспетті саналатын Талғар полкіне қарай тартып бердік. Сол 23 февральдан
бастап, атақты жорық аяқталғанға дейін, одан кейін де көп уакыт мен 1073-ші полктың
командирі болдым. Чистяков менің осы екі полктегі қызметімді бір-ақ түйіндеп
айтқан ғой.
            Автор. Бірден полкқа бардыңыз ба?
            Бауыржан. Жоқ. Чистяков алдымен
маған соқ. Содан соң Лизюковке барамыз деген еді.
            Автор. Бардыңыздар ма?
           Бауыржан. Бардық. Лизюков ете бір
сүйкімді де, сыпайы да кісі екен. Бар өмірін танктың болат қорабының ішінде
өткізіп келе жатқан адам дейтін емес. (Ол кісі танк әскерлерінің генералы
болатын.) Тура өзіміздің Сарыарқаның сарбаз ағаларының бірі сияқты еді.
           -         Сіз
туралы маған Иван Михайлович толық айтты, - деді генерал жадырай сөйлеп. -
Сіздің Москва түбіндегі еңбектеріңізбен де, осы жорық үстіндегі жұмыстарыңызбен
де таныспын. Бұл аз десеңіз мына Иван Михайловичпен сонау Қиыр Шығыста бірге болғаныңызды
да білемін. Сізді полк командирі етіп тағайындау туралы бұйрыққа қол қойып қойдым.
Осы уақытқа дейін полктың заңсыз командирі боп келсеңіз, енді заңды
командирісіз. Менің Сізге қоятын көп сұрағым жоқ. Тек өзіңізбен жүздесейін деп
қана шақырдым.
          -          Сеніміңізге
рақмет, жолдас генерал.
          -          Неше
рет қоршауда қалдыңыз, жолдас майор? - деді Лизюков менің бас-аяғыма көз
жүгіртіп өткеннен кейін, әлдене есіне түскендей, ойлана қалып. Жүзі жылы, өңі
сүйкімді, өте бір парасатты кісі екен.
          -          Бес
рет, жолдас генерал, - дедім мен.
          -          Өз
күшіңіз, өз ақыл-ойыңызбен бе, әлде сізді құтқарып алды ма?
          -          Батальонның
қаруымен, жігіттердің жігерімен, өзімнің ойыммен, жолдас генерал.
          -          Бесеуінде
де ме?
          -          Дәл
солай, бесеуінде де!
          -          Міне,
Сіздің бір басыңызда қаншама қазына жатыр! - Бұл кезде ол менімен емес,
өзімен-өзі сейлесіп кеткендей болды. - Мұндай ғажайып қазыналар қаншама
десеңізші!
          Қоршауда қалудың қазыналығы шамалы
ғой. Бұл кісі нені ойлап отыр екен дедім ішімнен.
          -          Соғысты
қай жерден бастадыңыз?
          -          Москва
түбінен, жолдас генерал.
          -          Шекарадан
шегіну мектебінен өтпеген екенсіз ғой.
          -          Өткемін
жок, жолдас генерал.
          -          Оқасы
жоқ, - деді генерал саусақтарымен үстелді тақылдатып. - Москва түбіндегі
ұрыстар өз алдына өзгеше мектеп. - Осыдан кейін ол менің бетіме тіке қарады.
Тікендей қадалатын немесе өңменіңнен өтетін көз емес, өн бойыңды рентген
сәулесі сияқты, әлдебір жылы нұрмен жарқырата шолып ететін өзгеше бір жұмсақ
көзқарас екен. Кеудесінде жарқыраған Алтын Жұлдызы ол да жанға жылу таратқандай
әсер етеді. - Жаңылмасам жаңа сіз «жігіттердің жігерімен» деген сөз айттыңыз-ау
деймін. - Генерал «жігіттердің» деген сөзді сәл бұзыңқырап айтты. - Тегі ол
«жауынгер» деген сөздің баламасы болар деп ойлаймын.
           -         Дәл
айттыңыз, жолдас генерал. Қазақша «жігіттер» дегеннің мағынасы орысша
«жауынгерлер» деген сөз.
           -         Рақмет,
жолдас майор. Онда мен қателеспеген екенмін. - Осылай деп сәл ойланып алды да,
Лизюков сөзін әрі қарай жалғады. - Ал ешбір есепке көнбейтін, ешбір сынаққа
сыймайтын нәрсе адам жанының жігері ғой. Қиын-қыстау кезеңде бір солдаттың
бойынан шыққан бір тамшы жігер мың солдатқа жол ашады. Ал мың солдаттың,
айтайық полктың жігері көл іспеттес, ал дивизияның жігері теңіз боп толқиды. Солдат
жігерінен, шақпақтан ұшқын шашыратқандай етіп, жігер тудыратын кім? Командир ғой.
Солай емес пе?
            Мен басымды изедім.
             -       Дәл
солай, жолдас генерал, командир мен комиссар.
               Лизюков жымиып басын изеді.
             -       Дұрыс
айтасыз, мен командир дегенде, саяси қызметкер екеуін қосарлай есептеп отырмын.
- Осыдан кейін генерал алғашқы ойын қайтадан жалғастырды. - Ал солдат жүрегі
шақпақ. Бірақ шақпақ өзінен-өзі от бермейді, оны тұтату керек. Және де
шақпақтың ұшқыны құрғақ білтеге түссе ғана тұтанады. Командир бір шақпақты ғана
емес, жүз шақпақты, мың шакпақты, тіпті мыңдаған шақпақты тұтатуы тиіс. Ол үшін
ақыл, қайрат, адалдықтың үстіне, командирге қаншама жалын, шиыршық атқан
ширақтык, дамыл таппайтын мазасыздық, жағдайға қарай жол таба білетін ой-өріс
өте керек десеңізші!
 
Х
             Генерал Лизюков осыларды айтып тоқтады
да, кенеттен маған сұрақ қойды.
             -       Бастан
кешкеніңізді баяндап қағазға түсіре аласыз ба?
             -       Қойын
дәптерге түртіп жүргендерім бар, жолдас генерал, - дедім мен.
             -       Бұрын
жазу жұмысымен айналысып көрген жоқ па едіңіз?
             -       Соғысқа
дейін ептеп өлең жазатын едім...
             -       Өлең?
- деп генерал мырс етті. Бұл менің соғысқа дейін өлең жазғанымды ұнатқаны, не
ұнатпағаны екенін аңғара алмадым. Содан соң қасқа басын сәл шұлғып отырды да,
сөзін қайтадан жалғады. - Соғысқа дейін өлең жазсаңыз, соғыстан кейін өнеге жазу
керек болады, жолдас майор. - «Өнеге» деген сөзге екпін бере айтты. - Менің
ойымды түсіндіңіз бе?
              -      Жобалап
тұрмын, жолдас генерал.
              -      Жобаласаңыз
солай! Соғыс - бүгін қисапсыз қан төгіп, шексіз шығын болғанымен, кейінгіге
сабақ. Бүгінгі өлшеусіз өлім - болашаққа өлмеудің өнегесі. Сонау Ақ теңізден
анау Қара теңізге дейін киян-кескі соғыс болып жатыр. Бұл өзі бір жағынан мол
тәжірибе де. Дүние жүзі соғыс тарихында мұндай тәжірибе болған емес.
Шегінісіміз де, қорғанысымыз да, шабуылымыз да тәжірибе, болашаққа қазына.
Ендеше сол тәжірибенің бір дәнін жерде қалдырмай жинап алып, кейінгі ұрпақтың
риздығына беру бұл соғысқа қатысқан үлкенді-кішілі командирлердің қасиетті парызы.
Сіз жазатын адам болғандықтан осы есіңізде болсын деп жатырмын. Түсінікті ме
Сізге?
               -     Түсінікті, жолдас генерал.
               -     Иван Михайлович, бұл әңгіменің Сізге де қатысы бар, - деді корпус
командирі Чистяковқа мойнын бұрып.
               -     Құп, жолдас генерал, - деді Чистяков. - Алдымен жауды жеңіп
алайық, содан соң жазу қашпас.
               -     Маған сұрағыңыз бар ма? - деді генерал Лизюков бетіме жылы жүзбен
қарап.
               -     Сұрағым жоқ, жолдас генерал.
               -     Онда жолыңыз болсын. Мен Сізге, Сіздей адамдарға әрқашанда
тілектеспін. Табыстан табысқа жете беріңіз. Жаңағы айтқанды да ұмытпаңыз, - деп
Лизюков арқамнан қақты.
              Осы күнге дейін кейде орыс
генералының сондағы өзіме мейірлене қарап тұрған келбеті көз алдыма келеді.
Оның алақанының табы әлі күнге дейін арқамда тұрған сияқтанады.
              Сөйтсем генерад Лизюковтың өзі де
соғысқа дейін өлең жазған кісі екен. Әскери-әдеби еңбек жазумен де
шұғылданыпты. Соғыс кезінің қиыншылығына қарамастан ол өз тәжірибесін қағазға да
түсіріп жүріпті. Мұны мен артынан білдім. Содан бірнеше күннен кейін генерал А.
И. Лизюковтың Әскери баспа шығарған кітапшасы қолыма тиді. Онда генералдың
әскери барлау және шабуыл ұрыстары деген екі еңбегі жарияланған екен.
             Автор. Чистяковпен бұдан кейін
неше рет кездестіңіз?
              Бауыржан. Бірнеше рет. Демьянск
шайқасы аяқталғаннан кейін, 1942 жылдың апрелінде генерал Лизюков танк армиясына
командашы болып кетті де, оның орнына 2-гвардиялық корпустың командирі болып
генерал Чистяков тағайындалды. Ал генерал Лизюков сол жылдың июлінде Воронеж
түбінде қайғылы қазаға ұшырады.
             Автар. Константин Симоновтың
«Дружба народов» журналында жарияланған «Соғыстың әр қилы күндері» деген
күнделігінде Лизюков деген фамилия екі-үш жерде айтылады. Осы сол Лизюков емес
пе, Бауке?
             Бауыржан. Сол. Александр Ильич
Лизюков. Білгің келсе ол кісі туралы толығырақ айтып берейін.
             Автор. Әрине.
             Бауыржан. Соғыс - адамзат өмірінің
ұлы трагедиясы. Соғыс - адам жанын қинайтын ең ауыр, ең ащы азап. Соғыс -
тірілердің тамұғы. Тозаққа айналған күндер еді ғой ол, қарағым. Александр Ильич
Лизюков соғыстан бұрын Фрунзе атындағы әскери акаде-
мияны бітірген,
ауыр танктер бригадасының командирі болған, сол кездің өзінде-ақ Ленин
орденімен наградталған көрнекті командирлердің бірі болатын. Соғыс басталған
кезде демалыста жүрген Лизюков дереу әскери эшелонмен өз құрамасы тұрған Ленинск
қаласына қарай сапар шегеді. Эшелон Борисов қаласына жеткенде ар жақтан
немістер келіп қалады. Осы арада полковник Лизюков офицерлерді ұйымдастырып,
әскер құрап, Борисов қаласын қорғау ісін ұйымдастырады. Жоқтан бар, бардан
батыр жасайды. Сөйтіп ол бір топ 26 июньнен 8 июльге дейін жауды бөгеп, қалаға
кіргізбейді. Шегініп келе жатқан Қызыл Армия бөлімдерін өткізбеу үшін немістер
Борисовтың іргесіндегі Березина өзеніне салған көпірді бірнеше рет бомбалайды.
Лизюков қарамағындағы адамдарға ол көпірді қайта-қайта қалпына келтіртіп, акыры
біздің әскерлерді бері қарай өткізіп алады. Осы еңбегі үшін Лизюков Отан соғысында
ең алғаш ер атанғандардың бірі болып, Совет Одағының Батыры атағын алады.
               Содан кейін Лизюков Москвалық
І-ші мотоатқыштар дивизиясының командирі болып, октябрь-ноябрь ұрыстарында
Москваны жаудан Нарфоминск жағынан қорғасты. Осы еңбегі үшін ол дивизия совет
гвардиясы атағын алған сегіз құраманың бірі болды. Сегізіншісі біздің дивизия еді.
Лизюков пен Панфилов ең алғашқы гвардияшы комдивтер еді. Әкеңмен құрдас, теңдес
адамды өзіңнен өзің жақын тартып, жаксы көретінің болмаушы ма еді. Лизюковты
біз осы жағынан да жүрегімізге жақын тартатын едік. Осыдан кейін Лизюков корпус
командирлігіне жоғарылатылды да, одан армия командашылығына кетті...
                Осылай деп Баукең бөгеліп
калды.
                Автор. Симоновтың күнделігінен
сол генералдың өлімі жайында оқығанда төбе шашым тік тұрып, көңілімді аяныш бір
мұң кернеді, Бауке. Сол жерін оқып берейін, тындайсыз ба?
                Бауыржан. Оқығын.
                Автор. Күнделіктің «42 жыл»
деген бөлімінің бесінші тарауында былай деп жазылған:
               «Ол жақтан (алғы шептен) майдан
штабына қайтып келісімен-ақ мен байланыс офицерімен Лизюковқа барамын деп
келіскеннен кейінгі бірнеше сағаттан соң Лизюковтың опат болғанын білдім.
                 Оның бір бригадасының жолын
жау кесіп тастап, байланыс болмай қалыпты. Соның алдындағы күндерде ісі сәтсіз
болып, есі шығып жүрген Лизюков, үздік-создық болып арттан келе жатқан басқа
бригаданың танктерін күтпестен, өзінің тел танкіне мінеді де, жалғыз КВ-мен жоғалған
бригаданы іздеуге кетеді. Екі ме, үш пе километр жүріп, бір орманның шетіне
тақай бергенде оның танкіне тасада тығылып тұрған неміс зеңбіректері снарядты
жаудырып жібереді. Жалғыз башня атқышы ғана аман қалады - танктан шығып
үлгіріп, қалың егіннің ішіне тығылады да, қираған танк ішінде қалған
серіктерінің не күйге ұшырағанын өз көзімен көреді.
                Оның айтуы бойынша фашистер
танкті қоршап, өлгендердің, оның ішінде Лизюковтың да сүйегін сыртқа шығарады.
Документке қарап, оның генерал екенін біледі...
Жұпыны айтылған
бұл эпизодтан сол бір ашыныс күндеріне тән жалғыздық пен жан күйініші айқын
аңғарылады».
               Бауыржан. Сүйікті генералдың
сүйегін жаудың қалай қорлағанын айтуға аузым бармай тұр еді. Симоновтың
айтқанының бәрі шын. Фашистердің бұл соғыста көрсеткен айуандығын айтып жеткізу
қиын ғой, қарағым. - Баукең қабағын қатты түйіп, даусын қатайтып алды. - Олар
мыңдаған совет адамдарын тірідей көрге көмді. Ондаған мың жазықсыз жандарды газ
пештерінде тұншықтырып өлтірді. Сан мың адамды тұтқын лагерлерінде аштан қырды.
Миллиондаған ата-аналар, әйелдер, сәбилер, карттар өмірде бір-ақ рет кездесетін
ең асыл қазынасынан: ұл-қыздарынан, адал махаббатынан, әке-шешесінен,
үрім-бұтағынан айрылып, қор боп еңіреніп, зар илеп қалды. Ақ, қара, сары
шаштарын қалың ормандай жайып аңыраған аналардың ащы үндері дүниедегі ең азалы
симфонияға айналып, қабат-қабат болып тарихтың қатпарына шөкті. Мұны ешкашан да
ұмытуға болмайды! Ешқашан да! Понятно тебе?
               Баукең соңғы сөздерді айтқанда
қатты ақырып қалды. Мен селк ете түсіп, қағаздан басымды көтеріп алдым.
Батырдың екі танауы қусырылып,түсі бұзылып кеткен екен. Мен сасқалақтап басымды
қайта-қайта изей бердім. Біраздан кейін ол сабасына түсіп, иегін
көтеріп, менің
оң жағымдағы этажерканы нұсқады.
                -  Анау шеткері тұрған Вильгельм Адам дегеннің
кітабын алшы, - деді содан соң. Мен орнымнан тұрып, ақ шүберекпен тысталған мұқабасында
«Қиын шешім» деген жазуы бар кітапты алдым. - Соның қыстырма тұрған бетін ашшы.
- Қайта орныма отырып, ашып қарасам, қыстырма кітаптың 370-бетінде тұр екен. - Сондағы
тараудың аты не?
                 - «Жеңімпаздармен жүздесу»
делініпті, Бауке.
                 - Ендеше соны аяғына дейін
дауыстап оқып шыққын. Бұл 6-шы герман армиясы полковнигінің мемуарлары. Андағы
жерде Совет Армиясы Сталинградта қоршауға алған 6-шы армияның командашысы
Паулюстің қолға түскеннен кейінгі жай-күйі айтылады.
 
XI
              Мен оқуға кірістім.
              -      Біз
ағаш үйлердің бірінің алдына келіп тоқтадық. Менің көзім терезе жақтаулары мен
шатыр маңдайшасындағы әсем оюларға түсті. Бізді алып келген совет генералы үйге
кіріңдер деді. Ауыз үйде шинеліміз бен фуражкаларымызды шешкеннен кейін бізді үлкен
бөлмеге енгізді. Бұдан кейінгі күніміз не болмақ? Паулюс, қоштасқан сияқты
болып, Шмидтке және маған колын берді. Дегенмен Геббельс насихаты сүйегімізге
өзіміз ойлағаннан гөрі тереңірек сіңіп калған екен.
              Совет генералдарының бірі «Т»
әрпі іспеттендіріліп қойылған үстелдердің төр жағынан орын алды. Оның 64-ші
армияның командашысы М.С.Шумилов екенін сол арада білдік. Оның қасына бізді
әкелген генерал - армия штабының бастығы И. А. Ласкин мен майор шеніндегі
аудармашы орналасты. Бізге үстелдің ұзын жағындағы орындықтарды нұсқады. Оған
дейін Шмидт маған:
                - Өз басымызға қатысты
жайлардан басқа ешқандай мәлімет бермеуіміз керек, - деп сыбырлады.
              Маған мұндай сақтық жасау әрі
артық, әрі қолайсыз сияқты боп көріңді.
             Шумилов біздің командашымызға «Фон
Паулюс» деп сөз бастай беріп еді, ол:
             - Мен дворян емеспін, - деп
тастады.
             Совет генералы оған шүбәмен көз
тастады. Шені жайындағы сұраққа Паулюс «генерал-фельдмаршал» деп жауап
бергенде, ол шүбә одан сайын күшейе түсті. Паулюс омырау қалтасынан солдат
кінешкесін алып, совет армия командашысына ұсынды. Ол
аудармашымен
өзара ақылдасты да, «жақсы» деп қысқа жауап берді.
              Генерал Шумилов одан кейінгі
әңгіменің орайында Паулюстің «солтүстік қоршауға» да тізе бүгу туралы бұйрық
беруін ұсынды. Паулюс бас тартты, ол қоршаудың Гитлерге тікелей бағынатынын
тілге тиек етті.
             Ойпыр-ай, енді не болар екен деп
ойладым мен. Өйткені біздің насихатымыз орыстар айтқан талабын орындамағанның
бәрін де қинауға салады деп бізді мүлде сендіріп тастаған ғой. Мен Совет Армия
командашысына үрейлене көз тіктім. Шумилов сабырлы күйде, іскерлікпен сөз
сабақтап отырды. Ештеңе де болған жоқ. Мен іштей осы таңғажайып қорытындыға
келіп үлгіргенше, генерал орнынан тұрды. Майор оның соңғы сөздерін аударып
жеткізді.
              Фельдмаршалға айтыңыз, мен қазір
оның тамақтанып алуын сұраймын, содан соң ол майдан штабына барады.
              Шын айта ма? Совет солдаттары
біздің шинелімізді киюімізге көмектесті. Біз толқып есік алдына шықтық. Басына
милықты тері бас киім киген Шумилов бізді сыртта күтіп тұр екен. Ол соңымнан
ілесіндер деген белгі жасап, көшенің арғы жағына қарай беттеді. Шынымен біткеніміз
бе? Мен жан-жағыма көз тастадым. Жазалау командасы көрінбейді. Әлде ол анау,
генерал беттеп бара жатқан ағаш үйдің ар жағында тұр ма екен?
               Тіпті де олай емес. Шумилов
сенектің есігін ашты, онда бір қартаң әйел қызмет етіп жүр екен. Орындықтардың
үстіне ішіне ыстық су құйылған легендер қойылыпты. Әр легеннің қасында біз
көрмегелі көп уақыт болған бір-бір кесек нағыз сабын тұр. Жас қыз әрқайсымызға
бір-бір ақ орамал берді. Жуыну - жан рақаты болды. Көп күндер бойы біз еріген
қар суымен беті-қолымыздың кірін әрең жібітіп жүрген едік.
              Содан кейін бізді көрші бөлмеге
кіруге шақырды. Онда үстіне неше алуан тағам қойылған үстел тұр екен. Шумиловтың
шақыруы бойынша Паулюспен және Шмидтпен бірге үстел басына келіп отырғанда мен
өз-өзімнен ұялдым. Большевиктерді қанішер деп қалай алдаған десеңші бізді!
Соған сенген біз қандай аңқау болғанбыз! Мен әскери тұтқын ретінде біздің
армияның штабынан өткен Қызыл Армияның бірнеше генералы туралы ойладым. Олармен
дұшпан жөнінде мәлімет жинауға жауапкер барлау бөлімінің бастығы ғана істес
болды. Біз, штаб офицерлері оларға бір ауыз сөз айтуды өзімізге ар көрдік.
Тылға жөнелтілер алдында ғана оларға жорық қазанынан бір тойым ас берілді.
                 Тегі Шмидтке бізді жеңіп қолға
түсірген Совет Армия командашысының бұл серілік мінез-құлқы ешқандай әсер
етпеген болуы керек. Ол маған былай деп сыбырлады:
                 -     Ішімдік ұсынса ішпеу керек: бізге у берулері мүмкін, - деді.
                Бұл әрі жеркенішті, әрі
зығырданынды қайнататын қамқорлық еді. Мен Шмидтке көзіммен соны сездірдім.
Егер оның сөзін генерал Шумилов ұғып қалса не болатын еді десеңші! Дәл сол кезде
Шумилов былай деді:
                  - Егер біз сіздермен басқа
жағдайда таныссак, егер мен сіздерді бұл жерде әскери тұтқын есебінде емес,
қонақ ретінде құрметтеген болсам, маған әлдеқайда ұнамды болар еді.
                  Осылай деп ол бәрімізге бір
бөтелкеден арақ құйды. Генерал өзімен бірге біздің жеңімпаз Қызыл Армия үшін
ішуімізді өтінді. Оған жауап орнына біз қозғалмастан отырып қалдық. Аудармашы
оған ақырын бірнеше сөз айтқаннан кейін, Шумилов жымиды да:
                    - Мен сіздерді жәбірлейін
деген жоқ едім. Сталинград үшін шайқасқан екі ер қарсыластар үшін ішейік! -
деді.
                Бұдан кейін Паулюс те, Шмидгте,
мен де рюмкамызды көтердік. Аш қарынға ішкен арақ лезде әсер ете бастады. Менің
сәл-пәл басым айналды. Бірақ бутербродтан бірнеше үзіп жегеннен кейін басымның
айналғаны тоқтады. Паулюс пен Шмидтте тамаққа бас қойды.
                Генерал Шумиловпен біз бір
сағаттан аса отырдық. Мен көрген, естігендерімнің бәрін есіме сақтауға
тырыстым. Майор таза неміс тілінде сөйлеп отырды. Совет адамдарының гитлерлік
системаны неміс халқынан жақсы ажырата білетінін мен бірінші рет естідім. Совет
офицерлері бізді, арада болған оқиғаларға қарамастан, совет адамдарының неміс
жұмысшылары мен неміс ғалымдарына деген үмітін үзбегеніне сендірді. Сонымен
бірге олар көптеген немістердің оларды Гитлердің өз мақсатына пайдалануына мүмкіндік
бергеніне өкінетіндерін айтгы. Паулюс жаралы, ауру және өлімші боп қалған неміс
солдаттарына көмек көрсетуді өтінді, Совет Армия командашысы қолдан келгеннің
бәрін істеуге уәде етті, ол біздің тікелей өз міндетіміз деді.
                 -     Сіздің тағы да басқа тілектеріңіз жоқ па, фельдмаршал мырза, -
деді Шумилов жүрер алдында. Паулюс сәл ойланды да:
                 - Адъютантым полковник Адамды
менің қасымда қалдыруды өтінер едім, - деді.
                Генерал Шумилов офицерлерінің
біріне бұйрық берді, ол лып етіп бөлмеден шығып кетті. Осыдан кейін ол орнынан
тұрып, бізді жол жүруге әзір тұрған машиналарға ертіп әкелді. Ол бәрімізге қол
беріп қоштасты да, Паулюске:
                  - Сіздің тілегіңіз
орындалады, - деді.
               Автомашиналар орнынан қозғала
бергенде, ол жол шетінде тұрып, бізге честь берді. Бұл шынында да нағыз сері қарсылас
еді.
                 Автор. Бұл тарау бітті, Бауке.
                 Бауыржан. Мінеки, Совет
Армиясының гуманизмін кешегі дұшпандарымыздың өздері де мойындаған. Гуманизмнен
жұрдай гитлерлік қарақшы, жауыз армия тоз-тоз боп құрыды. Дүние жүзінде Совет
Армиясындай гуманист армия жоқ. - Баукең осылай бір тоқтады. Содан кейін менің
қолымдағы беті ашық қалған кітапқа назар аударды да, сөзін ары қарай жалғады. -
Бұл кітаптың авторы полковник Адам Паулюс армиясының штабында оперативтік бөлімнің
бастығы болған. Ал генерал-лейтенант Шмидт сол армияның штаб бастығы. Бұларға
және басқа тұтқынға түскен неміс генералдарына Совет Одағында жақсы жағдай жасалды.
Соғыс біткеннен кейін олардың бәрі аман-есен еліне қайтты. Вильгельм Адам ГДР-да
министр болды. Содан кейін ұзақ жылдар республиканың қарулы күштерінде қызмет
етті. Қартайғаннан кейін отставкаға шығып, осы кітапты жазды. Ал Паулюс еліне
барып, соғыс біткеннен он екі жыл кейін өз ажалынан қайтыс болды. - Осыдан
кейін Баукең бір ойдан екінші ойға аттап түскендей боп, сәл бөгелді де, сөзін
жалғады. - Әрине, адамның өлді дегеніне сенесің. Бірақ өлгенін, табытта жатқан
өлі денесін өз көзіңмен кермеген адамдарың көзіңе тірі күйінде елестейді екен. Қадірлі
генералдарым Панфилов пен Лизюков маған солай көрінеді. Тірі болса олар да Отанға
адал қызмет етіп, Отандық әскери ғылымға талай тамаша еңбектер қосқан болар еді
деп ойлаймын.