ВЕРНУТЬСЯ

                          I
                          Автор. Ал, Бауке,
сонымен соғысты бітірдік.
                          Бауыржан. Бітірдік.
                          Автор. Енді қайда
барамыз?
                          Бауыржан. Сен
сержантсың ғой?
                          Автор. Иә.
                         Бауыржан. Онда
әскерден босап, ауылыңа қайт. Алматыға барып, КазГУ-ге оқуға түсесің бе - ерік
өзіңде. Ал мен полковникпін. Маған демобилизация жоқ. Менің дивизиямда қала
беруіме немесе әскери академияға оқуға кетуіме болады.
                         Автор. Соғыс біте сала
академияға түстіңіз бе?
                         Бауыржан. Жоқ. 1945
жылы 9 майда соғыс біткеннен кейін сентябрьге дейін Балтық әскери округында сол
9-шы дивизияның командирі болып тұрдым. Содан кейін Москваға, ГУК-тың
қарамағына шақырылдым. Қырық алтыншы жылдың январынан бастап К. Е. Ворошилов
атындағы I дәрежелі Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның тыңдаушысы
болдым. Академияда қалай оқығаным керек болса, оны мына дипломнан қа-
рап, көшіріп
алғын.
                          Баукең ұсынған
дипломды қолыма алып қарасам, қатырманың бірінші бетіне СССР Гербінің суреті
салынған да, екінші бетіне былай деп жазылған екен:
«ДИПЛОМ
Б № 256421
                        Осыны ұсынушы полковник
Момышүлы Бауыржан 1946 жылы түсіп, 1948 жылы К.Е.Ворошилов атындағы I дәрежелі
Суворов орденді Жоғары Әскери Академияның толық курсын бітірді. Мемлекеттік
Емтихан Комиссиясының 1948 жылғы 14 февральдағы
шешімі бойынша
Академияны жақсы деген дипломмен аяқтады деп саналады.
Мемлекетгік
Емтихан Комиссиясының председателі Совет Одағының Маршалы
ГОВОРОВ.
Академия бастығы,
армия генералы
М.ЗАХАРОВ.
Москва қаласы.
1948 ж.
Тіркеу № 66».
 
                  Говоров пен Захаров екеуі де
дипломға қол қойған, сол жақ бұрыштан академияның мөрі басылған.
                 Одан кейін дипломның
қосымшасын алып қарап едім, тізіліп тұрған бестік бағаларға көзім түсті. Асығыс
түрде мен оларды да дәптеріме көшірдім.
                 Бұған да генерал Захаровтың
қолы қойылып, академияның мөрі басылған.
                 Автор. Академияны үздік бітірген
екенсіз, Бауке.
                 Бауыржан. Қырық алтыншы жылы
қабылданған жаяу әскердің жауынгерлік уставына менің ұсыныстарым кірді.
Академияны бітіргенімде маған тоғыз мың сом (ескі ақшамен) сыйлық берілді.
II
                     Автор. Сол академияда
оқыған кезіңізден бірер деталь айтып бермейсіз бе, Бауке? Қанша адам
оқыдыңыздар? Қалай оқыдыңыздар? Оқытушыларыңыз қандай адамдар еді деген сияқты.
                    Бауыржан. Мен, сенің алдыңа
қойған мақсатыңа сәйкес, өмірімнің әрбір кезеңін қыска-қысқа ғана баяндап келе
жатырмын, қарағым. Ал оның әр кезеңінің жеке детальдарын қуалай берсек, онда
әңгімеміз ұзаққа кетеді. Екеуімізге де уақыт керек емес пе?
                    Автор. Оныңыз рас қой. Дегенмен
осы тұсқа Сіздің характеріңізді ашатын бір деталь керек-ақ сияқты.
                  Бауыржан. Айтайын. Қырық
алтыншы жылы академияның бірінші курсында 125 адам болдық. Алғашқы курсты
аяқтағанымызда академия бастығы армия генералы Захаров бес тындаушыға алғыс
жариялады. Мен сол бестің бірі болдым. Бірінші курста тек қана беске оқыдым.
                 Оқытушыларымыздың бірі Макаров
деген генерал еді. Оперативтік өнерден сабақ беретін. Макаров бұрынғы музыкант екен.
Музыканы тастап келіп, артынан дивизия, одан соң корпус командирі болыпты. Ол
кісінің бұрынғы музыкант екенін біз кездейсоқ білдік. Ол былай болды.
                  Академияның бірінші курсын
аяқтарда біз Кавказға маневрға бардық. Мен корпус командирінің, Макаров армия
командашысының міндетін атқардық. Маневр ойдағыдай өтті. Кавказдан қайтарда мен
қазақтың меймандостығын жасап, генералға ресторанда қонақасы бердім. Бірге
барған жолдастарды тегіс шақырдым. Ресторанға алдын ала тілек айтып, қазақтың
ұлттық тағамдарынан қуырдақ, бесбармақ жасаттырған едім. Ас жеп, Кавказдың
шырын шараптарын
ішіп, көңілденіп отырдық.
                  Бір кезде оркестр ойнап, екі-үш
белгілі ән-күйді нашар орындады. Генерал Макаров басын шайқап орнынан тұрды да,
эстрадаға қарай аяңдады. Біз ол кісі көңілі сүйетін бір әнді орындауды өтінгелі
бара жатқан болар деп ойладық. Ол оркестр дирижерінің қасына барды да:
                     - Сіз рұқсат етсеңіз, мен
пультке шығып, бес минут оркестрді басқарар едім, - деді.
                  Дирижер басын изеп, қолындағы
таяқшаны генералға беріп, пульттен түсе бастады. Ресторандағы басқа жұрт та,
біз де таң болып қалдық. Басқа жұрт мына генералдың есі дұрыс па деген шығар
іштерінен. Ал біз генералдың мұнысы несі деп ойлап, қысылып отырдық.
                Генерал пультке шықты. Зал мен
оркестрге естірте:
                 -     Огинскийдің «Полонезі», - деді де, таяқшаны жоғары көтерді.           
                Генерал Макаров таяқшасын
сермеп кеп қалғанда оркестр, әскер атындай, лыпи жөнелді. Оркестрдің толқынды,
ырғақты үні ресторанды тербеп қоя берді. Барлық жұрт орындарынан тұрып,
екі-екіден қалай билеп кеткендерін білмей қалды.
               «Полонез» аяқталғаннан кейін
елдің бәрі эстрадаға қарай бұрылып, ду қол шапалақтады. Оркестрдегілер
табандарынан тік тұрып, олар да алақандары қызарғанша қол соқты. Содан кейін қолына
флейта ұстаған бір музыкант алға шығып, генералдың қасына келді де:
                     - Біз Сізді алғашында мас
генерал екен деп едік. Сіз пайғамбар екенсіз, - деп Макаровтың қолын алды.
                     Бұл кісі менің академиядағы
ең жақсы көретін ұстаздарымның бірі болды. Ол кісінің сабақтарынан да ылғи бес
алып жүрдім. Бірақ, бірінші курстан кейін генерал Макаров басқа қызметке ауысып
кетті де, екінші курста оның орнына басқа оқытушы келді.
                   Неге екенін білмеймін, ол мені ұнатпады.
Бағаны ылғи төмендетіп қоятын болды. Мен оған үнемі беске жауап беремін. Ол төрт
немесе үштен сәл жоғарырақ дейді. Солай деп журналға белгі соғады. Мұнысына
менің бірге оқитын жолдастарым наразы бола бастады.
                   Бір күні маған Захаров шақырып
жатыр десті. Совет Одағының Батыры армия генералы Матвей Васильевич Захаров
біздің Бас штаб академиясының бастығы ғой. Бардым. Баян еттім.
                      -         Бұл қалай, жолдас Момышұлы, - деді генерал алдындағы табельге
үңіліп. - Сіздің оқудағы қарқыныңыз соғыстағыдай болмай жатыр ғой. Сіз бен біз
жаман соғыспаған сияқты емес пе едік?
                  Захаровтың олай дейтін жөні
бар еді. Өйткені ол кісі қырық екінші жылдың январынан қырық үшінші жылдың апреліне
дейін біздің Калинин майданы штабының бастығы болған.
                     -          Дәл солай, жолдас генерал, - дедім мен, - Калинин
майданында қандай қайрат жұмсасам, қазір де сондай қажырмен оқып жатырмын.
                     - Онда мына оқытушының сабағынан
неге төртке түсіп қалғансыз? Бұрын Макаровтан ылғи бес алып келген едіңіз ғой.
                      -         Оқуым да, ұғуым да, жауап беруім де былтырғыдай, жолдас генерал.
                      -         Мен Сізді түсінбей тұрмын, жолдас Момышұлы.
                      -         Мен
де Сізді түсініп тұрғаным жоқ, жолдас генерал. Менің міндетім тырысу, тырбану,
тыңғылықты жауап беру болса, ол міндетімді ойдағыдай орындап келемін.
                      -         Тіфу, енеңді ұрайын, - деді генерал күліп, - мен саған, былтырғыдай,
биыл, екінші курсты бітіргенде де алғыс жарияласам деп жатырмын да.
                      -         Ниетіңізге рақмет, жолдас генерал. Сізден алар алғысымның
алдына тосқауыл тұрғызылып жатса мен не істеймін, - дедім алақанымды жайып.
                      Осымен әңгіме біткен
болатын.
                 Бір күні әлгі оқытушы бізден
жазбаша жұмыс алды. Бір тақырып берді де, соған сыпаттама жазғызды. Ал мен
желдірте сүйкектетпей, жай жазатын кісімін. Ойланып-толғануым көбірек болды. Бейнені,
кимылды көзге суреттей етіп айқын елестететін теңеулер іздеймін, сөздердің
сирек қолданылатын синонимдерін табуға тырысамын. Өстіп отырып мен тақырыптың
төрттен үшін сыпаттап болған кезде уақыт бітті деп, барлық жұмысты бір минуттың
ішінде жинатып алды. Аяқталмаған жұмысымды мен де апарып генералдың қолына
бердім.
III
 
               Үш күннен кейін оқытушы қайтадан
аудиторияға кірді. Портфелін ашып, алдына біздің дәптерлерімізді қатарлап қойып
сәл отырды да, оларды үстінен бір-бірлеп алып, иелеріне үлестіре бастады. Бәленше
төрт, бәленше бес деп жатыр. Үш алған ешкім жоқ. Бір кезде ол:
                       -        Полковник Момышұлы, - деді маңғаздана иегін көтеріп.
                       -        Мен, жолдас генерал, - деп орнымнан атып тұрдым.
                       -        Сізге екі қойдым. Тақырыпқа сыпаттама жасамапсыз, - деді ол.
Жұрт аң-таң боп
қалды.
                        -       Ғапу етіңіз, жолдас генерал, - дедім мен.
- Тақырыпқа сыпаттама жасалған, бірақ аякталмаған. Аяқтауға уақыт жетпеді.
                        -       Мен Сіздің басыңызда не барын білмеймін.
Менің білетінім мына жазғаныңыз ғана, - деп ол менің дәптерімді столдың шетіне
тастады. Мен орнымнан қозғалмадым.
                         -      Полковник Момышұлы, дәптеріңізді алыңыз, -
деді генерал даусын қатайтып.
                         -      Ондай баға қойылған дәптерді мен алмаймын,
жолдас генерал, - дедім.
                        -       Менің қолымнан алмасаңыз бұл дәптерді
генерал Захаровтың қолынан алатын боларсыз, - деп менің дәптерімді қайтадан
портфеліне салып қойды.
                          -  Ризамын, - деп орныма отырдым.
                         Әрине, бұл өмірі
екілік баға алмаған мен үшін де, академия үшінде ЧП еді.
                        Ертеңінде тағы да генерал
Захаровтың кабинетіне шақырылдым. Захаровтың қасында әлгі оқытушы отыр екен.
Менің үстімнен арыз айтып отырғаны айқын болды.
                          -  Ай-яй-ай! - деді генерал Захаров алдындағы
қағазынан басын көтеріп. - Бұл қалай, жолдас Момышұлы? Оқып отырсам жазған
жұмысыңызда бір мін жоқ. Мен сізге өзіңіздің келіп тоқтаған тұсыңызға дейінгіні
айтып отырмын. Не бір грамматикалык, не бір синтаксистік қате көрінбейді.
Осылай ғой, жолдас генерал,- деп ол оқытушыға қарай мойнын бұрды. Оқытушы басын
изеді. Захаров содан кейін барып сөзін қайтадан жалғады.
                       - Бұл сауаттылық жағы. Ал жазған жұмысыңыздың техникасына
келсек, онда да мін жоқ. Міндет, сыпаттау, дәлелдеу - бәрі де жеткілікті. Орыс
тілін қандай жақсы білесіз. Бұл жөнінен біздің көптеген генералдарымыздың Сізге
қызығуына болады. Солай
бола тұрса да,
Момышұлы жолдас Сіздің бұл жұмысыңыз аяқталмай қалған. Сондықтан Сізге оқытушы
екілік баға қойған. Осының аяғына жарты бет резюме жазсаңыз бітіп жатыр еді. Онда
Сізге бұл жұмысыңыз үшін бес қойылатын еді. Осылай ғой? - деп Захаров тағы да
оқытушыға қарай бұрылды. Ол тағы да басын изеді. Содан соң Захаров алдарында
тік тұрған маған қарай бұрылды.
                          -  Неге өйтпедіңіз? Өкінішті болған, жолдас
Момышұлы. Өте өкінішті!
                         -      Уақыт жетпеді, жолдас армия генералы, - дедім
мен екі қолымды жамбасыма жапсыра, иегімді сәл көтере ұстап.
                          -  Өзгелерге жеткен уақыт Сізге қалай жетпеді? -
деп ол тағы да басын шайқады.
                           - Бұл сұрағыңызға
жауап берерден бұрын оқытушыға үш сұрақ қоюға рұксат беруіңізді сұраймын,
жолдас армия генералы, - дедім мен тағы да нық-нық сөйлеп.
                           - Беріңіз, беріңіз,
- деді Захаров.
                         Мен енді оқытушыға
қарай сәл қиыстай бұрылып тұрдым да, былай дедім:
                           - Жолдас генерал, бірінші сұрағым
мынадай: академия тындаушысы шығарма жазарда алдына неше мақсат коюға тиіс?
                            - Мұндай сұрақ
болмайды, жолдас Момышұлы, - деді оқытушы маған мысқылдай жауап беріп. -
Тындаушының алдында жалғыз ғана мақсат тұрады. Ол тақырыпты қалай да жақсы
жазып шығу мақсаты. Түсінікті ме Сізге?
                             - Ал мен шығарма жазарда
алдыма үш түрлі мақсат қоямын, жолдас генерал. Ол, біріншіден - әскери,
екіншіден - ғылыми, үшіншіден - әдеби болуы керек. Осы үшеуінің басы қосылмаса,
мен оны шығарма деп есептемеймін.
                        Осы кезде Захаровтың менің
сұрағым мен жауабыма зер салып, ойлана бастағанын аңғардым.
                        -       Екінші сұрағым мынадай, жолдас генерал, -
дедім оқытушыға қадала қарап, - Сіз орыстың «страх» («үрей»), «смелость» («батылдық»)
деген екі сөзі бар екенін білесіз, әрине. Ал осы екі сөздің нешеден синонимі
бар екенін білесіз бе?
                         -      Сіз менен емтихан алайын деп пе едіңіз? -
деді ол қызарақтап.
                         -      Оныңыз артық сөз, жолдас генерал. Менің
айтайын деп тұрғаным осы екі сөздің біреуінің сегіз, екіншісінің тоғыз түрлі синонимі
бар.
                         Сол синонимдердің
бәрін есіме түсіре отырып, мен өз шығармамда «үрей», «батылдық» деген сөздерді
еш жерде екі реттен қайталағамын жоқ.
                         -      Полковник, сол екі сөздің синонимдерін
жеке-жеке атап шығыңызшы, - деді Захаров маған.
                         -      Құп, жолдас армия генералы,-дедім мен
академия бастығына қарай бұрылып. - «Страх» сөзінің синонимдері мынадай:
«боязнь», «жуть», «испуг», «опасение», «оторопь», «робость», «трепет» және
«ужас». - Генерал Захаров мен әр синонимді атаған
сайын бір
саусағын бүгіп отырды. Оның бір қолының бес саусағы тегіс жұмылып, екінші
қолында жұмылмаған екі-ақ саусақ қалды.
                     Мен сәл тыныс жасадым да,
содан кейін екінші сөздің синонимдерін таратуға кірістім. - Ал «смелый» сөзінің
баламасы болып мына сөздер саналады, жолдас генерал: «бесстрашный»,
«безбоязненный», «храбрый», «неустрашимый», «отважный», «доблестный», «бестрепетный»,
«удалой», «лихой». Енді қандай сөздердікін айтайын, жолдас генерал?
                               - «Армия» деген
сөздікін айтыңызшы.
                              - Ол көп емес, жолдас генерал:
«войско», «рать» және «воинство» деген үш-ақ сөз.
                               - Онда
«наказание» деген сөздікін айтыңыз.
                                -           «Кара», «казнь», «возмездие», жолдас
генерал. Бұлар синонимі аз сөздер. Синонимі көп сөздерді сұраңыз, жолдас
генерал.
                               - Жетеді, - деді
Захаров күліп. - Мен Сізді автомат па деп қалдым.
                               - Олай емес,
жолдас генерал, мен әскери академияның тындаушысымын.
                               - Мақтарлық іс,
жолдас полковник. Енді Сіздің жаңағы айтқан екі сөзді қалай қолданғаныңызды
тексеріп көрейік. - Осылай деп Захаров алдында жатқан дәптердің беттерін
ақтарып, әр бетке байыптап көз жүгірте бастады. - Рас, қайталанбаған екен, -
деді
ол біраздан
кейін дәптердің соңғы бетін жауып. - Жок, тоқтаңыз, енді мына екі жұмысты қарайық.
Мен Сіздің жұмысыңызбен салыстыру үшін терт пен бес қойылған екі жұмысты қоса алдырғанмын.
                          Генерал Захаров
осылай деп, алдында жатқан екі дәптерді бірінен соң бірін ақтарып қарап, қызыл
қарындашпен керекті сөзінің астын сызып жатты. Содан кейін оларды санап, бір
қағазға түртіп алды да, басын көтерді.
                          -  Дұрыс айтасыз, жолдас полковник, - деді ол
екеуімізге кезек қарап қойып.- «Үрей» деген сөз мына жұмыста 10 рет, мына дәптерде
13 рет қайталанған. Генералға тағы да сұрағыңыз бар ма?
                            - Соңғы сұрағым
мынадай, - дедім тағы да оқытушыға қадалып.- Осы біз академияның тындаушысымыз
ба, әлде бастауыш мектептің шәкіртіміз бе?
                            - Оны білмегеніңіз
өкінішті екен, - деді ол күңк етіп.
                             - Олай дейтінім,
егер біз класта мұғалімнің аузынан шыққанды қағазға көшіріп, жат жазу жазып
отырған бала-шаға емес, өзіміздің соғыста алған тәжірибемізді баяндап беруге
тиіс егде адамдар болсақ, онда бізге шәкіртше қараудың қажеті не? Біздің
бұл жазып
отырғандарымыз Отан соғысында өз басымыздан кешкен тәжірибе. Ертең Бас штабқа
осы жазылғандардың бәрі, қиыршық алтын іспеттес, қажет дүние. Бас штабтағылар
осы қиыршықтардың бәрін қорытып, кесек алтынға айналдырады. Мен өзім осылай деп
ойлаймын. Егер олай болса, онда кеше Сіз маған екі қоймай-ақ, «жолдас Момышұлы,
резюме жазып үлгірмеген екенсіз, соны жазып аяқтап беріңіз» деп жұмысымды өзіме
қайырып, артынан маған бес емес, үш қойсаңыз да риза болатын едім ғой.
                            Менің Сізге басқа
сұрағым жоқ. Мен өзімді Сіздің алдыңызда кінәлы деп есептеймін. Кеше қасыңызға
барып дәптерімді алмағаныма кешірім сұраймын.
                            Осыдан кейін мен
Захаровқа қарай қайтадан бұрылып тұрдым.
IV
                              - Ол дәптерді
алмағаныңыз дұрыс болған, жолдас Момышұлы, - деді Захаров ойлана отырып. -
Дегенмен, Сіз менің бағанағы сұрағыма жауап беріңізші. Жұртқа жеткен уақыт
Сізге қалай жетпей қалды?
                               - Оның мынадай
себебі бар, жолдас армия генералы, - дедім мен. - Өзге жұрттың ойлау процесі
бір сатылы да, менікі екі сатылы. Бар әңгіме осында.
                             - Мұны қалай
түсінуге болады?
                            -  Өйткені мен ойды алдымен қазақша ойлаймын.
Одан кейін оны орысшаға аударамын. Содан соң барып қағазға түсіремін. Бұл орыс
емес ұлт өкілдерінің бәрінің табиғатына тән қасиет. Өзге жолдастарым мен сияқты
екі рет ойланып, әуреленіп жатпайды. Міне, оның себебі осында, жолдас армия
генералы.
                            Захаров көзін сығырайта
түсіп, тағы да ойланып қалды. Содан кейін оң жағындағы оқытушыға бұрылып:
                           - Сіз қалай деп
ойлайсыз? - деді.
                           - Жолдас генерал, ол
маған емес, программаға байланысты ғой, - деді оқытушы.
                            - Программа не үшін
жасалады?
                            - Ол түсінікті ғой, жолдас генерал, - деп
шыжалақтай бастады. - Бірақ әрбір полковниктің айтқаны бойынша программаны өзгерте
беруге де болмайды...
                            - Жоқ, - деп
Захаров оның сөзін бөліп жіберді. - Сіздің мұныңыз ұстаздыққа жатпайды. -
Осылай деді де Захаров оң жағындағы телефондардың біреуінің трубкасын көтерді.
- Озеровпысың? Мен Захаров қой. - Окытушының шені мен фами-
лиясын атап, -
сөгіс жариялау туралы бұйрық жазып әкел. Қазір,- деді.
                        Осылай деп ол трубканы
жапты. Озеров академияның кадрлар бөлімінің бастығы еді. Оқытушыға қарасам,
оның түсі боп-боз боп кетіпті. Судан шыққан балыққа ұқсап, қайта-қайта тілін жаландатып,
ернін жалай береді.
                        Генерал Захаров алдында
жаткан менің жазба жұмысыма «2» деп қойылған баға мен оқытушының фамилиясын
қызыл қарындашпен айқыш-ұйқыш екі сызды да, жаңадан «4» деген баға қойды.
                       Одан төменірекке:
«Академия бастығы Совет Одағының Батыры армия генералы» деген сөздер ойылған
штемпілін басты да, оның астынан «М.Захаров» деп иректете қол қойып, дәптерімді
өзіме қайтарып берді.
                         -      Сіз боссыз, - деді ол осыдан кейін.
                        Мен ұршықтай үйіріліп,
кейін бұрылдым да, аяғымды дік-дік басып, генералдың кабинетінен шықтым. Жарай
ма осы деталь?
                         Автор. Жарайды, Бауке.
Сөйтіп Сіз академияны бітіріп, ақшалай сыйлық алдыңыз?
                        Бауыржан. Иә,
Академияны жүз жиырма бес адам бітірді. Соның жиырмасына сыйлық берілді.
Академияны тек қана беспен бітіргендерге он үш мың сомнан сыйлық тиді. Менің
беске 0,39 балым жетпей қалды. Соның бәрі жаңағы оқытушының қырсығынан болды.
                      Таза төрт, төрт жарымға
бітіргендер бәйгеге ілінген жоқ. Солардың ішінен жалпы балым 4,61 болғандықтан
мені тандап алып, тоғыз мың сомдық екінші сыйлыққа қосты.
                       Автор. Оқып жүрген
кездегі айлық стипендияларыңыз қанша еді, Бауке?
                      Бауыржан. Әркімдікі әр
түрлі. Менін стипендиям дивизия командирінің жалақысы болатын.
                      Автор. Мұндай
стипендиямен өмір сүруге болады екен, Бауке. Ол жылдарда КазГУ-дің студенті
болып, мен де стипендиямен өмір сүрдім. Ал енді Сіздің сыйлығыңызды жумаймыз
ба, Бауке?
                      Бауыржан. Әрине, көп ақша.
Тоғыз мың сом шытырлап қалтама түскеннен кейін мұны қайда жұмсаймын деп
ойладым. Ақыры мынадай қорытындыға келдім. Бас штабтың академиясын бітірген
бірінші қазақ мен болармын. Ендеше мен осы құрметке арнап халықтың тойын
жасайын дедім.
                       Сол кезде Москвада СССР
Жоғарғы Советінің сессиясы өтіп жатқан еді. Қазақстан депутаттары орналаскан
«Армения» мейманханасына барып, Қалыбек Қуанышбаев пен Мәлік Ғабдуллинді тауып
алдым. Екеуі де депутат болатын. Осылай да осылай, академияны бітірдім. Үкімет
сыйлық берді. Мен де қазақтың бір ұлымын ғой. Ендеше әскери академияны менімен
бірге халқымыз да қоса бітірді деп есептеймін. Осы қуанышқа арнап, қазақша той жасайық.
Өздерің елден келген депутаттардан жиырма шақты адам жинаңдар. Қарсыдағы
ресторанға барып отырайық дедім оларға. Олар келісті. Сол арада Құрманбек
Жандарбеков келе қалды. Жиырмадан аса адам боп жиналып, қарсыдағы ресторанға
барып отырдық.
                         -      Екі тізгін, бір шылбыр Сіздің қолда,
жолдас депутат, - дедім Қаллекейге. - Ас алдыртыңыз. Тойды бастаңыз.
                      Қаллекей келістіріп заказ
берді. Кемелдендіріп тойды жүргізді. Академияны бітіру тойы осылай өз сәнімен
аяқталды.
V
                     Бауыржан. Ол кезде
үкіметтің арнаулы нұсқауы бойынша, академияны беспен бітіргендерге үш түрлі,
төртпен бітіргендерге екі түрлі қызмет ұсынылатын. Не үштің, не екінің таңдаған
біреуіне баруға міндеттісің. Ал мен жоғарыдағы оқытушының кеселінен үштің емес,
екінің бірін ғана таңдауға тиісті болдым.
                       Академияны бітіргеннен
кейін бізді ГУК-тың қарамағына жіберді. ГУК-тың бастығы армия генералы Филипп
Иванович Голиков маған алдымен Кавказға бригада командирі болып баруды ұсынды.
                      - Мен дивизия
командирімін. Оның үстіне академия бітірдім. Бригада командирі болып бармаймын,
- дедім Голиковке.
                     Соғысты бітіріп,
академияны тауысып, кеудеге нан пісіп жүрген кез еді ғой ол, қарағым. Генералға
тура осылай дедім.
                      -         Бара беріңіз. Сіздің пікіріңізді жоғарыға хабарлаймыз, - деді
генерал.
                    Мен тайтаңдап жүре бердім.
Сонымен он күн өтті. Мені тағы Голиковке шақырды.
                      -         Бригада командирі болып бармасаңыз, - деді бұл жолы
генерал,- онда корпус штабының бастығы болып барыңыз.
        Бұл үлкен кызмет еді. Жаман ағаң
ақылсыздык жасады, қарағым. Жарайды, рақмет деудің орнына Голиковке:
                        -       Мен сап командирімін. Ешқашанда штабта
отырған емеспін, - дедім.
Голиков бетіме
қарап отырды да:
                        -       Жолдас полковник, Сіз асқақтықтың сазайын
тартасыз. Бара беріңіз, - деді.
                      Ағат кеткенімді артынан
білдім. Бірақ қайта барып, генералдан кешірім сұрауға өрлік мойын бұрғызбады. Орынсыз
өрлік адамды өкіндірмей қоймайды ғой, қарағым. Партия мен үкімет мені оқытты.
Академия бітіртті. Менің лауазым тандамай, жіберген жерге жүре беруім-ақ жөн
еді. Кеше, Москва түбінде өліп кетсем қайтетін едім. Өлгендерден жаным артық па
еді? Қайтесің, пендеміз ғой. Пенде болған соң кемшіліктен кім құтылмақ.
«Семіздікті қой ғана көгереді» деген даналық сөзді халық тегін айтпаған ғой.
Менің өмірімде жіберген ең үлкен қателігім осы болды. Өзгесінің бәрі түкке тұрмайды.
- Бауыржан сәл ойланып, үнсіз отырып қалды. Содан кейін сөзін қайтадан жалғады.
- Осы қатемді ойласам күні бүгінге дейін екі бетім дуылдап қоя береді.
Адамгершілік, азаматтық арым өзімді өмір бойы осы үшін айыптаумен келеді.
                          Өмірінің қатесін
ешкім де өз аузынан айтып бермейді. Өйткені оны мойындау қиын, өзгеге
мөлдіретіп айтып беру одан да ауыр. Мен саған имандай сырымды айтып отырмын,
қарағым. Оның себебі менің дұрысымды көрген жұрт бұрысымды да білсін. Бір
адамның өмірі мың адамға сабақ. Жас ұрпақ менің де жақсымнан үйреніп,
жаманымнан жиренсін.
                          Осыдан кейін Баукең
ыңылдап, Сәкеннің «Тау ішінде» дейтін әніне ұқсастау әуенмен мынадай бір шумак
өлең айтты:
Атағым жер
жүзіне дүрілдеген,
Бір кезде
Бауыржан ем гүрілдеген.
Айрылып атақтан
да, шатақтан да,
Бұл күнде шал болдық
қой дірілдеген.
                        Автор. Бауке, осының
үшінші жолын өзгертсеңіз қайтеді?
                        Бауыржан. Не деп?
                        Автор. Мәселен, «Тіс
түсіп, тізе қақсап, буын босап» десе де болар еді.
                        Бауыржан. Себеп?
                        Автор. «Ердің аты,
ғалымның хаты өлмейді» деген бар емес пе? Ендеше Сіздің атағыңыз ешқашанда
өшпеуге тиіс. Тарих Сізді ұмытпас болар, Бауке.
                        Бауыржан. Сонда қалай
болып шығады?
                        Автор. Былай:
Атағым жер
жүзіне дүрілдеген,
Бір кезде
Бауыржан ем гүрілдеген.
Тіс түсіп, тізе
қақсап, буын босап,
Бұл күнде шал
болдық қой дірілдеген.
                         Бауыржан. О да жөн
екен. - Содан соң Баукең танауы жалпая рақаттанып күліп алды. - Оның да рас.
Солай-ақ болсын.
                        Автор. Академияны
бітіріп алып, алшандап Москвада жүре береміз бе, Бауке? Кетпейміз бе бір жаққа
жолдама алып?
                         Бауыржан. Оның рас.
Академияны бітірген менен басқа жүз жиырма төрт адам тегіс қызметке кетті.
Сопайып мен жалғыз қалдым. ГУК-тың қарамағында алты ай жаттым. Генерал Голиков ақылы
кіргенде шақыртарсың деп, өзінің орынбасары Свиридовқа тапсырып қойса керек.
Бір күні мені генерал-майор Свиридов шақыртты. Бардым.
                         -      Зеріктіңіз бе, жолдас полковник? - деп сұрады
ол.
                         -      Зеріктім.
                         -      Бәріне өзіңіз кінәлісіз, - деді генерал
Свиридов. - Біз Сізді алғашында бригада командирі етіп тағайындайық деп едік.
Бейбіт уақытта бригада командирі деген әскердегі үлкен қызметтердің бірі.
Бригада командирі лауазымындағы адамға генерал-майор
атағы беріледі.
Бірақ Сіз оны түсінбедіңіз. Одан сон корпус штабының бастығы етуге ұйғарып
едік. Оған да риза болмадыңыз. Қазір басқа бос орын жоқ. Сондықтан уақытша
бригада командирінің орынбасары боп барасыз. Міне, жолдама.
                           - Құп! - деп қолды
шекеге қойып, аяқты сарт еткізуден басқа ештеңе қалмады маған. Үлкен өзендерде
пароход жүзіп келе жатқанда арнаулы адам судың терендігін үнемі өлшеп отырады. Өйтпесе
пароход қайырлап, бөгеліп қалады. Немесе оның винтіне зақым келіп, істен
шығады. Алған жүгін тиісті жеріне уакытында жеткізе алмайды. Адам да пароход
сияқты. Ол да өзінің алдын үнемі оймен өлшеп отыруы керек. Ойланбаған орға
жығылады, опық жейді. Оған өзіңнің өр көкіректігің, өзімшілдігің ғана кінәлі.
Бұл сенің ақылсыздығыңнан істелетін іс емес. Ақыл да ойлағанды ұнатады. Ойланып-толғанған
адамға ғана ақыл дұрыс жол көрсетеді.
                    Алдымен Алматыға, үйге соғып, содан
Сібірге аттандым.
                    Автор. Алматыда кімге
соқтыңыз?
                    Бауыржан. Кімге болушы еді
- әйелім Жамал, ұлым Бақытжан бар емес пе? Соларға соқтым.
                      Автор. Оларды өзіңізбен
бірге алып кетпедіңіз бе?
                      Бауыржан. Жоқ. Жағдай
келмеді. Алматыдай емес, Сібірдің жері суық қой. Сібірдің суығын көтере алмай,
өзім де өлесі болып жүрдім. Кішкентай Бақытжанға суық тигізіп алармын деп қорықтым.
Оның үстіне уақытша кетіп бара жатқандықтан оларды жылы орнынан қозғамайын деп
ойладым.
VI
                    Автор. Бауке, басқа жора-жолдас,
ұстаз-командир, бастық генералдарыңыз туралы толық айттыңыз. Енді әйелдеріңіз,
өзіңізге өмір серік болған жеңгейлер жайында бірдеңе демейсіз бе?
                     Бауыржан. Бұл сұраққа
жауап бермейін деп мен саған былтыр айтқанмын. Немене биыл тағы сол сұрақты
қоңырсытып отырсың?.. Ал, қай әйелге қалай үйленгенін, неге ажырасқанын саған
қандай ақымақ еркек айтып береді деп ойлайсың. Әйелді қорлаған
еркекті өмір өкінішсіз
жібермейді. Өйткені, әйел - өмірдің анасы, ал асыл перзент анасын ешкімге де
қорлатпайды. Өйткені, әйел - киелі халық. Оның киесі өзін қорлаған еркекті бір
атпай кетпейді... Менің көзім осыған жетті. Сенің іздеп отырғаның осы сөз ғой.
Понятно тебе?.. Мен соғыста етегіме намаз оқып жүргемін жоқ. Сен өзің оқыдың
ба?
                     Автор. Оқыдым, Бауке.
Менің намазым қаза болған емес.
                    ...Қырық төртінші жылдың
күзі көз алдыма елестеді. Бірінші Брест атқыштар дивизиясының делегациясы
Алматыға келді. Мен делегацияның жетекшісі едім. Қасымда Тәкен Майшынов, Қабыш Мусин
деген екі серігім бар. Үшеуіміз де жиырма екі жастамыз.
Біз Варшава
түбінде тұрған дивизиядан Қазақстан үкіметіне хат әкелдік. Делегациямызды Халық
Комиссарлары Советі председателінің орынбасары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қабылдады.
Қазақтың үлкен жазушысы Сәбит Мұқанов үшеуімізді үйіне шақырып, қонақ етті.
Біраз күннен кейін Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Халық Комиссарлары
Советінің дивизияға жолдаған хатын алып, майданға қайттық. Жолда Қызыл-
ордаға түсіп,
сол жерден дивизияға арналған сәлем-сауқат ала кететін болдық.
                       Қызылорда обкомында бізді
облыс басшылары Рақымбай Төлебаев, Медеу Аталықов деген кісілер жылы шыраймен қарсы
алды.
                       - Сіздің дивизияға қазақ
халқының сәлемдемесі деп бір вагон күріш, бір вагон балық бермекші едік. Соны
дайындап, вагонға тиеу үшін біраз күн осында бөгелулеріңізге тура келеді, -
деді Төлебаев. - Ертең жетінші ноябрь - Октябрь мейрамы. Біздің Шиелі дейтін
ауданымызда ауданаралық той өтеді. Шиелі биыл Отанға күрішті көп беріп отырған
аудан. Соған жапсарлас үш-төрт ауданның халқы жиналып, Октябрь тойын тойлайды. Сіздерді
сол тойға қатысып, екі-үш күн елде аунап-қунап қайтсын деп отырмыз.
                      Бір паровоз бір вагонды
сүйреп, түні бойы жүріп, таңертең бізді Шиеліге жеткізді. Бізді вокзал басында
салт атқа мінген жиырма қыз қарсы алды. Біз вагоннан шыға бергенде жиырма қыз
ат үстінде тұрып домбыра тартты - күй атасы «Саржайлауды» аңыратты. Менің көзіме
жас үйіріліп, қозғалмастан тұрып қалдым. Екі жолдасым арсаландап, қыздарға қарай
жүгірейін деп еді, ым қағып оларды да тоқтатып тастадым. Күй біткеннен кейін
қыздар тегіс аттан түсті де, домбыраларын кеуделеріне қысып, бізге иіліп
сәлем берді. Осы
кезде жолдастарым қыздарға қарай тұра кеп жүгірді. Олардың жетектерінде бізге
әкелген бос аттары бар екен. Біз сол аттарға мініп, қыздарға ілесіп, той
болатын жерге келдік.
                       Той бір төбенің басында басталды. Қалың жұрт
төбенің басынан етекке дейін керней жерде жайғасты. Ең төменде, оларға қарсы
қарап, үстел басындағы президиум мүшелері сияқтанып, он бес шақты адам ат
үстінде отырдық. Шиелі аупарткомының секретары Ғизат Жүгірәлин деген кісі алға
шығып, күрішші қауымды Октябрь мерекесімен құттықтады. Майдан жеңісіне қысқаша шолу
жасады. Елдің майдан үшін істеп жатқан ерлік еңбегін айтты. Бұл ұлы мейрамда
біздің ортамызға майдангерлер келіп отыр. Енді сол балаларыңыздың лебіздерін
тындаңыздар деп аупартком секретары сөзді маған берді.
                      Атымды тебініп, енді мен
алға шықтым.
                     Алдымен халыққа өзіміздің
Бірінші Брест атқыштар дивизиясынан келгенімізді, ол дивизиядағылардың дені
бұрын өзім құрамында болған жүзінші бригаданың жауынгерлері мен командирлері
екенін айттым. Жүзінші бригададан Мәншүк Мәметова сияқты Совет Одағының Батыры
шыққанын баяндадым. Тағы басқа ерлерді атадым. Қазір дивизиямыздың Польша
жерінде жауды батысқа қарай қуалап бара жатқанын білдіре келіп, дивизиядағы осы
Қызылорда облысының бір ақын жігіті маған былай деп өтініш айтқан еді дей
келіп, мынадай бір шумақ өлең оқыдым:
Болсын десең
дұшпаннан күші басым,
Жұқсын десең
бойыма ішкен асым,-
Сырдарияның
суынан әдейі арнап,
Бір тамшысын ала
кел, кұрбыласым!
                               -            Біз ол өтінішті орындайтын болдық, -
дедім сөзімнің соңында. - Сіздің облыс біздің дивизияға Сырдарияның суына өскен
бір вагон күріш пен Сырдарияның суынан ұсталған бір вагон балық беретін болды. Сіздерге
мың мәртебе рақмет, Сыр елінің
халқы. Біз
сіздерге жауды жеңіп қайтамыз деп серт береміз.
                              Менен кейін алға
мойны құрықтай құла мінген, басында пұшпақ бөркі, мойнында гармоны бар, қара
мұртты, елудің жуан ортасындағы қызыл шырайлы кісі барды. Ол кісінің әуезді
әсем үні гармонмен бірдей шықты. Ақын алдымен жиналған жұртты мерекемен құттықтап
алып, содан кейін халыққа осы келген үш жігіт өздеріңнің балаларың. Бұлар
солардың қасынан келді. Бұлар өз балаларыңның сәлемін әкелді. Ертең осы
үшеуіндей боп олар да жеңіспен елге келеді. Сонда қозыдай маңырасып, қойдай
шуласып табысасындар. Осы балалардың ізі өз балаларыңа салған жол болсын. Бұл
ерлердің жортқанда жолы болсын! - деп өлеңмен тілек батасын берді. Бүкіл халық егіліп
отырып, «әумин!» деп ақынды қостады.
                               Ол кісі халық ақыны
Нартай Бекежанов екен. Ол Нартай ақынды бірінші рет көруім еді. Ақындығына,
ақылдылығына, әншілігіне қатты разы болып, кетер-кеткенше мен ол кісінің
қасынан қалмадым. Жолдастарым «Қыз куу», «Көкпар тарту», «Теңге алу» ойындарына
қатысып, олар да мәз-мейрам болды.
                         Мереке өткеннен кейін
аупарткомның өтініші бойынша колхоздарды араладық. Бізбен көрісіп, кездесуге
жиналған жұртқа Тәкен жаяу әскер жайын, Кабыш барлаушылық тәжірибесін
баяндайды. Мен артиллерист достарымның ерлігін айтамын. Нартай ақын өзінің
әуезді үнімен ән-өлең шырқайды. Жеңіс жақын деп жұртқа жігер береміз. Содан
кейін аудандық комсомол комитетінің секретары Әсия бастаған қыздар концерт көрсетеді.
Олардың көпшілігі бізді Шиелі басында домбырамен қарсы алған қыздар. Шиелі
қыздары шетінен ақын, әнші, домбырашы екен. Солдаттардың сөзін естіп, қыздардың
өнерін көргенде, еңселерін жұмыс басқан жұрт едәуір желпініп қалысады.
                        Үшінші күні түнде Шиеліге қайттық.
Ай сүттей жарық еді. Көп салт атты болып, қатар түзеп, көсілте аяңдап келеміз.
Мен аупартком секретары мен ақынның ортасында едім. Оның ар жағында колхоз
председателі келе жатты. Қыздар артқы лекте болатын. Тәкен мен Кабыш солардың
ортасында.
                      Бір кезде артта келе
жаткан Қабыш:
                       -        Жүр, Тәкен, тағы да шабайык, - деді.
                       -        Әсия, Базаркүл, жүріңдер кеттік, - деді Тәкен. Жастар бір бүйірге
қарай дүрсілдетіп шаба кеп жөнелді.
                       -        Қыздар, құлап қалмандар, - деп айқайлайды олардың соңынан
колхоз председателі. Оны ешкім тындаған жоқ. Көп аттың тұяғы дүңк-дүңк
естіледі. Ол түнгі дала жүрегінің дүрсілі іспеттенеді. Біраздан кейін жастар көзге
көрінбей, тұяқ дүрсілі естілмей жым-жылас жоқ болды да кетті.
                       -        Қабыш пен Тәкенде тыным жок,-дедім мен осы кезде қасымдағы
жолдастарымды сөзге шақырып. - Елге жеткелі екеуі енесінің айналасында күлте
құйрығын көкке тігіп алып шапқылаған құлындай құлдырап жүр.
                        -       Шіркін, туған жерге не жетсін, еркелегендері
ғой, - деді ақын.
                        -       Рас, көп қыздың ортасында көлге сүңгіген
үйректей боп жүр өздері, - деді колхоз председателі. Аупартком секретары
үндеген жоқ.
                        -       Қарағым, бүгін бұл үшеуінен осы елдің
аяры жоқ, - деді құла жорғаның үстінде шайқалып келе жатқан ақын. - Мінген
атыңның бір терлеп, қиналғанына қарамай, мынау балалармен қосылып, сен де бір
көсіле шауып, сергіп алсаңшы.
                      Осылай деп ақын артқы
қатарда келе жатқан әнші қыздарды нұсқады.
                      Мен күліп, басымды
шайқадым.
                       -        Әлде атқа шаба алмаушы ма едің?
                       -        Атқа шабамын ғой, бірақ айға шаба алмаймын, - дедім тағы да күлімсіреп.
                      Ақын жорға ырғағымен
қайтадан теңселіп, біраз үнсіз отырды да:
                        -       Ай аяғыңның астында жатса ше? - деді
менің бетіме тіке қарап.
                        -       Айды таптауға болмайды ғой, аға, онда
айналып өтемін.
                      Ақын тағы үнсіз қалып, шоқша
сақалын разылықпен сипады.
                        -       Оның жөн екен, бауырым, - деді содан соң.
- Менікі өзің сонау алыстан, өлім мен оттың ішінен келіп, астыңа жүйрік ат
тигенде тақымың нәумез болмасын деген ғой жай. Сенікі жөн. Әйтпесе осы күні, -
ақын оң жағындағы председательге бір қарап қойды, - көп азаматтар көзіне жылқы
баласы көрінсе болды, соған бұт артып, шаба жөнелетінді шығарды ғой. Қолына
түскені жас жабағы ма, үйретілмеген тай, құнажын байтал ма - шаруасы жоқ. Жас
жылқының қолы түсіп қалады-ау, обал-ау деп ешкім ойламайды. Осы соғыстың
кесірінен жылқы да жуасып кеткен бе, әйтеуір көне береді.
                        Осылай деп ол атын бір
қамшылап қойды. Құла жорға мойнын құрықтай созып, тайпала түсіп ілгері ұмтылды.
Біз көп уақыт үнсіз келе жаттық.
                        Бір кезде арт
жағымыздан қалың дүрсіл қайта естілді. Менің жолдастарым мен қыздар екен.
                        -       Басеке, ұрысып жатқан жоқсыз ба?-деді Кабыш
екі танауы делдеңдеп.
                       Мен үндемедім.
                        -       Е, бастықтарың неге ұрсады? - деді колхоз
председателі жігіттерге қарай жамбастай бұрылып. - Әскерде увольнительный деген
бір жапырақ қағаз болады. Сендер оның орнына бір-бір қыз жетектеп кеттіңдер
емес пе? Ондай увольнительныйы бар солдатқа кім ұрсады?
                         -      Сіз ол қалжақты қойыңыз, - деді тік мінез
Қабыш.
                         -      Е, қойдым, қойдым. Қоймағанда, - деп
председатель күңкілдеп атының белін қайыстыра қайтадан түзеліп отырды. Жұрт
үнсіз қалды.
                         -      Немене, армансыз шаптындар ма, жігіттер? -
дедім мен ол үнсіздікті бұзу үшін.
                         -      Шаптық, шаптық, - деді Тәкен мен Қабыш
жарыса жауап қатып.
                         Сөйтіп біз алпыс тонна
күріш, қырық тонна балық алып, Қызылордадан майданға аттандық. Соғыста
жалғыздарынан айрылған шерлі әкелер, мұңды аналар, күйеулерінен «қара қағаз» алған
қаралы келіншектер, қайғылы қара көз қыздар, ардагер
Нартай ақын, соғыстың
ауыртпалығына қарамастан қайыспай еңбек етіп, майданға жан аямай болысып жатқан
еңбекші жұрт - ер халық ерекше ұмытылмастай боп көңілімізде қалды. Осы себептен
бе, маған Қызылорда өзге облыстардан гөрі ыстық көрінуші еді...
                       Баукең жаңа соғыс
кезінде сен етегіңе намаз оқып жүрдің бе дегенде осы оқиға ойыма түсті.
                        -       Оқыдым, Бауке, менің намазым қаза болған
емес, - дедім өзіме бажырая қарап отырған Бауыржанға берген жауабымды қайталап.
                       Бауыржан. Оқысаң оқи
бер. Мен өтірік айта алмаймын. Сен оқыған болсаң - сен мен емессің, мен - сен
емеспін. Екеуіміздің жағдайымыз да екі басқа болды. Сондықтан екеуіміздің
арамыз жер мен көктей... Қазір де солай! Түсінікті ме саған? Мен отыз екіме
дейін періште болдым: арақ ішпедім, әйелге қиянат жасамадым. Неменеге күлесің,
ей? Мен саған күлкі үшін айтып отыр деймісің.
                      Құдай мені мінез жағынан
сыйымсыз ғып жаратқан. Әйелдеріме мен сондықтан сыймадым. Ал сыйған әйелім
менің мандайыма сыймады. Қараңғы үйге қамап, қалтырақтатып жарық дүниеге жалғыз
тастап кетті. Жұқарған, жұртқа керексіз болған кезіңде жалғыз қалған жаман
екен. Қартайғанда қасыңнан атақ, қалтаңнан акша қашады. Одан соң абырой зытып,
қайқандап қадір жөнеледі...
                    Адамды бұзатын не? Тағы да
сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің
буына бөртіп, әйелдерді біз - еркектер бұзамыз. Түсінікті ме? Түсінікті болса
сол: қартайғанда адам соқа басы сорайып, жалғыз қалады. Өйткені қыз
күйеуге кетеді,
ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атак, ақша, абырой, бала - бәрі безгенде, қыңқ
етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Енді сенің кешегі
қалың жауға қарсы қылыштай сермейтін дивизияң да, бүкіл дүниені дүбірлеткен атағың
да, қара басынды қалың елге сыйлатқан абыройың да сол! Адам боп сүрген аз
дәуреніңді - елу жас па, жүз бе, бәрі бір оның - аяқтап, мәңгі келмеске бірге
аттанар сенімді серігің де сол! Сол жалғыз серігіңе өмірде адал болмағаның
өзіңе ауыр, одан айрылып, жалғыз қалғаның одан да қиын! Понятно тебе? Мұны
еркектер ойлауы керек! Шал болып, шандырға айналып, шашы шашылып, тілі валидол
татып кеткен еркектің ештеңеге шамасы да келмейді. Оның мұндай қасиетті ойды
ойларлық қабілеті де қалмайды. Алған жарға адал болуды жас бастан ойлау керек.
                      Сен ішіңнен күліп отырған
боларсың: бұл мәселеде Бауыржан өнеге айтқан соң не сорым деп. Жоқ, күлме. Мен
өз өмірімнен қорытқан тәжірибемді айтып отырмын. Егер менің өмірім өзгеге үлгі
болуға жараса, онда одан алатын екінші сабақ осы, қарағым. Менің бұл жөніндегі
қателігімді де кейінгілер қайталамаса екен деп тілеймін!.. Енді бітті бұл
тақырып... Болды...
VII
                    Автор. Ал, Бауке, бригадада
қанша болдыңыз?
                    Бауыржан. Бір жылдай...
                   Автор. Иә. Содан тура бір жылдан
кейін Сіз тыл және жабдықтау әскери академиясының жалпы тактика мен оперативтік
өнер кафедрасына аға оқытушы болып тағайындалыпсыз.
                      Бауьржан. Рас. Артынан
маған қатардағы ординарный профессор атағы берілді.
                     Автор. Сіздің өміріңіз екі
саладан тұрады ғой, Бауке. Бірі - командирлік, екіншісі - жазушылық. Осы екінші
жолға қалай түстіңіз? Кімнің, ненің тікелей әсері болды.
                      Бауыржан. Ондай әсерлер кеп қой,
қарағым. Мен қаршадайымнан қазақ фольклорының тұнығын кешіп өстім. Есейе келе Абайды
оқыдым. Сәкен, Сәбит, Бейімбет, Ілияс кітаптарын қолтықтап жүріп ер жеттім. Қазақ
әдебиетінің шалқар көлін шағала боп шарықтаған мен, бір кезде Ленинградқа, банк
қызметкерлерінің оқуына бардым. Ленинградта мен онердің ғажайып сарайына
кірдім, орыс әдебиетінің ғаламат теңізіне сүңгідім. Әрине, мен ол кезде ақын немесе
жазушы боламын деп ойлағаным жоқ. Қолбасы болу да менің үш ұйықтасам түсіме
кірмеген жай. Мен тек қана банк қызметкері боламын дедім. Бірақ жасында
оқығандарың өзіңе елеусіз боп жадыңа сіңе береді екен.
                      Содан кейін мен тіршілік
теңізін кештім. Ұлы Отан соғысы сияқты өмірдің ұлы мұхитынан өттім. Кітаптан
оқығандарым сияқты, өмірден көргендерім де құпия қазына болып жүрегімнің бір түкпіріне
жинала берсе керек. Оның үстіне Бас штабтың академиясында оқыған жылдар мені
жазушылыққа мүлде жақындатып кетті. Әсіресе әскери жазушы болуыма академияның
әсері тиді. Онда әскери адамдардың әр түрлі жағдайдағы психологиясын сыпаттау
үшін жазылған толып жатқан жұмыстар менің болашақта жазушы болуыма астыртын
әсер етті. Мінеки, менің жазушы болуыма игі ықпал етіп, әсерін тигізген төрт
фактор осы. Олар: қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, өмір және әскери академия.
VIII
                       Бригададан босап, Сочиге
демалысқа кетіп бара жатқан бетім еді. Жаңағы айтқандарымды ойлап, өткен-кеткен
өміріме көз жібере толғанып отырған шағымда номерімнің телефоны шылдыр ете
қалды. Трубканы алып едім, ар жактан қырылдаңқыраған
бір дауыс келді.
                        -       Әй, сен, Бауыржанбысың? - деді дауыс.
Бірден таныдым - Сәбит Мұқанов.
                        -       Ассалаумағалайкүм, Сәбе.
                         -      Уәликім сәлем. Ал жалғызбысың, әлде қасында
«шатағың» бар ма?
                        -       Жалғызбын, Сәбе.
                        -       Жалғыз болсаң менің номеріме кел. Мен
күтем сені.
                       Сәбең Алматыдан келіп,
мен жатқан «Москва» мейманханасына түскен екен. Мені сыртымнан көріп қалып, администратордан
кіріп, номерімді сұрап алып телефон соғыпты. Бұрын мен академияда оқып жүрген
кездерде де Москваға келген сайын мені осылай телефонмен іздеп тауып алатын.
Бардым. Мәкең жеңгей қасында екен. Сәбеңнен ел жайын сұрап, әдебиет туралы
әңгімелестік. Мен оған «Сибирь», «Доктор» деген екі өлеңімді оқып бердім.
                         -         Әй, Бауыржан, сен мына өлеңдерді текке
қор қылып жүрсің, - деді содан соң Сәбең,- Бұларды қалай да жариялатып жарыққа шығарту
керек. Сонан соң кешегі өткен жер жүзілік қырғын соғыстың сыры мен сыпатын қазақта
сенен басқа жақсы танып-біліп, түсінетін адам кемде-кем. Сондықтан сол жайды
қағаз бетіне түсіріп халқыңа, ел-жұртыңа, замандастарың мен туыстарыңа, болашақ
ұрпаққа пайдасы тиетіндей кітап етіп жазып беру - азаматтық міндетің.
                       Жаңа сен кімнің әсері
болды деп сұрадың ғой. Сәбеңнің осы сөзінің маған тікелей әсері болды. Сол сөз
мені қабағат рухтандырды. Содан кейін Сәбең екеуіміз Москваны аралап жүріп,
тағы да көп әңгімелестік. Жоғарыда бір жерде Сәбитпен ресторанға
барғанымды айтып
едім ғой. Ол дәл осы күннің кешінде болатын.
                     Мен 1971 жылы жазда,
Қазақтың М.О.Әуезов атындағы академиялық драма театрында Бауыржан Момышұлының
алпыс жасқа толғаны атап өтілген қалалық жиында Сәбит Мұқановтың мінбеге келген
сәтін көз алдыма елестеттім.
                        -       Мен Бауыржан елу жасқа толғанда шығарған
өлеңімді оқимын, - деді Сәбең көзілдірігін киіп жатып, тек өзіне ғана тән мәңгі
қарлығыңқы үнімен. Содан кейін ол ақ саусағын шошайта залға қарай қолын сермеп
қалды. - Мен бір айтпаймын, ал айтқанымнан қайтпаймын. Бауыржанға елуінде не
тілесем, алпысында да соны тілеймін.
Жұрт ду күлді.
Сәбең сонда мына өлеңін оқыған еді:
«Советтің саналы
ер еркегі» деп,
«Жігіттің қыз қызығар
көркемі» деп,
Бауыржан Момышұлы
жер жүзінде
Тарапты барлық
елге ертегі боп.
Барсам да қай
континент, қай аралға,
Заманнан аз
хабары бар адамда
Білмейтін
Бауыржанды жан көргем жок,
Мен бұған куанам
да, таңданам да.
Айтайын ең алдымен
куанышты:
Қазақта ұл
туғанмен талай күшті,
Жер жүзін
тамсандырып Бауыржандай
Есімі қайсысының
хатка түсті?
Ауылдың қалды көбі
аумағында...
Бауыржан
«Катюшадай» лаулады да,
Өртеді
фашистерді, сондыктан да
Таниды досы
түгіл жау жағы да.
Батыста, жүрген
ғылым тереңінде,
Ақылын,
өжеттігін, өнерін де
Жыр етіп,
Бауыржанның батырлығын
Таниды, бір-ақ
шындык көлемінде.
Ежелден
ертегішіл Шығыс - кәрі,
Шындықтан шыға
шырқап, кетеді әрі:
Көреді қаһармандай
тау көтерген,
Немесе, жер
тітірткен Әзірет-Әлі.
Білсе егер
екенімді менің қазақ:
«Сендерде ұл бар
ғой, - деп, - сондай ғажап?»
Шуласып
қамағанда қалың адам,
Жарылмай
қуаныштан тұрам аз-ақ!
Айтайын
танданудың енді жайын:
Ұшканын атақ-даңкы
көрген сайын.
Келтірем көз
алдыма Бауыржанды,
Кәдімгі жақсы
адамды - қарапайым.
Білемін бұл
жігітті ерте күннен:
Қаттыны нелер
керім еріте білген.
Шықты бұл қылыш
болып майрылмайтын,
Советтік
Армияның мартенінен.
Шықты да жалаң
қағып тұрды сапқа...
Отандық ұлы
соғыс қызған шақта,
Ақылы,
қимылымен, қайратымен,
Өзіне ие болды
берген атқа.
Сол үшін Отан
мен халқы сүйіп,
Атаса кететұғын
денесі иіп,
Тарихқа кірді
бұл да дәл Зоядай,
Немесе
секілденіп - Мересьев.
Фашисті бұл
батырлар қырып-жойды,
Азамат болды
істері абыройлы.
Құрметпен,
сондықтан да, Бауыржанға
Жатырмыз елу
жаста...
                   «То есть» деп ,Сәбең қағаздан
басын көтеріп алды да, сол жақ иығынан кері бұрылып, сахна төріндегі үлкен етіп
жазылған «60» деген цифрды нұсқап, «әне, әне» деді де, бұл шумақтың төртінші
жолын түзетіп қайтадан оқыды. Жұрт тағы да дүр сілкініп, ду күліп қалды.
Жатырмыз алпыс
жаста жасап тойды.
Шашуым осы-ақ
болды тойға дайын.
Ел сүйген ерді
мен де аймалайын!
Бауыржан,
ата-анаңа алғыс айтып,
Советтен сені
өсірген айналайын!
                     Осылай деп Сәбең басын
көтерді де, құшағын кең жая мінбеден түсті. Бауыржан да орнынан атып тұрды.
Екеуінің құшағы сахна ортасында айқасты. Мол денелі сабырлы Сәбең арқылы халық Бауыржандай
батыр ұлын тағы да мейірлене құшағына қысқан іспеттенді. Содан кейін Сәбең
Бауыржанды балаша құлағынан тартып, сәл еңкейтті де:
                      -         Елің үшін! - деп мандайынан бір сүйді. Одан кейін тағы да
еңкейтті.           
                      -         Өзім үшін! - деп екінші рет сүйді.
                      -         Ұрпақ үшін! - деп үшінші рет еңкейтіп және сүйді.
                      Зал күліп, дуылдап, шартылдата шапалақ
соғумен болды. Көп адамның көзіне жас үйіріліп, домаланған ыстық моншақтар ыршып
түсіп жатты.
                      Автор. Шіркін, Сәбең-ай
десеңші! Кімді рухтандырмады, кімге көмектеспеді. Қазақтың өзінен кейінгі
ақын-жазушыларына Сәбеңнен көп көмек көрсеткен ешкім жоқ шығар. Әдебиетке
келген бәріміз сол кісіге әкеміздей қарыздар едік-ау. Ол кісінің көшеде тоқтай
қалып «әй, халің қалай?» деп бір ауыз айтқан жылы сөзінің өзі не тұрушы еді?
                      Бауыржан. Сонымен
академияда бес жыл сабақ бердім. Күні бүгінге дейін Москва университеті мен
Москваның әскери академиясында лекция оқыған санаулы ғана қазақ бар. Бұл -
мақтан емес, ақиқат. Түсінікті ме саған? - Мен басымды изедім. - Жаз,
түсінікті болса.
                       Әскери академияда сабақ
беріп жүріп, мен жазушы болуды ойлана бастадым.
                       Осы оймен Калинин
қаласында жүріп (біздің академия сонда көшіп барған болатын), орыс тілінде
«Біздің семья» кітабын жазып шықтым. Ол кітаптың қайда, қашан басылғанын
айтқанмын саған.
                       Елу бесінші жылдың аяқ
жағында, бір күні Москваға келіп, ГУК -ке кірдім. Генерал Голиковтан мені
армиядан босатып, запасқа шығаруды өтіндім.
                        -       Енді отставкадағы полковник боламын.
Бірақ отставкадағы азамат болмаймын, жолдас генерал, - дедім.
                         -      Армиядан кеткенде не істейсіз? - деді генерал
танданып. - Сіз қырық бесте екенсіз. Бұл нағыз офицердің жасы. Армияда әлі де
бірсыпыра жыл қызмет істеуіңізге болады ғой.
                         -      Мен жұмысты тастамаймын, жолдас генерал.
Енді әдебиет майданында қызмет ететін боламын.
                         -      Қай тілде жазбақсыз?
                         -      Орыс тілінде.
                         -      Жазушы болу үшін ең кемі әдебиет
институтын бітіру керек қой, полковник.
                         -      Маған әдебиет институтының керегі жок,
жолдас генерал. Менің жазушы болуыма өзім өткен өмір университетінің сабақтары
да жетеді.
                         -      Бұл Сіздің үзілді-кесілді шешіміңіз бе,
полковник?
                         -      Дәл солай, жолдас генерал.
                         Осыдан бес жыл кейін,
әскери жазушылардың Москвада болған кеңесінде сөйлеген сөзінде сол кісі, армия
генералы Филипп Иванович Голиковтың тап өзі: «Момышұлының запискалары мемуар болғанмен,
басқа мемуарлардан көп айырмасы бар, ол көркемдік дәрежеге көтерілген, онда
артық эпизод, керексіз кейіпкерлер деген жоқ. Нағыз маңызды эпизодтар мен
образдарды іріктеп алған» деді. Бұл сөзді естігенде мен Голиковтың мақтағанына
емес, Голиковке жазушы боламын деп берген уәдемді орындағаныма қуандым. Әрине,
Голиковтың армиядан жақында кеткен офицер не тындыра қойды дейсің деп, менің
кітабымды оқымай тастай салуына болатын еді. Оқып шығып, әділ бағасын айтқан.
Ол үшін генералға мың мәртебе рақмет. Содан кейін мен өзімді отставкадағы адам
емес, Совет Армиясының сапында жүрген жауынгер офицер санатында сезіндім. Ол
сөз маған туған анамдай боп кеткен армияның алыстағы ұлына білдірген
мейір-махаббаты тәрізді боп танылды. Бұл өзіңе сонша айтылған бір сыр ғой,
қарағым.
                     Содан кейін Голиков мені Бурденко
атындағы бас әскери госпитальға жіберді. Соның қасында жоғары әскери комиссия
бар еді. Оның бастығы Доброхотов деген контрадмирал болатын. Келсем Доброхотов
шашы аппақ, өзі қап-қара, бірақ жылы жүзді, өте бір биязы кісі екен. Сәлемдесіп,
жөнімді айттым. Мені денсаулығыма байланысты армиядан босатыңыз дедім.
                     Доброхотов мені орталық
әскери комиссияға жіберді. Оның жеті комиссиясы бар екен. Солардан өттім.
Академияға мені әскерден босату туралы ВКК-ның қаулысын әкеп бердім.
                      Екі күннен кейін академия
бастығы шақырды.
                      -         Денсаулығыңыз нашарласа курортқа жіберейік, - деді бастық.
                      -         Курорттан
бас тартамын. Мені әскерден босатуды сұраймын, - дедім.
                      Содан біраздан кейін
бұйрық шықты. Онда полковник Бауыржан Момышұлы денсаулығына байланысты,
59-статьяның «б» пунктіне сәйкес әскерден босатылсын және оның әскери киім киіп
жүруіне рұқсат етілсін деп көрсетілді. Бір басыма жеткілікті пенсия
тағайындалды.
                       Елу бесінші жылдың
декабрінде барлық дос-жолдастарыммен, академиямен, армиямен қоштасып, Алматыға
қайтгым. Әрине, бұл айтарға ғана оңай. Әйтпесе он бір ай - қызыл әскер, он төрт
ай - взвод командирі, үш жыл төрт ай - рота командирі, тоғыз ай - аткыштар
полкы штабы бастығының орынбасары, бес ай - республикалық военкоматтың аға
нұскаушысы, бес ай - батальон командирі, екі ай - полк командирінің орынбасары,
сегіз ай - атқыштар полкының командирі, жеті ай - Бас штаб әскери академиясының
жанындағы білім жетілдіру курсының тындаушысы, үш ай - дивизия командирінің
орынбасары, алты ай - дивизия командирі, екі жыл екі ай - Бас штаб әскери академиясының
тыңдаушысы, екі жыл - бригада командирінің орынбасары, бес жыл - әскери
академияда ординарлық әскери профессор болған армиямен қоштасу оңай іс емес,
қарағым. Мен - армияға, армия - менің өміріме айналып кеткен еді ғой. Армиядан
босау маған қырық бес жасымда қайтадан туып, екінші бір өмірді жаңадан
бастағанмен парапар еді. Бірінші өмірімде менің Отанға сіңірген азды-көпті
еңбегім, халықтан алған атақ-абыройым бар еді. Екінші өмірімде ондай еңбек
етіп, халықтан алғыс ала алам ба? - деп толғандым.
                       Баукең сәл бөгеліп, тағы
да «Қазақстан» темекісіне қол созды. Сидиған, салалы, етсіз, арық саусақтарына
көзім түсіп, тағы да оны ішімнен аяп кеттім. Басқа жұрт сияқты, бұрын мен де
Баукеңе мән бере бермейтінмін. Соғысқа кім қатыспады, кім командир болмады деп
ойлайтынмын. Өзімен етене араласып, ұзақ-ұзақ әңгімелескеннен кейін Баукең
маған басқа қырынан көрінді. Бұл кісі еліміздің атақты қолбасы, генералдарымен
қызметтес болып, олардың бұйрықтарын орындапты. Жуков, Василевский, Рокоссовский,
Баграмян, Говоров, Захаров сияқты маршалдармен ауызба-ауыз тілдесіпті. Әскерде
маршал түгіл генерал көрмеген маған алдымда отырған арық шал бірте-бірте
биіктеп асқар тауға айналып кеткен сияқты боп көрінді.
                         Ең алғаш әңгімелесе
бастаған күндеріміздің бірінде, сөз арасында Баукең маған «мен профессормын»
деген еді.
                          -  Не дейсіз? - деп мен қайталап сұрадым.
                          -  Мен қатардағы әскери профессормын, - деді ол
мұрты тікірейіп.
                        Мен Баукеңе жайлап қана жымиып
қарадым. Оным: «Бауке, осы жерін артығырақ сілтеп жіберген боларсыз» дегенім
еді. Бауыржан менің шүбәланып отырғанымды сезді де:
                          -  Сенбесең қой, - деп ол әңгімені аяқтатпастан
бірден үзіп тастады.
                          Артынан мен Момышұлы
туралы көптеген документтермент істес болдым. Документ пен Баукең айткан
әңгімелер арасында алшақтық жоғына әбден көзім жетті. Сөйтіп жүріп Баукеңнің қатардағы
әскери профессор болғанын да анықтадым. Калинин
қаласындағы
әскери академияда сабақ беріп жүргенінде Момышұлы тактикадан алты, стратегиядан
тоғыз еңбек жазады. Сол үшін аға оқытушылықтан ординарный профессор дәрежесіне жоғарылайды.
Бірақ бұл атақ академияда лекция окып жүрген кезінде сақталады да, одан кетсең
алынып қалады екен. Өйткені ол атақ сенің орныңа келген екінші оқытушыға
беріледі. 1956 жылдың бірінші январында Момышұлы жоғарыда аталған академияның тізімінен
шығарылған. Сол күннен бастап оның қатардағы әскери профессор атағы да өшіп
қалған. Жаңа Баукең армияда атқарған қызметтерін санамалап отырып, бес жыл әскери
академияда ординарлық әскери профессор болдым дегенде менің ойыма алға-
шында осы сөзге
сенбегенім түсіп, іштей ұялып отырдым. Оның аузынан әр түрлі жағдайда айтылып
кеткен үсақ-түйек дәлсіздіктерге түзету жасаған тұстарымды да артық кердім.
Өзіме берген деректерінің бәрі дұрыс болғандықтан Баукеңнің басқа жерлерде
айтқан сөздерінде не шаруам бар еді деп ойладым.
IX
                          Автор. Бауке, өткен
жолғы әңгімелердің бірінде Калинин қаласындағы әскери академияға сабақ беріп
жүрген кезімде тактика мен стратегиядан еңбектер жазып ординарный профессор
атағын алдым деп едіңіз. Одан бұрынырақта жаяу әскердің жауынгерлік уставына
пікір қосқаныңызды білдіргенсіз. Осылардың қандай еңбектер екенін ашып айтуға
бола ма?
                          Бауыржан. Жоқ.
Болмайды. - Осылай деп қатаң, тіке айтты да, Баукең ақ мүштікті аузына апарып
бір-екі сорды да, бұрқ еткізіп түтін шығарды. - Ұлттык табыс дегеннің не екенін
білесің ғой, - деді содан соң даусын бәсендете сөйлеп. Мен басымды изедім.
                            - Білсең, - деді де
Баукен енді орысша сөйлеп кетті: - Национальный доход в СССР весь принадлежит
трудящимся: одна часть его поступает трудящимся в виде личных доходов, а другая
- используется как общественный фонд накопления и удовлетворения потребностей
всего общества и составляет общественную собственность. Понятно тебе? - Мен
тағы да басымды изедім. Бірақ ішімнен: Баукеңнің баяғыда банкте қызмет істегені
есіне түсіп кетті ме, саяси экономияға кіріп кеткені несі деп ойладым. - Ұқсаң осыны
қазақшалағын. - Мен қағазға жазғанымды ауызша аударып, оқып бердім. - Ұлттық
табысқа СССР-де бүтіндей еңбекшілер ие: оның бір бөлігі еңбекшілер қолына
өзінің жеке табысы ретінде тиеді де, ал екіншісі жинақтаудың қоғамдық қоры
ретінде әрі бүкіл қоғамның керексінуін өтеуге пайдаланылады, сөйтіп ол қоғамдық
меншікке айналады. Осылай ма? - деді Баукең менің аудармамның дұрыс, қисығын
тексергендей сәл ойлана отырып. - Осылай болса, ол еңбектер, ұлттық табыстың
екінші бөлігі сияқты, мемлекет меншігіне жатады. Ол менің советтік қоғамның
әскери ой қазынасына қоскан өз үлесім. Оған мен ие емеспін. Бірақ мен социалистік
мемлекетті қорғаудың қоғамдық осы ғажап
меншігіне титтей
де болса өз үлесімді қосқаныма разымын. Мақтанамын демеймін. Түсінікті ме? Ал
мен ұлттық табыстың бірінші бөлігі сияқты, өзімнің жеке табысым ретінде
бағаланатын әдеби еңбегіме толық иемін.
                         Ол осылай деп
этажеркада тұрған өз кітаптарын иегімен нұсқады.
                        «Советтік қоғамның
әскери ой қазынасына қосқан өз үлесім». Баукеңнің бұл сөзі менің көз алдыма
әбден сарғайып кеткен газет қиындысын елестетті.
                       Беттің жоғарғы жағындағы
«Полковник Момышұлының әскери жазбалары» деген үлкен заголовок көзіме оттай
басылды. Әдеттегі етек мақаланың биіктігі елу жол болады. Ал мынау жалпақ алты
бағанның әрқайсысы ұсақ әріптермен терілген жетпіс жолдан тұратын шіреме етек мақала
екен. Аяғына: «А.Кривицкий» деп қол қойылған.
                     Макаланың бас жағында автор
өзінің алдында қатырма мұқабалы көк дәптер жатқанын, оның бірінші беті толған
адрес екенін, адрестерге қарағанда дәптер иесінің дос, туыстарының бәрі Алматы
қаласында тұратындығын айта келіп, бұл орденді полковник Бауыржан Момышұлының
әскери жазбалары екенін, Момышұлының қазір Алматыда командировкада жүргенін айтады.
                        Осыдан кейін автор көк
дәптердің беттерін парақтап, ондағы жазуларды оқуға кіріседі. Бірінші беттегі
тайға таңба басқандай айқын, әсерлі, әлді сөздер бірден оқушы назарын аударады.
                       «Ерсіз ел болмайды,
елсіз ер болмайды».
                       «Отан үшін отқа түскін -
күймейсің».
                       «Өлім арасында жүрсең
де, өмірден үміт үзбегін».
                       Мінеки, көк дәптер
иесінің алғашқы сөздері осылай басталады. 1942 жылдың декабрінде ол былай деп
жазыпты:
                       «Ұлттық мақтаныш - ұлт азаматының
мызғымас заңы, қасиетті ісі. Кімде-кім өз ұлтын құрметтеп, оны мақтаныш етпесе
(ал әр ұлтта да мақтан тұтарлық жайлар бар), ол барып тұрған азғын...»
                      Бауыржан менімен бір
әңгімесінде: «Мен соғыс жылдарында «Красная звезда» газетіне: «Кімде-кім өз
ұлтын құрметтеп оны мақтаныш етпесе, ол барып тұрған азғын» деп жазғанмын деген
еді. Сонда Баукең осы «Полковник Бауыржан Момышұлының әскери жазбаларын» айтқан
екен-ау деп ойладым мен мақаланың тақырыбына қайта бір көз жүгіртіп өтіп. Сонда
Баукең бұл сөздерді көк дәптерге кай тұста, қандай жағдайда жазды екен деген
және бір ой келді. Дереу Баукеңнің қызмет тізімін алып қарадым. Қырық екінші
жылдың декабрі 8-ші гвардиялық дивизияның Калинин майданының кұрамында, Холм
қаласының түбінде тұрған кезі екен. Ол кезде Момышұлы полк командирі.
                     Төзімді кейін қойдым да,
қайтадан сарғайған газет қиындысына үңілдім. Мақала авторы көк дәптер сырын
баяндауға қайтадан «кірісті».
                     Көк дәптердің иесі не
жазса да, не туралы толғанса да оның ойы әскери тақырыпқа, өзінің офицерлік
мамандығына келіп тіреліп отырады. Міне, оның «Әскери тәрбиенің мақсаттары» деген
конспектісі. Мұнда ол «Әскери психологиядағы ұлттық сәттер» деген жайға тереңдей
үңіледі. Ол былай деп баяндайды:
                    «Жауынгерді жаужүрек етіп
тәрбиелеуде халықтың өткендегі жауынгерлігі де, оның ең мәртебелі ұлттық
дәстүрі де маңызды екеніне менің өз тәжірибемде көзім жетті.
                    Жас адамды тәрбиелеудің
негіздері. Үлкенді құрметтеу, борышын бұлжытпай орындау, арын таза сақтау,
қоғамдық тәртіпті бұлжытпай орындау, заңға бағыну - жас адамға қажет ізгілік белгілері
осы. Мұны біз: Отанын, халқын, семьясын сүю деп те атаймыз. Мұндай инабатты
тәрбие алған адам - нағыз жауынгер. Оның қасиеті - адалдық, арлылық,
тәртіптілік.
                  Алғырлық пен тапқырлық жайында.
Қазақтың дәстүрлі ақындар айтысында күтпеген оқыс шешімдер болады. Жұрт алдына
шығып айтысқа түсу қыздар мен жігіттерді тапқырлыққа талпындырады, олардың ауыз
әдебиетіне, музыкаға ықыласын арттырып, зейінді болуға, ұғымталдыққа үйретеді.
Ал ұрыс кезінде оқыс оқиғалар орасан көп ұшырасады. Солдат неғұрлым зерек,
тапқыр болса, ол небір қиын-қыстау жағдайдан жол тауып, құтылып шығады.
                    Ұлттық спорт ойындары
туралы. Бұл ойындар адамды батылдыққа, икемділікке, орынды қызбалыққа, тәуекелшілдікке,
қайсарлыққа, тіпті ары үшін жанын садақа қылуға баулиды. Мен ауыздықпен алыскан
сәйгүліктен қорыққан немесе атқа міне алмайтын бауырларымды қазақ деп атауға
намыстанар едім.
                     Халық тәжірибесінің алтын
қазынасы біздің игілігімізге айналып, әскери ісімізге қызмет етуі керек.
                      Панфилов - менің әскери
әкем. Марқұм генералмен мен қазір де, ұрыс алдында ақылдасамын. Ол менің
орнымда болса қайтер еді деп ойлаймын.
                      Батырлық - табиғат сыйы
емес, бұл патриоттық борышыңды орындау үшін өзінді-өзің қауіпке қарсы саналы
түрде зорлап көндірудің нәтижесі. Мұндайда адам өз достарымен тек игілікті ғана
емес, сонымен бірге қатерді де бөлісе отырып, жауды жою
арқылы өзін және
отандастарын қауіпсіздендіруге тырысады, өзінің азаматтық ары мен намысын ездіктен,
масқаралықтан қорғайды, өз бойындағы осындай асыл қасиеттерін ашып көрсете түседі.
                       Батылдық - есеппен
қимылдауды тәуекелмен ұштастыру. Тәуекел есеппен ақталады.
                      Ептілік - шапшаң ойланып шешім қабылдаудың
және бұлшық еттердің шапшаң ойға тәртіптілікпен бағынуының нәтижесі.
                      Ұшқырлық - батылдык пен
ептілікті ұштастыра білу.
                      Бұйрық беру үшін бұйрыққа
көне біл.
                      Жауынгер сымбатты болуы керек
(қыздардан гөрі қызмет үшін). Жинақылық пен тәртіптілік - солдат сымбатының
алғы белгілері осы. Жауынгер сапта да, ұрыста да өз міндетін ұғынып, нақты
орындауы қажет. Солдат шеберлігінің ең жоғарғы сатысы осы. Әскери мәдениетті
меңгерген, адамдар мен оқиғаларды үнемі зерттеп отыруға қабілеті бар,
мемлекеттік тұрғыдан ойлай білетін командир ғана өз қызыл әскерлерін осындай
сапаға жеткізе алады. Командир адал, өзіне де, бағыныштыларға да қатал, әділ
болуы керек. Жауынгер командирді мемлекет өкілі деп есептеп, оның ары мен адалдығына
шексіз сенуі шарт. Мұндай солдатты мен сымбатты деп білемін, мұндай командирді
- офицер деп атаймын.
 
                   Офицер психолог, адам жанын
сезгіш болуы қажет. Идеялық жағынан сауатты, жан-жақты білімді болу - әрине,
оның өз борышы. Шен алу мен шекпен жаңарту жағын ең алдымен ойламай, өзінің
әскери және саяси салада өсуі үшін күш салуы керек. Ал шен мен лауазым
офицердің жеке іскерлігіне берілген әділ баға есебінде өзінен-өзі келеді.
                   Міне, осындай. Полковниктің
көк дәптеріндегі әскери жазбалар Момышұлының мынадай сөздерімен аяқталады:
                   - Жерге теріңді төксең, жеміске
кенелесің; халық үшін қаныңды төксең, абыройға бөленесің!
                   Баукеңнің «Бұл менің
қоғамдық әскери ойға қосқан өз үлесім» деген сөзінен барып ойға түскен бұл
қиындыны маған ақын Есет Әукебаев берген еді. Ол кезде мотоатқыштар полкінің
комсоргы болған Е. Әукебаев осы қиындыны отыз жылдан аса уакыт жоғалтпастан сақтап
келген.
                       -        Туған әкенің хатын да бұлай сақтамас болар, - дедім мен ақынға.
                      Ақын жымиып күлді.
                        -       Бұл Баукеңе деген сүйіспеншіліктен шығар,
- деді ол. - Баукең Панфилов - менің әскери әкем десе, Баукең бәріміздің мақтанышымыз
болды. Солдаттардан бастап, барлық офицерлер осылай есептеді.
                       -        Сіз өзіңіздің «Батальон» деген өлеңіңізді осы мақаланы оқығаннан
кейін жаздыңыз ба?
                          -  Жоқ. «Полковник Бауыржан Момышұлының әскери
жазбалары» менің Баукең жайындағы бірінші оқыған мақалам еді. Оны өлеңдей жаттап
алдым. Офицер қандай болуы керек, солдат қандай болуы керек екенін
бағыныштыларыма да, басқаларға да үнемі мақтанышпен айтып жүрдім. Менің
бақытыма қарай бұдан кейін менің қолыма Александр Бектің «Волоколамск тас жолы»
кітабының алғашқы басылымының бір данасы түсті. Бас алмастан оқыдым. «Батальон»
өлеңін содан кейін бастадым. Алғашында он бір буынмен жаздым. Одан кейін сегіз
буын етіп қайта өңдедім. Маған жау қоршауын қайта-кайта бұзып шыққан темір
батальонның тегеурінін көрсететін өзгеше түр, ырғақ, екпін керек болды. Таба
алмадым. Содан кейін оны жылы бүркеп, қағаздарымның арасына салып қойдым. 1956
жылы әскерден босап, «Социалистік Қазақстан» газетіне қызметке орналастым. Сол
жылдың күзінде Москваны неміс фашистерінен қорғаудың он бес жылдығы болды да,
редакция мені Бауыржан Момышұлына Москва шайқасы туралы интервью әкелуге
жұмсады. Баукеңмен сонда бірінші рет жүздесіп, тілдестім. Ол кездесуден алған
әсерімнің күштілігі сонша, Баукең туралы он жылдан аса бұрын бастаған өлеңімді
қайтадан қолыма алып, жаңадан жазып шықтым. Отан соғысына қатысқан әр солдаттың
жүрегінде өз Бауыржаннамасы - ардагер ағаға деген өз лебізі, ықыласы болды емес
пе? Менің Бауыржаннамам осы өлең.
                         Осылай әңгімесін
аяқтаған Есет Әукебаев маған ақынға тән шабыт, солдатқа тән сүйіспеншілікпен
«Батальон» өлеңін оқып берді. Оның соңғы шумағы мынадай еді:
Ұмытылмас со бір
шайқас,
Өшпес халык
жүрегінен.
Ол батырлық жыр таусылмас,
Туған елін сүйе
білген.
Ол туралы әуел
баста-ақ
Жырлар, жырлар -
жазылды том.
Қарашы, әне,
Баукең бастап,
Келе жатыр
болаттай сом -
Батальон!
Батальон!
                        Бұдан кейін мен
Баукеңнің басқа да әскери пікірлерін есіме түсіруге тырыстым. Соғыс кезінде
жұрт оны командир және көркем әдебиет қаһарманы деп қана таныды. Қазіргі қауым
әскери жазушы деп біледі. Сонымен бірге Баукең әскери тарихшы да ғой. Бұған Баукеңнің
«Жауынгердің тұлғасы», «Генерал Панфилов», «Олар менің есімде», «Куба
әсерлері», «Ел басына күн туса» кітаптары, әлі толық жинақталмаған толып жатқан
ғылыми мақалалары куә. Ал Баукеңнің бас кітабы «Москва үшін шайқасты» алатын
болсақ, оның өзі әрі көркем шығарма, әрі тарих. Әскери жазушы Бауыржанды әскери
тарихшы Бауыржаннан бөліп алу өте қиын. Баукеннің бойындағы бұл екі қасиет біте
қабысып кеткен. Қазақ әскери өнерінің тарихындағы ең алғашқы асыл мұра Момышұлының
кітаптарынан басталатыны хақ.
                          Қалай дегенмен де бұл
арада менің ойыма ең алдымен «Куба әсерлері» келді. Мұнда Баукең өзінің әскери
ойларын көркем шығарманың қауызына тықпай, тындаушыларға ауызекі баяндап берген.
Ал тындаушылары кім еді десеңізші? Куба армиясының солдаттары, офицерлері және
оның генералитеті.
                          Ойлап қарасам
Баукеңнің Куба сапарынан тек әскери адамдарға ғана тән тактикалық толғаныстар
танылады. Оның Бостандық аралы Кубаға баруының өзі тұтқиыл. Әрине, Куба елінде
өзінің атақты екенін Баукең білмеді емес, білді. Бас қаһарманы боп табылатын А.
Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабы Кубада испан тіліне аударылып, атыс
позициясының басында пулеметшілерге оқпен қоса үлестірілгені, ол кітапты Куба
жастары, елдің интеллигенциясы жақсы білетіні, тіпті ол кітап Куба
революңиясының көсемі Фидель Кастроның күнбе-күн оқитын сүйікті кітаптарының бірі
екені баспасөз бетінен Баукеңе жақсы таныс болатын. Тіпті ол сол кезде Совет
Армиясы Саяси Бас басқармасының бастығы армия генералы Епишевке ГДР-дан келген
мынандай хатты да білетін:
                      «Аса құрметті жолдас
армия генералы!
                      Осы айда Ұлттық Халық
армиясының барлық қызметкерлері саяси сабақ ретінде Александр Бектің
«Волоколамск тас жолы» кітабын міндетті түрде оқып тауысуға тиіс еді.
                    Империалистік агрессорлар
қару жұмсай қалған жағдайда біздің солдаттарымыз өз міндеттерін осы тамаша
кітапта суреттелген Ұлы Отан соғысы кезіндегі жағдайдай нақты білуі үшін бұл
кітап жайында барлық топтарда семинарлар мен әңгімелер өткізіледі.
                      Осыған байланысты мен Сізден
Александр Бек жолдасқа, Бауыржан Момышұлы жолдасқа, осы кітаптың тірі қалған
тағы бірер қаһарманына бізге келіп, Ұлттық Халық армиясы кызметкерлерінің Ұлы
Отан соғысының сабақтары жайында әңгімелеріне қатысуға менің шын жүректен шақыруымды
жеткізуіңізді өтінемін.
 
Социалистік
сәлеммен адмирал Фернер».
 
                       Берлинге Бек кетті де,
Бауыржан бармай қалды. Оның есесіне ол ешбір нөкерсіз, шақырусыз, ешкімге хабар
салмастан мұхиттың ар жағындағы алыс Кубаға жападан-жалғыз тартты да кетті. Шетел
тұрғай, шеткері ауданға баруға да жүрексінесің. Өзіңді тани ма, танымай ма,
қалай қарсы алады деп қауіптенесің. Ал, алшаңдап Алматыда жүрген Баукең аяқ
астынан аспанға самғай көтеріліп, 1963 жылғы ноябрьдің бесінде сонау Гавана
аэропортынан бір-ақ шығады. Орны самолеттің алдыңғы жағында болғандықтан, ол ең
сонда шығушылардың бірі болады. Гавананың шілдедей шыжып тұрған шағы болса
керек. Костюмінің ішінен түйе жүн жемпір, сыртынан макинтош киген, басында жылы
сусар бөркі бар Баукең самолет есігіне қарай аяндайды. Сонда серіктерінің бірі:
                         -      Қап, бағана самолет ішінде шешініп, жеңіл
киініп алмаған екенсіз. Мына жер жанып тұр ғой, - дейді.
                         -      Оқасы жоқ, ата-бабам жазғы шілдеде
қабат-қабат тон киген қазақ емеспін бе, - деп жауап берді Баукең.
                          Трапка табаны
тиісімен Баукең оң қолын жоғары көтеріп, аэропорт басына жиналған жұртқа ізет
білдіреді. Содан кейін:
                          -     Сәлем саған, қаһарман Куба! - деп қазақ тілінде
саңқ етіп үн қатып, қолын қылыштай бір сермеп тастайды.
                          Киген киімі,
келбет-бейнесі, саңқ еткен үні аэродром басына жиналған жұрттың назарын бірден
аударады. Аэровокзалда Совет Одағынан келген туристердің документтерін тексеріп
отырған үш әскери адам Момышұлын танып, орындарынан тұрып, ізет білдіреді.
                        -       Компаньеро Коронел - жолдас полковник
Момышұлы, біз Сіздің жайыңызды кітаптан оқып білгенбіз, жауынгерлік істеріңізге
әбден қанықпыз, - дейді.
                        Сөйтіп, Кубаға келген көп туристер
ішінен жалғыз Момышұлы ғана танымал болып шығады.
                      Міне, әскери тактика
тәріздес осы қылық, жүріс-тұрыстан мен мұндалап тұрған Бауыржан характері
танылады. Ол характер Кубаның ол кездегі Қарулы күштер министрі Рауль Кастро
Руспен кездесу кезіндегі әзіл-қалжың түріндегі сайыстарда одан сайын айқындала
түседі. Ол тұстарда оқушы: апырай, Баукең бірдеңені бүлдіріп алмаса жарар еді
деп іштей сасқалақтап та отырады. Бірақ санасы биік, саясатта салиқалы
Баукеңнің өршеленген сайын өрісі кеңи береді.
                     Газеттерде Момышұлының
интервьюі жарияланып, оның Кубаға келгені жалпақ жұртқа мәлім болады. Сол кезде
Баукең Бас штабқа шақырылады. Оның басшыларының бірі коменданте Кауссе Қарулы
күштер министрі Рауль Кастроның басқа қаладан телефон соғып, Момышұлынан Куба мемлекетінің
қонағы болып, бірнеше күн қала тұруды өтінген сәлемін жеткізе отырып:
                        -       Хабардар болмағандықтан аэродромда өзін
ешкім қарсы алмағанына полковник ренжіген жоқ па екен? - деп сұрайды.
                        -       Мен мұнда өз бетіммен келген адаммын.
Турист ретінде бізді халық қарсы алды. Өте разымын. Ешбір өкпем жоқ,-дейді
Баукең.
                        -       Полковник тым кішіпейіл, жуас екен, -
дейді коменданте Кауссе.
                        -       «Жуастан жуан шығады» деген қазақ мақалы
бар. Коменданте мені ерте мақтамасын, артынан опық жеп жүрер, - деді Бауыржан.
                         Ал екі-үш сағат Рауль
Кастроның қабылдауында болғанда Момышұлының характері одан сайын айқындала
түседі. Баукеңдер министр кабинетінің қабылдау бөлмесіне келіп кіргенде іштен
есік жаққа қарай дауыстап испанша айтылған бірер сөз естіледі. Аудармашы
Баукеңе министр Сізге кірсін деп жатыр дейді. Баукең ол сөзді естімеген болып
тұра береді. Бұлар қабылдау бөлмесінде тұрып қалғаннан кейін іштен 33-34
жастағы жігіт шығып, Баукеңе қолын беріп, ішке кіріңіз деп кабинеттің есігін өзі
ашады. Бұл министр Рауль Кастроның өзі еді. Баукең сонда ғана кабинетке кіреді.
                          - 
Сіздің осында сөйлеген сөздеріңіздің тезистері жөнінде маған хабарлаған
еді, - дейді министр кабинетке кіріп жайғасқаннан кейін Баукеңе. - Бізге,
әсіресе, Сіздің достық туралы айтқан пікіріңіз ұнады.
                         -      Коменданте, ол менің сөзім емес, менің
халқымның сөзі, - дейді Бауыржан.
                       Бір сөздің ретінде Рауль
Кастро:
                        -       Біздің заманымызда дүние пиғылсыз болып
отыр емес пе? - дейді Бауыржанға.
                         -      Мен Сізбен келіспеймін, коменданте, -
дейді Бауыржан министрге. - Дүние пиғылды-ақ. Пиғылсыздық жеке адамдардың қыңырлығынан,
оларды шешелері солай қатеден тапқан.
                         -      Иә, Хауананың өзі де күнәкар ғой,- дейді
Рауль күрсініп.
                         -      Өзіміздің барлық күнәларымызды Хауанаға
жаба бермейік, коменданте, - дейді тағы да Бауыржан. - Ол - қасиетті. Ол бізді өмірге
әкелді.
                         -      Сіздің Момышұлы екеніңіз көрініп-ақ тұр, -
дейді министр күліп. - Сізге рақмет, коронел. Біз Сізбен оңашада біраз сайысып
көрдік. Енді, рұксат етсеңіз, жұрт алдында сайысайық. Үкімет қабылдауына келген
адамдарды шақырайық. Біздің әңгімелерімізді олар да тындасын.
                         -      Солай болсын, - дейді Баукең міз
бақпастан. - Мен ешқашан да құпия соғысып көрген емеспін.
                          -  Сіз сайыска шеберсіз ғой, мені аяйтын
боларсыз, - дейді Рауль күліп.
                          -  Жоқ. «Күш атасын танымайды», - дейді Баукең
түсін суытып...
                          -  Сіз мені өлтіріп кеттіңіз, - дейді министр
Момышұлынан жеңілгенін мойындап.
                          -  Мен өзімнің жауларымды ғана өлтіретін едім, -
дейді тағы да Баукең міз бакпастан.
                        -       Сіз әдебиетке қалай келдіңіз, коронел?
                        -       Мен
әдебиетке соғыстың буксирінде отырып келдім, коменданте.
                        Министр енді Баукеңнің
өзінің творчествосы туралы, Александр Бекпен ара қатынасы, Қазакстан хақында
айтуды және әскери мәселелер жайында кеңес беруді өтінеді.
                         Баукең мұндай өте көп
мәселелер жайында сөйлеуге әзірленбегенін айтады.
Сонда басқа
генералдар да Баукеңе тілек білдіреді, Сізге арнайы әзірліктің керегі жоқ көрінеді,
қолма-қол айтқан сөздеріңіздің өзіне-ақ разы болар едік деседі. Сонда Баукең:
                               - Жарайды, мен
жауға ешқашан берілген жоқ едім, достарыма берілдім, міне, - деп екі қолын көтереді.
                            Мұның бәрі
Баукеңнің характеріне байланысты сөз. Менің ойлап отырғаным оның әскери тарихқа
қажет пікірлері.
                          Ал осы пікірлерді
Баукең Кубаның әскери-саяси училищесінде, әскери академияда сөйлеген сөздерінде
айтқан.
                         -      Менің мамандығым әскери қызмет,-деп
бастаған ол академиядағы сөзін. - Біздің Конституциямызда: Отанды қорғау
СССР-дің әрбір азаматтарының борышы деп жазылған. Менің ұлтым қазақ, мен Совет
Одағының азаматымын. Қазір елудің ішіндемін.
Соның жиырма бес
жылын армия қатарындағы қызметке бердім. Армияда қызмет ету оңай емес, онымен
ажырасу да оңай емес. Ұзақжылды
қ
әскери еңбегімнің есесіне мен запастағы полковник ретінде қайғысыз-қамсыз жата
беруіме болар еді. Бірақ запастағы азамат ретінде тып-тыныш жата беруіме арым
төзбеді. Менің шығармаларым өз басымның естеліктеріне, ерекше эпизодтардың ең
елеулі көріністеріне негізделген. Оларда ойдан шығарылған оқиғалар да, ойдан
шығарылған адамдар да жоқ. Менің тақырыптарымның түйіні мынадай:
                      1)          СССР азаматы тұлғасындағы қазақтардың қалыптасу процесі.
                      2)          Жауынгердің
қалыптасуы және жауынгерлік характердің қалыптасуы. Барлық кітаптарымда өз
басымнан кешкен қателерімді де әңгімелеп отырамын. Ондағы мақсатым менің
қателерімді кейінгі толкын жастар қайталамасын дегендік.
                       Өлім деген сөзсіз нәрсе,
бұлтару жоқ! Ол біреуге ерте, біреуге кеш келеді. Өлімнен қорқуға болмайды.
Еңбекке қабілеттіліктен айрылудан қорқу керек. Өмірден қайткенде көп алу
дегеніміз - тоғышарлық, ал қоғамға қайткенде көп беру - бұл күрескердің ісі.
Өмірдің қуанышы да көп алуында емес, басқаларға көп беруінде, білім мен
тәжірибеңді халыққа таратуыңда.
                         Мінеки, сөзін осылай
бастаған Баукең енді әскери адамдардың әскери тақырыпқа қойған сан алуан сұрақтарына
жүйелеп жауап береді. Әскери трактат түріндегі ол жауаптар мынадай:
                         Мен қайткенде де
қоғамға пайдамды тигізсем, Совет Одағына ақырғы демім біткенше еңбек етсем деп
арман еттім.
                          Армия - азаматтық зор
мектеп.
                          Менің армияда алға қойған
міндетім Отанды жаудан қорғау еді, қорғадым; жазушылық ісінде алға қойған
мақсатым аға буынның ерлік істерінің үлгісін дәріптеу, жастарды советтік патриотизм
рухында тәрбиелеп, ерлікке үйрету еді, оны да орындап келемін.
                          Жеке солдаттың тәжірибесі - жақсы
мектеп. Ал бүтін взводтың тәжірибесі - университет.
                          Менің өз кітабымның
шекесіне жазатын эпиграфым мынадай:
                         «Бұл жазбаларымда мен
тек жақсы тәжірибемді ғана ортаға салмақ емеспін, өзімнің басымнан кешкен
қателерімді де әңгіме етпекпін. Бауыржан Момышұлы».
                          Егер менің кітабымның
елге берер жемісі болса, онда еңбегімнің өтелгені.
                          Кездесулерде менен
Панфилов туралы көп сұрайды, қандай адам еді? - дейді. Генерал Панфилов
жауынгерлік еңбегі үлкен, әскери атағы жоғары бола тұра кішіпейіл, ақжарқын,
талап қойғыш та қамқор жан еді, нағыз орыстық, интернационалдық мінездің адамы
болатын.
                            Өзіне өзі сынмен
қарау - оңай іс емес.
                            Өзінің қателерінен
сабақ алу әркімнің қолынан келе бермейді.
                           Үлкен бастықтың
оңдырмай сөккенінен адамды өз арының сөккені әлдеқайда күшті.
                           Москва түбіндегі
ұрыстардың бірінен соң өзімнің онша сәтті болмаған бір шешімімді генерал
Панфиловқа баян еттім. Уставтың кейбір тармақтарына негіздеп қабылдаған ол
шешімнің ойдағыдай боп шықпағанын айттым.
                          -     Бірінші Петр алдымен былай деп жазған
екен, - деді генерал маған ойлана жауап қатып. - «Соқырдың қабырғаны сипалағаны
сияқты, уставқа жабысып қалма. Өйткені онда тәртіп жөні тізілген, ал мезет пен
мезгіл, болар оқиға жазылмаған». Содан кейін Бірінші Петр сәл ойланыпты да,
артынша мына сөздерді қосыпты: «Кімде-кім уставты орындамаса, қамшымен
орындаттыру керек».
                            - Бірінші Петр
жақсы айтқан, жолдас генерал, - дедім мен Панфиловтың сөзін бөліп.
                            - Жақсы айтуын
жақсы айтқан, - деді Панфилов. - Оған дау жоқ. Алайда, ол Сізді қамшымен
осқылар еді, ал менің өйтуіме Совет өкіметі рұқсат етпейді. Уставты біледі
екенсіз, оны қолданба демеймін. Бірақ оның тармақтарын орнымен қолданған жөн, нақты
жағдай не айтады, соны есепке алып, ретіне қарай қайрат жасау керек. Уставты
жаттанды қолдануға, әрпіне жабысып қалуға тыйым саламын.
                             Генерал
Панфиловтың осы сөзін өмір бойы жадымда сақтап келемін. Соғыс уақытындағы
қиын-қыстау кездерде, одан кейін де сан рет генералды есіме алып, оның маған
ақыл айтқан сол сәтін көз алдыма келтірдім. Тіпті қазір, өзім қартайып,
генералдың жасынан асып кеткен шақта да, оны көз аддыма әкеліп, «ақылдасып» аламын,
содан кейін сабама түсемін. (Қарт кісілер ашушаң келеді ғой.)
                               Устав - бейбіт күнде заң,
соғыста творчество. Ал творчество тек ақылмен, терең оймен ғана жүзеге асады.
                               Бұйрық халық,
Отан атынан беріледі, берілген соң оны орындаушы адамның тағдырына айналады.
                                Әскерлер командир үшін
емес, командирлер әскер үшін керек.
                               Командирлік
өнердің басты міндеті - көптің көңілін ашар кілтті табу.
                               Соғысатан - адам,
ал техника дегеніміз оның қолындағы күрес құралы. Өзінің қолындағы техниканы,
дастарқан үстінде қасықты жұмсағанындай, жақсы игеріп, жұмсай алатын саналы,
намыскер, инициативты, белсенді жауынгер - міне, нағыз жауынгер тұлға осы.
                            Бейбіт күнде де,
соғыста да әскерлердің саяси-моральдық факторының шешуші маңызы бар.
                              Саяси бөлім -
әскерлердің рухани штабы.
                              Ерлік істелмесе -
ешкім де қалам тербемейді.
                              Армияда саяси
жұмысты ұйымдастыру жауынгерлік әзірлікті ұйымдастырудан әлдеқайда күрделі.
                              Ұрыста саяси
жұмысты ұйымдастырудың жай-күйі командир шешімінің белгілі бір буынын жасап
алудан бір де кем емес.
                              Ұрыста командир
шешімін саяси жағынан қамтамасыз ету - ұрысты материалдық-техникалық жағынан
қамтамасыз етуден бір де кем емес.
                              Қарулы күштер
дегеніміз Отанның бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауды, революцияның
жеңістерін сақтап қалуды, мемлекеттік мүдделерді сақтауды және халықтың жемісті
бейбіт еңбегін қамтамасыз етуді көздейді, сол үшін жасақталады.
                              Әскери қызмет
дегеніміз дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы.
                                Кімде-кім
әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес.
                               Армия өмірінің
басты негізі - қатаң әскери тәртіп. Қатаң әскери тәртіп саяси биік саналылыққа,
патриоттық сезімге, әр жауынгердің өзінің әскери борышын терең түсінуіне негізделеді.
                                 Әрбір жауынгер
тәртіпті болуға, өз қолындағы қарудың тетігін әбден игеріп, сақтай білуге, өз
білімін үнемі көтеруге, өзінің әскери коллективін құрмет тұтуға, барлық істе өз
жолдастарына көмектесуге, өз жолдастарын лайықсыз қадамдардан сақтандыруға және
өз командиріне сөзсіз бағынуға міндетті.
                                 Әскери
тәртіпті нығайтудың негізгі әдісі - сендіру, қосалқы әдісі - көндіру. Командир
көндіру әдісін тәртіпсізді тәрбиелеудің ең соңғы шарасы ретінде ғана қолданады.
                                  Командир өз
бағыныштыларын ашумен емес, ақылмен тәрбиелеп үйретуі тиіс.
                                 Командир қара
қылды қақ жарған әділ болуға, біреуді шектен тыс мақтауға да немесе біреуді жазықсыз
жазғыруға да бармауы керек.
                                Талап қою
дегеніміз - заң, қаталдық дегеніміз - заңсыздық.
                               Қаталдык басқа
да заңсыздықтар сияқты, жауынгерді қорлайды, езеді, ызасын қоздырады.
                               Саяси саналылықтың, жауынгерлік
дәстүр мен озат тәжірибенің, тәртіпсіздікке төзбеушілік көзқарастың негізінде
жауынгер намыскер адам болып тәрбиеленіп, үйренуі керек.
                                Намыскер емес
адам - ерлік жасауға қабілетсіз.
                               Ерлік - табиғат
сыйы емес, ұзаққа созылған тәрбиенің жемісі.
                                Ешкім де
генерал болып тумайды. Генералдар солдатгардан өсіп шығады.
                               Ауыстыруға
болмайтын адамдар жок.
                               Еш нәрсе
нормадан не кем, не артық болмауы керек.
                              Соғыс жорығы -
саяхат емес, ұрыс даласы - курорт емес.
                              Командирдің
қасына оны үнемі қолдай беретін пір еріп жүрмейді. Оның ойына, аспаннан сап
етіп, ақыл түспейді. Ол мойнына өзінің барлық істерін сәттілікке сая беретін
бойтұмар тағып жүрмейді. Тіпті командирді устав ережелері де, оны қаншама жатқа
білгенмен, қолдай бермейді. Командир творчество адамы. Әр жағдай командирді
әртүрлі ойлатады, әр түрлі толқытады, әр арнадан, әр саладан оны іздендіреді.
Бір жағдайдағы келісімді нәрсе екінші жағдайда сәтсіздікке ұшырауы мүмкін...
                              «Уставта былай
делінген екен, мен де солай істейін» деп устав әріптерін талисман ретінде ұстаушылар
шаблонистер. Уставты оқи білу өз алдына, оны ұғына, астарына түсіне білу өз
алдына.
                               Мінеки,
Баукеңнің Кубада айтқан әскери ойларының ұзынырғасы осындай. Революциялық Куба
армиясының солдаттары мен командирлері бұл сөздерді разылықпен, ілтипатпен
тындады. Өзіміз үйренер өнеге деп қабылдады. Куба Үкіметі мен Қарулы күштері
генералитетінің совет полковнигі Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған
қабылдау мәжілісінде сол кездегі Қарулы күштер министрі коменданте Рауль Кастро
былай деді:
                              - Құрметті
коронел Момышұлы! Біз бұрын Сізді Александр Бектің кітабы және өз кітаптарыңыз
бойынша білуші едік. Енді өзіңізді көріп, өз аузыңыздан сөзіңізді естіп отырмыз.
Сіздің көп бейнет кешкен тәжірибеңіз біздер үшін, жас жауынгерлер үшін
(Сіз, әрине,
біздің жастығымызды мойындамай, жаспыз деп айтып қалғанымыз үшін сөксеңіз де)
айнымас қағида болды және бола да береді. Біз Сізбен өз жерімізде, Американың
азат аралында кездескенімізге қуаныштымыз. Сіз әскери адам, жазушы, ғалым
ретінде біздің
ортақ ісімізге көп пайдаңызды тигізе аласыз. Сіздің біздің елге келуіңіз біз
үшін ерекше көрініс болып табылады. Сіз өзіңіздің халықтардың патриоттық және
достық әдебиетінің әлемінде істеп жатқан игілікті еңбектеріңізбен қолыңыздың
бос еместігіне қарамай, біздің елге келуге мүмкіндік таптыңыз... Елімізде
болған аз уақыттың ішінде Сіз үлкен саяси жұмыс жүргізіп, бізге өз
тәжірибеңізді айтып бердіңіз, өзіңіздің жіберген қателеріңіз болса, оны да алға
салдыңыз. Мұның бәрі біз үшін өте бағалы, коронел! Біздің республикамыздың ішкі
және сыртқы жағдайы қазіргі уақытта өте күрделі болып отыр. Сіз, әрине, көре
білетін адам, әскери және қоғамдық қайраткер болғандықтан мұны өзіңіз де аңғармай
өткен жоқсыз. Біз жалпыға бірдей міндетті әскери тәртіп туралы заңның жобасын
бүкіл халықтың талкылауына беріп отырмыз. Мен Фидельдің тапсырмасы бойынша Москвада
болғанымда, біздің елші арқылы Сіз жөнінде анықтама алып та көрген едім.
Кейіннен біздің елші хабар етті: Сіз аман-есен, Алматыда тұрады, кітап жазады
дегенді айтты. Содан кейін тиісті каналдар аркылы Сіздің бізге келуіңіздіьөтінген
едік... Сіз өзіңіздің келетініңізді күн ілгері білдірмегеннен кейін біз, тиісті
түрде, лайықты қарсы алуды ұйымдастыра алмадық. Бұл үшін мен Сізден ғапу өтінемін...
Сіз риза болсаңыз, коронел, біз ризамыз. Бұл қабылдаудың өзі де біздің премьер-министрдің
- Фидель Кастроның арнайы нұсқауы бойынша өткізіліп отыр. Өзіңіз көріп
отырғандай мұнда министрлер және біздің Қарулы күштердің әскер түрлерінің бас
командашылары отыр. Фидельдің өзі шұғыл жұмыспен тездетіп Ориентаға кетті.
Маған Сіздің алдыңызда ғапу өтінуді сұрап еді...
                           Құрметгі қстазымыз
коронелдің денсаулығына, бұл кісі бұдан былай да ойымызға ой қоса беруіне, бұл
кісінің семьясының бақытты болуына, бұл кісінің балалары жақсы ата мұрагерлері
болуына тілектестік білдіріп, осы тосты түрегеп тұрып ішейік.
                          Рауль Кастроның бұл
сөзінен кейін рюмкаларын көтеріп, табандарынан тік тұрады.
                          Осылай, бөтен жерге
жалғыз өзі барып, бүкіл бір елді аузына қаратып, дүрілдетіп қайту Баукең сияқты
ердің ерінің ғана қолынан келер. Бөтен елдің министрлері мен генералдарына
өзіңді танытып, сөзіңе бас шұлғытып, олардың құрметі мен сүйіспеншілігіне ие
болу үшін қаншама күш, қайрат, ақыл, шешендік, даналық керек десеңші. Бауыржанның
бойында Исатайдың ақкөздігі, Махамбеттің ақындығы, Аманкелдінің ерлігі,
Чапаевтың ерлігі, Қажымұқанның қайраты бар. Баукең осы бес батырдың тоғысқан
нүктесі. Ұлтымыздағы әскери, әдеби, саяси даналық бір басына тоғысқан тұлға
осы!
                         Мен осылай деп
ойладым.
                         -      Немене, ұйықтап кеткен жоқсың ба? - деді
Баукең мен ұзақ үнсіз қалғаннан кейін еңсесін көтеріп.
                        -       Жоқ, Бауке, ұйықтағаным жоқ.
X
                        Баукең әңгімесін
қайтадан жалғады.
                         -      Сонымен мен Москва-Алматы поезының
халықаралық вагонында келе жатырмын. Поезд вагон ішіндегі мені тербетеді, мен өз
ішімдегі ойды тербеймін. Москвадан Алматыға қарай тартылып келе жатқан жаңа
өмірімнің жағдайын ойлаймын.
                         Алматыға келдім.
                         -      Шынымен келдің бе? - деп әйелім бетіме
ұзақ қарады.
                        Содан кейін қасыма
Бақытжанды алып, елге кеттім. Мен тек бәйбішемнен ғана екі перзент көрген
кісімін ғой. Шолпан деген қызым ертерек қайтыс боп кетті. Жанымның жалғыз
қабығы болып Бақытжан ғана қалған. Оның ер жетіп, қазір жұрт білетін
жазушы болғаны
өзіңе белгілі.
                        Баламды қасыма ертіп, балалық
шағым өткен жерлерді аралап, Жамбыл мен Шымкентге үш-төрт айдай жүрдім. Елмен,
ағайын-туыстармен кездесіп, мауқымды бастым.
                        Сөйтіп Алматыға қайтып
келсем военкомат мені іздеп, шала бүлініп жатыр екен. Ол кезде маршал Жуков
Қорғаныс министрі болатын. Ол кісі өзі Алматыға телефон соғып, полковник Момышұлы
денсаулығына байланысты әскерден босап, Алматыға кетті.
Сол кісіні қызметке
орналастырып, пәтер бергізіп, артынан маған хабарлаңдар депті. Военкоматтағылар
Алматыдан мені сұрастырып таба алмайды. Министрге жауап беру керек. Олар соған сасқалақтап
отыр екен.
                         -      Министрге полковник Момышұлына қызметтің
керегі жоқ. Ол әдеби еңбекпен шұғылданатын болады. Пәтерге орналастырудың да
қажеті жок. Оның өз пәтері бар деп айтыңыздар, - дедім.
                         Маршал Жуков аса
әділетті кісі еді. Тіпті күні кешеге дейін мен оның есінде екенмін. Былтыр
Москвада өткен Отан соғысы ардагерлерінің жиналысында ол Қазақстан
делегациясына келіп, Момышұлы қайда деп сұрапты. «Ол ауырып жатыр» дедік деп Снегин
айтып келді. Өз басым маршал Жуковқа өте разымын. Жұрт Жуковты қатал болды
деседі. Дей берсін. Қаһармандық қаталдықтан туады. Жұмсақтан жолбарыс шықпайды.
Понятно
тебе?
                           Москвадан Алматыға
келіп екінші өмірімді бастағанда мен қазақ әдебиетінің Мұхтар, Сәбит, Ғабит
сияқты генералдары бола алмайтынымды білдім. Енді мен баяғыдай банк қызметкері
де бола алмаймын. Партия, совет қызметкері болу қолымнан келмейді. Мен ол кезде
жалпақ жайлауда жағалай отырған ауылдарға ат аздырып, тон тоздырып шеттен көшіп
келген кірме сияқты едім. Қай ауыл коңсыға жайлы болар екен, қай үйдің іргесіне
арбамның дертесін тіресем екен деп ойладым. Келгенді кет демейтін кең қолтық
жазушылар ауылы жаққа жалтақтап көп қарадым. Көгөрай шалғынның төріне қонған ол
ауылдың ордалары көзіме жылы ұшырай берді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар,
Сәбит, Ғабит үйлерін қоршалай қонған ақ отаулардың түндіктері тынымсыз желпілдеп
жатты.
                           Мен сол ауылдың шетіне
тоқтап, әскери лашығымды тігетін орын іздедім. Кездестіре алмадым. Тау жақ
қиядан үлкендігі шөккен атандай, кедір-бұдыр тасы көп бос орын таптым. Ол
ешкімге керегі жоқ, ақ орда сыймайтын, ақ отаулар қонбайтын, ешкім қажет
қылмайтын, бос бұрыш екен. Мен сол жерге, күз жартастың басына әскери шатырымды
орнатып, әдебиет аулына қоңсы қондым.
                           Әскерден босаған
соң, Жамбыл, Шымкенттен оралып, үйге тізе бүгіп жайғасқаннан кейін, ендігі
генералдарыма сәлем берейін деп, жаңа мундирлерімді киіп, қылыш, маузерімді
асынып, Пролетар көшесі, 11-ші үйдегі Жазушылар одағына бардым. Барсам
басшылардан ешкім жоқ. Бір кабинетте көзәйнегі жарқырап жас секретарь отыр
екен. Полковник Момышұлы әскерден босап, әдебиет полкының қарамағына келді.
Енді осы одақтың әскери жазушысы боламын деген рапортымды соған беруіме тура
келді. Осылай деп Бауыржан кеңкілдеп күліп алды.
                             Автор. Неге
күлдіңіз, Бауке?
                              Бауыржан. Рапорт
берердегі менің қылышымнан қорқып жас секретарьдың сонда стол астына кіріп
кеткені ойыма түсіп, соған күліп отырмын.
                             Сөйтіп мен қазақ
әдебиетінде ең алғаш әскери тақырыпты бастадым. Менің бұрын азын-аулақ соғыс
тақырыбына қалам тартқан жазушылардан өзгешелігім өзімнің соғысқа қатысып
келгендігім еді. Менің екінші өмірімнің бақыты әшейін жазушы емес, әскери
жазушы болғандығым. Содан бері не жазып, не қойғанымды жоғарыда айттым. Жұрт біледі.
Мен әскерде де, әдебиетте де полковник дәрежесінде қалдым. Генерал болу менің
пешенеме жазылмаған. Бірақ, қырық алты жасымда басталған екінші өмірімді
алғашқы өмірімнің дәрежесіне жеткізгенімді мен өз басыма қонған өзгеше бақыт
деп білемін. Бұл сұрағыңның жауабы осы, қарағым.
XI
                               Автор. Енді ең
соңғы сұрағымды қоюға рұқсат етіңіз, Бауке.
                               Бауыржан. Қойғын.
                              Автор. Бұрынғы
мен бүгінгіні, онымен болашақты салыстыра отырып, арт пен алға көз жібере келіп,
жас ұрпаққа қандай ақыл айтар едіңіз?
                               Бауыржан.
Алдымен Россияның адамзат алдындағы баға жетпес еңбегін әрқашан еске алып отыру
қажет дер едім. Ол ең алдымен татар-монғол шапқыншыларын талқандап, Шығыс Европа,
Орта Азия, Кавказ елдеріне азаттық әперді, ал Батыс Европаның қалаларын біздің
Отырар, Құмкент сияқты жермен-жексен етілуден сақтап қалды. Содан үш жүз жылдан
кейін бүкіл Орталық және Шығыс Европаны басып алмақ болған швед королі Карл
ХІІ-ні Россия Полтава шайқасында және қиратып шықты. Содан жүз жыл кейін бүкіл
Батыс Европаны табанының астына салып алып, «Европаның бар халқынан тұтас бір халық
жасап, Парижді барша дүниенің кіндігі жасаймын» деп әлемге жар салған әйгілі
Наполеонды да Россия талқандады. Сол сияқты Батыс Европаны түгел басып алып,
«Барбарос» жоспарын тқбесіне ту етіп көтеріп, шығысқа қарай өрттей қаулап келе
жатқан Гитлерді де Россия құртты. Осылайша ол Орталық және Оңтүстік шығыс
Европаның халықтарына және азаттық әперді. Соңғы бес ғасырдың ішінде Европа мен
Азияның халқын және қалаларын Россия төрт рет қырғын мен күйреуден сақтап қалды.
                             Міне, осыны
ұмытпау керек. Бұл бір.
                             Европаның Англия,
Франция және Германия сияқты ірі мемлекеттерінің бірде-бірі адамзат үшін орыс
мемлекетіндей еңбек еткен емес. Ендеше оны да ойдан шығармау керек. Орыстар
өздігінен өзгеге тимейтін ең ұстамды халық. Егер өзіне жау тисе
жеңбей тынбайтын
ең ер халық. Ер халықпен еншілес болу ерекше бақыт.
                               1812 жылғы Отан соғысына қазақ халқы
елеулі үлес қоса алмады. Ол соғысқа украиндар 60 мың адам, Дон казактары 26
полк, башқұрттар - 20, қалмақтар 2 полк берсе, қазақтардың қосындары бір кепе
шөптің ішіне түскен инедей ғана болды. Ал 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан
соғысына қазақтар белсене ат салысты. Бұдан жүз отыз жыл бұрын Наполеонға қарсы
тұтас бір батальон қоса алмаған Қазақстан бұл соғысқа өз қолымен жасақтап
бірнеше дивизия мен бригада аттандырды. Сөйтіп, Совет Армиясының
берік жауынгерлік
сапында қазақ солдаттары Европа мен Азиядай екі материкті азаттық сапарымен
еркін шарлады.
                             Оларды Отан
лайықты наградтады. Бес жүзге жуық қазақстандық солдаттар мен офицерлерге,
олардың ішінде тоқсан сегіз қазаққа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Қазір
қазақтан шыққан он шақты генералымыз бар. Олар: Шәкір Жексенбаев, Бердіғали
Игіліков, Нұрлы Байкенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Қамал Бошаев, Есет Әлібеков,
Баһадұрбек Байтасов, Самұрат Сыртанов және Жансам Кереев. Бұлар әскери генералдар.
Ал Шырақбек Қабылбаев пен Әбдіманап Тілеулиев бастатқан Ішкі істер қызметі
мен мемлекет
қауіпсіздігі қызметінің генералдары өз алдына бір төбе. Бұлар біздің халқымыздың
тарихындағы тұңғыш генералдарымыз. Сол себептен де мен оларды санамалап толық
атап отырмын. Мұны білудің оқырмандарға да артықтығы жоқ. Түсінікті ме саған?
                        Мінеки, орыстар өзінің
жалпы адамзаттық төртінші ұлы миссиясын атқарғанда - Европаны Гитлердің қанды
шынжырынан құтқарып қалғанда, барлық басқа да совет халықтары сияқты, қазақтардың
онымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып бірге болуы - біздің мәңгілік
ұлттық мақтанышымыз. Міне, бұл - екі.
                         Одан кейінгі айтатын
сөз мынау:
                         - Ей, бүгінгі жас
қауым, бейтаныс арғы ұрпақ! Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым
үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді. Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың
басында әкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, коммунистік
қоғам орнатып, кең-байтақ социалистік Отан жасап берді. Олар бізге: құрылыс
жақсы болса - тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса - тірлік күшті. Осы құрылыс пен
бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті. Біз бұл өсиетті
абыроймен орындап, социалистік Отанымызды Гитлер сияқты ең жауыз жаудан сақтап
қалдық. Туысқандық бірлігімізге титтей де дақ түсірмедік. Сөйтіп, Ұлы Отан
соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ.
Ол - қазіргі кең жазира Отаның сенің. Өйткені - Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ.
Соны көздің қарашығындай сақтандар. Соңғы үш ғасырда дүниеге үш жалмауыз берген
адамзат жауыз ұлға қысыр боп қалмас. Бір ғасырда бір Наполеон, екі жүз жылда
есуас Гитлер тумай қоймас. Ондай жауыздардан елді, жерді, социалистік қоғамды
сақтап қалу - сенің борышың, алғы ұрпақ.
                            Ұзын бой қысқарады,
үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі. Ол - табиғат заңы. Адам өлгенімен оның
еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді. Ұлы іс Отанға деген
сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін аяусыз еткен еңбек
пен ерліктен туады. Өткен Отан соғысында он тоғыз-жиырма жасар азаматтар ерекше
ерлік көрсетті. Жиырма жас тарихи ерліктер жасайтын жас. Осыған әрқашан да әзір
болу керек.
                              Жастарымыз
отаншыл болсын. Отаншылдық - әр адамға керекті ең ұлы қасиет. Ал отаншылдық өз
үйіңнен басталады. Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған
бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, туған ұлтын сыйлап,
қадірлесе сол адам отаншыл болады. Өйткені өз әке-шешесін ардақтамаған, өзгенің
ата-анасын құрметтемейді. Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист
болмайды. Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді. Өз ұлтын
жақсы көрмеген, өзге ұлттарды ұнатпайды. Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек.
Екеуі аспан мен жердей екенін жастар ажырата білуі шарт.
                              Намыс - азаматтың
алтын туы. Әке-шешесін сыйлаған баллада ғана намыс болады. Оларды ұялтпайын,
сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын-жұртымды
жерге қаратпайын дейді. Ер жігіттің елі - ата-анасы, Отаны - өз үйі. Патриотизм
- «Отаным сені сүйемін. Сен үшін құрбан болуға әзірмін» деп құрғақ сөзді
гүмпілдете беру емес. Ол - формализм. Елді, жерді, Отанды сүйетіндігіңді сөзбен
емес, іспен дәлелде. Ата-анасын сыйлаған шәкірт, студент сабағын да жақсы
оқиды, тәртібін де дұрыс ұстайды, шаруакер, адал, әділ болып өседі. Іс деген
осы, патриотизм осыдан басталады.
                             Жастардың Отан
қорғау қызметін атқарып қайтуы - адамгершіліктің ең асыл парызы. Ал
еңбекшілдік, білімділік, тәртіптілік, тәлімділік, шыдамдылық - армия үшін ең
қажетті қасиет. Әскерде басбұзарлыққа орын жоқ. Өйткені оның қолында елдің
тағдыры - қуатты техника бар. Ал жауынгердің ол техниканы тастап қыдырып, қыз
қуалап, арақ аңдып, қаңғып кетуіне болмайды.
                            Жастар араққа үйір
болмауы керек. Арақ адамгершіліктің, азаматтықтың, ақылдың жауы. Арақ азғындыққа
жетелейді. Араққа бір үйреніп алсаң, одан қашып құтыла алмайсың. Ең алдымен
осыдан сақтану керек. Арақ - адамның ішкі жауы. Сыртқы жауды
техниканың
күшімен құртуға болады. Ал ішкі жауды ешқандай ракетамен атып түсіре алмайсың.
Нәпсіқұмарлыққа бір салынып алсаң, оны тоқтатуға ғылымның да, білімнің де
шамасы жетпейді.
                             Ей, жүз жылдан кейінгі, мың
жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді,
жете ме саған менің дауысым. Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты социалистік
Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар. Ол - Отанды
сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер! - деген сөз. Ол - халықтар
достығын қадірлеңдер, қасиеттеп ұстандар! - деген сөз.
                             Ұлы Октябрь
революциясы салып берген даңғыл жолымда маған тамаша орыс адамдары, орыс қолбасылары
кездесті. Егер менің сонау Николай Рединнен бастап, Панфилов, Чистяков, Серебряков,
Рокоссовский, Жуков сияқты ұстаздарым болмаса, онда мен дүние жүзіне әйгілі
полковник Момышұлы болмас едім. Егер орыс халқы болмаса, оның Толстой мен
Тургенев, Чехов пен Горький сиякты каламгерлерінің еңбектерінен үлгі алып
өспесем, онда мен жазушы Момышұлы болмас едім.
                              Анада,
Азия-Африка жазушыларының Алматыда өткен бесінші конференциясының соңында
біздің республикамызды аралап көрген бір топ шетел жазушыларының алдында мен
былай деп сөз сөйледім:
                              Қадірлі қонақтар!
                              Қымбатты
москвалықтар!
                              Ардақты
жерлестерім менің!
                              Бұл жерде менің ағалы-інілі
адамдар жайында екі-ақ ауыз сөз айтқым келеді. Егер сен шамасы аз, шағын денелі
бала болсаң, онда саған арқа тұтарлық әлуетті аға керек. Сонда ғана саған ешкім
бата алмайды; біреу-міреу көзін алартқанымен, қолын жұмсай алмайды... Дәл
осындай алып аға кішкентай халықтарға да қажет. Өйткені халықтар да жер шарының
сәбиі, бала болғандықтан оларға да қорған керек.
                              Біз, Советтер
елін мекендейтін аз халықтар, өзіміздің үлкен ағамыз орыс халқын мақтан тұтамыз.
Мақтан тұтатын себебіміз ол шын мәніндегі ұлы халық. Мен оны дүние жүзіндегі
көп санды халықтардың бірі болғандықтан ұлы деп атап тұрғаным жоқ. Тек
сан жағынан ғана
басым халықтарды шетінен ұлы деп атай беруге болмайды. Адамдарға азаттық,
бейбітшілік, теңдік, туысқандық, достық әкелуші көп санды халықтың ғана ұлы деп
аталуға қақысы бар. Өзімен отандас аз халықтарға қалтқысыз көмек беріп, оның экономикасы
мен мәдениетінің, ана тілі мен әдебиетінің, ғылымы мен өнерінің өркендеуіне
үнемі қамқор болып отыратын көп санды халықты ғана ұлы деп атай аламыз. Ал орыс
халқы дәл сондай халық. Орыс халқын біз осы үшін шексіз сүйеміз. Біз орыс
халқын дүние жүзіне тамаша революционерлер, халық бақыты үшін көптеген табанды
күрескерлер бергені үшін сүйеміз. Идеясы дүние жүзінің барлык езілген халықтарының
компасы болған Лениндей данышпан орыс халқының көкірегін жарып шыққандықтан да
біз оны одан сайын жақсы көреміз.
                               Орыс халқын
шексіз сүйіп, жақсы көретін себебіміз ол - туыс халық, ол - дос халық, ол - әке
халық. Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, дүние жүзіндегі көп санды халықтардың
орыстан басқа қайсысы аз халықтардың Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов,
Юрий Рытхэу,
Юван Шесталов, Әнуар Әлімжанов сияқты талантты өкілдерін алақандарына салып,
әкедей әлпештеп, зор мақтанышпен дүние жүзіне танытып отыр?!
                                Мен бұл тосты
рақымды, мейірбан, әділ, адал, турашыл, еңбекшіл, интернационалдык, коммунистік
ұлы орыс халқы үшін көтеремін. Біздің орыс халқын осылай ақ пейілмен, адал көңілмен
шексіз сүйетінімізге дүние жүзінің басқа халықтарының қызығуына да, қызғануына
да болады. Ал кімде-кім қызығатын болса, онда ол бұл халықтың адал досы болсын
да, біздің мызғымас достық берік саптан орын алсын. Ұлы орыс халқының үлкен
жүрегінен дүние жүзіндегі барлық халықтарға мекен табылады. Бұл ой, бұл сөздер
- менің жан жырым, менің халқымның жүрек жыры. Бұл жырды мен бар дауыспен
барлық жерде айта аламын, қонақтардың, достардың, менің халқымның жауларының
алдында да шырқаймын!..
                              Міне, мен Азия
мен Африка елдері жазушыларының алдында осылай дедім. Өлсем - өсиетім осы.
Өле-өлгенше аузымнан тастамай алыс, жақын ағайынға айта жүрер сырым мен шыным
осы, қарағым. Мұның жастарға да қатысы бар.
                             Автор. Сіз бен біз ұзақ
әңгімелестік, Бауке. Көп рақмет.
                             Бауыржан. Кәдеңе
жараса сол айтылғанның бәрі сенікі.
                             Автор. Жарата
алсаң деңіз.
                             Бауыржан. Оны өзің
білесің. Менің шаруам жоқ.
                             Автор. Біз бұл
әңгімемізді Жеңістің отыз жылдығы қарсаңында аяқтағалы отырмыз-ау, Бауке.
                             Бауыржан. Оның
рас. Жеңіске жеткен қуанышқа кенелді, жетпеген арманда кетті. Отан соғысында өлгендерді
ұмытпайык. Өзіміз өлгенше олардың аттарын аузымыздан түсірмей, жазғанымызда қағаздан
қалдырмай халыққа айта берейік. Оларға біздің дұғамыз
осы болсын!
Өлгенді ардақтай білген ғана тіріні құрметгей алады. Өлгенге бақыт керек емес.
Өлінің бақыты тірінің тірілігінде. Ал тірілер бір-бірімізді шын жүректен
құттықтайық, сыйлайык, қадірлейік.
                              Осылай деп
әңгімесін аяқтап, Баукең үн-түнсіз отырып қалды. Баукең туралы жазылған жаңа өлеңдердің
бірі есіме түсті.
                              Біреуді асау дейді,
тентек дейді,
                              Біреуді қыз
мінезді еркек дейді.
                              Әркімді өз орнына
әділ қойып,
                              Бәрібір уақыт
әжем жетектейді.
                              Жаманды біржолата құлыптайды,
                              Жақсыны ел
әлпештеп ұмытпайды.
                              Кеудесін
кейбіреулер көтергенмен,
                              Ақымакты
ардагерге жуытпайды.
                              Туған ел: бүгінгі салт-сәні жақсы,
                               Қуанам -
айналамның бәрі жақсы!
                               Көрсетер
шаңырақты шартарапқа
                               Батыр ұл -
Бауыржандар бары жақсы.
                               Терең ой, меруерт сөз табындырар,
                               Солардай
болғай-ақ бір ағындылар.
                               Жүргенде
ортамызда ардақтайық,
                               Бір күні
бәрімізді сағындырар.
                              Қазақ ақындарының кейінгі буынының бір
өкілі Кәкімбек Салықов жақында шыққан жинағына кірген бір өлеңінде осылай деген
екен. Осы ғасырдың басынан бергі ақындарымыздың жеті толқыны сені тегіс жыр етті.
Сонау Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаевтан бастап, бүгінгі ұрпаққа
дейінгі қазақтың жүзге тарта ақын, жазушы, журналист, ғалымдары саған өлең,
очерк, мақала, зерттеулер арнап, сүйіспеншілік лебіз білдіріпті, Бауке. Халық өлмейді.
Отан тағдырының әр қилы тарихи кезеңінде ел үшін жан аямай қызмет еткен ардагер
ұлдар мен асыл қыздар халықпен бірге мәңгі өмір сүреді. Халықпен қоса жасайтын
адал перзенттердің бірі сенсің, Бауыржан!
                                Ерен ерлігімен
есімінді елге жайып, айдай әлемге паш еткен Бауыржандай батыр үлың бар сен
кандай бакытты едің, туған халқым. Көзіңнің тірісінде атыңды аңызға айналдыра
ардақтап, аузынан түсірмей жыр етіп келе жатқан абзал халкың бар сен де бақытты
екенсің, есіл ер. Сенімен замандас, сыйлас, сырлас болған біз де бақытты
екенбіз, асыл аға.
                                Сенен айналайын!
                                Сенің халқыңнан
айналайын! - дедім мен оған іштей.
1970 ж.
сентябрь.
1974 ж. декабрь.
1977 ж.
сентябрь.
Алматы.
 
ЭПИЛОГ
(Оқырманға хат)
                                                                             I
                                 Құрметті
оқушым!
                                 Тағы да сәлем
жолдаймын саған. Сәлемім осы кітабым ғой қолыңдағы. Бұл кітап 1976 жылы бірінші
рет басылып шыққаны өзіңе мәлім. Кітап шыққаннан кейін оған республикамыздың
барлық ғазет-журналдары пікір білдірді. Оқырмандар телефон соғып, авторға,
баспаға және баспа, полиграфия, кітап саудасы жөніндегі мемлекеттік комитетке
үсті-үстіне хаттар жолдады.
                                Республикамыздың
көптеген жоғары оку орындарында, орта мектептерде, кітапханаларда бұл кітапқа
арналған бірнеше оқырмандар конференциялары болып өтті. Оның хабарлары
«Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және басқа газеттерде
жарияланды.
                                Осындай тілектерді
ескере отырып баспа бұл кітапты қайта шығаруды жоспарлады. Оқырмандардың
өтінішіне сәйкес кітаптың кей жерлерін кеңейту үшін тағы да көлем берді. Осыған
орай мен бұл кітапқа Совет Одағының Маршалы И. X. Баграмян, генерал И. В.
Панфилов, генерал А. И. Лизюков, Совет Одағының Батыры атағын екі рет алған
атақты ұшқыш Т.Бигелдинов, Ұлы Отан соғысының даңқты партизаны Қ.Қайсенов,
подполковник Ә. Баймолдин туралы жаңа тараулар қостым. Алғашқы үшеуі
Момышұлының әскери ұстаздары, соңғылары Баукеңнің Ұлы Отан соғысында ерекше
ерлік көрсеткен тетелес бауырлары. Бұл жаңа тараулар арқылы кітаптың мәнін
айқындай түсуге тырыстым. Оқырмаңдардың тілегі бойынша кейбір артық деген
жерлерді алып тастадым.
                                                                                II
                                    Қадірлі
оқушым!
                                    Енді, кітап
алғаш басылып шыққаннан кейінгі бірер жыл ішінде оның орталық қаһарманы Бауыржанның
басында қандай жаңалықтар болды дейсің ғой сен. Соны айтайын саған. Сенен
жасыратын не сырым бар менің: бұрын Бауыржанды сырттай сыйлағаным болмаса, ол
туралы ешқандай іштей күйзелісім болмаушы еді. Бұл кітап басылып шыққаннан
кейін бір бүйрегіме Баукең кіріп алды. Ол ауырып-сырқап қалмаса екен деп
ойлайтын болдым. «Ақиқат пен аңыз» романы басылып жұртка тараған кезде Бауыржан
Момышұлының «Ұшқан ұя» кітабы Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды.
Баукене тілектестігім одан сайын күшейе түсті.
                                                                                  III
                                    Қымбатты оқушым!
                                   Сол жетпіс
алтыншы жылы жиырма бесінші ноябрьде Жазушылар одағының конференц-залында Қызылтулы
Орта Азия әскери округы мен Қызылтулы Шығыс шекара округы өкілдерінің қатысуымен
Қазақстан әскери жазушыларының кеңесі өтті. Залда екі округтың тақырбас жас
солдаттары шүпірлеп отырды. Сақа жазушылар мен генералдар президиумге жайғасты.
                                  Залда отырған мен жан-жағыма көп қарадым.
Баукеңді іздедім, оқушым. Бірақ залда да, президиумде де Баукең болмады. Бұл
жиналыста қазақ әскери әдебиетінің атасы Бауыржан Момышұлы болуы керек еді ғой.
Ол кісі неге келмеген, әлде ауырып қалды ма екен деп мазасыздандым. Баукең
кіріп келе жатқан жоқ па екен деп, қайта-қайта есікке қарап, алабұртып, алаңдап
отырдым.
                                  Дмитрий
Снегиннің кіріспе сөзін де зейін қойып тыңдай алмадым. Бір кезде
президиумдегілер қозғалысып, араларынан әлдекімге орын аша бастағандай болды.
Басымды оңға бұрсам, президиум сахнасына үстіне полковник формасын киген,
қолында әдемі кавказ таяғы бар, қарағайдай тіп-тік болып Бауыржан көтеріліп
келе жатыр екен. Оған генералдар орталарынан орын берді. Зал толы жас солдаттар
бұл полковник кім еді дегендей, көздері бақырая қарасып қалды. Сол кезде менің
жүрегім дүрсілдей соғып, екі көзім жасаурап кетті. Оны сен түсінуге тиіссің,
қымбатты оқушым.
                              Содан кейін
Қызылтулы Орта Азия әскери округы саяси бөлімінің бастығы генерал-лейтенант
Попков жолдас «Әскери көркем әдебиет және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу»
деген тақырыпта қызықты баяндама жасады. Баяндамасының бір жерінде ол Ұлы Отан
соғысында өзі рота командирі боп жүрген кезде әдебиеттен аға лейтенант
Момышұлының атын естігенін, сол Момышұлы бүгінде өзі жазушы болып, қазақ әскери
әдебиетінің
атасына айналғанын ілтипатпен атап өтті. Кеңестің президиумы бастап, жұрт
дуылдата қол соқты. Қол соқпаған Баукеңнің өзі ғана болды.
                             Бұдан кейін мінбеге Ұлы Отан
соғысының ардагері ақын Сырбай Мәуленов көтерілді. Ол соғыста өз басынан өткен
оқиғаларды айта келіп, соғыс кезінде Александр Бектің «Волоколамск тас жолы»
кітабының қаһарманы болған Бауыржан Момышұлы содан отыз жыл өткеннен кейін
қазақ романы «Ақиқат пен аңыздың» және қаһарманы болды деп президиумды иегімен
нұсқады. Біз мұны мақтаныш етеміз деді. Тағы да қол соғылды. Залдағы жас
солдаттар «Ол кім?», «Ол қайсысы?» деп бір-бірінен сұрап, күбірлесіп қалды.
Соны аңғарған Баукең президиумда отырып оң қолын көтерді. Жиналысқа сәл кешігіп
кіріп, генералдардың ортасын қақ жарып келіп отырған қолында таяғы бар қарт
полковник өздерінің сүйіп оқитын кітабы Александр Бектің «Волоколамск тас
жолының» қаһарманы екенін білгенде залдағы жас командирлер мен жас солдаттар
ешқандай командасыз орындарынан атып тұрып, шатырлата келіп қол соқты.
Президиумдағылар да тегіс орындарынан көтерілді. Бұл сол кеңеске қатысқандардың
өмірі есінен қалмайтын ғажайып сәт болды, құрметті оқушым.
                                 Оны саған
арнаған бұл қысқаша хатымда толық етіп жеткізіп айтуым мүмкін емес. Осы кеңесте
атақты Момышұлының өзі мінбеге көтеріліп, советтік патриотизм, халықтар
достығы, жастардың әскери қаруды бес саусағындай білуі жайында жалынды сөз
сөйледі. Мінбедегі қарт солдат пен залдағы жас солдаттардың жаны жарастық тапқандай,
қайта-қайта қол шапалақталды. Маған Бауыржанның аузынан шыққан әр сөз жастардың
жүрегінен жарқ-жарқ еткен ұшкын туғызып, зал іші сансыз жарық-жарқылға то-
лып кеткен
сияқты боп көрінді. Ол сөзін бітіргенде зал тағы да командасыз орнынан атып тұрып,
ұзақ қол шапалақтады. Қаһарман Совет Армиясының бүгінгі жас ұрпағының сүйсіне
соққан алақандары ұшып келе жатқан көп қарлығашты көз алдыма елестетті. Ол
маған алысқа самғап бара жатқан Бауыржан деген алып қыранның лыпып тұрған
сансыз қанаты сияқты боп көрінді. Бұл Баукеңнің болашақпен ұштасуының
замандастары өз көзімен керген тағы бір тамаша көрінісі, жанды бейнесі болды-ау
деп ойладым.
Сол мәжілісте
біздің екі генералымыз: ДОСААФ Орталық
                               Комитетінің
председателі Байтасов пен республиканың Ішкі істер министрі Есболатов жолдастар
«Ақиқат пен аңыз» кітабының жас ұрпаққа берер тәрбиелік маңызын айта келіп, бұл
кітаптың тағы да қайтадан шығарылуы қажет екенін ескертті.
                           Бұл жиналыстан мен
төбем көкке жеткендей боп қуанып қайттым, аяулы оқушым. Баукеңнің атағына,
алғырлығына, шешендігіне қуандым. Баукең сияқты сирек туатын тұлғаның өз
кітабымның қаһарманы болғанына масаттандым. Генералдардың аузынан менің де атым
аталып жатса, ол тек қана Баукеңнің арқасы деп білдім.
                                                                      
IV
                                  Ардақты
оқушым!     
                                  Өстіп жүргенде жетпіс алтыншы жыл толып,
декабрьдің отыз бірінші таңы атты. Радио мен сол күнгі газеттерде Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР Министрлер Советінің «Әдебиет, өнер
және архитектура саласындағы 1976 жылғы Қазақ ССР-інің Мемлекеттік сыйлықтарын
беру туралы» қаулысы жарияланды. Қаулыда әдебиет саласындағы Абай атындағы
сыйлық «Ұшқан ұя» кітабы үшін жазушы Бауыржан Момышұлына берілгендігі
көрсетілді. Әрине, мұны өзің де білесің, оқушым.
                                   Радиодан бұл
хабарды естігеннен кейін мен дереу Баукеңнің үйіне телефон соқтым. Бірақ көп
уақытқа дейін телефон босамады. Жұрт бірінен соң бірі Баукеңді құттықтап жатты.
Бір кезде менің де қолым жетті. Трубканы Бауыржанның өзі алды.
                                 Автор. Бауке, шын жүректен қуана құттықтаймын!
                                 Бауыржан. Ә,
авторсың ба? Рақмет, қарағым.
                                Автор. Қалай,
ризасыз ба?
                                Бауыржан. Бұл
менің мемлекетімнің сыйлығы ғой және Абай атындағы сыйлық. Дән ризамын, қарағым.
                                Осыдан бірнеше
күннен кейін менің қолыма «Простор» журналының тілдей конверті келіп тиді. Ішін
ашып қарасам, Баукеңнің 1977 жылдың 14 январы күні кешке, «Қаламгер» кафесіне
Абай атындағы сыйлық алуға байланысты шайға шақырған қағазы жатыр екен.
                            Бұл кешке жетпіс
шақты адам жиналды. Олардың бәрі де Баукеңнің жақын достары, туыстары,
жазушылар мен өнер қайраткерлері еді. Кешегі Жазушылар одағының секретары, ақын
Олжас Сүлейменов басқарды. Кештің барлық мазмұны ақын Тұманбай
Молдағалиевтың
Баукеңнің Абай атындағы сыйлық алуына арнап шығарып, сонда оқыған мына өлеңімен
түйінделді:
...Арманға
тұрсың қол артып,
Сені елдің қартсың
дейтіні-ай!
Кезіңді бізге
алартып,
Қорқытпақ болған
кейпің-ай!
Бәрі де саған
жарасты,
Жап-жарық жаның
үшін-ақ.
Азаматы болдың
алаштың,
Еңбегің адал,
ісің ақ.
Шаттанып тұрмын,
жанарым
Толып бір нұрлы
сезімге.
Соғыста өлген
ағаның
Айтарсың соңғы
сөзін де.
Махаббатымды мен
бердім,
Жақсы ағам менің
осы деп.
Оралмай кеткен
ерлердің,
Ең жақсы
Отандасы деп.
Бақыт боп алыс,
жақынға,
Атандың халық
батыры.
Бәйгеден сенің
атың да
Келді-ау бір,
келді-ау, ақыры.
Мадақтаушы еді
сыртыңнан,
Масайрап қалды
бұл шақта ел.
Құшақтап тұрып
мұртыңнан,
Сүйейін, аға,
мұрсат бер!
                                                                         
V
                                   Сүйікті
оқушым!
                                   Осы кеше
ғана Бауыржанды тағы да көрдім. Қолтығына қалың папка қысып, Коммунистік
проспектімен аяңдап, жоғары, Алатауға қарай өрлеп келеді екен. Оң қолындағы
кавказ таяғын сүйену үшін емес, сән үшін сілтейтін тәрізді. Әскери қалыптан шыққан
құрыш денесін тік ұстап, маңғаз адымдайды. Алыстан қарағанда адамдардың шынары
сияқтанып көрінеді. Жанына жақындап, сәлем бердім. Әңгімелесіп, Жазушылар
одағына дейін бірге келдік.
                                   Автор.
Халіңіз қалай, Бауке?
                                   Бауыржан.
Жақсы, қарағым.
                                   Автор. Көңіл күйіңіз?
                                   Бауыржан
тротуарда тоқтай қалып, оң қолындағы таяғымен сол жақ қолтығындағы қалың
папканы нұсқады.
                                   Бауыржан.
Мінеки, көңіл күйі! «Солдаттың соңғы күнінің» соңғы нұсқасын аяқтап, одаққа
әкеле жатырмын. Роман бітірген жазушының көңіл күйі қандай болатынын білесің ғой,
қарағым!
                                  Автор. Құттықтаймын,
Бауке!
                                  Бауыржан. Рақмет.
                                  Автор. Енді қандай ойларыңыз бар?
                                  Бауыржан. Мен
тек солдаттардың ортасында ғана емес, ағалардың да арасында өмір сүрдім. Ойлап
қарасам, оларға да шаш етектен қарыздар екенмін. Енді соларға арнап, ардагер
елу азамат туралы естелік-эсселер жазып жүрмін. Олардың ішінде өзім алғаш көрген
сонау Нығмет Сырғабеков, Ораз Жандосов, Қайсар Тәиггитов, одан кейінгі Қаныш
Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Қалыбек Қуанышбаев, Құрманбек
Жандарбеков, тағы басқалары бар. Ілияс Омаров, Мәлік Ғабдуллин, Дмитрий Снегин,
Күләш Байсейітова сияқты іні, қарындастарымды да ұмытпақ емеспін. Қазір соның
отыз шақысытын жазып қойдым. Осы менің әзірге бітіріп жатқаным. Өзің ше?
                                 Автор. Мен
міне, «Ақиқат пен аңыздың» екінші басылымын әзірлеп, баспаға әкеле жатырмын.
                                Бауыржан. Құтты
болсын. Маған қоятын сұрақтарың жоқ па?
                                Автор. Жоқ,
Бауке.
                                Бауыржан.
Ендеше сау бол, шырағым. Мені жігіттер күтіп отыр. Баукең екеуіміз Жазушылар
одағының кең сарайына кірдік. Ол жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті де, мен
төменде қалып қойдым, баспаға қарай бұрылдым.
                               «Өлең шіркін
өсекші жұртқа жаяр, сырымды тоқтатайын айта бермей» деп Абай айтқандай, енді
хатымды аяқтағаным абзал. Сөзімнің соңында бұл кітапты басып шығарған, пікір
білдірген, жан тебірентерлік сәлемдер жолдаған баспа, баспасөз қызметкерлеріне,
барлық оқырмандарға шын жүректен алғыс айтамын. Соның ішінде сен де барсың,
сүйікті оқушым!
Автор.
14 сентябрь 1977
ж.
Алматы.
БАТЫР ТУРАЛЫ КІТАП
ҚАЛАЙ ЖАЗЫЛДЫ?
                              Әр кітаптың
тарихы үш кезеңнен тұрады. Ол кезеңдер кітаптың жазылуы, жарыққа шығуы және оны
оқырманның талқылауы. Ал «Ақиқат пен аңыз» кітабының тарихы одан да әріден
басталады-ау деп ойлаймын. Олай дейтінім 1943 жылы, соғыста жүрген кезімде
«Знамя» журналының бетінен Александр Бектің «Панфиловшылар алғы шепте» деген
шығармасын оқыдым. Ол артынан «Волоколамск тас жолы» деген атақты кітап болды.
Міне, содан бастап мен батальон командирі аға лейтенант Бауыржан Момышұлын
жан-тәніммен жақсы көрдім.
                               Оның мынадай
себептері бар еді. Ең алдымен, Бауыржан командир екен. Мен де командирмін.
Бірақ Бауыржанның аға лейтенант, өзімнің аға сержант екенімді, Бауыржанның қол
астында 600 адам, ал менің қарамағымда 6 жауынгер ғана бар екенін ол кезде
есепке алмаппын. Екіншіден, Бауыржан солдаттарына әділ, сол себептен
жауынгерлер оны жақсы көреді екен. Мен де сондаймын. Үшіншіден, Бауыржан өлең
жазады екен. Мені де жұрт 100-атқыштар бригадасының ақыны деп есептейді.
Бауыржанның Қазақстанда ақындық жағынан танылу дәрежесі қандай екенін
білмеймін. Бірақ Жамбылдың «Балама хат» деген өлеңі 1943 жылы 6 февральда
«Қазақ майдангерлеріне хат» деген атпен «Правда» газетінің бетінде басылған
қазақ халқының хатына жауап ретінде өз бригадамның жауынгерлері, командирлері
және саяси қызметкерлері атынан жазылған «Атамыз Жамбыл ақынға» деген ұзақ өлеңім
қазақ тілінде шығатын барлық әскери газеттерде басылды. Артынан сол шығарма Жамбылдың
бізге арнап шығарған «Жүз жасаған жүректен» деген
жауап толғауымен
қатар «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған. Міне, осы үш себептен мен
Бауыржанды өзгеше жақын көрдім. Өзімді бармақтай (микро) Бауыржанмын деп
есептеп, Баукең сияқты командир болуға тырыстым. Бауыржанға деген солдаттық
сүйіспеншілік ұзақ жылдар бойына менің жүрегімнің түбінде жатты. Тіпті, күні
бүгінге дейін мен өзімді бармақтай Бауыржанмын деп есептеймін.
                               Соғыс кезінде мен Бауыржанмен
кездесе алғам жоқ. Соғыстан кейін университетке окуға түсіп, оны тәмамдадым.
Филология факультетінің түлегі болсам да, журналистік қызметке кеттім. Баукең
ол кезде әскерде жүрді. Мен онымен 1957 жылы желтоқсанның аяғында Москвада
кездестім. Ол кісі Алматыдан, мен Павлодардан қазақ әдебиеті мен өнерінің
Москвада өтетін онкүндігіне бардық. Сонда батырмен бірінші реет тілдесіп, өзіміз
орналасқан «Киев» қонақ үйінің алдында суретке түстім. Ол суретті менің досым, филология
ғылымының докторы, жазушы Мырзабек Дүйсенов маркұм түсірген еді.
                             «Ақиқат пен аңыз»
Баукеңнің 7 жасынан 70 жасына дейінгі өмірін қамтитын шолу тәріздес кітап. Бұдан
кейін оның өмірін қоғам тарихының әр кезеңіне саралап («Соғысқа дейін»,
«Соғыста» және «Соғыстан кейін»), қалыпты роман үлгісімен үш
кітап жазармын
деп жоспарлаған едім. Бірақ, «Ақиқат пен аңыз» жарыққа шыққаннан кейін Бауыржан
туралы кітап жазушылар көбейіп кетті. Жаңа авторларға жол беріп, мен тоқтап қалдым.
Әрі денсаулық бөгет болды.
                              «Ақиқат пен аңыз»
роман-диалогының тарихына кіріспе ретінде айтарым осы. Енді оның жазылу жайына
келсек, әңгіме мынадай.
                             1970 жылы Баукең
60 жасқа толар қарсаңында «Жұлдыз» журналы маған алты бет мақала жазып беруді
өтінді. Мен алты беттің орнына 160 бет материал әзірлеп апарып бердім. Бәлкім, оны
жазғанда менің жүрегімде жатқан Баукеңе деген сонау соғыс жылдарындағы солдат
сүйіспеншілігі қайта оянған болар. Еңбегімді «Ақиқат пен аңыз» деп атадым. Оның
алғашкы жартысы 1971 жылы «Жұлдыз» журналында, қалғаны «Жалын» альманағында
басылып шықты. Оқырман қауым Баукең екеуіміздің арамыздағы осы диалогты одан
әрі жалғастыруды тілек етті.
                            Алғашында Баукеңмен
12 сағат әңгімелесіп, оның өз аузынан 26 бет дерек жазып алған едім. Кейін
екеуіміз бірде ауруханада, кейде көшеде кездесіп, диалогты там-тұмдап одан әрі
жалғастырып жүрдік. 1975 жылдың басында роман-диалогты аяқтап, «Жазушы»
баспасына тапсырдым. Кітаптың жазылу кезеңі осылай аяқталды.
                             Ал оның кітап боп
басылу кезеңіне келсек, бірсыпыра машақаттар болды. Менің баспаға тапсырған
қолжазбамның көлемі 800 бет шамасында еді. Жұлмаланып, жұлқыланып, соның 500
беті ғана жарық көрді. Жеңістің 30 жылдығына шығаруға жоспарланған кітап екі
жылға жуық баспада жатып, 1976 жылдың аяғына қарай жарыққа шықты. Цензурадан
бастап, үлкенді-кішілі тиісті мекемелердегі «қырағы көздер» кітабымның сөз,
сөйлем, бет, тарауларын қайшымен қиып, жанымды қинады. Мәселен, «Халық қамын
ойламайтын кейбір басшылардың дүмі креслоға сыймайды» деген сөйлем кітаптың шықпай
қалуына себеп бола жаздады. «Қырағы көздер» бұл сөйлеммен автор ана басшыны
сынап отыр деп шұқшиды. Бауыржанның жеті атасы айтылатын жерді дереу жою керек,
ол рушылдыққа бастайды десті. Кітапта Чернюгов деген орыс генералы ақылсыздау
етіп көрсетіліпті. Орыс генералын олай суреттеу дұрыс емес, бұл ұлтшылдық
болады деп қорқытты.
                                  Кітапта
Панфилов, Чистяков, Рокоссовский сияқты талай генералдар байсалды қалпымен
баяндалған ғой, бір генералдың кемшілігін көрсетудің несі айып деген автор
сөзіне ешкім құлақ аспады. Бауыржанның Оңдасыновпен диалогы үлкен бастықтардың
намысына тиеді деп, бір баспа табақ материалды кітаптан ойып алып, лақтырып
тастады. (Бүл үзінді «Кітапқа кірмеген тарау» деген атпен «Жүлдыз» журналының
1991 жылғы бірінші нөмірінде басылып жатыр.)
                                  Осындай
қиын-қыстау кезде авторға көп көмек тигізген роман-диалогтың алғашқы редакторы,
осы биыл Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болған көрнекті
жазушы Қабдеш Жұмаділов болды. Ол «қырағы көздердің» көптеген бұйрықтарына
мойынсұнбай, автормен тізе қосып, қасарысып отырып алды. Артынан сол қайсарлығы
үшін «Жазушы» баспасынан қызметтен де қуылды. Бірақ сол қаламгердің табандылығының
арқасында ғана (табандылық жағынан ол кей
кезде автордан
да асып түсіп отырды) «Ақиқат пен аңыз» роман-диалогының алғашқы нұсқасы
дүниеге келгенін қалың оқырман қауымның білгені абзал деп ойлаймын. Өз басым
оның бұл азаматтық редакторлық ерлігін ешқашан ұмытпаймын.
                                    Кітап
баспадан шыққаннан кейін оның оқырманмен қауышу кезеңі басталады. Шынымды
айтсам, жанталасып, жағаласып жүріп жарыққа шығарған кітабым қалың көпшілікке
ұнай ма, ұнамай ма деп, катты күдіктеніп жүрдім. Роман-диалог формасы қазақ
әдебиетінде, тіпті, басқа ешбір әдебиетте жоқ. Жұрт оны қалай қабылдайды деп қиналдым.
Деректі дүние ең алдымен кейіпкерге, одан кейін кейіпкерді жақсы білетін жора-жолдастары
мен туыстарына және қалың оқырманға ұнауы керек. Шығармаң сонда ғана бағалы
болмақ. Менің басымда осындай үш қиыншылық тұрды. Алдымен, әдеби, әскери,
философиялық, жазушылық талғамы күшті, адамдык, азаматтық өресі биік Бауыржанға
менің бұл кітабым ұнамай қала ма деп қорықтым. Кітабым шыққалы, оны өзі оқығалы
бірсыпыра уақыт болса да, Баукең маған ләм деген жоқ, үн-түнсіз жүріп жатты. Кітабым
қалай деп ол кісіден мен де сұрамадым. Сөйтіп жүргенде бір күні Баукең әйелім
екеуімізді үйіне қонаққа шақырды, Жуалыдан Әбілда деген інісі қой сойып әкелген
екен. Соның таудай басын Баукең менің алдыма қойдырды.
                                     -         Бауке, әрі аға, әрі полковник, әрі
Батыр Сіз тұрғанда, мен сияқты сержанттың бас ұстауға хұқы жоқ! - деп безек қақтым.
                                     - Молчать,
- деді Баукең менің бетіме ажырая қарап. - Отныне ты мой начальник! Понятно
тебе? Ұстағын басты!
                                    Баукең
маған «Бүгіннен бастап сен менің бастығымсың!» деді. Ешкімге бас имеген өр
Баукеңнің өзі айтты. Айтса да, сол сөзді естігеніме қапелімде өзім сенбедім. Бірақ
оны Баукеңнің бәйбішесі Кәмәш, інісі Әбілда және менің әйелім естіп отырды.
                                 1958 жылы
Павлодарда тұрғанымызда ұлы жазушы Мұхтар Әуезовты үйімізге қонақ еткеніміз бар
еді. Сонда Мұхаң жинаған кітаптарымды көріп, менің атыма бір-екі ауыз жылы сөз айтқан.
Ол сөзді өзімнен өзге ешкім естімегеніне өте өкініп едім.
Баукеңнің бұл
сөзін үш адам естігеніне іштей шүкіршілік еттім. Әрине, мен Баукеңнің бұл төрт
сөзін кітабыма деген ризашылығы деп түсіндім. «Ақиқат пен аңыз» кітап болып
шыққанша Баукең менің творчестволық қабілетіме сеніңкіремей, сондықтан мені
үнемі сынап отыратын сияқты болып көрінуші еді.
                                  Роман шығып, жұрт оны оқығаннан кейін
екеуіміздің арамыздағы сырт көзге көрінбейтін бұрынғы көкей шекарасы мүлде жойылып
бара жатқандай еді. Ол кісі менің өз қасына келуімді қалап, сұраған
сұрақтарымның бәріне ыждағатпен жауап беретін.
                                 Ал екінші қиындық кітабымның
Баукеңді жақын білетін адамдарға ұнау-ұнамауы дедім ғой. Бұл жағынан Баукеңді
ең жақсы білетін адамдар оның әдеби ортасы - жазушылар қауымы екені аян. Сол
кезде Жазушылар одағында «Ақиқат пен аңызға» арналған творчестволық талқылау
болды. Оған Баукеңді бала күнінен білетін Әбділда Тәжібаев сияқты қаламгер
достары қатысты. Төменде сол талқылаудың стенограммасы оқырмандарға ұсынылып
отыр. Батырды білетін адамдардың бұл кітапқа деген көзқарасы осы стенограммадан
аңғарылуы тиіс.
                               Сол сияқты
Баукеңді көрмеген сырт оқырмандарға келетін болсақ, олардан күні бүгінге дейін
ризашылық хаттар аламын. Олардың бәрі дерлік Баукеңе Совет Одағының Батыры
атағы берілмегеніне өкінеді. Әлі күнге дейін ол атақ беріліп қалар деп үміт
ететіндіктерін білдіреді.
30.ХІ.1990ж.