ВЕРНУТЬСЯ

                  I
                 Автор. Енді қырық екінші
жылдың жазына келеміз бе, Бауке?
                Бауыржан. Қырық екінші жылдың
жазында біздің Калинин майданында да, басқа жерлерде де елеулі ұрыстар болған
жоқ. Жергілікті маңызы бар барлау-бақылау, күш сынасу ұрыстары совет-герман
майданының барлық жерлерінде жүргізіліп жатты. Күшті ұрыстар күзге қарай басталып,
қыста өзінің шарықтау шегіне жетті. Ол ұрыстардың аспанға көтерілген алауы
Сталинград болды ғой. Сталинград неміс-фашист армиясы күнінің батар
алдындағы алауы
болды деп кезінде қолбасы бейнелеп-ақ айтқан еді ғой. Есінде бар ма, бір баяндамасында
оның былай дегені: «Жалмауыз Гитлер түріктің «Джумхуриет» газетінде жарияланған
түрік генералы Эркилетпен жасаған әңігімесінде былай дейді: «Біз Ресейді құртамыз,
сөйтіп оны еш уақытта қайтадан бас көтере алмайтын етеміз». Ақымақ шалыстау
айтылғанымен, мәселе айқын сияқты... Біз мұндай міндетті, Германияны құртуды
көздеп
отырғанымыз жоқ,
өйткені Ресейді кұрту мүмкін еместігі сияқты, Германияны құрту да мүмкін емес. Бірақ
гитлершіл мемлекетті құртуға болады және ол құртылуға тиіс». Қолбасшының
осындай уытты сөздерін радиодан естігенде немесе газеттен оқығанда жау ынгерлер
әрі күліп, әрі қайраттанып қалатын. «Қойға шапқан батырың, қаскыр көрсе қой
болар» деген сөз марқұм Жолмұхамед Бозжановтың аузынан түспейтін мәтелі болып
кетіп еді. Оны бірдеңеге жұмсағым келіп «Жолтай!» деп қасыма шақырсам-ақ болды,
жаныма жүгіріп келіп:
                - «Қойға шапқан батырың, қасқыр
көрсе кой болар!» Кұп болады, аға, - деп күлімдеп қаздиып тұра қалатыны күні
бүгінге дейін көз алдымда. Шабуылға шығарда ол ылғи: «Неміс оккупанттарына өлім
келсін!» деуші еді.
               Мұны айтып отырған себебім
командирдің айтқан сөзі айқын, берген бұйрығы нақпа-нақ болуы керек. Жауынгер
командир сөзінің болбыр болғанын ұнатпайды. Өйткені жауынгер командирден бұйрық
қана емес, сол бұйрықты орындайтын жігерді қоса алуы керек. Жауынгер ол жігерді
командир сөзінің үн ырғағынан, оның ойының салауат, салмағынан іздейді. Командирдің
аузынан шыққан әрбір сөздің қайрат-күшінен, дәлдік-шындығынан іздейді. Сөз
шындығы - қайратты қару. Жоғарыда айтылған атақты Холм жорығында, бір деревняда
алдынан танк шыға келгенде тайсақтап кейін шегінген жауынгерге: «Анаңнан ұл боп
туғаның рас болса, ана танкті құртқын!» деп бұйрык бергенім есімде. Содан кейін
ол жігіт қайта ілгері ұмтылып, танкті құртты.
              Мінеки, сөз шындығының күші деген осы. Мен
оның анасын айтқанда алғашында қаймығып қалған жауынгер жігерленіп кетті.
Сөйтті де танкті құртты. Командирдің берген бұйрығында, жаңағы қолбасшының
сөздері сияқты, не күлдіретін, не қайраттандыратын шындық көрініп тұруы керек. Бұйрығыңды
айтып, оның үстіне жаңағыдай жанды жанитын жігерлі сөздерді қоссаң, жауынгерге сол
жетеді. Бұйрықты орындауға кетіп бара жатқан ол сенің қайратты сөзің есіне
түскенде, күліп те алады. Ал күлкі кісіге қайрат береді. Жауға қарсы жылап
жылжыған солдат жыраққа жете алмайды. Күліп ілгерілеген солдат қана игілікті іс
тындырады. «Күліп» дегеннің солдаттың жынданған кісіше өз-өзінен қарқылдап
күлуі емес, бұйрықты орындауға іштей жігерленіп, қайраттанып баруы деген сөз
екені түсінікті ғой саған?
              Жаңа мен жоғарыда Сталинградты
атадым ғой. 1942 жылдың 28 сентябрінде бұрынғы Сталинград майданы Дон майданы
болып қайта құрылды. Оның командашылығына біздің генерал Рокоссовский
тағайындалды. Оны неге «Біздің генерал» деп отырғанымды түсінесің бе?
Түсінбесең былай. Қырык бірінші жылы жау Москваға төніп келгенде 30,1-ші
Екпінді, 20, 16, 5, 33-ші және 43-ші армиялар тосқауылда тұрды. Москваға ең
ұрымтал жер (30 километр)
генерал Рокоссовский басқарған 16-шы армияның тұсы еді. Біздің З16-шы атқыштар дивизиясы
генерал Рокоссовскийдің  қолындағы қуатты
қарулардың бірі болды. Генерал Панфилов қаза тапқанда қабырғасы қайысқан
адамның бірі де сол кісі екен. Оны менің батальоным 20 ноябрьде қоршаудан шығып
келгенде майор Елин мен комиссар Логвиненкодан естідік. Оның үстіне Рокоссовский
мені ең бірінші рет өз қолымен полк командирлігіне тағайындаған кісі. Оны
кітабымның «Сенім» деген тарауында айтқанмын. Ендеше, Москва түбіндегі аса қатал,
қанды ұрыстарды басымыздан бірге кешіргендіктен, ол кісіні «біздің генерал» деп
атауға қақым бар ма, жоқ па менің?
             Сол кісінің қалауы бойынша генерал
Чистяков 21-ші армияның командашысы болып, Дон майданына кетті. Кім де болса
қайратына көзі жеткен адамдарды ғана өзіне серіктікке алады ғой. Генерал
Чистяков оның сенімін абыроймен орындады. Сталинградты жаудан азат етуде 21-ші
армия аса зор даңққа бөленіп 6-шы гвардиялық армия болып аталды. Содан кейін
бұл армия атақты Курск доғасында да үлкен ерлік көрсетті. Сөйтіп,
генерал-лейтенант атағын алған Чистяков тура бір жылдан кейін, 1943 жылдың сентябрінде
6-шы гвардиялык армияны бастап Калинин облысына қайта келіп, 2-Балтық майданының
қарамағына кірді.
              Менің айтайын деп отырғаным генерал
Чистяков Дон майданына кетер алдындағы оқиға. 1942 жылы 26 сентябрь күні таңертең
ерте корпус командирі генерал Чистяков пен армия командашысы генерал Галицкий
екеуі келіп, біздің полктың қорғаныс шебін аралап көрді. Кетерінде Чистяков
маған кешке қарай корпус штабына кел деп бұйырды. Генерал Галицкийдің қорғаныс шебін
жақсарту жайындағы нұсқауларын орындап болғаннан кейін, түс ауа корпус штабы
тұрған Княжий Клин қыстағы қайдасың деп, Ақбоз атпен құйғыта кеп жөнелдім.
Жолда, жиі қойылған бақылау постыларының бірінен соң бірінен өтіп, документ
көрсетіп жүріп,
кешігіңкіреп қалыппын.
                Автор. Княжий Клин дейсіз бе?
                Бауыржан. Иә.
                Автор. Менің жинаған
материалдарымның ішінде қырғыз ақыны Сүйінбай Эралиевтің бір өлеңі бар еді.
Сонда Княжий Клин деген сөз бар. Тегі қырғыз ақыны Сізді сол деревняда көрген
болуы керек. Сол өлеңді оқып шықсам қайтеді?
               Бауыржан. Оқығын.
II
               Автор. Өлеңнің аты «Ақбоз ат
мінген қолбасы». Шекесінде: «Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлына»
деген арнау сөз бар.
Княжий Клин
селосы,
Жайладық жетіп
төрін біз.
Майданнан жырақ
жер осы,
Бұл бірақ күзет
шебіміз.
Осында тоқсан
жол-торап,
Ұмытпа жалғыз
міндетті:
Мандатын тексер,
тұр қарап,
Кім келді, бұдан
кім кетті.
...Ойқастап
міне, Ақбоз ат
Жарқ етіп алдан
көрінді.
Аспаннан әлде
нақ сол сәт
Ақша бұлт оқыс
бөлінді.
Құйғытып келед
адырдан,
Құрбыма айттым:
«Бауыржан!
Тоқтатам кұдай
болса да,
Уставқа бәрі
бағынған!»
Сол, Момышұлы!
Есіттім,
Аңыздай атын
көптенгі.
Полкымен жолын
кесіпті
Мәскеуге шапқан
көп қолдың.
Болсам да қанық
даңқына,
Көрмеп ем өзін
өмірі.
Ойнайды желмен
шалқыма
Бурканың екі
өңірі.
Келеді зулап
командир,
Майданда сондай
ер екен!
Көрінді қызық
маған бұл,
Тоқтатсам ол не
дер екен?
Белгімді сезе қойды
ма,
Тізгінін тежеп
атының,
Әлдене түсті
ойына,
Аяңға көшті ақырын.
Кексе ме десем,
жас екен,
Жігіттің дөйі
тас бекем.
Жалынан сипап
боз аттың,
Аяулы тілде сөз
қатты:
Құлыны болып
жүрмегей,
Қырғыздың әдде
қазақтың?
«Қай тілде, -
деп тұр, - сөз кебі»,
Қадала маған қарады.
О, неткен өткір
көздері!
Өңменнен өтіп
барады.
«Қырғызбын!»
дедім қымсынып,
(Тоқтатқан үшін
қаймыға.)
- Бауырымсың,
ортақ тіршілік-
Барғанмын талай
айлыңа...
Танитын ұл бол
еліңе! -
Қолымды алды
иіліп.
Атылды Ақбоз
еліре,
Айқасты тілеп
сүйініп.
Еріне жағар
әрбір ат,
Қасиетімен әрқандай.
Ал мына Ақбоз
арғымақ
Ақ сүтке малып
алғандай.
Арқырар Ақбоз
ұрыста,
Айқастың қызып
дуынан.
Жарқылдар қиғыр
қылыш та,
Сыңғырай шығып қынынан.
Жақсы аттың көркі
ерімен,
Жарастық сондай
бар мұнда:
Кинодан талай
көріп ем,
Ер Чапай тұрды
алдымда!
                   Бауыржан. Аударған кім?
                   Автор. Мұзафар Әлімбаев.
Қырғыз ақыны өзіңізді көрген тәрізді-ау өзі.
                   Бауыржан. Немесе біздің
полкта болған қырғыз жігіттерінің бірінен естіген болар. 316-шы дивизияның шүу
басында негізі қырғыздар мен қазақтардан құралғанымен, генерал Панфилов оны интериационалдық
дивизия етіп жасақтады. Онда орыстар да, укра-
индар да,
белорустар да, өзбектер де, татарлар да, азербайжандар да, башқұрттар да,
чуваштар да, ұйғырлар да және басқа көптеген ұлттардың өкілдері болды. Ұлттық
құрамы жағынан алғанда біздің дивизиямыз көп ұлтты Отанымыздың кішірейтілген
макеті сияқты еді. Мұндай құраманы коммунистік барлық қасиеттерді жүрегіне
жинаған нағыз интернационалист командир ғана ойдағыдай басқара алатыны аян. Биік
құзға салған бүркіт балапанындай, асқар Алатаудың бөктерінде дүниеге келген жас
дивизияның бесігін күні-түні ұйқы көрместен, осынау Алматыдан сонау астанаға
дейін тынымсыз тербеткен генерал Панфилов дәл осындай кісі болды. Ол дивизияға керекті
командирлерді де әр ұлттын нағыз халықтық әскер - Қызыл Армия қатарында
шыңдалған патриот өкілдерінен таңдап алды. Міне, осы орасан шайқаста еліміздің
өзге ұлт жауынгерлері сияқты, ұлы Манастың ұрпағы
қырғыз жігіттері
де ересен ерлік көрсетті. Қырғыз-қазақ балалары, егіз қозыдай болып, жау танкін
жайратуға қол ұстасып қатар жүгірді. Қайсарлығы да, қаһармандығы да ұқсас бұл
екі халықтың ұлдары өжет орыс жігіттерінің қос қанаты, өзге ұландардың жолдасын
жауға бермес жан серігі бола білді. Патшалы Ресей тұсында бір-бірімен кудай
жұлысып келген бұл екі халықтың Ұлы Октябрь революциясы шыңдаған болаттай берік
достығы осы соғыста одан сайын нығая түсті. Сүйікті Отанның қасиетгі жеріне қырғыз-қазақтың
қаны қатар төгілді. Денелерін тілкемдеп ок тесіп бірнеше жерден жаралы болса да
алғы шептен бір адым да артқа шегінбеген олар қолдан қуат, буыннан әл кеткенде
бір окоптың түбіне гүрс етіп қатар құлап, құшақтасып жатып жан тапсырды. Сөйтіп
олар туысқандар моласына өздерінің ер достарымен қатар көмілді. Қырғыз
жігіттерінің керемет ерліктерін мен өз көзіммен сан рет көрдім. Дүйшенқұл
Шопошов, Бүркіт Әлішеров, Әшірбай Қоянкөзов, Тоқтағұл Шабеков тәрізді ондаған
қырғыз жігіттерінің қажыр-қайратына сүйсіндім. Мен осылардай отаншыл ұл
тәрбиелеген, сан жағынан кішкене де болса мүскене қырғыз халқының алдына бас
иемін! Жалғыз қырғыз халқы ғана емес, ақ сүтімен тәрбиелеген адал ұлдарын Отан
корғау жолындағы қасиетті жорықтарға бастау үшін менің полкімнің, кейіннен мен
басқарған 9-шы гвардиялық дивизияның қарамағына берген орыс, украин, бе-
лорус, татар,
еврей, грузин, армян, азербайжан, тәжік, өзбек, башқұрт тағы басқа халықтардың
алдына тізе бүгіп, тәжім етемін!
                    Автор. Бұл жерде де біраз
философияға бардыңыз, Бауке.
                    Бауыржан. Немене, менің
философиям ұнамай отыр ма саған? Онда тындамағын!
                     Автор. Қойдым, Бауке,
қойдым. Ал Сіз қазір, қырғыз ақыны айтқандай «аспаннан бөлінген ақ бұлттай»
немесе «ақ сүтке малып алғандай» Ақбоз атпен корпусқа қарай келе жатырсыз. Чистяковпен
кездесейік, кәне.
 
III
                   Менің жаңағы сөзіме шамданып
қалған Баукең дүрдиіп біраз үнсіз отырды. Содан кейін, арамызда ештеңе
болмағандай қайтадан сөзін жалғады. Менің ойыма қазақтың бір ескі мақалы түсті.
«Жаманның ашуы - басы жерге жеткенше, жақсының ашуы - жібек орамал кепкенше»
деген осы екен-ау деп ойладым ішімнен.
                   Бауыржан. Мен корпус штабы
тұрған жерге күн батар алдында келген едім. Штабтағылар Сізге генерал блиндажға
келсін деп бұйырды деді. Блиндажда корпус комиссары С.А.Егоров екеуі ғана отыр
екен. Мен генералға келгенімді баяндап рапорт бердім. Панфилов марқұм кісімен
тек кана «сіз» деп сөйлесуші еді. Тек қана «жолдас пәленше» деп фамилияңды
атайтын. Ал Чистяков ұрысарда немесе бұйрық берерде ғана «сіз» деп сөйлеп,
ресми емес жағдайда «сен» деп және атынды атап сөйлесе беретін.
                   - Кел, кел, Бауыржан, - деді
ол маған қолын ұсынып. - Ескі достардан жетпей тұрғаны сен ғанасың.
                  Бұған қарап мен болатын әңгіменің
ресми емес екенін аңғардым. Әңгіме ресми болмаса да, мен өзімді ресми күйде
ұстап, генералдан соң комиссардың қолын алғаннан кейін де тік қалпымда тырп
етпестен тұрып қалдым.
                 Генерал стол басына шақырды.
Өзі ортаға жайғасты да, комиссарға сол жағынан, маған оң жағынан орын нұсқады.
Отырарда орындыққа тиіп менің қылышым сарт ете қалды. Генерал жымиды да:
                 - Бұл қылышты қашан тастайсың,
Бауыржан? - деді.
                 - Жауды жеңіп, әскерден
босанғаннан кейін мұны музейге өткіземін, жолдас генерал.
                 - Жігіт! Осындай өзгермейтін өз
дәстүрі бар адамдарды ұнатамын, - деді де генерал Егоровқа қарай бұрылып, содан
соң оған өзінің мені ең алғаш осы қылышты көтеріп ипподромда шауып жүргенде
көргенін айтты. - Бірақ сол жолы астындағы атының құйры-
ғын шауып алды
бұл батыр. Ал оның дәлелді себептері бар еді...
                 Мен қысылып, үнсіз отырдым.
Генералдың адъютанты дастарқан жайып, үшеуіміздің алдымызға ас қойды.
                  - Ал, Бауыржан, - деді генерал
асқа икемделген ыңғай танытып. - Мен ертең Москваға жүргелі отырмын. Тегі басқа
жаққа ауысармын. Ауыспасам қайтып келермін, кет демессіңдер.
                  - Әрине, - деді комиссар
басын изеп. - Сол дұрыс болар еді.
                 - Оны бара көреміз, Сергей
Александрович, - деді генерал сөзін жалғап. - Басқа жолдастармен телефон арқылы
тілдестім. Бірақ ешкімді шақырмадым. Сені шақырып отырған себебім екеуіміз 8-ші
гвардиялық Панфилов дивизиясынан бұрынғы ескі доспыз. Сонау Қиыр Шығыста, қиын кездерде
табысқан адамдармыз. Сондықтан сенімен қоштаспай кетуді жөн көрмедім.
                     - Рақмет, жолдас генерал,-
дедім мен басымды иіп. Генералдың бұл сөзі маған соншама жылы тиді. Іштей қатты
толқып, тебіреніп қалдым.
                     - Осыны, - деді генерал қырлы
стаканды орталай құйылған арақты қолына алып, - мына сіздердің денсаулықтарыңыз
үшін, осы отырған үшеуіміздің ұямыз 8-ші гвардиялық дивизия мен 2-ші гвардиялық
корпустың және менің туған жерім Калинин облысын жаудан толық азат ету үшін
күресіп жатқан Калинин майданы әскерлерінің жаңа табыстарға жете беруі үшін
алып қоялық.
                     - Бәлкім, қайтып келерсіз,
туған жеріңізді жаудан бірге азат етерміз, Иван Михайлович, - деп күлді
комиссар онымен және менімен стаканын соғыстырып жатып.
                     Екінші тосты генералдың
денсаулығы мен барған жерінде абыройлы болуы үшін деп Егоров көтертті.
                     Ас арасында генерал тағы
да Қиыр Шығыс туралы әңгіме қозғады. Уссурий өлкесінің қаһарлы қысы біткеннен
кейін қырқұлақ ауруы басталатынын, әлденеше рет дивизия жауынгерлерін жүзімнің,
ағаштың жапырағын қайнатып ішкізіп, ащы пияз жегізіп аман алып қалатынымызды
айтты. Талай рет белуардан батпақ кешіп жасаған жорықтарымызды есіне түсірді.
Осы арада менің құйрығы шолақ ақбоз атты жаяу жетектеп, батпақ кешіп дивизия
штабынан полкке келгенім ойыма оралды да, генералға өмір бойы тісімнен шығармай
көкірегімде сақтап келген сұрағымды қойдым.
                        -       Жолдас генерал, бір сұрақ қоюға бола ма?
                        -       Сұра, Бауыржан, - деді генерал.
                        -       Комбриг Дотоль мен полковник Коваленко
кетіп, Сіз біздің дивизияға келгеннен кейін бір күні мені шақырттыңыз, жолдас генерал.
Сонда мені тек қана атымның құйрығын шауып алғаным үшін дивизия штабынан полкке
дейін жаяу баруға жазалайын деп
қана шақырдыңыз
ба, жоқ әлде басқа себебі болып па еді?
                      Генерал ол оқиғаның
желісін еске түсіріп, сәл ойланып алды да, басын шайқады.
                       -        Жоқ, ол үшін емес. Сенің сол жолы халің мүшкіл болатын. Бірақ
менің сенімен сөйлесіп, кім екеніңді білмей жатып қолыңнан жетектетіп қоя
бергім келмеді.
                      -         Онда мен осы өмірім, тіршілігім үшін Сізге қарыздар екенмін,
жолдас генерал.
                      - Егер олай десең, сен ол
қарызыңцы әлденеше есе ғып, асырып өтедің, Бауыржан.
                      -         Онда менің Сізді әкемдей құшақтап, сүюіме рұқсат етіңіз, жолдас
генерал,- деп жүйе-жүйем босап, орнымнан тұрдым...
                     Тағы бір сұрақ көмейіме
келген еді. Өткен апрельде, 8-ші гвардиялық днвизиядан 2-ші гвардиялық корпусқа
ауысып бара жатқанда генерал тағы да мені шақырып алып, былай деген болатын.
                       -        Сен туралы ойларым бар еді, оны жүзеге асырып үлгірмедім. Бірақ
Иван Ивановичке тапсырдым, сол кісі қамқорлық жасар,- деген.
                       Алдында сол ойыңыз не
еді деп сұрағым келген болатын. Енді мына әңгімеден кейін оны сұраудың ешқандай
қажеттігі болмай қалды.
                        -       Баска қандай сұрағың бар? - деді генерал.
                        -       Ешқандай
сұрағым жоқ, - дедім мен екі аяғымды сарт еткізіп.
                        - Жолыңыз болсын,
жолдас генерал, жауынгерлік зор табысқа жетуіңізге тілектеспін!
                      Сөйтіп, генерал Чистяков
Москваға аттанып кетті. Одан кейін Дон майданына барғанын білдік.
                       Осылай деп Баукең бір
тоқтап тағы да темекіге қол созды. Баукеңнің аузынан шыққан сөздерге кәнігі
хатшыдай болып төселіп алған менің оң қолым жаза-жаза қатты салдырап қалған еді.
Құрысын жазайын деп, моторы жаңа ғана сөндірілген кішкене самолеттің
пропеллеріндей қалбаңдатып, қолымды бірер рет сермедім де, тез тоқтата қойдым.
                     Тоқтата қойғаным
генерал-полковник Чистяковтың жоғарыда келтірілген: «Бұлардан басқа Момышұлының
маған ұнайтын тағы бір қасиеті болатын, ол оның шыншылдығы еді. Мен оның қанша
қиын болса да, тіпті одан өзіне зиян келсе де тек қана шындықты айтатынын
білуші едім» деген сөзі дәл осы сәтте сақ етіп қайтадан ойыма оралды. Алғашында
мен бұл сөзді журналдан оқып бергенімде «оны неғыл дейсің?» деп Баукең бетіме
ажырая қараған болатын. Генералдың бұл сөзіне Момышұлы мақтанатын, қуанатын болар
деп ойлап едім. Бірақ Баукең ондай нышан білдірмеді. Чистяковтың бұл сөздері
басылған журналды алтын тапқандай қуана қолтықтап ентелей басып, ентіге кірген
маған ол жылы қабақ көрсетпеді. Журналдағы өзі туралы айтылған тамаша бағаны
оқып
бергенімде «оны
неғыл дейсің?» деп зірк ете түскенде мен қатты қысылып, шынымды айтсам, ренжіп
қалдым. Сол сәтте басыма осы кісі Чистяковты ұнатпай ма екен деген ой келді. Сасқанымнан
мен: «Жай, Бауке. Сол кісімен қалай кездескендеріңізді айтпайсыз ба?» дей
салғанмын. Бұрынғы барлық сұрақтарыма берген жауаптары сияқты, Баукең бұл
сұрағыма да жауап қайтаруға кірісқен. Бірақ ол жауап осындай үлкен әңгімеге
ұласып, әрі драмалық, әрі жан тебірентерлік детальдары бар дүние болып шығар деп
тіпті де ойламаған едім. Генерал Чистяковтың өз мемуарында жазған «Момышұлының
маған ұнайтын тағы бір қасиеті - шыншылдығы еді»дегенінің мәнісі, міне, енді
келіп шықты. Мұны да Баукең «Иә, біздің генерал ғажап кісі еді, мені жақсы
көруші еді» деген сияқты құрғақ сөздермен емес, жоғарыдағыдай, жан тебірентерлік
әңгіме етіп айтып берді. Онда да өзін-өзі дәріптеп,
көтермелей
сөйлеген жоқ, генералды алға ұстай отырып, өзінің іс-әрекеттерін генералдың әр
түрлі бұйрықтарына байланыстыра баяндады. Ұзын ақ мүштікке жалғап, папирос
тұтатқалы жатқан Баукеңнің саласынан ет қашқан арық, ұзын саусақтарының діріл
аралас қимылына көз сала отырып мен оның шыныдай мөлдір шыншылдығына сүйсіндім.
Сонымен бірге оның әңгіме айтқыштық өнеріне тағы да ғажаптандым. Қандай сұрақ
қойсаң да Баукең
оның жауабын
өзінше сюжетке негіздеп, қарапайым да болса композицияға желілеп айтады. Сюжет,
композицияны ол алдын ала құрып алмайды, сенің сұрағың қойылғаннан кейін соған
жауап бере отырып, қиюластырып, кұрастырып әкетеді. Бұл шапшаңдық оның әр түрлі
жауынгерлік жағдайда тез шешім қабылдап үйренгендігін, сонау ескі әскери
дағдыны танытқандай еді. Баукеңнің Чистяков жайындағы бұл әңгімесі мені одан
сайын толғандыра түсті. «Сенің қандай ғажап ұстаздарың болған, Бауке! Сол
ұстаздарың сені мәпелеп тәрбиелеген. Сені олар талай-талай апаттарға жұмсап,
шынықтырған. Апатқа жұмсау арқылы олар өзіңді апаттан алып қалып отырған. Сенің
тағы бір асыл қасиетің сол ұстаздарыңды ешқашан ұмытпайтындығың. Тірісінде
ұстаз тұтқан ағаларын көзі жұмыла сала ұмытып кететін адамдар аз ба? Сен ондай
кісі емессің, Бауке. Сені халық сол үшін де жақсы көреді».
                     Баукеңнің менің не ойлап
отырғанымда шаруасы болған жоқ. Темекісін тұтатып, бұрқ еткізіп аузынан түтін
шығарды да: «Ал, дайынсың ба? Енді не сұраушы едің?» дегендей бұрылып маған қарады.
 
IV
                      Автор. 8-ші гвардиялық дивизияның
Чистяковтан кейінгі командирі кім болып еді, Бауке?
                      Бауыржан. Оны 1942 жылдың жазында
полковник Серебряков деген кісі басқарды. Ал күзде полковник Серебряков 3-ші екпінді
армия штабына оперативтік бөлімінің бастығы болып кетті де, дивизияға
Панфиловтан кейінгі алтыншы командир болып Ч. деген кісі келді...
                      Ал Иван Иванович
Серебряковқа келетін болсак, ол кісі өте ақылды, өте бейнетқор адам еді.
Басынан кешкен тәжірибесі де ұшан-теңіз мол болатын. Өйткені Иван Иванович
бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, оны аға унтер-офицер боп аяқтаған кісі.
Содан соң азамат соғысының университетінен өткен. Міне, осы кісі 316-дивизия ең
алғаш құрылғанда штаб бастығы болып келген еді. Штаб жұмысын жанындай жақсы
көретін, өзіне
тапсырылған істі
жан-тәнімен беріле атқаратын. Біздің дивизияның даңққа жетуіне бұл кісінің
сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Өйткені штаб әскерді басқарудың тұтқасы ғой. Ал
Серебряковтың қолындағы ол тұтқа дивизия Москваға қарай жойқын ұрыспен
жылжымалап шегінгенде де, Крюковаға келіп табан тіреп тоқтағанда да, Москва
түбінен ілгері қарай шабуылға шыққанда да үнемі оңтайлы күйде болды. Қолындағы
сегіз таспалы бұзау тіс
қамшының сабы
мықты болса ғана оны жауыңның басына найзағайдай жарқылдата сілтейсің. Сілтегенінді
сілейте аттан құлатасың. Қамшыңның сабы сынық болса, онда ештеңе тындыра алмайсың.
Ал Серебряков штаб жұмысын әрқашан алып батырдың сегіз таспалы бұзау тіс
қамшысының ырғай сабындай ықшам күйде ұстады.
                     Бұған қарап полковник
Серебряковты қағаздан бас көтермейтін бюрократ екен деп әсте ойлауға болмайды.
Оның қағазкұмарлығы өз ісіне қалтқысыз берілгендіктің белгісі еді. Иван
Иванөвич тек қана қағаздағы жазу мен картадағы белгілерді оқуға ғана сауатты
емес, сонымен
бірге адамның жүзіндегі ой мен жүрегіндегі сезімді оқуға да зерек кісі болатын.
Полковник Серебряков солдат үшін қоң етін кесіп беруге әрқашанда әзір еді. Оның
штаб жұмысын өте мұқият атқаруы да сондықтан болар деп ойлаймын.
                   Жоғарыда мен Горюны
түбіндегі қиян-кескі ұрыстар кезінде полковник Серебряковтан өмірі ұмытылмайтын
жылы хат алғанымды айтқан болармын. Біз Горюны селосын тактикалық есеппен
алдымен жауға беріп, артынан оған кірген дұшпанды түнде тас-талқан ете құртып
жіберіп, селоны қайтадан өзіміз алып жанталасып жүрген түндердің бірінде мен
Серебряковтан... бұйрық емес, әкенің ұлына, ағаның інісіне жазатын кәдуескі
сәлем хатын алдым. Ол хатта полковник маған генерал Панфиловтан бастап бәрінің
біздің ісімізге риза болып жатқандығын айтыпты. Қай полктің қай жерде екенін
көрсетіп, генералдың жоғарыға кеткенін хабарлапты. Содан кейін ісімізге рақмет айтып,
алда да абыройлы болуымызға тілектестік білдіріп қолын қойыпты.
                     Өзің ойлашы, Гитлер
Москваны алуға топырлатып елу бір дивизиясын айдаған екен. Соның тура бес
дивизиясы біздің бір ғана 316-шы дивизияға жабылған екен. Шекараны бұзғаннан
бері күніне 20, 26, 30 километрден алып, ілгері анталап келе жатқан жауды
тұсаулы аттай шоқақтатып, күніне бір-екі километрден артық алға аттатпай, бес
дивизияның бірдей жағасын жыртып жатқан дивизияның штабында тыныштық бола ма,
жоқ па? Оның адамдары бел шешіп бір сағат ұйықтай ала ма, жоқ па? Жоқ қой!
Міне, сондай
жағдайда: дивизия қос қанатын кезек қозғап тағы да бір-екі шақырымға шегініп
бара жатқанда, түн ортасында, бірнеше күн бойы кірпік айқаспай, көзге ұйқы
шақпақ қантқа жабылған қара шыбындай үймелеп, шаршаған дене сырқырап тыныштық
тілеп тұрған сәтте жартылай қоршауда қалған батальонның командиріне ешкімнің
бұйрығынсыз өз еркімен хат жазу, сол хатты жазуға өзін-өзі күштеп көндіріп,
анау адамның жанына қуат боларлық жылы сөздер тауып қағазға түсіру, ол хатты оқ
астында иесіне жеткіздіріп беру кімнің қолынан келеді? Мұндай ауыр жағдайда
ондай іс әкеңнің де, адал досыңның да қолынан келе бермейді, қарағым.
                 Міне, Серебряковтың сол хаты
қолыма тигенде мен сынық батальоным бүтінделгендей, бүтін ротам батальонға
айналғандай қуанып, қайраттандым. Соғыс сияқты ауыр жағдайда жасалған
адамгершілік адамға қайрат береді екен. Серебряковтың сол ағалығын,
адамгершілігін мен өле-өлгенше ұмытпаспын деп ойлаймын.
                Автор. Полковник Серебряковтың ол
хаты бар ма Сізде?
                Бауыржан. Жоқ. 1942 жылы
1073-ші Талғар полкының құрылғанына бір жыл толуын атап өттік. Полкымыздың
штабы Холм түбіндегі Васильево деген деревняда еді. Деревняның іргесіндегі орман
ішінде айналасын жасыл бұтақпен қоршап тастаған полк клубы болатын. Оны бәріміз
«Көгілдір клуб» деп атайтынбыз. Осы клубқа полктың әрбір ротасынан өкілдер
жиналды. Оған қатысуға дивизия командирі полковник Серебряковтың өзі келді. Салтанатты
жиналысты мен аштым. Қызыл Армияның бір жасқа жаңа ғана толған жас полкының
Москва түбінен басталған даңқты жорықтарына қысқаша шолу жасай келіп, былай
дедім:
                  - Орыстарда «крестный отец»,
қазақтарда «өкіл әке» деген сөздер бар. «Крестный» деп жаңа туған жас нәрестеге
ат қою салтанатына қатысқан адамды айтады, «өкіл әке» деп сол жаңа туған нәрестенің
кіндігін кесіп, жерден көтеріп алған кіндік шешенің күйеуі аталады. Орысша,
казақша екі түрлі айтылатын бұл екі сөздің мән-мағынасы бірдей. Ал жас сәбидің
мінез-құлқы, адамгершілігі, ерлік-батырлығы бала туған кезде қасында болған адамдарға
тартады деген сөз және бар. Мен дұрыс айтып тұрмын ба, жігіттер? - дедім залға
дауыстап.
                  - Жөн!
                  - Дұрыс! - деп винтовкаларын тізелерінің
арасына қысып ұстап отырған солдаттар орысша, қазақша жамырай үн қатып жатты.
                  - Ендеше, - дедім мен сөзімді
жалғап, - біздің полкымыз ең алғаш дүниеге келгенде соны жас нәрестедей етіп
жерден көтеріп, жөргекке орап алған үш адам бар еді. Олар: генерал Панфилов,
аға батальон комиссары Егоров және полковник Серебряков бола-
тын. Сондықтан
да біздің полкымызға генерал Панфиловтың ерлігі, комиссар Егоровтың
сабырлылығы, полковник Серебряковтың сезімталдығы дарыған. Біз өзіміздің осы үш
«крестныйымызды», үш «өкіл әкемізді» мәңгілік мақтаныш етеміз!
                Зал, команда берілгендей, тегіс
орындарынан атып тұрды. Жауынгерлер винтовкаларын оң қолдарына ұстап, тіп-тік
боп тұра қалысты да:
                 - Панфиловқа, ура!
                 - Егоровқа, ура!
                 - Серебряковқа, ура! - деп
«Көгілдір клубтың» түндігін көкке желпілдете ұран салып жіберді. Ешкімнің
басқаруынсыз, ешбір бұйрықсыз жүздеген адамдардың жүрегін жарып шыкқан бұл
қуатты ұран жан толқытарлық ғажап күй танытты. Бір сәтке өне бойды әлдебір күш
кернеп, сол күш денені абайсызда соққан электрдің тоғындай шымырлата, дірілдете
жөнелген сияқтанды. Сонау Алматыдан бері келе жатқан полк ардагері ескі
жауынгерлердің
көздерінен бұрқ еткен жас көрінді.
                 Жауынгерлер орындарына қайтадан жайғасқаннан
кейін мен даусымды кұлағы босап кеткен домбыра ішегіндей, қайта қатайтып,
сөзімді аяқтауға көштім.
                     - Жолдастар, жауынгерлер
мен командирлер! Мен жаңа біздің полкымызға полковник Серебряковтың
сезімталдығы дарыған дедім. Олай деуге менің әбден хақым бар. Өткен жылы
ноябрьдің он сегізі күні генерал Панфилов осы полктың бірінші батальонының
командирі маған аса жауапты бұйрық жіберді. Сол бұйрықты орындау жолында біз
Горюны деревнясын жауға бермеу үшін үш күн шайқастық. Батальон жартылай
қоршауда қалды. Сондай қиын жағдайда мен полковник Иван Иванович Серебряковтан
мынадай хат алдым, - деп омырау қалтамнан хатты алып оқып шықтым. - Қиын
жағдайда келген бұл хат маған орасан зор күш берді. Батальон жаудың қоршауын
бұзып шығып, тағы да дивизияға, полке кеп қосылды. Міне, содан бері сегіз айдан
аса уакыт өтті. Бұл хатты мен күні бүгінге дейін жоғалтпастан офицерлік
куәлігімнің ішінде сақтап келемін. Енді міне, бүгін Талғар полкының бір жасқа
толған күні Москва түбіндегі ұлы шайқастарда оқ тигізбей, отқа шарпылтпай аман
алып шыққан бұл хатты бүкіл бір батальонға қайрат берген Ұлы Отан соғысының
жауынгер документгерінің бірі ретінде Иван Ивановичтың өзіне шын жүректен, аса
зор ризашылықпен, құрметпен сыйлауыма рұқсат етіңіздер. Бұл хат бір кісінің,
тек менің ғана меншігім болып қалмай, полковниктің басқа да документтерімен қосылып,
ертең, жауды жеңгеннен кейін, бүкіл халықтың меншігіне айналсын деген ниетпен
сыйлаймын.
                    Осылай деп хатты
полковниктің қолына бердім. Полковник бір қызарып, бір бозарып, саусақтары сәл
қалтырап хаттың бүктеуін аша бастады. Өз жазуын, өз қолын танығаннан кейін ол
басын изеп, қуана күлімдеп, маған шын жүректен ризашылык білдірді.
Оны жоғалтпай ұзак
сақтағаным үшін рақмет айтты. «Москваға қауіп төнген қарбалас сәтте асығыс
сүйкектетіп алғы шепке жолдаған бұл бір жапырақ ағалық хатым, достық сәлемім
сіздерге қуат болуға жараса, онда мен бақыттымын», - деді.
                Иван Иванович Серебряков жалғыз
бізге ғана емес, үн-түнсіз жүріп-ақ өзінің іскерлігімен, білімділігімен,
адамгершілік мол асыл парасатымен талай адамға медет болған кісі еді. Соғыстан кейінгі
алғашқы он жылдың ішінде дүниеден қайтты. Барлық ісін айғай-шусыз атқарып,
адамдарға адал қызмет еткен, өз Отанына шексіз берілген асыл ұлдардың бірі еді,
жарықтық.
 
V
                Автор. Одан кейін 1943 жылы
Талғар полкының құрылғанына екі жыл толғанын да атап өтіпсіздер ғой, Бауке. Онда
Сізге қарулас достарыңыз 173825 номерлі маузер сыйлаған көрінеді.
                Бауыржан. Оны кім айтты саған?
Номерін қайдан білесің?
                Автор. Менің архивтен алған
материалдарымның ішінде мынадай бір документ бар. Рұқсат етсеңіз оқып берейін.
                Бауыржан. Оқығын.
                Автор. Бұл 19-шы гвардиялық аткыштар
полкі 1943 жылы Сізге берген № 28 куәлік. Онда былай делінген:
«КУӘЛІК
                Берілді гвардия полковнигі
Бауыржан Момышұлына, себебі 19-шы гвардиялық атқыштар полкының құрылғанына екі
жыл толған күні оған сыйлыққа: «Талғар полкының екі жылдығы күні гвардия
полковнигі Б.Момышұлына. 19-шы гв. атқыштар полкының ардагер офицерлерінен. 25.
7.43 ж...» деген жазуы бар 173825 номерлі маузер тапсырылды.
19-шы гв.
атқыштар полкының командирі
                                                                                                         гв.
майоры КУРГАНСКИЙ».
                Дұрыс па, Бауке? 
                Бауыржан. Дұрыс.
                Автор. 19-шы гвардиялық полк деп
отырғанымыз бұрынғы 1073-атқыштар полкы ғой.
               Бауыржан. Иә, И.Д. Курганский осы
полктың алғаш негізін қаласқан байырғы командирлерінің бірі еді. Соғысқа
дейінгі мамандығы агроном болатын. Бұл жау жүрек азамат алғашында рота, батальон
командирі, кейіннен менде полк штабының бастығы бол-
ды. Өрттей
лаулап тұрған өжет Курганскийдің талай ерлігіне, адамгершілігіне сүйсінген
едім. Кейін мен кеткенде ол 19-шы гвардиялық полктың командирі болып
тағайындалды. Өз қолымен маған маузер тапсырғандағы оның тебірене сөйлеген сөзі,
маған деген достық сүйіспеншілігі, туыстық ықыласы мәңгі есімде қалды... Ер
азамат содан бір жыл кейін, 19-шы гвардиялық полкты бастап Резекне қаласын
дұшпандардан азат етіп, енді Мадона қала-
сына беттегенде
ерлікпен қаза табады. Артынан подполковник Курганскийге Совет Одағының Батыры
атағы берілді. Бұл ұлы жорықта талай батыл солдат, батыр командирлерден
айрылдық қой, қарағым. Сөз арасында айта кетейін, біздің 19-шы гвардиялық
Талғар полкы ержүрек командирлерге кенде болған жоқ. Оның Курганскийден кейінгі
екінші командирі подполковник Иван Леонтьевич Шапшаев 19-шы гвардиялық Талғар
полкының Риганы азат ету және дұшпанның Курляндия тобын талқандау ұрыстарында
көрсеткен ерекше еңбегі үшін Совет Одағынын Батыры деген атаққа ие болды. Айтпақшы,
8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясында 19-шы гвардиялық Талғар полкынан басқа
ешбір полктың командиріне Совет Одағының Батыры атағы берілген жоқ. Ал Талғар
полкының екі командиріне қатарынан бұл аса жоғары атақ берілді. Оның соңғысы
Шапшаев соғысты аман-есен аяқтап шықты. Өзіме тете командирлердің ішінде маған Курганскийдің
өлімі қатты батты. «Бауыржан, сен басқарған, сенің туған жеріңде жасақталған
Талғар полкының атағына кір келтірмеуге мен саған ант етемін!» деген сөзі есіме
түсіп, «Есіл ерім-ай!» деп талай рет егіліп алдым. Дивизиядан қара үзіп, туырлықты
тесіп өткен найзадай сұғынып, ілгері ұмтылған 19-шы гвардия полкын жау қоршап
алады. Арттан дивизия келіп жеткенше полкты тып-типыл етіп жойып жіберуге
тырысады. Сол қауіпті сезген Курганский бес рет полкты өзі бастап атакаға
шығады. Бірақ жау темір шеңбердей қысып, уысынан шығармайды.
                 - Гвардиялық полк қоршауда
қалып құрымайды. Ол өзінің анасы сегізінші гвардиялық дивизияға барып қосылуға
тиіс. Панфиловтың батырлары, Бауыржанның бауырлары ешқандай қамауда қалмайды, қалайда
жарып шығады. Еріңдер соңымнан, ерлерім! - деп Курганский Талғар полкын алтыншы
рет атакаға бастайды. Барлық күшін бойына жинап, ышқына соққан полк қоршауды бұзып
өтеді. Бірақ оның ержүрек командирі оққа ұшады. Сөйтіп Курганский өз өмірін
қиып, полкты жойылудан сақтап қалады.
                   Курганскийдің өлер алдындағы
жаңағы сөздерін мен ол өлгеннен кейінгі полктың екінші командирі Шапшаевтың өз
аузынан естідім. Соғыстан кейін Калинин қаласында онымен сан рет жолығып,
әңгімелестім.
                  «Соңғы атакаға шығарда
Курганскийдің Панфиловты аузына алуы занды. Бірақ мені атамаған шығар?» деп
одан қайталап та сұрадым. Шапшаев Совет Одағының Батыры болса да екі иығын кезек
түртіп, шоқынып тұрып мынадай әңгіме айтып берді.
                  - Құдай ақына рас, - деді ол.
- Онда мен батальон командирі едім. Баяғы өзіңнің бірінші батальоныңды басқаратынмын.
Полкқа жол ашуды біздің батальонға жүктеді де, Курганский жауынгерлерге қысқаша
сөз сөйледі. Сонда жаңағы сөздерді айтты. Ол сөздерді бірнеше рет кейін мен де
айттым. Курганскийден кейін 19-шы гвардиялық Талғар полкының командирі болып
тағайындалдым. Онда біз генерал Казаковтың қарамағындағы 10-шы армияда, сенің
9-шы гвардиялық дивизияң генерал Чистяковтың 6-шы гвардиялык армиясында
болатын. Бұл екі армия талай рет иін тіресіп, көрші жүрді емес пе. Қырық
бесінші жылы мартта генерал Казаковтың 10-шы армиясы шабуылға шыққанда 8-ші
гвардиялық дивизия жаудың ит тұмсығы өтпейтін қалың орман ішіндегі шебін
талқандап, бірінші боп алға ұмтылды. Оның ішінде Талғар полкы тағы да алға
кетті. Біз тағы да қоршауда қалдық. Панфилов дивизиясы мен өзінің уысынан талай
рет шығып кеткен Талғар полкына өшіккен жау бұл жолы бір полкқа екі дивизиясын
жапты. Бізге қарсы танктерін де айдап салды. Артиллериядан да талай рет оқ
боратты. Бізді сөйтіп он күн мыжғылады. Біз берілмедік. Сонда мен Курганскийдің
сөзін қайталап:
                   - Панфиловтың батырлары,
Бауыржанның бауырлары ешқашанда қамауда қалмайды. Гвардиялық полк қоршауда
қалып құрымайды, - деп сан рет айттым. Біз Панфиловты дивизияның рухы, сені
Талғар полкының рухы деп есептейтінбіз. Сол он күнгі ұрыста Панфилов пен
Бауыржанға сан рет сиындық. Сендердің аттарыңды атағанда солдат ерлер сан рет
жігерленіп, жауға қарсы ұмтылды. Солдаттар ғана емес, менің өзім де сендерден
сан рет қайрат алдым. Сонау Алматыдан Панфилов бастап бірге келгеніміз, Москва
түбіндегі қиян-кескі ұрыстар, сенің батальонды бастап талай қоршаудан аман алып
келгенің, декабрь шабуылында сенің полкты бастап, ақ қарды бұркыратып, ақбоз
атпен шауып бара жатқаның, соңда сенің менің көзіме атқа мініп шауып бара
жатқан адам емес, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін қара бурка қардың үстінде өзінен
өзі қалықтап ұшып бара жатқан сиякты боп көрінгенің - бәрі-бәрі есіме түсті.
Талғар полкының пірі - екі танауы шелектей боп делдиген ақбоз атты көсілте
шауып жүрген қаһарлы Бауыржан әрқашанда көз алдымда болды. Ол қоршауда мен
қатты жараландым. Жараны сылтау етіп, бірдеңе ғып қоршаудан шығып кетуіме
болатын еді. Бірақ Бауыржан менің орнымда болса, полкын тастап кетпес еді деп
ойладым да, полкта қалдым. Егер полк құрыса, сүйегім Талғар полкы солдаттарының
ортасында қалсын деп ойладым. Зембілде жатып полкты басқарумен болдым...
Дивизия мен полктың пірі Панфилов пен Бауыржан деп есептегеніміз рас екен.
Оныншы күн дегенде дивизия артиллериядан оқ боратып, бізді қоршаған
жаудықкиратты да, полкты өз қарамағына алды. Сол жолы маған Совет Одағының
Батыры атағы берілді.
                     Мұны маған 19-шы
гвардиялық Талғар полкының соғыс кезіндегі соңғы командирі Совет Одағының Батыры
подполковник Шапшаев айтты. Бұл соның әңгімесі. Мен саған содан естігенімді
ғана айтып тұрмын. Понятно тебе?
 
VI
                    Автор. Түсінікті, Бауке.
                    Бауыржан. Мен Иван
Леонтьевич Шапшаевты ерлігі үшін, әңгімесі үшін құшақтап, бетінен сүйдім.
Шапшаев сонау Амурда туғанымен, біздің Қазақстанда өсіп, Түрксибті өз қолымен
салысқан етене ескі достардың бірі еді. Оның осы әңгімесін естігеннен кейін мен
түні бойы Курганскийді есіме алып, қатты толғанып, тебіренумен болдым.
«Сақтықта қорлық жоқ» деген қазақтың мәтелі бар. Бұл рас сөз. Бірақ ерлік сақтықтың
жетегінде жүрмейді. Өйткені сақтық - есеп. Ерлік есеппен істелмейді. Ерлік
ешқандай есепке көнбейді. Ерлікті сантиметрлеп өлшеп, грамдап салмақтап, секундтап
санай алмайсың. Ерлік адам жанының лап еткен жалыны, жарқ еткен найзағайы. Ерлік
биіктегі кемерінен асып, лақ етіп құздан құлаған тасқын; жер сілкінсе
салдыр-күлдір болып таудан төмен қарай лықситын сан алуан тастардың ағыны.
Тасқынның қашан төгілетінін, жердің қашан сілкінетінін білмейсің. Білсең де
қанша текше метр су құлап, қанша тас домалайтынын, ол зілзаланың қанша уакытқа
созылатынын болжай алмайсың.
                      Ерліктің негізі
сүйіспеншілік. Кісі сүйгенінің құлы да, кұрбаны да болады. Отанын сүйген солдат
ол үшін отқа да, суға да түседі. Сөйтіп саналы түрде ерлік жасайды. Ол ерлікті
қай күні, қай сағатта жасайтынын солдаттың өзі білмейді. Сәт-сағаты жетіп, жан
толқыны тулап,
шиыршық атып аспанға шапшығанда солдаттың жұдырықтай жүрегінен ерліктің жалыны
бұрқ ете лаулай атылады. Дүниені дүлей тасқын кернейді. Жер сілкініп, тау
төңкеріледі. Күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Солдат ерлік жасағанда осындай
болады! Солдаттың жүрегін ерлік атты балапан жұмыртқадай жарып шыққанда осылай
болады! Бірақ солдат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді
атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі. Ерлік жасаған
сәтте солдаттың басындағы ой осы ғана болады. Өзінің ерлік жасағанын өлген
солдат білмей кетеді, тірі қалған артынан ұғады. Онда да алғашында ол ондай
ерлік жасаған мен емес, басқа біреу болар деп ойлайды. Мінеки, ерліктің
ешқандай есепке көнбейтіні де сондықтан!
                     Әркімнің-ақ ер атанғысы
келеді. Елім деп еңіреп туған асыл азаматтардың ерекше еңбегі ғана ерлік боп бағаланады.
Екінің біріне ер атағы берілмейді. Он мыңның бірі, миллионның жүзіне ғана тиеді
ол құрмет. Ердің еңбегін ел бағалайды. Бір ердің ерлігі жүз жауынгерге үлгі,
мыңға өнеге болады. Ердің ерлігін ер қайталайды. Сондықтан да Ұлы Отан
соғысында Матросов ерлігі - 275, Талалихиндікі - 176, Гастеллоныкі - 207 рет
қайталанды. Ал сен ешкімге ұқсамайтын ерлік жасадың, Ваня. Сенің ерлігіңді үзеңгілес
ер досың Шапшаев қана қайталады. Ал біздің 28 панфиловшы батырларымыздың ерлігін
ешкім қайталай алған жоқ. Қайталамай-ақ қойсын! Жиырма сегіз ердің жүрегі
жаудың Москва түбінде лаулап жанып жатқан елу танкісімен қоса ақтық тамшы қандарын
сарқып, туған жердің топырағына құлап жатқан ауыр күндер біздің ешбір
ұрпағымыздың басына келмесін! Мен сенің Отаншылдығыңды, азаматгығынды,
ерлігінді мәңгілік мақтаныш етемін, батыр бауырым Курганский!
                    Осылай деп таң атқанша бір
тебіренгенім бар еді, қарағым... Анда-санда жаңағы сен айткан маузерді көргенде
көз алдыма оны маған соншама ілтипатпен, туған інідей сүйіспеншілікпен, мақтанышпен
ұсынған батыр бауырым Иван Курганский елестейді.
                    Автор. Ол маузеріңіз қайда
қазір, Бауке?
                    Бауыржан. Музейде.
                   Жауынгер достарын есіне
түсіріп, тебіреніп отырған Баукеңе менің «Маузеріңіз қайда?» деген сұрағым
орынсыз көрінді-ау деймін, ол «Музейде» деп бір-ақ ауыз сезбен қатулана жауап
берді де, теріс қарап кетті. Қойған сұрағымды ұнатпағанын білдім де, мен үнсіз
отырып қалдым. Расында да ол адам туралы, азаматтар тағдыры жайында сөйлеп
отырғанда, менің бір тұтам қарудың қайда екенін сұрағаным орынсыз да еді. Бірақ
менің міндетім Баукеңе қатысты нәрсенің бәрін де білу, бәрін де анықтау. Ойыңа
келіп тұрған сұрақты сол сәтінде беріп қалмасаң, артынан, сөз аралап, ұмытып
кетесің. Бірақ, бұл Баукеңе дәлел емес. Сондықтан, батыр сабасына түскенше,
төмен қарап, үнсіз отырдым. Үнсіз отырып, ақын Сырбай Мәуленовтың «Батыр ағам
Бауыржанға» деген мына өлеңін іштей қайталап шықтым:
Кешіп өтіп
кешегі от-жалыннан,
Дүниеге
ерлігімен танылған.
Кең жауырынды,
Талғардай тік иықты,
Бөрі кеуде,
бүркіт қабақ Бауыржан.
Қалтыраған
атынан жау ордасы,
Панфиловтың
жорықтағы жолдасы.
Даңқ туын
майдандарда көтерген,
Гвардия
бөлімінің қолбасы.
Шежіресін жазып
соғыс кезінің,
Бүгін сенің
жырға айналды сезімің,
Бүгін тағы
естіледі әлемге,
Айкастарда атой
салған өз үнің.
Ел аузында
ерлігі - аңыз, аты - жыр,
Халкымыздың мақтанышы
батыр ұл.
Мерекелі
мүшеліңді кұттыктап,
            Сырбайыңның жазған сәлем хаты бұл.    
Қайрат-күшін қан
майдандар сынаған,
Сенсің менің ардақтайтын
бір ағам!
Ескерткіш боп
тқрып қалмай бір жерде,
Алшаң басып
жүргеніңе қуанам.
                   Бір күні мен Сырбайдан осы
өлеңнің тарихын сұрадым.
                 - Осы бес шумақ өлеңнің он бес
жылдық тарихы бар, - деді Сырбай дауыл тербеген теңіздей гүр ете қалып. - Өлеңнің
қалай жазылатынын өзің білесің. Кей өлең ағаш басынан пыр етіп кеп жерге конған
бір топ торғай сияқты, лып етіп бірден қағазға түседі.
Енді бір
өлеңдер, көпке дейін жерге түспей, біресе төмендей, біресе жоғарылай қалықтап,
аспанда жүріп алатын қалың қара торғайға ұксап ұзақ уакыт қағазға қонбай
қояды... Баукеңді мен бірінші рет 1944 жылдың басында, Алматыда, Жазушылар
одағының пленумында көрдім. Мен қырық үшінші жылы майданнан жаралы боп келіп,
Қостанай облыстық газетінде қызмет істейтінмін. Жергілікті жердегі әдеби
бірлестіктің жетекшісі болғандықтан пленумға шақырылдым. Баукең сонда пленумның
президиумында отырды. Біздің екі көзіміз сонда болды: мен оны бөріге де,
бүркітке де ұксаттым. Тегі: «Кең жауырынды, Талғардай тік иықты, бөрі кеуде,
бүркіт қабақ Бауыржан» деген жолдар менің ойымда сонда туған болса керек. Бірақ
бұл жолдар ол кезде қағазға түскен жоқ. Содан 4-5 жыл кейін мен Алматыдан
Көкшетауға дейін Баукеңмен бір самолетте ұштым. Ол кезде таныс емеспіз,
тілдескеніміз жоқ. Танысып, сөйлесуге батылым жетпеді. Көкшетау аэродро-
мының айналасы
белуардан келетін көкорай шалғын екен. Бауыржанның соған үстіндегі
плащ-накидкасын жайып жіберіп, полковник басымен аунай кетіп, Көкшенің көкорай
шалғынын құшақтап, аймалағанын көрдім. Бұрқ етіп көзіме жас келді. Анадай жерге
барып, Бауыржан орнынан тұрып, қайтадан самолетке отырғанша көз айырмай қарап
тұрдым... Кырық тоғызыншы жылы шыққан жинағымда Бауыржанға арналған алғашқы
өлеңім жария-
ланды. Бірақ оған
өзім қанағаттанбадым. Алпысыншы жылы Баукең аурудан тұрып, Жазушылар одағына
таксимен келіп, қайтып бара жатқанын көргенде жүрегім бір түрлі болып кетті.
Астаң-кестең ой тулады. «Ескерткіш боп тұрып қалмай бір жерде, алшаң басып
жүргеніңе қуанам» деген екі жол ең алдымен келді. Бұл екінші өлеңімді мен
Баукеңнің елу жылдығында жарияладым.
                   Автор. Жоғарыда Сіз «полктың
көгілдір клубы» дедіңіз. «Бауыржанның көгілдір клубында болдық» деген сөзді мен
алғаш Әбекеңнен естіп едім.
                   Бауыржан. Ол кім?
                   Автор. Әбділда Тәжібаев.
                   Бауыржан. Ә, Әбекеңнің ол
«көгілдір клубты» көргені рас. Немістерді Москва түбінде тоқтатқаннан кейінгі
бір әредікте мен Қазақстан Жазушылар одағына хат жазғанмын. Қазақстан
жазушылары, мынау сұрапыл соғысты өз көздеріңмен көрмей үйде
отырасындар ма?
Ертең соғыс туралы шығарманы қалай жазасындар? Бұл соғыс тарихта да, әдебиетте
де атаусыз қалатын соғыс емес. Бұл совет халқының анау азамат соғысынан кейінгі
ең басты, ең шешуші шайқасы. Ендеше осыны келіп көздеріңмен көрмейсіндер ме,
денелеріңмен сезінбейсіндер ме? - дегенмін. Сол хаттың ішінде бірнеше
жазушылардың аттарын атағанмын. Соның бірі етіп Әбділданы да айтқан болуым
керек. Оның үстіне Әбділда екеуіміз баяғыда Шымкент интернатында бірге оқыған бала
доспыз ғой. Сондықтан Әбділданың тікелей өзіне арнап жазған жеке хаттарым да
болса керек. Адам қасында жүргеннің қадірін біле бермейді. Өлген соң өкінеді,
өлген соң өкіреді. Әйтпесе Әбділда деген ұлы ақын, ұлы азамат қой, шіркін! Өзің
ойлашы, сен бір ауыз сәлем айтқан екен деп толарсақтан қан кешіп, оқ пен оттың
ішінде жүрген саған қай досың артыңнан іздеп келеді?
Шешең келсе
келер, әкең келсе келер. Бірақ соғыстан бес мың километр алыста, тыныш үйде,
тыныш жайда, бала-шағасының қасында жылы ұяда отырған бөгде біреу сені қалай
іздеп келеді? Соның бәрін тастап, ешкімнің әмір-бұйрығынсыз, соғыс кезінің әр
сағат, әр тәулігі өліммен ұштасып жатқан ауыртпалық қиыншылықтарына қарамастан
майдандағы солдаттарға сәлем беремін деп келу үшін адамға қаншама қажыр-қайрат,
адамгершілік, азаматтық сүйіспеншілік керек десеңші! Соны мен бірінші рет осы Әбділданың
басынан көрдім, қарағым. Ақпейіл ақынның аңқылдап майданға келіп қалғанын
бір-ақ білдім. 1942 жылдың апрелінде корпус штабынан дивизияға келе жатқан
жолда машиналарына бомба түсіп істен шығып, көктем кезіндегі Калинин облысының қара
батпағын жарымжан аяғымен тізеден кешіп, жиырма шақырым жаяу жүріп, қап-қара
боп түтігіп Талғар полкына келген
Әбділданы
көргенде төбе шашым тік тұрды. Тамағыма бір нәрсе кептеліп қалғандай, дыбысым
шықпай оны бас салып құшақтай алғаным есімде. Жігіттердің жиналып қалғанына
қарамастан, екеуіміз қайта-қайта сүйісіп, бір-біріміздің бас-аяғымызға
қайта-қайта қарай бердік. Мен қасымызда тұрған қаһарман солдаттардың қаһарлы
командирінен арсалаңдаған балаға айналып кеткен сияқтандым. Өйткені, Әбділда өзімен
бірге майданға менің балалық шағымды арқалап алып келді. Ол менің балалық шағым
бауырында өткен қазақтың Қаратауын қасыма әкеп қойғандай болды. Мен оны көргенде
алыстағы елімнің алтын ордасы Алатауға арқамды тіреп тұрғандай болдым.
Әбділдамен бірге бүкіл қазақ даласы қасыма көшіп келген сияқтанды.
                   - Неге келдің? Мынау бұршақ
орнына төбеден бомба жауған майданда өліп қалсаң қайтесің? Неге келдің,
Әбділда? - дедім мен бір кезде даусым шығып.
                   - Өлсем сенен жаным артық
па? Мынау тұрған көген көз боздақтардан жаным артық па? - деді ол.
                   - Біз солдатпыз, сен ақынсың
ғой, Әбділда-ау.
                    - Солдатыма сүйегім
сырқырамаса менің нем ақын, нем азамат, Бауыржан?! - деп әбден қажып келген
Әбділда сылқ түсіп блиндаждың жиегіне отыра кетті.
                    Содан Әбділда бірнеше күн
менің полкымда, менің касымда болды. Дивизияға елден сыйлык әкелген
Казакстанның өзге делегаттары әлдеқашан қайтып кетті. Елдің хабарын айтып,
жалынды өлеңдер оқып Әбділда менің де, менің полкымның жауынгерлерінің де құлақ
құрышын қандырды. Сол аз уақыттың ішінде солдаттар Әбділданы әкесіндей көріп
кетті. Кейінгі жылдарда майдандағы біздің дивизияға Әбділда салған айқын жолмен
Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұканов, Жүсіпбек Елебеков сияқты бірсыпыра мәдениет
пен өнер қайраткерлері ат ізін салды. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық»
дейді ғой қазақ. Соғыста кімді бұрын көрсең, сол қымбат. Әбділданың өзге
тұрғыластарымнан ыстық көрінетін бір себебі сол, қарағым. Оның үстіне
Әбділданың әкедей ақылгөй, шешедей мейірбан, парасатты өлеңдеріне тәнтімін. Мен
үшін қазіргі өзге ақындар бір төбе де, Әбділда бір төбе. Мінеки, Калинин
ормандарының қылқандарынан жасалған полктың «Көгілдір клубын» соғыстың қақап
тұрған қатал жылында қазақ ақыны Әбділда Тәжібаевтың асқақ үні кернеді. Ол үн жауынгерлердің
жүрегіне қайрат боп тұнып, Калинин орманының ішін кернеп кетті. Жауынгер
жігітгермен қоса орманның бұтақтары да ақынның сөзін ұғып, теңселе тербеліп,
бас изеп тұрған сияқтанды. Соғыстан кейін, бертінде Калинин облысына барып
қайтқан жігіттердің бірі маған әзілдеп:
                     - Бауке, жел соқса Калинин
облысының ормандарына дейін қазақша ән салады екен, - деді.
                     - Ән салса оны 8-ші гвардиялық
Панфилов дивизиясының жауынгерлерінен, сол жерге ең алғаш келген қазақ ақыны
Әбділда Тәжібаевтан үйренген болар, - дедім мен оған шындап жауап беріп.
 
VII
                     Автор. Әбекең ол жолы Сіз
туралы өлең шығарған жоқ па?
                     Бауыржан. Оны өзінен
сұрағын.
                    Автор. Жоқ, мен оны
сұрамаймын, Бауке. Әбділда Тәжібаевтың 1942 жылы майданға барғанда Бауыржан
Момышұлы туралы өлең шығарғанын бұрыннан білемін. - Ол өлеңді орысшаға Самуил Яковлевич
Маршак аударып «Известия» газетінде басылып еді, - деген болатын маған ақын.
Бірақ Әбекең ол өлеңнің өзінің кай кітабында жариялағанын есіне түсіре алмаған.
Артынан мен ол өлеңнің қазақшасын да, орысшасын да тауып, салыстырып оқып
шыққанмын. Қазақшасы «Бауыржанға» деген атпен 1945 жылы жарияланған «Өлендер
жинағы» деген кітапта шығыпты. Орысшасы «Великан» деген атпен ақынның 1958 жылы
Москвада басылған «Песнь о друге» деген жинағына еніпті. Өлеңнің бас жағында ақын
балалық шақта Бауыржан екеуінің көк майса кең далада бірге жүгіріп өскенін,
садақ тартып, қарға атып ойнағандарын еске алады. Көрші кемпірдің балаларды
оттан, судан, қара құстардан қорғайтын алып жайлы айтатын әңгімесін қатар
отырып, қызыға тындайтындарын, ертегідегі алыпты екеуінін өз әкелеріндей жақсы
көріп кеткендіктерін айтады. Сол бала күнгі досын сағынып, бір көруге зар
болып, төбеден неміс самолеттері жаудырған бомбаға да қарамастан ілгері басып
келе жатқан сәтін ақын былай баяндайды:
Келем қалың қара
орманмен,
Көрсем деймін тездеп
сені.
Қара құстар көктен
төнген,
Бөгемеші жолда
мені.
Шегінбедім,
сескенбедім,
Тоқтамады салған
әнім.
Тек тезірек
жетсем дедім,
Сағынғаным -
Бауыржаным!
Ақ қайыңдар
ортасында
Тұрдың берік жас
емендей.
Көріскеннен
жайдың құшақ,
Ғашық жарлар
кездескендей...
«Қош» дедің сен,
міндің атқа,
Құтқаруға
бөбектерді!
Қайырымды алып,
кемпір айтқан, -
Сен екенсің,
ұктым енді.
                    Бұл өлең «Известияға» басылмас
бұрын алдымен республикадағы ана тілінде шығатын газеттерде басылыпты. Майданда
Бауыржан деген батыр бар екені байтақ Қазақстанға, бүкіл Отанға алдымен осылай
тарапты. Ойлап қарасам, біздің «Бауыржанымыздың» басы Әбекеңнін осы өлеңінен
басталатын сияқты. Бұған дейін Бауыржан есімі «Момышұлының бірінші батальоны
Горюны, Матренино аудандарында жаумен шайқасты» деген сияқты полктан дивизия
штабына жіберілген әскери ақпарларда ғана аталып келген. Пулемет ротасының
командирі жас ақын Василий Вершининнің 316-атқыштар дивизиясының органы «За
Родину» газетінде басылған өлеңінде Б. Момышұлына арналған мынадай бір ғана
шумақ бар:
...Он помнит,
что служит народу,
Что путь наш
суров и велик.
За счастье
людей, за свободу
В бой идет
молодой большевик...
                  Полк, дивизия ақпарларынан
Момышұлының есімі ең алғаш «Известия» газетінің бетіне көшті. Өлең тақырыбының
астындағы «Гвардия капитаны Бауыржан Момышұлына» деген сездерге миллиондаған
көздер қадалды. Миллиондаған әкелер мен аналар, жас жарлар мен жасөспірім
жеткіншектер гвардия капитаны Момышұлының кім екенін білмесе де, оның
фашистердің құлдығындағы совет адамдарын, барлық сәби балаларды азат етуші алып
екенін, қазақ
халқының қаһарман ұлы екенін көңілдеріне түйіп алды. Бауыржан атын бүкіл
Казақстанға кеңінен танытқан бұл өлеңді тамаша орыс ақыны Маршак орыс тіліне
аударып, ол есімді барша байтақ Отанға мәшһүр етті.
                 Тәжібаев өлеңінің Маршак
аудармасы «Известия» газетінде жарияланғаннан кейін іле-шала 1942 жылы 18 майда
«Правда» газетінің бетінде Совет Информбюросының мынадай хабары жарияланды:
                 «Калинин майданының бір
участогында дұшпан біздің бір бөлімшемізге шабуыл жасады. Бауыржан Момышұлының
қол астындағы біздің жауынгерлер жауға миномет пен пулеметтен оқ жаудыра қарсы
алды, одан кейін қарсы шабуылға шығып, гитлершілдерді кейін сырғытып тастады.
Ұрыс даласында жаудың 120 солдатының өлігі жайрап қалды. Фашистердің 2 танкі
қиратылды».
                 Осылай деп «Правда» газеті ер
есімін елге жайды. Осыдан кейін «Красная звезда» газетінің бетінде Бауыржан
есімі жиі атала бастады. Александр Кривицкийдің очерктері, Александр Бектің
атақты кітабының алғашқы бөлімдері дүниеге келді. Қазақ ақындарының Бауыржанға
өлең арнамағаны кемде-кем болды. Тіпті кейбір ақын арасына бірнеше жыл салып, екіден-үштен
өлең арнады.
Мәселен,
Тәжібаев «Момышұлына» деген алғашқы өлеңін 1942 жылы жазса, отыз жылдан кейін
оған арнап екінші өлеңді және шығарды. Ал ақын Қалижан Бекхожин Момышұлын
аарнаған «Қол бастаған батырға» деген алғашқы өлеңін 1944 жылы, «Томаға киген
тау бүркіт» деген өлеңін 1960 жылы, ал «Атыңды мен естідім» деген үшінші өлеңін
1971 жылы жариялады. Ақындардың аузымен халық сөйлеп, тарих тиісті бағасын
берді. Өйткені ақын өзі ұнатқан ардагер азаматты ғана жыр етеді, соған ғана
өлең арнайды. Теңіздің түбіне сүңгіп алған маржан сияқты асыл қазынасын ақын
кез келген жұртқа сыйлай бермейді. Ақын халық сүйген қаһарман ұлды, қадірлі
азаматты ғана мадақтайды. Ол ұнатпаған адамына үн қатпайды, бірнешеу тұрғай,
бір де өлеңін арнамайды. Ақынның жүрегіндегі отты сезімге ешкімнің әмірі
жүрмейді, ол жүректің жылуын ешкім зорлықпен тартып ала алмайды. Ақын сүйгеніне
ғана сүйсіне жыр төгеді. Ақынға зорлықпен сүйікті бола алмайсың. Ал саған
Әбділданың сонау қырық екінші жылғы өлеңінен бастап, барлық қазақ ақындары
жабыла жыр арнаса, олардың сені жабылып жақсы көргені. Бір емес, екі-үш реттен арнаса,
онда сені үш мәртебе жақсы көргені, шексіз сүйіп құрметтегені ғой, Бауке. Мен
саған кімнің қандай өлең шығарғанын білмегендіктен емес, білгендіктен, көкірегімді
мақтаныш кернегендіктен сұрап тұрмын ғой, ақсакал. Мұны айтсам сен: «Білсең несіне
сұрайсың?» деп, даусыңды күндей күркіретіп, мұртыңнан найзағай шашыратып шыға
келесің. Сондықтан менің іштей тебіреніп, ішкі ырғаққа кайта-қайта бас изеп,
үнсіз сүйсініп қана қоюыма тура келеді. Оны аңғарған сен: «Әй, шыбындаған атқа
ұқсап, басыңды неменеге шұлғып отырсың?» деп тағы да мені әжуа қыларсың.
Сондыктан өз күйімді саған аңғартпай, әңгімені ілгері жалғап, менің енді келесі
сұрақтарыма көшуім керек, батыр-екесі.
                        Автор. Мен Сіздің сол
қырық екінші жылдың жазында елге жазған бір хатыңызды тауып көшіріп алдым. Соны
өзіңізге оқып берейін бе?
                       Бауыржан. Кәне, не деппін?
                      Автор. Өз қолыңызбен түзу
сызықты дәптердің екі бетін толтыра арабша жазған хатыңызда былай депсіз,
Бауке:
                                                       «Ардақты
Мұхтар аға!
                   Жазған хатыңызды алып, өте
шаттанып, төбем көкке, қолым қияға жеткендей болып отырмын. Хатыңызға көп рахмет.
Мені әсіресе қуантқан жай - Сіз менің хатымды алып, менің жаманды-жақсылы
пікіріме толық түсінгенге ұқсайсыз: Отан соғысын тақырыпқа алып еңбек етемін.
Ол еңбекті ат үстінен емес, әбден терең мағына-мазмұнына төселіп, біліп алып
бастаймын деген ниетіңіз, талабыңыз мені өте қуантады. Сіз сияқты қазақ әдебиетінің
полковнигі шынында солай істемеуіне де болмайды. Сырттан қарап, көргенге қызығып,
терең тексермей, шын-өтірігін араластыра бес-алты күндік өмірі бар шы ғарма
жазу- әдебиет ефрейторлары мен сержанттарының қызметі емес пе? Ал, Сіз, құдайға
шүкір, полковниксіз ғой. Талабыңыздың орындалуына тілектеспін. Сіздің қолдан
шыққан көркем, тарихи еңбек болашақта жалғыз қазақ әдебиеті ғана емес, барлық
әдебиеттің ішінде
төрден орын
алып, жалғыз біз емес, біздің немере-шөберелерімізге үлкен үлгі, насихат дастан
болып, бірнеше ғасыр өмір сүретініне кәміл сенемін.
                «Абайдың» бірінші кітабының
жарыққа шыққанына да өте қуаныштымыз. Ол жайындағы хабар қазақ әдебиетінің
тұңғыш ұл баласының қайта туғанындай болып естілді! Амандық болса, оқып, көріп,
пікірімізді адал ниетпен айтармыз деген үміттемін.
                 Әрине, үмітсіз адам баласы
болушы ма еді - соғыс бітсе, біз жеңсек, аман-есен, тірі елге қайтып, жақын ағайын-туысқандардың
дидарын қуанышпен көрсек дейміз. Ол үшін, жан-тәнімізді аямай, майданға қыза
кірісеміз. Егерде ол ниетке жетсек әңгімені дастан-дастан етіп айтып беруден
біз қашпаймыз ғой. Бірақ та майдан- өмірдің қыл көпірі емес пе? Ол көпірден
жанның барлығы бірдей аман-сау өте бермейді ғой. Сал тар жол, тайғақ кешуде
мыңды басқарған өте қиын, ғажайып міндет емес пе ? «Білмеймін қандай асу алда
жатыр, құз ба екен, қия ма екен таңдай татыр? Сиынып аруақ пен бір құдайға, ұстадым
етегіңнен, баста батыр!» деп өзіңіз сөйлетпеп пе едіңіз қаһарманыңызды? Сол
сияқты, біз бастаған бұқара - солдат қауымы өзінің қолбасына осыны айтып, сеніп
сиынып артына ілеседі. Ал мыңның істеген ісін ізсіз тастап кету- қолбасыға
үлкен сын емес пе? Ол көзі тірі кезінде айтып, жазып беретін іс мойнындағы
үлкен борышын орындағаны болып табылмай ма? Сондықтан мен осы борышты орындауға
асықтым.
               «Знамя» дейтін журналдан Александр
Альфредович дейтін жазушы қайтадан келіп, батальонның бастан кешкенін тағы да
қайталап айтып бергін деп, телміріп отырып алды. Зерікпестен жарым ай ілесіп жүрді.
Ауызша айтқанның жаман да болса қағаз бетінде қалады ғой деген оймен, мен оған
бастан өткен соғыстардың барлығын Мәскеуге дейінгісін толық етіп, әрбір соғысты
екі-үш сағаттан баяндадым. Бір жарым ай дегенде Бек менің айтқандарымды бұлжытпай
жазып алып, жақында ғана кетті. Екінші бөлімін қайта келіп жазбақ. Бек үлкен
жазушы емес - жақсы стенограф, айтқаныңды айтқанша жазады - оның қасиеті сол.
             Кетерінде мен оған былай дедім:
             - Сенің жазатын кітабыңның қысқаша
мазмұны мынау:
Мен істедім
дегенше - мың істеді десеңші!
Ер істеді
дегенше - ел істеді десеңші!
Мен - мыңдікі
болмасам,
Ер - елдікі
болмаса -
Кім істеді дер
едің?
              Қызметіңді, Александр Альфредович,
ешкімнен қызғанба, жасырма. Айтқанымның бәрін жазып алдың, бірақ түсінген жоқсың.
Себебі сен мен бастаған мыңның кім екенін, менің кім екенімді және қазақтың
салт-санасын, әдет-ғұрпын білмейсің. Мен айтқан қазақтың халық мақалдарын
жазуға сенің қаламың шорқақ, тілің қысқа. Сондықтан байқа, олардың мазмұнын
дұрыс беру үшін тиісті адамдармен ақылдас.
              - Кіммен ақылдасайын? Сіздің ұйқыңызды
бөліп жазып алған нәрселерімді қайта түсіндір деп әурелеуге ұялдым, - деді маған
Бек.
              - Кіммен ақылдасуыңды Мәлік пен Құрманбектен
сұрағын, - дедім мен оған.
            Бақсам, Мәлік пен Құрманбек Сізді
ұсынғанға ұқсайды. «Қырық мақал» дейтін бір нәрсе жазып едім. Егерде оны Құрманбек
жөн деп тапса Сізге жіберер.
            Уақыт, жағдай белгілі ғой. Ойдағыны
түгел жазуға шама қайдан келсін, айып етпеңіз.
Хатыңызға,
талабыңызға бас иіп, сәлем беруші Бауыржан.
18. 8.1942 жыл.
РС. Әбділда мен
Әлжаппарға сәлем айтуыңызды сұранам».
 
              Бауыржан. Иә, бұл менің Әуезовке
жазған жауап хатым болатын.
               Автор. Мұхаң өз хатында не айтқан
еді?
               Бауыржан. Александр Бекпен тілдесіп,
оған бірсыпыра жайдан түсінік бергенін, өзінің де Отан соғысы туралы кең
тынысты роман жазғысы келетінін, бірақ ол үшін талай уақыт ойланып, толғанатынын,
соғысқа қатысқан талай адамдармен әнгімелесетінін айтып, соғыс жайын жақсылап
ұғындыратын адамдардың бірі өзің болсаң екен деген тілегін білдірген.
                Автор. Хатыңыздағы Мұхаңның
шығармасынан келтірілген цитатыңызды әдейі салыстырып шықтым. Еңлік қыздың
Кебек батырмен қол ұстасып кетерде елімен қоштасқан төрт ауыз өлеңінің ең соңғы
шумағы екен. Қолында цитат көшіріп алатын кітабы жоқ соғыста жүрген адам бір
жолын, тым болмаса бір сөзін шатыстырған-ақ шығар деп ойлап едім. Тіпті бір де
әрпі ауыспапты.
                 Бауыржан. Немене, біз жас
кезімізде әдебиет оқымай, ай қарап жүрді деп ойлап па едің?!
                Автор. Сіздің Әуезов
творчествосына сонау қырық екінші жылы берген бағаңыздың айнымай дәл шыққанына
және таңғалдым.
                Бауыржан. Көзі бар кісінің бәрі
асқар тауды алыстан көреді. Тек мүгедек соқыр адам ғана Алатаудың қасында тұрса
да оның қандай екенін болжай алмайды. Мені соқыр деп пе едің сен!? Кәне, келесі
сұрағыңа көшкін.
                Автор. Сол хатыңыздағы: «Бек
үлкен жазушы емес - жақсы стенограф» деген сөзіңізге қазір қалай қарайсыз?
                Баукең сәл ойланып алып, жауап
берді.
                Бауыржан. Ол қырық екінші жылғы
хат қой, қарағым. Бек ол кезде одаққа танымал үлкен жазушы емес болатын. Полкқа
келгенде аузымнан шыққан сөздің бірін қалдырмай жазып ала беретін. Сондықтан ол
тұста мен оны үлкен талант иесі емес, жақсы стенограф қана болар деп ойлағаным
рас. Ал бірақ Бек кейіннен аса талантты жазушы екенін танытты. Одаққа ғана
емес, бүкіл дүние жүзіне әйгілі қаламгерлеріміздің бірі болды. Оның
«Волоколамск тас жолы» кітабы барша жер шарын шарлап кетті. Ең алдымен сол
кітап арқылы қазақ халқының ерлігі, оның бір ұлы - менің есімім Отанның іші,
тысына тегіс мәшһүр болды. Осы үшін оған мың мәртебе рақмет! Бұл үшін оған
менің осы күнгі үрім-бұтағым, алыс ұрпағым, тек өз ұрпағым ғана емес, ұлтым да
мәңгілік қарыздар. Болашақта Алматының және облыс орталықтарының бір-бір көшесі
Александр Бек атына қойылса орынды-ақ болар еді. Бірақ оны мен емес, қалалық
советтер шешеді ғой, қарағым. - Осылай деп Баукең басын сәл еңкейте түсіп,
үнсіз отырып қалды. Біраздан кейін еңсесін қайта көтеріп, сөзін жалғады. - Осы
сияқты қазақ халқы ерекше қарыздар тағы бір орыс жазушысы бар.
              Автор. Ол кім, Бауке?
              Бауыржан. Оның аты да - Александр.
Бірақ Александр Альфредовичтен басқа, Александр Юрьевич Кривицкий.
              Автор. Оны қай себептен айтып
отырсыз?
              Бауыржан. Панфиловшы 28 батырдың
атағын дүние жүзіне паш етіп, артынан аттарын анықтаған адамның кім екенін
білмеуші ме едің?
              Енді есіме түсті.
              Москва үшін шайқасқан сол ауыр күндердің
бірінде, ноябрьдің аяқ шенінде «Красная звезда» газетінде «Жиырма сегіз
батырдың өсиеті» деген бас мақала жарияланды. Онда, осыдан бірнеше күн бұрын
Москва түбінде жаудың елуден аса танкі Панфилов дивизиясының жиырма тоғыз
жауынгері бекінген шепке лап койғаны, совет жауынгерлерінің тайсалмай елу
тажалды қарсы алғаны, олардың тек біреуі ғана қорқақ боп шыққаны, саяси жетекші
Диевтің басшылығымен қалған жиырма сегіз батыр елу танкпен шайқасып, оның он
сегізін өртеп, өздері тегіс Отан үшін опат болғаны айтылған болатын.
              Ертеңінде «Красная звезда»
газетінің редакциясына Одақтың ең үлкен ақсақалы Михаил Иванович Калинин
телефон соқты.
              - Біздің адамдардың өлімі
аянышты-ақ, жанға батады, - деді ол жиырма сегіз батырдың ерлігіне сүйсініп,
өліміне өкіне отырып. - Бірақ соғыс шындығы - ауыр, ол шындықты айтпау одан да ауыр.
Не істерсің, Ленин айтқандай, соғысқаннан кейін шындап
соғысу керек.
Сіздердің ерлерді мадақтағандарыңыз - жақсы іс. Енді олардың аты-жөнін білген
жөн. Іздестіріп көріңіздер. Адал ерлер атаусыз қалмауы керек.
                Сол күні редакторға тағы да
телефон соғылды. Қызыл Армияның жоғарғы Бас басқармасының бастығы газеттің
«Жиырма сегіз батырдың өсиеті» деген бас мақаласынан қауымдасқан бұқаралық
ерліктің жарқын өнегесі танылатынын, оған Сталиннің өзі көңіл бөліп отырғанын
айтты.
                Осыдан кейін редактор бұл бас
мақаланың авторын кабинетіне шақыртты. Ол жас журналист Александр Кривицкий
еді. Кривицкий ол мақаланы редакцияға алғы шептегі дивизиялардың бірінен келіп
түскен төрт жол ғана саяси ақпарға сүйеніп жазған еді. Мұндай ақпарлар
редакцияға көптеп келіп жататын. Редактор армия саяси бөлімінен шындығын
анықтағаннан кейін бұл ақпарды бас мақалаға факты ретінде пайдалануға ұсынған.
Ал онда Дубосеково мен Диев деген бір ғана фамилия көрсетілген еді. Танкпен шайқасқан
өзге батырлардың бірде-бірінің аты-жөні айтылмаған.
                   Қырық бірінші жылғы
декабрьдің басында, сақылдаған сары аязда Кривицкий Москва іргесінде жаумен
шайқасып жатқан дивизияны іздеп алғы шепке аттанған болатын.
                  Бір адым ілгері аттап, екі
адым кейін шегініп, шегінген жерден қайта шабуылға шығып, жаумен күні-түні
қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан дивизияның басшыларына жолығу, жолықсаң
әлдененің егжей-тегжейіне қану үшін толықтап тілдесу мүмкін емес болатын. Оның
үстіне дивизияның аяулы әкесі Панфиловтан айрылып, көп адамы құрбандыққа ұшырап
қызыл жоса қан болып жатқан шағы еді. Өлінің орнын тірі басып, жаралының міндетін
жаңа келгендер атқаруға кірісіп, біреуді біреу біліп болмайтын тұста келген
әскери тілшінің бірден жолы болмады. Жолы болмағаны сол, бұл дивизияда Диев
деген саяси жетекшіні ешкім білмейтін болып шықты, ешбір тізімде жоқ. «Красная
звезда»
газетінің 28
батыр жайында жазылған бас мақаласын мұнда ешкім де оқымаған, көрмеген. Не
газетті алғы шептегі дивизияға жеткізіп бере алмаған, берсе жаумен жағаласып
жатқан жұрттың газет қарауға мұршасы болмаған. Москва түбінде опат болған мыңдаған
адам топыраққа көміліп, қар астында қалып жатқанда аты-жөні белгісіз 28 жауынгерді
сұрастыру қақаған қаңтарда Қара теңізге сүңгіп, қапылыста қолыңнан түсіп кеткен
алтын сағатыңды іздеумен пара-пардай еді...
                 Не істерін білмей жаны
қысылған әскери журналист енді Диевті қойып, 16 ноябрьде Дубосековоны қандай
бөлімнің қорғағанын сұрастыра бастайды. Капров полкінің адамдары екені
айқындалады. Капров Дубосеково разъезін ол күні капитан Гундилович бас-
қарған тертінші
рота қорғағанын айтады. Тілші енді Гундиловичқа келеді.
                  - 16 ноябрьде Дубосеково
разъезін сіздің рота қорғағаны рас па?
                   - Рас. Ротаның саяси
жетекшісі басқарған 29 адам қорғады. Бірақ олар тегіс қаза болды.
                    - Саяси жетекші Диевті
білесіз бе?
                   - Білемін.
Ол менің ротамның саяси жетекшісі Клочков... Дәлірек айтқанда соның екінші
фамилиясы.
                    - Қалайша?
                    -           Василий Клочков асыл азамат еді. Ол өз жігіттерімен Дубосеково
түбінде 50 танкіні тоқтатты. Не керек, өліп кетті. Тынным таппайтын. Сонысына қарап
ротадағы бір украин жауынгер: «Біздің саяси жетекші Диев - тынымсыз жан» деп
сүйсінуші еді. Осыдан ол Диев аталып кеткен болатын.
                      - Опат болған сол 29
адамның аты-жөнін тегіс айтып бере аласыз ба? Біреуі опасыз болып шыққан ғой,
оны білесіз бе?
                     - Кімнің опасыз болғанын
білмеймін. Мен өзге адамдармен ротаның екінші қанатында болдым. Ал өлген 29
адамның аты-жөнін тегіс айтып бере аламын.
                     Осылай деп капитан
Гундилович планшет аша бастайды.
                     Осыдан кейін тілші Дубосеково
разъезіне таяу жердің тұрғындарымен әңгімелесті. Госпитальға барып, ондағы
жаралы панфиловшылармен тілдесіп, 28 батырдың бірі, өлім халінде жатқан Иван Моисеевич
Натаровпен кездеседі. Осыдан кейін ол Москваға қайтып келіп енді «Красная
звезданың» 1942 жылғы 22 январындағы номеріне «Мерт болған 28 батыр» деген
очерк жариялады. Сонда олардың аты-жөні тегіс аталып, ерлер өлімінің
егжей-тегжейі толық баяндалды.
                      Бұл да аз. Александр Кривицкий 28
батыр жайында бұдан кейін орталық газеттерде бірнеше очерктер жариялады. Нақ сол
кезде қоршаудағы Ленинградтан редакцияның шақыруы бойынша ұшып келген көрнекті
совет ақыны Николай Тихоновқа 28 батыр жайында қызықты-қызыкты әңгімелер айтып
беріп, солар жайында жыр жазуға шабыттандырды. Сөйтіп Николай Семеновичтің осы
ерлер жайында поэма жазуына мұрындық болды. Тихоновтың «28 гвардияшы туралы
жыры» «Красная звезданың» 1942 жылғы 22 марттағы номерінде басылды. Бұдан кейін
бұл батырларға атақты ақын Михаил Светлов және поэма арнады. Ал белгілі
композитор Исаак Дунаевский «Менің Москвам» атты әнінде 28 батырдың ерлігін
музыка тілімен толғады.
                 1942 жылы 21 июльде СССР
Жоғарғы Советі Президиумының Указы бойынша даңқты 28 панфиловшыға өлгеннен
кейін Совет Одағының Батырлары атағы берілді. Дубосеково разъезіне жақын Нелидово
селосында осы оқиғаға байланысты өткен салтанатты жиын туралы очеркті де
Кривицкий жазды. Одан кейін «өліп тірілген» үш батырдың - 28-дің тірі қалғандары
И.М.Шемякин, И.Р.Васильев және И.Д.Шадриннің бақытты тағдыры туралы да орталық
баспасөзде бірінші боп жазу абыройы Кривицкийге және тиді.
                Содан көп жылдар кейін
Александр Кривицкий 8-ші гвардиялық дивизияның адамдарына арналған «Москва
түбіндегі қарауыл» атты кітабының бір бетіне былай деп жазды:
                «Мен бақыттымын, маған тағдыр
панфиловшылардың ерлігіне жақындасуға, ұрыс картинасын қалпына келтіруге,
батырлардың есімдерін тауып, олардың ерлігі туралы бірінші болып айтып беруге
мүмкіндік берді. Адамдарды рухтандыратын бұл ерлік туралы бірінші болып айтып
берушінің бақыты менің санамда өмірімнің соңғы минутына дейін сақталатынын мен
білемін».
                 Автор. Рас айтасыз, Бауке. Ұлы
Отан соғысы батырларының ішінен 28 ердің есімі, аспандағы көп жұлдыздар
арасындағы үркердей жарқырап, адамзат тарихында мәңгілік қалды ғой. Олар
адамдар арасындағы достықтың, туысқандықтың, отаншылдықтың, социализм елін
қорғау жолындағы бұқаралық ерліктің өшпес өнеге - шамшырағы боп нұр шашуда.
                 Бауыржан. Сол батырлардың
жиырма екісі қазақстандық та, төртеуі - Нарсұтбай Есболатов, Мұстафа
Сеңгірбаев, Асқар Қожабергенов, Әлікбай Қосаев - қазақ қой! Халқымыздан шыққан
Совет Одағының тұңғыш батырлары! Менің біз Кривицкийге де ерекше қарыздармыз
дейтін себебім сол, қарағым. Сол азаматтың қажыры, қайраты, дәйектілігі
арқасында өлген ерлердің есімі бар әлемге мәшһүр болды. Егер Кривицкий мұншама
табандылық көрсетпесе, Москва түбінде бораған қауіп-қатер боранының ішінде тырмысып
жүріп қолындағы ерлік арқанының ұшынан өлсе де айрылмауға бел байламаса 28 батырдың
аты-жөні табылып, тарихта қалар ма еді, қалмас па еді? Әңгіме осында. Ел үшін
еткен ерліктің бұл да бір түрі! Келе-келе Кривицкий очеркист-жазушыға айналды.
Ал жазушы халық үшін қалтқысыз қызмет еткен адамды мәңгі жасатады. Бастапқы
сөзімді қайталап айтамын: Панфиловты, оның дивизиясынан шыққан 28 батырды және
басқа панфиловшыларды мәңгі өлмейтін етіп, тірілердің қатарында қалдырған екі
орыс жазушысы бар. Олар Александр Бек пен Александр Кривицкий, бұлар жазған
«Волоколамск тас жолы» мен «Москва түбіндегі қарауыл» кітаптары. Түсінікті ме
саған?
                    Автор. Түсінікті. Тағы да
бір сұрақ, Бауке. Кривицкий 28 батырдың аты-жөнін анықтау үшін дивизияға барған
жолы сізбен де жолыққан екен. Өзіңізбен жақсы дос, сырлас болып аттаныпты.
Артынан Бек сол дивизияға барып, Момышұлының батальоны туралы повесть жазып
қайтты. Сонда маған Кривицкийдің қолымен Бекке тағдыр сізді нұсқап жіберген
сияқты боп көрінеді.
                     Бауыржан. Оны Кривицкийден
немесе тағдырдан сұрағын.
                     Автор. Бір сөзбен
айтқанда, «Волоколамск тас жолы» Москва түбінен басталған біздің ұлы
жеңісіміздің де, совет халықтарының мызғымас достығының да және сіздің есіміңіз
арқылы қазақ халқының ерлік даңқының да әлемге шеру тартқан даңғыл жолы болды
ғой, Бауке.
                     Бауыржан. Жаңа айттым емес
пе, ол кітаптың авторына менің ұлтым да, ұрпағым да қарыздар деп.
 
VIII
                    Автор. Сөйтіп, 1942 жылдың
сентябрінде генерал Чистяков 21-ші армияның командашысы боп Дон майданына
кетті. Ал біз қайда қалдық, Бауке?
                     Бауыржан. Біз қайда қалушы
едік? Калинин майданында қалдық. Генерал Кузьма Никитович Галицкий басқарған
3-ші екпінді армияның қарамағында фашистерге қарсы күзгі, қысқы ұрыстарға
әзірлендік. Майдан командашысы генерал-лейтенант Максим
Александрович
Пуркаев деген кісі болды.
                   Біз ол кезде Холмның түбінде
қорғаныста тұрдық дедім ғой. Холм біздің қолда. Ал Великие Луки, Невель,
Новосокольники деген темір жол бойындағы үш қала немістердің қарамағында. Холмдағы
біздің әскерлер фашистердің «Солтүстік» армиялар тобының денесіне кірш етіп
кірген найзадай сұғынып, немесе басқаша теңеумен айтсам, әлі от алдырылмаған
ракетаның космосқа көтерілер алдындағы тұмсығындай сұстана сүйдиіп, немістердің
бүйіріне қадалып тұрған болатын. Енді түсінікті ме саған?
                      Автор. Түсінікті, Бауке.
                      Бауыржан. Денесіне найза
дарығанын кім ұнатады? Дереу оны қағып тастауға немесе ортасынан опырып жіберуге
тырыспай ма? Немістер де сөйтті. Бірақ Холмды қайтадан ала алмады. Біз де жаудың
жанды жеріне қадалған найзамызды одан әрі сүңгіте түсуге тырыстық. Сонымен
итіс-тартыс боп ұзақ тұрдык. Бұл жерде немістердің жан ұшыра тыпырлап, өлердей
арпалысуының екі түрлі себебі бар еді. Бірінші себебі мынадай. Калинин майданының
оң жағындағы көршісі Солтүстік-Батыс майданы ол кезде жаудың 16-шы армиясын
қоршауға алып, «Демьян қапшығының» ішінде ұстап тұрған болатын. Оның «Демьян қапшығы»
аталатын себебі ұзын қапшыққа ұксаған қоршаудың түбі біздің Демьянск деген
қаламызға келіп тірелетін. Ең алдымен немістердің сол «қапшықты» сыртынан
тесіп, жыртып, оның ішінде бір үйір егеуқұйрықтай шыңғырып, шақылдап жатқан
әскерлерін шығарып алғылары келді. Екінші себебі - коммуникациялык ірі торап
саналатын Великие Луки қаласын қолдарынан шығармауға тырысты. Өйткені бұл
қаладан жан-жаққа он тас жол, төрт темір жол тарайды екен. Солтүстік жақтағы
Дно, Новгород, Ленинградтан, шығыс жақтағы Ржев пен Москвадан, ал батыстағы
Балтық жағалауындағы елдерден келетін жолдардың барлығы да осы Великие Лукиде
тоғысады. Оның үстіне оңтүстік-батысқа - Германияға баратын жолдар да осы
қаладан шығады. Қазақта «тоғыз жолдың торабы» деген ұғым бар ғой. Ол жан-жақтан
тоғыз жол келіп түйіскен деген мағынаны білдіреді. Ондай жер ең үлкен орталық болып
есептеледі. Ал Великие Луки тоғыз емес, он сегіз жолдың торабы екен. Сондыктан
да патша үкіметі Великие Лукидің ерекше стратегиялық маңызын есептей отырып,
бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын аса қуатты темір жол торабы ретінде Великие
Луки - Невель - Новосокольники үш бұрышын салдырса керек. Мұндай мықты
бекіністі қолдан шығару кімге болса да оңай ма? Сол себептен де бізге қарай
немістердің «Орталық» армиялар тобынан әскерлер ағыла жөңкіп, біздің 3-ші
екпінді армияның қақ маңдайындағы Локня, Великие Луки, Невель аудандарына келіп
топтаса бастады. Мұндай жағдайда біздің 8-ші гвардиялық дивизияға, бүкіл армия
мен майданға қорғаныс шебін нығайтқан үстіне нығайта беру қажет болды.
                      Осы кезде генерал
Галицкий де, генерал Пуркаев та біздің шебімізге жиі келіп, оны нығайтуға
бағытталған ақыл, кеңестерін үнемі айтып жүрді. Бұл екі генералдың екеуін де
полкта қонақ етіп, баяғы өзін көрген аспазым Жанның қолынан дәм татырдым, қазақтың
қазы-қарта, бесбармақ, бауырсақ сияқты асыл асын жегізіп, қымыз ішкіздім. Алдымда
аға командир, дивизия басшысы полковник Серебряков тұрғанда менің генералды
қонаққа шақыруға қақым жоқ еді. Бір келген жолында Галицкий полктың бекініс
ауданын аралап көрді де, қайтарында маған:
                    - Майор жолдас, сенің полкыңның
кухнясын біздің штабтың офицерлерінің бәрі мақтайды. Не кереметің бар, көрсетпейсің
бе бізге? - деді.
                    Мен Серебряковқа қарап
едім, ол басын изеді.
                    Бір жолы Пуркаев келіп
дивизия шебін аралағанда оны біздің полкке ең соңында әкелген Серебряков:
                     - Жолдас генерал, осы
жерден, мына майор Момышұлының кухнясынан қазақша тамақ ішейік, - деп ұсыныс
жасады. Пуркаев қымызға әсіресе таңғалды.
                      - Мұны қалай жасайсыңдар?
- деп сұрады тамсанып отырып.
                     Пайзиев генералға қымыздың
қалай жасалатынын ғана емес, ол сауып отырған биенің «өмір тарихына» дейін
айтып берді.
                      -         Тауарыш генерал, я, - деп алдымен Жан өзінің кеудесін түртті,
- обоз пошет. Кобыла видал. Лежит, жеребенок рождайт. Маленький-маленький жеребенок
вышел. Красивый. Звезда,-деп ол енді маңдайын түртті. - Опять пошел. Жеребенок
видал. Бе-
гайт. Потом
майор сказал,- деп мені иегімен нұсқады. - Қымыз пить бойдешь сказал. Қымыз
пить - сильный бойдешь, қымыз пить - красивый бойдешь сказал. Майор голова
кивал. Я кобыла брал. Доит стал. Как корова доит. Қымыз сделал. Тауарыш
генерал, пейте қымыз. Қымыз пить бойдешь - сильный бойдешь. Қымыз пить бойдешь
- красивый бойдешь. Вот так, - деп Жан ұзын лекциясын аяқтап алақанын жайды.
                     Генерал әбден түсіндім
дегендей, Жанға қарап басын изеді.
                     - Сізге ұлттық тағамдарыңыз
үшін рақмет. Немістер біздің ұлылық қасиеттерімізді де, ұлттық қасиеттерімізді
де жоя алмайды, - деп Жанның қолын алып, арқасынан қақты. - Сіздің сол әдемі
құлыныңызды көруге бола ма?
                      - Можно, можно, тауарыш
генерал. Совсем недалека. Я сам землянка капал. Накат делал. Я жеребенок берегу
как солдат, как сын полка...
                      Генерал қайтар бетінде Жанның
жерден қазып жасаған ат қорасын кіріп көрді. Жирен бие бізді оқырана қарсы
алды. Жирен төбел құлын күлте құйрығымен екі санын кезек сипалап тұрып, мойнын бұрып,
әдемі қара көздерін генералға қадады. Генерал оның
жібектей жұмсақ
титімдей жалынан сипады. Тегі Жан сипалап үйретіп қойған болуы керек, жирен
құлын генералға қарап сүйкене түсті.
                       -        Мұның аты бар ма? - деп сұрады генерал. - Аты не?
                       -        Есть, есть, тауарыш генерал, имя его Камиль!
                       - Қалай?
                        -       Камиль, тауарыш генерал, Камиль, - деп
Жан екі рет қайталады.
                        -       Ол
не деген сөз?-деді генерал Жанның құлынға қойған атының мағынасын ұқпай.
                        -       Камиль - мой сын, - деді Жан өзінің
кеудесін сұқ саусағымен түртіп. - Камиль - город Прежевалск живет, Қырғыз ССР.
Я узбек. Генерал Панфилов дивизия организовал, я попал. А жеребенок тоже
Камиль, как сын!..
                         -      Балаларыңыз нешеу еді? - деді генерал
Жанға қарап ойлана бас изей тұрып.
                          -  Два ребенка был, - деді Жан генералға екі
саусағын шошайтып. - Трети живот остался, жинка живот. Он тоже вышел. Теперь три!
- деп ол енді үш саусағын шошайтты.
                         Генерал сол жерде
адъютантына айтып, Жанның білегіне сағат тақтырды.
                          -  Мынау менің соғыс кезінде туған соңғы балаңызға
сыйлаған сыйлығым. Соғыс біткеннен кейін оған ескерткішке апарып беріңіз, -
деді содан соң.
                          -  Ой, спасиба, тауарыш генерал, спасиба,
тауарыш генерал! - Умирайт буду век незабуду, умирайт буду век незабуду, - деп
Жан байғұстың қалбақтап есі шығып кетті.
                          -  Жоқ, өлмеңіз, алдымен жеңіске жетейік, - деді
генерал күліп. - Ал мына құлыныңызды аман сақтаңыз.
                          -  Хош, тауарыш генерал, бойду береш, бойду
береш! - деп Жан екі қолымен кеудесін басып, өзбекше иіліп тұрып генералға жол
берді.
                        Генерал Пуркаев пен
полковник Серебряков машинаға отырып, біздің полктан аттанып кетті. Содан кейін
көп ұзамай Иван Иванович Серебряков генерал Галицкийдің штабына жаңа қызметке
ауысты.
 
IX
                        Автор. Бауке, сөзіңізді
бөлгеніме ғапу етіңіз. Сіз Серебряков атын айтқаннан жаңа ғана есіме түсіп
отыр. Ол кісінің Сіз туралы жоғарыға жазған бір үлкен хаты бар екен ғой. Сонны білесіз
бе?
                      Бауыржан. Қандай?
                      Автор. Мінеки. Мен Сізге
казақша аударғанымды оқып берейін.
                      Бауыржан. Оқығын.
                      Автор. Серебряков бұл хатын
СССР Жоғарғы Советінің Президиумы мен Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумына
жолдапты. Онда былай деген:
                  «Сідерге мына төмендегі жағдайды
баяндап жеткізуді борышым деп білемін.
1941 жылы июль
айында мен Алматы қаласына генерал-майор Панфилов басқарған 316-шы атқыштар
дивизиясына штаб бастығы болып келдім. Бұл дивизия кейіннен 8-ші гвардиялық
дивизия болып аталды да, Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін Қызыл
Ту орденімен, одан кейінЛенин орденімен наградталды. Мен ұзақ уақыт осы
дивизияда штаб бастығы боп келдім де, 1942 жылдың мартынан 1942 жылдың
октябріне дейінгі шабуыл ұрыстарында осы дивизияның командирі болдым. Кезінде
осы дивизияға командир болған генерал Панфилов та, генерал Чистяков та,
осылардың бірінші орынбасары және артынан осы дивизияның командирі болған менің
өзім де Панфилов дивизиясы ардагер офицерлерінің бірі, қанды шайқастарда аға лейтенанттан
полковник дәрежесіне дейін көтерілген, қазір де аман-есен қызмет етіп келе
жатқан Бауыржан Момышұлының ұрыстарда бірнеше дүркін көрсеткен лайықты
ерліктерін шегініс-шабуыл кездерінің әр түрлі жағдайларына байланысты, дәл
уақытында атап көрсете алмадық. Менің мойнымдағы әділеттілік, адамгершілік
парызы бұл азаматтың Отан үшін еткен ерліктерін осы хат арқылы сіздерге баяндай
отырып, өтініш жасауыма мәжбүр етті.
                   Бауыржан Момышұлы аға лейтенант
кезінде 19-шы гвардиялық атқыштар полкының батальон командирі болып тағайындалды.
Батальон командирі кезінде ол Москва түбіндегі 1941 жылғы маневрлі қорғаныс ұрыстарына
27 рет қатысты. Генерал-майор Панфиловтың жау қоршауында қалып орындауға
жүктеген арнаулы тапсырмасын іске асыру мақсатымен 5 рет дивизиядан бөлініп дұшпан
әскерінің сыртында қалды. Арнаулы тапсырманы орындағаннан кейін ол өз батальонымен
қарамағына берілген басқа бөлімшелерді қоршаудан ойдағыдай алып шығып, адамдар мен
техниканы аман сақтап қалды. Атап айтқанда:
     1) 1941 жылы 26. х-де Момышұлы жолдас,
батальон командирі кезінде, оң жақ рубежде болған табан тірескен ұрыстардан
кейін қоршаудан шығып, Волоколамск қаласына 690 адамды, 18 артиллерия жегінін,
30 пәуескені аман-есен алып келді. Сөйтіп, 35 километрге
созылған аралық
рубежде ұйымдасқан түрде ұрыс жүргізе отырып, жау қоршауын бұзып өтіп дивизияға
кеп қосылды.
                  Бұл күндерде оның Сафатова,
Миловани, Рюховское және Спас-Рюхевское аудандарында жүргізген ұрыстарының
дивизия үшін ерекше маңызы болды. Бұл ұрыстарда батальон Волоколамскіге шабуыл
жасап келе жатқан жау колоннасының ту сыртынан тиісіп, олардың ілгері басқан
аяғын кері кетірді. Сөйтіп дұшпанның Валоколамск бағытындағы басты күшін 2
тәулік бөгеп, дивизияның жау өкшелеп келе жатқан негізгі күшінің одан сытылып
шығуына және уақытты ұтуына мүмкіндік туғызды. 1941 жылы 27. Х-ден 1941 жылғы
15.ХІ-ге дейінгі Волоколамск қаласы үшін болған ұрыстарда Момышұлының баталъоны
неміс басқыншыларын талқандауда өзінің әр алуан қимылымен бірнеше рет көзге түсті.
               1941 жылғы 16. Х-ден 1941 жылғы
15. XI-ге дейінгі барлық ерліктері үшін генерал Панфнлов 1941 жылы 7 ноябрьде
аға лейтенант Момышұлын үкімет наградасына -Ленин орденіне ұсынған еді. Сол
награда қағазының тағдыры осы күнге дейін мәлімсіз боп кетті де, Момышұлы
жолдастың ересен ерлігі атаусыз қалды.
      2)   1941
жылғы 16. ХІ-ден 1941 жылғы 20. ХІ-ге дейін Момышұлының баталъоны Волоколамск
тас жолының бойындағы Горюны деревнясы ауданында, Матренино темір жал
станциясында тағы да жау әскерінің қоршауында қалын, қиян-кескі ұрыс жүргізді. Дұшпанның
Москваға шабуыл жасап бара жатқан басты күшін қақ ортасынан бөліп тастады. Осы
жағдайды пайдаланып дивизияның бөлімдері келесі рубежге сырғып барып бекініп
алды. Момышұлы батальонының бұл қимылы тағы да дивизияның негізгі күшін
шабуылдан келе жатқан дұшпанның соққысынан аман сақтап қалды. Осы ұрыстарда
батальон 600-дей гитлершілдерді жер жастандырды, жаудың 6 танкін жойды. Сонымен
қатар 6 станокті пулемет, 12 қол пулеметі, 8 радиостанция, документ тола 2 штаб
машинасын қолға түсірді. Олардың ішінде Волоколамск тобының басты күштерін ашып
беретін «Өте құпия» деген документтер де көп.
                Жау тылында дұшпанмен әлденеше
рет шайқас жүргізіп, 1941 жылы 20. ХІ-де батальон қоршауды бұзып шығып, тағы да
өз полкына келіп қосылды. Бұл жолы Момышұлы өзімен бірге 350 адам, 2 зеңбірек,
16 пәуеске, 4 станокты пулемет алып шықты. Сөйтіп батальон дивизияның жауынгер
бөлшегі болып, қайтадан сапқа тұрды.
     3)
Лопастино - он үй деревнясы ауданында 1941 жылы 25. ХІ-де Момышұлы бір ПТО, екі
минамет, екі станокты пулеметпен қаруланған жарты взвод жауынгерлерді бастап
дұшнан тұрағына түнде шабуыл жасап, 200 неміс солдатын жойды. Оның бұл ерлігі
де ескерусіз қалды.
    4) 1941 жылы 26. ХІ-ден 1941 жылғы 7. ХІІ-ге
дейін аға лейтенант Момышұлы 1073-ші атқыштар полкының, қазіргі 19-шы
гвардиялық атқыштар полкының командирі болды. Момышұлының басқаруымен бұл полк мынадай
нәтижеге жетті:
      а)   Соколово
деревнясы ауданында 1941 жылы 26-30 ноябрь аралығында Момышұлының полкы төрт
тәулік бойына табанды ұрыс жүргізіп, жау авиациясының төпелей бомбалауына
қарамастан, дұшпанның төрт рет жасаған атакасын тойтарып тастады.
     б)    Крюково
станциясы және елді пункті үшін болған ұрыстарда бұл полк дивизия жауынгерлік
сапының қақ ортасында тұрып, 1941 жылғы 30 ноябрьден 7 декабрьге дейін
дұшпанмен табан тірескен ұрыс жүргізді.
                  1941 жылы 5. ХІІ-де ұрыс үстінде
Момышұлы жаралы болды. «Енді шегінерлік жер жоқ, полкта адам аз қалды, не көрсем
де полкпен бірге көремін» деп ол ұрыс даласын тастап кетуден бас тартты, сөйтіп
1941 жылғы 7 декабрьге дейін полкты жаралы күйінде өзі басқарды.
                 Крюково үшін болған ұрыстарда
дұшпанның бір полктай жаяу әскері, 18 танкі және көптеген техникасы жойылды. 1941
жылы 8 декабрьде полк дивизияның басқа бөлімдерімен бірге қарсы шабуылға көшті.
Бұл жас офицердің осы ұрыстардағы ерлігі де елеусіз қалды.
     в)    1942
жылдың қысқы шабуылында капитан Момышұлы жолдас бір жарым батальон атқыштарды
өзі бастап «Қу бас», СС дивизиясына түнде батыл шабуыл жасады. Бұл ұрыста 1200
гитлершілдерді жойып, алты жолдың аузында тұрған Бородино, Барклавица, Трашково,
Трохово, Конюшено, Вашково деревняларын басып алды. Сөйтіп, жаудың үш тәулік
бойына Соколово деревнясын бермей жатқан Соколов тобына жаңа күш, қару-жарақ
жіберу мүмкіндігін жойып, 1942 жылы 6 февральда дивизияның өз міндетін орындау
үшін алға басуына мүмкіндік туғызды.
     г)    1942
жылы 8 февральда полктан қара үзіп қалған барлаушылар взводын іздеп келген
Момышұлы бұл Шелудьково ауданында дұшпанның кейін шегініп бара жатқан 600-дей
адамы, 8 танкісі бар колоннасына тап болды. Момышұлының басшылығымен взвод тұтқиылдан
шабуыл жасап, немістердің 200-дей солдатын жойды, маңызды оперативтік
документтерін қолға түсірді.
                5) 1942 жылы 27. ІІ-дан 13.
V-ға дейін қолайсыз жағдайда, орманды-батпақты жерде, Дубровка - Кобляки
деревнялары ауданында үлкен кеңістікте қорғаныс шебін ұстап тұрған Момышұлының
полкы немістердің 1, 4, 5 авиа-жаяу әскер полктарының отты қапшығының ішінде тұрып,
жаудың жүздеген атакасын тойтарды. Дұшпанға бір адым да жер берместен, оны
қатты қырғынға ұшыратты.
              Момышұлының жоғарыда аталған
жауынгерлік еңбектерін ескере отырып, мен 1942 жылы августа оган Совет Одағының
Батыры атағына награда қағазын толтырып берген едім. Одан да күні бүгінге дейін
ешбір хабар-ошар болмай кетті.
                Момышұлының Отан үшін еткен
ерліктері тек бұл айтылғандар ғана емес. Мен солардың тек басты-бастыларын ғана
қағазға түсіре отырып сіздерден осыны негізге алып, ССР Одағы ордендерінің
статуттарына сәйкес, Момышұлы жолдасты өздеріңіз лайықты деп
тапқан
наградамен атап өтуді өтінемін. Азаматтық, әділдік парызы менен сіздерге осы
ақиқатты айтып жеткізуді талап етіп отыр.
                  Гвардия полковнигі Момышұлы
1910 жылы туған, ұлты қазақ, 1942 жылдан ВКП(б) мүшесі. Отан соғысына 1941
жылдың сентябрінен бері қатысып келеді. Қызыл Армияда - 1936 жылдан қызмет
етеді. 1941 жылы 5. ХІI де Крюково ауданында ауыр жарқаттанды. Оның қазіргі
тұрағы: Москва қаласы, Кропаткин көшесі, 19, Қызыл Армия Бас Штабының Ворошилов
атындағы академиясы.
                   8-ші гвардиялық атқыштар
дивизиясының бұрынғы командирі, гвар-
дия полковнигі          Серебряков.
                 8-ші гвардиялық дивизияның
кадрлар бөлімінің бастығы, гвардия майоры Кондрашев.
               Серебряков пен Кондрашев
жолдастардың қолын куәландырушы
Қазақ ССР-інің
Москвадағы тұрақты өкілінің орынбасары        Айтқұлов.
17 июль 1944 жыл
».
               Автор. Гвардия полковнигі
Серебряковтың хаты осы, Бауке.
               Бауыржан. Рақмет. - Баукең мұңды
үнмен, даусын сәл төмендете сөйледі. - Серебряков деген өте бір парасатты адам
еді. Ар мен әділдік дегенде жанын аямайтын. Иван Иванович адамға жариялап жақсылық
жасамайтын кісі-тұғын. Ал жасаған жақсылығын және айтып жатпайтын. Әрқашанда
өзін сабырлы, байсалды қалыпта ұстайтын. Бетіңе ойлана қарайтын да, үңдемей қоя
салатын. Мен бұрын ондай адамның жүрегінен жылы сөз шығады-ау деп ойламаушы
едім. Ол ойымның қате екенін мен одан Горюны-Матренино ұрыстарында, жеті түнде,
жүрек тебірентер жылы хат алғанда ғана түсіндім. Жақсылығын сөзбен емес, іспен
дәлелдеп, қиын-қыстау кезде қасыңнан табылатын қайран орыс ағам-ай! - деп мен
сонда бір толғана тебіренген едім. Ал оның бұл хатын анна жылы, Панфилов жетпіс
жасқа толар қарсаңында ол туралы кітап жазамын деп материал жинастырып жүргенде
көрдім. Подольскідегі әскери архивтің бастығы менімен танысқаннан кейін бізде
Сіз туралы бір
керемет документ бар деп зор мақтанышпен әкеп Серебряковтың осы хатын қолыма
берді. «Топырағың торқа болғыр, ақсақалым, сен менің иықтағы періштемдей үнсіз
жебеушілерімнің
бірі болған екенсің-ау!» деп іштей толғана оқып, архив бастығына қайтарып
бердім. Сен мұны сол Подольскідегі архивтен алдырып отырсың ғой?
                   Автор. Иә, Бауке. - Осы
арада оның мұншама ерлігіне сүйсінгендіктен аузымнан келесі сөздердің қалай
шығып кеткенін де аңғармай қалдым. - Алла-ай, Бауке, фашистерді қойдай қырыпсыз
ғой өзіңіз... - Осылай деуін десем де батыр шамданып қала ма деп, тез аузымды
жаба қойдым. «Бәләй, бұрынғыдай іштей тебіреніп неге үнсіз отыра бермедім» деп
өкіндім. Бірақ «құдай иіп» бұл жолы Баукең шамданбады.
                     Бауыржан. Өйтпесек жауды
жеңе алмайтын едік қой, қарағым. - Осылай деп жайлап айтып, сәл ойланды да,
менің бетіме қарады. - Сен өзің де фашистерді аямаған боларсың?
                    Автор. Мен бе? Мен
зеңбіректен атып не бары жаудың екі-ақ танкін жойдым, Бауке. Бірін Великие Луки
түбінде, екіншісін Варшава маңында...
                   Бауыржан. Ол да аз емес,
қарағым. Сен сияқты солдаттың әркайсысы екі танктен қирата берсе, ол осал іс пе
екен!? - Баукең сәл ойланып, сұқ саусағын шошайтты да, қайтадан сөйледі. - Егер
сен бір рота танкты киратсаң, онда сен өзіңді, өзге жолдастарыңды, жанындағы
жаяу әскерді жалмайын деп келе жатқан бойында мың аттың күші бар, салмағы отыз
тонна тажалды құртқаның. Өзің ойлашы: жайлауда қаннен-қаперсіз отырған ауылдың
үстінен қиқулап қуалап кеп мың жылқыны айдап өтсе ол ауылдын адамдарынан не
қалар еді? Түк те қалмас еді. Мың жылқының болат тұяғы тепкілеп, түтіп өткен
жерде тозаңнан басқа не қалушы еді? Ал танк жылқы сияқты тек тұяғымен ғана
таптап өтпейді, оның жан-жағына өлім шашып келе жаткан зеңбірегі мен пулеметі
және бар. Танктен атылған снаряд өте ұшқыр келеді, бір секундта бір километр
жерге жетеді. Оның стволынан минутына 5-8 снаряд атылады. Ал танктың пулеметі
бір минутта бір жүз оқ төгеді. Сонда бір танк бір минуттың ішінде екі жүзге
жуық адамды жалмайды екен. Одан өткен тажал бола ма? «Бір танктың дөңгелегінде
мың адамның тағдыры шыр көбелек айналады» деген солдаттардың нақыл сөзі болушы
еді. Бұл солдат философиясы, жай долбармен айтыла салған сөз ғой. Әйтпесе сонау
Шығыс Европаны табанымен таптап, Москваға дейін ізінен қызыл қан ағызып келген
фашист танктерінің әрқайсысы мыңнан әлдеқайда көп адамды жалмағанына дау бар
ма. Жарайды, солдат нақылының мөлшерімен-ақ есептейік. Егер сен Ұлы Отан
соғысында екі танк қиратсаң, онда сегіз фашисті өлтіріпсің - бір танктың
экипажы төрт адамнан болады. Ал екі мың отандасыңды ажалдан аман алып қалыпсың.
Бұл, біле білген кісіге, аз еңбек емес, қарағым.
                    Автор. Апырай, а! - Мен
желкемді қасыдым. Өйткені күні бүгінге дейін еліме мұндай еңбек сіңірдім деп
ойламаушы едім. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, жұртпен бірге барып, жаумен төрт
жыл соғыстым. Оқ тимеді, өлмей қалдым. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды
өледі» деген сол шығар деп жүре беретінмін. Тіпті өзімнің соғыска қатысқаныма
ешқандай мән бермейтін едім. Соғыстан келгеннен кейін орден, медальдарымды
омырауыма тағып, ешқашан мақтанған емеспін. Енді міне, Баукең маған солдаттық
еңбегімнің бағасын айтып бергенде кеудемді ойда жоқта мақтаныш кернеді. Зеңбірек
расчетыммен жауып тұрған оқ астында ашық позиңияға шығып, жау танктерімен
жекпе-жек шайқасқан сәттерден басқа, Калинин, 2-Балтық, 2-Белорусс
майдандарында жабық позициядан жүздеген снаряд және аттым. Әрине, менің ол
снарядтарымның да Ұлы Отан соғысына келтірген азды-көпті пайдасы бар... Жоқ,
мен мұны Баукеңе айтқамын жоқ. Айтсам, мақтанғандай болар едім. Мақтансам, оным
төсінде аққу жүзген айдын көлге батпағына бақа шомылған көлшіктің мақтанғанына
ұқсар еді. Баукең мені ондай көлшік болуға қимады-ау деймін, сөзін тез ары
қарай жалғап әкетті.
                   Бауыржан. Ал Дубосеково
разъезінің түбінде біздің 28 жауынгеріміз жаудың 50 танкін жойды. Сөйтіп олар
ең кемі елу мың адамды ажалдан құтқарып қалды. Өздері ерлікпен қаза тапты. Сол
жиырма сегіз батыр өмірін сақтап қалған елу мың адам қазір 150-200 мың боп өрбіді.
Олардың ұрпағы мәңгіге ұласа береді. Мінеки, солдаттардың өз отандастарына
келтірер пайдасы, адамдардың бір-біріне өзара қарыздарлығы қандай десеңші! Отан
соғысына қатысып келген әрбір азамат өзінің соғыстағы еңбегімен, қарапайым
ерлігімен елдегі талай адамдардың өмірін сақтап қалды. Қазір көшеде жұпыны
киінген мүгедек жанды, балдаққа сүйенген ақсақ азаматты немесе білегіне қара
протез жалғаған шолақ қол адамды көрсем, соларға қаншама қарыздар екенімді
ойлап, басымды изеп, иіліп өтемін. Өйткені соғыстан менің он екі мүшем аман
болғанымен, мен үшін басқалар жараланды. Мен аман келгеніммен, мен үшін өзгелер
опат болды. Ал мен де өзгелер үшін қан төктім, солар үшін жараландым. Адамдар
бір-біріне өзара қарыздарлығын әрқашан да ойлай жүрулері керек. Әсіресе Отан соғысы
ардагерлерінің еңбегін ерекше бағалай білу қажет.
                  Осы сөзді балаға ғана емес,
басқаға да айтып отыруымыз абзал. Ұлы Отан соғысына бүкіл Совет Одағы қатысқаны
рас. Бірақ Совет Одағын қорғау үшін самолетпен «сүзісіп», танкпен тартысып, жаралы,
жарасыз алғы шептен келген азаматтар да бар емес пе? Олар қазір көп те емес.
Олардың мұқтажын ескермеуге болмайды! Понятно тебе?
                 Автор. Рас айтасыз, Бауке. Енді
бір сұрақ: полковник Серебряков соғыстан кейін қайтыс болды ма?
                   Бауыржан. Иә, соғыстан соң бір-ақ жылдан
кейін.
                   Автор. Қайда?
                  Бауыржан. Москвада. Сүйегі
Новодевичье зиратына жерленді. Маркұмды қойысуға мен қатыса алмадым. Кезінде
хабар жетпеді, кейін естідім. Артынан, жауынгер жолдастары бірігіп, басына шағын
ескерткіш орнаттық. Ескерткіш ашылар алдында арнап
Москваға бардым.
Марқұмның зайыбына көңіл айттым, қабірінің басына гүл қойдым. Әйелі байғұс разы
болып қалды.
                   - Валентина Николаевна, -
дедім содан кейін, - қазақ дәстүрі бойынша бір жылдан кейін өлген адамға ас
береді. Иван Иванович қайтыс болғалы бір жыл болды. Ертең, басына ескерткіш
орнатылғаннан кейін, Иван Ивановичтың ең жақын достарын үйіңізге
шақырыңыз. Мен
ас беремін.
                     Серебряковтың жесірі
сенер-сенбесін білмей, абыржып қалды.
                    - Ой, Бауыржан, оған көп
қаражат керек кой, - деді басын шайқап.
                    - Оған қысылмаңыз,
қаражатын мен көтеремін. Достарыңыздың тізімін жасап, бүгін хабарлап қойыңыз, -
дедім.
                   Полковник Серебряков
соғыстан бұрын Бас штабтың тамаша мектебінен өткен кісі екен. Қырық бірінші
жылы 316-дивизия жасақталғанда Иван Иванович Алматыға Москвадан, Бас штабтың
өзінен келіпті. Соғыстан кейін ол ГУК-те басқарма бастығы болып қызмет істеді.
Қабір басына ескерткіш орнатылғаннан кейін, Бас штабтағы ескі достары мен
ГУК-тағы жаңа жолдастары тегіс Серебряковтың үйіне жиналды. Олардың ішінде сен
білетіндерден
генерал-полковник Иван Михайлович Чистяков болды. Мен әкемдей болған Панфиловқа
ас бере алғамын жоқ, соғыста жүрдім. Ал Серебряковтың асын осылай өткіздім.
Айта кететін бір өкінішті жай Иван Ивановичтың артында ұрпақ қалмады. Әйелі
құрсақ көтермеген кісі екен, баласыз өтті.