ВЕРНУТЬСЯ

 
  Бәріміз аудиторияның ортасын босатып, алқақотан отыра қалдык. Алғашында
жүрексініп, ешкім ортаға шықпады. Бәрімізден батыл Зайкүл болды. Бір кезде ол
мойнын жас баладай былғандатып ортаға шықты. 
-        Ал, не айт дейсіндер?
-        Біз ештеңе демейміз, арнап әкелген
өнеріңді өзің көрсет.
-        Ей, қыздар-ай, - деді Зайкүл
күліп. - Менде кімнен шпаргалка аламын дегеннен басқа не ой, алған шпаргалканы
өз сезімдей етіп төпеп айтып шығудан басқа не өнер бар дейсің. - Бәріміз ду
күлдік. «Өзі ақ жүрек» десіп жатыр біреулер. - Одан да бір ән айт десеңдерші
маған.
-        Айт.
-          Дұрыс.
Зайкүл сызылтып «Дударайды» айтты. Әнін бітіре салып, тақ-пақ айтқаннан
кейін дереу кәмпит сұрап, алақанын жайған баладай болып, төрешіміз Абаеваға
қарап, бірден ақы сұрады.
-          Майра, менің бұл әніме
сыйлыққа... - деп келе жатыр еді, Жомартбек орнынан ұшып тұрды.
-        Жоқ, саған сыйлық берілмейді,
- деді ол. - Сен оригиналды ештеңе орындаған жоқсың.
Қыздар шу ете
түсті.
-          Берілсін, берілсін!
-          Тіпті болмаса, бірінші
бастағаны үшін берілсін. Майра басын изеді.
-          Иә, қалағанынды ата, Сағынова.
Зайкүл қылмыңдап
қалды.
-        Онда, - деді ол енді
тәкаппарлана бастап, - онда мына екі жігіт, Ербол мен Жомартбек, шөп еткізіп
екі жақ бетімнен қатар сүйсін.
Қыздар қыран
күлкі болды.
-        Жоқ, біреуміз де жетеміз ғой,
- деді Жомартбек. Зайкүл жетпейді дегендей басын шайқады.
-        Ойынның тәртібі бойынша
қыздар қалаған адамына өз тілегін орындатады. Осылай ғой? Ендеше менің тілегім айтылды.
Екеуің келіп оны орындаңдар. Солай ма, Майра?
Майра ішек-сілесі
қатып, басын изеді.
Жомартбек екеуміз Зайкүлге қарай аяңдадық. Қыздар қосылып, бір ырғақпен алақан
соқты. Бұл женімпазға ойналған туш есебінде болды.
Екінші кезекті Жомартбек алды. Ол ортадағы орындыққа қолына домбыра ұстап
шықты. Орындыққа отырмас бұрын, артистерше иіліп, қыздарға тегіс ізет көрсетті.
-        Менің  негізгі мақсатым КазГУ-ді бітіріп, жақсы
азамат боп шығу екенін өздерің де білесіндер, қыздар. Одан маңызы ешбір кем
емес тағы бір мақсатым бар.
-        Ол не? - деді шыдамсыз Зайкүл.
-        Ол, - деді Жомартбек, - жақсы
әйел алу. - Бұл сөз де қыздардың ду күлкісіне ұласты. Сыңғырлаған тәтті
күлкілер тоқталғаннан кейін, Жомартбек сөзін жалғады. - Сендер күлесіңдер.
Сендерге оңай бұл. Сендер немене, жақсы көрген жігіттеріңе құлағынан басып
отырып шығасындар да аласыңдар. Болмай бара жатса, комсомол ұйымына арыз
бересіндер. Ал комсомолдың құрығы ұзын - жігітті, шетке шыққан саяқ жылқыдай
етіп қайырып әкеп, арыз айтқан қызға қосақтайды. - Қыздар тағы да бөлмені
бастарына кетере күлісті. - Ал, Ербол ағай екеуміздің жайымыз мүлде басқаша.
Алдымен біз қай қыз жақсы деп басымызды бір қатырамыз. Жақсы қыз мені жақсы
көре ме, айтқанымды қабылдай ма деп және дел-сал боламыз. Қойшы, не керек, жігітке
жақсы жар тауып алу оңай емес. Сондықтан мен сендерге қазір алдымен жақсы
қатын, одан соң жаман қатын туралы екі өлең айтып беремін.
Осылай деп
Жомартбек домбыраны қағып-қағып жіберді де, аудиторияны басына көтере шырқап
қоя берді.
Аққұба қатын
алсаң, бойы сұңғақ.
Қасыңа шақырғанда
келсе зырлап.
Дауысы: «Әу» дегенде
әрең шығып,
Кеудесі
еңкейгенде етсе бұлғақ.
Аяғын, табағымен
қойған жуып,
Сүйрендеп сөз
сөйлемес өсек қуып.
Бір сөзді екі сөз ғып еш айтпайды. Көбейсін ұрыс-жанжал қайдан туып.
Еріне адал жүріп,
болар серік. Қуанар ғазиз құрбы жүзін көріп. Білгізбей бар болса да, жоқ болса
да, Тұрғаны әрқашан да қасын керіп.
Сыпаты жақсы қатын айтсам бітпес, Мадақтап жаман қатын ерін күтпес. Ұқсатса
аз ба, көп пе тапқанынды. Кез келсе кедейшілік итеңе етпес, а-а-ау! -деп
Жомартбек шанақты сарт еткізе соғып, орнынан тұрып, тағы да жан-жағына қарап,
бас иді.
Бәріміз кқол
соқтық.
- Енді жаман қатын
туралы айт, - деді Зайкүл шыдамсызданып.
«Айтайын ба?» дегендей, Жомартбек биігірек креслода қолына кітап ұстап,
өзге жұрттан оқшаулау боп отырған Майраға қарады. Ол «рұқсат» дегендей, басын
изеді. Абаева қазір үшінші курсқа бүгін ғана көшкен студенткадан гөрі үш жылдан
бері ел билеп, тәсілденіп қалған әйел патшаларға ұқсайтындай еді. Күлмей,
жымимай, басын тік ұстап, иегімен ишара жасап, саусағының ұшымен бұйрық беріп
отыр. Қолындағы кітабы хазіреттің асасы немесе Богдан Хмельнинкийдің булавасы
сияқты, оны сәл көтерсе болды, шулап отырған жұрт тым-тырыс тына қалады. Абаевадан
рұқсат алған соң Жомартбек қайта шырқады.
Болмайды пейілі сұлу жаман қатын, Білмейді үйретсең де сөздің салтын.
Ілмелеп салған жерден кекесіндеп, Қылады ұрыс-жанжал сөздің артын.
Кетеді таң атқан
соң өсек бағып. Еріне былшылдайды елді шағып. Қонаққа тамақ бер деп ептеп
айтса, Жүреді теріс қарап, жыбыр қағып.
Кісіге күле сөйлеп келмес жанап. Былшылдар ел кезінше байын сыбап, Таусылды
күні-түні ет пен шай деп, ' Қонағын қыстай келген бәрін санап...
Орамал жерде жатыр, кірі батпан. Салдырап аяқ-табақ қирап жатқан. Сүтіне
шелектегі ит кеп тисе, «Кет!» деп те айтпайды оған, құдай атқан,ө-ө, е-е-е.. Оуф!
Төрешінің ұйғаруымен Жомартбекке де сүю сыйлығы тиді. Ол алшаңдап, Зайкүлге
қарай жүрді. Ернін шүршитіп, нақ соны ғана сүйетіндей боп, ыңғайланып бара
жатты. Зайкүл құйтыңдап, басын қиқандатып, ернін ыңғайлай бастады. Жомартбек
оны өзіне қарай ұмтылта түсті де, басын шапшаң бұрып, шөп еткізіп Зайкүлдің
қасында отырған Нәзиләштің бетінен сүйді. Зайкүл сүйісуге ыңғайлап, шошайтқан
ернін не істерін білмей, түсі бұзылып, нәумез боп қалды. Оны бағып отырған біз
және қыран күлкіге баттық. - Зайкүл, немене сүйіскің келіп пе еді, кел, - деді
Жомартбек ештеңе болмағандай жайбарақат оған қарай бұрылып.
-        Архимедтің тұтқасын ұстағандай болмай,
аулақ кетші, -деді Зайкүл теріс айналып.
-        Менің өз тұтқам да жетеді, -
деді Жомартбек бейне бір Зайкүлмен ұрысқандай баж ете қалып. - Біреудікі маған
дәрі емес!
Осылай деп Жомартбек Зайкүлге қарап күлейін дегендей боп ыржиып келе жатты
да, дереу біреумен төбелесіп қалғандай, түсін томсырайта қойды. Бұлай,
бет-бейнесін лезде екінші түрге түсіре қою сияқты артистік өнер курста
Жомартбекке ғана тән болатын. Осынысымен ол бәрімізді бұрын да талай рет
күлдірген еді. Бұл жолы да ол біздің күлмес еркімізге қоймады.
Қанипа, Сақила,
Назиләш үшеуі үш жақтан қол көтерді. Майра үшеуіне де бас изеді. Олар ортаға
келіп, соғыс кезінде шыққан «Көкем-ай» деген әнді шырқады.
Елде жүрген жас бауырдың майдандағы ағасын сағынып, жүректің запырандай
зарымен айтқан жан-жүйені босатар ащы әні аудиторияны кернеп кетті. Үш дауыс қосыла
шырқ-ап, «Көкем-ай!» деп зарлағанда терезенің шынысына дейін дірілдеп, қалтырап
кеткендей болды.
Қан майданнын
ішінде көкем жүр-ау, а-а-ау,
Мылтық кезеп көкеме
неміс тұр-ау, а-а-ау-ай.
Көкем-ау!
Қашан келер
екен-ау!?
Мен тағдырдан сұраймын
күндіз-түні-ау, а-а-ау,
Көкеме атқан жау
оғын маған бұр-ау, а-а-ау, а-а-ау-ай.
Жан көкем!
Дидарынды бір
көрсем!
Бұдан кейінгі кезек маған келді. Үш қыз қосыла айтқан жаңағы зарлы ән
жүйе-жүйемді босатқан мен не айтарымды білмей састым. Әзірлеп әкелдім
дегенімнің бәрі жан толқыт-қан жаңағы әннен кейін мүлде қажетсіз, керексіз сияқтанды.
Бірақ қыздар қыстап, болмады. «Шықсын ортаға, айтсын бірдеңе» деп жанымды
шығарды. Амалсыз ортаға шықтым.
-          Мен Абай өлендерінде
кездесетін ескі сөздердің  тізбесін
жасап, оларға өзімше түсінік берген едім. Бүгінгі конкурс сияқты қорытынды
кешке соны ұсынуыма болады. Бірақ мұның өзі бір дәптер, - дедім қыздарға
дәптерімді көрсетіп. -Бәрін табан астында оқып шығу мүмкін емес. Сондықтан мен
қазір соңғы оқыған бір кітабымнан сұлу әйел, махаббат жайында жазып алған екі-үш
нақыл сөзім бар, соны оқып берейін.           
Мен Майраға қарадым.
Майра қыздарға қарады.
-          Махаббат жайындағысын окысын.
-          Соңғысын айтсын, - деп
шуласты қыздар. Абаева кітабын жоғары көтерді. Жұрт тегіс тым-тырыс боп, тыныштала
қалды.
-          Иә, онда былай болсын,
қыздар, - деді Майра. - Ербол ағайдың Абай өлеңдеріне түсінік жасауы біздің
ешқайсысымыздың ойымызға келмеген үлкен жұмыс. Оны білудің бәріміз үшін пайдасы
бар. Ол әсіресе ертең біз мүғалім болып, мектепке барғанда' керек. Сондықтан
біз оны ағайдан сұрап, көшіріп алармыз. Меніңше ағайға тандаған қызын сүю сыйлығын
осы еңбегі үшін беруімізге болады. Ал бұл кісі жаңағы соңғы айтқанын оқып
шықсын да, сыйлығын алсын.
Мен бір жапырақ бөлек қағазға тізіп алған махаббат жайындағы сөздерімді оқи
бастадым.
«Махаббат бар
жерде көз жасы қоса жүреді.
Адамның өмірі қысқа болғанымен, махаббаты ұзақ өмір сүреді.
Құштарлық -
махаббат хабаршысы.
Құштарлықты көз
айтып, тілекгі тіл түсіндіреді.
Жүрегін махаббат
мекендесе, ең саран деген адамның өзі ересен
мырза боп кетеді.
Әдемі әйелдің
әлегі көп.
Сұлу әйел сорға
бітеді.
Көрікті әйелдің
күйеуінің көңілінен күдік арылмайды.
Сұлуға сұқтанушы
көп.
Сорлының әйелі
сұлу болады».
Жазып алған
қағазымның екінші бетін оқымай, ортасынан бүктей салып, қыздарға рақмет деген
ишара жасадым.
Зайкүл аузынан емшек тартып алған жас баладай боп, баж ете қалды.
-          Екінші бетін оқыған жоқ,
Майра. Ербол енді қағазының екінші бетіндегісін оқысын, - деп елбелектеп ұшып
кете жаздады.
Абаева маған қарап, «Зайкүл бәрін естімей тынбайды» дегендей жымиды да,
басын изеді. Бұл төрешінің «тағы оқы» деген әмірі еді. Әскерде командир
бұйрығын екі етпей орындап үйренген басым қағазымның бүктеуін қайта жаздым.
-        Бұл үзінділер үндінің ұлы
жазушысы Дандиннің «Он ханзаданың басынан кешкен оқиғалары» деген кітабынан
алынды. Ал тыңда, Зайкүл, - дедім мен алдымен жүзі жайнап, құлпырып отырған
Зайкүлге қарап алып.
-        Оқи бер, оқи бер, - деді
Зайкүл шыдамсызданып. - Мен тындап отырмын.
Мен тағы да оқуға
кірістім.
«... Махаббат жайына келетін болсақ, оның мәні адамға дүниеде теңдесі жоқ
өзгеше рақат беретіндігінде. Кеудесін махаббат кернеген еркек пен әйелдің
ойлайтыны өмірдің өзгеше сол рақатына жету ғана болады. Жүрегіне махаббаттың
нұры түскен жанның жай жұрттан өзгешелігі оның айналасының бәрі күліп, қуанып
тұрғандай күйде болады. Ынтызар екі жанның құшақтарының айқасуы өздеріне өшпес
қуаныш боп танылып, кейін сол сәтті еске алудың өзі ол екеуін ерекше елтітіп,
өзгеше шаттыққа бәлейді. Жүректі кернеген осы қуанышқа жету үшін үлкен
қызметтегі адамдардың өздері аса қиын ерліктер жасауға дейін барып, мол-мол сыйлықтар
тартады, қауіпті іс, қатерлі жанжалға дейін тәуекел етеді...
... Әйелге, әсіресе жүрегінде біреуге арналған маздаған махаббаты бар
әйелге өзі сүймейтін еркекке еріксіз қосақталудан қиямет қорлық жоқ.
... Мені
махаббаттың улы жыланы шакты аямай. Жаныма дәрі, дертіме шипа сен ғана!
... О, құдірет, жалаң бұт жүгіріп, күні бойы қуалап торғай ататын сәби сияқты,
садақ толғап, сан адамның жүрегіне жебе қадалатын махаббат тәңірі! Не жазығым
бар еді менің? Неге мұнша қинайсың мені? Біржола өртеп, құл қылып жібермей,
неге мұнша күйдіресің аяусыз?..
...- Өзіңдей сен оның жүрегіне! Оның жүрегі алып жартастың табанындай
тұрақты, нағыз болаттың өзіндей берік. Ол жүректі өзгеше байлық - өз махаббатыңның
нұрлы гауһар тасымен өрнектегейсің сен! Оның биік кеудесі өзіндей лайықты жардың
салмағына жаншылып, өз рақатын алсын өмірден». Ханшаның некер қыздары осылай
деп үн қатты маған. Бұл сөздерден кейін менін жүрегімді қысқан махаббат бұғауы
одан сайын тарыла түскен тәрізді болды».
Мен бар оқығыштық өнерімді жұмсап, бар жанымды салып, біреудің сөзін оқып
тұрғандай емес, өз жүрегімнің бар сырын бір жанға ғана арнап, ақтарып тұрғандай
боп елтіп, егілгендей күймен үнімді үзіп, қағаздан басымды көтердім. Әрине, мен
бұл сөздерді тек қана Меңтайға арнап едім. «Осынымды ұқты ма екен?» деп мен
басымды көтергеннен кейін, басқаларға білдіртпеуге тырысып, Меңтай жаққа көз
тастадым.
Мен оқыған сөздерге қыздардың көбі іштей рақаттанып, бас көтере алмай,
төмен тұқырыса, сылқылдап күлісіп қалған екен. Зайкүлдін екі көзі ішіп-жеп,
маған қадалып алыпты. «Тағы да бар ма, тағы да оқышы» деп өтінгендей, сұрап,
тілегендей күй танытады. Тек Меңтай ғана күлместен, жымимастан, менің
сөздерімді естімегендей боп, маған емес, терезе жаққа көзін қадап, ойланып
қалыпты.
- Иә, ағай, сыйлығыңызды алыңыз, - деді Майра жаңағы мен оқыған үзіндідегі
нөкер қыздар мақтаған ханшадай жымиып. - Қалаған қызыңызды сүйіңіз.
Мен жаңағы махаббат жайында үзінділер оқыған сәтте бар дүниені ұмытып,
ойымнан шығарған екенмін. Сөйлегенім үшін маған да сыйлық бары, сыйлық болғанда
таңдаған, жаным жақсы көрген қызды құшақтап, бетінен сүюге праволы екенім енді
ғана есіме түсті. Сол-ақ екен жүрегім өз-өзінен лүпілдеп, дүрсілдеп қоя берді.
«Сүйсем бе екен, сүймесем бе екен?» деп ойладым. «Жоқ, осындай сәті кеп тұрғанда
сүйіп алайын, ол қайтер екен?» дедім де, ақырын басып, Меңтайға қарай аяңдадым.
Меңтай маған келе жатыр деп ойламаған сияқты қалып көрсетіп, басқа қыздардай
қымсынып, бетін баса бастаған жоқ. Мен оның қасына тақап қалғанда да өзінің сол
жағындағы қыздың бетінен сүюге келе жатқан болар дегендей, оң жағындағы көрші қызына
қарай мойнын бұрып, оны сөзге шақырды. Дәл сол кезде мен қолы дірілдеп, ең
алғаш мөр ұстаған ауылнайдай, етектей ернімді жиған боп сәл бүрістірдім де, оны
Меңтайдың қағаздай мойнына былш еткізіп басып кеп калдым. Бейқам отырып, селк
еткендей болып және қытығы келген сияқтанып қыз мойнын ішіне тартыңқырап,
қайтадан сол жағына қарай бұрды. Ол кез менің қызға құмар-ып, қиналып жүрген
шағым емес пе? Егеудей ернім Меңтайдың мойнын, кішкентай құлағын үйкелеп барып,
лезде қып-қызыл боп кеткен ақ бетінің ұшына тоқтады. Оны өзімше ақырын өптім
де, қыздарды қыран күлкіге батырып, мас кі-сідей сенделектеп, өз орныма қарай
аяңдадым.
Менен кейін қыздар бірлесіп тағы да өлең айтты. Бірақ олардың не айтқанын
мен ұққамын жоқ. Меңтайдың бетінен бір сүйгенге бір шиша шербетті басыма
көтеріп, жалғыз сі-міргендей, өз-өзімнен масайып, буын-буыным құрып, елтідім де
отырдым. Сол кезде қолына шағындау дәптер ұстап, ортаға Меңтайдың өзі шықты.
-        Ойынның шарты өзгешелеу
нәрселер даярлап әкелуді талап еткен соң, - деді Меңтай бөгеле сөйлеп, - мен
мына бір дәптерді ала салып едім. Мұнда шешемнің айтқан бірсыпыра сөздері
жазылған. Шешем бастауыш мектепте мұғалімдік қызмет атқарған, сауатты кісі
болатын. Оқыған кітаптарының ақ бетіне өз ойларын жазып, тастай салатын. Менің
он жасыма дейін біз ауылда тұрдық. Одан соң Ридцер деген қалаға көшіп барып,
әкем жұмысшы болды. Былтыр ауылға барғанда (әкемнің інісі ауылда тұрады) апам
оқыған кітаптардың беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып, оның өз қолымен жазған
жазуларын мына дәптерге көшіріп алған едім. Талай қызық кітапты өздерің де оқып
жүрсіңдер ғой. Мен сендерге апамның жазғандарын айтып берейін. Мұның кей
тұстары тұрпайылау да боп көрінер. Бірақ бәріміз де ес білген ересек балалармыз
ғой, ондайларын алып тастамай-ақтұтас оқи берейін.
-          Дұрыс.
-          Жөн.
-        Оқы, Меңтай, - дедік біз жарыса шуылдап.
Меңтай тамағын кенеп алды да, асықпай, жайлап, бірінің соңынан бірін тізіп,
ана жүрегінен шыққан ақылды нақылдарды ақтара бастады.
«1. Жазғы
салқыннан жаныңды аяма.
2.Ешқашан да ешкімді жамандама. Ең жаман деген адамның да өз жақсылығы
болады.
3.Қыз көйлегінің етегі тізеден жоғары шықпауы керек, себебі қыздың жалаңаш
жеріне көп көзінің құрты түскіш келеді. Ал халықта: «Есті қыз етегін қымтап ұстайды»
деген мақал бар.
4.         Әйелдің жалаңаш денесі
еркектің құмарлығын қоздырады. Ақылмен бөгеп, сабырмен тұсалмаған құмарлық таудан
төңкерілген сең сияқты: жолындағының бәрін ұйпа-тұйпа етіп, жайпап, жойып
кетеді. Сондықтан әйелдің еркек құмарлығын қоздыратын ашық-шашық жерді көбейтпей,
жауып, жария етілмейтінін қымтап ұстауы абзал. Әсіресе етекті қара санға дейін
көтермеу, кеудені жалаңаштамау жөн. Сонда еркек елеңдемейді, әйел аландамайды,
адалдық бұзылмайды.
5.         Ешкіммен барқылдап ұрыспа, бағанды
жоясың.
6.         Қарқылдап күлу, тарқылдап сөйлеу -
дарақылық белгісі.
7.         Кемшіліксіз кісі болмайды, оны көруден
оңай жоқ. Кісі кемшілігін тез көруге емес, тез түзетуге көмектес.
8.         Қызға қатты күлудің қажеті
жоқ, жігіттерге оның жымиғаны да жетіп жатыр.
9.         Ауыз шешендік әркімде болады.
Әсіресе қыздың аузы сүйреңдеп, көп сөйлемегені абзал. Өйткені қыздың күлкісі,
жымиюы, бас изеуі, көзқарасы, жүріс-тұрысы - бәрі де сай-рап тұрған сөз.
Сондықтан, оның аз сөйлеп, айналасына ақылмен танылғаны дұрыс.
10.       Шошаңдаған қыз шешенің атына кір
келтіреді.
11.       Баласы арақ ішсе, шешесі у
ішеді. Маскүнем, жаман бала жақсы ананы ажалынан бұрын көрге кіргізеді.
12.       Жаман туыс тістеуік, жақсы жолдас
үйірсек. Жақсы дос жаман әкеден артық.
13.       Үміт күткен ұлы оңбаған боп
кетсе - әке сорлы; қызы күйеуге өтпесе,- шеше сорлы; сұлу деп алғаны сүйкімсіз
боп шықса - жігіт сорлы; қыран деп тигені жапалақ боп шықса - жар сорлы.
14.       Ак көңіл мен адал ниеттен туған іс әсем
болмаса да сүйкімді. Айла мен арамдықтан туған іс әдемі болса да жиіркенішті.
15.       Қыздың жақсы жігітке шығуы,
жігіттің жақсы жар таңдап алуы жеңіспен пара-пар. Алдымен жеңіске жету қымбат,
ал жеткен жеңісті баянды ету - одан да қымбат.
16.       Көшеде көлденең тұра қалып,
бірінің ернін бірі жұлып жердей боп жалмап, жұрт көзінше сүйісіп жатқан қыз бен
жігітте ар да, ұят та болмайды. Ондай әдеттен без, ондай құрбыдан аулақ.
17.       Кей адам кілт етпе келеді.
Бірақ ол мінез жас балаға, сұлу әйелге және ұлы адамға ғана жарасады. Бұл
үшеуінен басқаға біткен қыңырлық қырсықпен тең.
18.       Махаббат барша байлықтан күшті.
Бірақ күштіге де көмек керек. Сол сияқты махаббат та өзін байлық пен барлыктың
қоса қолдауын ұнатады.
19.       Екі адамның бір-біріне шын
ықыласпен қалтқысыз қызмет етуі не араларындағы адал махаббаттын, не асыл
достықтың арқасы.
20.       Еркекке жүрек керек, әйелге тірек керек.
21.       Тірі адамның бар бақыты, бар
қызығы жер бетінде. Оған көкке ұмтылудың немесе о дүниеден үміт етудің қажеті
жоқ. Сол себепті бар терді төгіп, барша ой мен ақылды жұмсап, жер бетін, тұрған
үйінді жұмақ ете біл.
22.       Ел сыйларлық бағаң болмаса, елге аға
болдым деме.
23.       Жақсы адам - магнит.
Магниттің бірнеше темір шегені өзіне тартып ала алатыны сияқты, жақсы адамның
да жанына жұрт көп үйіріледі. Өзің жақсы болсаң - айналанда досың көп; жаман
болсаң - жалғыз жүресің; орташа болсаң - сен де бір жақсының жанын жағалайсың.
Досты сырттан іздеме, жақыннан ізде, өзіңнің ішіңнен, ішкі дүниеңнен ізде.
Жаның жақсы, жүрегің жылы, ақылың парасатты болса - іздеген досың алыстан
үйіріліп, өзі келеді.
24.       Біздің ауылдың қазақтары
баяғы ескі әдетпен әлі күнге дейін жүзге бөлінеді. Содан соң әлі жеткені
әлсізін аяғынан шалып, бөтен жүздің баласы деп жұдырықтап, жұлмалап, жүндеп
жатады. Алауыздықтың атасы - жүз жойылса екен. Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсе
екен!
25.       Ел билеген жақсы адамның
өмірдің күнделікті күйбенімен кетіп, ертеңгі ұрпаққа мұра боларлық өз атынан ештеңе
қалдырмауы өкінішті. Абай атамыздың өзгелерден артықшылығы да осында - артына
тастап кеткен асыл кітабында ғой.
26.       Біреуді пәленше көп біледі
деп мақтайды. Көп білген адам көп тындырса, мақтауға болар еді. Көп біліп, түк
тындырмайтындар да бар. Мұндай іске пайдасыз білгіштікті білдім деудің қажеті
жоқ. Ондай «білгіштен» аз біліп, көп тындыратын қоңырқай адамның өзі артық».
Меңтай дәптерінің
бетін жауып, көкірегіне басты, жұртқа басын иді.
Қыздар қозыдай
жамырасып, жарыса сөйлей жөнелді.
-        Үндемей жүріп, бар білім сенде екен ғой,
Меңтай.
-        Міне, тамаша!
-        Кітап сөзінен кем емес!
-        Кей кітаптарды қырық рет ақтарсаң
да, мұндай сөздерді таба алмайсың, - десті.
«Меңтайдың мұнша сабырлы, ұстамды болуы шеше тәрбиесінен екен-ау, - деп ойладым
мен. - Асыл ана ешқашан да аптықпа, асықпа, шошақай болма деп қызының құлағына
сіңіріп отырған-ау, тегі. Ақылды ананың адал перзентіне берген ақ бата -
тәрбиесіне не жетсін, шіркін!»
-        Ал Меңтай, сыйлығынды ал.
-        Не тілейсің? - десті қыздар қаумалап.
Менің жүрегім, қос ішегі қатты бұралған домбырадай болып, соғуын тоқтатып,
тынып қалған сияқтанды. Меңтай не тілер екен, Зайкүлше, біреу келіп бетімнен
сүйсін дер ме екен деп ынтықтым.
Меңтай басын
шайқады.
-        Бұл менің өз жанымнан шығарғаным емес,
мен апамның айтқандарын ғана оқып бердім. Сондықтан мен оған ешқандай сыйлық
тілемеймін.
Менің екі бетім
ду ете түсті. Жаңа, оз кезегім келгенде, біреудің сөзін оқып бергенім үшін ақы
тілеп, Меңтайдың бетінен сүйгеніме ұялдым.
Кешіміз көңілді
болып, ұзққка созылды да, университеттен жатақханаға кеш қайттық. Улап-шулап,
көшені басымызға көтере дабырласып келе жаттық. Бір қаға берісте мен Меңтайға
тіл қаттым.
-        Меңтай, сен маған өкпелеп қалған жоқсын
ба? - дедім.
-        Неге?
-        Бағанағы сүйгенім үшін.
-        Ол, біріншіден, ойынның шартына
байланысты болды ғой, - деді Меңтай. - Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз.
Ағасы бетінен сүйгенге қарындасы өкпелеуші ме еді?
-        Шын өкпелеген жоқсың ба? - дедім мен
қуанып кетіп.
-        Шын, - деді Меңтай байсалды үнмен.
-        Онда рақмет саған...
Біраз жүргеннен
кейін тағы да үн қаттым.
-        Меңтай, бір өтінішім бар еді айтатын, -
дедім.
-        Айтыңыз.
-        Рұқсат етсең, жаңағы оқығандарыңды көшіріп
алар едім.
Меңтай үнсіз
екі-үш аттады. Содан соң барып жауап берді.
-        Дәптерде басқа да шимайларым бар еді, -
деп баяу айтты да, тез шешімге келді. - Жарайды, алыңыз. Бірақ басқа ешкімге
көрсетпессіз.
-        Көрсетпеймін, - дедім мен ант еткендей
елпілдеп.
Қыз қолтығындағы
дәптерін маған берді.
Бағана, оны бір сүйгенге сүйегім балқыған еді. Енді дәптері қолыма тигенде
патшаның сарайынан көтергенінше алтын алған қайыршыдай қуандым. Жатақханаға
жетіп, бөлмеге кіргеннен кейін стол басына отыра қалдым да, шамды көлеңкелеп
алып, қадалып қыз дәптерін оқуға кірістім. Дәптердің алғашқы бірнеше бетіне
«АПАМНЫҢ АЙТҚАНДАРЫ» деген заголовокпен Меңтайдың бағанағы оқығандары тізілген
екен. Оның одан кейінгі беттеріне қыз өзінің оқыған, білген, көрген жайларын
жазыпты. Соларға байланысты өз ойларын маржандай тізілтіп, қысқа-қысқа етіп қағазға
түсіріпті. Біткен әр ойдың арасын сызықпен бөліп тастап, кей жазбаларына
жеке-жеке ат қойып, рим цифрларымен тараулап отырыпты. Дәптердің кей тұстары күнделік
іспеттендіріліп, онда қыздың жан сырлары баяндалыпты. Мен ол беттердің бәрін
дастарқандағы тәттінің бірінен соң бірін сұрап, қол созған баладай болып, бас
алмастан оқи бердім.
Таң ағарғанша
тапжылмастан отырып мен Меңтай дәптерінен мыналарды оқып шықтым.
«Құлақтан кірген өтірік пен өсек ғашықтар жүрегінің төріне тасқорған боп
қаланады. Түрмедей қапас, сұрықсыз ол қорғанның кірпіштерін балталап бұзып,
сүйменмен соғып, қирата алмайсың. Оған өзгеше құрал керек - ақтыққа көз жетіп,
адалдыққа көңіл сенгенде ғана ол күл болып, көкке ұшады.
Зұлымдық махаббатты ториды. Қашан да махаббаттың қалай мерейін төмендетсем
екен деп аласұрады. Тек күшті махаббат қана зұлымдықтың торына түспейді.
Шығыс н а қ ы л ы. I. - Басқа кіммен дос болсаң, онымен дос бол, бірақ
мынадай үш адаммен дос болма, - депті бір данышпан өзінен ақыл сұрай келген
адамға. - Ақымақпен дос болма, ол саған жақсылық жасаймын деп жүріп-ақ жамандық
жасайды; зеріккіш жанға жолама, қанша сенгеніңмен ол сені тастап кетеді;
өтірікшіден аулақ бол, ол сені өсекке таңғанын өзі де сезбей қалады.
II. Бір адам қазының алдына келіп: «Менің үш түрлі құмарлығым бар, олар:
шарап, әйел, өтірік айтушылық. Осы үшеуінің қайсысын тастасам екен?» - депті.
Қазы ойланып отырып: «Өтірікті тастағаның жөн болар» депті. Кеңес алған адам қайтып
кетеді. Бір күні оның бөтен әйелге көңілі ауады. Сонда оның басына мынадай ой
келеді: іс аяғы насырға шауып, қазыға барсам - ол менен «Басқаның әйелін
азғырғаның рас па?» - деп сұрайды. «Иә», - десем, жазаға ұшыраймын, «жоқ»
десем, өтірікші боламын. Қой, одан да әйел құмарлықты да тастайын деген
қорытындыға келеді. Сөйтіп, ол өзінің шарап құмарлығын да тастаған екен дейді.
«Бұл байғұс неге шөлге құмар?» деп балық түйеқұсқа таңданады екен. «Бұл
неге соншама суға ғашық?» деп түйеқұс балыққа танданатын болса керек.
Інжу теңіздің терең түбінен алынады. Теңіздің суығына тоңып, суына
тұншықпағанның інжу мен меруертке қолы жетпейді. Махаббат та сол сияқты.
Жылтыраған кішкентай ұшқыннан лапылдаған өрт тұтанады. Махаббатта сол
сияқты.
Жаманға бастамақ
мұраттан жақсыға бастар ұят артық.
Шөлдемей тұрғанда екі рет ішкен судан шөл қысқанда бір рет қанғанның өзі
абзал.
Жалықпайтын жан
жартасты мүжіген сумен тең.
Кінә тағу -
кикілжіңнің басы.
Зеріккіш жанның махаббаты қайтарылмас қарызбен тең. Соқырдың көзі көрмесе,
күнде қанша жазық бар.
Тату болып,
ажырау жаныңа түскен дақпен тең. Араз болып, жақындау, ол да өзінше бір мерей. Тұрақтылық
- махаббат мұраты.
Сүйіскен жандар
бір-бірінен алыста жүрсе, түс көрісіп, түшіркеніседі.
Оңда тән табысса,
түсте жан жанасады.
Түс туралы. Ғашықтар
көретін түстің төрт түрі болады.
I.          Сүйгені тастап кеткен
ғашық түсінде сүйіктісімен жақындап, қайтадан татуласып жүргенін көреді. Ояна
келсе, онысы түс болып, өкінішке батады.
II.        Сүйгені жақында, бірақ
аңаларында әлдебір салқын жүрген ғашык түсінде сүйгенінің өзін тастап кеткенін
көріп, қатты өкініп, кейде өксіп жылап оянады. Бұл оның солай болып кетпесе игі
еді деген ішкі ойының жалғасы.
III.       Сүйгенінің үйі жақын
жердегі ғашықтың түсіне алыстап, аулақтап кеткен боп көрінеді. Бұған қатты
қиналып, үрейлене оянған ол бұл түсі екенін, ғашығының ешқайда кетпегенін
біліп, «уһ!» деп, өз-өзінен қуаныш табады.
IV.       Сүйгенінен алыста жүрген
ғашык түсінде оның қасында болып шығады. Екеуі қосылып, қуаныш, рақаттабады. Ал
ояна келгенде оның бірі де жоқ болып шығады да, бұрынғыдан да күшті қайғы мен
қасіретке батады.
Ұстамды әйел мен ұстамды еркек күлге көмулі қоламтаға ұқсайды, олар күлді
аршып, өздеріне жақын келген жанды ғана күйдіреді.
Өз ойларым:
Неге екенін білмеймін, мен әйелдер туралы, олардың жаратылыс-табиғатындағы
мәңгілік мазасыздық жайында көбірек толғанамын. Кейде менің әйелді түнгі
бөлмеде маздап жанып тұрған шыраққа теңегім келеді. Олай дейтінім, шырақ бүкіл
бөлмеге сәуле шашып, нұр таратады. Соның жарығымен үй ішінің күндізгі тіршілігі
жалғасып, шаруасы істеліп, реттеліп жатады. Сағат сайын шырақтың майы азайып,
бойы аласара береді. Ең соңғы тамшы майы сарқылып, білтесі біткеннен кейін,
«ал, маған разы болыңдар» дегендей, кеудеден ақтық рет дем шығарғандай бір дір
етеді де, шырақ сөнеді. Ол жан-жағына үздіксіз жарық шашып, қараңғылықты
қуалаумен бар өмірін өткереді де, мәңгі өшеді.
Байқап, барлап қарасақ, әйелдіңде өмірі осыған ұқсайтын сияқты. Бойжетті,
босаға өзгертіп, басынан қыз дәурені кеткеннен кейін ол қызметке тұрады, жұмысқа
орналасады. Біраздан кейін балалы-шағалы болады. Одан соң қызмет, күйеу және
баланың ғана қамын ойлап, бар жанын соларға салып, дедектейді де жүреді. Кешке
артынып-тартынып жұ-мыстан келе сала білекті сыбанып жіберіп, үй ішіне ас әзірлейді.
Көпшілік еркектер түз шаруасы, кеңсе қызметінен келгеннен кейін, жығылып қалмау
үшін дөңгелек үстелді жағалаған жас баладай болып, диванды төңіректейді. Мен
мұны ауылдан да көп көрдім, қаладан да байқадым. Ал әйел оған мүлде қабақ
шытпайды, балаларының бетінен бір-бір иіскеп алып, үй ішін күміс күлкіге
толтырып, жайраңдап, жарқылдап жүре береді. Мен осының бәрі әйел жүрегіндегі
шексіз махаббатқа байланысты-ау деп ойлаймын. Меніңше, әйел махаббаты - ең
күшті махаббат. Еркектер әлімен күшті болса, әйелдер махаббатымен мықты. Әйел
махаббаты - әлемнің тұтқасы. Мен осылай деп түсінемін. Әйел махаббатының күші
Жердің тарту күшінен кем емес-ау деп ойлаймын.
Мінеки, әйел деген осындай, ерекше еңбекші жұрт. Ол дүниеге әмір таратады,
қоғам игілігіне еңбегімен үлес қосады, семьяға қуаныш әкеледі. Сол үшін ол
қарлығаштай лы-пып, ешқашан тыным таппайды. Бұдан басқа тіршілікті ешбір әйел өмір
деп түсінбейді. Біз де бір күні семья құрып, апа, аналарымыздың мәңгілік
кәсібіне кірісеміз-ау әлі. (Біздің диван жағалағыштарымыз қандай болар екен
десеңші?!.).
Семья - мемлекеттің негізі. Біздің мемлекетіміз - азаттықтың, әділдіктің,
адамгершіліктің Отаны. Семьяға адалдықтың үлгісі де елден елге, ұрпақтан
ұрпаққа бізден тарауы керек. Сондықтан мен ерлі-зайыпты адамдардын жұптылық
салтын адалдық заңындай ардақтап, бұлжытпай орындауын қалаймын. Әйелдің
жүрегіне жара түспесе екен, ол әрқашан да бақытты, қуанышты бола берсе екен
деймін. Барлық әйелдің күйеуі ақкөңіл, адал болса екен, олар әрқашан әйелдерін
қадірлей білсе екен деп тілеймін.
Мен Отанымды сүйемін. Өз мемлекетімді өз үйімдей көремін. Егер мен соғыста
болсам, сүйікті Отаным үшін Зоя Космодемьянская, Мәншүк Мәметова, Әлия
Молдағұлова сияқты, қасықтай қанымды, шыбындай жанымды аямас едім. Бірақ менің
үлесіме соғысқа бару тиген жоқ. Мен бұл соғыста талай адамның қаны төгіліп қорғалған
қасиетті мемлекетімнің моральдыкқ негіздері одан сайын берік бола беруін мұрат
тұтамын. Өрістеген экономика мен берік моральдық негізі бар мемлекет ешқашан
да, ешкімнен де жеңілмейді деп білгендіктен соны нығайта беруге үлес қосуды
арман етемін.
Он сегіз жас - от боп лаулап тұрған шағы екен ғой адамның. Жаның жалынды
болып, жас ғұмырды еліңе пайдалы етіп өткізгенге не жетсін! Жан-жағына нұр
шашып өткен өмірден ардақты не болсын!
Кино - жақсы өнер. Бірақ кейбір қыздардың сабақты тастап, күн сайын киношыл
болуы - жақсы өнер емес-ау. Көз көрмегенге күдік келтірме. Күдік - өтіріктің,
жаланың  бір түрі. Ауыздан шыққан сөзді
аңдыма. Аңдысаң да жаманға жорыма.
Сырлар Л. Кеше университеттен Е., Ж. және мен үшеуміз бірге қайттык.
Күлкілі, қызық жайларды көп айтысып, жатақханаға дейін жаяу келдік. Бір кезде
ұлдардың қыздардан сыр жасырмайтындығы, ал қыздарйың ұлдарға сырын
айтпайтындығы сөз болды. Е. менен осының себебі не деп сұрады.
-        Қыздың жағдайы қиын ғой, ағай, - дедім
мен. - Олар жігіттерге сырын лак еткізіп ешқашан ақтара алмайды.
-        Неге?
-        Онын неге екенін айту қиын.
Бәлкім қыз табиғаты, жаратылысы солай шығар. Әйтеуір қыз сырын ішіне бүгеді. Ол
сүйіп тұрған адамына мен сені сүйемін деп айта алмайды. Айта алмағандықтан оның
сүйген жігітінен айырылып қалуы да ықтимал.
-        Айтуы керек қой.
-        Ия, айтуы керек. Бәлкім
қыздың қадірі сол айта алмауында шығар, кім біледі.
-        Мен қыз болсам, айтар едім, - деді Ж.
-        Қыз жанының нәзіктігі,
жасқаншақ, үркек, сыршылдығы айтқызбаса, қалай айтасың? - дедім мен күліп.
II. Бүгін біздің
бөлмеге жүгіріп 3. келді.
-        Мен бір жігітпен танысып едім, соны
сынап берші, - деді екі иығынан дем алып.
-        Қой, 3., «Шоқпардай кекілі
бар, қамыс құлақ» деп заулатып қоя беретін жігіт жылқы емес, қалай сынайды оны?
- дедім әзілдеп.
-        Қойшы, сен білесің ғой, адамның жақсы,
жаманын бірден айырасың ғой, - деп 3. өңештеп болмады.
-        Танысқандарыңа қанша болды? - дедім ол
қыр соңымнан қалмаған соң.
-        Бақандай он алты күн.
-        Тым аз екен, - дедім мен басымды шайқап.
-        Сеніңше жігіт пен қыз қанша уақыт таныс
боп жүруі керек?
-        Бір жыл, екі жыл.
-        Ойбай, - деп 3-ның көзі бақырайып
кетті. - Оған дейін менің ішім жарылып кетеді ғой, Меңтай-ау.
-        Жігіттің жанын сынау айлар
мен жылдарды керек етеді дейді, - деп мен күлдім.
-        Қойшы, күлмеші, мен оның барлық
қасиеттерін санап шығайын, сен маған оның қандай жігіт екенін айтып берші. 3.
өлердегі сөзін айтып, жалынғандай болды. Мен оған екі-үш сұрақ қойдым.
-        Жігітің арақ іше ме?
-        Ептеп ішеді, бірақ көп емес.
-        Мас болғанын көрдің бе?
-        Бір-ақ рет. Онда да бір вечерде
жолдастары іш-іш деп болмаған соң...
-        Басқа қандай мінін білесің?
-        Басқа еш міні жоқ: жақсы
билейді, иіліп тұрады, киноға апарады. Оның үстіне ағасы жақсы қызметте
көрінеді.
3. мен жігітің
жаман екен деп айтып қала ма деп сасқалақтағандай, оны үсті-үстіне мақтай
жөнелді.
-        Қой, 3,, - дедім мен тағы
күліп. - Бұл сұрақгарды саған әшейін, әзіл үшін қойып жатырмын. Мен сырлас емес
кісіге сын айта алмаймын. Бірақ апамның бір жігіт жайында айтқаны есімде
қалыпты. Қаласаң, соны айтып берейін.
-        Айтшы, жігіттерді қалай сынау
жайында болар, - деп 3. одан сайын үздіге түсті.
Апам мен жоғары класқа көшкеннен кейін өмірдің әр алуан қиындығы, жақсы мен
жамандық, әр қилы адам мінездері жайлы әңгімелер айтып отыратын. Сонда байғұс
апам айтқанының барлығы менің құлағыма сіңе берсін деп ойлайды екен ғой. Бір
күні апам өз-өзінен отырып, маған жігіттер жайлы әңгіме айтты.
-        Өмірде мінсіз кісі болмайды,
- деп бастады апам сөзін. - Қызға жігіт жүз процент жақсы боп ешқашан да кездеспейді.
Жігітті жүз процент жақсы ететін жақсы жар, жақсы әйел ғана. Сондықтан қыз
балалардың дап-дайын, жақсы күйеуге шыға қоямын деуі қиын. - Апам осылай деп
басын бір шайқап қойды. Мен әлдебір кітапқа көз жүгірткен боп, үнсіз тындап
отыра бердім. - Ол жігіттердің де кінәсі емес, - деді апам қайтадан сөзін
жалғап. - Олардың да бұл істе білім, тәжірибелері жоқ. Келіншек алу керектігін
білсе де, онымен қалай өмір сүру керектігін білмейді. Оны жүре-жүре жігітке
өмір үйретеді. Сондықтан жас жігіттер маған кесек-кесек руда іспеттес боп
танылады. Ал жас әйелге сол руданың кенін алып, жақсы мүсін жасау қажет, өзінің
көңіліндегідей күйеу етіп шығаруы керек. Бұл үшін біреудің еркесі боп,
бұлғақтап өскен қыз байғұста тәжірибе жоқ. Уһ! - деп апам әлдебір ауыр жүк арқалап
келе жатқандай боп күрсініп қойды. - Әрине, руданы іс қылу оңай. Ол үшін
заводта арнаулы мартен пеші бар. Пештің қызуы руданы балқытып, оның бойындағы
құрышты қоқыстан бөліп алуға мүмкіндік береді. Содан соң шебердің таза құрышты
қайда пайдаланамын десе де еркі бар. Ал жігітті руда сияқты пешке салып балқыта
алмайсың. Оны тек әйелдің махаббаты ғана балқытады. Күшті махаббат қана
куйеудің бойындағы кінәратты жеңеді. Күшті махаббаты бар, ақылды, сабырлы әйел
ғана жаман жігіттен жақсы жар жасап ала алады. Содан кейін олар бірінің айтқанынан
бірі шықпай, сыйласымды, тату-тәтті өмірді бастарынан кешіреді. Бұл жолда
әйелдің көп қажыр, қайраты жұмсалады. Ол жақсы жарды содан соң барып табады.
-        Апам байғұс бұл әңгімесін
маған бір емес, бірнеше рет қайталап айтқан еді, - дедім 3-ға бұрылып. -
Сондықтан құлағымда қалыпты. - Ал енді мен саған не деймін? Менің айтар ақылым
біреу ғана...
-        Е, соны айтшы, - деді 3. шыдамсызданып.
-        Менің айтар ақылым мынау
ғана: өзің біл, өзің ойлан, өзің есепте. Қыздың өзіне лайық өмірлік жар тандауы
ауыл боп ақылдасып, базардан ат сатып алу емес. Өзің оған жақсы жігіт деп шаң
жуытпай тұрсың. Ал жақсы жігіттің әлден арақ ішуі маған ұнап тұрған жоқ.
Қосылған соң кемшілігін түзеп әкетуге әлім келеді, апам айтқандай,
махаббатымның күші, өз қажырым оған жетеді десең, өзіңе серік ет оны.
-        Сонда оны жаман жігіт дегің келе ме?
-        Менің ешкім жайында асығыс
пікір айтқым келмейді. Оның үстіне өзім көрмеген, білмейтін адамым туралы олай
деп тіпті де айта алмаймын. Бәлкім, бір қарағанда біреуге біреу жаман
көрінгенімен, негізінде ол жаксы адам боп шығар, кім біледі. Жігіт үстіңдегі көйлек
емес қой бірден иә жақсы, иә жаман деп бағасын беретін.
-        Осындайдың бәрін қайдан
білесің? - деді 3. күліп. Мен оған шындап жауап бердім:
-        Адам бойындағы, әсіресе қыз
бойындағы қасиет ана берген тәрбиеден ғой. Апам маған ылғи: «Қарағым, адамды
білмей жатып, асығыс жамандама. Кім біледі, сол жаман деген адамның да
жақсылығы болар» деп отырушы еді. Мен ол кісінің өмірі біреуді «ол солай» деп
жамандағанын естіген емеспін. Одан соң адамға тәрбиені мектеп пен кітап береді
ғой, - дедім.
-        Мектепте мен де оқыдым, менің
де шешем бар. Ендеше мен неге сен білгенді білмеймін? Бірақ мен ешқашан да бастаған
кітабымның аяғына шыққан емеспін. Неге екенін білмеймін, кітапты қолыма
алсам-ақ ұйқым келеді.
-        Сен де жақсы қызсың, - деп
мен 3-ның мойнынан құшақтадым. - Сен ақкөңілсің, ойындағыны жасырмай тура айтасың.
Бұл - жақсы адамның қасиеті. Бірақ сен сәл ұш-қалақсың, көргенің мен естігенінді
байыптай бермейсің. Аздаған көрсеқызар, модышылдығың бар. Бірақ мұның бәрі
кейін өзінен-өзі қалады.
- Рас айтасың ба? Мен шынында жақсымын ба? - деп 3. қуанып қалды. Қуанғаны
сондай, ол маған ақылдасамын деп келген әңгімесін де аяқтатпастан ұмытып кетті.
Біз университеттің екінші курсын аяқтауға айналдық. Ертең бәріміз соңғы
емтиханды өткізіп, үшінші курсқа көшеміз. Кейбір қыздар көше алмай қала ма деп
қорқып жүруші едім. Әупірімдеп олар да өтіп келеді. Оларға емтихан кезінде Е.
ағай қатты көмектесті.
Ертең кешке
курсты бітіруге арналған кешіміз болады. Оған бәріміз жаңа нәрсе даярлап
апаруға келістік. Мен «Апамның айтқандарын» оқып берсем деймін».
Меңтай дәптерін ең қызық романға үңілгендей боп, бас алмастан оқыдым.
Әшейінде көп үндемейтін, ешкіммен ешқашан да сөз жарыстырып жатпайтын, құптағанын
жымиюмен жеткізіп, теріс көргенін үнсіз қалумен аңғартатын Меңтайдың жан
шешендігін жаңадан тағы да танығандай болдым. Оқыған кітаптарынан жазып алған үлгі,
ғибрат боларлық сөздері, қоғамдық мәні бар кейбір мәселелерге өзінше ой
жүгіртіп, баға беруі мені сонша тебірентті. «Осындай көрікті, ақылды,
адамгершілігі мол қызға қолы жетіп, жар еткен жанның арманы болар ма екен, сірә»,
- деп іштей күрсініп, ынтыққан үстіне ынтыға түстім. Бағанағы оны бетінен
сүйгенім ойыма оралғанда жүрегім лүпілдеп, толкып, лықып аузыма келіп қалғандай
болды. Меңтайды ойынның тәртібі дегенді сылтау етіп, рұқсатсыз сүйгеніме қайта
қысылып, «апырай, ол өкпелеп қалған жоқ па екен?» деп және қиналдым.
Осы ойлармен мен таң ата бөлменің шамын өшіріп, бажылдауық төсегіме барып қисайдым.
Мақтасы түйіртпек-түйіртпек боп екі-үш жерге жиылып, өзге тұсы мүлде жұқарып
кеткен, жамбасқа жайсыз ескі матрац үстінде өлі тигендей боп дөңбекшідім. Көзден
ұйқы қашып, Меңтай туралы ойым шынжырдың шығыршықтарындай біріне-бірі жалғасып,
жаңа бір өлеңнің жолдары туды. Ол жолдарды ұмытпау үшін қайта-қайта орнымнан
тұрып, қағазға тіздім. Әрең дегенде бір-екі сағат көз шырымын алып, түске таман
Меңтай дәптеріне оның тоқтаған жерінен жалғастырып мына шумақтарды жаздым.
Ай - қасы, күн -
Ментайдың екі көзі.
Самал жел -оның
күле айтқан сөзі.
Бақыт - ыстық құшағы,
байлық қазына,
Дүние деген тек
соның жалғыз өзі!
Құлақтың сүйкімдісі - оның аты. Көздің көркі - бір сызық жазған хаты,
Ужымақ деген бары рас болса, Ол - тек қана Меңтайдың махаббаты.
Рақат - соның кеудесі, гүл - мінезі. От - өзіңе тура көз тіккен кезі.
Дүниедегі ең тәтті - соның ерні.
Дәмі қайтып, ешқашан
етпес мезі.
Маржан, жақұт дейтіндер - сонын тісі. Көз тартар әдеппенен қылған ісі. Бір
ауыз айтқан сөзі жанды ерітіп, Мас болар ақ дидарын көрген кісі.
Тигенде қолым оның білегіне Жеткендей болдым барлық тілегіме. Басыма бақыт
орнап өмірдегі, Бар шаттық құйылды кеп жүрегіме.
Қайтер ем егер Меңтай құшақтатса - Жарқырап, күнше күліп, таң боп атса?!
Сүйгізіп тағы да бір ақ тамактан, Өң беріп, жылы шырай жауап қатса?!
Бәрі аз бағасына барша санның, Тәж, тағы мал мен мүлкі патша, ханның -
Меңтайды мәңгі құшып сүйетұғын Бар екен не арманы жігіт жанның?!
*  *
Дәптерді өзіне қайтарып берейін деп алпыс екінші бөлмеге барсам, Меңтай
бүгін түстен кейінгі поезбен каникулға ауылына қайтпақ боп әзірленуде екен.
Кітаптарын текшелеп буып қойыпты. Үстел үстінде аузы жайындай ашылып, қара
чемодан жатыр. Қанипа, Майра, Ақанас, Нәзиләш, Зайкүл бәрі сонда жиналған,
жапырласып жүк буысып жүр.
-          Өй, сен қайда жүрсің? -
деді Зайкүл мені көре салып, жүк салатын кенепке тығыздап жатқан Меңтайдың
көрпе-жастығын тастай беріп. - Аузын түймелеп, бу мына қызыл көрпені.
Мен қолымдағы дәптерді Меңтайға қайырып үлгіргенше Зайкүл ағаш тұтқалы, жүк
буатын екі айыр брезент белбеуді менің мойныма салып кеп жіберіп, бұйдалап
алған тайлағындай елпеңдетіп, жүгі жиналған жаланаш төсекке қарай жетелей кеп
жөнелді.
-          Қойсаңшы, Зайкүл, - деп қыздар ду
күлісіп жатыр.
-          не қоятыны бар. «Қызыл көрпе» деп
таңдайы тақылдағанда сондай, бусын қызыл көрпесін. Мен бұрылып, қолымдағы
дәптерді Меңтайға ұсындым.
-        Ә, менің дәптерім бе? - деп
Меңтай оны маған бергенін мүлде ұмытып кеткен сияқтанып, жайлап қолына алды да,
бетін ашпастан ашық жатқан чемоданның ішіне тастай салды. Мен біреу-міреу
дәптерді ақтарып, ондағы менің өлең-сымағымды көріп қояр ма екен деп қорыққан
едім. Асығыс болғандықтан ба, әйтеуір, ешкім оған назар аудармады. Лезде ол
Меңтайдың чемоданға салған басқа заттарының астында қалды.
Зайкүлдің басшылығы, Майраның көмегімен мен Меңтайдың көрпе-жастығын, қысқы
пальтосын кенепке жайғастырдым.
-        Сенің осы жалқаулығың-ай,
Зайкүл, - деді Меңтай қасымызға келіп, - ағайды әуре қылмай, өзің-ақ буа
салмайтын ба едің?
-        Е, Ербол тұрғанда мен неге
буамын? - деді Зайкүл. - Жігіт деген қыздың көк есегі емес пе, тәйірі.
Қыздардың жүгін көтеріп, жұмысын тындырғанды бақыт деп білуі керек бұлар. -
Осылай деп Зайкүл қыздарды ду күлдіріп алды да, сөзін қайта жалғады. - Оның
үстіне мен бұған жақсылық жасап тұрмын, - деп иегімен мені нұсқап, Меңтайға
бұрылды. - Сенің етіңе тиген көрпені қолына ұстаттым, сенің иісің сіңген заттарды
мұрнына иіскеттім. Бұдан артық не керек жігітке! Ербол, солай ма? - Зайкүл мені
иығымнан нұқыды.
Мен
терлеп-тепшіп, күліп, басымды изедім.
-        Түу, Зайкүл, сен де жоқты
айтады екенсің, - деп Меңтай қып-қызыл боп, теріс айналып кетті. Қыздар
сылқ-сылқ күлісіп, төмен қарасты.
Зайкүлдің сөзінен бе, қыздардың күлкісінен бе, күннің ыстықтығынан ба, әлде
шынында да, Меңтайдың заттарына қолым тиген соң елжіреп, есеңгіредім бе,
әйтеуір, мандайым, өне бойым жіпсіп, лезде арқамды тер жауып кетті. Қалың
солдат гимнастеркасы оны сырт көзге көрсетпегенімен, соған ерегесіп, қасақана,
қыздар керсін дегендей, екі самайымнан жарыса домалаған қос моншақ еңкейіп
жұмыс істеп жатқан менің мұрныма қарай жылжыды. Мұны қыздар кермесе екен деп,
меңкитін асаудай мойнымды ішіме алып, одан сайын бұға түстім. Дес берісі, осы
сәтте біреу дүбірлете жүгіріп келіп, сартылдата бөлменің есігін қақты да,
жұрттың бәрінің назары солай қарай ауды. Ол түнде қаладағы жақындарының үйіне
қонып, қыздарды шығарып сала алмай қалып қойдым ба деп желпендеп келген
Жомартбек екен. Қыздар жапырласып оған бұрылып кеткенде мен ұрланып, гимнастеркамның
жеңімен екі самайымды, маңдайымды сүрттім. Содан соң жүк қаптың екі жақ басын
буып, тығыздап, белбеуін тарттым.
Қыздардын кейбіреуі қолдарына бір-бір бума ұстап, буылған жүкті мен,
чемоданды Жомартбек көтеріп, әзіл-күлкімен жатақхананың дәлізін басымызға көтеріп,
көшеге шықтық. Есік алдында Жомартбек екі қолыма тең болсын деп мен көтеріп
келе жатқан жүкке ұмсынып еді, Қанипа қолын қылыштай сермеп кегі қалды.
-          Жоқ, болмайды, мұны тек Ербол ғана
алып жүруі керек.
-          Неге? - деді Жомартбек апалақтап.
-          Себебі бар. Солай ғой, Зайкүл?
-          Солай, солай! - деп Зайкүл
Жомартбек екеуіміздің ортамызға кимелеп кіріп, арамызды алшақтатып жіберді.
Ерігіп келе жатқан жұртқа бұл да езу жидырмас күлкі болды. Қойшы, не керек,
аттап басқанымыз әзіл, қит еткен қимылымыз күлкі болып, жатақхана жанынан
өтетін трамвай жолына жеттік. Никольск шіркеуінің түбіндегі көк базардың
қасынан базардан шыққан жұртпен таласа-тармаса екінші трамвайға отырып, оның
ішін және күлкіге толтырып, екінші Алматы вокзалына келдік.
Вокзал басын кернеген кілең студенттер екен. Біз перронға шығып, бірінші
жолда тұрған, қабырғаларында «Алматы - Новосибирск» деген жазулары бар
вагондарға жақындадық. Бұл поезбен Меңтай, Майра, Сақила аттанбақ. Олардың жүгін
вагонға жайғастырып, жерге түстік те, алқа-қотан тұра қалып, әнге кірістік.
Әнді Жомартбек бастады.
Аққұмның бір қызы
бар Іңкәр атты. Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті...
-          Бәсе, - деп сықылықтай
күлді Зайкүл. - Жомартбек «Аққұмды» айтатын шығар деп едім, тура содан бастады.
Енді оны поезд жүргенше созады бұл.
Жомартбек өзіне қарап күліп, бірдеңе деп тұрған Зайкүлге басын изеді де,
әнін тоқтатпай жалғастыра берді.
Адамның өзім
көрген абзалы екен.
Айтайын әнге
қосып... перизатты.
Еги-гай,
Еги-гай,
Ек-кәй,
Еги-гай, -
деп ол, қай жерінен суырып алғаны белгісіз, құрықтай ұшталмаған қара
қарындашты бізге қарай сілтеп, сәл бөгелді де: «Ал енді қосылыңдар» дегендей,
әрқайсымызды бір нұқып,
дирижерше басын
изей бастады. Біз тез әннің қайырмасына кірістік.
Еги-гай, сәулем, Еги-гай, сәулем, Еги-гай, еги-гай! Еги-гай, сәулем.
Еги-гай!
Бір вагонның қасында ән басталуы-ақ мұң екен, біртіндеп басқа вагондар
тұсынан да көп дауыстар қосыла айтқан әуендер шырқалып кетті. Бізге көрші вагонның
жерде тұрған жо-лаушы қыздары «Басында Қамажайдың бір тал үкі» деп бастап,
құйқылжыта шырқаса, бір жағымыздан «Маусымжан, Маусымжан, танимын, сәулем,
даусыңнан» деп жігіттер екпіндете және жөнелді. Одан әріректе «Айттым сәлем,
қаламқас», «Айнамкөз» айтылып, енді бір жақтан «Қызы едім мен Уәлидің... » деп
Майра әні сайрады. Мен Жомартбек бастаған әннің «еги-гай, ек-кәйін» қоя салып,
солардың әрқайсысына кезек құлақ тігемін. Студенттер мен жүргінші жолаушылар
жаңа ғана чемодан сүйретіп, жүк арқалап, қайшыласқан перронның енді лезде ән
аланына айналып кеткеніне таң қаламын. Әр жерде нақыш-мәніне келтіре шырқалған
әндердін таныс әуендері мен сөздері жүректі қытықтап, жанды тербей тамылжиды.
Сенен артық жан
тумас, Туса туар, артылмас...
Мен еріксіз Меңтайға қарадым. Ол ақ мандайы жарқырап, қыздар айтқан екінші
ән «Гәккуге» сабырмен қосыла шырқап тұр.
Құс салып, айдын
көлде дабыл қақтым.
Ән салып, талай
жердің дәмін таттым...
Әннің әр сөзін айтқан сайын қыздың оймақтай аузынан керінген кіршіксіз
аппақ тістері жарқ-жұрқ етіп, көз шағылыстырады. «Секілді қолмен тізген іш
қайнайды» деген ақын сөзі ойға оралады. Менің де ішім қайнайды. Мен қыздың
мінез, көрік, келбет, ақыл, парасатына қызығамын. Мен оның адамгершілік,
инабат, ұстамдылығын ұнатамын. Сары алтындай сабырлылығына сүйсінемін. Мен
іштей осы қыз өзімнің жарым болса екен деп тілеймін. Бірақ сол тілегімді оған
ашып айтуға тіл жоқ. Тіл бар-ау, тілге тілекті жеткіздірер тәуекел жоқ. Өйткені
қыз мені «аға» деп ардақтайды, туысындай көріп, құрметтейді. Оның осыдан басқа
ойы жоқ. Ойы жоқтығын қысқы каникул кезінде «Қызыл көрпе» өлеңіне байланысты
бір білдірді. Кеше оны тағы да аңғартты. Кешке, сауықтан кейін университеттен
жатақханаға қайтып келе жатқанда менің бетіннен сүйгеніме өкпелеген жоқсың ба
деген сұрағыма: «Жоқ, біріншіден, ол ойынның шартына байланысты болды ғой.
Екіншіден, сіз менің ағайым іспеттісіз. Ағасы бетінен сүйгенге қарындасы өкпелеуші
ме еді?» деп жауап берді. Бірақ Меңтай қалай қашқалақтаса да, менен бойын
қаншама аулақтатса да, бәрібір, мен оны жақсы көремін. Ол күндіз ойымнан, түнде
түсімнен шықпайды. Маған бір ауыз жылы жауап бермесе де мен оның жақыннан
жүзін, алыстан қарасын көргенге мәзбін. Анадайдан Меңтайдың төбесі көрінсе
болды, желді күнгі диірменнің қалағындай қалбалақтаймын да қаламын. Өзімнің
соншама күлкілі жайға түсетінімді сеземін. Сезсем де, сезімімді тежей алмаймын.
Ыржалақтап күліп, ықыластанып, қауқалақтай беремін. Бірақ қыз оны сөзбеген,
ұқпаған қалып танытады. Менің жүрегімде оған деген соншама ыстық сезім барын
білмеген, түсінбеген күй көрсетеді. Қазір де оның менің өзі жайында ғана ойлап
тұрғаныммен шаруасы жоқ. Маған көз қиығын да салмастан, жүзін де бұрмастан
қыздармен қосыла ән шырқап, ән ырға-ғымен сәл тербеле, теңселіп тұр.
... Түскенде сен есіме, ерке Гәкку, Құлпыртып осынау әнді толғанамын, -
дейді Меңтай қыздармен қосыла. Қыздар бұлай десе, мен ішімнен сол әуенге қосып
өз әнімді, өз жүрегімді жарып шыққан жырымды ағытамын. Мен де өз-өзімнен
ырғалып, толассыз тербелемін. Бәрі аз бағасына барлық санның; Тәж, тағы, мал
мен мүлкі патша, ханның - Меңтайды мәңгі құшып, сүйетұғын Бар екен не арманы
жігіт-жанның?.. Мен қайта-қайта жаутандап Меңтайға қараймын. «Жанымның жырын
ұқсаңшы, жүрегімнің тебіренісін тындасаңшы!» деп жалынғандай боламын. «Мен сені
екі ай көрмеймін. Екі күн көрмесем, есім шығатын басым екі айға қалай шыдаймын,
Меңтай? Сол екі айға азық боларлықтай етіп, маған бір рет қиыла қарасаңшы,
аясаңшы мені» деп жылағандай боламын. Бәлкім, көлденеңнен анықтап қараған
адамға менің иегім Дірілдеп, ернім кемсендеп кеткен де шығар. Бірақ әсем әнге
елтіген жұрттың ешқайсысы менің көріксіз бетіме көңіл аударған жоқ.
Вокзал радиосы поездың жүруіне бес минут қалғанын хабарлап, перронға
«Саржайлау» күйінің екпінді әуенін төкті. Осы кезде қыздар мен жігіттер шыр
көбелек айналып, етек-тер үйіріліп, еріндер күлімдеп, вагондар алды би алаңына
айналып кетті. Екі-екіден жұптасқан жастар аяқтарының ұштарымен зыр қаққанда
маған вокзал алды бірін-бірі қуалаған сансыз құйынға толып кеткен сияқтанды.
Қан көбелек айналған сол құйындар көкке бұрандадай бұралып, қазір ұшып-ұшып,
биіктен самғап, алыстап кететін іспеттенді. Жомартбекпен билей жөнелген
Меңтайға көзім түсіп еді, екі бетінің ұшы қызарып, екі танауы әсем боп делдиіп
кеткен Меңтайдың кішкентай әдемі аяқтары жерден жоғарылай көтеріліп барады
екен. Одан айырылып қалардай зәрем ұшып, «алла!» деп көзімді жұмдым. Менің
бақытыма қарай осы кезде күй аяқталды да, бауырын жазып, көкке көтерілуге
айналған аққу қайтадан жерге қонды. «Уһ!» деп ішіме терең бір дем тартып
үлгіргенімше проводниктердің тұс-тұстан жамырай айтқан: «Жолдас жолаушылар,
вагонға кіріңіздер!» деген үндері естілді. Перронды кернеген жаңағы «құйындар»
тегіс вагондарға қарай лап қойысты. Біз де қыздарымызды қолтықтап, вагонның
тепкішегіне көтердік. Олармен асығыс қол қысыстық. Меңтай менің қолымды
қаттырақ қысып, ұзағырақ ұстайтын шығар деп үміттенген едім. Олай болмады, оның
алақаны менің қолыма тиер-тиместе екінші біреу қағып әкетті. Осы кезде радио
«Қараторғай» әнін бастады. Оған перрондағылар қосылды, вагондағылар және
шырқады. Көп адамның қосыла айтқан әні желді күнгі теңіздей толқып, вокзал
үстіне көтерілді де, кең проспектіні керней Алатауға қарай лықсыды. Келеді қара
торғай қанат қағып...
Мен дереу ілгері
ұмтылып, вагонның алдына келдім де:
- Меңтай, сен маған ұрыспа, дәптеріңе бір сөз қосып қойдым! - дедім дауыстап.
Осы кезде гудок беріп, поезд қозғалды. Перроннан поезға, поездан перронға
қарай қолдар созылды. Меңтай басын изеп, қыздарға қолын бұлғады. Ол басын маған
изеді ме, қыздарға изеді ме, менің не дегенімді естіді ме, естімеді ме - айыра
алмадым. Менің көзіме мөлтілдеп жас келді. Оны өзгелерге көрсетпеу үшін жылжып
бара жатқан вагондарға қарап қолымды сермей бердім. Қол сермеп, жердегілер
шырқап тұр. Вагондардың терезелерінен, есіктерінен қол бұлғап, поездағылар
шырқап барады. Сермелген қолдар қалықтап ұшып бара жатқан қара торғайларға
ұқсайды. Бір топ қара торғай зымырай, самғай ұшып, алысқа бет қойғандай. Бір
тобы қалықтай көтеріліп, қайта айналып келіп, алғашқы орнына қонуға бет алып,
қайта төмендегендей.
Бұлан, етіп қасымыздан соңғы вагон өтті. Сары жалаушасын шошайта ұстаған
кондуктор сан көздің шарасына жалғыз кіріп, бейне бір сол көздердің тұңғиық
түбіне сіңгендей болып, тереңдеп батып бара жатты.
Радио музыкасы тынды. Ән тоқталды. Поездың дүрсілі бірте-бірте алыстай да
бәсендей берді. Қалған жұрт үн-түнсіз кері бұрылып, вокзал қашасынан қалаға
шығатын қақпаға қарай ағылды. Перрон той өткен, жәрмеңкесі тараған тақыр тебеге
ұқсап, құлазып, бос қалды. Сол перрондай болып, поездың қарасынан көз айырмай,
қалтиып жалғыз қалған менің көңілім құлазыды.
- Ереке, - деді біреу ақырын дауыстап. Бұл Жомартбектің үні еді. Ол мен
әскерден келген алғашқы кездегідей «ағайды» қойып, кейде осылай, «Ереке» дейтін
болған. Үйренісе келе басқа бірсыпыра қыздар да мені «Ербол» деп атауға көшкен.
Тек Меңтай ғана «ағай» деп атайтын.
Мен мойнымды бұрсам, мың кісі сыярлық перронда Жомартбек екеуміз ғана
қалыппыз. Жомартбек менің Меңтайды құлай сүйетінімді іштей түсінетін еді.
Сондықтан болар, ол жақаурата сөйледі. «Екі ай деген не, екі-ақ күндей боп өте
шығады әлі. Содан соң тағы да бас қосамыз ғой бәріміз, - деді ол екі танауы
делдендеп. - Жүріңіз, жұртта сіз екеуміз ғана қалдық».
Жомартбек мені жұбаттым деп ойлады. Бірақ онысы жұбату емес, жараның аузын
тырнаумен тең болды. «Екі ай екі күндей боп қалай көрінсін, - деп назаландым
ішімнен. - Мен қызыққанға келдененнің құрығы түскіш келуші еді. Көңілім құлаған
осы қызды да тағы біреу қағып кетіп, дәт деп қалмасам жарар еді. Онда мен қалай
өмір сүремін? Сәлиманың шерін соғыс тұншықтырған еді. Бұл қызға қолым жетпей
қалса, оның өкінішін не ұмыттырмақ? Мұндай келбет-көркі келісті, ақыл, парасаты
мол, жаным сүйген жақсы қыздан айырылып қалсам, сорлы жүрегім өмір бойы қап
арқалаған қайыршыдай, арман арқалап кетпей ме амалсыз. Мұны ұмыттыратын басқа
жақсы қызға кездессем құба-құп, кездеспесем, мүгедектей мұнды болып қалмаймын
ба өмір бойы. Ендеше аузын буған өгізге ұқсап, сегіз ай бойы неге жүрдім
үн-түнсіз? Неге айтпадым шынымды? Неге аяғына жығылып, «жарым бол» деп
жалынбадым мен оған? Кейбіреулер қызды бір көргенде-ақ «мен саған ғашықпын. Мен
сенсіз өмір сүре алмаймын» деп, жетім қозыдай қақсамай ма, жақ жаппай?
Құмарлығын ғашықтыққа балап, қыр соңынан қала ма қыздың ондайлар? Қант салған қаптай
ғып, қолма-қол жүрегінің аузын ашып тастамай ма аңқайтып? Ендеше мен шын ғашықтық
сырымды неге ақтармадым сонша күннің ішінде? - деп іштей еңіреп, өз бармағымды
өзім шайнап, сүйретіліп, вокзалдың қақпасынан әрең шықтым. Жаным жаңағы поезда
кетіп, бұл жерде құр сүлдерім ғана қалғандай, мең-зең күйде Жомартбекке ілесіп
келіп, трамвайға міндім.
XIII
Трамвай Карл Маркс көшесімен жоғары өрлеп келіп, Шевченкоға қарай бұрылған
бұрышта Жомартбек түсіп қалды. Қаладағы туыстарының бірінің үйіне кетті. Менен
Жомартбектің жағдайы әлдеқайда жақсы: мынадай үлкен қалада ағайын, туғандары
бар. Солардың үйіне барып, ас ішеді, аунап-қунап қайтады. Елде әке-шешесі, бір
ауданды билеп тұрған ағасы бар. Онда барса да күп ете түседі. Ал менің сүйеніш
болар қалада да, ауылда да ешкімім жоқ. Сорайған соқа басым. Қаладағы жалғыз
танысым майдандас жолдасымның соғыстан мүгедек боп келген ағасының үйі. Көп
балалы және жалғыз кісінің пенсиясына қарап отырған ол үйге сомадай боп, сопиып
қашанғы бара бересің. Әскерден алғаш келгенімде паналатып, жатақханаға көшкенше
тар үйінің бір бұрышынан орын бергенінің өзіне рақмет. Тірі болсам, ағайдың ол
жақсылығын өтермін әлі.
Трамвай салдыр-гүлдір етіп, Никольск базарына келіп тоқтады. Осыдан екі
сағаттай бұрын Меңтайдың жүгін көтеріп, жұртпен таласа күліп мінген трамвайдан
енді алты ай жаздай сүзекпен ауырып, содан жаңа ғана тұрғандай сүйретіліп
жалғыз түстім. Бағана бұл жерде адам да көп, базар да қызу сияқты еді. Енді
аялдама басында ешкім жок, базарға кіре беріс манда да ешбір жан көзге
көрінбейді. Әшейінде жатақханадан шыға қалсаң да, университеттен келе жатсаң да
менмұндалап, сары ала тон киген патшаның суретіне ұқсап, үнемі қожырайып
алдыңда тұратын шіркеу де жоқ, тағынан тайғандай, тасаланып қалыпты.
Трамвай жолынан өтіп, салбырап, жатақхана қақпасына қарай бет түзедім. Өне
бойым сал-сал. Бірнеше күн мас болып, мәңгіріп қалған сияқтымын. Басым
салбырап, пәленбай жылдан бері студенттердің аяғы таптап келе жатқан тақыр
асфальттан көз алмаймын. Жерден бір нәрсе көрсем деп ынтығатындаймын. Бірақ
қиыршық тас, ұлпа топырақтан басқа ештеңе көрінбейді. Міне, қызыл кірпіштің
сынығы жатыр. Бұл сынық бағана біз жатақханадан шыққанда жол ортасында тұрған.
Қыздармен қатар, алда келе жатқан Меңтай тоқтай қалып, аяғындағы кішкентай ақ
танкеткасының тұмсығымен кірпішті итеріп, асфальттің шетіне қарай сырғытып
кеткен.
Содан соң сәл бұрылып, арт жақта жүк көтеріп келе жатқан Жомартбек
екеумізге қараған. Мен оның аппақ аяқтарының қаздиып осы кірпіштің қасында
тұрғанын өз көзіммен көрге-мін. Енді міне, сол жерде де оның ізі жоқ. Мен ернімді
тістедім. Сүйген жаныңның ізі кез алдында неге сайрап жатпайды екен деп наза
болдым. Тоқтап, асфальтқа еңкейіп, қызыл кірпіштің сынығын қолыма алдым, үңіліп
оған да қарадым, онда да еш белгі жоқ. Сонда да оны қолымнан тастамадым. Біресе
бұл Меңтайдың танкеткасы болса  деп
ойладым. Біресе оның аяғын өстіп сипасам-ау дедім. Алақанымдағы кесекті
қайта-қайта қысып қойдым. Бірақ ол бұрышты, қатты, икемсіз күйінде қалды.
Жатақхананың сыртқы есігінің маңдайшасына орнатқан жаппаның тіреу ағашына қыстырып,
ішке кірдім. Алақаныма қызыл кірпіштің қып-қызыл ұнтағы жосадай жұғып қалыпты.
Ғашықтық ізі осы болғаны ма деп ойладым езу тартып, өзімді-өзім мысқылдап.
Жоқ, мен өзімді-өзім бекерге мысқылдаппын. Ғашықтын ізі болады екен. Бірақ
ол топыраққа, тасқа түспейді екен. Мен оны жүрген жолдан бекер іздеппін.
Асфальтқа орынсыз үңіліп, жан-жағыма босқа жалтақтаппын. Ол із өзге жерге
түспепті, менің жүрегімде, ойымда қалыпты. Оны мен екінші қабатқа көтеріліп,
дәлізбен сүйретіліп, Меңтай белмесінің алдына барғанда білдім. Оны мен өз
бөлмеме кіріп, жастығымның астында жатқан қойын дәптерімді қолыма алғанда
көрдім.
Неге екенін білмеймін, өз болмемнің алдынан өтіп, Меңтай белмесінің есігіне
бардым. Сол жерден қайырылғым келді. Сол жерде Меңтайдың осы бөлмеден шығып
бара жатқанда соңғы айтқан сөзі ойыма оралды. Қыздар топырлап бөлмеден сыртқа
қарай беттеген еді. Олармен ілесе Жомартбек шығып бара жатты, Зайкүл мен Меңтай
есікке қарай аяндады. Ең соңында жүкті алып, мен шыққалы жатыр едім. Есікке
бара беріп, Зайкүл жалт бұрылды.
-        Ойбу, мен айнаға қарамаппын
ғой, - деп жүгіріп барып бұрыштағы шифоньердің есігін ашты. Оның қақпағының
ішкі жағындағы шар айнаға итініп, тыртысқан мандайын, ұйпаланған қасын сипады. -
Тұра тұр, Меңтай, мен бетіме опа жағып алайын.
Меңтай қайырылып оның қасына келді. Зайкүл жалма-жан сумкасын ашып,
диірменшідей бұрқыратып, бетіне ұн жаға бастады. Мен жүкті алып, дәлізге шығып,
босағада қыздарды тосып тұрдым.
-        Меңтай, осы сен неге боянбайсың? - деген
Зайкүлдің үні естілді.Меңтай сәл бөгеліп (тегі ол әдеті бойынша ақырын бір
жымиып алған болуы тиіс) барып жауап қатты.
-        Мен табиғатпен таласуды жөнсіздік деп
білемін.
-        Ол не деген сөзің?
-        Адамға табиғат берген бояудың
өзі жетіп жатыр. Оның үстіне бетіңе баттастырып бірдеңе жағу... - Меңтай үні үзіліп
қалды. Мен есікке қарай құлағымды тоса түстім, оның сөзінің аяғын естуге құмарттым.
- Не десем екен саған? Иә, табиғат берген бояудың үстіне баттастырып бірдеңе
жағу Рафаэльдің немесе Репиннің ғажап картиналарын жаңа бояу сүйкеп жақсартамын
деп әуре болумен пара-пар. Мен сондықган боянбаймын, Зайкүл.
Мен бұл сөзді өзім айтқандай қуандым. Меңтай жауабының тапқырлығына да, оның
өзге қыздар сияқты ешқашан боянбайтындығына да сүйсіндім. «Сол керек саған,
Зайкүл» дедім ішімнен. Бірақ бұған Зайкүл қысылмады.
-        Қойшы, сен де қайдағыны
соғады екенсің, - деді Зайкүл өз-өзінен сықылықтай күліп. - Бояуға не жетсін,
шіркін! Ерінді қып-қызыл, қасты қап-қара етіп боянып шыға келгенінде
жігіттердің жаны жәннәмға кетпей ме? Сенің бетің ақ қой, опа жақпасаң да болар.
Бірақ ерін мен екі беттің ұшын қызартуың керек. Сонда сен үріп ауызға салғандай
болар едің.
-        Жоқ, Зайкүл, мен сенің
орныңда болсам опа да үстамас едім, жосаға да жоламас едім. Ойға емес, опаға,
бойға емес, бояуға қызыққан жігіттен не барқадар шығар дейсің.
Туфли өкшесінің тықыры шықты. Екі қыз ашық тұрған есіктің табалдырығынан
аттады. Зайкүлдің қоңырқай беті айран жаққандай ала қожалақ бола қалыпты.
Сонысын сұлулық санап, кішкентай ешкі басын кекжите ұстап, қасымнан өтті. Мен
дереу есікті қайырып, кілтін сала бастадым. Кілтті бұрап жатып, Меңтайдың
Зайкүлге айтқан сөздерін есімде қалдыруға тырыстым.
Екі қыздың соңынан жүгіре аяңдап, баспалдақпен төмен түсіп келе жатсам,
төменгі қатарда қыздар күтіп тұр екен.
-        Сен үшеуің оңаша қоштасып
шыққаннан саумысындар? - деді Қанипа көзін ойнақшыта, мойнын қиқандатып.
-        Жо-о-ға, - деді Меңтай даусын созып. -
Мына Зайкүл айнаға қарап аламын деп.
Мен Берлин қақпасының кілтін ұстағандай масаттанып қолымдағы кілтті жоғары
көтердім.
Қыздар бөлмесінің
алдына барғанымда кенеттен сол сөздер ойыма түсті. Ұмытып қалмау үшін жазып қояйын
деп, өз бөлмеме келіп, дәптеріме үңілдім. Түні бойы отырып көшірген
жазуларым көзіме оттай болып және басылды. Бұл да Меңтай сөздері, соның
ойлары. Ендеше ғашықтық ізі деген осы емес пе? Ақ қарға түскен қызыл түлкінің
ізіндей сайрап ол көңілде, көкіректе, ойда қалады екен ғой. Ғашықтың ізін тек
қана жүректен іздеу керек екен ғой.
Мен осылай деп
түйдім.
Бұл кезде мен жұмыс істейтінмін. Жазуымды жазып болдым да, жұмысқа барғанша
аздап тынығып алайын деп төсегіме жантайдым. Ұйықтап қап, жұмыстан кешігіп
жүрмейін деп және ойладым. Олай деп ойламай қайтейін, бұл менің әрең қолым
жеткен қызметім ғой. Төсекте шалқамнан жатып, бұл жұмысқа қалай орналасқанымды
есіме түсірдім.
... Оған дейін мен жексенбі сайын жатақхана маңында көрінбей, жоқ боп
кететінмін. Қайда кетіп, не тындыратыным-ды бір бөлмеде жататын Жомартбек те,
Пернеш те, Төлеубек те білмейтін. Олар білмеген соң қыздар мүлде сезбейді. Жұртқа
сездірмей мен жексенбі күні таңертең ерте Фурманов көшесіне түсіп алып, төмен
қарай заулаймын. Көше мен темір жолдың түйіскен жерінде сексеуіл базасы бар.
Жексенбі сайын оған отын тиеген эшелон келеді. Оны түсіру үшін базаға қосымша
жұмыс қолы қажет. Мен база жұмыскерлерімен жалғасып, платформадан жерге
сексеуіл құлатысамын. Темір жол жиегіне біз құлатқан сексеуіл тау болып үйіліп
қалады. Қала тұрғындары оны бірнеше күн бойы біреу есек арбамен, біреу ат
арбамен, қолы ұзындаулар машинамен алып кетіп жатады. Әркімге қолындағы
талонына қарай отын беріледі. Кімнің қанша отын алатынында менің шаруам жоқ.
Мен кешке еңбегім үшін қолыма тиген 250 килограмм сексеуілдін
талонын білемін. Соны сатып, ақшасын стипендияма жалғап, бір апта бойы талшық
етемін. Кешке қарай жатақханаға қайтқанда екі аяғыма екі пұт темір байланып
қалғандай боп әрең қозғаламын. Ертеңінде де өне бойым ауырып, жайсыз күйде
боламын. Әсіресе қолым қалтырап, лекцияны зорға жазамын. Содан кейін
бірте-бірте құрыс-тырысым жазылып, келесі демалысқа дейін денемнің ауырғанын
мүлде ұмытып кетемін.
Қыс пен көктемді осылай өткіздім. Тек жазғы емтихан басталғаннан бергі
жексенбілер ғана сабққа әзірлікке кетіп жатты. Бірақ бүгін тағы да әкемнің
үйіне бара жатқандай асы-ғып, сексеуіл базасына қарай бет қоюыма тура келді.
Себебі сен емтиханға әзірленіп жатыр екен деп өз-өзінен қалтаңа көк тиын келіп
түспейді ғой. Ал, қалтадан ақша кетсе, қарынның құт-берекесі кетеді. Ақшан
барда тойған қозыдай томпайып үнсіз жататын моп-момақан қарның қалтаң қағылса,
ішіне қоралы қасқыр кіріп кеткендей боп, ұлып шыға келетіні бар емес пе.
Шұрылдап, шуылдап, құрылдап, қорылдап мазаңды алатынын қайтерсің. Әсіресе, қыздардың
қасында отырғанда қинайтынын айтсаңшы оның. Ішегің шұрылдап, қарның күндей
күркіреп жонелгенде шекеңнен тер шып-шып шығып, қысыла бастайсың. Сол кезде
Қанипанын: «Ербол, ішіңе ит қамап қойғанбысың? Қоя берсеңші ол байғұсты» деп
әзілдеген боп өз-өзінен сақылдап кеп күлетінін айтсаңшы. Қыз күлкісі деген бір
жерінен от тисе, барлық тұсы бірден лап ете қалатын ашық ыдыста тұрған бензин
іспетті емес пе? Олардың бір тұтанған күлкісін сөндіру қандай қиын. Тек Меңтай
ғана олармен қосыла күлмейді. Бәлкім ол мені аяғандықтан сөйтетін шығар.
Күлкінің неден туғанын аңғармаған болып, дайындалып отырған пәнімізге қажетті
аса бір керекті датаны іздегендей, дәптер бетін парақтай береді.
Бүғін мен, Канипа
айтқандай, ішімдеғі «қамаулы итті» бо-сатып коя беру үшін келе жатырмын. Келе
жатып Жомартбектің бір қылығы ойыма түсіп кетеді де, ақырын мырс етіп күліп
аламын.
Бір бөлмеде мен, Жомартбек, Пернеш, Төлеубек төртеуміз тұрамыз. Солардың
менен басқа үшеуініңде үйінен азық келеді. Жомартбек үйінен келгеннің бәрін
қаладағы жақындарынікіне алдырады. Пернешке бірдеңе келсе, жұртпен бөліп жеп,
тез тауысуға құмартады. Алғаш дәм татқаннан кейін қалғанын өзі жесін деп, біз
үнемі шегіншектей береміз. Сабақтан келе сала, оны-мұныны сылтауратып, бөлмеден
шығып кетеміз. Ондайда Пернеш дәлізден бізді іздеп, соңымыздан қуып жүреді. «Қайда
қашып кеттіндер? Келсендерші, мынаны бөліп жейік» деп шыр-пыры шығады. Кейде
екеуміз оңаша қалсақ, ол маған: «Ағай, мынадан бір алып жіберіңізші, жалғыз
менің тамағымнан өтпей отыр» деп жалынады. Ал Төлеубектің тамағынан өте береді.
Ол ешкімге дәм де татырмайды, жұрттың көзінше теріс қарап алып, үйінен келген
сары май мен жентті қара нанға жағып, күйсетеді де отырады. Күн сайын сөйтеді.
Бір күні Төлеубек төсегінің алдында теріс қарап жайланып алып, қарыннан шыққан
сап-сары майды нанға жағып, жаңа аузына тыға бергенде жанына Жомартбек жүгіріп
барды.
- Төке, мынаған
да жағып жіберіңізші, жүрегімді жалғайын, - деп қалжың-шыны аралас қолындағы
бір жапырақ нанын тосты.
-        Жоқ, бітті, - деп Төлеубек дереу төсек
астындағы қара чемоданға құлыпты салды да тастады.
Осыдан кейін Төлеубек күндіз жұрт көзінше қара чемоданға жоламайтын болды.
Сөйтсек ол түнде, біз ұйықтағаннан кейін, өз тамағын өзі ұрлап жеуге көшіпті.
Оның бәрін Жо-мартбек қу біліп жүріпті. Бір күні түнде мені біреу төсегімнен
жұлқылап оятты. Сөйтсем, Жомартбек екен.
-        0, не болды?
-        Ереке, тұрыңыз, осы үйге ұры кіріп
кетті.
-        Қайдағы ұры, не алады бұл үйден? -
деймін мен ештеңе түсінбей.
-        Жоқ, өзіңіз тұрыңызшы, - деп
ол болмай орнымнан тұрғызды да, қараңғыда қасыма отыра қалып баяндай бастады. -
Шырт ұйқыда жатыр едім, еден сықыр ете түсіп, оянып кеттім.
Расында да біздің бөлменің едені сықырлауық болатын. Әсіресе Төлеубек
жатқан тұстың тақтайы шіріген еді де, оның төсегіне қарай аяқ бассаң, бажылдап
қоя беретін.
-        Иә.
-        Басымды көтеріп алып едім,
біреу Төкеңнің чемоданын тықырлатып жатыр екен. «Әй» деп қалып едім, ұры демін
ішіне тартты, еденге үн-түнсіз жата қалған сияқгы болды. Тегі Төкеңнің
чемоданындағы құрт, май, жентін ұрлауға келген біреу болуы керек.
Жомартбек сөзінің
жаны бар сияқтанды.
-        Онда Төлеубекті неге оятпайсың?
-        Төке! Төке! - деді Жомартбек
дауыстап. - Төке, тұрыңыз, қасыңызда ұры жатыр.
Төлеубекте үн
жоқ.
-        Әне, айттым ғой, Төкең қатты ұйықтап
қалған.
-        Ендеше шам жақ. Пернешті оят.
Жомартбек шам жақты. Пернеш те оянған екен. Бәріміз анталап, Төлеубектің
төсегіне қарадық. Ол басын бүркеп алып, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатыр.
Төсегінің астындағы күні-түні құлып кетпейтін қара чемоданның аузы ашылып қалыпты,
- Әне, айттым ғой, - деп Жомартбек баж ете түсіп, жүгіріп барып, Төлеубекті
жұлқылады. - Ойбай, тұрыныз, Төке, чемоданыңызға ұры түсті.
Бірақ Төлеубек
тұратын емес. Басын қымтап алып, құныса түседі.
-        Ойпырай, Төкеңнің ұйқышылы-ай осы, - деп
Жомартбек оның үстіндегі көрпені жұлып кеп алды.
Қырыққан серкештей тыртиып, Төлеубек орнынан тұрды. Аузы қомпаң-қомпаң
етеді. Алғашында ол Жомартбектің жұлқылағанынан шошып кетіп, үні шықпай қалған
екен деп ойладық.
Сөйтсек аузына толтырып алған талқанды жұта алмай, қақалып тұр екен.
Ауызындағы кебір талқанның жартысын әрең ары қарай жөнелткен Төлеубек көзі
аларып Жомарт-бекке бақшиды.
-        Сен немене кісінің өз тамағын
өзіне жегізбейсің бе? - деді аузынан ақ боран бұрқылдап.
-        Ойбай-ау, Төке, мен қайдан
білейін сіздің өз асыңызды өзіңіз ұрлап жеп жатқаныңызды, - деп Жомартбек ез
төсегіне қарай шегіншектей берді.
-        Иә, білмегенің...
Пернеш екеуміз
теріс қарап, сылқ-сылқ күліп жатырмыз.
-        Оллаһи, білгенім жоқ, - дейді
Жомартбек міз бақпастан. - Сізді өйтеді деп кім ойлаған?!
Біз қайтадан орнымызға жаттық. Жомартбек шам өшіруге беттеп, сөйлеп бара
жатыр.
-        Біздің ауылда бір кәнігі ұры
болған екен, - дейді ол өзінен-өзі даурығып. - Сол кісі әбден қартайып, атқа
мінуден қалған соң, анда-санда, түнде өз үйінін шошаласынан ет ұрлайтын
көрінеді. Оны айдалаға апарып, бақырға асып, маңайда ешкім жоқ екенін біле
тұрса да, айналасына алақ-жұлақ қарап отыратын болса керек. Шала піскен еттен
бір асап, опыр-топыр отты сөндіріп, қараңғыда бұқпантайлап тұра кеп қашып,
үйіне келіп, содан соң екі-үш күн қатарынан рақаттанып ұйықтайды екен. Біздің
Төкең сөйтіп...
-        Әй, оттамашы өзің!..
Қараңғыда бір нәрсе қабырғаға тарс ете қалды. Әрине ол Төлеубектің бұзаубас
туфлиі. Туфли еш жеріне тимесе де Жомартбек: «Ойбай, әлдім!» деп баж етіп
төсегіне құлады. Біз тағы мырс-мырс күлеміз. Жомартбек те күліп жатыр. Оның мәз
бола қатты күлгендігі сондай, төсегінің тот басқан шын-жыры бірсыпыраға дейін
шиқ-шиқ етті де тұрды.
Көшеде келе жатып мен өзімнен өзім осы оқиға есіме түсіп күлемін. «Әй,
Жомартбек-ай, несі бар екен Төлеубек байғұста?» деймін басымды шайқап. Күлемін
де, «артыңнан тым болмаса қатықсыз қара талқан келіп тұрғанның өзі де қызық
екен-ау» деп ойлаймын. Осы кезде көз алдыма Меңтай елестейді. Ол қалың
кірпіктерін төмен түсіріп, «Рас» деп, ақырын ғана мені құптап, бас изегендей
болады. Әрине, рас деймін мен содан соң өзімді-өзім құптағандай. Ой ойға
ұласады. Қызға ғашық болу жігіт өмірінің ғажап бір кезеңі ғой. Кейінгі
өміріңнің реніш, қуанышы да соны сенің қалай түсініп, қалай өткергеніңе
байланысты. Қайта оралмас, қайырылмас сол бір қымбат сәтті қадірін кетірмей,
адалдықпен ардақтап, ертең еске түсіргенде өзің сүйсініп, өзге ғибрат аларлықтай
етіп өткізгенге не жетсін, шіркін! Бірақ сен сыртынан сұқтанған көрікті қыз
көңіліңе тоқ болғанымен, қарныңа қанағат әкелмейді екен. Міне, мен сондықтан
таң атпай дедектеп, сексеуіл базасына келе жатырмын.
Бірақ бұл жолғы келуім сәтті болмады. Өйткені сексеуіл тасу ісі жазда
тоқтап, күзде бір-ақ басталады екен. Біз емтиханға кіріскелі базаға бір де
состав келмепті. Алайда отын тау-тау болып үйіліп жатыр. Жүрт жазғы қажетіне
ептеп осыдан алып кете бермек. Менің мұндағы серіктерім де ыдырап кетіпті.
Қалған бірен-сараны әркімнің есек арбасына отын тиесіп, иесінің мырзалығына
қарай бірдеңе алатын көрінеді. Түске дейін 2-3 арба тиесіп, мен де он-он бес
сомдай ақша таптым. Бірақ қыстағыдай емес, жұрт аяғы сирек. Қыста ма-шина мен
машина қағысып, біреуге біреу жол бермей ию-қию боп жатушы еді. Енді
алматылықтар жазда от жағып, ас пісірмеуге ант етіскендей, тыйыла қалыпты.
Мандымды ештеңе болмаған соң, мен түс ауа қайтайын деп қалаға қарай беттедім.
Сексеуіл базасынан шыға берісте есек арбаға еріп келе жатқан Шалдуар Шалғынбаев
кездесе кетті.
-        Ау, аманбысың, Қарадомалақ,
аһ! - деді ол мені көре салып, бейне бір редакцияның дәлізінде тұрғандай
өктемсіп.
-        Сәлеметсіз бе?
-        Е, неғып жүрсің мұнда?
-        Жұртқа сексеуіл тиесейін деп келіп едім.
-        Жүр, онда маған да тиес.
Шалдуар мені қолтығымнан алып, кейін қарай бұрды. Ықылас, ризалығымды да
сұраған жоқ. Екеуміз есек арбаға мөлшерлеп екі жүз елу килограмм сексеуіл салдық.
Шалдуар қолының ұшымен ғана қимылдайды, көбінесе маған бұйрық берумен жүр.
-        Әй, анау қуарған кәрі сексеуілді арбадан
алып таста.
-        Неге?
-        Сол. Оның орнына мынау
бұғының мүйізіндей ербиген жасын сал.
-        Жас сексеуіл жаруға қиын болады.
-        Неге қиын болады? Балталаймыз онда.
-        Балта өтпейді.
-        Тасқа соғамыз.
-        Тасқа ұрғанмен тез сынбайды:
кісіні электр тоғы соққандай естен тандырып, екі қолды салдыратып тастайды.
-        Соқ ертегіні. Одан да ерініп тұрмын
десеңші.
-        Ерінетін дәнеңесі жоқ, сал десеңіз,
салып берейін. Маған бәрібір.
Екеуміз сексеуіл тиеген есек арбаға ілесіп, қалаға келе жатырмыз. Есек иесі
ұзын сирақ бала дедектеп, алда келеді. Әр көшенің бұрылысына жеткенде ол артына
бұрылып, Шал-дуарға айғай салады.
-        Ағай, енді қалай жүремін?
-        Тура тарта бер, - дейді Шалғынбаев
мардымсып. - Бірақ әр көшенің қиылысында осылай тоқтап, сұрап отыр.
-        Қайта-қайта сұратып қайтесіз?
Одан да баратын жердің әдірісін бірден айтпайсыз ба? - деймін мен баланы аяп.
-        Сұрасын, алатын ақшасын
адалдап алсын, - дейді Шалдуар тұмсығын көтеріп.
«Шалдуар десе, шалдуарсың-ау өзің. Атыңды әкең дәл тауып қойған екен»
деймін мен ішімнен. Содан кейін мен ептеп Шалғынбаевтан сыр тартамын.
-        Шәке, осы редакңия маңынан жеңіл-желпі
жұмыс табыла ма?
Ол бедірейіп
маған қарайды.
-        Кімге?
-        Маған.
Шалғынбаев шалқалап
кеп күлді.
-        Саған неғылған жұмыс? Сен студентсің ғой.
-        Студент болсам да, жұмыс
істемесем болатын емес, тұрмыс қиын боп барады, - дедім мен шынымды айтып. -
Таңертең лекцияда болып, түстен кейін жұмыс істер едім. Тіпті түннің бірсыпыра
жеріне дейін істеуге де бейілмін.
Тегі менің үнім жалынышты боп шықты-ау деймін, Шалғынбаев енді күлмеді.
Оның күлмегенін пайдаланып, мен өзімнің қыстай демалыс сайын жалданып, ептеп
ақша тауып келгенімді айттым.
-        Әй, сонда сен қанша ақша таптың? - деді
Шалдуар тоқтай қалып, мені иығымнан жұлқып, өзіне қаратып.
«Әй», «әй» деп сөйлеу, сөйлегенде қасындағы адамын иықтан, желкесінен періп
қалу, жұлқып, өзіне қарату Шалдуардың әдеті екен. Байқаусыз келе жатқан мені ол
иығымнан жұлқып қалғанда құлап түсе жаздадым. «Мынаған не болған?» деп ойлап,
апалақтап оның бетіне қарап едім, Шалдуардың менің тәлтіректеп барып
түзелгенімде шаруасы жоө, бедірейіп оз сұрағына жауап күтіп тұр екен.
-        Жексенбі сайын 20-30 сомға дейін қаратушы
едім, - дедім мен мардымсып. - Ол көп ақша ғой!
Шалдуар екі санын шапалақтап, қарқылдап кеп күлді. Одан сон ол мені тағы да
иықтан періп қалып, жол шетіндегі арыққа құлата жаздады.
_ Көп ақша дейді! - деді ол ішін басып, күлкісін тыя алмай _ Тапқан екенсін
көп ақшаны. - Ол күлкісін әрең басып, менімен қайта қатарласты. Тағы да мақтана
сөйледі. -Сенің ол «көп акшаң» біздің бір кішкентай информацияның құны ғана.
Сен білесін бе? - деп Шалғынбаев оң қолының бармағы мен сұқ саусағын
біріне-бірін жақындата ұстап, менің көз алдыма тосты. - Бес. жолдық мынадай
информацияға бар ғой, бізде он сом қояды. Ал мынадай болса, - сұқ саусақ пен
бармақтын арасы алғашқыдан алшая түсті, - жиырма сом. Егер информацияның көлемі
мынадай болса, - ол бір нәрсені өлшеп жіберетіндей боп қарысын көрсетті, -
алпыс сом. Білдің бе: бір қарыс информация жазсан, бірден алпыс сом аласын. Аһ!
Бұл газеттің бір номерінде бір информациян ғана шықса алатының. Кейде бір
номерде бірнеше информацияң шығып кетуі де ықтимал. Ол өзіңнің пысықтығыңа
байланысты. Ал айына газеттің неше номері шығатынын білесің бе, 25-26 номері
шығады. Сонда бір айда орта есеппен он бес информация шығарған журналистің өзі
тоғыз жүз сомдай ақша табады. Білдің бе? Аһ!
Шалғынбаев маған ежірейе қарап, бармағын шошайтты. Мен көзім бақырайып,
басымды изедім. Тегі Шалғынбаевтың менің көзімді мүлде ұясынан шығарып жібергісі
келді-ау деймін, сәл қабағын шытыңқырап маңызданды да, қайтадан сөйлеп кетті.
-        Мен өзім информацияны кәсіп
қылмаймын, - деді ол ол денеден жиіркенгендей танауын тыжырайтып. - Оны кәсіп қылу
тышқан аулаумен бірдей. Мен етектей-етектей очерктер жазамын. Сен менің бір очеркіме
қанша гонорар қойылатынын білесің бе? Аһ!
Мен басымды шайқаймын. Менің оны білмегеніме Шалғынбаев одан сайын разы
бола түседі.
-        Білмейсің. Саған оны білу
қайда? Мен бір очеркіме алты-жеті жүз сом аламын! - «Ал, қалай?» дегендей, ол
бетіме қарады. «Сұмдық көп екен!» деген ишарамен мен көзімді жұмдым. - Ал сен
менің айына қанша гонорар табатынымды білесің бе? Аһ?
Мен тағы да
басымды шайқаймын. Шалдуар одан сайын мәз болады
-Әр айдың аяғында мына додең, - ол бармағын шошайтып, кеудесін түртті, -
мың жарым-екі мың сом гонорарды қалтасына салып алып, талтандап жүре береді.
Оның үстіне менің ай сайын сегіз жүз сом жалақым тағы бар. Енді осының бәрін қосшы
өзің.
-        Көп ақша ғой, - дедім мен.
-        Жоқ, өзің қосшы кәне.
-        Екі мың үш жүз-екі мың сегіз жүздей-ау
деймін.
-        Дәл, дәл. Кейде мына үшеудің
өзі де боп кетеді, аһ! - деп ол бармағымен шынашағын басып тұрып, қалған үш
саусағын шошайтады. - Міне, көп ақша қайда жатыр? Ал сен отыз сомды көп ақша
көресің.
-        Рас, - деймін мен
Шалғынбаевтың қаламақысынан басым айналғандай төмен қарап. - Маған айына екі-үш
жүз сомның жұмысы табылса да істер едім. Алда жазғы каникул келе жатыр. Ол
кезде жұмыссыз бос жүру де қасірет қой...
-        Әй, - деді Шалғынбаев
ұзаңқырап барып тоқтап тұрған есек арбаға қарап, аяғын шапшандата басып, -
біздің редакцияда екі-үш жүз сомдық жұмыс болмайды. Курьердің өзі айына төрт
жүз сом алады, корректорлардың айлығы алты жүз, әдеби қызметкерлердікі сегіз
жүз. Сен сияқты шикі студентке әдеби қызметкер болу қайда. Сен корректорға да
жарамайсың. Егер курьер болғың келсе, ертең бізге кел. Мен сені жауапты
секретарьға алып барайын. Кеше Нюра деген курьер қызымыз демалысқа шықпақшы
боп, орнына кісі табылмай жатқан сияқты еді.    .*
Біз есек арбаның
қасына келдік.
-        Әй, былай бұр, - деді Шалдуар
есектің шылбырын ұстаған балаға көшенің оң жағын нұсқап. - Ыстықкөл көшесіне
қарай тарт. Анау, бұрыштағы үй.
Есек арба оңға
қарай бұрылған соң мен:
-        Ал, Шәке, қош болыңыз. Ертең
редакцияға келемін, - деп өз женіме кетуге ыңғайландым.
-        Өй, қайда барасың? - деді
Шалдуар «өзіңнің есің дұрыс па?» дегендей маған бажырая қарап.
-        Жатақханаға... Емтиханға әзірленіп жатыр
едік.
-        Жатақханаға... - деді ол маған
бірдеңесін өткізіп қойғандай қабағын шытып. - Сен енді мынаны түсіріп бермейсің
бе?
«Асығыспын, өзіңіз түсіріп алыңыз» дегелі бір тұрдым да, Шалдуардың түрінен
қорықтым. «Мінезі тік пәле екен, ренжіп қап, ертең жұмысқа алдырмай жүрер» деп
ойлап, оның соңынан ықылассыз ілестім. Ыстықкөл көшесі мен Гоголь көшесінің
бұрышындағы екі қатарлы үйдің алдындағы сарайдың қасына есек арбадағы
сексеуілді түсірдім, Шалдуар үйіне кіріп, ақша алып шықты да, арбакеш баланы
жөнелтті.
-        Әй, неғып тұрсын? - деді ол
кетуге ыңғайланған маған қарап. - Енді бұларды анау тасқа соғып, жармайсың ба?
-Менің қырсау қимылымды аңғарды ма, ол бірден бастырма-лата жөнелді. - Сен өзің
менен ақы дәметіп жүргеннен саумысың?! Саған ақы не керек. Отыз сомды олжа
көріп жүрген сен ертең курьер боп, айына төрт жүз сом алып отырсаң, шекеңе тар
келе ме? Менің саған берер ақшам сол. Ұқтың ба? Аһ?..
Мына пәле шынында да бір сұмдықты шығарып жүрер дедім де, үйіліп жатқан
сексеуілді үн-түнсіз шетінен сүйреп, жаруға кірістім. Тасқа соғылған сексеуіл
жігері жалаңаш қолымды жаңғыртып, өне бойымды электр тогы соққандай дір-дір
еткізеді. Сонда да тістеніп, тырмысып жатырмын. «Мұны өзім жаратынымды білгенде
бағана тез сынатын, шірік сексеуілді көбірек салатын едім ғой» деймін ішімнен.
Бірте-бірте алақанымның терісі ойыла бастады. Ақыры, қолым шыдамай бара жатқан
соң, жарылған сексеуілді аяғының ұшымен жинастырып тұрған Шалдуарға бұрылдым.
-        Шәке, жаман қолғап бірдеңе табылмас па
екен?
-        Өй, сен өзің... студенттің
жаман қолын аяп, - деп ежірейді ол маған, екі қолын қалтасында ұстап, шірене
тұрып. - Мен саған жаман қолғапты қайдан табамын?
-        Қол шыдамай барады, - дедім
мен Шалдуардың қолғабы жоғына бейне бір өзім кінәлідей-ақ ыржия күліп.
-        Онда несіне солдат болып
жүрсің, бес тал ағашты жару қолыңнан келмесе? Жә, жар да, болған соң ана
сарайға үйіп, құлпын сыртынан бос сал да, жатақханаңа жүре бер.
Осыны айтып Шалдуар алшаңдап үйіне қарай кетті. «Жұртқа жылы сөйлеп, сәл
кішілік көрсетсең, өстіп иығыңа мініп алатыны жаман, - деймін мен өзімнен-өзім
күйіп-пісіп. - Маған бірдеңесін өткізіп қойғандай өкіреңдеп, алшандауын.
Солдатты адам емес, темір деп ойлайды екен-ау бұл. Көрер едім соғыста болсаң,
сенің жаныңның қандай темірден соғылғанын!» Өстіп, іштей күңкілдеп қанша
ұрысқаныммен, ол күні Шалдуардың бар шаруасын тап-тұйнақтай етіп тындырып
кетуіме тура келді.
Ертеңінде, сағат таңертеңгі тоғыздан аса үкідей ұшып редакцияға жеттім.
Редакция орналасқан үш қабат үйдің алдына келсем-ақменің жүрегімді өзгеше бір
лүпіл кернейді. Оның сыртқы биік тас баспалдағына көтерілгеннін өзіне тау болмаса
да, төбе басына шыққандай көңілім биіктеп сала береді. Маған редакция
адамдарының бәрі ерекше жаралған жан боп көрінедк олар шетінен жақсы, шетінен
сүйкімді сияқтанады. алдуар Шалғынбаевтай боп олардың ортасында жүруден артық
бакыт жоқ іспеттенеді. Өстіп, редакция үйінің әр бұрышына аса зор құрметпен қарап,
дәлізде кездескен әр адамына, ол мені елемесе де, иіле сәлем беріп, жаңа түскен
жас келіндей сызылып келе жатсам, Шалдуар машина бюросынан шығып барады екен.
-        Шәке, - дедім оны көргенде әкемді
кездестіргендей қуанып.
Шалдуар жалт бұрылып, қалбаландай ұмтылған маған таңданғандай, сүзе қарап қалды.
-        Шәке, сәлеметсіз бе?
-        Сені кім шақырды, аһ? - деді ол қасына
келген менің қолымды да, сәлемімді де алмастан.
-        Сіз бүгін кел деп едіңіз ғой.
-        Қашан?
-        Кеше, сіздің үйге отын түсіргенде.
Шалдуар қабағын
тыржитты.
-        Отын, отын... - деді ол
әлденеге мені кекеткендей. - Жұмыс жайында десеңші одан да.
-        Иә, жұмыс жайында ғой, Шәке. Курьер алып
қойған жоқ па едіңіздер?
Шалғынбаев менің бұл сұрағыма жауап бермеді.
-        Жүр, - деді ол өктем үнмен
иығымнан жұлқып қалып. Бағанағыдай емес, Шалдуар енді маңғаздана аяңдады. Мен
сүмендеп соңынан ілестім. Ілесе бере, оған тағы бір сұрақ қойдым.
-        Шәке, біз кімге барамыз?
-        Жауапты секретарьға, - деді ол мойнын
бұрмастан.
-        Жауапты секретарьларыңыз кім деген кісі
еді?
-        Сен білмейсің, - Шалдуар оң
қолын шорт сілтеді, - жаңадан келген адам. Сен сияқты соғыста болған.
Мен «ендеше ол кісіге кірмей-ақ қояйық» деп үлгіргенше болмады. Шалдуар
«Жауапты секретарь» деген жазуы бар кабинеттің есігін жұлқып қалып, мені
жеңімнен сүйрей ішке кірді.
Кабинет иесі
үстеліне еңкейе түсіп, газет қарап отыр екей.
-        Осы кісі жауапты секретарь,
осы кісімен сөйлес, - деп Шалдуар мені ілгері итермеледі. Мен Шалдуар өзі
айтып, қызметке өзі алдырады екен деген үмітпен келген едім. Ол малту білмейтін
адамды терең суға лақтырғандай, мені кабинетке кіргізе салып, өзі сырғып, шығып
кетуге ыңғайланды. Осы кезде жауапты секретарь басын көтеріп, бізге бұрылды.
Оның жүзін көргенде мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым. Кірпіктерім үсті-үстіне
жыпылықгап кетті. Қасы түксиген, орыс өндес, сабырлы, ақсары кісі. Екі көзі де
бұрынғысындай сәл шегірлеу. Үстіне жай киім кигені болмаса, бұрынғыдан еш
өзгерісі жоқ, әскери журналист, капитан Бағи Уазитовтың нақ өзі.
-        Бәке! - дедім мен жауапты секретарьға
екі қолымды бірдей созып.
Бәкен де мені
жазбай таныды-ау деймін. Тез орнынан тұрып:
-        Ербол, сенбісің, айналайын!"- деп құшағын
жайды.
Мен Бәкеңнің мол құшағына қалай еніп кеткенімді білмей қалдым. Ол:
«Аман-есен келдің бе?» деп бауырына қысып, арқамнан қағып жатыр.
-        Шүкір, Бәке, мен былтыр кедгенмін,
- деймін Бәкеңнің мені құшақтағанына көңіліл 
босаңқырап, бірақ оны білдірмеуге тырысып. - Өзіңіз қашан келдіңіз?
-        Екі айдай болды. Осында
бұрынғы қызметіме орналастым. Өзің қайдасың, Ербол?
-        КазГУ-де, оқудамын.
-        Бәрекелді. Ал, отыр,
әңгімелесейік.
-        Әңгіменің үлкені, осыған  жұмыс керек, - деді жаңағы мені осында
кіргізе салып, шығып кетуге ыңғайланған Шалдуар қайтадан бұрылып келіп және
мені қалай да қызметке орналастыруға бел байлағандай белсенділік білдіріп. -
Бұл корректорлыққа жарамайды, курьер ету керек. Өздерініз де таныс екенсіздер
ғой.
-        Болғанда қандай! - деді Бәкең
баптай сөйлеп. - Біз бір бөлімде қызмет еткенбіз. Мен редакцияда болдым.
Ерболдың елең, мақалаларын газетімізде жиі жариялап тұра-тынбыз.
Бәкеңнің бұл сөзі мені бір көтеріп тастады. Шалдуар «жаман студент», «жаман
солдат» деп желкемнен түспей қойып еді. «Бәлем, білші мен қандай солдат
болғанымды» дедім ішімнен айызым қанып. Менің осы ойымды сезгендей Шалдуар шап
ете түсті:
-        Бұл өлең жаза алушы ма еді? - деді
Бәкеңнің сөзіне сенбегендей.
-        Бәле, жазғанда қандай! Мұның
өлеңдерінің кейбір жолдары біздің бөлімнің туы іспеттес боп кеткен. Белім
шабуылға шыққан сайын біз Ербол өлеңінің:
Алға қарыс
бассаң, бас!
Сүйем кейін
шегінбе! -
Әдет жоқ ондай тегінде! -деген жолдарын үнемі газеттің шигеліне беретінбіз.
Шалдуар басын шайқады да:
-        Мынадан өлең шығады дегенге
ешқашан сенбес едім, аһ, - деп мені бүйірден түртіп қалып, сақылдап кеп күлді.
Жауапты секретарь сөзін қайтадан жалғады.
-        Оның үстіне мен Ерболға
соғыстан аман келіп, осы орында отырғаным үшін тікелей қарыздар кісімін, - деді
ол Шалдуардың парықсыз күлкісінің тоқталуын тоспай. - Бұл бақандай үш
журналисті тікелей ажалдан алып қалған.
Шалдуар бұған сенбегендей боп, маған қарады да, басын шайқады. Жауапты
секретарь үш журналистің алғы шепке келіп, маған жолыққанын, біздің
позициямызды жау атқылап, бір снарядтің жер үй алдына келіп, ысылдап жатып
алғанын Шалғынбаевқа таратып айтып жатпады.
-        Ербол, сен Нығмет
Елеусізовтің қазір қайда екенін білесің бе? - деді маған бұрылып.
-        Жоқ.
-        Бәле, ол қазір С. қаласында,
облыстық газет редакторының орынбасары. Ал капитан Рыжовтың қайда екенінен хабарың
бар ма?
-Жоқ.
-        Ол Москваның бір баспасына
орналасыпты. Мен хат алып тұрамын. Бір хатында сені сұрапты.
-        Апырай, ә, - деймін мен
қуанған үстіне қуанып. Уазитов енді менің жайыма ойысты.
-        Сен студентсің ғой, - деді
ойлана отырып. - Әрине, қоса қызмет істемесең болмайды қазір. Ал саған не жұмыс
тауып берсек екен?
Ол қарсысында
түрегеп тұрған Шалғынбаевқа қарады.
-        Е, мұны Нюраның орнына кешкі
курьер ете салыңыз, аһ, - деді Шалдуар жұлып алғандай. - Бұған сол да жетеді.
-        Иә, - дедім мен басымды изеп.
-        Жоқ, мен Ерболға түпкілікті
жұмыс болса деп отырмын. Курьерлікті қойшы, Ербол түбінде біздің белді қызметкеріміздің
бірі болуға тиіс. Бірақ қазір сол уақытша курьерліктен басқа бос орын жоқ.
-        Мен курьер-ақ болайын, Бәке,
- дедім осы бар қызметтен айырылып қалмайын дегендей асығып. - Қазір емтихан
өткізіп жатырмыз, өзі кешкі жұмыс болса, маған қолайлысы осы сияқты.
-        Жарайды, әзірше осыған
орналаса тұр. Ар жағын тағы көре жатармыз, - деп жауапты секретарь маған бір
жапырақ қағаз ұсынды. - Арыз жаз уақытша курьер етіп алуды сұраймын деп,
қолынды қой. Кешкі алтыда қызметке кел.
-        Айттым, орналастырдым... Аһ!
Ал енді не ғыл дейсің? Аһ! - деді Шалдуар жауапты секретарьдан шыққаннан кейін
маған шірене қарап, - Сен менің бұл жақсылығымды ұмытпа.
-        Рақмет, Шәке, ұмытпаймын, -
дедім мен оған асыға бас изеп.
Мінеки, осыдан жиырма шақты күн бұрын мен қызметке осылай орналаскан едім.
Күн сайын кешкі алтыда редакцияға барамын. Түнгі он бір-он екіде жұмысымды
бітіріп, жатақханаға қайтамын. Алғашында «курьер» деген сөздің мәнісін жөнді
біліңкіремей де жүрдім. Сөйтсем, редакция мен баспахана арасына қағаз тасушы кісіні
осылай деп атайды екен. Редакцияда екі курьер бар. Күндізгі курьер Даниловна
дейтін қартаң әйел. Кешкі алтыға дейін редакциядан баспаханаға қағазды ол
тасиды, кешке ол жұмысқа мен кірісемін. Біздің таситынымыз редакция
бөлімдерінің күн сайын газетке басылуға даярлайтын мақалалары. Соны жиналған
сайын топтап секретариаттан алып, баспаханаға апарып тастаймыз. Цех бастығы
курьерден келген мақалаларды қол қойып алады да, дереу линотипискаларға бөліп
береді. Олар алдарында тұрған пианино тәріздес машиналарға - линотиптерге отыра
қалып, мақала сөздерін қорғасынға кешіреді. Осылайша екі курьердің күні бойы кезектесіп
баспаханаға тасыған қағаздары ертеңінде газет болып шығып, оқушылардың қолына
жетеді.
Маған редакция да, баспахана да қызық. Күн сайын екеуінің де жұмысының
жайына қанып, түсіне түстім. Түсінгеннен кейін өзімді қатар жатқан қос көлдің
айдынына кезек сүңгитін қоңыр үйрекке теңедім.
Редакцияның негізгі мақалалары баспаханаға көбіне күндіз жөнелтіледі екен.
Кешке күндіз үлгірмеген азын-аулақ мақала, көбінесе алдағы номерлерде басылуға
тиіс запас материалдар тасылады. Анда-санда ТАСС-тан келген тығыз мақалалар
болады. Аударылғаннан кейін баспаханаға соларды жеткіземін.
Қайткенмен де кешкі курьердің бос уақыты көп болатын. Ондай сәттерді бос
жібермей, мен оңаша кабинеттердің біріне кіріп алып, емтиханға әзірленетінмін.
Ал емтихан өткізген күндері Даниловна апайдың қуанышына жұмысқа бірер сағат
ерте де шығатынмын. Елпек атқа кімнің мінгісі келмейді. Қалған жұмысын Даниловна
да маған тастай салады. Қызмет аяғында қайта басылған мақаланы салыстырып,
асығып отырған бөлім меңгерушісі де маған жалынады.
-        Ербол, сен мынаны тыңдай қойшы, мен оқып
тастайын.
-        Ербол, сен мынаны оқып
жіберші, мен оригиналға қарап отырайың, - дейді.
Ең алдымен мені машиннстка Бибіш апай жұмсайды. Мен баспалдақтаң көтеріле
бергенде машбюроның ашық тұрған есігінен төрде отырған апайдың көзі мені шалып
қалады да, дереу столының тартпасын аша бастайды.
-        Сәлеметсіздер ме? - деймін
машбюроның ашық есігінен басымды сұғып.
-        Айналайын, менің Ербол
бауырым елгезек қой. Маған төменнен барып бір папирос әкеп бере қойшы, - деп
Бибіш апай бірден ақшасын ұсынады. - Осы шарша-а-ап өлейін деп отырмын, бүгін
жұмыс сондай көп болды.
Мен күліп, бас изеймін де, редакңияның астындағы буфетген бір пачка «Прибой»
әкеп беремін. Оған апай мәз боп қалады.
-        Ой, тілеуіңді бергір. Ой, бір жақсы
келіншек алып, көсегең көгергір! - деп батаны үсті-үстіне жаудыртады.
Апай жақсы келіншек жайын айтқанда мен өз-өзімнен қызарып кетемін. Көз
алдыма бірден Меңтай елестейді. Менің осы ғашыктығымды осы апай бейне бір біліп
отырғандай боп көрінеді. Өстіп жүріп оқу жылын да аяқтадым.
Енді бүгіннен бастап дайындалатын емтихан жоқ.  Қыздар да ауылдарына кетті. Бір бөлмеде
қалған Жомартбек екеуміз ғана болсақ, оның кешке дейін келу-келмеуі екіталай.
Ол да ертең не бүрсігүндері еліне қайтпақшы. Бәлкім, ол қазір билет алудың
қамында жүрген болар. Сондықтан мен сағаттың алты болуын күтпей, бүгін жұмысқа
күндегіден ерте бардым.
-        Ербол, өй, Ербол, - деді
Бибіш апай менің төбем баспалдақган көрінісімен-ақ. - Жылдамырақ  жүрші, айналайын.
Апайдың темекісі
таусылып отыр екен. Қазір тартпасын ашып, сумкасын ақтара бастайды деп ойладым
ішімнен.
-        Сәлеметсіздер ме? Жай ма, Биапай?
Апай күліп
жіберді.
-        Темекіге жұмсайды екен деп
қалдың ба? Темекім бар, қалқам. Осы қазір ғана сені жауапты секретарь іздеп
отыр еді. Соған бара қойшы тез. Саған жаңа жұмыс бергілері келіп отырған
сияқты.
Салып отырып жауапты секретарьдың кабинетіне барсам, Бәкен жалғыз отыр
екен.
-        Хал қалай, Ербол? - деді ол сәлемдескеннен
кейін.
-        Хал жақсы, емтиханды бітірдік.
-        Каникулда қайда болмақ ойың бар: осында
қаласың ба? Әлде бір жаққа барасың ба?
-        Осында қаламын, қайда барамын? - дедім
мен. - Ауылға барып қайтайын десем, арлы-берлі жүруге қаражат керек.
-        Онда биыл жаздай бізде корректор боп
істей тұрсаң қайтеді?
-        Істеймін.
-        Ертең бір кешкі корректор
демалысқа шығушы еді. Соның орнын саған ұстап отырмын. Келесі айда тағы біреуі
шығады, оның орнын және сен басасың, - деді Бәкең сабырлы, қамқор көңілмен. -
Күндіз ұйқың қанғаннан кейін маған келіп жүр. Әнеугідей емес, қолың босады ғой.
Мен сені енді завод, фабрикаларға жіберіп, хабар, корреспонденциялар
жаздырамын. Бұл да қосымша қаражат болады.
-        Рақмет, Бәке.
-        Бара-бара мақала, очеркпен де айналысарсың.
Сөйтіп екеуміз сенің қолыңнан жазу келетіндігін осындағы жұртқа дәлелдейтін
боламыз.
Мен басымды
изедім.
-        Онда мен сені ертеңнен бастап
корректор қызметін атқарады деп бұйрық бердіремін. Сөйтіп мен сол күннен бастап
екі ай корректор болдым. Екі айда «Е. Есенов» деп қолым қойылып, газетте 6-7
хабар, корреспонденциям шықты. Газет айына екі рет қаламақы, екі рет жалақы
береді екен. Студенттің айына бір рет берілетін стипендиясындай емес, бір айда
колыңа төрт рет ақша ұстаудың өзі маған ересен байлық сияқты боп көрінді. Оның
үстіне Уазитов ағай менің хабарларыма студенттік жайымды есептеп, үнемі
көтеріңкі қаламақы қойып отырыпты. Оны қаламақы алған сайын Шалдуардың бас
шайқауынан білдім. Мен қаламақы немесе жалақы алып шықсам-ақ, алдымнан Шалғынбаев
тап бола кетеді.
-        Әй, Қара домалақ, ақша алдың ба? Аһ? -
дейді.
-        Алдым, - деймін мен арсалаңдап.
-        Әкел, санайық, - дейді ол қолын созып.
Мен жаңа ғана кассирден санап алып, кенетоз гимнастеркамның омырау қалтасына
екі бүктеп салып қойған ақшаны қайта суырамын. Шалғынбаев оны уыстап алады да,
мені оңашалау жерге қарай бастайды. Содан соң ол жайланып отырып менің ақшамды
санай бастады. Санайды да:
-        Көп, - деп басын шайкайды.
-        Неге? - деймін мен өз-өзімнен
қысылып. Ол бухгалтерияға айтып, ақшамның жартысын қайтадан алдырып қоятындай
боп көрінеді. Сасқалақтап, Шалдуардың бетіне жалтақ-жалтақ қараймын.
-        Көп деген соң көп! - дейді ол ақшаны
маған қайырмай, уыстап ұстап тұрып. Мен бір оның қолынан суырып әкететіндей,
будыраған қағаз ақшаның уысынан шығып тұрған шетін бармағымен басып қояды.
Сосын мені тергей бастай-ды. - Сен бұл жартыда неше хабар жаздың?
-        Екеу.
-        Әне, айттым ғой. Екі хабарға мұнша аққша
тиісті емес. Бұрын бізге аз қойылатын.
-        Мен қайдан білейін, - деймін
Шалдуардын алдында қылмыс жасағандай қысылып.
-        Сен білмейсің, мен саған білген соң
айтып тұрмын, аһ! - дейді ол маңғазданып.
Бір жолы,
Шалдуардың осындай тергеуінен кейін, мен одан:
-        Өзіңіз қанша алдыңыз? - деп
сұрадым ақырын ғана. Ол басын шайқады.
-        Бұл жолы мен ештеңе алғаным жоқ. Қазір
өзі очеркке лайық материал жоқ, - деп қабағын шытты.
Мен одан сайын қысылдым. Бейне бір Шалдуарға тиісті ақшаны өзім алып қойғандай
қуыстандым. Мені бұл қиындықтан Шалдуардың өзі шығарды.
-        Ал енді бұған ішпейміз бе?
Аһ? - деді ол менің ақшамды ұстаған оң қолынан жоғары көтеріп. Мен басымды
изедім.
-        Жүріңіз, Шәке, сіз ішіңіз, менің
ішпейтінімді өзіңіз білесіз ғой.
Бұлай дейтінім, курьерлік жалақымның алғашқы жартысын алғанымда дәл осылай
Шалдуар кездесе кеткен. Сонда да ол менің аз ақшамды қолына алып, ерні жыбырлап
санап шығып, «ал енді ішпейміз бе?» деген. Мен оны көше бұрышындағы көк
будканың біріне ертіп барып, екі жүз грамм арақ әпергенмін. Одан кейін де
жалақы, қаламақы алған сайын Шалдуар менен міндетті түрде екі жүз грамм ішпесе,
аузы қисайып кететіндей боп әдеттеніп алған. Сол кездесулерде менің жарытып
ішпейтініме оның көзі жеткен.
-        Бұл сенің нешінші қаламақың?
- деді Шалдуар ақшаны өзіме қайтарып беріп жатып.
-        Үшінші ғой, Шәке.
-        А, солай ма? Сен де үшінші рет
қаламақы алып жібердің бе, ей? - Ол қарқылдай күліп, әдеті бойынша арқамнан
қойып кеп қалды. Ыңқ ете түскен менің аузымды аштырмастан тағы да өзі сөйлеп
кетті. - Онда былай болсын. Үшінші қаламақыны жақсылап жууымыз керек. Бәріміз
де сөйткенбіз. Әйда, жүр, көк базардағы шайханаға барамыз.
Мен бұрынғы әдет бойынша Шалғынбаевты көшелердегі көк будкалардың бірінен
сыйлап қайтарармын деп ойлап едім. Ол мені дедектетіп, көк базардағы шайханадан
бір-ақ шығарды. Үстелге отыра сала, даяшыны шақырып, өзі заказ берді.
-        Жүз елу грамм арақ, - деді ол даяшының
қолындағы қағазын иегімен ымдап, оған тез жаз дегендей ишара білдіріп.
-        Шәке, екі жүз грамм ішіңіз, - дедім оның
күнделікті мөлшерін тұспалдап қалған мен.
-        Жоқ, өзімнің есебім бар, -
деді-Шалғынбаев, - жүз елу, жаздыңыз ба? Аһ? Жазсаңыз, оған үш рет дұңған
кеспесін қосамыз.
«Біз екеу емеспіз бе, үш кеспе деп осы кісі қателесіп айтты ма» деп ойлап,
оның бетіне қарадым. Менің ойымды ұққандай Шалдуар: «Үш кеспе деп жаздыңыз ба?
Үшеу деп жазыңыз» деп және екі рет қайталады. «Бәлкім тағы біреу келетін шығар,
үшінші кеспені соған алып отырған болар» деп түйдім де, үндемедім.
Заказ алған даяшы кухняның есігіне қарай кетіп бара жатыр еді, Шалғынбаев
қайтадан баж ете түсті.
-        Тоқта, тоқта, бері кел, -
деді даяшыға қолын үсті-үстіне сермеп. - Тіркемесі қалып қойыпты ғой, тіркеме
қосыңыз.
Даяшы үстел шетіне еңкейіп, қағазына және бірдеңе түртіп алды. «Мұның
тіркемесі не нәрсе, қымбат бірдеңе емес пе екен?» деп қыпылдап отыр едім,
Шалдуар маған қарады.
-        Әй, сен, тым болмаса бір кружка сыра
ішсеңші, аһ?
-        Бір саптыаяқ ішсем ішейін, -
дедім мен. Кетіп бара жатқан даяшыны Шалдуар тағы тоқтатты.
-        Тағы бір кружка сыра қосыңыз,
- деді ол мойнын созып. - Қостыңыз ба? Енді әкеле беріңіз, тез әкеліңіз.
-        Жаңағы бір тіркеме дегеніңіз не? - дедім
мен Шалғынбаевқа.
Шалдуар сақылдап күліп, мені бүйірімнен тағы бір періп қалды.
-        Соны білмейсің бе?
-        Менің білетінім машинаға
тіркеп, сүйретіп жүретін бір нәрселер сияқты еді. Мәселен, зеңбірек сүйреткен
машинаны...
-        Е, оны білсең болды, - деді
Шалдуар сөзімді аяқтатпай. Шалдуар тегі өзі ғана сөйлеуді жақсы көретін.
Әсіресе ол менің сөзімді кез келген жерден киіп кетіп, шірік жіптей үзе салатын
да, өзі сөйлей жөнелетін. - Бұл да сол сияқгы: жүз елу грамм арақ - машина, бір
кружка сыра - соған тіркеме.
-        Ал егер арақ жүз елу емес,
жүз грамм болса ше?
-        Онда бір кружка сыра тіркеме бола
алмайды.
-        Неге?
-        Сол. - Ол менің бетіме
білгішсініп, бажырая қарады. - Жүз грамм арақ, бір кружка сыраны тарта алмайды.
Түсінікті ме енді? Аһ?
Мен басымды
шайқадым.
-        Сен топассың, - деді ол
бетіме бедірейген күйі. - Түсінігің нашар, ұтымың жоқ. Сондықтан сенен мына мен
сияқты жүйрік журналист шықпайды. Сенікі ет пен терінің арасындағы желік сияқты
бірдеңе. Майданда бір нәрселерді шатпақтаған болуың керек. Уазитов сол үшін
сені көкке көтере мақтайды. Меніңше сенде ешбір талант жоқ.
Мен не дерімді білмей, қызарақтап күле бердім. Осы кезде қасымызға даяшы
келіп, біз сұраған ас-суды подноспен әкеп, алдымызға қойды.
-        Кеспенің біреуін, сыраның бірін ал, -
деді Шалғынбаев.
Мен айтқанын істедім. Содан соң ол кеспенің бірін өз алдына жақындатты да,
екінші тарелкадағыны соның үстіне төңкере салды. Қара бұрыш пен ұсақ тұзды мол
етіп септі де, асықпай араластырды.
-        Дұңған кеспесін жаным жақсы
көреді, аһ? - деді ол. - Сондықтан мен бір жегенде оның екеуін осылай бір
табаққа саламын да, бір-ақ жеймін. Ал, сыранды көтер.
Көбігі көпіршіген қырлы шыны саптыаяқтың құлағынан ұстадым. Шалғынбаев
бүйірлі келген қырлы стаканға кеңірдектете құйылған араққа асқа телмірген иттей
еміне қарап, жұтқыншағын секең еткізіп бір жұтынып алды. Содан соң, біреу алдынан
ала қашатындай, шап беріп қос қолдап ұстап, діріл қаққан стаканды жыбырлай
жөнелген ерніне тез тақап, қылқылдатып жұта бастады. Стаканды басына көтеріп
болып, қабағын шытты да, дереу сыраға қол созды. Одан қылқылдатып екі жұтымды
және ұрттап жіберді. Осыдан кейін ол терлеп-тепшіп, кеспеге бас қойды.
Шалдуар қасықпен копара көтеріп, қауып асап, асты да тез жейді екен. Мен
шектей шұбатылған ұзын кеспенің бір-екеуін сораптап жұтып үлгіргенше, ол өз
табағын қотарып та тастады. Шанышқы мен қасықты бос табаққа салып, үстелдің
жиегіне қарай сырғытып жіберді де, саптыаяқта қалған сырасына қол созды. Қол
созып жатып, әрірек үстелдерде отырғандардың бірімен бас изеп амандасты.
-        Әй, сен менің кіммен амандасқанымды
көріп қой, - деді ол мені бүйірден нұқып. - Таяуда әскерден босаған ақын жігіт,
өзі арақты өкіртіп ішеді. Аһ!
Мен жолдасым нұсқаған жаққа бұрылдым. «Арақты өкіртіп ішетін» қызыл шырайлы
келген еңгезердей жігіт екен. «Болса болар» дедім ішімнен.
-        Әй, сен мына сыраға қарашы, - деді
Шалдуар саптыаяғын көтере ұстап. - Осының түсі қандай?
-        Қоңыр емес пе?
-        Жоқ, таба алмадың. Жақсы
ішетін бір журналист мұны былай деп суреттеген:
Тобылғы торы сыраны Толқыта ішер күн қайда? Тостаған көз қоздарды Толықси
құшар күн қайда!
«Тобылғы торы сыра» дегені жақсы теңеу емес пе, аһ? Ғажап тауып айтқан. Аһ!
- Осылай деп Шалдуар қалған сыраны басына бір-ақ көтерді.
-        Тобылғының түсін торы демеуші
еді ғой, - дедім мен серігім саптыаяғын үстелге қойғаннан кейін. - Қызыл тобылғы
десе керек еді. Торы деген сөз тек жылқыға ғана айтылмай ма? Егер арақтың дәмін
аюдай ақырған ащы дей келіп, сыраны торы жылқыдай жуас десе бір сәрі емес пе?
-        Жок, сен түк білмейсің, тобылғының да
түсі торы, - деді ол маған бет бақгырмай. - Жә, сен оны кой, - Шалдуар
білегімнен қысып ұстап алды. - Енді мен осы тобылғы торы сырадан ішемін бе? Аһ?
-        Озіңіз білесіз.
-        Жоқ, сен оны қой. Мен сыра ішемін бе?
Аһ!
-        Ішіңіз.
Көзі
кілегейленіп, ол маған тесірейе қарады.
-        Жаңағыдай тіркеме қылып ішемін ғой? Аһ!
-        Оз жайыңызға қараңыз.
-        Жоқ, менің жайымды неғыласың, енді бір
тіркеме жүргіземін бе мен? Аһ!
Шалдуардың тағы да дәметіп отырғаны белгілі болды. Осы жолғы қаламақымды қосып,
киім алып кисем деген есебім бар еді. Ол ойым жүзеге аспауға айналды. Ішімнен қынжылсам
да, мен оған ақшам азайып қалады дей алмадым. Амалсыз бас изедім. Шал-ғынбаев дереу
даяшыны шақырып алды да, қайтадан заказ берді.
-        Жүз елу тіркемесімен... - Ол тез маған
бұрылды. - Сен ішесің бе?
-        Жоқ, - деп мен безек болдым.
-        Дұңған кеспесін жейсің бе?
-        Жоқ, жоқ, әбден тойдым.
-        Онда, - деді Шалдуар даяшыға
қарап, екі саусағын көрсетіп, - екі рет дұңған кеспесін әкел.
Менің бір апта ішетін тамағымды мынаның бір жола ішіп кеткелі отырғанына
ішім ашыды. Ендігәрі шайханаға келмеспін деп өзіме өзім ант та бердім. Сол екі
арада Шал-дуар құлағынан күн көрінетін бір арық адамға орнынан тұрып, кеудесін
басып, бас изеді. Биске шақырылған әншінің сахнаның екінші шетінде нотасын
реттеп жайбаракат отырған пианисті орнынан тұрғызып, өзімен қоса көпке бас
идіретіні сияқты, Шалдуар тұқырайып, кеспе жеп жатқан мені иығымнан жұлқылап,
шайнаңдатып, орнымнан тұрғызды.
-        Ағаңа сәлем бер.
Мен аузымдағымды әрең жұтып, жаңағы Шалғынбаевша оң қолыммен кеудемді
басып, жұқа құлақ кісіге қарап, бас идім. Ол менің сәлемімді керек етпеді-ау
деймін, ары бұры-лып кетті.
-        Бұл кісі кім еді? - дедім
Шалдуарға ілесе мен де орныма отыра беріп.
-        Білмейсің бе?
-        Жоқ.
-        Мәссаған! Бұл атақты ақын
ғой. - Шалғынбаев оның қай ақын екенін айтпастан, бірден мінездеме бере
жөнелді. - Жасында мықтап ішкен кісі. Кәрі тарлан сыр берместен әлі сол
шабысымен сілтеп келеді. Айтпақшы, сен білесің бе? Аһ?
Тамаққа ұмтыла
берген мені ол тағы да бүйірімнен түйіп қалды. Мен қасығымды қайта орнына
қойып, Шалғынбаевқа қарадым.
-        Жазушылар одағы осы көк
базардың іргесінде ғой. Аһ! Түсте олар осы шайханадан келіп тамақ ішеді.
Екеуміз сәл кешігіп келдік, әйтпесе мен саған олардың небір жайсаңын көрсететін
едім. Сен маған жазушылар ас ішетін жерге әкелгенім үшін және анадай екі ақынды
көрсеткенім үшін рақмет айт. Аһ! Мен сені ана кәрі тарланның өзімен қол ұста-стырып
таныстырайын ба? Аһ! Бірақ оған ана... не.. - деп Шалдуар оң қолынын сұқ
саусағы мен бармағын бір-біріне шапшандата үйкеп-үйкеп жіберді. - Ана...
нетіп... тағы да ақша шығаруың керек. Аһ!
Мен күліп,
басымды шайқадым.
-        Шәке, рахмет. Мен өзге емес,
осы сіздің өзіңізбен танысқаныма бақыттымын!..
Осы кезде жүз елу грамм араққа бір саптыаяқ сыра, екі тарелка дұңған
кеспесін «тіркеп», даяшы жетті. Шалдуар алға-шқысындай, кеспесін бір табаққа
қотарып алды да, босаған ыдысты сырғыта салды. Содан соң араққа қолын созып жатып,
маған: