ВЕРНУТЬСЯ

                      I
             Автор. Ал, Бауке,
Серебряков ақсақалдың Сіз туралы жазған тағы бір жауынгерлік мінездемесін
таптым. Соны оқып шықсам қайтеді?
                     Бауыржан. Оқығын.
                     Автор. Бұл полковник
Серебряковтың өткен жолы өзіңізге көрсеткен жоғарыға жолдаған хатынан екі жыл
бұрын жазылған екен. Мұнда былай делініпті: «Совет Одағының Батыры
генерал-майор И. В. Панфилов атындағы Ленин және Қызыл Ту орденді 8-ші
гвардиялық атқыштар дивизиясы 1073-ші гвардиялық атқыштар полкының командирі -
майор Момышұлы
Бауыржанға
ЖАУЫНГЕРЛІК
МІНЕЗДЕМЕ
                       1910 ж. туған, 1942
жылдан ВКП(б) мүшесі, ұлты қазақ, әлеуметтік жағдайы қызметші, жалпы білімі
орта, әскери білімі - бір жылдық, Қызыл Армияда 1932 жылдан 1934 жылға дейін,
одан соң 1936 жылдан күні бүгінге дейін қызмет етіп келеді, 1941 жылдың сентябрінен
бері майдандағы армия қатарында.
                        Момышұлы жолдас 8-ші
гвардиялық дивизияда ол алғаш ққрылған күннен бастап қызмет істейді. Осы
дивизияның құрамында ол жауынгерлік даңқты жолдан өтті.
                      Советтік Отан үшін
ұрыстарда Момышұлы жолдас өзін Лениннің ұлы ісіне берілген қайтпас қайсар әрі
батыр командир ретінде танытты.
                       Момышұлы жолдас
тактикалық жағынан жақсы әзірленген, оның үстіне неміс фашистерімен кескілескен
қанды ұрыстарда, нақты істе өз білімін одан әрі көтеріп, сан қилы ұрыстарда оны
ойдағыдай қолдана білді.
                       1941 жылдың июль-сентябрінде
атқыштар баталъонының командирі болған кезінде аға лейтенант (қазір майор)
Момышұлы жауынгерлер мен командирлерді Отанды шексіз сүюшілікке тәрбиелеп, өз
батальонының адам құрамының жауынгерлік әзірлігі жақсы дәрежеге көтерілуіне
жетісті.
                     1941 жылы октябрьде Москва
үшін болған ұрыстарда Момышұлы жолдас басқарған батальон жаумен арыстанша
алысып, оған ойсырата соққы берді.
                      1941  жылы ноябрьден бастап Момышұлы жолдас 1073-ші
полктың командирі. Бұл полктың құрамы Батыс майданда дұшнанның алға ұмтылган
екпінін тежеп, оның адамдары мен техникасын ойсырата жойды.
                      Дивизияның басқа
бөлімдерімен қол ұстаса отырып, Момышұлының полкы неміс басқыншыларын Москва
түбінде талқандауды бастаған (Волоколамск бағытында) бөлімдердің бірі болды.
                       1942 жылдың қысы мен көктемінде
Калинин майданында, қалың қар, қатты аяздарда, одан кейін батпақты жердің
көктемгі лайсаңында 1073-ші гвардиялық атқыштар полкы шабуыл ұрыстарын жүргізе
отырын, мыңдаған неміс солдаттары мен офицерлерін, дұшпанның көптеген танк пен
автомашинасын және басқа әскери техникасын жойды, ондаған селолар мен
деревняларды азат етті.
                      Дивизиямыздың ел
алдындағы жалпақ жұртқа мәлім ерлігі, оның гвардиялық дивизия болуы және Қызыл
Ту, Ленин ордендерімен наградталуы майор Момышұлы басқаратын 1073-ші атқыштар
полкының жауынгерлік табыстарымен тығыз байланысты.
                      Майор Момышұлы Совет
елінің намысы мен тәуелсіздігін қолына қару алып қорғап жүрген қазақ халқының
адал ұлы. Осы халықтың ең таңдаулы өкілдерінің бірі ретінде біз оны наградаға
ұсынамыз.
Дививия
командирі                                Дивизия военкомы
полковник
СЕРЕБРЯКОВ, полктық комиссар ЛОБОВ,
Дивизия штабының
бастығы
подполковник ГОФМАН.
...июнь 1942
жыл».
                   Июньнің қай күні екені өшіп
қалыпты, мен айқындап ажырата алмадым. Осыған байланысты бір сұрағым бар,
Бауке.
 
II
                     Бауыржан. Қойғын сұрағыңды.
                    Автор. Сізге 1942 жылы 6
июньде Қызыл Ту ордені берілген. Бұл мінездеме Сізге осы орденге жазылған ба? Әлде
Қызыл Ту ордені Сізді Панфилов ұсынған Ленин орденінің кешігіп, кішірейіп келіп
төсіңізге қадалған белгісі ме? Немесе бұл мінездеме 1942
жылы августа
Серебряков Сізді Совет Одағының Батыры атағына ұсынғанда жазылған ба? Осыны
білесіз бе?
                    Бауыржан. Білмеймін. Мен награда қуғамын
жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Совет халқының неміс фашистеріне қарсы Ұлы
Отан соғысында мен өзімнің солдаттық, азаматтық борышымды адал атқардым. Мен
награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намысы үшін соғыстым.
Маған жаңағы өзің оқыған полковниктің жоғарыға жазған хаты награда. Ең жоғары
награда. Серебряковтың өзінің, оны дүниеге келтірген ата-анасының әділдігінен
айналдым мен. Түсінікті ме саған?
                     Автор. Түсінікті, Бауке.
Сонымен біз 1942 жылдың күзінде Калинин майданында қорғаныс шебінде тұрмыз ғой.
Генерал Чистяков 27 сентябрьде Москваға жүріп кеткен болатын.
                   Бауыржан. Иә.
                  Автор. Сөзіміздің осы жерін тағы
да бір рет документпен растап қойсақ қайтеді?
                  Бауыржан. Растағын.
                  Автор. Растасам генерал
Галицкий өзінің « 1941-1944 сұрапыл сын жылдары» деген кітабында 1942 жылы 26
сентябрьде өзінің қайда болып, не істегенін былай деп баяндапты:
                 «26 сентябрьде армия әскерлерімен танысуға
кірістім...
                Ең алдымен 2-ші гвардиялық аткыштар
корпусының командирі И.М.Чистяковтың КП-сына бардым. Комкорды қасыма алып, одан
генерал И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясына келдім.
Москва түбіндегі ұрыстарда қаһармандықпен
шайқаскан бұл
даңқты құрама бүгінде Холм қаласының солтүстігінде қанатын кең созып, қорғаныс
шебін ұстап тұр екен. 19-шы гвардиялық атқыштар полкында бізді оның командирі, Отанымыздың
астанасын қорғаған ерлердің бірі майор Бауыржан Момышұлы қарсы алды. Менің
сұрағыма жауап бере тұрып ол 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясында өткен жылы
Волоколамск бағытында ажалмен бетпе-бет айқасқан жауынгерлердің көп
екендігін айтты.
                   - Бүкіл дивизия сияқты, біздің
бөліміміз де ұлы Москва шайқасының даңқты жауынгерлік дәстүрлерін көздің
қарашығындай сақтап келеді, - деді оның сөзін толықтырып полк комиссары Ф.Д.
Толстунов.
                  Жауынгерлермен әңгімелесіп,
полктың қорғанысы және оның дұшпанға оқ ату жүйесінің қалай ұйымдастырылғанымен
танысқаннан кейін менің бұл сөздердің шындығына әбден көзім жетті. Полк
жауынгерлері өз рубеждеріне көп еңбек сіңірген екен. Бұл жердің жағдайы
қорғаныс жұмысына көп қиындык келтірерлік болатын, орманы мен батпағы өте көп
еді. Бірақ гвардияшылар бұл қиыншылыктардың барлығын да ойдағыдай жеңіпті...
                  19-шы гвардиялық атқыштар
полкының қорғаныс шебіндегі бекініс тіректері де, пулемет-артиллерия күшінің
екі қанатқа бірдей өзара жымдаса жайғастырылуы да - жақсы ойластырылған екен.
Әрине, оның кей жерлерін одан сайын жақсарта түсуге болатын еді. Мәселен, орман
шетіне орналастырылған дзоттар анадайдан «мен мұндалап» білініп тұрды. Ал орман
ішіне салынған дзоттардың бақылау және атыс аясы тар екен. Соңғы кемшілікті
түзеу үшін орман ішінен биік пулемет мұнарасын орнатып, сол арқылы жерден көрінбейтін
нысананы атқылауға болатын еді. Менің бұл кеңесім майор Момышұлына қатты
ұнады».
                   Бауыржан. Дұрыс. Ол шақ
Галицкийдің 3-ші екпінді армияға командашы боп келіп, қызметін жаңа қабылдап,
енді кірісіп жатқан кезі болатын. Галицкий мен Чистяков біздің полкта болып кеткен
күннен кейін іле-шала біздің 2-ші гвардиялық корпусқа генерал-майор М.П.Кутузов
деген кісі командир боп келді. Бұл кездегі біздің 3-ші екпінді армияның мойнына
жүктелген міндет Холмды қолдан шығармау, біздің қарсымызға келіп шоғырланып жаткан
жау әскерінің шабуылына төтеп беру, шама келсе олардан Великие Луки - Невель -
Новосокольники үш бұрышын тартып алу екенін жаңа айттым ғой. Бұл үшін ең
алдымен қорғанысымызды нығайтып, шебімізді мықтап ұстау бірінші міндет еді.
Майдан, армия
командашылары мен корпус командирлерінің бізге жиі келіп, жағдайды өз
көздерімен көріп, кемшілігімізді көрсетіп, ақыл, кеңестерін айтып жүргендері
сондықтан болатын. Біз күні-түні тынбастан жұмыс істеп, қорғанысымызды одан
сайын нығайта бердік. Жаңадан толып жатқан окоптар, орлар қаздық. Ұрымтал
жерлердің бәріне доттар, дзоттар орнаттық. Бір сөзбен айтқанда, солдаттың шебер
қолы Холмның айналасын өнерлі қыз кестелеген орамалдың өрнегіндей етіп
әшекейледі. Солдат қанды аз төгу үшін терді көп төгеді. 3-ші екпінді армия
солдаттарының ол кезде төгілген тері анау Арыс, Бадам сияқты кішігірім өзендердің
суынан кем болмаған шығар деп ойлаймын. Полк комиссары Толстунов, штаб бастығы
Курганский үшеуіміз жау шабуыл жасаған күнде, өзіміз шабуылға шыққанда істеуге
тиісті мүмкін деген жобаларымыздың бәрін де жасадық. Осы қызу қорғаныс кезінде,
1942 жылы екінші октябрьде маған кезекті әскери лауазым - подполковник атағы
берілді. Мынау сол кезге қатысты документ, мә, оқып шық, керек десең, көшіріп
ал.
 
III
                           Баукең қасында
жатқан қызыл папкадан алып, табақтай фото көшірмені қолыма ұстатты. Онда былай
деп жазылыпты:
                        «3-ші екпінді армия
командашысының
ТЕЛЕГРАММАСЫ
                    8-ші гвардиялық атқыштар
дивизиясы 19-шы гвардиялық полкының командирі подполковник Бауыржан МОМЫШҰЛЫНА
Сізді Октябрь революциясының 25 жылдық мейрамымен құттықтаймын нкт Армияның
Соғыс советі Сізді американ жұмысшыларынан келген сыйлық сағатпен наградтайды
нкт Армияның Соғыс советі Сіз жүргізіп жатқан жауынгерлік жұмыс бөлімнің жауды
толық жеңуге әзірлігін арттыра түседі деп сенеді.
Галицкий,
Литвинов,
Юдинцев.
7.11.1942 ж.
№ 1168
Дұрыс
қабылданды.
               19-шы гвардиялық атқыштар полкы
штабының бастығы капитан И. Курганский.
                       Автор. Телеграммаға
командашыдан кейін қол қойғандар кім, Бауке?
                      Бауыржан. Бригада
комиссары А. А. Литвинов - армияның Соғыс советінің мүшесі де, генерал-майор И.
С. Юдинцев - штаб бастығы.
                     Автор. Ол сағатты кейін
берді ме Сізге?
                    Бауыржан. Берді. Сағат сол
7 ноябрьдің кешінде менің блиндажымдағы үстелдің үстінде шық-шық соғып тұрды.
Оны біз: мен, адъютантым, атқосшым және аспазым Жан төртеуіміз кезек-кезек
құлағымызға тосып, американ жұмысшылары жүрегінің достық лүпілін тындап тұрғандай
болдық.
                   Автор. Ол сағатыңыз қайда
қазір?
                   Бауыржан. Тозды. Тоқтады. Қалды.
                  Автор. Ал, ол қорғаныс
қаншаға созылды, Бауке?
                   Бауыржан. Ұзаққа, келесі
жылы сол уақытқа дейін. Қорғаныстың екі түрі бар. Бірі - төніп келген жауды
ілгері өткізбей табан тіресіп қатып қалу, қалайда алға жібермеу.
Екіншісі - табан
тірескен жауды теуіп, тепкілеп, үнемі үрейлендіріп ұстау. Сөйтіп қарсыңда
жинақталған жаудың тобынан майданның басқа участоктеріне көмек жіберуіне бөгет жасау.
Қазақшалап айтқанда күрескен балуанының белін босатпай, қапсырып, қайыстырып,
Қажымұқанша ұстау. Оның бұлтарып, бұлтаңдауға шамасын келтірмеу. Ол жылы бүкіл Калинин
майданының алдына Бас командованиенің қойған міндеті осы болды. Ал қорғаныс
деген екі балуанның бірін-бірі шаптан тіреп жатып алғанына және ұқсамауы керек.
Ұрымтал жерде жауды аяғынан шалып қалып, шабуылға шығып отыруға да тура келеді.
Сонда ғана жаудың зәресін алып, белін қайыстырып ұстауға болады.
                  Біздің 3-ші екпінді армия осы
мақсатпен өз күшін екі топқа бөлді. Армияның қорғаныс шебі Холмнан Великие Лукиге
дейін 120 километрден аса жерге созылып жатты. 8-ші гвардиялық дивизия қарайтын
2-ші гвардиялық атқыштар корпусы Холмның солтүстік жағында, Великие Лукиден жүз
километрдей қиыстау тұрды. Ал армияның өзге құрамалары Великие Лукидің дәл
іргесінде жатты. Великие Луки маңындағы әскерлер алдымен Новосокольники, одан
соң Великие Луки қалаларына шабуыл жасауға көшті. Бұл екпінді топты армия командашысы
генерал Галицкийдің өзі басқарды. Армияның Холм түбінде қорғаныста қалған
екінші тобына біздің корпустың командирі генерал Кутузов басшылық етті. Бұл
топқа жүктелген міндет қарсыдағы жауды қапсыра ұстап тұру және армияның шабуыл
жасап ілгері жылжып бара жатқан екпінді тобының сыртына жау әскерлерінің шығып
кетпеуін қамтамасыз ету болды.
                  Бұл операция 25 ноябрьде
басталды және үздік-создық етіліп, ұзақ уакытқа есептелсе керек. Оның мақсаты
совет әскерлерінің Сталинград түбінде басталған ұлы шайқасымен ұласып жатыпты. Калинин
майданы сияқты баска майдандардың міндеті осы сияқты және «жергілікті маңызы»
бар басқа да ұрыстарды үздіксіз жүргізе отырып, жауды шырмап, оның Сталинград
түбіндегі әскерлеріне көмек жібертпеу екен. Оны кейіннен білдік.
                  Біздің армияның екпінді
тобының кұрамында шабуылға шыққан 2-ші механикалық корпус, 257, 357, 381-атқыштар
дивизиялары, 9, 46, 21-гвардиялық атқыштар дивизиялары және 31-ші атқыштар
бригадасы Великие Лукиді қоршап алға ұмтылып, Ново-
сокольникиге қарай
тікелей беттеп бара жатты. Бірақ жау жанталасып, қатты қарсылық көрсетуге
кірісті. Сөйтіп 3 декабрьде Новосокольникиге жасалған шабуыл тоқтап қалды. Ал
10-13 декабрьде 3-ші екпінді армия Великие Лукидің батыс, оңтүстік-батысындағы
жауды талқандап, 20-25
километр алға басты. Қаланы қоршау 29 декабрьде аяқталды
да, 31 декабрьде қала біздің қолға көшті. Бірақ январьдың жуан ортасына дейін
қаладағы қорғанға
бекінген жау
әскерлерін талқандауға тура келді. Ұмытпасам сенің 100-ші бригадаң да осы
Великие Луки ұрысына қатысқан болса керек.
 
IV
                    Автор. Иә, Бауке. Біздің
100-ші атқыштар бригадасы 25 ноябрьде Калинин облысының Молодой Туд деген
деревнясы түбінде жаумен шайқасты. Елден майданға жаңа келген өңкей өрімдей жиырма
жасар қазақ жігіттерінің жауынгерлік тұсауы осы деревня түбінде кесілді.
Сержант Карабек Бұрышов бастаған жауынгерлер жаудың окобына ең алдымен келіп
кірді. Немістерді гранатамен жойып, найзамен шанышқылап құртып, тірі қалғандарын
кері шегіндіріп, фашистер бекініп жатқан орға өздері орналасып алды. Саяси
қызметкер капитан Егемкұл Тасанбаев ол ұрыстарда қатарынан үш рет жараланды.
Сонда да ол ұрыс даласынан кетпеді, жауынгер жігіттердің ортасында болды. Қазір
Егемқұл Тасанбаев Социалистік Еңбек Ері, Өзбек ССР-інде жауапты қызметте...
                    Бауыржан. Жүзінші
бригаданың ол азаматын мен екі реет көрдім. Ең алғашында, соғыс кезінде, 9-шы
гвардиялық дивизияда командир боп жүрген кезімде ол маған сәлем беремін деп
іздеп келді. Онда омырауы орденге толған майор еді. Екінші ретте, 1960 жылы мен
жазушылык сапармен Оңтүстік Қазақстан өлкесін аралап жүргенімде, Жетісайда жолықтым.
Бұл кезде ол кеудесіне Алтын Жұлдыз қадаған аупартком секретары екен. Сендердің
100-ші бригадаларыңнан да талай жақсы ардагер азаматтар шығыпты. Халықтың адал
ұлдары солай болуы керек қой. Ал, әлгі сөзіңді ары қарай айта бергін.
                 Автор. Әшкеев Райымжан,
Көшеков Қажым сияқты азаматтарымыз ерекше ерлік керсетіп, сол жолы бригаданың
даңқын шығарды. Зеңбірекші Қажым Көшеков ауыр жараланып жатып, жолдастарына:
Алға қарыс
бассаң бас,
Сүйем кейін
шегінбе!
Әдет жоқ ондай
тегіңде! -
деп өлмес ұран
тастады. Неміс фашистеріне қарсы күресте ерлікпен қаза тапқан командирдің бұл
сөзі біздің бригаданың соғыс кезіндегі жауынгерлік ұраны болды.
                      Бауыржан. Бұл жау Москва түбіне
тақап қалғанда 1941 жылы 19 октябрьде берілген атақты «Ни шагу назад!»
бұйрығының қазақша және өлеңге аударылған нұсқасы болар тегі.
                     Автор. Рас айтасыз, Бауке,
дәл солай. 1942 жылы 22 декабрьде біздің 100-ші бригада Великие Луки түбіне
келді. Келгеннен кейін оны қоршау, алу, одан соң қорғау ұрыстарына тағы да
белсене қатысты. 316-шы атқыштар дивизиясының жауынгерлері жау
танктерімен
Дубосеково түбінде қандай шайқасса, біздің бригаданың соған ұқсас шайқас
жүргізген өз Дубосековосы Великие Луки болды. 1943 жылы 1 январьда фашистер
Великие Лукиді қайта қайтарып алуға тырысып, көп танкпен біздің бригада тұрған шептен
шабуыл жасады. Артиллерия дивизионының үшінші батареясындағы жігіттері жау
танктерімен Клочков бастаған батырларша жұлқысты. Батарея мерт болды. Бірақ
бірде-бір танкты Великие Лукиге өткізген жоқ.
                     Осы күнгі ұрыста сержант Рымбек
Байсейітовтың взводы жекпе-жек айқаста жаудың сегіз танкін өртеп жіберді. Сөйтіп
бұл взводтың Әбдірахман Бимурзин, Мырзаби Ерназаров, Мұкан Омарбаев сияқты өжет
жігіттері өздерін өшпес даңққа бөледі. Жауынгер серіктерімен бірлесіп сегіз
танк жойған сол Рымбек Байсейітөв қазір Алматыда тұрады, Қазақ ССР Финанс
министрі.
                    Бауыржан. Ол да сендердің
бригадаларыңдікі ме еді?
                   Автор. Иә, Бауке. Біздің
бригададан шыққан одан басқа да белгілі адамдар бар. Олар: академик Сақтаған
Бәйішев, журналист Қасым Шәріпов, ауылшаруашылық ғылымының докторы, профессор
Иманбек Сүлейменов.
                  Бауыржан. Бригада Великие
Лукиден баска кай жерлерде соғысып еді?
                  Автор. Невельді фашистерден
азат етуге және дұшпан оған қайта шабуыл жасағанда қаланы қорғау үшін болған
қиян-кескі ұрыстарға қатысты. Өзіңіз білесіз, Бауке, қазақ халкы советтік Шығыс
әйелдерінің ішінен тұңғыш рет Совет Одағының Батыры атағын алған екі қызын
ерекше мақтаныш етеді ғой. Олар Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова. Біз,
100-ші бригаданың ардагерлері, сол ер екі қыздың бірі - Мәншүк Мәметова біздің
бригадамыздан шыққанын мақтаныш тұтамыз. Генерал Галицкий басқарған үшінші
екпінді армияға аты шыққан атақты мерген Ыбырайым Сүлейменов те өзінің өшпес
ерліктерін осы қаланың түбінде жасады. Новосокольники қаласын жаудан азат ету
ұрысына және қатыстық. Даңқты генерал Доватордың шәкірті батыр подполковник
Әбілқайыр Баймолдин осы қаланың іргесінде ерлікпен қаза тапты. Осы адам Москва
түбіндегі атақты ұрыстарда өзіңізбен тағдырлас болған, Бауке және оның
дивизиясы сіздің
дивизиямен
қанаттас жүрген. Генерал Панфиловтың 1941 жылы 18 ноябрьде Сізге жазбаша
жіберген атақты 014 бұйрығының бірінші пунктінде мынандай сөздер бар: «Жаудың
танктері мен жаяу әскері Лысцево мен Шишкиноны басып алды. Матренино 50-кавдивизияның
колында».
                    Дәл сол кезде генерал
Доватордан сондай бұйрык алған осы дивизияның 51-атты әскер полкының комиссары
Баймолдин бастаған совет жауынгерлері жауды Матренино селосына кіргізбеу үшін
жанталаса ұрыс жүргізіп жатты. Сіз екеуіңіздің әскери тағдырларыңыз да қарайлас
басталған. Баймолдин 1931 жылы Павлодар аудандық комсомол комитетінің секретары
боп тұрған кезінде армияға шақырылған. Содан ол біржола армияда қалып қойған.
1930 жылы КПСС мүшелігіне өткен. Лебяжі ауданындағы Тақыр ауылынан шыққан кедей
баласы Әбілқайыр Баймолдин 1941 жылы июльде Москвадағы В.И.Ленин атындағы
әскери-саяси академияны бітірісімен 51 атты әскер полкына комиссар боп
тағайындалып, Москваны қорғауға аттанады. Сол 18 ноябрьде жараланып, бір айдан
кейін ол өз корпусына қайтып келеді. Алғашында атты әскер полкының командирі,
одан кейін полк комиссары болады. 1942 жылы августа Баймолдин екінші рет жараланады.
Москва түбіндегі ұрыстарда көрсеткен ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз, жауынгерлік
Қызыл Ту ордендерімен наградталған Баймолдин алғашында біздің бригадаға
командирдің орынбасары боп келген еді. Артынан бригадамыз құрылғанда ол дивизия
командирінің
жауынгерлік
жұмыс жөніндегі орынбасары болды. Өте өткір, батыл кісі еді. Есіл ер дивизияны
шабуылға бастап жүргенде қаза тапты. Ол кісі де үстіне қара бурка киіп, астына
ұзындығы есік пен төрдей қара көк ат мініп жүруші еді. Баймолдинді біз өз Бауыржанымыз
деп сүйсінуші едік! Қазір оның туған жеріндегі бұрынғы «Жалтыр» совхозына
Баймолдин аты берілді.
                   Бауыржан. Дұрыс болған екен.
Баймолдиннің артында қалған ұрпақ бар ма?
                  Автор. Бар, Бауке. Москвадағы
Бауман атындағы училищені бітірген Тельман деген ұлы қазір Алматыдағы В.ИЛенин
атындағы политехникалық институтта сабақ береді. Ал қызы Жұлдыз Баймолдина
белгілі әнші.
                   Бауыржан. Асыл ердің артында
ат аталар ұрпақ қалғанға не жетсін! Талай азаматтардың артында ешқандай белгі қалмады
ғой. Ал сен солардың ерлігін кітап етіп жаздың ба?
                     Автор. Там-тұмдап
газет-журналдарда бірдеңелер жариялап жүрмін.
                    Бауыржан.
Газет-журналдағылар уақыт желімен ұшады да кетеді. Ерлердің есімін кітапка
кіргізу керек. - Осылай деп Бауыржан сәл ойланып алды да, тағы да тақпақтай сөйлеп
кетті. - Қар ерігенмен, Қаратау ерімейді. Ер өледі, ел қалады. Есімі ел
жүрегінде сақталған
ер ғана бақытты. Ел қорғау жолында ерлікпен өлген ерлердің жазығы жоқ. Оларды
жаза алмасақ - жазық бізде. Ал әркімнің өзі көрген есіл ерді жырлап, өзі
білетін батырды
баяндағаны жөн. Оны өзің де білесің. Бірақ ақылдың артықтығы, кеңестің көптігі
жоқ қой. Мен сондықтан айтып жатырмын.
                   Автор. Бауке, Сізден тағы да
кейбір мақал-мәтеліңіздің қалай шыққан тарихын сұрап білсем деп ойлаушы едім.
Осы жаңа ғана, қас пен көздің арасында бірнеше мақалды төгіп-төгіп жібердіңіз. Енді
сұрауға да бата алмай отырмын.
                  Бауыржан. Е, сұрағын. Есімде
барын айтайын.
                  Автор. «Қол көтерген
дұшпаннан гөрі, қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйла» деген мақалыңызды қандай
оқиғаға негіздеп шығарып едіңіз?
                 Бауыржан. 1941 жылы 4
декабрьде біздің әскерлер Москва түбінен ең алғашқы шабуылға шықты. Біздің
дивизия сол тұңғыш шабуылдың алғы легінде болды. Алғашкы деревня босатылды, тұңғыш
тұтқындар қолға түсті. Жаңа ғана бір үйге бас сұғып едім, іле-шала саяси
жетекші Бозжанов кіріп келді.
                 - О не, Жолтай?-дедім мойнымды
бұрып.
                  - Ақсақал, екі немісті
тұтқынға алып едім. Соны Сізге көрсетейін деп айдап келдім. Есік алдына шығып,
көріңізші, - деді.
                   Жолтайға ілесіп сыртқа
шықсам, бір неміс анадай жерде, автоматын алға кезеген қалпында өліп жатыр
екен. Мен қолдарын көтеріп тұрған тірі тұтқындардың қасына бармай, өліп жатқан немістің
жанына жақындадым. Оған біраз қарап тұрдым да, қасымдағы Бозжановқа:
                   - Ана екі тұтқынға өлген
немісті көмдіртіндер! - деп бұйрық бердім.
                   - Неге? - деді аң-таң болған
Жолмұхамед.
                    - Қол көтерген дұшпаннан гөрі,
қорамсаққа қолы жетпей өлген жауды сыйлау керек. Понятно! - деп жауап бердім
мен оған.
                    Автор. «Бір жаралыға жәрдем
беріп, оны аман алып қалған жауынгер - он ұл тапқан анадан артық» деген сөз
қалай аузыңыздан шығып еді?
                  Бауыржан. Москва түбіндегі қырық
бірінші жылғы қиян-кескі ұрыстардың бірінде Вера Гордова деген санитар қыз бір
өзі он жауынгердің жарасын таңып, ұрыс даласынан арқалап алып шықты. Сонда
қасымда отырған Жолтайға:
                    - Апырай, мынау жұдырыктай
қыз он ұл тапқан анадан артық болды-ау, - деген едім.
                   Автор. «Үлкенді - ізетте,
кішіні - күзетке» деген сөзді неден шығарып айтып едіңіз?
                    Бауыржан. 1941 жылы он
сегізінші ноябрьде генерал Панфиловтан Волоколамск тас жолының бойындағы Горюны
деген деревняда жауды екі күн бөгеуге бұйрық алдым. Сол кезде дивизиямыздың
баска бөлімдері жаңа шепке қарай шегініп орналасуға тиісті еді. Генералдын
бұйрығын ойдағыдай орындап, үшінші күні жау қоршауында қалып кейін шегіндік.
Жолда, орман ішіндегі жалғыз үйге сол тыныс алуға тоқтағанымызда бірнеше күн
жаумен шайқасып әбден қалжыраған жігіттер қисая сала қор етіп, ұйқыға кетті.
Мен штаб бастығы Рахимовқа қарап:
                      - Кәне, екеуіміздің
қайсысымыз ояу отырамыз? - дедім. Сонда анадай жерге жаңа ғана жантайған
Жолмұхамед Бозжанов орнынан атып тұрып:
                      - Ағатай, екеуіңіз де
ұйықтаңыз. Мен тұрайын, мен кішімін ғой, - деді.
                     Мен Бозжановтың бетіне
қарадым да:
                      - Үлкенді - ізетте,
кішіні - күзетке деген. Жарайды, сен тұрсаң тұр. Бірақ жарты сағатқа қалайда шыда!
-деппін. Тура жарты сағатта мен өзімнен-өзім ояндым да, Бозжановты ұйқыға
жатқыздым. Бозжанов деген екі көзі тостағандай, екі беті әппақ манардай шиыршық
атқан шапшаң, шектен тыс кішіпейіл, үлкенді аға, кішіні іні тұтып тұратын аса
бауырмал, әрі ақылды, әрі алғыр, әрі батыр жігіт еді. Мені жанындай жақсы
көретін, мен де оны туғанымнан артық деп есептейтінмін. Жоғарыда айтқанымдай,
ол менің
ұйқы-күлкіме,
тіпті аузымнан шыққан әрбір сөзіме дейін қамқор болып жүретін. Менің өзіне
ұнаған кейбір сөздерімді дереу жазып алып, артынан бірнешеуін өзіме әкеп беруші
еді. Жаңағы өзің тарихын жазып алған мақал-мәтелдерді Жолтай маған өлерінен бір
күн бұрын әкеп табыс етті.
                 - Аға, ертең шабуылға шығамыз
ғой, мына сөздеріңізді көк дәптерге көшіріп алыңызшы, - деді. Сөйтіп ол қай
сөздің қандай жағдайда айтылғанына дейін қоса баяндап берді. «Айдындана
шапқаннан ажал да сескенеді» деп Горюны түбінде жауға жалғыз шапқан танкист
туралы айтқан бір сөзімді планшетіндегі топографиялық картаның ақ жеріне түртіп
қойған екен, соны да тауып берді. Ертеңінде есіл ер опат болып кетті.
                   Автор. Жолмұхамед Бозжанов қаза
болғаннан кейін оның Алматыдағы туған ағасы Нұрмұхамед Бозжановтың үйіне әскери
бөлімнен мынадай қазанама қағаз келіпті. Тындайсыз ба?
                    Бауыржан. Құлағым сенде.
                   Автор. Қағазы тозыңқырап
қалыпты, бірақ ешбір жері өшпеген. Онда былай деп жазылған:
«ҚАЗАНАМА
                  Социалистік Отанымыз үшін
неміс басқыншыларына қарсы ұрыстарда, 1941 жылы 6 декабрьде, өрімдей жас,
жайраң қаққан жалынды азамат, Коммунистік партия мен қазақ халқының адал ұлы,
командир әм саяси қызметкер, гвардияшы Жолмұхамед Бозжанов жолдас ер өлімімен
қаза тапты.
                 Жолмұхамед Бозжанов жолдас ақ
финдерге қарсы ұрыстарға қатынасып, «Ерлігі үшін» медалімен наградталды, содан кейінЛениншіл
Қазақстан комсомолында жауапты қызмет атқарды. Содан бізге ротаның саяси
жетекшісі болып келді.
                Фашистермен кескілескен қанды
айқасқа кірген күннен бастап, ақтық демі біткенше Бозжанов жолдас күн сайын,
сағат сайын большевиктік ерліктің, коммунистік адамгершіліктің, азаматтықтың
үлгі-өнегесін үздіксіз көрсетіп отырды. Сол себептен де бөлімшенің жауынгерлері
мен командирлері оны жанындай жақсы көрді.
                  Ұрыстың қиын-қыстау
кездерінде мен оны сан рет ең жауапты жерлерге жұмсадым, ең ауыр міндеттерді
сенгендіктен соның иығына арттым. Талай-талай қиын тапсырмаларды ол ойдағыдай орындап
келіп еді. Сондықтан да мен оны өзімнің көзсіз батырым деуші едім.
                     Бозжанов жолдас тәрбиеші,
саяси жетекші қасиетімен қаһарман командир қабілетін мүлтіксіз ұштастыра білді.
Ол ерлікті ерекше дәріптеп, қорқақтар мен үрейшілдерді жан тәнімен жек көрді. Сәбидей
ақ көңілділік, командирлік қаталдық, большевиктік адалдық Бозжановтың бойынан
бар жарасымын тауып үйлескен еді. Ол ротаны басқарды, одан соң баталъон
командирінің орынбасары болды. Оған үлкен сенім білдіріліп, соңғы уақытта полк
партбюросының секретары болып жоғарылатылды.
                Ұрыстарда көрсеткен батырлық,
ерлігі үшін майдан командованиесі оны үкімет наградасына ұсынған болатын.
                  Осындай асыл жүрек тоқтады,
алтын бас ойлаудан қалды, тостағандай қара көздер мәңгіге жұмылды, азаматтың
үнемі күлімдеп тұратын қызғылт ерні қозғалмастан тас боп қалды дегенге сенгім келмейді.
Бірақ, сенбесіме амал жоқ, бұл қасіретті жағдайды мен өз көзіммен көріп тұрмын.
Мұның орны толмас қаза екенін ойлағанда көкірегім қарс айрылып, жүрегім тулап,
қан жылайды.
                    Жауынгер дос, гвардияшы
жолдас, батыр политрук-командир Жолмұхамед Бозжанов енді біздің қасымызда жоқ.
Бірақ оның есімі, Отан соғысының ері есебінде қарулас гвардияшы достарының
жүрегінде, совет халқының есінде мәңгіге сақталады.
                   Егер мен жауды түпкілікті
жеңетін бақытты күнге жетіп, Отанға аман-сау оралатын болсам, онда мен сенің
атыңды өлеңге қосу үшін ұлы Жамбылға айтып барамын. Онда сенің ерлігіңді дастан
етіп жазу үшін талантты жас жазушыларға баяндап беремін, Жолтай!
                 Қош бол, арыстаным, ардақты
батырым менің!
                 Жолмүхамед Бозжанов жолдастың
туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын.
                 Жылаңыздар, жолдастар. Жылай
тұрып, Жолмұхамед батыр біздің досымыз, туысымыз, жақынымыз болған деп мақтан
да етейік.
Полк
командирінің орынбасары                                                                 капитан
Б.Момышұлы.
8. XII - 1941
жыл».
                     Бауыржан. Әй, сен мұны
қайдан тауып алдың?
                     Автор. Жолмұхамедтің ағасы
Нұрмұхамед Бозжановтың үйінен.
                     Бауыржан. «Фашистің бетін
ғана емес, бөксесін де көрдім... Шегінбей, шабуылға шығып өлдім. Арманым жок,
аға» деді ол өлерінің алдында менің қолымды ұстап жатып. Панфиловтың өлгенін
көріп, өз қолыммен қоймағандықтан көпке дейін оны жолаушы кеткен кісідей көріп жүрдім.
Жолтайдың өлімі өзегімізді одан сайын өртеп кетті...
                       Автор. Жолтайдың соңғы
айтқаны «Арманым жок, аға» деген сөздер болды дейсіз бе?
                       Бауыржан. Иә. Бірақ жас
адамда арман болмаушы ма еді? Онысы тек менің көңіліме қаяу түсірмейін дегені
ғой. Сүйген қызы бар еді, қосыла алмай кетті. Артында ұрпақ қалмады. Одан артық
арман бола ма?
                       Автор. Сүйген қызының
аты Ақлима екен. Жолтай екеуінің соғыс басталар алдында қатар отырып түскен
суретін де көрдім. Бірақ қазанама келгеннен кейін Ақлима Жолтайдың күйігіне
шыдамай, құса болып өліпті.
                         Бауыржан. А, солай ма?
Жолтай: «Аға, мынау Сіздің келініңіз болады. Соғыс біткеннен кейін осы кісінің
қолынан шай ішетін боласыз» деп ол суретті маған да көрсеткені бар еді.
                        Автор. Сіз қазанамада
Жолтайды майдан командованиесі үкімет наградасына ұсынды деп жазған екенсіз.
Сол ұсыныс бойынша оған Ленин ордені беріліпті.
                         Бауыржан. Білемін.
                         Автор. Сол қырық
бірінші жылы 8 декабрьде айтқан уәдеңізді орындапсыз, Бауке. Жолтайдың да атын
«Москва үшін шайқас» кітабына кіргізіпсіз.
                        Бауыржан. Жок, орындай
алғамын жоқ. Менің кітабымда Жолтайдың аты ғана жүр. Ал ол туралы Қасымның
Абдоллаға арнаған дастанындай поэма жазу керек еді. Ол менің қолымнан келмеді.
Жастар бар ғой, бәлкім, жазар әлі де.
 
V
                        Есікті ашып,
Бауыржанның әйелі бөлмеге бас сұқты.
                        -       Бауке, телефонға шақырады,-деді ол
жайлап.
                        -       Мен жұмыс істеп отырмын ғой, қолым бос
емес, - деді Бауыржан қатқыл үнмен.
                       Әйел «осы сенің
мінезің-ай» дегендей күлімсірей басын шайқады да, Бауыржанның қасына келді.
                        -       Бауке, Талғат, - деді қайтадан сыбырлай үн қатып.
                      Бауыржан иегін кетерді.
Мына кісі әйеліне: «кеткін, есікті жап!» деп ұрысып тастар ма екен деп, мен
қысыла жалтақтап қалдым. Жоқ, бұл жолы Бауыржан өйтпеді.
                       - Ә, Талғат па? Талғат болса
барайын, - деп орнынан тұрды.
                       Кеңседе телефон
шылдыраса, біреумен сөйлеп отырған сөзімізді ортасынан үзіп тастап, немесе
жүріп жатқан жиналысты тоқтатып тастап, трубкаға ұмтыламыз. Үйде телефон бажылдаса
бөйтеңдеп дәлізіміздегі трубкаға жеткенше асығамыз. Бәріміз сөйтеміз. Өйткені
атам заманындағы телефонның культі осындай.
                      Баскамызды кұрдай
жорғалататын телефон-әміршінің тек Бауыржанға ғана әлі келмеуші еді. Иесінің
сырын білетіндіктен бұл үйдіңтелефоны шылдырайын ба, шылдырамайын ба деп
алдымен ойланып алатын, көбінесе, әй, койшы, босқа әуре болып қайтемін деп,
үндемей қалатын сияқты боп көрінуші еді. Шылдыраса да, шылдырамаса да Баукең
телефон жаққа бармаушы еді. Үй иесі бүгін, бұрынғы әдетін бұзып, телефонға
кетті. Сонда оны орнынан тұрғызған Талғат деген кім болды екен? - деп ойладым
мен кабинетте оңаша қалғанда. Мен ондай есімді адамды алдымен Жазушылар
одағының айналасынан, одан соң баспалар маңынан, газет-журнал редакциялары төңірегінен
іздедім. Бірақ таба алмадым. Соған бас қатырып қайтемін, жақындарының бірі
шығар дедім де қойдым. Осы кезде бөлмеге Баукең оралды.
                      Бауыржан. Талғат
Бигелдинов қой, хал-жай сұрап жатқан. - Ол орнына келіп отырды.- Сен оны білуші
ме едің?
                       -        Білемін, - дедім мен бағанадан бері Бигелдиновтың аузыма
түспегеніне өкінгендей және оған кінәлідей күмілжіп. Күмілжитінім кешегі Ұлы
Отан соғысында атағы айдай әлемге аян болған асыл азаматтың, Совет Одағының
Батыры атағын екі рет алған халкымыздың ең қаһарман ұлының есімін бүгінгі
тыныштық күннің тоқтығына масайрағандай боп, қапелімде қаперімнен шығарып алған
пенделігіме қысылғаным еді.
                        -       Жалпы білуін білесің ғой, - деді Баукең
темекісін тұтатып жатып,- Жақын келіп, шүйіркелесе сейлесіп пе едің деймін.
                        -       Сөйлескенмін. Ертеректе бір түн бірге
болып, Талғатпен ұзақ әңгімелескенім бар. Алғашында кеудесінде қос Алтын Жұлдыз
жарқыраған мұндай ерен батыр елмен сейлесе береді дейсің бе, өркекірек келетін
шығар деп ойлап едім. Оным мүлде бекер болып шықты. Талғат қарапайым,
кішіпейіл, өте жұғымтал кісі екен. Өз басынан кешкен окиғаларды да мүдірмей,
жақсы әңгімелейді.
                      Талғат Бигелдинов бұрынғы
Ақмола қаласының іргесіндегі Майбалық аулында туып есті. Кейін ата-анасымен
бірге Қырғызстан астанасы Фрунзе қаласына көшіп келді. Қаршадайынан ұшқыш
болуды армандады. Ол үшін алдымен аэроклубта оқу керек еді. Алғашында оны жасың
он алтыға толмапты деп қайтарып жіберді. Талғат он алтыға толғанша асықты. Он
алтыға толған күні салып ұрып, аэропорт бастығына тағы келді. Енді оған:
                         -      Бойың аласа екен, ұшкыш болуға жарамайсың,
- деді.
                         -      Жараймын, - деді ол ызаланып, - ұзындардан
кем ұшкыш болмаймын, ағатай.
                         Қайсар Талғат аэроклуб
бастығының табалдырығын тоздырып, «ағатайлап» жүріп, сегізінші класқа келгенде
аэроклубқа алынды. Оны ойдағыдай бітірді. Самолетті өзі басқарып ұша алатын болды.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Талғат енді нағыз әскери ұшқыш болуды алдына
мақсат етіп қойды.
                       Ол алдымен Саратовтағы
әскери ұшқыштар мектебін бітірді. Онда барлаушы самолеттерді үйренді. «Өнерді
үйрен де, жирен» деген бар емес пе. Енді оның баска машиналарды білгісі келді. Осы
оймен Орынбор училищесіне түсті. Онда истребительде,
штурмовикте ұшып
дағдыланды. Талғаттың көңілі штурмовик болуды қалады. Сөйтіп ол ұшқыш-штурмовик
болып, майданға аттанды.
                    Талғаттың Калинин, Воронеж,
Дала, 1-ші және 2-ші Украин майдандарында жасаған ерліктері орасан көп. Ол
кеште маған қазақтың қос батыры өз басынан кешкен сегіз ерлігін баяндап берген
еді. Жаңа Баукең Талғатты білуші ме едің дегенде, алдымен есіме түскен оның
сегіз ерлігінің бірі мынау еді.
                     Көзге қорашқа көңіл көншімейді.
Ежелден солай. Майдандағы штурмшы авиация полкына келген тәпелтек сержант
Бигелдиновты эскадрилья командирлерінің ешқайсысы өзіне алғысы келмеді. Талғат
әр командирдің бетіне жаутаңдай қарап, жалынғандай болды. Ақыры адамы толмай
қалған бір эскадрильяның командирі оны еріксіз қабылдауға мәжбүр болды.
                      -         Сержант, - деді командир Бигелдиновқа қабағын шытып, - менде
ұшқыштар ұнатпайтын он үшінші номерлі машина бар. Соған мінетін болсаң ғана
сені қабылдаймын.
                      -         Мінемін! - деді Талғат жігерлі түрде. - Ұшқыштар одан он үш
саны - «шайтан дожынасы» деп қашатын шығар. Қазақтар шайтаннан қорықпайды. Халық
аңызының қаһарманы Алдар Көсе шайтанды астына ат етіп мінген...
                       -        Сен өйтіп батырсынба, - деді командир Талғаттың бойын көзімен
қайтадан бір шолып өтіп. - Талай ер жігіттер ол самолеттен сәтсіздікке
ұшыраған.
                        -       Өз жанымды олардан артық деп
есептемеймін! - деді Талғат.
 
VI
                     Он үшінші номерлі
штурмовикпен Талгат тапсырма орындай бастады. Бірнеше жауынгерлік сапар сәтті
аяқгалды. Бір күні Талғаттар «Демьян қапшығына» түскен жау шебін ойсырата бомбалап,
өз аэродромына қайтып келе жатты. Жолда оларға жаудың
бірнеше
истребителі тап берді. Совет штурмовиктері жан сауғалап, жер бауырлай ұшуға
мәжбүр болды.
                     Бір истребитель
Биғелдиновтың соңынан түсті. Пулеметтен бытырлатып атып келеді. Штурмовиктің
жан-жағы жау оғынан шұрқ-шұрқ болды. Оған қарай совет самолетінен оқ атылмады. Осыған
карап жау ұшқышы штурмовикте атқыш-радист жоқ
екенін білді де,
енді мен мұны жетектеп әкетейін деп ойлады. Талғаттың самолетімен қатарласа беріп
ол: «Кері бұрыл, менің алдыма түс!» дегендей ым жасады. Бұл бұйрығымды қалайда
орындайсың дегендей, ыржиып күлген болды. Талғат басын шайқап, сұқ саусағын
алға созды. Бұл оның: керек болса өзің түс, мен сенің алдыңа түсе алмаймын дегені
еді.
                   Фашист ұшқыш қатуланып,
машинасын кері бұра бастады. Самолеттің шапшандығын тежеу үшін салақтатып
доңғалағын шығарып жіберді. Сөйтіп ол Талғаттың артынан келіп, асықпай жәукемдемекші
болды. Талғат осы кезде штурмовикті шұғыл бұрып, бүйірден кері қарай өтіп бара
жатқан истребительді нысанаға алып, оқты төгіп-төгіп жіберді. Жау
истребителінен бұрқ етіп қара түтін будақтады. Сол түтінді шұбатып барып, ол
біздің жерге қонды. Талғат қатты зақымданған самолетін әрең басқарып,
аэродромға қарай тартты.
                     Бұрын шабуылды тек
истребительдер ғана жасайды. Штурмовиктер олардан жер бауырлай қашып, құтылуға
тырысуы керек деп есептелуші еді. Авиацияда қалыптасқан бұл қағиданы Талғат
бірінші боп бұзды. Ол штурмовикпен истребительге шабуыл жасады. Жасағанда оны
жеңіп, жерге түсірді. Бірақ мұны Талғат ешкімге айтып жатпады. Бұл сапарда
бірнеше жауынгер серіктерінен айрылып қайғырып қайтқан ол жаудың бір самолетін
құлаттым деп мақтану парықсыздык болар деп білді.
                    Ертеңіне оны полк командирі
шақырды.
                     - Кеше кешке он үшінші номерлі
машинамен тапсырмадан қайтқан сіз бе?
                      - Мен, - деді Талғат.
                      - Жолда жау истребителін
құлаттыңыз ба?
                      - Құлаттым.
                      - Оны неге айтпадыңыз,
сержант?
                      - Олар біздің бес самолетімізді
құлатып кетті. Ал мен олардың бір самолетін бүлдірдім деп мақтанғым келмеді,
жолдас полковник.
                       -        Сіз қандай жауды құлатқаныңызды білесіз бе?
                       -        Жоқ.
                       -        Ол
Европа аспанында жүз сегіз самолет атып түсірген фашистердің ең атақты
ұшқыштарының бірі екен.
                        -       Ол жүз сегіз самолет атып түсіргенімен,
менің құлатканым бір-ақ самолет қой, жолдас полковник.
                         -      Сізге армия қолбасшысының атынан және өз
атымнан алғыс жариялаймын.
                         -      Совет Одағына қызмет етемін!..
                         Міне, Талғат айтқан
сегіз ерліктің ең алдымен есіме түскені осы еді.
                         Автор. Бигелдиновпен
бір рет әңгімелескенім бар еді, Бауке, - дедім Бауыржан бұрқ еткізіп аузынан
түтін шығарған кезде. - Бір блокнот етіп жазып та алғанмын. Ол кезде көзі тірі
Совет Одағының Батырларымен әңгімелесіп, олар жайында көркем очерктер жазсам,
«Біздің батырларымыз» деген атпен жеке кітап етіп жарияласам деген ойым болушы
еді. Кезінде Ұлы Отан соғысына байланысты көптеген кітаптар жинап, оларды оқып
та жүрдім. Мәселен, Талғатпен әңгімеден кейін оның майдан қолбасшысы
Совет Одағының
Маршалы И.С.Коневтың «Майдан қолбасшысының жазбалары» деген кітабын оқып, оның
5-ші әуе армиясының қолбасшысы генерал С.К.Горюнов пен І-ші штурм авиациясы
корпусының командирі генерал В.Г.Рязановтың аттары аталған жерлеріне «Б.Т.» деп
белгілер соғып отырдым. Бигелдинов қызмет еткен 144-ші штурм авиациясы полкы
генерал Рязановтың корпусына қарайтын да, ал ол корпус генерал Горюнов армиясы-
ның құрамына
кіретін. «Б.Т.» белгісі «Бигелдинов Талғат» дегенім, оның ерлік соқпақтарының
сүресін осы тұстардан іздеймін дегенім болатын. Ішінде талай солдаттардың,
генералдардың, бір рет батыр атағын алған ерлердің де аттары аталатын Отан
соғысының жанды документі бұл тамаша кітаптан Совет Одағының Батыры атағын екі
рет алған Бигелдинов есімін кездестіре алмай, әттеген-ай, ақсақал 1945 жылы Москвада
болған Жеңіс парадында өзінің қасында І-Украина майданының жеңімпаз туын
желбірете көтеріп
өткен Талғатты
есінен шығарып алған екен-ау деп, алғашында ептеп өкініп те қалғанмын. Бірақ
майданда атақты адамдар көп, оның бәрін бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес қой
деп, өзімді өзім және жұбатқанмын. Бірақ мен тірі батырлармен тілдесіп жазсам
деген ол кітапты
жазбадым.
Өйткені уақытында оның жөн екен деген ешкім болмады. Оның керісінше, әркімдер:
оларды іздеп әуре болып қайтесін, одан да ойдан алып роман жазбайсың ба десті. Ақыры
мен ол ойымнан ажырап қалдым. Айтқанды ғана істеп, айтпағанға аяқ баспау деген
әдет біздін жазушыларда да бар ғой. Баспаның жоспарына ілінген нәрсенді ғана іс
етуге дағдыланып алдық емес пе?
                  Бауыржан. Ол сенің
табансыздығың. Ойға алған ісіңді орындаудың қиындығынан қашып, оңай іске ұмтыла
берсең, оған өзіңнен басқа ешкім де кінәлі емес. Понятно тебе?               Онда менің шаруам жоқ.
                 Бұл сөзді бекер бастаған
екенмін деп ойладым да, мен тезірек ол әңгімеден аулақ кетуге тырыстым.
                   Автор. Талғат ең алғашында
Калинин майданында болған екен. Старая Русса мен Демьянскідегі дұшпанды
бомбалап, жердегі сіздерге ол көктен көмектескен керінеді.
                  Бауыржан. Білемін. Ал сен
оның біздің әскерлер Берлинге такағанда жападан-жалғыз Берлинге ұшып барғанын
білесің бе? - «Білемін» десем, тағы бір пәлеге қалармын деп қауіптендім де, «білмеймін»
дедім. - Білмесең ол фашистер соғыс бастағаннан кейінгі төрт жыл ішінде
Германия астанасына кірген бірінші совет адамы, бірінші қазақ! Талғаттың
Берлинге сондағы сапары бірі иіріліп, бірі басын қақшитып аспанға көтеріп, бірі
тілін қайраған қанжардай жалақтатып, бықып жатқан ордалы жыланның ордасына
жалаң аяқ жүгіріп кіріп, олардың былқылдаған мұздай суық денесін тұла бойың
түршіге табаныңмен таптап өте шығумен пара-пар. Бір жылан шағып қалса, шаруаң
бітті емес пе? - Бауыржан
мұрты тікірейе,
бажырайып маған карады. Мен басымды изедім. Ол орнынан тұрып, этажеркаға қолын
созды. - Білмесең мына кітаптың мына жерін оқы қазір! - Бауыржан бетін ашып,
қолыма ұстатқан кітаптың сыртына қарасам, Талғат Бигелдиновтың «Аспандағы
айқастар» деген кітабы екен. Бұл кітапты бұрын оқығанмын деп айтуға батылым
бармады да, Баукеңнің көрсеткен жерінен бастап, күбірлеп оқи бастадым. -
Дауысынды шығарып оқы! - деді ол қатаң үнмен.
                  Мен кітаптың 108-бетінің
басынан бастап, дауыстап оқуға кірістім.
VII
                «Майдан шеті Берлинге жүз алпыс
километр қалған. Біздің полк шағын бір қаланың қасына орналасқан-ды.
Гитлершілердің бекінісін бұзуға жер бетіндегі әскерлерімізге көмектесіп, біз шабуылға
күн сайын ұшып тұрдық.
               Бірде таңертең полкқа генерал
Рязанов келе қалды. Кешікпей оған мені шақырды. Кіріп келіп баяндадым. Корпус
командирі менімен амандасқан соң, «отыр» деді.
                  - Планшетіңізді көрсетіңізші,
- деді генерал.
                 Планшетімді ашып, картаны
көрсеттім. Рязанов қарап отырды да:
                     - Е, картаңыз жетпейді
екен, - деді.
                     - Неге жетпейді? Майдан
шетінен әрі елу километрге әбден жетеді.
                    - Жетпей жүрер.
                   Генерал маған барлай қарады
да, полк штабының бастығы подполковник Ивановқа:
                    - Капитан Бигелдиновтың
планшетін алыңыз да, тағы да бір парақ жапсырыңызшы, - деді.
                  Штаб бастығы бұл бұйрықты
орындап болғанға дейін корпус командирі самолеттің жайын, өз көңіл күйімді сұрастырды.
Мұның не қажеті бар екен деп түсіне алмай отырмын. Сол екі арада планшетім
қолыма тиді де, онда енді Берлиннің картасы пайда
болғанын көрдім.
                      - Луккенвальде жағынан
Берлинге барасыз, - деді генерал әр сөзін сараптап, салмақтай сөйлеп. - Қаланың
батысында көпір бар. Соны тексеріңіз. Одан әрі - Потсдам. Онда не болып жатқанын
көргейсіз. Сонсоң үйге қайтыңыз. Үшудың биіктігі елу-сексен метрден аспасын.
Міндет түсінікті ме?
                 Міндет түсінікті еді. Мені
ойға қалдырып отырған ұшудың өлшеулі биіктігі ғана. Барлауға сан рет шығып
жүріп, биіктік туралы ешқашан сөз болған емес-ті. Әдетте жағдайға қарай өзім
қалаған биіктікте ұша беретінмін. Енді болса...
                       -        Сізді биіктік жөніндегі нұсқау ғой ойландырып отырған, - деді
менің көкейімді тани қойған генерал. - Таңырқамай-ақ қойыңыз. Бұл жолғы сапарыңыз
өте қиын болғалы тұрғандықтан ұшуыңызға ең қауіпсіз осы биіктік.
                        Иә, бұл бір қиын сапар
екені рас көрінеді. Жау ордасына жалғыз өзім жүз алпыс километр ұшып баруым
керек. Және мұның өзі тапа тал түсте. Берлинді зенитті артиллерия қызғыштай
қорғап тұрғанын өзім жақсы білемін. Әрі түнде, әрі өте жоғары
биіктікте ұшқан
бомбардировщиктердің де аман қайтқаңдары кемде-кем.
                     - Рұқсат етсеңіз, бір өтінішім
бар еді, - дедім картаны жиып алған соң генералға қарап.
                       -        Айтыңыз өтінішіңізді.
                       -        Атқышсыз ұшуыма рұқсат етсеңіз.
                        -       Неге?
                       -        Үшу сапары өте қауіпті. Мен... - деп бөгеліп қалдым, - жолдасымның
өміріне қатер тенбесе екен дегендіктен айтып тұрмын.
                        -       Мұндай көңілсіз ойлардың керегі не! -
Рязанов қасыма келіп, қолын иығыма артты. - Бәрі ойдағыдай аяқталады.
Командование барлаудың нәтижесін күтеді. Атқыш жөніне келсек, оны өз қалауыңыз
білсін. Ал, жолыңыз болсын, капитан.
                     «Ильюшин» міне, әуеге
көтеріліп те кетті. Төменде не көргенімді команда пунктіне түгел үздіксіз
баяндап келемін. Луккенвальде артымда қалды, Берлинге дейін енді жиырма
километрден аспайды.
                      Ойда жоқта тап алдымнан
аэродром, онда самсап тұрған истребительдер көрдім. Мәссаған!
                      Дереу қырын бұрылдым да,
газды аямай беріп, қауіпті өңірден қаша жөнелдім. Ағашы селдір орманның
арасымен бірде жерге тие жаздап төмен, біресе жоғары ұшып келемін. Аэродромнан
аулақ кетейін деген жалғыз ғана ой бар басымда. Неміс истребительдерінің әуеге
екеуі ғана кетерілсе болды, мені оп-оңай жоқ қылады.
                      Сәті түсіп, әйтеуір,
аэродромдағылардың көздеріне шалынбай кеттім. Команда пунктіне едәуір мезет жауап
бере алмадым да, ондағылардың мазасы кете бастапты.
                       -        Он үшінші, неге үндемейсіз? Он үшінші, неге үндемейсіз? - деген
үрейлі дауыс естіледі шлемофоннан.
                       Аэродромнан ұзап алған
соң, байланысымды қайтадан бастап, истребительдер жайын екі сөзбен хабарладым.
Сөйтсем, бір жарым сағаттан кейін біздің полктан екі эскадрилья келіп атака
жасап, аэродром құртылыпты, самолеттер сол тұрған орнында өртеліпті.
                      Берлиннің шет аймақтары көрінді.
Бірнеше минут өткен соң орталық көшелер үстімен ұшып келемін. Төменде қаптаған
адамдар, машиналар. Скверлерде, алаңдар мен сау тұрған үйлерде орнатулы
жүздеген зениткалар. Иә, генералдың биіктік туралы айтқаны дұрыс екен. Бес жүз
- алты жүз метрге көтерілейінші, зенитчиктердің қағып тастайтыны даусыз. Мына
қалпымда «Ильюшин» зу етіп үстерінен өте шыққанша олардың мойындарын
бұрып та үлгере
алмайтындары анық.
                      Міне, көпірге де келдім.
Оның үстінен төрт катар шұбап танктер, бронетранспортерлер, жаяу әскер тиеген
автомашиналар өтіп барады. Мұны команда пунктіне хабарладым да, атака жасауға рұқсат
алдым.
                      - Атака жасаушы болма! Қой
оны! - деген қатаң дауыс естілді.
                     Шынында да атака жасасам өзімнің
мерт болуым мүмкін еді. Жаяу әскерлер сасқалақтамай қимылдады дегенше самолетті
мылтықтың өзімен-ақ атып түсіре алады. Өзің осындай барлауда жүргенде ондай
тәуекелге бару орынсыз болар еді.
                     Бұрылып алдым да,
Потсдамға тарттым. Менің келу сапарым немістерге ойыншық көрінбеген болуы
керек, Потсдам шетіне жете бергенде алдымнан кұлшына атқылаған зениткалардың
кәріне тап болдым. Жалт бұрылып, екінші жағынан енуіме тура келді. Зениткалар
мұнда да гүрсілдете қоя берді. Сонда мен үйге құр алақан қайтпақпын ба? Жоқ,
мен мұнда тектен текке ұшып келгемін жоқ.
                      Сәл жоғары көтерілдім де,
артиллерия шебіне шүйіле құлдырап келген бойда бомбалар тастап, зеңбірек пен
пулеметтен оқ жаудырдым. Батареяның үні өшті. Сол саңылаудан өте ұшып, Потсдам
үстін бір айналып, артиллерия шептерін фотосуретке түсірдім де, зениткаларға
қайтадан атака жасап, арыздасып-қоштасып жатқан Гитлер Германиясы астанасының
төңірегінен сытылып шыға бердім.
                       Енді үйге қайтуыма
болады. Берлинге қарап ұшқандағы ізіммен оралып келемін. Тек аэродромды алыстан
орағытып өттім. Оны біздің жігіттердің тып-типыл еткенінен хабарым жоқ қой
менің.
                       Майдан шетінен өттім.
Енді көкіректі кере дем алуға да болады. Орындығымның арқалығына шалқая кетіп,
бір секундтай көзімді жұмдым. Сонсоң сағатқа қарадым да, өз көзіме өзім сенбедім:
барлау сапары көп болса 20-25 минутқа ғана созылған
секілді еді,
әуеде мен ұшып жүргелі бақандай екі сағат болыпты.
                       Аэродромға келіп, жерге
қонуым сол екен, достарымның он шақтысы жапырласа жүгіріп келіп, мені кабинадан
суырып алды. Ұшқыштар, механиктер, атқыштар мені аспанға лақтырып жүр. Әлдене
күйге ұшырайды деп, достарымның зәре-құты қалмаған екен.
                      Команда пунктіне қарай
келемін. Генерал Рязанов сонда болатын. Мен ұшып жүрген уақыттың бәрінде де ол
радистің қасында отырыпты. Баяндадым. Генерал құшақтап, бетімнен сүйді.
                      - Саған алғыс айтамын,
Бигелдинов, - деді менімен тұңғыш рет «сен» деп сөйлесіп. - Командование атынан
алғыс айтамын! Одақтастар авиациясынан күндіз Берлин үстіне алғаш ұшып барған
сенің самолетің екеніне мақтануыңа болады!..»
                     Бауыржан. Жоқ, мұны жалғыз
Бигелдинов қана емес, мына біз, біздің болашақ барлық ұрпақтарымыз мақтаныш
етеді! Бигелдинов Ұлы Отан соғысыңда қазақ халқы ерлігінің ең жоғарғы нүктесі!
«Еріне қарап елін, тасына қарап тауын таны» деген. Біздің
еліміздің
ерлігін ерекше танытқан халқымыздың ардагер ұлы ол. Совет Одағында ұлдары екі
рет ер атағын алған ұлт көп емес. Біз сол аздың біріміз! Сенбесең жан-жағыңдағы
көршілес республикаларға көз салып, саусағыңмен санап көр. Ендеше ол - біздің ұлттық
мақтанышымыз! Әскери әуе академиясын қазақтан тұңғыш бітірген сұңқарымыз да
сол! Мен саған 207 рет ұрысқа кірдім дедім. Бірақ мен неше рет ұрысқа кірсем
де, табанымды тіреп жерде жүрмін ғой. Жердің адамға әр бұтасы болысады. Жер -
қазсаң қорғаның болып және шыға келеді. Ал Талғат 320 рет әуе жорығына шығып,
бес жүз сағаттай аспанда болған. Сол сапарлар кезінде жаудың орасан көп танк,
автомашиналарын бомбалап құртып,
жүздеген жаяу
әскерінің күлін көкке ұшырған. Жау самолетін жәукемдеу штурмовиктердің шаруасы
емес, истребительдердің сыбағасы. Ал Талғат штурмовикпен жүріп жаудың жеті
самолетін және жер жастандырды. Ал аспанда болған сол бес жүз сағаттың әр секунды,
компастың тіліндей қалтылдап, өлім мен өмір сызығының екі шетін кезек жанап,
безек қақты емес пе? Сонымен бірге ол екі рет оқ тиіп өртенген самолеттен жерге
қарғыды. Бірінде он бес күн бойы жау жайлаған жерде аш жүріп, ағаш кеміріп,
аяқтан әл кеткенде төрт тағандап ілгері ұмтылып, ерлікпен өз полкына келіп
қосылды. Қоршауда қалған батальон мен жалғыз кісінің арасы жер мен көктей.
Көптің аты көп: біріне бірі сүйеу, демеу,
күш, куат қой.
Жалғыз адамның жағдайы басқаша. Олай болса нағыз ер деп, ердің де ері деп сол
Талғаттарды айтуымыз керек! Кеше, соғыстан бұрын, «Егер соғыс болса, егер жау
қаптаса» деп ән айтушы едік қой. Сол сияқты, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей,
ертең Отанға қауіп төнсе лек-легімен жауға аттанған қазақтардың ерлік туына
есімі ұран болып жазылатын ерлердің бірі Бигелдинов! Ендеше ондай ерді кұрметтей
білуіміз керек! Бүгінгі
батырды қадірлеу
ертеңгі ұрпақтың ұранын ардақтау. Понятно тебе, - деп Бауыржан зірк етіп сөзін
аяқтады.
 
VIII
                       Бауыржанның әйелі тағы
да есік ашып, ішке кірді. Біздің әңгімемізге бөгет болғысы келмегеңдей, аяғының
ұшымен басып келді де, Баукеңнің қасына бір буда газет әкеп тастап, қайтадан шығып
кетті. Тегі бүгінгі почта болуы керек. Ең үстінде жатқан «Правдаға» көзім түсті
де, Баукеңнің «Правда» редакциясында болып, жарты сағат сөз сейлегені есіме
түсті.
                       Бірде біздің жазушыларымыздың
бірі Латвиядан қайтып келе жатып, Москваға соғады. «Бухарест» қонақ үйінен орын
таба алмай тұрған оған сонда жатқан Момышұлы кездеседі.
                      - Жеңгең ауруханада еді.
Қысылып тұрсаң менің номеріме жайғасып, оның орнына жат, - дейді Баукең.
                      Бұл февральдің орта тұсы
болса керек. Жазушы Бауыржанның қасында он шақты күн жатып, одан көп әңгімелер
естиді.
                      22 февраль күні таңертең
телефон шылдырайды. Баукеңнің қасындағы қоңсы жазушы трубканы көтерсе:
                       -        Бұл «Правда» редакциясынан ғой. Бізге Момышұлы жолдас керек
еді, - деп ар жақтан жұмсақ үнді ер адам үн қатады. Ол трубканы Бауыржанға береді.
                       Баукең трубканы алып
тыңдап тұрады да: «Қашан, қай сағатқа, қанша минутқа?» деген екі-үш сұрақ қояды
да: «Правдашылар үшін оны істеуге болады, Паша» деп трубканы жабады.
                      Ертелетіп телефон соккан
адам Жамбылдың бұрынғы аудармашысы, 8-ші гвардиялық дивизияның «Отан үшін»
газетінің алғашқы редакторы, ол кездегі «Правда» газетінің қызметкері Павел
Кузнецов екен. Правдистер ертең, 23 февральда Момышұлы бізге келіп жарты сағат
әңгіме айтып берсе екен деп өтініпті. Сағат бірде алты жүз адам «Правданың»
актовый залында күтіп отырмақ екен. Бірге таман көлік жібереміз депті.
                       Содан кейін Бауыржан
іштей толғанып, ойланумен болады. Көршісімен арадағы бұрынғы әңгіменің бәрі
қалады. Баукең бөлмеде арлы-берлі жүріп, ертең сөйлейтін сезін толғата бастайды.
Ешқандай жазу жазбайды.
                      Ертеңінде сағат он екі
жарымда Баукең атақты «қара көбелек» галстугін тағып, шытырдай боп киінеді. Сөйтеді
де, бірге он минут қалғанда бөлмеден шығып кетеді.
                     Біраз уакыттан кейін
Бауыржан қайтадан бөлмеге келіп, шешіне бастайды. Қоңсы жазушы сағатына қараса
бірден қырық минут кетіпті. Тегі көлік келмеген болар, Баукең содан соң қырсығып
қайтып келген шығар деп ойлайды да:
                      - Бауке, «Правдаға» бардыңыз
ба, бармадыңыз ба? - деп сұрайды.
                      - Бардым.
                      - Кездесу болмады ма?
                      - Болды.
                      - Тіпті тез ғой.
                     - Правдашылар деген
тәртіпті халық қой. Мен барсам актовый зал лық толып отыр екен. «Москва
түбіндегі қорғаныс ұрыстары және оның Ұлы Отан соғысы тарихында алатын орны»
деген тақырыпта жиырма минут сөз сөйледім. Правдашылар менің сөзімді
Бөліп, үш рет қол
шапалақтады. Менің сөзімнен кейін: Сіздің ордендеріңіз көп дейді ғой, оның
бәрін қай жерге тағасыз? - деген сұрақ қойылды. Мен оған: Отан берген, халық
сыйлаған наградаларым өте көп. Оларды, басқа да совет қолбасшылары сияқты,
кителімнің екі өңіріне қадаймын. Сыймағандарын арқама тағамын, алқа етіп
мойныма асып аламын! - деп жауап бердім. Жұрт ду күліп, тағы да қол соқты.
                        Автор. Осы оқиға рас
па, Бауке?
                       Бауыржан. Ы-ы-ың...,- деп алдымен сәл
ыңылдап алды.- Рас. Бірақ онда екі сұрақ қойылған болатын.
                        Автор. Екіншісі қандай
еді?
 
IX
                       Бауыржан. Екінші сұраққа
көбірек жауап беруге тура келді. Бір журналист әйел: «Панфиловтың аузынан
шыққан қандай қанатты сөздерді білесіз және оның қандай жағдайға шығарылғанын
айта аласыз ба?» деді. Мен оған: Панфилов өте дана адам еді. Ол кісінің аузынан
шыққан нақыл сөздер орасан көп. Сізге мен соның қапелімде есіме түскендерін ғана
айтайын,- деп, бір-екі деп номерлеп, мына сөздерді айтып бердім.
                      1.          Дүние толастамай мен шинелімді шешпеймін. Болашақ ұрпақтың
өмірі мен өнері, бақыты мен байлығы - осы сұр шинельдің ішінде.
                    -           Бұл генерал-майор Панфиловтың 1941 жылы августа,
дивизиясын майданға бастап шығып бара жатқанда Алматы вокзалының перронында
тұрып айтқаны.
                       2.         Байыптап істелген батылдық - әскери
таланттың туысы.
                       -        Бұл артполктың командирі полковник Кургановтың бір батыл
ісіне сүйсініп айтқан сөзі.
                       3.         Кішкентай табыс - үлкен жеңіске
үміттендіреді. Ол солдаттың жауды жасқауға және жаныштауға деген сезімін
тудырады.
                       -        Бұл дивизия ең алғаш Крестцы деревнясы маңында бекініс жасағанда
жау тылына барлаушылар жіберіп, оларды жауға жанастырып үйрету жөнінде полк
командирі полковник Шехтманға берген кеңесі.
                        4.        Шеп құрдың - шатыр тіктің. Шатырыңды жел
ұшырып кетпеу үшін қазығыңды мықтап кақ.
                        -       Бұл дивизия 1941 жылы 7 октябрьде
Волоколамск түбінде тосқауылға тұрған кезде айтқаны.
                       5.         Фашистер жегенді, одан соң ішкенді
жақсы көреді. Ендеше анау консерв-гранатты танктың табанына жемге беріңдер де,
ал өртенгіш сұйық затты сусынға ұсыныңдар. Шақырылмаған қонаққа бұдан артық
сыйлық болмайды. Жақсы солдат жан сауғаламайды. Ол ақылмен, айламен, ынтамен
соғысады. Фашист болат қораптың ішінде ғана батыр. Сыртындағы қабығын сыдырып
тастасаң, сары үрпек балапанның өзі болады да қалады. Содан соң танкты табаға
айналдырып, оларды шыжылдатып шығару сендердің қолдарыңда.
                        -       Бұл генерал Панфиловтың Москва түбінде
дұшпанды қарсы алар алдында жау танкіне тоқпақ граната мен жанғыш затты қалай
лақтыруды өз қолымен көрсетіп, алғы шептегі жауынгерлерге айтқан ақылы.
                        6.        Мергенге қырағы көзбен қоса, қыңқ етпес
төзім керек. Көз - көреді, төзім - жеңеді.
                       -        Бұл дивизияның атақты мергені Төлеуғали Әбдібековке берген
кеңесі. Генерал Панфиловтан ақыл алған бұл батыр қазақ 397 фашистің көзін
жойып, 1944 жылы 22 февральда ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты. Оның ТВ-2916
номерлі мергендік винтовка-
сы қазір Қазақстанның
Орталық музейінде сақтаулы тұр.
                         7.       Әскери карта - ардақты документ. Ол - тарихтың, ұлы шайқастар
тарихының тамшысы. Карта - мыңдаған адамдардың өмірі мен өлімінің өмірбаяны,
шешен шежіресі.
                        -       Бұл Волоколамск қорғаныс шебінде тұрған
кезде генералдың картасын абайсызда жыртып алған штаб бастығының көмекшісі Колокольниковке
ренжіп айтқан сөзі.
                         8.       Беліне байлаған котелогы жок солдатты қарусыз
солдат деп
есептеу керек.
                         -      Бір жолы генерал кухнядан жапырлай ас ішіп
жатқан солдаттардың қасына келеді. Олардың біреуі ас ішсе, екіншісі жолдасының
котелогіне телміріп қарап отырғанын көреді. Сұрастыра келсе, телміріп отырғандар
бөлімге жаңадан келген жауынгерлер болып шығады, олар жолдасының котелогы
босауын күтеді. Бұған катты кейіген генерал полк командирі Капровты шақырып алып,
дереу полкта котелок жасатуға бұйрық береді. Капров генералға полкта котелок
жасаттыратын лайықты материал жоқ екенін айтып, ақталады.
                       -        Материал деген мынау емес пе? - деп генерал сол маңда шашылып
жатқан мырышталған темірден жасалған патрон қораптарын нұсқайды. - Осыдан үш
күннің ішінде алты жүз котелок жасаттырыңыз және бірінші біткен котелокты маған
алып келіңіз.
                       Полковник Капров бұл
бұйрықты орындап, жасатқан котелоктарының біреуін генералға алып барып
көрсетеді. Генерал котелоктың ішіне ыстық су құйдырып, сақылдатып қайнаттырады
да, оны төктіртіп тастайды.
                       Содан кейін таза су
қайнаттырып, оған өз қолымен шай салып, Капров екеуі сол котелоктан шай ішеді. Жоғарыдағы
сөзді генерал сонда айтады.
                        9.        Тезімділік - солдаттың төтенше қаруы.
                       10.       Сен менің қызымсың, ал солдаттар - ұлым.
Әр солдаты ағаңдай көріп, оларды ажалдан арашалай біл, Валюша.
                         -      Бұл екі сөз генералдың медсанбатта
медсестра боп қызмет істеп жүрген өз қызы Валентина Ивановнаға ұрыс арасында
бір кездескенде айтқан өсиеті.
                         11.     Солдатты сыбап боқтай беру сардарлықтың белгісі
емес. Солдат сыйлаған сардар ғана қадірлі командир.
                           - Бұл генералдың
Афанасьев деген майорға ренжіп айтқаны.
                          12. Ауыр ұрыс кезінде
полктарда болғым келеді. Ауырып жатқан баланы әкесі мандайынан сипаса, ол
едәуір әлденіп қалады. Ал ұрыстағы солдат аурумен емес, ажалмен айқасады.
Командирі қасында болса, солдат ешкашан да ажалға әл бермейді.
                           - Бұл генералдың
Волоколамск ұрыстары кезінде алғы шептегі бөлімдердің бірінде комиссар
Мұхамедияровқа айтқан сыры.
                          13. Біздің дивизияның
жауынгерлері тоңса, жау танктерін өртеп, соның отына жылынады. От өшіп бара
жатса, олар тамыздыққа тағы да танк әкеп салады.
                          -  Бұл генералдың Дубосеково оқиғасынан кейін
аязды күні қолын отқа жылытып отырып, дивизия комиссары Егоровқа айтқан сөзі.
                          14. Немістер біздің
дивизияны «тағы дивизия» деп атайтын көрінеді. Ол біздің адамдарымыздың тағылығынан
емес, олардың тағыларды таяқтай білетіндігінен болса керек.
                          -  Бұл генералдың өз қызы Валентина Панфиловамен
ең соңғы кезде айтқан әңгімесінен.
                           15. Жауға жақын
тұрсаң, оның жанын шығарасың. Алысқа көз жеткенмен, қол жетпейді. Жауды көз көргенімен,
қол ғана тұншықтыра алады. Ендеше комаңдир мен штаб бастығы артта емес, алда, ұрыстың
ұрымтал жерінде отыруы керек. Сонда ғана көз жеткенге қол да жететін болады.
                         -      Бұл генералдың дивизия штабының бастығы
полковник Серебряковқа штабты жау оғының астында тұрған Гусеново селосынан
кейін көшіру туралы ұсынысына айтқан жауабы.
                         16.  Гвардияшы болу - қиын іс; совет гвардияшылары
қиындықтың бәрін де жеңеді! Жеңіске жол ашады! Жеңісті қолымен жасайды! Совет
гвардиясы атағын алу, совет гвардияшыларын басқару - аса зор абырой!
                        -       Бұл 1941 жылы 18 ноябрьде «Правданың»
әскери тілшісі Михаил Калашников генералдың Гусеноводағы штабын іздеп келіп,
«Правда» газетінің 316-шы дивизияға 8-ші гвардиялық дивизия атағы берілгені
және оның жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталғаны туралы Указ басылған
номерін әкеп бергенде айтқаны.
                         17. Өлді деген осы!..
                         -      Бұл генерал Панфиловтың өлер алдындағы
соңғы сөзі. Иван Васильевич қырық бірінші жылы 18 ноябрьде Гусеново селосында
оққа ұшты. Бірақ ол өмірін немістерге арзанға берген жоқ. Панфиловтың көзінің
тірі кезінде оның дивизиясы жаудың 30 000 солдатын өлтіріп, 170 танкін өртеген
болатын. Генерал Панфиловтың жаудан ала жатқан «жастығы», міне, осындай
болатын!
                        Осы кезде залдағы
журналистер тағы да ду қол соқты. Қол соғу тоқталғаннан кейін мен былай деп сөзімді
аяқтадым:
                         -      Генерал Панфиловтың бұл ақыл, нақыл
сөздері - біздің дивизияның тарихы. Әңгімемнің соңында менің сіздерге ол
кісінің тағы бір сөзін айтқым келіп тұр.
                        Бірде Панфилов
санбаттың аспазы Сергеев деген солдатқа былай деген еді:
                         -      Аш солдатты маса да сүзіп құлатып кетеді.
Адамдарды аш қылмай, уақытында ауқаттандыру - аспаздың ең ұлы ерлігі!
                          Генерал айтқандай,
маса сүзіп құлатып кетпеуі үшін, менің сіздерді түскі тамаққа босатқым келіп
тұр. Тындағандарыңызға рақмет.
                         Жұрт тағы да күліп, қол
соғып жатты. Мені алғашында правдашыларға таныстырып, сөз берген Павел Кузнецов
журналистер атынан рақмет айтты. Мен ешқайда бұрылмастан редакциядан шықтым да,
есік алдында әзір тұрған машинаға мініп, қонақ үйге
келдім.
 
X
                        Автор. Генералдың
өзіңіз тікелей естіген ғибрат сөздерінен айтпаған екенсіз ғой.
                        Бауыржан. Генералдың
біздің батальонның окоптарын аралағандағы бір сөзін айтайын деп едім, айтпадым.
Өйткені правдашыларды да аяу керек қой. Оларға түскі демалысқа берілгені бір сағат
қана уакыт. Оның жартысын мен жеп қойдым. Біздің батальон Лама өзенінің
жағасында тұрған кезде генерал келіп, шебімізді, бекініс орындарымызды өз
көзімен көріп қайтты. Ұзын ордың ішінде біреулер темекі тартып, біреулер хат
жазып, енді біреулер мылтықтарын тазалап отыр екен. Генерал келгенде бәрі де
орындарынан ұшып тұрды. Бір жауынгер мылтығын тазалап болып, енді ғана затворын
орнына салғалы жатыр екен. Генералды көргенде сасқалақтап қалған ол орнынан
тұра бергенде затворын қолынан түсіріп алды.
                           - Халдарыңыз қалай,
балаларым, - деді генерал жігіттермен сәлемдескеннен кейін. - Жауды қарсы алуға
әзірсіздер ме?
                           - Әзірміз.
                           - Дайынбыз, жолдас генерал.
                          Генерал жаңағы
затворын жерге түсіріп алған жауынгердің жанына келді.
                          -  Сіз генералды көргенде сонша сасқалақтадыңыз,
ал жау кеп қалғанда қайтесіз? - деді ол жауынгерге жұмсақ үнмен.
                           - Сасқалақтағаным -
генералымды сыйлағаным, генералды сыйласам - жаудан жасқанбағаным ғой, жолдас
генерал, - деп жауап берді солдат.
                           - Бәле, рақмет, -
деді генерал күлімдеп. - Мені сыйлағандарың жаудан жасқанбаңдар.
                           - Жасқанбаймыз.
                          -     Жасқануды қойдық қой, жолдас генерал, -
десті жауынгерлер жамырай үн қатып.
                         Генерал жаңағы
жауынгерге қайта бұрылды.
                         -      Мынау қолыңыздағының аты не, жолдас жауынгер? - деді генерал
алдымен солдатгың қолындағы винтовканы, одан соң затворды алып, орнына салып
жатып.
                         -      Винтовка, жолдас генерал.
                         -      Сіздің солай жауап береріңізді біліп едім,
- деді генерал мылтықтың тұмсығын жоғары көтере мушканы сығалай көздеп жатып.
Содан кейін шаппаны шырт еткізе саусағымен тартып қалды. - Винтовка деген не?
                          -  Қару, жолдас генерал.
                          -    
Бұл тек қару ғана емес, сіздің тағдырыныз, жолдас жауынгер. Сіз мұны күтіп ұстасаңыз,
мен сіздің винтовкаңыз таза емес деп тұрғамын жок, тілін ұқсаңыз - қай бөлшегі
қай жерінде болатынын, қалай көздесеңіз оқты дұшпанның қай жеріне тигізетініңізді
бес саусағыңыздай білсеңіз - жауды жеңесіз, мұратыңызға жетесіз. Ал оны
білмесеңіз, мынандай тамаша қаруды дұрыстап қолдана алмасаңыз - онда фашист
сізді өлтіреді. Тағдыр деген сол. Винтовка солдаттың тағдыр қосқан жары деген
нақыл бар. Үйде әйеліңіз бар ма еді?
                             - Жоқ, жолдас
генерал, әлі үйленгенім жоқ.
                             - Үйленесіз, -
деді генерал оған сенімді түрде. - Сізді болашақ жарыңызбен жалғастыратын осы
винтовка, балам. Міне, тағдыр деген осы. Енді ұқтыңыз ба?- деп генерал
солдаттың винтовкасын қайтарып берді.
                             - Ұқтым, жолдас генерал!
-деп солдат күлім қақты. -Түсінікті.
                            - Түсінікті болса,
мені тойыңызға шақырасыз ба? - деді генерал жауынгерге қайтадан мойын бұрып.
                            - Шақырамын, жолдас
генерал.
                             - Онда аты-жөніңіз
кім, қай жерденсіз?
                             - Қызыл әскер
Темірхан Уашев, Жамбыл облысының Қордай ауданынанмын, жолдас генерал.
                             - Темірхан ба,
Тамерлан ба? - деді генерал көзін сығырайта күлімдеп.
                            - Темірхан, жолдас
генерал.
                             -  А, солай ма, - деді генерал ерніндегі күлкісін
жиып, сәл иегін көтере түсіп, байсалды үнмен. Генералдың әлдебір әзіл айтқысы
кеп, ол ойын үзіп тастаған тәрізденді. - Онда былай уәделесейік, Темірхан. Сіздің
Қордай ауданының орталығы Георгиевка мен біздің Фрунзенің арасы бір-ақ аттам
жер. Сіз жеңіспен елге қайтып, ата-анаңыз келін түсіргенде, мені тойға шақыратын
болдыңыз. Ал мен міндетті түрде келемін! Сонда Сіздің тойыңыз, Чеховтың
әңгімесіндегідей, генерал қатысқан той болады. Келістік қой осыған? - деп
генерал солдатқа қолын ұсынды.
                              - Құп, жолдас
генерал,-деп, солдат мылтығын шапшаң иығына іле салып, генералдың алақанын қос
қолымен алып, ілтипатпен қысты.
                             - Жолдас
Момышұлы,- деді одан соң генерал маған қарай бұрылып, - енді маған танкпен
қалай күресетіндеріңізді көрсетіңіз. - Осылай деп генерал ілгері қозғалды. Өзіне
құрмет керсетіп, тартқан сымдай тік тұрған жауынгерлерге басын изеп:
                            - Ал, балаларым,
мықты болындар! - деді.
                            Автор. Әңгімеңізге
рақмет, Бауке.
                            Бауыржан. Саған да.