ВЕРНУТЬСЯ

          I
      Автор. Бауке,
ауруханадан шықтыңыз. Абайдың туғанына 125 жыл толған тойына да барып
қайттыңыз. Бәрі құтты болсын. Енді баяғы әңгімемізді ары қарай жалғастырсақ қайтеді?
Бауыржан.
Жалғастырайык.
Автор. «Ақиқат
пен аңыз», «Жас Бауыржан» жайында маған көптеген хаттар түсіп жатыр.
Бауыржан. Оған
байланысты маған да хаттар келді.
Автор. Көптеген
окушылар маған бұл екі шығармадан Бауыржанның балалык, жастық шағының бірсыпыра
кезеңдерін білдік.
Енді сен бізге
осы әдіспен Баукеңнің барлық өмірінен мәлімет бер. Оның соғыс кезіндегі
ерліктерін айтпасаң да болады, ол Бек пен Момышұлының кітаптарында айтылды. Біз
сенен бұл шығарманың жалғасын күтеміз деп жазады.
Бауыржан. Ол
сенің шаруаң.
Автор. Ендеше
мен Сізге тағы да бірнеше сұрақтар қоямын.
Бауыржан. Қойғын.
Автср.Сіз Қиыр
Шығысқа отыз алтыншы жылы бардыңыз ғой. Ал одан қашан қайттыңыз?
Бауыржан. Қыркыншы
жылдың басында. Бір күні маған Москвадан бұйрық келді. Ол бұйрықта менің әскери
атағым өсіп, аға лейтенант болғаным және полк штабы бастығының бірінші көмекшісі
болып жоғарылағаным айтылған. Орысша ПНШ-1 дейді. Әрине, ол үлкен қызмет. Ол қызметті
алу үшін менің Киев әскери округының қарамағына баруым керек екен. «Құп!» деп қолымды
шекеме көтердім де, жүгіріп үйге келдім.
-        Ал, Жамал, жинал, көшеміз, - дедім.
Автор. Жамал кім
еді?
Бауыржан.
Әйелім.
Автор. Қашан
үйленіп едіңіз?
Бауыржан. Отыз
сегізінші жылы елге демалыска келгенде үйленіп, екеуіміз қол ұстасып Қиыр
Шығысқа барғанбыз.
Автор. Қалай
үйленгеніңізді толығырақ айтыңызшы, Бауке.
Бауыржан.
Айтпаймын. Сен мен туралы роман жазбайсың. Ендеше сенен менің неше рет
үйленгенімді, кіммен жүргенімді ешкім де сұрамайды. Понятно тебе?
Автор. Ал,
Киевке келдіңіз.
Бауыржан. Шолпан
деген кішкентай қызымызды ортамызға алып, Жамал екеуіміз плацкарт вагонға
отырдық та, Киевке келдік.
Округ командашысы
Г. К. Жуков, оперативтік бөлімнің бастығы полковник И. X. Баграмян деген
кісілер екен. Мені Жуков қабылдамады. Полковник Баграмян қатал кісі екен.
Жолдама қағазыма қарады да:
-        Жолдас аға лейтенант, сіз Житомир қаласындағы
406-полк штабы бастығының бірінші көмекшісі боп тағайындаласыз, - деді.
-        Ол қандай полк? - дедім мен.
-        Жаяу әскер полкы, - деді Баграмян.
-        Мен артиллеристпін ғой.
-        Сөзді көбейтпеңіз. Біз қайда жіберсек,
сонда барасыз, - деді Баграмян.
Бұл - Иван
Христофорович Баграмянді ең алғаш рет көруім еді.
Жолдаманы алдым.
Балам мен әйелім вокзалда күтіп отырған. Алғашында біз осы Киевтің өзінде
тұрамыз деп ойлап келгенбіз. Вокзалдан қолма-қол билет алып, Житомирге тарттык.
Келсек қонақ
үйде орын жоқ. Әскери комендант уақытша менің семьямды өзінің кабинетіне
орналастырды. Содан кейін мен өзім қызмет істейтін дивизияға келдім. Дивизия
командирі генерал-майор Суший дейтін кісі екен. Штаб бастығы полковник Рогачевский
деген адам.
-        Отырыңыз, - деді генерал мен
жай-жапсарымды айтып болғаннан кейін.
Отырдым. Генерал
документімді байыппен қарап жатыр.
-        Артиллеристсіз бе?
-        Иә.
-        Онда Сізді артполкке жібермей, неге жаяу
әскер полкына жіберген?
-        Білмеймін.
-        Сіздің 406-полктың командирі полковник
Круглов, штаб бастығы капитан Шурдук деген кісілер, - деді генерал. - Сіз
солардың қарамағына барасыз.
Житомирден жеті
километр жердегі бір кішкентай ғана қалашыққа бардық. Мен, Жамал, кішкентай
Шолпан үшеуімізге кішкентай пәтер берілді. Іске кірістім.
Полковник
Круглов шынында да сауатты кісі екен. Үш айдай менің ісімді сырттай бақылап
жүрді де, әбден ұнатып алды. Содан кейін маған барлық жұмыс жайын жалықпастан
өзі үйрететін болды. Барлық бұйрык, іс қағаздары менің мойнымда. Шурдук сауаты
аз болғанымен, адамгершілігі мол кісі еді. Ол бәлсініп жатпайды, мен даярлап
әкелген қағаздарға қол қоя береді.
Штаб ісін
меңгерткеннен кейін полковник Круглов маған әскери оқуларды талдау жайын көп
үйретіп, ұқтырды. Оқу, жорық кезінде мені қасынан тастамайтын. Өзі машинаның
алдына жайғасады, мен артына отырамын. Полковник ылғи бір нәрсені ойлап келе
жатады. Оның ойын бұзбайын деп шоферы машинаны жайлап жүргізеді. Круглов бас
салып шоферіне ұрсады:
-        Сен, немене, сүт әкеле жатырсың ба? Айда
жылдам, - дейді.
Круглов менің ең
жақсы әскери ұстаздарымның бірі болды. Ол кісі біреумен сөйлескенде ылғи өз
орнын бос қойып, басқа жерде отырып сейлесуші еді. Солдаттардың қамын өз
балаларының қамындай ойлайтын. Қарамағындағы бағыныштыларына әділ болатын. Әр командирдің
кемшілігін біліп, сол кемшіліктерін үнемі есепке алып отыратын. Бірақ ешкімге
сен анадайсың, сен мынадайсың демейтін. Кругловтың маған берген үлгісі осындай
еді.
 - Бұл жолы да Бауыржан екеуіміз ең алғаш
әңгімелесетін бөлмеде болдық. Баукең, сондағысындай, төсек үстіңде отырды. Әңгімесін
аяқтап, ол маған мойын бұрды. - Саған мен айтқан әңгімелерімнің бәрін
документпен растап отыруым керек пе?
Мен басымды
изедім. Баукең басын есік жаққа бұрып, дауыстап әйелін шақырды. Кухня жақтан
Кәмәш келіп кірді.
-        Анау документ салған папканы алып
келші,-деп Бауыржан әйеліне менің сырт жағымдағы кабинетгің есігін нұсқады.
Кәмәш әкеп
қолына ұстатқан папкадан Баукең бір қағазды алып менің қолыма берді. Онда
мынадай сөздер жазылған екен:
«КУӘЛІК
Бұл куәлік аға
лейтенант Бауыржан Момышұлына берілді. Куәлік иесі Жұмысшы-Шаруа Қызыл
Армиясының 406-атқыштар полкында штаб бастығының көмекшісі боп қызмет етеді.
Куәлік иесінің
қолы («Б.Момышұлы» деп латын әріптерімен қол қойылған).
Мерзімі 1940
жылдың 1 - декабріне дейін.
406-атқыштар
полкы штабының бастығы капитан Шурдук.
10.5.1940ж.»
-        Шурдуктың осы куәлігімен қыркыншы жылдың
аяғында мен семьямды алып, біржола Алматыға қайттым, - деп Баукең сөзін жалғады.
- Қырық бірінші жылдың январынан бастап, Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін
республика әскери комиссариатында аға нұсқаушы болдым. Соғыс басталғаннан кейін
осында жасақталған 316-атқыштар дивизиясына батальон командирі болып алындым.
Қырық бірінші жылдың жиырма алтыншы ноябріне дейін осы қызметті атқардым. Ол
оқиғалардың бәрі де «Волоколамск
тас жолы» мен
«Москва үшін шайкас» кітаптарында айтылған.
Бауыржан. Бұл
арада мен саған ол екі кітаптың мазмұнын екі-ақ ауыз сөзбен айтып берейін.
       1941 жылдың октябрінде фашистер өзінің
барлық адам күшінің - 42, танктерінің - 75, артиллериясының - 45, самолеттерінің
- 31 процентін Москваны алуға жұмсады. Москваға келер жолды бекітіп біздің үш
майданымыз: Батыс майданы (командашысы генерал-полковник И.С.Конев), Резерв
майданы (командашысы Совет Одағының Маршалы С.М.Буденный) және Брянск майданы (командашысы
генерал-лейтенант А.И.Еременко) тұрды. Батыс майданына қарайтын Волоколамск
бағытына 16-шы армия (командашысы генерал-лейтенант К.К.Рокоссовский, соғыс
советінің мүшесі А.А.Лобачев, штаб бастығы М.С.Малинин) жіберілді.
       Кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия атағын
алған біздің 316-шы атқыштар дивизиясы осы армияның құрамына кіріп, Волоколамск
қаласы мен Москваға кіретін күре тамыр - Волоколамск тас жолын қорғады.
14-Іб октябрьде
дивизия шақырылмаған қонақтармен алғаш рет «танысып», содан кейін оларды
сыйлауға кірісті. Бірақ көп қонақты «күту» оңайға түскен жоқ. Біздің дивизия
дұшпанның үш дивизиясына-бір танк дивизиясы мен екі жаяу әскер дивизиясына
қызмет етті. Қару-жарақ, адам күші жағынан олар басым болғанымен, біздің оларды
уакыттан ұтуымыз кажет еді. Осы уақытты ұту мақсатымен біз кейін қарай жылжи,
сырғи отырып,
жиырма сегіз күн
соғыстық. Сол жиырма сегіз күнде біздің дивизия жиырма бес километр ғана кейін
шегініпті. Сөйтіп немістердің Москваға жасалған 7-31 октябрь арасындағы бірінші
үлкен шабуылы күйретілді. Біз бұған, майданда жүрген барлық солдаттар мен
командирлер қатынымыз ұл тапқандай қуандық, қарағым.
Сөз арасында
айта кетейін, Москва түбіндегі осы жанталас сәттер тұсында, жау қоршауын
қайта-қайта жарып шығып дивизияға келіп қосылып жүрген күндердің бірінде үйден,
Алма-
тыдан хат алдым.
Әйелім Жамал екінші баламызға екіқабатқалып еді, айы-күні жақын болатын. Үшінші
октябрьде босанып, ұл тауыпты. Атын Бақытжан қойыпты. Ұл тапсаң солай қойғын
дегенмін.
Бір айлық
Бақытжанға мен дереу хат жаздым: «Сен біздің жеңісіміздің басы боп тудың, біз
жанталасқан жауды Москваға жібермедік. Сені Жеңісхан деп атауға болар еді.
Бірақ атыңды
мамаң қойып
қойыпты. Бақытжан бола бер. Енді мен әрбір ұрыста саған сыйынатын боламын,
Жеңісханым. Шолпан мен шешеңе мың сәлем!» дедім. Ол кезде Шолпаным үш жасар
еді, кейінірек қайтыс боп кетті байғұс бала. Бұл оқиғалар да жоғарыда аталған
кітапта айтылған
жоқ.
Содан кейін
немістер ес жиып, ноябрьдің бірінші жартысында екінші «үлкен» шабуылға әзірленді.
Атап айтқанда, 1941 жылы 13 ноябрьде Гитлер Орша қаласында «Оңтүстік»,
«Орталық», «Солтүстік» армиялар топтары мен 6 жаяу әскер, 1 танк армиясы
штабтары бастықтарының мәжілісін өткізді. Онда Фюрер өз әскерінің әлі күнге
дейін Москваны ала
алмағанына күйініп,
кіжіне сөз сөйледі. Сөзінің соңында ол: «Москваның қазіргі тұрған орны шалқар
теңіздің түбі болады. Оның тулаған толқындарының үні, міне, менің құлағыма
келіп тұр. Осылайша орыс астанасы мәдениетті дүниенің көзінен мүлде жоғалады.
Оған Тодтың өзі-ақ жәрдемдеседі... Бірақ алдымен бұл қаланы талқандау керек.
Бұл істі сіздер істейсіздер. Орыс әскерінен, астана халқынан ешбір жанға сауға
берілмесін. Бәрі тегіс су түбінде шіруге тиіс», - деп бұйырды.
Сөйтіп, соғыстың
бір жүз қырық жетінші күні, яғни 15 ноябрьде, жау Москваға екінші рет ең зор
шабуылын бастады. Жаудың 51 дивизиясы қара құрттай қаптап, Москваға лап қойды.
Оның он үші танк дивизиясы да, жетеуі моторлы дивизия еді. Табандарынан қар
борап, стволдарынан оқ пен снаряд бұршақтай жауған бұл темір дивизиялар соңынан
найзаларын алға қарай кезеген отыз бір жаяу әскер дивизиясы және өңмеңдей
ұмтылды.
Гитлер 1940
жылдың көктемінде барша Францияны жаулап алуға он-он бір танк дивизиясын аттандырғанда
техниканың адам айтқысыз көп шоғырландырылуынан шошып, бүкіл дүние жүзі ішін
тартқан еді. Енді ол жалғыз Москваға қарсы мұншама тажал жөнелткенін естігенде
ақыл-есті адамзаттың жаны түршікті.
Алғашында біздің
танк, артиллериямыз аз болды. Ноябрьде ғана ПТР шықты. 16-шы армияға жіберілген
қырық ПТР-дің отызы біздің дивизияға берілді. Одан кейінгі негізгі қару гранат
пен «КС» бутылкалары болды. 16-17 ноябрьде басталып, декабрьдің басында тоқталған
екінші шабуылды осымен тойтарды ғой солдаттар.
        Баукең әңгімесінің осы жерінде үзіліс
жасап, темекі тартуға кірісті. Мен ішімнен сол кезде 16-шы армияның
командашысы, кейіннен өзімнің майдан командашым болған
К.К.
Рокоссовскийдің мына бір сөздерін есіме түсіріп өттім:
«Сол жақ қанатта,
Волоколамскіні батыс пен оңтүстік-батыстан Руза өзеніне дейін қорғап, майдан
резервінен келген 316-шы атқыштар дивизиясы тұрды. Оның командирі генерал
И.В.Панфилов та, комиссары С. А. Егоров болатын. Саны жағынан да, жабдықталуы
жағынан да мұндай төрт құбыласы түгел сай дивизияны біз көптен көрмеген едік.
Командирлері шетінен сақадай сай екен, ал саяси қызметкерлері Қазақ ССР-нің
партия, совет активінен іріктеліп алыныпты. Дивизияны жасақтау ісіне Қазақстан
Компартиясының Орталық Комитеті аса зор көмек көрсетіпті...
Волоколамск үшін
болған ұрыстарда Панфилов дивизиясы өзін мәңгілік өшпес даңққа бөледі.
Армиядада оны Панфилов дивизиясы деп атаушы еді. 316-шы дивизия солдаттары да:
«Біз - панфиловшылармыз!» дейтін. Қалың жауынгерлердің осындай сүйіспеншілігі
мен сеніміне ие болған генерал ең бақытты генерал!».
Осы арада маршал
Жуковтың Волоколамск бағытында болған әскерлерге берген әйгілі бағасы және
есіме түсті. «Жаудың 5-ші армиялық корпусы, одан соң тағы екі моторлы корпусы
шабуыл жасаған Волоколамск бағытында УР бөлімшелері табанды қорғаныс ұрыстарын
жүргізді. Бұл жерде жаңадан құрылған 16-шы армияның бөлімдері дұшпанға
қиян-кескі қарсылық көрсетті. Генерал-майор И.В.Панфилов басқарған, кейіннен
8-ші гвардиялық атағы берілген атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсті» деген еді
ол.
-        Москваға екінші шабуылы кезінде, - деп
Бауыржан темекісін тұтатып алып, әңгімесін жалғады, - фашистер, Г.К.Жуковтың сөзімен
айтқанда: «Истра бағытына екі танк дивизиясы мен екі жаяу әскер дивизиясын
айдап салды. Дұшпан біздің 150 жеңіл танкімізге қарсы 400 орташа танкін
жіберді. Қиян-кескі ұрыстар болды. Әсіресе біздің атқыштар дивизияларымыз, атап
айтқанда генерал И.В.Панфиловтың 316-шы, полковник А.П.Белобородовтың 78-ші
және генерал П.Н.Чернышевтың 18-ші дивизиялары, 23, 27, 28 дербес танк
бригадалары және генерал-майор Л.М.Доватордың атты әскер тобы ерекше табандылықпен
күресті».
Бұл
И.В.Сталиннің Г.К.Жуковқа телефон соғып: «Сіз Москваны қорғап қалатындығымызға
сенесіз бе? Мен мұны қатты қинала сұрап тұрмын. Сіз, коммунист ретінде, адалын
айтыңыз» деп сұрайтын кезі-ау деп ойладым ішімнен.
-        27-28 ноябрьде біздің әскерлер Ленинград
тас жолының бойынан немістерге қарсы ірі-ірі қарсы шабуылдар бастады, - деді Баукең
де әлденені есіне түсіргендей, ойлана отырып. - Сөйтіп, 4-5 декабрьде Москва
түбінде қорғаныс ұрыстары тоқтап, енді біздің әскерлердің шабуыл ұрыстары басталды.
Москваға жиырма бес километр қалған жау жүз-екі жүз елу километр жерге кейін
шегіндіріліп тасталды. Сонымен Москва түбінде немістердің он бір танк
дивизиясы, төрт моторлы және жиырма үш жаяу әскер дивизиясы талқандалды.
Немістер Москва түбінде үш жүз мың адамынан айрылды. 18 ноябрьде біздің дивизиямыздың
командирі генерал Панфилов опат болды. Оның орнына келген командирлердің бірі
бұйрықты орыңдай алмадың деп 1073-ші полктың командирі майор Елинді орнынан
алып тастады да, мені командир етіп тағайындады.
Бірнеше күннен
кейін ол Елинді қайтадан орнына қойып, мені Мәліктердің 1075-ші полкына
командирдің орынбасары етіп жіберді...
          Осы арада біздің әңгімеміз үзіліп
қалды. Өйткені сыртқы есік шылдырлап, ішке бір топ адам кіріп келді. Олар Жамбыл
облысының азаматтары екен. Баукеңнің Жамбылда өткізілетін алпыс жасқа толу
тойына байланысты келіпті. Мен қағазымды жинап, кетуге ыңғайландым.
-        Қарағым, қалғанын кейін
әңгімелесерміз,-деді Бауыржан маған. - Мен Жамбылға барып, осы тойды өткізіп
келейін. Содан соң екеуіміз тағы да жолығысамыз ғой.
         Бауыржандікінен шығып, үйге қайтып
келе жатып мен Совет Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннен естіген әңгімелерімді есіме
түсірдім. Менің өтінішім бойынша Мәкең Момышұлын ең алғаш қалай көргенін,
артынан онымен қалай істес болғанын ұзақ жыр етіп баяндап берген еді.
Терренкурде жүріп Мәкең айтқан әңгімелер мынадай болатын.
III
-        1941 жылдың 15 декабрінде біздің дивизия
шеп құрып жатқан Истра өзенінің бойынан кейін шегіндіріліп, демалысқа шығарылды,
- деп бастаған еді әңгімесін Мәлік. - Біздің полк Москвадан 40 шақырымдай
жердегі Нахабино станңиясының түбіндегі екі-үш селоға жайғасты.
Адамдарды жаңа
жайғастырып бола берген кезімізде дивизия штабынан бұйрық келді. Онда:
«Полктағы ұлты орыс емес командирлер мен саяси қызметкерлер бүгін, Іб декабрьде,
сағат 18.00-де тегіс дивизия штабына келсін» делініпті. Рота, батальондардан
бәрімізді жинаттырып жатыр.
-        Уоу, не боп қалды?
-        Неге шақыртып жатыр?
Ешкім білмейді.
Полк комиссары
Ахметжан Мұхамедияров бәрімізді тізім бойынша түгендеп, дивизия штабына алып
жүрді. Жолда Мұхамедияровтан сұраймыз:
-        Жолдас комиссар, айтсаңызшы, бізді неге
шақырып жатыр? - дейміз.
-        Білмеймін, - деп комиссар басын шайқайды.
Расында да білмейді екен.      
Сөйтіп біздің
полктан комиссарымыз Мұхамедияровтан бастап, Балтабек Жетпісбаев, Ербатыр
Ермеков, Тайыр Сатаев, мен бар, тағы баска толып жатқан адам кешке шыны қарды
шықыр-шықыр таптап, Дарно деревнясындағы дивизия штабына келдік.
Келсек,
шақырылған жалғыз біз ғана емес, басқа полктерден де жиналғандар көп екен.
Штабтағы кезекші офицер түнеп шығу үшін бізді үй-үйге бөлді де:
-        Дивизия комиссары сіздерді ертең
таңертең сағат онда қабылдайды,-деді.
Е, жарайды.
Балтабек
екеуіміз аяндап өзімізге көрсеткен үйге қарай келдік. Кірсек үй толы қаптаған қара
көз командирлер екен. Ішке кіргеннен кейін, алпамсадай боп есік алдына тұра қалды
да:
-        О, көздеріңнен айналайын, аман-сау
барсындар ма, бауырларым! - деп Балтабек тебірене сәлем берді.
Отырғандардың бірсыпырасы
Балтабекті біледі екен.
-        Уа, батальонный Балтабек келді.
-        Жоғары шығындар,-десіп орындарынан
ұшып-ұшып тұрды.
Тек үстіне ақ тонды
желбегей жамылып төрде отырған, қайратты қара шашы танке тосқауылға қаққан
айқыш-ұйқыш рельстей тікірейген, екі көзі оттай жайнаған, жағына пышақ
жанығандай, 9зын бойлы арық қара командир ғана орнынан тұрмады. Балтабек сәлем
бергенде оның бетіне жалт ете қарап, ен бойын тез шолып өтті де, қозғалмастан
отыра берді. Басқалар Балтабекке емірене үн қатып жатканда, оның беті бүлк
еткен жоқ. Қазіргі
академия
алдындағы Шоқан Уәлихановтың тас мүсініндей боп үнсіз қалды.
Оның қасында
отырған адам маған таныс боп шықты. Ол да мені танып, орнынан тұрды.
-        О, Мәлікпісің? - деп мені құшақтап
бауырына қысты. Ол Мұқаметқұл Ісләмқұлов еді. Мұкаметқұл бұрын «Социалистік
Қазақстанда» бөлім меңгерушісі боп қызмет істеген.
Мен онымен сонда
аз күн секретариаттың әдеби қызметкері болған күнімнен біліс едім. Екеуіміз
хал-жай, аман-саулық сұрастық.
Біз ғана емес,
жұрттың бәрі-ак, шұркырасып жатыр. Өйтпей де қайтсін, кеше эшелон-эшелон болып,
жер қайыстырып, Алматыдан келген таныс азаматтардың бүгінде қатары қатты сиреп
қалған. Біреуден біреу дос-туыстарын, жолдас-жораларын сұрап, кімнің қалай қаза
болғанын білісіп жатыр.
-        Мәлік, сен Баукеңді білуші ме едің?-деп
Мұқаметқұл менің жүзімді төрдегі тікірейген шашты қазаққа қарай бұрды. Оның суық
түсіне қайтадан көзім түскенде бұрын көрмеген кісім болса да, «білмеймін» деп
айта алмадым, бөгеліп қалдым. Соны аңғарған
Мұқаметқұл тез
таныстыра бастады. - Баукең бұрын біздің І-ші батальонның командирі еді. 1073-полктің
командирі боп тағайындалғанына жарты айдай ғана болды. Жүр, сәлем бер ағаңа.
Керосин шамның
қара көлеңке жарығында иығына тон жамылып отырған командирдің әскери лауазымын
аңғара алмадым. Оның үстіне Мұқаметқұл ағаңа сәлем бер деген соң онымен ілесе қасына
таман келдім де:
-        Ассалаумағалейкум! - деп қолымды соза
бастадым.
Тік шаш командир
маған тікірейе бір қарап, орнынан тұрды да, қолын берді:
-        Бауыржан Момышұлы!
Оның маған қолын
берердегі тікірейе қарағаны өңменімнен өтіп кетті. Менің: «Ассалаумағалейкум»
деп сәлем бергенімді ол: «Сен, немене, әкеңнің аулында жүрмісің, әлде мені
қазақтың батагөй шалы деп тұрмысың?» - деп жақтырмады-ау деп ойладым да, бекер
«ассалаумағалейкум» деген екенмін деп өкіндім. Өстіп қысылған мен оған өз
жөнімді де айта алмай қалдым.
      Менің осы қатемді түзеткісі келгендей Мұқаметқұл:
-        Бұл - Мәлік деген бауырыңыз, Бауке, -
деді.
Бауыржан ләм
деместен отыра берді. Маған бұрылып та қараған жок, Мұқаметқұлға бас та изеген
жоқ.
Ақшамда жамыраған
қозыдай шуласып табысқан қазақ командирлері бірсыпыра шуылдасып, шүйіркелесіп
отырысты да, шай ішіскеннен кейін жатуға ыңғайланды. Екі айдан бері бел шешпестен
сан өліп, сан тіріліп, әбден шаршап жүрген жігіттер жантайысымен-ақ қор ете
қалысты.
Бұрын бәріміз
бір қалада тұрып, бір дивизияның құрамына кіріп, жаумен соғысуға бірге келсек
те, бәріміз бір күн, бір сағатта дұшпанмен айқасқа түсіп, алпыс күн бойына
талай қасіретті көріп, қатар жүрсек те, осы жатқан командирлер мен саяси жетекшілер
көбіміз бірімізді біріміз білмейтінбіз. 1075-ші полктағы капитан Лысенконың
батальоны сияқты, 1073-ші полкта аға лейтенант Бауыржан Момышұлының батальоны
да генерал Панфиловтың резерві болғанын, Момышұлы батальонының 22-25 октябрьде
жаумен қоршауда соғысқанын, тас мүсіндей боп жаралған тікірейген шаш аға
лейтенанттың темірдей басшылығымен ол батальонның қоршауды бұзып, қайтадан
дивизияға қосылғанын, одан кейін сол батальонның 16-20 ноябрьде Горюны деревнясының
түбінде тағы да қоршауда болып, жауды күйреткенін, тағы да өз дивизиясымен
ерлікпен келіп қауышқанын мен білмейтін едім. Сол сияқты октябрьдің 18-21-і
күндері менің ротамның да Осташево түбінде қоршауда болып, ротадан тірі қалған 24
адамға орман ішінде босып жүрген 119 жауынгерді қосып, дивизияға әкелгенімді,
одан кейін, 16-17 ноябрьде, автоматшылар ротасы деп аталған 13 автоматшымен
Ширяево деревнясы үшін болған ұрыстарда біздің жаудың екі танкын, 150-дей
солдатын жойған азын-аулақ еңбегімізден Бауыржан да бейхабар болатын. «Бір кеште
«Бауыржан Момышұлы»деген екі-ақ сөз аузынан шыкқан тас түйін боп алған мынау
қайрақтай қазақ бұрын кім болды екен?» деп ойлап жатып, мен де ұйқыға кеттім.
Баукеңмен бірінші кездескендегі сол кескіні, сол екі сөзі өмір бойы менің
ойымда қалды.
ІУ
Ертеңінде
таңертең бәріміз дивизия комиссары Сергей Александрович Егоров жайғаскан үйге
жиналдық. Комиссардың үйі шақырылған адамдарға аузы-мұрнынан шыға лық толды.
Сыймаған адамдар есікті ашып қойып, сырттан тындап тұрды. Өйткені жүзден аса
адам шағын колхоздың кішкентай кеңсесіне қайдан сыйсын.
Жұрт
жайғасқандай болып, дабыр басылғаннан кейін дивизия комиссары сөзге кірісті.
Алдымен ол
дивизияның екі айлық жауынгерлік жолына шолу жасады. Таяу күндерде дивизия
қатарын толықтыру үшін жаңа күш келіп қосыла бастайтынын айтты.
-        Бірақ, мен сіздерді мұны айтуға
шақырғамын жоқ. Мен сіздерге баска нәрсе айтқалы тұрмын. Ол мынау.
Комиссар бөгеліп,
неге екені белгісіз, біздің бетімізге байыппен қарап шықты. «Ол не болды екен»
деп, біз де ынтыға түстік.
-        Ол мынадай мәселе, - деді комиссар әлден
уакытта сөзін қайтадан сабақтап. Комиссардың біз үшін аса маңызды, әлдебір ауыр
жайды тіке айта алмай, бөгелектеп тұрғаны аңғарылды.
- Осы қазір,
сіздер мен біз аса ауыр ұрыстарды басымыздан кешіріп, демалысқа шыққан
сәтімізде сонау Алматыда жаңадан тағы бір ұлттық құрама жасақталып жатқан
көрінеді. Ол құрама дивизия ма, бригада ма -анығын білмеймін...
-        Ол біздің 100-ші бригада ғой,
Мәке,-дедім мен. - Декабрьдің 5-і күні әскерге алынып, кен байтақ Қазақстанның
төрт бұрышынан түгел эшелон болып, Алматыға құйылғанбыз, жаңа жасақталып жатқан
100-ші бригадаға келгенбіз...
-        Иә, сол екен, оны артынан білдік қой. Ал
Егоровтан естіген сәтте білгеніміз жок.
... - Міне, сол
құрамаға осы отырған сіздерді тегіс жіберу туралы бұйрық келді, - деді Егоров
даусын бәсендетіп. - Сіздерге елге барып, сол кұраманың жауынгерлерін үйретіп,
содан кейін соғысқа бастап келу міндеті жүктелетін көрінеді. Міне, мен сіздерге
осыны айтуға шақырдым. Қане, бұған сіздер қалай қарайсыздар?
Мұны естігенде алғашында
бәріміз бірдей үнсіз қалдық. Одан кейін барып әркімдердің өзара күбірі білінді.
Сырт жақтағылардың:
-        Өй, не дейді? - деген сұрағы, оған
әлдекімнің:
-        Ой, елге қайтатын болыппыз! - деп
көтеріңкі үнмен айтқан жауабы естіліп жатты.
Өз басым
комиссардың бұл сұрағына не деп жауап берерімді білмедім. Мынадай қиян-кескі
ұрыстан кейін кімнің елге барғысы келмейді. Осы отырғандардың көбінің үйі
Алматыда. Онда бұлардың әйелдері, бала-шағалары, әке-шешелері бар. Алматыға барсақ,
қайта айналып соғысқа келгенше бірсыпыра уақытты туған-туысқандарымыздың
қасында өткіземіз. Егер шын солай деген бұйрық болса, баратын шығармыз.
Бармағанда қайтеміз, біз солдатпыз ғой. Солдат бұйрыққа бағынады. Мінеки, менің
ойым осыған тірелді.
Бірақ көпке
дейін жұрт сыбыр-күбірден артыққа бармады.
Ешкім дыбыс
шығарып, комиссардың сұрағына тікелей жауап бермеді. Тек әр бұрыштан жымындаған
ерін мен күлімдеген көздер ғана бұл бұйрықты іштей қуана құптағандарын танытты.
Сол кезде:
-        Маған рұқсат етіңіз, жолдас комиссар! -
деген өзгеше бір өктем үн саңқ ете қалды. Неге екенін білмеймін, мен селк ете түстім.
Өйткені мен мұндай бірден жүректі дір еткізіп, солқ еткізіп миға шабатын, мойын
бұрғызбайтын күшті, әсерлі, сонымен бірге бұлқынтып-бұлтартпайтын құдіретті
үнді бұрын ешқашанда естімеген едім. Әлдебір қауіп төнгенде тек қиядағы қыран
ғана осылай шаңқ ете түсетін болар деп ойладым да, тез басымды көтеріп алдым.
     Қарасам кешегі тас мүсін аға лейтенант екі
көзін Егоровка найзадай шаншып, тіп-тік боп түрегеп тұр екен. Қайратты қара
шашы сояу-сояу болып тікірейіп кетіпті. Бір көзім түскенде жау танкі келетін
жолға айқыш-ұйқыш етіп шанышқан шойын рельстер біртіндеп биіктеп, қалың қара
орманға айналып кеткен сияқты боп көрінді. «Бұл не айтар екен?» деп ойлап, енді
оның сөзіне кұлағымды тостым.
-        Мен солдатпын, - деп бастады Момышұлы
сөзін комиссар бас изеп, сөйлеуіне рұқсат еткеннен кейін. - Мен бұйрыққа бағынамын.
Егер бізді жаңадан жасақталып жатқан басқа дивизияға жіберу жайындағы бұйрыққа
қол қойылған болса, онда мен осы қазір-ақ Алматыға қарап тарта беремін... - Осы
кезде жұрт оның сөзін қостағандай боп, гуілдесіп кетті. «Апыр-ай, мына тас
қайрақ қазақ менің көкейімдегі сөзді қалай дәл тауып айтты?» деп ойлап, мен де
бас изеп қалдым.
Бірақ Бауыржан
сөзін бөлгенді ұнатпағандай, қабағын қатты шытып, тоқтап қалды. Оны аңғарған
жұртта тынышталды. Аға лейтенант алғашқы әуенімен жайлап айтып, сезін қайтадан
жалғастырды.
... - Алматыда
менің әйелім мен балам бар, онда барсам мен бір күн де болса солардың қасында
боламын. Мынадай қырғын соғыстан кейін осындай мүмкіншілік тұрғанда кімнің елге
барғысы келмейді?!
Осылай деп ол
отырған жұртты қатулы қабақпен бір шолып өтіп, отты көзін қайтадан комиссарға
бұрды. «Апыр-ай, мынаның көріпкелі бар ма - қалай адамның ішіндегіні дәл
табады» деген ой тағы келді менің басыма. Осыны ойлап үлгергенімше Алатаудың ақ
иығы қайтадан шаңк етіп, шың-кұзды жаңғырыктырып жібергендей болды.
-        Жок, жолдас комиссар! Менің кеудемде
адамдық тілек, әкелік мейірден басқа жауынгерлік ар мен намыс бар. Ол осы отырған
бәрімізге ортақ намыс. Кәне, айтыңыздаршы: осы отырғандардың ішінде жараланбаған
жан бар ма? Жоқ қой! Ендеше бұл
дивизияның
жүрген жолында көлкіп біздің қып-қызыл қанымыз қалды. Дивизияның гвардия атағын
алуына бәріміздің де еңбегіміз сіңді. Олай болса осында қалуға біздің қақымыз
бар. Осы дивизия кұрыған жерде біздің де біріміз қалмай құрып, бітуіміз керек!
Ал дивизия құруға тиіс емес, құрымайды. Ендеше ақырғы қасық қаны бойында жүрген
азаматтар осы дивизияның құрамында болып, жеңіске жетуге міндетті!
Аға лейтенанттың
нақ-нақ етіп айтқан жігерлі сөздері найзағай отындай жарқылдап, жанымды осқылады.
Орысша мүдірмей сөйлейтін шешендігі және сүйсіндірді. Жалғыз мен ғана емес, жиналған
жұрт тегіс демдерін ішіне тартып, бір кісідей боп тынып қалды.
-        Жауынгерлік ар-намысым менен осында,
жауынгер жолдастарымның қаны төгілген дивизияда қалуымды талап етеді. Өлген
жолдастарымның аруағы қашан қатардан шыққанымша осы дивизия туының астында
болуымды талап етеді. Егер мен бұл жерден кетіп қалсам, онда мені өлген
солдаттарымның рухы қарғайтын болады! Жоғарыда отырғандар да - адам. Адамдық
сөздерге олар да құлақ асады. Біздің пікірімізді оларға жеткізулеріңіз керек...
-        Айтылды, жолдас Момышұлы,-деді Егоров
жайлап қана.- Бірақ жолдас Әскери Советтің мүшесі ол болмайды деп кесіп айтты
бізге.
       Ол кезде біз Батыс майданына қарайтынбыз.
Майдандық Әскери Советтің мүшесі Булганин болатын.
-        Онда Сіз өз сөзіңізді айттыңыз, - деді
Момышұлы іркілместен. - Енді Булганин жолдасқа біздің сезімізді жеткізіңіз.
Бізді қозғамасын. Егер ол өзі шеше алмаса жоғарыға баяндасын. Шынтуайтқа
келгенде гвардиялық дивизияның офицерлері шыны көздері жылтырап магазин
сөресінде тұрған ойыншық емес қой, жолдас комиссар.
         Ол соңғы сөздерді бетіне түгі теуіп, қатуланып
айтты. «Бәләй, мұнысы бекер болды-ау. Мұнысына тез комиссардан кешірім сұрасашы»
деп ойладым мен ішімнен. Ойладым да қайтадан Бауыржанның бетіне қарадым. Ал ол
айтқан сөзіне айылын да жиятын емес.
Комиссарға иегін
көтере ежірейе қарап тұрды да:
-        Мен солдатпын! - деді қайтадан. -
Солдатша соғыса білуге де міндеттімін. Солдаттың жүрегіндегі сөзді айтуға да
тиістімін. Менің сөзім осы, жолдас комиссар.
      Мен комиссар бұл сөзге шамданатын шығар
деп сасқалақтадым. Комиссар мына қазақтың сөзіне ашуланып, бәрімізді Алматыға
қуып жібермесе неғылсын деп қорықтым. Өйткені бұл кезде іштей Бауыржан жағына
шығып, оның ұсынысын жан-тәніммен үнсіз қостап отырған болатынмын.
     Бірақ комиссар өйтпеді. Сабырмен екі рет
басын изеді де:
-        Мен Сізді ұқтым, жолдас Момышұлы! Ұқтым,
- деп ойлана үн қатты. - Тағы кімде пікір бар?
      Бауыржан орнына отырды. Мен «Уһ!» деп осы
кезде тынысымды бір-ақ алдым. Осы күннен бастап менің Бауыржанға ықыласым ауды.
Оған деген ең алғашқы сүйіспеншілік оты менің жүрегімде сол сәтте тұтанып еді.
Менің Баукеңе деген махаббатым күні бүгінге дейін сол қалпында маздауда.
-        Менің де пікірім осы! - деді полк
комиссары Мұхамедияров орнынан тұрып. - Тек қана осы!
       Одан кейін, төбесі түндікке тіреліп,
Балтабек Жетпісбаев түрегелді.
-        Бәріміздіңде айтар сезіміз осы, - деді
ол. - Біз өз дивизиямызға қалуға тиіспіз.      
-        Басқа дивизияны өзге азаматтар тәрбиелеп
әкелсін, - деді Ісләмкұлов шиыршық ата сөйлеп. - Бізді бермеңіздер, қозғамаңыздар.
Жұрт:
-        Бізді осында қалдырыңыздар!
-        Қумаңыздар! - деп шулап кетті.
-        Баска пікір жоқ па? - деді, Егоров
жігіттерге жымия қарап.
-        Жо-оқ! - дедік бәріміз бір ауыздан үн қатып.
Тек Бауыржан
ғана қыбыр етпестен үнсіз қалды. Ол өзінің кешегі тас мүсін бейнесіне қайтадан
кірді.
       Егоров Иван Васильевич Панфиловпен
үзеңгілес болған аса байсалды кісі еді. Жоғарының бұйрығын бізге айтуын айтса
да, жігітгерімнен айрылып қаламын ба деп іштей сасқалақтап отырса керек.
У
Сергей
Александрович Егоров біздің жігіттеріміздің пікірін білгеннен кейін қас-қабағы
жазылып, жайдарылана бастады. Содан соң оң жағында тұрған былғарымен тысталған
телефон аппаратын алдына қарай тартты.
-        Ал онда, - деді Егоров оң қолын былғары
қаптаған аппараттың үстіне салып тұрып, - сіздердің осы ойларыңызды айтып, Әскери
Советтің мүшесімен өз көздеріңізше сөйлесемін. Әйтпесе Егоровтың қуғысы келді
деп ойлайтын түрлеріңіз бар көрінеді сіздердің...
        Осылай деп комиссар күлді. Комиссарды
қостап, біз де күлдік. Мен тағы да Бауыржанға қарадым: оның ерінінен дір еткен
қимыл сезілген жоқ. Қаршыға көзін комиссардың иығынан асыра, қабырғада тұрған
кішірек суретке қадап, тағы да үнсіз қалды.
Егоров аппараттың
қабын ағытып, трубканы құлағына тосты. Біз тым-тырыс болып, Дарно деревнясы мен
Москва арасында болған тарихи сөзге құлақ тіктік.
Дарно: Жолдас
Әскери Советтің мүшесі, сәлеметсіз бе? Мен 8-гвардиялық дивизияның комиссары
Егоровпын.
Москва: Сәлеметсіз
бе, жолдас Егоров. Құлағым сізде.
Дарно:
Дивизиядағы ұлты орыс емес командирлер мен саяси қызметкерлерді тылға жіберу
жайындағы кешегі бұйрықтың жайын хабарлайын деп едім.
Москва:
Адамдарыңыз әзір болды ма? Қанша кісі?
Дарно: Казір
менің алдымда 115 командир мен саяси қызметкер отыр, жолдас Әскери Советтің
мүшесі. Бұл жолдастарға мен бұйрықтың мән-жайын айтып түсіндірдім. Бірақ...
Москва: Немене,
тылға бармаймыз дей ме?
Дарно: Бұйрық
болса - барамыз. Бірақ біздің өтінішіміз бар дейді.
Москва: Қандай өтініш?
Дарно:
Командирлер мен саяси кызметкерлер бір ауыздан өздерін осы дивизияда қалдыруды
өтінеді, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Бұл жолдастар маған былай деп отыр.
Егер немістерге әліміз келмесе Москваны қорғап, бәріміз де осы жерде өлеміз. Немесе
8-гвардиялык дивизияның кұрамында жеңіске жетіп, осы арадан Берлинге дейін
барамыз! - дейді. Олар осы өтінішінің Әскери Советтің мүшесі арқылы Жоғарғы Бас
қолбасшыға жеткізілуін сұрайды.
Москва: Өзіңіз
қалай ойлайсыз, жолдас Егоров.
Дарно: Менің
жарты жаным осылардың кеудесінде, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Бұларсыз мен қалай
өмір сүремін...
Осы кезде екі
жақ та үнсіз қалды. Комиссардың мына сөздері де, жаңағы Бауыржан сөздеріндей,
сай-сүйегімізді сырқыратып жіберді. Бақсам Балтабек гимнастеркасының жеңімен көзін
сүртіп жатыр екен. Осы кезде Москва даусы трубкадан қайта естілді.
Москва: Онда
мені жарты сағаттай күтіңіздер. Жолдастардың тілегін Жоғарғы қолбасшыға
жеткізейін.
Дарно: Кұп,
жолдас Әскери Советтің мүшесі.
Комиссар жайлап
трубканы орнына койды. Мәселенің калай шешілетініне көзі жетпей, оның да іштей
мазасыз күйге көшкені аңғарылды. Содан кейін басын көтеріп:
- Жолдастар,
сыртқа шығып, темекі тартып келулеріңізге рұқсат,-деді.
Жітіттер 10-15
минутта темекілерін тартып үлгіріп, қайтадан үйге кірді. Мен алдын ала келіп,
комиссарға тақау жердегі орныма жайғастым. Әркім-ақ жарты сағаттың тез болуын
күтіп, шыдамсыздана сағаттарына қарайды. Мен де дамылсыз сағатыма үңілемін.
    Жиырма минуттан кейін былғары қапты телефон
шылдыр ете қалды. Алғашқыдай емес, комиссар трубканы қолы қалтырап әрең құлағына
жеткізді.
Дауыс: Сізсіз
бе, жолдас Егоров?
Егаров: Иә,
менмін, жолдас Әскери Советтің мүшесі. Сізді тыңдап тұрмын.
Егоровтың қолы
ғана емес, даусы да дірілдеп, бұзылыңқырап шықты.
Москва: Жоғарғы
қолбасшы 8-ші гвардиялық дивизия командирлері мен саяси қызметкерлерінің
тілегін қабыл алды.
Дарно: Рақмет,
жолдас Әскери Совет мүшесі. Жоғарғы қолбасшыға рақмет және Сізге рақмет.
Москва:
Жолдастарды бөлімдеріне қайтарып, бұрынғы қызметтеріңізге кірісе беріңіздер.
Егоров: Құп,
жолдас...
Осы кезде
батальонный Балтабек «уралап» кеп қоя берді. Оған орнымыздан ұшып тұрып,
бәріміз қосылдық. Егоровтың Булганинге айтқан соңғы сөздерін естімей де қалдық.
Көзі шүңірейіп, екі-үш соғыста арса-арса боп қатты жүдеген, әсіресе Москвамен сөйлескен
соңғы минуттарда буын-буынынан әл кеткендей, әлдебір ауыр ұрыстан жаңа
шыққандай боп қажыған комиссар, трубканы аппаратқа қойып, куанышын жасыра
алмай, елжірей күлімдеп, орнынан көтерілді.
Міне, енді ойлап
қарасам Баукеңнің сол жолғы, 1941 жылдың 16 декабрінде Москвадан қырық шақырым
жердегі Дарно деревнясындағы бұрынғы колхоз кеңсесінде, дивизия комиссары
Егоровтың алдында сөйлеген сөзі талай адамның тағдырын өзгертіп, жұлдызын
жандырған тарихи сөз болған екен. Сол сөзімен ол өзін де, өзгені де қолынан
жетектеп, мәңгілік даңқтың табалдырығынан аттатыпты. Олай дейтінім сол жолы
Бауыржан сөйлемесе, бәріміз: «Е, жоғарғы жақтың бұйрығы солай болса, онда не
шара» деп Алматыға аттанып кетсек, ең алдымен 8-ші гвардиялық дивизия бұл
дәрежеде бүкіл дүние жүзілік даңққа ие болар ма еді, болмас па еді? Әй, болмас
еді деп ойлаймын. Әрине, біз кетіп қалсақта 8-ші гвардиялық дивизия көп
гвардиялық дивизияның бірі болып қала берер еді. Оған дау жоқ. Бірақ ол тамаша
дәстүрі бар, тарихи адамдары көп Совет Армиясындағы ең мәшһүр дивизия болып
атағы жайылмас еді. Егер Бауыржан сол жолы дивизиядан кетіп қалса, оның өз
атағы да дәл мұндай дәрежеге жетпес еді.
        Генерал Панфилов өз қолымен шындаған
бұл дивизия талай жұлдызды батырларды шығарды, солармен бірге жұлдызсыз жүлделі
Бауыржан есімін бүкіл елімізге паш етті. Ал Бауыржан өз дивизиясын бүкіл әлемге
танытгы. Сөйтіп дивизия Бауыржанды даңқты етті. Бауыржан дивизияның даңқына
даңқ қосты. Біздің дивизиядан шыққан барлық батырлардан басқа аттары ерекше аталатын
екі адам бар. Оның бірі Панфилов болса, екіншісі Бауыржан. Панфилов 8-ші
гвардиялық дивизияның даналығы болса, Бауыржан дивизияның ар-намысы болды.
Панфилов асқар таудай атақты дивизияның табаны болса, Бауыржан оның ең биік
шыңы болды. Панфилов дивизияның жүрегіндегі лаулаған оты болса, Бауыржан оның
лапылдаған жалыны болды. Панфилов дивизия ерлігінің аспаны болса, Бауыржан сол
аспанның төсінде жарқыраған жарық жұлдызы, төбеден аумас темір қазығы болды.
Егер
сол жолы
дивизиядан Бауыржан кетіп қалса, онда Александр Бектің атақты «Волоколамск тас
жолы» кітабы тумас еді. Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабы
дүниеге келмес еді. Егер Бауыржан сол жолы анадай сөз сөйлеп, өзін де, өзгені де
дивизияда ұстап қалмаса, онда мына мен де дәл бүгінгі дәрежеме жетпес едім деп
ойлаймын. Мінеки, менің Бауыржанды бірінші рет көруім осылай. «Бір көрген -
біліс, екі көрген - таныс» дейді ғой қазақ. Енді мен онымен жақын білісіп,
танысқанымды айтайын саған.
        Содан, Бауыржанның өжеттігі арқасында
Алматыға бармайтын боп Москвадан рұқсат алғаннан кейін, бәріміз өз полктарымызға
келдік. Жауынгерлерді әрі тынықтырып, әрі соғыс ісіне үйрете бастадық. Өйткені
соғыс дегеннің өзі оқу сияқты ғой: оқыған үстіне оқи бергеннің артықтығы жоқ.
Сол сияқты соғыс өнерін білген үстіне біле беру парыз. Дивизияны толықтыру үшін
жаңадан адамдар келгенше осындай әрекет жасап жаттық.
VI
1942 жылы 5
январьда полк комиссары Ахметжан Мұхамедияров мені Ново-Никольскідегі штабқа
шақырды. Полк Нахабинодан осында көшкен болатын.
-        Сіздің бұйрығыңыз бойынша келдім, жолдас
комиссар, - деп баян еттім үйге кіргеннен кейін.
-        Келсең, шешін де жоғары шық, - деді
комиссар. Шықтым.
Барлык батальон
комиссарлары жиналған екен. Солардың арасын нұсқап:
-        Сіз жолдас Бауыржан Момышұлын танисыз
ба? - деді комиссар.
Қарасам анада,
дивизия штабында көрген қаршыға көз командир біздің комиссарлардың арасында
отыр екен. Неге екенін білмеймін, оны көргенде жүрегім бір түрлі боп лүпілдей
соғып кетті.
-        Танимын, жолдас комиссар.
-        Онда жақсы, Бауыржан біздің полкке қызметке
келіп отыр. Полк командиріне орынбасар боп тағайындалды.
-        Уақытша ма, әлде түпкілікті боп
тағайындалды ма? - деппін мен аузыма басқа сөз түспей.
-        Оны болашақ керсетер, - деп комиссар
әңгімені тез басқа арнаға бұрып жіберді.
«Е, жарайды, -
деп ойладым мен. - Әйтеуір бізге келсе болды».
Дивизия алғаш
ұрысқа кіргенде оның полктерінде автоматшылар ротасы деген болған жоқ. Тек он
бірінші ноябрьде немістер Дубосековаға бар күштерін төгіп, Москваға екінші рет
еміне бастаған сәтте полковник Капров пен комиссар Мұхамедияров мені алғы
шептегі атқыштар ротасынан шақырып алып, тездетіп автоматшылар ротасын құруға
бұйрық берді.
-        Сен сол ротанын саяси жетекшісі боласың,
командирінді кейін тағайындап береміз. Керекті адамдарды батальондардан аласың.
Оларға бұйрық берілді, - деді.
-        Е, жарайды, батальондар тандаулы
адамдарын берсе болды. Маған рота құру үшін көмекке полк комсомол ұйымының секретары,
үнемі батальондарда жүретін болғандықтан «батальонный Балтабек» атанған
Жетпісбаевты қосып берді.
         Қатары өткен ұрыстарда азайып, алғы
шепке тұрған батальондар таңдаулы адамдарын бермей, автоматшылар ротасын кұру кешеуілдеп
қалды. Небәрі қарамағымда 13 автоматшы ғана жиналған күні - 15 ноябрьде Капров
маған бұйрық берді.
-        Қарамағыңдағы автоматшылар ротасымен Ширяево
селосын қорғауға бірінші ротаға көмектесесің, - деді.
-        Е, жарайды. Бірақ бізді рота деп айтуға
келер ме екен, он үш қана адамбыз ғой,-дедім мен.
-        Келгенде қандай. Бір автоматшың минутына
екі жүз оқ шығара алады. Ол бүкіл бір отделениенің шығаратын оғымен парапар.
Сонда 13 автоматшың атқыштар ротасының 13 отделениесіне тең.
-        Е, құп олай болса, - деп мен бұйрық
орындауға кеттім.
Біздің ротаға
әлі командир тағайындалмаған болатын. Рота аталған 13 адамға өзім әрі командир,
әрі саяси жетекші болдым.
Ертеңінде
немістердің Дубосекова разъезіне қарай қиян-кескі шабуылы басталды. Осы ұрыстарда
автоматшылар өздерінің қайратын керсетті де. Содан кейін дивизия демалысқа
шықты да, автоматшылар ротасы әлі күнге дейін дұрыстап толықтырылмай келе жатқан
болатын.
       Мұхамедияров
маған таяу күндерде полкты толықтыруға Қазақстаннан адамдар келетінін айтты.
-        Оларды жақсылап қабылдау үшін комиссия
құрдық. Соның бір мүшесі етіп өзіңді бекіттік. Ротаңның командиріне Соловьев
тағайындалды. Соны қасыңа ала отырып, келген адамдардан автоматшыға
лайықтыларын таңдап алыңдар.
-        Е, мақұл.
-        Комиссияның председателі Момышұлы
жолдас. Бүгіннен бастап осы кісімен байланыста бол.
-        Е, жарайды.
Сонымен комиссияға
деп бір үй бөлінді. Ол тоқыма фабрикасының кең клубы екен. Біз сонда отырамыз.
Келген адамдарды қабылдап, батальон-батальонға бөлеміз. Бір топ жаңа алынған
жастар күндіз кеп қалса, келесі тобы түнде келеді. Бұл екі арада комиссия мүшелерінің
өзара сөйлесіп, әңгімелесулеріне де уакыт бар.
     Бір күні осындай бір әредікте Бауыржан
маған қарап:
-        Ал, әңгіме айтыңыз, жолдас политрук,
бізді осылай зеріктіріп қоясыз ба? - деді.
Оны ең алғаш
Дарно деревнясында түнде көргенімде екі-ақ ауыз сөз естіп, көңілім толмай
қалған. «Өзінен басқа аға лейтенант жоқтай, Оқжетпестің тасындай боп мелшигені
несі?» деп ойлағанмын.
Ертеңінде оның
Егоров алдында сөйлеген сөзін тындап, өткен түнде ғана тас мүсін деп таныған
адамымның аузынан сай-сүйекті сырқырататын жігерлі, жалынды, саналы сөздер
естігенде оның аталы ой, өкім үніне тәнті боп ғажаптанғанмын.
        Міне, содан кейін бұл адам біздің
полкқа келді. Келе сала жұртпен шүйіркелесіп те кеткен жоқ, оқшау да қалған
жоқ. Нағыз әскери адамға тән ішкі ырғақпен, көбіне үнсіз жүріп жатты. Аз
сөйлеп, көп тыңдап жүрді. Оның үнсіздігінің өзі ауызды жай жұмып отырғандық
емес, ішкі тегеуірінді тежеген, жөн-жосықты екшеген парасаттылықты танытатын
еді. Сонымен бірге оның жүзі жылыған сәтке алданып қалуға да болмайтын. Ол
орынсыз қылық, оғаш сөзді бірден тыйып тастайтын өрлілігімен де танылып қалған
болатын.
         Міне, сол адам маған бірінші рет жылы
ұшырап, тіл қатты. Анада «ассалаумағалейкум» дегенім үшін үнсіз жазғырғаны жадымда
сақталып қалған мен бұл жолы сақтана жауап қайтардым.
-        Не айтайын, жолдас капитан?
-        Елден хат бар ма?
-        Кеше Алматыдан, Сәбит Мұқановтан хат
алдым.
-        Не жазыпты?
-        Сәкең біз аман-саумыз, жауды жеңіп
қайтындар. «Қобыланды батырың» сені күтіп жатыр депті.
-        Ол не?
-        Ол менің «Қобыланды батыр» деген атпен
жазып, қорғап үлгіре алмай кеткен диссертациям. Соғысқа кетерде аманат деп сол
кісінің қолына беріп кетіп едім.
-        Сәбит жақыныңыз ба еді?
-        Жоқ.
-        Онда қалай танысып жүрсіз?
-        Ол ұзақ әңгіме ғой, жалықпасаңыз
айтайын, жолдас капитан...
УП
Сырттан топырлай
басқан аяқ дыбысы естілді. Сықырлап есік ашылып, ішке жаңа команда келіп кірді.
Мен барып, бұрыштағы диванда ұйықтап жатқан жолдастарды ояттым. Комиссия
мүшелері тегіс үстел басына жайғасып, қарсымыздағы ұзын скамейкада отырған
алты-жеті жігітпен әңгімелесуге кірістік. Бәрі де қазақ жігітгері екен.
Жиырмаға жаңа ғана ілінген жастар. Біз сұрақ қоя бастадык.
-        Қайдан келдіндер, жігіттер?
Олар қозыдай
маңырасып, қосыла жауап берді.
-        Алматыдан.
-        100-ші бригададан.
-        Қай облыстансындар?
-        Шығыс Қазақстаннанбыз.
-        Семейденбіз.
-        Талдықорғаннан келдік.
-        Алматы қалай, жақсы ма?
-        Жақсы.
-        Ал енді бір-бірлеп фамилияларыңды
айтындар.
Осы кезде өткір
көзді қара торы жігіт орнынан ұшып тұрып, бірден бірнеше фамилияны шұбырта
жөнелді.
-        Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов.
-        Өз фамилияң кім? - деді Бауыржан оған
отты көзін қадап.
-        Тоқтаров-Батталов-Нұрбосынов, - деді
қара торы жігіт қайтадан тайсалмастан.
-        Немене, сенің фамилияң осындай ұзақ па?
Әлде бір өзіңнің үш фамилияң бар ма?
-        Жоқ, жолдас капитан. Бұл мына
үшеуіміздің фамилиямыз, - деп ол қасындағы дембелше сары мен сұңғақтау аққұба
жігітті нұсқады. - Осы үшеуіміз Алтайдан, Лениногорскіден келдік. Қорғасын
заводының жұмысшысымыз. Алматыда, жүзінші бригадада бірге болдық.
Осы кезде мен
орнымнан тұрып, көрші бөлмеден ротамның командирі аға лейтенант Соловьевті
ертіп келдім.
-        Осы топтағы жігіттер бізге лайық
сияқты,-дедім.
Тегі, жаңа мен
орнымнан тұрып кеткен кезде Бауыржан жігіттерге бірге болғыларың келсе сендерді
автоматшылар ротасына жіберейік деген болуы керек. Мен Соловьевті ертіп қайта
келгенде жаңағы
қара торы жігіт Бауыржанға былай деп сұрақ қойып тұр екен.
-        Автоматшы деген не?
-        Өзгелер оқты дұшпанға бір-бірлеп атса,
автоматшы оқты жаудың басына уыстап төгеді, жаңбырдай жаудырады.
-        Ендеше үшеуімізді де соған жазыңыз.
Бауыржан
Соловьев екеуімізге қарап иек қақты. Мен жігітгерді тізімге ала бастадым.
-        Қане, автоматшы боламын деген азаматтар
аты-жөндерінді айта беріндер.
Олар
аты-жөндерін айтып тұрды, мен жазып жаттым.
-        Тоқтаров Төлеген.
-        Батталов Жұмажан.
-        Нұрбосынов Жүніс.
-        Хасенов Жұмаділ.
-        Нысанов Байеділ.
-        Жүнісов Қайырбек.
-        Отставить! - деді Бауыржан Жүнісов деген
фамилияны қағазга жаза бергенімде.
Мен қоя қойдым.
Бауыржан аяңдап біздің қасымызға келді де, жас жауынгерге сұрақ қойды.
-        Қайдан келдің?
-        «Ақбұзаудан».
-        «Ақбұзауың» не?
Жігіттер тегіс
ду күліп жіберді. Олармен қоса Жүнісовтың өзі де күлді.
-        Ауыл, колхоз, жолдас командир.
Бауыржан күлген
жігіттерге сұстана көз тастады да:
-        «Ақбұзау» колхозында кім боп қызмет
істедің? - деді жас жауынгерге.
-        Тракторист болдым, жолдас командир.
-        Онда сен ауылыңның белді азаматы
екенсің. - Бауыржан төртбақ денелі қазанбас жігіттің арқасынан бір кағып қойды.
-        Ал майданда сенің мінетін тұлпарың танк
болуы керек еді. Бірақ біздің полкта танк жоқ. Сондықтан пулеметші болсаң
қайтеді?
-        Сіз бол десеңіз болайын, жолдас командир.
-        Есіңде болсын: «Максим» пулеметінің
немістерге қаһары кейде танктен кем түспейді. Бірақ оны баптап ұстауың,
жорықтарда үнемі иығыңа салып, арқалап жүруің керек.
-        Жарайды, жолдас командир.
Бауыржанның
жұқалтаң еріні жымиып, көзінен жылы күлкі ұшқындады.
-        Шиыршық атқан мына жігіттердің автоматшы
болғандары дұрыс. Ал саған автомат арқалатып қою мынадай азамат тұлғаңа обал
ғой. Сенің автоматың пулемет болсын.
      Жігіттер де, бәріміз де күлісіп жатырмыз.
Тракторист жігіт те күліп, қайта-қайта басын изеді.
       Бұл
күлкі майданға жаңа келген жігіттердің терісін кеңіткен бір шуақты сәт болды.
Бәлкім, осы сөз, осы күлкіні олар өмір бойы естерінде сақтап қалар. Қиын-қыстау
кезендерде оларға командирдің бұл әзіл-қалжыңы демеу болар.
        Әрине, бұл ой ол кезде Бауыржаннан
басқамыздың басымызға келген жоқ еді. Қазір ойласам Бауыржан соның бәрін
жігіттерге жігер беру үшін әдейі айтқан екен ғой.
-        Қатардағы жауынгер Жүнісовты
1-батальонға, пулемет ротасына жазыңыз, - деді Бауыржан содан соң полкке келген
жауынгерлерді тізімдеп отырған хатшыға қарап. - Басқалары автоматшылар ротасына
берілсін.
-        Мәке, - дедім мен осы арада Мәліктің
сөзін бөліп. - Жаңағы Жүнісов дегеніңіз біздің ауылдың баласы еді. Жасынан
әке-шешесіз жетім өсті. Ер жеткен соң тракторист болды. Мектепте жүргенімізде
баскалар кластың есігін қолымен итеріп, не аяғымен теуіп ашса, Қайырбек басымен
сүзіп ашатын. Сондықтан ол ауылымызда Шойынбас атанып еді. 1941 жылы декабрьдің
басында біздін ауылдан бір жылы туған төл он бес бала әскерге алындық. Алматыда
ұйымдасқан жүзінші бригадаға келдік. Ойда жоқта бір күні кешке сапқа тізілдік.
-        8-ші гвардиялық дивизияны толықтыруға өз
еркімен барамын дегендер бір адым алға шығындар, - деді.
Артиллерия
дивизионынан бірінші боп мен шықтым. Бірақ мені жібермей, бригадаға алып қалды.
Сол жолы біздің ауылдан келген балалардың көпшілігі 8-ші гвардиялық дивизияны
толықтыруға кетті. Соғыс біткеннен кейін сол он бестен төртеуіміз ғана ауылға
оралдық. Жаңағы Сіз айтқан Қайырбек марқұм да майданда қаза болды.
-        Ендеше біз сенің жерлестеріңмен бірге
соғыстық, - деп Мәлік әңгімесін ары қарай жалғады.
Осыдан кейін
Бауыржан полкке жаңадан келгендердің алдында қысқаша сөз сөйледі.
-        Сендер 8-ші гвардиялық дивизияға
келдіндер, - деді ол. - Қазақстанда құрылған бұл дивизия қазақ халқының арының
алтын туы екенін әрқашан да естерінде сақтандар. Сендер сол атақты дивизияның
1075-ші полкының қатарын толықтырындар. Бұл полктың командирі полковник Капров
жолдас, комиссары Ахметжан Мұхамедияровдеген кісі. Мен полк командирінің орынбасарымын.
Фамилиям Момышұлы. Басқа сұрақ бар ма?
-        Жоқ.
-        Онда өздеріңнің бөлінген бөлімдеріңе
барындар. Сендерді қазір әр батальоннан келген байланысшылар бастап әкетеді.
Енді алғы шепте, жаумен жағалас үстінде кездесейік. Жаудан қорықпаңдар. Оған
жеңілемін деп емес, жеңемін, кұримын деп емес, құртамын деп ұмтылындар. Әрқашанда
осындай ойда болып, қаруларыңды жақсы біліңдер. Тәртіп жағына берік болындар. Өйткені
тәртіп жауынгердің бірінші қаруы. Онсыз ешбір қарудың қуаты жоқ. Жағаларың
жыртылмасын! Жолдарың болсын! Направо!
Старшинам-вести
людей в свои подразделения! На выход, шагом марш!
Қазақша бастаған
сөзін Бауыржан осылай деп командамен, орысша аяқтады. Жігіттердің жігерлене
соққан табаны клубтың еден тақтайын дірілдетіп жіберді.
VIII
Дивизияны толықтыратын
жауынгерлер келіп болғаннан кейін біз ротамызға кеттік. Бауыржан мен Балтабек
штабта қалды. Ро- тада біз жаңа жауынгерлерді соғыс өнеріне жаттықтырумен шұғылдандық.
Күн сайын оларға әскери әзірлік сабақтарымен қоса, саяси сабақ та өткіземіз.
Саяси сабақтың да тақырыбы әр түрлі: жауынгердің борышы, совет жауынгерінің
моральдық тұлғасы, Панфилов дивизиясының ерлік дәстүрлері т.т. Осы та-
қырыптарға күн
сайын дайындала отырып, Бауыржанның кейбір сөздерін еріксіз еске алатын болдым.
Оның: «Политрук сөзі жауынгерге жігер беру үшін, оның намысын қайрау үшін
қажет», «Елін сүйген жауынгер ер болады», «Жігерсіз сөз жүрекке жетпейді», «Басқа
жазушылар қағазға жазса, біз жауынгерлердің жүрегіне жазамыз», «Басқалар сиямен
жазса, біз қанымызбен жазамыз», «Тәртіп - жауынгердің бірінші қаруы» деген сөздері
есімде сақ-
талып қалыпты.
Оның менің жай сөйлейтінімді мінеген теңеулері де ап-ащты боп ойымда жүрді.
Бірақ ол теңеулер есіме түскен сайын мен ширауға тырыстым.
1942 жылдың 11
январында жаңа күш қосылып, толықтырылған біздің дивизия эшелонға тиеліп,
қайтадан жорыққа аттанды.
        Жаттығу жұмысы вагон ішінде де
жүргізіліп жатты. Алты күннен кейін Дворцы деген станцияда поездан түстік те,
жаяу жорыққа көштік. Февральдың бас жағында қанды ұрысқа қайтадан кірдік.
       Біз
Бауыржанмен жолда да, жорықта да, ұрыста да үнемі кездесіп отырдық. Ол туралы
менің «Сұрапыл жылдар» кітабымның «Төлеген Тоқтаров» деген тарауында толық
айтылған. Біздің ерлігіміз де сонда суреттелген. Енді мен саған сол ұрыстар
кезіндегі Бауыр-
жанмен соңғы
кездескенімді айтайын.
      22 февраль күні түнде біздің батальонның
басшылары Гундилович пен Трофимовты, автоматшылар ротасының командирі Соловьев
пен политрук мені полк штабына шақырды. Кішкене ағаш үйдің шағын бөлмесінде,
жез құтыда лапылдай жанған күйелі май шамның жарығымен бәрімізді Бауыржан
қабылдады. Полк комсомол ұйымының секретары Балтабек те осында екен.
- Жолдастар!
Түнделетіп шақыртқаныма ренжімеңіздер. Біріншіден, сіздерді ертеңгі мерекемен -
Совет Армиясының 24 жылдығымен құттықтаймын. - Осылай деп ол бәріміздің қолымызды
алды. - Екіншіден, осы шабуылда дивизияның авангарды болған полктың маңдай
батальоны мен оны қолдаушы автоматшылар ротасының жауынгерлері мен
командирлерін жоғары наградаға ұсыну үшін қосымша материалдар беру жөнінде
генерал
Чистяковтан
тығыз түрде бұйрык келді. Ол материалдар таңертең дивизияда, одан соң жоғарыда
болуы тиіс.
       Алдымен ол бізден Төлеген Тоқтаров
туралы сұрады.
-        Маған біздің дивизия қырандар ұясы бодып
көрінеді, - деді Бауыржан. - Ал аспанда самғап жүрген қыранды бірін-бірінен айыру
қиын. Сол сияқты әр деревняны жаудан босатқан сайын малақайларының құлақтары делдендеп
жауды жайпап жүрген көк көз, қара көз батырлардың бірін екіншісінен бөле тану
қиын. Төлеген сол қара домалақтың қайсысы?
       Бауыржан алдымен Соловьев пен маған
қарады.
-        Сіз оны білесіз, - деді Соловьев, -
өткір көзді, қара торы жігіт болатын.
-        Қазақтың көпшілігі қараторы келеді. Оның
үстіне мынадай аяз қарып, домбыққан беттердің бәрі де қара торы боп көрінеді
ғой, жолдас аға лейтенант.
-        Оныңыз рас. БірақТөлеген ерекше жауынгер
еді. Оған сіздің көз тоқтатпауыңыз мүмкін емес. 5 февраль күнгі ұрыста ол жеті фашисті
жер жастандырып, екеуін тұткынға алды. Оның біреуі офиңер екен. Оларды Төлеген
Мәлік екеуіміздің қасымызға айдап әкелген кезде жолдас полковник Капров
екеуіңіз келдіңіздер. Жаңағы офицермен сөйлесіп, оның қай бөлімдікі, қанша
күштері барын сұрадыңыздар.
Бауыржан басын
изеді.
-        Бұл оқиға есімде. Ол Ново-Свинухово
деревнясында еді ғой. Бірақ онда мен ол жігіттің аты-жөнін сұрамаппын.
-        Оны сұрауға мүмкіндік болды ма, жолдас
капитан. Сол сәтте немістердің кезекті қарсы шабуылы басталды ғой.
 Осыдан кейін мен Бауыржанның есіне Төлегеннің
алғаш полкке келген сәтін түсірдім.
-        Балтабек, Төлегеннің комсомол билетін
мен саған беріп едім ғой. Сонда суреті болатын.
-        Иә, қазір,- деп Балтабек сумкасынан
Төлегеннің комсомол билетін алып, Бауыржанға берді.
Батырдың суретін
көріп жіберіп, Бауыржан оны бірден есіне түсірді.
-        А, бұл сондағы фамилиясы ұзын жігіт қой?
Үш фамилияны қосақтап бір-ақ айтатын?
-        Иә, сол.
-        Енді есіме түсті. Оның ана екі жолдасы
бар ма?
-        Бар. Аман. Біреуі Сіздің көзіңізше неміс
танкын құртгы.
IX
Ол оқиға былай
болған еді. Февраль шайқастарының бас жағында Капров ауырып, он шақты күн
шанада жүрді. Полктың барлық ұрысын Бауыржан басқарды. Батальон
Ново-Свинуховоға ұмтылғанда оған көмек көрсетуге әзірленіп автоматшылар орман
шетінде отырған еді. Осы арада ұрысты басқарып тұрған Бауыржан:
-        Мәлік, анау сарайдың түбінде танк тұр.
Соны құртуға бір адам жібер, - деді.
Мен Батталовты
жұмсадым. Ол танкқа лақтыратын кеспелтек гранатының екеуін алды да, ілгері
барыңқырап барып, тайсалақтап кейін шегінді.
-        Анауың қорқып тұр, шақыр бері, - деді
Бауыржан.
Мен шақырдым.
Батталов келді.
-        Әй, сенің кеуденде намыс бар ма? - деді
Бауыржан оған зілді үнмен.
-        Бар, - деді жауынгер сасқалақтап.
-        Болса тез бар да, ана танкты құрт. Егер
қорқып, күйбектедің бар ғой, онда сені ата-бабаңның аруағы атады. Ұқтың ба?
-        Ұқтым, жолдас капитан. Мен немісше «қолынды
көтер!» дегенді қалай айтады деп сұрамақ едім.
-        Оны не қыласың? Қолын көтертіп, неміспен
құда болайын деп пе едің? «Хенде хох!» дейді. Бар, жөнел! - деді Бауыржан.
Батталов тұра
жөнелді. Бағанадағыдай емес, ширақ қимылмен тайсалмастан ілгері ұмтылды. Бір
кезде Бауыржан нұсқаған сарайдың түбінен қара түтін бұрқ ете түсті.
Әлден уақытта
Батталов қайтып келіп, бұйрықтың орындалғанын баяндады.
-        Еңбегің үшін ел атынан алғыс
жариялаймын, - деді Бауыржан. - Бірақ сен алғашында қорықтың-ау деймін.
-        Темір тонды пәледен тайсалғаным да рас,
- деді жауынгер шынын айтып. - Бірақ Сіздің ата-бабаңның аруағы атады деген сөзіңіз
жаныма батып кетті.
-        Жарайды, жігіт екенсің! - деді Бауыржан
Батталовты қағып.
- Бар, жаумен
әрқашанда жақсылап соғыс.
Мен Бауыржанға
осы эпизодты айттым.
-        Ол Төлеген серіктерінің бірі ме еді?
-        Иә, Бауке.
Содан соң мен
сумкамнан қара дәптерімді суырып, сонда жазылғанның Төлеген туралысын оқып
бердім. Онда Төлегеннің әр күнгі қимылы, ерлігі суреттеліп, қанша фашисті
жойғаны баяндалған еді. Ең соңында ішіне оқ тиген Төлегеннің ішегін шұбатып
жүріп, неміс офицерін оғы таусылған автоматпен ұрып өлтіргенін айттым да:
-        Төлеген адамгершілігі мол, қамқор
көңілді, жолдастарына қайырымды азамат болатын. Төлеген қасымызда жүргенде ортамызда
лаулаған от келе жатқандай болушы еді. Ол өз жанының жалынымен өзгені де
қыздырып, басқалардың да жүрегіне от беріп, жігерін тұтатып отыратын ер еді, -
деп сөзімді аяқтадым.
Бұдан кейін Гундилович,
Трофимов, Жетпісбаев Төлеген туралы менің жазбаларыма қосымша деректер берді.
         Бауыржан менің дәптерімді сұрап алып,
Төлегеннің комсомол билетін соның ішіне салды да:
-        Рақмет бәрлеріңізге, - деді бізге қарап.
- Есіл азаматтардың ерлік тарихын есте сақтағандарыңыз үшін ертеңгі ұрпақ сіздерге
разы болуға тиіс.
Содан соң
Бауыржан маған бұрылды да:
-        Осының бәрін қалдырмай қағазға жазып
жүргенің үшін саған көп рақмет, Мәлік, - деді. Ол сәтте мен Бауыржанның бұл
сөзіне мән бергенім жоқ. Бірнеше күн бел шешпестен ұрыста жүріп қалжыраған
басым жылы жерге келгеннен кейін маужырап, ұйқым келіп өліп отыр едім.-Енді сен
ауыз бөлмеге, Синченконың қарамағына бара тұр. Мына жолдастармен сөйлесетін
тағы бір сөзіміз бар.
-        Е, жарайды, - деп тонымды сүйретіп төргі
бөлмеден шықтым.
Ауыз бөлмеде
Бауыржанның атқосшысы Николай Синченко үстел жасап, бес кісіге дәм әзірлеп отыр
екен. Ұйқы қысып келе жатқан мен еденге жантая кетіп едім, Синченко иығымнан
жұлқылады.
-        Жолдас политрук, сағат қазір 00.30 -
Совет Армиясы мейрамының күні басталды. Басыңызды көтеріп, үстелден дәм татыңыз,
жүз грамм жұтып жіберіңіз. Жолдас капитан маған сіздерге дәм татырып жібер деп
бұйырған.
      Ұйқылы көзіммен Синченконың айтқанын орындадым
да, қайтадан жантайып, лезде қор ете түстім.
     Бір кезде мені жұлқылап оятып жатыр.
-        Мәлік, тұр, кетеміз, - дейді.
        Сағатыма қарасам 2.30 болыпты.
Гундилович, Трофимов, Жетпісбаев, Соловьев төртеуі Синченконың дастарқанын
жайғастырып жіберіпті.
Бауыржан ішкі
бөлмеде жалғыз қалды. Бесеуіміз далаға шықтық. Балтабек бізбен қош айтысты да,
жатқан үйіне қарай бұрылып кетті. Қалған төртеуіміз қараңғы түнді үңгіп, шыны
қарды шықырлатып, өз бөлімімізге қарай бет түзедік.
- Мәлік, - деді
Гундилович жолда келе жатып, - капитан бізден жаңағы Төлеген жайын сұрағандай
етіп, сен туралы да көп деректер сұрап адды. Біз сенің Ново-Свинухово, Бородино
үшін болған ұрыстардағы ерлігіңді айттық. Жетпісбаев өткен октябрь, ноябрь
ұрыстарындағы
еңбегіңді де қалдырған жоқ.
        23 февраль күні күндіз, түс кезінде
қалың ағаш ішіндегі алаңға әрбір батальоннан топ-топ жауынгерлер келе бастады. Бұлар
өткен шабуылдарда ерекше ерліктер жасағаны үшін үкімет наградасына ұсынылған
командирлер мен жауынгерлер еді. Бүгін - Совет Ар-
миясының 24
жасқа толған ұлы мейрамы күні оларға ордендер мен медальдар тапсырылмақ. Орман
ішіндегі алаңға сол үшін жиналып жатырмыз.
      Бір кезде Капров, Мұхамедияров, Момышұлы
тағы басқа командирлер келді. Полковник Капров бізді Совет Армиясының күнімен
құттықтады. Командованиенің тапсырмасын ойдағыдай орындағаны үшін осы жиналған
жігіттердің тегіс наградталғанын айтып, оларға ордендер мен медальдар тапсырды.
      Рамазан Елебаев, Александр Соловьев,
Балтабек Жетпісбаев, Павел Гундилович, автоматшылардан Жұмажан Батталов, Іңкәрбала
Иманбеков т.т. Қызыл Ту орденін алды. Автоматшы Төлеген Тоқтаров пен
автоматшылар ротасының политругі Мәлік Габдуллиннің Совет Одағының Батыры
атағына ұсынылғаны жарияланды...
      Неге қуанбайын! Қуанышымда шек болған
жоқ, әрине. Енді тезірек Указ шықса екен деп алабұрттым. Алғашында Указ шыққанша
мұны ешкімге айтпайын, елдегі ағайын, достар газеттен оқып, бірақ білсін деп те
ойладым. Бірақ айтпауға дәтім шыдамады, ішіме сыймады. Біраз күн тістей қатып,
шыдап жүрдім де, ақыры алғашқы хатты Алматыға
жолдадым. Сол
күні күндіз ротаның саяси жетекшісінен жоғарылап, батальон комиссары боп
тағайындалған едім. Бір жағынан бұл да бір қосалқы қуаныш боп, жанымды
түрткілесе керек. Ақыры не керек, түнде, жер төленің ортасына жағылған оттың
басында отырып, жүрек жарған жаңалығымды былай деп ақылшы аға, асыл ұстазым
Мұхтар Әуезовке жолдадым:
«Қымбатты МҰХА!
13. ІІ-де жазған
хатыңызды алдым. Аманшылығыңызға қуаныштымын. Мен де аман-саумын. Талай тас
қамауды талқандап бұзып, жауды қуып барамыз. Сақылдаған аязда, сартылдаған
соғыс сахнасында қолдан келген күшті жұмсап жатырмыз. Мен наградқа Қызыя Жұлдыз
орденін алдым. Жақында бір тамаша операция жасап, немістің «Ку бас» деп
аталатын дивизиясының штабын талқандап шықтық.
Осы операцияда
тамаша ерлер шықты. Біздің полктан үш адамды Совет Одағының Батыры атағына ұсынды:
1) политрук Клочков, ол Щербаков жолдастың баяндамасында айтылған 28 батырдың
қолбасшысы еді. 2) Тоқтаров Төлеген деген қызыләскер, Риддер қорғасын
заводынан келген
жас, 21 -дегі жұмысшы. З) Мен. Таяу күнде Указ болып қалар.
Дивизия көлемінде
абыройым жақсы, бәрі құрметтейді. Әсіресе Совет Одағының Батырына ұсынылған соң
комдивтің өзі қолымды алып амандасады.
Қазір ротаның
политругі емеспін, батальон комиссарымын. Жұмыс көп, осы кезде қызу
майдандамыз. Бұл хатты оттың сәулесінде бой басылып, түн түскен кезде Сіздің
хатқа жауапты тездету ретінде асығыс жаздым. Әлішердің қайда екенінен хабарым
жоқ. Тағы да хат жазармын. Хош, сау болыңыз. Еңбек творчество майданында
жақсы-жақсы шығармалар жазуыңызға тілектеспін.
Ініңіз Мәлік
5. III. 42 ж.
Полевая почтовая
станция 993,
1075 СП,
2-батальон,
М. Ғабдуллин.»
Міне, Бауыржанды
біздің полктан соңғы рет көргенім сол жолы, 23 февраль күні болды. Үстінде қара
бурка, басында папахасы бар, ол өзге командирлерден иығы асып, тіп-тік болып,
сұсты жүзі жұмсарып, отты, ойлы қара көздері наградталған ерлерге жылы нұр төгіп,
мейірлене қарап тұрды.
     Содан екі күн кейін - 25 февральда
Бауыржан бізден қайтадан өзінің 1073-ші полкына кетті, сол полктың командирі
болып тағайындалды. Ол хабарды естігенде көңілім қатты құлазыды. Өйткені бұл
кезде мен Бауыржанды қатал, қаһарман командир деп қана мойындап қоймай, сонымен
бірге оған аға, дос ретінде де бауыр басып қалған едім.
     Артынан Бауыржан 9-гвардиялық дивизияға
командир болып кетті. Одан соң Бас штабтың академиясына оқуға барды. Бұл екі
ортада мен де бірсыпыра қызметке ауыстым. Сол жылы 5 мартта, жараланып кеткен
Трофимовтың орнына, Гундилович батальонына
комиссар болып
бекідім. Одан кейін полк үгітшісі болдым. Совет Одағының Батыры атағын алғаннан
кейін, 1943 жылдын февралында Калинин майданы Саяси басқармасының үгітшісі
болып тағайындалдым. Осы кездерде Бауыржанмен үзбей хат жазысып тұрдым.
          Бұл кезде біз терренкурдың үшінші
километрінен қайтып, «Арман» кинотеатрына тақап қалған едік. Мәлік енді
әңгімесін тұжыруға кірісті.
-        Мінеки, менің Бауыржанмен білістігім
осылай. Өзің де соғыста болдың, соғыстың жайын жақсы білесің ғой. Бірден батырлық
еңбек етсең де, бірден батыр атағы берілмейді. Екі рет ерлігің танылғанда
есепке алынасың. Бес рет батылдығың білінгенде ғана батыр атағына жетесің. Онда
да екінің бірі жете бермейді. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Ал жүз
жүйрік, мың тұлпар қатар шапса, олар қанша оқтай жүйткігенімен, бірінен бірі
оза алмайды. Озса да бірінен бірі қара үзіп кетпейді. Сұңқарлар қанаттас самғайды,
тұлпарлар қабырғалас зымырайды. Тұлпардан тұлпар озбағанымен, олардың артында
ор болып іздері қалады. Сол сияқты біздің 316-дивизия тұлпарлар тоғысқан жер
еді. Біздің 8-ші гвардиялық дивизия батырлар бас қосқан ұя еді. Жеке батырлардан
жалпы батыр шыңдаған дүкен еді.
Мың адам
бірлесіп батырлық іс атқарады. Бірақ атақ назары соның біреуіне ғана түседі де,
оның кеудесіне Алтын Жұлдыз боп қадалады. Мен сол болсам, Баукең атақ назары
түспеген, бірақ тарихтың назары түскен, бір өзі жүзден аса ерлік жасаған, мен сияқты
жүздеген жұлдызды, жұлдызсыз батырларды баулыған ұста, ұстаз, ардагер азамат
қой!
X
Осыдан кейін де
көп күндер өтті, көп оқиғалар болды. Алдымен Бауке туған жері Жуалы ауданында
өзінің алпыс жасқа толған тойын өткізді. Ол той одан кейін Алматыда жалғасты.
Осы тойларды атқарғаннан
кейін Баукеңнің кәртейгендегі жан серігі Кәмәш қайтыс болды. Одан кейін қан
майданды бірге кешкен жауынгер інісі, жан досы Мәлік Ғабдуллин дүние салды.
Олардың артынан асқар таудай ағасы Сәбит Мұканов қайтпас сапарға ол кетті.
Осының бәрі Баукеңе соққы үстіне соққы болып тиіп, оның аузынан шыққан күйініш
сөздері жалпақ жұртқа естіліп жатты.
Алғаш әйелі
өлген кезде бір замандасы келіп, пенсияға шығып, қызмет, көліктен айрылып, қор
боп қалдым дегенде, Баукең оған: «Қорлықтың көкесін кемпірің өлгенде көрерсің»
депті.
Мәлік қайтыс
болғанда:
-        Енді біздің шаңырақтарға шартылдап
нажағай түсе бастады. «Теперь по нашим квадратам бьют. Кезек ересен ер ұрпаққа
келді», - деп шөке түсіп отырып қалыпты.
Сәбең қайтыс
болған кезде Баукең айтты деген мына бір сөз және тарады. «Сәбит пен Ғабит
Алатау мен Қаратаудай панам еді. Енді оның да бірінен айрылдым ба?» депті.
        Күз өтті. Қыс кетті. Жаз шықты. Күндердің
күнінде Баукең екеуіміз ұзақ уақыт үзіліп қалған диалогты қайтадан жалғастырдық.