ВЕРНУТЬСЯ

 
   Ендеше Бүркітбай сол Қатипаны алсын,
- дедім мен. 
-Бүркітбай оны ұнатпайды, -
деді шешем. - Осы төңіректе оның ұнататыны сен ғана болып отырсың. Құдайдың
мұнысына мың шүкіршілік, ат аяғы жетер жердегі жал-ғыз еркек қызының аяғынан
құшақтап жатса, одан артық бақыт бар ма шешеге! Бірақ есіңде болсын, еркектің
көңілі құбылмалы болады. Мысықты кім арқасынан сипаса, ол со-ған сүйкеніп,
пырылдап, алдынан түспей қоймай ма? Еркек те сол сияқты. Қай әйел бетіне күле
қарап, қылмындай бастаса, еркек те соған қарай бейімделе береді. Сен шалқая
бер-сең, ол ерегесіп, Жексеннің қызын алады да қояды. Сөйтіп саған арналған
жылы суға Қатипа қолын малады да отырады. Жұртқа таба боп мен қаламын, елге
күлкі боп сен жүресің. 
-        Неге табалайды жұрт? - деймін мен.
-        Неге табаламайды, - дейді
шешем. - Бүркітбайдың көңілі сенде екенін бүкіл осы ауыл түгел біледі. Кеше
анау шеттегі саңырау кемпір Сақып та: «Бүбіш, Сәлиманы Бүркітбайға қашан
қосқалы жатырсың? Ұмытып кетпей мені де тойына шақыр. Сәлиманың тұсауын өзім
кескенмін», - деп кетті. Білмесе, ол не? «Ел құлағы елу» деген емес пе, бәрі де
біледі. Білсін, осы қиыншылықта мына Бүбіштен басқа кімнің қызын күйеу, күйеу
болғанда жарты патша - басқарманың өзі алып жатыр.
Мен ыза боп кеттім. «Тойыңның да, Бүркітбайыңның да керегі жоқ» деп жылап
жатып алдым. Шешем бұртиып, біраз қасымда отырды. Содан кейін даусын жұмсартып,
басымды сипады. Біраздан кейін мені құшақтап, өзі де жылап алды. Көзін сүртіп,
бір кезде қайта сөз бастады.
- Егер соғыстан Ербол келмей қалса, сорлайтын сен боласың, балам, - деді
жыламсырап отырып. - Одан да бүгіннен бастап Бүркітбайға шығып ал, қалқам.
Айналайын, ақылың бар ғой сенің. Мына дауылды заманда үйге тіреу болатын еркек
керек. Оқуды қайтесің, оқудың түбіне кім жетеді? Ербол, Ербол дейсің. Ерболың
да жасынан оқу құмар бала болатын. Соғыстан бұрын тауыса алмай кеткен оқуын
соғыстан кейін бітіремін деп әуре болмасына кім кепіл оның. Алдымен соғыстың
бітуін күтіп, одан соң Ерболдың оқуды тауысуын тосып, өз бағынды өзің байлап
отырасың ба, күнім-ау. Қыз баланың бақыты - байға тиіп, бала құшақтау. Жалғыз
сен емес, сонау Хауа анадан бері келе жатқан жоралғы осы, ботам. Осылай деп
шешем дауыс айтып отырып алды. Бір жағынан сені аяп, бір жағынан шешемді, он
беске кеп қалған сіңлім Сәния мен он жасар інім Әскержанды аяп, екі оттың
арасында қалғандай, дал болдым. «Апатай, бұл әңгімені жазға қалдыр» деп таң
атқанша жылап, жатып алдым.
Бүркітбаймен ақылдасты ма, әлде өзі жібіді ме білмеймін, ертеңінде кешке
шешем осыған көнді. Жазғы каникулға шыққанымда мені Бүркітбайға қосатын болды
(Ал өзім Бүркітбайды алғаш келіп, амандасып кеткеннен кейін көргенім жоқ).
Мінеки, сөйтіп, ауылдан мен кеше ғана келдім. Келе сала саған хат жазып,
мұңымды шағып отырмын. Не істейін, Ербол! Не қылайын? Жаным, қуатым, ақылды
едің ғой, бір амалын тапшы өзің. «Сақал-мұртың қуарып, бойға біткен тамырдың
бәрі бірдей суалып, алайын деп тұрмысың мені көріп қуанып» деп қарт Қожаққа
Ақжүніс айтқандай, Бүркітбай шалға қалай барамын, сенсіз қалай өмір сүремін?
Бармасам, шешем күн көрсетпейді, үй ішінің халі ауыр екен. Өзің барда күзде үй
басына арба-арба еңбеккүнге тиген астық түсіп, қыс
бойы ол қап-қап болып тошалада тіреліп турушы еді ғой. Өткен күзде біздің
үйге бір жарым қап бидай әрең тиіпті. Үйдегі үш жан күніне үш мезгіл дастарқанға
бір уыс бидай шашып, соны тауықтай теріп жеп, талшық ететін көрінеді. Бір
біздің үй емес, бар ауылдың күйі осы. Жақ жүндері үрпиіп, бозарған балаларды
көргенде ішің удай ашиды. Міне, елдің жайы осы, Ербол!
Студенттік жағдай да жетісіп тұрған жоқ. Күніне карточкамен алатын бір
жапырақ нан мен қатықсыз қара көже ғана. Жатақхана да суық. Осы хатты көрпеге
оранып отырып, қолымды қайта-қайта үрлеп, өз деміммен жылытып, әрең жазып
отырмын. Бірақ маған сенің әр хатың бес күндік азық, әр сөзің бір күндік қызу.
Қаншама жүдеп-жадап жүрсем де сенен хат келгенде жайнап, жадырап кетемін. Бұл
шын сөзім, шын сырым, қуатым.
Сүйіктім Ербол!
Менің бар жайым осы. Ендігі хабарды өзіңнен күтемін.
Шешімін де, кесімін де өзің айт. Мен сенің айтқанынды ғана орындаймын. Күт
десең - күтемін, шалға бар, тұрмысқа шық десең - шығамын. Талай махаббаттың
қанатын қырыққан қанды соғысты бастаған қаскөй жауға лағынет айтып шығамын. Бүркітбайдың
босағасында басыма қызыл желек бүркелсе, саған деген ақ жүрегім қара жамылып
жататын болады кеудемде.
Жоқ, бұлай болуы жөн емес, Ербол. Жазға дейін соғыс бітуі керек. Сендер
Гитлер сұмның көзін жоясыңдар. Сонда Бүркітбай айдалада қалады. Екеуміз қосыламыз
- махаббаттың мерейі үстем болады. Махаббат зұлымдыкты жеңеді. Сендер соғыста
жаумен жұлысып жатырсындар. Менің жүрегім де сондай майданға айналды. Менің
жүрегімде махаббат пен шарасыздық шарпысып жатыр. Махаббат жеңісінің туы сендердің
қолдарында, Ербол. Сендер жауды құртасындар, майданда сендер көтерген жеңіс туы
мұнда жығылып жатқан мыңдаған махаббаттың жалауын жалтылдатады. Айналайын, қуатым,
жауды тезірек жеңіндер. Сөйтіп, өзіңді де, мені де құтқар мына азаптан.
Қасымдағы қыздар жатып қалды. Мен стол шамын жаныма жақындатып алып, саған
осы хатты жазып отырмын, жылап отырмын. Мына бір сиясы жайылып кеткен сөз -
менің көз жасым тамған жер.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, Ербол. Жазда, жазатайым Бүркітбайдың
жайған торына түсіп қалсам, сен мені кеш. Өзіңді уыз махаббатыммен шексіз
сүйгенім үшін кеш. Соғыста талай темірдің қамырша иленіп, талай шойынның шыныдай
үгітіліп жатқанын сан рет жазып едің ғой маған. Ендеше адам жаны темірдей төзімді
ме, шойыннан берік пе? Майданда сом болаттарды күйреткен соғыс елде де талай
серттерді сындырып, уәлелерді уатып жатыр. Әрине, оныңда тау-қыметі жауынгерлердің
иығына түседі. Олай дейтінім, осы жолы ауылдан келгенде күйеулері соғыста
жүрген кейбір жас әйелдердін, сөз байласқан жігіттері майданға кеткен қыздардың
күйеуге шығып алғандарын көрдім. Жоғарғы ауылдағы өзіңнің Ағайша жеңгең завферма
боп жүрген Жолболды деген шұбар шалға тиіп алыпты. Алматыға қайтар алдында мектептің
жанындағы ләпкеде кездесіп:
-        Неге өйттіңіз? - деп сұрадым
Ағайшадан.
-          Күйеуімнен соғыс басталғалы
хат жоқ. Мен сонсоң шықтым. Ал Еркеш қайнымнан (жеңгелеріңнің сені солай деп
атайтыны есіңде шығар) күн сайын хат алып отырған сен де Бүркітбай бастыққа
барғалы жатыр дейді ғой, - деп ол өзімді кекетті.
Төменгі ауылдағы «бес жорға» атанған бес бойжеткеннің бірі Қазиза еді ғой.
Сол отыз жыл отасқан әйелін тастатып, бригадир шалға шығып алыпты. Бұл менің
ауылдан, өзіміздің қолхоздан ғана көргенім. Ондайлар басқа ауылдарда да бар
шығар. Осының бәрі тұрақсыздықтан емес, көпшілігі шарасыздықтан кетіп жатыр,
Ербол. Мұның бәрін сенің алдында ақталу үшін жазып отырғаным жоқ, жаным. Ертең
жауды жеңіп, аман қайтқан жігіттердің бәрі өздерін тоспай кетіп қалған жарлары
мен ғашықтарына қарғыс дауылын боратып, лағынет боранын ұйтқыта келеді әлі.
Содан, ең жоқ дегенде бір жігіт - менің ақылды досым, бар жағдайды байыппен
ойлап, пайымдай білетін Ерболым олай етпесін. Ол пайдасыз ашу мен ызадан биік
болсын. Қыз сорлылардың шалға телініп, жат босағаны жастанғанымен, өздерінің
сол жігіттерге деген сүйіспеншіліктерін жүректерінің түкпіріне түйіп, өмір бойы
жадында сақтап қалғанын білсін. Қаншама бармын, бақыттымын десе де, сол алғаш
сүйген жігіттерінің тебесін көргенде шексіз қуанатындарын, оңашада соларды
ойлап, ексіп алатындарын түсінсін. Сөйтіп қыздарға кешірім етсін, жалғыз өз
атынан емес, барлық жігіттер атынан кешірім етсін деп жазып отырмын мұны.
Жо-жоқ, Ербол сен мұны мен Бүркітбайға баруға бел байлаған соң айтып отыр
екен деп ойлама. Жоқ, атама. Бұл менің бар жүрегімді жайып, бар сырымды
ақтарғаным саған. Ойдағының бәрін жасырмай жазғаным. Осылай ақтарыла сөйлеуге
мені өзің үйретіп едің ғой, жаным. Сол талабынды және орындағаным.
Міне, ағарып таң да атты. Терезеден ақ бас Алатаудың бір биік шыңы көрінді.
Осы шыңдай берік, осы шындай тұрақты болсам деуші едім өмірде. Оны алдағы
күндер, алдағы жағдайлар біледі.
Ал, қалқам, мен болдым. Сенің амандығынды тілеймін. Осы жазда жауды құртуларыңды
күтемін. Сенің маған ақыл беретін хатыңды тосамын.
Басынды көкірегіме басып, қысып, бетіңнен сүйдім сені. Окобыңда аязда тоңып
отырған жеріңде ыстық ерніммен аймалап, айқара құшақтадым, жаным.
Сенің Сәлимаң.
1944 жыл, 20 ақпан,
Алматы, КазГу».
Мен хатты оқып болып, Меңтай екеуіміздің 
ортамызға қойдым. Қыз қолын хатқа созбады. Маған оның жүрегі толқып,
тулап отырғандай боп көрінді. Бірақонысын сездірмеді.
-        Бұл Сәлиманың сізге жазған
хаты ғой, - деді арамыздағы сәл үнсіздіктен кейін Меңтай.
-          Иә.
Қыздың көмейіне оның ар жағы не болды деген сұрақ та келген болар. Бірақ ол
енді ләм демеді. Басталған әңгіме аяқсыз қалмайтынын біліп, әліптің артын
бағып, үнсіз отыра берді.
-        Енді ар жағын айтайын ба? -
дедім қызға қарап. Меңтай басын изеді.
-          Бұл хатты оқып шыққаннан
кейінгі менің жайым еркек қауымның бәріне де түсінікті ғой. Көзге көрінбейтін
әлдебір алып қолмен желкемнен ұстап алып, біресе тай қазанда бұрқ-сарқ қайнап
жатқан ыстық суға малып, одан соң сақылдаған сары аязда мұз ойыққа батырып
алғандай болды. Сол күшті қол мені осы бір ыстық, бір суыққа кезек сүңгітіп
тұрғанға ұқсады. Біресе денем от боп күйіп, артынша мұздап кеп қоя береді. Өне
бойым қалш-қалш етіп бүрісіп, Балзақтың шегірен былғарысындай кішірейіп, бір
жапырақ боп бара жатқан сияқтымын. Қойшы, не керек, сонымен ол кезде күндіз
күлкі, түнде ұйқыдан айырылдым. Сәлимаға не деймін, не деп жауап беремін деп
қиналдым. Оны ойлағанда қолымдағы мылтығымның сусып қалай жерге түсіп
кеткенінде аңғармай қаламын. Бүркітбайға бар деуге Сәлиманы қимаймын, Сәлимадан
айырылып қалсам, енді ешқашан да маған ондай жақсы қыз кездеспейтіндей
көрінеді. Ешкімге барма, өзімді тос дейін десем, өлермін деп ешқашан
ойламағаныммен, анық тірі қаларыма, осы күнгідей он екі мүшем сау, аман келеріме
және кезім жетпейді. Өлі болам ба, тірі қалам ба - онда шаруаң болмасын, тек
мені тос деп әгоистік жасауға тағы да арым бармайды.Сәлима хатында жазға дейін
жауды жеңіп кел, сонда өзіміз қосыламыз дейді. Менің сөйтіп оған жеткім-ақ
келеді. Бірақ бүкіл неміс армиясын жазға дейін жалғыз жайпап тастау менің
колымнан келе ме? Еғер бәрі менің қолымда болса, онда жаз-ға дейін емес, бір
айда-ақ, тіпті бір тәулікте, тіпті сол күні-ақ жауды құртып, бар ғашықты
бақытты етіп, елге қайтқан болар едім. Қайтейін, қанша бұлқынса да бір
солдаттың қолында не бар.
Өстіп дел-сал болып жүргеңімде елден тағы бір хат алдым. Оны ауылдан
Сәлиманың шешесі жолдапты. Әрине, Бүбіш апайдың өзі хат білмейтін. Бұл апайдың
кіші қызы Сәнияның да жазуы емес. Қолтаңбасы маған өте таныстау. Басқа біреуге
жаздырыпты. Хатының мазмұны мынандай:
«Қымбатты Ербол
балам!
Дүние тыныштық болса, сені шын балам болар дегі ойлаушы едім. Сұм соғыс
килікті де, бәрінді көгендеген қозыдай алысқа алып кетті. Сәлимам сені сарғайып
кеп күтті. Оның енді отыруының орны жоқ. Ерге шығуы керек. Шырағым, мен шешемін
ғой. Ең жоқ дегенде бір қызымды қолымнан ұзатып, қызығын көрейін. Егер сенің
оны шын жақсы көргенін рас болса, бағын байламай, рұқсатыңды бер. Оған кінә
қойма, өз күнін көрсін, обалдарың сұм Китлерге болсын.
Ал, қарағым, Ербол! Осыны сенен аналық тілек етемін. Жасыңнан ана сыйлаған
жалғыз едің ғой. Айтқанымды орындасаң - батамды беремін. Құдайдан сенің
аман-есен келуіңді тілеймін. Аман келсең, өзіңе лайық қыз табылады елден.
Анаң Бүбіш».
Бұл хат жанымды және күйдірді. Күйдірген кемпірдің сөзі ғана емес (бірақ
шеше байғұста не кінә бар), сол хаттың жазуында еді. Әріптері қиқы-жиқы бұл
шимай Бүркітбай бригадирдің жазуы. Мен жыл сайын, оқу біткеннен кейін, жаз бойы
оның төбілшісі болатынмын. Сондықтан да маған Бүркітбайдың қай әріпті қалай
жазатыны, тәбілдің аяғына қолды қалай қоятыны бес саусағымдай белгілі еді. Төрт
бұрышты конверттен алынған хат бетіне тізілген сол бір қиқы-жиқы әріптер енді
маған омартадан құжынай ұшқан сары ала шыбын - сансыз араларға айналып, өзімді жабыла
талағалы келе жатқан сияқты боп көрінді.
Сонымен, біресе жапандағы жалғыз жолаушыны қамаған аш қасқырдай анталап,
алдан да, бүйірден де снаряд, миналар жарылып, біресе ордалы жыландай жан
тітірете ысқырып, сумаңдап оқ қаумалап, біресе үстіңе төніп келген аюдың тісіндей
сақылдаған жау танкі ыстықұяң - окопты таптап, солдат өміріне күніне қырық рет
қауіп төндірген қырық төртінші соғыс жылының сұрапыл қысы да өтіп бара жатты.
Бұл уақыт ішінде мен Сәлимаға арнап сан рет хат жазып, сен рет жырттым. Ақыры,
көктемнің алғашқы күндерінің бірінде мен оған мынандай жауап жібердім.
«Сәлима!
Менің өмірімнің қауіпті екені рас. Осы күнге дейін өзім өлермін деп еш
ойламасам да, соғыс біткенше әлі боламын ба, тірі боламын ба, ал тірі қалсам -
мүгедек боламын ба, әлде жай жарақатты боп қайтамын ба, білмеймін. Бар
білетінім: осы соңғы үш айдың ішінде ғана бірнеше жан жолдастарымнан айырылдым.
Мен сені шексіз сүйетінімді өзің білесің. Сүйгендігім үшін өз жүрегімді
өзім тұншықтырып, құрбан етуге ұйғардым. Сен мені күтпе, қалаған адамыңа
тұрмысқа шық. Өлсем - есінде сақта. Бір балаңа менің атымды қой - мен соған да
ризамын.
Қош.
Ербол.
1944 жыл, 15 сәуір. Майдандағы армия».
Осылай дедім. Өйтпегенде қайтейін. Ол менің некелеп алған жарым емес қой.
Біздің екі-үш рет сүйісіп, тілден бал сорысқаннан басқа арамызда ештеңе болған
жоқ. Елде, Сәли-маның өзі айтқандай, соғысты сылтау етіп, ақ некенің өзін бұзып
жатқандар аз ба? Қайта Сәлиманың менен рұқсат сұрағанына рақмет. Бүркітбайға
сұрамай-ақ шығып кетсе, мен не істейтін едім. Шешесі айтқандай, өзім шын сүйген
Сәлиманың бағын байламайын.
«Тос мені, тос!» деу хатқа жазуға немесе әндетіп айтуға ғана оңай шығар.
Тосушы ол үшін талай тозақтан, талай тұзақтан өтетін болар. Сол көп тозақтың
бірі - шеше қаһары. Үй ішіне, сөз салушыға жеккөрінішті болып, сені күткен жардың
еңбегі сен аман барып, ақталса жақсы. Ал олай болмаса ше? Өлген екіне білмейді.
Күйініш тіріні күйдіреді. Өзің олай-пұлай боп кетсең, оны және отқа салудың
қажеті не? Қыз байғұс сені сүйгеніне кінәлі ме?..            „
Осылай ойладым. Сондықтан «өзің біл, ойлан» деп, Сәлиманың басын қатырмадым.
«Мені күтпе» деп пышақ кескендей ғып бірден айттым.
Хатымды бүктедім де, тез почташыға бердім. Өйтпесем, тағы да жыртып
тастайтынымды сездім. Почташы оны дивизия штабына апарып тастады. Одан басқа да
үшкіл хаттармен бірге армия почтасына жөнелтілді. Сөйтіп, менің хатым елге,
Алматыға қарай бет қойды.
Хат осылай жылжып кетіп бара жаткқнда маған тағы да мынандай ой келді.
«Осыным дұрыс болды, - дедім өзімді өзім жұбатып _ Бұлай ету - біріншіден,
менің адамгершілік парызым. Екіншіден, Сәлимаға қойған сыным. Ол мені шын
сүйсе, оның үстіне уәдесіне берік, табанды болса, мені тосады. Ал шын сүймесе,
сүйсе де табансыз, тайғақ болса, мені күтпейді».
Ақыры ол мені күтпеді. Хатымды алғаннан кейін, 1 мамыр мерекесіне ауылға
барады да, қайтадан КазГУ-ге қайтпайды. Бүркітбаймен қосылып, біржола қалып қояды.
Ақыры ол мені күтпеді, - деп жоғарыдағы сөзімді қайталап айттым. - Бірақ
күтпегеніне қыз кінәлі емес, «күтпе» деген өзім кінәлідей сезіндім соғыс
біткеннен кейін. Жұрт айтып жатқан «Тос мені, тосты» неге айтпадым деп өкіндім.
Өкінгенмен не пайда? Мен бұл сұрапыл соғыстан тірі қалатынымды, тірі қалғанда
он екі мүшем сау болып, елге осылай аман келетінімді біліппін бе?
Мен әңгімемді бітіріп, үстел үстінде жатқан Сәлиманың хатын алып, бүктедім
де, қайтадан шинелімнің қалтасына апарып салдым. Сол арада қолыма қойын
дәптерім ілінді де, оның ішіндегі бағана бөлек қағазға жазып алған өлең ойыма
түсіп, жүрегім кеудемді тепкілеп қоя берді. «Мұны қалай етсем екен?» деп
ойладым.
-        Апырай, бұл кісі Пенелопа болмады ғой, -
деді Меңтай осы кезде бір-ақ үн қатып.
-        Мен де Одиссейге ұқсамай
жатырмын-ау, - дедім қызға қарай бұрылып. - Сәлиманың қолына Одиссейдің садағындай
садақтастап кетпеген соң, әрине, солай болады.
-        Дегенмен өзі ақылды, сөзге де, ойға да
ұста, шешен қыз екен.
-        Ақын болсам деп арман етуші еді.
-        Ә, бәсе.
Меңтай Сәлиманы
осыдан артық талқыға салмады. Ал менің ісіме де бір-ақ ауыз сөзбен баға берді.
-        Адамгершілік, ізгілік
шарттарын бұзу өмірде көп кездескенімен, махаббаттан бас тарту сирек болады
деуші еді. Бірақ бәрі жағдайға байланысты ғой.
Осылай деп, өзіне
тән ұстамдылықпен, ақырын ғана басын шайқады да қойды.
-        Ағай, сіз отыра тұрыңызшы, -
деді ол содан соң орнынан көтеріліп. - Мен мына көрші қыздардың плиткасы босады
ма екен, біліп келейін.
Маған да керегі осы еді. Меңтай шығысымен орнымнан атып тұрып, шинелімнің қалтасындағы
бағанағы өленді алдым да, қай жерге тастап кетсем екен деп, жан-жағыма қарадым.
Осы кезде Меңтайдын қайтып келе жатқан тықыры естілді де, мен буыным қалтырап,
қолым дірілдеп, үстел үстінде жатқан «Одиссея» кітабынын ішіне тыға салдым.
-        Плиткалары бос емес екен, -
деді Меңтай дағдарып. - Мен тағы да бір шай қайната қойсам ба деп едім.
-        Жоқ, Меңтай, рақмет. Мен
кетейін, кеш боп қалды ғой, - деп жалма-жан киіміме қарай ұмтылдым. Енді
кішкентай бөгелсем, Меңтай «Одиссея» арасындағы қағазды көріп қойып, масқарам
шығатын сияқтанды.
-        Ағай, келгеніңізге көп
рақмет, - деді Меңтай. - Ертең жексенбі ғой, уақытыңыз болса тағы да келіңіз.
Келесіз бе?
Мен тілім
байланып қалғандай, басымды изедім.
Жатақханадан шықсам, көшелер қараңғыланып қалған екен. Жаңағы қағазды
жылтындатып кітаптың арасына неге салып кеттім деп жатып өкіндім былай шыққан
соң. Ол бағана мені туған ағамдай көремін деген жоқ па еді. Сөйтіп,
«бауырыңмын, қарындасыңмын» деп отырған қызға ғашықтық өлеңін тастап кеткенім -
қай иттігім? Ертең Меңтайды қалай көремін, оның бетіне қалай қараймын?
Өстіп, өзіммен өзім ұрысып, қараңғы көшеде бүкендеп келе жатқан мен оқ-дәрі
қоймасына есебін тауып сағат, минуты жеткенде жарылатын мина тастап, сол
жарылыстан жанұшыра қашып, аулақтап бара жатқан жау жағының жансызындай
сезіндім өзімді сол сәтте. Махаббат пен сана бірін-бірі тындамайтынын, әрқайсысы
тек өз дегенім ғана болсын дейтінін мен бірінші рет осы кеште ұққандай болдым.
VII
Ертеңінде қайтадан мен жатақханаға жолай алмадым. Меңтайға не бетіммен
көрінемін, «ағай, мұныңыз не?» десе не деймін деп, өз жанымды өзім жегідей
жедім. Сөйтіп, мені қисапсыз мас болған адамның өзінің орынсыз айтқан сөз,
келеңсіз қылықтарын естіп, ертеңінде тартар өкініш азабыйдай қинап, екінші
қаңтар өтті.
Үшінші қаңтарда, күндізгі сағат екіде лекциямыз басталмақ. Жатақханадан
жүрегім шайылып қалған мен университетке баруғатағы бетімнен бастым. Кыздардың
бәрі мені Меңтаймен қосыла кінәлап, мазақтап, масқаралайтындай көрінді. Тілдері
ашы Қанипа мен Зайкүл: «Көзі қарайған там сүзеді» дегендей, ағаң сені бір сүзіп
көрейін деген ғой» деп қазірдің өзінде Меңтайды ажуалап жатқандай сезілді. Әлде
бүгін университетке бармай қалсам ба екен деп бір ойладым. Әскерде себепсіз
шашау шығып көрмеген басым мұным тәртіп бұзғандық болар деп таныдым. Оның
үстіне алғашқы екі сағаттық лекциядан өлсем де қалуыма болмайды. Ол профессор
Әуезовтың лекциясы. Біздің филфак оқыту-шыларының ішінде Әуезовтың орны бір
бөлек сияқтанды. Кейбір лекцияларда шулаңқырап, тіпті болмаса өзара күбірлесіп,
күңкілдесіп отыратын студенттер аудиторияға Әуезов келгенде оған ерекше құрмет
білдіре, жым болады. Ол лекцияға кіріскенде аудиторияда ұшқан шыбынның ызыңы
білінерлік дейтіндей тыныштық орнайды. Ол кісі лекциясын шүу дегенде
кібіртіктеп бастап, біраздан кейін, тұяғы қызған тұлпардай кесіле жөнелгенде
студенттердің айызы қанады. Аса бір миғұла біреу болмаса, оған әсерленбей, оны
ұқпай ешкім қала алмайды. Профессор студенттерін бір лекциядан бір лекцияға
қарай қызықтырып, ынталандыра жетелеп отырады. Лекциядан сырғып шығу, әсіресе
Әуезовтың лекциясына қатыспау бәріміз үшін кешірілмес күнәдай болатын. Әсіресе,
соғыста төрт жыл бойы кітабын арқалап жүрген маған сүйікті жазушының сабағына
қатыспай қалу қылмыс жасағаннан кем көрінбес еді. Оның үстіне мен алдыңғы күні
Меңтай бөлмесінен шыққаннан бері өзімді әлдекімнің құзырында, әлдебір
көрінбейтін шеңбердің құрсауында қалғандай сезіндім. Меңтайды керуден тартынсам
да, қаймықсам да, көргім келетінін аңғардым.
Сағат бірден аса университетті жағалап, келуін келгеніммен, оның ішіне ене
алмай көп күйбеңдедім. Біресе оның баспалдағына көтеріліп, біресе одан қайта
түсіп, қарсыдағы паркке еніп кетіп, әбден есім шықты. Өзіміздің қыздардың
ешқайсысының көздеріне көрінбеуге тырыстым. Сағат екіге бес минут қалғанда ішке
кіріп, шинелім мен фуражкамды гардеробка өткіздім де, төменде біраз бегеліп
тұрып, екінші қатарға көтерілдім. Тура сағат екіде ішінде Меңтай отырған отыз
үшінші аудиторияның қасына жетіп, тәңір үйінің қақпасы алдына келген діндардай
дірілдеп, есіктің тұтқасын ұстадым. Осы кезде қарсыдағы деканаттан шығып,
профессор Әуезов те аудиторияға қарай аяңдады. Мен профессорға бас иіп, ол
кісіден бұрынырақ, асыға ішке еніп кеттім.
Мен аудиторияға емес, жаңа ғана жау өртеп кеткен деревняға енгендей болдым.
Бетімді ып-ыстық от лебі шалған іспеттенді. Не де болса деп, өзім ең алғаш
келгендегі артқы партаға қарай тарттым. Тұсынан өтіп бара жатқанымда Меңтай
маған бірдеңе айтпақ болғандай жалт қарап еді, өрт ішінен созылып, оза шыққан
бір ұзын қызыл жалын мені қатты шарпып, өн бойымды күйдіре тұншықтырып, орап
өткен сияқтанды.
Артқы партада Жомартбек деген аққұба өңді, ұзын бойлы, тыриған арық, бала
жігіт отыратын. Ол үнемі қызметкер ағасының үстінен түскен көнетоз киімдерін
киіп жүретін және ылғи шетте отыратын. Сондықтан сырт пішіні жағынан ит-құсты
үркіту үшін котан сыртындағы жіңішке ағашқа кигізіп қойған ескі киім, тымаққа -қарақшыға
ұқсанқырайтын. Ал мінез жағынан - тіл алғыш, жұғымтал, оның үстіне едәуір қу тілді
болатын. Мен ең алғаш келгенде Жомартбек соқыр ішегіне операция жасатып,
ауруханада жатқан екен. Содан сауығып, он шақты күннен кейін курсқа қайта
келген. Отыз қыздың ішіндегі еркек кіндікті екеуміз ғана болғандықтан
бір-бірімізге үйір бола бастағанбыз.
- Ағай, менің
қасыма келдіңіз бе? - деп Жомартбек тісін ақсита күліп, мен жанына тақай бергенде-ақ
орын босатып, өзі терге қарай сырғыды.
Мен орныма отыра бергенде есіктен профессор кірді. Екі жақ самай шашы толқындай
бұйраланып, қасқа маңдайы жарқырап, орындарынан тұрып, қошемет көрсеткен
студенттерге қайта-қайта бас иіп, жымия күлімдеп, сонысымен бәрімізді баладай
қуантып, профессор төрге қарай аяңдады.
Оқытушы столына жайғасқаннан кейін профессор алдында отырған студенттердің
бастарынан асыра әлдебір қиян алысқа көз тастағандай сәл үнсіз отырды да, ұзын
кірпіктерін қайшылай қағып-қағып жіберді. Осы бір сәт алдымен аспанда айқұш-ұйқыш
нажағай ойнап, артынан шелектеп бір нөсер төгер ғажайып шақты еске түсірді. Әуезов
лекциясын бастап, телегей-теңіз білім төгіп, ағыл-тегіл боп ақтарылды да кетті.
Алайда «Абайдың лирикасы» деп аталатын осы лекцияның алғашқы сағатын мен
алаң-құлаң тыңдадым. Бұл лекцияның бір сөзін де бекерге жібермеуім керек деп,
өзімді өзім қаншама қайрасам да, «Қызыл көрпе» өлеңі есіме түсіп, тәубамнан
жаңылғандай, айдалаға лағамын.
Өстіп екі күйдің - аудиториядағы Әуезов лекциясы мен жүректегі махаббат
сазының қайсысына көбірек көңіл бөлуді білмей, дел-сал болып отырғанымда
қоңырау соғылды. Мен аудиторияда қалмай, оқытушымен ілесе тезірек шығып кетпек
болып, парталардан аулақтап, қабырғаға жанаса жүріп, жылдамдай басып, есікке
қарай ұмтылдым. Партадан көтеріле бергенде Меңтайдың да орнынан тұрып жатқанын
көзім шалып қалып еді. Оның ашулы жүзін көрмейін деп, темен тұқырып алғанмын.
Есікке тақап, тұтқаға енді қолымды сөза бергенімде асаудың алдынан арқан
құрғандай боп, екі құлашын екі жағына керіп, бетіме жымия қарап тұрған Меңтайды
көрдім. Қанша қысылсам да, алдымда кісі тұрғанда кимелеп өте шығатын сиыр
емеспін ғой. Меңтайдың бетіне тура қарауға жүзім шыдамай, теріс айнала бегеліп,
тоқтап қалдым. Меңтай мені жұрт көзінше жерлеп, масқара етпек болған екен деп,
өне бойымды тер жауып қоя берді.
-        Ағай, сіз ақын екенсіз, - деді қыз осы
кезде.
Мен селк ете түстім. Селк екенім: «мен қате естіген болармын. Қыз: «Ағай,
сіз ақын екенсіз» демей, «ағай, сіз ақымақ екенсіз» деген шығар деп ойладым.
Одан сайын ұнжырғам түсіп кетті.
-        Ағай, сіз ақын екенсіз
деймін, - деді қыз тағы да. Бұл жолы ол көңілді көзіндегідей әр сөзін соза,
әндетіп айтты. Мен «ақын екенсіз» деген сөзді дұрыс естігеніме сенбегендей, екі
көзім жыпылықтап, Меңтайдың бетіне қарадым. - Иә, ақын екенсіз, нағыз ақынсыз,
- деді ол басын изеп, тағы да жымия түсіп.
Үш күннен бері тартқан қасіретімнің телеуіндей болған бұл жымиыс маған
соншама қымбат еді.
Жүрегім жаңа
орнына түскендей болды. Меңтайдың маған ұрыспайтынына, жұрт алдында
масқараламайтынына енді көзім жетті. «Уһ!» деп, арқамнан ауыр жүк түскендей
терең бір дем алдым да:
-        Рақмет, Меңтай! Ақындық қайдан келсін,
әншейін... - деп міңгірледім.
-        Жоқ, «Қызыл көрпеңіз» жақсы
өлең, - деді Меңтай. - Оны Зайкүл де, Қанипа да, Майра да, басқа қыздар да оқыды.
Бәрі де жақсы деп тапты. Менің сізге ол көрпенің тарихын да айтып бергім келді.
-        Әй, Ербол, - деді Зайкүл мені
қолымнан жұлқылап, төрге қарай сүйреп. - Осы сенің мына Меңтаймен не пәлең бар?
Бұдан басқаны кезге ілмейсің де, мұның төсегіндегі көрпесіне дейін өлеңге
қосасың. Саған қызыл керек болса: менің көйлегім де қызыл, пальтом да қызыл,
тіпті аяғымдағы етігім де қызыл. Айта берсең, өзім де қып-қызыл от емеспін бе
жайнап тұрған. Сен осы мені неге өлеңге қоспайсың?
Қыздар ду күлісіп жатыр. Осы кезде жүгіріп Жомартбек жетіп келді.
-        Шұрқ етпе, Зайкүл, - деді ол кеудесін
басып. - Саған деген асыл сөз мына алтын сандықта сақтаулы жатыр.
-        Ал, айт ендеше, - деді Зайкүл қырланып.
Жомартбек тамағын кенегі, Зайкүлге жалынып, жүрек шерін ақтарғандай боп
әндете жөнелді:
Қара көз, имек қас,
Қараса жан
тоймас.
Аузың бал қызыл
гүл,
Актісің кір
шалмас.
Зайкүл көзін құбылтып, ернін бүрістіріп, мәз боп қалды. Жарқ еткізіп әсем
ақ тістерін және ақситып үлгірді. Жомартбек «өлеңін» одан ары жалғастырды:
Иісің гүл аңқыған,
Нұрың күн шалқыған.
Көргенде бой
еріп,
Сүйегім балқыған...
Жомартбек өлеңнің
әр жолының мазмұнына қарай бірде мойнын созып, бірде екі құлашын кең жайып,
одан соң балқып, еріп, ақырында бу боп ұшып бара жатқандықты танытып, неше
алуан нәзік қимылдар жасап барып тоқтап, Зайкүлге басын иді.
-        Бис! Бис! - деп қыздар қол
соқты. Зайкүлдін өзі де мәз болып, алақанын қоса шапалақтады.
-        Әй, мынауың жап-жақсы өлең ғой өзі, -
деді Зайкүл Жомартбекке разы боп. - Басқа біреудікі емес пе?
-        Жоқ, Зайкүл! - Жомартбек кеудесін соқты.
-        Қарғаншы өзімдікі деп.
Жомартбек шұбырта
жөнелді.
-        Егер осы өленді Зайкүлге арнап
өзім шығармаған болсам - аяқтағы суға ағылып өлейін, құрғақтағы киттерге қағылып
өлейін, тумаған ту асаудың құйрығына тағылып өлейін! Оллаһи! Беллаһи!
Осылай деп Жомартбек зірк-зірк еткізіп сөзін аяқтап, екі қолын бірдей
аспанға көтерді.
-        Сендім, сендім, - деді Зайкүл Жомартбектің
«ант» ішкеніне разы боп. - Онда сен бұл өлеңді жақсылап ақ қағазға көшіріп,
басына «Зайкүлге» деп жазып, менің кітабымның арасына әкеп салып қой.
-        Құп болады, Зайкүлжан, - деп арық
Жомартбек сұрақ белгісіндей иіліп қалды.
-        Әй, Зайкүл, сен Жомартбекке
рас сеніп отырсың ба? - деді Майра. - Бұл Абайдың «Көзімнің қарасы» деген өлеңі
емес пе?
-        А, не дейді? Мен расында
әзіме арналған өлен екен деп қуанып едім. Осы ақындар «С-ға», «Қ-ға»,
пәленшеге, түгеншеге деп жазып жатады ғой. Маған да біреу өлең арнасашы,
шіркін! - деп Зайкүл дағдарып қалды. - Ал мен Абайдың «Айттым сәлем,
қаламқастан» басқа әлеңін естіген емеспін.
-        Естігенің не, оқымайсын ба? - деп күлді
Майра.
-        Жоқ, мен өлең оқымаймын, -
деді Зайкүл басын шайқап _ Өйткені мен қызбын. Ал қыздың өзі өлең. Ендеше мені
жігіттер оқысын.
-        Рас, өзге қыздар өлең болса,
біздің Зайкүл поэма ғой, - деді Жомартбек жымындап. - Поэманың әр бетін
ақтарғаның сияқты...
Осы кезде үзіліс бітіп, профессор аудиторияға қайта кірді. «Мен саған көрсетермін
кісі алдағанды» дегендей, Зайкүл арт жаққа бұрылып, Жомартбекке жұдырығын
түйді. Мен бұл сабақта бұрынғы орнымда, Меңтайдың қасында отырып қалдым.
Меңтайдың маған ренжімегеніне шаттанып, көңіл алаңы басылғандықтан болар, бұл
жолы Әуезов лекциясын тағы да бұрынғыдай сүйсіне тындадым. Бұл сағатын
профессор Абайдың «Қақталған ақ күмістей кең мандайлы» дейтін көпке мәлім өлеңін
талдауға арнады. 1884 жылы жазылған бұл өлеңнің тақырыбы қазақтың бойжеткен
қызының сырт көрінісін, мүсін келбетін суреттеуге арналғанын, жас атаулы
қызығарлық, сүйсініп, тамаша етерлік ерекше сұлу қыздың пәртретін ұлы ақын
қалай жасағанын, сол портретті сомдау тәртібін санамалап айтты. Қыздың сырт
мүсінін суреттеуде төл әдебиетте теңдесі болмаған бұл өленді Пушкин, Лермонтов,
Байрон, Гейненің қызға арнаған өлеңдерінің жатқа айтқан үзінділерімен
салыстырып бір етті. Қалай дегенмен де бұл өлеңде Абайдың әлі де әлеуметтік
шындықты, халық басындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткері
дәрежесіне көтерілмегендігін, «Қақтаған ақ күмістей» өлеңінен көбінше сұлулықты,
жарастық келісімді ғана жырлайтын эстет ақынның лебізі аңқып тұрғандығын
профессор бір түйіп тастады.
Осыдан кейін ол осы өлеңнің бойындағы өзінің кемшілік, мін табатын
жайларына тоқтады. Оның айтуынша, ақын бұл өлеңінде тірі адамды, оның жан күйін
бейнелеудің орнына жансыз сурет берген. Қасы қандай, шашы қандай, кезі қандай,
мұрны қандай деген сияқты анкеталық сұрақтарға жауап іздеп, тек қана паспорттық
сипаттау жасаған. Мұның себебі, ақынның әйел жынысына қазақы көзбен қарап, қыз
көре келген жігіттің немесе келін айттыра келген құданың көз қарасынан аса
алмауында деп тағы да пайымдау жасады.
Бұдан кейін профессор Абайдың «Аттың сыны» дейтін өлеңің еске алды. Анықтап
қараған кісіге «Қақтаған ак күмістей» мен осы өлеңнің арасынан айқын
композициялық ұқсастық танылатынын айтты. «Ат сынында» жүйрік аттың сырт мүсіні
мүше-мүшесімен реттеле баяндалады. Әрине, атты солай суреттеу орынды. Ал
адамзатты сипаттауда мұндай әдісті қолдану қонымды емес деген қорытынды жасады
профессор.
Абайдың еш өлеңінде ешқандай мін бар дегі ойламаған біз оған арналған
мынандай сындарды естігенде екі көзіміз ба-қырайып, профессорға сенерімізді де,
сенбесімізді де білмегендей тесірейіп отырып қалдық. Әрине, сөнбеске болмайды.
Бар дәлелімен тайға басқандай өтіп көрсетіп отырған бұл кемшіліктерді еріксіз
мойындауға тура келеді.
Бұл аз дегендей профессор енді сол өлеңнің композициялық шалағайлығын
ашады. Өлеңнің бас жағы бір тақырыппен басталып, аяқ жағы өкінші тақырыпқа
ауысып кететінін, әуелде іс пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек
мінез ғана айтылатынын, сөйтіп алғашқыда мақтаған нәрсесіне ақын кейін ұрысқа
жақын сөздер қолданатынын көрсетеді. Атап айтқанда ақын алғашқыда қыздың
күлкісі «бұлбұлдай», «іш қайнатады» деп мақтаса, соңынан сол күлкіні
«жыртақтап», «тыртақтаған» деп жаратпай шыға келеді.
Осыдан кейін Әуезов ақынның екінші бір өлеңін талқылауға көшеді. Бір
талдаудан бір талдау қызық боп, ол бізді Абай өлеңдерінің қатпар-қатпар шатқал,
шыңдарына қарай жетелеп бара жатқан тәрізденді.
Әуезовтың өзге оқытушыларда жоқ бір өзгеше дағдысы бар еді. Ол әрқашан да
сондай қызықты лекциялардың соңынан міндетті түрде бес минуттай уақыт
қалдыратын. Осы бес минутты ол жеке студенттің жай-күйімен танысуға жұмсайтын.
Күн сайын бір студентті орнынан тұрғызып алып, өзі оған әр түрлі сұрақтар
беретін.
Бағана менің
аудиторияға кешірек келгенімді көзі шалып қалған соң ба, бұл жолы ол мені
орнымнан тұрғызды.
-        Ербол, сен осы соғыста неше жыл болдың?
-        Төрт жыл, Мұхит аға.
-        Сонда кітап оқи алдың ба?
-        Оқыдым.
-        Қане, айтшы, қандай кітаптар
оқыдың? - деп профессор менің оқыған кітаптарымды санау үшін сол қолының саусақтарын
ыңғайлай бастады.
-        Шекспирдің «Король Лирін»,
Шиллердің «Зұлымдық пен махаббатын», Гетенің «Жас Вертерін», - осы кезде Меңтай
жалт етіп, менің бетіме бір қарап қалды. - Анатолий Виноградовтың «Паганиниді
ғайбаттау» деген кітабын, Александр Бектің «Волоколам тас жолын» оқыдым.
-        Пәлі, - деп профессор
рақаттанып қалды. - Өзің көп кітап оқып тастапсың ғой. Мен соғыс солдаттарының
кітап оқыр хал-мұршасы болмайтын шығар деп ойлаған едім.
-        Мұхит аға, - деді Зайкүл осы
арада профессордың аузындағы сөзін қағып әкетіп, - бұл сіздің «Ақын»
романыңызды да оқыпты. - Осы арада Зайкүл өз-өзінен сықы-лықтап күліп алды. -
Сыртын далба-дұлба қылып алып келіпті. Әсіресе Тоғжанды адтқанда аузының суы құриды
мұның.
Әуезовтің өңі күреңітіп, қозғалақтап қалды. Содан соң, сүйінші сұрағандай
боп, өз қолының қос саусағымен тыныш тұрған ет жеңділеу келген қыр мұрнын жебей
сауып, жұлқып-жұлқып жіберді. Бұл оның қатты сүйсінгендегі немесе ерекше
күйінгендегі әдеті еді.
-        Пәлі, не айтады мына Зайкүл,
рас па, Ербол? - деп профессор менің бетіме қарады.
Мен тез басымды
изедім.
-        Сіздің «Ақыныңыз» біздің
күндік нанымыз, артық патронымызбен бірге арқамыздағы зат қапшығында жүрді.
-        Пәлі, не дейді-ау? Ал оқи алдыңдар ма
оны?
-        Жорықта келе жатып та, окопта
отырып та оқыдық, Мұхит ағай, - дедім мен студент болғалы бірінші рет «ағай»
деген сөз аузымнан шығып. - Ол кітаптың көп көмегі болды бізге.
-        Пәлі, не көмегі болды? -
Әуезовтың екі беті нұрланып, көзі күлімдеп, жүзі бұрынғыдан да жыли түсті. - Қай
қаһарман басым көмек көрсетті?
-        Бәрі де. Әсіресе Тоғжанның
көмегі көп болды. Ол бір емес, бірнеше медсестра, санитарка қызметін жалғыз өзі
атқарды десем, артық болмас деймін.
-        Пәлі, не дейді-ау! Шын ба осының? - деп
профессор мол денесін тез қозғап, ілгері ұмсынды.
-        Шын, Мұхит аға.
Әуезов сәл
шалқайыңқырап, тағы да мұрнын сауа, сипалап қалды.
Осы кезде лекцияның біткенін хабарлап, қоңырау соғылды. Бірақ профессор асықпады.
-        Ербол, сен өзің мені қуантып
тастадың ғой, - деді ол алдында жатқан папкасын бір сипап қойып. - Ал енді өзің
осы айтқандарынды қағазға түсіре алар ма едің? Тоғжанның жаңағы өзің айтқан
майданда талай медсестраның қызметін атқарғанын дәлелдеп, оқушыны иландыратын
етіп жазуың керек. Осы қолыңнан келер ме еді?
-        Келеді, Мұхит аға, - деді Зайкүл мен
үшін жауап беріп. - Бұл өзі акқн, «Қызыл көрпе» деген өлең жазған.
Мен ұялып, Меңтай
жаққа қарай жүзімді бұрдым. Байқасам ол да қызарып кеткен екен.
-        Жазып көрейін, - дедім мен.
-        Өзің өлең де жазушы ма едің? - деді
профессөр орнынан тұрып жатып.
-        Жоқ, жай әшейін...
-        Шын, шын, Мұхит аға! - Зайкүл
қасы қанжардай дір етіп, одан сайын әзеурей түсті. - Өзі өзге сабаққа да жақсы.
Соғыстан қайтқалы әлі үйіне де барған жоқ.
Профессор Зайкүл сөзінің бас жағында күлгенімен, аяқ жағына назар аударып,
менің әлі елге бармағаным анық па екен деп сұрады. Мен оқу басталып қойғаннан
кейін бір жылым босқа өлмесін деп осында қалып қойғанымды айттым.
-        Жарайды, онда тіпті жақсы. Ал
енді сен жаңағы айтқанды менің алдағы дүйсенбідегі келесі сабағыма дейін жазып
әкел, - деді профессор. - Одан соң әлгі Зайкүл айтқан кітапты да ала кел.
Мен басымды
изедім.
Келесі лекцияның оқытушысы жоқ болып шықты. Сөйтіп студенттер «терезе» деп
атайтын бос екі сағат сопаң етіп шыға келді. Студенттер «терезеге» қайғырмайды.
Бұл екі сағатта бірсыпыра жұмыстар бітіріп алады. Соның негізгілерінің бірі Совет
көшесі мен Карл Маркс көшесінің бұрышындағы «Алатау» кинотеатрына бару.
Бұл жолы да бірін-бірі еліктіріп, қыздардың бірсыпырасы киноға кетті.
Аудиторияда бес-алты қыз бен Жомартбек екеуміз ғана қалдық. Біраздан кейін
киноға кіргісі келмегенін айтып, Меңтай қайтып келді.
Меңтайдың ұрыспасына анық көзім жеткеннен кейін, бағана өзі айтқан қызыл
көрпеніңтарихын білгім келді. Жомартбек екеуіміз жағалап, Меңтайдың қасына
бардық. Жомартбек қыздан бағанағы «Қызыл көрпе» деген өлеңдеріңді көрсетіңдерші
деп өтінді. Меңтай кітаптарының арасын ақтарып, алдыңғы күні тастап кеткен
қағазды тауып алып, «Оқыған соң өзіме қайтарып бер», - деп Жомартбекке ұсынды.
Меңтайдың «өзіме қайтарып бер» деген сөзі менің жүрегіме майдай жақты. Ол менің
сұрауым бойынша, маған «күндес» боп көрінген қызыл көрпенің тарихын баяндауға
кірісті.
Меңтай Лениногорск шахтерінің қызы екен. Шешесі бастауыш мектепте мұғалім
болыпты. Әкесі оның сәби шағында шахтада төбесіне тас құлап, дүниеден қайтқан.
Қыздың кішкене ағасы Жүніс сегізінші сынып бітіргеннен кейін жұмыскер боп,
семья асырауға кіріскен. Соғыс басталар жылдың Бірінші майында оған жақсы
жұмысы үшін сыйлыққа бес метр қызыл жібек тиеді. Бұған шеше байғұс қатты
қуанады. Ұлынын бұл алғашқы табысын ырым етіп, өз алдына отау болып шыққандағы
бірінші жасауы болсын деп, арасына түйе жүнін салып, мектептен қолы бос
кездерінде көрпе қабиды. Сөйтіп ұлын үйлендірмек болады. Сол екі арада соғыс
шығып кетіп, ол көрпені етіне бірақ күн жамылып, Жүніс майданға кетеді. Содан
кейін шеше ол көрпені ешкімнің етіне тигізбеген. Ұлына сақтаған. Ал ұлынан
«өлді» деген қара қағаз келген. Жалғыз ұлының жаманатына шыдай алмай, шеше
сорлы сол хабарды естіген жерде, сынып ішінде өзі де дүние салған.
-        Соғыста ағайым оққа ұшты, -
деді Меңтай күрсініп. - Соның күйігіне шыдамай апам өлді. Апамның өлгенін
көзіммен көрдім, ағайымның өлгенін көргенім жоқ. Сондықтан Жүйкем өлді дегенге
көпке дейін сенбедім. Жүніс ағатайымды Жүйке деп атайтын едім, - деді ол
Жомартбекке түсіндіріп. - Соғыс біткен соң, осы өткен күздің басында Жүйкенің қасында
болған бір. кісіден ауызба-ауыз естігенде ғана сендім. Ол кісі терең етіп зират
қазып, ағайымды жақсылап тұрып өз қолынан қойыпты. Жақын жердегі деревняның
ұста дүкеніне барып, зиратқа темірден қоршау шарбақ жасатып орнатып, оған
«Жүніс Ербосынов» деп мәңгі ешпейтін етіп жаздырып кетіпті. «Ағаңның жатқан
жерін көрем десең ертіп апарайын, әйтпесе кейін барып көрерсің» деп әдірісін
берді. Өзім қазір қайдан іздейін, кейін оқу бітіріп, қызмет істеп, ақша тапқан
соң барармын деп ойладым.
Меңтай ағасына
мұнша жақсылық жасаған адамның еңбегін сонша сүйсіне бағалап айтты.
-        Сол көрпені биыл өзіммен
бірге ала келген едім, - деді қыз күрсініп қойып. - Ол маған аса қымбат
ескерткішпен пара-пар: ағайымды да, анамды да есіме түсіреді. Кеше кітап
арасынан ағайдың өлеңін тауып алып оқығаннан кейін сол көрпені бауырыма қысып,
өксіп-өксіп жылағанымды айтсаңшы менің!
Байқаймын, Меңтай әңгімесінің Жомартбекке онша әсері болған жоқ. Меңтай сөзін
аяқтап, мұңайып, төмен қарап калған кезде ол: «Мен мына өлеңді көшіріп ала
қояйыншы», деп жымыңдап, өз орнына қарай жүгірді. Ал маған бүкіл бір отбасының
тағдырын баян еткен бұл қысқа новелла дүниедегі ең қайғылы, қасіретті жырдай
танылды. Не айтарымды, қызды қалай жұбатарымды, жүрегімдегі аянышты қалай жеткізерімді
білмей, абдырап отырып қалдым. Оның көңілсіздігі біртіндеп маған ауа бастады.
Студенттік өмірдің бейқам, сонымен бірге аққан судай ағынды күндері өзінің
сылдыр-былдыры мол қызық, қуанышымен бірін-бірі қуалап өтіп жатты. Мен Әуезовке
берген уәдемді орындауға бар күшімді салдым. Алматыдан соғысқа кетерде мен
магазиндерге жаңағана түскен «Ақын»романының бірінші кітабын тауып алған едім.
Сол кітап бүкіл майданды менімен бірге аралап шықты, талай солдатты
тамсандырып, оқып беріп жүрдім. Бірақ бұл естелікті мақтанғандай боп өз атымнан
жазбайын, басқа жолдастарым оқыған етіп баяндайын дедім. Сөйтіп мен ол кішкентай
естелікті төрт күн жаздым. Естелігім Әуезовке ұнамай қалар ма екен деп, жаным
мұрнымның ұшына келді. Жазып біткен соң оған «Тоғжан» деген ат қойдым. Зайкүл
айтқандай, жазушылардың өз шығармаларын жақсы көретін адамдарына арнап жататыны
ойыма түсті. Менің бұл ең алғашқы естелігімді Әуезовке арнағым келді. Оң жақ
шекесіне «Осы образды жасаған жазушы Мұхит Әуезовке арнаймын» деген сөздерді
қолымның қалай тез жазып жібергенін де байқамай қалдым. «Қой, мұным тым
бадырайып кетті және жазушыға жасаған жағым-паздық сияқты боп көрінер» деп
ойладым да, оны қайтадан түзеттім. «Осы образды жасаған кісіге арнаймын» деп
қана қойдым. Жексенбі күні үйде табан аудармай отырып, жазғанымды жақсылап көшіріп
шықтым.
Дүйсенбі күні отыз үшінші аудиторияға бірінші лекцияға келген профессор
Әуезов бұрынғы әдетінше, самай шашы бұйра-бұйра, Сократ маңдайлы үлкен қасқа
басын студенттерге мол ілтипат, ықыласпен изеп, оқытушы столының басына барып
отырды. Профессор есіктен кірісімен-ақ менің жүрегім өз-өзінен лүпілдеп қоя
берді. Орнына отырғаннан кейін Әуезов маған қарай бұрылды да:
-        Ал, Ербол, уәде орындалды ма? - деді.
Мен Әуезов оны лекциядан кейін сұрайтын шығар деп, жайбарақаттау күйде отыр
едім. Профессор бірден соны сұрағанда не дерімді білмей, сасқалақтап қалдым.
Әрең дегенде ес жинағандай болып:
-Өзімше орындадым,
Мұхит аға, - деп орнымнан тұрдым
-        Пәлі, жөн. Әрине, сенің
өзінше орындағаның керек бізге, - деп профессор бірден бейілденіп қалды. - Ал
оқып беруіңе лекция аяғында қанша уақыт қалдырайын саған?
-        Терт-бес минут қана, Мұхит
аға, - дедім мен дәптер бетіне жазылған он шақты бетті оқуға қанша уақыт керек
екенін ажырата алмай.
-        Жоқ, онда мен он минут
қалдырайын. Сен оқығаннан кейін оны біздің талқылауымыз бар емес пе?
Мен «жарайды»
дегендей, басымды идім.
-        Ал онда алдымен кітабыңды көрсет, Ербол,
- деп профессор маған қарай қолын созды.
Мен шапшан қимылдап, сумқамдағы сырты жыртылып, жан-жағы жемтір-жемтір боп
кеткен «Ақын» кітабын алып, Әуезовке қарай аяңдадым.
Әуезов бағынышты командирден рапорт қабылдайтын генералдай боп, орнынан көтерілді.
Демобилизацияға жатып, еліне қайтатын солдат бөлімнен кетер алдында қай жерінде
қандай белгісі барын бес саусағындай білетін кәрі винтовкасын жүрегі толқи
дірілдеп, рота старшинасына өткізер еді. Мен де сол солдаттай болып, осыдан бес
жыл бұрын Алматыдан майданға ала кеткен осынау асыл кітапты енді, міне,
аман-есен иесіне тапсырдым.
Профессор сәл сұрланғандай түспен кітапты үнсіз қолына алды да, орнына
отырды. Кітаптың сыртына көз жүгіртіп, жыртық мұқабаны қайта-қайта сипалап,
ішін ашты.
-        Рас, біздің кітап, - деді
басын ықыластана изеп қойып. Содан соң бір-бірлеп, беттерін ақтарып қарай
бастады. Бір кезде кітапты көтеріп, бетіне тақады. - Пәлі, өзінен дәрі иісі
шығады, иіскендерші...
Әуезовтың қасына
ең алдымен Зайкүл жүгіріп барды. Ол кітапты ала салып, дұғалықтай етіп бетіне
басты да:
-        Рас, мүңкіп тұр, - деді оқ-дәрі иісінің
қандай болатынын сезбесе де.
Бұған басқа қыздар
мырс етіп күліп жіберді.
-        Сен маған баға жетпес ғажап
дүние сыйладың-ау, Ербол, - деді Әуезов екі көзі жасаурап, тебірене үн қатып. -
Өзім майданға бармасам да, бұл кітап менің бір перзентім болып, соғысқа қатысыпты.
Сол перзентті сен аман-есен ертіп әкеліп, қолыма тапсырдың-ау менің. Соғыс
деген өрт болса, өртке жанбай шықкан бұл кітаптың жаңа бір бағасын және таныттың
сен. Рақмет, қарағым.
Аудитория сілтідей тынып қалған еді. Профессор бойын тез жинап, кезекті
лекциясын бастады. Әуезов лекциясының екінші сағатының соңында бағанадан бері
толассыз буырқанған теңіз үні тоқтап, аудитория ішінде әлдебір әлсіз бұлақтың болымсыз
сылдыры естілгендей болды. Естелігімнің заголовогі мен оның оң пұшпағындағы
арнауды даусым дірілдеп, сүрініп-қабынып, әрең айтып шықтым да, тамағымды
кенеп, сәл тыныс алғаннан кейін тексті оқуға кірістім.
«1942 жылдың ортасында Алатау бауырынан эшелон-эшелон әскер майданға шеру
тартты. Бұл Алматыда құрастырылған атқыштар бригадасы еді. Жарты жылдай астана
айналасында лагерь-лагерь болып, әскери өнерге жаттыққан жауынгер бөлім тұтас
көтеріліп, «Отанға тиген жау, қайдасын?» деп, батысқа қарай бет түзеген
болатын. Соңғы эшелондардың бірінде артиллеристер дивизионы кетіп бара жатты.
Соғыс кезінің паровозы жаңғырығы жер жарып, қатты жүйткиді. Жолда кездескен
станциялардың, разъездердің тұсында ащы бір айғайлайды да, гүрс-гүрс етіп,
тарта береді. Су алу, көмір тиеу қажет болмаса, басқа жерге көп тоқтамайды.
Толассыз жүйткіп, зырлап ағады.
Қызыл вагондардың екі жақ есіктерін бірдей шалқайта кең ашып тастап,
көлденең-көрме тақтайға асыла иін тіресіп, майданға кетіп бара жатқан
жауынгерлер туған жерге жүректері елжірей көз тігеді. Қарт атадай ақ бас тау,
жас анадай жасыл желек жамылған орман, сары бел, салқын қол - бәрі самаладай
болып, бірінің соңынан бірі ұзап қалып барады. Өз алдына бір шолақ эшелонға ұқсап,
шеткі үйінің түтіні будақтаған ауыл, тепең-тепең қаққан салт атты жолаушы,
обадай қақшиып, қалың қойдың шетінде тұрған шопан жалт етіп бір көрінеді де,
ғайып болады.
Күн батқанша дала бетіне үңіліп, көзі жасаурап, талғанша көп қараған
адамның бірі салпысары, жез мұртты кәрі солдат, Талдықорған облысының Ақсу ауданынан
келе жатқан Сәттіғұл Осенов болды. «Сапта жүруге жарамаймын, кеп тұрсам, аяғым
талады, белім ауырады» деп, Осенов зеңбірек атына мінуші болған. Осыған орай
бір солдат бағана: «Сапта тұрса, аяғы ауыратын козелдің күн бойы қозғалмастан
қызыл вагон есігінің алдында какшйюын» деп бір қағытып өткен. Оны естіген өзге
жұрт қатты бір ду күлісіп алған болатын. Жолдасының ажуасына да, жұрттың
күлгеніне де қарамастан Осенов вагонның босағасына сүйенген күйі далаға қарап
тұра берген. Енді, міне, жер бетін түннің қара мақпал шапаны бүркеп, вагон
ішінде май шамның жалғыз көзі сығырайғаннан кейін, Осенов артына бұрылып, шамды
қоршай отырған жолдастарының қасына келді.
- Әттең, шіркін, қалды-ау, қайран туған жер! - деді ол отыра беріп, вагон
ішіндегілердің бәріне естірте. Аузынан қызыл жалын атқығандай шермен, күрсіне
айтты.
Шам айналасында, вагонның бұрыш-бұрышында, қара көлеңке жерде, төрт-бестен бірігіп
алып, әр жайды коңыр әңгіме етісіп отырған жұрт Осеновтің мына сөзін естіген шақта
тым-тырыс болысып, бір сәт үндеспей қалысты. Ат айдаушы шалдың: «Қалды-ау,
қайран туған жер!» деген шер сөзі майданға аттанып бара жатқан осынау сұсты
солдаттардың жүрек қылын басып қалғандай болды. Шал айтқан туған жерде әркімнің
жанашыр жақыны, жақсы көрер жандары қалып барады. Біреу қарт әке, қадірлі
анасын еске алады, біреудің көз алдына жақсы жар, жас баласы келеді. Енді
біреудің жүрегіндеғі жар етем деген жанына қосыла алмай кеткен арман-зары ащы
запыран болып ақтарылады. Шал сөзі әр жүректіңтүкпірінде жатқан осындай мұнды сырдың
пернесін басады.
Әлден уақытта:
- Жоқ, қалған жоқ. Ол бізбен бірге! - деген, саңқ еткен бала бүркіт
үніндей, жігерлі жас дауыс естілді. Бұл зеңбіректің екінші кездеушісі Құсайынов
Айтқали деген жауынгердің үні еді. Айтқали қараңғы бұрышта отырған орнынан тұрып,
шамға таман жақындады. - Туған жер мына кітаптың ішінде.
Ол жұртқа сол кезде баспадан жаңа шыққан, өзі Алматыдан аттанар алдында
вокзал басында сатып алған «Ақын» романының алғашқы кітабын көрсетті.
Жауынгерлер тез, қуатты, үлкен магнит тартқан көп, ұсақ шегедей болып,
Айтқалидың айналасына жиылды. Вагондағы жалғыз жарық соның алдына қарай
итерілді. Бір табадан ыстық күнде шүпірлей су ішкен ақ үрпек балапандай болып,
қара көлеңке вагон ішіндегі қайратты жастардын басы сол кітаптың үстінде түйісті.
Ішіндегі жандарды жылауық баланың бесігіндей үздіксіз шайқай тербеген үлкен
вагонньщ қабырғасына түскен үйме-жүйме көлеңке үздіксіз қозғалып тұрды.
Солдаттардың
«Ақын» романын оқуы осылай басталды.
Алматыдан аттана аққан жұлдыздай зымырап, шұбала созылған ұзын қызыл эшелон
Москваға келді де, қазақ бригадасы астана түбіндегі Бабушкин деген қалада
поездан түсті. Мұнда біраз жатып, тыныққаннан кейін, жауынгерлер қалың тоғайлы,
көкшіл көлді Калинин облысының жеріне қарай жаяу тартты. Өне бойлары мұздай көк
қарумен құрсанып, күн демей, түн демей, ерлер етікпенен су кешіп, аттары
ауыздықпен су ішіп, суыт жүріп, ұзақ сапар шекті. Артиллеристер майдан жерінің
батпағын белуардан кешіп, ер қаруы - ұзын тұмсық, көк болат зеңбіректерді
тынбастан алға қарай сүйрейді. Ол батып қалған жерде: «Раз, два - взяли!» деп,
орман ішін жаңғырта айғайлап, оның қалқанынан, стволынан итереді. Доңғалақтары
күшпектерінен батпаққа батқан ауыр қаруларды ауыр азаппен алға тартқан мұндай
қиын, қысталан шақтарда екі етегін белге түрінген жаяу әскер зеңбірекшілерді
басып озып, оларды артқа, алысқа тастап кетеді.
Алдыңғы шепке тақаған сайын колоннаның бас жағынан: «Во-о-здух!» деген
зәредей ащы үн жиі естіле бастайды. Ирелеңдеген жыландай етіп, созылтып,
шұбалта айтқан осы бір үрейлі сөзді ести сала солдаттар жолдан шығып, тым-тырақай
қашып, жол шетіндегі орманның қойнына тығылады. Қанатында қара бүйісі бар сары
ала самолеттер ырылдап кеп төбеден төнеді...
Міне, осындай жорық кездерінде он бес-жиырма минуттық үлкен бір дамылдау
шағы болады. Он екі мүшесі сау кісілер қас қаққанша қолынан айырылып, шолақ,
аяғынан айырылып ақсақ боп шыға келетін, жаңа ғана қасқая күліп тұрған немесе
құлындай ойнақтап жүрген жолдастарың лезде жан тапсырып, мәңгіге жоқ боп
кететін, адам өмірі түнгі үлкен оттан ұшқан ұсақ ұшқындай сөніп жататын майдан
өмірі үшін он бес-жиырма минут қысқа ғұмырлы солдат қауымы дамылдап, жан
шақырып, талай қызық күлкілерге кенелетін, естеліктер айтысып, ес жиып қалысатын
өзінше бір ұзақ уақыт. Колоннаның алды тоқтап, сол жерден біреудің аузынан
біреу қағып әкетіп, артқа қарай дауыстап жеткізіп жататын «Привал!» деген
команда шыққанда теңіздің жиегіне қарай жанға рақат берер таудай толқындар
лықсып, бірін-бірі қуалап, бар ләззат, қызығымен өзіне қарай жақындап келе
жатқан сияқтанады. «Привал!» Сен де бар даусыңмен қуана дауыстап, өзіңнен
кейінде келе жатқан жұртқа жар саласың да, жол шетіне шығып, сызды жерді салулы
төсектей көріп, жолдастарыңмен бірге жантая кетесің. Бойыңдағы солдаттың ауыр
жүгінен арылып, құрыс-тырысыңды жазып, рақаттана керілесін. Таңертеңгі ауылдың
мұржаларынан жарыса будақтаған түтінді еске түсіріп, қомағайлана бұрқылдатып
темекі сорасың. Дем аласың.
Артиллерия дивизионының жауынгерлері жиырма мен жиырма бес арасындағы,
қырдың қызыл гүліндей жайнаған, қыршын жас жігіттер еді. Бұл шақтағы көңілге
жақсы жар, сұлу қыз жайы көп оралатыны даусыз. Өмірдің бүршік атар көктеміндей
бұл тұста осы жастар орталарын қақ жарып өтіп жатқан осынау майдан жолына
көгенделген көп қозыдай бо-лып, соғыс әлегімен сол бір ыстық шақтан алыс қалған.
Бірақ олардың орқайсысының жүрегінде алаулап жанған махаббат бар. Сондықтан да
осындай тыныштық, демалыс минуттарын-да, алдымен екі-үш солдат құйрық-жамбастарымен
жер сыза, жымыңдай жортақтасып келіп, Айтқалымен тізелесе жайғасады. Оның бірі
әрқашан да зеңбірек көздеушісі Ризуан Қалиев болады.
-        Айтқали, Абай мен Тоғжанның
кездескен жерін тағы бір оқып жібермейсің бе? - деп қолқалайды олар.
Айтқали шаршап отырмын деп бәлденбейді. Арқасындағы зат қапшығын иығынан сыпырып,
алдына алады. Сабынға айналар сақардай шұбатылған зеңбірек майы көп сіңіп, жарадар
болған, жарылған жерлеріне батпақ орнап, қап-қара боп күстеніп кеткен қолының
арбиған салалы саусақтарымен қапшықтын аузын аша бастайды. Оның ішінде таңергең
старшина берген күндік қорек - жұдйрықтай нан, карабиннің алпыс патроны,
«лимонка» аталатын, сырты тақталана бөлінген шоколад сияқты бұжыр-бұжыр екі
граната жатыр. Солардың арасында жорықтағы солдаттың ешқашан да пайдаланылмай
қапшығында жүретін таза бет орамалына оралған «Ақын» кітабы бар. Айтқали
орамалдың ішінен кітапты алып, оның өзі жатқа білетін «Шытырман» деген тарауын
ашып, тамағын кенеп, қарлығынкы даусын нәшіне келтіріп, оқи бастайды.
Айтқалидың қолындағы кітапты көргеннен кейін бұлардың төңірегіне таяу
маңдағылардың бәрі тегіс жиналады. Зеңбіректе жегулі тұрған атының шылбырын
қолына ұстап, Осенов те Айтқалидың артына келіп жантаяды.
Тараудың бас жағы әкесінің жұмсауымен жасөспірім бозбала Абайдың Сүйіндік
ауылына келгенін, оның көрікті, ақылды қызы Тоғжанды көріп, оған ғашық
болатынын баяндайды. Айтқали тамағын тағы бір кенеп алып, ары қарай оқиды.
«...Орташа келген қырлы мұрыны енді анық көрінді. Қырынан қарағанда бір
түрлі сүйкімді екен. Жұмсақ, жұмыр иегінің астында жұқа ғана бір толқындай боп,
нәзік бұғағы білінеді. Жылтырап таралған шашы, қап-қара қалың өріммен ерекше
аппақ, нәзік мойнына қарай құлап түсіпті. Үлкен де, кіші де емес әшекей сырғасы
діріл қағып, дамыл алмай сілкіне түсіп тұр...»
-        Уап, бәле!
-        Қызым-ақ екен-ау өзі де! - деп әркімдер
осы тұста сүйсіне үн қатысып қалады.
-        Е, Абайды өзіне ғашық еткен
қыз осал болады дейсің бе! - Осенов жез мұртының ұшын ширатып жіберіп, ақырын
бір жұтынып қояды. Ұзақ сапар шегіп, шаршап-шалдығып келе жатқандардың
езулеріне жылы күлкі жүгіріп, кездері жайнай түседі. Жүректері лүпіл қағып, өздері
сол сұлу Тоғжанның қасында тұрғандай сезінеді. Жүрек түбінен әркімге елде қалған
өз Тоғжаны елес береді. Онымен өзінің ең алғаш қалай кездескені еске оралады.
Бір сәтке олар өздерінің орман ішінде, оқ астында отырғандарын, жаны тебірене
жар денесін сипауға созылған қолдары қазір автоматтың суық стволын қы-сып
тұрғандығын ұмытып кеткендей болады. Осы кезде алдан, әр түрлі дауыспен ышқына
айтылған «По местам!» деген жауынгер команда құлаққа шалынады. Бойларына күш
жиып, қуаттанып қалған жауынгерлер орындарынан атып-атып тұра-ды...
Жауынгер Айтқали Кұсайынов 1943 жылдың тоғызыншы қаңтарында, Великие Луки
қаласының түбінде, жау танкісі мен зенбіректің жекпе-жек атысында ер өлімімен
қаза тапты. Соғыстың қатал дәстүрі бойынша өлген солдаттың денесі, бойынан қару,
жарағы, қойнынан документі алынып, жаңа қазылған жас қабір басында қарулас
серіктерінің ақырғы құрметі көрсетіліп, туған жердің топырағына беріледі. Отан үшін
қан төгіп, жан берген ер солдатты жер-ана құшағына қысып, мәңгілікке алып
қалады.
Айтқалиды қастерлеп қойып, жауынгер жолдастары жаудан кегіңді аламыз деп серт
еткендей, аспанға үш дүркін оқ атып, салют бергеннен кейін, оның жетімсіреп,
жерде жатқан карабинін кіші сержант Ризуан Қалиев көтеріп, ал зат қапшығындағы
патрондарды өзге серіктеріне бөліп берді. Қалған екі гранат пен «Ақын» кітабын
кіші сержант өз қойнына тығып алды. Өлген жауынгердің қойнынан алынған документ
комсомол билеті мен қызыл әскер книжкасының арасынан жөнелтілмей қалған үшбұрыш
хат шықгы. Хаттың сыртында: «Семей облысы, Белағаш ауданы, Ерназаров с/с,
Тоғасова Задаға» делінген әдіріс бар екен. Зада - Айтқалидың сүйген қызы. Ол
сонау Белағашта, селолық советте секретарь болып істейтін. Айтқали қыздан
үзбестен хат алып тұратын. Село-лықсоветтен хат келген сайын қуанып,
жолдастарына сүйген қызы жайында көп-көп жалынды әңімелер шертетін. Заданың сұлулығын
да, сабырлылығын да бір ғана Тоғжанмен теңестіретін. «Тек Заданың құлағында
«дір қағып, дамыл алмай, сілкіне түсіп тұратын» сырғасы ғана жоқ» деп қуана да,
қулана күлетін.
Хат ішінде Айтқалидың маржандай әріптерімен мынадаи сөздер жазылыпты: «Қалқам
Зада! Біз қазір үлкен бір орыс қаласының түбіндеміз. - Айтқали әскери құпияны
сақтап, Великие Луки қаласын осылай атапты. - Жау осы қалаға аранын ашып,
анталап тұр. Бірақ  біз оны бермейміз
жауға. Оған сенімін кәміл болсын.
Қазір түн. Мен жертөледе кезекшімін. Жолдастарым жанымда тегіс тынығып
жатыр. Олар төңбай, жақсы ұйықтасын деп, темір пешке өкіртіп от жағып отырмын.
Далада шыңыл-тыр қарды шықырлата басқан сақшы аяғының сықыры естіледі.
Жертөленің сыртына немістер жақын келіп, бір мина жарылды. «Қорыққанға қос
көрінеді» деген рас болуы керек. Немістердің түні бойы осылай түсінен шошынғандай,
бет алды оқ атып отырмаса көңілдері көншімейді. Сен одан қорықпай-ақ қой,
мұндай құр далбаса үшін атылған жау оғының маған да, менің жолдастарыма да
келтірер қырсығы жоқ.
Сен қазір ұйықтап жатқан боларсың. Мен пешке шайыры мол құрғақ ағашты қалап
қойып снаряд гильзасынан жасалған солдат шамының түбінде кітап оқып отырмын. Ол
сен ту-ралы, екеуміз жайында жазылған кітап - «Ақын» романы. Соның
«Бел-белесте» деген тарауының аяқ жағында Абай мен Тоғжаннын екінші рет
кездесуі баяндалады. Екі дос жан әрең табысып, бір-біріне жүректерін жайып,
ынтыға ұмтылысқан шақта оларға Қарауыл өзені тасып кетті деген суық хабар
келеді. Бұл Абайғада, Абай жанындағы әйелдердің де бастарына төнген қатер еді.
Сондықтан ол да тез кетпек болып, қимас ғашығын тастап, асығыс жөнеледі.
Кітаптың осы жерін оқышы, сен Зада, тағы бір қайталап оқышы. Екеуміздің жайымыз
да нақ осы сияқты болды ғой. Біз осы жазда қосыламыз деп уәде байласқан шақта,
сол бір тәтті түннің таңертеңінде соғыс басталып кетті емес пе. Бізге төнген қатер
көктемде тасыған шағын өзен Қарауыл емес, шалқар Отанымызды ша-пыған сұрапыл
соғыс болды ғой.
Оқасы жоқ, Зада, сол Қарауылдың қалың сеңінің қамауынан құтылып, өзеннен
аман өткен Абайдай болып, бір күні жауды жеңіп жетермін мен де саған құстай
ұшып. Қуана күліп, алдында тұрармын қанатымды кең жайып. Сонда біздің соғыс
ажыратқан құшағымыз қайта айқасады. Мәңгілік болып айқасады. Қош, сәулем,
Задашым-Тоғжаным менің. Ақ бетіңнен аймалай сүйіп, сенің тек қана сенің
Айтқалиың.
8 қаңтар, 1943 ж. Дала почтасы 1745, 125-бөлім».
Жебір соғыс жалмаған асыл азамат сүйгеніне жетпеді. Төбе басын томпитып,
алыста қалды.
Бұдан кейін де соғыстың сансыз темір тісі тілгілеп жатқан азалы жерге адам
сүйегін сепкен талай күндер өтті. Жауынгерлер қилы-қилы қанды жорықтарды,
қиын-қиын қырқысқан ұрыстарды бастарынан кешірді. Жырым-жырым болып, солдаттар
қойнындағы кітап та тозды. Бірақ жігіттердің жүректеріндегі Тоғжан тозған жоқ.
Ол «әшекей сырғасы діріл қағып», жорықта солдаттармен қатар жүрді. Ол «жылтырап
таралған шашы, қап-қара, қалың өріммен, ерекше аппақ, нәзік мойнына қарай құлап
түсіп», жауынгерлермен қол ұстаса, жауға қарай сан рет шабуылға шықты. «Елде
сенің де сұлу жарың бар» деп әр солдаттың құлағына сыбырлады, әр жүректі
наздана қытықтады. Жаралыға үміт болып, шаршағанға қайрат берді. Қараңғы түңде
алыстан маздаған от, аспандағы Шолпандай болып, Тоғжан оларды атой салып, жеңіске
шақырды, өмірге жетектеді.
Соғыс бітті. Эшелон-эшелон қызыл вагондарға тиеліп, солдаттар туған елге қайтты.
Жеңіс поезы желдей жүйткіді. Сол эшелондардың ішінде тарыдай шашырап, баяғы
Қазақстан бригадасының жігіттері де келе жатты. Вагонның екі жақ есігінен
бірдей солдаттар үйме-жүйме болып, сыртқа көз салып тұр. Олар өздері жорықпен өткен,
соларды азат ету үшін қан төгіп, қиян-кескі ұрыс салған қалалар мен селоларға,
ормандар мен шоқыларға, өзендер мен көлдерге қарайды. Сол жерлерде мәңгі
ұйықтап жатқан ер жолдастарын естеріне түсіреді.
- Апыр-ай, бұл соғыстан тірі қаламын деп ойлаған жоқ едім, - дейді жездей
сары мұртты, кәрі солдат қасындағы сержантқа бұрылып, басын шайқап. -
«Ажалсызға тау құласа да өлмейді» деген осы екен-ау...
Сары мұртты солдат - баяғы Осенов. Оның қасында тұрған сержант - Ризуан
Қалиев. Қалиевтың кеудесі ордендер мен медальға толы. Осеновтың де кеудесі құр
емес, қос медаль жарқырайды.
Сержант та кәрі солдатқа күле қарайды. Баяғыда Алматыдан алғаш майданға
аттанған шақ есіне түседі. Сондағы осы шалдың бүкіл вагон ішіндегі жұрттың
жүрегіне қаяу салып, шерлене күрсінуі бар. Солдаттарды сол сәттегі шер тұңғиығынан
шығарған Айтқали болып еді-ау. «Жоқ, туған жер қалған жоқ, ол бізбен бірге,
мына кітаптың ішінде» деп жарқ етіп шыға келіп еді-ау, айналайын... Айтқалидың
өлген жерін есіне алып, сержант еріксіз қабағын шытты. Жалғыз Айтқали ма,
талай-талай маңғаз жігіт, аяулы азаматтарды мерт қылып кетті ғой бұл соғыс.
Сержант Нәсіп Қалиев, кіші сержант Әбдірахман Бимурзин, жауынгер Сембек Молдабаев
кімнен кем еді? Взвод командирі лейтенант Ақыраш Андиров, под-полковник
Әбілқайыр Баймолдин, пулеметші, батыр қыз Мәншүк Мәметова ше? Бәрі де жанып
тұрған, лаулап тұрған жалын еді. Отан үшін, анамыздай қымбат арымыз үшін қабақтарын
шытпастан жандарын қиды да, небір қаланың табалды-рығын жастанып, небір өзеннің
қабағын қарайтып, арыстай боп қала берді олар. Сержанттың көз алдына өз
батареясының командирі, капитан Жамалбеков елестеді. Ұрыстың бір толас шақтарында
немесе бөлім екінші эшелонда тұрған кездерде жауынгерлер алқа котан отыра
қалып, кезекпен «Ақын» кітабын оқысатын еді. Жауынгерлермен бірге отырып, бұл
кітапты капитан да тындайтын. Ел сағынған жүрекке осы бір тозған кітап үлкен
медеу болатын. Әсіресе оның Тоғжан жайлы айтылатын жерлерін оқығанда жауынгерлер
жымындасып, екі езулері құлақтарына жете мәз болысып қалатын. Жалғыз
жауынгерлер ғана емес, капитан қоса жымиятын. Әшейінде түсі суық, сұсты
көрінетін комаңдир жүзі Тоғжанның жүріс-тұрысы, қылықты қимылдары суреттелген
жерде мүлде жібіп, майға балқытылған қорғасындай толықсып кететін... Сөйтіп,
артта Еуропа қалды. Артта қираған қалалар қалды. Қалалардың төңірегі толы
молалар қалды. Енді міне, жеңіспен елге келеміз. Қазақтың қара көз қыздарын
көреміз. Өз Тоғжанымызға барамыз... Қалиевтың қиялы шарықтап, Шар ауданындағы
өзінің туған ауылына қарай қанат қағады. Ажары атқан тандай жылы жүзді, жұмсақ
білекті, су тиген қарақаттай мөлдір қара көзді аса бір сымбатты жан ұяла да,
қуана кеп мұның алдынан шықкан тәрізденеді... Ол кезерген ернін жалап, бір тамсанып
қалып, жанындағы жолдасына қайта бұрылады.
-        Рас, «ажалсызға тау құласа да
өлмейді» деген... - дейді Осеновке, әр сөзін үзіп-үзіп айтып. - Апыр-ай,
Мәскеуге қашан жетер екенбіз. Тезірек көрсек-ау Қазақстанды...
Сержанттың жүрегі аузына кеп тығылардай боп, кесек лүпілдеп, қатты соғады.
«Рас, рас... туған жер, туған жер...» дегендей, эшелон толы солдаттар вагон
ырғағымен бастарын қайта-қайта изейді».
Мен оқып болдым. Самайымнан тер сорғалап кетті. Жазғаным Әуезовке ұнамаған
шығар деп ойладым. Қысылып, бір қырындай тұрып, профессорға көзімнің қиығын
салдым. Оның өңі нарттай қызараңқы сияқты көрінді. Менің оқығанымды беріле, бар
ынтасымен тындап шыққанға ұқсады.
-        Пәлі, Ербол, сенің мынауың көркем
шығарма ғой өзі, - деп мұрнын бір сипап қалды. - Мұны новелла десе де, естелік
атаса да, немесе көркем очерк деуге де келеді. Бұнда бүкіл бір әскери
бригаданың қысқаша тарихын айтыпсың. Тоғжан бейнесін жақсы түйіндепсің. Оны тек
жақсы қыз деп қана емес, жан сүйсінтер сұлулық мұраты, өмірдің өзі, тіпті Отан
тұлғасы деп те түсінуге болады екен. Біз жазған Тоғжанның майданда осындай
әсері болғанын соғысқа қатысып келген солдат сенің аузыңнан есту маған қандай
ғанибет екенін білесің бе, Ербол? - деп профессор мені көкке көтеріп тастады.
Мұны жазғанда менің ойыма түйіндеу деген де, бір бригаданың тарихын тізу деген
де келмеген еді. Мен тек өзім керген, жолдастарымның басынан кешкен жайларды
ғана айтуға ты-рыстым, айта алдым ба екен деп шүбәландым. Профессор сәл бөгеліп
барып, сөзін қайта жалғады. - Мен мұндай болар деп ойламаған едім. Тағар сыным,
айтар мінім жоқтың қасы. Сен өзің журналист боламын деп жүрсің ғой. Әбден
боласың. Мына аяқ алысың сенің қазірдің өзінде дап-дайын журналист екенінді
танытады. Менің саған берер кеңесім: осы жазғаныңды газетке апар. Мен үшін емес,
өзің үшін апар. Газет деген үлкен жаршы орын. Сен сияқты болашағы бар журналистің
газетке жарияланып, көріне беруі абзал. Ал мына тырнақалды еңбегің ұялмай
жариялауға әбден жарарлық. Сенің мұны қысылмай ұсынып, газеттің қымсынбай
басуына болады.
Әуезов маған редакцияға баруымды мәслихат етіп бола бергенде лекцияның
біткенін паш етіп, қоңырау шылдырлады. Мен өзімнің аудиторияда сабақта
отырғанымды сонда бір-ақ білдім. Аудиторияда Әуезов екеумізден басқа жандардың
барын да енді аңғардым. Әуезов тұруға ыңғайланып, алдында жатқан папкасын
жиыстырып, үстел үстіне қырынан ұстап отырды да, тағы бірдеңе айтқысы
келгендей, асықпай менің бас-аяғыма қарады.
-        Солдат студенттің жайы
басқалардан гөрі ауырлау болады. Сен өзге жұрттан кейінірек келдің ғой, Ербол,
жатақханаға жайғасып па едің? - деп сұрады. Мен жатақханадан орын тимей,
пәтерде жатқанымды айттым.
-        Ал өзге жайларың дұрыс па?
-        Дұрыс, - дедім мен.
-        Онда қазір менімен бірге деканатқа жүр,
сенің жатақхана жайынды сөйлесейік.
Мен қуанып кеттім. Жатақхана жалына қол жетпес жақсы арғымақтай арманым
еді. Орнымнан атып тұрып, Әуезовтың соңынан ілестім.
Декан өз орнында отыр екен. Есіктен кіріп келе жатқан Әуезовты көріп, ұшып
тұрып, оған өз орнын берді. Бас изеп, менімен де сәлемдесті. Бұған менің ішім
одан сайын жылып, үмітім күшейе түсті.
-        Ыбырайым, - деді профессор деканның
орнына жайғасып жатып, - мен өзіңді жақсы декандардың бірі санаушы едім. Бірақ
мынау ісіңді құптамай қалдым.
-        Не боп қалды, Мұха? - деді
декан оған қарай еңсеріле құлағын тосып.
-        Мынау Ербол деген жігіт, - деді
профессор босағада түрегеп тұрған мені нұсқап, - табандатқан төрт жыл соғыста болып,
осы тұрған шағын бойымен ер шыдамас, нар көтермес жүк көтеріп, жауды жеңіп
келген асыл азаматтардың бірі. Осы жігіт соғыстан қайтып келе жатып, туған
жеріне де бармастан, осы біздің университетте оқуда қалған. Мұны өзің
қабылдапсың, оның дұрыс болған. Бірақ осы жігіт үш айдан бері туысы емес,
танысы емес, соғыста бірге болған жолдасының тар үйін сол үйдің көп жанымен қосылып
мекен ететін көрінеді. Танымайтын бет алды біреу бұл жігітке босағасынан орын
бергенде өз үйі сияқты университет неге жатақханадан орын бермейді?
-        Ойбай, Мұха, - деді декан, -
қазір жатақханада орын жоқ. Бұл жігіт сол тұрған үйінде биылша бірдеңе ғып
шыдап шықсын. Алдағы оқу жылында жатақханаға қайтсем де орналастырайын.
-        Пәлі, со да сөз бе екен? -
деді профессор түсін бірден суыққа сала сөйлеп. - Орын неге жоқ? Жатақханаға
жайғасып алған, өздері соғысқа бармаған, жай-күйлері жақсы, көк жаға, күйлі
студенттер бар емес пе? Немесе, ана нашар оқитын студенттеріңнің бірін
жатақханадан шығарып жібер де, орнын осыған бер.
-        Ол болмайды ғой, Мұха, - деді декан
сасқалақтап.
-        Болмаса мен ректорға барамын.
Бұны қайткенде де болдыру керек. Біздің осы болымсыздан қол жетпейтін биік, көш
өтпейтін шыңырау жасап алатынымыз жаман. Әйтпесе қоластында үш жүздей студенті
бар деканға жатақханадан бір орын табу қиын болып па?
-        Ойбай, Мұха, сөзіңіз өтіп
кетгі. Мен бұл жігітті қайтсем де бірдеңе ғып орналастырайын, - деп декан маған
бұрылды. - Фамилияң кім, қарағым?
-        Есенов, - дедім мен.
Декан менің
фамилиямды жазып алды да:
-        Бүгін лекңиядан қайтарында
маған соға кет. Оған дейін коменданттармен хабарласып, бір нәрсе істеттірейін,
шырағым.
-        Е, пәлі, - деді Әуезов
қайтадан жадырап. - Жөн істедің, Ыбырайым. Бұл өзі қамқорлық жасауға тұратын
жігіт.
Мен деканға да,
профессорға да рақмет айтып, қуанышым қойныма сыймай, деканаттан шықтым.
Ертеңінде мен жатақханаға көштім. Виноградов көшесіндегі үйдің екінші
қатарындағы 65-бөлмеге, Жомартбектің қасына орналастым. Төсек-орын жоқтықтан,
әзірге ол екеуміз бірге жататын болдық. Сөйтіп, менің екі ыстық тілегім бірден
орындалды: жатақханаға жайғастым, Меңтайдың жанына жақын келдім. Сүйген қызынды
сыртынан жиі көріп жүрудің өзі бақытқой, шіркін! Бұл бақыт енді менің жүрегімді
күн сайын кернеп, оны үрген шардай тырсылдата көріп, жұқартып бара жатты.
VIII
Менің жазғанымның Әуезовке ұнауы бүкіл группаны қуанышқа бөледі.
Курсымыздағы отыз қыз бен менен кейінгі еркек кіндікті жалғыз ұл Жомартбек сол
күні мені кезек-кезек құттықтаумен болды. Келесі күндері де бұл әңгіме ауыздан
түспеді. Әсіресе, Зайкүл: «Мұхит ағаға мен айтпасам, мен Ерболдың қолынан жазу
келеді демесем, мен ол кісіге сенің өлең шығарғаныңды да жеткізбесем - сен мұны
жазбайтын едіңде, Әуезов аузынан мұндай баға да ала алмайтын едің», -деп көп мақтанды.
Ал Меңтай бір-ақ ауыз сөзбен баға берді: «Анау өлген жігіттің қойнынан алынған
хат оқылғанда ойыма өз ағайым түсіп, көзіме жас алдым» - деді. Маған
Зайкүлдің  жүз рет айтқан «мен-менінен»
осы бір ауыз сөз әлдеқайда қымбат боп көрінді.
Қыздар Әуезовтің айтқанын орындап, жазғанымды тез редакңияға жеткізуімді
жөн көрді. «Газет мұны қайтсе де басады», «Мұхит аға мақұлдаған әңгімені неге
қабылдамасың» десіп, апармасқа ерік алдыма қоймады.
Шынымды айтсам, ол кезде қыздармен қоса өзім де керемет қуанышты едім.
Кеудемді қайдағы бір лапылдаған сабырсыз мақганыш кернеді. Редакцияны іздеп
келе жатқанымда Әуезов айтқан бір ауыз жылы сөз қанат боп, мені аспанға көтеріп
әкетіп бара жатқандай көрінді. Творчество адамдарының көңілінде өзге жанда көп
кездесе бермейтін ерекше бір леп болатынын мен бірінші рет сонда ғана сездім.
Сездім де: «Бір ол жуаз әңгіме жаздым деп көкірегім гимнастеркамды жырта көріп,
көктемде тасыған шолақ сайдай күркіреп, шолтандап менің өзім қаншама әлек-шәлек
болдым. Ал әлденеше әңгіме, пьесалар, «Ақын» тәрізді үлкен роман жазған Әуезов
неғып төпан суындай тасып, сел боп қаптап, жолындағы жұртты жайпап кетпей жүр
екен?» - деп және ойладым. «Тегі жазушы парасаттылығы жазған дүниесі жақсы
болған сайын шошандап, шоршандап, кеуде қағуда емес, сабырлы, салмақты бола
түсуде шығар», - деп тағы түйдім.
«Сап-сап, көңілім, сап көңілім» - деп, бұл ойыма және тұсау салдым. «Сен
немене, дәл бір жазушы боп кеткендей-ақтолғанып келесің. Саған Әуезов жазушысың
немесе жазушы боласың деген жоқ. Журналист боласың, қазірдің өзінде дайын
журналист екенсің деді ғой, - дедім өзіме өзім. - Ендеше неменеге ит қуған
бұзаудай боп, екі танауың шелектей делдиіп, едірең деп келесің?»
Үлкен екі көшенің қиылысында тұрған үш қабат үйдің биік, тас баспалдағының
алдына кеп тоқтадым. Үйдің маңдайшасы толған қызыл шаршы шыныларға республикада
шығатын газет аттары қағазға басылатын көзге таныс пішінмен бедерленіпті.
Осында келген ең негізгі жұмысым солдай-ақ, мен тұра қалып, оларды шетінен оқи
бастадым: «ҚазТАГ», »Советтік Қазақстан», «Советский Казахстан», «Жас ұлан...»
Мен іздеп келген редакция да осында екен. Жүрексініп кеп, тас баспалдақтын
бірінші басқышына аяғымды салдым.
Редакция дәлізінің екі жағы қатар-қатар есік екен. Әр есіктің сыртында тақтайға
бұранда шегемен бекітілген алақандай қызыл шыны тұр. Шыныда әр бөлменің аты
және оның меңгерушісі мен әдеби қызметкерінің фамилиялары көрсетіліпті.
Әр қойдың шабын бір түрткен жетім қозыдай болып, әр есікке бір үңіліп келе
жатыр едім, алдымнан тасыр-тұсыр пулемет атылып қоя бергендей болды. Сөйтсем
мен ашық тұрған бір есіктің алдына көп қалған екенмін. Бөлме ішіне жағалай
келемі кішіректеу келген біркелкі тапал-тапал үстелдер қойылыпты. Әр үстелдің
үстінде бір-бір машинка. Әр үстелдің басында әлекедей жаланған бір-бір әдемі
келіншек. Әр келіншектің қасында алдындағы қағазына қарап, бірінің айтқанын
бірі тыңдамай, өз-өзінен екілене сөйлеп отырған бір-бір еркек. Еркектердің
ауыздары жыбырлаған сайын келіншектердің ақ саусақтары су бетіне секіріп ойнаған
ақ қайрандай боп, жарқ-жұрқ етеді. Әйелдер де, еркектер де өз екпіндеріне
өздері апиын ішкендей елтіп, екі жақтарына кезек теңселеді. Бақсам, ол машбюро
екен.
Онымен қатарлас, есігі ашық екінші бөлмеден дүңкілдеген және бір дыбыс естілді.
Қарасам, ішінде ешкім жоқ. Жаңағыдай тапалтақ үстелдің үстінде тұрған бір
машинка тарс-тұрс етіп, өзінен өзі басылып жатыр. Одан біртіндеп еденге қарай
сусыған молотилканың көш құлаш белбеуіндей ұзын сары қағаз жылқының қартасына ұқсап,
үсті-үстіне қатпарлана төгіледі. Бұл телетайп бөлмесі екен. Сол жақтағы есігі
ашық тұрған басқа бөлмеге және көзім түсіп еді: қатар тұрған екі үстелдің
басында алдарындағы қағаздарына еңкейе түсіп, сырылдата жазып, үш адам отыр
екен. Олар маған, неге екенін білмеймін, бір-бірімен үзеңгі қағысып, танаулап
келе жатқан үш сәйгүліктің жалдарына бұқшия жабысып, әрқайсысы өз атына қамшы
басқан үш шабандозға ұқсап кетті. Осының бәрі маған лыпып соғып тұрған тамырдай
сезіліп, редакция жұмысының ішкі ырғақ, екпінін танытгы. Ақыры, дәліздің ең түкпіріндегі
іздеген есігіме де жеттім. Онда былай деген жазу бар екен:
«Әдебиет және
өнер бөлімі. Меңгерушісі М. Омаров.
Әдеби қызметкер
Ш. Шалғынбаев».
Есікті қағып едім, бұл бөлмеде біреу менің келуімді асыға күтіп
отырғандай-ақ табан астында «да» деп барқ ете түскен, сыпайылықтан гөрі сызы көп
тырнауық дауыс естілді.
Бөлмеге кірсем, ішінде екі адам отыр екен. Жас жағынан біріне-бірі тетелес
сияқты: төрдегі тарамыс арық, қара-торысы отызға жаңа жетсе, есік жақта отырған
қалың шашты, аққұба еңді, сәл пұшық мұрындау келген сымбатты, дембелше жігіт
одан үш-төрт жас қана кіші болуы керек. Есік жақта отырған сымбатты жігіт бөлім
бастығы болар деп ойладым. Сондықтан да оған: «Омаров ағай сіз бе?» дедім.
Бұйра шаш жігіт бағжиып бетіме қарады да, иегімен төрде отырған кісіні нұсқады.
Оған жете бергенімде телефоны шылдырлап, ол трубкаға: «Қазір, қазір» деді де,
бөлмеден шыға жөнелді.
Ол шығып кеткеннен кейін бұйра шаш орнынан тұрды да,4 маған қарамай, шолақ
мұрнын маңғаздана пұштырайтып, бастығының орнына барып отырды. Креслоны ілгері
қозғап, нығырлана жайғасты. Содан соң, оң жақтағы телефонды құлағынан сүйреп
әкеп, алдына қойды. Оның трубкасын көтеріп, құлағына тосты да, орнына қайта
салды. Осыдан соң барып маған қарай қолын еріне созды.
-        Менің атым Шалдуар
Шалғынбаев. Қане, не әкеліп едің?
-        Новелла, - дедім мен Әуезовтің
осылай деп атағаны есіме түсіп, не де болса айды аспанға бір-ақ шығарайын деп.
«Естелік» дейін десем, ол от басында отырып өткен-кеткенді еске түсіретін
шалдардың шаруасы боп кетер, «очерк» десем, қара мақалаға ұқсар да, мына
күпиген әдеби қызметкердің алдында беделім түсіп қалар деп ойладым.
Әдеби қызметкер
өз-өзінен мәз бола қарқылдап күліп алды да:
-        Жігітім, сен өзің көкте екенсің, аһ! -
деді маған қарап.
-        Неге? - дедім мен абыржып.
-        Сол. Жер басып жүрген жоқсың әйтеуір.
Әйтпесе новелла дей ме екен кісі? Әңгіме десеңші онан да. Ал, меніңше, мұның
әңгіме де емес.
-        Неге? - дедім тағы да одан сайын
сасқалақтап.
-        Неге екенін айтайын қазір. -
Әдеби қызметкер шалқая отырып, сұқ саусағымен менің қолжазбамның тақырыбын
түртті. - Мынау не деген сөз, аһ?
-        «Тоғжан», - дедім мен әдеби қызметкер
менің жазуымды ажырата алмай, әлде көзі жетіңкіремей отыр екен деп ойлап.
-        Ол кім, аһ? - Шалдуар маған тесіле
қарады.
-        «Ақын» романының кейіпкері.
-        Онда сол роман жайында ғой мұның, аһ?
-        Иә, бірақ...
-        Бірағынды қоя тұр. Мұның
романға рецензия болса, онда бізге керегі жоқ. Өйткені ол туралы бізде
профессордың ре-цензиясы шыккан. - Шалдуар сұк саусағын шошайтты. Онысы «сен
студент қанасың, ал біз профессорлардың өздерімен істеспіз» дегені-ау деп
ұқтым. - Ал бұның роман туралы немесе соның бір кейіпкері туралы әңгіме болса,
оның не қажеті бар бізге? Сен Әуезовтен артық жаздым деп ойлайсың ба өзің?
-        Жоқ, бірақ бұл тек Тоғжан туралы ғана
емес...
-        Тоқта, тоқта, - деді Шалдуар,
- сен алдымен менің сұрағыма жауап бер. Әуезовтен артық жаздым деп ойлайсың ба
өзің, аһ?
-        Жоқ, - дедім мен.
-        Ендеше мұны газетке басудың қажеті де
жоқ, - деді әдеби қызметкер.
-        Сонда да алдымен өзіңіз оқып көрмейсіз
бе? - дедім мен дағдарып.
-        Тоқта, тоқта, - деп ол бейне
бір мені қылышпен шауып түсетіндей сұстанып оң қолын көтерді. - Сен өзің газет
қызметкерлерін кім деп ойлайсың, аһ? Жұмысы жоқ, сандалбай деп білесің бе?
Біздің бәлімге сенің мынауың сияқты, - ол менің қағаздарымды дудырата ұстап,
жоғары көтерді, - күніне отыз өлең, он әңгіме келіп түседі, аһ! Біздің бөлім осы
редакциядағы ең хат көп келетін бөлім. Өйткені қазақтың ең жоқ дегенде екі ауыз
өлең шығармайтыны кемде-кем. Соның бәрі өздерін ақынбыз деп біледі. Газетке
басыңдар деп оларын бізге жібереді. Ішінде іліп аларлық ештеңесі жоқ сол хаттардың
бәрін, сеніңше, біз, Омаров екеуміз, басымызды қатырып, оқып отыруымыз керек
пе, аһ? - Ол есік жаққа бір қарап қойды. - Омаров оқиды. Ол елден келген
хаттардан ең жоқ дегенде сөз үйренуге болады дейді. Ал мен, - ол даусын сәл
ақырындата сөйледі, - елден келген шала сауатты хаттардан ештеңе де үйренуге
болмайды деймін оған. - Шалдуар даусын қайтадан қатайтты. - Сендердін бұл сияқты
бытпырақтарыңды оқып біз отырып алсақ, онда редакцияның жұмысын кім істейді?
Кім істейді, аһ? Егер сен біздің орнымызда болсаң қайтер едің? Оқыр ма едің
соның бәрін, аһ? Оқымайсың. Ендеше басты қатырма: мұныңды оқуға уақыт жоқ. Және,
сен біліп қой, газет тек актуальды мәселелерді ғана жазады. Сенің мұныңның
газет үшін еш актуальдығы жоқ. Сен өзің «актуальды» дегеннің не екенін
түсінесің бе? Ол злободневный вопрос деген сөз. Вот, біліп қой. Және сен өзің
шүу дегеннен әңгіме жазамын деп ойлама. Ол - қиын жанр. Осы бөлмеде отыратын
екеуміздің ішімізде әңгімені жаңағы Омаров қана жазып жүр. Саған қайда әңгіме
жазу. - Шалдуар «қайда» деген сөзді мені белімнен соққандай ғып созып айтты. -
Сен тұрғай осындай үлкен редакцияда қызмет етіп отырған мына менің өзім де
әңгіме жазуға жүрексінемін. Мен өзім қазір очеркті боратып жүрмін. Сен біліп
қой: очерк деген газеттің романы. Очеркті екінің бірі емес, журналистің төресі
ғана жаза алады. Білдің бе, аһ? Ал артынан әңгімеге ауысамын.
-        Менің мынауым да очерк, -
дедім мен бағанағы айтқанымнан бір саты төмендеп, «очерк» десем, Шалдуар
жібімес пе екен деп дәмеленіп.
-        Очерк? - Ол маған үрке
қарады. - Саған очерк жазу қайдан келсін?! Армиядан келген солдат студенттің мұрнына
очерктің иісі қайдан барады? Жай, әшейін, қызбалықпен айтып тұрған шығарсын,
жігітім.
Мен не дерімді,
не айтарымды білмедім.
-        Оқыңызшы өзіңіз, осы очерк, - дедім
Шалдуарға жалынғандай болып.
-        Оқымаймын. Бұл очерк емес,
«Тоғжан» деген атының өзі очеркке келмейді. Егер аты «сауыншы қыз Тоғжан» деп
тұрса, онда очерк деп ойлауға болар еді. Ал алда-жалда мұның кейбір жерлері
очеркке ұқсай қалса, онда ешбір актуальдығы жоқ.
Осы бір «актуальды» деген сөз маған пәле болды. Шалдуар соны сойыл ғып сілтеп,
шоқпар ғып сермеп, мені маңдайдан пергілеп, тобықтан ұрғылап, есімнен тандырды
да отырды.
-        Актуальды болмағандықтан мұның газетке
қабылданбайды. Түсінікті ме? Аһ! - деді ол тағы.
-        Газетке баспай-ақ қойыңыз. Тек маған оқып
шығып, пікіріңізді ғана айтыңызшы.
-        Осы саған редакцияға бар деп
жүрген кім озі?
Шалдуар мені редакцияға бар деген адам қазір қолына түссе, түтіп жіберердей
боп, сұстанып кетті.
-        Мұны профессор Әуезов сіздерге апарып
көрсет деген соң келіп едім.
Шалдуардың түсі
қайта жұмсарды. Тіпті күліп те алды.
-        Үлкен кісілер солай деп айта
салады, - деді ол. - Сенің көңілінді қимаған ғой. Және ол кісінің мазасын алатын
сен сияқты студент аз деймісің? - Шалдуардың түсі қайта суыды. - Ал Әуезов
айтты екен, сол кісі жөн сілтеді екен деп сен малданба. Біз Әуезовтың жазғанының
да бәрін баса бермейміз. Әкелгені актуальды болса ғана басамыз, түсінікті ме?
-        Түсінікті, - дедім мен енді есім шығып,
тезірек кетуге ынғайланып.
-        Түсінікті болса, жүре бер.
Мә, мынауынды ала кет.
Мен қолжазбамды алып, есікке қарай аяңдадым. Осы кезде оның есіне
авторлардың күдерін үздірмеу керек деген журналистік қағида түсті-ау деймін,
маған қайтадан дауыстап:
-        Әй, әй, тоқта, - деді қолын шошайтып.
Мен тоқтадым.
-        Егер актуальды бірдеңе
жазсаң, тағы да келерсің. Енді жүре бер, - деп ол қолын сермеді.
Мен жүре бердім. Редакцияның босағасын алғаш аттауым осылай аяқталды. Кеше
ғана Әуезовтың алдынан көңіліме қанат бітіп, іштей тасып, лепіріп шыққан мен
Шалдуар Шал-ғынбаевтың алдынан жермен-жексен болып шығып, редакцияның биік
баспалдағынан тәлтіректеп, жерге әрең түстім. «Өзіме де сол керек, - дедім
былайырақ шыққан соң ішімнен. - Тұңғыш баласын ЗАГС-ке тіркетемін деп, туған
күннің ертеңінде ала жүгірген жас анадай желпендеп, алды-артыма қарамай жүгіріп
едім редакция қайдасың деп. Ал жүгір...»
Осыдан кейін бір күні тағы да редакцияға бардым. Баяғы бөлмеде Шалғынбаев
жалғыз отыр екен.
-        Бұл жолғым актуальды мәселе
еді, - дедім мен Шалдуар иіле ме деп үміттеніп.
-        Немене?
-        Алда Жамбылдың қайтыс болған
күні келе жатыр ғой. Біз соғыс кезінде Жамбылға хат жолдап, ол кісіден өлеңмен
жазылған жауап алғанбыз. Соның тарихын баяндап және...
Қаншама шапшаң
сөйлесем де Шалдуар менің сөзімді аяқтатпады.
-        Оның да актуальды емес, - деп
қолын бір-ақ сермеді. - Жамбыл туралы филология ғылымының кандидаты Тұрғанбаевқа
мақала жаздырғанбыз. Филология ғылымының кандидаты, - деп қайталады ол. - Соны
машинкаға бастырып, мына өз қолыммен апарып, осы жаңа ғана редактордың алдына қойып
келдім. - Шынымды айтсам дәл сол сәтте редактордың үстеліне мақала апарып
қоятын мынау Шалдуардай әдеби қызметкер болу маған қол жетпес бақыт сияқты
көрінді. Шалдуар менің осы ойымды сезіп қалғандай, қайтадан кекете сөйледі. -
Немене, Жамбыл туралы мақала жазып, қаламақы тауып, аяқ астынан бір байып
қалайын дегенсің-ау, тақыр студент.
Мен Шалдуардын бұл сөзіне шамданғаным жоқ. Студент екенім рас, студенттің
көпшілігі тақыр кедей болатынына тағы да талас жоқ. Несіне ренжимін. Тек одан
өзім бұрын естімеген, білмейтін сөзімнің мәнін сұрадым.
-        Қаламақы дегеніңіз не? - дедім.
Шалдуар тағы
дүрсе қоя берді.
-        Өй, сен өзің қаламақының не
екенін білмейсің, қалай журналист боламын деп жүрсің?! - Мен кінәлі адамдай басымды
изедім. Сол түрімді аяды-ау деймін, Шалдуар жаңағы өз аузынан шыққан, оны
білмеген адамның журналист болуы мүмкін емес сияқты сиқырлы сөздің мәнін маған
түсіндірген болды. - Қаламақы деген гонорар деген сөз. Ал гонорар дегенің
қып-қызыл ақша. - Шалдуар өзінен өзі тамсанып, сықап салған ақшасы сыймай
тұрғандай, шалбары мен пиджагының қалталарын қайта-қайта басып, сипап қойды. -
Түсінікті ме, аһ?
Шалдуардың осы бір «Аһ!» деген сөзі-ақ жүйкеме тиеді. Ол бұл сөзді «солай
ма, рас емес пе?» деген мағынада айтады екен. Бірақ ол мұны өкпесін қабындыра
аузынан қатты дем шығарып айтқандықтан, маған онысы кәперсіз келе жатқан адамға
тасадан «ап!» деп әлдебір қорқынышты нәрсе тап берген сияқты боп сезіледі.
«Түсінікті»
дегендей мен басымды изедім.
-        Ендеше кете бер, - деп Шалдуар телефонға
қарай қолын созды.
Сөйтіп тағы да Шалдуардан қайтып, адасып жүріп, тікенек, қалың қарағанның
арасынан әрең шыққан адамдай қалжырап, қарын ашып, жүрек қарайып, бұрлығып,
университетке, лекцияға келдім.
Университет
алдында Меңтай кездесті.
-        Ағай, сізге айтатын бір
жаңалық хабарым бар, - деді Меңтай менімен сәлемдескеннен кейін балаша жымиып,
қуана күлімдеп. Жүрегім өз-өзінен дүрсілдеп қоя берді.
Меңтай жайлап өзінің Пушкин атындағы кітапханадан келе жатқанын, онда жаңа
ғана жазушы Әуезовтың оқырмандармен кездесуі болып өткенін айтты.
-        Профессор оқырмандар алдында
сөз сөйледі, - деді Меңтай. - Сөзінің сонында ол біздің университетте соғыстан
қайтқан, болашақта үміт күттірерлік бірсыпыра әде-биетші, журналист жастар бар
дей келіп, солардың ішінде сіздің де фамилияңызды атады. Мен сізді шын жүректен
құттықтаймын, ағай.
Осылай деп ол кіп-кішкентай, жұп-жұмсақ қос алақанымен менің қолымды қысты.
Күші солғын, күйдіруі күшті ақ саусақтар оң алақанымның іші-сыртын сәл ғана
сипай ұстаған сол сәтте іште тулаған ыстық лептер дауыл күні теңіз жағалауындағы
жалғыз жартасты сабалаған толассыз толқындай қаптап, жүректі соғып, шүйінші
сұрақндай оның ұйқы-түйқысын шығарып, жұлқылап, жұлмалап жатты. Бал-бұл жанып,
қуана жайнап тұрған Меңтайдың жүзі маған бұрынғысынан да сұлу, сүйкімді
көрінді. Егер жұрттың бәрінде бірдей менің көзім мен жүрегім болса, онда
Меңтайды бар студент, бүкіл ғалам жер үстіндегі ен сұлу, ең ақылды қыз осы ғана
деп бағалар еді-ау, шіркін! Дариға-ай, дүниенің тұтқасы қолымда болса, бар
жақсылықты осы қызға жасап, бар бақытты осының басына үйіп қояр едім мен. Бірақ
кедей студент менің қолымнан махаббат пен тұрақтылықтан басқа не келеді
десеңші.
Меңтаймен бірге ішке кіріп, ішімдегі осы ойды мазасыз баладай тербетіп,
екінші қатарға көтеріліп келе жаттым. Алайда бүгін бірінші рет Меңтайды кәріп,
екі қайтара оның қолын ұстауым, ол айтқан жаңағы жылы хабар маған күш, қуат
берді. Қарным ашып, қалжырап, шаршап келе жатқанымның бәрі лезде ұмыт болды.
IX
Студенттердің қос өкпесіне найзадай теніп, жазғы емтихан да жақындап келе
жатты. Найзадай төнетіні, студент сияқты жас желең қауымның ішінде желбас
жігіттер мен желекпе қыздар аз болмайды. Қысқы семестрді қалт-құлт етіп
өткеннен кейін олар: «Әй, жаз қайда, біреу қайда» деп қолды бір-ақ сермеп,
кітап пен конспектіні жауып тастап, секеңдеп сауық іздеп, селкілдеп би билеп
кетеді де, емтихан тақағанда естері кіріп, қыл көпірдің аузына келгендей
қалтырайды екен. Соғыстан келген маған студенттердің емтихан тапсыруы
әскерлердің ұзақ жатқан бекіністен көтеріліп, шабуылға шыққан шағымен пара-пар
сияқты боп та танылады. Шабуыл шіркін жақсы-ақ қой. Өйткені шабуылға шыққан
армия ілгері басады, жеңіске жақындайды. Бірақ дауысы құлақты тұндырып, жау
шебін бауырдай тілгілеген артиллерия атысы - кононададан кейін окоптан
көтеріліп, мылтығыңның найзасын ұмсына кезеп, уралай ұмтылған жауынгерлердің
бәрі бірдей алға баспайды: біреу оққа ұшады, біреу денесінен қызыл қан саулап,
жер құшады - жаралы болады. Ал емтихан тапсырғанда ешкімнің оққа ұшуы жоқ. Оның
есесіне қан орнына көздерінен жас сорғалаған «жаралы» кеп болады екен.
Біздің курстан емтиханның найзасына бірінші түйрелген Сақила деген семіз
сары қыз болды. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінің емтиханынан ол өкіріп
жылап шықты.
-        Не болды? Не болды? - деп
жатырмыз отыз үшінші аудитория есігінің сыртында дәлізде ішке кіруге кезек
күтіп тұрған біз.
-        Құладым, - деді ол солқылдап
келіп, алда тұрған қыздардың бірінің мойнына асыла кетіп.
Біз оны ортаға алып, өзімізше жұбатып жатырмыз. «Қандай сұрақ келді?»
дейміз.
-        «Бұхарды білесің бе?» деп сұрады
оқытушы, - дейді Сақила солығын басып.
-        Сен не дедің?
-        Білемін, - дедім.
-        Сонсоң?
-        Білсең оның жаңалығы, ерекшелігі қандай?
- деді оқытушы.
-        Дұрыс, сен не деп жауап
бердің?
-        Мен ойланып тұрдым, тұрдым да: «Бұхардың
жаңалығы самауыр мен ақ шәйнек қой, ағай» дедім.
Біріміз күліп,
біріміз ренжіп жатырмыз. «Сейтіп кісі жауап бере ме екен» дейміз.
-        Қайдан білейін, - дейді
Сақила ексігін әрең басып, - Бұхар - сауда-саттық қаласы, қазаққа самауыр мен
ақ шәйнек содан тарады дегенді бір құлағым шалғаны бар еді...
-        Әй, әй, қуаттарым, айтсандаршы,
- деп еңі құп-қу болып Зайкүл ортаға шықты. - Осы сұрақ келіп қалса, менің не
деп жауап беруім керек?
-        Алдымен, - деді Меңтай, - сен Бұхар жырау
өлендерінің аттарын біліп ал.
-        Иә, айтшы сол түскірлерді, - дейді
Зайкүл елпілдеп. ,
-        Бұхар жырау Абылай ханның
тұсында өмір сүрген, - дейді Меңтай ол жайындағы мәліметтерді Зайкүлге қысқаша
айтып түсіндіруге асығып. - Өлеңнің аттары мынандай: «Айналасын жер тұтқан...»
-        Мұнысы не пәле «жер тұтқан» ба, «жер
жұтқан» ба, қайсысы? - дейді Зайкүл екі көзі бақырайып.
-        Өлеңнің аты - «Айналасын жер
тұтқан», - дейді Меңтай оған ыждағатпен түсіндіріп.
-        Ойбай-ай, Меңтай, менің
миымда тұрады дейсің бе бұл пәлен. Одан басқаларын айтшы.
Меңтай шұбырта
жөнелді.
-        «Ай, Абылай, Абылай», «Керей, қайда
барасың?», «Бірінші тілек тілеңіз», «Жал құйрығы қаба. деп», «Қалданмен
ұрысып»...
-        Ойбай-ай, Меңтай, қуатым-ау,
мынаның қайсысы есте тұрады? Әне біреу, «Әй, қайда барасың?» дегені болмаса.
Біз бұған
ішек-сілеміз қата күйіп жатырмыз.
-        «Әй, қайда барасың?» емес, ол
өлеңнің аты «Керей, қайда барасың?» - дейді Меңтай Зайкүлге бар ынтасын сала
түсіндіріп. - Бұл - жыраудың Абылай ханнан жапа керіп, үдере көшіп бара жатқан
қазақтың керей деген руына айтқан өлеңі.
Осы арада жұртты
емтиханға біртіндеп кіргізіп, кіргендерді сыртқа шығарып тұрған Жомартбек
мысқылға басты.
-        Зайкүл Бұхар жырауды
неғылсын, «Әй, қайда барасың?» деп маған айтып жатыр ғой.
Біз бұған
ішек-сілеміз қата күліп жатырмыз.
-        Әй, жүгірмек, тыныш тұршы, -
дейді әшейінде Жомартбекке жұдырығын ала жүгіретін Зайкүл қойдан қоңыр жуастықпен.
- Иә, Меңтай, одан соң не дейін?
-        Бұхардың жаңалығы не деген
сұрауға мынаны айтасың. Жыраудың өлеңдері сыңсыған шешендік сөздерге толы. Онын
өлеңінің қай жолын алып оқысаң да ақыл, нақылға кездесесің. Мысалы, «Айналасын
жер тұтқан айды батпас демеңіз. Айнала ішсе азайып, көл таусылмас демеңіз»
деген сияқты. Осындай керемет шешендік - Бұхар өлендерінің ерекшелігі. Осы
шешендік әдебиет тарихында «Бұхар сарыны, Бұхар үлгісі, оның жаңалығы» деп
аталады. Енді ұқтың ба, Зайкүл.
-        Үғуын ұқтым ғой, Меңтай.
Бірақ мен көк мимын ғой. Қазір ұққанымды қазір ұмытып қаламын. Сақила, - деді
ол әлі өксігін баса алмай тұрған серігіне қарап. - сенің екінші сұрағың не?
-        «Махамбеттің романтизмін
білесің бе?» деді содан соң оқытушы, - деп Сақила көзін сүрте бастады.
-        Иә, сен не дедің?
-        Білемін, - дедім мен.
-        Білсең айт, - деді оқытушы.
Ары ойландым,
бері ойландым. Ақыры оқытушы Махамбеттің оқыған романдарын сұрап тұрған шығар дегі
ойладым да:
-        Махамбет романдарды көп оқыған, - дедім.
-        Е, қандай романдар оқыпты? -
деді оқытушы жымыңдап. Ол жымындағанға мен ойындағысын дәл тапқан екенмін деп
қуанып кеттім де:
-        Алдымен «Жұмбақ жалау» романын оқыған, -
дедім.
-        Е, тағы қандай романдар оқыпты? - деді
оқытушы.
-        «Менің құрдастарым», - дедім мен.
-        Иә, сонсоң? - деді оқытушы одан сайын
күлімдеп.
-        «Ақын» романын, - дедім мен
дәу де болса күтіп отырғаныңыз осы болар деп.
-        Зачет книжканды әкел, - деді
оқытушы қолын созып. Мен кемі үш қоятын шығар деп ойладым. Ол қол қойып, қайтарып
берді. Қарасам, екі қойыпты, - деп Сақила қайтадан еңкілдеді.
-        Сағынова Зайкүл, - деді
Жомартбек бір қолымен тұтқадан ұстап, дәліздегі бізге де, іштегі оқытушыға да
естірте дауыстап. Өйткені оқытушы студенттерді өз емтиханына бөгелтпей,
кезекпен кіргізіп тұруды Жомартбекке тапсырған болатын. - Сіздің кезегіңіз
келді, емтиханға кіріңіз.
Зайкүл есік жанына жеткенде дар алдына келгендей құп-қу боп кетті. Оның
кішкентай бөгеліп, жүрегімді тоқтатайын дегеніне Жомартбек қараған жоқ.
-        «Шегінуге жол жоқ - артымызда
Москва!» - деді де Зайкүлді қолды-аяққа тұрғызбастан есікті шалқасынан ашып,
ішке еріксіз кіргізіп қоя берді.
Енді біз Зайкүлдің тілеуін тіледік. Есіктің кілт салатын тесігінен
кезек-кезек сығалап, оның қандай күйде отырғанын байқаймыз. Содан соң тағы
біраз тым-тырыс бола қаламыз. Осы кезде өксік қысып, солқ ете қалған Сақила
дыбысы естілді.
-        Саспа, Сақила, - дейді Жомартбек
алақанын бипаздай сермеп. - «Бәрі өтеді, бәрі өзгереді» деп мен емес,
Гераклиттің өзі айтқан. Ендеше бұл да өзгереді - сенің екің үшке түзетіледі.
-        Қалай? - дейді Сақила көзін сүртіп.         *
-        Былай. Қазір Зайкүл бес алып шығады.
Содан соң...
-        Иә, содан соң? - деді Сақила
Жомартбекке, ол бейне бір өлімнен құтылудың жолын айтатындай-ақ жалбарына қарап.
-        Содан соң Қанипа екеуі оқытушыға
оңаша кіреді де, ортаға алады. Қанипа: «Ағай, Сақилаға үш қойып берсеңізші»
дейді көзін құбылтып. «Иә, сөйтіңізші, ағай» дейді Зайкүл емініп. Екі қыз
қиылып тұрған соң көңілшек ағай жібиді. «Сақила ерген келсін» дейді. Сөйтіп,
Гераклиттің айтқаны болады да шығады.«Қойыныз, қойыңыз, жаман екен ойыңыз» деп
Қанипа әндете өтірік күліп, көлгірсіп Жомартбекке қарап, сахнаға шыққан бишідей
боп, мойнын қылқаңдатты.
-        Иә, түк қоятыны жоқ, - деді
Майра оған бұрылып, - шашын мен мойнынды Кербез ағайға босқа сипатқанша,
Сақиланың бағасын түзеттіріп бер.
Бұл сөзді басқа
қыздар да шуйлдап, қостап қалды.
-        Зайкүл тапсыра ала ма? - деді
Сақила Жомартбекке.
-        Тапсырады. Ол тегін «Чеховтың қарындасы»
аталған жоқ қой.
Бұған бәріміз мырс ете түстік. Оның мынандай мәнісі болатын.
Қыста XIX
ғасырдағы орыс әдебиетінен емтихан өткізуге әзірленіп жүрдік. Бір күні үзіліс
кезінде Зайкүл бәрімізге сұрақ қойды.
-        Чехөвтың бір қарындасы туралы
айтқаны бар еді ғой, сол сөз кімнің есінде?
-        Қай қарындасы туралы? - дедік біз
түсінбей. - Мария Павловнаны айтасың ба?
-        Тілімнің ұшында тұр, өзінің
бір қарындасы жайында айтып еді ғой.
-        Не деп?
-        Не деуші еді кісі өз
қарындасы туралы. Соның бір жақсы қасиетін айтқан.
Біз Чеховтың әйел
аттас шығармаларын атай бастадық.
-        «Ниночка» ма?
-        Жоқ, - дейді Зайкүл басын шайқап.
-        «Ит жетектеген келіншек» пе?
Зайкүл сақылдап
кеп күледі.
-        Қойындаршы әрі, келіншек ит жетектеуші
ме еді? Ол бір ауылдың аңшысы ма екен иттерін қасынан қалдырмай ертіп жүретін?
-        Ойбай, Зайкүл, сен білмейді
екенсің ғой, - дейді Жомартбек орнынан ұшып тұрып. - Келіншектердің керемет
аңшылары болады.
-        Өзгеге сенсем де, саған сенбеймін,
Жомартбек, - дейді Зайкүл қолын бір-ақ сермеп.
-        Онда «Апалы-сіңлілі үшеуді» айтасың ба?
-        Жоқ, үшеу емес, біреу, - дейді
Зайкүл біздің діңкемізді құртып. - Чеховтың сол сөзін жұрт айта береді ғой
ылғи.
Өлдік-талдық дегенде, келесі үзілісте оны әрең таптық. Сейтсек, Зайкүлдің
сұрап отырғаны Чеховтың «Краткость -сестра таланта» дейтін нақылға айналып кеткен
атақты сөзі екен. Сол күні біз бәріміз ішек-сілеміз қата күле отырып, Зайкүлге
«Чеховтың қарындасы» деген атты бір ауыздан бергенбіз. Жомартбектің еске алып
тұрғаны осы оқиға болатын.
Біз күлкімізді тыйып үлгергенше іштен қойқан қағып Зайкүл шыға келді.
Бәріміз оған қарай қоғадай жапырылдық.
-        Не алдың, Зайкүл?
Ол бізге бес
саусағын көрсетті.
Сенерімізді де,
сенбесімізді де білмедік. Зачет книжкасындағы «5» деген бағаны көргенде ғана
иландық.
-        Не сұрақ келді өзіңе?
-        Не сұрақ келгенін
неғыласыңдар, мен ештеңені де жетістіріп айта алғамын жоқ. Бар бітіргенім мынау
болды. - Қыздар Зайкүлге ентелей түсті. - Кербез ағай бетіме қарап отырды да:
«Зачет книжкаңды әкел, Сағынова» деді. Байқаймын, екі қоятын түрі бар.
Емтиханды мен емес, ол беріп отырғандай-ақ, екі иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп
барады. Аяп кеттім байғұсты. Содан соң қайдан шықса, одан шықсын дедім де,
бастым тәуекелге. Зачеткамды қолыма ұстап, юбкамның өзі қыска етегін одан сайын
көтеріңкірей түстім де, стол жанында Кербез ағайдың қарсысында тұрған орындыққа
жалп етіп отыра кеттім барып. Ағайдың тышқан көзі жылтырай жайнап, менің мына
оқтай түзу сирағыма, жұп-жұмыр тіземе қадалып, одан да жоғарылай берді. Мен оны
сөзбеген болып, зачеткамды ұсынып былай дедім: «Мен не қойсаңыз да ризамын,
ағай. Бірақ, сіз сияқгы теңіздей терең білімі бар ғұлама ұстаздан сабақ алып
жүрген мені үш пен төртке оқиды деп ешкім де ойламайды». «Төрт» дегенді әдейі
айтып отырмын. «Әттең, үш қойып берсе жарар еді» деймін ішімнен. Кербез ағайдың
осал жеріне дәл тидім-ау деймін, книжкама қонжиып бесті қойды да берді.
Бұл оқытушымыз өте мақтаншақ кісі еді. Лекция үстінде ол екі сөзінің бірінде:
«Мына мен нағыз қыпша бел, қыр мұрын, сымбатты жігітпін ғой» деп отыратын. Оның
үстіне . өзін үлкен, ұлы адамдармен қатар қоя сөйлеп: «Кеше Мұхтар Әуезовпен
екеуіміз театрға бардық» немесе «Бұл тақырыпқа байланысты менің мақаламды, одан
сон Белинскийдің мақаласын оқыңдар» деп те бөсетін. Осы мінезі үшін қыздар оны
сыртынан «Кербез ағай» дегі атайтын да, «Қыздар, тыныш отырыңдар, Кербез ағай
келе жатыр», «Кербез ағайдың лекциясына барсам ба екен, бармасам ба екен?»
десетін. Зайкүл қу оның осал жерін тап басыпты.
-        Мынауың масқра екен, - деді
Меңтай. Бұған дейін Меңтай аузынан мұндай қатал сөз шыққанын естіген емес едім.
Ол жолдастарының кемшілігін кешіре біліп, ешкімнің көңілі қаларлық сөз
айтпайгын еді. Сол сабырлы әдетін бүгін бірінші рет бұзғанына қысылды ма, кім
білсін, Зайкүлдің сөзін естіп болғаннан кейін құлағының ұшына дейін қызарып,
төмен қарады. - Мына сөзіңді бізден басқа ешкім естімесін.
-        Енді қайтейін, - деді Зайкүл
Меңтайдың алдында ақталғысы келгендей. - Жаңағы сен айтып бергеннің бәрін лезде
ұмыттым да қалдым. Қысылғанда адам не істемейді. Ағайдын мақтаншақтығы, менің
шашымды сипай беретіні ойыма түсті де, жаңағыны істедім. Енді қайтейін, бір
семестр бойы басымды бекерге сипаттым ба мен оған. Басты айтасың, Кербез ағай
жаңа менің бұғағымды да сипап салды. - Біз күліп жібердік. - Мейлі, сипаса сипай
берсін, - деп Зайкүл сөзін аяқтауға ыңғайланды. - Оған менің нем кетті, бір бесті
соқтым да алдым.
-        Бес қана емес, сен бір түлкі
соғып алған сияқтысың, Зайкүл, - деді Жомартбек жымыңдап. - Анада аңшы әйел
болмайды деп таласып едің, нағыз аңшы әйел өзің боп шықтын ғой.
-        Әй, Жомартбек, байқап сөйле: мен әйел
емеспін, қызбын.
-        Ә, ә, солай екен-ау, - деді
Жомартбек мүләйімсіп. Содан сон түк білмеген кісідей әндете жөнелді. - «Етімді
шал сипаған құрт жесін деп, жартастан қыз секірді терең суға» деген екен-ау Абай
атамыз. Білген адамға жақсы сөз-ау бұл бір.
Қыздар мұның Зайкүлге арналып айтылғанын сезіп, біріне-бірі қарап
жымыңдасты.
-        Әй, неге жымыңдайсындар,
қыздар? - Зайкүл әр қыздың бетіне кезек қарады.
-        Жай, жаңағы Жомартбекгің «етімді шал
сипаған» дегеніне күлеміз.
-        Бұл маған айтқан екен ғой.
Тілі тотияйындай осы жүгірмектен көрдім-ау, - деп Зайкүл жұдырығын түйіп,
Жомартбекке қарай тап берді.
-        Жоқ, жоқ, Зайкүл, - деді
Жомартбек қашқақтай ақталып, - «Етімді шал сипаған құрт жесін деп» жартастан
терең суға секіріп жүрген сен емес, феодализм заманының ескі қызы ғой ол. Сенің
жөнің басқа, сен жаңа заманнын сұлуысың. Кербез ағаң да шал емес, қырықта ғана.
-        Ә, солай десеңші одан да, -
деді Зайкүл Жомартбектің сұлусың дегеніне жайылып түсіп қалып. Оның «Кербез
аған қырықта ғана» деген сөзіне мән де берген жоқ.
Өстіп, Жомартбек «Шегінуге жол жоқ - артымызда Москва»деген Клочков сөзін Бас
командашының бұйрығындай қайталаумен жұртты еріксіз ішке кіргізіп, есіктен
аппақ боп енген қыздар қып-қызыл боп шығып, «Не алдың?» - «Төрт». - «Құттықтаймын».
«Не алдың? - «Үш». - «Оқасы жоқ» деп; жылап-сықтап, күліп-қуанып, алысып-әзілдесіп
жүріп, алғашқы емтиханды да өткердік.
X
Алғашқы емтихан маған бірсыпыра сабақ берді. Курстас қыздардың төрт-бесеуі
ғана үздік жақсы, жеті-сегізі жақсы, он шақтысы орташа оқыса, алты-жеті қыздың
үлгерімі мүлде нашар екен. Оның үстіне бұрын бұлар сабаққа жеке-жеке әзірленіп
келген. Біреу емтиханға біліп кірсе, біреулер оқытушы алдына тек «құдайға
тапсырып» қана баратын болған.
Мен қыздарға сабаққа бұдан былай бірлесіп әзірлену керектігін айттым.
Әсіресе, нашар қыздарды жақсы оқитындарымыз екі-үштен өз тобымызға алайық
дедім. Осыған келістік. Меңтай, Майра және мен үшеуміз Зайкүл, Сақила
сияқтыларды қамқорлыққа алдық. Сөйтіп, осылай үш топқа бөлініп, кейде үш топ
бірлесіп, бірігіп кетіп, таңертеңгі сағат төрттен тұрып алып. тынбастан
даярланып жүрдік. Кейде бізге өз беттерімен әзірленетін әлді деген қыздар да қосылатын
болды. Бірте-бірте қыздардың емтиханнан еңіреп шығуы тоқтала бастады.
Сондай емтиханға әзірлік күндерінің бірінде біз Калинин көшесі жақтағы
жатақхана жанындағы төбешік басында, қалың ағаш көлеңкесіндегі көк шөп үстіне одеялдарды
жай-ып тастап, кезектесіп конспект оқысып, білгенімізді бір-бірімізге ауызша
айтысып, сарылып ұзақ отырдық. Бір кезде Меңтай ұсыныс жасады.
-        Ағай, шаршап кеттік қой, дем
алайықшы. Бізге көңіл сергітетін басқа бір әңгіме айтып беріңізші, - деді маған
қарап.
-        Не айтайын? - дедім мен сәл ойлана
түсіп.
-        Ойбай, қыздар, - деді
Жомартбек жерден жеті қоян тапқандай ентігіп, сонысымен қыздарды одан сайын
ынтықтыра түсіп, - мұның соғыс кезінде бір қызбен үш күн бірге жатқан әңгімесі
бар. Соны айтсын, өте қызық.
-        Оны... - деп Меңтай күмілжіп
қалды. Содан соң менің көңіліме бірдеңе келіп қалды деп ойлады ма, ренжір деді
ме, сезін қайта жалғады. - Лайықты десеңіз, айтыңыз.
-        Айтсын, - деді Зайкүл жаны
кіріп. - Ондай әңгіме қызық болады. - Ол Меңтайға қарай бұрылды. - Сен, Меңтай,
Ерболды иектеп алып, аузынан қаға беретінің не осы? Әлде өзіңе өлең шығарғаннан
кейін өзімдікі деп жүрмісің?
Зайкүлдің Меңтайға айтқан сөзінің ішінде «Ерболды иектеп алып» дегенінің
жаны бар деуге де болар еді. Менің Меңтай қасында әлдебір мінімді тауып, сөгіп
немесе орнымнан түсіріп кете ме деп жоғарыдан келген үлкен бастық алдында итей
діріл қағатын кіші бағыныштыдай, ол маған атымды атап, жөнімді жендеп ештеңе
айтпаса да, қылық-қимылымнан бірдеңе ұнамай қала ма деп, өз-өзімнен қысылып,
қымсынғандай күйде отыратыным барды. Қу қыз соны аңғарып айтты.
Зайкүл өз сөзіне өзі риза болып, сықылықтап күліп алды. Меңтай қызарып
кетті.
-        Сен де жоқты айтасың-ау,
Зайкүл, - деді ол сабырлы қалпын бұзбастан сәл ғана күлімсірей түсіп. - Ағайды
иектеп маған соншама не болыпты?! - «Жоқ, олай емес, иектесем иектеймін, онда
сенің не шаруаң бар?» десең етті» деп ойладым мен ішімнен. - Әшейін, бұрын
естімеген әңгіме болған соң...
-        Естімесең, естисің, білмесең, білесің, -
деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. - Есту үшін тындау, білу үшін үйрену керек.
-        Еститін де, естімейтін де,
білетін де, білмейтін де нәрселер бар ғой... - Меңтай маған қарай сәл ғана
мойын бұрып, бас изегендей болды. - Айта беріңіз, ағай.
-        Иә, Зайкүл шырағым, осы сен тақымдамай
тыныш отыршы, - деді Майра. - Бір нәрсенің шеті құлағыңа тиіп еді, құнжыңдап
кеттің ғой біржола.
-        Күн жыңдамағанынды көрермін қазір, -
деді Зайкүл оған шамданбастан.
Өзге қыздардың үндемегендерімен, күлімдеген көздеріне қарағанда көбінің
менің айтпақ әңгімемді тыңдағылары келіп отырғанын аңғарғаныммен, ол әңгімені
Меңтай алдында ай-туға лайықсыз көріп, бөгеле бердім.
-        Ал, бастасаңшы, Ербол, - деді Зайкүл
дегбірсіздене түсіп. - Қай жылы? Неше күн құшақтап жаттым дейсін қызды?
Мен басымды
шайқап, қашқалақтай бастадым.
-        Қырық төртінші жылдың күзінде
бұл майданнан елге делегат боп келген, - деді Жомартбек Зайкүлдің құмарлығын
одан сайын қоздырып. - Сонда, алдымен Алматыға соғып, содан соң өз ауылына барған.
Ауылында өзің сияқты бір сұлу қызбен...
-        Соғыс жүріп жатқанда ма? - деді Зайкүл
көзін бақырайтып.
-        Иә.
-        Алла-ай, сен қандай бақыттысың, Ербол,
соғыс кезінде елге келіп жүрген!
-        Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, -
деді оған Майра, - Ағайдың әңгімесін айтқызсаңшы.
-        Әй, сендер дәл осыны «ағай» дегендеріңді
қойыңдаршы қылымсып, - деді Зайкүл қыза сөйеп. - Қайдағы ағай бұл, өзіміз
сияқты студент қой. Көп болса 4-5 жас қана үлкен шығар. Соған бола соншама
кәртейте бермесеңдерші бұл байғұсты.
Зайкүл аяған болып менің басымды сипады. Басқалар оған ду күлді. Зайкүлдің
өзге сөздерін жарата бермесем де, осы сөзін ұнатып, мен де күліп жатырмын.
-        Жоқ, оны емес, басқа бір әңгіме айтайын,
- дедім мен күлкімді тоқтатып.
-        Жоқ, соны айт, - деді Зайкүл тақымдап.
-        Соны, - деді Қанипа сықылықтап.
- Зайкүл, ер болсаң, дәл осы әңгімені айтқызбай қойма.
-        Ендеше, - деді Жомартбек менен оқшаулана
шетке қарай ығысып, - Зайкүл, сен Ерболды мықтап ұстап отыр. Мен оның
күнделігіне жазған осы әңгімесін бәріңе дауыстап оқып берейін.
Жомартбек менің қасымда жатқан қалың дәптерімді қолтығына қыса кеткен екен.
Шетке шығып, соның беттерін ақтара бастады. Зайкүл шап беріп менің мойнымнан
құшақтап алды.
-        Ал, оқи бер, Жомартбек. Мен
мұны тырп еткізбеймін, - деді Зайкүл маған кенедей жабысып. - Қанипа, жақын
отыр, мынау тыпырлап тұрып кетіп жүрмесін.
Жұрт тағы бір ду күліп, басыла бергенде Жомартбек менің күнделік дәптеріме
жазған естелік әңгімемді судыратып оқи жөнелді:
«Менің ауылым - «Ақбота» колхозы темір жолдан тоғыз шақырымдай жерде
болатын. Ауылдың өкпе тұсында «Оныншы» деп аталатын разъезд барды. Ауыл
поселкеге айналып, поселке қала болып үлкейіп жатады. Бұл дүниеде еспейтін
разъездер екен ғой. «Оныншы» біздің бала күнімізде разъезд еді. Жігіт болып,
соғыстан келгенімде де сол разъезд қалпында алдымнан шықты. Бірақ маған ол
шетелдің сәнді қалаларынан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда артық еді. Күн бата
разъезге болар-болмас қана кідіріп өткен поездан қарғып түсіп, мен қарсы
алдымдағы қызыл шатырлы екі ағаш үйте қуана қарап, орнымнан қозғала алмай,
қалтиып қалыппын. Ол сәтте өзімді Петергофтағы патша сарайының алдында тұрғаннан
бір де кем сезінсем бұйырмасын. Айырмашылық сарай алдында фонтан суына шомылып
тұрған жалаңаш әйелдер мүсіні жоқтығында ғана сияқты. Оның орнына менің көз
алдымда өзге суреттер көрнеді.