ВЕРНУТЬСЯ

   Біз өткен тарауларда Абайдың поэтик тілдерінің өз мағынасында,
ауыстыру мағынасында қолданатын жеке образдарын талдадық.

Енді образ жасауда, адамның ой-сезіміне әсер етуде сөйлемдегі
сөз байланыстарының мәні қандай, соған тоқталамыз.

Жазушы, ақындар шығармаларын жай қара сөз, не ғылыми еңбектердегі
сөз, сөйлем құрылыстарының түрлерінен басқаша құрады. Жазушы ақындар қандай өмір
құбылысын суреттесе де, ең алдымен сезім дүниесіне әсер ету тілегін алға қояды.
Өмірді оқушыларына білдіру ғана емес, сездіру, сезім дүниесі арқылы өмірді тану
- ақындардың, жазушылардың алдында тұратын ең бірінші міндет. Ол үшін ақын-жазушылар
тек жеке сөздерді ғана талғап алмайды, олардың сөйлемдегі алатын орындарын да
талғайды. Бұл негізінде ақынның сезім толқынына байланысты.

Ақынның творчествосы - жалаң ғана ойдың жемісі емес және
сезімнің жемісі. Терең ой, үлкен пікір, ыстық сезімді жарып өтіп, сонан шықса ғана
ол - поэзия, сонда ғана ол - поэтикалық творчество. Жай қара сөз, ғылымдық еңбектерден
поэзияның негізгі ерекшелігі де осында тәрізді. Ақын-жазушылар сөйлемдерді өзінше
құрып, сөзді өзінше талдауларының да негізгі себебі осы сезімді беру тілегімен
байланысты.

Кейде дағдыдағы қолданылатын сөздердің орнын ауыстырады.
Кейде айтылуға тиісті ойдың ұшығын көрсетеді де, соны дәл беретін сөзді әдейі
тастап кетеді. Кейде бір сөзді әдейі бірнеше рет қайталайды. Кейде дауыс толқынын
өзгертіп, сонымен байланысты тыныс белгілеріне де өзгеріс туғызады, міне,
осылардың бәрін бір сөзбен атағанда фигура дейді.

Қазақ әдебиетіндегі фигуралардың да негізгі түрлері - арнау
(обращение), қайталау (повторение), шендестіру (антитеза), дамыту (градация),
инверсия, эллипсис.

а) Арнау. Арнау не біреуге, не көпшілікке, не табиғаттың бір
құбылысына қайрыла сөйлеу. Кейде лепті сөйлем, кейде сұраулы сөйлем, кейде
риторикалық сұраулар арқылы құрылады. Сөйлем құрылысы, ішкі мазмұнына қарай
арнау өзара үшке бөлінеді: 1) жарлай арнау; 2) зарлай арнау; 3) сұрай арнау; 4)
риторикалық сұрақ.

 

1

«Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық» (180).

 

2

«Мұнша қысым қылдың ғой, қатты құдай,

Қабырғама қатты жер батты, құдай,

Жаяу жүрсем, табаным ауырады,

Тым болмаса, бермедің атты, құдай» (181).

 

«Қара бір шашым жаяйын,

Жаяйын да, жыяйын,

Қыналы бармақ, жез тырнақ

Күнінде қанға бояйын.

Албыраған ақша бет

Сүйегіне таяйын.

Мөлдіреген қара көз

Жаспен оны ояйын.

Алшаңдап жүрген жалғызым,

Орныңа кімді қояйын...» (182).

 

3

«Жаудан жылқы айырып,

Жігіт қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр бола ма екенсің.

Сөйлегенде, сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің...» (183).

«О, Ақтан жас, Ақтан жас,

Сен де жетер ме екенсің.

Жетімдікті белінен

Асып кетер ме екенсің» (184).

 

4

«Қарадан боз да өтер ме,

Қайрылмай дәурен кетер ме...» (185).

«Борай да борай қар жауса,

Қалыңға боран барар ма?

Қаптай соққан боранда

Қаптама киген тоңар ма?

Туырлығы жоқ тұл үйге

Ту байласаң тұрар ма?

Ту түбіне тұлпар жығылса,

Шаппаған нәмәрт оңар ма?» (186).

 

Риторикалық сұраудың алдыңғы зарлай арнаудан ерекшелігі
жауапты керек етпейді.

«Ту түбіне тұлпар жығылса,

Шаппаған нәмәрт оңар ма?..»

 

дегенде «оңбас» деген жауабы әрдайым оқушының көңілінде тұрады.

Риторикалық сұрақтардың жауабы өзінің ішінде, оқушылар сөйлемдегі
ой толқынына қарап, жауабын өздері бере алады. Сөйлем әдейі солай құрылады.

Арнаулардың бұл түрлері Абайдың алдындағы, не өз кезіндегі
тарихи әдебиеттерден де, Абайдың өз өлеңдерінен де түгел табылады. Сондықтан
олардың әрқайсысынан мысалдар келтіріп, қайталап жатудың қажеті аз. Өйткені пәлендей
жаңалық бар деп айта алмаймыз. Сондықтан арнауды осымен қысқартып, Абай өлеңдеріндегі
фигураның екінші түрі - қайталауға тоқталық.

Қазақтың өлеңдерінде болсын, көркем қара сөздерінде болсын, үлкен
орын алатын фигураның күрделі бір түрі - қайталау.

Белгілі бір өмір құбылысына, не бір нәрсеге оқушыларының
назарын аудару үшін ақын-жазушылар бір сөзді, не сөйлемді әдейі қайталап, сөзге,
не сөйлемге ерекше түс береді.

б) Қайталаулар: 1) жай қайталау; 2) еспе қайталау;                                3)
синтаксический параллелизм; 4) анафора; 5) эпифора.

1

«Жөнелді қалмақ, жөнелді,

Шеңбер тартып келеді...» (187).

«Аулақ жағын тебініп,

Ауыл жағын шіреніп...» (188).

 

2

«Ойнама, батыр, ойнама,

Ойнаймын деп ойлама...» (189).

«Әдеп, ақыл - сары алтын,

Алтынды таза сақтамай,

Қалай етіп шіріткен...» (190).

 

3

«Қас жақсыда кек болмас,

Қас жаманда тек болмас...» (191).

«Панасыз болса, сайдан без,

Пайдасыз болса, байдан без» (192).

«Керуенім кетті мәріңе,

Мәріден кетті әріге...» (193).

 

4

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі,

Атадан ұл тумаса,

Ата жолын қумаса,

Туғаннан тумағаны сол игі...» (194).

 

5

«Біз Еділ үшін егестік,

Біз Жайық үшін жандастық,

Біз Қиғаш үшін қырылдық,

Біз Тептер үшін тебістік,

Біз Таразы сайлап, оқ аттық» (195).

«Әлелей болмаса, ән болмас,

Бәлелей болмаса, бел болмас,

Шағала келмей, жаз болмас,

Шаңқан келмей, боз болмас...» (196).

«Сексен беске келгенде,

Екі қара көзді алар.

Бойыңдағы безді алар,

Бетіңдегі нұрды алар,

Аузыңдағы тісті алар...» (197).

 

Абайға дейінгі қайталаудың негізгі түрлері - осылар. Кейде
анафора мен эпифораның қабат келетін түрі (симплока, сплетение) де кездеседі.
Мысалы:

 

«Ойнама, батыр, ойнама,

Ойнар кісің мен емес,

Ойнағаның жөн емес...» (198).

 

Абай өлеңдерінен қайталаудың бұл түрлерінің қайсысын болсын
табуға болады. Бұлардың әрқайсысына ақынның өз өлеңдерінен бір-бір мысал
келтіріп өтелік.

 

 

1

«Сап-сап көңлім, сап көңлім,

Саяламай, сай таппай...»

(Абай, І том, 231-бет)

 

2

«Адам ғапыл дүниені дер менікі,

Менікі деп жүргеннің бәрі онікі...»

(Абай, І том, 193-бет)

 

3

«Толайын десең, шара жоқ,

Толықсып жүрер шама жоқ...»

(Абай, І том, 182-бет)

 

4

«Ел жамаған билер жоқ,

Ел қыдырып сандалды...»

«Адам деген даңқым бар,

Адам қылмас халқым бар...»

(Абай, І том, 120-бет)

 

5

«Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен...»

(Абай, І том, 184-бет)

 

«Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма,

Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?»

(Абай, І том, 205-бет)

 

Қайталаулардың Абайға дейінгі әдебиеттерден және Абайдың өзіне
мысалдар келтіргендегі айтпағымыз - қайталаудың барлық түрі Абай өлеңдерінде түгел
барлығын көрсету ғана емес, қайталауменен байланысты қазақ әдебиет тілін
дамытуда Абайдың жасаған еңбегі, үлгілі өнегесі қайсы, осының бетін ашу.

Біз Абайдың өлеңдерінде көп қайталанатын кейбір сөздеріне
айрықша картотека жасадық. Ондағы мақсат - бұрынғы қайталаулардан айырмасын
ашу. Абайдың өзіне тән ерекшелігін айқындау. Біздің алғанымыз - «жүрек», «көңіл»
деген сөз. Абайдың барлық өлеңдерінде «жүрек» 80 рет, «көңіл» 113 рет қайталанады
екен.

Біз сөзді қайталап айту ауыз әдебиетінде де, Абайға шейінгі
тарихи әдебиетте де поэтик тілдің жалпы заңы бойынша жиі кездеседі және ол
орынды да деп жоғарыда оған мысалдар келтірдік. Бірақ ауыз әдебиетіне ерекше тән
және бір нәрсе сөйлемдегі айтылмақ ойға байланысы жоқ сөздердің көп қайталануы
болатын.

 

«Сарманымды, ендеше, сарманымды,

Сасық көлге қамаймын бар малымды...».

«Тесіп алып, ендеше, тесіп алып,

Жыңғылдан жылқы айдаймын кесіп алып...»

 

тағы басқа да осылар тәрізді.

Мұндағы «Сарманымды», «тесіп алып» деген сөздер бір нәрсеге
көңіл аудару үшін не сөз, сөйлемдердің әсерін күшейту үшін қолданылып отырған
жоқ. Жолдың санын толтыру үшін, кейінгі жолдарға ұйқас іздеу үшін қолданылып
отыр. Сондықтан ол өлеңнің әлі өлеңдік дәрежеге жетпеген балаңдығын көрсететін
ауыз әдебиетінің, әсіресе айтыстардың бойына сіңген зор кемшіліктің бірі
болатын. Бұл кемшіліктен Абайға дейінгі тарихи әдебиет те арылып кете алған жоқ
еді деп өткен тарауда айтқан болатынбыз.

Абай өлеңдеріндегі қайталанған сөздер бұлар сықылды қайталанбайды.
Әрбір қайталанған сөзге сөйлем құрылысында басқа сөздермен байланысқанда жаңаша
мән, жаңаша мағына беріледі.

Адам баласы бір кездегі толып жатқан нәрселерді бір сөзбен
атап, бір ұғымның айналасында ұғатын сананың сәбилік дәрежесінен арыла келе, әр
нәрсенің өзіне жекеше ат қойып, бірінен екіншісін айыра ұғыну дәрежесіне ерте
жетсе, мәдениет өсіп, ой-сананың әбден толысқан кезінде бір нәрсенің толып жатқан
сан алуан сыры мен қырының барлығын танып білді. Осындай бір заттың сан алуан қыры
мен сырын ашып, бір сөздің әр алуан мәні барлығын танып, әдебиет тілін солар арқылы
байытып, дамытушылар классик ақын-жазушылардың ұлы еңбектерінің бірінен
саналады. Бұл - әр елдің әдебиетіне тән нәрсе.

Қазақтың ұлы ақыны Абай да осы ауыр жүкті арқалап, қазақ жағдайында
өзінің тарих алдындағы зор міндетін толық атқара алған ақынның бірі.

Біз жоғарыда Абайдың өлеңдерінде көп қайталанатын кейбір сөздердің
жалпы санын айттық. Көзге көрсетіп, көңілге қондырарлық дәлелі болмаса, жалаң
санның әрине, құны аз. Сондықтан сол көп қайталанатын сөздерден бірнеше
мысалдар келтірелік.

Жүрек:

 

«Сөз айталмай бөгеліп,

Дүрсіл қағып жүрегі...»

(Абай, І том, 202-бет)

 

«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,

Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін...»

(Абай, І том, 205-бет)

 

«Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып артқыға сөз болма ма?..»

(Абай, І том, 206-бет)

 

 

 

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл...»

(Абай, І том, 183-бет)

 

«Қан жүрек те қайғылы-ау,

Қайрыла кет сен маған...»

(Абай, І том, 211-бет)

 

«Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбес, қалайша соқса тамыр».

(Абай, І том, 57-бет)

 

«Жүрегі айна, көңілі ояу...»

«Сөз тыңдамас сол баяу...»

(Абай, І том, 94-бет)

 

«Жүрегіңмен тыңдамай,

Құлағыңмен қармарсың...»

(Абай, І том, 121-бет)

 

«Өртенген жүрекке

Бір көрген болар сеп...»

(Абай, І том, 136-бет)

 

«Сенісерге жан таба алмай,

Сенделеді ит жүрек...»

(Абай, І том, 146-бет)

 

«Өрбіген жүрек басылмай,

Талапты көңіл елермес...»

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Жүректің сөзін сөйле, тіл,

Жалғаны жоқ бояма...»

(Абай, І том, 164-бет)

 

«Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі асыл тас,

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас...»

(Абай, І том, 228-бет)

 

 

 

 

Көңіл:

 

«Мал ішінен айналып,

Көңілі жақсы, жайланып...»

(Абай, І том, 64-бет)

 

«Көңлімнің күні өшкен соң,

Қайғылы, қара болар күн...»

(Абай, І том, 244-бет)

 

«Ақ көңлім анық қарайды,

Қызыл гүлім суалып...»

(Абай, І том, 241-бет)

 

«Жарқ етпес қара көңлім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да...»

(Абай, І том, 237-бет)

 

«Арттағы майда көңіл жүр,

Жалынсаң қайтып келер ме».

(Абай, І том, 155-бет)

 

«Кейде есер көңіл құрғырың

Махаббат іздеп талпынар...».

(Абай, І том, 122-бет)

 

«Екі көңіл арасы жылшылық жер,

Оны қайтып қосады ол ант атқан...»

(Абай, І том, 185-бет)

 

«Күңгірт көңлім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа...»

(Абай, І том, 172-бет)

 

«Жаралы көңіл жазылар

Дүниеде рахат бар шығар...»

(Абай, І том, 150-бет)

 

«Көрмеген көп дүние көл көрінді,

Кірлемеген көңілдің ашығында...»

(Абай, І том, 70-бет)

 

Көп қайталанатын «жүрек» пен «көңіл» деген сөздер кездесетін
өлеңдерден келтірілген осы мысалдардың өзінен де әр сөзге әртүрлі мән беріп, әртүрлі
мағынада қолданылатыны айқын көрінеді. «Дүрсіл қағып жүрегі» дегенде «жүрек» өз
мағынасында қолданылып отырса, «ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін», «жүрегі -
айна», «жүрегіменен тыңдамай», «жүрек - теңіз» дегенде «жүрек» өз мағынасында
емес, ауыстыру мағынасында қолданылып отыр.

Кейде «жаңа эпитеттер» арқылы «жүректің» әртүрлі сырын, қасиеттерін
жекелеп көрсетеді. «Мұздаған жүрек», «қан жүрек», «жылы жүрек» деген сөйлемдерде
«жүрек» деген сөз өз қалпында қайталанса да, әртүрлі эпитеттер арқылы өзінше өзгешелігін
сездіреді. Сол тәрізді «көңілі жақсы жайланып» пен «арттағы майда көңіл тұр» түрі
жағынан бір болса да, көркемдік, сезімге әсер етуі жағынан екі басқа. Алдыңғы
жолда «көңіл» өзінің жай мағынасында қолданылса, соңғы жолда ауыстыру мағынасында
қолданылып отыр. «Арттағы майда көңіл тұр» - кейіптеу (олицетворение).

Демек, мұндағы алынып отырған «жүрек, көңіл» деген сөздер
тілшілердің көзімен қарағанда, қайталанып отырған сөздердің кейбіреулері «түбір»,
кейбіреулері «туынды» сөз болып көрінсе, әдебиетшілерге олай емес. Жай ғана
айтылатын «жүрек», «көңіл» деген сөздермен «аяғын шалыс басқан асау жүрек»,
«махаббат іздеп талпынған есер көңіл» бір емес. Алдыңғы нәрсенің жай ғана аты
болса, соңғылар - сол нәрсені жандандырып айтқан образ. Поэтик тіл. Бірде ол
кейіптеу, бірде метафора, бірде метонимия, бірде синекдоха, бірде эпитетпен
байланысты образды сөзге айналып, қайталап айтатын сөздің түбірі бір болса да,
контексте айналасындағы сөздердің қарым-қатынасына қарай әр жерде әртүрлі жаңаша
мәні бар.

Біздің байқауымызша, «жүрек» те, «көңіл» де көбіне эпитет пен
кейіптеуге байланысты қайталанып, сол арқылы жаңаша көркемдік мән беретінге ұқсайды1.

Сонымен Абайдың өлеңдеріндегі бір сөзді қайталау аз
кездеспейді. Абайдың сөз қайталауы - өзінен бұрынғы әдебиеттің дағдыға айналған
немесе сөз таба алмағандықтан, не сөздің ұйқасы үшін ғана қайталау емес, әрбір
сөздің толып жатқан ерекше мәні барлығын аңғартатын, олардың ерекшелік мәні басқа
сөздермен байланысты түрде айқындалатындығын көрсетіп, оның тамаша-тамаша үлгілерін
берген қайталау. Абайдың сөз қайталау жөніндегі басқалардан өзгешелігі де, қазақтың
әдебиет тілін дамытудағы зор еңбегінің мәні де бір сөздің әр алуан сыры мен қыры
барлығын ашуында.

 

 

 

 

 

1Ескерту: Абай өлеңдеріндегі эпитеттер және оның түрлері
деген бөлімде Абайдың жаңа эпитеттермен байланысты «Қан жүрек», «Асау жүрек»
деген сөздер алынған. Ол бөлімдерде әңгіме эпитет туралы болса, мұнда бір сөздің
қайталануы туралы. Сондықтан әрқайсысының жөні өзіне басқа.

в) Шендестіру. Фигураның және бір түрі - шендестіру. Бұл
арасы алшақ екі нәрсені бір-біріне қарсыма-қарсы қою. Сол арқылы үшінші бір нәрсені
көзге елестету. Қарсыма-қарсы қою кейде мінез жағынан, кейде тереңдік, тайыздық
жағынан қойылуы мүмкін.

 

 «Қатыны семіз, ері
арық,

Үй жұтынан сақтасын.

Иесі семіз, аты арық,

Түз жұтынан сақтасын...» (199)

 

«Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр,

Қар үстіне қан тамар,

Қанды көр де бетім көр...» (200)

 

«Алдым биік, артым жар,

Айналуға жерім тар...»

«Қарға, құзғын қаһар қылмас

Көп болғаннан сұңқарға...» (201)

 

Абайға шейінгі әдебиет нұсқаларының негізгі түрлері - осы
келтірілген үзінділер тәрізді, арасы алшақ жатқан екі нәрсені бір-біріне
баламай да, теңемей де бірін екіншісіне тек қарсыма-қарсы қойып, үшінші бір құбылысты
білдіру.

«Қар» мен «қара жер» - түс жағынан арасы алшақ жатқан нәрселер.
Ақты қараға қарсы қою арқылы еттің ақтығын айрықша көзге түсіреді. «Қар» 1, «Қара
жер» 2-ші нәрсе болса, айтайын деген «еті» (етінің ақтығы) - 3-ші нәрсе.

Абайға дейінгі әдебиетте, біздің байқауымызша, көбіне екі нәрсені
қатар қойып, үшінші нәрсені елестету және екі нәрсені қарама-қарсы қою, көбіне
сыртқы белгілері жағынан тәрізді. Жоғарғы келтірілген мысалдар да, Абайға
дейінгі барлық әдебиет нұсқаларынан терілген қолымыздағы басқа мәліметтер де
осыны дәлелдейді.

Абай өлеңдерінде кездесетін шендестірулердің түрлерін
негізінде үшке бөлуге болады.

 

1

«Қырда торғай сайраса, сайда бұлбұл,

Таудағы әнін қосар байғыз, көкек».

(Абай, І том, 123-бет)

 

 

 

«Біреуі көк балдырған, бірі қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз...»

(Абай, І том, 185-бет)

 

«Болмаған соң бір есеп,

Мейлі қамқа, мейлі бөз...»

(Абай, І том, 94-бет)

 

2

«Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.

Қара шашын көтеріп екі шынтақ,

О да бүлк-бүлк етпей ме сипағанға.

Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.

Күйеуі ер, қалыңдығы сұлу болып,

Және ұқсар тар төсекте жолығысқанға...»

(Абай, І том, 39-бет)

 

3

«Бір суып, бір ысып,

Барады іш пысып...»

(Абай, І том, 160-бет)

 

«Бір үміт, бір қауіп,

Көңілге жол тауып...»

(Абай, І том, 160-бет)

 

«Таймаңдамай тамылжып,

Бір суынып, бір ысып...»

(Абай, І том, 200-бет)

 

«Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау...»

(Абай, І том, 86-бет)

 

Бұл үш түрінің негізінде өзгешелік жоқ. Бәріне де негіз -
арасы алшақ жатқан екі нәрсені бір-біріне қарсыма-қарсы қою. Бірақ сол қарсыма-қарсы
қоюдың өзі әртүрлі. Кейде бір нәрсені екінші нәрсеге сыртқы түс жағынан қарсыма-қарсы
қояды.

 

«Қара жерге қар жауар,

Қарды көр де етім көр...»

 

Кейде ішкі сезім дүниесінде болатын арасы алшақ екі түрлі
сезім түйсіктерін бір-біріне қарсыма-қарсы қою. «Бір суынып, бір ысып, барады
ішіп пысып».

Абайдан келтірілген үзінділердің бірінші түрі - бұрынғы әдебиеттердегі
бар үлгілер. Екі нәрсені сыртқы белгілер арқылы қарсыма-қарсы қою. Бұлардың
ауыз әдебиеті, Абайға дейінгі тарихи әдебиеттерде кездесетін шендестірулерден
айырмасы жоқ.

Бірақ Абай өлеңдерінде кездесетін шендестірудің екінші түрі
мен үшінші түрінде бұрынғы әдебиеттегі бар үлгілерден құрылысында Абайдың өз қаламына
тән алғанда, Абайға дейінгі әдебиеттерде екі нәрсені бір-біріне қарсы қойып, үшінші
нәрсені білдірсе, не үшінші бір өмір құбылысын көзге елестетсе, Абай үш нәрсені,
не үш түрлі өмір құбылысын бір-біріне қарсы қойып, солар арқылы төртінші бір нәрсені,
не төртінші бір өмір құбылысын көзге елестетеді.

 

«Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...

«Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,

Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда...»

(Абай, І том, 39-бет)

 

деген үзінділерді алсақ, түсі жағынан арасы алшақ үш нәрсені
алып, солар арқылы төртінші нәрсені көзге елестететіндігін көреміз. Бұл Абайға
дейінгі әдебиеттерімізде кездеспейді. Сонымен қатар осы Абайдағы шендестірудің
екінші түрі мысал ретінде келтірген жоғарғы сегіз жол өлең, шендестірудің өте
бір қиыннан қиыстырылған түрі тәрізді. Біріншіден, бұл шендестіру поэтик тілдің
басқа түрлерімен (эпитет, инверсия) байланысып келеді, екіншіден, бұл тек
шендестірудің жай түрі ғана емес, күрделі түрі деуге болады. Бірақ айтайын
деген ойын шендестірумен айтпақ. Сондықтан поэтик тілдердің басқаларының бұл
жерде тек жәрдемшілік қана мәні бар.

Әйтсе де Абайдың өзіне тән ерекшелігі де, өзінше әдебиет
тілінің жалпы қорына қосқан бұл жөнінен жаңалығы да шендестірудің Абай өлеңдерінде
кездесетін үшінші түрі деуге болады.

Абайға дейінгі әдебиетте екі нәрсені қарама-қарсы қою тек
сыртқы белгілері жағынан десек, Абайдағы шендестірудің үшінші түрі ішкі сезім дүниесіндегі
арасы алшақ екі нәрсені қарама-қарсы қоюға негізделінеді.

 

«Бір суып, бір ысып,

Бір үміт, бір қауіп...

Бір суынып, бір ысып», -

 

деген түрлі ішкі өзгерістерге байланысты шендестірулер. Абайға
дейінгі әдебиетімізде бұл тәрізді ішкі сезімдегі құбылыстардан құралған
шендестіруді кездестіре алмаймыз. Сондықтан мұны Абайға ғана тән, Абайдың
енгізген жаңалығы деп айта аламыз. Бұлай болуы заңды да. Өйткені Абайға дейінгі
тарихи әдебиеттің болсын, ауыз әдебиетінің болсын тіл байлығын мақтасақ та (мұны
Абайдың тілдеріне салыстыру үшін поэтик тілдің әр түрінен келтірген мысалдардың
өзі-ақ көрсетеді), біздің мақтай алмайтын, жалпы кемшілік деп санайтын бір мәселеміз
- сезім дүниесін суреттеу, сезімдегі болатын әртүрлі жан жүйесінің құбылыстарын
суреттеудің аздығы.

Бұл - тілде де солай еді. Абай өз өлеңдерінде өзінен бұрынғы
әдебиеттің кетігін бітеп, кемтігін толтырған қазақтың бірінші психолог ақыны
десек, оның шендестірулері де сезімдегі әртүрлі түйсіктерге негізделеді. Бұған
біз кейінгі бір тарауда айрықша тоқталамыз.

г) Дамыту. Өлеңде, не қара сөзде алдыңғы ойдан соңғы ойды,
алдыңғы оқиғадан соңғы оқиғаны күшейтіп айтуды дамыту (градация) дейді. Дамыту
жай сөздерде де кездеседі. «Бар. Жүгір. Ұш» дегенде, «бардан» «жүгір», «жүгірден»
«ұш» деген күштірек.

Дамыту ауыз әдебиеті, Абайға дейінгі тарихи әдебиетте өмір құбылысын
суреттеуде өте сүйіп қолданатын поэтик тілдің бір түрі деуге болады. Көбіне әсірелеу,
литотамен байланысты болып келеді. Дамыту, әсіресе жырларда, батырлардың іс-әрекеттерін
суреттеген, не аттарының шабысын суреттеген эпизодтарда жиі ұшырайды.

 

«Әйт, жануар, шу» деді,

Аршындап бурыл гуледі.

Тау мен тасты көрмеді,

Табаны жерге тимеді.

Көлденең жатқан көк тасқа,

Тіктеп тиген тұяғы

Саз балшықтай иледі.

Сеңгір-сеңгір таулардан

Секіріп бурыл жөнелді.

Кешке таман Тайбурыл

Жын қаққанға ұқсайды,

Құлан менен құлжаның,

Марал менен бұғының

Ұзатпай алдын тосады.

Қарсы келген қабақтан

Бурыл қағып жөнелді.

Аманбайдың ақ тікен

Асып бурыл жөнелді.

Көк жағалай отырған

Көкқұтан мен қарабай

Көтеріліп ұшқанша,

Белінен келіп басады...»

 

Мұнда Тайбурылдың шабысы бірден-екі дамытыла суреттеледі. Әуелі
төбелерден, сосын таулардан секіреді. Кешке жақын марал, бұғы сияқты төрт аяқты
аңдардың алдын «ұзатпай тосқан Бурыл, мұнан кейін ең тез ұшатын құстардың ұшуына
пұрсат бермей, көтерілгенше белінен басып өтеді».

Батырлардың жекпе-жекке шығып соғысқан жерлерінде әр жырда қайталанып
отыратын дағдыға айналған дамыту арқылы суреттеулер бар.

 

«Қарсыласып барысты,

Әуелі сөзбен қағысты,

Қасарысып тұрысты,

Әуелі тәуір сөйлесіп,

Артынан шайтан шалысты.

Шалысқан емей немене,

Ырғай сапты найзаны

Ырғай-ырғай салысты.

Итерісіп тұрысты,

Аттары жата қалысты,

Қанжар қалды қайысып,

Семсер қалды майысып,

Қақырығы қан татып,

Түкірігі жын татып,

Өштім, жандым дегенде,

Өлдім, талдым дегенде,

Барып жауды жеңді...», (203) -

 

деп келеді.

 

ХҮІІІ-ХІХ ҒАСЫРДАҒЫ ӘДЕБИЕТ

 

«Жетпіс жасқа келгенде,

Жылуы болмас қойынның.

Қаруы болмас сойылдың,

Өлмесең де жойылдың.

Сексен бес деген сыр екен,

Шындап ұрған пір екен,

Сексен бес жасқа келгенде,

Екі қара көзді алар,

Аузыңдағы сөзді алар.

Бетіңдегі нұрды алар,

Бойыңдағы жырды алар,

Аузыңдағы тісті алар,

Бетіңдегі түсті алар,

Қолыңдағы істі алар,

Өлмегенде нең қалар» (204).

 

«Толғай-толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қақыратқан,

Тебінгісін тесе атқан,

Тізгінінен кесе атқан...» (205).

 

Ауыз әдебиеті, Абай алдындағы тарихи әдебиеттен келтірілген
бұл мысалдардың қайсысынан болсын жоғарғы айтылған қимылды, бірінші құбылыстан
екінші құбылысты өсіріп, дамытып отыратындығын және сол дамытулардың қайсысы
болсын, әсірелеу, литота, әсірелеумен нақ байланысты екенін анық көреміз.

Абай алдындағы әдебиеттердегі кездесетін дамытудың негізгі үлгілерін
қысқартып, енді Абай өлеңдеріне келсек, біз оның өлеңдерінде поэтик тілдің
(фигураның) бұл түрін кездестіре алмаймыз. Жоғарғы үзіндіде келтірген дамытулар
Абай өлеңдерінде жоқ. Мұның себебі не? Бізше, мұның екі түрлі себебі бар.
Бірінші, дамыту әдісі көпшілігінде сюжетті, оқиғалы шығармаларға, әсіресе оқиға,
қимылдардың көп ұшырайтын жерлеріне байланысты. 

Абай - ол тәрізді үлкен оқиғалы шығарма жазбаған ақын. Оның
сюжетті поэмалары «Масғұт», «Ескендір», «Вадим», «Әзімдерінде» де қиыннан қиысқан
оқиғалар аз және көбіне жай баяндау негізінде құрылған. Егер Абай соғысты, не
тағы бір сол  тәрізді қимылы көп оқиғаны
жазса, мүмкін дамытудың жоғарғы үзінді келтірілген түрлеріндей дамытулар онда
да кездесер еді. Бірақ ол - ондай нәрсені жазбаған ақын.

Әрине бұл да негізгі себеп бола алмайды. Өйткені дамыту көпшілігінде
оқиғалы шығармаларда кездессе де, ол оның тұрақты шарты емес. Басқаша бір өмір құбылысын
суреттеумен байланысты да дамытулар бола береді. Адамның жасына берген Бұхар
жыраудың мінездемесі - оқиғаға құрылған нәрсе емес, әйтсе де дамытудың көрнекті
бір түрі. Дәл осы Бұхардікі тәрізді адам өмірін суреттеуге арналған өлең Абайда
да бар.

 

«Балалық өлді, білдің бе,

Жігіттікке келдің бе.

Жігіттік өтті көрдің бе,

Кәрілікке көндің бе...»

(Абай, І том, 171-бет)

 

Бұл дамыту емес. Адам өмірінің бастан өткен белес-белдеріне өткен
жастары риторикалық сұрақ қойып, жай ғана санап өтеді.

Абай өлеңдерінде дамыту кездеспеуінің екінші және негізгі
себебі оның реалистік методында, стилінде жатқан тәрізді. Әрбір әсірелеу, әрбір
литота - шындықты жай қалпынан не өте асырып, не өте кемітіп айту деген сөз.
Демек, өмірді шын қалпында «бұлжытпай» суреттеу әдісіне әсірелеу дәл келмейді.

Әсірелеу, литота Абайдың өлеңдерінде бірен-сарандап қана
болмаса, кездеспейді десек, дамытудың Абай өлеңдерінде кездеспеуі соған сабақтас.
Демек, өмірге реалистік көзқараспен қарап, өмір шындығын өз қалпында суреттеуді
ақынның негізгі нысанасы етуі әсірелеумен байланысты жүретін дамыту әдісіне де
шығармаларында орын қалдырмайтынға ұқсайды.

д) Инверсия. Сөйлемдегі сөздерді дағдыдан тыс түрде қиюластырып
құру - фигураның бір түрі, ол инверсия делінеді.

Сөйлемде сөз мүшелерінің өз орындары бар. Әдеттегі жай сөйлемдерде
бастауыш бұрын, баяндауыш соңынан келеді. Анықтауыш өзінің анықтайтын сөзінің
алдында тұрады. Тағы басқаларының да өздерінің орны болады.

Бірақ бұл әдеттегі сөйлемдердің сөз құрылыстарының белгілі
орны болу тәртібі өлеңге, не көркем қара сөзге, әсіресе өлеңдерге шарт болып, өлең
сөйлемдерінің өздеріне тән құрылуына бөгет бола алмайды.

Өлеңдерде кейде ұйқастың қажет етуімен, кейде сезімнің, ашығырақ
айтқанда, сол сезімді оқушыға жеткізуде үлкен орын алатын дауыс ырғағының керек
етуімен байланысты сөйлемдегі сөздердің орындары жайшылықта айтылатын сөйлемдерден
басқаша болып, ауысып келе береді.

 

«Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдың көрге енді...»

(Абай, І том, 119-бет)

 

Бұл өлең сөйлемді жай сөйлемге айналдырсақ, «Талай жерге
келіп, енді көрге кіруге-ақ қалып отырмыз» дер едік. Бұлай құрылғанда да мағынасына
келетін кемшілік жоқ. Бірақ сезімге әсер етуі жағынан бірдей емес. Алдыңғы өлең
сөйлемі, сөздерінің орындары ауысып келуі арқасында оқушыларына күштірек әсер
етеді. Соңғы сөйлемнің мағынасын дәл ұқсақ та сезімге өлең сөйлеміндей әсер ете
алмайды. Мысалы:

 

«Патша айтты Қамбарға

Өлтірейін деп едім,

Кешіксең келмей осыдан...»

«Қамбар айтты: «Падышам,

Атпенен тасып аулымды,

Қондырып едім көшіріп» (206).

 

«Сен сөйтіп біздің елге болма қасты,

Қас болсаң, салар жөнге сендей масты...»

«Бір уақыттар болғанда,

Көктей етіп Жайықты,

Бір қасық ішкен қара су

Жұмасына ас қылдым» (208).

 

Бұл үзінділердегі инверсия баяндауыш пен бастауыштың орнын
алмастырып құруға негізделген.

 

«Патша айтты Қамбара...»

«Қамбарға патша айтты...», -

 

дегенде, мұнда аяғында келетін баяндауышты толықтауыштан бұрын
қояды. Бұл - инверсияның бір түрі. Екінші түрі - дағдыда эпитет анықтайтын сөздердің
алдында келетін болса, оның орнын ауыстырып анықтайтын сөздің соңына қоюшылық.

«Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды...». Абай өлеңдерінде
кездесетін инверсияның негізгі түрлері төмендегілер:

 

1

«Келдік талай жерге енді,

Кіруге-ақ қалдық көрге енді.

Тыңдаушымды ұғымсыз,

Қылып тәңірім берген-ді...»

«Жатпа ұяда қорғанып,

Ұш, көңілім, көкке, кергі енді...»

(Абай, І том, 119-бет)

 

«Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып...»

(Абай, І том, 50-бет)

 

«Біз қырғауыл, сіз тұйғын,

Тояттай бер, кел де алып».

 

2

«Тау басында бар қара, ұсақ топырақ,

Қапқа толтыр кешікпей, жылдамырақ».

«Жер соғары сіңірлі, аяғы тік,

Жаурыны етсіз, жалпақ тақтайдай-ақ...»

(Абай, І том, 267-бет)

 

«Күлте құйрық, қыл түбі әлді келіп,

Көтендігі шығыңқы, ала майлы...

«Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті...»

(Абай, І том, 63-бет)

 

«Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға...»

(Абай, І том, 39-бет)

 

Инверсияның бұл түрі Абайға дейінгі әдебиетте кездеспейді,
не мүлде аз кездесуі мүмкін десек, мына келтірген мысалдарға қарағанда, бұл әдісті
Абай жаңалық деп танып, «машығы» ретінде қолданғанға ұқсайды. Орыстың Пушкин,
Лермонтов тәрізді ұлы ақындарында да инверсияның бұл түрі жиі ұшырайды. Әрине
Абай үлгіні солардан алды демек емеспіз, соларша өз халқының әдебиет тілін өзінен
бұрынғы әдебиеттерде аз кездесетін, не кездеспейтін поэтик тілдің және бірінің
шебер түрде үлгісін жасап байытты, қорлантты демекпіз.

Өлеңде болсын, қара сөзде болсын инверсияның мәні үлкен. Өйткені
оқушылар көркем шығармада әрдайым жаңалық іздейді. Мысалы, «Тау басында бар қара,
ұсақ топырақ» деген жолды алсақ, мұнда «топырақ» деген сөздің алдында тұруға
тиісті «қара» эпитетін «топырақтан» бөліп әкеліп, мүлде басқа жерге қойған.
Сондықтан ол дағдыдағы сөз қолданыстардан тыс. Сондықтан да ол - жаңа.

«Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл»1 деген жолда
эпитеттерді бөліп алып, басқа жерге қоймаса да, сөздерінің орнын ауыстырып, сол
арқылы жаңа нәрсе етеді. Әдетте «Ақ қар, қара бүркіт, қызыл түлкі» деп эпитетті
анықтайтын сөздердің алдына қойса, Абай ол эпитеттерді анықтайтын сөздердің соңына
апарып қояды. Сөйтіп, әдеттегі сөздердің орнын ауыстырып қолдану арқылы оқушыға
жаңаша әсер етіп, суреттемек өмір құбылысына олардың көңілін тез аударады. Инверсия
сөзді тек

 

 

 

 

1Абайдың бұл өлеңін эпитетке де, шендестіруге де, қазір
инверсияға да келтіріп отырмыз. Оның себебі - сол үшеуінің де мұнда элементі
барлығы. Айыра көрсету жағынан «Қар - аппақ, бүркіт - қара, түлкі - қызыл» -
эпитет, қарсыма-қарсы қоюы жағынан - шендестіру, сөздің орнын ауыстыру жағынан
- инверсия. Бұл айтылғандардың бәрі де поэтик тілдердің өзара байланыстары ауыз
әдебиетінен бастап, күні бүгінгі әдебиетімізге дейін өте жиі кездеседі. Оны
жеке бір тарау етіп кіргізуді де ойлап едік, бірақ Абайдың өзіне тән пәлендей
ерекшеліктер, жаңалықтар бар деп айту қиын, сөз байланыстары жалпы әдебиетке тән
нәрсе болғандықтан, бұл мәселені ашық қалдырып, жеке зерттеуді қажет деп таптық.

дағдыдағы қалпында ғана емес, дағдыдан тыс та қолдануға
болатынын, солай құрудың арқасында өлеңде, қара сөзде сөз, сөйлемдердің оқушыларға
әсерін күшейтуге мүмкіншілік барын білдіреді. Міне, осы жағынан алғанда
инверсияның мәні үлкен. Оның да көрнекті үлгілерін Абай бізге қалдырып кете
алды.

е) Эллипсис. Өлеңде, не көркем қара сөзде айтылуға тиісті
кейбір сөзді әдейі қалдырып кету - эллипсис делінеді. Бірақ сол қалдырып кеткен
сөз сөйлемдегі басқа сөздердің қарым-қатынасына, сөйлемнің мағынасына қарағанда,
оқушыларға жеткендей, ол сөзді оқушылардың өздері оңай тапқандай етіп қалдырылады.

Сөз тастап кетудегі мақсат - не оқиғаны күшейтіп, қимылды
тездеу, не аз сөзге көп мағына сыйғызу.

Кейде айтылуға тиісті сөздердің алдындағы сөздер айтылады
да, сөйлемнің ең негізгі мүшесі әдейі бүгіліп қалады. Бұл көбіне монолог,
диалогтарда кездеседі. Мысалы, «Аттан! Аттан! Келіп қалды! Ойбай, келіп қалды!»
дегенде, сөйлемнің негізгі мүшесі «Ұры тиді», «жау» деген сөз айтылмай, не
болып, кім келіп қалғандығын жұмбақтап, оқушыларын соны білуге ынтықтыру үшін әдейі
бүгіп қалынып отыр. Кейде ол не қатты қуанғандағы, не қатты қайғырғандағы сезім
құбылысын көрсету үшін де қолданылады.

Эллипсис те инверсия тәрізді қазақтың ауыз әдебиеті, не Абай
алдындағы әдебиетінде қанатын кең жая алмаған поэтик тілдің бір түрі деуге болады.
«Тұрмыс-салт» өлеңдерінде, не «Айтыстарда» мүлде кездеспейді. Оқиғамен
байланысты жырларда бірен-саран ұшырайды.

 

«Таң бозарып атқанда,

Таң шолпаны батқанда,

Ұйқыда ел жатқанда,

«Аттан!» деген бір дауыс,

Құлаққа сар-сар келді...» (209).

 

Мұндағы мақсат «Аттанның» алдындағы «Жау шапты» деген сөзді әдейі
тастап кетіп, сол арқылы сөйлемді жанды түс, эллипистің негізгі түрі осы ғана.

Эллипсис поэтик тілдердің басқа түрлерімен салыстырғанда,
Абай өлеңдерінде сирек ұшырайды. Абай өлеңдеріндегі эллипсистердің түрлерін
екіге бөлуге болады.

1. Бүтін сөздерді қалдырып кету.

2. Кейбір сөздердің бөлшегін қысқартып, не оны мүлде айтпау,
не бірнеше сөздерге бірыңғай келетін бөлшектің біреуінің айналасында жинақтау.

«Деген сөз: бұқа буға, азбан дуға...

Хан қарқ боп түсіп жүр айқай-шуға»

            (Абай, І
том, 184-бет)

 

            Бұл үзіндіде
«бұқа буға, азбан дуға» деген сөйлемнің аяғында келуге тиісті «Семіреді» деген
сөз әдейі қалдырылған. Бірақ «бұқа буға, азбан дуға» деген сөйлемдегі басқа сөздердің
мағынасына қарап, дәл сол сөздің қалғанын ұғу қиын емес. Немесе:

 

            «Өлді кейі,
кейі сау,

            Кімді сүйсе
бұл жүрек...»

(Абай, І том, 211-бет)

 

            Мұнда
«бірі» деген сөз қалдырылған. Абай өлеңдерінде кездесетін эллипсистің бұл -
бірінші түрі. Екінші түрі төмендегілер тәрізді:

 

«Өткен күнгі қызығым,

Ұйықтап көрген түстен кем...»

(Абай, І том, 244-бет)

 

            Мұнда «түстен»
деген сөзден кейін айтылуға тиісті «де» жалғаулығы қалдырылған.

 

«Кәркидән, пілдей қуатты,

Тағы арыстан жүректі,

Аплатон, Сократ ақылды,

Қаһарман, Ғали білекті...»

(Абай, І том, 240-бет)

 

деген Абайдың төрт жол өлеңін алсақ, соңғы үш жолында «дай,
тай» жұрнақтары қысқартылып, олардың беретін мәні «пілдей» деген сөздегі «дей»
жұрнағына бағындырылған. Соңғы өлеңдердегі «дей, тай» жұрнақтары айтылмаса да,
теңеулік мағына беріп тұр. Сондықтан бірнеше жұрнақты қысқартып, алғашқы
жолында бір-ақ жұрнақты қалдырған.

Сонымен поэтик тілдің бұл түрі жөнінде үлкен өзгеріс жасап,
пәлендей жаңалық кіргізбесе де, аз да болса, Абайдың өзіндік ерекшелігі барлығын
аңғаруға да, тануға болады. Сол қатарластыру арқылы адамның басындағы сезім дүниесін
суреттеу психологиялық параллелизм әдісі болатын. Бұл ауыз әдебиетінде әбден
бекіп, тұрақталған әдіс еді.