ВЕРНУТЬСЯ

    Біз бұл тарауға шейін «Абайдың өмірбаянын», «Ол туралы
негізгі ғылыми еңбектерді», «Көркем тілдің қазақ өміріндегі мәнін», фольклор,
ХІҮ-ХІХ ғасырдағы Абайға шейінгі әдебиет пен «Абай тілдерінің әртүрлі
салаларын» сөз қылып, шолулар жасадық. 

            Біз «Абай
тілдерінің әртүрлі салалары» деген тарауда Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін қоса
алдық. Бірақ «Шет тіл» деген бөлімшеден басқа, кейінгі тарауларда Абайдың тек өлеңмен
жазылған шығармаларының ғана тілдері талданады. Өйткені Абайдың қара сөздері -
публицистика. Сондықтан ол басқаша зерттеу әдісін керек етеді. Демек, ол -
кейбір мәселелермен байланысты атүсті ғана айтылмаса, негізінде басы ашық, өз
алдына жеке мәселе. Сондықтан біз Абай өлеңдеріндегі өз мағынасында қолданылатын
сөздерге тоқталамыз.

            а) АРХАИЗМ.
Абайды өз алдындағы Бұхар, Дулат, Махамбет сықылды ақындармен салыстырсақ,
архаизмдер Абай өлеңдерінде өте аз. Абайдан жүз жыл, елу-алпыс жыл әдебиет
майданына бұрын шығып, бұрын өмір сүрген ақындардың өлеңдерінде архаизм көбірек
кездесуі түсінікті де. Бірақ Абайды өзі замандас ақындарымен салыстырғанда да
оның өлеңдерінде архаизм анағұрлым аз кездеседі. Мұның негізгі себебі - ақынның
жаңалықты көксеген, прогресшіл ақын болғандығы. Абай өлеңдеріндегі архаизм
дегендеріміздің өзі де бүгінгі күннің мұнарасынан қарағанда болмаса, ол өмір сүрген
кезде көпшілігі әлі архаизм дәрежесіне жетпеген сөздер деп айтуға болады.

 

«Ойланып ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап кигенім - шидем, шекпен,

Жейде, дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ, матамен әдіптеткен».

«Үлкен кісе белімде жез салдырған,

Шақпағым, дәндәкуім жарқ-жұрқ етіп,

Күлпара бастырған пұшық тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ».

«Жарғақ жастық, көпшігім жезді пыстан...»

(Абай, І том, 166-бет)

 

            «Шидем
шекпен», «Ақсаң», «Жарғақ шалбарым», «Пұшпақ тымақ», «Жезді пыстандарды» ақын өзінен
жүз жыл бұрынғы нәрселер еді десе де, бұл сөздер ол кезде жұртқа әлі түсінікті,
қолданудан қалмаған сөздер болатын.

 

«Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,

Денемді қысып жатыр бүгін менің...»

(Абай, ІІ том, 95-бет)

 

«Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай,

Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай».

(Абай, І том, 111-бет)

 

«Қаз, тырна қатарланып, қайтса бермен,

Астында ақшомшы жүр ол бір керуен...»

(Абай, І том, 110-бет)

 

«Ашуланба, ей, патшам, айтайын дат,

Алтын қақпа бермеді бізге рұқсат...»

(Абай, І том, 258-бет)

 

«Табысына табынып, қалтаң қағып,

Тойғанынан қалғанын берсе алашқа...»

(Абай, І том, 181-бет)

 

«Мыс былқылдап еріген кезінде шал,

Шөншіктен ұсақ қара алды қырып...»

(Абай, І том, 261-бет)

 

«Алтынын алып берді қолындағы:

Сарапқа сал бардағы шаһарыңдағы...»

(Абай, І том, 261-бет)

 

«Қақпаны ашайын деп хан ұмтылды,

Тұтқасын олай-бұлай қатты жұлды...»

(Абай, І том, 256-бет)

 

«Ақыл мен хаос барлығын,

Білмей дұр, жүрек сезе дұр».

(Абай, І том, 196-бет)

 

«Кейбірі пірге қол берген,

Іші залым, сырты абыз.

 

 

Кейбірі хажыға барып жүр,

Болмаса да хаж парыз».

(Абай, І том, 140-бет)

 

«Шалма ораған сопының,

Ішін арам демеймін».

(Абай, І том, 150-бет)

 

«Баланың бар киімін шешіп алды,

Жүз қамшы арқасына дүре салды...»

(Абай, І том, 264-бет)

 

            Біз бұл
жерде қазақтың өз сөзі деген сөздермен, бірен-саран басқа тілдерден кірсе де, әбден
төл бала, қазақтың «өз сөзі болып» кеткен сөздерді ғана алдық.

            Мысалы:
«Абыз, парыз, сопы (сұпы), пір, хажы» деген - тегі шет тіл, парсы, араб сөздері
болғанмен, бір кезде қазақтың бәрі білетін, «төл бала» болып кеткен сөздер.
Сондықтан оларды да қазақтың өз сөздерінің қатарында архаизмге кіргізіп
отырмыз. Абай өлеңдерінде: «Дат, дулыға, сауыт, шақпақ, дәндеку, ақ шомшы, шөншік»
тәрізді ғана сөздер болмаса, үзінді келтіріп отырған өлеңдердегі «шалма, дүре,
дұр» деген сөздер де Абай өмір сүрген кезде архаизм емес, тек қазір ғана оларды
архаизм деуге болады.

            б) ДИАЛЕКТ.
Абай өлеңдерінде архаизмнен гөрі де аз кездесетін сөздер - диалект. Диалектінің
Абайда екі-ақ түрі бар. Бірінші - қазақтың кейбір өлеңдерінде ғана айтылатын
жеке сөздер:

 

Жейде, дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ, матамен әдіптеткен...»

(Абай, І том, 166-бет)

 

«Сабыр мен талап беріпті,

Ақылың, рақымың қиын-ды...»

(Абай, І том, 244-бет)

 

«Қолынан ұстап алып, ертіп барып,

Далада бір бұзылған тамға апарды».

(Абай, І том, 250-бет)

 

«Мен-дағы жүрген жоқпын малдан күсеп,

Айттым, балам, басыңа мейірім түсіп...»

(Абай, І том, 260-бет)

 

«Ер Әзім тәуекел қып жаннан күсіп,

Арқаннан ұстады да, кетті түсіп...»

(Абай, І том, 269-бет)

 

            Бұл үзінділердегі
«жейде», «қиын», «там», «күсіп» деген сөздер - диалект. Өйткені Орал (Батыс Қазақстан),
Ақтөбе, Гурьев облыстарында қолданылмайды. «Қиын» - бір ұғымда, Қазақстанның
барлық түкпіріне түсінікті сөз. Оңай қолға түспейтін, көп әрекетті керек ететін
бір нәрсені «қиын» деп атайды. Орал, Астрахан, Ақтөбе, Орынбор, Гурьев қазақтары
тек осы ұғымда ғана түсінеді. Басқа еш мағына бермейді. Ал осы сөз Оңтүстік,
Жетісу қазақтарында жағымды ұғымда қолданылады, «Мынау қиын кісі екен» дейді.
Екінші сөзбен айтқанда, «Білгіш, ақылды адам екен» деген мағынада. Абайдың «Ақылың,
рақымың қиын-ды» дегені де дәл жоғарғы айтылған тәрізді ақылың көп, рақымың мол
деген ұғымда қолданылып отыр.

            «Там» деп
Орал, Ақтөбе, Гурьев, Орынбор қазақтары моланы айтады. Арқа, Оңтүстік, Жетісу қазақтары
қыстауды, жер үйді, тастан, балшықтан салған землянканы айтады. «Далада бір бұзылған
тамға апарды» дегенде, «тамды» Абай да осы қыстау, землянка деген мағынада қолданған.

            Абай өлеңдеріндегі
диалектінің екінші түрі - қысқартынды сөздер. Бұл - көбінесе өзбек елдерімен қанаттас,
көршілес елдерге тән нәрсе. Мұның бір себебі өзбек тілінің әсері тәрізді. Өзбек
халқының тілінде кейбір етістіктерді қысқартып айту (алып-ап, келіп-кеп,
болып-боп, болыпты-бопты) заң болып бекіген құбылыс десек, Оңтүстік қазақтарының
тілінде бұл заңға айналған құбылыс деп айтуға болады. Бұл өлкеде кеп, боп, ап
деп сөйлемейтін қазақты кездестіру қиын. Оңтүстік қазақтарының өзбек халқымен
сыбайлас отыруы - сөздік, сөйлемдеріне де үлкен әсер еткендігі әрдайым анық байқалады.

            Қысқартылып
айтылатын сөздердің екінші түрі Абай өлеңдерінде де аз-мұз кездеседі.

 

«Ала жаздай байың кеп бір жатпайды,

Қазақтың не қыласың шариғатын».

(Абай, І том, 114-бет)

 

«Бірлікті шайқайды,

Араз боп өнбеске».

(Абай, І том, 153-бет)

 

«Өңкей уды жиып ап,

Себеді сорлы жүрекке...»

(Абай, І том, 172-бет)

            Диалектінің
бұл түрі ескі ауыз әдебиетінде де, Абайға дейінгі аты мәлім ақындардың өлең-жырларында
да кездеседі. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал». Бірақ өте аз. Әдеби нұсқалардың
көпшілігінде «ап-алып, кеп-келіп, боп-болып» сықылды толық формасында қолданылады.

 

«Көк айыл болып көпірсе,

Алты басып аттауға,

Айшылықты ойлаған» (20).

 

            Мұнда
«болып» дегеннің орнына «боп» дегеннен сөйлемнің мағынасы да, өлеңнің ырғағы да
өзгермес еді, бірақ «болып» деп толық түрінде алынады.

            Жоғарғы
келтірілген мысалдар тәрізді, кейбір етістіктерді қысқартып айту қазақ өлеңдерінде
көп кездесушілік Абайдан бергі әдебиеттерімізде қанатын кең жая бастады. Қазір
бұл дағдыға айналып отыр.

            Бұл тәрізді
сөздің буынын қысқартудың екінші себебі, өлең тармақтарындағы буындарды үнемдеу,
кейбір бунақтың тармақта буыны асып кететін болғандықтан, бір буынын қысқарту, сөзді
ықшамдап қолдану арқылы өлеңді жанды, жинақы ету тілегінен туған деп айтуға
болады. Алайда кездесетін қысқартынды сөздер осы айтылған өлеңдердегі сөздердің
буын санын ықшамдаумен байланысты. Бірақ Семей облысының қазақтары жай сөйлегенде
«болып» дегеннің орнына «боп», «алып» дегеннің орнына «ап» деп еш уақытта да
айтпайды. Демек, бұл тек қана өлеңдерде кездеседі.

            в) ШЕТ СӨЗ.
Қазақтың ауыз әдебиеті, оның негізінде өскен ХІХ ғасырдың екінші жарымына
дейінгі қазақтың көркем әдебиеті өзінің байырғы ұлттық қалпын да, тілін де басқа
елдердің әдебиет, тіл ықпалдарынан, негізінде, таза сақтап келді.

            Қазақ
даласына ислам діні бұл кезден бірнеше ғасырлар бұрын тарап, недәуір өріс алса
да, қазақтың фольклоры мен ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жарымындағы әдебиетіне және
тіліне әсер ете алған жоқ. Қазақ тілін зерттеуші Радлов, Ғ.Саади тәрізді оқымыстылар
да бұл жөнінде осы қорытындыға келген.

            Радлов
былай дейді: «Ислам дініне сырттай иланудың нәтижесінде қырғыз (қазақ) тілі
исламның іріткіш ықпалынан аман сақталып, өзінің бастапқы таза түріктік
сипатында қалды. Оған кейбір жат элементтердің кіруі рас, бірақ олар Мұхамбет
дініндегі басқа түрік елдеріндегідей дербестігін сақтай алмай, қазақ тілінің
дыбыс заңдарына бағынып, сол халықтың өз сөздігіне айналып кеткен...» (21).

            Ғ.Саади: «Қазірде
ең таза, ең бай, ең табиғи және бұзылмай, бұрынғы қалпында сақталынып қалған
бір тіл болса, ол да қазақ тілі және қазақ әдебиеті, шын ғылым намы үшін біз мұны
ашық айтуымыз керек», - деді (22).

            Әрине бұл
айтылғандардан Абайдан бұрынғы әдебиетте шет сөздер мүлдем болған жоқ деген ұғым
тумайды. Біз үзінді келтіріп отырған ғылымпаздар да, біз де осы пікірден аулақпыз.
Бірақ қазақпен тілі тамырлас басқа елдерді алсақ, қазақ тілі мен ХІХ ғасырдың
бірінші жарымындағы әдебиеті өзінің негізіндегі тазалығымен ерекше орын алады.

            Дегенмен де
Ислам дінін қабылдаған елдердің қайсысы да болсын, араб, парсы тілдері бірінде
аз, екіншісінде көп, әйтеуір із қалдырғаны сөзсіз. Қазақ елінің ауыз әдебиеті,
ХІХ ғасырдың алғашқы жарымындағы әдебиетін басқа түрік елдерімен салыстырғанда,
анағұрлым таза, анағұрлым өзінің ұлттық тұлғасын берік сақтады десек те, кейбір
араб, парсы сөздері тіпті әріректегі ауыз әдебиет нұсқаларынан да бірен-саран
кездеседі.

            Кейбір
арабистер (Н.Сәбитов) қазақтың көп сөздерін араб, парсыдан алынған деп жүр,
мысалы, «мал, бала, кемпір», т.б. Бұл тәрізді қазақтың өз сөзі болып кеткен
(егер сол дұрыс болса, өйткені «мал» деген сөз моңғол тілінде де бар, мүмкін
араб тіліне моңғол тілінен кіруі де) сөздерде немесе жырларда кездесетін:

 

«Көз түскен бенденің,

Жүрегі оттай күйеді» (23).

«Бейіштен шыққан шам-шырақ,

Көзі жайнап, жанып тұр» (24), -

 

деген сықылды сөздерді алмағанда, ауыз әдебиетінің әріден
келе жатқан түрлерінде де кейбір араб, парсы сөздері кездеседі.

            Мысалы,
«Жылан арбау» тәрізді салт өлеңінің бір жерінде: «Мары, мары, мары жылан,
Бызыри бір жылан» дейді. Мұндағы «мары» - парсыша «жылан» деген сөз.

            Егер алдыңғы
айтылған «мал, бал» деген сөздер араб, парсы тілінен кірді дегеннің өзінде де, қазақтың
өз сөзі болып кеткен сөз, ал жырларда кездесетін «бенде, бейіш» деген сөздер
жинап бастырушылардың кейінгі кезде қоспасы болуы мүмкін десек, соңғы айтылған
«Мары, мары, мары жылан» әдебиет нұсқаларында кездесуі ел аузында әріден сақталынып
келе жатқан кейбір араб, парсы сөздердің әріден-ақ кіре бастағанын аңғартады.
Бірақ мұндай сөздер қазақ ауыз әдебиетінде мейлінше аз.

            Ауыз әдебиеті
сықылды, ХҮІІІ ғасырдың екінші жарымындағы Бұхар, Жанкісі сықылды жырауларды,
ХІХ ғасырдың бірінші жарымындағы тарихи әдебиетіміздің өкілдері Махамбет,
Шернияз сықылды халық ақындарын алсақ, шет сөздер не жоқ, не жоқтың қасы. Жоғарғы
айтылған қазақтың өз сөзі болып кеткен сөздерді еске алмағанда, Махамбет ақынның
мың жол өлеңінде «Сират», «Машурат», «Қалам» деген сықылды екі-үш-ақ сөз қолданылады
екен. Бұл жалғыз Махамбетке ғана тән емес, жоғарғы аты аталған оның тұстас ақындарының
бәріне де тән.

            Демек, ХІХ ғасырдың
бірінші жарымындағы әдебиетіміз шет елдің әдебиетінің, тілдерінің ықпалынан
негізінде «таза» деуімізге осы фактінің өзі-ақ дәлел бола алатын тәрізді.

            Қазақ
даласына Ислам дінінің қанатын кең жайып, ықпалының күшейе бастауы, әсіресе ХІХ
ғасырдың екінші жарымы. Патша өкіметі тарапынан қырға татар молдалары келіп,
дін үйрету, мешіт ұстау, бала оқытулар ХІХ ғасырдың бірінші жарымының 1834-1835
жылдарынан басталады. Жәңгір Бөкеев (Бөкей ордасына) қазіргі Батыс Қазақстан
Орда ауданына бірінші мешітті 1834 жылы салдырды. Бірақ ол кезде мешіттің жұртты
өзіне тартуы өте нашар болған. Жәңгір хан жәрмеңкесіне келген қазақтарды
жасауылмен кудырып әкеліп, намазға ұйдырған да күндер болыпты. Бұл мешіт пен
молданың ықпалының қандай болғанын айқын көрсететін тарихи фактінің бірі десек,
ХІХ ғасырдың екінші жарымында мешіттің де, діннің де, молданың де беделдері
артып, ықпалын күшейте бастады. Абайдың ересек болған кезі қазіргі Қазақстанның
көп жерінде дін жұмысы гулеп, өзінің дәуірлеген кезі болды.

            Бұл әдебиетке
де әсерін тигізді. Шағатайшылау, араб, парсы сөздерін өлеңдерінде көп қолдану,
хат білгендер ғана емес, хат білмеген ақындарда да жиі кездесе бастады. Мектеп,
медреседе оқығандар, хат білгендер шағатай, араб, парсы сөздерін неғұрлым көп қолданса,
өлең тілі неғұрлым шұбарлана түссе, солғұрлым өзінің оқымысты, мәдениетті, басқадан
артықшылығын көрсететіндей білді. Қысқасы, Абай кезіндегі хат білген де,
белмегендер де араб, парсы сөздерін өз шығармаларына көбірек кіргізуге тырысты.
Ақындардың бұл аңсау, армандарын Нұржан Наушабаев өте дұрыс айтқан:

 

«Парсы, ғараб ұлғатпен келтірер ем,

Ғалімдік дариясынан ішсем қанып.

Көңілге келген істі нұсқалайын,

Жоқ алтынды қазайын қайдан тауып», (25) -

 

деп өзінің араб, парсы сөздерін аз білгеніне қатты қынжылады.
Бұл жалғыз Нұржан емес, сол кездегі көп ақындардың бәрінің арманы болатын.

            Шет тілдің қазақ
еліне көп тарауына екінші үлкен себеп болған нәрсе - осы кездегі шағатай, түрік,
татар тілдеріндегі басылып шыққан кітаптар еді.

            Қазақ
баспасында 1801 жылдардан бергі кітаптардың негізгі көпшілігі шағатай, түрік
тілдерінде басыла бастады. «Ахуал, Шыңғыс хан және Ақсақ Темір» (1819ж.),
«Шежіре түркі» (1825ж.), «Ақырзаман кітабы» (1857ж.), «Бақырған» (1857ж.),
«Бабырнама» (1857ж.) шықты. Бұл кітаптардың қайсысы болсын хат танығандарға бүтіндей,
танымайтындарға жартылай тілі түсінікті кітаптар болатын.

 

Арабша

 

«Көрдің қадір құдыретін,

Білсін даю сұңғатын,

Мұстапаның үммәтін,

Мұндағы ташырық қылдия» (27).

 

Арабша

 

Әрине бұл кітаптардың тілдері таза қазақша болмаса да, қазаққа
түсініксіз сөздері аз. Ақындардың оларға еліктеуі, баспаға шыққан өлең-жыр, әңгімелерше
сөз құрап, сөйлем құрауы таңданарлық нәрсе емес.

            Нұржанның:

 

«Нәсілім изгу оқыса аят,

Сауат нұр қабырғамнан енсін емді», (29) -

 

дегені тәрізді өлеңнің аяққы жолын «емді, енді» деп
бітірушілік те осы кітаптардың, «Юсуп-Злиханың» әсері болатын.

            Дін
мектебінде түркі танып, өз бетімен оқи алатын дәрежеге жеткесін оқу құралы
ретінде оқылатын араб, парсы тілдерінде жүретін «Қырық қадыс», «Шүрүтсала»,
«Фиккайдани», «Тұқпа», «Мұқтасар» атты діни кітаптар да ол кездегі оқушы, кітап
танушылардың сөз, сөйлемдеріне араб, парсы сөздерінің енулеріне өте қолайлы жағдайлардың
бірі болды. Бұл кездегі дін мәселесінің жалпы дәуірлеп, қанатын кең жаюы, дін
иелерінің дінді қанау құралы етуі, бәрі жинала келіп, қазақ даласында дін, дін ғұрыптары,
сонымен қатар араб, парсы сөздерінің қанатын кең жайып, тамырлана бастауына
себеп болды.

            ХІХ ғасырдың
екінші жарымында өмір сүрген ақындардың, жазушылардың кейбір хат, кейбір өлеңдері
жай адам түсіне алмайтын халге жетті.

            Абаймен
замандас ақындардың сол кезде жазған хат, шыққан өлеңдерінен бірнеше мысал
келтірелік. Қызылжар қаласында тұрған бір жазушы ақын Нұржанға:

 

Арабша

 

«Қазанда бір фазил шықты алмас болып,

Хасталары көбейді ғам хас болып».

 

Арабша

 

Мағани жәуәрім қолға ілген,

Халайық теңізінде ғауас болып» (33).

«Қолға алдым хат жазуға қалам, сия,

Саруи зат мұхтан шаһи гүл насия.

Шараптың шашыраған жәуһәріндей,

Көңілімнің запарына салдық ұя.

Кәстерен секілденген бәнде мақбуп,

Бәндені бұрам деген кәні зия» (34).

«Адамның екі көзі көрер ғайни,

Самиғон ғала ра-аси иәл үзнәйни,

Сіздерге махаббатым барлығына,

Ташаһйон екі инімде мәләкейни» (35).

 

            Бұл
келтірілген үзінділер Абайдың мәдениет тарихи майданына шыққан кезінде қазақ
тілінің араб, парсы сөздерімен әдбен шұбарланып, кейбір ақындардың өлеңдері өзінің
ана тілінен мүлде алыстап кеткенін көрсетеді. Халыққа түсініктілігі жағынан бұл
өлеңді шығарушылар қазақ бола тұрса да, «Жамғаләл тарих», «Тарих балғария»
тілдерінен анағұрлым түсініксіз.

            Абай
кезінде шағатайшылау, парсышылаудың үстіне және татаршылау (татаризм) келіп қосылды.

            Ислам
дінінің шығыстағы күшті ордасының бірі болған Қазан шаһары қазаққа тарайтын әртүрлі
кітаптардың басылып шығатын баспа орны болып, бастырушылардың татар молдалары
болуы және олардың өздерінің араб, парсы тілдеріне қатты еліктеулері татар
тілін мейлінше шұбарлауға әкеліп тіресе, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы қазақ
ақындарының бірқатары араб, парсы, шағатайшының үстіне және татаршылауды әдетке
айналдырды.

            Мысал үшін
1895 жылы Қазанда басылып шыққан «Қысса әдеблі баланы» алалық. Бұл кітапты
жазушы жақшаның ішіне қазақ тілінде деген.

 

Арабша

 

            Бұл кітаптың
идеялық мазмұнын атақты тюрколог, СССР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті
проф. С.Е.Малов екі-ақ ауыз сөзбен айтып берді: «Дін және діни мораль - барлығының
мазмұны осы ғана». Сондықтан ол жағына тоқталудың да қажеті аз.

            Сөйтіп шағатай
сөз құрылысы, араб, парсы, татар тілі, қысқасы, әр алуан тіл, сөз, сөйлемдермен
қазақтың әдеби тілі шұбарланып, бұл салтқа айнала бастаған кезде Абай әдебиет
майданына шығып, қазақ тілін бұзушыларға қарсы күрес ашты. Ана тілін аса қадірлеп,
таза сақтауға күш салды. Тіл тазалығы жөнінде де ұлы ақынның орны ерекше. Сондықтан
бұл мәселе өлеңдеріндегі шет тілге ерекше тоқталуды керек етеді.

            Біз «Абай сөздіктерінің
әртүрлі салалары» деген бөлімімізде Абайдың қара сөздері мен өлеңдеріндегі қолданылатын
араб, парсы сөздерінің жалпы саны 374, соның 162-сі өлеңдерінде кездеседі
дедік.

            Бұл Абай тәрізді
араб, парсы, шағатай әдебиет де, діни оқуын да көп білген, ислам дінінің қазақ
даласында дәуірлеген кезінде жиырма жыл өлең-шығармалар жазған ақынға көп деуге
болмайды. Шет сөздер, әсіресе өлеңдерінде аз кездеседі. Жоғарғы үзінді
келтірген ақындардың сөздіктерімен салыстырғанда, Абайдың өлеңдеріндегі араб,
парсы сөздері жоқтың қасы деуге болады.

            Сол дәуірді
алғанда, Абай өлеңдерінде шет сөз мүлде кездеспей, тап-таза қазақша неге
болмайды десек, қателескен болар едік. Өйткені тілдің жалпы даму заңы мұны көтермейді,
ол - бір. Екінші, ол дәуірде кейбір шет сөздің кірігуі табиғи заңды еді. Міне,
осылай қарасақ қана Абайдың шет тілдерді қолдану мәселелерін дұрыс түсінуге болады.

            Абай шағатай,
араб, парсы тілдеріндегі әдебиет нұсқаларымен 13-14 жастарында танысты. Араб,
парсы сөздері көп кездесетін өлеңдері де осы шағатай әдебиетіне еліктеп жүрген
кезіндегі өлеңдері.

            Болашағы
зор, талантты ақын өзінің жастығына қарамай, шығыстың сұлу лирикалы поэзиясына
еліктеп, «Навои, Сағди, Фирдоуси», «Юзі раушан, көзі гауһар» атты жұртқа мәлім өлеңін
жазды.

            Бұл өлеңдерінің
екеуі де шын мәнінде шағатай әдебиетіне еліктеген өлеңдер. Өлеңнің өлшеуі де, ұйқасы
да өзінің үлгі еткен шығыс ақындарының түрлеріне дәл келеді.

 

«Юзі раушан, көзі гауһар,

Лағылдек бет үші эхмәр,

Тамағы қардан һәм біһтар,

Қашың құдрет, қолы шигә».

(Абай, І том, 32-бет)

 

            Әр жолының
екі бунақ, 8 буынды болып, ұйқасы (а, а, а, в, а, а, а, в) болып отыруы - шығыс
әдебиетінде көп кездесетін ұйқасты айнытпай қолдану емес пе? Әңгіме тек бұл ұйқасы
мен ырғағында емес, осы төрт жолдың өзінде толып жатқан араб, парсы сөздерін қолдануымен
және «Юзі раушан, көзі гауһар», «лағылдек бет» тәрізді метафораларды қолдануында
көп сыр жатыр. Бұл бір жағынан Абайдың тек қана еліктеуші, шығыс әдебиетіне әлі
сын көзімен қарай алмай, өз халқының әдебиет тарихындағы өз міндетін әлі ашық түсіне
алмаған жас екенін көрсетсе, екіншіден, шығыс әдебиетіндегі көп қолданылып, өзінің
көркемдік қасиетін жоғалтпаса да, дағдыға айналған теңеу, эпитеттерді жаңалық
біліп, құшағын аша түсуі де Абайдың шығыс әдебиетін әлі меңгеріп жетпегендігін
көрсететін еді.

            «Әлиф» деп
ай юзіңе ғибрат еттім» өлеңін жоғарғы айтылған екі өлеңнен алты жыл кейін
(1864ж.) жазды.

            Бұл өлең
білім жағынан болсын, шығыс әдебиетін меңгеруі, тануы жағынан болсын, қазақтың өз
әдебиетіне бейімделуі жағынан болсын, Абайдың жасаған үлкен адымы болатын. «Әлиф-би»
өлеңі алдындағы екі өлеңнен арабша-парсыша сөз қолдану жағынан еш айырмасы болмаса
да, ырғақ, ұйқасы жағынан мүлде өзгеше. Алдыңғы ғаруз өлшеуімен жазылса, соңғы
«Әлиф-би» өлеңі - бас бунағы 4 буын, ортасы 3 буын, аяққы бунағы 4 буын болып
келетін қазақтың қара өлеңінің бір түрі.

 

                                        4                      3                 4

//Әлиф деп ай //юзіңе //ғибрат еттім// - а

               4                      3                     4

//Бә, бәлейі // дүәртіңа //нисфат еттім// - а

              4                               3                      4

//Ти, тілімнен //шығарып // түрлі әбият// - в

                 4                   3                    4

//Си, сәнәи //мәдхіңе //хұрмет еттім//,

(Абай, І том, 34-бет) -

 

ұйқасы да (а, а, в, а) болып келетін қазақтың қара өлеңінің ұйқасы.
Абайдың бұл өлеңді шығарудағы үлкен адымы және тек құрылысы мен ұйқасында емес,
сонымен қатар сол кездегі шағатай әдебиетіне енді жалаң еліктеп қоймай, олардың
өздерімен тайталасып, жарысқа түсуі, түр кестеулерін сол ақындардың өзінен де
асырам деген алдына үлкен тілек қоюында.

            Шағатай
поэзиясы, әсіресе ғазалдарында әріпті суреттеу құралы етіп, бір нәрсені әріппен
бейнелеу - әріден келе жатқан әдіс. Абайдың «сиынған» ақындарының қайсысынан
болсын мұны табуға болатын.

 

«Қанзадаға айтты ол: «Ғылым сүй» деп,

Ғылымның негізі сол: «Алиф-би» деп.

«Әлиф-алам» өзінше ұқты Фархад,

«Би» - «бола» талдау болмас, содан артық» -

«Қайғы оның тал бойын билеп, сүйіп,

Алмақ болды: «Әлифті» - далша иіп...» (38)

 

            Ә.Навои әр әріпті
қыздың бір мүшесіне балап, сол арқылы өзінің ішкі сезім дүниесін бермекші
болса, Абай «Әлиф-биінде» дыбыс қайталау, әуезділік жағына қатты көңіл бөледі.
«А»-дан бастап, «Әлиф-ай юзің», «Би - бәләйі», «Ті - тіліңнен», «Си - сәнәйі»
дегені тәрізді бәрін осы ізден шығарады. Навои кейбір әріптерді ғана алса, Абай
араб алфавитіндегі барлық әріптерді алып, түгел өлең қылып шыққан. Жоғарғы
айтылған бұл өлеңді жазған кезінде Абай шығыстың классиктерінің шығармаларын меңгеріп,
олармен жарысқа түсті деуіміздің бір себебі - осы.

            Абай өлеңдерін
зерттеуші кейбір жолдастар шығыс әдебиетінің әсері дегенде, өлең құрылысы жағынан
көбіне келтіретін бір мысалы:

 

«Сенсің жан ләззәті,

Сенсің тән шәрбәті», -

 

дейтін өлеңі. Шынында бұл 
дұрыс емес. Өйткені бұл не ғаруз өлшеуі, не (а, а, а, в, а, а, а, в) ұйқасы
емес, қазақтың буын санына негізделген алты буынды қара өлең ұйқасы (а, а, в,
а). Сондықтан араб тілінен қолданылған «ләззәті», «шәрбәті» деген сөздер - ол өлең
құрылысына дәлел емес, оны тек сөздігі жағынан ғана алып қарауымыз керек. Кейде
бұл сөздерді шығыс әдебиетінің өлең құрылысы етіп қараушы жолдастар «ләззәті»,
«шәрбәті» деген сөздердің аяққы дыбыстарын өзгертіп, «ләззәти, шәрбәти» деп
жазып жүр, оның аты - ақынға өз пікірін жапсыру.

            Бізше, шағатай
әдебиетіне еліктеудің ең соңғы кезеңі деп Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» деген
өлеңін айтуға болады. Мұның алдыңғы төрт жолы қара өлең ұйқасымен келеді де,
сонан кейінгі шумақтары «Бақырғани», «Бәдәуәм» түрлерінше (а, а, а, в, а, а, а,
в) болып кетеді.

 

«Айтшы, айтшылап жалынар,

Ұққыш жансып шабынар,

Ұқпай жатып жылағыр,

Ұйқылы-ояу бойкүйез».

«Жас баладай жеңсік қой,

Байлаулы емес ақыл, ой,

Ойлағаны айт пен той,

Ыржаң-қалжаң ит мінез».

(Абай, І том, 94-бет)

 

            Бұл -
Абайдың шығыс әдебиетіне еліктеу сатысының бетін ашуда өте құнды, өте керекті өлеңінің
бірі. Өйткені біз үзінді келтірген Абайдың алғашқы екі өлеңі оның әлі бала
кезінде шағатай әдебиетіне түгелдей беріліп еліктеудің өзін үлкен дәреже біліп
жүрген кезін көрсетсе, «Әлиф-би» өлеңі шағатай әдебиетімен жақсы танысып, өзін
солармен тең санап, түр жағынан өнер таластыру кезін аңғартса, мына «Білімдіден
шыққан сөз» тілі жағынан болсын, құрылысы жағынан болсын, шағатай әдебиетінің үлгілерін
өз дегеніне әбден көндіріп алған кезі екенін көрсетеді. Бұл кез Абайдың орыс мәдениетімен
жақсы танысқан және көп ақындардың қазақ тілін шұбарлап бара жатқандарын ұққан
кезі болатын. Сондықтан «Бақырғанидың» ұйқасын алса да, арабша, не парсыша бір
сөз қоспауы кездейсоқ емес, шығыстың керегін алып, керексіз дегендерін шет қақпай
қыла бастағанын аңғартады.

            Абайдың жас
кезіндегі жоғарғы айтылған екі-үш өлеңі болмаса, басқа өлеңдерінде кездесетін
араб, парсы сөздері үш түрлі деп айтуға болады.

            Бірінші -
шығу тегі араб, парсы тілі болса да, қазаққа әбден сіңіп, қолбала болып кеткен
сөздер.

 

 «Алла» деген сөз жеңіл,

Аллаға ауыз жол емес!»

«Ынталы жүрек, шын көңіл,

Өзгесі хаққа қол емес».

(Абай, І том, 196-бет)

 

«Ұмытқаның жарамас

Жаратушы құдайды».

«Халық билеген патшалар

Уақыты жетсе құлайды».

(Абай, І том, 241-бет)

 

«Жаралы көңіл жазылар,

Дүниеде рақат бар шығар», т.б.

(Абай, І том, 150-бет)

 

            Бұл үзінділердегі
«алла, хақ, халық, уақыт, құдай, рахат» деген тәрізді сөздердің тегі шет тіл
болса да, Абай дәуірінде қазақтың өз сөзі болып кеткен сөздер еді.

            Екінші түрі
әр алуан термин, атау сөздер болатын.

 

«Сол Масғұт Халифаға уәзір бопты,

Тарқатыпты алдынан көп пен топты».

(Абай, І том, 252-бет)

 

«Аят, хадис емес қой,

Күпір болдың демек қой».

(Абай, І том, 62-бет)

 

«Әмәнту оқымаған кісі бар ма,

Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма».

(Абай, І том, 226-бет)

 

 

«Ақыл мен хаос барлығын,

Білмей дұр, жүрек сезе дұр.

Мүтәкәлимін, мантиқын

Бекер босқа езе дұр».

(Абай, І том, 196-бет)

 

            Абайдың
араб, парсы сөздерін бұл екі түрлі жолмен қолдануының екеуі де заңды. Өйткені
тілдің тазалығы үшін күрес - шет елдерден мүлде сөз алмау емес, керексіз сөзді
алмау, өз тілін орынсыз шұбарлауға қарсы күрес. Абай оны дұрыс ұға да, түсіне
де білді. Сондықтан ол қазақтың бәріне түсінікті, бұрын шет тілден келсе де,
халықтың өз сөзі, ана тіліндей болып кеткен сөздерді сол қалпы қолданады. Сонымен
қатар ол кезде жалпы шығыс еліне тараған Ислам дінімен байланысты әртүрлі діни,
философиялық ағымдарды да, сол өз терминдері мен атауын да орынсыз деп айта
аламыз ба? Әрине, жоқ. Неге десеңіз, бір жағынан ол сөздердің мәнін түгел
берерлік қазақта сөз жоқ, екіншіден, «әмәнтү», «аят», «хадис» тәрізді діни сөздерді
қалай қазақшалауға болар еді және оның керегі қанша?

            «Мүтәкәллімін,
мантиқинын» (дінді дәлелдеушілер және логикашылар) деп атанған білгілі ағымдарды
өз терминімен атауды заңды емес деп кім айта алады?

            Үшінші түрі
- мысқыл, кекесін үшін әдейі қолданылатын кейбір араб, парсы сөздері.

 

«Әуелі аят, хадис сөздің басы,

Қосарлы бәитсымал келді арасы», (Абай, І том, 78-бет) -

 

деп, аят, хадиспен бастап, «бәит» емес, «бәитсымал»-мен аяқтайтын,
орынсыз тілді шұбарлап, «қисынды», тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін өлең жаза
алмай, «Бөтен сөзбен сөз арасын былғайтын» ақындарды мысқылдап шенейді.

 

«Еннатайна кәлкаусар,

Пошел дереу күнәкәр», (Абай, І том, 36-бет) -

 

деген араб сөздерін орыс сөздерімен қатар алып қолдануы да
сол мысқыл, шенеу үшін айтылған. Қай кезде, қай елде болсын сықақ ретінде шет
тілді қолданушылық болады. Әрине ол тіл шұбарлауға жатпайды. Ақынның айтайын
деген пікіріне қабысып жатқан сөздердің еш уақытта да артықшылығы жоқ. Бұл -
белгілі қағида. Сонымен қатар Абай өлеңдерінде көп кездесетін - әртүрлі қала,
кісі аттары.

 

 

«Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт...»

(Абай, І том, 249-бет)

 

«Фзули, Шәмси, Сайхали,

Навои, Сағди, Фирдоуси,

Хожа Хафиз бу һәммәси...»

(Абай, І том, 33-бет)

 

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен

Македони шаһары оған мекен.

Филипп патша баласы, ер көңілді,

Мақтан сүйген, қызғаншақ адам екен».

(Абай, І том, 254-бет)

 

«Аплатон (Платон), Сократ ақылды,

Қаһарман Ғали білекті.

Ескендір, Темір, Шыңғыстай,

Мұсылман да атақты».

(Абай, І том, 240-бет)

 

«Сол күнде Аристотель жеке дара...»

(Абай, І том, 257-бет)

 

«Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Тостой», -

(Абай, І том, 66-бет)

 

тағы басқа осылар тәрізді. Жай қарағанда, қазаққа таныс емес
көп адамның аттарын қолданушылық оның шет тілге әуестігін көрсететін сықылды.
Бірақ былай деп түсінсек, қателескен болар едік. Олар сықылды дүниежүзіне даңқы
жайылған, атышулы адамдарды өлеңдеріне кіргізу - Абайдың шетшілдігі емес, бір
жағынан көп оқып, көп білгендігін көрсетсе, екіншіден, жақсыларын кейінгі ұрпаққа
үлгі ету, кейбіреулерінің қантөккіш жауыздық істерінен қашыру деген мақсатты
алдына қойғандығын көрсетеді. Ал татар тілі, не татар баспасында басылып шыққан
қазақша кітаптар Абайға еш әсерін тигізе алған жоқ. Ол кездегі жазба әдебиеттің
өкілдері:

 

«Балалар ашап болғаш,

Уахытымен тамақ тойғаш,

Кітапларын қолына алғаш,

Оқыр сабақ яқшылап», -

 

деп бір жолында бірнеше татарша сөз, сөйлем кіргізіп жүрген
кезде, жиырма жылдық творчестволық өмірінде мысқылдау ретінде әдейі қолданған:

 

«Ең семізін ілейін,

Қызық қылып ашарға».

(Абай, І том, 124-бет)

 

«Есі шықпай мұнан да ішкен артық,

Қисыны жоқ қышқырған неткен тантық», -

(Абай, ІІ том, 128-бет)

 

деген тек екі-ақ сөздің болуы Абайдың татаршылдықтан іргесі
аулақ екенін айқын көрсетпей ме?! Сөйтіп Абай өлеңдерінде кездесетін араб,
парсы сөздерін үш топқа бөліп, бірі - қазақтың өз сөзі болып, «қолбала» болған
сөздер, екіншісі - діни ғылыми атау, термин мен қазақ тілінде ол ұғымды
берерлік сөз жоқтықтан қолданылған; үшіншісі - күлкі, сықақ үшін қолданылған сөздер.
Бұл ретте қолдануы дұрыс та, орынды да. Бұлай етіп қолдану - тілдің жалпы даму
заңына да, ана тілінің шұбарланбауына да қайшы келетін жері жоқ десек, Абай өлеңдерін
тіл жағынан негізінде тазалығын еріксіз мойындауға тура келеді. Өйткені ол
кезде қазақ тіліндегі кітаптардың екі сөзінің бірі арабша, парсыша, не шағатайша,
татарша болып, ақындар, жазушылар шығармаларына араб, парсы, шағатай, татар сөздерін
көбірек қосса, сонда ғана оның өлеңі өлең болады деген ұғымда жүргенде, Абай
дара шығып, шет сөзді орынды жерінде ғана қолданып, орынсыз шетшілдікті шенеп:

 

«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол - ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы», -

(Абай, І том, 78-бет)

 

деп жұртты тіл тазалығына шақырса, оны көрмей кетуге
болмайды. Ақмолда, Ақан сері, Нұржан, т.б. 40-50 жолынан жүздеген шет сөз
табылса, Абайдың 20 жыл жазған қара сөзінен не барлығы 300-400 ғана араб, парсы
сөздерінің кездесуі оның шет тілшілдігін көрсетпейді, керісінше, тіл тазалығы үшін
күрескендігін көрсетеді.

            Сонымен қатар
Абай - сол кездердегі ақын-оқымыстылардың қайсысынан болсын араб, парсы, жалпы
шығыс тілін көп білген адам.

 

«Парсы, ғараб ұлғатымен келтірер ем,

Ғалимдік дайрасынан ішсем қанып», -

деп, Нұржан өзінің парсы, арабқа шорқақтығын арман етсе,
Абай парсы мен арабтың лұғатын қалай қолданып, қалай пайдаланамын десе де қолынан
келетін еді. Бірақ Абай олай жасаған жоқ, бар күшін ана тілін таза сақтауға жұмсады.

            Ал Абайдың
сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі, орыс әдебиеті деп жоғарыда айтып өттік.
Бірақ Абай қанша «батысшыл», орыстың мәдениетін, әдебиетін қанша қатты сүйген ақын
десек те, орыс тілін орынсыз қолданып, өз тіліңді шұбарладың деп кінә таға
алмаймыз. Абайдың барлық өлеңінде елу-алпыс қана орыс сөздерінің кездесуі ол
тіл шұбарлау болып саналмайды. Олардың бірқатары терминдер, бірқатары сол
кездегі қазақтың әлеумет өміріндегі өзгерістермен байланысты кірген сөздер, ал
кейбіреулері - қазақша айтуға болмайтын сөздер.

            Ақынның
орыс тілінен қолданған сөздерінің негізгі принципі екі түрлі.

            Бірінші,
Абай орысша жеке сөздерді алады да, сол күйі қолданады, не оған қазақтың жалғау,
жұрнағын қосып, өзінің әуелгі мағынасының айналасында өлең сөйлемінің бір мүшесі
етіп қолданады:

 

«Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы».

(Абай, І том, 66-бет)

 

«Бұл іске кім виноват,

Я Семейдің қаласы».

(Абай, І том, 66-бет)

 

«Енна тайна кәлкаусар,

Пошел дереу күнәкәр».

(Абай, І том, 36-бет)

 

«Ұры, залым, законшік

Танып алды талайды...»

(Абай, І том, 90-бет)

 

«Жалтыратып орысың

Шенді шекпен таққанға».

(Абай, І том, 92-бет)

 

            Екінші түрі
- бір шумақ өлеңнің бір тармағы болып келетін және сол шумақтың мазмұнымен
байланысты сөз, сөйлемдер. Бұлар өте аз, үш-ақ жерде кезедеседі.

 

 

«Айтыңызшы, болсаңыз,

Здравомыслящий...»

«Ол да уездный емес қой».

(Абай, І том, 66-бет)

 

«Алуға теңдік, сенуге

Я өз бетіңмен тәуекел,

Занимайся прямотой...»

(Абай, І том, 67-бет)

 

«Сила притягательная однородного».

(Абай, ІІ том, 245-бет)

 

            Бірақ алдыңғы
жеке сөздіктер, не соңғы сөйлемді сол қалпында қолданушылықтар Абайдың орыс мәдениетімен
нық байланыстылығын көрсетуде нақтылы дерек бола алмайды. Жиырма жыл жазған, үзбей
оқып, орыс әдебиетін көп зерттеп, көп білуге тырысқан адамның барлық еңбегінде
небары елу шамалы орысша сөз кездесуі мейлінше аз.

            Бірақ,
бізше, Абайдың орыс әдебиетінен алған үлгісі оның еңбектерінің басқа жағында,
Абай - өзіне шейінгі ақындардың ешқайсысында болмаған жаңаша сөз, жаңаша сөйлем
құрылыстарын көп кіргізген ақын. Жеке сөз, жеке атаулары араб, парсы сөздерінен
көп қолданылса да, жаңаша сөз, сөйлемдердің үлгісін жасап, оны әдебиетке енгізу
жағын зерттесек, мұның терең тамыры араб, парсы да емес, орыс әдебиеті, орыс
тілінің негізінде жатқандығын көреміз. Бұл мәселеге осы еңбектің «Абай өлеңдеріндегі
жаңа сөз, жаңа сөйлем» деген тарауында айрықша тоқталмақпыз. Сондықтан мысал үшін
бір ғана үзінділер келтіріп өтелік.

 

«Өзіңе сенбе жас ойшыл,

Тіл өнері дертпен тең».

(Абай, ІІ том, 90-бет)

 

«Барасың қайда, қайда болмай маған,

Жас өмір - алтын, күміс жарқылдаған».

(Абай, ІІ том, 83-бет)

 

            Мұнда
біріншіден, «барасың қайда, қайда» деген орысшаның әсері жаңа оборот болса,
екіншіден, өмірді «алтын, күміске» балау тәрізді метафоралық эпитеттер - орыс
тіліндегі өлең образының үлгісі, көріктеудің жаңа түрі.

            Бұл үзінділердегі
қара әріппен жазылған сөз, сөйлемдердің қайсысы болсын, Абайға шейінгі әдебиетімізде
жоқ, бұл - Абайдың орыс әдебиетін меңгере келе, солардың образ жасау, ой беру әдістерін
қазақ ұғымына лайықтап кіргізген жаңа образ, жаңа сөйлемдер. Ендеше мәселенің бұл
жағын «Абай өлеңдеріндегі жаңа сөз, жаңа сөйлем» деген бөлімде талдамақпыз.

г) Абай өлеңдеріндегі жаңа сөз, жаңаша сөйлемдер. Ұлы ақынымыз
Абайдың қазақ әдебиетінің тілін жасаудағы зор еңбегінің бірі - жаңа сөз, жаңаша
сөйлем құрылыстарын енгізуі. Бұл жөнінен Абайдың қазақта ешбір теңдесі жоқ. Оның
алдындағы ақындар да, замандастары да бұрынғы қолданылып жүрген сөз, не байырғы
сөйлем құрыстарынан әрі бара алған емес. Халықтың бай тілінен қолданылмай жүрген
сөздерді теріп, әдебиетке кіргізіп, халық тілі ету, кейбір сөздерге жаңаша мән
беру, сөздердің сөйлемдегі орындарын ауыстырып, дағдылы қалпынан өзгеше етіп құру,
жаңадан сөз енгізу жайлы Абайға шейінгі де, Абайдың тұстас ақындарынан да пәлен
бар деп айта қою қиын. Сондықтан бұл тәрізді ауыр жүкті өзіне жүктегенде, «Нар
жолында жүк қалдырмай», нәтижелі зор еңбек еткен де қазақтың әдебиет тарихында
бірінші рет Абай болды десек, асырып айтушылық болмайды.

Қай кезде болсын ақын, жазушылардың әдебиеттік тіл қорына жаңадан
кіргізулері - өте сирек, өте сараң түрде дамитын құбылыс. Ол үшін әртүрлі жағдай
керек. Ақынның асқан талантты болуы өз елінің де, басқа елдердің де мәдениетін,
әдебиетін кеңінен шолған оқымысты адам болып және өз кезіндегі тілдің даму
процесін бақылап отырарлық қабілетінің болуымен қатар, әлеумет өмірінде де әртүрлі
өзгерістер болуы керек. Әлеумет өмірінде болған өзгеріс, жаңалықтар өзімен
бірге жаңа сөз, жаңа сөйлем, жаңаша сөз құрауларды ала келетіні сөзсіз. Демек,
бұл жағдайлардың бәрі де Абайда болды.

Өмірді кеңінен шолып, шығыс, батыс, өз елінің мәдениет, әдебиетін
жете білген ұлы таланттың ескі феодалдық дәуірдің әлсіреп, буржуазиялық жаңа
заманның туа бастаған, әртүрлі қайшылықтардың күшті кезінде өмір сүруі оның
жалпы творчестволық бетін айқындауда үлкен мәні болды десек, бұл тіл мәселесінде
де өзінің ізін қалдырды. Кейбір жаңа сөздердің сол өзгеріс, жаңалықтармен жарыққа
шыққаны талассыз.

Абайдың кіргізген жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстары көп және
әр алуан. Жаңа сөздерінің ішінде өз мағынасында қолданылатын сөздер де,
ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздер де жаңа теңеу, жаңа эпитет, не
инверсия, т.б. Поэтик тілдердің әрқайсысын жекелеп талдағанда жаңа теңеу, жаңа
эпитет, тағы басқаларына айрықша тоқталмақпыз. Бұл бөлімде ақын жалпы алғанда қандай
жаңалықтар кіргізді, солардың үлгілеріне тоқталалық.

Абайдың жаңа сөздері әртүрлі жол, әртүрлі әдістермен
жасалынады. Кейбіреулері - қазақта бұрын қолданылмаған, өзінің кіргізген сөздері.
Кейбіреулері - сөздің түбірі бұрын болса да, Абайдың қолданысындай жалғау, жұрнақтармен
қоса айтылмайтын сөздер тобы, бұрын бар, қазірде де қолданылатын сөздердің
алдына жаңа эпитет, жаңа теңеулер қойып, жаңа образдар жасап, жаңаша көркемдік
мән беру. Немесе сөздерінің бәрі күнбе-күн қолданылатын сөз болса да, дағдыдағы
қалыптан сөз орнын ауыстырып, жаңаша экспрессия жасау, қысқасы, әр алуан етіп сөз,
сөйлемді жаңарту.

 

«Артынан «ол нем» деп,

Ұялып кезнесіп».

(Абай, І том, 159-бет)

 

«Анттасып алқайды,

Сен тентек демеске».

(Абай, І том, 153-бет)

 

«Ұстай алмадым бірін де,

Кекиді кейін шегініп».

(Абай, І том, 137-бет)

 

«Пайдасыз ақыл,

Байлаусыз тақыл

Атадан бала ойы өзге».

(Абай, І том, 95-бет)

 

«Қалқамнан қалдым қарс ұрып,

Қайткенде болар жұбаныш».

(Абай, І том, 246-бет)

 

«Жамандық, жақсылыққа қарар салқын,

Долығы тез басылып, қайтар қарқын».

(Абай, ІІ том, 100-бет)

 

«Ор қазып байқады

Туа жау емеске».

(Абай, І том, 153-бет)

 

«Татулықты, тыныштықты,

Қоңыр көрер, кем көрер».

(Абай, І том, 137-бет)

 

«Ой, тәңірі-ай, шыл кер өсек,

Қулық, сұмдық, я өсек».

(Абай, І том, 294-бет)

 

«Тың тұяқ күнім сүйтсе де,

Қарбаңдадым өкімдеп».

(Абай, І том, 87-бет)

 

«Алқыны күшті асаулар,

Ноқтаға басы керілді».

(Абай, І том, 88-бет)

 

«Құбылға бәрі зерек қой,

Бәрі жайсыз тоқтауға».

(Абай, І том, 217-бет)

 

тағы басқа осылар тәрізді. Бұл сөздердің қайсысын алсақ та,
Абайға шейінгі, не Абай кезіндегі әдебиетімізде болмаған жаңа сөздер. Бұлардың
кейбіреулері түгелдей жаңа сөз - «алқайды», «тақыл», «кекіді», «кезнесіп»,
кейбіреулері әртүрлі жалғау, жұрнақтар арқылы жаңартылған. «Құбылға», «өкімдеп»,
«долығы» - бұлар бұл түрінде Абайға шейін еш әдебиетте қолданылған емес. Бұрын «құбыл»,
«құбылу», «өкім», «долы» түрлерінде ғана қолданатын.

Әсіресе Абайда көз кездесетін сөздер - жай сөздің алдында өзіне
шейін қолданылмаған жаңа эпитет, теңеу, тағы басқа поэтикалық тілдер қойып,
солар арқылы жаңарту. Мысалы:

 

«Ой, тәңірі-ай, шыл кер өсек».

(Абай, І том, 294-бет)

 

«Жер қорығыш желкек шал

Желіп жүріп боздайды».

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр».

(Абай, І том, 57-бет)

 

«Өсек» те, «кер» де жеке алғанда, күнбе-күн қолданылатын сөз.
Бірақ Абайға шейін осы екеуінің басы түйісіп, бір мағына беретін сөз қолданыс қағаз
бетіне түскен емес. «Желкек шал» да осы тәрізді. Абай «өсектің» алдына «кер»,
«шалдың» алдына «желкек» деген эпитетті қойып, жаңа образ, жаңаша мән туғызған.

«Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр»-дағы «тай» арқылы жасалынған
теңеуді алсақ, фольклорда жоқ екені түсінікті, өйткені хат білмеген елде хатқа
теңеу болмайтыны өзінен өзі айқын нәрсе десек, Абайдың алдындағы әдебиет пен өз
кезіндегі ақындардың да өлеңдерінен мұндай теңеуді таба алмаймыз.

Абай жалғыз үздік, оригинальный эпитет, теңеу ғана емес,
поэтик тілдердің басқалары арқылы да үздік жаңаша образ, сөйлем құрылыстарын
жасайды.

 

«Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,

Өмір сәуле көрінер судай тұнық».

(Абай, І том, 188-бет)

 

«Талаптың мініп тұлпарын,

Тас қияға өрлеудің».

(Абай, І том, 191-бет)

 

«Боламын» деп жүргенде болат қайтып,

Жалын сөніп жас жүзін басады әжім».

(Абай, І том, 201-бет)

 

«Жүректегі жалынды көзден жас қып,

Ағызамын болады ол неге сеп».

(Абай, ІІ том, 142-бет)

 

«Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек,

Көзінен жас шықса бойына ем».

(Абай, ІІ том, 142-бет)

 

«Құйрықты жұлдыз сықылды,

Туды да, көп тұрмады...»

(Абай, І том, 180-бет)

 

«Ит көрген ешкі көзденіп,

Елерме, жынды сөзденіп».

(Абай, І том, 91-бет)

 

«Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл - арам без».

(Абай, І том, 94-бет)

 

«Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос

Талаптың дәмін татуға».

(Абай, І том, 98-бет)

 

Бұл үзінділерде поэтикалық тілдердің әр түрі бар: метафора,
синекдоха, метонимия, метафоралық эпитет, қысқасы, солардың әрқайсысы арқылы сөйлемді
жаңарта білген. «Тұлпар міну» бұрын да бар, бірақ «Талаптың тұлпарын міну» -
Абайдың өзі кіргізген сөйлем құрылысы. «Әйел адам гүлмен тең, дымды сүймек»
деген тәрізді метафоралар, «боламын деп жүргенде болат сынып», «Ауру жүрек ақырын
соғады жай» деген тәрізді метанимиялар.

 

«Күнді уақыт итеріп,

Көкжиектен асырса»

(Абай, І том, 219-бет)

 

деген тәрізді кейіптеу (олицетворение) бұрын жоқ, өзінің көркемдігімен
де, жаңа, сонылығымен де «мені Абай жасады, біз Абайдың ғана қаламынан шықтық»
деп тұр. Қазақтың фольклоры, Абайға шейінгі тарихи әдебиеті, Абай кезінде
басылып шыққан кітаптармен таныс адам жоғарғы келтірген мысалдардың қайсысы
болсын жаңа нәрсе екеніне таласа алмайды.

Абайдың сөйлем құрылысына кіргізген әр алуан жаңалығының бір
бұтағы өлең сөйлемдерінің ұйқастарында. Абайға шейінгі әдебиетімізде болмаған,
Абай өлеңдерінде ғана кездесетін төмендегі тәріздес ұйқастар бар. Олардың жалпы
бағыты бір болса да, құрылыстары әркелкі.

 

«Жарқ етпес, қара көңлім не қылса да,

Аспанда ай менен күн шағылса да,

Дүниеде сірә, сендей маған жар жоқ,

Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,

Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,

Қыжыртпай мені сырттан жүре алмайды,

Кім желігіп, қай шеттен қағынса да...»

(Абай, І том, 237-бет)

 

Бұл - бас бунағы 3 буын, ортасы 4, аяққы бунағы 4 буын, қазақтың
а, а, в, а болып келетін кәдімгі қара өлеңінің ұйқасы. Мұндағы жаңалық - әр
жолының аяғын «да»-мен бітіруде. «Да» сөйлемге бітпеген түс беріп, ішкі сезім дүниесін,
аңсаған құмарлық, шын берілген жүрек толқынын жай, қалыптағы сөйлем құрылысынан
жанды, жайнақырақ етіп беретінге ұқсайды.

Екінші түрі:

 

«Жазды күні ақ бөркі бүктелмейді-ақ,

Қолында бір сабау бар, ол-дағы аппақ...»

«Қу шалбар қулығына болған айғақ,

Тізесін созғылайды қалталанса-ақ...»

«Тірі жанға құрдас боп жап-жасында-ақ»

«Осындай сыйдаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ,

Сырын түзер біреу жоқ, сыртын түзеп,

Қас кермек, мойнын бұрмақ, қоразданбақ».

(Абай, І том, 53-бет)

 

Мұндағы әр жолдың аяғында келетін «ақ» деген сөздер жай
алына салған емес, автордың негізгі пікіріне лайықты, айтайын деген ойын дәл
беруге әдейі сәйкестелінген. Сөйлем құрылысының, сөз тұтынуларының сонылығы, бұрынғы
әдебиетте кездеспейтіні, кездесе қалса, тек анда-санда ғана кездесетіні өз
алдына, ақынның суреттеме өмір құбылысын жанды етіп беруіне өте дәл.

Абай бұл өлеңінде «Қулық сауып», «сұмдық жеккен», жалқау,
арамтамақтарды шенеу, солардың бет пердесін жыртып, көпшіліктің алдында мысқылдап,
сықақ ету деген тілекті алға қояды. Сол мысқылдау, өзіне тән сөз, сөйлем құрылысын
керек етсе, сөзді де соған лайықтап қолданады.

 

«Жазды күні ақ бөркі бүктелмейді-ақ...»

«Тірі жанға құрдас боп жап-жасында-ақ»

Қас кермек, мойнын бұрмақ, қоразданбақ», -

 

деген жолдардың сөйлем құрыстарында қаншама сықақ, мысқылдар
жатыр. Екінші сөзбен айтқанда, Абайдың әр сөзі өзінің ой-сезімінің бір бөлшегі
болып, бір онысына, бір мұнысына жарап тұратыны тәрізді, мұнда басы артық бір сөз
жоқ, әр сөзі орынды, «ақ» деген көмекшінің өзі де сол мысқыл, кекесіндеу үшін қолданылса,
өз міндетін толық атқарып отыр.

Біз жоғарыда Абайдың қазақ әдебиеті тіліне ендірген жаңалығының
бір бұтағы орыс тілі, әдебиетімен сабақтас деп атүсті ғана айтып өттік. Және әңгіме
жеке-жеке сөздіктерде емес, оборот, сөйлем құрылысында, орыс тіліндегі сөздердің
үлгісімен қазақтың кейбір сөздеріне жаңаша мән беруінде.

Абай - орыс мәдениетін, әдебиетін тереңнен сүйіп, өзінің ақындығын
өрістету, дамыту жолында болсын, дүниеге көзқарасын кеңейтіп, жалпы адам
баласылық мәдениетке қол созу мәселесінде болсын, ол мәдениетті өзіне үлгі
еткен, одан үйреніп және өзіндік «мен»-ін, Абайлығын да сақтай алған ақын. Бұл үйренуде
өзіндік тұрғысын сақтап қалу оның басқа жағын былай қойғанда, поэтикалық тіл қолданыстарынан
да анық байқалады.

 

«Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар, қатынның тіліне ерсең».

(Абай, І том, 184-бет)

«Ел аулақта оңаша қолын алып,

Көңліндегі сабағын айтып тынар».

(Абай, ІІ том, 70-бет)

 

«Мен - сынық жан, жамағанмен,

Түзеле алман түрленіп...»

«Абай, ІІ том, 75-бет)

 

«Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,

Тасты жол жарқырайды буға амалсыз».

(Абай, ІІ том, 110-бет)

«Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап».

(Абай, ІІ том, 146-бет)

 

«Тас дулыға, тас сауыт киінгенім,

Денемді қысып жатыр бүгін менің...»

(Абай, ІІ том, 95-бет)

 

«Уақыттай өзі жүйрік ат мінеміз,

Сауыттай шынжырлаулы тереземіз».

(Абай, ІІ том, 95-бет)

 

«Жалтаңдаған жас жүрек

«Байғұс-ай» десін демесең».

(Абай, ІІ том, 91-бет)

 

«Жас жүрек жайып саусағын

Талпынған шығар айға алыс».

(Абай, ІІ том, 73-бет)

 

Егер осы үзінділердегі сөз қолданыстарды бұрынғы әдебиетімізде
бар-жоғы жағынан алып тексеріп көрсек, көп нәрселердің бетін ашуға болады.

«Мүйіз шығу» деген сөз қазақта бұрын да бар. «Мүйіз шықса көрерміз».
Бірақ Абайдың қолдануында мүлде басқаша ұғымда, жаңа сөз, жаңа ұғым, әйелі
ерінің көзіне шөп салып, біреумен жүрсе, соны мазақтау ретінде айтылатын орыстың
«рогоносец» деген сөзінің мағынасын береді. «Тасты жол жарқырайды буға амалсыз».
Абайға шейін де толып жатқан жолдар бар: қара жол, айдау жол, қасқа жол, сыңар
аяқ жол, соқырқай жол, сүрлеу жол, т.б. Бірақ «тасты жол» жоқ. Неге десеңіз көшпелі,
жартылай көшпелі қазақ халқы тастан жол салып көрген емес. Демек, бұл да орыс әдебиетінің
үлгісімен жасалынған сөз.

Қазаққа «сауыт та, дулыға да» таныс сөздер. Бірақ «тас
сауыт, тас дулыға» түрінде еш жерде қолданылмайды. Не «уақытты атқа балау» да
жаңа образ. Әрине бұл келтірілген үзінділер орысша аударманың ықпалы, соның әсерімен
жарыққа шыққан.

Мысалы:

 

«Барасың қайда, қайда болмай маған,

«Жас өмір - алтын, күміс жарқылдаған...»-

«Куда, куда вы удалились

Весны моей златые дни...»

 

«И после ей наедине

Давать уроки в тишине». -

«Ең аулақта оңаша қолына алып,

Көңіліндегі сабағын айтып тынар», -

 

деген жолдарды салыстырсақ, «Барасың қайда, қайда болмай маған»
деген тәрізді дағдыдан тыс сөйлем құрылысы мен «көңіліндегі сабағын» айтып
тынудың төркіндері орыс тілі, орыс әдебиетінде жатқаны талассыз. 

Бірақ орыс әдебиеті, орыс тілін өзіне үлгі етіп, қазақтың әдебиет
тіліне жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылысын кіргізді дегенде, біздің ерекше көңіл
бөлетініміз де және Абайдың тарихи ұлы еңбегі деп қарайтынымыз да бұл емес, оның
өзі енгізген жаңа сөздері мен төмендегі «мен - сынық жан», «ауру жүрек ақырын
соғады жай», «жалтаңдаған жас жүрек», «қонады бір күн жас бұлт, жартастың төсін
құшақтап», «жас жүрек жайып саусағын» деген тәрізді жаңаша сөйлем құрылысы, жаңаша
сөз қалауларды айтуға болады. Жай қарағанда бұлардың ешбір жаңалығы жоқ, бәрі
де түсінікті, бәрі де қазақ сөздері сықылды. Бірақ терең талдай бастасақ, олай
емес екенін көреміз. Қазақтан «жан» мен «сынық» екеуі дара-дара қолданылса да,
Абайға шейін жанның алдына «сынық» тәрізді эпитетін қойып, «мен сынық жан» деп,
соны метафоралық эпитетке айналдырып қолданған бір де ақын жоқ. «Жалтаңдаған
жас жүрек» деген сөйлемін алсақ, мұндағы өткен шақтық есімшемен жасалыған
эпитет арқылы жүректі «жалтаңдату» - жансызға жандының ісін істетіп, кейіптеуге
айналдыру Абайдан бұрын ешкімде болған емес. Сол тәрізді «ауру жүрек», «ауру»
да, «жүрек» те қолданыла беретін сөздер. Қазақ «жүрек ауру» дейді, «жүрегінің
дымқосы бар», «жүрегі нашар», тағы басқа. Бірақ Абайға шейін «ауру жүрек» деп қазақ
әдебиетінде қолданған контексті табу қиын. Абай инверсиясының заңына сүйеніп, яғни
сөздің орнын ауыстырып, «ауру жүректің» соғуын сипаттауға дәл келетін эпитеттер
арқылы айтайын деген пікірді жанды, жинақы етіп бере алған.

«Ауру жүрек ақырын соғады жай» деген сөйлемде қаншама көркем
сурет жатыр!

Әрине бұл сықылды жаңа сөз қолданыс, жаңаша сөйлем құрылысы
Абайда көп, олардың әрқайсысына жеке тоқтап, талдаулар беру - келешектің ісі.
Біздің бұл жерде айтпағымыз - Абайдың қазақ әдебиет тілін көркем, образды сөздермен
байытудағы жаңашылдығы. Ол үшін осы мысалдардың өзі-ақ жеткілікті ғой деп
ойлаймыз.

Бірақ бұл жерде бетін аша кететін өте маңызды мәселенің бірі
жоғарғы келтірілгендер тәрізді жаңа сөз, жаңа сөйлемдердің көпшілігінің үлгісін
орыс әдебиетінен ала тұрса да, Абай оларды таза қазақтікі етіп шығара білген.

Әңгіме бір елдің ақынының екінші елдің ақынына еліктеуінде,
не еліктемеуінде емес, өз бетін сақтай білуінде. Араб әдебиетіне еліктеп, барлық
сөз, сөйлемін арабша етіп жіберген, шағатай әдебиетіне еліктеймін деп, шағатайшылап,
татарға еліктеймін деп, татаршылап, өз бетін, өздігін жоғалтып алған ақындар қазақта
да аз емес. Абай одан аулақ.

Абайдың үлкен даналық, кемеңгерлігі, міне, осында.

Абай кімге еліктесін мейлі, он үш жасынан жоғары қарай еш ақын,
еш әдебиеттің жетегінде кеткен жоқ. Олардан қажетін алды да, «Әліпті талша иіп»
өз керегіне жаратты.

«Барасың қайда, қайда болмай маған», «Өзіңе сенбе, жас
ойшыл», «Мүйіз шығар, қатынның тіліне ерсең» деген бірен-саран сөз, сөйлемдер
болмаса, көпшілігін қазақтың өз сөзінің негізінде құрды. «Жүрек» пен «ауру» қазақтың
өз сөзі болса, орнын ауыстырып, жаңартып шығарды.

 

«Жас жүрек жайып саусағын,

Ұмтылған шығар айға алыс...» -

 

тәрізді кейіптеу қазақтың «Арыстан айға шауып, мерт болыпты»
деген мақалының үлгісінен алынғаны сөзсіз. Абайдың әрбір жаңа сөз, сөйлем құрылысы,
сөз қалаулары оқушыларына үздік, сезім қозғарлық, әрі жаңа, әрі таныс та нәрсе
болып отыратыны, сол өзінің енгізіп отырған жаңа сөз, сөйлемдерін қазақтың өзіне
таныс бір негізге құруында. Сөйтіп, оқушылардың ұғымында екі түрлі ассоциацияның
басы түйісіп, әрі түсінікті, әрі жаңа болып көрінуінің түп тамыры осында жатыр.

Сонымен қатар Абай әрбір жаңа сөз, жаңа сөйлемге өте сақ, көп
ойланып, көп сынап, талғап алатын сықылды. Мысалы, «Ойына алған сабағын айтып
тынар» деген сөзді алсақ, бұл кезде қазаққа ондай сөздің жаңа болса да, жат
болып көрінбейтін кезі. Өйткені бұл кез сабақ оқудың кіре бастаған кезі еді.

Жоғарғы айтылғандарды қорыта келгенде, Абай әртүрлі жол, әртүрлі
әдістермен бұл жаңа сөз, жаңа сөйлемдер арқылы қазақтың әдеби тілін байыту мәселесінде
тарихи ұлы еңбек еткен ақын екендігі айқын көрінеді.