ВЕРНУТЬСЯ

    а) Абайдың қысқаша өмірі

    Абай (Ибраһим) Құнанбаев 1845 жылы осы күнгі Семей облысы
Абай ауданы Шыңғыс тауында туған. Абайдың арғы атасы Ырғызбай, бергі атасы Өскенбай
- екеуі де феодал. Өз әкесі Құнанбай жас кезінде «батыр» жігіттің бірі саналып,
өсе келе сөз ұстап, ел басқарған адамның бірі болған.

            1822 жылғы
патша үкіметінің «Сибирь қазақтарына арнап шығарған уставы» бойынша, қазақ
даласы округке бөлініп, округтік приказ арқылы билеу тәртібінен кейін Құнанбай Қарқаралы
округіне аға сұлтан болып сайланады. Құнанбайдың атын шығаруға бұл жағдайлардың
мәні үлкен болды. Өйткені ел билейтін хан, аға сұлтандар бұрын хан-төре нәсілдерінен
болып келсе, жоғарғы заң бойынша, ол міндетті төреден болмай-ақ қарадан шыққан
мықты феодалдар да атқарып, ел басқаруға жарай беру мүмкіншілігі Құнанбайды аға
сұлтан етсе, бұл жай-жапсарды жақсы ұға білмеген көпшілікке Құнанбайды ерекше
бағалатады. «Қарадан туып хан, айырдан туып нар болды» деп, өз кезіндегі феодал
табының ақындары Құнанбайды ел мадағы етті.

            Өз қолындағы
әкімшілік тізгінін Құнанбай өз керегіне толық пайдалана білді. Бірақ ел басқаруда
Құнанбай жаңа тәртіп орнатқан жоқ, бұрынғы бір руды екінші руға айдап салу тәрізді
ескі әдісті ол да қолданды.

            Оның бұрынғылардан
бір өзгешелігі - дінді берік ұстауы. Қарқаралыға мешіт, Меккеге қажылар түсетін
«Тәкие» атты үй салғызды. Бұл жағдайларды да ол өзінің ел билеу мақсатына толық
пайдалана білді. Діншілдерді өз қолына ұстап, ел басқарудың бір жағын дінге,
діншілдерге тіреді.

            Құанбайдың
тек өз қара басы ғана емес, оның достасқан, қастасқан адамдарының қайсысы
болсын, өзімен деңгел түскен, сол кездің сөз баққан адамдары болды. Талай дау,
талай тартыстардың жуан ортасында болуы болашақ ұлы ақын, жас Абайдың шешендік
тілге жаттығуларына әсер етпеуі мүмкін емес еді. Абайдың нағашысы - «Шаншан қулары»
атанған, күлдіргі, мысқыл сықақпен атағы шыққан қазақтың даңқты руларының бірі.
Ұлжанның (Абайдың шешесі) ағасы Тоңтайдың қожа-молдаларды сықақтап, өлер алдында:
«Жазыла-жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас», - деген сөзі
күні бүгінге шейін ел аузында. Бұл сықылды сөз тапқыш, мысқылшылдық Ұлжанда да
болған.

 
 

1Абайдың өмірбаянымен толығырақ танысамыз деушілерге Мұхтар Әуезовтің
«Әр жылдар ойлары» атты кітабын ұсынамыз.

            Атасы Құнанбайдың
өзі және оның айналасының бәрі де сөз ұстаған шешендер болып, анасы жағынан
«Шаншар қуларымен» тамырласып жатуы Абай тәрізді үлкен таланттың ең болмағанда
тілі ұшталуына аз да болса әсер етуі сөзсіз. Абайдағы қазақтың нақыл-тақпақ,
билер сөздерінің үлгісімен келетін шешендік сөздерге ұсталық, мысқыл-сықаққа асқан
шеберліктердің бір тамырын осы өскен ортасынан іздеуіміз керек.

            Абай он
жасына шейін ел ішіндегі дін мектебінде оқып, он жасында Семей қаласындағы дін
мектебіне түседі. Мұндағы оқудың бәрі де ескіше, дін сабағы. Онда Абай небәрі үш
жыл мұсылманша және үш ай орыс мектебінде орысша оқиды.

            Дін
мектебінде жүргізілетін бар сабақты жақсы үлгеріп, артылған уақытын өз бетімен
кітап оқуға жұмсайды.

            Оқитын
кітаптары араб, парсы, түрік елдерінің даңқты ақындарының еңбектері болады.
Солардың ішінде шын сүйіп оқыған ақындары - Навои, Сағади, Қожа-Хафиз, Фзули.
Абай - өз таланттылығы, қабілетінің күштілігімен үш жылда үлкен білімге ие болған
ақын.

            Сол жас кезінде-ақ
араб, парсы, түрік ақындарының өлеңдеріне еліктеп, өзі де өлең шығара бастады.
«Фзули, Шәмси, Сайхали», «Жүзі раушан» атты өлеңдері осы кезде жазылады.

            Жасы 13-ке
толып, мұсылманша үш жыл, орысша үш ай оқумен Абайға «оқудың есігі жабылады». Құнанбай
Абайды оқудан шығарып алып, ел басқару жұмысына қосады.

            Абай парсы,
араб, шағатай әдебиетін де, орыс әдебиетін де көп білу, терең ұғыну, әр тілдің
тек жалпы мағынасын ғана ұғынушы емес, сол тілдің әдемілігін де ұға білуіне қарағанда,
ақынның мектепті тастағасын да өз бетімен үздіксіз оқығандығын дәлелдейтін
фактінің бірі деуге болады.

            Абайдың жас
кезіндегі өлеңдері жоқтың қасы. Жоғарғы аталған «Кім екен деп келіп ем түйе қуған»
атты өлеңі мен араб, парсы, түрік ақындарына еліктеген өлеңдерінің алдыңғысы
1854-1855 жылдары, соңғысы 1858-1859 жылдары жазылған.

            1864 жылы
19 жасында «Әліф-би» өлеңін жазады. Мұнан кейінгі өлеңдерінің жылдары 1870
жылдан бері қарай болып келеді. Абай өлеңдерін қолжазба түрінде сақтаған Мүрсейітте
де, не басқа мәліметтерде де 1870 жыл мен 1876 жылдың арасында жазған өлеңдерінен
дерек жоқ. Ал 1884 жылдардан бері қарай өлеңдерінің жылдары үзілмейді. Әсіресе
көп жазған жылдары -1886, 1889, 1895 жылдар.

            1886 жылы
17 өлең, 1889 жылы 27 өлең (оның сегізін орысшадан аударған), 1895 жылы 13 өлең
жазды.

            Абай алғашқы
кезде өз өлеңдерін досы, замандасы Көкбай ақынның атымен жариялап, 1886
жылдардан ғана бастап өз атымен шығарған. Сөйтіп, өлеңді өзінің мамандығы етуі
осы жылдардан басталады. Абай өмірін зерттеушілердің бәрі де мұны мойындайды.
Абайдың көп өмірінің ел басқару ісіне жұмсалынып, сөз ұстап, билік істерін атқаруы
Абайдың өмірбаяны да, өлеңдерінің жылдары да үздік болуының негізгі бір себебі
осында екенін аңғартады.

            Абайдың ғылымға,
өлең жазуға белсене кірісуі 40 жасынан бері қарай. Оған шейін білім іздеуден қол
үзбегенмен, өлеңді жүрдім-бардым ғана жазып келсе, 40 жасынан бастап творчествоға
түгелдей беріледі.

            Өз
айналасындағы ру тартысы, ескілік, надандықтан жеріне бастаған дана ақын өз
елін ел етуді ойлайды да, осының жолын іздейді. Ақын солардың барлығына қаламмен
күрес ашу деген қорытындыға келеді.

            Алдына зор
мақсат қойған ақын ұлы орыс халқының бай мәдениетін меңгеруге белсене кірісіп,
орыс тілі, орыс әдебиетімен шұғылданады.

            Абайдың
орыс мәдениетіне құлшына кірісуінің екі түрлі себебі болды. Біріншіден, Абай қазақ
елін шығыс схоластикасының ықпалынан мүлде шығарып, тура орыс мәдениетін алу,
сондықтан қазақ даласында орысша мектеп ашу, молда, қожаларға патша үкіметі
тарапынан берілген кейбір праволарды қайтып алып, оларды тізгіндеп ұстау,
олардың правосын уезд, болыстарға беру жөнінде өз пікірін тарихи, ғылыми түрде
дәлелдеген Шоқан Уәлиханов, онан кейінгі өзінің замандасы Алтынсаринның бағытын
Абай дұрыс деп ұқты.

            Екіншіден,
бұл кезде ұлы орыс халқының әдебиеті дүниежүзі мәдениетінің алтын қазынасының қатарына
қосылып қана қойған жоқ, Европаға өзінің революцияшыл әсерін тигізді. Батыстың
кері әдебиетін басып озды. ХҮІІІ ғасырдағы орыстың кейбір жазушылары жамылған
европалық шапанын шешіп тастап, орыс әдебиеті мазмұнына түрі сай, өзінің ұлттық
қалпында дүниелік сахнаға шықты.

            Өз кезінің үлкен
мәдениетті және талантты ақыны Абайдың оны білмеуі, көрмеуі мүмкін емес еді.
Абай көре де, түсіне де білді. Оның үстіне Абай Семейге айдалып келген орыстың
халықшыл демократтары: Михайлэс, Долгополов, Гростармен танысып, өзінің сол бағытын
бұрынғыдан гөрі де ұштай түседі. Орыс мәдениетіне тереңдеп, Чернышевский,
Белинский, Добролюбов, Салтыков, Толстой, Пушкин, Лермонтов шығармалары,
Аристотель, Сократ, Платон, Гоголь  еңбектерімен
танысады. Орыстың демократтары мен ұлы классик жазушыларының даналық еңбектерімен
танысуы, батыс философтарының еңбектерін оқуы және өз кезіндегі шаруашылық-әлеумет
өміріндегі болып жатқан әртүрлі өзгерістерді сезіну, ұғыну жиынтығы келіп,
Абайдың өмірге көзқарасына, ой-санасына үлкен өзгеріс кіргізеді. Абайдың өзі
айтқан «Шығысым - батыс, батысым шығыс болды» дейтін сөзінің терең сыры, міне,
осында.

            Қазақтың әлеуметтік
өміріндегі ескі феодалдық көзқарасқа, кертартпа, надандық, жалқаулықтарға қарсы
күрес ашып, бұл жөнінде көп өлең жазған жылдары осы 1886 жылдардан басталады. «Ғылым
таппай мақтанба», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Интернатта оқып жүр» тәрізді
оқу, өнер, адамгершілікке үндеген «Қалың елім, қазағым», «Байлар жүр жиған
малын қорғалатып», «Адасқанның алды жөн» сықылды әлеумет өмірінің әртүрлі жақтарына
арналған өлеңдері де осы жылдары шығарылған.

            1886
жылдардан бастап бұрынғы ел әңгімесінен аулақтап, өз еңбегін түгелдей ел
игілігі үшін жұмсауға бел буғанына Абайдың өз сөзі айғақ.

            «Бұл жасқа
келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік,
айтыстық, жұлыстық, тартыстық - әурешілікті көре-көре келдік, енді жер ортасы
жасқа келдік, қажыдық, жалықтық, істеп жүрген ісіміздің бәрі баянсыз,
байлаусызын көрдік, бәрі - қоршылық. Ал қалған өмірімізді қайтып, не қылып өткіземіз?
Соны таба алмай, өзім де қайранмын... Ақыры ойладым, осы ойыма келген нәрселерді
қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен
керекті сөз тапса, алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім
де, ақыры осыған бел байладым. Енді бұдан басқа еш жұмысым жоқ».

            Бұның
негізгі екі түрлі себебі болды. Бірінші, патша үкіметінің қазақтың жерін әбден
отарлап алып, өз дегенін жасап, бұрынғы ру тартысын штат сайлауларымен үрлеп
жандырып, ел бірлігін мүлде іріту саясаты болса, екінші, ескі феодалдық құрылысты
ығыстыра кіре бастаған капитализм элементі, онымен байланысты ене бастаған әртүрлі
жаңалықтар, қысқасы, осылар тәрізді қайшылық қарым-қатыстар еді.

            Абай, сөз
жоқ, жаңалықты қолдады. Жаңа байлардың халықты қанауына қарсы шықса да, оны мықтап
шенесе де, қазақтың орыс халқымен араласуы, ол арқылы қазақ даласына жайыла
бастаған мәдениеттің, прогрестік идеяның қырдағы жетекшісі болды.

            Өз кезінде
Шортанбай, не Әубәкір тәрізді сарыуайымға түспей, болашақты алдынан күтіп, халқын
оқуға, өнерге, ғылымға үндеді. Шын мәнінде халық қамқоршысы болды.

 

«Ыбырай (Абай) жас жолбарыс жүректенген,

Дұшпанға арыстандай білектенген.

Өзінің заманында бозбаласы,

Перінің жігітіндей іріктенген.

Ей, Сара, қай кісің бар оған жетер,

Өнерін көрген жанның есі кетер.

Адамның жалғыз басты білімпазы,

Оны да жамандайсың, Найман, бекер», -

 

деп өзінің замандас ақыны Біржан оны осылай дәріптеді.

            Ел арасындағы
дау-шар, әртүрлі ру тартысы тәрізді әңгімелерден аулақтап, орыс мәдениетін
зерттеп, оны өз халқының пайдасына асыруға күш салуы, творчествоға берілу, халықтық
ірі-ірі мәселелерді көтеріп, өзі айтқандай, «Әкесінің ұлы болмай, адамның ұлы
болуы» жұрт алдында оның беделін, даңқын бұрынғыдан да күшейте түсті. Оның елі үшін
еткен күрделі істері Абайды жалғыз қазақ Абайы емес, қанаттас, іргелес және басқа
елдердің де Абайы етеді. Әртүрлі себептерден Россиядан айдалып келген сол
кездегі халықшылдар, оқымысты, жазушылар - бәрі де Абайды өзіндік санап,
достасып кетті. Бәрінің де ат маңдайын тірейтін жері - Абай болды. Бұған дәлел
ретінде Долгополовтың арызы мен Тұраштың ескерткішін келтіруге болады.

 

            Семейдің соғыс
губернаторы мырзаның ғұзырына

(Нифонт Долгополовтан)

 

Өтініш

 

«Жүрек ауруы және безгек науқасымен менің денсаулығым өте төмендеп
кетті. Оны жөндеу үшін жазғы айларда қаланы тастап, қырға шығып қымыз ішсем,
таза ауаны пайдалансам деймін. Сол себепті өте кішілік етіп, сіздің ғұзырыңыздан
Шыңғыстау болысы Құнанбай Өсенбаевтың ауылына баруға 15 августқа шейін ұлықсат
етуіңізді сұраймын» (3).

Семей, 4 июль, 1885 жыл

(Н.Долгополов)

 

            Сонымен қатар,
басқа көршілес елдердің де кейбір патшаға наразы адамдары, өз елдерінің
бай-феодалдарына қарсы болғандар да Абайды паналайды.

            «Жыл сайын Үркіттен
қашқан, көбінесе Кавказдағы Дағыстанның, Түріктің айдалған адамдары бірден,
екіден келіп, кейі қыстап, кейі бір-екі ай жатып тынығып, бір-бір ат мініп
кетеді. Осындай ат мініп кеткен қашқындардың менің көзім көргендегісі 15
шамалы», - деп жазды өзінің баласы Тұраш (4).

            Бұлар тәрізді
фактілер Абай өмірінде көп. Басқаларын айтпағанда, осы екеуінің өзі-ақ Абай тек
қазақтікі ғана емес, басқа елдердің де өз кезінде мен жақсымын дегендеріне ортақ
Абай болғандығын толық дәлелдейді.

            Қазақтың ұлы
ақыны Абайдың зор еңбегінің бірі - жастарды, әсіресе болашақ ел өмірімен
байланысты ақын-жазушыларды тәрбиелеу. Орыс, шығыс, батыс елдерінің мәдениетіне
сүңгіп, түбінен керекті маржанын теріп ала білген ақын және елін өнер-білімге үндеп,
жастарды оқуға сүйреді. Балаларын орысша мектептерде оқытып, олардың жоғары дәрежелі
білімі бар адам болуларын талап етті. Адамгершілік, жақсы мінез-құлыққа тәрбиеледі.

            Ақындарына өзі
тақырып беріп, әр халықтың өмірінен поэмалар жаздырып, өзі олардың сыншысы
болды. Мағауияға «Медғат, Қасым», Ақылбайға «Қисса Жүсіп», тағы басқаларға
осылар тәрізді өлең-жырлар жаздырды. Өзі Пушкин, Лермонтов, Крыловтардан өлең
аударып, жас ақындарға солардың өлеңдерін үлгі етті.

            Абайдан
кейінгі қазақ ақындарының көпшілігі қазақтың өз әдебиетінің шеңберінде қалып қоймай,
орыс, шығыс, батыс әдебиеттеріне еліктеулерінің негізгі бір себебі - Абайдың әсері,
Абайдың үлгісі болатын.

            Қазақ халқының
жаңа әдебиетінің, әдеби тілінің негізін салушы, қазақтың өлең құрылысын бұрынғы
қалпынан өзгертіп, әлденеше жаңа түр кіргізуші, өзінің даңқты ұлы еңбектерімен қазақ
халқын басқа елдердің мәдениетімен қоян-қолтықтастыруға басшылық еткен, елін мәдениет,
білім, өнерге шақырып, сол жолда бойындағы бар асылын аямай жұмсай біліп,
кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге қалдырған қазақтың ұлы ақыны Абай 1904 жылы 23
июньде қайтыс болды.

 

    б) Абай жөнінде жазылған еңбектер туралы

   Қазақтың ұлы
ақыны Абайдың алғашқы өлеңі бірінші рет 1885 жылы «Дала уәлаяты» газетінде
басылды. Бірінші өлеңдер жинағы 1909 жылы жарық көрді. Сол кезден бері жеке
жинақ, таңдамалы өлеңдері әр кезде, әртүрлі редакцияда үздіксіз басылып келеді.

            Абай шығармалары
зерттелу, тексерілу жағынан да қазақ әдебиет тарихында бірінші орын алады. Оның
ұлы еңбегі толық зерттеліп жетпесе де, қазақтың басқа ақындарымен салыстырғанда,
ғылым қайраткерлерінің ерте қолға алғандары да Абай.

            Абайдың өмірі,
еңбектері жайлы 1903 жылы «Россия, біздің отанымыздың толық жағрафиялық сыпаты»
(Орыстардың пайдалануы үшін В.П.Семеновтың редакциясы, ХҮІІ том, қазақ өлкесі)
атты кітапта бір мақала, 1906 ж. ағылшын Жорж Кененің «Сибирь және айдау» деген
шығармасында ескерткіш, таныстырулар жазылды.

            1907-1909
жылдары Кәкітай Ысқақұлының әуелі орысша, артынан қазақша «Абай Құнанбайұлының өлеңдері»
деген кітабында Абайдың өмірбаяны басылды және осы 1909 жылы Зейнел Ғабден Әл-Жауаһари,
Омскау «Тобықты Ыбрай марқұмның сөздерінен» деп, Абайдың бірнеше өлеңдерін өзінің
«Насихат Қазақия» атты жинағына кіргізіп, Абай сөздерін басқаларға үлгі етті.
1913 жылы қазақтың талантты ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров және 1914 жылы Арысұлы
«Ақынның өмірі, еңбектері» туралы мақала жазды.

            Совет дәуірінде
Абайдың толық өмірбаянын жазып және ұлы ақынның еңбектерін жұртшылыққа түсіндірмекші,
шын ғылыми баға бермекші болған жаңа авторлар да көп. Солардың ішінен күрделі еңбектер
деп профессор М.О.Әуезовтің «Абайдың өмірбаяны», «Ата-тегі» (1939, 1940,
1945жылдар), «Абайдың мәдениеттік іздеулері», 1939 жыл, «Абай және орыс әдебиеті»
(1944ж.); қазақтың ірі жазушысы С.Мұқанов жолдастың «Абай - халық ақыны» (1937,
1939 жылдары), «Абайдың философиялық көзқарасы» (1945 жыл); проф. Е.Ысмайловтың
«Абайдың поэтикасы» (1934 жыл); профессор А.М.Марғұланның «Абай және халық
еркіншілігі» (1939 жыл); проф. М.С.Сильченконың «Ақын және халық» (1939 жыл);
доцент Б.Ш.Шалабаевтың «Абай және Пушкин» (1940 жыл); атақты орыс жазушысы
Л.Соболевтің «Данышпан өлмейді» (1939 жыл); доцент А.С.Мәметованың «Абай және
шығыс әдебиеті»; проф. М.Ғабдуллиннің «Абай және шығыс» атты мақалаларын атауға
болады. Абай жөніндегі соңғы жылдағы күрделі еңбектер деп М.Әуезовтің «Әр
жылдар ойларын» (1959ж.), М.С.Сильченконың «Творческая биография Абая»
(1957ж.), Х.Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері» сықылды жеке монографиялық еңбектерін
және М.Қаратаевтың «Пушкин мен Абай», «Ұлы Абай» атты мақалаларын айтуға
болады.

            Бұл мақала,
зерттеу жұмыстары ұлы ақынды жұртшылыққа танытуда мәні үлкен екені сөзсіз. Бұл
авторлардың бірі Абайдың өмірбаянымен таныстырып, үлкен идея, зор мәдениетке қалай
ие болғанын айқындайды, екіншісі Абайды халық ақыны деуіміздің себептерінің
беттерін ашады, үшіншісі, Абай мен Пушкин шығармаларының қарым-қатысын көрсетеді,
төртіншісі, Абай өлеңдерінің құрылысын зерттеп, қазақ әдебиетіне енгізген жаңалықтарының
бетін ашады, қысқасы, дана ақынның ұлы еңбектерін әр жағынан тану, өз кезіндегі
әлеуметтік жағдай әдебиет, мәдениет даму сатыларын ескерте отырып, ғылыми баға
беруге күш салады.

            Бірақ біздің
жоғарғы аттары аталған жолдастардың Абай еңбегін тану және оны жұртшылыққа
таныстыру жөнінде үлкен-үлкен қателіктері де аз емес. Бұлардың кейбіреулері мүлде
теріс, формалистік қателер жіберді (Ысмайлов «Абайдың өлең өрнектері», «Әдебиет
майданы», 12-саны, 1934жыл). Әйтсе де оларға сын айту - өз алдына жеке жұмыстың
міндеті. Абай жөніндегі негізгі еңбектердің тізімін келтіргендегі біздің бұл
жерде айтпағымыз - «Абайдың поэзиясының тілі» жөнінде не бар, не жоқ, соның
бетін ашу. Бұл тақырып туралы жоғарғы авторлардың ешқайсысы тоқталған емес.

            Сондықтан
Абай поэзиясының тілі 1944-1946 жылдары айрықша зерттеліп, соның негізінде 1948
ж. «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» деген атпен жеке
кітап болып басылып шыққан. Қазір сол еңбекті өңдеп, кемшіліктерін толықтырып,
осы кітаптағы Абайға арналған бөлімнің екіншісі етіп енгізіп отырмыз. 1948 жылғы
басылуы қазір библиографиялық сирек кездесетін кітапқа айналды. Абайды терең
танығысы келгендер үшін де, оқушы студенттер үшін де Абай поэзиясының тілі
жайлы терең зерттеудің қажеттігі сөзсіз. Сонымен қатар бұл еңбекте Абай
поэзиясының тілі оған шейінгі әдебиет нұсқаларының тілімен салыстыра
зерттелініп, ұлы ақынымыз әдебиетімізге идеялық мазмұн, тіл көркемдіктері жағынан
қандай жаңалықтар енгізгендігі айқындалады, сол арқылы қазақтың әдеби тілін
дамытудағы оның тарихи ролі мен әдебиеттегі орыны белгіленеді.

            Бұл
тілшілерімізге де, әдебиетшілерімізге де бірдей керекті ортақ мәселе.