ВЕРНУТЬСЯ

    Абайдың өмірбаянында Абай көп өмірін шығыс және орыс әдебиетін
оқып, оларды өз халқының әдебиетіндей білуге күш салды дедік. Тіл мәселесін
зерттеушілерге мұның мәні зор. Өйткені басқа елдің әдебиет-мәдениетімен таныстық,
оны зерттеу, білу әр ақынның тек ой-сана, пікірінде ғана өзінің ізін қалдырып қоймайды,
тілінде де өзінің ізін қалдырады. Міне, осы мұнарадан қарап, Абайдың жалпы сөз қорын
зерттей бастасақ, оның төрт түрлі арнасы мен саласын барлығын көреміз: ең
алдымен, өзінің ана тілі, сосын араб, парсы, орыс тілдері.

            Қазақ тілі
Абай сөздіктерінің негізгі қоры, қайнар бұлағы болғандығы дәлелді керек
етпейді. Әйтсе де кейбір мысалдар арқылы халық әдебиеті мен Абай өлеңдерінің
жеке сөз, сөйлемдер жағынан қандай байланысы барлығын көрсете кетелік.

            Бірінші,
Абай қазақ әдебиетіне қалай қарады?

            Екінші, қазақтың
мақал-мәтелдерін қалай қолданып, сөздіктерінен қандай орын берді?

            Абай өз халқының
мәдениетін, әдебиетін толық меңгеріп, жақсысын бағалап, кемістігін сынға алды. Қазақ
әдебиетінің басы Бұхардан бастап, Көкбай, Әріп, Ақылбай, Мағауия ақындарға
шейін Абай сынынан өтпегендері жоқ. Абай тек қана тарихи әдебиет емес, қазақтың
бай ауыз әдебиетімен біте қайнап, бірге өсті.

            Сонымен қатар
өзіне шейінгі әдебиет мұраларын жалаң сынап қана қойған жоқ, оны сүйе де, одан үйрене
де білді. Мұны Абайдың замандастарының бәрі растайды.

            Көкбай ақын,
Баймағамбет ертекші, Тұраш, тағы басқалар өздерінің ақын туралы әңгіме, ескерткіштерінде
Абайдың ауыз әдебиетін әрі көп білгендігін, әрі одан өзіне көп нәрселерді сабақ
еткендігін ашық айтады.

            «Қазақтың
ертегілерінде естімеген, білмеген ертегісі кем шығар. Сонда қазақтың ескі
ертегісінен бұрын қай жерде жүргені, көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені,
діні, білімі қандай кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-қарекеті
не екені көрінеді»1 деуші еді дейді Абайдың өз баласы Тұраш.

            Бұл
ескертуден ұлы ақынның ескі ауыз әдебиетке қалай қарағаны айқын.

            Ауыз әдебиетін
сақтаушы, туғызушы халық ақындарын Абайдың қалай бағалағандығына төмендегідей
тарихи фактілер бар.

 

1«Абай», ІІ том, 280-бет.

 

            Біржан мен Әсет
ақындарды әдейі шақыртып алып, бірнеше ай ауылында ұстап, басы өз әйелі Әйгерім
етіп, әншілерден ән үйренуге қосады.

            Абайдың
Баймағамбет атты белгілі ертекшісі де болған. Оның бір міндеті - Абайдың
орысша, не басқа тілдерден аударған кітаптарының мазмұнын басқаларға ертегі
етіп айту болса, екінші міндеті - жұрттан естіген әртүрлі жаңа ертегілерді Абайға
айтып беру.

            «... Кейбір
түндерде я кітапқа құмарлыққа түсіп кетпесе, біреуге ертек айтқызып, я өзі
айтып отыратын еді. Біреуге айтқызғанда есітпеген ертегісіндей ынтасын сала тыңдап,
бір сөзін қақпай, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса, қайтадан
өзі айтып түзеп беруші еді», - дейді Абайдың өз баласы Тұраш.

            Бұл
фактілер Абайдың ауыз әдебиеті, жалпы халық мұрасына қалай қарағанына дәлел
бола алады десек, ақынның халық мұрасына қалай қарап, оны қалай пайдаланғанын, әсіресе
өз еңбектері айқын көрсетеді.

            Абайдың еңбектерінде
ең алдымен халық ауыз әдебиетінен пайдаланған сөз, сөйлемдер, мақал-мәтелдер көп
кездеседі. Оларды Абайдың пайдалануы екі түрлі. Біріншісін халықта қалай
айтылса, сол қалпында өзгертпей қолданады да, екіншісін ел аузындағы түрінен өзгертіп,
сөз, сөйлемдерін өзіне құрап, кейде жаңаша мазмұн береді. Кейде сол мазмұнның өзін
қалдырып, сөз, сөйлемдерін басқаша етіп құрады.

            Өлеңдері
мен қара сөздерін қоса алғанда, Абай шығармаларында қазақтың елу үш мақал-мәтелі
бар. Мұның ішінде өзгертіп қолданғандары мен тура өз мағынасында қолданғандары
аралас. Өз мағынасында қолданылатындарының көпшілігі қара сөздерінде кездеседі.

            Мысалы, «Би
екеу болса, дау төртеу болады» (Абай, ІІ том, 171-бет), «Ырыс баққан, дау бақпас»
(Абай, ІІ том, 195-бет), «Бас басыңа би болсаң, манартауға сыймассың, бас алқаңыз
бар болса, жанған отқа күймессің» (Абай, ІІ том, 237-бет), «Өзін ар тұтқан,
жаттан зар тұтады» (237-бет), «Ағайынның азары болса да, безері болмайды»
(237-бет), тағы осы сықылды.

            Абай әр мақалды
өзінің бір керегіне жаратып, айтайын деген пікіріне лайықты түрде қолданады. Жоғарғы
келтірген мақал-мәтелдердің бәрі де халықтың ел бірлігі туралы айтқан даналық сөздері
десек, біз үзінді келтіріп отырған Абайдың «Үшінші сөзі» мен «Отыз тоғызыншы сөзі»
де осы бірлік туралы. Ақын сол тәрізді мақал-мәтелдерді келтіре отырып, ел
бірлігін, мінез-құлықты жөндеу, әртүрлі игілікті істерге жетектеу деген
тілектерді алға қояды.

            Абайдың
халық мақал-мәтелдерін қолдану жолдарының екінші түрі бұрынғы мақалдарының
негізін алып, өзінше құру дедік.

            Қазақта «Еңбек
етсең, емерсің» деген мақалдың негізіне сүйеніп, Абай:

 

«Еңбек етсең, ерінбей,

Тояды қарның тіленбей», (Абай, І том, 96-бет) -

 

дейді.

            Мұның алдынғыдан
негізгі мазмұнында өзгешелік жоқ. Бірақ Абайдың өзінде «Ерінбей еңбек ету», «Еңбекке
тіленшілікті қарсыма-қарсы қою» жөнінде қосу, толықтыру бар. «Талапты ерге нұр
жауар» деген қазақ мақалын Абай өзінше өзгертіп, толықтырып, былай деп
келтіреді:

 

«Кісіде бар болса талап,

Отырмас ол бойын балап,

Жүрер, әрқайдан ізденер,

Алар өз сүйгенін қалап», (Абай, І том, 91-бет) -

 

дейді.

            «Жарлының
бір тойғаны - шала байығаны» деген мақалдың үлгісін алады да:

 

«Бір тойған - шала байлық» деген қазақ,

Ет көрінсе қайтеді күйсей бермей», (Абай, І том, 169-бет) -

 

деп қолданады.

            «Қолың көтере
алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма», «Әлін білмеген - әлек» деген мақал-мәтелдердің
үлгісін ала отырып:

 

«Азат басың болсын құл,

Қолдан келмес іске ұмтыл», (Абай, ІІ том, 125-бет) -

 

дейді.

            Тағы осылар
тәрізді халықтың мақал-мәтелдерінің үлгісімен жасалған Абайдың өзіндік нақыл сөздері
аз емес.

            Өзінше құрап,
жаңаша мазмұн беріп, бірақ халықтың мақал-мәтелдерін қолдану, пайдалануда
Абайдың өзіне шейінгі ақындардан тағы ерекшелігі бар.

            Бұрынғы ақындар
халық мақал-мәтелдерін сол қалпында алатын да және ол мақал-мәтелдердің
ой-пікірлерінің бәрін бірдей дұрыс деп біліп, ешбір кемшілік таба алмайтын. Ал
Абай халықтың бай мақал-мәтелдерінің құнды, мазмұны терең дегендерін сол күйінде
алып, кейбіреулерін өзінше қайта жасап пайдаланса да, бірақ «Жылтырағанның бәрі
бірдей алтын» дей бермейді.

            Кейбіреулеріне
сын көзімен қарайды. Жалпы адам баласылық, халықтық идеядан аулақ, өрісі тар, ұсақменшіктік,
не тек қана ру шеңберіндегі пікірлерді ғана қамтыған мақал-мәтелдерге сын көзімен
қарап, оқушылар жұртшылығына олардың пайдалы, керектігі қайсы, керексізі қайсы
екендігінің бетін ашып берді.

            Қазақтың «Өзіңде
жоқ болса, әкең де жат», «Мал - адамның бауыр еті», «Малдының беті жарық,
малсыздың беті шарық», «Қарының ашса, қаралы үйіңе шап», «Ердің малы елде,
еріккенде қолда» деген бірнеше мақал-мәтелдерін келтіреді де, Абай оған былай
деп талдау береді.

            «Бұл мақалдардан
не шықты? Мәлім болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін
қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалай табуды білмейді
екен.

            Егер малды
болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, сұмдық, тіленшілік,
соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да жасай жүріп, мал тапса, жазалы демесек
керек екен.

            Бұлардың
жас баладан несі артық? Бірақ жас бала қызыл шоқтан қорқушы еді, бұлар дозақтан
да қорықпайды екен; жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса
да ұялмайды екен. Сол ма айырылғаны?..» дейді (Абай, ІІ том, 174-бет). Абай өзіне
шейінгі халық мұраларына сын көзімен қарап, жақсысын жаманынан аршып алғандығын
осының өзінен де көруге болады.

            Сонымен қатар
халықтың мақал-мәтелдерін қолдану, пайдалану фактісі Абайдың тіл қазынасы, сөздік
қоры ең алдымен өз халқының әдеби мұраларымен нық байланысты екендігін де дәлелдейді.

            Абай сөздіктерінің
екінші бір арнасы - араб, парсы тілдерінен кірген сөздер. Мұсылман мектебінде оқып,
дін кітаптарын көп аралап, шығыс тілдерінде жазылған классик әдеби мұраларды да
терең зерттеп, бір кездерде оларға еліктеген ақынның сөздерінде араб, парсы сөздерінің
кездесуі таңғаларлық нәрсе емес.

            Басқа
тілдерден кірген сөздермен салыстырғанда, бұл екі тілден кірген сөз, сөйлемдер
анағұрлым көп, Абайдың қолданған шет тілдеріне біз жасаған картотекалар да
осыны аңғартады.

            Абайдың өлеңдері
мен қара сөздерін қоса алғанда, араб, парсы тілдерінен 374 сөз қолданылыпты. Мұның
162-сі өлеңдерінде, қалған 212 сөз әңгімелерінде кездеседі. Бұлардың бірқатары
терминдер - әдебиет, ғылымдық, философиялық және діни ұғыммен байланысты сөздер.
Мысалы:

 

«Ғадәләт пен Мархамат ер азығы,

Қайда көрсең, болып бақ соған көмек».

(Абай, І том, 194-бет)

 

 

«Ақыл мен хаос барлығын,

Білмей дұр жүрек сезе дұр.

 

Мутәкеллимин, мантиқын,

Бекер босқа езе дұр!»

(Абай, І том, 196-бет)

 

«Құран рас, алланың сөзі дұр ол,

Тәһуәліне жетерлік ғылымның шақ».

(Абай, І том, 227-бет)

 

«Еннатайна қалқаусар,

Пошел дереу күнәкар...»

(Абай, І том, 36-бет)

 

            Абай өлеңдерінен
орын алып, ақынның жалпы сөздігінің бір бұтағы болған араб, парсы сөздерінің үлгілері
осылар тәрізді. Ақынның шет тілді қолдану мәселесі кейін жеке айтылатын болғандықтан,
әзірше, осымен тоқтала тұрып, Абай сөздерінің төртінші саласы болған орыс
тіліне келелік.

            Абайдың тіл
қорының тағы бір саласы - орыс әдебиеті арқылы кірген сөз, сөйлемдер. Араб,
парсы тілдерінен алған сөздері мен орыс тілінен алынған жеке сөз атауларды
салыстырсақ, соңғысы анағұрлым аз. Өлеңдері мен қара сөздерін қоса алғанда,
Абайда небары елу шамалы ғана орыс сөзі бар. Бұлардың көпшілігі - зат аттары
мен кейбір термин сөздер.

            Мысалы:
«Виноват, адвокат, коренной счет, пошел, ладан, нуль, прошение, судья, уезд,
съезд, волость, старшина, закон, чин, доктор, партия, пьяница, такт, поднос,
бутылка, рюмка, стакан, химия, лавка, барабан, самородный, уголовный, дознание,
образование, назначение, подвижный, элемент, минута, сила, притягательный,
однородный, интернат, здравомыслящий, занимайся, прямо, штык, картечь, форма,
альбом, монастырь, гулять, висит...» және орысшадан бұзып, қазақтың айтуына
лайықтап қолданған «Аршепка» (аршин), «Бақалшік» (бакалея), «Каталешка»
(каталажка), «Мелішсауда» деген сөздерді қоспағанда, Абайдың өлеңдері мен әңгімелерінде
кездесетін орыс тілі, әдебиеті арқылы кірген (ішінде шет сөздер де бар) сөздер
-  жоғарғы санап өткендер. Олардың көпшілігі
ақынның өз өлеңдерінде кездеседі, аудармасы мен қара әңгімелерінде мейлінше аз.
Мысалы:

 

«Адал жүріп, адал тұр,

Счетың тура келуге...»

(Абай, І том, 67-бет)

 

«Балам закон білді деп,

Қуанар ата-анасы...»

(Абай, І том, 66-бет)

«Қисық болсаң закон бар,

Судьяға беруге.

Ол да оязной емес қой,

Алуға теңдік сенуге...»

(Абай, І том, 67-бет)

 

«Бұл іске кім виноват?

Я Семейдің қаласы».

(Абай, І том, 66-бет)

 

тағы басқа осылар сықылды.

            Бұл
келтірген мысалдар Абайдың тіл байлығы, сөздік қоры, жалғыз өзінің ана тілі ғана
емес, басқа тілдермен тамырлас екенін, Абай тілін зерттеймін деушілер мәселенің
бұл жағын да қатты ескеруі қажет екендігін көрсетеді.