ВЕРНУТЬСЯ

            Ұлы
Октябрь социалистік революциясына шейін қазақ халқы талай ғасыр, талай тар
кезеңдерді басынан өткізді, Қызылбас, Жоңғар қалмақтарымен күресе отырып,
өзінің  елдігін сақтауға тырысты. Осындай
тарихи уақиғаның ізі, сәулесі болып әдеби мұралар туып отырды. Олардың
кейбіреулері уақиғаның жалпы ұлы сорабын 
сақтаса, ескірген сайын әңгіме де көмескіленіп, уақиғаға қиял араласып, шын
болған уақиға мен болуға мүмкін емес ғажайып нәрселер қатар келіп отырса,
кейбіреулері күні кеше ғана болып өткен, ізі суымаған тарихи уақиғаның
негізінде туды. Бұлардың ішінде айтылатын уақиға да, қатысушы адамдардың
іс-әрекеттері де тарихи шындыққа жақын, қиял-ғажайып уақиғалар мейлінше аз,
жоқтың қасы болып отырады. Осы жағынан қарап, алдыңғы әдеби нұсқаларды эпостық
жырлар деп атасақ, соңғысын тарихи жырлар деп атаймыз. Бұл екеуінің негізі бір,
екеуінің де түбінде тарихи уақиға жатады. Бірақ  эпостық жырлардың қаһармандары - атса  оқ өтпейтін, шапса қылыш өтпейтін, суға салса
батпайтын, отқа салса күймейтін қасиеттері бар және Бабай түкті Шашты Әзиз,
Қырық Шілтен  тәрізді бағып жүретін
иелері бар адамдар болып суреттелсе, тарихи жырлардың қаһармандары олардай
емес, ержүрек, күш-қайраты мол, оқ өтіп, қылыш кесетін жай адамдар. Тарихи
жырлардың уақиғалары да осы тұрғыда құрылады. Тілі жағынан алғанда да, батырлар
жырлары мен тарихи жырлардың айырмашылығы бар.

            Батырлар
жырына тән поэтикалық, ескі психологиялық параллелизм, шендестіру көбіне
әсірелеу, кейіптеулердің кейбір ескі түрлері десек, олармен салыстырғанда,
тарихи поэмалардағы қолданылатын көркем сөздерде жоғарыда аталған поэтикалық
тілдер мейлінше аз, көпшілігінде психологиялық параллелизм жоқ.

            Қазақ
ауыз әдебиетіндегі тарихи поэмалардың көпшілігін алсақ, ел өмірінде болған
тарихи уақиғалармен тығыз байланысты. Уақиғаның жалпы шындығы ғана емес, кейбір
ұсақ жағдайлардың өзі де тарихи мәліметтерге дәлме-дәл келіп отырады. Адам
аттары уақиғаға қатысушылардың сол кездерде шын болған, сол күрес- тартыстарға
қатысқан адамдар екендігін тарих арқылы айқындау қиын емес. Міне, осы
айтылғандарды қорытсақ, тарихи поэмалардың ерекшелігі келіп шығады.

            Бізге
мәлім Жәнібек, Қабанбай,  Бөгенбай батыр,
Сырым Датов, Исатай, Махамбет, Есет, Бекет батырлардың аттары, күрестерімен
байланысты туған жырлардың бәрі де тарихи жырлар. Бұл жырларды сол адамдардың
аттарымен байланысты тарихты зерттеп салыстырсақ, араларындағы жақындықтарын,
бірліктерін табу оңай.  Эпостық
поэмалардың бірен-сараны ғана болмаса, көпшілігі жөнінде бұны айта алмаймыз.

            Тарихи
поэмалардағы көбіне әңгіме болатын, әсіресе қалмақ пен қазақтардың XVIII
ғасырдағы тарихи соғыстары мен 
XVIII-XIX  ғасырдағы
хан-сұлтандардың қанауына қарсы күрескен шаруалардың көтерілістері.

            Әрине,
әдебиет тарих емес, тарихи күрес, уақиғалардың айнасы, сәулесі ғана. Сондықтан
тарихи мәліметтерді алып, сонымен тұп-тура шығуын одан талап етуге болмайды.
Кейде дәл келсе, кейде тарихи шындықтан аулақтап кетуі мүмкін. Олай болуы
заңды. Өйткені жырды туғызушылар ол уақиғаларды өзінше түсініп, өзінше баяндауы
-  суретшілерге жалпы тән нәрсе.

            Тарихи
поэмаларды кім шығарды, кімдер айтты бұл жағын білу де өте қажет. Өйткені қай
поэманың болсын идеялық мазмұны шығарушылардың қай таптың мұнарасынан қарап,
жырлаушының қай таптың көзқарасын қолдануымен тығыз байланысты. Эпостық
поэмалар тәрізді әуелгі негізгі халықтық идея, ой-пікірлерді жырлайтын
шығармалар болса да, кейінгі жырлаушылардың өзінің дүниетанушылығы, өзінің
таптық тілегіне қарай жамаған қоспалары мұнда да болуы мүмкін. Шығармалардың
идеясын ашуда сол қоспалардың да үлкен мәні болады. Бұл жағын тарихи поэмаларды
оқығанда, зерттегенде, айрықша есте тұтуымыз керек.

            Тарихи
поэмалардың үлгісі ретінде Бекетті алалық.

                                                  
Бекет - тарихта болған адам. Бекет 1822

Бекет                                      жылы туған. Ол - Көтібардың
немересі.  

                                                           Көтібардың   жеті    баласы     болыпты:

Есет, Серкебай,
Сарыбай, Сатай, Шынтемір, Матай, Бекет - Серкебайдың баласы. Жырдың шыққан кезі
- XIX  ғасырдың екінші жарымы.

            Исатай
мен Махамбет  бастаған  халық көтерілісінен кейін де халықтың ханға,
патшаға қарсы наразылығы сөнбейді. Сол көтеріліс жеңілгеннен кейін, іле-шала
бірден көтерілуге халық шамасы келмесе де, жорық аяғы басыла бастаған  кезде, көтеріліс лап етіп қайта тұтанады.

            1852-53
жылдарда ханға, патшаның отарлау саясатына қарсы Орынбор-Ақтөбе қотығының қазақтары
тағы көтеріліс жасайды. Бұл көтерілістің басқарушылары Есет пен Бекет болады.
Елді ұйымдастырып, жарақтандырып  алған
соң Есет пен Бекет сұлтан төрелерді шабу жұмысына кіріседі. 1855ж. 8 июньде
Арыстан правительдің «ордасына» 400 қолмен келіп тиеді, үлкен соғыс болып,
бірталай кісі өледі. Жырда Арыстанды Бекет өз қолыммен өлтірдім дейді.

 

Арыстан мінген
Көкқасқа,

Астынан алып мінгенмін.

Жібек баулы қолша
тон

Үстінен алып
кигенмін

           
Бүгін өліп кетсем де,

           
Арманым жоқ аллаға,

         
Талтаңдаған төрені

         
Сақалынан ұстап ап,

Қонаққа сойған
қозыдай

Қолымнан өлім бергенмін.

Өлтірген неше
төрені

Салмойын Бекет   дегенмін.

             Есет,
Бекеттер бір ғана емес, бірнеше төрені өлтірсе керек. Өлеңнің соңғы екі жолы
осыны  анықтайды. Есет, Бекеттің ойлаған
ойы патша үкіметіне қарсылық болса да, патша әскерімен ашық соғысқа келе
бермеген. Көбіне өзінің ішкі жауы сұлтандарға қарсы  күрес ашып отырады. Осы күрестің шарықтау
шегі Арыстан Жантөрин сұлтанның өлімі болды.

            Губернатордың
әмірімен Баймағамбет сұлтан осы уақиғадан кейін Бекетке өтірік дос болып
жүрген, өздерінің жасырын тыңшы- агенті Шерниязды жіберіп, Есетпен бітіспек
болады. Есеттен   Баймағамбетке елшілікке
Ерназар, Бекет келеді. Ол екеуін де ұстап Орынборға айдатып, түрмеге
отырғызады.  Кейін үкім кесіп, Сібірге
айдатады. Бірақ қарсылығын тоқтатпайды. Бекет ұсталған соң бұрынғыдан да үдете
түседі.  Жарақты көтеріліс 1858 жылға
шейін созылады. Есет, Бекет бастаған халық көтерілісінің даңқы алысқа кетеді.
Бұл көтеріліске сол кезде шет елде шығатын Герценнің «Колокол» атты журналы да
көңіл бөлген.

            Журналдың
1858 жылы ноябрьдің 15-де шыққан бір санында газет хабарын ескерте келіп:
«Орынбор шаруалары қырғыз Есет Көтібаровқа кешірім жарияланды деп тағы жазды.
Хиуа шекарасына не үшін көшпекші болғандығының таңғаларлықтай тарихын
жазбаулары өте өкінішті», - деп жазған.

            1858
жылдан кейін, соғысты үдете беруге Есеттің шамасы келмейді. Өйткені Хиуа ханына
сенімі кетеді. Көшіп бару туралы да, әскер беру жайында да Хиуа хандығы Есетті
нық сендіре алмайды. Екінші жағынан, патша үкіметінің елге де, Есетке де қысымы
күшейе бастайды. Көтеріліс жеңіліске ұшырайды. Есет амалсыздан келісімге
келеді. Оған «кешірім» жарияланады.

            «Бекет
батыр» жыры - тарихи жырдың өзіне тән ерекшелігін көрсетуге жарамды
шығармалардың бірі. Алдымен тарихи болған уақиға, қатысушы адамдары, олардың
іс-әрекеттері тарихи мәліметтерге өте жақын келеді. Бекеттің 1855 жылы
Арыстанды өлтіруі, 1856 жылы бітімге келеміз деп, губернатордың әмірімен
Баймағамбет сұлтанның алдап шақыртып, ұстауы, Сібірге айдалуы - бәрі де тарихи
шындық.

            Кейбір
ұсақ жайттар да дәлме-дәл шығып отырады. Тарихи мәліметте Бекет Арыстанды «1856
жылы 8 июньде таңертең келіп өлтіреді» десе, жырда да:

            Арыстан жатқан ордаға,

          
Таң сәріден тигенмін, -

 

дейді, тағы басқа
да осылар тәрізді тарихқа дәл келетін жерлер тарихи поэмалардан көп табылады.

            Бірақ
осы тарихи поэмалардың өзі де ауыздан-ауызға көшіп келген жырлар болғандықтан,
әр дәуірдегі, қоғамдағы үстем таптың көзқарасының тұрғысынан қаралып, бұрмаланғандары
да болады. Осындай көбірек бұрмаланған поэманың бірі - «Бекет» поэмасы. Тарихи
поэмаларды зерттегенде, мәселенің бұл жағы сөзсіз ескеріліп тұруы керек.

                                                           Тарихи       поэмалардың   екінші   бір                                                   

Исатай - Махамбет»             көрнекті үлгісі - «Исатай  - Махамбет».  
    

                                               Тарихи поэмалардың эпостық   поэмалардан
 және бір айырмасы көбінің авторлары мәлім
болады. Өйткені  мұндай поэмаларда
суреттелетін оқиға бергі заманда болғандықтан, оны жырлаушы ақындар да күні
кеше ғана өмір сүрген адамдар. Сондықтан, олардың аттарының сақталуы заңды.

            «Исатай
- Махамбет» поэмасының авторы Ығылман Шөреков Гурьев облысы Қызылқоға ауданы  Тайсойған деген жерде 1876 жылы туып, 1932
жылы өлген.

            Ығылман
Шөрековті жеке автор ретінде орта мектептерде, вуздарда өтеді. Сондықтан біз
бұл еңбекте оның тек бір поэмасына ғана тоқталамыз. Әңгіме тарихи поэма туралы
болғандықтан, өзіміз жақсы білетін тарихи поэманың біріне толығырақ тоқталып,
талдау беруді дұрыс деп білдік.

            «Исатай
- Махамбет»  - тарихи поэма.

            Ақын
бұл поэмасын ел аузынан болсын, қолына түскен тарихи мәліметтен болсын Исатай,
Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінің тарихын мұқият зерттеп, өте жақсы
меңгеріп болғаннан кейін жазған сияқты. Поэмаға қарағанда, ақын көтерілістің
тарихын жақсы біледі. Уақиғаның туу себебін, тарихи ізін ақынның жақсы білуі
поэманың бастан-аяқ өзінің тарихи поэмалық қасиетін дұрыс сақтауына мүмкіндік
берген.

            Бұл
поэмада тарихи поэмаға тән ерекшеліктер: уақиғаға қиял араласпай, реалистік
түрде суреттелуінде; уақиғасының, оған қатысушы адамдардың тарихи шындығында
деуге болады. Мәселен, поэмадағы суреттелетін кейбір эпизодтарды тарихи
мәліметтермен салыстырып көрсек, дәлме-дәл келіп отырады. Исатайды ақын
суреттей келіп:        

          Жасы он беске келгенде

           Қоныс етіп Нарынды,

           

          Қалың елмен бірге өткен

            Мың сегіз жүз жылдағы, -

 

дейді.
Ал мұның өзі тарихи мәліметке дәл келеді. Жайықтың бергі бетіндегі елден Бөкей
ханның бөлініп көшуі - 1801 жыл. Сөйтіп, Бөкей ханмен еріп, Жайықтың арғы
бетіне өткен ел кейін Ішкі Орда немесе Бөкейлік атанады.

            Тағы
да бір факті келтірелік. Ақын бір тарихи эпизодты:          

           Бір мың жылда сегіз жүз

           Және бір отыз алтыда

          
Ашуланып Жәңгір хан

          
Жарлық салды халқына.

          
Соғыс пәрмен бұйырды,

          
Өзіне ерген жалпыға, -

деп суреттейді.

            Бұл
да тарихқа дәл келеді. 1836 жылы 17 мартта Жәңгір хан Исатай, Махамбеттерді
ұстау үшін Қарауылқожа Бабажанұлын бас етіп, 522 адам қарулы әскер аттандырады.
Исатай, Махамбет 200-дей қаруланған жасақпен Қарауылға қарсы шығады. Бұлар 4
апрель күні Қиялымола деген жерде кездеседі. Поэмада ақын тарихи датаны
дәлме-дәл күйінде алған.

            Поэмадағы
уақиғаға қатысушылардың ішінде Исатай мен Махамбет сияқты белгілі батырлар ғана
емес, кейін елдің жадынан шыққан, аттары архивтерде, ескіде шыққан кітаптарда
ғана сақталған адамдар да бар:

Тап сол жылы Махамбет,

Отыз тоғыз жасында,

Есенғұл, Үбі, Таңатар,

Есенаман, Шекшекей,

Палуан Тәни қасында...

Қожақмет, Қалдыбай,

Әскердің түсті алдына-ай, -

 

дейді ақын.

            Үбі
деген адам  Исатай, Махамбет бастаған
шаруалар көтерілісінің  алғашқы дәуірінде
ұсталып, Сібір айдалады. 1836 жылы қашып келіп, көтеріліске қатысады. Тәни
палуан мен Қалдыбай екеуі де 1837 жылдың күзінде қолға түседі. Тарихшы
Рязановтың айтуынша, олардың екеуі де Исатай, Махамбетке шын берілген  адамдар болыпты. Хан-патша әскерінің
басшылары Исатайдың сенімді серіктерінің бірі Қалдыбайды қолға түсіріп алып,
Исатайды тауып бересің деп зорлап алып шығыпты. Бірақ Қалдыбай оларды Исатайдың
ізінен адастырып, Исатайлар әбден ұзап кеткесін,  оның жұртына алып келіпті.  Мұның тегін емес екенін біліп, әскер
басшылары «Сен мұны қасақана істедің» дегенде, тайсалмай мойындап, шынын
айтыпты. Осы Қалдыбай мен Тәни деген адам патшаға қауіпті адамдар есебінде 1837
жылы күз айында Орынбор түрмесіне қамалады.

Осы
айтылғандардың бәpi де бұл жырдың шын мәнінде тарихи поэма екендігін дәлелдейді.. Әйтсе
де жыр тарихи
емес. Сондықтан негізі тарихи шындық болса да, суреттейін деген уақиғасын айқын көрсетіп
беру үшін көркем
шығармаларда (тарихи бола тұрғанмен) кейбір шегіністер бола береді. Бұл жағдай
«Исатай, Махам­бет»
поэмасында да кездеседі. Мысалы, 1836 жылы 4 апрельде Қарауылқожаның әcкepi мен
Исатайдың жаcaғы
кездеседі. Бұл - шын. Тарихшылардың бәрі де мұны растайды. Бipaқ тап ол жерде ұрыс болмаған. Teгi, Қарауылкожалар
бата алмаған да, Исатайлар оларға
тиіспеген. Сөйтіп, қақтығыспай әрқайсысы өз бетіне кетеді. Ал поэмада ол арада үлкен соғыс болады, Исатайлар жеңеді, Қарауылқожа қашып құтылады.

Тарихи
тақырыпқа жазылған көркем шығармаларда ондай
шегіністер болатыны табиғи нәрсе десек, поэма негізінде
жоғарғы айтылған тарихи поэма болып қала береді. Бұл поэманың бip құндылығы, мінe, осы тарихилығында деуге болады. Поэманы оқып шыққанда адам
тек көркемдік әсер алып, өткендегі уақиғаны көз алдына келтіріп қана қоймайды, көтерілістің тарихынан да көп мәліметтер алады.

«Исатай
- Махамбет»
поэмасы 1836-1838 жылдары Kiшi жүзде хан мен сұлтандарға, би,
төрелерге қарсы Исатай,
Махамбеттің басшылығымен болған шаруалар көтерілісін суреттейтінін жоғарыда айттық. Бұл
езілуші шаруалардың
мүддесі үшін күрескен халық батырларының ерлік істерін көрсетеді.

Ақын
өзінің осы ұзақ поэмасында бұл көтерілістің болған кездерін, әрбір кезеңдерін,
тарихи желісін сақтай отырып, өзінше көтерілісті туғызған негізгі себептердің
бетін ашпақшы болады. Ақын өзінің 
поэмасында көтерілістің  шығуына:
қоныстьң тарылуы, шаруалардың жерінен айырылуы, бұл жерлерді, бip жағынан, патша өкіметінің отарлауы, екінші жағынан,
ханның өзі және  би, сұлтандар мен хан маңындағы
феодалдардың меншігіне  алуы болды дейді.

...Оныменен
қоймады,

Қонысты
қолдан кетірді,

Не болар халық жерден соң...

Хан
патшаны жақтады,

Қайткенменен
себептеп

Қалған
жерді жақсысын,

   Үлестірді Жәңгір хан,

   Хан төреге мүлік деп,

Қайғы
тартты көп халық

Аштан
бала өлед деп.

            Көтерілістің
тууының бұл негізгі бір cебебi десек, сонымен
қатар Жәңгір ханның тұсындағы адам айтқысыз көп
алым-салық та себеп болады. Бұл алым-салықтар халықты аяусыз қанауда ханның колданған дағдылы әдісі болатын. Ақын бұл жағдайды:

        

         Хан қарауы қазақтың

         Отыз мың үй саны бар.

         Ересе болған есепте

         Сексен мыңдай жаны бар.

 

Үй басына мал
санап,

Зекет түгел
салынар,

Хан салығы сол
болып,

Қазынаға алынар, -

деп суреттейді.

Ханның
зекет, алым-салығы туралы тарихи мәліметтер де осыны көрсетеді. Тарихшы Харузиннің айтуынша,
ханның бір жылғы соғымының өзі - 4 мың жылқы немесе ұсақ
малға шаққанда 24 мың қойдың мөлшеріндей болыпты. Бұл «Хан соғымы» деп аталатын алым-салықтың тек бip-aқ түpi. Ал ондай салықтардың түрлері
Жәңгірдің  кезінде 12-13-ке дейін
барған.

Cөйтіп,
жырдағы суреттеу мен тарихи фактілер бipiн-бipi дәлелдеп отырады.

Жоғарғы
айтылған шаруаларды экономикалык жағынан қанаудың үстінe халыққа рухани
қысымшылық көрсету де, ол кезде аз болған жоқ. Ығылман жырында бұл рухани қысымшылықтар да шебер
суреттеледі.

Патшадан
әскер алдырды, Қарсы қойып халқына,
Елге салғырт
салдырды,                 Соларды қатшы нандырды.

Төренi
төрге алып,                                 
Күнәсіз зарар тигізді

Бақ  шырағын жандырды.              Жалғыз бенен жартыға... -

Бақ беріп Шомбал,
Балқыға,

дейді.

Сөйтіп,
бұл поэма көтерілістің тууына себеп болған экономикалық және рухани
қысымшылықтарды, негізінен, дұрыс көрсетеді. Бұлармен қатар, «Исатай - Махамбет» поэмасында не басқа тарихи жырларда болсын, не басқа
ақындардың өлеңдерінде болсын өте сирек кездесетін бip пікір бар. Ол - хан мен жай халықтың араларындағы күрес тек бip күннің ici  емес, тамыры тереңде  жатқан нәрсе екендігін айқындау. Бұл Ығылманға дейін Махамбетте ғана кездесетін.  Махамбет Баймағамбетке:

Ежелден табан аңдысқан,

Ата дұшпан сен
едің,

Ата жауың мен едім.

Ежелгі дұшпан ел болмас

Етектен
кесіп  жең болмас,

Ақсүйектің баласы,

Маған оңаша жерде жолықсаң,

Қайраннан алған
шабақтай

Тамағыма салып ас етсем,

Тамағыма
қылқаның  кетер демес ем, -

дегенде, хан тұқымдары мен
бұқара халықтың жаулығы әріден келе жатқандығын аңғартатын еді. 
Ығылман ақын сол пікірді кеңейтіп, көпшілікке түсініктірек етіп, айқындай түседі.

Тарихи
жағынан алғанда, ақынның бұл пікірінің мына тәрізді шындық негіздері болды: халық пен хан, сұлтандардың арасындағы күрес тек Жәңгірдің тұсында ғана болған
жоқ,  Әбілқайыр, Eciм хандар Барақ, Сырым
бастаған көтерілуші халықтың қолынан өлді. Сырым батыр бастаған даңқты шаруалар
көтерілісі 14 жылға созылды. Хан, би,
сұлтандардың, феодалдардың қанауына төзе алмаған шаруа халық белгілі-белгілі кезеңдерде қарулы күшпен қанаушыларға қарсылық  білдіріп отырды. Бұл жағдайларға ел аузындағы әңгімелерден қанық Ығылман ақын хандар мен шаруалардың арасындағы күрестерді ежелгі кекпен байланыстыра келіп:

 

    Хан патшаны жақтады,

    Ішіне түйін сақтады,

    Ханнан жәрдем күткендер,

    Әділшілік таппады.

    Қазақта кеткен ата кек

    Түсіріп еске жоқтады.

    Дұрыстық қалай істесін,

    Есіне қалай түспесін,

    Қазақтардың қолынан,

    Есімнің қаза тапқаны,

Айқай
салып ұрандап,

Нұралы
ханды шапқаны.

Әбілқайыр бабасын,

Тіле шауып сабасын.

Барақ батыр өлтіріп,

Мұқата тауын шаққаны.

 

Елге нағып хан сенсін

Атасын шапқан

                      
шулатып,

Қызыл қанын саулатып,

Талай да жыртқан

                      жағасын, -

 

дейді.

     Поэманың қаһармандары да мұны жақсы ұғынады. Хан, ақсүйектер атынан
сөйлеген Жәңгір мен халық атынан сөйлеген Исатайдың сөздерінен де әріден келе жатқан ecкi кек айқын
көрінеді.       

Исатай ханға:        

         Әбілқайыр, Нұралы,

         Айшуақ, Есім, Ерәлі

         Қайырсыз хандар сол еді,

         Қазанын қоймай тепкенім, -

десе, хан
Исатайға:

Қашаннан қазақ
қайырсыз,

Қай iciнe
ceнepмін,

Қара қазақ
шулаған,

Қастассам сені
жеңемін, -

дейді.

Поэманың нeгiзгi
идеясы езілуші шаруалар табының езуші үстем
тап өкілдері - хан, сұлтандарға қарсы ерлік күрестерін көрсету болса, ақынның өмірге осы мұнарадан 
қарағандығы шығарма желісінің ұзына бойына өзек болып отырады. Поэманы зер салып оқыған
оқушыларға мұны аңғapy қиын емес. Сондықтан ақынның таптық көзқарасын aшуғa өте қажет деп санаған
поэманың кейбір жақтарына тоқталып
өтелік.

Ақынның
көзқарасын айқындауда ерекше орын алатын, айрықша мәні 
бар нәрсе - поэмадағы адам образдары.
Қай ақын, қай жазушы болсын, өзінің өміргe көзқарасын, ой-пікірін шығармада суреттелетін адам образдары арқылы айтып береді десек, Ығылманньң осы дастанында да бұл бірінші  орынға қойылады. Поэмадағы  айтайын
деген таптық ой-пікірін де осы шығарманьң негізгі бас қаһармандары
Исатай, Махамбеттердің айналасынан табуға
болады. Сондықтан бұл екі образ айрықша тоқталуды керек етеді.

                                                 
Поэмада Исатай, ең алдымен, халқын,

Исатай образы                         Отанын тереңнен    сүйген,     езілуші   

                                                  
шаруалардың мұңын жоқтап, жырын

жырлаушы ба­тыр образы болып суреттеледі.
Ақын мұның былай болуын
батыр өз халқын шын сүйген адам еді, оның ата-бабаларының бәpi де халық үшін күрескен батырлар еді деп дәлелдейді.

Халықтың
хан, сұлтандардан тартқан экономикалық және рухани қысымшылықтарын күнбе-күн сезіп көрген, сондықтан әділетсіздікке,
қорлыққа, хан, сұлтандарға, залым билерге қарсы өзі  бас
көтеріп, шаруалар көпшілігінің оларға  деген қарсылығын
бірінші рет ашып айтушы Исатай болады.

            Поэманың  композициялық байланысы   болып 
саналатын
жері -  мырза мен кедейдің хан алдына жүгініске келген жерінде, Исатайдың хан
төрелігін  әділетсіздік деп тауып, айтқан сөзінің өзінен-ақ
Исатайдың кімнің жоқшысы  екендігі 
және ханның бұл әділетсіздігі кездейсоқ емес, белгілі жүйеге айналғандығы ашық көрінеді.

      Батыр ханға:

Хан
не сенің неткенің,

Нашарға
жәбір еткенің.

Бip осы емес, көп болды,

Түзуліктен
кеткенің.

Мықтыға
момын күш қылмас,

Пақырды
неге шеттедің.

Аудара
қарап, сөз сұрап,

Анығын
тауып жетпедің, -

 

дейді.

Батырдың халық үшін xaнғa
қарсы күресінде бұл - негізгі пікіp. Исатай, Махамбет осы пікірді  ту етіп көтереді де, сол үшін күреседі, сол үшін қандай
қиыншылыққа болсын бел байлап
майданға шығады, басқаларды да осыған үндейді, «Халықты
хан, сұлтандар езіп отыр, соларғa қарсы күреске шығу керек» деген
пікірді ұсынады. Ел арасындағы өзара ру
күрестерінен аса алмай, күш-құралы осы
айналадан оза алмай жүрген рубасы, би, батырларға Исатай:

 

         Батыр
десе, нанғаның,

         Топтан торай шалдырмай,

         Елден
пұшпақ алдырмай,

         Қайсың елді қамдадың? -

дейді. Батырдың халық қамы,
ел бағы деген пікіpi поэманың ұзына бойына суреттелінеді.

Поэманың  eкінші бip жерінде батыр:

 

Адыра қалған
Нарында,

Ат мініп, садақ
асынып,

Астана қамын
ойладым.

Тобымнан торай шалдырмай,

Елден пұшпақ
алдырмай,

Қалай етсем екен
деп

Heгізгe терең
бойладым, -

деп, өзінің  негізгі ой-пікірін жоғарғыдан гөрі де ашық айтады. Сонымен қатар ол жеке
қара басының қамын ойлаушыларға, өз басын ел тілегінен  бөліп алып, халықтың наразылығын өз мүддесіне пайдаланамын
деушілерге мейлінше қарсы болады.
Қайыпқалимен сөйлескен батыр тура оның бетіне
айтады.

Хан Жәңгірмен бақ
үшін,

Талас қылсаң тақ
үшін,

         Өзің үшін қылғанды,

         Халықшыл ерден санадың, -

 

дейді.

Сөйтіп,
ақын поэмасында Исатайды өз басының мүддесінен ел мүддесін жоғары санайтын, сол пікірді арман еткен адам етіп суреттейді.

Исатайдың
сыртқы портреті, мінездері, ішкі күйініш-сүйініші, әр жағдаймен байланысты оның басындағы психологиялық моменттерінің  бәрі де жүйелі түрде Иса­тайды ел қамын жеген батыр етіп көрсету тілегінен
туып отырады:

Әділдігін
сұрасаң,                                        

Қастаспаған момынға

Жәбір-жапа қылмады.

Қайсарлығын сұрасаң,

Бөксе бұрып орнынан,

Хан келсе де қыңбады.

Сабырлығын
сұрасаң,

Өзі айтқанда аз
сөйлеп,

Кісінің  сөзін тыңдады.

Батырлығын
сұрасаң,

Қaтepiн тіккен
дұшпанмен,

Қан төгіспей
тынбады.

Жасы
он беске келгенде,

Жұрт
пайдасын ойлады.

Жиырмаға
келгенде,

Оза
шауып бәйге алды.

Жиырма
беске келгенде

Астананың
қамы үшін

Түн
ұйқысын бөлгенде,

Түгесілмес
қайғы алды, -

деп суреттейді. Басқа мысал
алмай-ақ осы үзіндінің өзіне тоқтасақ та, батырдың мінез-құлқы, ой-пікірі  басқалардан ерекше, халық мүддесін ес  білгеннен бepi ойлаушы адам етіп суреттейтіндігін және
оқушыларына әсер етуі жағынан шебер мінездеу екендігін көру қиын емес.

Исатайдың образы батыр
образы болғандықтан, оның ерлік icтepi де
көрсетілуі керек. Бұл жөнінде де поэмада шебер суреттелген эпизодтар аз емес. Ең алдымен, Иса­тай қорқуды білмейтін ержүрек адам бейнесінде
суреттеледі: ол түтеген оқтың астында
ту ұстап тұрады, түтеген оққа жалғыз
шаба да біледі. Оның бұл ерліктеріне поэ­мада айрықша орын беріледі.

            Поэмада, әcipece шебер көрсетілген нәрсе - Исатай­дың елді ұйымдастырушылық қабілеті мен халық алдында, жолдастарының арасында
беделділігі.

            Исатай
Ығылманның
суреттеуінше, тек  жалаң күш иесі батыр
ғана емес, оның үстіне ол - әрі ақылды, әрі шешен, әрі әділ, әрі істің түйінін
тереңнен толғап шеше алатын адам. Шынында, Исатайдың осы сипаттамаға жақын
болғандығы рас. Мұны тарихи мәліметтер де растайды. Ығылманның суреттеуінен
тарихи мәліметтердегі бір өзгешелік - Исатайдың тым бірбеттілігі, өз айтқаны
болмаса болмайтындығы. Исатайдың бұл осал жағының бірі. Поэмада ол жағын не
мүлде айтпайды, не жұқалап айтып өте шығады. Тегі, ақын Исатайды ұнамды
қаһарман етіп көрсетпек болғандықтан, оның кемшілік жағын көрсеткісі келмеген.
Ақын өзінің алдына қойған осы мақсатын шебер түрде орындап шыға алған деуге
болады. Исатайды тек батыр етіп көрсетпей, оны дана, әділ, шешен адам етіп
суреттейді. Бұл үшін ол адай, әлім, табын руларының арасындағы ру дау-жанжалын
бітірмек болғандағы Исатайдың айтқан билігін келтіреді. Мұнысы өте орынды деуге
болады. Өйткені өзара ру тартысымен шырмалып жүрген араз руларды әділ билік
айтып бітістіріп, оларды хан, сұлтандарға қарсы күш етіп ұйымдастырады.

     Исатай әлімнің батыр, билеріне:

Көтібар мен Арыстан,                 
Байұлыны жатым деп,

Күлептің ұлы Жүсіп би,              
Адамдық жолды ұмытып,

Адайменен жау болып,               
Айуан малша тоғыспа!

Таласқаның қоныс па?                
Қырымға салып көздерін, 

Ордаңды тіккен құлатып,           
Бірлік тауып өздерің

Өзіңді-өзің өлтіріп,               
       Қайратың болса шықсайшы

Қолданғаның соғыс па?              
Хан, патшамен ұрысқа, -

дейді.

         Бұл үзіндіден аңғарылатын және бір
құнды пікір - Исатайдың ру тартысына ашық қарсылығы. Бұрынғы және сол кездегі
елдің билері, батырлары ру ұранының астында күресіп келсе ( бұл бір кездерде
Исатайдың өз басында болуы да мүмкін), Исатай оның орнына басқа күресті - патша,
хан, сұлтандарға қарсы күресті үндейді. «Қоныс керек болса, патша отаршылары
мен хан меншігіндегі жер үшін күрес, сол үшін соғыс», - дейді. Бұл дәл осы
кезде батырдың рушылдық тілектен анағұрлым асып, жерсіз халықтың, шаруалардың
мүддесі мен тілегі қабысқандығын көрсетеді. Батырдың бұл пікірін Жаспамбет1
бимен сөйлескеннен кейінгі қимылдан да анық көруге болады. Жаспамбет
Исатайға: «Берішке тиме, ауылыңды сақта», - дегеннен кейін де, Исатай Беріштің
ханды жақтаған Балқы тәрізді билерінің есігін түріп қойып, шауып алады.

          Исатайдың ел алдында беделі зор. 1837 жылы
Исатай Жайықтың бергі бетіне өткенде, бұл жақтағы ел оны құшағын жайып қарсы
алады. Араздасып жүрген Әлімұлы, Байұлының жалпы халқы - ру арасындағы араздық
мәселесін шешуге Исатай батырдың өзі кірісті дегенде, ел арасындағы
дау-жанжалдың аяғы бітіммен тынады деп күні бұрын сенеді. Тіпті жұрттың бәрі
оны көруге ынтық болады: кәрі-жасы көреміз деп әдейі келеді. Ақын жалпы
көпшіліктің бұл ынтасын поэмада былай деп суреттейді:         

          Бастығы Қабыл көп адам,                 Қалың Кете қуаныш,

          Жаяулап ерге көрісті.                        Зор шаттыққа ерісті...

          Көрісіп сәлем берісті,                         Көрем деп келді кей

                                                                                                шалдар,

         Атағы шыққан жасынан,                     Көкірегі күрілдеп,

         Ел үшін туған ер-ді деп,                      Буындары дірілдеп...

         Бітірмей қоймас елді деп...

  

Бұл
үзіндіден біз Исатайға жай халықтың көзқарасының қандай екендігін білсек, мына
төмендегі уақиғадан өзінің сарыаяқ жолдастарының оған қалай қарағандығын және
көреміз. Мысалы:

            1838
жылғы 12 июньде Ақбұлақ бойында болған соғыста Исатайдың атына оқ тиіп, жау
ішінде жаяу қалады. Өлім аузында жүрсе де, жолдастары оны тастап кетпейді, ол
үшін өздері жаудың ортасында қалуға разы болып батырға аттарын ұсынады. Бірақ
Исатай қашуды әрі ар көріп, әрі жолдастары үшін өзі құрбан болуға бел буып,
оларға рақмет айтып қалады да, өзіне оқ тигенше сол жаяу күйінде соғыса береді.
Ақын Исатайдың жаяу қалған жерін былай суреттейді:     

         Жығылған аттан жылдамдап          «Ой бауырымдап» екеуі,

         Суырып
алып аяғын,                      Атына қамшы
басады.

         Тізесін
батыр бүгеді.                       Шауып
келіп ер Үбі,

         Саржасын
жауға тігеді.                   «Мен
өлейін, сен кет» деп,

         Қасында
жүрген жолдасы               Батырға атын
тосады, -  

         Махамбет
пен Үбі еді...

  дейді.

________________

1Поэмада Жақсымбет
делінген, дұрысы Жаспамбет.

Жалғыз
бұл емес, ақын поэманың көп жерінде Исатайды халықтың, жолдастарының қалың
ортасында көрсетеді және олардың батырға деген тереңде жатқан сүйіспендігін
суреттейді.

            Исатайды образ ретінде сөз еткенде,
жоғарғы айтылып өткен оның ой-пікірін, тілек-мақсатын, ерлік ісін, мінезін,
оған жалпы халықтың көзқарасын, қарым-қатынастарын суреттеумен қатар, оның
басында болған сезім дүниесін, ішкі психологиялық жағдайларын қалай көрсете
білді, бұл жағы да айрықша тоқтауды қажет етеді. Өйткені образ бір адамның
басына жинақталған бірнеше адамның мінез-құлқы, іс-әрекеттері болумен қатар,
оқушыларға жеке адам бейнесінде көрінуі керек. Психологиялық күйініш-сүйініш -
әрбір адамға тән нәрсе. Исатай образы - бұл жағынан да құнды образдың бірі.

            Исатай
поэмада бастан-аяқ бірқалыпта суреттелмейді, кейде оның ерлігі, кейде оның
басындағы ауыр жағдайымен байланысты қайғы-қасіреті де суреттеледі. Бұл көркем
образ үшін заңды да, орынды да. Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі
өзінің ерлік күрестерінің ұзақ жолында талай сәтсіздіктерге ұшырап, талай
қиыншылықтарды басынан кешірді. Көтерілістің әрбір сәтсіздігінде, өз бастарына
кездескен қиын-қыстау тар кезеңдерде қанша батыр болса да, кей кезде олардың да
налу, қиналу, тарығу сияқты кездері болуы мүмкін. Ақын мұны көрсетпесе, Исатай
жеке тұлға, нанымды образ болып шыға алмас еді.

            Исатайдың
күйініш-сүйінішін қалай суреттегенін айқындау үшін төмендегі үзіндіні келтіруге
болады.

Бір
жерінде ол:

Ат жалын тартып мінгесін,        
Байтақ елден бездіріп,

Атымды ел білгесін,                   
Аяғымнан тоздырып,

Қарсыласқан дұшпаннан,          
Сарпалдаңға түсіріп.

Тауы қайтпаған мен едім.          
Жаратқан алла жасаған,

Күні бір бүгін болғанда,         
      Қарғаған құлың мен болдым...-

деп налыса да,
бірақ сол налумен ол қалып қоймайды, қайратына қайта мініп, жолдастарына да
қайрат беріп, ерлікке,күреске үндейді.

Екінші
жерінде ақын оны:                                    

         Бұл
сөзді айтып Исатай

         Буырқанды, бұрсанды,

         Мұздай темір құрсанды,

         Жайылған атын алдырып,

         Үстіне тұрман ер салды.

         Сиыр түсі болғанда,

         Сағыздан өтіп зең салды, -

деп суреттейді.

            Қорытып
айтқанда, Исатай образы - өте шебер жасалған образ. Оның портретін, мінезін,
күйініш-сүйінішін, өзіне лайықты ерлікке тән сөздерін шебер бере білумен қатар,
Исатайды өз отанын шын сүйген, өз мүддесінен халық мүддесін, ел тілегін артық
санайтын батыр етіп көрсетуі ақынның шын мәнінде толық көркем образ жасап
шығара алатындығын көрсетеді. Поэмада басынан аяғына дейін Исатайды халық
мүддесі үшін күрескен ер етіп көрсетуі - оның біздер үшін керекті, құндылық
жағы. Исатай образының мәні де осында деп білуіміз керек.

                                               Поэмада Исатаймен қатар  суреттелетін    

Махамбет образы                         қаһарманның
бірі - Махамбет. Махамбет

                                                 
образының  жасалу түрі де
негізінде Исатайға ұқсас. Бұл да халқын тереңнен сүйген патриот, қамалға
айнымай шабатын шын мәніндегі батыр образы. Ақын поэмада жай адамның жүрегі
шошитын қиын кезең - Махамбеттің жауға шабуына дем, рух беретін кезең болушы
еді деп суреттейді.Оқ қардай борап, жұрттың беті қайтып, шабуылға бара алмай
тұрғанда Махамбет келіп:                             

         Бұл күнге дейін тудырып,

         Осынша қолды қырдырып,

         Тұрғаның ерлер қалай? -

деп жұртқа жігер
береді де, қолды бастап шабуылға енеді. Одан әрі Махамбет бастаған шабуылды
былайша жырлайды:

Бәйге тарлан астында,                  
Тұра алмады дәт тұтып,

Жалғыз айыл төсінде,                   
Кездескесін өшімен.

Ата аруағын қоздырып,               
«Ағатайлап» ат қойды,

Айырылды батыр есінен,             
Аянсын батыр несінен.        

Махамбеттің
бұл тәрізді ерліктері басқа жерлерде де осы бағытта суреттеледі. Біздің негізгі
айтайын дегеніміз оның ерлігін қалай көрсеткендігі емес, Махамбет образының
Исатай образымен бірлік жақтары, ол түсіндіруді, талдауды қажет етпейді,
олардың айырмашылығы қайсы, міне, осының бетін ашуымыз керек.

            Махамбет
қолбасы батыр болумен қатар, көтерілісшілердің жалынды үгітшісі, әрі көпшілікке
рух беруші сөз шебері, зор талантты ақыны. Махамбеттің Исатайдан бір өзгешелігі
- осы. Ығылман Махамбеттің осы ақындық жағын, ерлік ұраны болған үгітшілдік
поэзиясының өзіне тән ерекшелігін және көпшілікке қандай түрде әсер еткендігін
баса көрсетеді.  

            1836-1837
жылдардағы Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырап,
ақыры 1837 жылдың қысында оларға Жайықтың арғы бетінен бергі бетіне өтуге тура
келді. Қол әбден ыдырап, Исатай, Махамбеттің қасында 40 шамалы адам ғана қалды.
3 мың жарымдай көтерілісшілерден 40 адамның қалуының өзі-ақ олардың қандай
сәтсіздікке ұшырағандығын айқын көрсетеді. Бұлар сегіз айдай айнала қамаған
қуғында болады. Жайықтың бетіне мұз қатқасын қыстыгүні өтті. Талай қиыншылықты
бастарынан кешіреді. Бұл әркімге әртүрлі әсер етеді. Кейбіреулер қатты мойып та
қалады. Сол қиыншылыққа төзе білген адамның бірі Махамбет болады. Осыларды
суреттеп Ығылман былай дейді:      

Жайық еді Төлеген 1                       Үйренген жастан жерді
айтып,

Әңгіме топта қозғаған.                
Боталы нардай боздаған.

Алла деп аузын ашқанда,           
Махамбет батыр секілді,

Тасқын судай жылысып,              Қайрат беріп сөз айтпай,

Бір сөзден бір сөз қоздаған.     
   Қайғыға салып сөйлейді,

Қамауда қалған елді айтып,        
Қалған деп неміз тозбаған.   

Ығылман
Төлегеннің ақындығына шек келтірмейді. Бірақ Махамбеттей бола алмады. Махамбет
сондай тар кезеңнің өзінде де уайымнан аулақ болады. Оның батырлығы, ерлігі тек
жауымен айқасқан майданда ғана емес, басқа қиыншылық кездерде де бір қалпынан
өзгерген жоқ деп, сол үшін дәріптейді және сол үшін оны басқаға үлгі етеді.

            Ақынның суреттеуінше, Махамбеттің
патриоттығы, өз мүддесінен халық мүддесін жоғары санауы, бұл идеяға түгел
берілгендігі, әсіресе хан елшілері келген жердегі сөзінен айқындалады.

         Тарихшылардың айтуы бойынша да, бұл
поэмада да Махамбет - көп мәселелерде Исатайдан гөрі көтерілістің мақсатын
орындауда шешіне қимылдаған адам. Кей кезде Исатайдың басындағы болған
солқылдақтық онда болмайды. Ханмен бітімге келу, ханның ойлауына кеңшілік беру
мәселесіне Махамбет қарсы болады. Осымен байланысты Махамбет хан елшілері
туралы Исатайға:

Хан елшісі келгенде,                   
Әскерге хабар жолдап жүр,

Махамбет айтты батырға:          
Ендігі тілді тыялық

-
Осының бәрін өлтіріп,             
Бекмағамбет туғаным,

Бастарын деді қиялық.             
   Өлтірем десең, маған қош,

Осылар бізді алдап жүр,            
Жүрмеңіз менен ұялып, -

 дейді.

            Бұл
жағдай тарихта да осылай айтылады. Махамбет көтеріліс

 

___________________

1Төлеген - сол
көтерілістің ақыны.

тілегі, ел мүддесі
үшін ханды жақтаушы туған ағасын да аямайды. Ол заңды. Өйткені екеуінің
мүдделері екі басқа таптық лагерьдегі адамдар. Халық мүддесінің күресшісі - Махамбет,
сондықтан да бастығы өзінің туған ағасы етіп көтеріліс жолына құрбандық етпекші
болады.

         Біз Исатай, Махамбет образдарына
жекелеп тоқтадық. Бірақ поэмада басқа батырлардың да ерлік істері аз емес.
(Қабылаyбай, Қалдыбай, Тәни, Үбі т.б.) Ақын сол ерлердің ерліктерінің жиынтығы
етіп Исатай, Махамбеттің образын жасауды мақсат еткен және ол тілегін орындап
шыға алған. Екеуін де кейінгі ұрпақ үлгі аларлық патриот, Отанын сүйген халық
қаһарманы етіп көрсете білген.

            Ақын
поэмада бұларға қарсы екінші топты да суреттейді. Олар - хан, сұлтан, хан
жақтаушы билер. Оларды жырда халықты езуші, қанаушы, бастан-аяқ халық дұшпаны етіп
көрсетеді. Бұл жерде ақын әрі шындық өмір құбылысын дұрыс көрсетсе, әрі ол өмір
құбылысына өзінің езілуші шаруалар көзімен қарағандығын, демек, ақын сол
шаруалар табының идеясын қолдаушы ақын екендігін де айқындайды.

            Бұл
жерде поэманың өте бір шындық, құнды жері - ханның жалпы халық ішінде тірегі аз
болғандығын дұрыс көрсете білушілігі деуге болады. Халықтың көпшілігі шаруалар
көтерілісіне түгелдей қатысты. Үстем таптардан да көтеріліске ерушілер болды.
Олардың кейбіреулері уақытша аңдысын-аңдау мақсатымен, кейбіреулері «көп
қорқытады, терең батырадының» кебімен ерді. Қалай дегенмен де хан маңында ат
төбеліндей сұлтан, төрелермен жалғыз-ақ ноғай руы ғана қалды. 1835-1837 жылғы
көтеріліске тікелей қатысып, араласа алмай қалған Жайықтың бергі бетіндегі
Әлімұлы, Байұлы, Табын елдерінің бүйректері Исатай, Махамбеттерге бұрды. Бұл,
әсіресе тар кезеңде айқындалды. 1837 жылдың қысында 40 жолдасымен Исатай
қысылып, Бөкейліктен Жайықтың бергі бетіне өткенде, бұларды ханның, Геккенің,
Баймағамбет, Қарауылқожалардың әскерлері айнала қамап, қыспаққа алады. Өкшелеп
қуып арттарынан қалмайды. Сол кезде Жайықтың бергі бетіндегі халықтар оларды
әрдайым жасырып отырған. Бұл жағдайлар поэмада тарихи мәліметтерге дәл нақтылы,
шындық түрінде көрсетіледі. Ақын ол жағдайды:         

          Жайықтан бермен өткенсін,

          Жоғары қарай өрледі.

          Қарасын елдің көрмеді.

          Қаны қызған көп халық,

          Бұларменен астасып,

          Ханға хабар бермеді, -

деп суреттейді.

            Біз
бұған дейін поэманың жақсы жақтарына, біздер үшін бағалы, керекті деген
жақтарына тоқталдық. Бірақ  бұл
айтылғандардан жалпы алғанда ақынның көзқарасында қайшылық жоқ, жыр кемшіліксіз
деген қорытынды шығаруға болмайды. Алдымен ақында ескі феодалдық көзқарастың
қалдығы бар. Ақынның қазақтың өткен билеріне арнаған өлеңінде халық үшін
күрескен Сырым сықылды батыр, шешендерді дәріптеумен қатар, қазақ билерінің
бәрін де ел қамқоршысы етіп көрсетпек болады. Бұл бір.

            Екінші,
Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісі кезінде мүдделері олармен уақытша
ғана біріккен рубасы билерді де Исатай, Махамбетпен бір сатыға қоймақшы болып,
кей жерінде оларды да дәріптейді. Ақын рубасы билердің көтерілісті өз мүддесіне
пайдалану мақсатын әрдайым есінен шығармағандықтарын түсінбейді.

            Поэмадағы үшінші және негізгі кемшілік - көтерілістің
жеңілуін кездейсоқ, хан, Гекке, Баймағамбеттердің әскерлерінің күтпеген
жерден  кездесуінен, олардың
қару-жарақтарының күштілігінен деп қана біледі. Бірақ ол көтерілістің жеңілуіне
негізгі себеп емес еді. Әрине, бұл үшін біз ақынды кінәламаймыз.Өйткені бұл
мәселенің негізгі себебін дұрыс түсіну оның шамасынан шалғай еді. Шаруалар
көтерілісінің қай уақытта жеңіске, қай уақытта жеңіліске ұшырайтындығын дұрыс
ұғынуды онан талап ету де орынсыз болар еді. Ол өзінің дүниетануынша, өз
түсінігін, өз көзқарасын айтып берді. Мұны біз ақынды кінәлау үшін емес, факт
ретінде ғана алып, терістігін әділ түрде сынап өтеміз.

            Көтерілістің
жеңілуі кездейсоқ емес. Пролетариатқа арқа сүийемеген және жеке партиясы жоқ,
стихиялы түрде басталған шаруалар көтерілісі болғандығы, бұл көтерілістің
жеңіліске ұшырауының негізгі себебі болатын. Өйткені ол кезде шаруалар
көтерілісінің жеңіп шығуына керекті жоғарғы айтылған жағдайлар туған жоқ еді.
Міне, мазмұны жөніндегі негізгі кемшіліктер осылар.

            «Исатай
- Махамбет» поэмасы, жоғарыда айтқандай, көркемдігі жағынан да құнды
поэмалардың бірі. Сюжетті уақиға құрып, белгілі бір желіде шығуы, поэманың
композициясы шебер құрылғандығын көрсетеді. Әсіресе, поэманың белгілі жағы деп-ақынның
адам образын жасаудағы шеберлігін, ол образдардың айналасында айтылуға тиісті
идеялық мазмұнды, пікірді шығарманың жалпы идеялық мазмұнына қабыстыра
алушылығында деуге болады. Ақынның бұл жөніндегі табысына Махамбет ақын да
ортақ. Өйткені Ығылман Шөреков Махамбет өлеңін тек жатқа білуші ғана емес және
соған еліктеуші. Зор талант Махамбетке еліктеудің арқасында, адам образын
жасауда болсын, тіл көркемдігі жағынан болсын Ығылман Махамбеттен көп нәрсені
үйренген. Әсіресе, шабуыл жағдайын суреттеуде Ығылман Махамбетке ашықтан-ашық
еліктеген.

            Жоғары
кемшіліктерін ескере отырып, жалпы алғанда, поэма мазмұны жағынан болсын,
көркемдігі жағынан болсын құнды тарихи поэмалардың бірі саналады.