ВЕРНУТЬСЯ

   а) Ирония. Ирония, сарказм, гипербола, литотаны бұрынғы
поэтик тіл туралы еңбектердің бірқатарында (А.Виноградов), тағы басқалар
образды сөздердің жеке түрі деп қарайтын.

Жоғарғы дәрежелі оқу орындарында қолданылып жүрген кейбір оқу
құралдарында Г.Н.Поспелов («Әдебиет теориясы», 51-бет), Л.И.Тимофеев («Әдебиет
теориясының негіздері», 102-103-беттер), Б.Томашевский («Әдебиет теориясы»
(поэтика), 39-бет) тропаның ерекше бір түрі деп талдайды. Ирония мен сарказмды
А.Тимофеев те, Б.Томашевский де бір нәрсе деп танып, сарказм деген сөзді мүлде қолданбайды.

Г.Н.Поспелов «Сөздік ирония, идеялық ирония» деп екіге бөледі
де сол кітаптың 187-бетінде «Иронияның ең жоғарғы сатыдағы түрі сарказм
аталынады» деп ескерту береді.

Бұл авторлардың ирония, сарказм, әсіресе гиперболаларды
тропаға, оның бір түрі метонимияға жатқызуы дұрыс па, жоқ па, оны ашық қалдырып,
поэтик тілдердің бұл түрлері қазақтың ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетте қандай
орын алады, соған ғана тоқталмақпыз.

Әдетте сөздің, не сөйлемнің сыртқы құрылысына ішкі мазмұны қарсы
келіп, өзі келеке ретінде айтылса, ондай сөзді ирония дейді.

Қара кісіні «аппағым», пұшық кісіні «қоңқағым» деу - ирония.

Ирония ауыз әдебиетінде де, тарихи әдебиетте де кездеседі.

Айман Теңгеге:

 

«Менде де бар бір жаман,

Не қылайын қазақтың

Жүйрігі мен жорғасын...», (157) -

 

дейді.

«Менде де бар бір жаман» деп отырғаны - Әлібек, өзінің сүйген
жігіті, «Жүйрік пен жорға» деп отырғаны - өзінің әрі менсінбей, әрі жауы санап
жүрген кісісі Көтібар.

Абай алдындағы және тұстас әдебиеттерден бірнеше мысалдар
келтіруге болады.

 

«Айтатұғын жөнім бар,

Ишанға не десем де,

Жұмаққа тура бастайтын,

Ел серкесі көсемге» (158).

Дулат осы үзінді келтіріп отырған өлеңінің ұзына бойына
молда-ишандарды шенеумен, жерлеумен болады. Екінші бір жерінде:

 

«Өзіңде, ишан, иман жоқ,

Елге иман бермексің», -

 

дейді. Сөйтіп отырған ақынның ишандарды жұмаққа бастайтын ел
серкесі көсем» деуін оқушылар керісінше ұғады. Сөз, сөйлемдерінің сыртқы құрылысы
мақтап тұрса да, мазмұны оған тұп-тура қайшы.

 

«Мәшһүр Жүсіп, жұрттан асқан шешенсіз бе,

Әр топта сөйлейтұғын көсемсіз бе?

Жеріктес, қанат, құйрық, балғаласым,

Данышпан, бұлбұл, түйе, есенсіз бе?» (159)

 

Мұнда да Мәшһүр Жүсіпті кекету ретінде айтып отыр. Иронияның
қалай құрылатынын айқынырақ көрсететін және бір мысалды «Біржан мен Сараның
айтысынан» келтіруге болады.

Айтыста негізгі тартыстың бірі - Сараның айттырып қойған күйеуі
Жиенқұл. Тартыс Жиенқұлдың айналасында болады. Жиенқұл - бүкір, мейлінше сиықсыз,
жарымес. Біржан осыны тілге тиек етіп, Сараға «Аулыңның жақсыларын мақтайсың,
олар жақсы адамдар болса, сендей ел қамын жеген қызды ер азғыны - бүкірге берер
ме еді» деп келеді де:

 

«Шыбықтай жігіт шығар өңі нұрлы,

Өнері өзің теңдес сегіз қырлы.

Шеберден мін алатын мініскерсің,

Ер шығар тоты құстай неше түрлі» (160), -

 

дейді. Оған Сара:

 

«Көрінесің Біржан салға ай секілді,

Ай құйрық көңіл ашар шай секілді.

Ұсынса, қол жетпейтін арғымағым

Арғынға баламаймын тай секілді.

Асылым берген құдай өз бағыма,

Теңелмес жеті Біржан тырнағына.

Найманда ұлы дария саят керім

Балық боп ілінгенім қармағына...»

 

Біржан мен Сараның екеуінің сөздерінде сыртынан қарағанда,
Жиенқұлды аспанға шығарып мақтап отырғанға ұқсайды. Шынына келгенде, мағынасы
керісінше, Жиенқұлды келеке етіп отыр. Жалпы алғанда, Абайдың алдындағы, өз
кезіндегі иронияның түрі осылар тәрізді.

Бұл үзінділер тек қана иронияның не нәрсе екенін айқындау үшін
алынып отырған жоқ, сонымен қатар ирония Абайға шейінгі әдебиетімізде де поэтик
тілдің негізгі түрі болғандығын көрсету үшін алынып отыр.

Абайдың өз өлеңдерінде де ирония жиі ұшырайды. Абай
иронияларының көпшілігі әлеумет өміріндегі мінез-құлықтардағы кемшіліктерді
мінеу, шенеуге арналады.

 

«Той болса, тон киелік, жүр баралық,

Бірімізді біріміз аударалық...»

(Абай, 54-бет)

 

«Мындай ма едің, ана күн,

Мұның қалай, батыр-ау».

(Абай, 86-бет)

 

дегендер тәрізді мінез-құлықты шенеудің қалпын шанышқан жай
түрінен бастап, әлеуметтік мәні бар үлкен мәселелердің өзін де ирониямен
суреттеген өлеңдер Абайда аз емес.

Мысал үшін «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек» деген өлеңін
алалық.

 

«Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек,

Жұрты сүйген нәрсені о да сүймек.

Ішің берік боп, нәпсіге тыю салып,

Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.

Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,

Сөйтсе де ірісімен кеңесіп жүр,

Кейбірін қауіптендір мінін тауып,

Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.

Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,

Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ.

Анда-санда құтырған жаман емес,

Оныңды жиі қылмай және бол сақ.

Кісімсі қайда жүрсең, олжаға тоқ,

Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ!

Жұрт жас бала, жылатып тартып алма,,

Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

Жат елге жадағайда сөйле шәргез,

Тар жерде тайпалаудан танба әр кез.

Жатты «жау» деп еліңді үрпитіп ап,

 

«Жауға жабдық» деп жиып, пайда қыл тез!»

(Абай, І том, 154-бет)

 

Бұл өлең сырт қарағанда ел билеу жөнінде айтылған бір өсиет өлең
тәрізді.

 

Жатты «жау» деп еліңді үрпитіп ап,

«Жауға жабдық» деп жиып, пайда қыл тез!», -

 

деген тек соңғы екі жолын оқығанда ғана жоғарғы айтылғандарының
кекесін екенін байқайсың.

Бірақ біздің бұл жердегі айтпағымыз - өлеңнің сөз, сөйлем құрылыстары
ғана емес, сонымен байланысты әрі оның мазмұны. Демек, Абай бұл өлеңінде өз
кезіндегі ел басқарушыларының образын жасады. Олардың жай қарағанда тәп-тәуір
секілденетін іс-әрекет, мінез-құлықтары алдау, көз бояу, бой көрсету, бұлар
перде ғана, шын беттер перденің ар жағында, ол - жауыздық, кесер кеңірдек, қара
бастың қамынан әрі бара алмайтын өзімшілдік деп, Абай өткір ирониямен оларды
шенеді. Кейінгі ұрпақтар мұндай іс-әрекеттерден аулақ болу үшін, жоғарғылардың
сұмдық мінездерін жұрт алдына салып масқаралап, күлкі етеді. Бұл жайт ұлы ақынның
иронияға тек үлкен мән бергенін көрсетіп қана қоймайды және ирония ақынның әртүрлі
өмір күресінде күшті құралының бірі болғандығын да көрсетеді.

Ирония Абайдың өз өлеңдерінде ғана емес, аудармаларында да
жиі ұшырайды. Абай Крыловтан алған аудармаларында кездесетін ирония,
сарказмдарын дұрыс түсініп, мәнін берік сақтайды. «Шегіртке мен құмырсқаның» аяғындағы
«Ты все пела - это дело...» деген сөзін қазақ ұғымына дәл келтіріп:

 

«Қайтсін қолы тимепті,

Өлеңші, әнші, есіл ер.

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де, билей бер», (Абай, ІІ том, 127-бет) -

 

деп ирониямен бітіреді.

Сарказм - иронияның ұлғайған түрі. Мұның да негізгі мазмұны
- өмір құбылысының кейбір жағын мысқылдау, шенеу. Айырмасы, иронияда бір нәрсені
шенемек, мінемек, кекемек болса, ішкімазмұны кекесін болғанмен, сөз, сөйлемнің құрылысы
мақтаған тәрізденіп, бүркемеленеді десек, сарказмда соңғы бүркемелеу жоқ,
шенейін, мысқылдайын дегенін ашықтан-ашық шенейді. Сарказм - иронияға  қарағанда анағұрлым өткір, анағұрлым улы.
Ирония мен сарказм бір нәрсе деп қарайтын авторлардың «сарказм - иронияның ең
жоғарғы сатыдағы түрі» дейтіні де сондықтан. Әрине бұл пікірді де қате деуге
болмайды. Өйткені ирония мен сарказмның жақын екені сөзсіз. Сондықтан иронияның
жоғарғы түрі сарказм деудің еш қателігі жоқ. Бұл екеуінің арасы жақын екендігін
Шернияздың мына өлеңінен көруге болады. Баймағамбет Шерниязға ханымын мақта
дегенде:

 

«Ханымның келбетінің келгенін-ай,

Сипаты бейне жұмақ үрдің қызы», -

 

деп ирониялық түрде мазақтаса, жаманда дегенде:

 

«Байеке, заманыңда тасуын-ай,

Шеріңнің сөйлер сөзге асуын-ай.

Ханымның бойы аласа, мұрны қайқы,

Тап мінген мегежіннің қашырындай», (162) -

 

деп сарказммен ханымды келеке етеді. Әрине бұл да сарказмның
нақтылы күшті түрі емес.

Абай алдындағы қазақ әдебиетіне шолу жасасақ, басқалармен
салыстырғанда, сатиралық өлеңдерді көбірек шығарған - Дулат. Оның бұл тектес өлең-жырларында
сарказм жиі ұшырайды. Мысалы:

 

«Жатып ішер жалмауыз,

Борсық тұмсық қанды ауыз...»

«Кеңесбай азғын тұрған соң,

Тістеуік айғыр сықылды,

Үйіріңді сұйылтып,

Тай, құнанды қуғансың,

Ел билерлік ісің жоқ,

Дегдар емес, будансың.

Ырысын параның,

Қотара құйса тоймайтын,

Ашылған әбден араның,

Түйені жұтсаң түгімен,

Биені жұтсаң бүгімен

Қақалмай бір-ақ толғайтын...»

«Ишан, елді аралап,

Қошқар, теке жинадың.

Маңдай алды бай болдың,

Қылығың неге тыймадың.

Өзің алсаң жүз аз деп,

Берсең бірді қимадың.

Жетерлік болды елге де,

Сенің берген иманың...»

«Ақылы жоқ молдалар

Иман сатпақ тиынға

Өзін де сатпақ тиынға

Елге иман бермексің...»

«Майордың алса бұйрығын,

Борбайға қысып құйрығын,

Ел пысығы жортады.

Өзі елді қорқытып,

Онан өзі қорқады...» (163).

 

Мұнда ақын өзінің жек көрген, шенейін деген нәрселерін ашықтан-ашық
мысқылдайды. Қожа-молда, елдің сол кездегі атқа мінерлерінің іс-әрекет, мінез-құлықтарын
ақын қандай жексұрын деп таныса, оны суреттеу үшін қолданатын сөз, сөйлемдері
де соған лайықталынып құрылады.

Абай өлеңдеріндегі поэтик тілдерінің басқа түрімен салыстырғанда,
сарказмды ең көп кездесетін түрі деп атауға болады. Өз мағынасында қолданылатын,
ауыстыру мағынасында қолданылатын немесе фигура түрінде сарказм қамшының өзегі
тәрізді өріліп отырады. Ол - заңды. Өйткені қандай ақынның болсын, жауларына қарсы
күресте қолданған күшті құралының бәрі - сатира. Сатираның тілі негізінде
ирония, сарказм, әсіресе сарказм десек, Абай өлеңдерінде поэтик тілдің бұл түрі
не үшін көп қолданылатынының сырын білу қиын емес.

Абайдың әртүрлі тақырыпқа жазған сатиралары көп. Олардың
негізгі тілі - сарказм. Мысалы:

 

«Жылуы жоқ бойының,

Жылмиғаны неткені.

Құбылуы ойының -

Кетпей құйтың еткені.

Мұңды жылмың киімін

Кезек киіп, ел жиып,

Болыс болса түсінің,

Түксігін салар тырсиып,

Бір көрмекке тәп-тәтті

Қазаны мен қалбаңы;

Дөң айналмай ант атты,

Бүксіп, бықып әр жағы.

Сенен аяр түгі жоқ,

Бүгін жақсы көрініп,

Бүгін жалын, ертең шоқ,

Сөзі мен өзі бөлініп...»

(Абай, І том, 214-бет)

«Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап...»

(Абай, І том, 87-бет)

 

«Мінер атын, киімін ып-ықшам қып,

Сымбаттанып, сымпиып, тамақ аңдып,

Бұраңдап жылы жүзін асқа сатқан,

Ант ұрғанға қосылма, кетсін қаңғып...»

(Абай, І том, 170-бет)

 

«Бойы былғаң,

Сөзі жылмаң,

Кімді көрсем, мен сонан

Бетті бастым,

Қатты састым,

Тұра қаштым жалма-жан...»

(Абай, І том, 43-бет)

 

Біз жоғарыда Абай - сатирик ақын, сондықтан оның өлеңдерінде
сарказм жиі кездесуінің негізгі себебі сол методымен байланысты дедік. Бірақ
Абайдың осы әдісті мол қолданудың жанрға көшуінің өзінде үлкен мән бар. Абайдың
алдындағы тарихи әдебиеттен азды-көпті өз кезін сынаған, жамандық жақтарын
шенеген сатирик ақындар деп Дулат тәрізді бірен-саран ақындарды ғана, сосын
Шортанбайды айтуға болады. Ал ХІХ ғасырдың екінші жарымында Абайдан басқа
ешкімді де айта алмаймыз. Абай сатирик ретінде өз кезінде дара ақын болды. Ақан
сері тәрізді кейбір ақындарда кездесетін сатиралық өлеңдер адамдарға арналған,
жалпы әлеуметтік мәні аз.

Қай кезде болсын сатира - өмірді, не өмірдегі адамдарды
келеке ету, мысқылдау, солардың әртүрлі жаман жақтарын жұрт алдына салып масқаралау,
күлу. 

Бұл ақынның өмір тануы, көзқарастары өз кезіндегі үстем тап,
билеуші таптың тілегіне қайшы келген кезде туады. Не көптің, не белгілі бір топ
немесе тап атынан күрес майданына шығып, өз бойындағы бар күш, бар қайратын жаңағы
үстемдік етушілерге қарсы жұмсайды. Қарсы жағының әртүрлі жаман жақтарын көреген
келіп, олардың жанына салуға өз қолындағы құралдың ең өткірін жұмсайды. Абайдың
сол өткір құралы шындық (реализм) және сатира болды десек, осыдан келіп
сарказмның Абай өлеңдерінде поэтик тілдің негізгі бірі болып саналуының беті
ашылатын сықылды.

 

«Улы сия, ащы тіл,

Не жазып кетсе, жайы сол», -

 

деп ақынның өзі айтқан ХІХ ғасырдың екінші жарымында ескі
феодалдық құрылыстың елді ел етпей, жер ететін әртүрлі талас, тартыс, бақ, күндестік,
жалқаулық, надандық, пәлеқорлық тәрізді іс-әрекеттерінен жерінген, халық қамын
ойлап, жоғарғыларға сөзімен қатты күрес ашып, өз жұртын мәдениетке,
адамгершілікке үндеген де Абай болды.

Абай өлеңдеріндегі сарказмдық ащы тілдің тууына негіз болған
себеп те, оның үлкен мәні де ақынның өз кезіндегі, әлеумет өміріндегі шорласқан
қайшылық, зор тартыстарға белсене қатысуы болды. Күрес сатираны керек етсе,
сатира ирония, сарказмды керек етті. Бұл - бір.

Екінші, Абай әлеумет өміріндегі әр алуан мәселелерге сын көзімен
қарап, өзінше кемшіліктерін шенеудің көрнекті үлгісін Салтыков-Щедриннен алған
деуге болады. «Ойында жоқ олардың Салтыков пен Толстой» деп Абай жай айтпаған,
ақын оларды өзі ұстаз етіп, басқаларға да үлгі ретінде, ұсыну ретінде айтқан.

Салтыковтың сатирасы ескі Россияның көлеңкелік, кертартпалық
жағын шенеуге жұмсалып, демократтық идеяны қолдау, оған бөгет болушыларды өлтіре
шаншу болса, екеуін бір сатыға қойғанмен де, талай мәселелер жөнінен екеуінің
арасында пікір жағында үндестігі көп. Олардың алыстан ұштасқан осы пікір үндестіктері
бірі екіншісіне еліктеген стиль ұйқастығына негіз болды. Абай сатирасының,
демек сарказмның бір тамыры орыс әдебиеті, турасын айтқанда, Салтыковтың
творчествосында жатыр.

Міне, осы айтылған екі түрлі жағдайдың жиынтығы Абайды үлкен
сатирик және сарказмдық тілдің ұстасы етті.

б) Гипербола (Әсірелеу), Литота. Әсірелеу - әртүрлі құбылысты
өте асырып айту. Ондағы мақсат - адамның ой-сезіміне тез әсер ету, суреттеген нәрсесін
үлкейтіп, көзге елестету.

Әсірелеу өлеңде де, жай сөздерде де жиі кездеседі. «Көп түкірсе,
көл болар», «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деген тәрізді мақал-мәтелдердің
өзі - әсірелеумен айтылған сөздер.

Қанша адам түкірсе де, көл болмайтынын, ат қанша арыса да,
бітпейтін іс жоқтығын аңғарту үшін, не арыған атқа жақын жердің өзі алыс көрінетіндігін
айту үшін бір нәрсенің ең арғы шегін алады.

Бір нәрсені өте үлкейтіп айтуды әсірелеу десек, өте
кішірейтіп айту - литота делінеді.

 

«Ойпаң-ойпаң жерлердің

Ат шалар оты қалмады», -

 

деген екі жолдың соңғысы - литота.

Әсірелеу мен литота бір нәрсенің екі жағы тәрізді. Екеуі бөлек
те, бірге де қолданыла береді. Әсірелеу де, литота да поэтик тілдің басқа түрлерімен,
әсіресе теңеу, метафорамен байланысты түрде өте жиі ұшырайды.

 

«Етектейін еріннен

Екі елісі қалыпты», -

 

деген жолдың алдыңғысы әсірелей теңеу де, соңғысы - литота.
«Айдын-айдын сулардың, аяқтай суы қалмады» - литоталық теңеу.

Әсірелеу де, литота да жалпы ауыз әдебиеті, әсіресе жырларда
көп кездеседі. Бір сөзбен айтқанда, Абайға дейінгі әдебиетіміздің бәріне тән, түрлі
өмір құбылысын суреттеуде ең сүйіп қолданылатын тілдің бірі деп айтуға болады.

 

АУЫЗ ӘДЕБИЕТІ:

 

«Бір мүйізің жер тіреп,

Бір мүйізің көк тіреп,

Айналайын, қара бұлт,

Келші бермен жақындап...» (164).

 

«Қызыл бас көрсе, жан тартқан,

Қырық құлаш қызыл дәу...»

«Жоғарғы ерні көк тіреп,

Тайбурыл сонда сөйлейді...»

«Төрт аяғы тиген жер

Тесіле жаздап солқ етті...» (165).

 

«Әр жарадан аққан қан

Су сықылды саулады...

Екі қойны толыпты,

Бозмұнайдың сол күнде

Көзінен аққан жасына...» (166).

 

«Белі нәзік талып тұр

Тартқан сымнан жіңішке,

Үзіліп кетпей неғып тұр...» (167).

 

«Етектейін еріннен

Екі елісі қалыпты.

Қиған қамыс құлақтан

Бір тұтамы қалыпты.

Жалбыраған жалынан,

Күлтеленген құйрықтан

Бір тұтамы қалыпты...» (168).

 

АБАЙҒА ШЕЙІНГІ ТАРИХИ ӘДЕБИЕТ:

 

«Аққан жасы сел болған,

Етегі толып көл болған...» (169)

 

«Алтыннан сарай салдырған,

От салдырған сарайдың

Айналасына айшылық,

Көлденеңі күншілік...» (170).

 

«Біздің анау Нарында

Бір төбелер бар еді,

Айналасы ат шаптырса жеткісіз.

Қиқулап ұшқан қырғауыл

Күнінде құлай да басып өткісіз» (171).

 

«Телегей теңіз шалқыған

Қоғалы көлдер суалып,

Тізеге жетер-жетпес күн болған» (172).

 

«Таулар күйіп, тас жанып,

Лебімен пісті қазаны» (173).

«Биттей нәрсе қалсайшы

Бұрынғы заңнан ырымға...» (174)

 

«Өнер-білім бар жұрттар

Тастан сарай салдырды,

Айшылық алыс жолдардан

Көзіңді ашып-жұмғанша,

Жылдам хабар алғызды...» (175).

 

Сонымен қатар болмайтын нәрсені немесе әңгіме дәл санын білу
емес, көптігін айыру болса да, пәлен деп бір санды кесіп айтуды әсірелеудің
ерекше бір түрі деп білуіміз керек. Мысалы: «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы
елге жайылады» дейді. Шынында, бұл отыз тістен шыққан сөздің қанша елге
жайылатынын санап айтқан сөз емес, санауға болмайды да, мақсат ауыздан шыққан сөздің
көп жерге жайылатындығын айту болғандықтан, кейде мазмұны, кейде дыбыс үндестігіне
қарап бір санды кесіп айта салады. Пәлен деп үзілді-кесілді түрде айту -
суреттеп, өмір құбылысының шындығына оқушыларын шек келтірмейтін етіп сендіру.

 

«Үш мың атты бір жерге,

Төрт мың атты бір жерге

Қойып кетіп барады...»

 

«Аттың жолы қазылды,

Ұмтылғанда қысылып,

Бес жүз құлаш жазылды...» (176).

 

«Асқар-асқар тауы бар,

Қырық мың шеру жауы бар,

Онан қайтып өтесің...» (177).

 

«Ән салып тоқсан екі түрлендіріп,

Найманның бір жияйын тірі жанын...» (178).

 

Қысқасы, осы келтірілген мысалдар тәрізді санауға болмайтын,
санауға болған күнде де айтайын дегені бір нәрсенің дәл саны емес, көптігі, не
аздығы, әйтсе де соны санағандай, пәлен деп бір санды кесіп айту - ауыз әдебиеті
болсын, Абайға дейінгі тарихи әдебиетте болсын, қазақ ақындарының сүйіп қолданатын
әдісінің бірі.

Ауыз әдебиеті, Абай алдындағы тарихи әдебиетте кездесетін әсірелеу,
литотаның негізгі түрлері - осылар.

Біз бұған шейінгі тараулардың бәрінде де Абайдың қай түрі
болсын, ұлы ақынның өзіне тән ерекшелігіне айрықша тоқтап, қазақтың әдеби
тіліне кіргізген әртүрлі жаңалықтарын айтып, оны мысалдар арқылы өзімізше дәлелдеп
отырдық.

Ал әсірелеу жөнінде оны айта алмаймыз. Өйткені әсірелеудің
жаңа түрін кіргізуі былай тұрсын, бұрынғы ауыз әдебиеті, не өзіне дейінгі
тарихи әдебиеттегі әсірелеу, литоталардың түріндей әсірелеулер оның өлеңдерінде
жоқ.

 

«Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда...»

(Абай, І том, 51-бет)

 

«Арақ ішкен, мас болған жұрттың бәрі,

Не пайда, не зиянын біле алмай жүр...»

(Абай, І том, 52-бет)

 

 

«Бәрінің көңілін тындырып,

Біреуін ала көрмепті...»

(Абай, І том, 175-бет)

 

«Мұқым қазақ баласы

Тегіс ақыл сұрапты...»

(Абай, І том, 240-бет)

 

Абай өлеңдерінде кездесетін әсірелеулердің негізгі түрлері -
осылар тәрізді, жайшылықта айтыла беретін, суреттеу құралы ретінде оқушыға
ерекше әсер етпейтін, дағдыға айналған сөздер. Поэтик тілдердің басқа түрлерімен
салыстырғанда, оның өлеңінде кездесетін мұның өзі аз. Бұлар ауыз әдебиеті
жырларында кездесетін:

 

«Жоғарғы ерні көк тіреп,

Төменгі ерні жер тіреп...»

«Қызыл бас көрсе жан тартқан

Қырық құлаш қызыл дәу...», -

 

тәрізді әсірелеулердей емес, бір нәрсені үлкейтіп айтқымыз
келгенде қолданыла беретін жалпы тілімізге тән, дағдылы нәрсе.

Абайдың өлеңдерінде қолданылатын барлық литотаны, әсірелеуді
алғанда, бұрынғы әдебиеттердегі әсірелеу, литотаның үлгісіне жақын келетін:

 

«Көз жұмғанша дүниеден,

Иманын айтып кеткені-ай...»

(Абай, І том, 235-бет)

 

«Берген бе тәңірім саған өзге туыс,

Қыласың жер жаһанды бір-ақ уыс...»

(Абай, І том, 173-бет)

 

деген тәрізді әсірелеу мен литота бірнеше жерде ғана
кездеседі. Абай сықылды жиырма жыл жазған ақында ескі әдебиеттегі әсірелеудің түріне
жақындайтын (онда да жақындайтын), өте аз кездесуі Абай өлеңдерінде поэтик тілдің
бұл түрін жоқ десек те артық болмайтындығын көрсетеді.

Бұл жерде екі мәселенің бетін аша кетуге тура келеді.
Бірінші, ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетімізде әсірелеу неге көп қолданылады? Екінші,
Абайда бұл неге аз?

Бізше, ауыз әдебиетінде әсірелеудің көп кездесуі оның өмір құбылысын
суреттеуде негізгі құралдың бірі болуы, ауыз әдебиетінің ескі өмірдің сәулесі,
ой-сананың сәбилік дәрежесінде туғандығымен байланысты тәрізді.

Бақсы жырындағы:

 

«Бір мүйізі көк тіреп,

Бір мүйізі жер тіреп», -

 

деп келетін әртүрлі жын, дию, перілерді немесе әсірелей
суреттелетін әртүрлі жылан, айдаһар, т.б. образдарды алсақ, бір кезде сондай нәрселердің
болуына сенушілік поэтик тілдің бұл түрінің түпкі тамыры, негізгі себебі болғандығын
аңғартады. Сол қиял дүниесінен өмірдегі әртүрлі құбылысты терең түсінбеуден туған
әдіс кейінгілерге үлгі болды. Солай суреттеу дағдыға айналды. Жалпы искусство, әдебиетте
бола беретін кейбір шарттылық (условность) адам санасының өскен кезінде де, «жоғарғы
ені көк тіреп, төменгі ерні жер тіреп» тұратындарды да ерсі көрсетпеді.

Абай алдындағы қазақтың тарихи әдебиетінде де поэтик тілдің
бұл түрі басым болды. Өмірдің әртүрлі жағын асырып, не кішірейтіп суреттеулердің
әртүрлі үлгілеріне Абайға шейінгі тарихи әдебиеттен бірнеше мысалдар келтіріп өттік.
Тарихи әдебиет әсірелеуді дәл ауыз әдебиетіндегі тәрізді қайталамаса да, анағұрлым
жолын жіңішкертсе де, «Бір мүйізі көк тірейтіндер» ізін әлі жоғалтпағандығы анық
байқалады.

Оның себебі түсінікті. Өйткені Абай алдындағы тарихи әдебиетіміздің
өкілдері Дулат, Махамбет, тағы басқаларын алсақ, олардың ұшқан ұясы, алған үлгісі
қазақтың сол ауыз әдебиеті болды. Олардың қайсысына болсын басқа елдің әдебиеті
таныс емес болатын. Сондықтан ауыз әдебиетінің әсерінен олардың мүлде арылып
кетуі де мүмкін емес еді. Сондықтан да оларда әсірелеу жиі кездесетін...

Абай ше? Жалғыз ғана қазақ мәдениеті, әдебиетінің буына
піскен ақын емес, шығыс, батыс, орыс мәдениет-әдебиетімен толық қаруланған үлкен
мәдениетті ақын. Оның үстіне ұлы талант. Өмірді кеңінен шолған дана, үлкен
реалист. Осылардың жиынтығында келіп, Абай өзінің алдындағы ақындардан да, өз замандастарынан
да анағұрлым жоғары болды. Сондықтан өзіне шейінгі халық мұрасын толық меңгеріп,
оның керегін алып, жоғы болса өзі қосып, керексізі болса, оны екшеп, шетке шығарып
отырды. Мұны ол кейде үлкен сезім, кейде салқын ақыл, кейде бақылау, кейде мәдениеті
арқылы жасады.

Абайдың ескі мұралардың үлгісінен алмай, қазіргі дәуірде
ескірген әдіс деп қараған мәселесінің бірі өмірдегі әртүрлі болмысты шындықтың
шегінен асыра көрсету болды. Ол үшін қолданылатын негізгі тіл құралының бірі әсірелеу,
литота болса, олардың «Абай шығармаларында неге аз?» кезедесетіні анықталатын
сықылды.

Н.Г.Чернышевский «Өмірі аудармай суреттеп, көзге елестету
деген - искусствоның жалпы ерекше белгісінің бірі. Искусствоның мәні де осында.
Кейде искусстволық шығармалардың басқаша да мәні бар. Ол өмірді жай ғана түсіндірушілік,
көбінесе олар өмір құбылыстары туралы үкім мағынасында болады»1 дейді.

Абай - осы көзқарасты берік ұстаған адам. Өлең шығармаларының
мақсаты - өмір шындығын аудармай, өз қалпында суреттеу, өмірді түсіндіру, өзінде
кемшілік деп санаған жақтарына үкім шығару деп ұқты. Абайдың барлық шығармаларының
идеялық мазмұны осыны дәлелдейді десек, бұл оның тіліне де байланысты. Демек,
шындықты шегінен асыра суреттемей-ақ, оқушылардың ой-санасына әсер етуге
болатындығын дана ақын, бір жағынан, осыны сезсе, екіншіден, суреттеу әдісінің
бұл түрі ескірген, халық санасының сәбилік сезіміне өрістес екенін аңғартады.

Сөйтіп, өмірдегі әртүрлі құбылыстардың шын сырын терең ғылыми
түрде түсінген, өмір шындығын аудармай, өз қалпында беремін деген реалист ұлы ақынның
өлеңдерінде әсірелеу, литота, жалпы әсірелей суреттеулердің аз кездесуі, шын мәнінде
кездеспеуі заңды, оның өмірге реалистік көзқарасы, реалистік стильмен
байланысты екендігін көрсетеді.

Жоғарғы Абайдан келтірілген әртүрлі әсірелеулердің бұрынғы әдебиеттерде
кездесетін әсірелеулерден өзгеше, жайшылықта да тілде ұшырай беретін сөздер
болуының негізгі себебі де осында жатыр.

Абай - тіл мәселесіне қатты көңіл бөлген ақын. Бұған айрықша
тоқталамыз. Әйтсе де, образдағы реалистік әсірелеумен байланысты айта кетуді
керек ететін бір мәселе - поэтик тілдің бұл түрін қолданбағанда, біле қолданбағаны.
Және ақынның өзі оны жақсы түсінетіндігі.

Абай өзінің замандас ақындарына арнаған бір өлеңінде:

 

«Сөз айттым Әзірет Әлі айдаһарсыз

Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз», -

(Абай, І том, 101-бет)

 

дейді.

Бұл өлеңінен бұрынғы әдебиетте көп кездесетін түрлі
кереметтермен байланысты сөз қолдануды да, шығыс әдебиетіне еліктеп, әсірелеулердің
не шектен асқан сорақы түрлерін қолданып, қыссалар жазған Жүсіпбек Қожаларды да
сөздің өмір шындығына дәл келу жағын ойламай, «сұлу сөзді» орынсыз қолданған Әріпті
де өлтіре сынау еді.

Ол кездегі шығыстан аударған, не соған еліктеп өздері шығарған
жырлардың тіліне тән нәрсе - әсірелеу болатын.

 

 

1Н.Г.Чернышевский. «Эстетическое отношение искусства к
действительности». - Москва, 1945г. - стр. 117.

«Мәһабіл келді бұған жайдай болып,

Тігілген қара суға аудай болып,

Үстіне жеті мың батпан сауыт киіп,

Келді бір кішігірім таудай болып...»

 

деп келетін «Сал-сал», «Зарқұм» қыссаларындағы әсірелеулерді
Абай сорақылық деп білді. Сондықтан да ол:

 

«Өлеңі бар өнерлі, інім, сізге,

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге», -

(Абай, І том, 101-бет)

 

дейді.

Біз әсірелеудің Абай өлеңдерінде аз кездесуінің түпкі қазығы
- ақынның реализмінде жатыр дедік. Әңгіме реализм туралы және образ туралы болғандықтан,
әсірелеумен тікелей байланысты болмаса да (өйткені бұл мәселе барлық образға
бірдей), жалпы реализммен байланысты болғандықтан, Абайдың әртүрлі образдарының
өмір шындығымен қабысып жататындығына да аз-маз тоқталып өтуге тура келеді.

Абай қандай ақынды болсын мейлі, бір нәрсені суреттегенде қолданған
образдары өмір шындығына дәл келіп, шындықпен қабысып жатпаса, сөзінің сырты қанша
сұлу болғанымен, оны ақындық деп танымады. Ондайларды қатты шенеді. Жоғарғы
келтірілген үзіндідегі «Мұнда жоқ алтын иек сары ала қыз» дегені Әріп ақынды
сынаған сөзі болатын.

Әріп ақын қызды суреттей келіп, бір жерінде «алтын иек»
деген сөз қолданады. Оның суреттеуінше, «Қыздың жүзі ақ, иегі алтын». Демек,
Абайша айтсақ, «сары ала» қыз болып шығады. Ондай адам өмір шындығында
кездеспейді. Сондықтан ол образдың өмір шындығында тірек-негізі жоқ. Бұл тәрізді
сөз қолданыстар Абай өлеңдеріне жат. Абайдың әр сөзі, әр образы - өмір шындығының
бір бөлшегі, ол өмірдің қандай құбылысын суреттесін, әр сөз, әр образының
негізінде шындық жатады. Бұл - Абай өлеңдерінің бәріне тән жағдай. Әйтсе де
мысал үшін Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» деген өлеңі мен «Қанжардан»
бір үзінді алып, талдап көрелік.

«Қансонарда» өлеңін түгелдей алғанда, қазақ даласындағы аңшылық
өмірдің жалпы суретін аудырмай, сол өзінің шындық қалпында береді. Өз алдына
жеке образдарын алсақ та, жоғарғы айтылған Абайдың әр образы шындық өмірдің бір
бөлшегі деген пікірдің дұрыстығын айқындайды.

 

«Томағасын тартқанда бір қырымнан,

Қыран құс көзі көріп самғағанда,

«Төмен ұшсам, түлкі өрлеп құтылар» деп,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға.

Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Құтылмасын білген соң құр қашқанға.

Ауызын ашып, қоқақтап, тісін қайрап,

О да талас қылады шыбын жанға.

Қырық пышақпен қырындап тұрған түлкі,

О-дағы осал жау емес қыран паңға.

Сегіз найза қолында көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға.

Қанат, құйрық суылдап ысқырады,

Көктен қыран сорғалап құйылғанда...»

(Абай, І том, 39-бет)

 

Келтірген үзіндідегі түлкі көрген қыранның, қыран көрген түлкінің
көріністерін суреттеген «Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға», «Қырық пышақпен
қырындап тұрған түлкі», «Сегіз найза қолында көз аудармай» деген тәрізді
образдарды қыранмен түлкі алған аңшылық өмірдің шындығына салыстырсақ, дәл
емес, осындағы образдардың тууына негіз болған сол өмір құбылысымен қабыспайды
деп кім айта алады?

 

«Қара көз қарап маған көп қадалған,

Құпия қайғы өртеніп бойын алған.

Болатша дрілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған», -

(Абай, ІІ том, 103-бет)

 

деген жолдағы теңеу, эпитетті алып, теңеп отырған нәрсесі
болат болса, от көргенде болаттың қандай өзгерістерде болатынын еске алсақ, жоғарғы
образдардың негізі өмірде дәл солай болатын шындық болмыста жатқандығына тағы
шек келтіре алмаймыз.

Қорыта келгенде, шын мәніндегі әсірелеу, әсірелеп суреттеу әдісін
Абай өз өлеңдерінде қолданбады. Оны ескірген әдіс деп ұқты. Оның орнына негізі өмір
шындығына тірелетін образдарды қолдануды дамытты, ілгерілетті. Сөздің түрін қуалап,
шындықтың мазмұнына көңіл бөлмеушілікке қарсы күрес ашып, сөздің дәлдік, шындығын
өзі берік ұстап, басқалардан да осыны талап етті.

Абай поэтик тілдердің кейбіреуін жаңадан ендірген сөз, сөйлем,
жаңаша жасалған образдар арқылы дамытса, бұрынғы ауыз әдебиетіндегі қолданылып,
өзіне дейінгі тарихи әдебиетте қолданылмай, не мүлде аз қолданылып жүрген
кейбір поэтик тілді қайта тірілтіп, жалпы әдебиет тілінен өзінің заңды орнын әперіп,
т.б. осылар сықылды игілі еңбектер жасаса, әсірелеу туралы да Абайдың орны
ерекше. Өйткені көбінесе ескі наным, қиял дүниесімен байланысты болып келетін
суреттеу әдісін шын мәніндегі реализм жолына салу - ол да аз еңбек емес.

Абайдың ауыз әдебиеті, өзіне дейінгі тарихи әдебиеттен
айырмасының бетін ашуда бұл образ қолданыстарындағы реалистік мәселесінің мәні
зор. Бұл - Абай шығармалары мен оған шейінгі әдебиеттің жігін айыруда ең күрделі
мәселенің бірі.