ВЕРНУТЬСЯ

   (Қорытынды)

 

   Абай қазақтың әлеумет өміріндегі әртүрлі қайшылықтардың
шорласқан кезінде өмір сүрді дедік.

Абайдың кезі қазақ даласында ескі феодалдық қоғам
құрылысының әлсіреп, капитализм элементтерінің кіре бастаған кезі болатын.

Тарих белінде түйіскен екі түрлі жүйе (система) бір-біріне
оңайлықпен жол бере қоюы қиын еді. Сондықтан талас-тартыстың болуы заңды еді.
Бұл кездің өзінде, дегенмен, феодалдық құрылыс әлі күшті, қаусауы жетіп болмаса
да, болашағы бұлдыр болатын. Ал қазақ даласына жайыла бастаған капиталистік
элементтердің алдыңғымен салыстырғанда, болашағы мығым еді.

Капитализм элементтерінің қазақ даласына қанат жая
бастауымен байланысты әртүрлі жаңалықтар да ене бастады. Оқу, өнер-білім, т.б.
мәдениетке қол созу бұл кезде әлеумет өміріндегі прогресшілдердің айрықша көңіл
бөлген мәселелері болды. Олар Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин тәрізді
мәдениетті оқымыстылар болатын. Бұлар ескілікке қарсы негізгі мәселенің бірі
етіп ағарту мәселесін қойды.

Бірақ әлеумет өміріндегі қайшылық, тартыстар тек ескішілдік пен
жаңашылықтың маңында ғана емес, басқа да мәселелердің талас-тартыстары көп еді.
Ең алдымен, сол ескі феодалдардың өз араларындағы ескіден келе жатқан ру
тартысы, сауда капиталының өкілдерінің өзара бәсеке таласы, мұның үстіне тап
осы кезде шыққан штат, болыстық, старшиндыққа таласу, тағы басқа жесір дауы,
жер дауы, тағы басқалар. Осылардың арқасында жарқ еткен құйрықты жұлдыздай,
қазақты басқа мәдениетті ел қатарына қалай жеткізу керек, қайткенде
алауыздықтан құтылып, бір бүтін ел болады деген үлкен идеяда жүрді.

Адамның мінез-құлқы, өмірге көзқарасын айқындауға жоғарғы
қайшылық, тартыстардың әрқайсысының өзінше мәні болды.

Жоғарғы айтылғандардың үстіне бұл кез Россияда бұрынғы
халықшылдардың, онан кейін демократияшыл әр текті интеллегенттердің патша үкіметімен
белдесіп, майданға шыққан күрестің қызу кезі болатын. Россияда болған бұл үлкен
тартыстардың алыстағы жаңғырығы мен дүмпуі қанаттас отырған ұсақ ұлттарға да
жетіп жатты. Осылардың бәрін қоса алып қарасақ, бұл кез әртүрлі тарихи
жағдайлардың өте бір шорласқан, шиеленіскен кезі болды. Міне, тап осы кезде
Абай тарих сахнасына шықты.

ХІХ ғасырдың 70-80 жылдарында Абай - үлкен білімді,
ой-санасы әбден толысқан ақын. Сондықтан ол әртүрлі әлеуметтік ірі-ірі
мәселелерге басқаларша емес, тереңірек қарады. Қазақтың әлеуметтік өмірінде не
болып жатыр, соны ғана бақылап қойған жоқ, көршілес елдерде, әсіресе мәдениет,
ой-пікір жағынан озық алда отырған Россияда не болып жатыр, оған да көз тіге
білді. Сонымен қатар бұл кез оның өз бойындағы талант, ақындық қабілетінің де
кемеліне келген кезі болады.

Бұл тәрізді үлкен қайшылықтар кейбір әлсіздерді батырып, жоқ
етіп жіберсе, зор күш, ірі таланттарды жарыққа шығарып кетеді. Сөйтіп Абай
жалғыз қазақтың әлеумет өмірінің қайшылықтарының ғана емес, ХІХ ғасырдың екінші
жарымындағы бүкіл Россия өміріндегі зор қайшылықтардың нәтижесінде тарихи белге
шықты.

Абай алдындағы Шоқан Уәлиханов, ақынның өз замандасы
Алтынсарин Ыбырай, тағы басқа солар тәрізді сол толқынның ішінде жарқ еткен шам
сәулесіндей өз елін алға апару, мәдениетті ел ету идеясын қолданған, өз кезінің
алдыңғы қатарындағы ой-сананы берік ұстаған адамдардың, олардың басқа да сол
ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы әртүрлі прогрестік ой-пікірдің бәрінің де келіп
құйған ұлы арнасы - Абай, Абайдың ұлы еңбектері.

Абай шығармаларынан қазақтың әлеумет өміріндегі жоғарғы
айтылған өмір шындығы түгел орын алды деуге болады. Қазақ өмірінің қай саласын
алсақ та, Абайдың тоқталмаған мәселесі кемде-кем шығар.

Өнер, білім, дін, философия, ғылым, искусство, әділдік,
жауыздық, достық, қастық, адамгершілік, махаббат, елдік, бірлік, тәлім-тәрбие,
өмір, өлім, кәрілік, тәңір, табиғат, қысқасы өмірдің әр алуан саласы - Абай
шығармаларының негізгі тақырыптары. Бұлардың көпшілігі - бүкіл адам баласының,
жер жүзінің ұлы жазушыларының бәрі де сөз еткен, бәрі өз пікірін айтқан
тақырыптар. Абайдың солармен қатар түсіп, жалпы адам баласылық тақырыпты жыр
қылып, қазақ даласынан оларға үнін қосуы ұрпағы үшін мақтанарлық ісі еді десек,
сол тақырыптардың барлығы Абайда бір идея, бір мақсатқа бағыныңқы. Ол идея, ол
мақсат қазақ халқын елдік бірлігі күшті, ар-намысы мол, еңбек сүйген, іргесі
берік, мәдениетті ел ету, сөйтіп оны басқа алдағы елдің қатарына жеткізу еді.

Абай не жазсын, қандай тақырыпты жыр етсін, ізін қуаласақ,
түп тамыры сол ел тілегінде жатады. Өз кезіндегі әлеумет өміріндегі әртүрлі
мінез-құлық, іс-әрекеттерді қатты шенеп, мінесе де, адамгершілік, оқу-өнер
үйрен деп басалқылық айтса да, жалқаулықты мысқылдап, еңбек етуге шақырса да,
түйіні - қазақты мәдениетті, өнегелі ел ету. Қайғы, қуаныш, бәрі де осыған
келіп тіреледі.

Жалпы елдік, өнер, ғылым мәселелерін Шоқан (Чокан) Уәлиханов
та, Ыбырайлар да көтерді, олар да халықты елдік, өнер-білімге шақырды. Ендеше
Абайдың олардан айырмасы қайсы? Бізше, Шоқан да, Ыбырай да бұл мәселелер
жөнінде жақсы тілек, жалаң үгіттен әрі бара алған жоқ. Әрине бұл айтқанымыз
қазақтың бірінші демократ интеллигенті, бірінші үлкен ғалымы Шоқанның да, өз
кезінің үлкен ағартушысы, қазақтың бірінші педагог, бірінші көркем қара сөз
жазған және жазба әдебиет тарихында балалар әдебиетінің атасы болған Ыбырай
Алтынсаринның да тарихи мәндерін кемітпейді. Бәлкім оларсыз Абай Абай да
болмаған болар еді. «Атаны көріп ұл өседі, ананы көріп қыз өседі» дейді қазақ
мақалы, сондай-ақ Шоқан, Ыбырайлардың Абай үшін де мәні зор.

Бірақ Абайдың олардан әлеумет өмірі, қазақ тарихында бұл
мәселелер жөнінде де өзінше ерекшелік орны бар.

Абай қазақты мәдениетті іргелі ел етуге тек қана үгітші
болып қойған жоқ, әрі үгітші, әрі насихатшы, әрі күрес ері болды. Елді ел
етерлік жақсылыққа үндеп, ақыл айтып, басшылық етсе, елді қор ететін «ала
жылан, аш бақа» күпілдектерге, алауыздық, партиягершілік, сұм-сұрқия, не
азғындықтарға қарсы күрес ашып, аяусыз соққы берді. Бұл жағынан Абайдың
алдыңғылар былай тұрсын, онан кейінгі қазақ оқымыстыларынан да Абаймен ешкімді
қатар қоюға болмайды.

Сөйтіп өз кезіндегі әлеумет өмірінде болған сан қайшылық,
талас-тартыстардың бірінің де жетегінде кетпей, олардың әрқайсысын өзіне сабақ
етіп, өз халқының тағдыры үшін қайғырып, өз бойындағы бар асылын сол халықтың
мүддесі үшін жұмсап, өз еліміздегі және мәдениетті елдердегі, әсіресе орыс
еліндегі алдыңғы қатардағы халықтық жақсы идеяны ту етіп, елін ілгері бастауы
қазақ халқы үшін оның тарихи әлеуметтік мәні де, тарихта орнының зорлығы да,
жалпы айтқанда, міне, осында.

Сонымен қатар Абай тарихтың оған артқан жүгі тек әлеумет
мәселесі ғана емес, келешек ұрпағының алдындағы өзінің ақындық міндетін, яғни
әдебиет мәселесін де жүктегенін Абай жақсы ұғынды, сондықтан ол өзінің барлық
мүмкіншілігін бұл жолдан да аяған жоқ.

Абайға дейінгі ауыз әдебиеті, тарихи әдебиетті алсақ, қазақ
өлең құрылысының үш-ақ түрі болатын:

1. Он бір буынды;

2.Жеті буынды;

3.Аралас буынды (бұған кіретіндер - әнге арналған өлеңдер
мен жырларда көп кездесетін көп жолдары жеті буын, кейде сегіз буын да аралас
келіп отыратын өлеңдер). Мысалы:

 

            4                      3                      4

Қара таудың (басынан) көш келеді,

            4                                 3                      4

Көшкен сайын (бір тайлақ) бос келеді.

            4                                 3                      4

Ел-жұртынан (айрылған) жаман екен,

            4                      3                      4

Екі көзден (мөлдіреп) жас келеді». (233)

 

***

 

                 4                      3

«Алты қырлы ақ мылтық,

                 4                       3

Ата алмасам (маған серт)

                   4                    3

«Толғауыма (шыдамай),

                  4                     3

Толықсысаң (саған серт)». (234)

 

 

***

 

                   4                      3                       4                         2

«Бір толарсақ, (бір тобық) санда болар жар-жар-ау,

                  4                     3                 4                      2

Қырық кісінің (ақылы) ханда болар жар-жар-ау.

                4                          3                         4                      2

«Әкем-ай!» деп (жылама) байғұс қыздар, жар-жар-ау,

                  4                    3                      4                        2

Әкең үшін (қайын атаң) онда болар жар-жар-ау». (235)

 

 

 

Жырларда келетін түрі:

            4                      3

Бір азырақ// жырлайын,

            4                                 3

Боз торғайдай// шырлайын,

            5                                 3

Босағасы биік// біреуді

            4                      3

Баса келіп// қорлайын...» (236)

 

 

 

 

 

 

 

 

Ескерту: Қазақтың он бір буынды өлеңдері бунақтарының орны
ауысып түсуіне қарай өзара үшке бөлінеді. Бас бунағы 3 буынды, орта бунағы 3
буынды, аяққы бунағы 3 буынды. Жалпы саны 11, одан өзгермейді.

 

Абайға дейін қазақтың өлең құрылысының барлық түрі осы
үшеуі-ақ. Қазақтың өлең құрылысы силлаболық өлең құрылысының жүйесіне
жататындықтан, негізгі өлшеуіші - буын. Буыны жағынан ауыз әдебиетінің де,
Абайға дейінгі тарихи әдебиеттің де жеткен жері осы еді. Және бұл түрлер
қазақта әбден тұрақталып, бекіп алған түр еді.

Абай ең алдымен қазақ өлеңдерінің осы жағына көңіл бөлді.

Дәуірдің өзгеруі, ой-сананың ілгерілеуі, әлеумет өмірінің
жалпы дамуы жаңа мазмұнды туғызса, жаңа мазмұн жаңа түрді керек етті. Асқан
талант, аңғарымпаз ақыл, өз тұстарына қарағанда анағұрлым үлкен мәдениеттілік -
бәрінің жиынтығы ақынның жаңа кезеңдегі жаңа ой-санасы, жаңа мазмұнды айтып
беруі үшін жаңа түр табуына әкеліп тіреді.

Абай ең алдымен 8 буынды және 6 буынды жаңа екі түр
кіргізді. Бұның екеуі де Абайға дейінгі әдебиетімізде жоқ түр еді. Үшінші,
«аралас буынды» өлең құрылысының жаңа түрлері. Соңғы түр - Абайда ең көбі.
Абайдың өлең құрылысын зерттеуші авторлар, С.Мұқанов (Абай, І том, 20-бет)
Абайдың қазақ өлеңіне кіргізген 15 түрлі жаңалығы бар десе, Е.Ысмайлов Абайда
16 түрлі жаңа өлең құрылысы бар дейді («Әдебиет майданы» журналы, №11-12,
105-бет). Біз бұл жерде Абайдың өлең құрылысына түгел тоқтап талдау бермек
емеспіз. Сондықтан Абайдың кіргізген жаңалығы он бес пе, он алты ма, әлде онан
да көп пе, ол мәселені ашық қалдырып, жалпы алғанда Абайдың қазақтың өлең
құрылысына үлкен өзгеріс кіргізгендігін ғана айтпақпыз. Бұл жағынан алғанда,
жоғарғы авторлардың келтірген үзінділері факт ретінде дұрыс. Бірақ бұл
жолдастардың кемшілігі  С.Мұқанов қазақ
өлеңінің негізі етіп буыны мен ұйқасты қатар алған, әрине бұл - қате. Қазақтың
өлең құрылысының негізі шумақтағы буын санының біркелкі келуіне бағынады. Ал
Ысмайлов жолдас, өлең өлшеуінің негізін буын етіп ала тұрса да, бір жүйеге
жататын, бірақ буын саны әр басқа өлеңдерді сол жүйеден (системадан) бөліп
әкетіп, әрқайсысын өз алдына жеке өлеңнің түрі ретінде қарайды. Әрине бұл да
дұрыс емес. Мысалы, «Сегіз аяқ» пен «Алты аяқ», не «Сен мені не етесің»
өлеңдері өзара құрылысы әр басқа болса да, бұлардың бәрі де «аралас буынды»
өлең түріне жатады. Оларды осы жүйеден шығарып, айырмасын сонан кейін көрсету
керек еді. Міне, бұл жерлердің жігі ашылмаған.

Жоғарғы айтылған Абайдың қазақ өлеңіне өзі енгізген жаңа
түрлері дегеніміздің үлгілеріне бірнеше мысалдар келтірелік.

 І. Таза сегіз буынды:

                                   4                      4

«Жарым жақсы// киім киіп,

                 4                            4

Келді жанға// жылы тиіп.

                   4                          4

Диуана болды// бұл көңілім,

           

        4                         4

Басылмай бір// құшып-сүйіп...»

(Абай, ІІ том, 82-бет)

 

ІІ. Алты буынды:

            3                      3

«Қара көз, // имек қас,

            3                      3

Қараса // жан тоймас.

            3                      3

Аузың бал, // қызыл гүл,

            3                      3

Ақ тісің// кір шалмас...»

(Абай, І том, 135-бет)

 

ІІІ. Аралас буынды:

                        5

«Алыстан сермеп, //

5

Жүректен тербеп, //

                        5                                 3

Шымырлап бойға // жайылған. //

                        5

Қиядан шауып, //

                        5

Қисынын тауып, //

                        5                      3

Тағыны жетіп // қайырған

                        5                                 3

Толғауы тоқсан // қызыл тіл, //

                        5                                 3

Сөйлеймін десең, // өзің біл...»

(Абай, І том, 95-бет)

 

                        5

«Сайрай бер, тілім //

      4                           3

Сарғайған соң// бұл дерттен!

                  5

Бүгілді белім, //

                        4                      3

Жар тайған соң // әр серттен//.

                       

      5

Қамықты көңіл, //

Қайтсе болар жеңіл?..»

(Абай, І том, 103-бет)

                        4

«Бойы былғаң,

4

Сөзі жылмаң

                        5                      3

Кімді көрсем // мен сонан //

                        4

Бетті бастым, //

                        4

Қатты састым, //

                        5                      3

Тұра қаштым// жалма-жан//»

(Абай, І том, 143-бет)

 

               3                   3

«Сен мені // не етесің? //

4

Мені тастап,

            4

Өнер бастап,

            3

Жайыңа

            4

Және алдап,

            2

Арбап,

            4                      4

Өз бетіңмен // сен кетесің

            3                      3

Неге әуре // етесің?

                4

Қосылыспай//

               4

Басылыспай //

            4

Бойыңа //

            4

Және жаттан

           

      2

Бай тап

            4                      4

Өмір бойы // қор етесің //».

(Абай, І том, 104-бет)

 

                4                     4

«Ата-анаға // көз қуаныш, //

                                        4                       3

Алдына алған // еркесі

               4                         4

Көкірегіне // көп жұбаныш //

                4                     3

Түрленіп ой // өлкесі. //

                 5

Еркелік кетті, //

            3

Ер жетті, //     

            3

Не бітті?..//

(Абай, І том, 126-бет)

 

            «Аралас
буынды» Абай өлеңдерінің бұл келтірген бес түрінен басқа да түрлері көп.
Жоғарғы авторлардың Абайда бірі «он бес», екіншісі «он алты» жаңа түр бар
дейтіндерінің де көпшілігі - осы «аралас буынды» өлеңдердің әртүрлі бұтағы.
Әрине бұлар тегі жағынан «аралас буынды» өлеңнің түріне жатса да, әрқайсысы
өзіне жаңа түр. Абайға шейінгі әдебиетімізде әріден келе жатқан, тек сұлбасы
ғана бар «аралас буынды» өлеңдермен салыстырсақ, Абайда кездесетін «аралас
буынды» өлеңдер жаңа ырғақ, жаңа құрылыс, жаңаша естілетін, Абайдың өзіне ғана
тән, әдебиетімізге Абайдың өзі енгізген жаңалықтар Абайдың қазақ өлеңдеріне кіргізген
жаңалықтарының үлгілерін көрсету үшін келтірген осы мысалдардың өзі де
жеткілікті, сондықтан осы жаңалықтарды қалай кіргізгені туралы аз тоқталып
өтелік. 

            Абай қазақ
өлеңдеріне әртүрлі жаңалықтарды, бізше, үш түрлі жолмен кіргізгенге ұқсайды.
Кейбір өлеңдерін әнге арнап жазған. Кейбір өлеңін қазақта бұрыннан бар
өлеңдердің ізімен жаза келіп, аяғына жаңаша бунақ, буындар қосып жаңартқан,
кейбір өлеңдерді басқа елдердің ақындарының өлең құрылысына еліктеп, сол
әдіспен жаңа түр жасаған.

            Бірақ
Абайдың үлкен шеберлігі соларды тек түр етіп енгізуінде ғана емес, түрін
мазмұнына сай етіп, оқушылардың көңіліне қондыра білуінде. Оның басқа елдердің
ақындарына еліктеп шығарған өлеңдері болсын, әнге арналған өлеңдері болсын, не
әртүрлі әдіспен ескі өлеңдерге жаңаша түр берсін - бәрі де құлаққа жағымды,
көңілге қонымды келеді. «Сегіз аяқ», «Қор болды жаным» тәрізді белгілі әні бар
өлеңдердің өзі де Абайға дейінгі «аралас буынды» өлеңдердей емес, әнсіз жай
оқығанда өзінің өлеңдік, не көркемдік қасиетіне, не мазмұнына ешбір нұқсан
келмейді.

            Бұрынғы
«аралас буынды» өлеңдердің қайсысы болсын әнсіз, өлеңдік қасиеті аз болатын.
Абайдың бұл да үлкен шеберлігінің бір тамыры. Сонымен қатар Абай - өлеңінің
жаңа түрі, жаңа құрылысына өте сақ, өте саналы түрде қараған ақын.

 

«Шу дегенде құлағың тосаңсиды,

«Мұндай сөзді өскесін бұрын көрмей», -

 

деп ақынның өзі айтқан сөзі өлеңінің тек мазмұны ғана  туралы айтылған жоқ және түрі туралы да
айтылған еді. Абай олай деп айтпаған күнде де, мұны жоғарғы келтірген
мысалдардың өзінен де аңғаруға болады. Абайдың жаңалық деген бір өлеңін тұтас
алып, құрылысын байқасақ, оның бірінші шумағындағы әр жолдың буын сандарының
екінші шумағындағы әр жолдың буын сандарының екінші шумағында дәлме-дәл
қайталанып отырылуы, сөз жоқ, ақынның өзі енгізген жаңалықтарға саналы түрде
көзқарасы болғандығын көрсетеді.

            Қазақтың
өлең құрылысына жасаған бұл тәрізді ірі төңкерісі - Абайдың тарихи ұлы
еңбегінің және бір негізгі саласы.

            Қысқарта
айтқанда, Абайдың тарихи зор мәні қазақ тарихындағы ерекше, өз кезіндегі
әлеумет өмірінің айқын айнасы болып, өз кезінің алдыңғы қатардағы әлеуметтік
ой-сананың жиынтығы, сарқынды-сіріндісі бола алуында. Бұл - бір. Екінші, өз
дәуіріндегі жаңа мазмұнға жаңа түр іздеп, қазақтың өзіне шейінгі өлең
құрылысына үлкен төңкеріс жасап, қазақ өлең құрылысын жаңа арнаға салып, жаңаша
түр енгізіп, ол түрлерді қазақтың тіл, өлең құрылысына табиғи етіп жасай
алуының арқасында оны қазақ поэзиясына сіңіре алуында. Бұл - екі.

            Бұл
айтылған екі түрлі Абайдың ірі еңбегінің әдебиет тарихы, теория мәселесі үшін
мәнінің зорлығы, орнының айрықшылығы қосымша дәлелді керек етпейді.

            Осы
айтылған үлкен тарихи мәні бар екі мәселемен нық байланысты үшінші және бір
мәселе келіп шығады. Бұл осы еңбектің негізгі тақырыбы және осы тараудағы
(қорытындыға) айтылмақ пікірдің де негізгі түйіні - қазақтың әдебиет тілін
жасау, дамыту, ілгерілетудегі Абайдың мәні мен тарихи орны қандай деген мәселе.

            Абай өз
кезіндегі алдыңғы әлеуметтік ой-сананың жиынтығы, қазақтың өлең құрылысына
үлкен төңкеріс жасаған новатор болды десек, қазақтың әдебиет тілін дамыту,
байытып, ілгерілетуде де осы пікірді айтамыз.

            Абайдың
әдеби тіліне не жаңалық енгізіп, қандай өзгеріс жасағаны, қай кетігін қалап
қайта тұрғызғаны, нені дұрыс көріп, дамытып ілгерілеткені, нені шетқақпай
жасап, не нәрсеге қарсы күрес ашқаны жалпы да, поэтик тілдердің әр түрімен
байланысты конкрет түрде де, бұл еңбектің ұзына бойына айтылып, өзіне дейінгі
әдебиет нұсқаларымен келтірілген мысалдарды Абайдан алынған мысалдармен
салыстыра отырып дәлелденіліп өтті. Сондықтан Абайдың поэзиясының тілі
жөніндегі айтылған барлық пікірлерімізді жинақтасақ, төмендегі қорытындыларға
келеміз.

Бірінші, ең алдымен Абай түр мазмұнының түрі болуы керек,
ұлттық түр, әлеуметтік, адам баласылық идеяны айтып беру үшін жұмсалуы керек, әр
сөз мағына жағынан дәл, пікір анық түсінуге жеңіл және сөйлемде не екіұшты, не
сөйлемдегі ойға тікелей қатысы жоқ сөз болмауы керек деген принципті қатты
қойып, өз шығармаларының үлгісінде көрсетіп және қазақ тілінің байлығы қандай
ой-пікірді айтып беруге болсын, негізінде сөзі жететіндігін де айқындап берді.

Екінші, Абай қазақ тілінің араб, парсы, татар сөздерімен
қатты шұбарланып, қазақ тілінде деген кейбір өлеңдерді қай тілде екенін айыру
қиын халге жеткен кезінде тарихи сахнаға шығып, қазақ тілін орынсыз
шұбарлаушыларға аяусыз соққы беріп, ана тілін таза сақтады. Әдебиетке жаңаша
бағыт беріп, өзінен кейінгі ақындарға үлгі қалдырды.

Үшінші, қазақтың өзіне дейінгі тіл байлығын, шығыс, орыстың
классик поэзияларының үлгілерін меңгере отырып, қазақтың әдеби тіліне өзіне
дейінгі әдебиеттерде қолданылмаған жаңа сөз, жаңаша сөйлем құрылыстарын
енгізді. Әйтсе де Абай тіл жөніндегі енгізген жаңалықтарының негізі етіп
жасалынды жаңа сөздерді емес, жаңа сөйлем, жаңаша сөйлем құрылыстарын алды.
Бұрынғы әдебиеттерде қолданылмаған, бірақ қазақтың жалпы тілінде бар сөздердің
жақсыларын теріп, өлеңдеріне кіргізіп, жеке алғанда сөздер бұрын болса да,
Абайдың қолданысындай түрдегі байланыста қолданылмайтын, сондықтан жаңа
саналатын сөйлем, сөз құраулар өзінің тілдегі жаңашылдығының негізгі тірегі
етті. Мұны ол өз мағынасында қолданылатын сөздерде де, ауыстыру мағынасында
қолданылатын (тропа) сөздерде де және фигураның түрлерінде де қолданды. Сөйтіп
Абай қазақта бұрын олай қолданылмайтын сөздерінің жаңаша байланыстарын жасап,
мұны қазақтың әдеби тілінің классикалық үлгісі жасады.

Төртінші, қазақ әдебиетінде ескіден келе жатқан ой-сананың
сәбилік дәуірі - бала кезімен байланысты туған тілдегі әсірелеу, литоталық
поэтик тілдерді ескілік санап, оның орнына өмір шындығымен нық байланысты, өмір
құбылысын суреттеудің жаңа әдісін ұсынды. Әр образ, әр суреттелген көрінісінің
негізінде шындық болуы керектігінің айқын үлгісін көрсетті.

Бесінші, бұрынғы әдебиетте болса да, әлі дәуірлей алмаған
сатиралық әдіс, оның өткір құралы саналатын сарказм, иронияларды ең жоғарғы
сатыға көтеріп, халық тіршілігіне зиянды іс-әрекет, мінез-құлықтарды шенеудің
күшті қоры етті.

Алтыншы, Абай өзіне шейінгі әдебиетте жоқ, адамның ішкі
сезім дүниесін тікелей суреттеу әдісіне содан жол салып, психологияны суреттеуде
дүниежүзінің атышулы ақын-жазушыларының шығармаларымен тең түсетін шығармалар
беріп, өзінің асқан шеберлік ұсталығын ұрпаққа өнеге ретінде қалдырды.

Жетінші, Абай қазақтың өзіне дейінгі ауыз әдебиеті, тарихи
әдебиетіндегі ақыл-нақыл сөздерінің үлгісін ала отырып дамытты, ілгерілетті.
Сөздің бұл түрлерін тек бұрынғы шеңберлерінде қалдырмай, философиялық ойлау
негізіне шейін жеткізді. Қиюын тауып қалай білсе, қазақ тілі, қазақтың сөз
байлығымен де терең-терең философиялық ой-пікірді айтып беруге болатындығын,
әңгіме сөздің жетпеуінде емес, мәдениеттің жетпеуінде екендігін айқындап,
философиялық ой-пікірді қалай айтып берудің үлгілерін көрсеті.

Сегізінші, қазақтың бұрынғы әдебиет нұсқаларында тек
параллелизм түрінде ғана кездесетін табиғат құбылыстарын өз алдына өлеңнің бір
жанры дәрежесіне жеткізіп, не сұлу, не әдемі табиғатты суреттеу (пейзаждық)
өлеңдерін жасады.

Тоғызыншы, орыс әдебиетінің ұлы классик ақындарының
өлеңдерін аударып, олар арқылы дүниежүзілік әдебиетке қол созды. Қазақ
жұртшылығын жер жүзінің даңқты ақын-жазушыларының сөз, идеяларымен таныстырып,
классик аудармалардың үлгі, өнегелерін кейінгілерге сабақ етті. Орыстың ұлы
ақындарын терең түсіне аудара отырып, олардың үлгісімен қалай жаңа сөз,
сөйлемдер құру және оларды қазақтың өз ұғымына жатық, көңіліне қонымды етіп
шығару әдістерін көрсетті. Сөйтіп, қазақтың әдеби тілін байыту, күшейтуге бұл
мүмкіншілікті де толық пайдалана білді. Дүниежүзілік әдебиетпен өзінің жақсы
таныстығы арқасында, адамның мінезін суреттеу әдісі кейде «диалог» түрінде,
кейде «қыстырма сөз» түрінде сөйлем араларында қолданылатын «төл сөздердің»
өзіне шейін әдебиетте болмаған жаңа үлгілерін жасады.

Оныншы, поэзияның әлеумет өміріндегі мәні мен орны үлкен
екендігін терең түсініп, шын мәніндегі көркем поэзия жасаудағы негізгі құрал
тіл екендігін, сондықтан оған айрықша көңіл бөлу керектігіне басшылық етті.
Тілді бағаламаушылық, не оған жүрдім-бардым қарап, сөз «қадірін» кетірушілік ар
мен ақындық міндетін арзандатып, «мақтау» өлең айтушылық, тағы басқа осылар
сықылды сөздің мазмұнын және искусстволық қасиетін төмендетушілерге де, түр
қуалап, жасалынды сөз, шындықтан тыс образ қолданушыларға да қарсы күрес ашып,
сөздің әрі көркем, әрі жеңіл, түсінікті, әрі мазмұнды болуын талап етіп, өзі
оның айқын үлгілерін жасап, кейінгілерге басшылық етті.

Тіл жөнінде басқа мәдениетті елдердің ұлы адамдарының қойған
шарттары мен талаптарын Абай да қойып, ол да солардың пікірлеріндей
тамаша-тамаша құнды пікірлер айтты. Сөйтіп бұл туралы да кейінгі ұрпақтарға
өшпес өсиет, өлмес өнеге қалдырды.

Абайдың әдеби тіл туралы кейінгілер үшін үлкен мәні де, ұлы
еңбегі де, қорытып айтқанда, осы не түрлі мәселелердің айналасынан табылады.

Бұл еңбек, бірінші жағынан, Абайға дейінгі қазақтың бай ауыз
әдебиеті, ХҮІІІ ғасырда басталатын тарихи әдебиетін есінен шығарып, қазақ
әдебиеті тарихында, әдебиет тілінде кесіп алғандай, тек Абайдан бастағысы
келетін көзқарастың қателігін, Абайдың поэзиясының да, тілінің де терең
тамырының бір бұтағы өзіне шейінгі қазақ әдебиетінде жатқандығын көрсетсе,
екінші жағынан, жоғарғы қорытып айтқан тіл жөніндегі он түрлі Абайдың тарихи
ұлы еңбегі, Абайды не үшін қазақтың әдебиет тілінің негізін салушы, дамытып,
ілгерілетуші дейтініміздің де себептерін ашып береді.

Бұл тәрізді бір дәуірдің алдыңғы қатардағы идеяларының жиынтығының
күзетшісі болу, бір халықтың ғасырлар бойы сүтпен еніп, сүйекке сіңген
әдебиетінде төңкеріс жасау, осылармен байланысты қазақтың әдеби тілін өзіне
шейінгі әдебиеттің тілінің дәрежесінен әлдеқайда жоғарылатып, мәдениетті
елдердің поэзиясы тілдерінің қатарына жеткізуі, бәрі қосыла келіп, Абайды
қазақтың ұлы классик ақыны етті.

Абайдан кейінгі қазақ әдебиеті Абайдың үлгісінде
өсіп-өркендеді. ХХ ғасырдың бас кезінен бастап, күні бүгінге шейін өлең
құрылысы, тілі жөнінде Абайдың әсерінсіз әдебиет тарихының қатарына қосылған
қазақ ақынын табу қиын. Бұл мәселенің бетін ашу - келешекте зерттеушілердің
ісі, бірақ оның өзінен кейінгілерге тигізген әсерін зерттеу үшін де Абайдың
алдында не бар еді, өзі не жасады деген күрделі бір мәселенің бұл еңбекте
негізінде беті ашылса, мақсаттың орындалғаны, келешек зерттеушілерге де жол
ашқанымыз болып саналады. Сондықтан Абайдың тілін зерттеу - тек кешегі тарихты
білу ғана емес, бүгінгі әдебиетімізді білу үшін де негізгі мәселенің бірі.