ВЕРНУТЬСЯ

    а) Метафора. Ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздер - қазақ
өлеңдерінде де басқа әдебиеттердегі поэтик тілдермен негізі бір. Метафора, метонимия,
синекдоха, кейіптеу, символ - бәрі жөнінде де осыны айтуға болады.

            Бірақ мазмұны
жағында өзгешелік болмаса да, қазақ өлеңдеріндегі метафораларды орыс тіліндегі
метафоралармен салыстырғанда, жасалуы жағынан өзінше кейбір ерекшеліктері де жоқ
емес.

            Жалпы алғанда,
метафора - сыртқы, не ішкі бір ұқсастығына қарап, бір нәрсені екінші нәрсеге
балау. Екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қою десек, қазақ өлеңдерін де
солай етіп шығару үшін кейде бір нәрсені екінші нәрсеге тікелей болса да, кейде
жалғау арқылы, кейде көмекші етістіктер арқылы жасалатындығын көреміз.

 

«Құлагер, әкең - тұлпар, шешең - сұңқар,

Соғып ең дөненіңде сегіз арқар».

(Ақан сері)

 

«Арыстан еді Исатай».

(Махамбет)

 

            Бұл үзінділерде
«Құлагердің әкесін - тұлпар, шешесін - сұңқар», «Исатай - арыстан» деп, «тұлпарға»,
«арыстанға» тікелей балап және екі нәрсенің арасына тепе-теңдік белгісін қояды
(Исатай да арыстан, арыстан да арыстан). Аристотель теңеу мен метафора туралы
айта келіп, мынадай мысалдар келтіреді. «Лев (-Ахилл) ринулся - и Ахилл
ринулсы, как лев» (64) дейді.  Мұның алдыңғысы
- метафора, соңғысы - теңеу.

            Демек, теңеуде
бір нәрсені екінші бір нәрсеге теңегенде, екеуінің арасында еш айырма жоқ,
тепе-тең деп ұқпаймыз. Екеуі екі нәрсе, екеуінің жігі әрдайым ап-ашық. Тек
белгілі нәрсе арқылы белгісіз нәрсені көзге елестетеміз. «Ол - арыстандай
айбатты» дегенде, арыстан сықылды, тәрізді, бірақ арыстан емес.

            Метафорада
ондай сілтеу жоқ. «Ол - арыстан» деп кесіп айтады. Арыстан мен батырдың қайраты
жағынан ұқсастығын алады да, бірін екіншісіне тепе-тең етеді (Арыстан - батыр,
батыр - арыстан).

            Теңеу мен
метафораның бір-біріне жақындығы үлкен. Мұны ғылымпаздардың бәрі де растайды.
Аристотель «Сравнение - также метафора, но с присоединением частиц сравнения»
десе, Ж.Вандриес өзінің «Тіл» деген кітабында «Метафора - қысқартылған теңеу»
дейді (6).

            Ғылымпаздардың
бұл пікірлерінің дұрыстығын, екеуінің (метафора мен теңеудің) арасындағы жақындығын
қазақ әдебиетінің поэтик тілдерінен мысалдар алып дәлелдеуге болады. Қазақта теңеудің
жұрнақтарын алып тастаса, кез келген теңеу оп-оңай метафораға айналады.
Керісінше, метафораға теңеудің жұрнағын қоссақ, онда ол теңеу болып шығады.

 

«Ол - арыстандай айбатты (теңеу).

Ол - арыстан айбатты» (метафора).

 

немесе теңеудің жұрнағын қысқартып, метафораның өзіне тән
жалғау, не көмекші етістіктерін қоссақ, теңеу-метафора болып шығады:

 

«Арыстаным айбатты»,

«Арыстан еді ол айбатты».

 

            Бұл үзінділердегі
теңеу мен метафора жақындықтары орыс ғалымдарының метафора параллелизмнің дамыған
түрі, оның даму сатысы - теңеу деп қарайтын қисынын толықтыра түспесе, қайшы
келмейді (әрине біз бұл жерде қазақ әдебиетіндегі метафора, теңеулердің тарихи
даму жолдарын айқындау мәселесін қойып отырғанымыз жоқ, сондықтан ол - өз
алдына басы ашық қалатын мәселе).

            Сөйтіп, қазақ
өлеңдеріндегі теңеу мен метафораның жақындығы: теңеудің жұрнағын қысқартсақ,
метафора болып, метафораға теңеу жұрнақтарын жалғаса, теңеуге айналады, бұл -
бір. Екінші, теңеуде де, метафорада да екі нәрсе қатар алынады, әйтсе де, қазір
бұл екеуінің арасындағы айырмасы да ашық нәрсе. Бірінші, теңеуде бір нәрсе
екінші нәрсеге теңелсе, метафорада баланады. Теңеу бұл пәлендей, сол тәрізді,
секілді десе, метафора бұл - пәлен, бұл - соның өзі деп кесіп айтады. Мағына жағынан
екеуі әрине, бір емес.

            Екінші, теңеудің
өзіне тән жұрнағы бар да, метафораның өзіне тән жалғау, не басқа сөздері бар.

            Үшінші, теңеуде
теңеу жұрнақтарының теңейтін сөзге жалғануы міндетті түрде болса, метафорада сөзге
метафоралық мән беретін сөздер, не жалғаулардың үнемі бола беруі міндетті емес.
Жалғаусыз да, не көмекші сөзсіз де бір нәрсе екінші нәрсеге сырт жағынан, не
басқа жағынан ұқсастығына қарап, тікелей балана береді.

            Төртінші,
теңеуде теңелетін нәрсе мен теңейтін нәрсенің екеуі де ұдайы қарама-қарсы тұрса,
метафорада ұқсастығы бар нәрсенің бір жағы қалып қоюы да мүмкін. Бірақ контекст
бойынша, ол нәрсені оқушы қиялы арқылы түсіне алады. Міне, теңеу мен метафораның
бірлігі, айырмашылықтары, негізінен алғанда, осы айтылғандар.

            Солай дей тұрсақ
та, жалпы қазақ әдебиетіне тән және көп кездесетін метафора, ол - екі жағы, балайтын
нәрсе мен баланатын нәрсенің екеуі де қарама-қарсы тұруы. Қазақ әдебиетіндегі
поэтик тілдің бұл ерекшеліктерін Совет дәуірінің үлкен оқымыстысы, атақты ғылымы,
академик А.С.Орлов өте дұрыс аңғарған.

            Александр
Сергеевич өзінің «Қазақтың батырлар жыры» (1945 ж.) атты бағалы еңбегінде теңеу
мен метафораға қазақ жырларынан толып жатқан мысалдар келтіреді.

Метафора:

 

«Сирота, оставшийся в утробе матери,

Я на твоего верблюжонка похожу,

Вы на моего отца походите». (66)

(«Алпамыс»)

 

            «Сайын»
жырынан мына үзіндіні алады:

 

«Имя ей - Аю-Бикеш,

Волос ее черный густ,

Голос ее - звонкий курай,

Щеки ее - розовый куст,

Уста ее - нет краше уст,

Взоры ее - при жизни рай,

Стан ее - гибкая лоза,

Ходит словно гордый фазан,

Бегает, как горная коза». (67)

 

            Александр
Сергеевич «Тағы да ұлттық әртүрлі образ және метафоралар келтірейік» деп, төмендегі
үзіндіні алады:

 

«Ты - оплот моего совета,

Ты - жемчужина моего широкого живота,

Ты - неутомимый Дульдиль мой,

(Легендарный конь, принадлежавший Азирет-Али)

Ты - сладкозвучный соловей». (68)

 

            Академик
А.С.Орловтың қазақ батырлар жырының тілдеріне жасаған талдаулары - қазақ әдебиетінің
поэтик тілін терең зерттеуде мәні зор. Өйткені бірінші жағынан, қазақ өлеңдерінде
метафора көпшілігінде бір нәрсені екінші бір нәрсеге қарама-қарсы қойып барлау
арқылы жасалынатындығын көрсетсе, екіншіден, өмір құбылысын суреттеуде
метафораның поэтик тілде алатын орны  үлкен
екендігін және көрсетеді.

            Құрылысы жағынан
алғанда, қазақ әдебиетінде метафораның бес түрі бар, яғни, бес түрлі жолмен жасалынады.

            Бірінші,
метафораның жай түрі.

Екінші, жалғаулар арқылы 
жасалынатын метафора.

Үшінші, көмекші етістік арқылы жасалынатын түрі.

Төртінші, күрделі метафора немесе метафораның ұлғайған түрі.

Бесінші, метафораның «бейне бір», «тең» деген сөздердің көмегімен
жасалатын түрі.

            Метафораның
бірінші түрі, яғни жай түрі жалғаусыз, жұрнақсыз, бір нәрсені екінші нәрсеге
балау арқылы жасалынады.

 

«Көп сөз - көмір,

Аз сөз - алтын». (69)

 

«Жігіттің үміт - басқышы

Қия таудан асуға,

Жігіттің үміт - бақ кілті

Қайындық құлпын ашуға». (70)

 

            Метафораның
екінші түрі «-мын», -бын», «-пын», «-сын» жіктік жалғаулары, не «-м», «-н»,
«-ы» (сы) тәуелдік жалғаулары  арқылы
жасалынады. Жіктік жалғау:

 

«Сен - бұзау терісі шөніксің

Мен - өгіз терісі талыспын». (71)

 

(Мен) «Бес түлеген бөрімін,

Белге соқсаң, жығылман». (72)

 

            Тәуелдік
жалғаулары арқылы жасалынатын метафора төмендегілер тәрізді болып келеді:

 

«Халқыңыз қапа болмайды,

Есен барса жолбарысың». (73)

 

Немесе осының сыпайы түрі:

«Бәй-еке, сіз бір аққан бұлағымыз,

Зарлаған біз бір жетім ылағыңыз». (74)

«Исатай - ел еркесі, ел серкесі». (75)

«Таудағы тарлан шұбар біз едік» (76)

 

            Метафораның
үшінші түрі көмекші етістіктердің жәрдемімен жасалынады (еді, едім, едің, екен,
ең, м, н).

            Бұлар
бір-біріне баланып тұрған екі сөзге, сөйлемге түс беріп, олардың метафоралық мәнін
толықтыруда ерекше орын алады және ауыз әдебиетінде болсын, жазба әдебиетте
болсын, бұл - метафораның көп кездесетін түрі.

            Ақжүніс өзін
суреттей келіп:

 

«Қойда бағылан қозы едім,

Жылқыда шаңқаң боз едім». (77)

«Қара судың бетінде

Сығылып аққан сең едің». (78)

«Арыстан еді-ау, Исатай,

Бұл пәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен». (79)

«Шарықтаған сұңқар ем,

Қанатым сынды ұша алмай». (80)

«Орданың басты билері -

Қас қасқырлар мында екен». (81)

«Молдалардан сұрасам,

Ақ шейіттің өзі екен».

 

            Метафораның
ұлғайған түрі, не күрделі метафора өзара үшке бөлінеді:

а) бір нәрсені бірнеше нәрсеге балау арқылы:

 

«Тоқсан бес деген тор екен,

Дүйім жанның қоры екен,

Қарғиын десең, екі жағы ор екен,

Найза бойы жар екен,

Түбі жоқ терең көл екен,

Ел қонбайтын шөл екен,

Келмейтұғын неме екен...» (83)

 

            Мұнда «тоқсан
бесті» «торға», «қорлыққа», «орға», «жарға», «көлге», «шөлге», қысқасы, бірнеше
нәрсеге балап отыр. Оның сөйлеміндегі «тоқсан бес» барлық сөздің қазығы болса,
ол сөзді басқа нәрселерге балау жөнінде дәнекер болып тұрған көмекші етістік
«екен». Бірақ күрделі метафораның бұл түрі тек қана «екен», не «еді»-лер арқылы
ғана жасалынады деп ұғынып қалмау керек. Кейде жалғаусыз, көмекшісіз де бір нәрсені
бірнеше нәрсеге тікелей балау арқылы да жасалынады.

 

 

«Қарға батыр, әр сөзің - күміс, алтын,

Сыртыңнан тілеу тілер барлық халқың». (84)

 

«Бишара болдың сұм қазақ,

Жалмауыз болды ұлығың». (85)

 

            б) Ұлғайған
метафораның екінші түрі - бір нәрсені екінші нәрсеге бірден балай салмайды, не
нәрсеге баламақ, әуелі сол нәрсенің артықшылық, ерекше қасиеттерін поэтик
тілдердің басқаларының (көбіне эпитет) көмегі, жәрдемі арқылы суреттеп, көзге
елестете алады да, сосын барып балайды. Мысалы:

 

«Мен тауда ойнаған қарт марал,

Табаным тасқа тиер деп,

Сақсынып шыққан қиядан».

 

            Бұл үзіндіде
ақын өзін маралға балайды. Бірақ оны тікелей балай салмайды, «мен марал»
демейді, қарт марал тауда ойнаған марал, табаны тасқа тиер деп, күні бұрын
алдын ойлаған сақ марал, қысқасы, осы үзіндідегі толып жатқан әртүрлі
эпитеттердің бәрі де «марал» деген сөзді анықтайды. Ақын өзінің кім екенін айту
үшін әуелі маралды суреттеп, оны оқушылардың көз алдына елестетіп алады да,
сосын барып, өзін маралға балайды.

 

«Мен қарақұстан туған қалықпан,

Сөйлер сөзге жалықпан». (86) -

 

тағы басқа осылар тәрізді.

            в) біз жоғарыда
метафора мен теңеудің айырмасын айта келіп, кейбір метафорада екі нәрсенің қарама-қарсы
тұруы шарт емес, екінші жағын оқушылар сөйлемнің мағынасына қарап өзі-ақ сезеді
дедік. Бізше, бұл да метафораның ұлғайған түріне жатады.

 

«Көлге біткен құрағым,

Сурылып озған пырағым». (87)

 

«Шамдансам, жығар асаумын,

Шамырқансам, сынар болатпын». (88)

 

            Бұл үзінділерде
балап отырған жағы бар да, балайтын нәрсесі жоқ (алдыңғы екі жолда «сен» деген
сөз, соңғы екі жолда «мен» деген сөздер айтылмай қалған). Оларды сөйлемнің мағынасына
қарай ұғуға болады.

            Бұларды біз
метафораның ұлғайған түріне жатқызуымыздың себебі - әрбір нәрсені бірнеше нәрсеге
балайды, әрі суреттеп алып, сосын балайды. Мұның екеуі де ұлғайған метафораның
негізгі шарттары.

            Метафораның
бесінші түрі «бейне бір», «бейне (тең)» деген сөздер арқылы жасалынады.

            Бұл сөздердің
көпшілігі теңеуге де жақын ұғым туғызуы мүмкін. Бірақ тереңірек қарасақ, теңеуден
гөрі метафораға жақындығын мазмұнынан көруге болады.

 

«Пайдасы мол жігіттер

Дария шалқар көлмен тең.

Өз басынан пайдасы аспаған

Ел қонбаған шөлмен тең». (89)

 

«Ауызы бейне шалғы орақ,

Шөп емес, бірақ май орады». (90)

 

«Басы жоқ, төрт аяқты жансыз бір зат,

Құлағы жоқ, көзі жоқ, бейне бір ат» (91), -

 

деген мысалдарды алсақ, «Ауызы шалғы орақтай» дегеннен сөйлемнің
құрылысы өзгермесе де, мағынасы бірдей емес. «Ауызы бейне шалғы орақ» пен
«Ауызы шалғы орақтай» тең мағына бермейді. Алдыңғы сөйлемде «ауыз» да, «орақ»
та бәрі бір десек, соңғы сөйлем туралы оны айта алмаймыз. Соңғы сөйлемде
«ауыздың» қандай ауыз екенін «шалғы орақ» арқылы көзге елестетеміз де, онымен әрі
бармаймыз.

            Метафора мағына
жағынан кесіп айтады (мынау сол), теңеудей («сол» тәрізді) емес. Міне, осы жағынан
алғанда «бейне, бейне бір, тең» деген сөздермен келетін образдар жай қарағанда
теңеуге ұқсап тұрса да, метафора дейтініміздің себебі - осы.

            «Бейне,
бейне бір» сөздері арқылы жасалынатын метафоралар тек ауыз әдебиетінде ғана
емес, тарихи әдебиетте де жиі кездеседі.

 

«Бақытың баста тұрғанда,

Асқар таумен тең едің», т.б. (92)

 

            Бірақ
ескерте кететін бір нәрсе, жіктік жалғауы, не тәуелдік жалғаулары немесе
«бейне, бейне бір, тең» және көмекші етістердің келген жерінің бәрін де
метафора деп ұғу - қате.

 

«Алыстан сағынысып келіп едім» -

Менің ұлым сен едің,

 

Сенің әкең мен едім».

«Тең теңімен, тезек қабымен», -

 

деген жолдардағы «ым, тең, едің, едімдердің» метафорамен үш қайнаса
сорпасы қосылмайды. Сондықтан бұлармен байланысты келетін сөздер метафоралық ұғым
беріп тұр ма, жоқ па, мағына жағына көз салу керек. «Едім, едің, мын, бын» тағы
басқалар бір нәрсені екінші нәрсеге балау үшін қолданылып, бірінші нәрсені
екінші нәрсеге тепе-тең ету үшін қолданылса ғана олар метафоралық ұғым береді.
Сонда ғана оларды метафора деуге болады.

            Біз қазақ
тіліндегі метафора, олардың түрлері, қалай жасалатындарына тоқтап, олардың әрқайсысына
ауыз әдебиетінен және Абай алдындағы тарихи әдебиеттерден бірнеше мысалдар
келтірдік. Енді Абайдың өзіне келелік.

            Абай өлеңдерінен
метафораның қай түрі болсын түгел кездесетіндігін көреміз.

жай түрі:

 

«Сұлу аттың көркі - жал,

Адамзаттың көркі - мал,

Өмір сүрген кісіге

Дәулет - қызық, бала - бал...»

(Абай, І том, 192-бет)

 

жалғау арқылы келетін метафора.

 

«Көңілге жұбаныш,

Сен едің базарым...»

(Абай, І том, 199-бет)

 

«Көзімнің нұрысыз,

Сізсіз жоқ қуаныш»

(Абай, І том, 165-бет)

 

«Жаңа жылдың басшысы - ол»

(Абай, І том, 180-бет)

 

«Көңілім күні өткен соң,

Жалғанда болмас сүйініш»

(Абай, І том, 245-бет)

«Бір ғылым еді іңкәрің,

Әр қиынға сермедің...»

(Абай, І том, 191-бет)

«Алдындағы асау жас жайнап тұрған,

Мен болмаспын, бір уыс топырақпын»

(Абай, ІІ том, 106-бет)

 

«Мен көмірмін қалған өрттен,

Енді ұлықсат бізге бер...»

(Абай, ІІ том, 7-бет)

 

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем...»

(Абай, ІІ том, 80-бет)

 

«Өмір, дүние дегенің

Ағып жатқан су екен.

Жақсы, жаман - көргенің,

Ойлап тұрсам, у екен...»

(Абай, І том, 145-бет)

 

көмекші етіс арқылы келетін метафоралар.

 

«Жаңа жылдың басшысы - ол,

Мен ескінің арты едім...»

(Абай, І том, 180-бет)

 

(Сен) «Ескеріп істеп ойлаған,

Тәуекелге нар едің...»

(Абай, І том, 177-бет)

 

метафораның ұлғайған түрі.

 

а) «Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң - қыс келіп әлек салды».

(Абай, І том, 83-бет)

 

«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,

Ақылың - ашыған у, ойың - кермек...»

(Абай, І том, 44-бет)

 

«Сәлем - борыш, сөз - қулық болғаннан соң...»

(Абай, І том, 52-бет)

 

 

 

«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек».

(Абай, І том, 181-бет)

 

б) «Берекелі болса ел -

Жағасы - жайлау, ол - бір көл.

Жапырағы жайқалып,

Солқылдайды, соқса жел.

Берекесі кеткен ел -

Суы ашыған батпақ көл...»

(Абай, І том, 100-бет)

 

            Абай өлеңдерінде
жоғарғы метафоралардың балайтын нәрсесін айтпай, тек баланатын нәрсесін ғана
айтушылық жиі ұшырайды.

            Осының
екінші бір түрі - балайтын нәрсесін өлеңінің бас жағында ғана бір рет келтіріп,
басқа жағында баланатын нәрсесінің өзін суреттеу. Мысалы:

 

«Кешегі Оспан -

Бір бөлек жан,

Үйі - базар, түзі - той».

«Жауға мылтық,

Досқа ынтық,

Жас асар ма осыдан...»

«Ел тамағын,

Жұрт азабын,

Жеке тартқан кетті гүл».

(Абай, І том, 149-бет)

 

            Алдыңғы үш
жолда «Үйі - базар, түзі - той» баланатын нәрсесі де, балайтын нәрсесі де
бетпе-бет, қарама-қарсы. Ал соңғы жолдарда тек бір-ақ жағы бар - «жауға мылтық,
(досқа - ынтық)», «Гүл...». Бірақ әңгіме Оспан туралы болғандықтан, «мылтыққа»
да, «ынтыққа» да, «гүлге» де балап отырғаны - Оспан екені оқушының көңілінде тұрады
да, қарама-қарсы қойып баламаса да, оқушыға түсінікті.

            «Абдырахманның
келіншегі Мағышқа Абайдың айтқан жұбатуы» дейтін өлеңді алсақ, мұнда алдыңғыдан
гөрі де қиыннан қиысатындығын көреміз.

            Алдыңғы
(Оспан туралы) өлеңде өлеңнің бас жағында бір-ақ рет болса да «Оспан» айтылады.
Ал мына соңғы өлеңнің еш жерінде де Абдырахманның аты аталмайды.

 

 

(Ол) «Тиянағым, тұрлауым,

Енді кімге асылдым...»

(Абай, І том, 142-бет)

 

            Мұның
метафора екенін тәуелдік жалғауы «ым»-мен жасырынып, ойда тұрған «ол» деген сөз
арқылы білеміз. Немесе:

 

«Самородный сары алтын

Саудасыз берсең алмайды

Саудыраған жезіне.

Саудырсыз сары қамқаны

Садаға кеткір сұрайды

Самарқанның бөзіне», -

(Абай, І том, 59-бет)

 

деген өлеңін алалық.

            Мұна
«алтын», «қамқа» деп отырғаны ақынның сөздері де, «жез», «бөз» деп отырғаны -
басқалардың сөзі. Бірақ ол сөздердің қайсысы болсын, сөйлемнен тысқары. Әйтсе
де, сөйлемнің мағынасына қарай әңгіме не туралы екендігін аңғаруға болады.

            Б. «Бейне,
(бейне бір), тең» тәрізді сөздер арқылы жасалынатын түрлері:

 

«Интернатта оқып жүр

Талай қазақ баласы,

Жасөспірім, көк өрім

Бейне қолдың саласы...»

(Абай, І том, 66-бет)

 

«Қайғың болар шермен тең,

Қара көңілім жермен тең,

Сенсіз маған жат төсек,

Болар бейне көрмен тең...»

(Абай, І том, 107-бет)

 

            «Бейне»,
«тең» сөздері қосылған жерде сөйлемнің мағыналары теңеу емес, метафоралық ұғым
беретіндігін бұл мысалдардан анық көруге болады.

            Метафораның
әр түрінен келтірілген мысалдар ұлы ақынның өзіне шейінгі әдебиеттердегі поэтик
тілдердің бар үлгілерін толық меңгеріп, әртүрлі өмір құбылыстарын суреттеуде
оны өз керегіне жарата алғандығын көрсетеді, бұл - бір. Екінші, осы үлгілерді
меңгере отырып, Абайдың өзінің де әдебиетке кіргізген жаңа метафоралары аз
емес, бұл - екі.

            Әрине тілде
болмаған жаңа сөздермен әдеби тілді байыту - 
қандай ақынға болсын әлінен тыс жұмыс. Өйткені қандай ұлы ақын болмасын,
бүкіл халықтан асып түсіп, жалғыз өзі тіл жасауы мүмкін емес. Ондай ақынды
тарих білмейді. Әр елдің ұлы жазушы-ақындарының өзі кіргізген жаңа сөздері сол ұлттың
жалпы тілімен салыстырғанда, дарияға тамған тамшыдай ғана деуге болады. Қай ақын
болсын, өзіне шейінгі жасалынған халықтың әзір тіліне кез келеді де, шашылып
жатқан бай қазынаны маржанша тізіп, қиюын тауып қалап, тот басқанын аршып,
кірлегенін тазартып, жансызына жан, қансызына нәр беріп, жаңа нәрсе етіп шығарады.
Ұлы ақындар әдебиет тілін дамытты, байытты, жаңа сөз, жаңаша сөйлем, образдар
кіргізді дегенде, біз осыны ұғамыз. Міне, осы жағынан алғанда Абайдың қазақтың әдеби
тілін жасауда еңбегінің өте зор екендігін поэтик тілдердің әрқайсысынан да көруге
болады. Соның бірі - метафора.

            Бізше,
Абайдың қазақ поэтик тіл қорына қосқан жаңа метафорасы да аз емес. Әрі құнды. Сөздерін
қазақтың өз тіл байлығынан алса да, оны қиюластырып қалауы үздік шебер, беретін
мазмұндары терең, жаңа образ, жаңаша ұғым болып шығады. Мысалы:

 

«Жүрек - теңіз, қызықтың бәрі - асыл тас,

Сол қызықсыз өмірде жүрек қалмас».

(Абай, І том, 228-бет)

 

«Күн - күйеу, жер - қалыңдық сағынышты».

(Абай, І том, 124-бет)

 

«Достық, қастық - бәрі де жүрек ісі,

Ар, ұяттың бір ақыл - күзетшісі...»

(Абай, І том, 228-бет)

 

«Жүректің ақыл - суаты

Мархабат қылса тәңір үшін...»

(Абай, І том, 196-бет)

 

«Өткен өмір - қу соқпақ,

Қыдырады талайды».

(Абай, І том, 172-бет)

 

«Өмір жолы - тар соқпақ, иілген жақ,

Иілтіп екі басын ұстаған хақ».

(Абай, І том, 173-бет)

 

 

«Шығып кетер, я қалғыр,

Оған ақыл - арам без».

(Абай, І том, 94-бет)

 

«Салған ән - көлеңкесі сол көңілдің,

Тақтысына билесін ол құлаққа».

(Абай, І том, 187-бет)

 

«Алды - үміт, арты - өкініш алдамшы өмір,

Желікпен жерге тықпас кісің бар ма».

(Абай, І том, 205-бет)

 

«Шыныменен тамам ел

Кете ме екен ит бола...»

(Абай, І том, 76-бет)

 

«Сен жаралы жолбарыс ең,

Мен киіктің лағы ем...»

(Абай, ІІ том, 80-бет)

 

            Бұл
келтіріліп отырған «Жүрек - теңіз, қызық - асыл тас», «ақыл, ар - ұяттың күзетшісі»,
тағы басқа метафоралық сөйлемдердің сөздерін жеке-жеке алғанда, жалпы тілімізде
бұрыннан бар, пәлендей жаңалығы жоқ тәрізді көрінсе де, Абайдан бұрынғы әдебиеттен
Абай қолданған түрді кездестіре алмаймыз. Сондықтан олар - жаңа. Әңгіме, әрине,
оның тек жалаң түрінде ғана емес, мазмұнында да. «Ақылды ар-ұяттың күзетшісі»
«жүрек - теңіз, қызық - асыл тас» дегенде, сол көркем сөздердің астарлы мағынасында
қанша терең ой, терең пікірлер жатыр. Осылар тәрізді әр образда үлкен мән
жатушылық Абайдың басқа ақындардан ерекше қасиетінің бірі деуге болады.

            Абай өлеңдеріндегі
метафоралардың және бір өте жиі кездесетін түрі - эпитеттік метафора және метафораның
шендестірумен байланысты келетін түрлері.

Эпитеттік метафора:

 

«Иісің - гүл аңқыған,

Нұрың - күн шалқыған».

(Абай, І том, 135-бет)

 

«Ақ етің үлбіреп,

Өзгеше біткен гүл».

(Абай, І том, 135-бет)

 

Жоғарғы жаңа метафораларға келтірген мысалдарды алсақ,
метафораларының көбі эпитеттермен байланысты болып отырады. «Өмір жолы», не
«тар соқпақ», не «қу соқпақ», «Бесік - тек жайлау емес, кең жайлау», т.б.

            Шендестірумен
байланысты келетін метафоралар дегеніміз төмендегілер тәрізді:

 

«Сіз - жалын шоқ, біз - бір май,

Ыстық сөзің кірді ішке,

Май тұра ма шыжымай...»

(Абай, І том, 107-бет)

 

«Қайғың - қыс, жүзің - жаз,

Боламын көрсем мәз».

(Абай, І том, 135-бет)

 

«Біз - қырғауыл, сіз - тұйғын,

Тояттай бер, кел де алып».

(Абай, І том, 108-бет)

 

«Біреуі - көк балдырған, бірі - қурай,

Бір жерге қосыла ма қыс пенен жаз...»

(Абай, І том, 148-бет)

 

            Бұл үзінділердегі
сөздерді бір нәрсені екінші нәрсеге тікелей балауы жағынан алғанда - метафора.
Бірақ «қыс пен жазды», «от пен майды», «қырғауыл мен тұйғынды», «балдырған мен қурайды»,
қысқасы, арасы алшақ жатқан екі нәрсені бір-біріне қарсыма-қарсы қоюшылық жағынан
- шендестіру.

            Ақын
айтайын деген ойын, сөз жоқ, метафора арқылы бермек. Әйтсе де, ойын жинақы,
жанды етіп беру үшін шендестіруді де қоса қолданады.

            Әрине оған
таңғалуға болмайды. Өйткені әдебиетте поэтик тілдердің өзара байланысты келіп
отыруы тілдің жалпы заңы десек, кейде белгілі бір өмір құбылысын, не сезім дүниесін
суреттегенде, поэтик тілдің бір түрімен оны айқын етіп беруге мүмкін болмайды.
Ондай жағдайда ақындар өз ойын оқушыларына тез жеткізу үшін суреттеу құралының қазығы
етіп қолданып отырған поэтик тілмен байланысты поэтик тілдердің басқа да түрлерін
қолданады. Ол, әрине заңды да, керекті де. Мұны, әсіресе ұлы ақындарда көп
кездестіреміз. Әртүрлі өмір құбылысын суреттеуде бұл - Абайдың ең сүйіп қолданатын
әдісінің бірі.

            Біз Абайдың
шет тілдерден қолданған сөздерін тексерген тарауымызда араб, парсы, орыс
тілерінен қанша сөз пайдаланып, ол тілдердің Абай тілінен орын алған себептерін
айттық. Бұл сөздердің бірқатары ғылыми, философиялық діни термин болса, бірқатары
шағатай, араб, парсы әдебиеттерінде қолданылатын образдар - поэтикалық тілдер.
Мұндай образдар поэтик тілдің басқа түріне қарағанда, әсіресе Абайдың
метафораларында жиі кездеседі.

 

«Юзі - раушан, көзі - гауһар,

Лағылдек бет үші ақмар.

Тамағы қардан һәм биһтар,

Қашын - құдірет, қолы шигә».

(Абай, І том, 32-бет)

 

«Я, ярым қалай болар жауап сөзі,

Мәт - қасың, тәштит - кірпік, сәкін - көзің».

(Абай, І том, 34-бет)

 

«Сенсің - жан ләззаты,

Сенсің - тән шәрбәті...»

«Сұлуды сүймектік -

Пайғамбар сүннәті».

(Абай, І том, 135-бет)

 

«Сол Масғұт Қыдыр шалдан бата алыпты,

Соңында «Шәмши-Жиһән» атаныпты.

Мағынасы «Бұл дүниенің кілті» деген,

Жетіліп бізге ғибрат сөз қалыпты...»

(Абай, І том, 252-бет)

 

            Абайда орыс
тілінің ықпалымен жасалынған да кейбір метафоралар жоқ емес.

 

«Единица - жақсысы,

Ерген елі - бейне нөл».

(Абай, І том, 100-бет)

 

«Барымта мен партия,

Бәрі мастық, жұрт құмар».

«Абай, І том, 137-бет)

 

немесе (сөзі орысша болып келетін) «Самородный сары алтын» тәрізді
метафоралық эпитет, т.б.

            Метафора
Абайдың ең сүйіп қолданатын және көп қолданатын тілінің бірі дедік. Әрине бұл
кездейсоқ емес. Өйткені көркем әдебиет сөздердің дәлдігін, анықтығын, жайнақы,
ойнақылығын керек етумен қатар, айтайын деген ой-пікіріне оқушыларының шәк
келтірместей етіп сендіруін де талап етеді. Ол үшін әр образ өмір шындығына дәл
келуі керек десек, сонымен қатар айтайын деген пікірді үзілді-кесілді айту да
негізгі шарттың бірі. «Арыстандай Исатай», бұл әлі үзілді-кесілді пікір емес,
«сол сықылды ғана». Біз қиял арқылы әуелі арыстанды көзге елестетіп аламыз да,
сосын барып Исатайдың қандай екенін шамалаймыз. «Арыстан еді Исатай» десек, мұнда
«секілді» жоқ. Екі нәрсенің қасиетін бір-біріне ауыстырғанда бұл «сол, соның өзі»
деп кесіп айтады да, оқушыларының сенбеуіне, шәк келтірулеріне жол қалдырмайды.
Сондықтан метафора поэтик тілдердің басқа түрлеріне қарағанда, ой-сезімге
тікелей әсер етеді. Жалпы ақындардың, соның ішінде Абайдың өлеңдерінде көп
кездесетінінің бір себебі осы болуға тиіс. Және теңеу мен метафораны сезімге әсер
етуі жағынан алғанда, метафораның ерекшелігі де осы ой-сезімге тез әсер
етуінде. Сонымен байланысты метафораның сезімге әсер етуде, бізше, тәуелдік жалғауы
арқылы жасалынатын түрі ерекше орын алатынға ұқсайды.

 

«Аспандағы жұлдызым,

Маңдайдағы құндызым,

Сұлу ажар көркемді,

Қыз да болса еркем-ді

Ақжүністей аруды

Алып қашып барасың...» (93)

 

«Алтыннан соққан қияғым,

Күмістен соққан тұяғым...» (94)

 

            Осы үзіндіде
келген метафоралар - қайсысы болсын нәзік, сезімді тербетерлік сөздер. Абайдың
сүйіспендік-махаббат жырлары:

 

 

«Көзімнің қарасы

Көңлімнің санасы...»

(Абай, І том, 134-бет)

 

деп келетіні де сондықтан, яғни сезімге әсер ету тілегінен
туатын тәрізді.

            Абай өлеңдерінде
шумақтың, не бунақтың санын толтыру үшін қолданылатын сөздердің болмауымен қатар,
әр сөзі белгілі бір мағынаға негізделінеді десек, бұны поэтик тілдердің қайсысына
да байланысты айтуға болады. Абайдың қолданатын образдарының бәрі де белгілі
бір мақсатқа бағыныңқы. Әрине ақынның оларды күні бұрын ойлап алып, өлеңді
сосын жазбайтыны кімге болсын мәлім. Ой тізгінін берік ұстасаң болды, сөз өзі
келеді деп Катон айтқандай, әр образ, әр сөз жазу үстінде туатындығы - жалғыз
Абай емес, барлық ақындарға тән нәрсе. Әйтсе де ойдың да, ойшылықтың да шегі
бар, шеңбері бар. Абайдың ойы мен сөзі әр кезде бірлікте. Бұл, әрине ақындардың
бәрінің қолынан келе бермейді. Ондай ой мен тілдің бірлігін күшті сақтау - Абай
тәрізді ұлы ақындардың ғана қолынан келетін іс.

            Міне, осы
жағынан алғанда, Абайдың метафоралары кейде терең ой, кейде нәзік сезім, кейде
көңіл-күйін беруге лайықталынады. Олардың әрқайсысына жеке тоқтап, талдау -
айрықша өз алдына мәселе. Әйтсе де, метафорамен байланысты Абайдың айтайын
деген ой-пікіріне қарай сөз таңдауларының бірер мысалын келтірелік. Абайдың көп
өлеңдері - өз заманының жаман жақтарын шенеп, мысқылдай отырып түземек, кейінгі
ұрпақтарды жамандық іс-әрекеттерден бездірмек болған сатиралық өлеңдер. Соған
лайықты Абайдың өзіне тән тіл қоданыстары бар. Біз бұл мәселелерге кейін жеке
тоқталамыз. Бірақ жоғарғы талдап өткен метафораларды алсақ, Абайда сарказм
негізіне құрылған метафора түрлерінің де кездесетінін көреміз. Абайдың:

 

«Екі сөзді тәңір атқан (ол)

Шыр айналған дөңгелек».

(Абай, І том, 145-бет)

 

«Байы - баспақ,

Биі саспақ,

Әуелкі аспақ сыпыра қу...»

(Абай, І том, 143-бет)

 

«Құйрығы - шаян, беті - адам

Байқамай сенбе құрбыға».

(Абай, І том, 130-бет)

 

деп келетін сөздері өзінің айтайын деген ойына образдарды таңдап,
талғап алатындығына дәлел бола алады. Ақын өз кезіндегі сұм-сұрқиялыққа қарсы күрес
ашып, халқын әділдік, адамгершілікке бастамақ болса, соған бөгет жасаушы сұм-сұрқияны
ел ұғымындағы ең жексұрын нәрселерге балап, мысқылдап, жер-жебіне жетеді.

            Қорыта
келгенде, ауыз әдебиеті, өзіне шейінгі тарихи әдебиеттердегі метафоралардың бар
үлгілерін Абай толық меңгеріп, өз өлеңдерінде олардың әр түрін де кіргізумен қатар,
өзінше әртүрлі сөз байланысы, сөйлем құрылыстарын жасап, қазақтың әдеби тіліне
толып жатқан жаңа метафоралар кіргізді.

            Метафораның
ұлғайған түрлерінің кейбіреулерін өзінің бұрынғы, байырғы қалпын өзгертіп, жоғарғы
мәдениеттік сатыға жеткізді. Метафора мен эпитет, антитеза мен метафоралардың
байланысын күшейтіп, олардың тамаша-тамаша үлгілерін қалдырды. Айтайын деген
ой-пікіріне лайықты сөз таңдап, әр сөзін пікірдің көлеңкесі болып, қалай
тізілуі керек, оларды метафорада қалай қолданудың өнегелерін көрсетті.

            б) Метонимия.
Ауыстыру мағынасында қолданылатын поэтик тілдің бірі - метанимия.

            Метафора
екі нәрсенің арасында тек ұқсастығы ғана болып ауыстырылса, метонимияда екі нәрсенің
арасында белгілі бір байланысы болады да, сондықтан біріншісінің орнына екінші
нәрсені алмастырып айтады. Мұнда екі нәрсені бір-біріне баламайды да, теңемейді
де, тек бірінің орнына екіншісін қолданады. Метонимияның жасалу жолдары жалпыға
бірдей, сондықтан қазақ тілінде былай жасалады деп айрықша тоқтауды керек
етпейді.

            Екі нәрсенің
алмастырылып, бірінің орнына екіншісі айтылып, бірі арқылы екіншісін ұқтырудың
түрі көп. «Мен екі аяқ іштім» (асының орнына ыдысын); «Ана үйдің құдасы келді»
(иесінің орнына үйін); «Оның қаламы жүйрік» (ісінің орнына қолданатын құралын);
«Тілі жүйрік» (сөзінің орнына тән мүшесін); «Мен Абайды оқыдым» (шығармасының
орнына авторын); «Ойладың ба, Ореке, барамын деп Азуға» (елінің орнына қаласын,
тұрағын) алмастырып айтулар - бәрі де метонимия.

            Өмірдегі
іс-әрекет, не әртүрлі бір-бірімен байланысты өмір құбылыстары қанша көп болса,
алмастырылып айтылатын нәрселер де сонша көп болуы мүмкін. Демек, оларды
байланыстарының түріне қарап жіктеу мүмкін емес. Сондықтан қазақтың ауыз әдебиеті,
тарихи әдебиеті және Абай өлеңдерінен метонимияға жалпы мысалдар келтіріп,
салыстырулар жасап, бізше, Абайдың өзі кіргізген жаңа метонимияларға тоқталмақпыз.

Ауыз әдебиетінен:

 

«Келбеттіден кеңес сұра...» (95).

 

«Жабыны жалды екен деп сатып алма,

Жаманды малды екен деп жақын болма...» (96).

 

«Есің барда етегің жап,

Қайратың барда мал тап» (97).

 

«Бар мақтанса, табылар,

Жоқ мақтанса, шабылар» (98).

 

«Ақты құдай асырайды,

Қараны құдай табады» (99).

 

 

«Мыңнан біреу шешен,

Жүзден біреу көсем» (100).

 

«Бірдің кесірі мыңға...» (101)

 

«Алыстан қызыл көрінсе,

Манат емей немене...» (102)

 

«Сол дәуреннің тұсында

Самарқанды сапырып,

Шапқан шөптей жапырып,

Аспадым да саспадым...» (103).

 

«Байдың қызы жамылар

Масаты шекпен, қамқасын» (104).

 

«Алты құлаш құлан атпен,

Үсті толған болатпен...» (105).

 

«Сусар бөрік басында,

Үстіне киіп құлпыдан,

Керей ұлы Келмембет

Сөйлес қылып кідірді,

Аулының келіп сыртынан...» (106)

 

«Кигені атлас, қырмызы» (107).

 

«Екі семіз қолға алып,

Ерлер жортып күн көрген» (108).

 

«Салмай тойға мінетін құлакерім,

Құлакерге жарасқан құранды ерім» (109).

 

«Жүк артында кездеседі осы шұбар,

Шұбарға мінген жанның бәрі құмар» (110).

 

«Жүрсіз бе аман-есен, қиғаш қастар,

Қара көз қызыл жүзді, сүмбіл шаштар» (111).

 

«Мырзаның таңдап алған ақ білегі,

Құйқалақ кірлі мойын тоқалдардай.

Жарығы табанының тоқсан тілік,

Зырлайды жалаң аяқ от арбадай...» (112).

Тарихи әдебиеттен:

 

«Жігіт жақсы бола алмас,

Алғаны жаман болғасын» (113).

 

«Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда» (114).

 

«Ертеден салса, кешке озған,

Ылдидан салса, төске озған,

Қой мойынды, көк жұлын,

Көк жұлынды жетелеп...» (115).

 

«Егізімнен айрылып,

Мен бір аққу болдым халықтан соң» (116).

 

«Мінгені Исатайдың ақ табан-ай,

Сүт беріп, сұлы беріп баптағаны-ай» (117).

 

«Жаманнан туған жақсы бар,

Атасын айтса нанғысыз,

Жақсыдан туған жаман бар,

Күндердің күні болғанда,

Жарамады бір теріге алғысыз» (118).

 

«Ұлы менен қызына

Қырмызы қытай кигізген» (119).

 

«Үкілі құйрық, майда жал

Екі мезгіл жемдеді...» (120).

 

«Басқадан асып кеткен Исатай-ай,

Ішкені алтын аяқ, ақ құйрық шай» (121).

 

«Қара бір қасы қиылған,

Көкпеңбек темір киінген...» (122).

 

«Түркменнен қос қанатты, көк мойыны

Шабылып жер танымас бәйгі көрмей» (123).

 

«Өлсем де, «Көк кептерге» бір салайын,

Қу тақтай, екі шекті әкел бері...» (124).

 

«Ақ көйлек ғашық болсаң бізге деген,

Шығалық ақ түлкідей түзге деген...» (125).

 

            Ауыз әдебиеті,
Абайдың алдындағы және өз тұсындағы тарихи әдебиеттерден келтірілген
метонимияның мысалдарынан екі нәрсе бірінің орнына екіншісі алмастырылып
(ауыстылырып) қолданғанда өмірдіңсан алуан құбылыстарынан алынатындығы айқын көрінеді.
Кейде аттың орнына түсі («күреңді мінер күн қайда»), кейде киімнің, қарудың
орнына олардың жасалынған заты («кигені атлас, қырмызы», «үсті толған
болатпен»), кейде өзінің орына киімін («ақ көйлек ғашық болсаң бізге деймін»),
кейде адамның орнына қасиеті («жаманнан туған жақсы бар, жақсыдан туған жаман
бар»), қысқасы, шегіне жету өте қиын, қолданыла береді.

Абай өлеңдерінен кейбір мысалдар:

 

«Алтын, күміс кигені - қамқа, торғын,

Күтуші қыз, келіншек жүр соңында...».

(Абай, І том, 184-бет)

 

«Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға».

«Кәрі, жас дәурені өткен тату емес,

Епке көнер, ет жүрек сату емес».

(Абай, І том, 184-бет)

 

«Тіпті оңбассың өзіңе-өзің мәз боп,

Дастархан мен қатынды мақтан көрсең».

(Абай, І том, 184-бет)

 

«Ішіп терең бойлаймын

Өткен күннің уларын...»

(Абай, І том, 197-бет)

 

«Құдай қосқан қосақтан,

Жалғанда қалдым жырылып...»

(Абай, І том, 246-бет)

 

«Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сары жесең, дәулетің судай тасар...».

(Абай, І том, 250-бет)

 

 

 

«Имансыздық намазда

Қызыл бастың салған жол».

(Абай, І том, 100-бет)

 

«Дәрі қосқан аяқты ішкеннен соң,

Әзім барып жығылды шалқасынан...»

(Абай, І том, 269-бет)

 

«Көкпеңбек темір киген өңшең батыр

Тартылып жөнеледі сырнай-керней...».

(Абай, І том, 255-бет)

 

«Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ».

(Абай, І том, 99-бет)

 

«Үйі мәз боп қой сойды

Сүйіншіге шапқанға...».

(Абай, І том, 92-бет)

 

            Бұл тәрізді
метонимиялар Абайда өте көп, әр алуаны табылады. Мысал үшін осылардың өзі де
жеткілікті. Енді Абайдың өзінің енгізген метонимияларының кейбір үлгілерін
келтірелік:

 

«Боламын деп жүргенде, болат қайтып,

Жалын сөніп, жас жүзін басады әжім».

(Абай, І том, 201-бет)

 

«Талаптың аты арындап,

Әр қиынға салған шақ».

(Абай, І том, 130-бет)

 

«Күшік асырап, ит еттім,

Ол балтырымды қанатты.

Біреуге мылтық үйреттім,

Ол мерген болып мені атты...».

(Абай, І том, 215-бет)

 

«Кеселді түйін шешілсе,

Кердең мойын кесілсе...»

 

 

«Үміттің аты еліріп,

Қос тізгінді созбайды...».

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Тың тұяқ күнім әйтсе де,

Қарбаңдаймын өкімдеп...».

(Абай, І том, 87-бет)

 

«Сенімі жоқ серменде сырды бұзды...»

«Жүрегінде жатады өкпе сызы...»

(Абай, І том, 70-бет)

 

«Алқыны күшті асаулар,

Ноқтаға басы керілді».

(Абай, І том, 88-бет)

 

«Жаралы көңілімнің

Жазылмай сызығы...».

(Абай, І том, 165-бет)

 

«Өңкей уды жиып ап,

Себеді сорлы жүрекке...».

(Абай, І том, 173-бет)

 

«Бітпейді ішімде,

Ғашықтың жарасы...».

(Абай, І том, 134-бет)

 

            Келтірілген
үзінділердегі Абайдың қолданып отырған сөздері жеке алғанда, бұрынғы әдебиеттерде
болса да, тап осы түрде, Абайдың қолданыстарындағыдай сөз байланысы, өлең сөйлемдерін
оған дейінгі әдебиеттен кездестіре алмаймыз. «Сыз» да «сызық» та, «жара» да жай
қолданыла береді. Бірақ «көңілдің сызығы», «өкпе сызы», «ғашықтың жарасы»
сезімге жаңаша әсер етіп, жүректі жаңаша тербетеді. Жаңалық дегенде осыны ұғынуымыз
керек.

            Абай өлеңдерінде
метонимияның жаңа түріне жататын бір алуан метонимиялар - нәрсенің, не адамның өзінің
орнына «түсін» алмастырып айту. Бұның негізі бұрынғы әдебиет нұсқаларынан да
табылады: «Күреңді мінер күн қайда», т.б. Бірақ Абайда сол «түстің» өзіне жеке
мән беріп, «түстің» өзін объект етіп суреттеушілік жиі ұшырайды. Бұл - бізше,
ескі әдісті дамытып, ілгерілетіп, өзінше жаңарту. Бір адым алға бастыру.

 

 

«Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сары жесең, дәулетің судай тасар,

«Ақ пен сары екеуін алмаймын» деп...»

(Абай, І том, 250-бет)

 

«Салақ, олақ, ойнасшы, керім-кербез,

Жыртың, тыртың, қызылдан шығады ерек».

(Абай, І том, 57-бет)

 

«Сол желіккеннен желігіп,

Жынды сары жоғалды...»

«Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме,

Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме...».

(Абай, І том, 195-бет)

 

«Рас сөзге таласып,

Ақжем болма, жаным кел...».

(Абай, І том, 100-бет)

 

            Бұл
келтірген үзінділерде нәрсенің өзінің орнына «түсін» алмастырып айту, бұрынғы
«Салмай тойға мінетін құлагерім» емес, одан өзгеше, солардың ізімен, үлгісімен
жасалса да, құлаққа естілу, көңілге қонымдылығы жаңаша. Абай өлеңдерінде орыс әдебиеті
және орыс тілі арқылы батыс әдебиеті философиясының әсерінен туған жаңа
метонимиялар жоқ емес.

 

«Қартаң бай, қатты сақ бол, тілге көнсең,

Мүйіз шығар қатынның тіліне ерсең...».

(Абай, І том, 185-бет)

 

«Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица кеткенде,

Не болады өңкей нөл...».

(Абай, І том, 100-бет)

 

            Бұл үзінділердегі
метонимиялардың негізінде орыстың халықшылдарының «Дара, бір мен көп» туралы көзқарастарының
жатқандығы ерекше дәлелдеуді керек етпейді.

            Біз бұл бөлімде
бұрынғы әдебиетімізде не барының бетін аша отырып, Абай өлеңдеріндегі метонимиялардың
негізгі түрлеріне мысалдар келтірдік. Бірақ метонимиялар Абайда не үшін көп қолданылады,
өмір құбылысын суреттеудегі орны, мәні қандай деген мәселелерді синекдохамен
байланысты айтуды дұрыс көріп, әдейі кейінге қалдырдық.

            в) Синекдоха.
Ауыстыру мағынасында қолданылатын сөздердің ерекше бір тобына жататын -
синекдоха. Бұл жай сөздерде де, көркем әдебиетте де жиі кездеседі. Біз жай әңгімелесіп
отырып та, бүтіннің орнына бөлшек, жекешенің орнына көпшені қолдана береміз.
Бірақ оның синекдоха екенін аңғармаймыз. Біреудің неше жаны барлығын білгіміз
келсе, «басың нешеу?» дейміз. Шынында білгіміз келіп отырғаны - адамы (тура өз
мағынасында олай деп сұрауға болмайды). «Пушкиндердей, Абайлардай ақын дүниеге
сирек келеді» деп, жекешенің орнына көпшені қолданамыз. «Жау жоғары, біз төмен».
Шынында жау біреу емес, көп. Әңгіме көп қол туралы. «Жұрттың қалай екенін
білмеймін» деп біреуге кейісек, жалқы ұғымның орнына «жұрт» деген жалпы ұғымды
айта береміз. Міне, осылар тәрізді жекешенің орнына көпшені, көпшенің орнына
жекешені, жалпының орнына жалқыны, не жалқының орнына жалпы ұғымды қолдануды
синекдоха дейміз.

            Орыс әдебиетінің
бұрынғы теоретиктері де (Потебня), осы күнгі теоретиктері де (Б.Томашевский,
Л.И.Тимофеев, Г.Н.Поспелов) синекдоханы метонимияның бір түрі деп қарайды.
Б.Томашевский «Метонимияның ерекше бір тобы - синекдоха» десе (126),
Л.И.Тимофеев «Дағдыда синекдоха метонимияның ерекше бір түрі деп танылады, бірақ
мазмұнына қарағанда, метонимия мен синекдоханың арасында үлкен айырма бар деп
айта қоюға болар ма екен» (127) дейді. Ал Г.Н.Поспелов метонимия мен
синекдохалардың айырмашылық және бірліктерін айта келіп, қорытындысында:
«Демек, синекдоха - метонимияның бір түрі ғана» (128) дейді.

            Авторлардың
бұл пікірлерінің дұрыстығына қазақ әдебиетінен де толып жатқан мысалдар
келтіруге болады. Кейде бір сөз бір сөйлемде метонимияның мағынасын берсе,
екінші сөйлемде сол тұлғасында тұрып синекдоханың мағынасын береді.

 

«Қой мойынды көк жұлын,

Көк жұлынды жетелеп...» -

 

деген өлеңдегі «жұлын» аттың орнына қолданылса метонимия,
егер бүтіннің орнына бөлшекті қолдану болса - синекдоха.

 

«Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,

Етегін ер жаңылып басқан жерде» -

 

деген сөйлемдегі «етегін» де сол тәрізді. Сондықтан
метонимия мен синекдоханың арасына үзілді-кесілді шек қою өте қиын. Әйтсе де
сол бұрынғы өзіне тән «ерекшеліктеріне» сүйене отырып, салыстырулар жасалық.

 

Ауыз әдебиеті және тарихи әдебиеттен:

 

«Тауда туған баланың

Екі көзі таста болар.

Ашаршылықта туған баланың

Екі көзі аста болар» (129).

 

«Жүрген аяққа жөргем ілігер» (130).

 

«Қолы қимылдағанның

Аузы да қимылдайды...» (131)

 

«Кигіз кімдікі болса,

Білек сонікі» (132)

 

«Құс қанатымен ұшады,

Құйрығымен қонады...» (133)

 

«Жеңім жаман болса да,

Жағам жақсы...» (134)

 

«Жаңылмас жақ болмас,

Сүрінбес тұяқ болмас» (135)

 

«Әскерді көріп артынан

Әзімбай жаман шошынды» (136).

 

«Жауласқан жаудың жүрегі,

Мұз құйғандай суысқан...» (137)

 

«Жемді мекен қылмадың,

Жемнен елді көшірдің...» (138).

 

«Қиямет түсті араға,

Қатын менен балаға,

Өрілді аттың құйрығы,

Өлім хақтың бұйрығы...» (139)

 

 

 

Тарихи әдебиет:

 

«Жау жоғары, біз төмен...» (140)

 

«Қанатым сынды қайрылып,

Кенекемнен айрылып,

Бір көруге болдым зар...» (141)

 

«Ғаламға мағлұм болдым өлең жаттап,

Қысқартам адымыңды бір-ақ аттап» (142).

 

«Жыртар едім жағаңды,

Жаңылтар едім тобаңды...» (143)

 

«Ашулансам, шырағым,

Жас та болсам, желкеңнен

Бір-ақ тістеп жұлқырмын».

«Бөкен терісін бөрік еткен,

Сексеуілден күрке еткен,

Бауырына тулақ жамаған,

Қаңбаққа жүзін қамаған...» (144)

 

«Аузына қарасам,

Аш бөріге меңзеймін...» (145)

 

Абай өлеңдерінен:

 

«Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл»

(Абай, І том, 95-бет)

 

«Айттым сәлем, Қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас»

(Абай, І том, 106-бет)

 

«Өткен соң базар,

Қайтқан соң ажар,

Не болды құр қу жақ»

(Абай, І том, 97-бет)

 

«Малыңды жауға,

Басыңды дауға

 

Қор қылма, қорға, татулас...»

(Абай, І том, 96-бет)

 

«Ендігі жұрттың сөзі - ұрлық, қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық...»

(Абай, І том, 51-бет)

 

«Біздерде ғашық көп,

Қайсысы саған дөп...»

(Абай, І том, 136-бет)

 

 

«Тыншыр еді жүрегім,

Жүздеріңді сау көрсем...»

(Абай, І том, 165-бет)

 

«Бір жілік пен бір аяқ қымыз берген

Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа...»

(Абай, І том, 169-бет)

 

Синекдоханың, жалпы алғанда, барлық түріне де мысал
келтірдік. Абай өлеңдерінде өзіне шейінгі әдебиетте қолданылмаған синекдоха басқа
поэтик тілдермен салыстырғанда, анағұрлым басым. Абайда көп қолданылады деп
танылатын эпитет пен метафорадан да метонимия мен синекдоха жиі кездеседі.
Біздің қолымыздағы картотекалар осыны айқындайды. Бұрын қолданылмаған
синекдоханың жиі түрлері де Абайда жиі ұшырайды. Бұл жаңа түрлер әр алуан
жолдармен жасалынады. Көбінесе басқа поэтик тілдердің қарым-қатыс, өзара жаңаша
байланыстары арқылы жаңартылғанға ұқсайды. Мысалы:

 

«Шырайды қайғы жасырмай,

Күлкінің ерні кезермес».

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Қайғы шығып иыққа,

Қамалтпасын тұйыққа,

Сергі, көңлім, сергі енді».

(Абай, І том, 119-бет)

 

Бұл үзіндідегі өлеңдер ой-сезімге әсер етудегі күштілігі,
«тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», сезім дүниесін қозғайтын қасиеті - жаңа
образ, жаңаша сөйлем құрылысында. Мұндағы синекдохалар - бүтіннің орнына бөлшекті
қолдану (бұл - барлық әдебиетте де синекдоханың көп кездесетін түрі. «Шырай»,
«ерін», «иық»). Былайынша алғанда, көп айтылатын, «ит арқасы жауыр» сөздер.
Бірақ Абайдың тап осы қолданыстарында олардың шын мәнінде суреттеу құралы
екенін мойындау былай тұрсын, тамаша үздік, жаңаша образ екеніне де ешкім
таласа алмайды. Ендеше мұның құпия сыры қайда? Бізше, мұның құпия сыры - жаңалығы,
кейіптеу (жансызға жан беру) мен синекдоханың байланысты келуінде.

Екінші сөзбен айтқанда, «Шырайдың қайғы жасырмай», «қайғының»
жанданып, күн көзін бұлт жасыруды елестету; «күлкінің ерні кезермес» дегенде,
«еріні кезерген» адам сықылданып, күлкіге жан бітіріп, қиялға қондыру; «қайғы
шығып иыққа» дегенде, қайғыны өрмелеп жүретін жанды нәрсенің кейпіне келтіру
ассоциациялары синекдоханы жаңа сөз, жаңа образ етіп отыр. Басқалары да осы тәрізді
әр алуан жолдармен жаңартылған. Бұларға Абай өлеңдерінен бірнеше мысалдар
келтірелік.

 

«Нұрын, сырын көруге,

Көкірегіңде болсын көз...»

(Абай, І том, 94-бет)

 

«Жақсы әнді тыңдасаң ой көзімен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық...»

(Абай, І том, 188-бет)

 

«Ызалы жүрек, долы көл,

Улы сия, ащы тіл...»

(Абай, І том, 183-бет)

 

«Мезгіл өткен дәуренді қуалаған,

Не қылсын бір қартайған қу сүйекті».

(Абай, І том, 184-бет)

 

«Жер күңіреніп, жұрт жылап,

Ағайын түгел жеткені-ай...»

(Абай, І том, 235-бет)

 

«Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...»

(Абай, І том, 206-бет)

 

«Көкірегінде оты бар,

Құлағын ойлы ер салсын...»

(Абай, І том, 121-бет)

 

 

«Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден...»

(Абай, І том, 158-бет)

 

«Тірі қалдым өлмей әрең,

Қатты батты тырнағың...»

(Абай, ІІ том, 80-бет)

 

«Ықтиярсыз мұңды сөзім

Кетті ыршып жолыңа...»

(Абай, ІІ том, 77-бет)

 

«Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін»,

«Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.

Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,

Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін...»

(Абай, І том, 205-бет)

 

Бұл үзінділер Абай өлеңдерінің бұрын қолданылмаған
синекдохалардың байлығына да, жаңаша сөз байланыстары, сөйлем құрылыстары арқылы
бұрынғы бардың өзі Абайша сөйлейтіндігіне де толық дәлел.

Сонымен қатар әртүрлі өмірдің бейнесін түгелдей беруде де
Абай өлеңдерінде поэтик тілдің болу түрі ерекше орын алады. Абайдың не тамаша сұлу
деген өлеңдерін алсақ, метонимия мен синекдоха негізгі суреттеу құралының бірі
болып келеді. Абайдың атышулы «Аңшылық туралы», не «Қара көз, имек қас» атты өлеңдерін
алалық.

 

«Көре тұра қалады қашқан түлкі,

Қанды көз қайқаң қағып шықса аспанға...»

«Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі

О дағы осал жау емес қыран паңға...»

«Сегіз найза қолында көз аудармай,

Батыр да аял қылмайды ертең таңға...»

(Абай, І том, 39-бет)

 

«Қара көз, имек қас,

Қараса, жан тоймас».

«Ауызың бал, қызыл гүл,

Ақ тісің кір шалмас».

(Абай, І том, 135-бет)

 

Әрине, мұнда поэтик тілдердің (эпитет, метафора) басқа түрлері
де бар. Бірақ Абайдың осылар сықылды маңдай алды көркем өлеңдерінде метонимия,
синекдохалар айрықша орын алатындығын көреміз.

Абайдың кейбір сатиралық өлеңдері негізінде метонимия,
синекдохадан құрылады:

 

«Әуелде көтім бас кәпір

Мықтыға неғып беттеймін,

Жуанды қойып, жуасты

Біраз ғана шеттейтін...»

«Бұзақының бүлігін

«Жақсы ақыл» деп, «құп деймін».

(Абай, І том, 89-бет)

 

деген төл сөздер де таза метонимия мен синекдоха. Сөздерді
сарказм, ирониялық түрде қолдану арқылы екіжүзді, жалтақ етіп көрсетпек,
болыстың образын ақын бере алған.

Метонимия бір нәрсенің орнына екінші нәрсені алмастырып
айтса да, синекдоха бүтіннің орнына бөлшек, көпшенің орнына жекешені айтса да,
бірімен екіншіні, бөлшек пен бүтінді айтып бере алғандықтан, өмір құбылысын
суреттеуде бұлар поэтик тілдің ең оңтайлы, жинақы, жанды түрінің бірі саналады.
Бір нәрсенің өзін айтпай, оның орнына жақындығы бар басқа нәрсені алмастырып
айту: «Ей, қалпақ, бері кел», не бөлшекті қолдану: «Тұяғың нешеу?», «тың тұяқ күнім
әйтсе де» деген сөздері, «Ей, Сәрсенбай, бері кел» деп. «Жылқы, сиыр, қой-ешкің
нешеу?» деген толық түрімен салыстырғанда әрі анағұрлым жайнақы, әрі анағұрлым
жеңіл, анағұрлым көркем, әрі сол мағыналарды бере алады. Ал жаңалықтан жаңалық
іздеу, мезі еткен сөздерді жаңа сөз, жаңа сөйлемдермен өзгертіп отыру адам
баласының табиғи тілегі десек, алмастырып айту, бөлшекті қолдану бұл тілекке де
қабысады.

Қазақтың ескі өмірін өзгертіп, жаңартпақ болып ұлы тілекті
алдына қойып іс еткен, сол жолдағы еңбегінің бір зор саласы әдебиет болса, оған
өз өлеңдерімен үлкен төңкеріс жасап, әрдайым жаңалыққа жаны құмар болған ұлы ақынға
алмастырып отырудың, бүтіннің орнына бөлшекті қолданудың, осы айтылғандар тәрізді
сезімге жаңаша әсер ету жағы да көңіліне қона кетті. Абай өлеңдерінде
метонимия, синекдохалар көп кездесуінің негізгі себебі осы айтылғандар деуге
болады.

г) Символ. Символ, қазақша сөзбен айтқанда - бейнелеу.
Айтайын дегенін ашып айтпай астарлап, басқа бір нәрсенің бейнесінде суреттеу.

Символ психологиялық параллелизмнің бір тарауы, соның дамыған,
өскен түрі деп танылады. Бұл туралы ғалымдар «Әуелде адам баласы көңіл-күйін
табиғаттағы құбылыспен қатар қойып суреттеді, екеуін бір-біріне ұқсатып,
екеуіне де тән жалпы бір жақындық тапты, осыдан келіп параллелизм туды. Кейін
адам санасы өсе келе, қаз-қатар қойылатын екі құбылыстың (параллелизмнің бір мүшесі)
бірін қалдырып, екіншісін жеке алып суреттейді. Сөйтіп, параллелизмнің бір сыңары
символға айналды» деген қорытындыға келеді. Міне, осы тұрғыдан қарап, қазақтың
ауыз әдебиеті, Абайға шейінгі тарихи әдебиетін негізінен алғанда (көпшілігінде),
символдың параллелизмнен әлі түгел ажырай алмағандығын көруге болады.

 

«Ақ тұлпар орға жығылса,

Желіде қалған жас құлын

Құнан, дөнен болғанда,

Иесі мінбес демеңіз.

Ақ сұңқар торға іліксе,

Ұяда қалған балапан

Темір қанат болғанда,

Үйрек ілмес демеңіз». (146)

 

Бұл үзінді жай қарағанда көп мүшелі параллелизм тәрізді.
Бірақ параллелизмнің (адам туралы айтылатын) бір мүшесі жоқ. Сондықтан символдық
ұғымға жақындайды. Таза символ деуге тағы болмайды. Өйткені жоқ сөздің, құбылыстың
орны сезіліп тұр. Символда параллелизмнің жасырын қалатын жағы мүлде
сезілмейді. Ауыз әдебиеті, Абайға дейінгі тарихи әдебиеттің дені символдың
параллелизмнен әлі түгелдей жігін ашып болмаған кезін аңғартады деуіміздің
себебі осы.

Бірақ бұл сөзден ауыз әдебиетінің, не Абайға дейінгі тарихи әдебиеттің
бәрі осылай деп үзілді-кесілді қорытынды жасауға болмайды. Біздің негізгі (көпшілігі)
деген сөзді қоса айтуымыздың мәні осында. Яғни, ауыз әдебиетінің нұсқаларында,
Абай алдындағы тарихи әдебиеттерде параллелизмнен бөлініп шыққан символдық
образдарды да кездестіруге болады.

 

«Орал таудың ор түлкісі,

Айнала қуса, ит жетпес.

Орал таудың ақ иығы -

Ақ иық келсе, тек кетпес...» (147).

 

Бұл - Бекболат бидің Абылай ұстап алып кеткен баласын
ажырата барғанда ханға айтқан сөзі. Баласын Бекболат алып кеткесін, бейнелеп
айтқан бидің бұл сөзін Абылайдың қасындағы билері шеше алмай, өзі шешіпті.

«Орал таудың ор түлкісі» деп өзін айтты, «Айнала қуса, ит
жетпес» деп сендерді, «Ақ иық» деп мені айтты, «Ақ иық келгесін, тек кетпеуі жөн»,
әйтсе де «кешірер» деді, - дейді Абылай. Бұл - ауыз әдебиетіндегі символдың нағыз
таза түрі. Мұнда параллель етіп отырған екінші нәрсенің орны мүлде белгісіз. Оқушылар
басқа нәрселермен салыстыра, ойлай шеше алады. Ол өз алдына. Символ, бейнелеп сөйлеу,
ауыз әдебиетінде, әсіресе билердің сөзінде көбірек кездеседі. Өйткені билер - үстем
таптың идеологтары. Олар айтайын дегендерінің ұшығын ғана көрсетіп, жұмбақтап сөйлеуді
негізгі әдісі етті. Өздері үстем тап өкілдері болғандықтан, жалпы бұқара көпшілігіне
түсінікті бола бермеуді ойлады. Сөйтіп, жұмбақтап сөйлеуді кездейсоқ емес, өздерінің
таптық тілек-мүдделерімен байланыстырды.

Символдың тамаша бір үлгісі ретінде ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген
Ұлы жүз Төле би, Орта жүз  Қаздауысты Қазыбек,
Кіші жүз Қаражігіттің мына бір-бір ауыз сөздерін келтірейік.

Қалмаққа қарсы бірігіп күресу жөнінде үш би көл жағасында
бас қосып, әрқайсысы бейнелеу түрде бір-бір ауыз сөз айтады.

Төле би көлге қарап: «Алар ма еді мына көлдің қуын атып...»,
Қазыбек: «Қу атам деп жүрмеңіз суын атып», Қаражігіт: «Үлкен той, ұлы жиын боп
жүрмесін, перінің суда жүрген қызын атып», - дейді. Осы сөзден өздері ұғынысып,
қалмаққа қарсы күреске үш жүздің де әзір екенін біліп, елдеріне қайтады. Осылар
тәрізді символдың аз да болса, кейбір таза түрін Абай алдындағы тарихи әдебиеттен
де кездестіреміз.

 

«Күмісті мылтық қолға алып,

Көлден қуларды ұшырдым,

Қолымдағы құсымды

Қапылықпен ұшырдым.

Алтыннан айбар тор жасап,

Ақырда қолға түсірдім» (148).

 

Бұл мысалдар, біріншіден, ауыз әдебиеті, Абайға шейінгі
тарихи әдебиетімізде де өз мәніндегі символдың болғандығын дәлелдесе,
екіншіден, параллелизмнен символдың қалай айрылатындығын да айқындайды. Жоғарғы
үзіндіде әңгіме тек қана аққу туралы. Бірақ айтайын деп отырғаны аққу емес, басқа
нәрсе. Оның астарлы мағынасы не екенін біз өзіміз ойлап табуымыз керек. Нені
айтпақ, ол символда айтылмайды. Параллелизмде астарлы мағына жоқ. Параллелизмнің
екі жағы қатар суреттелсе, символда тек бір-ақ жағы болады дейтініміздің түйіні
осында.

 

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Көл қорыған сен едің,

Сен де айрылдың көліңнен,

Ел қорыған мен едім,

Мен де айрылдым елімнен». (149)

 

Бұл - параллелизм. Егер осыны жоғарғы үзіндімен салыстырсақ,
символ мен параллелизмнің айырмасы ап-айқын тұрады.

Символға жасалған бұл шолу, әрине жеткіліксіз. Басқа поэтик
тілдерге қарағанда, бұған өте аз тоқтауымыздың себебі - тақырыптан ұзап кетпеу.
Тақырып «Абайдың поэтик тілі» болғандықтан, ауыз әдебиеті, Абай алдындағы
тарихи әдебиет бұл еңбекте Абаймен салыстыру үшін ғана керек десек, Абайдың өз өлеңдерінде
символ мейлінше аз. Сондықтан оған көп тоқталмаймыз. Абайдың барлық өз өлеңінде
өз мәніндегі символ деп «Сегіз аяқ» атты өлеңінің:

 

«Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым.

Онан да шықты жаңғырық.

Естіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып,

Баяғы жартас - бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас», -

(Абай, І том, 98-бет)

 

деген жерлерін айтуға болады. Бұл сөз жоқ, таза символ, мұны
параллелизммен шатастыра алмайсың. Ал осыдан басқа бейнелеу (символ) Абай өлеңдерінде
кездессе, ол - әлгі келтірілген үзіндіміздей, өмірдің бір құбылысын екінші нәрсенің
бейнесінде суреттеу емес, жай сөз арасында келетін символдық образдар ғана.

 

«Үсті-үстіне бас салса,

Сонда пенде оңбайды,.

Жылама, Мағыш, жылама,

Алладан өлім тілеме,

Қолдан ұшқан ақ сұңқар

Қайтып келіп қонбайды...»

(Абай, І том, 242-бет)

 

Мұнда символ - «қолдан ұшқан ақ сұңқар». Бірақ символдық
образдың айналасындағы сөздердің бәрі анайы, ашық айтылып отырғандықтан,
символдың астарлы мағынасы Абдырахман екені ап-анық тұрады да, Абдырахман - «қолдан
ұшқан ақ сұңқар» деген ұғымды беріп, образ метафораға айналып кетеді. Немесе:

 

«Жат қораны күзеткен

Қартаң шалда сана жоқ...»

(Абай, І том, 182-бет)

«Жат қора» - символ. Бірақ айналасының бәрі өмір шындығын өз
қалпында суреттеу болғандықтан, ол сөздердің бейнелеу екені сезілмей де қалады.

Немесе Абайдың «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деген
өлеңін алалық:

 

«Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап,

Жұрт жүр ғой күйкентай мен қарға сақтап,

Қыран шықса, қияға жібереді,

Олар да екі құсын екі жақтап.

«Қарқылдап қарға қалмас арт жағынан,

Күйкентайы үстінде шықылықтап.

Өзі алмайды, қыранға алғызбайды,

Күні бойы шабады бос салақтап.

Тиіп-шығып, ыза қып, ұстатпаса,

Қуанар иелері сонда ыржақтап.

«Не таптық, мұныменен деген жан жоқ,

Түні бойы күпілдер құсын мақтап.

Басқа сая, жанға олжа дәнеме жоқ,

Қайран ел осынымен жүр далақтап...»

(Абай, І том, 48-бет)

 

Бұл өлең түгелдей алғанда, бейнелеумен жазылған өлең деуге
болады. Айтайын деген пікірін ашып айтпай, бүркеп, әр нәрсенің бейнесінде
астарлап айтады және осыны аяғына шейін берік сақтайды. Бірақ сол бейнелеу
ретінде алынып отырған «қыран», «қарға», «күйкентай» өз кезінің әр алуан
адамдары екенін білу де қиын емес. Бұл оны бейнелеуден гөрі пернелеуге
(аллегорияға) жақындатады. Бейнелеу (символ) мен пернелеудің (аллегорияның)
арасы бір-біріне өте жақын болғандықтан, солай көрінуі де заңды.

Әйтсе де, пікірін ашып айтпай, астарлап айтуы аяғына шейін
сақталып шыққандығына, бейнелеу ретінде алынып отырған «қыран, қарға, күйкентайлардың»
іс-амалдары адамдардың емес, сол құстардың істеріне тән болуына және
аллегорияша пікір белгілі бір мінез-құлықты жөндеуге тура жұмсалынбай, сол
пікірді алыстан орап айту жақтарына қарағанда да, өлең дегенмен де символдың қасиетін
жоғалтпайтын сықылды.

Әңгіме Абай өлеңдеріндегі символ, онымен байланысты
параллелизм туралы да айтылып отырғандықтан, символ мен параллелизмді түсінуде
ерекше маңызы бар ақынның мына өлеңіне тоқталмауға болмайды:

«Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын

Қайдан білсін өмірдің көбін, азын,

Бәйтеректі күндейді жетемін деп,

Жылы күнге мәз болып, көрсе жазын.

Күз келген соң тамырын үсік шалып,

Бетегеге жете алмай болар жазым.

Мен дағы көп есіттім жастың назын,

Қол жетпеске қол созар, бар ма лажың.

«Боламын» деп жүргенде, болат қайтып,

Жалын сөніп, жаз жүзін басады әжім».

(Абай, І том, 201-бет)

 

Өлең - осы тұрғысында психологиялық параллелизм. Мұндағы қатар
тұрған екі нәрсе: 1. «Жауқазын» (жапырақ шөптің бір түрі). 2. Жас (адам). «Жауқазын»
бәйтеректі күндейді, «жас қол жетпеске қол созады», «Жауқазынның тамыры» үсік
шалып, бәйтерекке жете алмай жазым болса, «жас» тың боламын деп жүргенде,
жалыны сөніп, түсін әжім басады... Қысқасы, қатар қойылған екі нәрсе (жауқазын
мен жас) бірін екіншісі сол түрде аудармай, қайталайды. Осы қалпында мұны
психологиялық параллелизмнің тамаша үлгісі десек, сонымен қатар бұл өлеңнің және
бір тамаша жағы бар.

Біз жоғарыда символ мен параллелизмнің айырмасын айтқанымызда,
символда қатар алынатын екі нәрсенің жалаң бір жағы алынып, екінші жағы
айтылмай, тасталынып кетеді дедік. Осы өлеңнің «жауқазыны» ғана алынып, (оның
екінші жағы) параллель болып отырған «жастығын» әдейі тастап кетелік.

 

«Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын

Қайдан білсін өмірдің көбін, азын,

Бәйтеректі күндейді жетемін деп,

Жылы күнге мәз болып, көрсе жазын.

Күз келген соң, тамырын үсік шалып,

Бетегеге жете алмай болар жазым», -

 

деп қысқартсақ, табиғаттың бір құбылысы туралы айтылған өз
алдына бір өлең болып шығады. Бұл - еш мүлтігі жоқ символ. Мұнда қатар қойылатын
«жастық» жоқ. Әйтсе де «жауқазын» арқылы «жас», «жастықты» ұғамыз. «Жауқазын» бұл
өлеңде «жастық», «жастықтың» бейнесінде алынған деп ұға аламыз.

Символ параллелизмнен айрылып шықты деген пікірдің дұрыстығын
дәлелдеуде болсын, екеуінің айырмасы қандайлығын тануда болсын Абайдың бұл өлеңі
- таптырмас үлгі.

Абайдың өлеңдерін түгелдей алып зерттегенде, символдың бұл тәрізді
тек екі-үш өлеңдерінде кездесуі, ақынға өмір құбылысын бейнелеп суреттеу әдісі
таныс болса да, оны мейлінше аз қолдануы, әрине кездейсоқ емес.

Абай - өз творчествосында майданға ашықтан-ашық шыққан ақын.
Өз кезіндегі қазақтың феодалдық ауылындағы ескішілік, надандық, жалқаулық,
партияқорлық «түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын» парақорлықтардың бәрін де
Абай бұлжытпай, өз қалпында суреттейді. Оларға қарсы күрес майданында «Улы сия»
мен «ащы тілді» аямай жұмсап, қазақтың ескі феодалдық, буржуазиялық өміріндегі
не зұлымдық деген нәрселерінің халыққа шын бетін ашып берді. Сөйтіп, Абайдың әдеби
стилі шын мәніндегі реализм болды. Абай өлеңдерінде символдың аз кездесуі ақынның
осы реалистік стилімен байланысты, түп тамыры осында жатыр деуге болады.

Абайдың басқа поэтик тілдеріне тоқталғанда, әрдайым оның
поэтик тілге өзі кіргізген жаңалықтарына айрықша тоқталсақ, символмен
байланысты оны жасай алмаймыз. Өйткені символдың анауы жаңа, мынауы ескі деп
жіктеу жалпы мүмкін емес, ол жердің шегін табу қиын. Екінші, Абай реалистік
стильдің ақыны десек, символ - негізінде символистік стильге тән образ. Демек,
оның символ жөнінде мынадай жаңалықтары бар деуге Абай еңбектерінен материалдар
табуға болмайды.

Абайдың аудармаларында символмен келетін екі-үш өлеңі бар:

 

«Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап,

Жөнелді ертең, қалды үміт,

Көк жүзіне ойнақтап.

Әжімді жүзі тершіген

Кәрі жартас таң қапты.

Бәрі осы-ау деп қыз (із) деген,

Томсарып тұрып жылапты...»

(Абай, ІІ том, 146-бет)

 

«Жалғыз жалау жалтылдап

Тұманды теңіз өрінде...

Жат жерде жүр не тыңдап,

Несі бар туған жерінде?

Ойнақтап, толқып, жел гулеп,

Майысар діңгек сықырлап...

Ол жүрген жоқ бақ іздеп,

Қашпайды бақтан бойды ұрлап.

Астында дария көк майдан,

Үстінде сәуле алтын күн.

Қарашы, ол бүлік құдайдан

Сұрайды дауыл күні-түн».

(Абай, ІІ том, 145-бет)

 

«Қорқытпа мені дауылдан,

Дүрілдеп тұрса тау мен сай,

Шатырлап тұрған жауыннан

Жарқылдап тұрса түскен жай,

Көк торғындай аспан - көк,

Білемін, жайнап, ашылар.

Иісі аңқыған бәйшешек

Түрленіп жерді жасырар...»

(Абай, ІІ том, 93-бет)

 

«Құдай мықты жаратқан үлкен жартас

Былш-былш еткен бет бұрып судан қайтпас.

Бұлтта суық дауыл жәймен сырлас,

Өзгені жан екен деп сырын айтпас...»

(Абай, ІІ том, 107-бет)

 

Бұлардың соңғы екеуі - үзінді. Абай бұл өлеңдерді өзінің
замандасы және ең тереңнен сүйетін ақыны Лермонтовтан аударған. Мұндағы
символдық образдар Лермонтовқа жатады. Оны Абайға жапсырудың керегі жоқ. Абайдың
бұл жөніндегі үлкен еңбегі орыс тілінде айтайын деген пікір символ арқылы айтылғандығын
дұрыс ұғынып, аудармасында да сол стильді берік сақтап, символдық өлең етіп
аударылуында ғана. Сондықтан бұл жеке тоқтауды керек етпейді.

Аллегория. Жоғарғы айтылып отырған символ тәрізді
аллегорияда да пікір астарлы түрде айтылады. Бір қарағанда, екеуінің айырмасы
жоқ тәрізді. Әйтсе де бұларды поэтик тілдердің бір түрі деп қарауға болмайды.

Символдың екі жағы бар, бірінші жағы - бейнелік, оқушыларының
көз алдында тұратын сурет те, екінші жағы - сол арқылы оқушыларына айтпақ
автордың ой-пікірі. Ол әрдайым бүркеулі болады, болжалдап, қиял жүгіртіп
ойлауды қажет етеді. Сондықтан символмен жазылған өлеңдердегі автордың ой түйінін
әркім түрлі ұғынуы да мүмкін. Мысалы:

 

«Қонады бір күн жас бұлт,

Жартастың төсін құшақтап,

Жөнелді ертең, қалды үміт,

Көк жүзіне ойнақтап» -

 

деген Лермонтовтың өлеңін алсақ, мұны тек жалғыздықтың
символы деп қана емес, табиғат құбылысының бір алуан суреті - пейзаждық деп те қарауға
болады.

Ал аллегорияда олай екіұшты түсінуге жол жоқ. Мысалы:

 

«Тұрды патша қайғырып, уайым жеп,

«Ала қойды болады қайткенім еп».

Аю, түлкі қасында - уәзірлері,

Кеңеседі оларға «қайтемін деп».

«Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:

Батыр патшам, не керек көп ойлану?

Қойды жан деп есіркеп кім аяйды,

Ақылы ала қойдың - қырып салу...»

(Абай, ІІ том, 129-бет)

 

Аңдардың арасындағы бұл тәрізді кеңестің болмайтыны жұрттың
бәріне мәлім. Сондықтан арыстан да, аю да, қасқыр да, түлкілер де пернелеуден
айтылып отырған адамның қара жүректері мен қулары екенін, ала қой - момындар
екенін аңғару қиын емес.

Сонымен адамдардың арасындағы әртүрлі қарым-қатынастарды
айуандардың араларындағы қарым-қатынас етіп, айтайын дегенін астарлап, сол
айуандардың іс-әрекеттері етіп айтып беретін поэтик тілдің бір түрі аллегория -
пернелеу деп аталынады (аллегория - пернелеу мұнан былай бір ұғым деп түсінілуі
керек).

Аллегория қазақ әдебиетінде ескі заманнан келе жатқан поэтик
тілдің бір түрі екендігін қазақтың «төрт түлік мал және әртүрлі жануарлар туралы»
айтылатын ескі, ой-сананың сәбилік дәрежесінде туған әртүрлі ертегі, әңгімелерде
айқындайды. «Арыстан, қасқыр және түлкі», «Түлкі мен қасқыр», «Аю мен түлкі»,
«Түлкі мен бөдене», «Аю мен қойшы», тағы басқа ертегілерді алсақ, тілдері бір өңкей
аллегория болып келеді. Аллегория әуелде адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды
астарлап айтудан туған ғана емес. Айуандардың арасында да, адамдардың арасындағыдай
қарым-қатыстар бар деп өздері шын сенген ой-сананың сәбилік кезімен байланысты
туған. Бірақ кейін ол түсінік ескірген кезде астарлы ұғымы бар поэтик тілдің
бір түрі болып, әдебиеттен берік орын алғанға ұқсайды.

Қазақ ауыз әдебиетінде аллегорияның және көп кездесетін түрі
- өтірік өлеңдер. Көбіне жастардың өзара ойын-сауықтарында айтылады. Мұны қазақтың
ауыз әдебиетіндегі басняның алғашқы бастамасы деп жорамалдауға болады. Жалпы құрылысы
басняға ұқсайды. Тілі аллегориямен келеді.

 

 

«Беріпті бақа қызын көбелекке,

Жүріпті қара шыбын жеңгелікке

Бір туын құмырсқаның ұстап сойып,

Той қылып, ат шаптырған төңірекке...»

(Өтірік өлең)

 

Кейде айтушының өзі де араласа жүреді.

 

«Мен өзім бес жасымда ұрын бардым,

Сонда да тең құрбымнан бұрын бардым.

Айғырын кесірткенің ұстап мініп,

Алдынан қайын атамның қырындадым...»

(Өтірік өлең)

 

Міне, ауыз әдебиетіндегі аллегорияның әуелгі нұсқалары деп
айуанаттар туралы ертегілер мен осы өтірік өлеңдерді айтуға болады.

Ал ХҮІІІ ғасырда басталатын тарихи әдебиетті алып, Абай
кезіне дейін шолып өтсек, не басня, не ертегі, не сказка, сатиралық ертегі, қысқасы
аллегориямен жазылатын өлең, әңгімелерді кездестіре алмаймыз.

Басня, оның негізгі құралы болып саналатын аллегория тарихи әдебиетте
ХІХ ғасырдың екінші жарымында ғана көріне бастайды. Әдебиет майданына Абайдан
3-4 жыл ғана бұрын шыққан Алтынсарин орыс ақыны Крыловтың бірнеше басняларын
аударды. Сонымен байланысты аллегориялық образдар да бұл кездердегі өлеңдердің
тілінен орын алды.

 

«Көзіме күні бойы көрінбеп ең,

Келесің, сөйле, - деді сен қай жақтан.

Сонда бұл мұрынын көкке көтереді,

Адамсып, маңызданып жөтеледі.

Жер жыртып күні бойы шаршап келем,

Мазалап, сұрап саған не керек-ті».

 

Алтынсаринның басқа аудармалары да осылар тәрізді.

Алтынсарин Крыловтың үш-төрт қана баснясын аударады. Әйтсе
де осының өзі Абайдың болсын, не өз кезіндегі басқа ақындардың болсын басня
жазуларына мұрындық болды.

ХІХ ғасырдың екінші жарымында Алтынсаринның қолға алған
игілікті ісін дамытып, ілгерілеткенде Крыловтың басняларын шебер түрде қазақтың
ұғымына жатық етіп бере білген де Абай. Абай Крыловтан он  төрт басня аударды. Осы аудармамен байланысты
Абай өлеңдерінен аллегория орын алды.

 

«Ірімшікті құдайым

Кез қылды бір күн қарғаға.

Алып ұшып барды да,

Қызық қылып ашарға.

Үлкен олжа емес пе

Ірімшік деген қарны ашқа;

Тұмсығында ірімшік

Ойлап қарап тұр еді.

Бір қу түлкі сорына

Жақын жерде жүр еді.

«Қарағым, неткен сұлу ең»,

Деп таңырқап, таңданды.

«Неткен мойын, неткен көз!

Осыдан артық дейсіз бе,

Ертегі қылып айтқан сөз?»

(Абай, ІІ том, 131-132-беттер)

 

Абайдың аудармасы мен оның алдындағы Алтынсаринның
аудармасын тіл жағынан салыстырсақ, айырмашылығы жоқ. Олай болмауы мүмкін де
емес. Өйткені аударып отырғандары басня, басняның тілі аллегория болғандықтан,
басқа жол жоқ. Дегенмен де Абайдың бұл туралы да орны бөлек тәрізді.

Өйткені басняға тән ерекшелік - қып-қысқа өлеңге бірнеше
жануарларды қатыстырып, оларды өзара сөйлестіріп, қысқасы сюжет құру. Бұл жөнінде
негізгі орын алатын суреттеу емес, аз сөзге көп мағына сыйғызылып құрылатын қып-қысқа
диалогтар. Диалогтың мұндай түрі Абайға шейінгі әдебиетте тек Алтынсаринның ғана
аудармаларында аз-маз кездеседі. Ал ауыз әдебиетіндегі өлеңдерде, не тарихи ақындардың
шығармаларынан кездестіре алмаймыз. Аз сөзге көп мағына сыйғызып, сол сөздерінде
әр жануардың өзіне тән характерлер берілетін өте тұжырымды түрде, кейде ирония,
кейде сарказммен құрылатын диалогтардың Крылов баснясын аударумен байланысты
Алтынсарин бастаушы ақын болса, Абай - оны дамытып, ілгерілеткен, мәдениетті
елдердің әдебиеттерінде кездесетін, алдыңғы айтылған принципті берік сақтаған,
диалогтардың тамаша үлгілерін жасаушы ақын.

Мысал үшін Абайдың «Шегіртке мен құмырсқа» деген аудармасын
алалық:

 

«Селкілдеп келіп жығылды,

Аяғына бас ұра:

«Қарағым, жылыт, орын бер,

Жаз шыққанша асыра».

«Мұның, жаным, сөз емес,

Жаз өтерін білмеп пе ең,

Жаның үшін еш нәрсе,

Ала жаздай қылмап па ең?»

«Мен өзіңдей шаруашыл,

Жұмсақ илеу үйлі ме?

Көгалды қуып, ән салып,

Өлеңнен қолым тиді ме?»

«Қайтсін, қолы тимепті,

Өлеңші, әнші есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де биле бер».

(Абай, ІІ том, 127-бет)

 

Міне, осы үзіндінің өзінен-ақ қысқа түрде құрылған диалогтың
шегіртке мен құмырсқа образдарын жасауда қандай мәні барлығы анық. Не барлығы
20-30 жолдың ішінде пернелеу түрде әкәкушіл жалқау мен еңбекшінің образдарын
жасап, адам баласын еңбекке үндеуде мағынасы терең пікір айтушылық шебер құрылған
диалогпен ғана жасалынып отыр.

Әрине бұл айтылғандардың негізі орыс әдебиеті Крыловта, ескі
грек әдебиеті Эзопта жатыр. Олардың классик үлгісін қазақ әдебиетіне шебер
енгізіп, бойына сіңіруде Абайдың әдебиетте аққұла орны бар. Оны көрмей кетуге
болмайды.

Диалог түрінде болмаса да, аз сөзге көп мағына сыйғызу жүйесіне
негізделген, төл сөздерді шебер қолданушылық Абайдың өз өлеңдерінде жиі
кездеседі. Мысалы:

 

«Бай алады «Кезінде көп берем» деп,

«Жетпей тұрған жеріңді тек берем» деп,

Би мен болыс алады күшін сатып,

«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп».

(Абай, І том, 46-бет)

 

Ақын төл сөзді шебер қолдануының арқасында көп ұтқан. Артық
сурет, артық баяндаулар қысқартылып, ой түйініне төл сөздер арқылы тікелей
кірген. Абайдың қолданысында әр төл сөз өзі үшін өздері жауап беріп, ақынның
айтайын деген пікірін қысқа түрде ұқтыра алады. Сөйтіп Абай Крыловтан қазақшылаған
баснялары арқылы жалпы аллегорияға ерекше бір жаңалық кіргізе қоймаса да, аз сөзге
көп мағына сыйғызған диалог жөнінде қазақ әдебиеті үшін зор еңбек етті.

е) Кейіптеу (Олицетворение). Қазақ ауыз әдебиетін, Абай
алдындағы тарихи әдебиетті, оларда қолданылатын кейіптеулерді алсақ, жансыз нәрселерді
жандандыру, жануарларға тіл бітіру, ескі наныммен байланысты әртүрлі мифті адам
бейнесінде көрсету деп, негізінде өзара үшке бөлуге болады:

 

 

1

«Кел, кел, бұлт, кел, бұлт,

Екі енеге тел бұлт.

Ағысы қатты сулардан

Сыйпай соғып кел, бұлт». (151)

«Дария шор, дария шор».

 

2

«Жоғарғы ерні қыбырлап,

Төменгі ерні жыбырлап,

Тайбурыл сонда сөйлейді:

«Сен үстімде аманда,

Мен астыңда аманда,

Қажу бар ма мен сорға.

Намаздыгер өткенше,

Намазшамға жеткенше,

Сырлы Қазан шаһарын

Көрсетпесем көзіңе.

Түсірмесем өзіне

Таңдап мінген бурылды

Сол жерде шал құдайға...» (152)

 

«Ақ сауыт сонда сөйлейді:

«Батыр Сайын, қорықпашы,

Бөтен сөзді айтпашы,

Қатарланған қамалды

Бұза алмасаң, саған серт,

Тоғыз қабат оқ жетпес,

Оқ жеткізсем, маған серт». (153)

 

3

«Асың-асың асыңа,

Береке берсін басыңа.

Қырғауылдай қорғалап,

Бөденедей жорғалап,

Қыдыр келсін қасыңа...» (154)

 

Ауыз әдебиетіндегі кездесетін кейіптеудің үлгілері - осылар.
Бұлардың шығу тектерінің де негізі халық санасының сәбилік кезінде жатыр. Табиғат
құбылысын әлі түсінбеген, табиғат жанды нәрсе, жануарлар да, заттар да адамша сөйлей
алады деген ұғымнан туғандығы анық. Адам баласының өмірінде кездесетін пәле мен
қазалардың да өзінше иелері бар, олар да адам тәрізді іс-әрекет істейді,
кереметті қасиетімен бізге көрінбейді деп, оларға ат қойып, айдар тағып, «қыдыр
дарыды», «құт қонды», «жұрт келді», «бәдік көшті» деген тәрізді сөздер де сол
наныммен байланысты жандандырылып айтылатын сөздер.

ХҮІІІ ғасырдың соңы, ХІХ ғасырдың бірінші жарымындағы, Абайға
дейінгі тарихи әдебиетті алсақ, олардың өлеңдерінде кейіптеулер мейлінше аз
кездеседі. Кейіптеулердің ең көп кездесуі керек табиғатты суреттеген өлеңдерді
алсақ та, кейіптеудің негізі тіл болып саналмайтындығын көру қиын емес.

Қазақ даласының бай табиғатын сипаттаған талай күшті ақындардың
талай әдемі өлең-жырлары бар. Бірақ бәрінде де тек сыртқы кескінін беру, поэтик
тілдердің басқа түрлерімен жай портретін ғана жасау. Жалғыз Абайдың алдындағы
тарихи ақындар ғана емес, Абайдың өзі тұстас ақындары туралы да осыны айтуға
болады.

 

«Жайық, сені қайтейін,

Ағашың айбар көрінген,

Жапырағы жерге төгілген,

Жапырағы жасыл ала қамқадай,

Бұтағы бұрама күміс алқадай,

Балдырғаны соққыдай,

Боз сазаны тоқтыдай,

Бұланы жырақ қараған,

Бұғысы қойдай тараған,

О, Жайығым, Жайығым,

Жоқ еді қоныс айыбың...» (155)

 

Абайдың алдындағы әдебиетте болсын, өз кезіндегі әдебиетте
болсын, табиғатты суреттеуде Мұраттың бұл өлеңі ең көркем, маңдай алды өлеңдерден
саналады. Сондықтан басқа мысалды келтіріп жатудың қажеті аз. Ал осы өлеңді
поэтик тіл жағынан алып қарасақ, жансызды жандандырып айту, яғни кейіптеу жоқ.
Табиғат құбылысын сол өз қалпында суреттеген де қойған. Бұл жалғыз Мұрат емес,
барлығына тән.

Бізше, Абайдың алдындағы Бұхардан басталған поэзия, көпшілігінде
дидактикалық поэзия болды. Дидактикалық поэзия үлгі-өнеге үйретерлік нақыл сөздерді
керек етті. Абайдың тұстас ақындарының, Алтынсариннан басқасы, сол әдебиеттің үлгісінде
өсті. Кейіптеудің аз кездесуінің бір себебі осы тәрізді. Екінші себебі, бұл дәуірдің
ақындары өздері сол бұрынғы ауыз әдебиетінің жақсы традициясын алса да, ауыз әдебиетінің
кейбір жақтарын тым жабайы көрді. Бұл кездегі ақындардың ой-санасы атам заманғы
жоққа сенушіліктен анағұрлым жоғары екендігі сөзсіз. Сондықтан жануарларды сөйлету,
не табиғат құбылыстарына бас ию, бұрынғы «құт», «жұт», «қыдыр» тәрізді иелерге
бас ию оларға енді ескішілдік көрінді. Ал кейіптеуді жаңа дәуірге лайықтап, мәдениетті
елдердің ақындары тәрізді жаңаша құруға ол ақындардың жеткілікті мәдениеті
болмады. Міне, осы себептермен байланысты Абайға шейінгі әдебиетімізде кейіптеу
поэтик тілдің ерте туып, кеш қалған түрінің бірі болды.

Абай кейіптеуді қайта тірілтті. Әртүрлі өмір құбылыстарын
суреттеуде болсын, автордың ой-сезімі, өмірге көзқарастарын жанды етіп айтып
беруде болсын ең күшті құрал екенін танытып, өз өлеңдерінде, аудармаларында
кейіптеудің тамаша-тамаша үлгілерін көрсетті. Абайдың атышулы «Қыс», «Жазғытұрым»
тәрізді өлеңдері, «Қараңғы түнде тау қалғып», «Теректің сыйы» сықылды
аудармалары негізінде кейіптеумен жазылған.

Абай кейіптеу жөнінде бұрынғы ауыз әдебиетіндегі ізбен
кеткен жоқ. Сол кездегі орыс әдебиетіндегі кейіптеулердің, әсіресе Лермонтовтың
табиғатты суреттеу әдісін үлгі етті. Ауыз әдебиетінен алғаны жансыз нәрсені сөйлету
болды. Бірақ Абайда ондағыдай «табыну», жалбарыну жоқ. Абай табиғатқа жан
бітіреді, қимылдатады, сөйлетеді, сезіндіреді, бірақ ескі әдебиет нұсқаларындағыдай
оларды шын жаны бар күш деп ұғудан Абай аулақ. Табиғат құбылыстарын ақын
кейіптеу арқылы суреттесе, ол - оған сенгендігі емес, суреттеген нәрсесін оқушыларының
көз алдына жанды түрде елестету.

 

«Күн жоқта кісімсінер жұлдыз бен ай,

Ол қайтсін қара түнде жарқылдамай,

Таң атқан соң шығарын күннің біліп,

Өңі қашып, бола алмас бұрынғыдай.

Күн - күйеу, жер - қалыңдық, сағынышты,

Құмары екеуінің сондай күшті.

Күн қырындап жүргенде, көк қожаңдап,

Күйеу келді, ай, жұлдыз көтін қысты.

Ай, жұлдызға жылы жел хабар беріп,

Жан-жануар қуанар тойға еліріп.

Азалы, ақ көрпесін сілкіп тастап,

Жер күлімдер өзіне шырай беріп.

Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай,

Біреуіне біреуі қосылыспай,

Көңілі күн лебіне тойғаннан соң,

Жер толықсып түрленер тоты құстай...», т.б.

(Абай, І том, 124-бет)

 

Абай табиғатты суреттеуде мәдениетті елдердің табиғатты
жандандырып суреттеуінің үлгісін алды деуімізге Абайдың «Қыс» деген өлеңі толық
дәлел бола алады.

 

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды.

Дем алысы - үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң, қыс келіп әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды...

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып мазаңды алды.

Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,

Алты қанат ақ орда үй шайқалды...»

(Абай, І том, 83-бет)

 

Қысты жанды нәрсе етіп көрсетудің элементі Абайдан бұрын да
болған. «Қылышын сүйретіп қыс келеді» дейді қазақ. Қысты қаһарлы батыр,
жауынгер бейнесінде ұғады. Бірақ Абайға шейінгі әдебиеттің қай нұсқасын алсақ
та, қысты ақсақалды шал бейнесінде суреттеу болған емес. Қысты шал бейнесінде
суреттеу - орыс әдебиетіне тән нәрсе. Орыс ақындарының әр дәуірде көп
суреттеген атышулы «Дед морозы» Абайдың қысты суреттеуінде негізгі тұлға
(праобраз) болып отыр. Бұл -  аударма
емес, Абайдың өз өлеңі. Әйтсе де қысты дед мороздың бейнесінде суреттеу -
қазаққа тән нәрсе емес, орыс әдебиетіне тән.

Некрасов өзінің «Мороз, красный нос» деген поэмасының бір
жерінде:

 

«Не ветер бушует над бором,

Не с гор побежали ручьи,

Мороз - воевода дозором,

Обходит владенья свои...

Идет - по деревьям шагает,

Трещит по замерзлой воде,

И яркое солнце играет

В косматой его бороде...» -

 

деп суреттейді (156). Бірақ Абай орыс әдебиетіне еліктесе
де, бүкілдей олардың ықпалына беріліп кетпейді. Оны қазақтың өз ұғымына жақындатады.
Қысты жанды нәрсе етіп көрсету қазаққа жат еместігі жоғарыда айтылды. Орыстан
алғаны - қыстың «ақ сақалы мен кіл аққа киінуі». Қыстың орыс әдебиетіндегі
істейтін іс-әрекеттері: айдын мұзды сықырлатып, сыңсыған қалың ағашты жарып
өтіп, тағы басқа солар тәрізді әртүрлі өз меншігін күзетуші (дозор) болса,
Абайдың қысы қазақтың өзіне таныс «кәрі құда», «шабынатын бура» бейнесінде,
оның жүрген жері Некрасовтардағыдай қалың тоғай, айдын мұз емес, Арқаның жазық
сар даласы, қыс ызғары батқандар, балықшы мен ну тоғайда ағаш кесіп жатқан орыс
крестьяны емес, «Шидем мен тон қабаттап киген қазақ малшысы» мен қыс титығына
жеткен тебіндегі жылқы. Қысқасы, Абай - тек еліктеуші емес, еліктеген нәрсесін
өзінше меңгеруші. Қазақтың ұғымында бұрын шал бейнесінде суреттелмейтін қысты
өз елінің тұрмыс-салтына байланысты байырғы, қолбала образдар алып, қазақтың
ұғымына сай келтіреді де, елді өзіндік етіп шығарады. Бұл тәрізді үлкен
шеберлік - Абайдың қаламына жалпы таныс нәрсе.

Абайдың орыс ақындары, әсіресе Лермонтовтан аударған
өлеңдерінде ерекше орын алатын нәрсе табиғат құбылысына тек жан бітіру ғана
емес және тіл бітіру, сөйлету дедік.

 

«Кавказдай құзда туған перзенттенмін,

Бұлттың сүтін ішіп ер жеткенмін.

Қазбектен, ағам, сені көксеп шығып,

Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.

Аптығып, асау інің келді, ақсақал,

Тау, тасқа, адамзатқа салып жанжал,

Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,

Сәлем-сауқат әкелдім, қош көріп ал».

«Әкелген бұғы менен маралым бар,

Адамнан тартып алған көп малым бар.

Ер-тоқымы, атымен, қаруымен

Ер шеркешті әкелген амалым бар.

«Мұның бәрі тартуым, сізге, - дейді,

Ақылыңды айт, ақсақал, бізге», - дейді.

«Бақша, зауыт, жайларды қылдым талқан,

Әрбір бай жалдап жатыр жүз кедейді».

Қартаң Каспий қылғыған бойыменен

Терекке көзін ашып үндемейді.

Азырқандың, білемін, ақсақал шал

Тентегіңнің сөзіне құлағың сал.

Казак-орыс қатыны, бір сұлуды

Әкеліп ем, қайтейін, оны дағы ал».

Кәрі Каспий қара көк көзін ашты,

Жылы жүзбен Терекке амандасты.

Жыбыр қағып, қозғалып, сылқ-сылқ күліп,

Қатынды алды, қытықсыз араласты...»

(Абай, І том, 112-бет)

 

Бұл өлеңде Терек өзені жанды адамдардың амалындай амал
жасайды және жанды адамдарша сөйлейді. Қысқасы, табиғатқа жан бітіріп, айтайын
деген ойын кейіптеу арқылы беруде Абайдың бұл аудармасы өзінің орыс тіліндегі
нұсқасынан бір де кем түспейді.

Абайдың бұл тәрізді пейзаждық өлеңдері әр алуан. Олардың
кейбіреулері символ, кейбіреулері аллегория, кейбіреулері жай ғана суреттеу,
кейбіреулері кейіптеу болып келеді. Символ мен аллегория бұрын талданса,
кейіптеу туралы қазір айтылып отыр. Сондықтан табиғат көрінісін кейде жай ғана
суреттеушілік те аз кездеспейді. Мұны алдындағылармен шатастырмау үшін бірер
мысалдар келтіріп өтелік.

 

«Жазды күні шілде болғанда,

Көк орай, шалғын, бәйшешек

Ұзарып өсіп толғанда,

Күркіреп жатқан өзенге,

Көшіп ауыл қонғанда...»

(Абай, І том, 64-бет)

 

«Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен күрілдеп...»

(Абай, І том, 202-бет)

 

Бұл үзінділерде де табиғат суреттеледі. Бірақ мұнда символ
да, аллегория да, кейіптеу де жоқ. Табиғат көрінісін сол қалпында әдемілеп
суреттеу ғана бар. Сондықтан бұл соңғы айтылғандардың алдыңғылардан жігі бөлек.

Сонымен қатар айта кететін және бір мәселе - поэтик
тілдердің басқа түрлерінің кейіптеумен байланыстары. Тілде бір сөз екінші
сөзбен байланысып, бір сөйлем екінші сөйлеммен байланысып қана ой-пікірді
ұқтыру, мағына беру тілдің жалпы заңы десек, поэтик тілдер де бұл заңға
бағынады. Өмір құбылысының әртүрлі суретін жасауда поэтик тілдер әрдайым
байланыс, қарым-қатыста болып отырады. Олай болмауы мүмкін де емес. Бірақ әр
жағдайға, суреттемек өмір құбылысына лайықты, соған сәйкес, поэтик тілдің бір
түрі бірінші орын алуы мүмкін. Мысалы, Абайда адамның, не басқа нәрсенің
портретін жасауда көбіне эпитет, сосын теңеудің қолданылуы тәрізді, бұл бұрын айтылған.
Әйтсе де, ол жай поэтик тілдің басқаларының араласып келуіне бөгет емес, қайта
кейбір жағдайларда керекті де. Жоғарғы үзінді келтірген Абайдың «Қыс» өлеңін
алсақ, ақын мұнда айтайын дегенін кейіптеу арқылы айтпақ. Бірақ қысқа дем
алғызып, басқан жерін сықырлатып жүргізіп қою үшін әуелі поэтик тілдің
басқаларының көмегімен (эпитет, теңеу, метафора) қыстың өзін ақынға әуелі
ақсақалды шал кескініне келтіріп алу қажет болды. Сондықтан «денелі, ақ киімді,
ақ сақалды, соқыр-мылқау» деген эпитеттерді, «дем алысы - үскірік, аяз бен қар»
деген тәрізді метафораларды қолданып отыр. Мұндай байланыстар ақындарда
кездеседі және ол заңды да.

Сөйтіп Абайдың поэтик тілдердің басқа түрлері жөнінде қазақ
әдебиет тіліне қосқан жаңалықтарын жекелеп көрсетсек, кейіптеу Абайдың жазба
әдебиетімізге бүтіндей қосқан жаңалығы деп айтуға болады. Өйткені ескі ауыз
әдебиетінде өмір құбылысын суреттеуде поэтик тілдің негізгі бір түрі саналып,
ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың әдебиетінде де қолданылмай, не аз кездесетін кейіптеуді жаңа
дәуір, жаңа ой-санаға сәйкес жаңаланған түрде қайта тіріліп, поэтик тілдердің
өмір құбылысын суреттеуде санаулы құралының бірі етуі - қазақтың әдебиет тілін
жасауда, сөз жоқ, ұлы еңбек.

Сонымен қатар Абайдың кейіптеуді қолдану жолдары әр алуан.
Олардың әрқайсысында үлкен шеберлік, місекерліктер бар. Олардың әрқайсысы жеке
талдауды керек етеді.  Әйтсе де сол
табиғатты жанды етіп суреттеудің сезім дүниесіне қандай әсер етуі жайлы «Мен
көрдім ұзын қайың құлағанын» деген өлеңінен бір үзінді келтірейік:

 

«Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,

Бас ұрып қара жерге сұлағанын.

Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,

Байғұстың кім тыңдайды жылағанын.

Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,

Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,

Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен,

Кімге батар ол байғұс тартқан күйік.

Мен көрдім сынық қанат көбелекті,

О да білер өмірді іздемекті,

Күншуақта жатады қалт-қалт етіп,

Одан ғыбрат алар жан бір бөлек-ті».

(Абай, ІІ том, 113-бет)

 

Табиғат құбылысын, жан-жануарларды кейіптеу арқылы суреттеп,
не терең ой, не терең сезімдерді беруге болатындықтың бұл үзінді айқын үлгісі
бола алады. Абайдан кейінгі қазақ әдебиетінде кейіптеудің поэтик тілден үлкен
орын алуы да Абайдың әсері деуге болады.