ВЕРНУТЬСЯ

    Біз өткен тарауларда Абай өлеңдеріндегі архаизм, диалект,
шет сөз, неологизмдерге тоқталып, олардың әрқайсысы Абай шығармаларында қандай
орын алып, ақынның өзіне шейінгі фольклор, тарихи әдебиет және өз кезіндегі әдебиеттерден
тіл жағынан ерекшелігі қайсы, шет тілдерден нені қабылдап, қарсы шықты, өзі не
жаңалық кіргізді деген мәселелердің бетін аштық. Абайдың қазақ әдебиетінің
тілін дамытудағы ұлы еңбегін түсіну де, бағалау үшін де бұлардың әрқайсысының мәні
зор, әрқайсысының орны ерекше. Әйтсе де, поэтикалық тілердің негізгі саласы
болып саналатын эпитет, теңеу, тропа, фигура, олардың түрлері айрықша талдауды
керек етеді. Мұнан былайғы тарауларда Абай тілінің осы жақтары зерттелмек.

Ұлы ақындардың қайсысының болсын тілін зерттеушілер ең
алдымен поэтик тілдердің негізгі түрі деп те және көп кездесетін түрі деп те
эпитет пен теңеулерді алады. Сондықтан ең алдымен, Абай өлеңдеріндегі эпитетке
тоқталмақпыз.

Басқа тілдердегі тәрізді, қазақ тіліндегі эпитеттер де
негізінде сын есім арқылы анықтауыш, т.б. жолдармен де жасалынады. Сосынғы бір
түрі - көсемше мен өткен шақтық есімше. Сөйлемнің мүшесі жағынан көпшілігі анықтауыш,
кейде толықтауыш, пысықтауыш болып келеді. Бұлар алдыңғы анықтауыш болып
келетін эпитетке қарағанда, анағұрлым аз, анағұрлым сирек. Эпитеттің шығу
тарихын зерттеуші дүниежүзінің ғалымдарының қайсысы болсын мейлі, эпитет поэтик
тілдің кәрі замандардан бері келе жатқан адам баласының сәбилік дәуірінде өзінің
ой-пікірін сурет арқылы берумен байланысты жарыққа шықты деп таныса, қазақ
фольклоры да бұл пікірдің дұрыстығын растайды. Қазақтың ескі заманнан сақталынып
келген фольклор нұсқауларын алсақ, эпитет, әсіресе тұрақты эпитеттерді жиі
кездестіреміз.

«Қызыл шұбар айдаһар,

Қара шұбар жолбарыс». (39)

 

«Сары өзеннен өткенде,

Тас суындай сарқырап

Тарлан атпен Көбікті

Артынан жетті барқырап». (40)

 

«Солқылдаған ақ найза,

Басыма сайғақ болсын деп,

Оң қарыма ілгенмін...» (41)

Бұл үзінділердегі қара әріппен терілген сөздер сын есім арқылы
жасалынған эпитеттер де, курсивпен терілген сөздер - көсемше мен өткен шақтағы
есімше арқылы жасалған эпитеттер. Эпитеттің төртінші түрі және ауыз әдебиетінде
өте жиі кездесетін түрі - тұрақты эпитет. Мысалы:

 

«Айнаменен ақ жүзімді көрейін,

Хақтың салған жарлығына көнейін» (42)

Немесе:

«Есік алды қара су

Майдан болсын, жар-жар-ау,

Ақ жүзімді қарауға

Айнам болсын, жар-жар-ау». (43)

 

Қысқасы, қандай жағдайда айтылса да, ауыз әдебиетінде «жүздің»
алдында көпшілігінде «ақ» деген эпитетті кездестіреміз. Басқа түрлі эпитет не өте
аз, не кездеспейді. Немесе тақтың алдында «алтын» деген ғана эпитет қолданылады.
«Алтын тақтың үстінде» деп келеді.

Бұл тұрақты эпитеттердің шығу тегіне, мәніне көз салсақ,
«алтын» эпитеті анықтамақ зат есімнің жасалынған затымен байланысты және соған әбден
берілген болса, «ақ» эпитеті кейінгі кезде тавтологияға айналғанға ұқсайды. Әсіресе
айтыстарда айтысып отырған қызы сары болсын мейлі, не қара болсын мейлі, оның жүзіне
келгенде «Ақ жүзіңді көруге құмармын» деп дағдымен кетеді. Кейде жақсы деген нәрсенің
бәрін де «ақ» арқылы атайды: «ақ патша», «ақ пайғамбар», «әлди-әлди, ақ бөпем»,
«ақ бесікке жат, бөпем», «ақ қалқа», «ақ еркем, отыр ма екен, жатыр ма екен»,
т.б.

Қазақтың әдеби тіліндегі эпитеттің не бары осы төрт түрден құралады
десек, осылардың өз ішінен шығатын күрделі эпитет және бар. Бұл әрине, жеке түр
болып саналмайды. Жоғарғы үзінді келтірген «қызыл шұбар айдаһар», «қара шұбар
жылан» сын есім арқылы жасалынған, әрі күрделі эпитеттерге мысал бола алады. Өйткені
күрделі эпитеттің жасалу негізі әлденеше эпитеттен тұратындықтан, бір сөйлемде
эпитет біреуден жоғары болғасын, бәрібір күрделі эпитет саналады.

Эпитеттің барлық түрі халықтың ауыз әдебиетінен түгел табылғасын,
Бұхардан бастап, Абайға шейінгі, не Абаймен тұстас ақындардың да, не Абайдың өз
өлеңдерінен де түгел табуға болатындығы өзінен-өзі анық. Сондықтан эпитет жөніндегі
Абайдың өз ерекшелігі қайсы, соған келелік.

«Абай өлеңдеріндегі жаңа сөз, жаңа сөйлем» деген бөлімімізде
біз Абай өзіне шейінгі әдебиетте қолданылмаған жаңа сөз, жаңа сөйлемдермен әдеби
тілімізді байытқан ақын деп, өзімізше дәлелдеп, бірнеше мысалдар келтірдік. Бұл
жаңалықтарды біз эпитеттер туралы да айта аламыз.

 

 

«Қан жүректе қайғылы-ау,

Қайрыла кет сен маған».

(Абай, І том, 211-бет)

 

«Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сия, ащы тіл...»

(Абай, І том, 183-бет)

 

«Асау жүрек аяғын шалыс басқан,

Жерін тауып артқыға сөз болма ма?»

(Абай, І том, 206-бет)

 

«Алқыны күшті асаулар

Ноқтаға басы керілді...»

(Абай, І том, 88-бет)

 

«Өрбіген жүрек басылмай,

Талапты көңіл елірмес...»

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Жер қорыған желкек шал

Желіп жүріп боздайды».

(Абай, І том, 151-бет)

 

«Адасқан күшік секілді

Ұлып жұртқа қайтқан ой».

(Абай, І том, 172-бет)

 

Тағы басқа осылар сықылды ауыз әдебиеті, не Абай алдындағы
тарихи әдебиетте қолданылмаған эпитеттер Абайда көп. Біз бұларды тек мысал үшін
ғана келтіріп отырмыз.

Абай өлеңдеріндегі жаңа эпитеттер әртүрлі жолдармен
жасалынады.

Кейбіреулері жалғаусыз түбір, кейбіреулері жалғау,
кейбіреулері жұрнақ арқылы не сөз, не дыбысты тастап кету арқылы жасалынады. Қысқасы,
қалай болсын Абай сөзге жаңаша мән беріп, жаңа эпитет етіп шығарады.

«Қан жүрек», «долы қол», «алқыны күшті асау», «өрбіген жүрек»,
«желкек шал», «ұлыған ой», т.б. алсақ, бұл тәрізді сөз қолданыс Абайға дейінгі әдеби
нұсқалардың ешқайсысында жоқ. Ал:

 

«Кейбіреуі дүрсіп жүр,

Жер тәңірісіп кер мағыз».

(Абай, І том, 139-бет)

«Пәледен тұрмас шошынып,

Тұл бойын желік жеңген-ді».

(Абай, І том, 119-бет)

 

алсақ, мұндағы «дүр» - жеке алғанда архаизм. Сол «дүр» қалпында
ескі әдебиеттерде кездесе береді. «Дүр ақын», «дүрде араз», т.б. Абай осы «дүрді»
алады да, «сіп» жұрнағын қосып, архаизм негізінде «дүрсіп» деген, өзінен бұрын қолданылмаған,
сондықтан жаңа саналатын эпитет жасайды.

Соңғы екі жолдағы ерекшелік - сөздің бір әрпін қысқарту. «Тұла
бойы» бұрын да бар, «тұл бойы» - Абайға шейінгі әдебиетте қолданылмаған сөз.

Бұл айтылғандарды жинақтай келгенде, тілге жаңа эпитет
енгізудегі Абайдың бір алуан жолдары - әдебиетте эпитет қатарында бұрын қолданылмаған
сөздерді жаңаша сөз байланыстары, сөйлем құрылыстары арқылы көркем тіл мүшесі
ету, архаизмдік сөздерге жұрнақтар жалғап, эпитетке айналдыру, жаңа нәрсе етіп
көркем тілге енгізуі, не кейбір эпитеттердің дыбыстарын әдейі тастап кетіп, құлаққа
естілуін жаңа етіп (сондықтан оның көңілге қонуы жаңа болуы сөзсіз) шығару.

Бірақ бұл айтқанымыз Абайдың жаңа эпитет жасаудағы әртүрлі әдістерінің
бір түрі ғана. Өйткені Абай өлеңдерінде эпитеттің жасалу жолдарының бұдан басқаша
түрлері де бар екенін көреміз.

Абай эпитетінің ой-сезімге ететін әсерін жаңарту үшін кейде
инверсия заңына сүйенеді. Екінші сөзбен айтқанда, эпитеттің дағдылы орнын
ауыстырады. Дағдыда эпитеттің қай түрі болсын мейлі, анықтайтын сөздердің
алдында келеді. Мысалы:

 

«Қызыл шұбар айдаһар»,

«Сорғалап көктен қыран құйылғанда»,

«Алтын тақ»,

«Сайраған Орта жүздің бұлбұлымын».

 

Абайда эпитеттің бұл үлгілері көп те, орынды да, ол өз алдына.
Біздің бұл жерде айтпағымыз - Абайдың инверсия заңына сүйеніп жасаған
эпитеттері.

Өлеңде бұрын кездеспеген, не аз кездесетін жаңа сөз, жаңа
образ, не жаңаша сөз құраулар көзге тез түседі. Бұл - табиғи нәрсе. Өйткені әлеумет
өміріне енген әртүрлі жаңалықтар жаңа сөз, жаңа образдарды да ала келеді.
Сонымен қатар оқушы көркем шығармадан әрдайым жаңалық күтеді, адамның жан жүйесі
жаңаша сезімді аңсайды. Сондықтан жаңа образдың жарыққа шығуы, не кейбір
образдың бұрынғы дағдыдағы қалпынан өзгертіліп құрылуы оқушыға жаңаша әсер
еткіш келеді. Ол образдар мүлде жаңаша, не бұрынғы бар образдың дағдыдағы қалпын
өзгертіп, жаңаша құрды ма бәрібір, оқушылар олардың шығу тегін іздеп жатпайды, өзінің
жаңалық аңсаған жан жүйесі, сезім дүниесіне сусын берсе болды, ол образ оған жаңа
болып есептеледі. Шынында да бұл - дұрыс ұғыныс. Өйткені бір халықтың тілінде бұрын
мүлде болмаған жаңа сөз кіргізу кімге де болсын өте қиын. Достоевский өзі ойлап
шығарған бір сөзін газет бетінде көргенде «орыс тіліне мен де бір сөз кіргіздім»
деп қатты қуаныпты дейді.

Сондықтан халықтың жалпы тілінде болса да, өзіне шейінгі әдебиетте
аз қолданылатын сөзбен сөйлемдерді орнықты, заңды етіп басқаша түрде әдебиетке
енгізуді жаңалық деп қарауға әбден болады. Осы тұрғыдан қарағанда, Абайдың
эпитеттерді қолдану жөніндегі екінші бір түрі - жоғарғы айтылған инверсия заңына
сүйеніп, эпитеттердің дағдыдағы орнын ауыстыру.

 

«Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ».

«Ойынды еті бөп-бөлек, омыраулы,

Тояттаған бүркіттей салқы төсті,

Ұршығы төмен біткен, шақпақ етті.

Сырты қысқа, бауыры жазық келіп,

Арты талтақ, ұмасы үлпершекті...»

(Абай, І том, 63-бет)

 

Мұндағы қара әріппен терілген сөздер эпитеттердің көп ұшырайтын
және дағдылы түрі де, қара курсивпен терілген сөздер - Абайға шейін қазақ әдебиетінде
кездеспейтін, не өте сирек кездесетін, орны ауыстырылып қолданылатын эпитеттер.

Дағдыда «Шығыңқы ауыз омыртқа, майда жалды» болуы керек
болса, Абай «Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды» деп, эпитетін анықтайтын сөзден
кейін қояды. Бұл әдіс Абайдың көп өлеңдерінде кездеседі.

Ал ауыз әдебиетінде бұл мейлінше аз. Абайда эпитеттің бұл түрі
ерекше орын алады. Бұрынғы әдебиеттерде өте сирек ұшырайтын эпитеттердің бұл түрін
Абай дамытты, ілгерілетті, заңды, орнықты етіп әдеби тілімізге бекітті, әртүрлі
өмір құбылысын суреттеуде, оқушылардың ой-санасына әсер етуде бұл өте керекті
тіл құралының бірі екенін танытып, өзінің өлеңдерінде тамаша үлгілер қалдырды.

Абайға шейінгі Бұхар, Дулат, Шернияз, тағы басқа көп ақындарда
не кездеспей, не кейбіреулерінде ілеуде бірді-екілі ғана кездессе, Абайдың шәкірті
Ақылбай, Көкбай мен Мағауия өлеңдерінде жиі ұшырай бастауы да кездейсоқ нәрсе
емес, Абайдың әсері.

Әйтсе де, эпитеттің осы түрінің маңында да ұлы ақынның өзіне
тән ерекшелігі жоқ емес. Мысалы:

 

 

«Қар аппақ, бүркіт қара, түлкі қызыл,

Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға».

(Абай, І том, 39-бет)

 

Бұл үзінділердегі эпитеттер де жоғарғы талданғандар сықылды,
инверсияның заңына сүйеніліп жасалынған. Бірақ олардың айырмасы инверсияға
негізделініп жасалғанымен де, бұл тек жалаң эпитет, инверсия ғана емес, әрі
шендестіру (антитеза). Суреттемек өмір құбылысын жайнақы, жарқын етіп беру үшін
ақын поэтик тілдің үш түрінің бір жерге басын қосқан да, сол арқылы аңшылық өмірді
таңғалғандай етіп бере білген.

Эпитеттің бұл сықылды қиыннан қиысқан түрін тек қана Абайдан
табуға болады.

Бұған Абайға шейінгі де, не оның тұстасындағы әдебиет те
таласа алмайды. Мұндай шеберлік - тек Абайдың қаламына ғана тән нәрсе. Мұны
эпитеттің инверсиямен байланысты келген түрі жөніндегі Абайдың ерекшелігі, жаңалығы
деп те айтуымызға болады.

Бұл айтылғандардың бәрі де Абай өлеңдеріндегі поэтик
тілдердің негізгі бір саласы - эпитеттердің сыртқы құрылысы, түрі.

Бірақ Абайдың ұлы еңбегі - эпитеттің әр алуан түрлерін
байытуында ғана емес, сол түрді әрдайым мазмұнмен тығыз байланыстыруында. Түрімен
қатар мазмұнын да байытып, тереңдетуі түрді мазмұнының түрі етуінде. 

Эпитет - Абайдың көп қолданатын поэтик тілінің бірі. Әсіресе
адамның, не басқа өмір құбылысының сырт кескінін суреттемекші, портретін жасамақшы
болса, эпитетті пайдаланады. Абайдың Ат сыны, қыз сыны, жылдың төрт мезгілі
туралы өлеңдерінің негізгі тәсілі - эпитет.

Мысалы, «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» (Ат сыны) деген өлеңі
28 жолдан құралған екен, соның ішінде поэтик тілдің басқа түрінен «Шоқпардай»
деген жалғыз-ақ сөзден басқасы - түп-түгел эпитет. Осының өзі-ақ эпитет Абайдың
сүйіп қолданған тәсілі екенін дәлелдейді. Абайда, әсіресе эпитеттің күрделі түрі
көп ұшырайды. Мысалы:

 

«Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,

Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ

Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,

Ой желке, үңірейген болса сағақ».

(Абай, І том, 63-бет)

 

«Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау танымас тірі жанды.

 

 

Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,

Басқан жері сықырлап келіп қалды».

(Абай, І том, 83-бет)

 

Қазақтың әдебиетінің даму жолдарына поэтик тілі жағынан байқасақ,
ауыз әдебиетінде тұрақты және тавтологиялық эпитеттердің көп кездесетінін байқаймыз.
Осы бөлімнің бас жағында үзінді келтірген «ақ» деген сөздің орынды-орынсыз
болса да, тәуір деген нәрсенің бәріне бірдей эпитет ретінде қолданыла беруі тәрізді
сөз қолданыстар ауыз әдебиетінен көп табылады. Мысалы, «ақ жүзің», «ақ бөпем»,
«ақ бесік», «ақ найза», «ақ семсер», «ақ алмас», «Ақ Жайық», «Ақ Еділ», «ақ
ерке», «ақ қалқам», т.б. мұндағы аталынып отырған нәрселерге «ақ» эпитеті
шынында, заттың, не адамның ерекше қасиеті ақ болғандықтан емес (бөпесі қара
болуы мүмкін, семсері көк, патшасы сары болуы мүмкін),  өзінің жақсы деген затына, нәрсенің шын түсі қандай
болса да, «ақ» эпитетін апарып, дағды бойынша жапсыра беру дедік.

Әрине мұның негізгі себебі - тек қана дағдыға айналуында да
емес, әуелде әртүрлі өмір құбылысын бір жағдайынан ғана танып, бір зат, не бір
нәрсенің ерекшелігі деп, бір ғана қасиетін ұққан ой-сананың сәбилік дәрежесінің
жұрнағы болуында.

Адам баласы мәдениет сатысына көтеріліп, ой-сана ілгерілеген
сайын өмір құбылысын терең түсініп, бір нәрсенің қасиетін, ерекшелігін әртүрлі
жақтарынан тани бастайтыны мәлім нәрсе десек, бұл жалпы көркем тілдің тәсілдерін,
әсіресе эпитеттерді талдағанда айрықша көзге түседі. Өмір құбылысы, не зат, не
бір нәрсенің ерекше қасиеті тек біреу, екеу емес, сансыз көп деп танып, сол әртүрлі
қасиет, ерекшеліктерін таба біліп, әдебиетке енгізу шын мәніндегі көркем әдебиет
жасаушы, әдебиет тілін дамытушы ақын-жазушылардың дүниеге келгендігін көрсетеді
және шын мәніндегі көркем әдебиетті ауыз әдебиетінен айрықша ететін де негізгі
мәселенің бірі осы деп қарауымыз керек. Міне, бұл тұрғыдан қарағанда, Абайдың өзінен
бұрынғы әдебиеттен де, өз кезіндегі әдебиеттен де мойны анағұрлым озық, анағұрлым
жоғары сатыда тұрған ақын екендігін көреміз.

Мысал үшін «жүрек» деген сөзді алсақ, Абай жүректің алдына әртүрлі
эпитет қойып, оның әр алуан қасиетін ашады, эпитет арқылы «жүрекке» әртүрлі мән
береді.

Мысалы: «ет жүрек», «асау жүрек», «қан жүрек», «күйген жүрек»,
«ыстық жүрек», «ызалы жүрек», «кірлеген жүрек», «шын жүрек», «елжіреген жүрек»,
«өртенген жүрек», «сорлы жүрек», «ит жүрек», «жау жүрек», «өрбіген жүрек»,
«суынған жүрек», «жылы жүрек», «ынталы жүрек».

Бұл сықылды бір сөздің сан ерекшелігін ашып, түрлі мән
беруді Абайға шейінгі әдебиеттен табу қиын.

Абай өлеңдерінде қолданылатын әр алуан эпитеттер автордың
ой-пікірімен нық байланысып, мазмұнмен қабысып жатуы жайлы сөз қозғағанда, мұны
тек Абайға ғана тән нәрсе демейміз. Абай алдындағы Бұхар, Махамбет, Дулат ақындар
туралы да осыны айтуға болады. Бірақ Абай өзіне шейінгі әдеби тілдің жақсы
традицияларын алып дамытты, ілгерілетті, мәдениеттіксатыға көтерді. Әртүрлі өмір
құбылысын суреттеу үшін өзіне тән образдарды пайдалана білу керек екендігінің үлгі,
өнегелерін қалдырды.

 

«Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса:

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса.

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа,

Төмен қарап мұңдасар

Ой жіберіп әр жаққа.

Адасқан күшік секілді,

Ұлып жұртқа қайтқан ой,

Өкінді жолың, бекінді,

Әуре болма, оны қой».

(Абай, І том, 172-бет)

 

Бұл өлең ақынның өз кезіндегі әлеумет өмірінде болған әртүрлі
тар соқпақ, бұраң жолдары қажытып, өзінің ішкі сезім дүниесімен сырласпақ, өзінше
айтсақ, «жүрегіне себілген уларын» санамақ болған көңіл-күйінің сәулесі, сезім
дүниесіндегі қоңыр көңілсіздікті сөз арқылы сыртқа шығарған элегиялық өлең
болса, эпитеттер де соған тән, дәл болып келеді. «Күңгірт көңіл», «сұрғылт
бейуақ», «адасқан күшік», «ұлыған ой», «өкінді жол», қысқасы, әр эпитеттің өзінен
де сол көңілсіздік желі ескендей. Немесе:

 

«Осындай Сыйдақ жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Сырын түзер бірі жоқ, сыртын дүзеп,

Бар өнері - қу борбай, сымпыс шолақ».

(Абай, І том, 73-бет)

 

«Мал мен бастың дұшпаны -

Келелді пысық көбейді...»

(Абай, І том, 73-бет)

 

 

«Сасық, паңдау келеді,

Қырт мақтаншақ оңбайды»

(Абай, І том, 76-бет)

 

Мұндай ақын әлеумет өміріндегі әртүрлі жаман мінез-құлықты
шенеп, жұртшылықты ондай мінез, іс-әрекеттерден бездірмек болса, ол үшін қолданған
эпитеттері тек жай эпитет емес, сарказмға суарылған мысқыл, кекесін болып
келеді.

Эпитет туралы айтылғандарды қорыта келгенде, бірінші, оны
кіргізіп, әдебиет тілін байытты. Оның жасалыну жолдарын көрсетті.

Екінші, эпитетпен байланысты бірнеше поэтик тілдердің басын қоса
отырып, өмір құбылысының бейнесін толық беру мүмкіншілігінің тамаша үлгілерін қалдырады.

Үшінші, инверсия заңына сүйене отырып, эпитеттің дағдылы
орнын ауыстырып қолдану әдісін қалдырды.

Төртінші, бір нәрсенің өмірде толып жатқан қыры мен сыры
болатындығын танытып, эпитет арқылы олардың әр алуан қасиеттерін ашып, әр
эпитет бір сөзге әртүрлі мән беретіндігінің үлгісін пішіп берді.

Бесінші, түр мазмұнының түрі болуы керектігін, әртүрлі жағдай,
әртүрлі құбылысын суреттегенде солардың әрқайсысына эпитеттерді лайықтап, таңдап
ала білудің айқын жолдарын көрсетті.