ВЕРНУТЬСЯ

       Абай - өз дәуірінің әр алуан жағын суреттеген реалист ақын.

      Ол дәуірінің
жаман жағын да, жақсы жағын да өз шығармаларында айқын суреттеп, өз дәуіріне тән,
сол жағдайға лайық, әлеуметтік, таптық ірі, келелі мәселелермен қатар, кейбір
елеусіз нәрселерге дейін көре білді. Сөйтіп ол өз заманының айқын айнасы болды.

            Абай өмірге
құлашын кең жайып, әлеумет тұрмысының әр саласына үңіле қарап, көп мәселелерді өлеңнің
тақырыбы, айтайын деген ой-пікірінің өзегі етті. Толып жатқан тақырыпты жыр қылды.
Мәселенің қайсысын алсақ та, Абайдың бүгілгенді жазып, бүркенгеннің бетін ашқандығын
көреміз.

            Ақын, ең
алдымен, өз дәуіріндегі және өзінен бұрынғы мәдениетсіздікті, жалқаулықты, ру
тартысын, пәлеқорлық сықылды оңбағандықтарды көрді. Қазақ халқының дамуы үшін,
оның басқа елдердің қатарына жетуі үшін бұл әрекеттердің бәрі де тұсау болатын,
бөгет болатын қылықтар деп ұғып, бұларға барынша қарсы шықты. Оларға қаламы арқылы
күрес ашты. Оларды қатты шенеп, мысқылға айналдырды. Ол әділетсіздік, мәдениетсіздік
атаулының бәрімен де жалғыз жауласты.

 

«Ойланып, ойға кеттім жүз жылғы өткен,

Тон қабаттап кигенім шидем-шекпен.

Жейде, дамбал ақсаңнан, жарғақ шалбар,

Жырым балақ матамен әдіптеткен..», -

 

деп, өткен өмірдің мәдениетсіздігін мысқыл-келекеге
айналдырды.

            Бұл қалыпта
қала беруге енді болмайды, мәдениетке қарай аяқ басу керек деген қорытынды шығарды.
Абай:

 

Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін,

Алтыбақан алауыз.

Өзін-өзі күндейді,

Жақынын жалған мінейді!.. -

 

деп, ел бойындағы, әсіресе үстем тап адамдарындағы ұсақ, пәлеқор
мінездерді әшкереледі.

 

Бір-ақ ырғып шығам деп,

Бір-ақ секіріп түсем деп,

Мертігеді, жатады,

Ұрлықпен мал табам деп,

Ерегессе ауыл шабам деп,

Сөйтіп құдай атады.

 

            Күншілдік,
шамасын білмес мақтаншақтық, өтірік өсек, кербездік, жалқаулық сол кездегі
ауылдың басты әдеттерінің бірі болған. Әсіресе ұлыққа арқа сүйеген пәлеқор пысықтардың
сұрқиялығы шектен асады. Сондықтан Абай:

 

Қызмет қылып мал таппай,

Ғылым оқып ой таппай,

Құр үйінде жатады

Ел қыдырып ас ішіп,

Еркек арын сатады.

Бала-шаға, ұрғашы,

Үйде жүдеп қатады.

Еңбегі жоқ еркесіп,

Бір шолақпен серкесіп,

Пысық деген ат шықты.

Бір сөз үшін жау болып,

Бір күн үшін дос болып,

Жүз құбылған салт шықты.

«Пысық кім?» деп сұрасаң,

Қалаға шапса дем алмай,

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай.

Сыбырдан басқа сыры жоқ,

Шаруаға қыры жоқ.

Өтірік пен өсекке,

Ағып тұрса бейне су,

Ат-шапаннан кем көрмес,

Біреу атын қойса «қу»... -

 

деп, елді үйітіп жеген, бүлдіргіш пысықтарды, алауыздықты еңбексіздерді,
жалақорларды жеріне жеткізе сынады. Мұның өзі кезінде өткір сықақ (сатира) еді.

            Абайдың басқа
өлеңдерін былай қойғанда, осы өлеңінің өзі-ақ жалқаулықты, қорқақтықты, мәдениетке
ұмтылмаушылықты, алауыздықты, өтірік-өсекке жаны құмар пәлеқорлықты жексұрын
етіп көрсетеді. Мұндай ел бұзарлардан аулақ болу керек деп, ол «ызалы сөз, өткір
тілін» соларға қарсы жұмсайды.

            Бұл сықылды
жағымсыз-жұғымсыз әрекеттер сол кезде бар ма еді? Шындық па еді? Әрине бар еді.
Ел мүддесі емес, өз мүддесін ойлаған талай қу, талай сұмдар қазақ арасында ол
кезде аз болған жоқ.

            Ру араздығын
қоздырып, не біреуді-біреуге айдап салып, арасына сөз айтып, пайда тауып,
араздықты өзінің қос қалтасындай пайдаланған ұлықтар, «домалақ арызбен» біреудің
тағдырын саудаға салатын пәлеқорлар Абай кезінде тіпті көбейеді.

            Абай
солардың бәріне қарсы болды. Ел бірлігін аңсады. «Бір жерден сөз, бір жеңнен қол
шығарып», елдің түгел мәдениетке жұмылуын тіледі, өтірік-өсек, пәлеқорлықтан
аулақ болуды, мәдениетті елдердің қатарына жетуді, ауызбірлігі күшті азат ел
болуды арман етті.

            Ақын өзінің
әлеумет өміріне арналған «Сегіз аяқ» атты өлеңінде жоғарғы әңгімелерді сөз қылады.
Қазақ өмірімен байланысты мәселелердің әрқайсысына  ерекше тоқталып, аталық сөздер айтады.

            «Сегіз аяқ»
- Абайдың өз кезіне көзқарасының қорытындысы тәрізді өлең. Ақын бір жерінде:

 

Басынди ми жоқ,

Өзінде ой жоқ

Күлкішіл, кердең наданның.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды,

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз,

Болмаған соң, айтпа сөз! -

 

десе, екінші жерінде:

 

Ұятсыз, арсыз салтынан,

Қалғып кетер артынан...

Тасыса өсек,

Ысқыртса кесек,

Құмардан әбден шыққан.

Күпілдек мақтан,

Табытын қаққан,

Аңдығаны, баққаны... -

 

деп надандықты, жігерсіздікті, сөзінде тұрмайтын алдампаз
адамдарды, ұятсыз, арсыз, өсек, өтірік, мақтан тәрізді елді аздыратын мінез-құлықты,
тағы осы секілді жаман әдеттердің бетін ашады. Өз кезінде өмір шындығының күңгірт
жақтарын әйгілеп, жұртшылықты олардан сақтандырмақ болады.

            Ақын
талаудың, ұрлық-зомбылықтың, алтыбақандықтың қара халыққа зиян екенін айтады:

 

Малыңды жауға,

Басыңды дауға,

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтірік, ұрлық,

Өкімет зорлық

Құрысын, көзің ашылмас.

Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзімді ойлансын! -

 

дейді.

            Ақын бұл өлеңінде
өмір шындығының тек бетін ашып қана қоймай, алға қойған мақсатты орындау үшін
не керек екендігін де ашық көрсетіп береді. Бұл өз елінің малын жаудан, басын
даудан қорғап, бір жерден сөз, бір жеңнен қол шығарып, алға апарамын деген адамгершілік
еді. Абай даналығының бірі - сол дәуірде өз ортасында озат шығып, халықты мәдениеттендіру
мәселелерін жыр етуінде еді.

            Еңбек, ғылым,
адамгершілік жер жүзіндегі ұлы, данышпан адамдарының бәрінің де көңіл бөлген мәселелері
болды. Міне, бұл мәселелер жөнінде Абай да қазақ даласынан шығып, осыларға үн қосып,
ұран тастады.

            Еңбек
туралы Абай көп жазды. Жастардың адам болуы үшін ең алдымен еңбек етуі керек. Ғылымға
қолы жету де, әлеумет өміріне пайдалы жұмыс істеу де - бәрі де еңбекпен
байланысты деген қорытынды шығарды.

            «Сегіз аяқтың»
бір жерінде:

 

Болмашы кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл!

Орынсыз ыржың,

Болымсыз қылжың,

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек етсең ерінбей,

Тояды қарның тіленбей, -

 

деп, адамның адамшылығы өз басын емес, көпті сүйген адал жүрегінде,
еңбек етуде десе, екінші бір жерінде:

 

Ғылымды іздеп,

Дүниені көздеп,

Екі жаққа үңілдім... -

 

деп жұртты өнер, ғылымға шақырады. Сөйтіп надандыққа қарсы -
ғылымды, алауыздыққа қарсы - бірлікті, жалқаулыққа қарсы - еңбекті, пәлеқорлыққа,
жауыздыққа қарсы - адамгершілікті қояды да, алдыңғылары - елді аздыратын қылық,
соңғылары халықтың көсегесін көгертетін игілікті іс деген қорытынды шығарады.

            Абай
кезінде әлгі айтылған әртүрлі кертартпалық әрекеттер мейлінше өрістеп, «дағдыға»
айналған болатын. Өтірік, өсек, «домалақ арыздар» Абайдың өз сыртынан да талай
жауған болатын. Сондықтан оған қарсы күрес оңайлықпен қолға түсе қоятын іс емес
еді. Ақын оны жақсы білді. Әйтсе де өз халқының ауыр халін көре тұра, қиыншылықтан
қорықпай, тәуекелге бел буды.

            Абай жолының
ұзақтығын да, көздеген мақсатын орындап шығуға өз өмірінің аздық ететіндігін де
ұғып, басынан базары өтпей, қолынан іс келетін жастық шағын өз халқының бір
керегіне жаратып қалуға тырысты. Жауыздықтың бетін ашып, жақсылыққа жөн сілтеді.
Толып жатқан кертартпа қара күштерге қарсы шығып, күрес ашты. Айналасын оятып, өзінің
жолына түсірмекші болды. Бірақ ол кездегі ел тізгінін ұстаушылар ескі әдетіне қарысып,
игілікке қарай аяғын баспады. Абайдың:

 

Жартасқа бардым,

Күнде айқай салдым,

Одан да шықты жаңғырық.

Есітіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып.

Баяғы жартас, бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас, -

 

дейтіні, міне, осындай жағдаймен байланысты шыққан жалғыздықтың
ащы үні болатын.

            Айналасының
оны ұқпауы, ұғу былай тұрсын, оған бөгет болып, оңға деген ісін теріске
айналдыруы, алға ұмтылған адымын етегінен басып кері жіберуі, міне, осының
барлығы қазақ елін ілгері дамытуға қиын асу болушылығы жұрт тағдырын қолына
алып, алдына зор мақсат қойған, ел түземекші болған ақынға аз соққы, жеңіл қайғы
болған жоқ.

            Өйткені қазақ
халқының мәдениетке ұмытылуына көмектеседі деп Абайдың көз тіккендерінің бәрі
де «баяғы қулық, бір алдау, қысылған жерде жан жалдаудан» шыға алмады. Ақынға көмек
берудің орнына, жаулық ойлады. Міне, сондықтан да Абай:

 

 

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп

Айтамын ептеп,

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым, тап шыным! -

 

деп, өзінің жалғыздығын білдіреді.

            Бірақ
Абайдың бұл сөзіне қарап, мүлде жалғыз қалған екен, оның сөзін ел ұқпаған екен
деп түсіну - қате. Абайдың бұл айтқандары - түгелдей ел басқарушыларға, үстем
тап адамдарына арналған сөз, жалпы көпшілік оны жақсы ұқты. Оның асыл сөздерін
ауызды-ауызға таратып, ұдайы жадында сақтады, көзінің қарашығындай қадірледі.
Оны жоғалтпай алып келіп, оның шын мұрагері совет жастарына табыс етті. Демек
Абайдың сөзін ел ұқты да, бағалай да білді.

            Абай жалғыз
қалдым дей тұрса да, өмірден безіп, сарыуайымға салынбайды. Оның шығармаларын
зерттей келгенде, жақсылықты болашақтан күткен, келешектің бір жақсаруына нық
сенген ақын екендігін көреміз.

            Сөйтіп
Абайдың «Сегіз аяғы» - өз кезіндегі өмір шындығын да, одан қалай шығудың жолын
да, ел тілегінен туған өз басындағы күйініш, сүйінішін де кеңінен толғап, дұрыс
көрсетіп берген өлеңінің бірі. Мұның бір жағы - сын, сықақ болса, екінші жағы -
өсиет, ғибрат беру еді.

            Абай
реализмінің күштілігі тек бұл ғана емес, оның негізі - қазақ ішіндегі тап қайшылығын
көре білуінде. Сол дәуірдің өзінде, байлар кедейлерді езіп отырғандығын,
кедейдің ауыр тұрмыста өмір сүретіндігін бұлжытпай өз қалпында суреттеп, оған
аяныш сезіммен назар аударады.

            Абай жай
суретші аңғармаған сәл нәрселерді де көре алады. Сондықтан да оның өлеңдері
шындық бейнесі болып отырады. Абайдың күзді күнгі кедей өмірін суреттей отырып,
олардың іс-әрекет, тұрмыстарының әр түрлерін көрсетуі - біреу де болса бірегей,
бір болса да көпке татырлық. Үстірт қараған адамдарға «иін илеу, шекпен тоқу»,
балалардың ойындарын суреттеу сияқты мәселелер «сәл» ғана мәселе тәрізді болып
көріне тұрса да, шынында бұл сияқты жайттарды көре білуі Абайдың үлкен
реалистік ақын екендігін дәлелдейді.

            Өз заманының
суретші ақыны Абай сол кездегі теңсіздік мәселесін тек қана шолып өтіп, оған қалай
болса, солай қарап қоймайды. Кедейлердің ауыр халі ақынның қабырғасын қайыстырады.
Ол кедейді өзі аяп қана қоймайды, өзіндей болып басқалардың да аяуын талап
етеді. Езілушілердің тұрмысын жеңілдетуге жол іздейді. Жұртқа адамгершілікті ұсынады.
Абай шығармасындағы адамгершілік арманының негізі де осы қазақ ішіндегі теңсіздікті
көре білуінде жатыр.

            Қазақ
ауылындағы теңсіздікті шын көрсете білген өлеңі - «Күз», «Қараша, желтоқсан мен
сол бір-екі ай» деген өлеңі. Абай бұл өлеңінде тек барды айтқан ұлы суретші ғана
болып қоймай, сол өмірдегі ауыр тұрмыс, теңсіздікті көре де, ұға да біледі,
одан қорытынды да шығарады.

            Бұл екі өлеңінде
екі тұрмысты - байдың тұрмысы мен кедейдің тұрмысын бір-біріне қарама-қарсы қойды.
Октябрь, ноябрь айларының қара суығындағы кедейлердің ауыр тұрмысын:

 

Кедейдің өзі жүрер малын бағып,

Отыруға отын жоқ, үзбей жағып.

Тоңған үйін жылытып, иін илеп,

Шекпен тоқыр қатыны бүрсең қағып... -

 

деп суреттейді.

            Азынаған қара
суықта «кемпір-шалы» болса, ол оның үстіне қиындықты жамай түседі деп жаны
ашиды.

            Теңсіздік,
азап шегу тек қана үлкендердің емес, кедейдің балаларының да басында барлығын ақын
дұрыс көрсете алды:

 

Қар жауса да тоңбайды бай баласы,

Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.

Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,

Ағып жүріп ойнатар көздің жасы... -

 

дейді.

            Абайдың шын
мәнінде реалистігі, өзі сол үстемдік етуші таптың жуан ортасынан шыға тұрса да,
олардың жалпы қара халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын, аяусыз қанауын көре
біліп және оны тайынбай әшкерелеу, «типтік жағдайға тән типтік образдар»
жасауымен қатар, жай суретшілер аңғара бермейтін, әлеумет өмірінің көлеңке жақтарындағы
кейбір құбылысты да көре біліп, олардан әлеуметтік мәні бар үлкен қорытынды шығаруында.
Жоғарғы үзінді келтірген өлеңнің екінші бір жерінде:

 

Жалшы үйіне жаны ашып, ас бермес бай,

Артық қайыр, артықша қызметке орай.

Байда мейір, жалшыда бейіл де жоқ,

Адастырған екеуін құдайым-ай! -

 

деп, байлардың кедейді күнбе-күн езіп отырғандығын, олардың
араларындағы экономикалық теңсіздікті және бұл екеуінің өмір бойы аңдысумен
келе жатқан, бір-біріне тілектері қайшы екі тап екендігін ашық айтты. Кедейдің
ауыр халін көріп, ақынның оларға жаны ашиды. Кедейдің сол ауыр халін қалай жеңілдетудің
өзінше жолын іздеді. Сонда оның тапқан жолы - әділдік болды. Байлардың кедейге
деген мейірімсіздігін ашық суреттеп, оларды дұрыстыққа, әділдікке үндеді. Соған
орай кедейдің де байларға дұрыс қызмет етуі керек деп білді. Бірақ ақынның бұл
пікірі - тап қайшылықтарының қандай жолдармен шешілетіндігін ұға алмаушылықтан
туған қате пікір болатын.  Бұл тап қайшылықтары
тек қана таптық күреспен шешілетіндігін түсіну дәрежесіне көтеріле алмағандығын
көрсететін жайттың бірі деуге болады.

            Қандай өмір
құбылысына баға берсек те, біз ешқашан да мезгіл мен жағдайды ұмытпаймыз. Сондықтан
Абайдың өмір сүрген мезгілі мен жағдайын еске алсақ, оған революциялық көзқараста
неге болмадың деп кінә тағу - орынсыз. Тарихқа көз салсақ, езушілерде әділдікке
үндеп, олардың санасын оятып, адамгершілігін арттыру арқылы әлеуметтік теңсіздікті
жоймақ болған француздың ұлы ағартушыларының іс-әрекеттері оқушылар жұртшылығына
мәлім.

            Ал қазақтың
ұлтшыл оқымыстыларының қазақ елінде тап жоқ деп, көп жылдар бойы айтыс ашып, өздерінше
дәлелдемек болып, қызыл өңеш болғанын тағы жақсы білеміз. Демек, ХІХ ғасырда
Абайдың қазақта жігі айқындалған екі тап барлығын және үстемдік етуші байлар
табының кедейлерді езіп, қанап отырғандығын тайға таңба басқандай етіп, шындық қалпында
көрсетіп беруінің өзі - тарихи мәні зор екендігі сөзсіз.

            Абай
туындыларының реалистік жақтарын сөз еткенде айрықша тоқталуды қажет ететін
негізгі бір мәселе - ақынның әйелге көзқарасы туралы. Бұл мәселе кеңірек тоқтап,
кейбір салыстырулар жасауды керек қылады.

            Абайға
дейінгі ауыз әдебиетін және кейбір тарихи әдебиет нұсқаларын алсақ, әйелге екі
түрлі көзқарастың болғандығын аңғарамыз. Біріншісі - халықтық, екіншісі -
феодалдық.

            Халықтық көзқарас
әйелді жоғары бағалайды. Көп жайттарда ерлерден артық етіп көрсетуге тырысады.
Ел бастар көсем де, сөз бастар шешен де, топ жарған батыр, аяулы ару, ардақты
азамат та анадан туады. Сондықтан өмірде ананың ролі ерекше деген қорытындыны ұсынады.
Мысалы, «Алып - анадан, ат биеден туады», «Аяғын көріп асын іш, анасын көріп қызын
ал», «Ердің атын қатын шығарады, қатынның атын жатым шығарады», «Жақсы әйел
жаман еркекті адам етеді, жақсы еркек жаман әйелді адам ете алмайды», «Жақсы әйел
- жігітке біткен бақ, жақсы жер, жайлы қоныс, алтын тақ», «Алғаны жақсы жігіттің
әрқашан ісін оңдайды, алғаны жаман жігіттің ісінің сәті болмайды», «Әйел жерден
шыққан жоқ, о да еркектің баласы, ерлер көктен түскен жоқ, әйел - оның анасы»,
«Алқызыл гүл - жердің сәулеті, асыл жар - ердің сәулеті», «Анаңды Меккеге үш арқалап
барсаң да, қарызыңнан құтыла алмайсың».

            Қазақтың
осылар тәрізді көптеген мақал-мәтелдерін алсақ, ер адамның өміріндегі бақыт та,
бақытсыздық та бәрі әйелінің жақсылық, жамандығына тіреледі. Кейбір мақалдарда әйел
мен ерлердің әлеуметтік ролі бірдей деп санаса, ата мен ана туралы балаға жүктелетін
міндет пен өтейтін қарызы жайлы ой-пікірлерінде халық ананы әрдайым бірінші
орынға қояды. «Анаңды Меккеге үш арқалап барсаң да, қарызыңнан құтылмайсың», «Әкелі
жетім - анық жетім, шешелі жетім - жарым жетім», «Әке - жезде, шеше - кебе», тағы
басқалар.

Ауыз әдебиетіндегі өлең, аңыз, ертегі әңгімелерден біз неше
түрлі сұлу, ақылды, айлалы әйелдердің образдарын кездестіреміз. Ертегі, аңыздарда
ұшырайтын аңғал батырлардың әр алуан қиял дүниесі жасаған алып дәу, сұңғыла
мыстан кемпірлер, жер астындағы жылан патшаларымен кездескенде өзін сүйген сұлу
қыз, айлалы әйелдердің ақыл-кеңестері арқылы жауларын жеңіп шығып, мұраттарына
жетеді. Басқаларын айтпағанда, көпшілікке мәлім Жәнібек пен Жиренше шешен аңызын
алсақ та бұған толық мысал.

            Аңызда
Жиренше - әрі сөз тапқыш, әрі ақылды, қандай қиын-қыстаудан болсын сүрінбей шығатын
тайпалмалының өзі. Бірақ патшаның өте қиын үш тапсырмасын орындауға келгенде,
оның салы суға кетіп, не қыларын білмейді. Соның үшеуінде де ақыл тауып,
Жиреншені ажалдан құтқаратын - әйелі Қарашаш. Ақыры ол өз сүтінен қымыз ашытып,
ханмен бірге Жиренше жорыққа аттанарда жанторсыққа құйып, күйеуінің қанжығасына
байлап жібереді. «Бір кездері хан шөлдеп, саған сусын тап, әйтпесе өлтірем! -
дер, сол кезде сен осы қымызды ханға ұсын, ішіп болып, ненің сүті деп сұрар,
сонда қымыздың сырын ашарсың», - деді.

            Қарашаштың
айтқаны жорықта дәл келеді. Хан қымызды ішіп алып, Қарашаштың сүті екендігін
естігеннен кейін, санын бір соғады. Енді оны әйелдікке ала алмайтын болады да,
Жиреншеге жаулығын тоқтатады.

            Сөйтіп,
халық ханнан да, ханның атышулы шешенінен де ақылы артық әйел болуы мүмкіншілігін
тек мойындап қана қоймайды, «Жиренше, Қарашаш» аңызы арқылы, сондай әйел болды
деп, тарихи адамдардың атымен байланысты Қарашаш сықылды ақыл, айласы мол ұнамды
әйел образын жасайды.

            Қарашашты бұлай
көрсетудің өзінде де әйелге деген үлкен ізет, зор құрмет жатқан жоқ па? Бұл шын
мәніндегі халықтық көзқарас емес пе?

            Әйелге
деген халықтық көзқарастың бір алуан түрін біз эпостық, лиро-эпостық
поэмалардан да кездестіреміз. Эпостардың көпшілігінде-ақ халық ең аяулы ару,
адал сүт емген сұлуларын батырлардың серігі етеді. Құртқа, Гүлбаршын, Ақжүніс, Қыз
Назым - бәрі де халықтың ардақты ұлдары санаған батырларын сүйіп, соларға көмекке
келеді. Кейбіреулерінің ел қорғарлық батыр дәрежесіне көтерілулеріне әйелдерінің
көмегі, кейбір жайттарда жеңіске ие болу үшін ақыл-кеңестері жәрдем етеді. Қобыландының
Алшағыр елін табуы да, жеңілуі де Құртқаның ақыл-айласымен байланысты десек, ноғайлылықтарды
қалмақ ханы Қараман келіп қамағанда, оларға Қамбардың қол ұшын беруі - түптеп
келгенде Назымның арқасы.

            Бұл қыздардың
қайсысы болсын, қолына найза алып соғысқа шықпаса да, жауларға қару көрсетерлік
өздерінің не жұбайы, не сүйген батырларына көмекшілік істері арқылы ел қорғау
ісіне араласады. Тіпті сұлулардың батырларға ғашық болуының негізінде ел қорғау
тілегі, өз халқының бір пайдасына жарар деген арман, тілектері жататындығын көреміз.

            Эпостық
жырларда елдік мәселелерге әйелдердің қатысулары батырларға көрсететін ақыл-кеңестері
арқылы болса, лиро-эпостардың кейбіреулерінде біз әлеуметтік мәселелерге әйелдердің
тікелей қатысып, ел арасындағы дау-шарлардың арқауы өзі болуға жараған әйел
образдарын да кездестіреміз.

            Сондай қыздарымыздың
бірі - Айман образы. Менмендік бақталастан туған Көтібар мен Маман арасындағы
егестің аяғы екі рудың жауласуына, шабыншылыққа ұласқан жағдайда, өзі тұтқында
жүрсе де, бүкіл мәселенің түйінін шешуші - Айманның ақыл-айласы. Оқиғаның
шешуінде өркөкірек Көтібар да, менменсіген Маман да мазақ болып қалады да,
Айман бастаған топ дегеніне жетеді.

            Келтірілген
мысалдардың барлығы да әйел мәселесіне деген халықтық көзқарастардың қалай
екендігін дәлелдесе, сонымен қатар фольклорда болсын, әдебиет тарихында болсын,
әйелге ескі феодалдық көзқарасты айқындайтын да нұсқалар аз емес.

            «Алтын
басты әйелден, бақа басты еркек артық», «Әйел - жеті дұшпанның бірі», «Астыңдағы
атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген тәрізді
мәтелдер әйелді ерлерден төмен санайтын феодалдық көзқарасты көрсетеді. Бұл тек
ауыз әдебиетінде ғана кездесіп қойған жоқ, ХІХ ғасырда өмір сүрген Абайдың тұстас
ақындарының да шығармаларында мол жырланды. Ескі хандық-феодалдық өмірді аңсаушы,
сол таптың жыршысы болған Шортанбай, Әубәкірлердің өлеңдерін алып, жалпы әйелге,
әйелдің бас бостандығымен байланысты мәселелерге қалай қарағандықтарына шолулар
жасап, Абайдың әйелге көзқарастарымен салыстырсақ, араларында жер мен көктей
айырма барлығын аңғарамыз.

            Әубәкір өзінің
заман туралы жазған ұзақ өлеңінде қазақ даласындағы әр алуан өзгерістерді
суреттей келіп, әйел мәселесіне, олардың бас бостандығы жайлы айрықша тоқталады.

 

Ерінің айтқан сөзіне

Қатын мойнын бұрмады.

Ерге қызмет қылмады

Жалынып күнін көрмесе,

Қатты айтса, қатын тұрмады.

Кітаптың сөзін тәрк етіп,

Көңіліне шайтан орнады, -

 

дейді.

            ХІХ ғасырдың
екінші жарымында тап осы айтылған тәрізді қазақ әйелдерінің бас бостандығы болған
емес. Бұрынғы дәуірлермен салыстырғанда, қанша әлсіреді десек те, бұл кезде де қазақ
даласында үстемдік етушілер әлі бай-феодалдар болды. Демек, «Жесір дауы, жер
дауы» олардың ел билеудегі көңіл аударарлық негізгі мәселелерінің бірі болды.
Сондықтан әйелдің бас бостандығы, бата айырып, сүйгеніне тию тек бір семьяның
ішінде шешіле салатын мәселесі емес, рудың, не рубасыларының сарабына түсіп,
шешілсе зор қиыншылықпен ғана шешімін табатын мәселе еді. «Әйел ерден кетсе де,
елден кетпейді» дейтін нағыз кертартпа, феодалдық көзқарас ол кезде әлі өзінің
толық күшінде болатын. Сол көзқарастың сәуегей жыршысы болған Әубәкір ілуде
біреудің бас бостандығына қолы жетсе, салт бұзарлық нәрсе деп, жұртшылыққа
мейлінше құбыжық етіп көрсетуге тырысты. Өз кезіне тән емес өмір құбылысын
ескішіл ақын асыра суреттеп, оқушыларын теріс бағытқа сілтеді.

            Әйелдерді
еркектерден кем санаушылық тәрізді феодалдық көзқарастарға тойтара соққы беріп,
бұл мәселе жөніндегі халық көзқарасын қолдаушы және мәдениеттік биік сатыға көтеруші
қазақтың бірінші ақыны - Абай. Ол өзінің ұлы адамдығын да, үлкен реалистігін де
әйелдің қоғамдағы орнын айқындау мәселесінің айналасында толық дәлелдеді.

            «Бір сұлу қыз
тұрыпты хан қолында» деген өлеңінде сұлу, жас қызға үйленбек шалдың «қалыңдығына»
туғызған барлық жағдайы мен іс-әрекеттерін, оның өз басындағы қуаныштарын
суреттей келіп, қыздың шалға барып тірлік еткеннен де, суға кетіп өлуін артық
санағандығын тамаша түрде суреттеп берді. 

 

Деген сөз: бұқа - буға, азбан - дуға,

Хан қарық боп түсіп жүр айқай-шуға.

Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға...

 

            Абайдың бұл
айтқаны ол кездегі, я онан бұрынғы және соңғы кездегі өмір шындығы болатын. Ақын
мұны көре де, сынай да білді. Әйел жөнінде әлеуметтік теңсіздік Абайдың жанын
ауыртқан мәселенің бірі болды.

            Абай бұдан өзінше
қорытынды жасап, бұл мәселені айта қалғандай жоғары сатыға көтерді:

 

Есерлер жас қатынды тұтады екен,

Жас қайғысын білдірмей жұтады екен.

Ортасында бұлардың махаббат жоқ... -

 

деп, бір жағынан әйел теңсіздігін айтып, соны қолдап отырған
үстем тапқа, ескі салтқа өлтіре соққы берсе, екінші жағынан, әйелдің бас
бостандығын, махаббат мәселесін айрықша мәселе етіп көтерді. Әйелді малға сату
- ең надандық, адамның адамдық қасиетін бағаламағандық деген қорытынды шығарды.
Сату мен сүю кәрілік пен жастық, түн мен күн, жаз бен қыс сықылды бір жерде тұра
алмайтын нәрсе деп, оған үлкен мән берді:

 

Кәрі, жас дәурені өткен тату емес,

Епке көнер, ет жүрек сату емес.

Кімде-кім үлкен болса екі мүшел,

Мал беріп алғанымен қатыны емес! -

 

деп, сүю мәселесін малға сатып алуға болмайтындығын, шын
адамгершіліктің көзімен қарағанда, сүю саудаға салатын нәрсе емес екендігін,
оның ерікті болуы керек екендігін айтты.

            Абайдың бұл
көзқарасы сол кезде қазақтың өз ішінен шыққан алдыңғы қатардағы адамдардың
тілегімен, бүкіл халық тілегімен, әйелдің бас бостандығын көксеген дүниежүзіндегі
адамгершілік көзқараспен ұштасты.

            Бұл жөнінде
Абайды әйелдің бас бостандығын жақтаған қазақтың бірінші ақыны деп толық айта
аламыз. Мұны «Масғұт» дастанынан да айқын көруге болады. «Масғұт» дастанында
Абай әйелдің семьялық және әлеумет өміріндегі орнын мейлінше жоғары бағалайды.

            Дастанда өзін
ажалдан айырып алып қалған Масғұтқа ақ, сары, қызыл үш түрлі жеміс ұсынып, шал:

 

Ағын жесең, ақылың жаннан асар,

Сарыны алсаң, дәулетің судай тасар,

Егерде қызыл жемісті алып жесең,

Ұрғашыда жан болмас сенен қашар, -

 

дейді.

            Масғұт
ойланып тұрады да, қызыл жемісті жеуге бел байладым дейді. Шал мәнісін сұрағанда
«еңбексіз мал дәмету - қайыршылық» деген сықылды пікірлерді айта келеді де:

 

Қызылды жесем, мені әйел сүйер,

Арамдыққа жүрмесе, не жан күйер.

 

Ұрғашы да көп жан ғой, досым болса,

Деп едім бір пайдасы маған тиер.

 

Еркектің еркек адам болса қасы,

Қатын, шеше, қызы жоқ, кімнің басы,

Хан қаһар, қара кісі қастық қылса,

Сонда ұрғашы болмай ма арашашы?

 

Тегінде адам басы сау бола ма?

Үйінде тексерілмес дау бола ма?

Ері ашу айтса, әйелі басу айтып

Отырса, бұрынғыдай жау бола ма? -

 

деп жауап қайырады.

            Бұл -
тамаша айтылған пікір. Абайдың бұл көзқарасы «әйел мені ғана ұнатсын» деген өресі
тар, өзімшіл тоғышарлық көзқарастан аулақ. Ол әйел мен еркектің тең дәрежедегі
достығын, үй ішінің бірлігі мен әйелдің әлеумет өміріндегі орнын терең түсініп,
мәселеге осы жағынан қарайды. Сондықтан да оның қаһарманы Масғұт қызыл жемісті
жемек болады. Демек, қоғамның тең жартысы болып отырған әйелдердің әлеуметтік өмірінде
үлкен орны барлығын және болуы керек екендігін айқындайды.

            Ақын өз
пікірін Масғұтқа айтқызып, «Қыдыр» шалға мойындатып және өзі де мойындап,
мынадай қорытынды шығарады:

 

Сол заманда-ақ надандар шырыш бұзған,

Жалғанның дәмін бұзып қауіп қылған.

Ақыл мен мал екеуін асырай алмай,

Арашашы тілепті қатын-қыздан.

 

            Бұл үзінді
- дастандағы айтайын деген ойдың қазығы.

            Ақын бүгінгі
заман ғана емес, өткен заманның өзінде де әйелдің әлеумет өмірінде үлкен орын
алғандығын көре білді.

            Абай әйелдің
тек әлеуметтік ролінің зор екендігін айтып қана қойған жоқ, махаббат, достық және
әдемілікке көзқарастарын да өлеңдерінде айқын танытты.

            Ең алдымен,
Абай махаббат, достық мәселесін басқалардан анағұрлым кең, анағұрлым терең түсінді.
Ол жалпы адам баласының достығын жыр етті. Абай - ірі гуманист ақын. Сондықтан
ол адам адамды сүйе білуі керек деген идеяны берік ұстады. Оның бұл сапқа қоспай,
жек көріп, сатира еткендері адамдық ар-намыстан жұрдай, өз басы, өз қамынан басқа
еш нәрсе ойламайтындар болды. Осындай мінез-құлықтан жиренушіліктердің
негізінде оның достықты жырлау мотиві келіп туды, әркім тек өз қамы емес, жұрт
мүддесін ойлауы керек деген идея туды. Абайдың көп өлеңдерінде адам баласы
біріне-бірі жаулық емес, достық іздесін деген пікір өзек болып тартылып жатады.
«Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат» деген өлеңінде:

 

«Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,

Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.

Күншіліксіз тату боп шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз».

 

            Абайдың түсінігінше,
ең қызық өмір - татулық, достық. Бірақ ақынның бұл тілегі өз кезінде
орындалмады. Ру мен руды, бір ел мен екінші елді атыстырып, шабыстырып отыруды
негізгі саясатының бірі етіп отырған феодалдық, «адам - адамға қасқыр» деп
білетін капиталистік қоғамдарда іске асуы мүмкін емес болатын. Оны ақын сезіне
де, түсіне де білді. Әйтсе де алған бағыты мен аңсаған арманынан ол тайған жоқ.
Күн сайын жаулықтың отына май тамызып тұтатушы қоғамның жуан ортасында отырса
да, Абай өле-өлгенше достықты жырлап өтті. 

 

Махаббатсыз - дүние бос,

Айуанға оны қосыңдар.

Қызықтан өзге қалсаң бос,

Қатының, балаң, досың бар.

 

***

Жүрегі жұмсақ білген құл,

Шын дос таппай тыншымас.

Пайда, мақтан - бәрі тұл

Доссыз ауыз тұщымас, -

 

деді.

            Бұл өлең - ұлы
ақынның достықты жыр еткен барлық өлеңдерінің кілті.

            Жазба әдебиетіміздің
тарихына көз салсақ, сүйіспеншілік, махаббат мәселесін де биікке көтере жыр
еткен бірінші ақын Абай екендігін көреміз. Феодалдар үстемдік еткен қоғамдық құрылыста
махаббат-сүйіспеншілік мәселесін жыр ету фактісінің өзі кезінде үлкен
прогрессивтік нәрсе еді. Өйткені мұның негізі, түптеп келгенде, әйелдің бас
бостандығымен байланысты. Бұл - бір.

            Екінші, үстемдік
етуші феодалдық қоғам әйелдердің азаматтық правосын мүлде жойып, белгілі нарық қойып,
сатып алуға болатын тірі мүлік дәрежесіне жеткізген дәуірде санаға сіңген
кертартпалыққа тайынбай қарсы шығып, әйелдің әлеумет өміріндегі ролін көрсетумен
қатар, олардың ерлерден еш кем түспейтін сезімін ерекше жыр етіп, сүйіспендік,
махаббатты дәріптеудің өзі ескішілдікке дөп тиер ауыр соққы еді.

            Қандай тақырыпты
сөз етсе де, жеріне жеткізе жырлайтын зор талант иесі Абай махаббат мәселесін
де үлкен шеберлікпен жыр етті. Өмір шындығына табанын нық тірей отырып, бұл мәселені
кейде романтикалық асқақтық дәрежесіне шейін көтерді. Жазғы түн, жайлы кештерде
сарғая сағынып, сарқыла күткен ғашықтардың сәтті кездесу, сыпайы сырласу, тәтті
сүйістерін таңғалдырғандай шебер, тамсандырғандай әдемі суреттей келіп, олардың
аузына:

 

Сенсің - жан ләззаты!

Сенсің - тән шәрбаты!

 

***

Қайғың - қыс, жүзің - жаз,

Боламын көрсем мәз.

Күлкіңіз бойды алар,

Бұлбұлдай шықса әуез, -

 

деген тәрізді ғашықтардың ішкі сезім дүниесін дәл
бейнелейтін сөздер салады. Бұл тақырыпқа жазған ақынның өлеңдерінің қайсысын
алсақ та оқушыларының эстетикалық сезімін оятарлық асқан ісмерлікпен жазылғандығы
даусыз. Кейбір жолдарда анайылық натурализм элементтерінің кездесетіні рас.
Бірақ ол ақынның жалпы стиліне тән нәрсе емес және оның әлеуметтік көзқарасына
ешбір нұқсан келтіре алмайды.

            Абайдың
махаббат тақырыбына жазған өлеңдерінің ішінде оның эстетикалық идеалын айқындайтындары
да жиі кездеседі. «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», «Білектей арқасында өрген
бұрым» тәрізді Абай өлеңдері тек қана сұлу қыздың портретін жасау үшін жазыла
салынған емес, сонымен қатар ақынның әдемілікке көзқарасын да көрсетеді.

            Әдемілікті
кім қалай таниды, оның әлеуметтік себептері қандай деген мәселе жөнінде
Г.В.Плеханов өзінің «Адрессіз хат», «Қоғам өмірі және искусство» деген мақалаларында
терең талдаулар бере келіп, барлық ел, барлық тап, барлық дәуірге сай жұрттың бәрін
бірдей мойындататын абсолюттік түрдегі әдемілік жоқтығын, әдемілікке көзқарас әр
елдің тіршілік, күнкөріс жағдайларымен, өзінің өскен ортасы, алған тәрбиесімен
байланысты болғандығын дәлелдеп, ол туралы әр халықтың тарихынан көптеген
фактілер келтіреді. Сайып келгенде, адамның әдемілікке көзқарасын айқындайтын нәрсе
қоғам ішіндегі таптардың экономикалық жағдайлары деп қорытты. Мысал үшін ол
орыстың ақсүйек-дворяндар табы мен орыс шаруаларын алып, кісі күшін
пайдаланатын тап өкілдерінің көзқарасынша, сұлу, әдемі саналатын, олардың
искусство, әдебиетінде дәріптейтіні - нәзік әйелдер, өз еңбегімен тіршілік
етушілерді тіпті де әдемі емес деді.

            Абай
кезіндегі, не өзінен бұрынғы қазақтың әдемілікке көзқарастарын тамаша түрде қорыта
келіп, қандай әйелді әдемі деуге болады деген сұраққа жауап іздейді, оның
жауабы - «әдептілік, арлылық, адамгершілік» болады. Абайша, әдемі әйел осындай
болуы керек. Сайып келгенде, Абайдың эстетикалық идеалы - дене сұлулығы емес,
жан сұлулығы. Бұл мәселе жөніндегі Абайдың тірелген жері осы деуге болады.

            Жоғарғы
аталып өткен екі өлеңінде Абай өзіне шейінгі қазақ және шығыс әдебиетіндегі әйелге
сыртқы мүсін сұлулығы жағынан келетін көзқарастың әсері барлығын кей
жерлерінде:

 

«Қиғаш қас, қыпша бел,

Солқылдар соқса жел...».

 

«Бұраң бел, бойы сұлу, кішкене аяқ,

Болады осындай қыз некен-саяқ.

Піскен алма секілді тәтті қызды,

Боламын да тұрамын көргендей-ақ», -

 

деп, әйелдің нәзіктігін дәріптейтіндігі де байқалады. Бірақ
Абайдың әдемілік туралы эстетикалық идеалын айқындайтын бұл өлеңдері емес. Бұлар
суретшінің кейбір өмір құбылыстарына тереңдемей, кейбір жағдайлармен байланысты
ойнақылық түрде сыза салған эскиздеріне ұқсайды. Әйтсе де эскиз ұлы талант, үлкен
суретшінің кистісінен шыққандықтан, сол қалпында да ол мүлтіксіз де кең ойлап,
терең толғанып жасалған суреттердей сенім туғызады. Бізше, бұл екі өлеңнің оқушыларға
ететін әсері осындай тәрізді.

            Абайдың
эстетикалық идеалын толық аңғартатын және оның әйелге халықтық көзқарасты жалғастырушы
екендігін дәлелдейтін шығармаларының түйіні - «Жігіттер, ойын - арзан, күлкі - қымбат»
атты өлеңі. Бұл өлең ақынның әр алуан өмір құбылыстарын, адамдар арасындағы қарым-қатынас,
мінез-құлықтарды бақылай келе, көп ойлап, терең толғанып, олардан түйген қорытындысы,
келешек үшін айтылған ең соңғы сөзі тәрізді.

 

«Біреуді көркі бар деп жақсы көрме,

Лапылдап, көрсе қызар нәпсіге ерме!

Әйел жақсы болмайды көркіменен,

Мінезіне көз жетпей, көңіл бөлме!

 

Көп жүрмес, жеңсікқойлық әлі-ақ тозар,

Жаңғырар жеңсікқұмар жатқа қозар.

Күнде көрген бір беттен көңіл қайтып,

Қылт еткізбес қылықты, тамыршы озар.

 

Толқынын жүрегіңнің хаттай таныр,

Бүлк еткізбес қалайша соқса тамыр.

Жар көңіліне бір жанын пида қылып,

Білместігің бар болса, қылар сабыр.

 

Шу дегеннен көрінер сұлу артық,

Көбі көпшіл келеді ондай қаншық.

«Бетім барда бетіме кім шыдар» деп,

Кімі паңдау келеді, кімі тантық...

 

Жоқ болса қатыныңның жат өсегі,

Болмаса мінезінің еш кесегі.

Майысқан бейне гүлдей толықсыған,

Кем емес, алтын тақтан жар төсегі.

 

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма1, -

 

дейді.

            Демек, ақынның
эстетикалық иеалы - «Піскен алма сықылды тәтті қыз» емес, ар-ұяты мол, жақсы
семья құратын, тату-тәтті өмір сүруге көмек етерлік, ерге шын серік бола аларлық
әйел.

            Қорыта
келгенде, Абай өзінің ұлы еңбектерінде өз кезіндегі әлеумет өміріндегі теңсіздікті,
бай-феодалдардың еңбекші кедейлерді езіп, қанап отырғандығын, әлеумет өміріндегі
алауыздық, кертартпалық, мәдениетсіздік, еңбек сүймейтін жалқаулықты көре
білді. Қазақтың феодалдық өміріндегі әйелдердің теңсіздіктерін терең суреттеп,
сүйіспеншілікті, бас бостандығын жыр етті, олардың әлеумет өмірінде шынында үлкен
орын алатынын, алу керектігін көрсетті. Сөйтіп, қазақтың ұлы ақыны әлеумет өміріндегі
ең маңызды, үлкен мәселелерді шығармаларының тақырыбы етіп алды да, оларды терең
түсініп, сол кездегі өмір шындығына дәл етіп көрсете білді. Жоғарғы айтылған көп
мәселелер жөнінде өте маңызды, аса құнды пікірлер айтып, дұрыс сілтеулер берді.

1Абай Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы.- Алматы,
1945ж. - 32-бет.

Қараңғыда қазақ елінің ортасынан жарып шыққан
жарық жұлдыздай жалынды пікір иесі Абай өз халқын өрге сүйреудің қамын ойлады.
Елді мәдениетке, ғылымға шақырады. Абай 
Шоқан, Алтынсарин ұстаған бағытты өрістетуші болады.

            Дүниежүзілік
мәдениетке қол созған данышпан ақын өз елін мәдениетке шақыра отырып, жастардың
алдына оқу деген, өнер, білім деген мәселені қояды.

 

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткесін түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, -

 

деп, өзінің жас кезінде оқи алмай қалғанын арман етеді.
«Жастар, менің мұнымнан үлгі алма, жастық шақты бос өткізбей, оқуға, ғылым алуға
жұмса» дегенді айтады.

            Ол кездегі
байлардың балаларын оқытқандағы мақсаты - шен алу, патша үкіметіне қызмет ету,
елдегі өз қожалығын берік ұстау болса, Абай оған қарама-қарсы ғылым алуды, сол ғылымды
ел керегіне жұмсауды мақсат етеді.

            Абайдың бұл
мақсаты, әсіресе «Интернатта оқып жүр» деген өлеңінен айқын көрінеді. Оқытқан әкеңнің
де, оқыған баланың да ой-өрістерінің тарлығын, орыс тілін білудегі мақсат
«прошение» жазудан әрі аса алмай жүргенін жаза келіп, Абай:

 

«Нан таппаймыз» демейді,

Бүлінсе елдің арасы.

Иждаһатсыз, михнатсыз,

Табылмас ғылым сарасы.

Аз білгенін көпсінсе,

Көп қазаққа епсінсе,

Кімге тиер панасы? -

 

деп, ғылымның оңайлықпен қолға түспейтінін, адам өз білімін
еш уақытта көпсінбей, өзіне-өзі сын көзімен қарау керектігін ескертеді.

            Сөйтіп, оқу-білім
алу - елге ептілік жасау үшін емес, бірлікке, ел болуға, мәдениетті болуға жұмсалса,
сонда ғана одан нәтиже шығады деген қорытындыға келеді.

            Абай оқыған
жастардың теріс тәрбиеленуіне олардың өскен ортасы, қазақтың надандығы,
алауыздығы кінәлі деп біледі.

 

 

Ойында жоқ олардың,

Салтыков пен Толстой,

«Я адвокат, я тілмаш

Болсам» деген бәрінде ой, -

 

деп, өрісі тар, күнделікті ғана ойлаушылықты шеней отырып,
адамның мінез-құлқын түзетуге әрекет істейді. Елді тұншықтырып отырған
помещиктер қоғамының негізін жоюға күш салған Салтыков-Щедринді мадақтайды. Оқушыларға
сендер де Толстой, Салтыков-Щедриндей болыңдар дейді. Оларды үлгі ету - қазақтан
солардай ел қамын жейтін адамдар шығуын аңсағандық еді.

            Оқып шығып,
патша үкіметіне қызмет етуді ақын қорлық деп біледі:

 

Военный қызмет іздеме,

Оқалы киім киюге.

Бос мақтанға салынып,

Бекер көкірек керуге,

Қызмет қылма оязға,

Жанбай жатып сөнуге, -

 

дейді.

            Абай
жастардың алдында тұрған зор міндет - ғылым, қайткен күнде де ғылымға қол созу
керек деп, көп өлеңдеріне-ақ ғылымды жыр етеді.

 

Ғылым таппай мақтанба!

Орын таппай баптанба!

Ойнап босқа күлуге...

 

Немесе:

 

Ғылым болмай немене

Балалықты қойсаңыз?

Болмасаң да ұқсап бақ

Бір ғалымды көрсеңіз.

«Ондай болмақ қайда?» - деп

Айтпа, ғылым сүйсеңіз! -

 

деп, ақын адамның ең қымбатты кезі - жастық шақтың оқу, ғылымға
жұмсалуын талап етеді. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек
ет, ізден, ғалымдардан үлгі ал, солардай болуға тырыс деп айта келеді де:

 

 

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз, -

 

деп қорытынды шығарады.

            Бұл - сол
кездегі жаңалықты аңсаушы алдыңғы қатардағылардың идеясы. Сол идея Абай өлеңінен
орын алды.

            Абайдың бұл
пікірі ғылымға жол бермей келе жатқан ескі надандыққа аяусыз соққы болып, жаңалыққа
жол ашты. Халықтың білімге талпынуына басшылық көрсеткен пікір болды.

            Абай халықты
тек жалаң ғылымға ғана үндеп қойған жоқ, жастардың болашағына үлгі боларлық ақылдар
айтты, қандай нәрседен қашып, қандай нәрсені өзіне жолдас ету керектігін көрсетті:

 

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз, -

 

деді.

            Абайдың бұл
сөздерінің күні бүгінге дейін мәні зор. Күні бүгін айтылып отырған сөз сықылды.
Ақын айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, орынсыз мал шашу» сияқты
теріс әдеттерге біз күні бүгіннің өзінде де аяусыз күрес ашып келеміз, біз де
жастарды осы айтылғандарға қарсы тәрбиелейміз. Ал оның айтып отырған «талап, еңбек,
ғылым, қанағат, рахымы» да біздің қазіргі тәрбиеге дәл келеді. Талап ет, еңбек
ет, ойлы бол, бір нәрсені өз бетіңмен іздеуге тырыс, досқа қайырымды бол деп
біз де айтамыз. Абай айтқан бұл пікірлердің бәрі де бүгінгі тілекпен түгел қабысады.

            Әрине
Абайдың тәрбие жөнінде айтқандары жалғыз бұл емес. Басқа өлеңдерін былай қойғанда,
осы «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінің өзінде тәрбиелік мәні зор үлкен-үлкен
мәселелерді жастардың алдына қояды. Байға, ақсақалға бас имеу, шыннан өтірікті
айыра білу, не болса да ақылға салып ойлап айту сияқты жастарды адамгершілікке үйретіп,
олардың мінез-құлқын, көзқарасын дұрыс жолға салатын ақыл береді.

            Абай ғылым
мен еңбекті еш уақытта бөліп көрген емес.

 

Қызмет қылып, мал таппай,

Ғылым оқып, ой таппай -

Құр үйінде жатады, -

 

дегені тәрізді, еңбек пен ғылым мәселесін қатар көтереді.
Талап, еңбек, ой, рахым деген сөздер Абайда әр жерде әртүрлі айтылғанмен, құятын
арнасы біреу. Талап пен еңбек бір жерде қайрат болып, ой ғылым болып, рахым жүрек
болып айтылса да, ақыл, еңбек, жүрек, ғылым - осы төрт сөздің маңынан алыс
кетпейді. Оның көп өлеңдерінде осы төрт сөздің мәнін кеңінен шолып, тереңірек түсінгендігі
байқалады.

 

Әуелден бір суық мұз - ақыл зерек,

Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.

Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық

Бұл қайраттан шығады, - білсең керек

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек.

Жеке-жеке біреуі жарытпайды,

Жолда жоқ, жарым есті жақсы демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,

Тулап, қайнап, бір жүрек қылады әлек.

Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,

Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек, -

 

деген тәрізді өзінің философиялық өлеңдерінде бұл төрт сөзді
арқау ете сөйлейді. Сөйтіп, қазақ даласында да ол өзінің тамаша көркем асыл сөздерімен
әділеттіліктің, ғылымның, еңбектің, адамгершіліктің туын көтереді. Ол - тек өз
заманының адамдары ғана емес, келесі ұрпаққа да осыны айтып өткен ақын.

 

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан! -

 

деп, кемеңгер ақын өз кезінің де, келесі ұрпақтардың да
алдына үлкен бір игілікті міндет қойды.

            Абайдың
халықты ғылымға үндеуі - тек бір ғана ғылым мәселесін қозғаған бір жақты үндеу
емес, ол заман жайында, өз халқының тіршілігіне, оның келешегіне, өз елінің
алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылуына байланысты сан алуан келелі мәселелерді
қозғаған, тереңнен толғаған, қиынға сермеген ақыл-ойдың, өз халқын жанындай жақсы
көрген асыл жүректің жалынды үндеуі сияқты.

            Абай адам
деген ардақты атты тек талапты болса, еңбек етсе, терең ойлы болса, ғылым
тапса, рахымды болса ғана ақтауға болады деп ұғады. Абай адамның адамшылық қасиетін
осылай белгілейді.

            Демек, ақын
оларға ақылды, ойлы бол, ғылымды меңгер, еңбек ет, рақымды бол, ел қамын ойла,
Салтыков пен Толстой сияқты бол, ізеп, талапты бол дегенде, адамзаттың бір
керегіне жара, оның кәдесіне ас, қоғамда өзіңе лайықты орын тап:

 

Сен де бір кірпіш дүниеге

Кетігін тап та, бар, қалан! -

 

деді.

            Қазақ халқында
искусствоның архитектура, скульптура, живопись тәрізді салалары кейін қалды.
Олардың кейбір элементтері туралы болмаса, мынандай архитектура, не живописіміз
бар деп ешкім айта алмайды. Егер искусствоның негізгі бір саласы ән мен өнер
десек, бұл соңғы екеуі алдыңғылармен салыстырғанда, анағұрлым өскен, қанатын кең
жайған түрлері деуге болады. Ғасырлар бойы жасалып келе жатқан сөз өрнегінің
негізі - халық әдебиеті өзінің құндылығымен ел жүрегінен орын алып, бүгінге
дейін сақталып отыр. Бір дәуірдің, не тарихи үлкен уақиғаның айқын айнасы болған
күйлер, тамаша әндер, халықтың өзі туғызған зор мәдени байлығы еді.

            Абай мұны
жақсы түсінді. Искусствоның әлеуметтік мәнін дұрыс ұға білумен қатар, оның әр түріне
ғылыми баға беруге тырысты.

            Сөз өнері -
өлең жөнінде қазақ елінде бұрын-соңды Абайдай асқан құнды пікірді ешкім айтқан
емес.

 

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызықтың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай, елең-селең, -

 

деп, Абай қазақ халқының өмірінде өлеңнің қандай мәні барлығын
айқын көрсетіп берді. Бала туғандағы шілдехана, қыз ұзатқандағы тойбастар өлеңдері,
адам өлгенде айтылатын жоқтаулармен дәлелдей келіп, өмірде искусствомен
байланыссыз еш нәрсе жоқ дейді. Шынында да, қандай жағдай болсын, көркемөнермен
байланысты боп отыратыны сөзсіз.

            Абайдың бұл
пікірі алғашқы қоғамнан бері қарай көркемөнер адам баласының күн көрісі үшін
керекті құралы болды деген ғылымпаздардың көзқарастарына дәл келеді.

            Абай өлеңді
искусство деп таныды. Өлеңді бағалай алмай, әркімді мақтап жырлаушыларды Абай қатты
шенейді:

 

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен сөз қосарлап,

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты, жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтаумен өлең айтып, әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап, -

 

деп, көркемдігі нашар, әлеуметтік мәні аз өлең шығарушыларға,
өлеңнің қадірін кетірушілерге қарсы күрес ашып, өлеңнің мазмұны жағына да, түрі
жағына да белгілі шарт қойды.

            Жазықсыз
елді талаған «ерді», «алтын иек, сары ала қызды» жыр етіп, «күн өткізбек әңгімені»
дәріптеушілерге қарсы Абай:

 

Ақыл сөзге ынтасыз жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.

Кісімсіген жеп кетер, білімсіз көп,

Жіберсем өкпелеме көп жамандап, -

 

дейді.

            Ақындарды жұртқа
ақыл беретін сөз шығар деп үгіттесе, елдің ондай сөзді үстірт тыңдайтынын
сынап, ол әдеттерін жоймақшы болады.

            Абай ақындардың
алдына әлеуметтік мәні бар үлкен мәселелерді қойды. Ақындардың өлеңінде ынсап,
ар-ұят, талап, ой, ғылым тәрізді көпшілікке пайдалы нәрселер болуы керек деді.
Ақын екінші бір өлеңінде:

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін! -

 

деп, өлеңге өзінің көзқарасын ашық айтады. Абай қағидасы
бойынша, ақын да, оның өлеңі де халыққа қызмет істеуі керек.

            Ақынның өлең
жазғандағы мақсаты - жастарға үлгі беру, олардың сана-сезімін ашу, жастардың
халық үшін жұмыс істейтін сапалы адам болуын аңсау, міне, Абайдың түпкі қазығы,
көздеген нысанасы осы болады. Абай осы пікірін басқаға да ұсынады.

            Абай өлеңнің
көркемдігіне де белгілі шарт қойды. Бірақ ол түр мен мазмұнды бөліп қараған жоқ.
Екеуінің айырмасын көре білумен қатар, бірлігін де көре білді.

            Өлеңнің
«іші алтын, сырты күміс» болсын деді. Абайдың өлеңге қойған бұл шарты күні бүгінге
дейін дұрыс және ғылыми анықтауларға дәл келеді. Өлеңнің түрі мен мазмұны
бір-біріне қабыспай шалғай жатса, ондай өлеңнің ешбір бағасы болмайды дейді
Абай (бұл туралы Абай поэзиясының тілі деген бөлімде толық талданады).

            Халық ауыз өлеңдерінде
кездесетін:

 

Астымда атым мінген құла қасқа,

Құдыққа шеген салдым құламасқа,

Ауылың бірге отырып, кетсе басқа,

Беріп кет сақинаңды жыламасқа... -

 

дегендер тәрізді айтайын деген ой соңғы екі жолында болады
да, алдыңғы екі жолы тек тармақ, буын санын толтырып, шумақ жасау үшін босқа тұратын
өлеңдер болатын.

            Міне, Абай
осыны көре білді де, соған қарсы шықты. Мәдениетті, ұлы классиктердің салтынан үлгі
алған, өлеңнің ішінде мағынасыз, босқа тұрған сөздерді көзге шыққан сүйелдей көріп,
басы артық сөз қолданушыларды қатты шенеді.

            Абай мұны сөз
жүзінде ғана айтып қойған жоқ, іс жүзіне толық асыра білді.

            Шынында
Абай өлеңдерінен басы артық, орынсыз тұрған сөз табу қиын. Әр сөзінің орны, өз
мағынасы бар, айтайын деген ойының бір керегіне жарап, әрқайсысы өз жұмысын атқарып
тұрады. Ол бір басқан ізін қайталамайды. Бір өлеңінде қолданған сөзін екінші өлеңде
қайта қолданбайды. Қолдана қалса, оны біле тұра басқаша мән беріп, басқа бір жағдайға
сәйкес етіп қолданады. Не сөзге эпитет қосып, басқа бір жаңа бейнеге айналдырып
жібереді.

            Абай көре
білген кемшіліктердің бірі - қазақ поэзиясын шұбарлаған араб, парсы сөздері
болды. Ислам діні арқылы, түрік, татар әдебиеті арқылы қазақ әдебиетіне де
араб, парсы сөздері кіре бастады. Бұрынғы әдебиеттерде там-тұмдап қана болса,
Абай кезінде тіл шұбарлау недәуір өрістегені байқалды. Жас уақытында ақынның өзі
де оған еліктеді. Бірақ ес біліп, ақындық өнері қалыптаса бастасымен-ақ араб,
парсы сөздерімен тілді шұбарлаудан бас тартып, өлеңдердің тілі неғұрлым таза,
халыққа түсінікті болуына көңіл бөлді.

            Абайдың аса
көңіл бөлгенінің бірі музыкалық өнер болды. Ең алдымен ақын әнге, музыкаға өз көзқарасын
білдіріп:

 

Құлақтан кіріп, бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй! -

 

дейді.

            Бірақ
Абайдың ән жөніндегі айта қалғандай еңбегі - әнге өз көзқарасын ғана айтып қоюы
емес, әнге баға берушілігі.

            Абай әннің
көркемөнерлік қасиетін де, әлеуметтік мәнін де жақсы түсінді.

 

Шырқап, қалқып, сорғалап тамылжиды,

Жүрек тербеп оятар баста миды.

Бұл дүниенің ләззаты бәрі сонда,

Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды,

Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Оның тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар...

 

            Бұл үзіндіде
әнді көркемөнердің жоғарғы бір түрі деп бағалаушылық былай тұрсын, оның әсіресе
адам өміріне керекті жағы тамаша айтылған.

            Абай өз
кезіндегі ән салушыларға да, әнді тыңдаушыларға да риза болмайды. Әннің әлеуметтік,
тәрбиелік мәнін ән салушылардың көбі ұқпайды, тыңдаушылар да солай, бұл басты
кемшіліктің бірі дегенді айтады.

            Сөйтіп Абай
өмір сәулесі, көңіл-күйі болып туған, баста миды оятып, жүрек тербететін әнді және
оны дәл нақышына келтіріп, дұрыс сала білген әншіні ғана жақсы әнші деп біледі.
Жақсы әнді ғана бағалайды.

Абай:

 

Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы-күйлі,

Тыңдағанда көңілдің өсері бар, -

 

деп екіге бөледі.

            «Құлақты
кесетін» есер ән-күйге көңілді өсіретін есті, әсерлі әсем әнді қарсы қояды. Соңғысын
керекті, алдыңғысын керексіз дейді.

            Сол сықылды
ол ән салушыларды да екіге бөлді.

 

Көбінесе ән басы келеді ащы,

«Кел, тыңда!» - деп, өзгеге болар басшы.

Керім толғап тауысар қаңғыр-күңгір,

Сол жеріне ойыңмен араласшы! -

 

дейді.

            Абай әдебиет
және музыка мәселесіне ерекше көңіл бөліп, музыкалық өнердің дамып, жоғарғы дәрежеге
жетуін тілек етті. Музыканың тәрбиелік мәнін, әлеумет өміріндегі қызметін дұрыс
түсінді. Оның қанатын кең жайып, ілгері басуына белсене атсалысты. Талай асыл әндер
шығарды («Сегіз аяқ», «Қор болды жаным», «Татьянаның әні», тағы басқалар).

            Сөйтіп, ұлы
ақынымыздың музыкалық өнердің әрі өзіне тән ерекшелігін, әрі әлеуметтік, тәрбиелік
мәнін терең түсініп, классикалық анықтамалар беруі кейінгі ұрпақтар үшін мәні
зор. Сонымен қатар өзінің ән шығарып, композиторлық өнермен шұғылданушы
кезіндегі және келешектегі жастарға көрсеткен үлгісі болды. Абайдың айналасынан
ақын, әнші, композиторлардың да шығуы кемеңгер ақынның тікелей әсері еді.