ВЕРНУТЬСЯ

    Талант
- әр алуан. Оның қыры мен сырын жарқ еткізіп аша салу кімге де болса қиын. Әсіресе
бұл ұлы жазушы, ірі таланттарға жас сипат. Сондай әрқилы сыры көп, талант иесі
жазушының бірі - Б.Майлин.

            1913 жыл мен 1937 жылдың арасындағы
жазушының творчестволық жолына көз тіксек, онан өнімді еңбек берген жазушы қазақ
әдебиеті тарихында жоқ. Қазіргі тоғыз томға мөлшерлеп шығарған Майлин еңбектері,
оның қаламынан туған туындыларды толық қамти алмайды. Әлі жиналмаған, қолға түспеген
шығармалары талай томдық екені талассыз.

            Әдебиеттің үш түрлі жанрында қатар
жазып, әрқайсысына мазмұнына түрі сай шығармалар берген Б.Майлиннің қара сөздері
мен драматургиясын әдебиетшілеріміз жақсы зерттеп жүр. Бірнеше диссертациялар
да қорғалды. Ал оның ақындық творчествосы - поэзиясы жайлы жазған С.Мұқанов пен
Қ.Жармағамбетов жолдастарды ғана атай аламыз.

            Қ.Жармағамбетовтің «Бейімбет Майлин»
деп аталатын жазушының таңдамалы шығармаларына (І томдық, 1958ж.) жазған алғы сөзінде
Б.Майлин өлеңдеріне идеялық мазмұны жағынан қысқаша да болса жап-жақсы талдау
беріледі. Мырқымбай образын қалай бағалау жөнінде сілтеу жасалынады.

            Академик С.Мұқанов «Биік жотаның
бірі» («Социалистік Қазақстан», 20.ҮІ-65ж.) атты мақаласында Б.Майлин туралы өзі
көрген-білген кейбір жайларды еске түсіре келіп, «Мырқымбай» образы туралы оқырмандарын
ойландырарлық соны пікірлер айтқан. Ол пікірлер кең толғап шешуді, ақынның
прозасын, поэзиясын, драматургиясын қоса алып зерттеуді талап ететін тәрізді.
Сондықтан бұл мәселені әзірге ашық қалдырып, күні бүгінге шейін әдебиеттану ғылымында
аз сөз болып келген Б.Майлиннің өзіне тән ерекшелігі мен ақындық шеберлігі. Бұл
айрықша көңіл аударуды және терең зерттеуді қажет етеді.

            Әр ақын, жазушының өмірге келгендігін,
әдебиет тарихындағы орнын белгілейтін нәрсе - өзіне тән ерекшелігі, ол
ерекшеліктің әдебиеттен заңды түрде орын алып, мәңгілік берік негізге айналуы.
Кейбір зерттеушілер бір жазушының екінші жазушымен жақындығын тауып, сол арқылы
жаңалық ашпақшы болады. Шындығында ол зерттеу жұмысының негізгі нысанасы болмауға
тиіс. Бізше, бір дәуірде өмір сүрген жазушылардың өзара айырмашылығын ашу,
олардың әрқайсысының өз әдебиетіне енгізген жаңалық, қосқан үлестерін,
келешекке қалдырған үлгі-өнегесін айқындау - ең негізгі, күрделі мәселе осы
болуы шарт.

            Біз мәселеге осы тұрғыдан келсек,
Б.Майлин - өз беті, өз ерекшелігі, әдебиетімізде өз үлгісі бар ақын.

            Майлин - ең алдымен юморист. Әдебиетті
өмірдің сәулесі десек, өмірдің өзінде күлдіргі жағдайлар аз емес. Өмір шындығын
бұлжытпай, дәл беремін деген жазушы ол жайттарды аттап өте алмайды. Драмаларда
күлдіргі-юморлық әдіс дайым кездесетіні былай тұрсын, күлдіргі тіпті, адамдар
басындағы ауыр, қайғылы халдарды суреттейтін трагедияларда да кездесе береді...

            Күлкісіз өмір жоқ. Өмірдің кемшілік
жағын көрсету үшін оқығанда күлкі шақырарлық сөз, сөйлем, сөз тіркестерін шебер
қолдануды кейбір жазушылар негізгі әдістерінің бірі етеді. Осы топқа жататын
жазушының бірі - Б.Майлин. Оның көптеген әңгіме, фельетон, өлеңдері юморлық әдіспен
жазылған. Б.Майлин юморы - орыс, не Европа классиктерінен үйрену нәтижесінде туған,
оны қазақ топырағына егіп өсіруден пайда болған юмор емес, қазақ халқының өз
топырағында өскен, өз өмірінің, өз әдебиетінің, өз тілінің негізінде қалыптасқан
юмор.

            Қазақтың ауыз әдебиетіндегі сандаған
күлдіргі ертегілерді, Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше шешен легендаларымен
байланысты юморлық әңгімелерді былай қойғанда, юморлық өлең, сатиралық
лирикалар жазба әдебиетімізде аз емес.

            Шернияздың Баймағамбет сұлтанға, Сүйінбайдың
Тезекке айтқан сөздері - бұған дәлел. Кейде әлеуметтік мәселелерді қозғай
отырып, керек болған жерде, юморлық, сатиралық әдістерді шебер қолдану арқылы өзіне
қарсы айтушы ақындарын сүрінтушілік айтыстарда да жиі ұшырайды. Мұрат Жантолымен
айтысында оның тиген күйеуінің басындағы төбелін сөз етіп, соның айналасында тыңдаушыларын
күлдіріп, Жантолының дәкпірін шығарады. Мұндайда екінші адам қанша айтқыш болса
да, айналасындағылар күліп жатқанда не жасамақ, ақыры жеңіледі.

            Сара ақын шешендігі жағынан өзінің
осал еместігін сал Біржанға, өр Біржанға мойындатады. Бірақ «Келгенде Жиенқұлға
шықпайды үнім» деп Сараның өзі айтқандай, Жиенқұлдың кескінін юморлық әдіспен сүмірейте
суреттегенде, Сараның оны ақтап шығуға лажы болмайды. Бір жағынан Біржанның айтқандары
шындыққа дәл. Екінші жағынан, объектісін әжуаға айналдыру арқылы Біржан тыңдаушыларын
түгел билеп, Жиенқұлды күлкіге айналдырып, бұра тартуға пұрсат бермейді.

            Қазақ халқының табиғатына тән әдеби
нұсқаларында ғасырлар бойы дамып, қалыптасқан әзіл, әжуа, күлдіргі әдіс Майлин
туындыларынан өзінің өрісін тауып, өрлеген биігіне жетті. Бейімбет шығармаларында,
әсіресе өлеңдерінде күлкі шақырмайтын өлеңдер аз кездеседі. Ал оқырмандарын күлдіретін
әдістері де басқалардан бөлек. Зәрсіз, жұмсақ күлкі. Белгілі бір өмір құбылысын
сықақ ету үшін әдейі жазылған шығармаларында да бірінші орында нәзік юмор тұрады.
Тілдерінде кезенсе шаншып, төнсе түйреп тастайтын сарказмнан гөрі, ирония
денірек.

            Мысалы, «Құдық басында» атты өлеңін
алсақ, қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дәмештің киім киісі, жүріс-тұрысы
- өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл әйелдеріне ерсі. Дәмешке «азған»,
ата-анасына күйікке біткен бала деп қарайды.

 

Келіп
пе, Дәмеш?

Келіпті
Дәмеш.

Жаулықтарын
итере салып,

Ауыздары
сылп ете қалып.

Бірінен
бірі пысықтап жатыр:

Анық
па?

Анық.

Анық
па?

Анық.

Әй,
Толқын келін, киімі қандай?

Жинаған
жиһаз-бұйымы қандай?

Көйлегі
киген қос етек пе екен,

Кестесі
бар ма, оюы қандай?..

Дәмеш
- кәдімгі бұрынғы Дәмеш!

Бұрынғы
деуге сияр да емес:

Біз
өкшелі бірдеме киген,

Сыртында
жылтыр әміркен галош...

Қасын
қырқыпты байталдай күзеп,

Ой
алдай, десейші, тәп-тәуір қыз ед.

Қауғадай
бірдеме «шлап» дей ме,

Киеді
өңдеп, өзінше түзеп.

Ұн
жаққан бетке, ерінде бояу

Азған
адамға амал да жоқ-ау...1

 

Жай
ғана диалогке құрылған осы үзіндінің өзінен-ақ оқырман ауыл әйелдеріне, дұрысырағын
айтсақ, әйелге тән мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік
мінезден Дәмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып
қоймайды.

Дәмеш:

 

«Уа,
дариға, қашан теңелер!

Мәдениет
орнап, қашан кенелер?»

«Бетіне
ұнын бір жағып алып.

«Бір
болар» деді, көне бер!»

 1Б.Майлин.
Таңдамалы шығармалары, 1958ж. - 157-бет

Қандай
тамаша поэтикалық контраст! Алдыңғы екі жолдағы үлкен мақсат, аңсаған арман, жақсы
ниеттерді соңғы екі жолдағы мещандық әрекет пен «жаны ашымастың қасында басың
ауырмас» салқын төзімділік оның алғашқы сөздерін жоққа шығарады. Бұл
эпизодтардың екеуіне де күлмей қала алмайсың.

«Өнеге»
атты өлеңін алсақ, еңбек сүймейтін, жұмыс жасауға кежегесі кейін тартып, моды қуалауды
ғана білетіндерді шенейді.

 

«...Кәлепкеңнің
қоржыны

Сүйем
болсын, аршында.

Үсте
ақ көйлек, жоқ міні,

Тұрсын
айнаң қасыңда.

Дөңгелектеп
мұртты сал,

Английский
фасонға.

Көк
тұқыл қылып сақалды ал,

Қарамай
кәрі-жасыңа...»1

 

Жай
қарағанда, оқырманына солай істе деп отырған тәрізді. Ал шындығында, лирикалық қаһарманын
мінеп, шенеп, күлкіге айналдырып отыр. Әр сөзінің астарлы, ирониялық мәні бар.

Майлиннің
«Желдібай Жындыбаев» деген фельетонын оқыған адам лажсыз күледі. Саяси
сауатсыз, өркеуде, мақтаншақ, шолақ белсенді қаладан елге өкіл болып шығады. Ол
баяндамасын «Мен Желдібай Жындыбаев» деп бастайды. Көп сөйлейді. Бірақ не айтқанын
өзі де түсінбейді. Ақыры көпшілік «Өзі де Жындыбаев десе, Жындыбаев екен» деп
тарасады.

Адамды
мінездеуде көп суреттеп жатпай-ақ, осындай дәл тауып айтылған реплика, бірер сөзбен
де кім екенін көрсетуге шеберлік - тек Бейімбет қаламына ғана тән қасиет.
«Жындыбаев десе, Жындыбаев екен» деген реплика өкіл Желдібайды оқырмандарына айқын
танытады.

Майлин
поэзиялық туындыларын жалпы алғанда, үздік образ, шешендік сөздер, не жаңаша құрылған
сөз тіркестері сирек кездеседі. Ол қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым
тілмен мейлінше қысқа, тұжырымды етіп беруге тырысады. «Аз сөзге көп мағына сыйғызу»
- оның негізгі әдісі.

Орысша
«локоничный» деген сөз бар. Грек сөзі. Қысқа, дәл, мағыналы, ұтымды сөйлеу.
Локонизм Майлиннің өлеңдеріне де, қара сөздеріне де тән. Адам образын жасауда
болсын, психологиялық жайттарды суреттеуде болсын осы әдіс берік қолданылады. Өз
замандастары ақын-жазушылардан бұл - оның негізгі айырмашылығының бірі.

1Бұ
да сонда, 1958ж. - 69-бет.

            Ақындарда жиі кездесетін жайылыңқы
суреттер Б.Майлинде жоқ, не жоқтың қасы. Жай өлең, не поэмаларында қаһармандарының
іс-әрекеттерімен байланысты кіріспе, экспозиция, не табиғатта жайылыңқы
суреттеулер болмайды. Оқиға автордың өз атынан, не қаһармандарының атынан
тікелей баяндаудан басталады. Баяндаулармен байланысты келетін портрет,
экспозиция, тағы басқа көркемдегіш компоненттер жол арасында, бірер шумақ болып
келеді.

            Оқиғаны баяндаулары да мейлінше қысқа,
негізгі мақсатты оқырмандарына ықшам түрде жеткізуге негізделінген, әңгіменің
тек сіріндісін ғана білдіруге лайықталынады. Бұл пікіріміздің дұрыстығына
Б.Майлин қаламынан шыққан туындылардың бәрі дерлік дәлел.

            «...Авторы тек керекті нәрсені ойдағыдай
етіп бере білген кітап қана жақсы кітап» деп Аристотель айтқан даналық пікірді
Б.Майлинге толық қолдануға болады.

            Б.Майлиннің атын атағанда, оның шығармаларымен
таныс оқырмандардың ең алдымен естеріне түсетін, өткен кездердің күйкі күндерін
көзге елестетіп, көңілге қаяу салатын да, жаңа заманды көз алдыңа келтіріп қабағыңды
жадырататын да, оқып отырғанда зілсіз, риялы күлкі шақыратын да Мырқымбай образы.

            Қазақ совет әдебиеті үшін Мырқымбайдың
мәні зор.

            Майлинді халыққа алғашқы танытқан
да, оны жұртшылыққа сүйгізген де, әдебиетімізге өз беті, өз мәнері бар, жаңа
бір ірі талант, үлкен жазушының келгенін сыншы-әдебиетшілерімізге мойындатқан
да Мырқымбай.

            Мырқымбай - әдебиетімізде жаңа тақырып,
жаңа образ. Ол - жетім бала болып, қозы бағу, қой бағудан бастап, көп жылдар
басына күрке тігіп, бір ат, бір сиырға ие болған, әйтсе де өмірлері машақатпен өтіп,
бай-феодалдардан рухани қысымшылық көріп келген, тек Совет өкіметінің арқасында
ғана бостандық, теңдікке қолы жетіп, тұрмыс түзеген қазақ кедей шаруаларының нақтылы
өкілі.

            Мырқымбай - сандаған кедей
шаруалардың өміріне, тұрмыс-салт, ой-санасына тән мінез, іс-әрекеттерін бір
адамның басында етіп шығаруды нысана еткен және солай болып шыққан жинақы
образ. Мырқымбай ақын өлеңдерінде он рет кездеседі.

            Бізше, Мырқымбайдың төркіні, ақынның
1918 жылы жазылған «Әкесіне хат» өлеңінде жатыр. Февраль революциясынан кейін құралған
қазақтың бай-феодалдарының үкіметсымағы «Алашорда» отрядында болған, жалған
«бостандық», «теңдік» ұранымен жалпы дүрмекке еріп алданып жүрген, ол кезде аты
жоқ, жалпы есіммен аталатын кедей баласы - Мырқымбайдың прообразы.

 

«Қарағым-ау,
қарағым,

«Ордаңды»
қой, үйге қайт.

Адасқан
сендей бар болса,

Олар
да қайтсын, сәлем айт!..»

 

            Бұл өлеңде ақын көп нәрсені аңғартады.
Сол бір кезеңдерде адасу тек оқымаған, шаруа баққан жай адамдарда ғана емес, көзі
ашық кейбір демократтық бағыттағы оқымыстылар, ақын-жазушыларда да бар. Өлең
осындайлардың бәріне ортақ жайтты түйіндейді.

            Жағдай мен мезгіл адасушылардың қателіктерін
өздеріне мойындатты. Олардың бірқатары «Ордадан» іргесін бөлектеп, өзінің
шаруасына оралса, енді біреулері революцияның солдаты, ақындары жаңа заманның
жыршысына айналды.

            1918 жылы адасушы жалпы есім - кедей
баласы, енді жалқы есім - Мырқымбай атына ие болды. Бұл кездейсоқ емес, ақынның
ой-санасының өрістеуі, таптық көзқарасының айқындалуымен байланысты еді.

            1922 жылы жазған «Кедей» өлеңінде ақын
айналасындағы өмір құбылыстарына, тап тартысына өз пікірін ашық айтты.

 

«Сенің
зарың - зарлайтыным өмірге,

Сенің
арың - арлайтыным өмірге.

Сен
не көрсең, мен де соны көремін,

Белді
буған - ауырға да, жеңілге.

Сен
жыласаң - көзден жасым тамшылар,

Сен
қуансаң - қайғы-шерім артылар.

Айт
өлеңді ен даланы жаңғыртып,

Қойшы-қолаң,
кеше жүрген жалшылар».1

 

            Бұл өлеңді Майлиннің барлық шығармаларының
лейтмотиві десек, қателеспейміз. Өзінің болашақ қаһармандарына берген уәдесі
жазушының бар туындыларында қамшының өзегінше тартылады. Өлеңі де, қара сөздері
де, драмалары да бұл пікірден қағаберісте қалған жоқ.

            Әйтсе де қазақ кедейінің алғашқы
кесек тұлғасы - оның поэзиясында. Бір өлеңінде бала, екіншілерінде жігіт, үшіншілерінде
шал кескінінде бейнеленетін кедейлердің бәрі де Мырқымбай. Қысқасы, Мырқымбайдың
өз тарихы, өсу жолы бар. Әкесі байдың жерін қорғаймын деп Қарасордың басында өлгенде,
жеті жаста қалған бала Мырқымбай да бейнет қамытын мойнына іліп, жұлығынан шұлығы
шыққан кедейлердің бірі сапында өмір сүреді. Совет өкіметінің алғашқы кезінде
бай тепкісінен құтылып, өз бетімен күн көруге кіріседі. Үкіметтен тұқым алып,
егін егуге, өз қоңын өзі қасуға күш салады. Бай тоқпағынан құтылса да, Мырқымбайлар
ескілік тоқпағынан құтыла алмайды. Ауылда кеңес жұмысына араласып

1Б.Майлин.
Таңдамалы шығармалары, 1958ж. - 75-бет.          

кеткен
алаяқ-қулар әлі де болса «түйені түгі, биені бүгімен жұтып», үкімет тарапынан
кедей шаруаларға арналған көмектерді өздері пайдаланады. Ауылнаймен ауыз
жаласып, кешегі атқамінерлер ел ішінде әр алуан сұрқиялық істер жасайды. Сол
кездегі ел ішіндегі жағымсыз іс-әрекеттер, әсіресе «Кедейдің кейістігі»
(1922ж.) өлеңінде тамаша суреттелінеді.

            «Кедейдің кейістігі» - сюжетті, қысқаша
өлең. Әйтсе де ол бір поэма, кішігірім повестің мазмұнын қамтып, жұмысын атқаратынға
ұқсайды. Жай ғана қарапайым сөздерден құралатын монолог арқылы өмір құбылыстары
мен адамдар арасындағы қарым-қатынастарды әрі шындыққа дәл, әрі қысқа, әрі
аянышты, әрі күлдіргі етіп бере білушілік - Бейімбет қаламына ғана тән.

            Өлеңнің әр шумағы - өмір құбылысының
бір көрінісі. Өлеңді оқығанда, ең алдымен, әке Мырқымбайдың басындағы хал,
психологиялық жайттарды дәл өз басыңда болғандай сезінесің.

 

«Айт,
брозна! Бауыздалғыр көк шолақ,

Әй,
Мырқымбай... Жүгендемей, ноқталап...

Әк!
Өк! Арам қатқыр, көк сиыр,

Неге
ентігед, неге жиі тоқталат?!.»

 

деген
жолдар жауырын тұсы ақсортаң тер, қой жүні шекпен, бөркін айналдырып киген жалаң
аяқ кедей дихан көз алдыңда тұрады. Жазушылық - адам әрекетінің барлық жағын қалдырмай
жазуда емес, сол жағдайға тән ең керекті жайттарды тап басып, дәл айта білу,
сол арқылы оқырмандарының ой-қиялына әсер ету, қалған жақтарын әркімнің өзі қиялдап
жеткізе аларлық дәрежеге әкеліп тіреу. «Шайнап берген ас болмайды» дегендей, өмір
құбылысы, не психологиялық моменттерді езгілеп жаза беруден шеберлік тумайды.

            Демек, ет пен сіңірден әбден
тазартып талшыған тарамыстай сөз кестесі, суреттемек құбылысқа тікелей қатысы
бар ғана сөздерді қолданумен көркем туынды беруге болатындықтың айқын үлгісін
жасаған ақын да Бейімбет. «Кедейдің кейістігі» - бұған толық дәлел.

            Өлең қысқалығына қарамастан, сол
кездегі қазақ даласындағы ескі феодалдықтың қалдығы, сұм-сұрқиялардың «қатын
сату, қыз айыру», пара алу, үкімет тарапынан халыққа берілген жәрдемді өздері
пайдалану тәрізді қаярлық мінез-қулықтарды әшкерелеп, оларды жоюға ат салысуда
бұл өлеңнің мәні зор.

            Өлең монолог түрінде.

 

«Апырмай,
бұл шалдар-дағы желікті-ау!

Тырнағынан
қалар емес ешкім сау.

Бай
қасқасын, ел қожасын ертіп ап,

Іздейтіні
елді кезіп ылғи дау.

 

Қатын
сату, қызды айыру мұрасы,

Терлікбайдың
әп-әдемі құдасы.

Отыр
дейді бүгін қызды берем, - деп,

Сайтандардың
азғыруын қарашы.

 

            Бәрі де қарапайым-ақ сөз тіркестері.
Бірақ өлеңнің көркемдігіне күмән келтірмейсің. Әр сөзі мірдің оғындай, көздеген
жеріне дәл тиіп жатыр. Өз ойын беру үшін керекті сөздерді талғап ала білген. Әр
сөзі Мырқымбайдың өзіне тән. Оқырмандарын сендіреді де, сүйсіндіреді де, риялы
бір жылы күлкі де шақырады. Оның көркемдік күші де осы қарапайымдылығында.

            Өлеңде кедей өміріне тән тұрмыс-салт
та өз шындығында суреттелінеді. «Қысқа жіп күрмеуіме келмей, күрмеуге келсе,
байлауға келмей» жатқан тапшылықтан туған «кейістік», қызыл қарын, жас баланың
таңдайына қатарлық сүт беретін екі сиыры сабанға жегіліп, жас балалардың ыңылы
мен шырылына жаны төзбей, егістікке келе жатқан қарт Мырқымбайдың әйелін,
керенау келін, жалқау баласын суреттеу арқылы кедейдің үй тұрмысындағы
жай-жапсарды аңғартса, «он таяқ жер шаштырмақ Қаламбай», бір нәрсе дәметіп,
баласын жіберіп отырған Ырысты, «Дорба салып, қайыр тілеп жүрген Ырысбай» - бәрі
де Мырқымбайдың өз айналасы, туыстары ақын өлеңінде сараң сөз, қысқа сілтеу,
мегзеулер арқылы сол кезең, тарихи жағдайларға байланысты оқырмандарға көп нәрсені
аңғартады.

            Өлең 1923 жылы жазылған. Бұл тек қазақ
даласы емес, бүкіл Советтер Одағында қиын жылдардың бірі болды. Әлемді таңырқатқан
азамат соғысының зардабын басынан өткізіп, ақтардың кесапаттарына тойтара соққы
беріп, халық шаруашылығын сабасына келтіру кезеңінде Қазақстанның көп жерлері жұттың
кесапатына кездесті. Халық аштыққа ұшырады. Бұл жағдай, әсіресе Қазақстанда
айрықша орын алды. Ауыртпалық ең алдымен, кедей шаруалардың басына түсті. Соғыс
салдары, жұт, ашаршылық талайлардың титығына жетті. Сол жағдайларды көзімен көрген,
оларға жаны ашыған ақын өмір құбылыстарының бүтінін емес, бөлшектерін қарт Мырқымбайдың
айналасына жинақтап, солар арқылы көрсетті. Сонымен қатар кедейлер осындай
халде болса, ел ішіндегі атқамінерлер, алаяқ қулардың астықты өздері бөліп
алып, «қатын сатып, қыз айырып», бірді бірге соқтырып, өз құлқындарын тауып жүргендіктерін
ана ауыр халге қарама-қарсы қою - шендестіру арқылы сол кез шындығының айқын
картинасын жасайды. Және ол осы екі түрлі өмір құбылысын шебер құралған қаһарманының
монологі арқылы әрі нанымды, әрі әсерлі етіп, оқырмандарының ой-санасына
жеткізе білген.

            Мырқымбай образын сөз еткенде,
ерекше көңіл бөлуді керек ететін ақынның және бір өлеңі - «Бер, Мырқымбай, қолыңды!».
Бұл осы тақырыпқа жазылған барлық өлеңдерінің сіріндісі тәрізді. «Бер, Мырқымбай,
қолыңды!» диалогке құрылған. Ақын өзінің сүйікті қаһарманының айналасындағы өмір
құбылыстарына көзқарастары әр басқа.

 

Е,
Мырқымбай, қалайсың,

Есендік
пе мал-жаның?

Шүкір,
шүкір, отырмыз,

Тілеуін
тілеп қарғаның.

 

Екі-ақ
сөйлем. Бірақ осының өзінде кедейлікке көніп, өзін тағдырға түгел тапсырған
лажсыз жан бар тұрғысымен көз алдыңа келеді. Бұл жолда қаһарманның таптық
санасы саңылаусыз. Өз шаруасын кейінге қалдырып, бай жұмысын істегеніне мәз.

 

Бай,
- деп... Тума жақын ғой!

Тамағын
беріп қарасад.

Ойнап-күліп
бір жүрген, -

Бүтіндікке
жарасад.

 

Бұл - Мырқымбайдың он алтыншы жылға
дейінгі ұғымы.

1926 жылдары біз мүлде басқа Мырқымбайды
көреміз.

 

Жиылыс
басы Мырқымбай,

Салық
жайын кеңесед.

Байлар
үшін күюші ек,

Онда
еркіндік емес ед.

 

Қорғамаймын
жақын деп,

Боқбасарға
мың сом сал!

Не
қылмады ол бұрын,

Байды
аяман малы бар, -

 

дейді
ол.

            Әрине оны мұндай ұғымға жеткізген -
алдымен өмір соққысы. Асырап отырған жалғыз баласы он алтыншы жылы солдатқа
алынып, «өліп кетерлік» халге келсе, 1921 жылдар аштыққа ұшырайды, үй ішімен қайыршылық
халге жетеді. Бай ағайындар қараспай, оларды қаңғыртып жібереді. Осы жағдайлар
Мырқымбайға кейін ой салады.

            Ақыры Совет өкіметінің арқасында өлімнен
аман қалып, жер жыртып, егін салады. Еңбегі арқасында халық қатарына қосылады.
23 жыл съезге делегат болып келгеннен былай оның таптық санасы ояна бастайды.

 

«Билік,
теңдік, қолға тізгін тиді деп,

Бай
шіркіндер аяққа бас иді деп,

Не
әлемет күндер бастан өткен ғой,

Ойлап
тұрсаң бұрынғы өткен күнді», -

 

десе,
1926 жылы:

 

«Қорғамаймын
жақын деп,

Боқбасарға
мың сом сал», -

 

деуі
- заңды. Енді Мырқымбай - трактор иесі, кооператив мүшесі, мектепте оқитын
пионер баласы бар, шаруасы түзелген ауылдағы тап тартысының белсенділерінің
бірі.

            Сондықтан да ақын өлеңін:

 

«Жидың
білем қоңыңды,

Көрдің
бе енді жолыңды;

Ілгері
көшке жетейік,

Бер,
Мырқымбай, қолыңды, -

 

деген
шумақпен бітіреді.

            Мырқымбайды әркім әртүрлі бағалап жүр.
Біреулер, ол жалпы қазақ кедейлерінің образы десе, енді бір жолдастар, ол
диханшы қазақ кедейлерінің образы деп тұжырымдай түседі. Бұл пікірлердің
арасында пәлендей қайшылық жоқ. Бірақ екі пікірдің авторлары да Мырқымбайдың өз
ортасының мінез-құлық, іс-амал, ой-сана психологиясын толық қамтитын тамаша
шебер жасалған образ екендігін мойындайды. Әйтсе де, бізше, осы пікірлердің
екеуі де образдың толық мәнін жете ашпайтын сықылды.

            Өйткені қоғамдағы белгілі бір таптық
топтардың ұлты, тілі басқа болса да, олардың таптық тұрғысы ой-сана, өмірге көзқарастары,
психологиясы, наным-сенімі - негізінен біркелкі. Шаруалар тобына жататын орыстың,
Европаның, не Азия елдері крестьяндары да осы біздің Мырқымбаймен тағдырлас, мұңдас,
идеялық өрістері де, психологиялық жақтары да бір-біріне жақын. Бір елде осы
таптың өкілі ретінде ойдағыдай жасалған образ - екінші елдердегі сол тап өкілдеріне
де тән және үлгі-өнеге.

            Феодал, байлар үстемдік етіп тұрған қоғамда
қай елдің кедей шаруалары болсын мейлі, революцияға дейінгі Мырқымбайдың
басында болған ауыр жағдайлар олардың бастарында да болуы сөзсіз. Егер Мырқымбай
еліндегідей қоғам өміріндегі ұлы өзгерістер оларда да туса, сөз жоқ, олар да дәл
Мырқымбай тәрізді жаңа заманның саналы азаматтарының дәрежесіне көтерілмек.

            Біз Мырқымбайға осы тұрғыдан келсек қана
оның образ ретіндегі терең мәнін дұрыс түсінеміз.

            Ақын тек ұнамды қаһармандар ғана
емес, ұнамсыз қаһармандардың бейнелерін де тамаша шебер жасайды. Шын місекерлер
- алтын мен жез, мыс пен күміске бірдей ұста дегендей, Майлин қаламынан туған
жағымсыз образдар да қысқа монолог, диалогтар арқылы оп-оңай-ақ және көркем
жасалына салады. Мысалы, таза диалогқа құрылған «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» өлеңін
алалық.

            Кеше:

 

«-
Уа, кімсің?

Ыбыраймын.

Уа,
қайдан келесіз?

Сайлаудан
келеміз.

Елге
ойран сап

Ойнаудан
келеміз.

Төске
таққан шеніміз бар,

Патшаға
жаққан ебіміз бар,

Құдайға
шүкір, қойдан жуас,

Момақан
ғана еліміз бар.

Біз
- бай,

Біз
- құдай!

Күш
сынаса, жүн болад,

Кім
келеді сайма-сай!»

 

Бүгін:

 

«-
Уа, кімсің?

Ыбыраймын.

Қайдан
келесің?

Соттан
келемін.

Сот
емес-ау,

Оттан
келемін.

 

***

 

Шенің
қайда?

Тозған.

Елің
қайда?

Күні
озған.

Енді
не етпексің?

Бітем.

Бітсең,
біт, -

Мен
де соны күтем!» (1928ж.)

 

            Бұл өлеңде айрықша суреттеу де, үздік
сөз образы, теңеу, метафора, не фигуралық сөз тіркестері де жоқ. Бәрі де жай, қарапайым-ақ
сөздер. Әйтсе де, Ыбырайдың кешегісі мен бүгінгісі көз алдыңда тұрады. Оның
болып тұрған кезіндегі менмендігі де, күн озған, ері мойнына кеткен кезіндегі сүмірейген
сүдіні айқын танылады. Өлеңді оқығанда, ақынның ұсталығына еріксіз сүйсінесің.
Себебі не?

            Бізше, ақын орынсыз қолданылатын, ойға
азық болар нәрі жоқ немесе сезімге әсер етер әрі жоқ, сылдыр сөз, шұбалаңқы сөйлем,
көпірмеліктен аулақ. Ақын өз ойын беруге ең керекті сөздерді алады және ол сөздер
қаһарманның бір қырын көрсетуі, әрі қарапайым, әрі жинақы болуы шарт. Сонымен қатар
ол сөздерде ирония, сарказмдық, күлкі шақырарлық бір қасиет міндетті түрде араласа
жүруі керек. Соңғылары жеке сөз арқылы ма, әлде ерекше интонациялардың күшімен
жасалына ма, бәрібір.

            Қысқасы, монолог, диалог, не жай
суреттеу, барлығы да әрі қысқа, әрі күлдіргі, бәрін жинақтай келгенде шығарма
юморлық, кейде сатиралық шығарма болып шығуы керек. Нәзік юмор - Б.Майлиннің
негізгі стиль ерекшелігі. Мұны біз оның барлық жанр түрлерінен де
кездестіреміз.

 

1965ж.