ВЕРНУТЬСЯ

     Қазақтың ескіден келе жатқан ауыз әдебиетін алсақ, үлкен бір
саласы болып саналатын түр ақыл, нақыл сөздер деуге болады. Күні бүгінге шейін
бұл екеуі қосылып, бірнеше рет қазақ тілінде кітап етіліп шығарылды. Бірақ
олардың ешқайсысында айтуға тұрарлықтай бұл мәселелерге талдаулар берілген
емес. Халық әдебиетіндегі аз сөзбен көп мағына беретін қысқа-қысқа терең мағыналы
сөздерді нақыл сөз, не мақал-мәтел деп атап, жинап бастырумен ғана қанағаттанып
келінді.

Мұның екеуі де негізінде, аты белгісіз халық даналарының өмірді
бақылай келіп айтқан үлкен ой, терең пікірлерінің жиынтығы. Тәжірибе жемісі. Нақыл
сөздерді де түгелдей халық туғызды десек, қате болар еді. Өйткені халық
дегенде, біз еңбекші халықты ұғамыз. Әрине, нақыл сөздерге үстем таптық идеясын
үндейтіндері де толып жатыр. Сондықтан да біз «негізінде» деп, әдейі ескертіп
отырмыз.

Бізше, күні бүгінге дейін «мақал-мәтел», «нақыл сөз» делініп
келген, не олай деп айтылынбаса да, сол тектес сөздерді мағынасына, құрылысына қарап
ақыл сөздер (дидактикалық сөздер), нақыл сөздер (афоризм) деп екіге бөлу керек
тәрізді. Мақал-мәтелдер өздерінің мазмұнына қарай, кейбіреулері ақыл сөздер
тобына, кейбіреулері нақыл сөздер тобына жатуға тиісті.  Бұл екеуінің айырмасы қайсы? Бізше, бірі өмірді
танытады. Екіншісі, өмірге жетектейді.

Ақыл сөздер - халықтың кейінгілерге қалдырған өсиет-ақылы, өмір-тіршіліктеріне
жетекші басшылық. Сондықтан оның мағынасы ашық, ұғуға жеңіл, көпшіліктің бәріне
түсінікті, аз сөзге көп мағына сыйғызып, көркемдеп айтылған үгіт-насихат.

Нақыл сөздер дегеніміз - үлкен ой, терең пікірге құрылған өмір
туралы айтылған ел санасының қорытындысы. Ащы мен тұщы, алыс пен жуық, жақсы
мен жаман - осылар сықылды өмірдің әртүрлі жақтарын ой елегінен өткізіп, олар жөніндегі
халықтың шығарған үзілді-кесілді өкімі, өмірдегі әр алуан құбылыс, іс-әрекеттерді
өзінше әбден бақылап, сынай келе, «қатесіз», өмірде тап солай болатындығына көздері
жетіп, өмір шындығына айтқандары дәл келетін етіп кейінгі ұрпаққа қалдырған
халық даналығының сәулесі, ой түйіні.

Нақыл сөз мағына жағынан алғанда, ақыл сөз тәрізді, мынаны
істе, жақсы, ананы істеме, жаман демейді, өмірдегі өзінің көргенін, сезгенін,
бақылағанын қорытып айтады да қояды.

 

 

«Жаманға жүзің салма,

Малды екен деп.

Жақсыдан қолыңды үзбе,

Жарлы екен деп».

(ақыл сөз)

 

«Өнерлі жігіт өрде озар,

Өнерсіз жігіт жер соғар».

(нақыл сөз)

 

 Алдыңғысында адамның
кімнен қашып, кімнен қол үзбеу керектігін айтса, соңында ол жоқ. Өнерлі жігіт
пен өнерсіз жігіт туралы өзінің бақылай келе қорытқан пікірін айтады. «Мынаны
ал, ананы алма» демейді. Оқушы, тыңдаушы өзінше ойлап, өзінше түюлері керек.

Ауыз әдебиеті болсын, Абай алдындағы тарихи әдебиет болсын ақыл,
нақыл сөздерге бай. Өмірдің әртүрлі жақтарын қамтыған неше алуан түрлерін ауыз әдебиеті,
тарихи әдебиеттен кездестіруге болады.

Ақыл сөздер (Ауыз әдебиеті):

 

«Қайыры жоқ көлден без,

Қайырымы жоқ елден без».

«Бүлінген елден бүлдіргі алма...» (217)

 

«Жамандық көрген жеріңнен

Еңбекте де қаш!

Жақсылық көрген жеріңе

Еңбекте де жет!..» (218)

 

«Сөз бергенге ерме,

Бөз бергенге ер!

Сөз бейнет болар,

Бөз көйлек болар...» (219)

 

(Тарихи әдебиет)

 

«Жал құйрығы қаба деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз,

Қалың малы арзан деп,

Жаман қатын алмаңыз.

Жабыдан айғыр салсаңыз,

Жауға мінер ат тумас,

Жаманнан қатын алсаңыз,

Жауға шабар ұл тумас» (220).

«Атасы оның текті деп,

Тұрлаусыздан сөз ұқпа,

Ауызы оның епті деп.

Нашардан шыққан жақсының

Сөзін жерге тастама,

Атасы жаман өтті деп...» (221)

 

Нақыл сөздер (Ауыз әдебиеті):

«Емен ағаштың иілгені - сынғаны,

Ер жігіттің ұялғаны - өлгені...» (222)

 

«Алтау ала болса,

Ауыздағы кетеді.

Төртеу түгел болса,

Төбедегі келеді...» (223)

 

«Көкті бу көтереді,

Сүйрікті су көтереді,

Ауырды нар көтереді,

Өлімді бар көтереді...» (224)

 

(Тарихи әдебиет)

 

«Жапанға біткен жантақты,

Жаһан кезген нар жейді,

Тәтті менен дәмдіні

Қолында пұлы бар жейді.

Қорқақтықтың белгісі

Арықты да «жар» дейді.

Кертартпаның белгісі

Кең дүниені «тар» дейді» (225)

 

«Арғымақтың баласы

Аз оттар да, көп жусар,

Талаудан татқан дәні бар.

Азамат ердің баласы

Аз ұйықтар да, көп жортар,

Дұшпанға кеткен ары мен

Барымтаға түскен малы бар...» (226)

 

Ауыз әдебиеті, Абайдың алдындағы ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы тарихи әдебиеттеріндегі
ақыл, нақыл сөздердің негізгі үлгілері - осы келтірілгендер.

Ауыз әдебиеті немесе Абай алдындағы әдебиеттерімізде ақыл,
нақыл сөздердің басым жатуы - заңды. Біз осы еңбектің «Көркем сөз, оның өмірдегі
орны, мәні» деген тарауында ауыз әдебиеті халықтың тек қана көркем өнері емес, әрі
философиясы, әрі ғылымы, әрі тәрбие құралы болады дедік. Ендеше сол әдебиетті тәрбие
құралы етудің тілегі жұртты өмірді тануға, адамды өмірдегі жақсылыққа үйретіп,
жамандықтан қашыруға жетектейтін ақыл, нақыл сөздердің ауыз әдебиетінен үлкен
орын алуының негізгі себебі болады.

Абай алдындағы қазақтың тарихи әдебиетінің сарыны да
негізінде ақыл, нақыл сөзге құрылды. Сондықтан оларды негізінде дидактикалық
поэзия деп атасақ артық болмайды.

ХҮІІІ ғасырда Бұхардан басталатын  жазба әдебиет тарихын алсақ, әр ақын өзінің
таптық көзқарас, дүниетанушылығына қарай, өздерінің шығармаларында көптеген нақыл,
ақыл сөздер қалдырды. Олардың ішінде біздер үшін де пайдалылары бар екендігі сөзсіз.
Абай алдындағы тарихи әдебиеттердің көпшілігі жырау деп аталынуы да әдебиетімізде
осы дидактикалық сарынның басымдығы еді. Бұхар жырау, Жанкісі жырау, Үмітай
жырау, Жанұзақ жырау, Дулат жырау деп халықтың көп ақындарға ат қоюы да олардың
өлең-жырларының дидактикалық сарынымен байланысты.

Әрине бұл сөзден Абай алдындағы әдебиеттің бәрі бірдей солай
екен деп ұғуға болмайды. Сол жырау атанған ақындардың дидактикасыз, жай көркем өлеңдері
де болады. Немесе жырау емес, тек қана ақын деп аталатын Махамбет, Шернияз, Мұраттардың
өлеңдерінен де ақыл, нақыл сөздерді табуға, тіпті кейбіреулерінен жиі ұшыратуға
болады. Сондықтан әңгіменің негізі не туралы екендігін ұмытпауымыз керек.

Ақыл, нақыл сөздердің не әдемі, не терең мағыналы түрлері
Абайдың өз өлеңдерінде де көп. Табиғатты, ел өмірін, сүйіспендік, өнер, ғылым,
тағы басқа өмірдің әртүрлі саласына арналған ақынның жай, көркем, сұлу
лирикаларымен қатар, өз кезіндегі шет көрген мінез-құлықтарды қатты сынаған улы
сатираларымен қатар, өз кезіндегілерге сабақ, кейінгілерге үлгі ретінде айтқан өлеңдер
де Абайда аз емес. Бұл өлеңдердің идеялық мазмұны, характері ақыл, нақыл сөздерді
керек етті.

 Абай өзінің әлеумет өміріндегі
ролін жақсы түсінді. Ол өзін өз кезінің ақыны ғана емес, ұстазы білді. Сондықтан
ол өмірдің барлық саласынан, жұртының бүгінгісіне де, келешектегісіне де сабақ
беруді адамдық борышым деп ұқты. Ақынның онысы дұрыс та, орынды да еді... Өйткені
ХІХ ғасыр қазақ тарихы Абайдан артық ойшыл, онан оқымысты, онан асқан ақындық
талантты білмейді. Жалғыз қазақ емес, Абайды өз кезінде шығыста теңдесі аз табылатын
ақын десек, асырып айту болмайды.

Сөйтіп, өз заманының ұстазы, өмірді «оқушыларына» үйретуші,
танытушы ақын Абай ақыл, нақыл сөзге көп көңіл бөлді. Бұған өз өлеңдерінен және
қара сөздерінен бірнеше мысалдар келтірелік.

Ақыл сөздер:

 

«Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар, қалан».

(Абай, І том, 158-бет)

 

«Досыңа достық - қарыз іс,

Дұшпаныңа әділ бол!»

(Абай, І том, 130-бет)

 

«Егіннің ебін,

Сауданың тегін,

Үйреніп, ойлап мал ізде.

Адал бол, бай тап,

Адам бол, мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос...»

(Абай, І том, 96-бет)

 

«Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей».

(Абай, І том, 96-бет)

 

«Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап, босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол

Адам болам десеңіз.

Тілеуің, өмірің алдыңда,

Оған қайғы жесеңіз.

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ,

Бес дұшпаның білсеңіз.

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз...»

(Абай, І том, 61-бет)

Бұл келтірілген үзінділерде ақын өнер, ғылым, еңбек, достық,
қастық, әділдік, өсек, өтірік, жауыздық, рахымшылық, талап, ұят, ар, тағы басқа
бірнеше нәрселердің бетін ашып, не нәрсені адам қасиет біліп үйрену, не нәрседен
қашу керектігіне басалқылық жасап, даналық ақыл береді. Осылар тәрізді өмірдің әр
саласын алып, аз сөзге көп мағына сыйғызып, жұртшылыққа айтқан Абайдың өнегелі
сөзі, үлгілі өсиеті көп. Мысал үшін осы келтіргендеріміз де жеткілікті. Сондықтан
оның нақыл сөздерінен бірнеше үзінділер келтірелік.

Нақыл сөздер:

 

«Екі кеменің құйрығын

Ұста, жетсін бұйрығың»

(Абай, І том, 98-бет)

 

«Азат басың болсын құл,

Қолдан келмес іске ұмтыл».

(Абай, ІІ том, 125-бет)

 

«Берекелі болса ел -

Жағасы жайлау, ол бір көл.

Берекесі кеткен ел -

Суы ашыған батпақ көл...»

(Абай, І том, 100-бет)

 

«Жарлылық, жалынышты жалтақ көздік,

Сүйкімді икемі жоқ, шалдуарлық...»

(Абай, І том, 54-бет)

 

Нақыл сөздер Абайдың қара әңгімелерінде де кездеседі. Ғылымдар
Академиясының Қазақ филиалы 1940 жылы бастырған ІІ томында «Отыз жетінші сөз»
деген атпен басылған қара әңгімесінде жиырма төрт түрлі нақыл сөз (афоризмдері)
бар.

«Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі қашады...»

«Әкесінің баласы - адамның дұшпаны, адамның баласы - бауырың»

«Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның өзінің
замандастары виноват».

«Биік мансап - биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
екпіндеп ұшып қыран да шығады. Жікшіл ел жетпей мастанады, желөкпелер шын деп
ойлайды...»

«Бақпен асқан патшадан, мимен асқан қара артық; Сақалын сатқан
кәріден, еңбегін сатқан бала артық...»

«Қайратсыз ашу - тұл; тұрлаусыз ғашық - тұл; шәкірсіз ғалым
- тұл».

«Дүние - үлкен көл, заман - соққан жел, алдыңғы толқын - ағалар,
соңғы толқын - інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер».

«Жаман дос - көлеңке, басыңды күн шалса, қашып құтыла
алмайсың, басыңды бұлт алса, іздеп таба алмайсың...», тағы басқалар. (Абай, ІІ
том, 219-220-беттер)

 

Біз жоғарыда ауыз әдебиеті, Абай алдындағы тарихи әдебиет,
Абай шығармаларынан ақыл, нақыл сөздерге бірнеше мысалдар келтіріп, ақыл, нақыл
сөз деп нені ұғамыз, бұл екеуінің бірлігі, айырмасы қайсы, ауыз әдебиеті,
тарихи әдебиет, Абайдың өз өлеңдерінде жиі кездесуінің себебі не? - деген сұрауларға
өзімізше жауап бердік. Енді Абайдың бұл жөніндегі ерекшелігі қайсы, соған
келелік.

Абай алдындағы ауыз әдебиеті, тарихи әдебиеттегі ақыл, нақыл
сөздерді құрылысы жағынан қанша көркем, мағына жағынан қанша терең десек те, не
түрі, не мазмұны ұлттық шеңберден аса алмайды. Қазақтың не терең деген нақыл сөздерін
алсақ та, мағынасы терең болса да, түрі бұрынғы (байырғы) қалпында қала
беретін.

 

«Елу жылда ел жаңа,

Жүз жылда - қазан...» -

 

деген нақыл сөзін алып, философиялық мәніне көз жіберсек, өмір
өзгеріп отырады деген ұғымға жақын келеді. Бірақ сол философиялық пікір қазақтың
«қара қазаны» арқылы берілген.

 

«Арымас тұлпар болмас,

Қажымас сұңқар болмас...»

«Еттің бәрі қазы болмас,

Иттің бәрі тазы болмас...», -

 

деген нақыл сөздерді алсақ та, үлкен ойды жабайы түрде
бергенін көру қиын емес.

Үлкен ойға орайлы сөз тауып, ақыл, нақыл сөздерді мәдениетті
биік сатыға көтерген қазақ тарихында бірінші ақын Абай болды. Оның даналығы, үздік
суретші таланттарының үстіне, әрі өз елінің, әрі шығыстың, орыстың мәдениеттерімен
қаруланған адам болуы өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі ақыл, нақыл сөздердің үлгілерін
мазмұны жағынан да, түрі жағынан да философиялық ұғым дәрежесіне жеткізді.

Абай өлеңдерінен жоғарыда келтірілген үзінділерді былай қойғанда,
Абай өзіне шейінгі қазақ әдебиетіндегі болмаған сөз образы арқылы шын мәніндегі
үлкен-үлкен философиялық пікір айту әдісін жоғары сатыға көтерді. Қазақ тілі, қазақтың
сөзімен де қиюын тауып қалай білсе, мәдениетті елдердің тіліндегі философиялық ұғымды
өз дәрежесінде айтуға болатындығының үлгісін көрсетті.

 

«Осыны оқып ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек.

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек...»

(Абай, І том, 181-бет)

 

«Ақыл мен жан - мен өзім, тән менікі,

«Мен» менен менікінің мағынасы екі.

Мен өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

Менікі өлсе, өлсін, оған бекі...»

(Абай, І том, 193-бет)

 

«Тотықұс түсті көбелек,

Жаз сайларда гулемек.

Бәйшешек солмақ, күйремек,

Көбелек өлмек, сиремек...»

«Сүймек, сезбек, киінбек,

Адамзатқа не керек:

Қарекет қылмақ, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек,

Әркімді заман сүйремек.

Заманды қай жан билемек,

Замана оны илемек...»

(Абай, І том, 225-бет)

 

«Единица - жақсысы,

Ерген елі бейне нөл.

Единица нөлсіз-ақ,

Өз басындық болар сол.

Единица болмаса,

Не болады өңкей нөл?..»

(Абай, І том, 100-бет)

 

Бұл келтірілген үзінділердегі өмірге көзқарас, дүниетанушылық
ой-пікір, оларды айтып беру үшін қолданылып отырған сөз, образдар жоғарғы ауыз әдебиетінен
келтірілген «елу жылда ел, жүз жылда қазан», «ет жақсысы - қазы, ит жақсысы -
тазы», «жалп-жалп еткен жапалақ жабы жерге қонбайды» немесе:

«Арғымақ жабы көрінер,

Аса шауып буланса,

Айдын көл батпақ атанар,

Айдыны құрып суалса,

Бәйтерек сабау көрінер,

Жапырағы түсіп қураса», -

 

дегендей емес, мәдениетті философ ойшылдардың өмірді тану, өмірге
көзқарас, өздерінің терең ой, кесек пікірлерін айтуда қолданатын «мен» («я»),
«Единица», «Ноль» («герой, толпа»), «Ақыл» мен «сезім», «ерік» (разум, чувство,
воля) міне, осылар болды. «Тотықұс түсті көбелек» өлеңінде өмірде өзгермейтін нәрсе
жоқ, барлығы өзгеріп отырады деген кәдімгі философиялық категорияның бірін Абай
өз өлеңінде сол ұғымды бере аларлық сөз тауып, философиялық ойды сол өзінің дәрежесінде
оқушыларына жеткізе білген. Мұндай пікірлерді түсіндіруге бұрынғы әдебиеттерде қолданылатын
байырғы сөз, сөйлемдерден өзгеше жаңа сөз, жаңа сөйлем құрылыстарымен айтып
береді. Бұрынғы әдебиеттердегі өмірді тану, өмірге көзқарастарды көрсететін өлең-жыр,
әртүрлі тақпақ, билер сөзін алсақ, қаншама терең десек те, мәдениеті әлі ер
жетпеген сәбилік дәрежесін көрсетсе, Абайдың бұл топқа жататын сөздерінің бәрі
де зор мәдениетке еріскен, өмірді кеңнен шолып, терең түсінген философиялық үлкен
ой-сананың жоғарғы мәдениеттік сатыдағы дәрежесін көрсетеді.

Қазақ әдебиетінің тілі Абайға шейін бұл дәрежеге жете алған
жоқ еді. Бұған жеткізген де, бұл жөнінде әдебиет тіліне зор өзгеріс жасап, дамытып,
ілгерілеткен де Абай болды.

Абайдың өзіне шейінгі ақыл, нақыл сөздермен бірлігі жоғарғы
айтылғандар болса, ерекшелігі - осы соңғы айтылған ойлау, өмір тану шегін шын мәніндегі
философиялық дәрежеге жеткізіп, оның қазақтың өз тілі, өз сөзі арқылы айтып
беруге болатындығын айқындау. Бізше, бұл - қазақтың әдеби тілін дамытудағы ұлы
ақынның ұлы еңбектерінің күрделі бір саласы.

Ескерту: Ақыл, нақыл сөздердің көпшілігі метафора, теңеу,
эпитет, тағы басқа да поэтик тілдердің түрлеріне негізделініп құрылады. Негізгі
үлгілерін «Көркем тілдің қазақ өміріндегі мәні, орны» деген тарауда айтқандықтан
және поэтик тілдердің өзара байланыста болып отыруы жалпы тіл заңы болғандықтан,
ол жағына тоқталғанымыз жоқ.