ВЕРНУТЬСЯ

    Абай орыс әдебиетін 1882 жылдан бастап аударған. Ең бірінші
аудармасы - орыстың атақты ақыны Лермонтовтың «Бородино» атты патриоттық өлеңінен
үзінді. Ең соңғысы - «Вадим» атты Лермонтовтың ұзақ әңгімесінің желісін, оқиғасын
алып, өзінше қысқартып жазған поэма. 

Абай аудармаларын зерттеушілер қазір орыс әдебиетінен оның
елуден аса аударған өлеңдері барлығын айқындап отыр. Олардың ішінде лирикасы
да, баснясы да (мысал өлеңдер), ұзақ өлеңдері де, сатиралық лирикалары да бар.
(Солардың ішінде «Қарға мен түлкі» атты басня екі түрлі вариантта аударылған)

Орыстың атақты жазушы-ақындарын аударуда Абай тек қана қазақ
емес, бүкіл шығыс елінде елеулі орын алады. Шығыс елінде 1889 жылға шейін Пушкиннің
«Онегині» тек Азербайжанда ғана аударылған. Сонан кейінгі аударған қазақ -
Абай. Қазақпен салыстырғанда, ол кезде үлкен мәдениетті саналатын татар, өзбек,
тағы басқа көршілес елдердің бәрінен Сарыарқада жатқан Абай орыстың ұлы ақыны
Пушкиннің дүниежүзілік мәдениет мұрасының шаршы төрінен орын алған еңбегінің ұлылық
қасиетін танып, Татьянаның үнімен даланы жаңғырықтыруы - қазақ үшін мақтанарлық
іс.

Абайдың өмірбаянын жазған тарауда Абай 70-80 жылдардан
бастап орыс мәдениетіне түгелдей бет бұрды, ол кездегі орыстың алдыңғы қатардағы
идеясымен жақсы танысып, Сарыарқадан оларға үн қосушы бірінші ақын да Абай еді
дедік. Демек, болашағы мол ұлы орыс халқының тез ілгерілеуіне бөгет болып отырған
аграрлық-патриархалдық патшашыл Россияның құрылысын, әлеумет өміріндегі әртүрлі
кемшіліктерді қатты шенеп, соларды жою арқылы Россияны алға апаруға күш салған,
ол жолда шатқалаң қиын соқпақтарға кездесіп, талай қиыншылықтарды бастарынан
кешірген Крылов, Пушкин, Лермонтовтың шығармалары Абайға қона кетуі, олармен өзінің
мұңдас болуы, екі елдің ұлы ақындарының идея-тілектерінің бірлігі еді. Крылов
жазған «Қасқыр мен қозы», «Қарға мен түлкі» оқиғалары, тағы басқалар ол кезде қазақта
да аз емес болатын. Сонымен қатар орыстың ұлы ақындарының жалпы адамгершілікке үндеген
әртүрлі мысалдары мен үлгілі өлеңдері, өз елінің басшысы, ұстазы боламын деген
кемеңгер ақынға осы жағынан да дәл келді. Бұл - бір.

Екінші, Пушкин, Лермонтовтардың шын мәніндегі искусство
иелері екендігін Абай жақсы ұғынды.

Абайдың аудармаларының характеріне жалпы шолу жасасақ, жоғарғы
ақындардың ол кез келген өлеңдерін аудара бермеген. Таңдап, талғап аударған.

Абайдың аударған өлеңдері не адамгершілік тақырыбына
байланысты жаман мінез-құлықты шенеу, жақсылыққа үндеу, не патриоттық үлкен
идеяны көксеген өлеңдер, не терең ой, философиялық, не үздік көркем өлеңдер
болып келеді. Крыловтың мысалдары, «Теректің сыйы», «Тұтқын», «Татьянаның
Онегинге», «Онегиннің Татьянаға» жазған хаттары, тағы басқа осылар тәрізді
атышулы өлеңдер. Сөйтіп, Абайдың Пушкин, Лермонтов, Крылов тәрізді орыстың ұлы
классиктерін аударуы кездейсоқ емес, заңды, жоғарғы айтылған екі түрлі күрделі
себептерге негізделген деуге болады.

Абай аудармаларының тарихи-әлеуметтік мәні үлкен. Өйткені, ең
алдымен қазақ жұртшылығы Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков тәрізді дүниежүзілік
әдебиетінің ірі тұлғаларымен бірінші рет Абай арқылы танысты. Екінші, өзінің
зор талант, асқан шеберлігінің арқасында, ұлы ақындардың ұлы еңбектеріндегі үлкен
идея, сұқтанар сұлулықты қазақ оқушыларының ой-сезіміне жеткізе аудара біліп,
оларға жалпы қазақ халқының жүрегінен жылы орын әперді. Оларды қазаққа өз ақындарындай
сүйгізді. Абайдан бергі, әдебиетті сүйетін қазақтардан хат білсін, білмесін
«Татьянаның хаты», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Қанжар» (Кинжал), «Жалғыз жалау
жалтылдап» өлеңдерін білмейтін қазақ аз шығар. Сөйтіп Абайдың аудармалары алдағы
халықтың мәдениеті, үлкен идея, ұлы ақындары мен қазақ халқының жұртшылығы
араларындағы дәнекер болды.

Абай оларды тек қана дос көріп қойған жоқ, әрі өзінің ұстазы
тұтты.

Абайдың ұлттық шеңберден шығып, жалпы адам баласылық идеяны
көксеген, интернационалдық жүректің иесі ақындығын осы орыс жазушыларына көзқарасының
өзі-ақ дәлелдейді. Абайдың жастарға үлгі ал, өнеге үйрен деген адамдары қазақ
емес, Толстой, Салтыков-Щедрин, т.б. болды.

 

«Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой,

Я тілмаш, я адвокат

Болсам деген бәрінде ой».

 

Бұл сөзден Абай өз халқын жек көрді деген ұғым тумайды. Абай
айналасындағы әлеумет өмірін, «ел еркесін» сынағанда, өмір уын ішіп, бүк түсе қайғырғанда
сол халық үшін қайғырып, халық қамы үшін өмірден тыныштық көре алмайды. Бар өмір,
бар асылын сол халық үшін жұмсады. Бірақ ол кезде қазақта Салтыков пен Толстой
жоқ еді. Ендеше өмірге адамгершілік көзбен қараған, интернационалдық жүрегі бар
ақынның объективтік көзқарасы Салтыков, Толстойды қазаққа үлгі еткізді.

Енді аударманың құрылысы жағына келсек, Абай аудармаларын
негізінде екі түрлі деуге болады. Біріншісі - дәл аударма, екіншісі - ерікті
аударма. Дәл аудармалары шумақ, бунақ, буын ұйқастарына қарай өзара және екіге
бөлінеді. Кейбір өлеңдерді аударғанда, Абай шумағын да, ұйқас түрлерін де берік
сақтайды. Орыс өлеңдерінің ырғақ, буындары қазақ өлеңінің буындарына дәл келе
бермейді. Өйткені орыс өлеңі тоникалық, не силлабо-тоникалық өлең құрылысына
жатады да, қазақтікі силлаболық өлең құрылысына жатады. Сондықтан Абай аударған
өлеңдерінің буынын қазақша дәл беруге мүмкін болмаса да, саны жағынан соған жақын
келетін өлеңмен аударады. Кейде ұйқастарын, кейде тіпті образдарын да дәлме-дәл
шығарады:

Қазақшасы:

 

«Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт дел-сал қып

Түн басады салбырап.

Шаңдай алмас жол дағы

Сыбдырламас жапырақ,

Тыншығарсың сен дағы,

Сабыр қылсаң азырақ...»

(Абай, ІІ том, 94-бет)

 

Орысшасы:

 

«Горные вершины

Спят во тьме ночной,

Тихие долины

Полны свежей мглой.

Не пылит дорога,

Не дрожат листы,

Подожди немного -

Отдохнешь и ты...» (227)

 

Осы өлеңнің, әсіресе соңғы төрт жолын алсақ, орысшасына дәлме-дәл.
Әрине алдыңғы жолдарын да дәл емес деуге болмайды. Бір тілден екінші тілге аударғанда,
сөз орнын ауыстыру, бір сөздің орнына басқа синонимдер алу - аударманың жалпы
заңы. Оның бұдан басқа да бірнеше аудармалары - 
«Жалғыз жалау жалтылдап», «Қонады бір күн жас бұлт», т.б. жоғарғы
келтірген мысалдар тәрізді дәлме-дәл аудармалар. Абайдың дәл аудармаларының және
бір түрі деп «Онегиннің сыйпаты» (Пушкин), «Қанжар», «Жолға шықтым», «Терек
сыйы», «Дұға», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» (Лермонтов) атты өлеңдерін
айтуға болады. Мұнда өлеңнің буын, ұйқасы сақталмайды. Орыс тіліндегі өлеңнің
буындарының аз-көбіне қарамай, бәрін де қазақтың он бір буынды қара өлең ұйқастарымен
аударады. Лермонтовтан аударғандарының оригиналдары шалыс ұйқас (а-в-а-в-),
Абайда (а-а-в-в-) көпшілігінде - қара өлең ұйқасы. «Онегиннен» аудармасы да
осылар тәрізді буын ұйқастары сақталмайды. Бірақ бұларды да дәл аудармалардың қатарына
қосуға мүмкіндік беретін және бәріне тән бір нәрсе - оригиналдың өзіндегі
автордың айтайын деген ойын толық сақтап, ондағы образдарға дәл келетін қазақша
образды сөз табу. Жоғарғы аталған өлеңдердің қайсысын алсақ та, осы жүйені
берік сақтайды. Мысал үшін Онегиннің орысша, қазақша мінездемесін алалық.

Орысшасы:

 

«Как рано мог он лицемерить,

Таить надежду, ревновать,

Разуверять, заставить верить,

Казаться мрачным, изнывать,

Являться гордым и послушным,

Внимательным, иль равнодушным!

Как томно был он молчалив,

Как пламенно красноречив.

В сердечных письмах как небрежен!

Одним дыша, одно любя,

Как он умел забыть себя!

Как взор его был быстр и нежен,

Стыдлив и дерзок, а порой,

Блистал послушною слезой!» (228)

 

Қазақшасы:

 

«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,

Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен,

Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу,

От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,

«Дем алысым құмарым, бір сен» десе,

Жанын құрбан жолына қылған жансып,

Көз қарауы құбылар әлденеше.

Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырып орны келсе...»

(Абай, ІІ том, 69-бет)

 

Бұл өлеңді ұйқасы, не тармақтары (жолдары), буын саны бірдей
болмағандықтан, дәл емес деуге болмайды. Мазмұны, сол мазмұнды берудегі образ,
сөз мәндері дәлме-дәл. Сондықтан біз  мұны
дәлме-дәл аударма деп санаймыз. Дәл аударманың осы соңғы түрімен байланысты
айтылған «Қанжар», «Дұға», «Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз», «Терек
сыйы», «Өзіңе сенбе, жас ойшыл», «Еврей күйі» бәрі де «Онегиннің сыйпаты» тәрізді
ұйқас, буын сандарын сақтамағанмен, мазмұнын, образдарын бұлжытпай дәл беру әдісімен
аударылған. Кейбіреулерінде шумақ, не бірнеше жолдарын Абай аудармай  кететіні рас. Бірақ ол - өз алдына мәселе.
Біздің бұл жердегі айтпағымыз - ақынның неге аудармағаны емес, аударған
жерлерін, өлеңдерін қалай аударғаны. «Онегиннің сыйпатынан» келтірген үзіндінің
орысша, қазақшасын салыстыра оқыған адамға дәлдігі айқын. Кім аударса да, бұдан
артық дәл, бұдан артық жанды етіп аудара алуы екіталай.

Екінші түрі - ерікті аударма. Бұған жататындар - «Онегиннің
Татьянаға жазған хаттары», Крыловтан аударған кейбір мысалдар және қара сөзден өлең
еткен «Вадим» поэмасы. Бұлардың негізі ғана орысша. Абай олардың жалпы мазмұнын
өз сөзі, өз ұғуынуынша әдемілеп айтып береді. Солардың үлгісін ғана алып, өзінше
жазады. Бірақ жалпы сарыны, ізі сақталынады. Кейде өз жанынан сурет, баяндаулар
қосып, кейбір жерлерін мүлде тастап кетеді. Кейде орыстың ол кездегі жоғарғы
топтарының өмірінде аузына түспейтін сөздерді де Абай Татьянаның аузынан шығарады.

 

«Қаймақ еді көңілімде,

Бізге қаспақ болды жем.

Екі сөз жоқ өмірімде,

Мен де сорлы, бақыты кем...»

(Абай, ІІ том, 81-бет)

 

«Қаймақ пен қаспақ» - 
«Евгений Онегин» романында мүлде жоғы былай тұрсын, орыстың ол топтарының
адамдарының мүлде басына келмейтін сөздер. Абай аудармаларының екінші түрі -
осы тәрізді ерікті аудармалы өлеңдер.

Абай аудармаларын өзара екіге бөліп қарағанда, бірінші түрі қазақ
әдебиет тарихында ең үлгілі, ең сапалы аудармалар болып саналады. Өйткені Абай
- бір тілден екінші тілге аударылғанда сақталынуға керекті шарттардың негізін дұрыс
ұғынған ақын. Сондықтан да ол өлеңінің мазмұны, түріне қарап, әртүрлі әдіс қолданады.
Орыс тіліндегі өлеңдердің дәлме-дәл аударуға келетіндері болса, қазақ өлең құрылысынан
оған дәл, не жақын келетін түрлерді іздеп, «бұлжытпай» дәл беруге тырысады («Қараңғы
түнде тау қалғып», т.б.). Оған болмаса, мазмұнымен қолданған образдарын дәл
етіп береді. Бұл - аудару жұмысының жалпы заңы. Бір тілден екінші тілге аударғанда
қолданылатын ежелгі әдістің бірі.

Сонымен қатар Абай аудармаларының және бір үздік ерекшелігі
- қандай аудармашы болсын, өз тіліндегі көркемдік, құндылығын, құлаққа қонымды,
көңілге жағымдылығын қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде
сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуі. Бұл - аудармашыларда өте сирек
кездесетін қасиет. Басқа аудармашылардың аударған өлеңдерін оқып, оны
оригиналмен салыстырсақ, сөзі, мазмұны дұрыс болғанымен, оригиналдың өзін оқығандағы
әсерді аудармадан ала алмайсың. Және оқығанда-ақ аударма екендігі көрініп тұрады.

Абай аудармаларында ол жоқ. Дәл, бұлжытпай аударды деген өлеңдердің
өзін алсақ та, қазақтың өз өлеңдеріндей болып шығады. Оригиналмен салыстырсақ,
дәл оқысақ, өлеңнің өз тіліндегі әсері мен Абай аудармаларынан алатын әсерде
айырма жоқ. Міне, аударма жөніндегі Абайдың озат шеберлігі де, бұл күнге шейін үлгілігі
де осында.

Абай аудармаларының бұл тәрізді үздік болуының, бізше, үш түрлі
себебі бар: 1) өзінің үлкен таланттылығы; 2) орыс тіліндегі өлеңдерде қолданылатын
сөздердің тек жай мәнін ғана емес, әдемілік қасиеттерін терең ұғынуы; 3) қазақтың
өз тіліне ақынның мейлінше байлығы.

Пушкин, Лермонтов, Крыловтар - ұлы таланттар. Олар тәрізді ақындардың
өлеңдерін аударушы да талантты ақын болуы керек. Кез келген ақынның оларды ойдағыдай
етіп аудару қолдарынан келе бермейді.

Абайдан кейінгі қазақ ақындарының, не оның алдындағы
Алтынсариндердің аударғандары Абай аудармасынан әлдеқайда олқы жатуы, орыс
тілін Абайдан аз білетіндігінде емес, ақындық дарындарының жетпейтіндігінде.

Әрине орыс тілін жақсы білмесе, жеке талант та өз бетімен
аударма жөнінде ештеңеге арзымайды. Және тілді білу бар да, оның әдемілік қасиетін
ұғыну бар. Екеуі бір-бірімен байланысты. Бірақ бір емес. Тіл білген адамның бәрі
бірдей әрбір сөз, әрбір образдың әдемілік қасиетін түсіне бермейді. Тілдегі сөз
образдарының ой тербетіп, жан сүйсіндіретін әсерін сезіну тіл білген адамның бәрінің
қолынан келе бермейді. Ол үшін аударушы ақынның өзінде сол тілді жай жақсы
білу, түсінумен қатар, әдемілік қасиет күшін ұғып, түсіне білерлік ақындық жан,
үлкен талант болуы керек.

 

«Лилейная рука тебя мне поднесла,

В знак памяти, в минуту расставания,

И в первый раз не кровь вдоль по тебе текла,

Но светлая слеза - жемчужина стараданья.

И черные глаза, остановясь на мне,

Исполненны таинственной печали,

Как сталь твоя при трепетном огне,

То вдруг тускнели, то сверкали...» (229)

 

«Еркелі нәзік қолымен маған тиді,

Ұмытпа деп айрылған жерде берді.

Қан сорғалар жүзіне, жас сорғалар,

Қайғымен өртенгеннің белгісі еді.

Қара көз қарап маған көп қадалған,

Құпия қайғы өртеніп бойын алған,

Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған».

(Абай, ІІ том, 103-бет)

 

Осы екі үзіндіні салыстырсақ та, Абайдың орыс тіліндегі
образды сөздердің әдемілік, көркемдік қасиет, күші сезімге өз тілінде қалай әсер
етеді, оған теңдес қазақша қандай сөз қолданса, қазақтың өз ұғымынша қандай сөздер
әсерлі болатындығын терең ұғынғандығын, орыс тіліндегі қолданылған сөз
образдары мен қазақ тіліндегі қолданылған сөз образдарының жай ғана мәнін емес,
әдемілік күшін, әсерін ұға, түсіне білушілерге дәлелдеп жатудың қажеті аз.
Міне, осы жерден келіп, орыс өлеңдерін аударуға қазақ тілінің байлығының үлкен
орын алуы, яғни жоғарғы айтылған үшінші себебі келіп шығады. Егер оригиналды үздік
образдарды түсіне тұрса да, оған лайықты және қазақ оқығанда да ой тербетіп,
жан үзгендей сөз таба алмай қожыратса, бұлай болып шықпас еді. «Лилейная рука»
дегенді «апақай», «аппақ», «талдырмаш», «жіңішке» деп аударса да, мағынасын
берер еді. Бірақ ол толып жатқан синонимдерден «нәзік қол» дегенді таңдайды және
өте дұрыс, орынды таңдаған.

Лермонтов:

 

«Как сталь твоя при трепетном огне,

То вдруг тускнели, то сверкали...» -

 

десе, Абай да сол орыс тіліндегі күрделі теңеуді бұлжытпай,
күш-қасиетін өз қалпында сақтап:

 

«Болатша дірілдеген жалын көрген,

Бір күңгірт тартып және оттай жанған» -

 

деп аударады. Бұл күрделі теңеу орыс тілінде қандай үздік, әдемі,
қандай жан тербететін күшті, әсерлі десек, қазақшасы туралы да соны айта
аламыз. Сөйтіп, Абайдың шебер аудармашылығының негізінде ұлы талант орыс тілінің
әдемілік күш-қасиетін терең ұғу, қазақтың өз тіліне байлық, оны талғап, таңдап
ала білу жатқандығын көреміз.

Абайдың жалпы аудармаларымен байланысты тоқтауды керек
ететін және бір мәселе орыс әдебиетін терең білу және қазақшаға аудару Абайдың өзіне
не берді, қазақ әдебиетін дамытуда аудармалардың қандай мәні болды деген сұрақтарға
жауап бере кетуді керек етеді.

Бірақ аңғарған адамға бұл сұрақтардың бірқатарына «Абайдың қазақ
әдебиет тіліне енгізген жаңа сөз, жаңа сөйлемдері» деген бөлімде және эпитет,
теңеу, тағы басқа поэтик тілдердің түрлерімен байланысты бірқатар жауап
берілді. «Мүйіз шығар», «Сабағын айтып тынар», «Мен сынық жан», «тасты жол»,
«барасың қайда, қайда болмай маған?» деген тәрізді сөз қолданыстар немесе
«Апарар сырын білмес бір далаңға» орыс әдебиетінің үлгісінда жасалған образдар
деп жоғарыда айтылған болатын. Сол сықылды:

 

«Қатып қалған көзімде бір тамшы жас,

Төгілмей ме, бой жылып, о да ерісе?..» -

(Абай, ІІ том, 89-бет)

 

деген тамаша көркем образдардың тегін қуа келсек те, бірқатарының-ақ
негізі Пушкин, Лермонтовтарда жатқандығын көрі қиын емес. Жоғарғы өлеңнің
орысшасында:

 

«И если есть в очах застывших капля слез,

Они расстают и прольются...» -

 

делінген. Орыстың әдеби тілінің үлгісімен жасалынып, Абайдың
қазақ әдебиет тіліне кіргізген сөз образдарына осы еңбектің әр тарауында айрықша
тоқталып отырдық. Оларды қайталап айтудың керегі аз. Сондықтан бұрынғы
тарауларда айтылмаған, бізше, бұлар да орыс әдебиетінің үлгісінен алынған және
бір-екі әдіске тоқталалық. Бұлар - шебер құрылған диалог пен мінездеу.

Диалогтың түрі бұрын да бар. Қазақтың айтыстары диалогтан құралады.
Батырлар жырындағы кездесетін екі батырдың сөйлесулері, не билер сөздері - бәрі
де диалог. Бірақ айтыс жырларда кездесетін диалогтар көпшілігі тым ұзақ, тым шұбалаң,
әрқайсысының сөздері ұзын-ұзын монолог болып келетін. Өлеңде бір сөз, екі сөзден
құрылған және сөйлеушілердің мінез-құлқына тән, олардың бейнесін айқындауда үлкен
мәні бар, әрі қысқа, әрі шебер құрылған диалогтардың көрнекті үлгілері қазақ әдебиетінде
Абайдан басталды және бұл үлгіні де Абай орыс әдебиетінен алған. Өйткені олардың
көпшілігі аудармаларында кездеседі.

 

 

«Ағайынын, дос-жарын

Жиып алып үйіне

Жылады шағып мұң-зарын,

«Болыстық қыл» деп күйіне.

Бәрі ақылды, бәрі есті,

Бәрі желдей еседі.

«Болмас еді бұл» десті,

«Өзіңнен болды» деседі.

Біреу айтты: «Лапкіңді

Мұнша алысқа салмау ғой,

Аулаққа тастап әрнеңді

Бүйтіп қалып қалмау ғой...»

«Аузың күйді аулақтан,

Енді жақын салсаңшы

Қабаған біздің мойнақтан...

Бір күшікті алсаңшы!

Бір күшікті сіз үшін

Берейін, құда, келтіріп,

Жылда талай күшікті

Бос қырушы едім өлтіріп...»

(Абай, ІІ том, 117-бет)

 

Диалогқа өте шебер Крылов, Лермонтов, Пушкиндердің өлеңдерін
аудару  сол үлгіні қазақ әдебиетіне
енгізуге негізгі себеп болды.

Өлеңде өз сөздерінің арасына қатысушылардың мінез-құлықтарын
айқындайтын, соларға тән өздерінің бірді-екілі қысқа-қысқа сөзін кіргізіп отыру
әдісі де, не қаһармандардың өз аузынан шыққан сөз арқылы олардың образын жасау әдісі
де сол орыс әдебиетіндегі диалог, төл сөздерді қысқа, шебер түрде қолдана
білумен байланысты тәрізді. Бірінші, бұл үлгі Абайдан бұрынғы қазақ әдебиетінде
болған емес, екінші, Абайдың бұндай өлеңдері оның аудармалық еңбектерінен кейін
жазылған.

 

«Бай алады кезінде көп берем» деп,

«Жетпей тұрған жерінде тек берем» деп,

Би мен болыс алады күшін сатып,

«Мен қазақтан кегіңді әперем» деп.

Дос алады «Бермесең, бұлт берем» деп,

«Жауыңа қосылуға серт берем» деп.

«Бұзылған соң, мен оңай табылмаспын,

Неғылып оңайлықпен ырық берем» деп».

(Абай, І том, 46-бет)

 

 

2

«Болыс болдым, мінекей,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал

Қалмады елге тығындап.

Сүйтседағы елімді

Ұстай алмадым мығымдап,

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап...»

(Абай, І том, 87-бет)

 

Мұның біріншісінде автор өз сөзінің араларына оқиғаға қатыстырып
суреттеп отырған адамдардың төл сөздерін кіргізе отырса, екіншісінде, ұзақ
монолог ретінде болыстың өз сөзі арқылы оның мінез-құлқын көзге елестетеді.
Алдыңғысының да, соңғысының да адам образын жасауда мәні үлкен.

Абайдың орыс классиктерінен алған өте бір құнды әдісі - сөз
арқылы қаһармандарының мінез-құлық, ішкі сыр-сипатын ашу. Бұл - психологиялық
суреттеуде ерекше әдіс. Психологиялық суреттеуде ішкі әртүрлі сезім өзгерістері
көрсетілсе, мінездеуде адамның бойына берілген өзіне тән, басқалардан
ерекшеліктерін суреттейді.

Біреу күйгелек, біреу жеңілтек, біреу салмақты, біреу ақкөңіл,
біреу сұңғыла, әр адамның өзіне тән табиғи мінездері болады. Әрине бір адамда
бір мінез ғана болуы шарт емес. Бірнеше мінездердің басы қосылып, өте қиыннан қиысқан
мінездердің болуы мүмкін. Жалпы, әсіресе бірнеше қаһарман қатысқан сюжетті ұзақ
поэма, роман, әңгімелерде образ-типтердің бірі екіншісіне ұқсап кетпеу үшін,
мінездеудің мәні үлкен.

Абайға дейінгі қазақ әдебиетінің қай түрінде болсын,
мінездеу де өте кенже қалған әдіс болатын. Жырларда, не әртүрлі поэмаларда
мінездеулер не кездеспейтін, кездесе қалса, жұрнағы, сұлбасы ғана болатын.
Жырларда кездесетін батырлардың бір-бірінен онша айрылмай, барлығы біркелкі
болып кетушілігінің бір сабағы осы мінездеулердің бойы өсіп, бұғанасы қатпауымен
байланысты. Батырлар жыры, не осы жырлардағы бір батырдың екіншілерден
айырмашылығын көрсетпек болғанда, көбіне сыртқы портрет жағынан суреттеу арқылы
жекелей көрсететін.

Абай қазақ әдебиетінің бұл кемшілігін сезді де, орыс әдебиеті,
әсіресе Пушкин өлеңдерін аудару арқылы мінездеудің тамаша-тамаша үлгілерін қалдырды.
«Онегиннің сипаты» деп аталатын «Евгений Онегин» романынан аударған үзіндісі
адамның мінез-құлқын қалай суреттеу керектігін көрсетуде, бізше, өзіне шейінгі әдебиетте
жоғы былай тұрсын, күні бүгінге дейін теңдесі жоқ мінездеу.

 

 

«Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,

Дәмеленсе, күндесе білдірмеген.

Нанасың не айтса да, амалың жоқ,

Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,

Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен,

Кейде үндемей жүрсе де, сөзге баяу,

От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,

«Дем алысым құмарым, бір сен» десе,

Жанын құрбан жолына қылған жансып,

Көз қарауы құбылар әлденеше.

Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,

Қамыққансып, қайғырып орны келсе.

Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,

Қалжыңын білдірмейді қалай деген.

Жаның шошыр, ерлігі жаннан бөлек,

Кісіге балдан тәтті орны келген...»

(Абай, ІІ том, 69-бет)

 

Бірақ мінездеу жөніндегі Абайдың үзіндісі тек орыс әдебиетіндегі
жақсы үлгілерді аударуында ғана емес, өз бойына сіңіріп, өз шығармаларында да үздік
өнеге қалдыруында.

Абайдың поэмаларындағы Ескендір, Аристотель, Масғұт, Жәдігөй
шал, Әзім, Хан қыз образдарын, олардың әрқайсысының мінездерін жекелеп көрсетуде
шеберлігін былай қойғанда, өз кезіндегі болыс, билерді, атқа мінер қуларды сықақ
еткен қысқа-қысқа сатиралық лирикаларының өзінде де адамның ішкі сыр-сипатын өте
ашық, айқын етіп көрсетеді («Болыс болдым, мінекей», «Мәз болады болысың», «Дүтбайға»,
«Көкбайға», т.б.). Дүтбайға:

 

«Жылуы жоқ бойының -

Жылмиғаны неткені?

Құбылуы ойының -

Кетпей құйтың еткені.

Мұңды жылмаң киімін

Кезек киіп, ел жиып,

Болыс болса, түсінің

Түксігін салар тырсиып.

Бір көрмекке тәп-тәтті

Қазаны мен қалбаңы.

Дөң айналмай ант атты,

Бүксіп, бықсып ар жағы,

Сенен аяр түгі жоқ,

Бүгін жақсы көрініп.

Бүгін жалын, ертең шоқ,

Сөзі мен өзі бөлініп.

Әлі үміт, әлі серт,

Жын сықылды бұзылып.

Қулық емес, бұл бір дерт,

Тұрлауы жоқ құбылып...»

(Абай, І том, 214-бет)

 

Улы сарказммен жазылған сатиралық осы кішкене өлеңнің өзінен
де ақынның мінездеуге қандай ұсталығын көру қиын емес. Сондықтан басқа мысалдар
келтірмесек те болады.

Жоғарғы айтылғандарды қорытсақ, Абайдың аударма жөнінде де қазақ
әдебиет тарихында орны айрықша екендігін көреміз.

Бірінші, бұл - қазақ әдебиетінің даму жолындағы күрделі жаңа
адым. Екінші, қазақ жұртшылығын ұлы идея, үлкен қор, жоғарғы сатыдағы әдебиетпен
таныстырып, екі елдің рухани тіршілік мәдениет, әдебиеттерін байланыстыруға
берік дәнекер болды. Үшінші, орыс әдебиетін жақсы аудару, олардың үлгісінде жаңа
образ, жаңа сөз, сөйлем, қазақ әдебиетінде бұрын жоқ әртүрлі әдістерді әдебиетке
кіргізіп, қазақтың әдеби тілін бұрынғыдан да байытып, дамытты, ілгерілетті. Төртінші,
шет тілден өлеңдерді қалай аудару керек екендігінің бірінші рет жолын салып,
кейінгілерге үлгісін пішіп берді.

Абай аудармалары - бүгінгі аудармашылар үшін де көрнекті үлгі.