ВЕРНУТЬСЯ

    Қазақтың оқымысты, ағартушыларының ірі өкілдерінің бірі
Ыбырай Алтынсаринның өмірбаяны, оның ағартушылық жолындағы жұмыстары, жазушылығы,
педагогикалық еңбектері, көзқарастары жайлы жазылған мақала, таныстыру,
талдаулар көп (М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратпаев, С.Сүлейменов, Қ.Жармағамбетов,
т.б.).

            Алтынсаринның
творчествосын мұқият зерттеп, терең түсінгісі келгендерге бәрі де керекті.
Бірінде аз айтылған, не мүлде айтылмай, қалтарыста қалып қойған жазушының
кейбір құнды пікір, өмірге көзқарастары екіншісінде айтылады. Сондықтан олардың
барлығымен таныс болып, сын мұнарасынан әділ бағасын бере отырып пайдалану - әрбір
оқушы, зерттеушілердің келелі міндеті.

            Сонымен қатар
Ыбырай Алтынсарин туралы бірнеше монографиялық зерттеулер де бар. Солардың
ішінде Алтынсаринның өмірбаянын және ағартушылық ісі мен педагогикалық
ой-пікір, көзқарастарын мол қамтып, тереңірек зерттеген - Ә.Сыздықов жолдас.
Оның «Педагогическая идея и просветительство Ибрая Алтынсарина» (1949ж.) атты еңбегі
Алтынсаринды тануда бағалы еңбектердің бірінен саналуға тиіс.

            «Ы.Алтынсаринның
жазушылық қызметі туралы» жас ғалым Ә.Дербісалин жолдастың бірінші кітапшасы
1957 жылы шықты. Бұл жоғарғы аталып өткен еңбектердің негізінде жазылса да,
автор өзінше бірталай зерттеу жүргізіп, жаңа фактілер, салыстырулар арқылы көп
жұмыстар жасаған. Әсіресе бір құндылығы - бұрынғы зерттеушілерде кездеспейтін, Алтынсаринның
балаларға арналып, қысқа-қысқа, әр алуан тақырыпқа жазылған әңгімелерінің қайдан,
кімдерден алынғандығын айқындауы деуге болады. Бұл кітапта да оның өмірбаяны
айтылады. Сондықтан біз еңбегімізде Алтынсаринның өмірбаянына мейлінше аз тоқталамыз.

            Ыбырай
(Ибрагим) Алтынсарин 20 октябрьде 1841 жылы Қостанай облысы бұрынғы Аманқарағай
болысы, қазіргі Затоболь ауданында туған. Өз әкесі Алтынсары Ыбырайдың 4 жасар
кезінде өледі де, үлкен әкесі Балғожаның тәрбиесінде өседі.

            Балғожа Жаңбыршыұлы
- өз кезінің қабырғалы биі, патша өкіметіне де қызмет еткен адам. Бірақ оны өзі
қатарлы қазақтың басқа феодалдарымен салыстырғанда, өмір ағымының бет алысы қалай
бара жатқанын аңғара алатын адам болған. Балғожа ендігі жерде оқу, өнер-білім
керектігін ерте түсінген. Келешекте ел басқару үшін де, күнкөріс үшін де оқу қажеттігін
жақсы білген.

            1844 жылы
Орынборда қазақ балаларына арналған жетіжылдық мектеп ашу туралы патша ережесі
бекітіледі.

            Балғожа осы
ашылмақ мектепке 1846 жылы 5 жасар немересі Ыбырайды жаздырып қояды. 1850 жылы
23 августе орыс-қазақ мектебі ашылып, қазақтардан 30 бала алынады, солардың
бірі Ыбырай Алтынсарин болады.

            Жеті жылда
Ыбырай мектептен ойдағыдай, жақсы білім алып шығады.

            Мектеп
программасы бойынша арифметика, тарих, татар тілі, дін сабағы, тағы басқалар өтілсе
де, негізгі нысана орыс тілін жақсы білгізіп шығару болады да, басқалары осыған
бағындырылады. Өйткені орыс-қазақ мектебін бітіріп шыққан қазақ балалары писарьлік,
тілмаштық қызметтерін атқарып, патша чиновниктеріне көмекші болуын, солар арқылы
қазақ даласына патшаның саясатын молырақ, кеңірек таратуды мақсат еткендіктен,
орыс тіліне айрықша көңіл бөлінеді.

            Алтынсарин
1857 жылы мектепті жақсы бітіріп шығады. Біразырақ өз елінде писарь болып
істейді де, 1859 жылдан бастап Орынборда тілмаштық жұмысын атқарады.

            Алтынсаринның
жалпы білімін толықтыруда болсын, орыс тіліне жетілуінде болсын, не әлеуметтік
мәні зор ірі мәселелерге құлаш серпуінде болсын оның өмірінде шешуші орын алған
кез осы Орынборда болған жылдары тәрізді.

            Шығыс
зерттеушісі, профессор В.В.Григорьевпен жақындасып, оның бай кітапханасын еркін
пайдаланудың арқасында орыс әдебиетінің және шет елдердің ұлы адамдарының еңбегімен
мол танысады. Сөйтіп кешегі жетіжылдықты бітіріп, писарьлік, тілмаштыққа ғана
жарап жүрген Ыбырай Григорьевтің көмегі, өзінің талмай оқып, ерінбей еңбектенуінің
арқасында, 1860 жылдары елде учитель боп, бала оқытуға жарарлық дәрежеге шейін
көтеріледі. Осы мақсатпен ол 1860 жылы Торғайға келеді. Бірақ мектеп ашу оған оңайға
түспейді. Жаңа талап жас мұғалім кертартпа феодалдардың әртүрлі бөгеттеріне
кездесіп, көп қиыншылықтар көреді. Көп жылдар аңсап, өз өмірінің арманы болған
мектебі тек 1864 жылы ғана ашылады. Бұл оқытушылық жұмысында бес жыл болып, өзінің
оқу-ағартушылық майданында қабырғалы қайраткер екендігін танытады. Енді оны бір
мектеп емес, Торғай облысының барлық мектептеріне басшылық етіп, ақылшы,
жетекші боларлық орынға тағайындайды. Оны 1879 жылы облыстық мектептердің
инспекторы етеді. Қысқасы, 1864 жылдан бастап, 1889 жылға шейін Алтынсарин өзінің
барлық күш, барлық ынта-жігерін халық ағарту ісіне жұмсайды. Оның осы ағартушылық
жолында, әсіресе, тарихи еңбегінің бірі - көп жылдар бойы жоғарғы үкімет
орындарынан сұрана жүріп, ақыры 1887 жылы қазақ қыздары үшін Ырғызда
мектеп-интернат ашқызып, әйел балаларды оқыту ісіне өз халқының тарихында
бірінші рет жол салушылығы. Ыбырай қайтыс болғаннан кейін 1891-1896 жылдар
аралығындағы Қостанай, Қарабұтақ, Ақтөбе қалаларындағы интернатымен ашылған әйелдер
училищелері де Алтынсаринның ізденулерінің нәтижесі екендігі документ арқылы дәлелденіп
отыр. Қазақ балалары үшін ауылшаруашылық қолөнер кәсібіне үйретерлік училищелер
ашу туралы да көп ізденіп, үлкен әрекеттер жасағаны, ақыры Торғай қаласында
ремесленное училище ашуы, басқа қалалардағы ауылшаруашылық оқу орындарына қазақ
балаларын жіберуге, оларды орналастыруға күш салуы - бәрі де оның өз халқы үшін
істеген айбынды іс, ұмытылмас еңбектері екені сөзсіз.

            Алтынсарин
25 жасында Достарқызы Айғанысқа үйленеді. Айғаныстан Абдолла (1882ж.),
Абдрахман (1884ж.) атты екі ұл, Шәрипа деген бір қызы (1886ж.) болады. Ыбырай
балаларына өзі тәрбиеші болып, жасынан орыс тіліне үйретеді. Абдрахман
гимназияда оқып жүргенде жастай қайтыс болады. Абдолласы аурулы болған себепті
оқи алмайды (ол революциядан кейін өлген).

            Алтынсаринның
мектеп ашу, бала оқыту, ондағы тәлім-тәрбие жұмыстарын алдына нысана етіп қойып,
белгілі жүйемен жүргізу мәселесі өз алдына, сонымен қатар ол өзінің педагогтік,
тәрбиешілдік міндетін бір минут ұмытпай, оны әрбір ісінде жүзеге асыруға
тырысады.

            Оқыту,
мектеп жұмыстарынан тысқары кезде, халықтың көпшілігімен қоян-қолтық келіп, асқан
кішіпейілділікпен олардың мұң-мұқтаждарына зор көңіл бөлумен қатар, халықтың
жуан ортасынан шыққан талант иелері, ақын, әнші, әр алуан өнерпаздардың өсу,
ілгерілеуіне көмек көрсетіп, жетекшілік еткен.

            Күдері, Ақмолда,
Сейтахмет, Нұржан, т.б. ақындардың теріс бағытын оңға түзеуге кеңес береді. Күдері
де, Нұржан да ескішіл, кертартпалық көзқараста болған ақындар. Әйтсе де олардың
кейбір шығармаларының әдебиеттік, идеялық жақтарының жақсаруына Ыбырайдың ықпал
тигізгені сөзсіз. 1879-1880 жылы болған «Жалпақ қоян» атты жұтты суреттейтін ұзақ
өлеңін Күдері ақын Ыбырайдың кеңесімен жазады. Оның бұрынғы өлең, жырларына қарағанда,
бұл - анағұрлым бағалы шығарма.

            Көп ақындар
Ыбырайды өздерінің рухани басшысы білген. Сондықтан да олар Ыбырайдың
іс-амалдарындағы бұқарашылдықты, ел қамын сөз етіп, жұрт пайдасын ойлаушылығын,
ел арасындағы дау-шар мәселелерінде туралық, әділдігін өздерінің өлең-жырларына
арқау етіп, өзін әділдікті қолдаушы адам образының негізгі үлгісі етіп алған.
Мысалы, Сейтахмет ақын өзінің «Бір нашардың әділ төреге айтқан сөзі» деген ұзақ
өлеңінде бай мен кедейдің арасында болған бір дауға төреші болған оқымысты қазақтың
әділдігін көрсетеді. Дауды тыңдап болып, оқымысты төренің шындық кедей жағында,
байдікі даукестік, әлсізге жасап отырған зорлық екендігіне көзі жетеді де,
билікті кедейдің пайдасына шығарады.

            Алтынсаринның
өмірбаяны жөнінде көп материал берген және жақсы білетін оның шәкірті Әбдіғали
Балғынбаев: «Бір нашардың әділ төреге айтқаны» атты өлең Ыбырайдың өмірінен
алынған еді»1, - дейді (бұл өлең Алтынсаринның 1879ж. хрестоматиясына
енгізілген).

            Алтынсаринның
өмірбаянын сөз еткенде, айрықша көңіл аударарлық жайттың бірі - орыстың оқымысты-интеллегенттерімен
байланыс, қарым-қатынастары. Бұл бізде әлі жүйелі түрде зерттелмей келе жатыр. Әрбір
мақала, зерттеу еңбектерінде атүсті, шолу түрінде ғана айтылып жүрген пікірлер
бағалы, керекті екені рас, бірақ ол жеткіліксіз.

Алтынсаринның достасқан, істес, пікірлес болған адамдары ол
кездегі Орынбор, Қазан қалаларындағы шығыстану ғылымымен шұғылданушы ғалымдар:
В.В.Григорьев, Н.И.Ильминский, оқытушы және тіл ғалымдары В.В.Катаринский, А.А.Мазохин,
үйездік қызметкерлер Яковлев, Караулов, т.б. тығыз байланыста болды. Оқу-ағарту
мәселелері жөнінде олардың Алтынсаринға көп көмектері тиген. Әрине, Ыбырай
олармен достас, істес болғанда қазақ халқының келешек тағдырымен байланысты
барлық мәселелер жөнінде де пікірлес болды десек, қателескен болар едік. Кейбір
күрделі мәселелер жөнінде Алтынсаринның Ильминский, Григорьевтермен де
келіспейтін жайлары аз емес. Бірақ Ыбырай олардың ешқайсысымен араздасып, не
айтысып-тартыспай-ақ өзінің ойға алған жұмысын іске асыруға тырысқан. Бәрімен
де істесе білген. Бірақ ешқайсысының ықпалында кетпеген.

            Әрі мәдениетті,
әрі талантты педагог-жазушы, әрі мінезге бай, адамгершілік, жолдастық қасиеті
мол Ыбырай орыс жолдастарының арасында да мейлінше беделді, құрметті, бағалы
болады.

            1889 жылы
Ыбырай айлап ауырып, төсек тартып қалғанда орыс жолдастарының оны дәрігерге қарату
ісін ұйымдастырулары, ол қайтыс болған күні ақырғы рет қоштасу үшін қаладан көптеген
жолдастарының арнайы келуі, өлгеннен кейін Н.И.Ильминскийдің «Ыбырай Алтынсарин
туралы есте қалғандардан» деген атпен Қазан баспасында арнаулы кітап бастырып
шығаруы, жоғарғы айтылған Алтынсаринның жолдастары арасында беделді, құрметті
болғандығын және оның өзінің де, істеген жұмыстарының да тарихи-әлеуметтік мәні
зор болғандығын дәлелдейді.

            Қазақ халқын
мәдениетке үндеп, халық ағарту мәселесінде көп еңбек еткен қазақтың тұңғыш
педагогі, әрі ақын, әрі жазушысы Ыбырай Алтынсарин 1889 жылы дүние салды дедік.
Ол қайтыс болғаннан кейін орыс жолдастарының Ыбырай туралы жазған мақаласында
оның әлеуметтік ісі мен дүниетанушылық көзқарастарына әрі шындық, әрі дәл төмендегі
тәрізді үлкен бағалар береді.

    1Алтынсарин жөніндегі қолжазба, 10-бет. ИЯЛ қолжазбалар
фондысында сақтаулы.

            «Ыбырай
Алтынсарин қазақ арасынан шыққан тұңғыш кемеңгер адам еді, ол қараңғы көшпелі өз
халқының ішіне европалық цивилизацияның жарығын таратты және оларды Россияны сүюге
шақырды»1, - деді.

            Бұл -
тамаша дұрыс, мейлінше терең айтылған және күні бүгінге шейін мәнін жоймаған, Алтынсаринның
өмірі мен творчествосын зерттеушілердің әрдайым есінде боларлық құнды пікір. Әрбір
әлеумет қайраткерлеріне жақсы білетін тұстас, замандастарының қалай түсініп,
оны қалай бағалағандықтары көп жайттарда пайдалы, кейінгі зерттеушілер үшін ат
айдарлық меже деуге болады.

    Алтынсаринның
өмір сүрген дәуірі, жағдайы ол кездегі әлеумет өміріндегі тартыс, әлеумет қайраткерлерінің
өмірге көзқарастары, әдебиеттегі екі түрлі бағыт, ол тартыстарда Ыбырайдың жаңалықты
жақтаушы адамның бірі болғандығы кітаптың кіріспе бөлімінде айтылды. Біздің бұл
жердегі тоқталмағымыз - оның жазушылық қызметі.

            Кейде біз Алтынсаринның
ағартушылық ісі, жазушылығы деп бөле сөйлейміз. Мектеп ашу, бала оқыту, тағы
басқа игілікті жұмыстар жүргізгені, атүсті қарағанда, олар екі бөлек нәрсе
болып көрінетіндігі рас. Бірақ Ыбырай бұл шеңберге сыймайды. Өйткені ол - жай ғана
ағартушы емес, әрі оқытушы-педагог, әрі жазушы. Көп жайттарда оның бұл тәрізді
екі алуан профессиясы мидай араласып, жігін таптырмай жатады. Сондықтан оны
педагог-жазушы деп бір сөзбен ғана атауға болады.

            Ыбырайдың өмірі
мен ісіне көз жіберіп, оның жұмыс еткен жағдайын еске алсақ, таңғалмасқа
болмайды. Ол ісіне кіріскенде, сонау Торғай, Қостанай, Орынбор қолтықтарындағы қазақ
далаларында қараңғылықтың қаймағы бұзылмай, мұрты кетілмей жатқан болатын.
Татар молдалары арқылы, тағы басқа да жолдармен ел ішіне уын жая бастаған ислам
дінін таратушылар «балаңды орысша оқуға берсең, шоқынып кетеді» деп, елді үркітуге
барынша күш салды. Ыбырай, не Ыбырай тәрізділерді оқытып шығарғандағы миссионерлердің
ойлаған ойы мен көздеген мақсаттарынан Ыбырайдың ойлаған мақсат, көздеген
нысанасы мүлде басқаша болды. Олардың үстіне елдегі бай-феодалдармен, ең ар жағы
өз туыстарымен де оның тілек-мүдделері қабыспады. Ыбырайды оқытқанда «әкесінің
баласы болар» деп үміт етуші еді. Ол армандары орындалмады. Оқып, білім алып, өз
тізгінін өз қолына алған күннен бастап-ақ Ыбырай туыстарынан іргесін бөлек
салды. Олардың күткен үміттерін үзіп кетті.

 
 

1МНП жанындағы Педагогикалық ғылымдар институтының қолжазба
материалынан

Осы айтылғандардың бәрі де Ыбырайдың жолында бүк түсіп жатқан
үлкен-үлкен бөгеттер болатын. Өзімен білімі деңгейлес, көзқарасы бір серігі жоқ,
ен қараңғылықтың жуан ортасында жалғыз өзі болса да, Ыбырай бар бөгетке қарсы
барып, күрес майданына шықты. Сүйгені де, сүйенері де халық болды. Сол халықтың
келешегі үшін басын бәйгеге тігіп, желіні ұзаққа тартып, белсеніп іске кірісті.
Кезіндегі жағдаймен санаса отырып, Алтынсарин екі түрлі ірі мәселені алдына мақсат
етіп қойды: біріншісі - мектеп ашу, бала оқыту, жалпы халық ағарту жұмысы да,
екіншісі - халықтың ой-санасын жаңалыққа қарай бейімдеу жолындағы тәрбиелік
істері. Оның барлық іс-амалы мен бізге қалдырып кеткен мұраларына көз жүгіртсек,
амалсыз осы қорытындыға келеміз.

            Өзінің алғашқы
адымында-ақ ол мектептің ролін бірінші орынға қойды. 1871ж. 31 августа
Н.И.Ильминскийге жазған хатында жастарға дін мектептерінің басын қатырған
зияннан басқа ешбір пайда бермейтінін, халықтың ілгері дамуына бөгет жасайтындықтарын
айта келіп: «Қазақтардың білімге қол жеткізетін ең басты құралы - мектеп. Бірақ
даладағы мектептер шашылыңқы, сондықтан әлі пайдалы бола алмай отыр, әйтсе де
олардың үміт күтері - мектеп, тек қана мектеп және қазақ халқының болашағы да
мектептермен байланысты», - деді.

            Ол кезде
мектеп, оқу, оқыту мәселесіне әркім әртүрлі қарады. Қазақ ішінде мектептің, оған
бала оқытудың пайдасын тез ұққандар да, баласын орысша оқытатын мектептерге
беруден тартыныңқырағандар да болды. Тіпті үстем тап өкілдері, феодалдардың өздері
де бірыңғай болған жоқ. Ислам дініне берілушілер және ескілікті берік сақтағысы
келгендер қадым оқуын қолдады. Кейбіреулері өздерінше жаңаға қарай бейімделіп,
ел билеу үшін де, патша үкіметінің ұлықтарымен араласу үшін де орысша білу
керек деп ұқты да, балаларын жаңа мектептерге беруді мақұл көрді. Мұндайлар қазақтың
әр губерния, әр үйездерінен табылды. Бұлардың жерлері басқа болса да, аңсаған
арман, көздеген мақсаттары бір болатын.

«Үміт еткен көзімнің нұры, балам,

Жаныңа жәрдем берсін хақ тағалам.

Атаң мұнда анаңмен есен-аман,

Сүйіп сәлем жазады бүгін саған.

Атаңды сағындым деп асығарсың,

Оқуға көңіл бөлсең, басыларсың.

Ата-анаңды өнер білсең асырарсың,

Надан боп, білмей қалсаң, аһ ұрарсың.

Шырағым, мұнда жүрсең, не етер едің?

Қолыңа құрық алып кетер едің.

Тентіреп екі ауылдың арасында,

Жүргенмен не мұратқа жетер едің?» -

деп Балғожаның Ыбырайға жазған хаты тек Балғожаның ғана
емес, сол сықылдылардың бәрінің көздеген мақсатының бір арнаға құйылатындығын аңғартады.
Балғожа, не Балғожа сықылдылар баласын оқуға бергенде, оқы, білім ал, өнер үйрен,
соған қолың жетсе ғана ата-анаңды асырай аласың деп, оқудағы мақсатты қара
бастың қамына әкеліп тіреді. Бірақ сол 1850 жылғы орыс-қазақ мектебіне түскендердің
бәрі бірдей «әкесінің баласы» болған жоқ, оның іштерінен «адамның баласы», халықтың
баласы болып шыққандары да болды. Екінші жағынан, олар патша үкіметінің қазақ
балалары оқитын мектеп ашқандағы алдарына қойған мақсат-міндеттерін орындаудан
да бас тартты. Ата-аналары «оқу-өнеріңмен тек біз үшін қызмет ет» десе,
миссионерлер «біліміңді патша үкіметінің ықпалын қазаққа молырақ таратуға күш
сал» десе, Ыбырай тәрізді халықтың адал ұлдары алған білімдерін өз елін мәдениетке
жетелеуге, оқу, ағарту ісін өркендетуге жұмсады. Ол кезде надандыққа белшесінен
батып жатқан елді оқуға шақыру, мәдениеттілікке үндеу айтарлықтай тарихи іс
еді. Сол бір тарихи кезеңде әлеуметтік мәні зор үлкен іс, ауыр жүкті арқалаған
адамдардың бірі Ыбырай Алтынсарин болды.

            Ыбырай өзінің
көптеген бір алуан өлең, әңгімелерін жастарды оқуға шақыруға арнады.

«Оқысаңдар, балалар, 

Шамнан шырақ жағылар.

Тілегенің алдыңнан

Іздемей-ақ табылар.

Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!» -

деді.

            Кезінде бұл
өлеңнің тарихи мәні айрықша зор болды. Ақын бір жағынан, жастарды оқуға, білім
алуға үндесе, екінші жағынан, өмірдің бар қызығы тек қана байлықта деп ұғатын,
оқу-өнер, ғылым-білімге, оның жалпы халық үшін керектілігіне еш мән бермейтін
ескі көзқарасқа соққы берді.

            Өмірдегі
сарқылмайтын мол байлық білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін
ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндірді. Есті бала мен ессіз
баланы қарама-қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу керектігін көрсетті.

            Ақын «Өнер,
білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудағы мақсатты алдыңғысынан да гөрі
аша түседі. Балғожа сықылдылардың бала оқытқандағы арманы «ата-ананы асырау»
болса, Алтынсарин оқушылардың білімді адам болғандағы мақсат, міндеттері өз халқының
бір керегіне асу, оның прогрестік жолмен ілгерілеуіне жетекшілік жасау, мәдениет
жағынан салыстырғанда, басқалардан бірнеше ғасырлық кейін қалған өз елін,
«тастан сарай салдырып, айшылық алыс жолдардан, көзіңді ашып-жұмғанша хабар
алдыратын» елдердің қатарына жеткізу деп білді.

            Алтынсарин
мейлінше қиын жағдайда жұмыс істеді, талай бөгеттерге кездесті. Өтірік арыз,
«Жаптым жала, жақтым күйенің» неше түріне жолықты. Бірақ ол күрестен қажыған жоқ.
Әсіресе, оның келешекке сенімі зор болды. Аңсаған армандарын өзі орындай
алмаса, болашақ жастар орындайды деп білді. Елді қараңғыдан жарыққа шығаратын
жастар, тек қана жастар деген қорытындыға келді. Өзін қоршаған қараңғылық,
надандықтарды шеней келіп:

«Біз надан боп өсірдік,

Иектегі сақалды.

«Өнер - жігіт көркі», - деп,

Ескермедік мақалды.

Біз болмасақ, сіз барсыз,

Үміт еткен, достарым,

Сіздерге бердім батамды», -

деді.

            Ыбырай қазақ
жастарын оқуға үндеумен қатар, адамгершілікке, махаббат-достыққа, еңбекке,
жігерлілікке, тапқырлыққа, халқын сүюшілікке, қысқасын айтқанда, адам деген
ардақты есімді ақтай алатын кісі болып шығуға үндеді және жастарға бала кезінен
бастап дұрыс тәрбие бергенде ғана бұл міндеттерді іске асыруға болатындығын ол
жақсы ұғынды. Сондықтан Ыбырай өзінің оқытушылық, жазушылық, аудармашылық жұмыстарын
осы мақсатқа бағындырды.

            Балаға
жастай дұрыс тәрбие беру бүкіл дүниежүзіндегі педагог-ғалымдардың кәрі
замандардан бері үлкен көңіл аударып, айрықша көтерген мәселесінің бірі десек,
ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ даласынан оларған үн қосушы бірінші қазақ
педагогі - Ыбырай Алтынсарин. Бұл мәселе жөнінде ол көптеген педагогтердің, әсіресе,
орыстың алдыңғы саптағы ұлы педагог-ғалымдары К.Д.Ушинский, Л.Н.Толстой,
Бунакаковтармен пікірлес болды. Оның 1879 жылы басылған «Қазақ хрестоматиясын»
алсақ, әрі методология, әрі методика жағынан жастарға дұрыс тәрбие беруге лайықталынып
құралғандығын көреміз. Методологиялық жағы, татар тіліндегі әдебиеттер арқылы
далаға кең тарауға бет алған ислам діні, оның зиянды әрекеттеріне қарсы шығу,
оның орнына шын ғылым беретін жаңа принципті ұсыну және оны орыс алфавиті арқылы
өзінің ана тілінде тарату болса, методика жағынан, балалардың жастарына лайықты,
ең керекті материалды теріп жинастыру болды.

Бұл кітап 1) балалар өмірі туралы орыс тіліндегі әртүрлі хрестоматия,
көбіне Паульсонның хрестоматиясынан алынған әңгімелер; 2) әртүрлі жастағы
адамдардың өмірін суреттейтін әңгімелер; 3) қазақ жыршыларының өлең-жырларынан үзінді;
4) қазақтың мақал-мәтелдері тәрізді төрт бөлімнен құралады. Жинастырған
материалдарына да, құрастыруларына да автордың мейлінше ұқыптылықпен қарауымен қатар,
олардың тәрбиелік мәніне зор көңіл бөлгендігін де аңғару қиын емес.

            Соңғы
зерттеушілер (жолдас Ә.Дербісәлин) Алтынсаринның отыз бес аудармасының барлығын
айқындап және әңгімелерінің көпшілігі И.И.Паульсонның «Книга для чтения и
практических упражнений в русском языке» хрестоматиясынан алынған да, басқалары
К.Д.Ушинскийдің «Детский мир», «Родное слово», Л.Н.Толстойдың балаларға арналған
кітаптарынан алынғандығын анықтап отыр.

            Бұлардың көпшілігі
дәл аудармалар да, бірқатары - ерікті аудармалар. Кейбіреулерінде орысшадан тек
тақырып, сюжетін ғана алып, қазақтың өмірі мен тұрмыс-салтына жақындатып, өзінше
жазған деуге болады.

            Қалай болғанда
да жастарға дұрыс тәрбие беру үшін олардың дүниетанушылық көзқарасын кеңейту үшін
«Қазақ хрестоматиясының» тек өз кезі ғана емес, қазірдің өзінде де мәні зор.
Сондықтан да ол талай жылдар талай рет басылып, мектеп оқушыларына ұсынылып
келеді. Бұл кітапқа енгізілген әңгімелер: еңбек сүюшілік, оқу, өнерге ұмтылушылық,
отанын-елін сүюшілік,талаптылық, жігерлілік, іздемпаздық, кіші-пейілділік,
махаббат, қайырымдылық, адамгершілік, жинақтылық, тағы басқа осылар тәрізді жақсы
мінез-құлыққа тәрбиелеуге керекті мәселелерді қамтиды. Бұларға жалқаулықты, қиянатшылдықты,
надандықты, сотқар-лықты қарсы қойып, жастардың мұндай әрекеттерден аулақ
болуына жол көрсетті. Мысалы, Хрестоматияға енгізілген өлең, әңгімелердің
балалардың жасына, сана-сезіміне лайықталынып, педагогика ғылымының міндетті түрде
тәрбиешілерден талап ететін әдіс мәселесінің берік сақталынуы өз алдына,
сонымен қатар жоғарғы аталып өткен оқу, еңбек, талап, мейірімділік, тағы басқа
тақырыптарға арнаулы, қолға таяқ ұстатқандай әңгімелерді әдейі, саналы түрде таңдап
алғандығын да көрмей кетуге болмайды.

            Кітаптың
беташары оқуға шақырудан басталып, оның әлеуметтік мәнін түсіндіру болса,
сонымен қатар негізгі тақырыбының бірі - еңбек.

            «Өрмекші, құмырсқа,
қарлығаш» әңгімесінде, ең кішкентай жәндіктердің де өмір, тіршілік үшін тыным
таппай еңбек етіп жүретінін көрсете келіп, оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш,
өрмекші құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа дейді. Мысалы, Ыбырайдың «Әке
мен бала» деген шығармасында мынадай әңгіме айтылады: «Бір адам он жасар
баласын ертіп, егістен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп,
баласына айтты: «ана тағаны, балам, ала жүр», - деп. Бала әкесіне: «Сынып қалған
ескі тағаны не қылайын», - деді. Әкесі үндемеді. Тағаны өзі іліп алды да, жүре
берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен, соған жеткен соң әкесі қайрылып,
тағаны соларға 3 тиынға сатты. Одан біраз өткен соң, шие сатып отырғандардан 3
тиынға бірталай шие сатып алды. Сонымен шиені орамалына түйіп, шетінен өзі
бірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің
қолынан бір шие жерге түседі. Артынан келе жатқан бала да тым-ақ қызығып келеді
екен. Жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және
бір шие, одан біраз өткен соң және бір шие, сонымен, бала әрбір шие тастаған
жерге бір еңкейіп, шие теріп жеді. Ең соңында әкесі тоқтап тұрып, баласына
шиені орамалымен беріп тұрып айтты: «Көрдің бе, бағана тағаны жамансынып,
жерден бір ғана іліп көтеріп алуға еріндің. Енді сол тағаға алған шиенің жерге
түскенін аламын деп, бір еңкеюдің орнына, он еңкейдің. Бұдан былай есіңде
болсын, «аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боларсың, азға қанағат етпесең,
көптен құр қаларсың», - деді».

            Кейде сәл нәрсені
қомсынып, оған көңіл бөлмеушілік, «аз жұмысты қиынсынып», бойкүйездікке
салынушылық өмірде көп кездеседі. Бұл - жақсы әдеттің нышаны емес. Сондықтан
балаларды жастайынан-ақ бойкүйездікке, жалқаулыққа қарсы еңбекке тәрбиелеу мәселесіне
Ыбырай ерекше көңіл бөлген. Жастарды еңбек етуге дағдыландыруды үгіттеген оның
басқа да әңгімелері аз емес.

            Жазушы
«Атымтай жомарт» әңгімесінде еңбекті дәріптейді. Ешнәрсеге мұқтаждығы жоқ
Атымтай еңбектен ұдайы қол үзбейді. Бұл ел аузында ертегі-жыр болып кеткен,
ежелгі араб жұртының әңгімесі болатын. Ыбырай осы ел аузындағы ертегіні балаларға
арнап, әңгіме ұсынды. Әңгіменің идеясы да, кейінгілерге үлгі боларлық жағы да
Атымтайдың сөзінен анық көрінеді. Атымтай бір сөзінде: «Күн сайын өз бетімнен
тапқан пұлға нан сатып алып жесем, бойыма сол нәр болып тарайды. Еңбекпен табылған
дәмнің тәттілігі өзгеше болады екен», - дейді.

            Алтынсаринның
тәрбие жөніндегі негізгі тақырыбының бірі - талап. Талап етіп талпынбаса, адам
баласы ешбір алға баспаған болар еді. «Талапты ерге нұр жауар» деген халық мақалы
да өмір тәжірибесінен туған пікір. Жастық шақ - жігер, қайраттың толы кезі.
Бойдағы жасырын талант, өнерлерін жарыққа шығарып қалатын кез де осы. Ол үшін
талап керек. Әр нәрсені де жігермен істе, өзіңнің не нәрсеге қабілетің, ыңғайың
бар, қолыңнан не келеді, соны жақсы біл, қай өнердің соңына түссең, әрі өзіңе, әрі
қоғамға пайда келтіре аласың, талаптан да таңдап ал дейді. Кейде талаптың,
жігердің жоқтығынан жап-жақсы өнердің жарыққа шықпай кетуі де мүмкін. Сондықтан
өз талабыңмен өрге шық дегенді айтады. Міне, Ыбырай «Талаптың пайдасы» деген әңгімесінде
өзінің осы пікірін, негізгі идеясын жеткізіп бере алды. Әңгіменің мазмұны
мынадай: «Даңқты І Петр шіркеуге барып ғибадат етіп тұрғанда, сурет салып жатқан
бір баланы көреді де, оның не жасап жатқанын сұрайды. Бала: «Сіздің суретіңізді
салып жатырмын», - дейді. Петр суретті көрсе, мәз еш нәрсесі жоқ екен. Бірақ ақылды
Петр патша ол баланың суретке талабы бар екенін аңғарып, сурет салуға үйрететін
орынға бергізеді. Кейін сол бала үлкен суретші болады».

            Жазушының бұл
арадағы көздегені - Петрдің ақылдылығын көрсету ғана емес, жас баланың талабын,
сол талаптың арқасында неге қол жеткендігін көрсету, кім талап етсе, сол мақсатына
жететіндігін дәлелдеу.

            Ыбырай жас ұрпақтарға
дұрыс тәрбие беру, оларды жас кезінен дұрыс баулу мәселесіне ерекше көңіл бөлді.
Баланы дұрыс күт, түзу тәрбиеле, қисығын түзе, адасса айқын жолға сал деді. Бұл
жөнінде де елге үлгі боларлық әңгімелер жазды. Ыбырай осы тақырыпта жазған бір әңгімесінде:
«Жаздың бір әдемі күнінде бір кісі өзінің баласымен бақшаға барып, екеуі де
егілген ағашты көріп жүрді. «Мына ағаш неліктен тіп-тік, ана біреуі неліктен қисық
біткен?» - деп сұрады баласы. «Ата-анаңның тілін алсаң, ана ағаштай сен де түзу
болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық ағаштай бағусыз өсерсің. Мынау
ағаш бағусыз өз қалпымен өскен», - деді атасы. «Олай болса, бағу-қағуда көп мағына
бар екен ғой», - деді баласы. «Бағу-қағуда көп мағына барында шек жоқ, шырағым,
бұдан сен өзің де ғибрат алсаң болады, сен жас ағашсың, саған да күтім керек.
Мен сенің қате жеріңді түзеп, пайдалы іске үйретсем, менің айтқанымды ұғып,
орнына келтірсең, жақсы, түзу кісі болып өсерсің. Бағусыз кетсең, сен де мына қисық
біткен ағаштай қисық өсерсің», - деді.

            Бұл әңгіменің
оқушылар үшін де, оқытушылар үшін де үлкен тәрбиелік мәні бар. «Балан жастан»
дегендей, оған жас күнінен түзу тәрбие беру оның болашақ өмірі үшін керек.
Есейіп кеткен соң қисығын түзеу қиынға түседі. Кейде сол қисаюмен барып, мерт
болады. Ыбырайдың бұл әңгімесі қазіргі мектеп балаларын тәрбиелеу үшін де үлгі
бола алады.

            Махаббат,
мейірімділік туралы, әсіресе, «Мейірбанды бала», «Шеше мен бала», «Аурудан аяған
күштірек» деген үш әңгімесін алуға болады.

            Махаббат,
мейірімділік ата мен ананың үй-ішіне деген махаббатынан басталады.
Адамгершілікті ту қып көтерген ұлы адамдар да алдымен өз атасын, өз туғандарын
сүйеді. Олардың кейбіреулері өсе келе тек «атасының баласы болмай, адам баласы»
бола біледі. Тек өзіме ғана болсын деген мещандық көзқарасты аттап өтіп, адам
деген ардақты атқа ие болушылардың шын бақыты үшін қол созады.

            «Мейірімді
бала» әңгімесінде 13 жасар қыз патшаның үкімі бойынша қолы кесілуге бұйырылған әкесі
үшін патшаға арыз етіп, өз қолын кесуге ұсынады. Қыз: «Тақсыр, жұмыс жасап,
бала-шағаларын асырайтын атамның қолын қалдырып, мына менің қолымды кесіңіз», -
дейді. Мұнда жас қыздың тек қана атасы емес, анасы мен бауырларына деген де
махаббаты суреттеледі.

            Ананы қандай
түрде бағалап, қалай сүюдің айқын үлгісін жазушы «Аурудан аяған күштірек» деген
әңгімесінде айқын көрсеткен. Бұл әңгімеде аяғы сынған Сейт деген бала жанына аяғының
ауруы қанша батса да, анасын ренжітпеу үшін қабақ шытпағандығы айтылады. Автор
бұл көріністі былай суреттейді: «Сейт орам-ораммен жүгіріп бара жатқанда, бір
арбалы келіп, аңдаусыз соғып кетіп, аяғын сындырыпты. Ойбайлап жылап жатқан
баласын көріп, шошынғаннан шешесі талып қалыпты. Мұны көрген соң Сейт жыламақ түгіл,
сынған аяғын орнына салып таңып жатқанда да дыбысын шығармай, қабағын да шытпай
жатты. Сонда сынықшы кісі: «Аяғың ауырмай ма, қабағыңды шытпайсың?» - деп сұрайды.
Сейт шешесі шығып кеткен соң, демін алып, сынықшыға сыбырлап: «Ауырмақ түгілі,
жаным көзіме көрініп тұр, бірақ менің жанымның қиналғанын көрсе, әжем де қиналып
жыламасын деп жатырмын», - деді.

            Сейт шын мәнінде
мейірімді бала болып суреттеледі. Мұндай жастарда жалпы адамды сүйетін жақсы
мінездің біртіндеп өсетіндігі сөзсіз. Бала кезінен әлпештеп өсірген анасының қадірін
білген жас, алақанына салып аялап, тәлім-тәрбие беріп отырған ұлы анасы -
Отанын сүйетін, ол үшін де өз жанының ауырғанына ыңқ етпейтін нағыз отаншыл
болып шығады. Ыбырайдың бұл әңгімесінің идеясы - осы. Бұл әңгімені осылай түсінсек
қана Сейттің мейірімді мінезін дұрыс түсіне аламыз.

            Тәрбие мәселесін
сөз қылғанда, ерекше тоқтап өтуге керекті мәселенің бірі - Ыбырай еңбектерінде
түрлі елдердің мәдениет майданындағы өзара достық қарым-қатынастарды да
бейнелеп отырады. Ыбырай балаларға шетелдің жақсы адамдарын үлгі етуі - оның
жалпы адам баласының достық идеясын аңсағандығын көрсетеді.

            Ыбырай қазақ
халқын қалай еткенде тез көркейтуге болады деген сұраққа жауап іздеді, төбеге
шығып, төңірегіне қарады. Оның көзіне өскелең орыс елінің озық мәдениеті түсті,
осы мәдениетке бойұрды. Орыс халқы - қазақтың досы, үлгі-өнеге боларлық үлкен ағасы.
Біз осы халықтан үйренуіміз керек, идеясынан рух, мәдениетінен нәр, өнерінен үлгі
алуымыз керек деді. Сөйтіп, Ыбырай бұдан жарты ғасыр бұрын осы идеяның жаршысы
болды. Жаршысы болып қана қойған жоқ, оны өз қолымен іске асыруға кірісті.

            Біз жоғарыда
хрестоматияға енгізілген әртүрлі әңгімелердің Паульсон, Ушинский, Толстой, тағы
басқалардан алынғандығын көрсетсек те, талдау үшін мысалға келтірілген әңгімелерді
«Алтынсарин әңгімелері» деп атадық. Өйткені олардың аударма екені белгілі бола
тұрса да, орта мектептерге арналған оқу құралы, не кейбір мақалаларға көп
жылдар бойы шартты түрде солай жазылып келгендіктен, бұл ұғымды біз де шартты түрде
қолданып отырмыз. Екінші, сол тақырыптарды қамтитын оның өз қаламына тән де әңгімелері
болғандықтан («Асан мен Үсен», «Надандық», «Сейтқұл». Олар жөнінде кейін тоқталамыз)
аудармаларын да қоса «Алтынсарин әңгімелері» деп атауды ерсі көрмедік.

            Бұл жерде
біздің дәлелдемегіміз жастарға дұрыс, жақсы тәрбие берудегі оның көзқарасы мен үлгі
үшін кітабына енгізілген әңгімелерінің тәрбиелік мәнін көрсету болғандықтан
солай жалпылай атадық та, аудармалары туралы жазалған жеке зерттеулерге сілтей
бердік1.

            Екінші жағынан,
Алтынсаринның орыс авторларынан алған әңгіме, көркем шығармаларын қазақшалауында
ерекшеліктер де бар. Ол әңгімелерді аударғанда Алтынсарин барлық жерде түпнұсқасын
бұлжытпай, сол күйі аударуды принцип етіп қоймаған. Кейде тақырыбын, кейде
сюжетін, кейде баяндау әдісін өзгертіп, қайткен күнде де қазақ өміріне жақындатып,
қазақ балаларына түсінікті баяндауды негізгі нысана еткен. «Алтынсарин әңгімелері»
дегенде біз бұл жағын да еске алдық.

            Әңгіме
атында емес, тәрбиелік мәнінде, ол әңгімелердің өз кезінде атқарған қызметінде ғой.
Мәселеге осы тұрғыдан келсек, өзі жазған әңгімесі болсын, орысшадан аудармалары
болсын, Алтынсарин жазба әдебиетіміз тарихында балалар әдебиетінің негізін
салушы - атасы болды.

            Ыбырай Алтынсаринның
кезінде орыс не Европа елдерінде балалар әдебиеті сол елдің жалпы әдебиетінің
негізгі бір саласына айналып еді. Біздің қазақ жағдайында (ХІХғ.) Махамбет,
Абай тәрізді ұлы ақындарымыздың кейбір өлеңдерін айтпасақ, балалар әдебиеті жоқ,
не жоқтың қасы болатын. Бұл мәселені биік сатыға көтеріп, балалар әдебиетін
жасауға саналы түрде кіріскен бізде бірінші адам - педагог-жазушы Алтынсарин.

            Оған
шейінгі балалар әдебиетінің үлгілері тек фольклорымызда ғана болатын. «Жаңылтпаш»,
«Бесік жыры», «Құйыршық», «Қотыр торғай», «Өтірік өлең», «Жұмбақ», «Тазша бала»
туралы ертегілер, бәрі де жастардың ой-санасына лайықталынған балалар әдебиеті қатарына
жатады. Халық өздерінің дүниетанушылық көзқарастарына сәйкес кекілді жас,
келешек ұрпаққа өздерінше жақсы тәрбие беруге тырысты.

    Ал тарихи жазба әдебиетімізді алсақ, бұл мәселе ашығырақ
айтқанда, ескерусіз қалған болатын. Әлеуметтік мәні зор барлық істің тетігі
жастарда деп сенуші Ы.Алтынсарин басқа мәдениетті елдердің жазба әдебиетінің үлгісінде
өз халқы, оның келешегі үшін керекті балалар әдебиетін жасауға күш салды.
Орыстың педагог, ұлы жазушыларынан аудару, кейбір тақырып, әңгіме сюжетін оның өзінше
жазу, араб, түркі халықтарының қазақ ауыз әдебиетінен естіген, оқыған әңгімелерінің
іштеріндегі қызықтыларын балалардың ой-санасы, жасына лайықтап жазу және өз
жанынан да бірнеше әңгімелер шығару арқылы Ыбырай кейінгі ұрпақтары үшін аса құнды
мұралар қалдырды. Кейінгі жазба әдебиет өкілдеріне балалар әдебиетін қалай
жасау керектігінің үлгісін пішіп берді.

1Қай әңгімесі кімнен аударылғанын білгісі келген жолдастарға
Ә.Дербісәлиннің «Алтынсаринның жазушылық қызметі туралы» кітабының
114-115-беттерін қарауды ұсынамыз.

            Бұл салаға
жататын әдебиеттің өзіндік ерекшеліктері бар. Ол ең алдымен, уақиғалы, қысқа, қызықты,
тартымды болуы қажет. Мейлінше түсінікті, балалардың ұғымына жеңіл, тілі жатық
және әдеп-әркен, оқу, өнер, адамгершілікке жетектейтін тәлім-тәрбие берерлік
болуы шарт. Балалар ешбір зорланбай, қызыға отырып оқумен қатар, көздеген
нысана, ойлаған мақсат іске асуы керек. Яғни, автор әңгімесіне қандай мақсат қойса,
сол балалардың ой-санасында мәңгілік қалатын болсын. Сонда ғана әңгіме өз
міндетін атқармақ. Ыбырай әңгімелері осы шарттардың барлығына дәл келеді.

            Мысалы, жоғарғы
Паульсонның хрестоматиясынан алып, қаһарманына Сейт деп ат беріп, кейбір
жерлерін өзгертіп, қазақшалаған «Ауырғаннан аяған күшті» («Чувство любви сильнее
боли») дейтін әңгімесіне назар аударсақ, бірнеше жолдан ғана құралады. Бірақ
сол кіп-кішкентай әңгіменің ішінде оқиға бар, диалог бар. Қысқасы, өзінше
басы-аяғы бүтін, жап-жақсы шағын ғана шығарма болып шыққан.

            Бұл
келтірген мысалдардан басқа да Алтынсаринның аударған, өзі жазған қысқа әңгімелері
әрі тәрбиелік мәні үлкен, шеберлігі жағынан мүлтіксіз әңгімелері көп және өмір құбылысы,
адам өмірінің әр алуан жақтарын қамтиды.

            Солардың
ішінде, әсіресе, оның «Бай мен кедей баласы» атты әңгімесі айрықша көңіл бөлуді
қажет етеді.

            «Бай мен
кедей баласында» ел көшіп кетіп, ойламаған жерден жұртта ұмытылып қалған екі
баланың бастарынан кешірген бір тәуліктегі оқиғаны суреттеуге арналса да, тереңірек
қараған адамға автордың ой түйінінде көптеген сыр жатқандығын аңғаруға болады.

            Бұл әңгіме
сюжеті, құрылысы жағынан орыстың ұлы демократ жазушысы Салтыков-Щедриннің «Бір
шаруа екі генералды қалай асырады?» деген сатиралық ертегісіне ұқсайды.

            Ол әңгімеде
де екі генерал бір себептермен елсіз-күнсіз тоғайдың ішінде қалады. Екеуі де әбден
ашығады. Өздері амал жасап, тамақ табу, күн көрудің шарасын іздеудің орнына,
сол елсізден орыс крестьянын іздейді. Олар өзара сөйлескенде «Бір мужик тауып
алсақ, тамақ та, шарап та табылар еді, ол бізді қалай да асырар еді» дейді. Сөйтіп
жүргенде екі генералдың тілегі қабыл болып, елсіз тоғайдың ішінде ұйықтап жатқан
бір мужиктің үстінен шығады. Екеуі оны көрісімен-ақ: «Тұр, біз ашпыз, тамақ тап
бізге!» - деп әмір етеді. Бұрыннан оларды бағып қалған мужик, аң аулап, тұзақпен
құс ұстап, екеуін де асырап, еліне әкеледі.

            Барлық
салыстыру дәл шыға бермейді. Біз бұл мысалды келтіргенде Алтынсарин
Салтыков-Щедринді аударды, не соның әңгімесін көшіріп алды демек емеспіз. Біздің
бұл жерде айтпағымыз - екеуінің пікір ұқсастығы.

            Салтыков-Щедрин
өзінің әңгімелерінде шаруалардың күшін ақысыз-пұлсыз пайдаланудың арқасында өмірге
түк икемдігі жоқ адамдардың пайда болуын, мүгедек-дәрменсіздікке әкеліп тіреген
сол жағдай екендігін, сондықтан ондай қоғамның тозығы жеткендігін, енді өмір сүруге
правосы жоқтығын көрсетіп өлтіре шенеу Салтыков тәрізді демократ жазушыларға тән
болса, Алтынсарин әңгімесінің идеясы да солармен ұштасады.

            «Бай баласы
мен кедей баласы» атты Алтынсаринның әңгімесінде, бізше, үлкен идея бар.

            Ғасырлар
бойы еңбекшілерді қанап, халықты қанауды ата мирасындай көріп, соның арқасында үлде
мен бүлдеге оранып өскен бай баласының басына күн туғанда дәрменсіздігін
суреттеу арқылы жазушы сол қоғам құрылысының тамыры шіріп, оның адамдары өмірдің
жасаушысы, күресушісі емес, бишарасы, үстемдік етуші таптың үлкені - жауыздық
пен қаярлықтың қапшығы да, жасы - мүгедектіктің бейнесі деген қорытындыға
келетін сықылды.

            Шығармасының
бас геройы етіп, бай баласы мен кедей баласын алуының өзінде үлкен сыр жатыр.

            Егер оның көздегені
тек Үсеннің ақылдылығы, Асанның ақылсыздығы, яғни бір жастағы балалардың бірі ақылдырақ,
екіншісі ақылсыз болуы мүмкін екендігін көрсету болса, онда оларды екі таптан
шығарудың қажеті болмас еді. Жазушының бұл жерде көрсетейін дегені - биологиялық,
не психологиялық мәселе емес, әлеуметтік мәселе. Асанның есі дұп-дұрыс, дені де
сап-сау. Бірақ оған қарағанда, Үсен көш ілгері жатыр. Өмірмен бетпе-бет
келгенде, Асанның әлсіз, мүгедектігіне кінәлі де, Үсеннің өз құрдасынан асып түсіп,
бетпе-бет келген өмір қиыншылығымен алыса кетуіне негіз де тұрмыс. Өз бетімен
жерден еңкейіп шөп алмай өскен Асанды өскен ортасымен ақысыз-пұлсыз асыраған тұрмыс
өз бетімен күн көруге келгенде әлсіздікке, бишаралыққа ұшыратса, әкесін де, өзін
де өз күші, өз еңбегімен күн көруге дағдыландырған қиыншылық тұрмыс кедей
баласы Үсенді күрес ері етті.

            Асан да, Үсен
де жай ғана алына салған балалар емес. Бір - бай баласының, екіншісі - кедей
баласының типі.

            Жазушы өз
ортасынан үздік шығатын бірен-саран ақылды, талантты Үсендердің, не ақылсыз
Асандардың да болу мүмкіншілігін, әрине, жоққа шығармайды. Бірақ ол бай
балаларының көпшілігіне тән мінез Асанда, кедей баласының көпшілігіне тән мінез
Үсенде деп, оларды өз орталарының кейіпкері - типі етіп көрсетеді.

            Әңгімені
абайлап оқушыға жазушының симпатиясы Үсен жағында. Мұны олардың іс-әрекеттерін
суреттеуінен де, диалогтарынан да көру қиын емес. Жазушы болашақ та кедей
баласы Үсенде деп біледі.

            Асан мен Үсен
образына байланысты және бір айта кететін нәрсе, бай баласы мен кедей баласын
салыстырғанда, алдыңғысы ақылды, соңғысы ақылсыз келеді деген ескі ұғымға да
жазушы соққы бере кетеді.

            Сөйтіп
Алтынсарин «Бай баласы мен кедей баласында» өз кезіндегі қазақ даласындағы,
Обломов, обломовшылдықтың кішігірім бір көрінісін суреттеу арқылы соны туғызып
отырған негізгі себептердің бетін ашып, оқушыларын оған қарсы тәрбиелейді.

            «Надандық» әңгімесі
де көлемі шағын, бір-екі эпизодтан ғана құрылған кішкене әңгіме болса да, мәні
зор. Өйткені бұл қазақ даласындағы ғасырлар бойы серпілмей келген қараңғылықтың
бір алуан көрінісі және сол қараңғылыққа дін надандығы ұштасып, тұншықтыра түскен
ескілікке жаңа заман, жаңа адамның шығарған үкімі деуге болады.

            Алтынсарин
тек балалар ғана емес, үлкендердің өзін де еңбекке, отырықшылыққа, саудаға тәрбиелеу
мәселесін көтерді дедік. Бұл жөнінде «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімесінің мәні зор.
Автордың өзі: «... Тілеу Сейдалин сұлтанның куәландыруы бойынша, Сейтқұл 1830
жылдарда өліпті»1 дейді.

            Торғайдың
терістігі Қабырға өзенінің бойында қыпшақтардың барлығы, ол жерде «Сейтқұл қорғаны»
атанатын оба және осы тәрізді ел аңызы барлығы рас. Әрине «Сетқұл» оқиғасы
тарихи нәрсе емес, бұл - ел аңызы, сондай адам мен сол тәрізді өмірдің болуын аңсаған
үміт елесі. Зерттеушілердің міндеті - ол әңгімедегі оқиғаның болуы-болмауын дәлелдеуде
емес, Алтынсаринның басқа аңызды алмай, осы аңызды алып, оны көркем әңгімеге
айналдыруы, осының себебін ашу болу керек.

            Орыс
зерттеушілері Чернышевскийдің «Что делать?» романын сөз қылғанда, Вера
Павловнаның мастерскаясы, не ондағы еңбек ұйымдастыру мәселесі шынында болды ма,
жоқ па, оны сөз етпейді. Солай етіп көрсеткендегі автордың идеясы не еді, соны
ашуға тырысады. Бұны мысалға келтіргендегі мақсат - Алтынсарин «Қыпшақ Сейтқұл»
әңгімесін Чернышевскийден алды деу емес, бұл тәрізді әңгімелерді қалай талдаудың
керектігіне бағыт сілтеу ғана.

            «Қыпшақ
Сейтқұл» әңгімесінің сюжет негізі халық аңызынан алынғандығы талассыз. Бірақ қаншасы
халықтікі, жазушы өз жанынан нені қосты, ол арасын ашу қиын. Әйтсе де, халық
арасындағы көп аңыздан «Қыпшақ Сейтқұлды» таңдауы, бізше, кездейсоқ емес.

            Қай кезде
болсын, мәдениетті жазушы фольклордан сюжет негізін алғанда жай ала салмайды,
сол фольклор материалында жазушының идеялық бағытына сәйкестігі бар, кейбір жақтарынан
өз пікірімен өрістес, аңыздың шығу негізінде қиял да болса бір шындық нәрі бар
нұсқаларды алады.

            Бізше,
«Сейтқұл» аңызынан Алтынсарин де өз ойы, өз идеясының талшығын тапқанға, соны
дамытқанға және оған әлеуметтік мән беріп, аңызды шындыққа жақындатып, аңыз
адамдарын тарихи, хақиқат болған адамдар етуге тырысқанға ұқсайды. Әңгімесіне
реалистік түс беруі, бас геройының өлген жылы туралы, сөз арасында болса да
белгілі дата көрсетуі де осыны аңғартады. 

 
 

1Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы шығармалары. - Алматы, 1943ж.
- 39-бет.

            «Қыпшақ
Сейтқұлда» негізгі тақырып - еңбек. Сонымен қатар, отырықшылық, егін кәсібі,
сауда және еңбексіз, ұрлықпен күн көрушілік мәселелері. Жазушы осы төрт түрлі мәселенің
негізіне сюжет құрады да, оның әрқайсысына оқушыға бағыт сілтерлік өз көзқарасын
білдіреді.

            Еңбекті сөз
еткенде, Алтынсарин жалпы түрде емес, пайдалы және өнімді еңбекті ұсынады, адал
еңбек арқылы өмір үшін күрестің үлгісін және оның нәтижесін мынандай деп, басқа
елдің басшыларына - Сейтқұлды, бағынушыларына - оның соңынан ерген еңбекшілерін
үлгі етеді. Еңбексіз, ұрлықпен күн көрмек болған Сейтқұлдың ағасының сүйегі де
табылмай қалды. Сөйтіп жазушы «Еңбек түбі - ырыс», «Ұрлық түбі - қорлық» деген қорытындыға
келеді.

            Біз «Қыпшақ
Сейтқұлда» жазушының және бір көтерген мәселесі отырықшылық пен сауда мәселесі
дедік. Енді соған келелік.

            Қазақ халқының
негізгі тіршілігі - мал шаруашылығы, сол шаруашылықтың жағдайы көшпелілікті
керек етсе, ХІХ ғасырдың екінші жарымындағы әр алуан әлеуметтік шаруашылық жағдайлар,
әсіресе қазақ халқының көпшілігі болған еңбекші-кедей шаруаларының отырықшылануын
талап етті.

            1868 жылғы
«Жаңа низамнан» кейін жердің қазыналық болып, түгелдей патша өкіметінің
меншігіне айналуы, қырға капитализм элементінің қанат жая бастауымен байланысты
ескі феодалдық қоғамның өз ішінде әлеуметтік қарым-қатынастың өзгере бастауы
бір алуан жағдай болса, 1865 жылдардың шамасында қазіргі Қазақстанның Маңғыстау
өлкесінен басқа, түгел жайпаған «Жалпақ қоян» жұты халықтың көпшілігін
керегесіне таяп, қолына таяқ ұстатып кеткен жылдың бірі болды. Бұл жағдайды қазақтың
үстемдік етуші бай-феодалдары өзінше пайдаланып, кедей шаруаларды қанауын бұрынғыдан
да өршіте түсті. Олардың ауыр халдерін молынан пайдаланып, оларға «көтере алмаған
қосып арқалардың» кебін келтіріп, тұра алмастай несиеге малтықтырды.

            Қазақтың
кедей шаруаларының бұл кездегі осы тәрізді ауыр халі Шоқан, Алтынсарин, Абай тәрізді
адамдарын ойландырмауы мүмкін емес еді. Алтынсаринның «Қыпшақ Сейтқұл» аңызын әңгімеге
айналдыруының бір себебі осындай жайттармен байланысты тәрізді. Жоғарғы айтылған
әлеуметтік және шаруашылық жағдайлар ендігі кезде отырықшылану қажеттігін керек
етті. Ері мойнына кеткен кедей шаруалардың ауыр халін жақсартудың төте жолы
отырықшылану, сүйтіп, егін кәсібімен айналысу деген пікірді қазақ ағартушыларының
бәрі де мойындайтынға ұқсайды.

            Шоқан Уәлиханов
отырықшылану мәселесіне айрықша көңіл бөлсе, Абай:

«Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл!

Орынсыз ыржың,

Болымсыз қылжың,

Бола ма дәулет, нәсіл бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап мал ізде.

Адал бол, бай тап,

Адам бол, мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде,

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос»1, -

десе, Алтынсарин отырықшылану, егін кәсібін қолданудың қазаққа
пайдалы екендігін «Сейтқұл» әңгімесі арқылы үлгі пішіп, өнеге көрсетпекші
болады. Бұлар өзара кеңес құрып, келісімге келмесе де, ой-пікір, көздеген
нысаналары «әу!» дескендей, бір жерден шығады. 

            Егін кәсібінің,
әсіресе еңбекші кедей шаруалар үшін пайдалы кәсіп екендігін ұғыну бұл кезде,
ХІХ ғасырдың екінші жарымында, қиын мәселе емес болатын. Өйткені 1861 жылғы
реформадан кейін қазақ даласына орналастырылған орыс шаруалары Россиядан
малсыз-мүліксіз келсе де егін кәсібі, өздерінің адал еңбектері арқасында аз
жылдың ішінде-ақ ес жиып, етегін жапқаны, ауыр хал, аштық тұрмыстарын анағұрлым
жеңілдеткені Алтынсарин, Абайлардың көз алдында болған оқиға еді. Ал қазақ еңбекшілері
үшін егін кәсібін үйрену де бұл кезде оңайланған мәселе еді. Кімде-кім егін
егуді пайдалы кәсіп деп үйренгісі келсе, ауылы аралас, малы қоралас жатқан орыс
шаруаларынан үлгі алып, үйренуге болатын.

            «Сейтқұл» әңгімесіне
қарағанда, Ыбырай тек жалпы егін егу ғана емес, Түркістан маңындағы орашение мәселесінен
де толық хабардар екендігі аңғарылады. Әңгіменің бір жерінде: «Қабырғаның
бойына келгесін Сейтқұл қолына кетпен алып, отыз үйлі кедейіне де кетпен беріп,
жер тегістеп, егін егуге кірісті. Түркістан жағында көрген үлгісімен арық қазып,
су шығарып, егінге су жіберді»2 дейді.

            Алтынсаринның
бұл әңгімені саналы түрде, алдына белгілі мақсат қоя жазғандығын әңгімедегі
суреттелетін коллективизм мен оның айналасына жинала бастаған кедей шаруалардың
өзі-ақ дәлелдейді.

1А.Құнанбаев. Шығармаларының толық жинағы. 1945ж. -
71-72-беттер

1Ы.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалары. 1943ж. - 40-бет.

    «Мұны көріп,
- деді автор, - әрбір көшпелі елдегі жарлы-жақыбайлар да келіп, Сейтқұлға қосылып,
бес-алты жылда төрт жүз үйге таянды»1. Бұл сөздерге қарағанда, оның басқаларға үлгі
ететін елі рушылдық емес, таптық негізге құрылған еді.

            «Сейтқұл» әңгімесіндегі
бұл айтылған отырықшылану мәселесі Алтынсаринның негізгі нысанасы - ағартушылық
мәселесіне де дәл келді. «Болыстық мектеп көшкен елмен бірге көшіп» жұмыс
істеуі қажет деп Алтынсарин ұсыныс жасағанда, осы әдіспен оқыту әбден қолайлылығын
айтқан жоқ, сол жағдайда онан басқа мүмкіншіліктің жоқтығы, лажсыздықтың күні
еді. Ал отырықшыланған елде оқу жұмысын дұрыс жолға қою, көшпелілік жағдаймен
салыстырғанда, анағұрлым оңай, анағұрлым ыңғайлы екені тайға таңба басқандай айқын
нәрсе болатын. Сондықтан отырықшыланудың барлық жағынан халыққа пайдалылығы Алтынсаринның
әбден көзі жеткен мәселесі деуге болады. Демек, «Сейтқұл» әңгімесі - Алтынсаринның
ағартушылық идеясымен де сабақтас.  

            Бұл әңгімеде
сауда-саттық мәселесі де қозғалады. Әңгіменің бір жерінде: «Сейтқұл енді Бұхар,
Қоқанға мал айдатып, ол кенттерден қазақ қолы әртүрлі товар алдырып, жылда егін
піскен уақытта манағы қорғанда жәрмеңке реуішті базар болды, көшпелі халық
белгілі уақытта малын, жүн-жабағысын, тері-терсегін келтіріп, егіншілер оған
астығын, товарын айырбас етіп, осы қалыпты бір жағы егін, бір жағы саудамен
Сейтқұлың жұрттан асқан бай болыпты»2 дейді.

            Бізше, бұл үзіндіден
екі түрлі мәселенің беті ашылатын сықылды. Бірінші, Алтынсарин - өз кезіндегі қазақ
даласына ене бастаған капитализм элементін қолдаушы капиталистік даму жолы,
ескі феодализм қоғамымен салыстырғанда, анағұрлым прогрессивті жағы көп
екендігін дұрыс болжап, дұрыс түсінген адам. Бұл өз кезінде, сөз жоқ,
прогрессивтік пікір еді.

            Екінші, өз
еңбегімен күн көру, отырықшыланып, егін кәсібі арқылы кедей шаруалардың тұрмысын
жақсартуды ең керекті мәселе деп біліп және оны бірінші орынға қойса, мал жиып қоңданған
елге қосымша түрде сауда кәсібін ұсынады. Сейтқұл елінің бәрі теп-тегіс сауда
арқылы байиды. Сауда арқылы баю мүмкіншілігін жоққа шығармағанда, сауда болған
жерде қанау бар, қаналу бар. Демек, Сейтқұл елінің басына жазушы қаншама жұмақ
орнатамын деп «боз торғайды қой үстіне жұмыртқалатпақ» болса да, ол жері -
шындықтан тыс, қияли ғана нәрсе. Және саудагер жай халықты қанау арқылы ғана
байитындығын көре алмаушылық. Бұл жазушының өмірдің кейбір құбылысын топшылауда
аяғын шалыс басқан де кезі болғандығын аңғартады.

1Ы.Алтынсарин. Таңдамалы шығармалары. 1943ж. - 41-бет. 

2Бұл да сонда, 41-бет

            Сөйтіп, жоғарғы
айтылған пікірімізді қорыта келгенде, ақын және жазушы Алтынсаринның ХІХ ғасырдағы
қазақ әдебиетінің даму тарихында негізгі ролі - өзіне шейінгі әдебиетте болмаған
тақырып. «Тақырып дегеніміз - идея» деп Горький айтқандай, жаңа мәселе көтеруінде
өзінің алдындағы және өз кезіндегі әдебиеттегі кертартпа-ескішілдік, діншілдік,
мистикалық көзқарастарға өзінің барлық ісі, творчествосымен тойтара соққы
беріп, өз халқына болашағы мол прогрессивтік үлгі-өнеге ұсынуында. Бұл - бір.

            Екінші,
орыстың ұлы демократтарының еңбектерімен танысып, олардың революцияшылдық
жолмен ескі өмір құрылысын өзгерту идеясын толық түсініп, толық меңгеру, күреске
шақыру дәрежесіне көтеріле алмаса да, ескі өмірдің мызғымас салбөкселігін,
діннің уы қорғасындай халықтың ой-санасын уландырып бара жатқандығын, алуан түрлі
қанауға ұшырап жатқан халық көпшілігінің ауыр халін көріп, ескі феодалдық қоғамның
кейбір жақтарына ғана емес, оның негізіне қарсы шығуында. Келешегі жоқ, қараңғылық,
діншілдік тұманы басқан ескі қоғамның мұнан былай өмір сүруіне правосы аздығына
өз творчествосымен үкім шығаруында. Орыстың ұлы демократтарының Алтынсаринның көзқарасына,
творчествосына еткен әсерін де біз осы мәселенің айналасынан іздеуіміз керек. Үшінші,
Алтынсарин - ескі өмірдің надандығын көріп, тек сынаушы, халықтың ауыр халін көріп,
налушы емес, сол шытырманнан шығудың өз дәуіріндегі мүмкіншілікке сай дұрыс жол
көрсетушісі.

            Ескі өмірге
қарсы «Сейтқұл» елін, кержалқаулықтан зілі басқан, ақ алақандықтың арқасында дәрменсіздікке
айналдырғандарға қарсы - Сейтқұл, оның маңындағы атсыз геройларды, көпшілікке қарсы
- отырықшылық, надандыққа қарсы - ғылым, ағартушылықты ұсынды. Жұртшылыққа оқуды
- өнеге, «Сейтқұл елін» үлгі етті.

            Ыбырай Алтынсаринның
бұл пікірлерінің қайсысы болсын, қазақ әдебиетінде бірінші рет айтылған жаңа сөз,
жаңа пікір, өзіне шейінгі әдебиеттегі зиянды идеологиялық сарынға қарсы ашылған
майдан, белдескен күрес. ХІХ ғасырдың екінші жарымында қазақ әдебиетінің даму
жолындағы оның үлкен ісі, негізгі ролі осы айтылған идеологиялық майданында жүргізген
күресінде деп білуіміз керек.

            Біз жоғарыда
орыстың демократтық бағыттағы әдебиет пен Алтынсаринның идеологиялық байланысы
туралы қысқаша айтып өттік. Оның орыс әдебиетімен үндес, туыстас жақтарын, тек
жоғарғы аталған шығармалары ғана емес, басқа да өлең-әңгімелерінен көруге
болады.

            Алтынсарин орыс
халқын қалтықсыз шын жүректен сүйді, оның мәдениеті дүниежүзі мәдениетінің алдыңғы
сапындағы мәдениет екенін, әдебиеті бүкіл Европаға әсерін тигізе бастағанын, әлемді
таңғалдырған демократтық ұлы идеялардың қайнар бұлағы да орыс елі екендігін ол
дұрыс түсінді.

            Ұлы орыс
халқына, оның мәдениетіне деген сүйіспендік Алтынсарин шығармасына өзек болып
тартылды, оның шығармаларының бір саласы - орыстың ақын-жазушыларынан аударма.
Ақынның игілікті бұл еңбегі де далаға кеткен жоқ. Орыстың ұлы классик ақындарын
аудару, олардан үлгі алу арқылы Алтынсарин қазақ әдебиетіне жаңаша леп беріп,
жаңа бағыт сілтеді. Сол арқылы өзіне шейінгі қазақ әдебиетінің фольклорлық қалпын
өзгертпекші болды.

            Ол ең
алдымен, қазақ әдебиетіне басня-мысал өлеңінің түрін енгізді. Оған шейінгі қазақ
поэзиясындағы қара өлең, қайым өлең, толғау, жыр тәрізді өлеңдер, орыс әдебиетінің
үлгісінде тәрбиеленген ақынға аз, жеткіліксіз 
көрінді. Екінші жағынан, бұл мысал өлеңдер оның алдына қойған негізгі
тілегіне дәл келді. Өз кезіндегі қоғамның салтына айналған зорлық, зомбылық,
екіжүзділік, қаярлық, өзімшілдік, менмендік, жалқаулық, пәлеқор, парақорлық тәрізді
өмірдің көлеңке жақтарын өлтіре сынап, бүккенін жазып, бүкпегенін ашу үшін, улы
сарказм, өткір иронияға толы орыс халқының ұлы ақыны Иван Алексеевич Крыловтың
мысал өлеңдері оның көңіліне қона кетті. Өз кезіндегі орыс өмірінің қалтарыс жақтарының
бетін ашып, Белинский, Добролюбов тәрізді әділ төре, қатал сыншылардың сотына
тартқан орыстың дана ақыны Крыловты Алтынсарин өзінің ұстазы деп білді. Өмірдің
әр алуан құбылысы жөніндегі Крыловтың көзқарасын өзіне өнеге, кейінгілерге үлгі
етті. Ыбырай аударған «Егіннің бастары», «Екі шыбын», «Қарға мен түлкі», «Қайырымды
түлкі» өздерінің мазмұны жағынан да қазақ әдебиетіндегі көрнекті аудармалардың
төрінен орын алады.

            Алтынсаринның
орыс әдебиетінен үйрену арқылы қазақ поэзиясына және бір енгізген жаңалығы -
табиғат лирикалары.

            Табиғат -
тек байлық кені, адам баласы рызығының сарқылмас қазынасы ғана емес, көркемдік,
сұлулықтың да әлемі. Сарғая атқан таң, қызара батқан күн, дірілдеген сәуле, үдере
көшкен бұлт, жайнаған жаз, құлпырған жазық, асқар алатау, тулаған теңіз, дүлей
орман - барлығында да өзінше әдемілік, әр алуан сұлулық, ақын-жазушылардың
эстетикалық сезімін оятарлық күш, қиялын серпінтерлік қуат бар. Табиғат, оны
суреттейтін өлеңдердің мәні туралы ұлы сыншы Белинскийдің: «Табиғат - ақынның
алғашқы оқытушысы, рух берушісі...», «Табиғатты сүйе білу - ақындық рух, ақындық
шабыттың алғашқы адымы» дейтіні де сондықтан.

            Мәдениетті
елдердің ұлы ақындарының қайсысын алсақ та, табиғаттың әр алуан кезі мен көрінісін
шебер суреттеген, ақынның ой-пікір, сезім күйін оқушыларына жай өлеңдерден анағұрлым
тез жеткізетін табиғат лирикаларын жалпы әдебиет тарихында аз кездестірмейміз.

            Ал қазақтың
ХІХ ғасырдағы поэзиясын алсақ, шын мәніндегі пейзаждық өлең жоқ деуге болатын.
Табиғаттың кейбір құбылыстарын басқа жағдайлармен байланысты:

«Мұнар да, мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн» (Махамбет).

не,

«Ылдиы жоқ, өрі жоқ,

Ат тайғанар жері жоқ,

Жазып салған кілемдей,

Аман бол қайран, жерлерім», -

дегендері тәрізді сөз арасында ғана суреттелетін табиғаттың
кейбір көріністері болмаса, табиғат құбылысы өз алдына жеке алынып, оқиға да,
герой да өзі, ақынның ой-пікірлері де сол пейзаждың өз ішінде түйіндеген пейзаждық
өлең жоқ десек, қателеспейміз.

«Қараңғы түнде тау қалғып,

Ұйқыға кетер балбырап.

Даланы жым-жырт, дел-сал қып,

Түн басады салбырап...»

    Пейзаждық өлеңмен
машықтану немесе ақындардың табиғатқа барулары, табиғатты сырласар әлемі, сүйсінер
керегі деп білушіліктің сан түрлі себебі, әр алуан сыры мен шыны бар. Оның әрқайсысына
жеке тоқталып, әлеуметтік-таптық сырын ашу - өз алдына жеке бір мәселе. Сондықтан
Алтынсаринның табиғат лирикаларына келелік.

            Алтынсаринның
бұл тақырыптағы бізге мәлім өлеңдері: «Жаз», «Өзен», «Жаз шыққанда». Бұл өлеңдердің
алдыңғы екеуі - шын мәніндегі лирикалық өлеңдер. Мұнда негізгі тақырып та,
герой да табиғат құбылысы. Автордың ойын да, сезімін де, айтайын деген пікірін
де сол пейзаждың өзінен көруге болады. «Жаз шыққанда» атты өлеңі - пейзаждан гөрі
де портретке жақын, жаз кезіндегі ел өмірінің картинасы. Мұнда сол жаз
кезіндегі адамдардың қарым-қатынастары, күйініш-сүйініштері суреттеледі. Табиғат
сол қарым-қатынастардың фоны ғана.

            Алтынсаринның
пейзаждық өлеңдері - қалай болса, солай жазыла салған, табиғаттың әр алуан кезі
мен кезеңдерін құптау, не машықтау емес, бәрі де өмір шындығы, ел тіршілігінің
сәулесі.

            Қатал табиғаттың
ойыншығы тәрізді қыста қысылып, жазда ғана кеуде керіп дем алатын көшпелі елдің
көңіл-күйлері мен өздеріне тән, ерекше тұрмысы шебер түрде суреттелмеген деп
таласу қиын.

            Алтынсаринның
пейзаждық өлеңдерімен байланысты айта кетуді керек ететін бір нәрсе, өмір құбылысын
пейзаж арқылы шебер суреттеу әдісі де Алтынсарин, Абайлардан басталады.

            ХІХ ғасырдағы
қазақ поэзиясына негізгі тән, өлеңнің негізгі түрлері - саяси лирика мен дидактикалық
өлеңдер болатын. Үздік талант иелері Махамбет өлеңдері мен Біржанның айтысын ғана
алмасақ, өмір құбылысына суреттегенде, оны полотноға түсіретін суретшілердің
портреттері тәрізді, суреттемек объектісінің әрбір қимылы мен қыбын, кескіні
мен түсін, ісі мен әрекетін, бояуын қандыра, жеріне жеткізе суреттеу болған
емес. Өмір құбылысын бұл тәрізді барлық жағынан мүлтіксіз етіп, тым шебер, аса
міскерлікпен және өмірдің шындығына дәл етіп суреттеу әдісінің Алтынсарин,
Абайлардан бері ғана үлгісі салынды.

            Алтынсаринды
орыс әдебиетінен үлгі алды дегенде айрықша тоқтауды керек ететін бір мәселе -
оның қара әңгімелері. Ең алдымен, өз қаламына жататын новеллалары.

            Алтынсаринға
шейінгі қазақ әдебиеті - түп-түгел поэзия. Ауыз әдебиетіндегі ертегі әңгімелерді
ғана айтпасақ, тарихқа аты мәлім ХІХ ғасырдағы қазақ ақындарының біреуі де қара
сөз жазған емес. Тіпті ұлы ақынымыз Абай да көркем қара сөзбен шұғылданған жоқ.
Эпостық жанрдың бұл түрін жасауда бірінші рет қолына қалам ұстап, әдебиетімізге
соныдан жол салып, үлгі пішкен жазушы - Алтынсарин. Сондықтан оны қазақ әдебиетіндегі
көркем қара сөздің негізін салушы атасы десек, мақтау емес, шындық.

            Қара сөз
жазудың үлгісін де Алтынсарин орыс әдебиетінен алғаны айрықша дәлелдеуді керек
етпейді.

            Оның жоғарғы
талданылып өткен «Бай баласы мен кедей баласы», «Надандық», «Қыпшақ Сейтқұл» әңгімелері
бізді өзінің мазмұны ғана емес, көркемдігі, композициялық құрылысының
шеберлігімен де қызықтырады.

            Бұлардың бәрі
де шебер жазылған новелла. Новелла - эпостық жанрдың әріден келе жатқан түрі.
Оның өзінше даму тарихы, әр дәуір, әр жағдай, кезеңдерге, авторларының таптық көзқарастарына
байланысты әр алуан болатындықтарын атап өтіп, кейбір өзіне тән ерекшеліктеріне
ғана тоқталалық.

            Шын мәніндегі
новелла өмір құбылысының жұртшылық үшін ең керекті, ең маңызды жағын алады да, әрі
қысқа сюжетті, әрі ауызша айтып беруге лайықты оқиғаға құрады. Әңгіме көбіне
бір не екі эпизодтан ғана құралады. Әрдайым оқиғаның шешуі оқушының күтпеген
жерінен шешіледі.

            Осы айтылған
ерекшеліктер Алтынсаринның новеллаларында шебер түрде қолданылады. Новелла
жазамын деушілерге, бізше, оның әңгімелерінің күні бүгінге дейін үйренерлік жағы
көп.

            Біз өткен бөлімдерде
Алтынсаринның өмір құбылысын шындық-реалистік тұрғыдан суреттейтіндігін сөз
арасында айтып өттік. Бірақ ол - жеткіліксіз. Өйткені ХІХ ғасырдың екінші
жартысындағы қазақ әдебиетінің негізгі методы реалистік әдіс болды. Бұл жайт
сол әдеби бағыттың ең басты өкілдерінің бірі Алтынсарин шығармаларында өзінің қандай
сәулесін қалдырғандығын аша түсуді керек етеді.

            Алтынсаринның
ел арасында көп болғандығы бізге өмірбаянынан мәлім. Бұл оның жалпы қазақ жақсы
білуі үшін ең қажетті жағдайдың бірі болды. Жаратылысында сезімтал, аңғарымпаз
және өз халқының ауыр халін көріп, оны жеңілдету үшін көркем туындылары арқылы
ат салысқан орыстың ұлы классиктерінің даналық еңбектерімен жақсы таныс Ыбырай
- өз кезіндегі әлеуметтік өмірдің жай-жапсарын жай ғана бақылаушы емес, бүккенін
жазып, бүркегендерін ашушылардың да бірі. Ең алдымен ол қазақ даласындағы әлеуметтік
теңсіздікті көре білді.

            Теңсіздік мәселесі
сонау хандық замандардан бері қарай келе жатқандығын, үстемдік етушілер өз қожалықтарын
жүргізу үшін қандай сұмдықтан болсын жерінбейтіндіктерінің бетін ашты. Өзінше өлтіре
шенеді.

 

                        ***

Азған елдің хандары

Тақ үстінде отырғандары.

Жарлыдан алып байларға,

Сыйлар берсе керек-ті...

 

                        ***

Азған елдің билерінің

Барар болсаң алдына

Алым берсең тамағына,

Қарар ма ол сенің әліңе,

Қорадағы малыңа.

Төре берсе керек-ті...

 

                        ***

Азған елдің байлары

Ұлық тұтар басын-ай,

Қайда дәулетті болса,

Берер соған асын-ай.

 

                        ***

 

Азған елдің молдасы

Үлкен болар сәлдесі.

Аса бауыр қылмаңыз,

Оның рас емес алласы.

Көрмей-білмей біреуге,

Куәлік берсе керек-ті.

            Тағы басқа
осылар тәрізді қожалық етуші, арамтамақтардың көпшілікке шын бейнесін ашып
береді. Қазақ өмірінде нақ осындай іс-әрекет, мінез-құлықтардың болғандығы
даусыз. Сондықтан мынау көрсеткені шындыққа қайшы деп ешкім де таласа алмайды.

            Өмір құбылысын
реалистік әдіспен суреттеуде оқушылардың айрықша көңілін аударарлық Алтынсарин
шығармаларының бір алуаны табиғат лирикалары - «Жаз», «Жаз шыққанда», «Өзен».

            Бұл өлеңдердің
лирикалық жағы қырдағы жаз көріністеріне сүйсіну, сезіне, толқына жырлау, құбылысқа
өзінің көзқарасын көрсету десек, мал баққан елдің қыстан қысыла келіп, жазға
жеткендегі тынысының кеңуі, қуаныш-шаттықтары шындық түрде мейлінше шебер
суреттелінеді.

 

... Бір малы шаруаның екеу болып,

Қыстаудан ауыл көшер алуан-алуан.

Күлісіп, құшақтасар, әзіл етер,

Әйелдер көш жөнелтіп кейін қалған.

Жүгіріп киік, құлан тау мен қырда,

Қуанып ықыласпен келген жылға...

Алыстан мұнарланған сағымдары,

Шақырып тұрар күліп, кел деп мұнда!..

 

            Осы тәрізді
Алтынсаринның ана туралы өлеңдері де өзінің өмір шындығын дәл берушіліктерімен құнды.

            Ыбырай
Алтынсариндағы реалистік әдіс туралы сөз қозғағанда және бір көңіл аударарлық
жайт - образ, сөз қолданыстарының өмір шындығына сәйкестігі. Үздік теңеу, асқақ
әсірелеу Алтынсаринде кездеспейді. Теңейтін нәрсесі де өмір шындығында кәнігі,
жұртшылыққа таныс құбылыстар. Не өмір көрінісінің, не адам қимылын көзге
елестету үшін жазушы дағдыдан тыс не үлкейтіп, не кішірейтіп көрсетуге
тырыспайды. Қандай құбылысты болсын, сол өз қалпында көрсетуге лайықты сөздерді
таңдайтыны аңғарылды.

            Бұл бірінші
жағынан, оның өмір құбылыстарын суреттеудегі реалистік әдісімен нық байланысты
десек, екіншіден, педагог-жазшы Алтынсаринның қазақ тілін ұлттық тіл дәрежесінде
сақтау, оның тазалығы үшін күресу идеясымен байланысты.

            1871 жылы
31 августе қазақтар үшін орыс әліппесін алудың пайдасы жайлы Н.И.Ильминскийге
жазған бір хатында Ыбырай: «Орыс әрпін қолданумен байланысты қазақ тіліне
орынсыз кірген араб, татар сөздерінен тазарды. Орыс әрпімен жазғанымызда ғана сөзіміз
дұрыс жазылатын болды. Қазір молдалар оқытып жүрген араб, парсы, татар
тілдерінде шыққан діни кітаптар бізді кері кетіреді, таза ойымызды кірлетеді,
басымызды құммен толтырады, таза тілімізді шұбарлайды»1 деді.

   1Ыбырай Алтынсарин. Таңдамалы
шығармалары. - Алматы, 1943ж. - 6-бет.

            Бұл тарихи
жағынан да, теориялық жағынан да қырағылықпен, өз халқының келешегіне ғажап
болжампаздықпен айтылған пікір болатын. Бұдан бір жүз отыз жыл бұрын Алтынсарин
әліппе жөнінде ұсынған бұл жобасының дұрыстығын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Жалғыз
қазақ қана емес, шығыс халықтарының қазір көпшілігі орыс тілінің графикасына
негізделген жаңа Әліппені қабылдап алды. Қай жағынан болсын бұл шығыс халықтарының
мәдени дамуларындағы игілікті іс, үлкен табыстарының бірі екендігі сөзсіз.

            Қорыта айтқанда,
Алтынсаринның өз халқын оқуға, өнерге үндеуі надандыққа, зұлымдыққа қарсы шығуы,
сол кезде әлеумет өміріндегі теңсіздіктің бетін ашып, өмір шындығын көрсетуі,
жастарды жақсылыққа, адамгершілікке тәрбиелеуі оның творчествосының халықтық жағы
десек, қазақтың қазіргі ержеткен проза жанрының және балалар әдебиетінің ең алғашқы
негізін салушы болды. Сондықтан да Ыбырай Алтынсарин жазба әдебиетіміздің төрінен
заңды түрде орын алып отыр.