ВЕРНУТЬСЯ

            Жалпы
қазақ әдебиетінің зерттелуі де, жоғары дәрежелі оқу орындарында пән ретінде
өтілуге тиісті материалдарды сұрыптауы да Совет үкіметі кезінде, дәлірек
айтсақ, 20-30 жылдардың бер жағында ғана қолға алынды. Революцияға дейінгі
шығыс халықтарының тұрмыс-салты, тарихы, тілі, әдебиетімен шұғылданушы орыс
авторларының еңбектеріне көз жіберсек, олар қазақ ішінен өздері жинаған әдеби
нұсқаларының бәрін ауыз әдебиеті сапында қарап, сол тұрғыдан бағалайтындықтарын
көреміз. Ол авторлардың жинаған, бастырған еңбектерінде XVIII - XIX ғасырлар
әдебиеті тарихына жататын ақындардың аттары да, шығармалары да кездеседі. Бірақ
тарихи әдебиет өкілдерін ауыз әдебиетінен бөліп алып қарау байқалмайды. Мысалы,
В.В.Радловтың «Түрік рулары әдебиетінің нұсқалары» деп аталатын көп томды
кітабының ІІІ томында (1870 ж.) Жанақ пен Түбек, Орынбай мен Шортанбай т.б.
бар. Тек ХХ ғасырдың бас кезінде «Қырғыз поэзиясы туралы» деген
В.Н.Белослюдовтың мақаласында  ғана
ХІХ-ХХ ғасырлардағы тарихи әдебиет, жазба әдебиеттерден ауыз әдебиетін бөле
қарап, жазба әдебиеттің нағыз өкілдері кімдер екендіктері арнайы сөз болады.

            ХІХ
ғасырда қазақ әдебиетін зерттеген орыс ғалымдарының еңбектерінің құндылығы
материалды тек жинауларында ғана емес, әдебиетіміздің мазмұны мен көркемдік
ерекшеліктері жайлы берген ғылыми бағаларының да мәні зорлығында. Өйткені ол
ғалымдардың барлығы да қазақ әдебиетінің нұсқаларын өз күйінде оқып, өз
құлақтарымен естіп, халық жыршыларынан өздері жазып алған материалдарының
негізінде өздерінің талғамдары мен түсініктерін ешбір бояусыз айтуға күш
салған. Өткен дәуірдегі халқымыздың ақындық қабілеті мен әдебиетіміздің
идеялық-көркемдік қасиеттері туралы бұл адамдардың берген анықтамалары - біздер
үшін мақтанарлық нәрсе.

Революцияға дейінгі
тюркология мәселесімен шұғылданушылар: В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский,
М.В.Готовицкий, Я.Лютш, Ю.Новицкий, А.Е.Алекторов, Н.И.Ильминский, Г.Н.Потанин,
С.Г.Рыбаков - барлығы да қазақ поэзиясын өте жоғары бағалады. Қазақ, қырғыз,
татар, жалпы түрік тілдес елдердің тілдерін көп зерттеп, әдеби нұсқаларын көп
жинаған академик В.В.Радлов өзінің бір мақаласында:  «Өздерінің туыстас түрік тектес елдерімен
салыстырғанда, қырғыздар да, қазақтар да сөзге шешендіктерімен ерекшеленеді.
Олардың шешендіктеріне, шынында да, таңғалмасқа болмайды. Қазақтар сөйлегенде
ешбір мүдірмей, күрмелмей есіп жүре береді, ойларын дәл, айқын етіп бере
білумен қатар, сөз, сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке безейді,
әңгімелесіп отырғанның өзінде жай сөйлемінде не жайылма сөйлемінде болсын ырғақ
анық байқалып және жиі кездеседі. Өлең шумақтарында ғана ұшырайтын сөйлем
түрлері жай сөздердің өзінде іркес-тіркес келіп жатады да, тыңдаушыға өлең
тәрізді әсер етеді... ырғаққа құрылған сөздерді дүниедегі көркемөнердің ең
жоғарғы биігі деп ұғынатын, суырылған шешендікке жаны рақаттанатын халықтың
сөздері солай болып келуі әбден түсінікті. Сондықтан да қазақ халық поэзиясының
дамуы жоғарғы сатыға жеткен. Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де
әдейі қолданылған ұйқастарға негізделінеді; тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері,
жоқтаулар т.б. - бәрі де жиын, тойларда әрдайым-ақ жырланады және оларды жұрт
емірене тыңдайды.

Сонымен бірге
қазақта суырыпсалмалық (импровизация) - мейлінше көп таралған өнер. Аз-мұз
тәжірибесі бар ақындардың табанда-ақ өз жандарынан өлеңдер шығарып, әдейілеп
жырлап беруге мүмкіншіліктері мол»1, 
- десе, П.М.Мелиоранский: «Қазақ тілі ең таза және ең бай тілдердің бірі
екендігін түрік тілдерінің диалектілерін зерттеушілердің барлығы бірдей
мойындайды. Сөздерін ырғақпен ұқсастыра, әдемі етіп сөйлеуге қазақтар мейлінше
ұста және ол жан машығы тәрізді. Сөзге қабілетті адамдар әншілер, ертегішілер,
суырыпсалма ақындар қазақтарда үлкен құрметке бөленіп, қатты қадірленеді.
Қазақтың халық әдебиеті өте бай және әр алуан»2 , - деді.

Басқа тюркологтер де
осылар тәрізді пікірлер айтты.

Қазақ халқының ауыз
әдебиеті, тарихи әдебиеті, жазба әдебиеттерінің мазмұн байлығы мен көркемдік
құндылықтары ХІХ ғасырдың бас кезінде кітап шығару жұмыстарын қолға алған татар
буржуазиясының назарларын аудара бастады. Олар хат білетін Жүсіпбек Шайхұлислямов,
Ақылбек Сабалов т.б. арқылы қазақ арасынан ескі әдебиет нұсқаларын жинап,
«Қисса», «Хикая» тағы басқа аттармен кітап етіп, бастырып шығарды.  (Дулат. «Өсиет нама», Қазан, 1880 ж.; «Қисса
Шортанбай», «Шортанбайдың бала зары», Қазан, 1888 ж.; «Қисса Біржан сал мен
Сара қыздың айтысқаны», Қазан, 1888 ж.;  «Қисса
Біржан сал мен Сара қыздың айтысқаны», Қазан, 1899 ж.; Әбубәкір (Кердері).
«Әдебиет қазақия», бірінші бөлім, 1905 ж.; «Мұрат ақынның Ғұмар қазыға
айтқаны», Қазан, 1908 ж.; «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі», СПб,
1909 ж. т.б.) бірақ тарихи әдебиет нұсқаларын белгілі бір жүйеге салу, зерттеу,
талдау бағытында пікір айтулар ол кезде де болған жоқ.    

________________

1В.В.Радлов. Образцы народной литературы северных тюркских племен, V б., 3-бет.

2П.М.Мелиоранский. Краткая грамматика казак-киргизского языка, І б., СПб,
1894 ж., 3-бет.

Бұл мәселе бізде
Совет өкіметінің кезінде, яғни 20-30 жылдардың бер жағында ғана, қолға алына
бастады.

20-жылдарда
әдебиетіміздің тарихымен шұғылданушылар XVIII - XIX ғасырларда туған өлең, жыр,
айтыстарды жинаумен, олардың авторларын анықтаумен қатар, сол кездерде-ақ баспа
орындарында жариялап, бұл мәселеге көпшіліктің көңілін аударды. (Ақылбай.
«Зұлыс», «Сана» журналы, 1924 ж.; «Мұрат ақынның өлеңдері», Ташкент, 1924 ж.;
«Исатай-Махамбет», Ташкент, 1925 ж.; «Кемпірбай ақыннан», «Таң», 1925.;
Шәңгерей ақын. «Өлеңдер жинағы», Москва, 1925 ж.; «Бұхар жыраудың толғауы»,
«Таң», 1925 ж.; «Бұхар жырау сөзі»,»Бұхар жыраудың Керейге айтқаны», «Таң»,
1925 ж.; С.Сейфуллин. «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», Алматы, 1931 ж., «Ақан
сері өлеңдері», Алматы, 1935 ж.; Шайыр. «Ескі қазақ ақындарының басты жырлары»
т.б.)

Бірақ сол кезде
жинап бастырған материалдардың бәрін бірдей әдебиет тарихын жасау үшін қажет
деп, талғаусыз ала беруге болмайды, өйткені олардың ішінде әр таптың ақын,
жыраулары, әртүрлі идеяны көксейтін өлең-жырлар бар. Әйтсе де 20-30 жылдар
арасында жиналып, газет, журнал беттерінде жарияланған, жеке кітап болып шыққан
материалдардың ішінде XVIII - XIX ғасырдағы әдебиет тарихына енгізілуге тиісті,
сол ғасырда өмір сүріп, өз кезінің әр алуан жақтарын суреттеген ақындар да аз
емес. Бұл ақындардың шығармаларының кейбіреулері демократтық, кейбірі феодалдық
көзқарастарды айқындайтыны сөзсіз. Олардан қалған мұраларды жинау, зерттеудегі
мақсат - сол дәуірдегі әдебиетіміздің тарихын жасау, мүмкіндігі болғанша,
хронологиялық ізбен даму жолдарын белгілеу, әрбір ұлтта екі түрлі мәдениеттің -
социалистік және буржуазиялық мәдениеттердің - элементтері болатындығын деректі
нұсқалар негізінде дәлелдеу, тану, білу, кейбіреулерінің туындыларындағы
қайшылықтарын аша отырып, марксшілдік сын көзімен пайдалану, Абай, Махамбет,
Алтынсарин тәрізді ұлы ақындарымыздың шығармаларының тәлім-тәрбиелік,
эстетикалық мәндерін ашу.

Бірақ осылар тәрізді
әдебиетшілеріміздің алдында тұрған келелі міндеттерді бірден іске асыру оңайға
соқпайды. Сондықтан 20-30 жылдары XVIII - XIX ғасыр әдебиетімен шұғылданушылар
сол дәуірлерге қатысты әдеби нұсқаларды жинау, жеңіл-желпі комментарийлер
жазудан әрі бата алмады. Алайда бұл жиналған материалдардың да соңғы
зерттеушілер үшін мәні зор. Өйткені 30 жылдың бер жағында XVIII - XIX  ғасыр әдебиетімен шұғылданамын деушілер сол
жиналған нұсқаулардың негізінде жұмыстар істеді. Ауыз әдебиеті мен әдебиет
тарихының жігін ашып, белгілі бір тәртіпке келтіруге күш салды. Оларды ғылыми
тұрғыдан зерттеу нысанасын алға қойып, әдебиет тарихының желісін тартуға
алғашқы рет адым жасады. 30 жылдары С.Сейфуллин1 , С.Мұқанов2,
М.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қоңыратбаевтардың3 әдебиет тарихына
арналған кітаптары басылды.

С.Сейфуллин кітабы,
негізінде, ауыз әдебиетіне арналды. Әдебиет тарихына жатуға тиісті кейбір
ақындардың шығармалары тек шолу түрінде ғана сөз болды. М.Әуезов,
М.Жолдыбаевтардың кітабы XVIII-XIX ғасырлар әдебиеті өкілдерінің
басты-бастыларын түгел қамтып, оның жалғасы ретінде ХХ ғасыр әдебиеті
өкілдерінің де кейбіреулерін кітапқа енгізіп, шығармаларына талдау берді
(Бұхар, Байтоқ, Махамбет, Шортанбай, Алтынсарин, Абай, Торайғыров т.б.). Мұны
біз көлемі шағын, жеті жылдық мектеп оқушыларына арналған әдебиет оқулығына
ғана еді десек те, ол XVIII-XIX ғасырлар әдебиет тарихын жүйеге салудағы
алғашқы қадам еді. Бұл оқулықтағы ғылыми өзек XVIII ғасырдың екінші жартысынан
бері қарай әдебиетіміздің үзілмей келе жатқан желісі барлығын аңғартып, бағыт
сілтеді. Бұхар, Шортанбай, Әубәкір тәрізді ақындардың ескілікті аңсаған феодал
табының жыршысы екендігін айқындады. Бірақ авторлар елеулі-елеулі қателіктер де
жібереді. Ақындарды творчествосының негізінде бағаламай, тегіне қарап бағалады.
Сондықтан Махамбетті де, Алтынсаринды да, Абайды да феодал табы жыршыларының
қатарына апарып тіркеді. Сол тәрізді қате-кемшіліктер С.Мұқановтың «Қазақтың XVIII-XIX
ғасырдағы әдебиетінің очерктері» атты еңбегінде де кездеседі. Бұл кітап та өз
кезіндегі әлеумет өмірінде болған әр алуан саяси-таптық тартыстардың негізінде
байшыл-ұлтшыл әдебиеттің тууын дәлелдей келіп, ұлтшыл ақын-жазушылардың
бүркегенін ашып, бүккенін жазса да, кейбір демократтық бағыттағы ақын,
жазушылар (С.Торайғыров, С.Дөнентаев, С.Көбеев т.б.) туралы қате қорытынды
шығарып, оларды да түгелдей ұлтшыл ақындардың қатарына қосты.

Басқа
ақын-жазушыларымызды былай қойғанда, қазақтың шын мәніндегі көркем әдебиетінің
және әдеби тілінің негізін салушы классигіміз Абай творчествосының өзі де 20-30
жылдардағы әдебиет сындарында маркстік тұрғыдан дұрыс баға ала алған жоқ.
Абайдың өмірбаяны, творчествосы туралы жазылған мақала, қызу айтыстар көп
болды. Бірақ Абай творчествосының тарихи-әлеуметтік мәнін, көркемдік
ерекшеліктерін оқушылар дұрыс ұғынарлық қорытындыға олар келе алмады. Өйткені
ол кездегі сындарда ұлы ақынымыздың бізге қалдырып кеткен құнды мұрасын
зерттеу, тарихи рөлін айқындау үшін керекті мәселенің өзі дұрыс қойылмады.

_________________     

1С.Сейфуллин. Қазақ әдебиеті, Алматы, 1932.

2С.Мұқанов. ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алматы, 1932.

3М.Әуезов, М.Жолдыбаев, Ә.Қ.Қоңыратбаев. XVIII - XIX ғасыр қазақ әдебиеті,
Алматы, 1933.

Айтысушылар «Абай феодал ақыны ма?»
әлде «Жаңа туып келе жатқан буржуазия ақыны ма?» деген сұрақтардың төңірегінде
айтыс ашып, сол сұрақтарға Абай творчествосынан жауап іздеді.  Олар өздерінің көзқарастарын дәлелдеу үшін марксизм
классиктерінен үзінділер келтіріп, оны Абай творчествосына жанастырмақ болып
талпынса да, тұрпайы социологиядан ұзап кете алмады. Абайдың туысы мен тегі,
өскен ортасы олардың әрдайым көз алдарында тұрды. Бұған қарағанда ол не феодал,
не қазақ байларының жыршысы болуы шарт деген қорытынды шығарып, ұлы ақынның
творчествосын түгел алып қарауға, ондағы прогресшілдік, халықтық, демократтық,
интернационалдық идеялар, олардың қазақ халқын ілгерілетудегі тарихи мәні,
көркем әдебиетіміздің дамуы, әдебиетіміздің бұрынғы қарапайым қалпынан
әлдеқайда биікке көтерілуде, эстетикалық тәлім-тәрбие беруде Абай
творчествосының рөлі қандай еді деген сұрақтар ол кездегі
сыншы-зерттеушілеріміздің назарын көп аудармады. Абайдың творчествосындағы
демократтық идея еске алынбады. Еске алынса не жалаң адамгершілікке, не
либералдыққа апарып тіреді. «Абай - ақсүйек, атасы Құнанбайдай ел билеген жуан жұдырық.
Бұдан еңбекшілерге ешбір жақсылық жоқ» деген солақай пікірді еске алмағанда,
Абай жөнінде негізгі пікір екеу-ақ: 1) «Абай - ескішіл-феодал табының ақыны»;
2) «Абай - қазақтың жаңашыл буржуазия табының ақыны».

Ол кездегі
сыншылардың Абайды қалай бағалап, оның творчествосы туралы қандай қорытындыға
келгендігін аңғарту үшін бір-екі үзінді келтірсек те жеткілікті.

Ілияс Жансүгіров
Абай өлеңдеріне жазған кіріспе сөзінде: «Абай өлеңінің бірсыпырасымен ру жуаны,
бексымақ табының пікірін айтқан болса, жаңалықтың бір жағын әреке деп түсінген
болса, ол өзінің пікірінің бірсыпырасында жаңашыл, өзгерісшіл. Сондықтан
Абайдың басым жағы қай жағында дегенге келсек, Абайдың сөзінің, пікірінің басым
жағы ескілік жақта, оның жаңашыл, мәдениетшіл, өзгерісшіл пікірлерінде ескілік,
жылауық, сары уайым таразысы басым»1, - деді.  

Ілияс Жансүгіровтің
және басқалардың2 Абай туралы жазғандарын теріске шығарады да,
өзінің «Абай» деп аталатын кітапшасында Тоғжанов Ғаббас: «Ел дегенде, Абай
елдің байын, би-болысын көрді, молдасын, тілмашын көрді, осыларға қарап елге
баға берді. Абай өзі бай табының ақыны болғандықтан, ол көре алмайды, не көрсе
де бай көзімен ғана көреді. Абайдың ойынша, елді оңдырса, оңдыратындар - елдің
ат үстіндегі «жақсылары»  - байы, биі,
болысы,

_____________

1Абай Құнанбайұлы. Шығармалары, Алматы, 1933, 35-бет.

2С.Мұқанов. Жаңа әдебиет, 1928, №3; Мұстанбайұлы. Абай, Жаңа әдебиет, 1928,
№7

молдасы. Бұлардың бірде-бірі Абай
ойлағандай емес. Байы - баспақ, биі - саспақ, қу старшын, елді аңдыған-арбаған
жебір болыс, партия жиып, пара алған сыпыра қу, өңшең надан. Абай осыларды
түзеуге тырысты. Мінін көріп, ақылын айтты»1 , - дейді.

Абайға берілген бұл
бағалардың ешбір сын көтермейтіндіктеріне қазір кім де болса, таласа алмайды. Бұл
үзінділерді келтіргендегі мақсат - ол авторларды даттау емес, әдебиетіміздің
классигі Абай туралы айтылған 20-30 жылдардағы сын-зерттеулердің дәрежесіне
оқушыларымыздың көңілін аудару. Тек олар ғана емес, М.Әуезов2, С.Мұқанов3
тәрізді үлкен жазушы, ғалым әдебиетшілеріміз де ол жылдарда Абай туралы кейбір
қателіктер жіберсе де, 30 жылдардан кейін олар өзінің ол қателерін түзеп, Абай
творчествосына халықтық, демократтық тұрғыдан баға берді.

Революцияға дейінгі
әдебиет мұраларына 1940 жылдардан бастап айрықша көңіл бөлініп, тағы да бірнеше
оқу құралдары, очерктер, жеке зерттеулер жарыққа шықты: Қ.Жұмалиев «Қазақ
әдебиеті» (оқу құралы, 8-9 кл.арналған, 1941), Е.Ысмайылов «ХХ ғасырдағы қазақ
әдебиеті» (оқу құралы, 1941), С.Мұқанов «Қазақтың  

XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің
очерктері» (1942).

Бұл еңбектерде
бұрынғы әдеби зерттеулердегі XVIII, ХІХ, ХХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті
тарихының даму жолдарын жүйеге келтіру тәртібін құптай отырып, дұрыс деген
көзқарастарын тереңдету және XVIII, XIX, ХХ ғасырлар әдебиеті тарихының
процесіндегі белгілі бір заңдылықты айқындау бағытында жұмыстар жүргізілді.
Бұрынғы зерттеу жұмыстарындағы XVIII-XIX ғасырлар әдебиеті нұсқаларын түгелдей
феодалдық, ХХ ғасыр әдебиетін (революцияға дейінгі) түгелдей байшыл деген теріс
пікірлерді сынай отырып, бұл дәуірлердегі әдеби бағыттарға жүйелеу, жіктеулер
жасалып, әр ақынның шығармалары мен жеке өлеңдеріне лайықты талдаулар берілді:
Бұхар, Дулат, Шортанбайлар Махамбет, Шернияз, Абай, Алтынсариндардан; ал
Дөнентаев, Көбеев, Торайғыровтар ұлтшыл жазушылардан бөлініп қаралды.

30-жылдардағы
әдебиет тарихы жөніндегі көзқарас, пікірлермен салыстырғанда, 40-жылдардағы
әдебиет тарихымен байланысты мақалалар, оқу құралдарындағы талдаулар, жеке
монографиялық зерттеулер біздегі әдебиеттану ғылымының анағұрлым ілгері
басқандығын аңғартты. XVIII, XIX, ХХ ғасырлар әдебиеті тарихының даму жолдарын
бір ізге салып зерттеуде  Қазақстан
әдебиетшілері белгілі бір қорытындыға келді.

_____________

1Ғ.Тоғжанов. Абай, Алматы,
1935, 53-бет.

2М.Әуезов. Идейно-культурные искания Абая, Алма-Ата, 1939.

3С.Мұқанов. Абай - халық ақыны. - Абай Құнанбайұлының шығармалары, Алматы,
1939.

Орта мектеп, жоғары дәрежелі оқу
орындарына арналған әдебиет программалары, оқу құралдарында әдебиет тарихы XVIII
ғасырдың екінші жарымынан басталып, ХІХ ғасырдың әдебиеті Шәңгереймен аяқталды.
Осы екі арадағы шығармалары өз атынан ауызша, жазба түрінде сақталған
ақындардың әлеуметтік, әдебиеттік мәні бар дегендері хронологиялық түрде
программаларға енгізіліп, өткен ғасырлардағы әдебиетіміздің желісі тартылып,
әдебиеттің ғылыми тарихын жасауға із салынды. Әйтсе де жоғарғы аталып өткен
40-жылдың бер жағындағы еңбектердің жалпысына тән қате-кемшіліктер, феодалдық,
ұсақ буржуазияшыл-демократтық көзқарастардағы ақын-жазушылардың идеяларындағы
кертартпалық жақтарын жұқалап қана айтып, ұнамды жағын баса айту, олардың
шығармаларынан қалайда халықтық элементтер тауып, осы жағын көтеріңкіреп айтуға
тырысушылықтар да болды.

Қазақстан
Коммунистік партиясының Орталық Комитетінің 1947 жылғы қаулысында мұны айрықша
көрсетіп, феодалдық-буржуазиялық бағыттағы ақын-жазушылардың қайшылықтарын, көзқарастарындағы
кертартпалықтарын терең ашу керек екендігін, оларды мақтаудан аулақ болып,
маркстік тұрғыдан қарап зерттеудің және орынды бағалаудың қажет екендігін талап
етті. Бұл қаулыдан кейін қазақ әдебиетшілері оқу құралдары мен әдебиет
мәселелерін зерттеу ісіндегі қате-кемшіліктерін түзеп, Орталық партия
комитетінің қаулысының талабы тұрғысынан көптеген өңдеулер енгізді. Біраз әдеби
мұралар қайта қаралып, олардағы қайшылықтар ескеріліп, сын тұрғысынан
бағаланды: Қ.Жұмалиевтың «Қазақ әдебиеті» (8-класқа арналған оқу құралы, 1948);
Мұқанов, Жұмалиев. «Қазақ әдебиеті» (9-класқа арналған оқу құралы, 1950).

1950-1951 жылдардағы
әдебиеттік оқу құралдары мен жеке мақалаларда өткен ғасырлар әдебиетінің тарихын
жоққа шығаратын теріс көзқарастар да болды.

Әдебиетпен
жанаспайтын кездейсоқ, жандайшап, солақай сын-мақалаларын былай қойғанда,
кейбір әдебиет маманы, белгілі ғалымдарымыз да дүрмекке еріп кетті. Мысалы,
1952 жылғы 8-класқа арналған оқу құралында (авторы М.Ғабдуллин) ауыз әдебиеті
де, XVIII-XIX ғасыр әдебиеті де жоққа тәндік дәрежеге жеткен. Жеке тексерілу
үшін бүкіл эпостан «Қамбар», лиро-эпостан «Қозы Көрпеш», ақындардан тек
Махамбет қана қалдырылған. XVIII-XIX ғасыр әдебиет өкілдерінің Махамбеттен
басқа бірде-бірі жеке тексерілмеді. Олардың творчествосындағы заңды байланыстар
айтылмады. Басқалары сөз арасында аталады да, әдебиет тарихы деп тек бір-ақ
ақынды ұсынады.

Сол сияқты қазақ
әдебиетінің 9-класқа арналған оқу құралында да (авторлары З.Қабдолов,
С.Қирабаев, А.Нұрқатов) қазақ әдебиетінің тарихын Белинский, Чернышевский,
Добролюбовтардан бастайды. Орыс халқының ұлы демократтарының жалпы әдебиеттану
ғылымына басшылық етерлік, сүйенерлік дана пікірлерінің көптігі, керектігі бір
мәселе де, ал оларды қазақ әдебиетінің тарихына енгізу - екінші мәселе. Кітапты
«Қазақ әдебиетінің тарихы» деп, Белинский, Чернышевский, Добролюбовтарды қазақ
әдебиетінің өкілі етуде авторлардың қандай принцип ұстағаны белгісіз.

Қазақ әдебиет
тарихын Ыбырайдан, Абайдан басталық, оған дейінгілердің бәрін фольклорға
қосалық дейтін пікірлер де болды.

1950-1951 жылдардың
бер жағында қазақ ауыз әдебиеті, тарихи әдебиет мәселелерінің айналасында
жіберілген жоғарғы тәрізді қате-кемшіліктерді жөндеу, түзетуде - Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің 1957 жылғы июльдегі қаулысын басшылыққа алды.
Бұл қаулыда ескіден қалған мұраларды жинау, маркстік тұрғыдан тексеріп,
зерттеп, әділ бағасын беру талабы қойылды. Солақайшылықтың қандай түріне болсын
жол берілмеу керектігі ескертілді.

«Осы қаулыда атап
көрсетілген кемшіліктерді жою, өткен кездегі әдеби-поэзиялық және музыка
мұрасын зерттеуге және сын тұрғысынан қарап меңгеруге, қазақ халқының түрі
ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетін онан әрі дамыту ісінде шебер пайдалануға
көңіл бөлуді күшейту, қазақтың революцияға дейінгі ауызша және жазбаша әдебиеті
мен музыка шығармаларын жинау және жариялау ісін түбірінен жақсарту
міндеттелсін»1, - деді.

Сол қаулы
жарияланғаннан бері Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл мен әдебиет институты
«Қазақ эпосын» жинақтап, орысша, қазақша екі тілде шығарды. Шернияз, Алмажан,
Дулат т.б. ақындардың өлеңдері «Жұлдыз» журналында жарияланды.

Орталық партия
Комитетінің қаулысын басшылыққа ала отырып, көптеген ғалымдар бұл салада біраз
жұмыстар істеді. Е.Ысмайылов2, М.Ғабдуллин3, Қ.Жұмалиев4,
Б.Кенжебаев5, М.Әуезов6, М.Сильченко7 сияқты
ғалымдарымыздың әдебиет мәселелері жайынан көлемді еңбектері шықты. Әдебиет
және өнер институты коллективінің күшімен жазылып, 1961 ж. оқушылар
жұртшылығына ұсынылған «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты еңбегі де сол ҚКП
Орталық Комитетінің 1957 жылғы қаулысын іс жүзіне асырудың бір көрінісі екені
сөзсіз.

_____________________

1Социалистік Қазақстан, 1957, 21 июль.

2Е.Ысмайылов. Ақындар, Алматы, 1957.

3М.Ғабдуллин. Қазақ әдебиетінің ауыз әдебиеті, Алматы, 1958.

4Қ.Жұмалиев. Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері, І том, Алматы,
1958.

5Б.Кенжебаев. Қазақ халқының ХХ ғасыр басындағы демократ жазушылары, Алматы,
1958.

6М.Әуезов. Әр жылдар ойлары, Алматы, 1959.

7М.С.Сильченко. Творческая биография Абая, Алма-Ата, 1959.

Бірақ өткен
дәуірлердегі әдебиетіміздің тарихын жасау бір күннің не бір еңбектің ғана ісі
емес. Ол сан жылдар, көп зерттеулерді керек етеді. Кітапқа енгізілген жеке
авторлардың творчествосын, олардың шығармаларына берілген талдауларды
оқушыларымыз дұрыс ұғынып, дұрыс қорытындылар шығару үшін айрықшы тоқтауды
керек ететін теориялық және тәжірибелік мәні зор бірнеше мәселелер бар.
Бұлардың бірқатары жалпы керекті мәселелер болса, ал орта мектеп, жоғары оқу
орындары оқулықтарын, әдебиет программаларын жасаудағы қате, кемшіліктермен
байланысты басын ашып алуды қажет ететін мәселелер бар. Олар: ауыз әдебиеті,
тарихи әдебиет, олардың өзара жақындық және айырмасы, әдебиет тарихын қай
дәуір, кімнен бастаймыз, оның себебі не, әдебиет тарихы деп нені айтамыз, XVIII
ғасырдың аяғы, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиетте қандай әдеби
бағыттар болды, оның таптық, әлеуметтік себебі қандай, әдебиеттегі бірыңғай
ағым дегеніміз не, XVIII ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында өмір сүрген ақындардан
кімдерді әдебиет тарихына енгізуіміз керек т.б.

Қай елдің болса ауыз
әдебиеті жазба әдебиетінен бұрын болды. Жазу-сызу шығып, мәдени сатыға
көтерілгенге дейін қай халық болмасын ой-пікір, көңіл күйлерін, тап болған
қоғамда таптық тілек-мүддесін ауызша жырлап, ауызша айтып берді. Ол туындылар
ауыздан-ауызға тарап, халықтың, халық жыршыларының жадында сақталып, біздің
дәуірімізге жетті.

Ауыз әдебиеті жазба
әдебиеттен бұрын туғандықтан, жазба әдебиеттің өсу, даму жолындағы негізгі қор,
негізгі тірек - ауыз әдебиеті. Ауыз әдебиетінен тыс, онымен байланыссыз дамып,
өз бетімен өскен жазба әдебиет жоқ. XVIII ғасырда мәдениеті тез өсіп,
дүниежүзілік мәдениетпен қоян-қолтық келген, ХІХ ғасырдан бастап Еуропаны
таңдандырған орыстың жазба әдебиеті ұлы орыс халқының ауыз әдебиетімен нық
байланысты, тамыры бір жатыр. Сол сияқты жазбасы кеш басталып, шын мәнінде,
мәдениетке социалистік Ұлы Октябрь революциясынан кейін, Совет өкіметі кезінде
ғана еркін қолы жеткен қазақтың жазба әдебиеті өзінен бұрынғы ауыз әдебиетімен
тікелей байланысты. Абайға дейінгі ақындарымыздың көпшілігі ауыз әдебиетінің
ықпалында болып, соның негізінде өсті. Ол кездегі қазақ ақындары орыс тілін
білмеді, сондықтан орыс, Еуропа мәдениетімен араласа алмады. ХІХ ғасырдың
бірінші жартысының аяқ кезінде өмір сүрген кейбір ақындардан шағатай, түрік,
татар тілінде басылып шыққан әдеби шығармаларға еліктеушілік байқалады. Бірақ,
жалпы алғанда, қазақтың жазба әдебиет үлгісінің өсу жолындағы алғашқы өнегесі
қазақтың ауыз әдебиеті болды.

XVIII  ғасырдың екінші жартысынан басталатын
әдебиетіміздің тарихын бақылап қарасақ, оның да негізгі арнасы - ауыз әдебиеті.
Әрине, әр кезең, әрбір әлеуметтік құрылысқа байланысты, ақындардың белгілі бір
таптың жыршысы болуына байланысты, өздерінің таптық тілегіне, мүддесіне қарай
өзара ерекшеліктері бар. Бірақ бәрінің де ұшқан ұясы, негізінде, ауыз әдебиеті
деп қарау орынды.

Ауыз әдебиеті мен XVIII
ғасырдан басталатын тарихи әдебиетіміздің арасындағы байланыстың айырмасы
қандай? Ауыз әдебиетін - фольклорды кім шығарғаны мәлім емес. Бұл әдеби мұралар
XVIII ғасырдың екінші жартысына дейін осылай болып келеді де, сол кездерден
бастап, кейбір шығармалардың авторлары мәлім бола бастайды.

Қазақстанның қай
облысында, қай өлкесінде болсын шығармалары өз атымен аталып, өзінің авторлығын
сақтаған, сол кезде өмір сүрген бірінші ақын, тарихи адам - Бұхар жырау.
Сондықтан ол әдебиет тарихының басы болып саналады. Бұхарға дейінгі әдебиет
нұсқаларында Асанқайғы, Сыпыра жыраулардың 
да аттары аталғанмен, олар тарихи адамнан гөрі де аңызға айналып кеткен.
Тарихта олардың дәл қай кезде болғаны мәлім емес және олар айтыпты-мыс деген
толғау сөздерінің әр жерде әртүрлі айтылуын еске алсақ, олар әдебиет тарихының
басы бола алмайды. Тарихи әдебиет пен ауыз әдебиетінің жігін ашудағы белгінің бірі
- авторларының сақталуы, сонымен қатар тарихи әдебиеттің бірімен-бірінің
байланысты дамуы. Бұл - екеуінің арасындағы негізгі айырмашылық.

Жазба әдебиет
жазу-сызудың шығуымен, жазылған мұралардың мәлім болуымен байланысты. Ислам
дінінің Орта Азияға таралуы ХІ-ХІІ ғасырлардан басталады. Ислам дінімен
байланысты жазу дәстүрі Орта Азияға, оның ішінде қазақ даласына да тарай
бастады. Бірақ ол кезден бізге қалған, қазақтың өзіне тән мұралар бар болса да
даулы.

Ал XVIII ғасырдың
екінші жартысында тарихта аты мәлім, шығармалары өзінің атын сақтаған бірінші
ақын Бұхар жырау дедік. Бұхардан бергі ақындардың көпшілігі хат білген. ХІХ
ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Махамбет Өтемісовтің 1839 жылғы
жазылған хаты қолжазба күйінде бүгінге дейін сақтаулы. Сондықтан оларды
жазбады, барлық өлеңдерін тек ауызша шығарды деуге бола бермейді. Олар,
негізінде, ауызша шығарып айтса, керекті жерінде жазып та шығаруы не өзінің
ауызша шығарғандарын кейін қағазға түсіруі де мүмкін. Қазақта ауызша да, жазып
та шығара алатын халық ақындары қазірде де бар.

Алайда Бұхар,
Махамбет тағы басқа ақындардың өлеңдері бізге жазба түрінде емес, ауызша
сақталған түрінде жетті. Хат білмейтін немесе хат білушілері өте аз көшпелі
қазақ елінде өлең, жыр сақталудың одан басқа жолы да жоқ еді. Бірақ бізде ауыз
әдебиеті нұсқаларының сақталуы мен аты мәлім ақындардың өлеңдерінің сақталуы
бірдей емес. Жырлардың, салт өлеңдердің бірнеше варианттары болса, Бұхардан
бергі ақындардың өлеңдерін Қазақстанның қай өлкесінде кім айтса да, ақынның өз
атынан айтады. Екінші варианты жоқ. Ұрпақтан ұрпаққа бір-ақ нұсқа, бір сөз
түрінде сақталды.

Жазу не жазбасы болу
ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке көшудің негізгі мәселесінің бірі болып
саналатынын, солай ұғынудың дағдыға айналғандығын ұлы сыншы В.Г.Белинский мойындаса
да, тек қана сол жазу, жазылудың негізгі шарты десек те, бұл екеуінің
арасындағы айырмашылығын дұрыс түсінуге меже бола алмайды. Ауыз әдебиеті мен
көркем әдебиеттің әрқайсысына тән ерекшеліктері туралы бірнеше ғылыми құнды
пікірлер айта келіп, ол былай дейді:

«...Ауыз әдебиетінде
аты мәлім автор болмайды, неге десеңіз ауыз әдебиетінің авторы әрқашан да
халық. Халықтың немесе тайпаның әлі балаң дәуіріндегі оның ішкі және тысқы
өмірлері табиғи қалпында айқын көрсетілетін өлең-жырларын шығарушылар кімдер
еді, оны ешкім білмейді...

Ал әдебиет басқаша.
Әдебиеттің шығарушысы - халық емес, оның авторлары - халық рухының әр алуан
жақтарын өзінің ойы, ақылы арқылы білдіретін жеке адамдар. Әдебиетте жеке
адамдар өздерінің праволарын толық өз қолына алады, сөйтіп, әдебиет өз
дәуіріндегі сол жеке адамдардың аттарына байланысты болып белгіленеді»1.

«Ауыз әдебиетінің
шығармалары тура халықтың рухынан туа отырып, мазмұн жағынан да, түр жағынан да
сол халық рухының белгісін өз бойына сақтап отырады, бұлардың өз араларындағы
байланыс, қарым-қатынас осы түрде ғана болады. Бұлардың бірі екіншісіне әсер
етпейді, осы секілді бұлардың бірі екіншісінің салаларынан туып та отырмайды,
олар жеке-жеке бытыраңқы болады, сондықтан да бұлардың желілі тарихы да
болмайды»2. Осы мақаласының тағы бір жерінде орыс әдебиетінің
тарихының даму жолдарын В.Г.Белинский түсіндіргенде, А.С.Пушкинге дейін
Г.Державин, М.В.Ломоносов, И.И.Дмитриев, Н.Карамзиндер болды, бәрінің
соңынан тарихи сахнаға А.С.Пушкин шықты деп келеді де, олармен А.С.Пушкиннің
байланысын былайша айқындайды:

«А.С.Пушкин, ең
алдымен, ақын, суретші; ол орыс поэзиясының тілін қайта құрып, оны көркемдіктің
ең жоғарғы сатысына жеткізді; орыс әдебиетінде бірінші рет искусствоның
искусстволық дәрежеге жетіп, поэзияның кемеліне келуі А.С.Пушкинмен байланысты.
А.С.Пушкин орыстың өзінен бұрынғы көркем әдебиетін бойына толық сіңірді,
әдебиетте өзінің беті бар, сөз шебері, ұлы ақын, ақындық дәрежеге ие болғанға
дейін өзінен бұрынғы ақындардың жолын қуушы шәкірті болды, олардың барлық табыс,
жетістіктерін

______________________

1В.Г.Белинский.Шығармалары, І т., 1959, 537-бет.

2Бұ да сонда, 546-бет.

толық меңгеріп, өзіндік етті, өзінен
бұрынғылардың қолынан келмеген көркемдіктер Пушкиннің қолынан келе алды, бірақ
олардың кемшіліктерін Пушкин қайталамады. Cондықтан Ломоносов пен Пушкиннің
араларында үзілмей келе жатқан желілі байланыс бар. Бұлардың бірі - себебі,
екіншісі соның салдары тәрізді. Демек, орыс әдебиетінің дамуы жолындағы осындай
үзілмей келе жатқан өзек, байланыстың болушылығы оның «әдебиет» деп аталуына
право береді...»1 - дейді.

Ұлы сыншы
Белинскийдің орыс әдебиеті жөніндегі айтқан ғылыми терең пікірінің біздер үшін
де мәні зор. Бізде Ломоносов та, Пушкин де жоқ. Біздің жазба әдебиетіміз
орыстың бай, көлемді, дүниежүзілік мәні бар әдебиеті қатарынан шалғай жатыр.
Бірақ әр елдің өз тарихына шақ, өз шеңберінде ауыз әдебиетінің, жазба
әдебиетінің тарихы бар. Әр елдің өз шеңберінде ақын-жазушылары болды. Бұлардың
бірімен екіншісінің арасында үзілмей келе жатқан өзек, тартылып жатқан желі
бар. Бұл - ауыз әдебиеті мен тарихи әдебиеттің шегін көрсететін негізгі мәселе.
Белинскийден келтірілген жоғарғы үзіндідегі қазақ әдебиетінің тарихын
айқындауда басшылық етерлік жағы - алдыңғы ақындар мен соңғы ақындардың
араларында үзілмей келе жатқан байланысының болуы әдебиетіміздің тарихы бар деп
айтуға право береді деген пікір. Бұл - тамаша, құнды, үлкен ғылыми тұжырым. Біз
қазақ әдебиеті, әдебиет тарихының басы Бұхар жырау деуіміздің себебі Бұхардан
бастап Абайға дейінгі әдебиетімізде үзілмей келе жатқан өзек, желі, байланыстар
бар. Бұхар аты мәлім бірінші ақын болса, онан кейінгі белгілі ақындар: Дулат,
Жанкісі, Махамбет, Шернияз, Шортанбай тағысын тағылар болды.  

Абай да Пушкин
тәрізді, бұл ақындардың барлық жетістігін өз бойына толық сіңіріп,
кемшіліктерін қайталамай, әдебиеттің көркемдік жағын дамытты және орыс халқының
ұлы классиктері мен шығыс классиктерінің үлгі-өнегелерін ала отырып, оны да
қазақ көркем әдебиетін өркендету, дамыту ісіне негізгі құралдың бірі етіп
пайдаланды. Сөйтіп, Абайдың - Абай болуы, оның көркем әдебиетіміздің белі болуы
бір күннің не бір жылдың ісі емес, ол - Абайдан бұрынғы бірнеше ғасырлар бойғы
әдебиетіміздің туып-дамуының жемісі.

Көркем әдебиет пен
ауыз әдебиетінің мазмұны мен түр айырмасы туралы Белинский мынаны айтады:

«Көркем поэзия
әрқашан да нақтылы, халық поэзиясынан жоғары сатыда тұрады. Соңғысы (халық
поэзиясы) халықтың сәбилік дәуіріндегі былдырлаған тәтті тілі, қараңғыда
қармалаған түйсік, бұлдыр сезім дүниесінің көлеңкесі ғана, халық поэзиясы
айтайын деген ойын дәл етіп берерлік сөздер таба алмай, болжалдап айту әдісіне:
пернелеу (аллегория), бейнелеуге (символға) әрдайым иек

_______________

В.Г.Белинский. Шығармалары. І т., 1959,
562-бет. 

сүйеп отырады; ал көркем поэзия - ержеткен
сананың үзілді-кесілді сөзі, түрі мен мазмұны тең түскен нақтылы шындық
болмыстың сәулесі. Көркем поэзия айтайын деген ойын әр кезде де дәл, идеясымен
тең түсерлік айқын образдармен айтып береді»1.

Қорыта келгенде,
тарихи әдебиеттің авторлары белгілі болуы, ол ақындардың алғашқылары
кейінгілерінің шығармаларына әсерін тигізіп, өзекті сарындары сабақтасып,
жалғасып, бір-бірімен байланысып отыруы, бұлардың көпшілігінің сауаты бар
адамдар болуы, тарихи әдебиет ержеткен сананың сәулесі болуы тарихи әдебиетке
тән өзгешеліктер болып табылады.

Бұлардың
шығармаларының түпнұсқасы жазба түрде сақталмаса да, олар шығарған
шығармалардың тарихи әдебиеттің бастамасы екендігіне тағы бір дәлел - Бұхар
өлеңдерінің белгілі бір дәуірдің тұрмысын суреттеген шығарма болуы және біздің
заманымызға дейін сөздерінің өзгермей жетуі (әртүрлі варианты болмауы). Біз бұл
ақындардың шығармаларын өз заманының өмір шындығынан із қалдырған, белгілі бір
авторлары бар, яғни фольклордан жазба әдебиетке көшу сатысындағы әдебиет болды,
сондықтан да ол авторларға тарихи әдебиеттің басы деп қарайтындығымызды нықтай
түседі.

Қазақ әдебиетінің
тарихы Бұхар жыраудан басталады деу - оны орынсыз дәріптеу емес, тарихи шындық.
Ол өзінің замандастары Үмбетей, Жанкісі, Дулат тағы басқалардан әдебиетке бұрын
келді. Аты да, сөзі де халыққа бұрын тарады. Тарихи әдебиеттің даму жолдарын
зерттеушілер Бұхарды алдымен ауызға алатын себебі де әдебиетіміздің тарихи даму
жолдарының хронологиялық тәртібін сақтауға тырысушылық. Соңғы кезге дейін
әдебиетіміздің тарихын зерттеуші, оның даму кезеңдері туралы пікір айтушылардың
арасында бірбеткей қараушылық болды. Тіпті Бұхар, Дулат тағы солар
сықылдылардың аттары аталса болды, бас салып сынауға кірісті. Осының негізінде
жаман ой жатқан жоқ па деп күдіктене қарады. Әдебиеттің тарихы кімнен басталып,
кімдермен жалғасып, кімдермен аяқталу мәселесі сөз болса немесе әдебиеттегі
бағыт, стильдер туралы әңгіме қозғалса, «бірыңғай ағым» деген ат қойып, айдар
тағып, айыптауға дейін барды.

Әдебиет тарихын
зерттеудегі «бірыңғай ағым» деген не? Тап болған қоғамда адамның ой-санасы оның
экономикалық тіршілігіне, әлеумет өміріндегі алатын орнына қарай айқындалатын
қағида болса, «бірыңғай ағымды» жақтаушылар оны мойындағысы келмейді. Белгілі
дәуір, белгілі әлеуметтік жағдайда туған әдебиет бірыңғай дамиды - не феодалдық-буржуазиялық,
не демократиялық бағытта дамиды - деген пікірді ұсынады.

 

________________________

1В.Г.Белинский. Шығармалар жинағы, Вольф баспасы, 1900, 914-бет.

Белгілі  бір дәуірде, белгілі әлеуметтік
құрылыста  әдебиетте екі түрлі
ағым бола алмайды, феодалдық құрылыста әдебиет тек феодалдық, ал демократиялық
идея үстем болса, онда әдебиет сол демократиялық бағытта дамиды деген қорытынды
шығарады. Бұл - ғылыми негізі жоқ теріс пікір. Түптеп келгенде, бұл теория
әдебиеттің таптық және тәжірибелік мәнін жоққа шығарады. Бұл - ғылыми негізі
жоқ теріс пікір. Искусство, оның негізгі саласының бірі әдебиет - өмір сәулесі.
Қай халықтың тарихын алсақ та, әдебиет тап тартысынсыз, бірыңғай дамыған емес.
Тарих - таптар тартысының тарихы дейтін маркстік қағиданың шындығы да осында.

Әдебиеттің өмірмен
байланыстылығы, әлеуметтік, тәрбиелік мәні туралы ескі замандардың ірі
ойшылдары да құнды пікірлер қалдырды десек, осы көзқарастың марксизм-ленинизм
ғылымына дейінгі үлкен бір бел алған кезеңі орыстың революцияшыл ұлы
демократтарының искусство, әдебиет туралы оқулары болды. Олар көркемөнердің
әлеуметтік мәні туралы тамаша құнды пікір, терең ой, кейінгілер үшін ғылыми
қағидаға айналған анықтамалар қалдырды: «Көркемөнер - өмір», «Поэзия - ең
алдымен, өмір, өмірдің нәрі», «Көркемөнер - өмірдің оқу құралы», «Көркемөнер
өмірді түсіндіру үшін қызмет етеді» т.б.

В.Г.Белинский,
Н.Г.Чернышевскийдің қалдырып кеткен теориялық, эстетикалық көзқарастары олардың
жолын қуушыларға сүйсінерлік дерек, сүйенерлік тірек болды. Солардың көркемөнер
және әдебиет туралы ғылыми көзқарастарын құптай отырып, Г.В.Плеханов та бұл
мәселеге айрықша тоқтап, өзінің «Адрессіз хаттар», «Көркемөнер және қоғам
өмірі» атты мақалаларында маркстік тұрғыдан бірнеше соны пікірлер айтты.
Көркемөнердің қоғамға қызмет етуі, оның тәрбиелік мәні не деген мәселелерге
айрықша көңіл бөлді. Әр кезең, әртүрлі әлеуметтік жағдайларға байланысты,
«Көркемөнер көркемөнер үшін», «Әдебиеттің бостандығы» жайлы буржуазияшыл теория
көркемөнерде де, әдебиеттану ғылымында да әр жағдайға байланысты әртүрлі
формада қайта бас көтеріп отырды.

ХХ ғасырдың басында
«Көркемөнер көркемөнер үшін» деп аталатын буржуазияшыл қисынға (теорияға)
тойтара соққы берген - кемеңгер көсеміміз В.И.Ленин. Ол өзінің «Партиялық ұйым
мен партиялық әдебиет» деп аталатын мақаласында бұл мәселеге айрықша тоқталды.

Владимир Ильич:
«...буржуазиялық жекешіл мырзалар, сіздердің абсолюттік бостандық туралы
сөздеріңіздің тек екіжүзділік екендігін біз сіздерге айтуға тиістіміз. Ақша
өктемдігіне негізделген қоғамда, еңбекшілер бұқарасы  қайыршы болып отырған және бір топ байлардың
арамтамақ болып отырған қоғамында нақтылы және шын «бостандық» болуы мүмкін
емес. Сіз өзіңіздің буржуазиялық баспаңыздан еріктісіз бе, жазушы мырза? Сізден
рамкалар мен суреттерге көмкерілген порнографияларды, «әулиелік» сахналық
искусствоға қосымша түрінде жезөкшелікті талап ететін өзіңіздің буржуазиялық
жұртшылығыңыздан еріктісіз бе? Осы абсолюттік бостандық дегеніміз буржуазиялық
немесе анархистік сөз ғой (өйткені дүниетану есебінде, анархизм дегеніміз
буржуазияшылықтың өңін айналдырған түрі). Қоғамда өмір сүріп отырып, ол
қоғамнан ерікті болуға болмайды. Буржуазиялық жазушының, суретшінің, актрисаның
бостандығы дегеніміз -  ақшалы қалтаға,
сатқындыққа, тамағын асырауға бүркемеленген (немесе екіжүзділікпен
бүркемеленген) тәуелділік деген сөз. 

Сондықтан біз,
социалистер, таптық емес әдебиет пен искусствоны (мұның өзі тапсыз социалистік
қоғамда ғана мүмкін болады) алу үшін емес, қайта екіжүзді «бостандық»
әдебиетке, ал іс жүзінде буржуазиямен байланысты әдебиетке шын ерікті
пролетариатпен ашық байланысты әдебиетті қарама-қарсы қою үшін әлгі
екіжүзділікті әшкерелейміз, жалған бүркенішті сыпырып тастаймыз.

Бұл нағыз ерікті
әдебиет болады, себебі: оның қатарына көптеген жаңа күштерді пайдакүнемдік пен
мансапқорлық тартпайды, социализм идеясы мен еңбекшілерге ниеттестік тартатын
болады. Бұл нағыз ерікті әдебиет болады, себебі: ол ретсіз тойынғандықтан
маубастанған кейіпкерге, семіздіктен қайғы тартқан және азап шеккен «жоғарғы он
мыңдарға» қызмет етпейді, елдің гүлі, оның күші, оның болашағы болатын
миллиондаған, он миллиондаған еңбекшілерге қызмет етеді. Бұл - адам баласының
революциялық ой-пікірінің тамаша жаңалығын социалистік пролетариаттың
тәжірибесі мен орамды жұмысы арқылы нәтижелі ететін, өткен тәжірибе
(социализмнің дөрекі, утопиялық формаларынан бастап социализмнің дамуын
аяқтатқан ғылыми социализм) мен қазіргі тәжірибе (жұмысшы жолдастардың қазіргі
күресі) арасындағы үнемі болатын әрекеттестікті жасайтын нағыз ерікті әдебиет
болады»1,  - деп жазды.

   
        В.И.Лениннің бұл мақаласы
көркемөнер, әдебиет жөніндегі буржуазияшыл теорияларды бір-ақ төңкеріп
тастағаны өз алдына, сонымен қатар кейінгілер үшін әдебиетті зерттеуде маркстік
ұлы басшылық болды.

   
        Буржуазияшыл теорияны кейінгі
кездердегі қолданушылар бұрынғыларша «Көркемөнер көркемөнер үшін» деп ашық
шықпаса да, пернелеуге, сол пікірді жіңішкелеп өткізуге тырысты. Бір ұлт
әдебиетінің даму тарихын сөз еткенде, дүниеге көзқарастары жақтарының өз
ішіндегі қарама-қарсылығын ашпай,  бір
ұлттың барлық ақын-жазушылары не бірыңғай феодал табының идеясын жыр

етеді, не түп-түгел халықтың идеясын
жыр етеді деп бағалады. Міне,

__________

1В.И.Ленин. Шығармалар, 10 т.,
33-34-беттер.

осындай негізде әдебиеттегі «бірыңғай
ағым» қисыны келіп туды.

   
        Қай елдің әдебиет даму
тарихын алсақ та, еш уақытта бұлай болған емес. Өйткені тап болған қоғамда
әдебиет таптық. Жекеменшік тууымен байланысты тап туды деген маркстік қағида
тұрғысынан қарағанда, әдебиеттің таптығы сонау ескі заманнан бері келе жатқаны
сөзсіз. Ал  әрбір ұлт мәдениетінің түрі, мазмұны қандай
болады және оның негізі
туралы кемеңгеріміз В.И.Лениннің ілімі - бізге сара жол. Бұл
мәселеде
В.И.Лениннің көзқарасын дұрыс
қолдана алсақ қана, көздеген нысанаға жете аламыз. В.И.Ленин өзінің
«Ұлт мәселесі жөніндегі сын мақалалар» деген еңбегінде:

            «Әрбір
ұлттық мәдениетте демократиялық және социалистік мәдениеттің элементтері бар,
жетілмеген болса да бар, өйткені әрбір ұлтта еңбекші және қаналушы бұқара бар,
оның өмір сүру жағдайлары демократиялық және социалистік идеологияны туғызбай
қоймайды. Бірақ, сонымен қатар әрбір ұлтта бужуазиялық (ал көпшілігінде әлі де
болса қаражүздік және клерикалдық) мәдениет те бар:, жалпы алғанда,
помещиктердің, поптардың, буржуазияның мәдениеті болып
табылады», -
деп көрсетті. В.И.Лениннің ұлт мәселесіне берген бұл
анықтауы әдебиеттің таптығын мойындамаушыларға да, олардың бір көрінісі боп есептелетін
әдебиеттегі «бірыңғай ағым» тәрізді қисынсымақтарға да қарсы күресуде біздер
үшін негізгі тірек және  әрбір ұлт
әдебиетінің тарихи даму жолдарын айқындауда сара басшылық болып табылады. оның бер жағында, бұл
мәдениет «элементтер» түрінде ғана емес, үстем мәдениет түрінде болып отыр.
Сондықтан «ұлттық мәдениет»

     
      Біз әңгіме еткелі отырған
XVIII ғасырдың екінші жартысындағы және 
XIX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдебиет тарихын алсақ, ол кезде
қазақта феодалдық қоғам құрылысы болғандығы, онда жіктері ашылған екі түрлі
таптың барлығы оқушы жұртшылығымызға мәлім.

      
     Шығармалары өз аттарымен
біздің дәуірімізге дейін сақталып келген әдебиет өкілдері: Бұхар, Үмбетай (XVIII
ғасыр), Дулат, Жанкісі, Байтоқ, Жанұзақ, Шернияз, Алмашты т.б. (XIX ғасыр)
алсақ, бәрі бір дәуір, бір кезеңде өмір сүрсе де, олардың дүниетану, өмірге
көзқарастары әр басқа. Өйткені бұлардың бәрі бір таптың ақындары емес. Әркім
өмір құбылысын өз ортасы арқылы, өз табының көзқарасы тұрғысынан танымақ. Мысалы,
Бұхар, Үмбетай, Дулаттарды алсақ, негізінде, феодалдық салт-сананы қолдаушы,
сол таптың идеясын жырлаушылар болды. Бұхар хандық құрылыстың мызғымас беріктігін
аңсады. Абылайдың іс-әрекетінің көпшілігін құптап, өлеңдеріне
идеялық өзек
етті. Ескіден келе жатқан әр алуан салтты үгіттеу және ол салттардың ел
өмірінде өзгермей қалуын көксеу оның поэзиясынан кең
орын алды.

 

            XVIII
ғасырдың екінші жарымындағы әдебиетіміздің тарихында халық атынан сөз сөйлеп,
езілушілердің мақсат-мүддесін көздеген демократтық идеяны
жырлаушы ақындар болғандығы күдік туғызбайды. Бірақ олардың аттары
сақталмай,  ауыз әдебиетінің жалпы қорына
қосылып кеткенге ұқсайды. Аталып өткен ғасырлардағы  әдебиет тарихынан  екі түрлі әдеби бағыт  болды деген пікірді анықтау үшін XIX
ғасырдың  бірінші жартысындағы поэзия
нұсқалары толық мысал бола алады. Сол кездегі  поэзия өкілдері: Байтоқ, Жанұзақ, Боран жырау,
Махамбет, Шернияз, Алмаш Азаматқызы.

   
        Өз заманындағы әр алуан
мәселелерге жеке көзқарастары, тақырып таңдаулары  немесе ол тақырыптарды қалай суреттеулері
жағынан  алсақ, олардың аралары алшақ
жатқан, өзара бір-біріне қарама-қарсы екі топқа жататын ақындар екендігін
көреміз. Бірінші топқа жататындар: Байтоқ, Боран, Жанұзақтар да, екіншілері:
Махамбет, Шернияз, Алмаштар. Олардың әр тақырыптарға шығарған өлеңдерінің
идеялық мазмұндары бір-біріне ұқсамаулары былай тұрсын, бір тақырып, бір түрлі
өмір құбылысы не бір адам туралы шығарған өлеңдері де идея жағынан бір-біріне
қарама-қарсы.

  
         Жанұзақ жыраудың «Жәңгір
ханның өз алдында айтқаны» дейтін ұзақ өлеңінде де, Байтоқ жыраудың «Жәңгір хан
дүниеден қайтқан соң айтқан сөзі» дейтін жоқтауында да Жәңгірдің істеген
істерін аспанға шығарып мақтайды. «Әділ еді, қайырымды еді, басқа хандардан
артық еді», қысқасы, қай жағынан алғанда да асыл адам еді деп дәріптейді.

  
         Осы тақырыпқа шығарған
өлеңдерінде Махамбет Жәңгірді жерден алып, жерге салады. Байтоқ, Жанұзақтар
мақтаған қасиеттерінен еш нәрсе де қалдырмайды. Тап осы тәрізді көзқарасты
Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқан сөздерінен де көруге болады.

   
        Жанұзақ Жәңгірдің әкесін
мақтаса, ал Махамбет:

           Қара  албасты
басқырсың.

           Достарың келіп табалап,

           Дұшпаның сені басқа ұрсын!

         Хан
емессің, ылаңсың,

           Қара шұбар жылансың.

         Хан
емессің аянсың,

           Айыр құйрық шаянсың1, -

деді.

_______________

1Махамбет. Өлеңдері, Алматы, 1951.

(Бұдан кейінгі алған мысалдарда сілтеме
берілмейді, осы кітаптан алынады)   
            

Жанұзақ өз сөзінде
Жәңгірдің кезінде «Жарлы байға теңеліп», «Нарында тамаша бір жақсы күндер болып
еді» десе, Махамбет:

            Міне алмаған алағай,

          
Шыға алмаған далаға-ай,

          Қара
қазақ баласын

            Атаңа нәлет Жәңгір хан

            Шетінен тізіп жіберді-ау,

            Орынбор деген қалаға-ай! -

дейді.

            Жәңгірдің баласы Сақыпкерей сұлтан
туралы айтқан өлеңінде Байтоқ оны жер-көкке сыйғызбай мақтаса, Баймағамбет
сұлтанға арналған бір алуан сөздерінде Шернияз да, Махамбет те хан,
сұлтандардың халыққа жасаған жауыздықтарының бетін ашып, елді бүліншілікке
ұшыратқандығын әшкерелейді.

     
      Шернияз Баймағамбетке айтқан
бір сөзінде:

           Ар жақта Арғынғазы дүмбірлеген,

           Бай-еке, елің бар ма бүлдірмеген?

           Қоректеп төбелерде төбет қалып,

          Туып тұр ел басына бұл күн деген.

           Қазақтың қара жұртын быт-шыт қылған,

           Төре емессің, төбетсің дым білмеген1, -

деді.

   
        Махамбет пен Шернияз
ханның, сұлтандардың халыққа жасаған жауыздықтарын жұртшылыққа әшкерелесе,
Алмажан (Алмаш) Азаматқызының «Жетім қыздың сөзі» деп аталатын поэмасында
ханның әмірін орындаушы билердің зұлымдық іс-әрекеттері суреттеледі.

   
        Феодал табының ақындары
Байтоқ пен Жанұзақ Жәңгірдің  хандық
құрған кезін орынсыз мадақтаса, ал өмірдің нақтылы шындығы басқаша бейнеде
екендігін даңқты ақындардың өлеңдерінен ғана емес, қатардағы ақын қыздардың
бірі Алмажан поэмасынан  да көруге
болады. Жәңгірдің ел билеу саясатын бұлжытпай орындаушы билерінің (Нарындағы 9
би және орданың өз басындағы билер) жауыздықтарын өз басынан кешірген, билердің
зорлық, зомбылық, рухани қысымшылығын көрген қыздың шығармасының бұл өте құнды
жағы деуге болады.

_____________

1Терме. №1, Ташкент, 1925,
109 бет.

...Бар
сенгенім тоғыз би

Өзіме
қарап тап берді.

Қорғалауға
қара таппадым,

Шағайын
енді кімдерге?

Атамнан
қалған малды алдың,

Мойыныма қой кінәмды

Жазығым не, билер,
сіздерге?..

 

...Атаңа
нәлет, тоғыз би

Адастырды-ау
жөнімнен.

Адастырған емей немене:

Зорлық етіп айырдың

Ата бір қоныс жерімнен.

Қызымен жасты Алмашты

«Аламын» деп тап берді,

Нарындағы тоғыз залымда,

Ойласам, ата,
дін бар ма?»

Ай
жалыны айда екен,

Күн
жалыны күнде екен,

Орданың
басшы билері,

Қас  қасқырлар мұнда екен.

Арызға
келген жетімді

Жібермей
жолдан тоқтату,

Билерім,
сізге жөн бе екен?..

Нарындағы
тоғыз залымнан

Құтылдым
деген сұм басым,

Онан да зорлар мұнда
екен1. 

Алмаш қыздың бұл сөздерінен Байтоқ, Жанұзақ
мақтаған Жәңгір заманындағы қара халықтың ұлы мен қызының
халі қандай болғандығы айқын көрінеді.          Исатай,
Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне қатысушылардың басын айдауға, малын
талауға салып, әйелін жесір, баласын жетім етті. Сол өмірдің бір көрінісі - осы
«Жетім қыз» поэмасы.

            Сөйтіп,
ақындардың бір дәуірде өмір сүруі не бір тақырыпта жазуы олардың өмір құбылыстарына
көзқарастарын белгілей алмайтындығына жоғарыда келтірілген
мысалдар толық дәлел бола алады. Ендеше, ақындардың өмірге көзқарасын
белгілейтін, шындықты қалай түсінулерін шешетін олардың таптық жағдайлары
екенін анық көреміз. Ақын өмірге қандай таптың мұнарасынан қарайды -
әңгіме осында.   

__________________

 1Жұлдыз, 1959, №1, 89-90-беттер.               

Байтоқ, Жанұзақ не
солар сықылды ақындар өмірге феодал табының тұрғысынан қарады да, сол таптың
өкілдері: ханды, сұлтанды, би-феодалдарды дәріптеді. Өмір құбылысын, өмірдегі
әр алуан шындықты үстемдік етуші тап көзқарасының шеңберінде ғана таныды, оған
қайшы келетін шындық құбылыстарды көрмеді де, көргісі келмеді де. Өстіп олар
сол кездегі үстем таптың жырын жырлап, таяғын соқты.             Олардың өлеңдерінің тек мазмұны ғана емес, түрі де
демократиялық бағыттағы ақындардан өзгеше болды. Сөз образдарының көпшілігі
буалдыр, пернелеп, тұспалдап айтылып, белгілі өз ортасының ұғымына  лайықталынды:

 

Күн не болар айдан соң?

Айналасын жер тұтқан

Ай да батпас демеңіз.

Айнала ішсе азайып,

Көл таусылмас
демеңіз1.  

Бұл ақындардың өлеңдерінде архаизм, диалект
(көбіне сарай маңында қолданылатын сөздер), дін ұғымымен байланысты атаулар,
шет сөздер көп:

Алғырттан далғырт ел
дархан

Әннен сарай салдырған
(Байтоқ).

Айт десең, ал айтайын

Можабай салған жерінен.

Командасы
қару-жарақты...

Саксонски қақпалы...

Пәрмени
салған көк ала үй...

Дәулетті артық иемнің2...(Жанұзақ).    

Байтоқ, Жанұзақтарға тағы бір тән нәрсе - өмір
құбылысын суреттеуде жиі қолданылатын поэтик тілінің түрі, көбіне, әсірелеу
(гипербола). Әрине, бұл кездейсоқ емес, өлеңдерінің мазмұнымен байланысты.
Олардың негізгі нысанасы феодалдық, хандық құрылысты мақтау болғандықтан, сол
таптың өкілдерінің іс-әрекеттерін көтере, шектен асыра мақтаулары керек болды.
«Түймедейін түйедей, көздей нәрсесін көлдей» етіп суреттеді. Ол
арқылы жұртшылықтың көңілін аудармақ болды.

____________________     

1Таң, 1925, №2.

2С.Мұқанов. Қазақтың XVIII-ХІХ ғасырлардағы әдебиетінің тарихынан очерктер,
Алматы, 1942, 54-бет.

 

Байтоқ ақынның
Жәңгірді жоқтап айтқан әлгі өлеңінің бір жерінде:            

Атаның алмаған қонысын алып,

Әннен сарай салдырған,

Ол салдырған сарайдың,

Айналасы айшылық,

Көлденеңі күншілік, -

дейді.

            Басқа
жағын қоя тұрып, тек осы үзіндінің өзін алсақ та, көп нәрсені аңғаруға
болады. Мақтап отырған сарайы - бірнеше бөлмелі,
күйдірген кірпіштен салынған екі қатарлы ғана үй. Әйтсе де
Байтоқ оны «Айналасы айшылық, көлденеңі күншілік» деп суреттеген.
Мұнысы ешбір шындыққа жанаспаса да, ханды дәріптеу ретінде сарай маңындағы феодал
ақындарының ой-санасына сыйымды. Өмірмен жанаспайтын сөз образдарын қолдану шындықтан
алыс кетуіне итермелеген.

            Егер
біз феодалдық көзқарастағы ақындардың тіл ерекшеліктерінен осыны көрсек, оған
қарсы көзқарастағы демократ ақындардың поэзиясына тән ерекшеліктердің басқаша
болып келетіндігін байқаймыз. Махамбет, Шернияз
өлеңдерінің идеялық мазмұны  хан, сұлтан,
би-феодалдардың халықты езіп отырғандығын әшкерелеуге, халықты соларға қарсы
күреске үндеуге арналса, олардың қолданған сөз образдары поэтик тілдің, жалпы
сөздерінің көпшілікке түсінікті болуын керек етті. Олар сөздерінің мағынасы
тұжырымды, дәл, анық,  образдарының өмір
шындығынан алынуына, жұртшылыққа мейлінше түсінікті болуына алдымен көңіл
бөлді. Түсініксіз сөз, диалект, жаргондар олардың өлеңдерінде кездеспейді
десек, асырып айтушылық емес.

Мысалы:

Бағаналы терек жарылса,

Бақыраш жамап болар ма?

Қарағайға қарсы бұтақ
біткенше,

Еменге иір бұтақ
бітсейші,

Қыранға тұғыр қыларға;

Ханнан қырық туғанша,

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы,

Артымыздан біздердің -

Ақырып теңдік сұрарға.

Осы үзіндіні тілі жағынан алып қарасақ, ешбір
пернелеу, тұспалдаулар жоқ. Бүгін өздері дегеніне жете алмаса, келешек ұрпақ
күресті тоқтатпау керек деген үлкен ой, терең пікірді халықтың өзіне түсінікті сөздері «Бағаналы
терегі, бақырашы, қарағайы, қыраны, оған тұғыр жасауға жарайтын иір бұтақты
емені» арқылы айтып берген.

            «Исатай
өлмеген, тек ұсталған ғана болып, қайтып келсе, не деп жырлар едің» деген сұраққа          
Шернияз:

Бармысың, жауға түскен
алтыным-ай?

Самалым, саз қонысым,
салқыным-ай?

Жатпапты асыл болат қап
түбінде,

Шықтың ба қабын жарып,
жарқыным-ай, - 

деп
мойнын құшар едім депті. Мұнда әр сөзі, әр образы
жұртшылықтың ұғынуына
оңай, түсінуіне жеңіл, бәрі де халықтың өз өмірінен алынған сөздер. Осылар тәрізді ел өмірінде көп қолданылатын сөздерді әдемі қиюластыру
арқылы ұлғайған метафора мен метафоралық эпитеттер жасалған. Бұл келтірілген
фактілер мен оларға жасалған жеке талдауларды жинастырғанда, бір дәуір, бір
әлеуметтік құрылыста өмір сүрген ақындардан қалған әдеби нұсқалардың бір
бағытта болмайтынын мұқият қарап, тереңірек тексерсек,  шығармаларының идеяларында, қай таптың жырын
жырлауына қарай бір-бірінен үлкен айырмалары болатынын көреміз.

   
        Бұхар, Дулат, Байтоқ,
Жанұзақтардың өз кезіндегі әлеумет өміріндегі күрес-тартыстарды қалай ұғынып,
өлеңдерінде қалай суреттеулері, өз ой-пікірлерін көпшілікке қандай сөз
образдары арқылы қалай жеткізулері жағынан өмірге көзқарастары  бір басқа десек, Жанкісі, Махамбет, Шернияз,
Алмажандардың осы айтылған мәселелер жөніндегі көзқарастары екінші басқа. Алдыңғыларға
соңғыларының қарама-қарсы келуі XVIII ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың басындағы
әдебиетімізде жігі айқындалған феодалдық және демократиялық - екі түрлі әдеби
бағыттың болғанын аңғартады. Бірінші әдеби бағыттың басты өкілдері: Бұхар,
Дулат, Байтоқ, Жанұзақ т.б. болса, екінші әдеби бағыттың басты тұлғалары:
Жанкісі, Махамбет, Шернияз, Алмажан т.б. болды.

   
        Бұл фактілер әдебиетіміздің
даму процесі еш уақытта бірыңғай ағымда болмағандығын, қазақ елінің өз
әлеуметтік жағдайына, оның өз ішіндегі тап қайшылықтарына сәйкес, әдебиетімізде
екі түрлі бағыт, екі түрлі ағым болып отырғандығын сипаттап береді. Екі түрлі
әдеби бағыттың мазмұны мен түр жақтарының өздеріне тән ерекшеліктерін салыстыра
отырып зерттеу - әдебиеттің таптық табиғатын дәлелдеу үшін ең керекті
шарттардың бірі.