ВЕРНУТЬСЯ

    Өз
дәуірінің жыршысы, келешек заманның жаршысы, ұрпағына өлмес мұра, ұмытылмас даңқ
қалдырған ірі жазушы, үлкен тұлғалардың өмірі мен ісіне көз салсақ, олар өз
кезінің жемісі екендігін және олардың әдебиетке келу жолдары да, тарих
сахнасынан алатын орындары да әр басқа екендігін көреміз.

            Біз қазақ совет әдебиетін сөз
еткенде, ол социалистік Ұлы Октябрь революциясының бел баласы дейміз. Бұл -
тарихи шындық. Демек оның негізін салушылар да Октябрь революциясының қаһарлы күндерінде
оянып, азаттықтың айбынды туына бас иді. Күн шұғыласындай қызыл байрақтардың қуатты
нұрына бөленіп, оған қызмет етуге айнымас ант, бұзылмас берік серт берді.

            Арқаның елдігі мен өрлігін бойына
жинаған Сәкенді біз әдебиетімізде Ұлы Октябрь революциясының алғашқы дабылшысы,
қазақ совет әдебиетінің негізін салушы болды десек, оның өкше ізін баса, ғасырлар
бойы байлардан азап көрген қазақ кедейлерінің арманы мен тілегін, мұңы мен
шерін өз көкірегіне сыйғызып, соқасын сүйрете Бейімбет, жасынан асқарменен
тілдесіп, «шұбар құспен» мұңдаса өскен нәзік жан, жұрт қайғысы жүрегінде жалын
болып жанған сұлулық сұңғыласы ақын Ілиястар әдебиетімізге келді.

            Тап сол революциялық күндерде, дүниеге
көз ашқаннан бері өмір қыспағы арқасына аяздай батқан он жеті жасар, бұрын
белгісіз жас ақын Сәбит Мұқанов та жоғарғылардың сапына келіп қосылды. Бәрі
Ленин туының астында табысты.

            Ұлы революцияның қызыл солдаты, күресте
шыныққан Сәкен, ол бастаған үздік талант, үлкен суретші, тепсе темір үзерлік күшті
топ сол қаһарлы жылдарда жан сала жұмыс істеп, жалынды жырларын жаңа заман, жаңа
дүние, жаңа адамдарға арнады. Ленин жолына шын жүректерімен берілген, өкімет өзіміздікі
деп ұққан жаңа дәуір жыршылары, өздерінің бойларындағы нәрі мен барын халық мүддесі
үшін, партия мен совет үкіметінің әр алуан шараларын іске асыру үшін жұмсады,
барлық іске аянбай ат салысты.

            Сәбит Мұқановты алдыңғылармен
салыстырғанда жас, білімі әлі саяз болатын. Ол ауылдағы дүмше молдалардан үзіп-қашып
оқыған, хат танырлық қана біліммен әдебиет майданына араласты. Бірақ талантты,
тынымсыз іздемпаз жас ақын совет үкіметінің арқасында тез өсіп, тез жетілді. Оқи
жүріп жазды, жаза жүріп оқыды. Әдебиетке келісімен-ақ тап тартысына шешіне
кірісті, күрес үстінде өсті.

            Сәбит Мұқанов әдебиетімізге осылай
келді.

            Сәбит Мұқанов Ұлы Октябрь
революциясының алғашқы жылдарында келіп, әдебиет майданына араласты десек, ол
содан бері қазақ совет әдебиеті, жалғыз қазақ қана емес, бүкіл совет әдебиетімен
бірге өсіп, біте қайнап келеді. Сәбит қазір Одақ көлеміндегі даңқты қалам қайраткерлерінің
бірі екені жұртшылығымызға мәлім.

            Еліміздегі тап тартысының нағыз қызу
кезінде ол тарих беліне шықты да, азамат-ақын қатарында тап жауларының алуан түрімен
белсене күресті және қай майданда болсын, жауынан палуан түсті. Сәбит Мұқанов
алғашқы күннен-ақ социалистік жаңа өмір, жаңа құрылыс істеріндегі партия мен үкіметіміздің
әр алуан саяси-шаруашылық шараларын жүзеге асыруға бар жігер, бар күшімен ат
салысуды азаматтық борышым деп ұғынды. Өзінің бауырласы батырақ, кедей,
жалшыларды да ұлы іске араластыру, олардың да өздері тәрізді жаңа өмірдің
саналы құрушысы, қажырлы күрескері болуын арманым деп білді.

            1919 жылы жазылған «Бостандық» өлеңінен
бастап, күнделікті тақырыпқа жазылған саяси лирикасында болсын («Жалшыға»,
«Менің тойым», «Ленин», «Қаралы күнде», «Бүгін», «Қызыл арна», «Кедей баласы»,
«Әжем», «Еңбекші әйел», «Еңбекші жас серігім», т.б.), ұзынды-қысқалы
поэмаларында болсын («Қанды көл», «Құланың құны», «Батырақ», «Октябрь өткелдері»,
«Жұмаштың өлімі») ауылдағы кедей, жалшылардың өткені мен қазіргісін қарама-қарсы
қойып суреттеу арқылы олардың ой-санасын көтеруге күш салды. Ғасырлар бойы
езіліп келушілер айналасындағы үлкен өзгеріс, ұлы жаңалықтарды ұғынып, оған
белсене араласуы керек екенін жыр етті. Ескі феодалдық өмірдің ауыр дерттей құлғаналық
жақтарын өз қалпында, шындық бейнеде көрсете отырып, Ленин партиясы бастаған жаңа
өмірдің жарқын болашағын еңбекші халыққа түсіндіру Сәбит өлеңдері мен
поэмаларының өзегі, ой қазығы болды.

 

Мен
сендерді басқадан бұрын көрем,

Мен
қолымды сендерге бұрын берем.

Сендерге
кеп алысар жау табылса,

Мен
бәріңнен қолыңда бұрын өлем.

Сен
жыласаң көзімнен жас ағызам,

Сен
қуансаң тілімнен бал тамызам.

Сенің
егер өзегің талып кетсе,

Басқадан
бұрын саған нұр тамызам.1

 

            Бұл ақынның халқына аңғартқан жан
сыры, жүрек сүйісінің сәулесі еді десек, екінші бір өлеңінде Сәбит:

 

Уа,
халқым, ақын ұл ғып мені тапқан,

Тағы
да артсаң жүкті талай батпан.

Жолында
сен беттеген коммунизм,

Жүгіңді
жерге қойып, өлмей жатпан, -

 

 
 

1С.Мұқанов.
Шығармаларының толық жинағы, ІІ том, 1926ж. 151-бет.

деп
сендіре серт берді. Сол сертін орындау жолында Сәбит Мұқанов ерінбей еңбек
етіп, талмай жырлаумен келеді.

            Мұқанов творчестволық өсу жолының өзінше
тарихы бар. Алғашқы кездегі негізгі тақырыбы ауылдағы тап тартысы, оның әр
алуан көрінісі болды. Бұл тақырыпқа «Құланның өлімі», «Қанды көл», «Батырақ»,
тағы бірнеше поэма жазды. Бірақ бірінші он жылдығында Сәбит поэзиясының мазмұны
және түрі жағынан шауып шыққан биігі - «Сұлушаш» поэмасы. Бұл оның тек өзінің ғана
емес, кезіндегі бүкіл қазақ совет әдебиетінің табысы болды.

 

Ескі
өмір құрысын құмар емен,

Ескіге
емес, алдағы күнге сенем.

Бірақ
ескі өмірдің мұңды зарын,

Жаңа
өмірге үлгі үшін айтып берем.1

 

деп
ақынның өзі айтқандай, қазақ өмірінде тап тартысы әріден келе жатқанын, кедей
батырақтардың ауыр хал, азап өмірін романтикалық қызық сюжетке бөлей отырып, ақын
көп шындықтың бетін ашты.

            Жұртшылықтың эстетикалық сезімін
оятарлық құдіретті поэманың мазмұны жағынан        әлеуметтік
мәні зор болды десек, көркемдігі жағынан да әдебиетімізге өз ерекшелігін ала
келді.

            «Сұлушаш» өзіне дейінгі лиро-эпикалық
поэмалардан тек реалистігімен, бұрынғы поэмаларда жиі ұшырайтын ғажайып оқиғаларының
жоқтығымен ғана өзгеше емес, ең алдымен тақырып, сюжет, оқиға шиеленістерінің
жаңаша меңгерілуімен, қазіргі тап тартысының тамыры тереңде жатқандығын көрсету,
мәселенің жаңаша қойылуымен бұрын талай жырланған сүйіспендікке арналған тақырыпты,
таныс сюжетті жаңа бір қырынан көрсетуімен жаңа, өзіне шейінгілерден өзгеше шығарма
болды.

            «Сұлушаш» композициясы жағынан орыс,
европа әдебиетінің классик ақындарының поэмаларына ұқсас. Орыс, европа әдебиетіндегі
поэманы сюжеттік бір линияға құру үлгісі «Сұлушашта» берік сақталынған.

            Оқиғалы поэмалар Сәбит Мұқановтың өзінің
де, сол кездегі оның замандастарының да ырықтарына көнбей, сәтсіздікке ұшырап
келсе, идеясына түрі сай, сәтті күні дүниеге келген қазақ совет әдебиетіндегі
бірінші сюжетті поэма - «Сұлушаш». Оның тарихи мәні мен құндылығы да осында.
Сонымен қатар «Сұлушаш» поэмасы Сәбиттің тегеуріні мықты, шын тебіренсе, тереңге
бұлқырлық қабілеті мол, ұзаққа сілтей алатын үлкен ақын екендігін де танытты.

 1С.Мұқанов.
Таңдамалы шығармалары, ІҮ том, 1956ж. - 105-бет.

 Әрине
«Сұлушаш» Сәбит поэзиясының жеткен жері емес, ақынның творчестволық өсу жолының
белгілі бір кезеңіндегі биігі ғана. «Сұлушаштан» кейін Сәбит «Ақ аю», «Жүйткі, қара
айғырым», «Алатаудың алыбы», «Колхозды ауыл осындай», «Сөз - советтік армия»,
т.б. поэмалар жазды.

«Ақ
аю» поэмасында ғасырлар бойы мұз қабағын бір ашпай, аязымен үсітіп, суығымен қатырып,
шеніне жан жуытпай жатқан мұз мұхиттың дүлей табиғатына Шмидт бастаған совет
адамдарының салған шабуыл, өрен ерліктерін суреттеп, еліне қарай - ері,
заманына қарай - адамы болатындығын жауына айбар, досына үлгі етті. Талай
миллион жылдар алысып келе жатқан асау табиғатты адам баласы өнерімен ақыры жеңіп
шығатындығын, соның алғашқы пионері Шмидт бастаған совет адамдары екендігін,
оларды тарих таңғалған ерлікке жетектеуші, қандай қиын қамалды болсын ала
білуге дем беруші құдіретті күш партия, совет үкіметі екендігін көрсетті.

«Колхозды
ауыл осындай» - Сәбиттің ауыл-колхоз тақырыбына жазған өлең, поэмаларын әрі
идеялық, әрі көркемдік жағынан жинақтаған, қорытқан шығармасының бірі деуге
болады.

Ақын
әдебиет майданына келісімен тап тартысын негізгі тақырыбы етіп алды да, ол
туралы бірнеше поэма жазып, «Сұлушашпен» бір жинақтады десек, кейінгі
поэмаларында тап күресінде жеңіп шығып, социализм құру ісіне белсене ат салысқан
еңбек ерлерін әр жағынан алып суреттеу, олардың ортасынан ойып алып, жағымды
образдарды жасауды негізгі нысана етті. Осы тұрғыдан қарап, ол көптеген өлең,
поэмалар жазды. «Жүйткі, қара айғырым», «Көмір - коммунизм», «Құрылыс», тағы
басқалар. Олардың ішінде әлсіз, сәтсіз шыққандары да жоқ емес. Бірақ ақын сол
тақырыпты меңгеру, еңбек ерін де, поэманың өлеңдік қасиетін де жақсарту, дайым
іздену, өсу жолында болды. Бізше, еңбекті жырлауда Сәбит поэзиясындағы өте сәтті
шыққан құнды поэмасы - «Колхозды ауыл осындай» (1937ж.)

Поэма
- колхоздың бір күнгі еңбегін көрсетуге арналады. Бірақ сол бір күнгі суреттің өзінен
колхоздың бай, бақытты тұрмысы, жаңарған мәдениетті өмірі, адал еңбек, құнарлы
ісі көз алдыңнан өтіп жатады. Ақынның шебер суреті сол өмірді сүйдіріп қана қоймайды
және шындығына сендіреді де. «Басы бір жалған дүниенің энциклопедиясы» - колхоз
қарауылшысы, әңгімеге желмаяша жорытқан Кенбай шал тек қана сөз иесі емес, ел
иесі, саналы совет адамы, Отанын тереңнен сүйетін патриот, тау-тау астықтың кім
үшін, не үшін керек екенін, Ұлы Отанына қауіп туса, әр дән мылтықтың оғы болып
жауға атылатынын ол жақсы түсінеді. Сондықтан да Кенбай - қырағы. Өзін тек
колхоз емес, Отан қарауылындағы солдаттың бәрі біледі. Ақын Кенбай шал арқылы
30 жылда ел санасы, ер санасы қандай дәрежеге жеткенін жан сала, жалынды үнмен
жыр етеді. 

«Колхозды
ауыл осындай» поэмасынан бір жыл кейін (1938ж.) жазған Сәбиттің тағы бір құнды
поэмасы - «Сөз - Советтік Армия». Бұл Ұлы Отан соғысынан үш жыл бұрын жазылса
да, фашизмнің қанды жорық, қаныпезерлік іс-әрекетінің совет еліне шабуыл
жасаумен тынатындығын ақын қырағылықпен байқап, совет халқының ой-санасын Отан қорғау
мәселесінің айналасына ұйымдастырды. Соғыс болса, тек армия емес, бүкіл халық
болып майданға аттанатындығын және жауына тойтара соққы беріп, тұқырта жеңетіндігіне
оқушыларын сендіреді. Сәбиттің бұл поэмада, әсіресе айрықша көңіл бөлген жайттың
бірі соғыс мәселесімен байланысты ақын-жазушылардың алдында тұрған міндет, мақсаттары
деуге болады. Қай кезде болсын, тар жол, тайғақта сөз өнерінің атқаратын жұмысы
зор екендігін, оның көрнекті үлгілері М.Горький, Маяковский екендігін айта
келіп, ақын-жазушылардың әр сөзі жауға атылатын бомба, снаряд болуы керектігін үндеді.

Сөйтіп
Сәбит Мұқанов өзінің лирикалық өлеңдерінде болсын, не ұзақ поэмаларында болсын,
Маяковский мен Сәкендер бастаған партиялық поэзияның традициясын дамытушы ақын
болды. Әрине алғашқы кезде оның жалаң үгіт дәрежесінен аса алмаған өлеңдері де
аз емес. Бірақ өз кемшілігін тез сезіп, әділ сындарды тез қабылдағыш Сәбит, қатесін
кезінде жөндеп, өлең, поэмалардың тамаша көркем үлгілерін жасау дәрежесіне
шейін көтеріле білді.

Жасырақ
кезінде өзі Маяковский, Сәкен сықылды аға жазушыларға еліктеп өссе, кейін өзі қазақ
поэзиясына өлеңнің жаңа ырғақ, жаңа түрлерін енгізген аға ақын болды. Жастар үшін
мазмұнды ғана емес, көркем түр жағынан Сәбит поэзиясының үлгі алар жағы көп.

Осы
поэмаларының және бір құнды, жастар үшін өнегелі жағы - өлеңді ойға құру, өлең
жолдарында айтайын деген негізгі пікірге қатысы жоқ сөздерден аулақ болу. Өлеңге
әр берерлік поэтикалық образдарды ойға құрылған өлеңдерде де бере алуға
болатындықтың үлгісін көрсету. «Колхозды ауыл осындайда» ақын өз Отанының көркем
табиғатына жаны рахаттана отырып, лирикалық шегініс арқылы оған өз қарым-қатынасын
көрсететін бір жерінде:

 

Шығыс
жақ ұқсап бейне біздің туға,

Малынды
қып-қызыл боп алтын буға,

Торғын
көк көлін көктің көлбей жүзген,

Ұқсады
күміс түкті күн аққуға.

Сүйем
мен таңды таудай, туды таңдай,

Таң
нұры жүрегімнің қаны - жандай.

Мен
жырлап көрген емен жүрегімді,

Ту
менен таң нұрына бірдей малмай.

 

            Сәбит Мұқанов поэзия мен прозаны қатар
бастап, қатар жазды. Оның бірінші әңгімесі «Түсімде» 1922 жылы басылды. Қазір
ол - көптеген қалың романдардың авторы, халық қалаулысы, сүйіп оқитын
жазушыларымыздың бірі. Сәбит Мұқановтың алғашқы ұзақ әңгімесі - «Адасқандар»
(1929ж.).  Осыдан кейін ол «Теміртас»
(1935ж.), «Ботагөз» (1938-1948ж.), «Балуан Шолақ» (1942ж.), «Сырдария»
(1948ж.), «Менің мектептерім» (1950ж.), «Өмір мектебі» (1955ж.), «Тыңдағы толқындар»
(1957ж.), «Мөлдір махаббат» (1960ж.), тағы басқа көптеген әңгімелер жазды.

            Сәбит Мұқановтың алғашқы романдарының
ішінде айрықша тоқталуды керек ететін - «Ботагөз». Өйткені оған шейінгі «Қалың
мал», «Қамар сұлулар», тіпті «Адасқандардың» өзі - көтеріп айтқанда, ұзақ әңгіме
дерлік қана шығармалар. Шындығына келсек, қазақта шын мәніндегі бірінші роман -
«Ботагөз».

            «Ботагөз» романы қазақ еңбекшілерінің
бостандық-теңдік жолындағы күресін көрсетуге арналды. Ең алдымен, ауылдағы тап
тартысын және оның дами келе Ленин бастаған ұлы революцияға қалай ұласқандығын
марксизм-ленинизм оқуы тұрғысынан суреттеген қазақ совет әдебиетіндегі бірінші
көлемді еңбек. Ғасырлар бойы екі түрлі қанаудың тепкісінде болып, шыдамы таусылған
кезде, Россиядағы революция дүмпуімен көтеріліс бастаған қазақ халқы 1916 жылғы
июнь жарлығымен байланысты қару алып күреске шығып, елдігі мен ерлігін көрсетті.
Уақытша сәтсіздікке де ұшырады. Бірақ көтеріліс тек онымен біткен жоқ.
Аманкелді, не сол сықылдылардың туы астында шегіну, қайта өрбу жолдарын басынан
өткізе келіп, Россиядағы жалпы пролетариат революциясына ұштасқан, сөйтіп
пролетариаттың жеңуші күштерінің сан бұлақтарының бірі болып қосылды. Сәбит Мұқановтың
«Ботагөзінде» 16 жылғы көтерілістің осы жағы дұрыс көрсетіліп, шығарманың
идеялық мазмұнын күшейте түсті.

            Роман адамдар арасындағы қарым-қатынастарды
қызықты сюжет, шиеленіскен тартысқа құра отырып, халықтың жуан ортасынан шыққан
жаңа адамдарды: Амантай, Асқар сықылды қазақ революционерлерін, олардың өсу
жолдарын, орыс революционерлерімен байланыс, олардың басшылық қамқорлығын шындық
бейнеде суреттеп, сан алуан оқиғаны заңды түрде өрістетіп, дәлелді шешуін таба
білді.

            Романда бұрын үстем болып келген тап
өкілдері Итбай, Мадияр, Сарбас, Құзғынбаев, Кулаковтар революция толқынына бөгет
болмақ боп қанша әрекеттенсе де, кейде жанға батыра жара салса да, ақыры күйреумен
тынады. Ұлы Октябрь революциясының Россия топырағындағы жеңістерінің тарихын
еске алсақ, романдағы ерлік күрес, өжет қимылдардың өмірде дәл солай болғанына
шәк келтірмейсің.

            Романның «Ботагөз» атануы да
кездейсоқ емес.

            Революцияның алғашқы кезінде орысша
оқып, сауатын ашқан қазақ қыздарының жалпы бостандық-теңдік, әсіресе өз
жынысының теңдігі жолында аянбай іс істеп, белсене күреске араласқандары аз
емес. Алма Оразбаева, Нағима Арықова, Мәдина Бегалиевалар - Ботагөздің
прообраздары. Ботагөз революцияға, оның жолында күресушілерге табиғи түрде, өмір
толқынының айдауымен келіп араласады. Ой-санасы біртіндеп өседі. Ботагөз - жаңа
дәуірдегі қазақ қызының ұнамды образы. Сондықтан да ол - жастар үшін үлгі, сүйкімді
қаһарманның бірі.

            Жалпы образ туралы сөз еткенде Сәбит
Мұқанов жасаған адам бейнелерінің ішінде оқушыларының өмір тануы үшін керегі, үлгі
аларлығы аз емес. Өзінің көлемді романдарында Сәбит Мұқанов ұнамды, ұнамсыз
образдардың әр алуан түрлерін жасады. Және олар бірін-бірі қайталамайды.
Мысалы, Қасқырбай, Түлкібай - түсін өзгерткіш құм кесірткесіндей, қолдарынан күш
кеткен кездегі үстем таптан шыққан алаяқ қу. Итбай - Қасқырбайдан гөрі әлеумет өміріне
араласқан, байлық пен билікті тең ұстауға әрекеттенетін жуандардың типі десек, Әбеудің
одан анағұрлым мойны озық, өз табының тілек-мүддесін терең сезініп, ішіне мұз
боп қатқан кегін қалай болса да қарсы таптан қайыруды өмір идеалы еткен, ол
жолда қандай жауыздықтың болсын, беті шірмікпейтін қара жүректіктің үстіне қаныпезер
адам. Керекті жерінде ол міз бақпай батыл қимылдайды. Сәбит Мұқанов жасаған бұл
образдар бір жағынан сол кездегі совет өкіметіне әр алуан жолдармен күресушілердің
қандай болғандығын танытса, екінші жағынан олардың жаулық іс-әрекеттерінің әдістерін
де оқушыларына аңғартады.

            Сәбит Мұқанов романдарында, әсіресе
совет дәуірінің әр кезеңінде күресте, еңбекте, мәдениет майданында өскен совет
адамдарының ұнамды бейнелерін жасауға көп көңіл бөлінеді. Асқар, Ботагөз,
Теміртас, Еркін, Әсия, Байжан, Гүлнар, Дәулет, Айбарша тәрізді жастар, Кенбай,
Сырбай, Анатолий Кондратьевич тәрізді қарттар, бәрі де жаңа заманның саналы құрылысшылары
- ұнамды образдар. Әрқайсысы өзінің жасына, санасына қарай іс істеп, амалдар
жасайды, бірі екіншісін қайталамайды. Әркім өзінше жекеленіліп көрсетіледі.
Бірақ олардың арманы мен көздеген мақсаты біреу-ақ, ол - коммунизм құру жолына өз
өмірлерін сарп ету. Бұл ұнамды образдардың қазіргі жастар үшін қай жағынан
болсын тәрбиелік мәні зор. Үлгілі, ұнамды образдар жасауда қазақ совет әдебиетінде
Сәбит Мұқановтың еңбегі айрықша.

            Бір мақалада Сәкең тәрізді үлкен
жазушының барлық романына тоқталып, талдау беру мүмкін емес. Бірақ олардың бәріне
тән бір нәрсе - жазушының оқушыларына өмірді таныту жағына күш салуы деуге
болады. Қай романын алсақ та, өмір құбылыстарын образ арқылы көзге көрсетумен қатар,
керек деген жерінде дәлелдеу, өмірдің басқа жақтарынан да ақпар бере кетуге бой
ұруы айқын сезіледі. Әйтсе де бұл Сәбит романдарының оқиғаларының тартымды, қызықтығына,
көркемдік күшіне кедергі келтіре алмайды, басқалардан өзінше бір ерекшелігі ғана.

            Бүгінгі той иесі Сәкеңнің соңғы
романы - «Мөлдір махаббат». «Мөлдір махаббат» - өзінің ең бірінші ұзақ әңгімесі
«Адасқандардың» негізінде жазылған десек те, кісі аттары, кейбір көріністері,
хат түрінде жазылу әдісінің сақталуын айтпасақ, негізінен қайта жазылған жаңа
роман.

            «Адасқандар» әңгімесінің оқиға
дамытуда болын, әдеби мінез жасауда болсын, сол кездегі ауыл өміріндегі
тартысты көрсетуде болсын толып жатқан олқылықтары бар еді. «Мөлдір махаббатта»
қай мәселені болсын, автор терең толғап шешкен.

            Романда сюжеттік екі линия қатар өрбиді.
Біріншісі, бір-бірін жастай сүйген, бірақ екеуінің қосылуларына әр жерге
жайылып тасталған ескілік торлары аяқтарына шырмала беретін Бүркіт пен Бәтес оқиғасы
да, екіншісі, романға өзек сүйіспендікке алыстан орғыта байланысатын және өзінің
өрбу, даму жолы бір алуан ауылдағы тап тартысы. Оның басталуы революцияға шейін
болса, жолы жіңішкерген, әдісі өзгерген түрде, тап жауларының күресі совет өкіметі
кезінде де жүріп жатады.

            «Мөлдір махаббат» ауылдағы жалпы
ескілікке, оның қаладағы қолдаушыларының, бәрінің жиналып келіп апатқа ұшыратқаны
- жұдырықтай екі жас. Онан басқа еш нәрсе келмейді. Қалай бұлқынса да, тұмсықтары
тасқа тиіп, мойындары астынан келеді. Немесе соның иек атпасында тұрғаны аңғарылады.
Сөйтіп романдағы екінші сюжеттік линия ойдағыдай бүтін, өмірдегідей шындық
бейнеде көрсетіледі.

            Әке мен баланың арасындағы қарым-қатысты
суреттеу арқылы жазушы жаңа заманның жеңісін, ескіліктің күйреуін мейлінше
шебер көрсеткен. Совет мектебінде оқып тәлім-тәрбие алған жас Бүркіт, Еркін, не
сол сықылдылардың ықпалымен ескілік біткеннің бәріне қарсы шығады. Әңгіме Бүркіт
мінезінің қайсарлығында емес, өмірде өз көзімен көргендерін толғап түсінерлік
санаға жетіп, арам қолдардан адал жандардың сорғалап тұрған қанын көріп, жауыз әке,
зымиян нағашы, сұрқия бөле, қысқасы өз айналасынан жиіркене безіп, жаңа заман құрушы
жаңа адамдардың ортасына біржола келуінде. Осы қарым-қатынасты көрсету арқылы
жазушы қазақтың әлеуметтік өміріндегі, ой-санадағы үлкен өзгерістерді көрсетеді.

            Сәбит Мұқанов тек қана үлкен
романист емес, қазақ совет әдебиетіне драма жанрына да үлес қосты. «Күрес күндерінде»,
«Алтын асық», «Гвардия, алға», «Шоқан Валиханов» сықылды пьеса, операға
либреттолар жазды. Сәбиттің драмалық еңбектерінің әрқайсысы өз кезінде саяси-тәрбиелік
мәні болғаны сөзсіз. Солардың ішінде, қазақтың бірінші демократ-ғалымы, әлеумет
қайраткері Шоқан Валиханов туралы жазған пьесасы - қазақ драм театрының
репертуарынан мызғымас берік орын алған драмалық туындылардың бірі.

            Күні бүгінге шейін Сәбит Мұқановты
зерттеушелір оған ақын, жазушы ретінде тоқталады да, сын-әдебиеттану, ғылыми еңбектері
жайлы мықтаса атүсті тоқтайды, не мүлде ештеңе айтпайды. Жасы алпысқа,
творчестволық еңбегіне 40 жыл толып отырған мерекелі күні біз бұл жағын да ұмытуымызға
болмайды. Әр жазушы, әрбір ғалым өз замандастарынан мақтау тілемесе де, еңбегін
бағалауды күтеді. Өйткені олар өз жазғандарын халықтың керегі үшін жазады,
кетігіне бітеу, жыртығына жамау болуын арман етеді. Сондықтан оқушы, сыншы жұртшылығының
аз сөзі оларға кейде көпке татуы мүмкін. Әрине, сынау оңай, бағалау қиын.

            Біз жоғарыда Сәбит Мұқанов ұзақ жол,
ұлы майданға әлсіз күйінде келіп араласты, бірақ совет үкіметінің арқасында тез
өсіп, тез жетілді дедік.

            А.В.Луначарскийдің М.Горький туралы
айтқанын біз Сәбит Мұқановқа жанастыра айтсақ, басында қоқырайған қара папақ,
аяғында саптама етік, үстінде шолақ тонымен әдебиет майданына Сәбит кіріп
келгенде, мәдениет саласын одан бұрын жаулап алған қазақтың ұлтшыл оқымыстылары
«мынауың кім?», «мына кескінімен бұл қайда барады?» деп, бір-біріне оқырая қарасты.
Бірақ оған Сәбит айылын да жимады. 1923 жылғы «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер,
шешендер» атты мақаласынан бастап, әдебиет майданындағы күрестерге шешініп
кірісті. Оған шейін бедел ғып ұстап келген ұлтшылдардың пердесін жұлып алып,
халыққа шын бетін көрсетті. Ұлтшылдар жалпы қазақтың емес, байларының досы, «Еңбекші
халықтың әкесі - өздерінің қолын теңдікке жеткізген Октябрь революциясы» деді.
Кенесарының халық қанушысы екендігін де бірінші айтқан - Сәбит.

            Осыдан кейін ол әдебиет сындарындағы
әртүрлі ұлтшылдық немесе ғылыми-теориялық жағынан теріс көзқарастарға тойтара
соққы беріп, қазақ совет әдебиетінің даму жолында партиялық принципті жүргізуші,
сол үшін талмай күресуші болды. Сәбит Мұқановтың «Сынға сын» (1923ж.), «Кейбір қорытындылар»
(1927ж.), «Байдың толғағы» (1927ж.), тағы басқа сын мақалалары - бұған толық дәлел.
Сонымен қатар Сәбит Мұқанов қазақ совет әдебиетінің теориялық мәселелері туралы
да марксизм-ленинизм тұрғысынан көптеген мақала, зерттеулер жазып, пролетариат әдебиеті
мен сыны қалай дамуы жайлы кезінде бағалы пікірлер айтты. «Көркем әдебиет
туралы» (1926ж.), «Қазақ пролетариат әдебиеті туралы» (1931ж.), «Поэзия мәселесі»
(1933ж.), т.б. Бұл мақалалардың көпшілігі күні бүгінге шейін өздерінің тарихи,
теориялық құнын жойған жоқ.

            Сәбит Мұқанов әдебиетіміздің
тарихына арналған екі үлкен монографияның авторы: «ХХ ғасыр қазақ әдебиеті»
(1932ж.), «Қазақтың ХҮІІІ-ХІХ ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер»
(1942ж.). Сонымен қатар фольклор мәселесімен байланысты да бірнеше зерттеу мақалалары
бар: «Айтыс» (1942ж.), т.б.

            Сәбит Мұқановтың мұра туралы жазған ғылыми
еңбектерінің, әсіресе бір құндылық жағы - фактісінің байлығы, екінші, қандай мұра,
қай мәселе болсын өз пікірін батыл айтушылық.

            Мұра туралы зерттеулерінде ол кейде
біреуді асыра мақтау, не тұқырта жамандау сықылды қателіктер де жіберді (Абай,
ХХ ғ. демократ жазушылар жайлы). Бірақ ол қателігін кезінде өзі мойындап, жөндеді
де. 1938 жылы «Абай - халық ақыны» деген мақаласында өзінің ол туралы бұрынғы
пікірлерінің терістігін сөзде емес, іс жүзінде түзеді. Абай творчествосының
идеялық, көркемдік ерекшелігіне дұрыс баға берді.

            С.Мұқанов - біздегі көп зерттелген
жазушылардың бірі. Оның творчествосы туралы бірнеше кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Т.Нұртазин жолдас С.Мұқановтың шығармаларын молынан қамтитын монографиялық еңбек
жазып, докторлық диссертация қорғады. Бірақ осылардағы бір кемшілік - жазушының
өзіне тән творчестволық ерекшелігіне мейлінше аз тоқталады. Ол үшін
зерттеушілерді кінәлаудан аулақпыз. Әйтсе де шындықты жасыру - қажетсіз.

            Оның негізгі себебі - бұл мәселенің
айрықша зерттеу, көп бақылауды талап ететіндігі. Ақын-жазушылардың стилін айқындау
теориялық жайттарға тіреледі. Зерттеушілердің тая соғатыны да сондықтан. Әйтсе
де соңғы жылдарда жас әдебиетшілердің бұл мәселеге батыл бара бастағандары аңғарылады.
Үлкен жазушының өзіне тән творчестволық ерекшелігін түгел қамтымасақ та, оның
поэзиясымен байланысты стиль ерекшелігі жайлы оқырмандарымызға кейбір пікір ұсынбақпыз.

            С.Мұқанов - әдебиет майданында көрінген
күннен бастап, күні бүгінге шейін ізденумен келе жатқан ақын. Ол алғашқы
адымында Сәкен, Маяковскийлерге еліктеп, бірнеше өлең жазды.

            Бірақ ақын өсе келе онымен тоқталған
жоқ. Бұлар өзіндік емес, басқалардікі, ол үлгіде жаза берсе, әрілегенде солардың
шәкірті дәрежесінде ғана қалып, өзіндік ерекшелігі болмайтынын аңғарды. «Ол үлгілерді
жазу жақсы, бірақ Сәбит қайда?» деген өзіне-өзі сұрақ қойды. Сондықтан ол
ізденуін тереңдете түсті.

            Бұл бағыттағы ақынның алғашқы
жетістігі, бізше, «Жүйткі, қара айғырым» өлеңінен басталды. Көпшілік жолдары
жыр ағымымен келсе де, мазмұнға сәйкес, кейбір жолдарды өзгерту, сөз
тізбектерін дағдыдағыдан басқаша құру, жыр әуенімен айтудан гөрі, тақпақтап
айтуға сәйкестендіргеннен «Жүйткі, қара айғырымда» жаңа интонация, оқушылардың
ой-сезіміне жаңаша әсер ету жағы басым, ол - бір. Екінші, әр сөз, әр образды қолданғанда
айтайын деген ойын дәл, талғап алып, ырғағын өзгертудің арқасында, дағдыдағы
жыр ағымынан өзгеріп, оқушы, тыңдаушыларына ететін әсері басқа, жаңа өлең түрінің
дәрежесіне көтерілген.

            Әйтсе де, ақын Сәбиттің «Жүйткі, қара
айғырым» өз стилін айқындауда тек алғашқы адым, бастамасы ғана болатын.

            Поэзияда шын мәніндегі өзіне тән Сәбиттің
ерекшелігі «Майға сәлем» өлеңінен басталады. Осы өлеңнің құрылысы «Ақ аю» (1935ж.),
«Колхозды ауыл осындай» (1937ж.), «Мен кіммін деп мақтанам?» (1944ж.),
«Сырласу» (1946ж.), тағы басқа өлеңдерінде қайталанады.

            Бұл өлеңдердің құрылысындағы өзгешелік
неде? Бір қарағанда, бұларда пәлендей ерекшелік бар деу де қиын тәрізді. Барлығында
да буын саны он бір, үш бунақты, қара өлең ұйқасы. Әйтсе де әр жолы «Мен
сіздерге таныс, бұрынғы он бір буынды өлеңдер емеспін, мен олардан өзгеше, Сәбиттің
қаламынан туған өлеңдермін» деп тұрғандай.

            Бәрімізге мәлім қазақтың ескі
заманынан келе жатқан он бір буынды қара өлеңдері үш түрлі. Ағым да үшке бөлінеді.
Ол өлең жолының ішіндегі үш буынды бунақтың баста, не ортада, не аяқта келуімен
байланысты. Қазақтағы он бір буынды өлеңдердің әрқайсысы үш буынды бунақтың қай
жерде (баста ма, ортада ма, аяқта ма) келуіне қарай белгілі бір әнді керек
етеді.

            Дағдыда он бір буынды өлеңдердің әр
түрі өз ағымын ақындардан берік сақтауды, бастан-аяқ бір ырғақты болуын талап
етеді. Солай болып шығады да. Жалпы он бір буынды өлең жолдарында ой екі
жолмен, көбі төрт жолмен бітіп отырады. Егер бірінші жолда ой бітпесе, оның соңынан
кіші тыныс белгісі қойылады да, сабақтасып келген екінші сөйлем екінші жолда
немесе шумақтың аяғында барып бітеді.

            Он бір буынды өлеңді жоғарыда айтылғандай
белгілі бір жүйеге салушы ақын - Сәбит. «Майға сәлемнен» бері қарай көбіне осы әдісті
қолданып, көптеген өлеңдерін сол жүйеде жазып келеді. Он бір буынды өлеңді бұлай
етіп құрастырудың элементі Сәбиттен бұрынғы тек Абайдың ғана кейбір өлеңдерінде
кездесетін. Ал Сәбиттің тұстас ақындары Сәкен, Бейімбет, Ілиястарда бұл әдісті
кездейсоқ болмаса, жүйелі түрде қолданғанын көре алмаймыз. Сондықтан он бір
буынды өлеңнің бұл түрі - тек Сәбитке тән ерекшелік. Қазіргі поэзияда көп ақындар
осы үлгіні қолданып та жүр. Мысалы:

 

Мың
сәлем саған

            Мәңгі, жолдас Майым!

Сен
жылда жас жігіт боп келген сайын,

Жер
жібек, барқыт киіп,

            Жасыл жібек

Бүркенеді
үйеңкі, терек, қайың.

                        («Майға сәлем»)

 

«Сен
оған айт, «бір емес, тобымыз» де,

«Әкеп
тұрған бұл астық, қорымыз» де.

«Бейбіт
күнде нанымыз, соғыс болса,

Бір
бидай - жауларға бір оғымыз» де.

                        («Колхозды ауыл
осындай»)

 

            Бұл екі үзіндінің екеуі де инверсия
заңына сүйеніп жазылған. Дағдыда әр сөздің сөйлемде алатын өз орны бар. Қазақ сөйлемдерінде
әуелі бастауыш, сосын баяндауыш келеді. Сол сияқты анықтауыш, толықтауыш, пысықтауыштардың
да сөйлемде өз орындары болады. Ақын-жазушылар осылардың дағдыдағы қалыптасқан
орындарын өзгерту арқылы суреттемек өмір құбылысына оқушыларының көңілдерін
аударарлық, сөйлемге жайнақылық береді.

            Алдыңғы үзіндінің біріншісін алсақ,
проза түрінде «Мәңгі жолдас Майым, саған мың (да бір) сәлем!» болып шығар еді. Өлең
сөйлемде сөздердің орындары мүлде өзгеріліп, кейбір сөздер айтылмай, тек
сезілетін ғана дәрежеде етіліп, басқаша құрылған да, соңғы жолында «үйеңкі,
терек, қайыңнан» соң келетін «жасыл жібек» бөлек бір жол етіліп, ең ақырында
келетін «бүркенді» деген сөз жолдың басына келтірілген. «Бүркенді: үйеңкі,
терек, қайың» деген жолға мағына беріп тұрған - «жасыл жібек». Онсыз бұл жолдан
еш мағына шықпаған болар еді.

            Екінші үзіндідегі инверсия,
негізінде сөйлемді жаңаша құру, «сен оларға айт!» деген қаратпалы сөйлеммен, әр
жолдың аяғында ұйқас үшін қолданылған көмекші етістік «де» арқылы жасалынған.

            Төменгі шумақ есімді және атаулы сөйлемге
негізделінеді.

 

Кәрі,
жас, әйел, еркек -

                        Бәрі сонда.

Жоқ
дейсің, нелер халық, не ұлт онда?!

Бәрінің
кескінінде күлкі...

                                                           Өлең...

Музыка....

Желбірейді
тулар қолда».

(«Ақ
аю»)

 

«Өлең.
Музыка» деген сөздер өлең жолдарында жеке бір сөйлемнің мағынасын беріп тұр. Бұл
екі сөз мағына жағынан сол шумақтың шеңберінен шығып кетпесе де, алды-артындағы
жолдармен тікелей байланысы жоқ. Өз алдына жеке мағына береді.

 

 

Аттаныс.
Қамау. Толқын толқып, қаптап,

Терезеден
аңдардай түсті аттап...

 

деген
жолдардағы «Аттаныс», «қамау» сөздері де атаулы сөйлемдер.

«Қазақ
өлеңі туралы» деген мақаласында («Жүйткі, қара айғырым», т.б. сондай өлеңдерімен
байланысты) Сәбит мұндай өлеңді жазуда екі мақсат бар дейді.

Бір
жолдағы сөздер бір сөйлемде, бір мағынаға ғана жататын сөздер болсын деген заңды
қатты қолданудан. Қайталама пікір беретін керексіз сөздерді көп кіргізбеуден шығады;

Театр,
клуб, әдебиет кештері сықылды мәдениет істері күшеюмен бірге, өлең жалғыз әндік
қана болудан шығып, тақпақтап айтылатын құрал болады. Қазақ өлеңінің көпшілігі
тақпаққа, әнге лайықталынып жазылған. Бұдан былай өлең әнге ғана тіркелетін заңнан
шығуға тиіс»1, - деді.

Өз
өлеңдерінің практикалық жағы және сөйлемдегі сөздерде мағынаға қатысы жоқ, басы
артық сөз болмауы жөніндегі автордың пікіріне біз де қосыламыз. Шынында Сәбиттің
«Майға сәлем» үлгісінде жазылған өлеңдерінің бәрінде де әр сөз белгілі бір ұғым,
мағынаға негізделеді. Өлең жолдарының буынын толтыру үшін сөз қолданушылықтан Сәбит
соңғы өлеңдерінде арылған ақын деуге болады.

Екінші,
тақпақтап айтуға өте қолайлы, әсіресе үлкен аудиторияларға оқуға жақсы. Ол -
талассыз.

Бірақ
ақынды осы тәрізді өлеңдер жазуға жетелеген идея өлеңді ойға құру тәрізді. Көп
ақындардың өлеңдерінде кездесетін өмір құбылысын образ арқылы береміз деп,
орынды, орынсыз сырлы сөздерді төмпештеп, өлең жолдарына енгізе беруге, өлең
жолдарының ішкі логикалық байланыстарына көңіл бөлмеуге қарсы Сәбит сөйлемдерінде
логикалық байланысы берік, ойға қатыспайтын бір де сөзі жоқ, он бір буынды өлеңнің
басқа үлгісін ұсынады. Тілімізде жаман сөз жоқ, кінә сөзді орнына қолдана
білмейтін ақындардың өзінде, әр сөзге сөйлемдегі өзінің таңдаулы, талғаулы
орындарын дұрыс тауып бере білсе, жай сөздің өзі де поэтик тілдің ролін атқарады
деген пікірдің ұшығын көрсетеді.

Егер
де ақындарымыз көркем эпитет, үздік терең, өткір метафора, кейіптеу, тағы басқа
формалдық поэтик тілдерге әуес болса, жолдарының ішкі логикасы нық байланысқан,
негізгі қазығы - ой, сөйлемдері басы артық сөзден әбден арылған өлең түрінде де
ол мүмкіншілік қабілеттерін пайдалануға болады, тек ойға қатысы жоқ, көпірме сөзден
қашу керек деген нысананы меңзеді.

   1С.Мұқанов.
/«Әдебиет майданы», №6-7, 1931ж.

Қорыта
айтқанда, жоғарғы келтірген мысалдар мен талдаулар Сәбит поэзиясындағы жаңа түр,
бір алуан ерекшеліктері деп білеміз. Әрине, бұлар тек негізгілері ғана. Тереңірек
зерттесек, Сәбиттің диалогтарында да басқаларда жоқ, өзіне тән ерекшеліктер аз
емес. Біз бұл мақалада ақынның поэтик тілдері, онда кездесетін жаңа сөз
образдарын, жаңаша метафора, теңеу, не фигураларға тоқталғанымыз жоқ. Бұл да бір
зерттеушілеріміздің көңілін аударарлық мәселе.

Қазіргі
академик жазушымыз Сәбит Мұқановтың сын, зерттеу еңбектері, әсіресе қазақ совет
әдебиетінің партия жолымен дұрыс дамып, өсуі жөніндегі еңбектері, бүгінгі әдебиет
тарихының шаршы төрінен орын алмақ.

 

1960ж.