ВЕРНУТЬСЯ

    Біз
әдебиеттің даму процесін халқымыздың экономикалық, әлеуметтік өрлеу жолдарымен
тығыз байланысты түрде зерттейміз. Өйткені әдеби фактілердің өздері де, оларда
бейнеленетін өмір сәулесі де біздерден осыны талап етеді.

            30 жылдар Советтік құрылыстың барлық
саласында ұлы өзгеріс жылдары саналып, социалистік өмірдің негізі берік қаланып,
коммунизмге қарай аяқ басу жылдары болды. Ауылдарда бай-құлақтарды тап ретінде
жойып, жаппай коллективтендіру ісі толық жүзеге асты. Ауылшаруашылығындағы зор
табыс, ұлы жеңістермен қатар, халық шаруашылығын социалистік жолмен
индустрияландыру, әсіресе ауыр индустрияны тезірек дамытып, барлық шаруашылықты
қайта құрудың негізгі тірегі ету мәселесі бірінші орынға қойылды және елімізді
индустрияландыру ісі сол жылдардың өзінде-ақ тез дамып, тез өрістеді.

            Қазақстанда Түркістан-Сібір темір
жолы салынды, Қарағанды көмір кені, Балқаш мыс заводы, Жезқазғанның мыс
комбинаты, Шымкент қорғасын заводы - бәрі де бірінші, екінші бесжылдықтардың
жемістері болатын.

            Бұл табыстар коллективизация,
индустриялизация, халық өмірінің басқа жақтарына да әсер етпей қойған жоқ. Ең
алдымен, мәдениет, оны жасаушы кадрлардың өсуіне зор ықпал етті.

            30 жылдарда Қазақстанда жаппай хат
тану жұмысы қолға алынды. Ауылдық жерлерде бастауыш, орталау мектептердің саны
көбейтіліп, қалаларда жұмысшы факультеттер, педтехникум, ауылшаруашылық
техникумы, тағы басқа орта дәрежелі білім беретін оқу орындары, оларда сандаған
қазақ жастары оқыды. 1928 жылдары құрылған қазақ халқының тарихындағы бірінші оқу
орындары мұғалім, ауылшаруашылығы мамандарын даярлап, мәдени, шаруашылық
майдандарына аттандырды.

            Қазақ халқының мәдени тілегінің өсуі
негізінде республикамызда СССР Ғылым академиясының қазақстандық филиалы
(1932ж.) құрылды. Опера және балет театры (1935ж.), филармония, т.б. толып жатқан
мәдениет ошақтары ұйымдастырылды.

            Қазақ халқының ғасырлар бойы
бастарынан өткен арман-тілек, мұң-зарын үн, күй, саз арқылы сақтап келген бір
алуан өнерлерін ұйымдастырып, оны келешекте дамыту, өрістету мақсатымен халықтың
ұлы композиторы Құрманғазы атындағы домбыра оркестрі құрылды. «Әдебиет
майданы», «Қазақ әдебиеті», «Жаршы» тәрізді әдебиет мәселелерін халыққа тарату
ісіне тікелей ат салысушы газет, журналдардың шығулары да осы жылдар.

            Жоғарғы айтылған зор табыс, үлкен
жетістіктерге қазақ халқының қолы партия басшылығы, лениндік ұлт саясатының дұрыс
іске асуы негізінде, туысқан ұлы орыс халқының жәрдем, көмегінің арқасында ғана
жетті.

            Қазақ ақын-жазушыларын шабыттандырған,
әдебиетімізге сарқылмас рухани күш-қуат беріп ілгерілеткен осы жағдайлар болды.

            30 жылдардағы қазақ совет әдебиетіне
көз тіксек, негізінде екі тақырып шешуші орын алғандығын көреміз -
индустриялизация және коллективизация. Бұл - поэзияға да тән құбылыс.

            Халық шаруашылығында ұлы өзгерістер
жасап, дүние жүзін таң қалдырған бесжылдықтар, олардың нәтижелері ақындардың
идеялық бағыттарын айқындады. Олар өздерінің өлең, поэмаларында бесжылдықты 3-4
жылда орындап шығуды үндеді, Совет халқының келешегі үшін бұл тарихи мәні зор,
экономикалық үлкен шара екендігін жұртшылыққа шырын сөздер арқылы уағыздаумен
болды.

            С.Сейфуллиннің «Қалаушылар жыры»,
«Социалистан», «Даладағы жаңа күй», С.Мұқановтың «Жүйткі, қара айғырым», А.Тоқмағамбетовтің
«Түрксиб түйіскенде», Т.Жароковтың «Бесжылдықтың балғасы», А.Тәжібаевтың «Айнабұлақ»,
Ғ.Ормановтың «Шеңбер» атты өлеңдері - осыған айқын айғақ.

            Бұл шығармаларда, әсіресе бірінші
бесжылдық табыстары, дала және ірі өндірістегі жетістіктер, ой-санадағы үлкен өзгерістер,
қазіргі қарқын, алдағы жарқын болашақтар жырланды.

            С.Сейфуллин «Жазғы егіс» өлеңінде
бай-құлақтарды тап ретінде жойып, жаппай колхоздасу бір жерден сөз, бір жеңнен қол
шығарып, жұмысқа жаппай жұмылудың қажеттігін көрсетті, жұртшылықты еңбекке үндеді.
Бесжылдықтың екінші жылының нәтижелі болуын ақын шабыттана, шаттана жыр етті.

 

...
Жер де, көк те

Жазбенен
мәз...

Саңқылдайды

Аққу
менен қаз.

Большевиктік

    Екінші жаз

Шақырады
егіске.

Бұл
егістік -

Қазіргі
ұлы іс.

    Болмасын бір

Қарап
тұрыс.

    «Темір айғыр»

Жасыл
құрыш

    Үзбей шықсын жегіске!

 

 

десе,
«Даладағы жаңа күй» деген өлеңінде (1931ж.) сол кезеңдегі партия мен үкіметтің
жұртшылығымыз алдына қойған негізгі нысана, тілек-мақсаттарды ақын жоғарғы
келтірген үзіндіден гөрі де тұжымдырақ, анығырақ ұғындыруға тырысады.

 

...
Шаруа ұйымын

Өркендету,

     Тұрмыс күйін -

Көркемдету.

Бес
қырқадан

Еркін
өту

     Алдында айқын

Сұрақ
тұр.

Сап-сап
қатар

Адым
керіп,

    Лек-лек болып

Жүйткі
желіп,

Бес
жылдықты

Үшке
әкеліп

      Тез жақындат жырақты...

 

деді.

            Бесжылдықтардың Қазақстандағы ең алғашқы
перзенті - Түрксиб. Оның қазақ елінің келешегі үшін экономикалық мәні былай тұрсын,
рухани, мәдени мәні өте зор болатын. Ғасырлар бойы сар даланы ен жайлап, ерте көшіп,
кеш қонып келген көшпелі халықтың бір алуан тобына паровоздың алғашқы гудогі мәдениет
азанындай боп естілді.

            Бұл тақырыпқа көп ақындар жазды
десек те, халқымыздың өткен кездердегі ауыр халімен, қазіргі шаттық, қуанышын,
алда тұрған иігілік келешегін Түрксибпен байланысты жақсы жырлаған ірі ақындарымыздың
бірі - Сәбит Мұқанов. Оның «Жүйткі, қара айғырым» өлеңі - бұған дәлел. Поэма қазақ
халқының өткен кездегі ауыр жағдайын шебер суреттеуден басталады да, қарға адым
жер мұң болып, жаяулық зардабын көп көрген кедей шаруалардың қуаныш көңіл-күйлеріне
байшылдардың күйінішін қарсы қоя суреттеу арқылы автор Түрксибтің сол кездегі
саяси-әлеуметтік қандай мәні болғанын меңзей келеді де, ең соңында оның
экономикалық маңызына айрықша тоқталады.

            Бесжылдықтардың алғашқы жылдарындағы
қазақ поэзиясында екі түрлі ағымның ізі болғандығы байқалады. Бірі - сол
кездегі жаңа жағдайға сәйкесті жаңа түр іздеу, лирикалық «менді» әлеуметтік
«менге» айналдыру, кейде лирика мен эпикалық жанр элементтерін ұластыру. Екіншісі
- осы жаңалық іздеу жолында формализм, схематизмге ұрынуы (бұл мәселеге кейін
тоқталамыз).

            Әйтсе де алдыңғы ағым негізгі,
жетекші және формалистік элементтерге жол бермеу принципінде дамыды. Олар әрі
сол жағдайдағы өмір процесінің қазанында қайнаса, әрі алдыңғы саптағы орыс
поэзиясының, дәлірек айтсақ, В.В.Маяковскийден творчестволық жолмен үйрену қазақ
поэзиясын жаңа ритм, интонация, ұйқас, қысқасы өлең құрылысына әр алуан жаңалықтар
енгізуге тырысты, кіргізді де. Жоғарғы Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқановтардан
келтірген үзінділер осы түр, жаңа өрнектердің жақсы үлгілері болатын.

            Әңгіме Маяковскийдің өлеңдеріне тек
графикалық жағынан ұқсауында емес, айтайын деген ойдың логикалық байланыстарының
Маяковскиймен үндестігінде. Әр сөзі шашырап, бөлек жазылып тұрса да, олар
белгілі бір интонациямен айтуды талап етіп, онсыз мағына шықпай, өзінің тыныс
белгілеріне, сөз тіркестеріне қарап оқыса, өлең көркем де, мәнді де болуында. Өлеңді
бұлай құрушылық алыпша алға басқан заман қарқынына поэзияны сай ету тілегінен
туды. С.Сейфуллин бастаған қазақ поэзиясының ірі тұлғалары бұл жөнінде өздерінің
өшпес өнегелерін қалдырды да.

            Іздену жолында кейбір ақындарымыз
схематизм, фотографизм, түптеп келгенде формализмдік қате, кемшіліктерге ұшырады.

            Мұндай кемшілік тек жас ақындар
немесе дарынсыз ақындарда ғана емес, қазақ поэзиясының санаулы кадрларының өзінде
де кездесті. А.Тоқмағамбетовтің «Көсілуі», С.Мұқановтың «Көмір-коммунизмі»,
Т.Жароковтың «Нефтьстаны», А.Тәжібаевтың «Тракторы», т.б. бұған мысал бола
алады.

            Бұлардағы негізгі кемшіліктер - өмірдің
ішіне кірмеушілік, еңбек адамдарын, оның ерлік істерін, ой-сенім, мінез-құлықтарын
образ арқылы суреттеудің орнына тек сыртқы көрінісін ғана машықтап, аттарын
атап өтумен қанағаттанушылық. «Қарағанды - қара алтын, Риддер - сары алтын, Жезқазған
мен Қарсақпай, ақтарылған бәрі алтын» деген тәрізді болып келетін. Кейде өндірістегі
еңбек процесін жанды, жинақы түрде суреттеп, ондағы жетістіктер адам еңбегі, ғылым
тапқан техниканы меңгеруді көрсетудің орнына цифрларды тізушілік. Мысалы, Асқардың
«Көсілуінде»:

 

...
Алтайда бар Риддер

Төрт
жүз елу мың тонна.

Бір
толтырса цинкпен,

Екі
жүз елу мың тонна.

Қорғасын
мен жиырма бес,

Мың
тонналап жез берген.

Алпыс
екі тонна алтын,

Запас
байлық сақтаған

Төрт
жүз тонна күмістен, -

 

дейді.

            Жоғарғы аталған өлеңдердің де түрі
осы тәрізді. Бірақ поэзиядағы бұл формалистікті ақындардың іздену жолындағы қате-кемшіліктері
деп қараған жөн.

            Осы кезеңнің поэзиясында және бір күрделі
жырланған тақырып халықаралық мәселелерге арналады.

            Отызыншы жылдар капитализм елдерінде
үлкен-үлкен дағдарыстар болды. Езілуші тап жұмыссыздыққа, аштық-жалаңаштыққа ұшырады.
Кейбір капиталистік мемлекеттер басқалардың жеріне, еліне, байлығына көз тігіп,
соғысқа әзірленді. Жан түршігерлік келешек соғыстың даярлығы сол кездің өзінде-ақ
айқындалған еді.

            Қазақ ақындары шет елдегі еңбекші-бауырластарының
ауыр халдеріне жұртшылық көңілін аудару мақсатымен (А.Тоқмағамбетов «Берлин көшесінде»,
Ж.Сыздықов «Дағдарыс долысы», С.Мұқанов «Майға сәлем», Өтебай Тұрманжанов «Тұтқын
Марат») көптеген өлең, поэмалар жазды. Сонау «Берлин көшесінде» бір үзім нан
таба алмай зар илеген ана мен баланың ауыр хал, қиын тұрмысын жан түршігерлік дәрежеде
етіп Асқар Тоқмағамбетов жырласа, сондай ауыр тұрмыс, езушілікке қарсы күресу
идеясын Ө.Тұрманжанов «Тұтқын Мараты» арқылы бейнеледі.

            Осы тақырыппен байланысты туған өлең,
жырлардың ішінде тұжырымды, ойдағыдай дерлік дәрежеге көтерілген жырлар Отан қорғау
мәселесінің төңірегінде деуге болады.

            «Майға сәлем» (1930ж.) атты өлеңінде:

 

«Себебі
қоршап тұрған айнала жау,

Жау
қолында жайылған темір тор, ау

СССР-ды
шырмамақ әлі келсе,

Үстеріне
төндіре құлатпақ тау, -

СССР-ды
етуге бөлшек-бөлшек

Ойласа
жау,

Олармен
күшті өлшеп

Көреміз.

Бүгін
бізде күзет мықты,

Жауға
жерден бермейміз жалғыз вершок, -

 

деді
қазіргі қарт ақындарымыздың бірі - Сәбит Мұқанов.

            Өзінің актуальдығы, идеясы, көркемдік
құндылығы, қысқасы қай жағынан болсын «Майға сәлем» - сол кездегі поэзиямыздың,
оның ішінде саяси лириканың дәрежесін аңғартарлық көрнекті туындылардың бірі.

            Отызыншы жылдар поэзиясының өзіне тән
бір ерекшелігі - сюжеттілігі. Оған шейінгі және сол кездің өзінде де өлеңдердің
сюжетке құрылуы ойдағыдай емес еді. Өлеңдер көбіне жалаң үгітке құрылатын еді
де, кейбір күрделі мәселені жырлағанда, көп сөзділікке салынып, ұстағанды пікір
айта алмай, схематизмге ұрынатын. Осы олқылықтарды болдырмау үшін қазақ совет әдебиетінің
ірі өкілдері С.Мұқанов, І.Жансүгіров, т.б. барынша күш салды. Өлеңді сюжетке құрып,
айтайын деген идеялық мазмұны тұжырымды образ арқылы беруге болатындықтың үлгілерін
көрсетті. С.Мұқановтың «Майға сәлемі» - нақтылы сюжетке құрылмаса да, мазмұнына
түрі сай, өз ойын тұжырымды образдар арқылы оқырмандарға жеткізе білудің көрнекті
үлгілерінің бірі.

            Әлеуметтік мәні зор, кейбір тарихи,
саяси тақырыптарды жыр еткенде схематизмдік қателерге ұшырамай, шын ұғымында
сын көтерерлік туындылар берудің өнегесін көрсетушілердің бірі - үздік талантты
ақынымыз І.Жансүгіров.

            30 жылдар дүниеге келген «Дала»
поэмасы - оған шейінгі қазақ поэзиясындағы жетістіктерді өз бойына толық сіңірген,
кемшіліктерін қайталамаған, жаңашыл, әдебиетімізге белгілі үлес болып қосылған
поэма.

            Әрине «Дала» ақынның 30 жылға шейін
де талай рет жырлаған тақырыбы: «Бүгін дала», «Ауылдың алды», «Жаңа дала», т.б.
Бұлардың қайсысында болсын ақын әртүрлі жағдай, себептермен байланысты сол тақырыпты
сөз етті. Жаңа заман, жаңа жағдайлармен байланысты өзінің лирикалық «мені» арқылы
еңбекшілер жұртшылығының шат-шадымандық көңіл-күйлерін көтеріңкі түрде жырлады.

            Бірақ бұлар тек үлкеннің бастамасы ғана
екендігі аңғарылатын. Сол жұрт күткен үлкен туынды «Дала» поэмасы болды.

            Ең алдымен поэмада халқымыздың
басынан өткен көне заман мен жаңа заман бір-біріне қарсыма-қарсы қойылып
жырланады. Қазақ елінің тарихындағы айрықша бір ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды,
Алқакөл сұлама» оқиғасынан бастап, феодалдық, буржуазиялық, отаршылдық,
патшашылдық, қысқасы, 1917 жылғы Социалистік Октябрь революциясына шейінгі күндерінің
белес-белес, елеулі-елеулі кезеңдерін жан түршігерлік өз шындықтарында жанды
картиналарын суреттеу арқылы береді. Жаңа заман, жақсы өмірді ескі күндерге қарсыма-қарсы
қойып, екеуінің арасындағы адам айтқысыз айырмаларын көрсетті. Ғасырлар бойы қараңғылықта,
езілу, қаналуда болып келген қазақ халқының бостандық, теңдікке қолын жеткізген
де, сауатты, мәдениетті ел еткен де Ұлы Октябрь революциясы, Компартия, Совет үкіметі
деген негізгі идеяны ұғындырды.

            Поэманың негізгі геройы - халық, оған
қарсы топтар - жерін жаулаушы, мал-мүлкін талаушылар, қанаушы, езушілер.
Осылардың араларындағы талас-тартыс, күрестер, аумалы-төкпелі күндер
кесек-кесек картиналар арқылы суреттеледі. Ел өмірінің әртүрлі кезеңдері көз
алдыңа елестейді. Поэмада аты-жөні бар қатысушылар болмаса да, күрес-тартыстар
атсыз, әр ел, әр халық өкілдері арқылы жүріп жатады. Олардың мінез-құлық
портреті, күйініш-сүйініштері суреттеледі. Өз мінездеріне тән монолог,
диалогтар беріледі. Сүйтіп, поэма сюжеттік поэмаға іргелеседі. Ал тақырыбының
актуальдығы поэмадағы тарихи кезеңдердің көптігіне қарағанда, үгіт-насихат мәселесін
бірінші орынға қоя жырлайтын ұзақ өлеңдерге де ұқсап кетеді. Бірақ поэмада
сюжет элементтерінің басымдығы, айтайын деген ой-пікірін тартыстар арқылы
беруі, поэманы схематизмге соқтырмай, конкрет оқиғалы поэма дәрежесіне көтерген.
Өлеңдік құрылысы жағынан да «Дала» әдебиетімізге жаңалық енгізді. Поэманың әр
шумағы сегіз жолдан құралады. Бірақ бұл - өзіне шейінгі сегіз жолдан құралатын өлеңдерден
бөлек, жаңа түр.

            Өзінің идеялық-көркемдік мәні жөнінде
«Дала» - қазақ өмірінің көркем сөз образы арқылы жасалған тарихы. 30 жылдар қазақ
поэзиясының да, ақынның өзінің де творчестволық үлкен жеңісі болды.

            Сол жылдардың өзінде-ақ «Дала»
жазушы-сыншылардан зор баға алды.

            30 жылдар әдебиетімізді дамытуда
партия мен үкімет тарапынан жасалған келелі жұмыстардың бірі - БК(б)П Орталық
Комитетінің «Көркем әдебиет ұйымдарын қайта құру туралы» 1932 жылы апрельдің
23-індегі қаулысы.

            Бұл қаулы біздің Совет әдебиетінің
жаңа дәуір тілек-мүдделеріне сай көркем туындылар беруіне жаңаша жол ашты.
РАПП, КазАПП әдебиетіміздің тез дамуына бөгет, қате-кемшіліктердің салдарынан
тез арылып, дүниежүзі әдебиетінде жетекшілік ролін атқарып отырған Совет әдебиетінің
әдісі социалистік реализм деп ат қойып, айдар тағылуы да осы тарихи қаулыдан
кейін. Әрине бұл сөзден социалистік реализм әдісі тек осы 30 жылдары бір күнде
туа салды деуге болмайды. Өйткені социалистік реализм түптеп келгенде,
социалистік шындықтың сәулесі болуы шарт. Оның әдеби методтық ерекшелігі де
осында. Ал бізде социалистік құрылыстың бастамасы сонау революцияның күндерінен
басталады. Демек, біздің ақындарымыз да сол күндерден бастап-ақ социалистік өмірді,
оны құрушылар, бастаушы, күресушілерді жырлаушылар аз болған жоқ. Сондықтан біз
социалистік реализмнің бастамасы сол күндерде жатыр деп сенімді түрде айта
аламыз. Әрине өмірде өмір құбылыстарының басталуы, өсіп-дамуы, марқаю сатысы
болмақ. Бұл - жалпы өмір диалектикасы. Ол заң әдебиетке де тура келді. Егер біз
1932 жылдарға шейін әдебиетіміздегі социалистік реализм әдісі туу, өсу, дамуда
болды десек, одан былай қарай марқайған, толысқан, әбден қалыптасып, бір мазмұнды,
көптеген ұлттық формадағы социалистік әдебиет методы ретінде дүниежүзіне
танылды.

            Сөйтіп, 1932 жылғы БК(б)П Орталық
партия Комитетінің қаулысы тек әдебиеттің даму процесін ұйымдастырып, оның өзіне
тән ішкі принциптерін белгілеп қана қоймай, сонымен қатар әдебиеттің көркем шығармаларға
қолданатын негізгі принциптерін де айқындап берді. 1932 жылдар қазақ әдебиеті,
оның поэзиясында социалистік реализм методын толық меңгеру негізгі мәселенің
бірі боолды. Әр ақын, жазушы социалистік өмірдің барлық жағына объективтік көзқарас
тұрғысынан қарап, шындықты көрсету, бүгінгімен қатар, өткенді дұрыс бағалап,
келешекті қырағылықпен ұғыну поэзиямыздың негізгі принципі болып есептеледі.
Екінші сөзбен айтқанда, бұл социалистік реализм методын дамыта түсу болатын.

            1932 жылғы әдебиет жөніндегі партия қаулысына
жауап ретінде жазылған С.Сейфуллиннің «Альбатрос» поэмасы - бұған толық дәлел.

            Ақын поэмасында партия мен орыс
пролетариатының, жалпы еңбекші совет халқының сан жауларын Лениннің басшылығы,
Ленин туының астында жеңіп шыққандығын, жер жүзі еңбекшілерінің жолы біреу, ол
- Ленин жолы, марксизм оқуы екендігін Ленин жоқ болса да, ісі, планы тірі, бар
күш, бар қырағылықпен соны қорғау, Ленин жолын жақтаушыларының негізгі міндеті
екендігін ақын шын жүректен жыр етеді. Оның өлместік құндылығы да осында. 1934
жылы Қазақстан Совет жазушыларының бірінші съезі болды. Съезд қаулысында:
«Партияның басшылығымен социалистік мазмұнды ұлт мәдениетін жасауға, нағыз
«адам жанының инженерлерін» тәрбиелеп шығарып, заманымызға лайықты шығармалар
жасауға бар күшімізді саламыз» делінген.

            М.Горький өзінің съезде жасаған
баяндамасында көп тілді, бір идеялас қазіргі Совет әдебиетінің алда тұрған
міндеті социалистік реализм методын толық меңгеріп, еңбек адамдарының образдарын
жасау, оны басқаларға үлгі ету, сүйтіп жұртшылықты коммунизм құру істеріне жұмылдыруға
белсене ат салысу деп түйді. Жазушыларды іске шақырды. Компартия мен Совет үкіметінің
халық тұрмысын жақсартудағы қолданған саяси-шаруашылық шараларды іс жүзіне асыруға
бар жігерлерімен қызмет ету олардың негізгі міндеттері екендігі совет
жазушылары Одағының бірінші съезінде айрықша қойылды. Совет әдебиетіне негізгі
принцип болған әдебиеттің партиялығына сүйене отырып, біз Совет әдебиеті қай
кезде болсын, партия мен үкіметімізге көмекшілік қызметтер атқарып келді десек,
съезден кейін бұл істе ақын-жазушылар айрықша үлгілі белсенділіктер көрсетті.
Мысал үшін қазақ поэзиясын алсақ, ол 1932 жылға шейін кедей шаруа, батырақ өмірін,
колхоздастыру тақырыбын көбірек жырлап келсе, 32 жыл мен 34 жылдар арасы өндіріс
тақырыбы көбірек жырланды. Өйткені бұл жылдарда индустрияландыру мәселесі айрықша
қойылды. Ең алдымен, поэзия өкілдері ақындар бұл мәселеге ерекше көңіл бөлді.
Домбыраларының құлақ күйлерін сол ұран, сол дауысқа қарай бұрады. Әдебиетіміздің,
әсіресе поэзияның негізгі тақырыбы колхоз құрылысы, мал шаруашылығы болды.
С.Сейфуллин «Қызыл ат», С.Мұқанов «Малшының мотиві» (1934ж.), Т.Жароков «Өмір сөйлейді»
(1934ж.), Қ.Жұмалиев «Жылқышы» (1934ж.) атты өлеңдері - осыған айғақ. Колхоз құрылысына,
мал шаруашылығына арналған өлең, поэмалар аз емес. Мал, оны өсіруші, бағушы еңбек
ерлерін жырлау, олардың ұнамды образдарын жасау, жалпы қазақ әдебиетінің әр
жанрынан кең орын алды десек, поэзия олардың алдыңғы сапында болды.

            34 жылдарға шейінгі жіберілген асыра
сілтеу мәселесін түп тамырымен ашық сынауға ол кезде мүмкіндік болмағандықтан,
бүркемелеп те болса, оқырмандары сезерлік дәрежеде етіп, жеке адамға табынушылыққа
қарсы дауыс көтерген тек Қазақстан ғана емес, бүкілодақ көлеміндегі бірінші ақын
- С.Сейфуллин. «Қызыл ат» поэмасындағы «кәрі райкомға» арналған қатал сын, түптеп
келгенде, жеке адамға табынушылыққа, оның қолшоқпарына арналды.

            «Қызыл ат» поэмасы пернелеу
(аллегория) әдісімен жазылған. Ақын поэмасын кешегі Октябрь революциясы кезінде
өзінің жан серігі болған, талай қиын-қыстау, қан майданда жаудан алып шыққан Қызыл
аттың асыра сілтеу кезіндегі хал-жағдайын диалог түрінде сырласу әдісімен
баяндайды. Басқа жағының барлығы - шындық. Аллегориялық әдіс - тек осынысында.

 

Досым
ең сырлы сұлу сөзге маман,

Сұрамай
бір қайырылып, есен-аман.

«Еркем!..»
- деп, енді елжіреп сөз қатасың,

Еске
алмай жүріп мені талай заман.

 

            Талай тайғақ, тар жолда серігі болған
Қызыл ат ақынға осы өкпесін айтудан бастап, жеке адамға табынудың кесапаты, оның
Қазақстанға отырғызып қойған оң көз, оң құлағы Голощекин, олардың шашбауын көтерушілер
және ауылдағы «мін де шап!» жалған белсенділердің зымияндық іс-әрекеттері тұтаса
келіп, бір арнаға құйды. Ол ауылшаруашылығын күйзелтті. Мал басын азайтуды сол
кезде райкомның бірінші хатшысы Голощекин айтты дейтін «Асыра сілтеу болмасын,
аша тұяқ қалмасын» тәрізді «қанатты» сөз оның мал шаруашылығына қалай қарағандығын
аңғартпай ма? Қызыл ат:

 

Колхоздың
құртты қулар ет пен майын

Қоймады
ұрламаған тағал тайын.

Белгілі
ат айғырлар не болмады,

Жеп
құртқан уақ малды не қылайын!..

 

Білемісің,
жүйрік сұлу қара айғырды,

Білемісің,
әлгі жалбыр сары айғырды.

Сүр
жорға ат, сүтті мама боз биені, -

Соларды
зиянкестер қалай қылды... -

 

            Бұл сол кезге тән колхоз өміріндегі
бір алуан шындық болатын. Зиянкестікпен тамырласқан ауылшаруашылығындағы асыра
сілтеуді түзету, құлдырай төмендеп кеткен мал шаруашылығын сабасына түсіру мақсатымен
1934 жылы Қазақстанды Шығыстағы мал шаруашылығының тірегі ету туралы қаулы, қарарларға
сәйкес, Сәкен бастаған қазақ поэзиясы түгел ауылға бет бұрып, партия мен үкіметіміздің
бұл жөніндегі қолданған шараларын іске асыруға белсене араласты. Ауыл-селолардағы
күйзеліске ұшыратқан сұм-сұрқиялардың қылықтарын әшкерелеу, олардың қалдықтарын
жоюға көпшілікті үндеу, мал шаруашылығын жақсарту жолдарын көрсету, бұл
майдандағы еңбек ерлерінің образдарын жасау, қысқасы, ақын-жазушыларымыз колхоз
өмірін әр алуан жақтарынан алып көрсетуге тырысты. Солардың ішінде шоқтығы жоғары
тұрғаны, нақтылы социалистік реализм әдісімен жазылғаны - Сәкеннің «Қызыл ат»
поэмасы.

            Поэманың негізгі идеясы сол
кездердегі Қазақстанда болған теріс басшылықты, оның теріс нұсқауларын артығымен
орындап, ол әрекеттері кейде ашық, кейде бүркемелі түрде зиянкестікке айналғандығын,
олардың барлығын «үкімет жоспарын» орындау ұранының астында жасағандығын, бұрынғы
«кәрі райком», яғни Голощекиннің барлық басшылықты кабинетте отырып-ақ жасап, өмірде
не болып жатқанын білмеу, білгісі де келмеуін, оның үстіне жаратылысында
самодур және сыңар езу қателіктерін әшкерелейді.

            Ақын Голощекиннің кейде
ерекшеліктері арқылы жеке басқа табынушылық үлгісіндегі басшыларға тән өзімшілдік,
бұйырымпаздық, ешкіммен санаспаушылық, әкімшілік тәрізді мінездерді қамтып, қысқасы,
төрешілдіктің образын жасайды.

            «Кәрі райкомның» образына қарама-қарсы
жаңа райкомның жағымды образын қояды. Бұрынғыдай емес, жаңа басшы жұмысты жаңашалап
басқарып, жар құлағы жастыққа тимей, ел аралап, колхоз еңбекшілерімен
ауызба-ауыз сөйлесіп, бар ынта, бар жігерін ел қамы, жұрт пайдасы үшін жұмсайтын
Лениндік партияның ұлы екендігін баяндай келіп:

 

Сөйтіп
ол колхоздармен танысуда,

Сан
жәрдем колхозшылар алысуда.

Сөйлесіп
өзіменен ауызба-ауыз,

Мүддесін
айтып халық қанысуда.

Бұрынғы
кәрі райкомды алып тастап,

Жіберген
«жөндесін» - деп мұны қостап...

Міне,
бұл партияның дұрыс жолын

Қисайтпай
апаратыр тура бастап, -

 

дейді.

            Жаңа райком тек өзінің іскерлігімен ғана
емес, кескін-келбетімен де ерекше көзге түседі. Партияның адал ұлы Мирзоян
шынында да ақынның суреттегеніндей, іскерлігімен қатар, қарапайым халықтың көпшілігімен
араласқыш, мейлінше бір ізгі адам болатын. 
Ол 1937 жылғы жеке адамға табынушылық кесапатына ұшырап, ақыры жазықсыз
кетті. Әйтсе де, өте бір келбеті де келіскен, іскер де алғыр адам еді.

            Не барлығы Қазақстанда екі-ақ жылдай
істеді. Екі мәселені қолға алды. Біріншісі - ауылшаруашылығы, екіншісі - мәдениет
мәселесі. Бұл екі жұмысты да сол өзі ұсталғанға шейін дәл ойдағыдай етіп жүргізді.

            Сөйтіп С.Сейфуллиннің «Қызыл ат»
поэмасы 30 жылдардың алғашқы жарымындағы Қазақстанның колхоз құрылысында
жіберген қате-кемшіліктерді жою, мал шаруашылығын өркендету, халықты еңбек
майданына жұмылдыру нысанасынан жазылған, сол кездегі поэзиямыздың социалистік
метод тұрғысынан жазылған зор табысының бірі болды.

            30 жылдардың алғашқы жарымындағы қазақ
поэзиясын сөз еткенде, аз-мұз тоқталуды қажет ететін бір тақырып - табиғаттың
мылқау күштерін өздеріне бағындыру жолындағы Совет адамдарының ерлік істерін, қайсарлық,
өжеттіктерінен Советтік Ұлы Отандарына деген шын сүйіспеншіліктерін, патриоттықтарын
жыр ету. 34 жыл жалғыз қазақ поэзиясы емес, бүкіл Одақтық поэзияда адам
баласының табиғатпен күресін жыр етуде биікке бір-ақ шырқаған жыл болды. Оған
негіз - челюскиншілер жорығы. Ғасырлар бойы өр көкірегін ешкімге бастырмаған мұзды
мұхитты меңгеру, адамға бағындыру мақсатымен аттанудың өзі тарихты таң қалдырған
қимыл болса, олардың апатқа ұшырап, мұзды мұхиттың дүлей табиғатымен бетпе-бет
келіп белдесуі еш тарихта теңдесі жоқ оқиға еді. Бұл елдің елдігін де, ердің
ерлігін де сынайтын жайт болды. Біздің еліміз де, оның адал ұлдары да қатал
сыннан сүрінбей өтті. Адам баласының тарихында болмаған төзімділік, моральдық
беріктік, айтса нанғысыз ерліктер көрсетті. Қақаған аяз, қопарыла көшкен сеңдердің
қақ ортасында, мұздардың тұтқынында қалса да, Совет адамдарының бірде бірі селт
етпей, табиғаттың дүлей күшіне күрес ашып, аянбай арпалысты, өлімді емес, жеңуді
ғана ойлады. Олардағы жеңілмес күш - патриоттық, өз халқына нық сенушілік еді.

            Бұл жағдайлар ақындардың патриоттық
сезімін оятып, ақындық шабытын шарықтатпауы мүмкін емес еді. Челюскиншілер оқиғасына
Одақ көлемінде көптеген ақындар өлең жазды. Солардың ішінде қазақ поэзиясы айрықша
орын алады. Өйткені сол оқиғамен байланысты бізде (34-34 жылдары) көлемді алты
поэма дүниеге келді: С.Мұқанов «Ақ аю», І.Жансүгіров «Жорық», А.Тоқмағамбетов
«Уборщица», Т.Жароков «Мұз тұтқыны», А.Тәжібаев «Құтқару», Ғ.Орманов «Алынған қамал».

            Олардың жақсылық, не кемшіліктерін
былай қойғанда, бір республикадан алты поэма жазылу фактісінің өзі үлкен көңіл
аударарлық жайт. Қазақстанда бірінші бәйгі алған С.Мұқановтың «Ақ аю» поэмасы -
сол поэмалардың ішінде өзінің мазмұнымен де, көркемдік ерекшелігі, өлеңдік құрылысымен
де поэзиямызға қосылған жақсы қазыналардың бірі. Сонымен қатар бұл оқиға қазақ
ақындарын тек Қазақстан шеңберінде емес, бүкіл Одақтық көлемге шығарып, құлашын
кеңейте түсті және қазақ поэзиясы Совет адамдарының табиғатпен күресін асқақ
рухта, космосты игерудегі бүгінгі ғылым-техника табыстарын сол кездің өзінде-ақ
өте бір көрегендікпен жырлады. Бұған «Күн тіл қатты», «Ақ аю» поэмалары айғақ.

            Әрине, ол кездейсоқ емес, жалпы
совет әдебиетінің өрлеуі, оның әдеби методы болған социалистік реализмнің өсуі,
марқаюымен байланысты еді. Бұл жайтты Совет әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі
А.А.Фадеев өте қырағылықпен сол кезде-ақ айқындаған-ды:

            «Социалистический реализм не есть
вымысел досужих людей и ни в коем случае не является догмой... он обладает
свойствами более объективного познания действительности... в состоянии лучше
видеть передовые элементы исторического развития, передовых людей своего
времени, видеть завтрашний день человечества»1.

            30 жылдардың бірінші жарымындағы қазақ
поэзиясына тән тағы бір ерекшелік - тарихи тақырыптарға бару және оны жаңаша көзқарас
тұрғысынан меңгеру. Осының бір мысалы деп І.Жансүгіровтің «Күйші», А.Тәжібаевтың
«Оркестр» поэмаларын атай аламыз.

            Бұл поэмалардың ішінде тарихи оқиғаны
ақындық жолмен игеруде болсын, адам образдарын ойдағыдай шығаруда болсын, қазақтың
күй өнері мен күйшілерінің өнерпаздықтарын ғажап түрде оқырмандарға жеткізе алуда
болсын, қазақ поэзиясында айрықша орын алатын І.Жансүгіровтің «Күйшісі» деуге
болады.

            Жеке адамға табынудың сойқанды
кесапатының салдарынан «Күйші» поэмасының авторы апатқа ұшырады да, шығармасы
былай тұрсын, оның атын атаудың өзіне қатты тыйым салынды. Сондықтан авторы ақталғанша,
оның тамаша құнды поэзиялық туындылары жайлы не қазақ, не орыс тілінде еш нәрсе
жазылмады.

            30 жылдардағы поэмалардың ішінде «Күйші»
ерекше көзге түседі. Идеялық ұстамдылығы, көркемдік шеберлігі, қысқасы, қай жағынан
болсын, өз тақырыбында «Күйші» - поэзиямызға қосылған үлкен үлес, зор табыс
екендігі сөзсіз.

            Ақын «Күйші» поэмасында күйдің құдіретті
күшін, сондай ғажап күйлерді туғызған халықтың музыкалық таланттылығын көрсетумен
қатар, тарихи шындыққа дәл сол кездегі әлеуметтік теңсіздік мәселесін көтереді.
Қазақ даласында үстемдігін жүргізіп келген Шыңғыс хан тұқымдарының қалдығы
Кенесары Қасымовтың Жетісу шаруаларына жасаған зорлық-зомбылықтарын бейнелейді.
Ханның қарындасы Қарашаш пен Сапақ арасындағы оқиғаны

 

1«Литературная
газета», 5/ІХ-1957г.

 

бейнелеу,
қыздың қара халыққа көрсеткен рухани жәбір-жапасы арқылы Кененің қаталдық,
жауыздық іс-әрекеттерін көрсетеді. Поэмада Кенесарының өз үстемдігін берік ұстауды
арман еткендігін дәлелдеді, нанымды, жайнақы түрде суреттелінеді. Кейінгі
жылдарда көп тарихшы, әдебиетшілерімізді сүріндірген Кенесары мәселесі біздің
поэмаларымызда шындыққа сәйкес бұрын да дұрыс шешілген болатын (Сәкеннің «Көкшетауы»,
т.б.). «Күйшіде» де ол мәселе қазіргі көзқарасқа сай, ханның монархистік, реакцияшылдық
саясаты әшкереленеді.

            «Күйші» поэмасында көтерілген екінші
мәселе күй мен күйші дедік. Ақын ол линияны да жеріне жеткізе көрсете алған.
Поэмадағы негізгі қарым-қатыстар (ситуациялар) күй, оны орындаушының өнерімен
байланысты. Сары Үйсін күйші жігіттің өзін Қарашаштың құлы етіп, азаттықтан
айыратын да, бүкіл халықты бас игізіп таңдандыратын  да адуын, аю қыз Қарашашты күрсінтіп, оған ғашық
ететін де, оны тұтқындық, құлдық халден босатып, басына еркіндік әперген де күй,
күйшінің «бақайшағы маймаңдаған жорғалығы». Осындай қиын-қыстаулардың бәріне
кездестіріп, бірақ солардың күйшіні сүріндірмей шығарып кетіп отырушылығы
кездейсоқ емес, автордың негізгі идеясына, айтайын деген ой-пікіріне бағыныңқы.

            Ақын халқымыздың бағзы заманнан
бергі күй, ән өнеріне таланттылығын көрсетуді поэмасында негізгі нысананың бірі
етсе, сол идеяны оқырмандарға жеткізу үшін замандар туғызған 90 күйді домбырада
сақтап келген күйші жігіт - сол атсыз күйшілердің салтын ұрпаққа жеткізуші,
халық өнерпаздарының жиынтығы, образы.

            Бірнеше рулардан құралған бір тайпа
елдің күнін бір уыс қылған айдаһар қыз Қарашаштың ішін түтін мен жалынға толтырған,
күй аруағына бас идірген өнерпаздық - халқымыздың музыка саласындағы асқан
таланттылығын көрсетпей ме?

            Поэмада адам образдары да ойдағыдай
шықты десек, солардың ішінде Қарашаш образы ерекше орын алады. Ол - ұнамсыз
образ. Бірақ өте шебер жасалған, автордың ұлы талант екендігінің айғағы.
В.Г.Белинскийдің: «Истинным художникам равно удаются типы и негодяев и
порядочных людей...»1 дейтін сөзі Қарашаш образын жасаушы авторға дәлме-дәл.

            Қарашаш қазақ поэзиясындағы жаңа
тип, бұрынғы әйел образдарына іс-әрекет, мінез-құлық, тіпті кескін-келбетімен
де ұқсай бермейді. Түрі әйел де, ісі еркек. Ол романтикаға қанша берілсе де, өз
табы, өз ортасының жемісі болып қалады.

            Поэманың қазақ әдебиетіне қосқан үлесі
тек осы айтылғандар емес.

           

 

 

1В.Г.Белинский.
Полн. собр. соч., том Х, 1953-59г. - стр. 247

            Көркемдік тіл шеберлігі, өмір құбылыстарын,
әсіресе музыканы суреттеуде пластикалық әдісті шебер қолданып, сезіну арқылы ғана
жан рахат табатын музыкалық искусствоны адамның көз алдына келтіре білу
шеберліктерін айтпағанда, «Күйші» поэмасымен байланысты айрықша тоқталуды керек
ететін жайт - психологизм мәселесі. Бұл - көркем әдебиет үшін ең негізгі шарт.
Психологияны шебер бере білу ең жоғарғы сатыға көтерілмей, шын мәнінде шебер
ерлік болмақ емес. Сонау ескі заманнан келе жатқан «жазушы - адам жанының
инженері» дейтін формула көркем әдебиеттегі психологизммен тікелей байланысты.
Адам психологиясын шебер бере білген ақын-жазушылар ғана адам жанының
инженерлігіне таласа алады.

            Жастықтың жетегіне еріп, биікке қол
созған, Қарашаштың сұлулығы есінен айырған күйші жігіттің сүюшілігімен
байланысты ішкі сезіміндегі бүліншілік, күйініш-сүйініш, психологиялық жайттарды
ақын:

 

Қиялдап
кетті мініп қиялына,

Ондайда
қиял бойын жияды ма?

Ұмытып
қайда екенін, кім екенін,

Быж-тыж
боп отыр сорлы, қыз алдында.

Әлде
қыз, әлде түлкі, кім алдымда?

Үстіне,
не боп кеттім, құлармын ба?

Әлде
өңім, әлде түсім, қайда кеттім?

Апырм-ау,
бар ма, жоқ па көз орнында?1

 

деп
суреттейді. Осы үзіндінің өзінде қаншама күйініш-сүйініш бар? «Күйші» - тіл,
композиция, т.б. психологизм жақтарынан шеберлігі әбден толысқан, ақынның тек өзінің
ғана емес, кезіндегі бүкіл қазақ совет поэзиясының табысы.

            Отызыншы жылдардың екінші жарымындағы
қазақ поэзиясының да сол кездегі әлеумет өміріндегі әр алуан мәдени шаруашылық
мәселелерді іс жүзіне асыруға ат салысу, партия мен үкіметіміздің социализм құрудағы
ұлы істеріне көмектесу бағытында дамығандығын көреміз.

            1933-1937 жылдар негізінен социализм
құрылу жылдары, «Кімді кім» мәселесі социализмнің пайдасына шешілген жылдар
болды. 1930 жылы советтік Конституция қабылданды. Совет үкіметінің барлық
жетістіктері алтын жазумен тарих тақтасына жазылды. Бұл табыстар біздің
поэзиямыздан айрықша орын алды. Жаңа конституция туралы Ж.Жабаев, Н.Байғанин,
С.Мұқанов, Т.Жароков, А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, Д.Әбілов, Қ.Сатыбалдин, т.б.
көптеген ақындар жазды.

           

1І.Жансүгіров.
Шығ., ІІ том, 1960ж. - 166-167-б.

 

Бұл
жырлардағы үлкен жетістіктердің бірі Лениндік ұлт саясатының іске асуы болатын.
Ұлт кадрлары өміріміздің барлық саласында да өсті. Солардың бір алуан әдебиет
кадрлары 30 жылдардың екінші жарымында әдебиетімізге тағы бір топ талантты ақындар
келіп қосылды: Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин, Қ.Аманжолов, С.Омаров, Қ.Сатыбалдин,
А.Жұмағалиев, т.б.

Солар
тәрізді, халық ауыз әдебиетінің алыбы Ж.Жабаев бастаған халық ақындары поэзия төрінен
орын алды. Олардың ішінде эпостық поэзияның майталманы Н.Байғанин, ауыз әдебиеті
мен жазба әдебиетінің телғарасы (тел емген) үздік талант, ақындық жан дүниесінің
қалаулы перзенті Иса Байзақов, ғасыр бойы халық поэзиясын арқалап, өздері мол қазынамен
біте қайнасқан атақты халық ақындары Ш.Қошқарбаев, К.Әзірбаев, Д.Әлімбаев,
С.Керімбеков, О.Шипин, Н.Баймұратов, Н.Бегежанов, Қ.Терібаев.

Тап
осы жылдардан (1936 жылдардан былай) бастап қазақ халық поэзиясы жалпы әдебиетімізге
ұлы арна болып қосылды. Тақырып, идея жақтарынан жазба әдебиетімізбен үндесуі
былай тұрсын, Жамбыл бастаған халық ақындарының кейбір жайттары да қазақ
поэзиясына, тіпті қазақ емес-ау, шығыс поэзиясына белгілі дәрежеде әсері болды.

Олардың
кейбір өкілдері бұрынғы импровизаторлық дәрежеде қалып қоймай, әрі жазба әдебиетінің
биігіне көтерілді. Әңгіме тек жазып шығаруда емес, ой жүйесінің, сөз қисыны, сөйлем
құрылыстарының жазба поэзиясына теңдігімен шектеледі.

И.Байзақов,
С.Керімбеков, Қ.Терібаевтардың творчестволық жолдары - бұған дәлел.

Исаның
«Алтай аясында», «Кавказ», кейінірек шығарған «Он бір күн, он бір түн»
поэмаларын талдап көрсек, ауыз әдебиетінен жазба әдебиетке көшу процесін айқын
байқауға болады.

Бізде
1934 жылдардан былай қарай ұлт мәдениетіне, әсіресе искусство мен әдебиетке,
олардың кадрларына партия мен үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, төтенше жағдайлар
туғызды. Ең алдымен түкпір-түкпірлерде жатқан өнерпаз, халық таланттарын табу,
олардың өнерлерін дамыта түсулеріне мүмкіндік туғызып, көмектесу мәселелері жолға
қойылды.

1934
жылы Қазақстанда халық таланттарының басын біріктіру, шын таланттыларын
іріктеп, өз мүмкіндіктеріне қарай жұмысқа қосу мақсатымен шақырылған, қазақ
тарихында бірінші рет болған мәдениет съезі, 1936 жылы Москвада өткізілген
декадада қазақ ақындары мен өнер қайраткерлерінің даңққа бөленуі, ордендермен
наградталынуы жалпы мәдениет қайраткерлерін рухтандырып, творчестволық іске шақырды,
ой-сезімді қозғаушы күш болды десек, халық ақындары мен өнерпаздарына бұл
жайттар айрықша әсер етті.

Халық
әнші-өнерпаздары Москваның үлкен театрынан, қалса Қазақстан театр сахнасынан ән
шырқап, кейбіреулерінің Кремльдің төріне шығуы тілмен айтып жеткізе алмастық дәрежеде
шабыттандырып, қанағаттандырды. Олар осы жылдардан кейін ерекше бір рухпен Ұлы
Отан табыстарын егіле, беріле жырлады. Тек Жамбыл ғана емес, көптеген халық ақындары
мазмұнына түрі сай талай жақсы лирикалық толғаулар, поэмалар тудырды.

Қазақ
совет поэзиясы алғашқы күндерден бастап жырлаған, бүкіл әдебиетімізге, соның
ішінде, әсіресе поэзиямызға үзілмес арқау, өзек болып келе жатқан партияны, оның
көсемі Ленинді, Совет үкіметін, Лениннің революционер замандастарын жырлау
болды. Қазақ совет әдебиетінің негізін салушы, революционер-ақын С.Сейфуллиннен
бастап, бұл тақырыптар барлық ақындарымыздың шырқата шарықтатқан, тереңде жатқан
ақындық асыл қазыналарын сарқа ақтартқан тақырыптар еді. Қазақтың ірі таланттарының
қайсысын (С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Т.Жароков, Ө.Тұрманжанов,
А.Тоқмағамбетов, Ә.Тәжібаев, А.Сәрсенбаев, Ж.Саин, т.б.) алсақ та, ең жақсы
деген лирикалық жырлары, сюжеттік қысқа өлеңдері партия, Совет үкіметі,
Октябрь, Ленин аттарымен байланысты.

Партия,
Ұлы Отан, Ленин тақырыптарына шығарма жазу, шын жүректен емірене жырлау, жалпы
Совет үкіметі құрылысын дұрыс түсіну - ақындардың халықтарымыз арасындағы
интернационалдық достық тақырыбын жырлауға әкеп тіреді. Бұл тақырып - халықтар
достығы, 30 жылдар қазақ поэзиясындағы ең бір мол жырланған және ойдағыдй терең
жырланған мазмұнына түрі сай, құнды, сапалы шығармалардың дүниеге келулеріне
себеп болған күрделі тақырыптардың бірі. Жамбыл Жабаевтың «Халық туысқандығы»,
Н.Байғанинның «Халық достығы», С.Мұқановтың «Гүл бағындай Отаным», Т.Жароковтың
«Москва халқына», «Баку», Ә.Тәжібаевтың «Орыс халқына», «Украина» атты өлеңдері
туысқандық, достық идеясын жырлайды және бұл сықылды интернационалдық достық
тек совет елінің топырағында болуы мүмкін екендігін аңғартады.

Достық
тақырыбында көптеген өлең, жырлардың тууы, бір жағынан советтік құрылыстың, ұлт
саясатының іс жүзіне асу түрлерінің бір көрінісі десек, екінші жағынан, совет
халықтарының мәдени, әдеби байланыстарының күшейе түсуі болатын. Бұл жылдары қазақ
ақындары туысқан елдер өміріне қайрылып, олардың ұлы адамдарын, қазіргі бақытты,
шаттық тұрмыстарын, екі ел арасындағы туысқандық, тарихи байланыс, бір елдің
екінші елге көрсеткен шаруашылық, мәдени көмегін мойындау, соған ризалық білдіру,
міне, өлең мазмұндары осы сарында болды.

Сол
тәрізді туысқан елдердің ақындары да қазақ халқы туралы көптеген өлеңдер жазды.
Мысалы, С.Сейфуллин «Қырғыздың Алатауында», Ә.Тәжібаев «Тараспен әңгіме»,
Т.Жароков «Грузия қызы», Ә.Сәрсенбаев «Пушкин Қара теңізде», Гасем Лахути,
Павло Тычина, Янка Купала, А.Безымянский, К.Алтайский, т.б. ақындар Жамбылға,
не басқа да Қазақстан тақырыбына арналған өлеңдер жазып, өздерінің туысқандық
сезімдерін, махаббат-достықтарын білдірді.

Бізде
1937 жылдардан былай қарай, әдебиеттану ғылымында үлкен бір бет бұрылыс туғандығы
әдеби жұртшылыққа мәлім. Осы жылдарға шейін әдебиет тарихының, сынының дамуына
бөгет жасап келген пролеткультщинаның, жалаң социологияның қалдықтарына партия
тарапынан тойтара соққы беріліп, мұра туралы лениндік принцип толық іске асты.
Бұған шейін шығармасы үшін емес, шыққан тектері үшін күйіп келген Н.В.Гоголь,
Л.Н.Толстой, Абай, тағы басқалар немесе әр халықтың батырлар жырлары, енді халықтық
деп танылды. Әрбір мұраны автордың тегіне қарап емес, шығармаларының идеялық
мазмұнына, халықтық, социалистік элементтерінің басымдығына, қазіргі оқырмандарға
тигізетін пайдасына қарау, қысқасы, Ленин оқуы тұрғысынан қарап бағалау талабы қойылды.

Әр
халықтың ғасырлар бойы тереңнен сүйіп оқитын ақын-жазушыларына пролеткультщина,
жалаң социология теоретиксымақтары жапсырған ярлыктары жұлынып тасталып,
А.С.Пушкин, Абай, Навои, т.б. халық қалаулылары творчестволарының әділ бағалануы,
олардың туған күндерінің белгілі бір жылдары мейрамдалуы жалпы коммунизм құрудағы
ғажап табыстарымыздың ең бір елеулісі еді десек, асырып айтушылық емес. Сонымен
қатар бұл бетбұрыс, бұл жайт халықтарымыз араларындағы достық, әдеби
байланыстарымызды күшейте түсті. Пушкин, Шота Руставели, Т.Шевченко, Абай,
Ж.Жабаев, т.б. осылар сықылды әр халықтың классикалық ақын-жазушыларының
мейрамдалынатын белгілі даталары тек өз елі ғана емес, барлық совет елдерінің әдебиеттерінің
мейрамына айналды.

А.С.Пушкин,
Ш.Руставели, Т.Шевченко, Н.В.Гоголь, тағы басқалардың юбилей күндеріне қазақ ақындары
жазса, Абай, Жамбылдың мерекелеріне туысқан елдердің бәрінің де ақындары құттықтау,
қуанышты ниеттерін сол мерекелерге арнайы жазған өлеңдерімен көрсетті.

Совет
халықтарының мызғымас достықтарын қарт ақын Жамбылдан бастап, қазақ ақындары түгел
жырлады.

Бұл
жылдар орыс тіліне, қазақ тіліне, не басқа туысқан елдер әдебиеттерінен аудару
жұмысы төтенше қолға алынды. Орыс әдебиетінің ұлы классиктері Пушкин,
Лермонтов, Некрасовтан бастап, көптеген совет ақындары аударылды (Толстой,
Гогольдерден бастап аударылған прозалық туындылар өз алдына).

Қазақ
жазба әдебиеті, әсіресе поэзиясы орыс әдебиетінің әсері, одан үйрену арқылы
дамыды. Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаев А.С.Пушкин,
М.Лермонтов, Л.Н.Толстой сықылды алыптардан үйреніп, қазақ поэзиясын биікке көтерсе,
Ы.Алтынсарин Л.Н.Толстойдың балаларға лайықты, тәлім-тәрбие беруге арналған
хрестоматияларындағы әңгімелерін қазақшаға әдемілеп аударды, солардың үлгісінде
өзі де әңгіме жазды. Сол кездің өзінде 
Толстой, Ушинскийлердің үлгісінде орыс алфавитімен қазақ тілінде балаларға
арнап кітап шығарды. Сөйтіп қазақ прозасының негізін салды, оның келешек үшін үлкен
мәні болды. Абай ұлы орыстың классиктерінен үйрене отырып, өзінің творчестволық
ерекшелігін сақтап қалды. Оның өлеңдері - түрі жағынан да, мазмұнының тереңдігі
жағынан да бұрынғы қазақ өлеңдерінен өзгеше, жаңа құбылыс.  Абай поэзиясын зерттеушілердің қайсысы болса
да, оның қазақ поэзиясын жаңарту, дамытудағы бір тамыры орыс әдебиетінен үйренуінде
жатқандығын мойындайды.

Егер
біз орыс пен қазақ әдебиетінің байланысын сонау ХІХ ғасырдан десек, ХХ ғасыр
совет өкіметі кезінде ол бұрынғыдан әрі әлдеқайда молдығы өз алдына, еліктеу, үйренулерінің
жолдары да, түр-мазмұны да бұрынғыдан әлдеқайда өзгеше. Ол дәуір өзгешелігімен
байланысты. Тіл басқа болса да, екі ел әдебиетшілерінің идеялары, алға қойған
мақсат-тілектері бір. Бұл - көптеген жайттардың сыры мен шынын ашатын нәрсе.

Революцияның
алғашқы жылдарындағы қазақ қана емес, бүкіл совет Одағындағы елдердің әдебиетіне
көз тіксек, М.Горькийге, В.Маяковскийге еліктемеген, олардың әсері тимеген ақын-жазушылар
жоқ. Тіпті сөз жүзінде В.Маяковскийді мойындамайтын, танығысы келмейтін сол
кездегі ақындардың өлеңдерін мұқият зерттесе, Маяковскийдің әсерін табуға болар
еді.

В.Маяковский
бүкіл совет халықтарының, солардың ішінде қазақ поэзиясына ықпал еткенде, ең
алдымен саяси лирика, әлеуметтік тақырыпқа жазылған күрделі поэмалардың дамуына
ықпалын тигізді. Қазақ поэзиясы өкілдерінің ішінде Маяковскийге еліктемегені,
одан үйренбегендері жоқ десек қателеспейміз. Кім қалай үйренді, одан қандай нәтиже
шықты, ол - екінші мәселе. Бірақ «болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, үйренуге
талпынулары сөзсіз. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші,
кейбіреулері Маяковскийден үлгі алып, одан творчестволық жолмен үйренді. Оның өлең
үлгісін өз әдебиетінің топырағына екті де, онан өз тілі, өз әдебиетінің үлгісін
дәл сақтайтын жаңа гүл шоғын алды (С.Сейфуллин, С.Мұқанов). Ал кейбіреулер жалаң
еліктеу дәрежесінен әрі аса алмады.

Қайткен
күнде де орыс әдебиеті қазақ ақын-жазушыларына әрі идеялық мазмұн, әрі көркемдік
шеберлікке үйренуде үлгілі мектеп болды.

Бірақ
біздің зерттеушілеріміздің еңбектерінде орыс әдебиетіне еліктеу, одан үйренулерді,
көп жағдайларды өте сайыз түсінушіліктер бар. Мысалы, Жамбылдан Маяковскийдің әсерін
іздеп әуреленді. Ол мүлде мүмкін емес. Өйткені Жамбыл - хат танымайтын,
В.Маяковскийді оқымаған адам.

Ол
Маяковскийге қалай еліктемек? Бұл - буынсыз жерге пышақ салу. Сол тәрізді
Т.Жароковтың «Күн тіл қаттысы» да Маяковскийге еліктелінді делінген. Т.Жароков
Маяковскийге кейде тікелей, кейде Сәкен поэзиясы арқылы еліктегені,
Маяковскийше жазбақ болғаны рас. «Сағат», «Шахта», т.б. өлеңдері - бұған дәлел.
Бірақ «Күн тіл қатты» емес. «Күн тіл қатты» - өзінің құрылысы, интонациясымен
таза жыр ағымының бір алуан түрі. Оның Маяковский стилімен жақындығы жоқ.

Екі
ақынның творчестволарында үндестік барда еліктеу, үйрену болады. Оларды
шатастырмауымыз керек. Үндестік, осыдан келіп шығатын ұқсастық, олардың заман
бірлігі, таптық идея бірлігі белгілі бір әдебиеттік стиль-метод бірлігінен
туады. Әдеби әдіс бірлігі көп жайттарда ақындарды бір-біріне ұқсас етеді. Сондықтан
еліктеу, үйрену мәселелеріне өте бір мұқияттықпен қарауға керек.

Осы
жылдардағы қазақ әдебиетінің және бір табысы - орыс тіліне аударылуы, сол арқылы
бүкіл Советтер Одағына, озса, дүниежүзіне таныла бастауы. Бұл игілікті істе де
поэзия алдыңғы сапта болды.

С.Сейфуллиннің
«Советстаны», «Көкшетауы», С.Мұқановтың «Сұлушашы», І.Жансүгіровтің «Күйшісі»,
Т.Жароковтың «Тасқыны», т.б. поэзиялық туындылардың аударылуы - осыған айғақ.

Сонымен
қатар 30 жылдарда қазақ жазушы-ақындарының өлең-әңгімелерінен құрастырылған
орыс тіліндегі жинақтар (әрбір тарихи-әдеби оқиғалармен байланысты жыл сайын
дерлік) шығып тұрды. «Казахский сборник» (1934ж.), «Казахстан» (1935ж.), «Казахские
прозы» (1936ж.), «Песни степей» (1940ж.), «Современная казахская литература»
(1941ж.) атты жинақтар - осының мысалы. Қазақ, орыс Совет әдебиеттерінің
арасында соавтор болу тәрізді жақсы құбылыстар көрінді. М.Әуезов пен
Л.С.Соболев «Абай» пьесасын жазды. Қысқасы, екі халықтың әдебиеті, рухани жақтары
мидай араласып, оның өкілдері төс түйістіре дос болды.

Бұл
ерекше бір қызу түрде басталған екі әдебиет достығы жыл сайын дами, қанатын кең
жая түсті. Бұған кейінгі жылдардағы әдебиет тарихы куә.

30
жылдардың екінші жарымындағы поэзиямызды түгелдей алып, алғашқы жылдармен
салыстырсақ, қай жағынан болсын дамығанын, ілгерілегендігін көреміз. Егер 30-31
жылдарда сюжетсіз өлеңдер жиі ұшырап, поэзиямыз жалпыланудан әлі арыла алмаса,
енді көңіл аударарлық бір жаңалық сюжетке құрылған шағын көлемді өлеңдер туа
бастады. Лирикалық өлеңдердің өзі де дерексізден деректілікке айнала бастады.
Екінші бір жайт, эпикалық және лирикалық жанр элементтерінің өлеңдерде қоян-қолтық
келіп, жымдаса, келісті түрде қиюласа түсуі.

Сол
кездегі сюжетке құрылған шағын көлемді өлеңдердің жақсы үлгісі деп С.Мұқановтың
«Колхозды ауыл осындайын» алуға болады.

«Колхозды
ауыл осындай» шын мәнінде социалистік реализм әдісімен жазылған, ақын өз көзімен
көріп, жан жүйесімен сезіне отырып, бүгінгі колхозды ауылдың бір тәуліктегі еңбек,
тіршіліктерін бейнелейді, жаңа ауылдың қуаныш-шаттық көңіл-күйлерін көріп, еңбекке
шын ниетімен жұмылған жаңа адам образдарын жасайды.

Мұнда
бұрынғы поэмаларда жиі кездесетін колхоздың тарихын, онымен байланысты фактілерді
мұрнынан тізіп жатушылық жоқ. Ақын өзінің көрген, сезгендерінен ең маңызды, ең
керекті дегендерін алады да, осылардан түйіндеулер жасайды.

 

Бақыт
құсы далаға қонып тұрды,

Дала
шаттық күйіне толып тұрды.

Кең
дала арасына ән-күй сыймай,

Кемерден
төгілгендей болып тұрды, -

 

деген
жолдар жоғарыдағы пікірімізге дәлел бола алады.

30
жылдардың екінші жарымындағы поэзияда сюжетке құрылған шағын көлемді өлеңдермен
қатар, поэмалардың да саны көбейе түсті. Т.Жароков «Нарын», «Тасқын», І.Жансүгіров
«Құлагер», Ә.Тәжібаев «Абыл» поэмаларын жазды.

Солардың
ішінде айрықша қажет ететін - «Тасқын» мен «Құлагер» поэмалары. Бұл сөзден басқалары
тоқталуға арзымайды деген ұғым тумасқа керек. «Нарын», «Абыл» поэмаларының жақсы
жақтары аз емес. Олардың барлығына тоқталуға мүмкіндік жоқ болғандықтан, жоғарыда
аталған екі поэманы ғана сөз етеміз. Олардың бірі жаңа тақырыпқа, екіншісі
тарихи тақырыпқа жазылған. Сол жылдардағы поэзиямыздың шама-шарқын көрсету үшін
бұл екі поэма толық мысал бола алады.

«Тасқын»
- Тайыр Жароковтың алтыншы поэмасы. Бұл - бұрынғы поэмалардағы әртүрлі қате-кемшіліктерін
сезініп, оларға сын көзімен қарап, социалистік реализм әдісін меңгеру тұрғысынан
әбден ойланып жазылған шығарма.

Жазушылардың
бірінші съезінде ұлы Горькийдің өз аузынан айтылған социалистік реализм методын
қолданушы совет әдебиетінің негізгі міндеттерінің бірі - еңбек адамының образын
жасау, совет адамдарының әр саладағы өсуін, өмірге белсене араласуын көрсету
делінген болса, қазақ поэзиясы да ол ұранға үн қосты. Соның бір үлгісі - «Тасқын»
поэмасы.

Поэманың
негізгі идеясы - совет дәуірінде туып өскен жас мамандардың өсу жолдарын көрсету,
олардың социалистік құрылыс істеріне қалай араласқандықтарын бейнелеу. Поэмаға
фон ретінде және келешекте поэмада суреттелінетін оқиға, адамдар арасындағы қарым-қатынастарға
дәлелдеме ретінде 1921 жылғы тасқын оқиғасы алынса да, негізгі мәселе -
советтік жаңа құрылыстың күші, жаңа адамдар, олардың іс-амалдары. Поэманың қаһарманы
Қайсар жасынан жетім қалып, балалар үйінде тәрбиеленеді, орта білім алып,
Москвада жоғарғы оқу орнын бітіріп, құрылыс инженері болып шығады. Оның сүйген қызы,
кейін өмірлік жары Жамал да Қайсар тәрізді Советтік гуманизмге бөленіп өскен
жан.

Ақын
Қайсарды партия мен үкімет ісіне қалтқысыз берілген адам етіп, ол жолға бөгет
жасамақ жаулармен күрес үстінде өсіреді.

Қайсар
- совет мектебінен тәлім-тәрбие алған, советтік ұлы Отанына шын берілген қазақ
интеллегенттерінің жиынтығы, солардың образы.

Ақын
Қайсарды әр жағынан алып көрсетуге тырысады. Солардың ішінде ең бір ерекше көңіл
аударарлық жайт, оның жұмысшылармен, халықпен нық байланыстығына оқырмандарының
көңілін аударту. Ақынның онысы сәтті де шыққан:

 

Еңбектің
екілентіп алуан ерін,

Кәрімен,
жастарымен де өңкей өрім,

Жас
Қайсар араласып жұмыста жүр,

Сыпырып
самайынан аққан терін.

 

Жамал
- сол кездегі қазақтың оқымысты әйел-қыздарының образы. Оның да тілек, мүддесі
- өз халқына адал еңбек ету.

Т.Жароковтың
«Тасқыны» - Совет жазушыларының бірінші съезінен кейінгі жаңа тақырыпқа жазылған,
жастардан шыққан оқымысты жас, жаңа мамандар образын жасауда поэзиямызға елеулі
табыс болып қосылған шығарма.

Сол
жылдары тарихи тақырыпқа көбірек барған және осы тақырыпты жақсы меңгерген ақындарымыздың
бірі І.Жансүгіров көп жылдар бойы қазақ халқының ән-күйлерін зерттеп, «Күй», «Күйші»
поэмаларын жазды.

Поэма
«Құлагер» деп аталса да, негізгі мәселе - Құлагердің иесі Ақан сері туралы.

Ел
еркесі атанып, халықтың аяулы ұлы болған Ақанды үстем тап өкілдері -
бай-феодалдар көре алмай, зорлық-зомбылық көрсетті. Ең ақыры тай күнінен тақымына
басқан жан серігі жалғыз аты Құлагерді соққыға жығып өлтірді. Әрі ақын, әнші,
композитор, табиғатында өр туған өрен жан әділетсіздікке, қорлыққа шыдай алмай,
қарсылық көрсетуге шамасы жоқ, сондықтан өзінше көрсеткен қарсылығы - ол
ортадан безу, ат ізін салмай, қалған өмірін жалғыз, тау ішінде өткізу болады.

Тарих
көзімен қарағанда, күні кеше ғана тап осындай ауыр халді сан өнердің зергері,
ар, ақылдың діңгегі, аяулы адам, ақын жан өз басынан кешірген. Міне, І.Жансүгіровтің
поэмасы осы Ақан трагедиясына, ақын трагедиясына арналады.

Поэманың
негізгі идеясы - әнші-ақынды жыр ету, оған деген халық махаббатын көрсету, қадірлі
адам, талант иесін қатал заман апатқа ұшыратуын суреттеп, ол заман қожаларына, өзінше
үкім шығару.

«Құлагер»
поэмасы - мазмұнына түрі сай өте көркем жазылған поэма, ол өз кезінде де, одан
кейін де сыншы, зерттеуші жұртшылығынан өте жоғары баға алуда.

Поэманың
шеберлік үш қасиеті көзге түседі. Бірінші, халық өмірін кең және мейлінше шебер
түрде суреттеушілік (қазақтың асы, бәйгесі, ас кезіндегі әр алуан ойын-сауық, ән-жыр,
дау-шар, т.б.). Бірақ ақынның шеберлігі осылардың әрқайсысын тек сырттай әдемілеп
суреттеуінде ғана емес (оның да өзінше мәні зор ғой), әрбір тұрмыс-салтпен
байланысты өмір құбылыстары, іс-әрекеттердің ішкі жағын, яғни сол суреттер арқылы
әлеуметтік теңсіздік мәселелерінің сырын шебер көрсете білуінде.

Мысалы,
ағыл-тегіл болып жатқан асты суреттегенде бір жағынан етке тойған байларды көрсек,
екінші жағынан, кедей жалшылардың аштығын, дорба арқалаған қайыршы шалдардың
дорбасына еш нәрсе түспегендігін көреміз.

Ноқталап
алып келіп, бас бәйгені өздері алмақ болып қаумалаған бай-феодалдар, құз қара-палуан
оқыс апатқа кездесіп, мерт болғанда, оның қасында ешкім қалмайды. Енді ол - мүгедек.
Оның байларға келтіретін пайдасы, әперетін даңқы жоқ. Сондықтан ол ешкімге
керек емес, ол күрес алаңында зар қағып, жалғыз қалады.

 

Жақын
жоқ, жанашыр жоқ

Жалғыз
қалып,

Күз
қара зарлап жатыр,

дір-дір
қағып...

 

деп
суреттейді оны ақын.

Жалпы
көркем бейнеленген салт-тұрмыстық фонында осылар тәрізді эпизодтар бай-феодалдар
өмір сүрген қоғамның қаныпезерлік заңдарын көзге елестетеді.

Екінші
ерекшелік - Ақан образының жасалу жолының жаңалығы. Ақан әнші, ақын,
адамгершілігі мол. Сонымен қатар ол - жауына бой бермейтін өршіл де, досына
жанын беруге әзір адам. Қысқасы, оның мінезі - характері қиыннан қиысады. Бірақ
сол мінездер Ақанды оқиғаға бастан-аяқ қатыстыру арқылы емес, айналасының оған қарым-қатынастарын
шебер суреттеу, жанама мінездеулер арқылы жасалынады.

Сахнада
Ақанның өзі әлі көрінбесе де, ол туралы ел аузында аңыз да, не тамаша ертегілер
де айтылып жатады. Әңгіме өзі жайлы ма, әлде сәйгүлік аты жайлы ма, қайткен күнде
де көпшілік оны мақтайды, дәріптейді. Поэмада Ақан көрінетін екі-үш эпизод тек
халықтың ол жөнінде айтқан аңыз, әңгімелерін растай түсу үшін керек тәрізді.
Бірақ түгелдей алғанда, Ақан бейнесі ұнамды түрде есте қалады.

«Құлагер»
поэмасындағы үшінші ерекшелік - психологизм.

Адамның
ішкі сезім дүниесін суреттеу, әсіресе поэзияда үлкен шеберлікті қажет етеді. Бұл
қазақ совет поэзиясында кейбір үлгілері болса да, онша қанатын кең жая алмаған әдіс
болатын. Осы олқылықты «Күй», «Күйші» поэмаларынан бастап толықтыра бастаған ақынымыз
- І.Жансүгіров. Адам психологиясын шебер берудің нақтылы үлгісі - «Күйші»
поэмасы еді десек, «Құлагер» одан асып түспесе, кем емес.

Поэмадағы
психологизмнің ең шауып шыққан биігі - Құлагердің басын өңгеріп, еліне бара жатқан
жерлері. Ақын Ақан сезімін кейде монолог, кейде өз атынан суреттеу арқылы
береді. Қай әдісті қолдансын мейлі, ақын сандаған жау соққысына жыққызып, қатты
күйінішке кездескен Ақанның жан сезімін тамаша шебер түрде бейнелейді. Ақанның
зарлы әнін суреттей келіп:

 

Зарлатты,
аңыратты, жорғалатты,

Күйік
ән көкке серпіп, сорғалатты.

Азалы,
ащы дауыс зарлағанда

Жұрт
бірге жоқтап жатты өлген атты.

 

Талантты
ақынның бұл ең күрделі және соңғы туындысы болды. Ақын келмеске сапар шегер
алдындағы поэмасы «Құлагер» әрі өзінің, әрі сол жылдардағы қазақ совет
поэзиясының табыстарының бірі, өзіне қолмен емес, сөзімен орнатқан ескерткіші
болды.

1937
жылдарға шейін капитализм елдерінде жыл санап өрбіп келген экономикалық дағдарыстар
енді өзінің шарықтау шегіне қарай бой ұрды. Америка, Англия, Франция тәрізді
ірі мемлекеттерді қамтыған жаңа дағдарыстар басталды.

Бір
жағы ішкі дағдарыс, екінші жағынан басқыншылық әрекеттер арқылы жер жүзін
жаулап алмақ болып одақтаса қимылдаған Германия, Жапония, Италия - фашист
мемлекеттерінің шабуыл үстіне шабуыл жылдары басталды. 1935 жылдарғы Италияның
Абиссинияға, Германия мен Италияның Испанияға шабуылдары, 1937 жылғы Жапонияның
Солтүстік және Орталық Қытайға баруы, 1938 жыл Германия фашистерінің Австрияны
басып алуымен, 1938-1939 жылдар тағы да жапондықтардың Катон және Хайнан аралын
басып алуларымен жалғасты.

            Бұл тәрізді дүниежүзіндегі тарихи,
саяси экономикалық әскери жағдайлар екінші импералистік соғыс лаңының бастамасы
екендігін әрбір көзі ашық совет азаматы сезді.

            Осындай жағдайларда саясат көмекшісі
әдебиеттің бой көрсетуі, қазіргі өмір ағымы қалай бара жатыр, оны сөз образдары
арқылы жұртшылыққа түсіндіру, дұрыс бағыт сілтеуі - негізгі міндеттерінің
бірінен саналмақ. Шынында солай болды да.

            Осы жылдардағы қазақ поэзиясының
негізгі тақырыптарының бірі - Отанды қорғау мәселесі, өрттей қаулап жан-жағын
жалмап келе жатқан тажал фашистерге қарсы дауыс көтеру, халық көпшілігінің ой-санасын
соларға қарсы тәрбиелеу болды. Жамбыл «Испандағы бауырларға», А.Тоқмағамбетов
«Испания», Т.Жароков «Жалында, жарқын Долорес», Ә.Тәжібаев «Аида», Д.Әбілов
«Испан қызы», Қ.Бекхожин «Монтесса», Қ.Сатыбалдин «Нопасарон» атты туындыларын
жазды.

            Бұл өлеңдердің жалпы идеялық сарыны:
совет әдебиеті, соның бір бұлағы қазақ әдебиеті интернационалистік, әділдікті қолдаушы
әдебиет екендігін әлемге паш ету, сонымен қатар фашизм - жауыздық, зұлымдықтардың
барып тұрған ең сұрқиясы екендігін әшкерелеу, совет халқының бейбітшілікті жақтайтын
ел екендігін көрсету және өз халқының азаттығы үшін күресуші шетел ерлерін дәріптеу
еді.

            Қытай, тағы басқа елдердің фашизмге қарсы
күрестеріне арналған қазақ ақындарының өлең-жырларының жалпы сарыны да осы бағытта.

            Айналасындағы жайғдайды дұрыс түсінген
қазақ поэзиясы өз бостандықтары үшін күрескен шетел халық ерлеріне жаны ашып,
олардың патриоттық ерліктерін емірене жырлап, оларға рух беріп қана қойған жоқ,
өз халқы үшін белгілі бір қорытынды да шығарды. Ол - Советтік ұлы Отанын қорғауға
әрқашан да әзір болу.

            Сол кездегі Отан қорғау тақырыбына
шығарылған өлеңдердің идеялық мазмұны қарт ақын Жамбылдың мына сөздерінен анық
байқалады:

 

Капиталист
айналаң

Шеңбер
болып қоршаған.

Жер
астында жау тұрса,

Бейқам
жатқан ұйқы арам.

 

Испан
менен Қытайда

Қанды
боран бұрқаған,

Жанталасқан
жауың бар,

Қасын
тіккен ол саған.

 

            Қарт ақынның бұл ескертулері көп
кешікпей-ақ расқа айналды. Құтырған жапон фашистері Қиыр Шығыста Хасан көлі,
Халгинкол маңдарында соғыс ашып, бейбіт халқымызға сес көрсеткісі, әлі жетсе,
біздің жерімізді жаулап алғысы келеді. Бірақ Қиыр Шығыстағы біздің Қызыл Армия
оларға тойтара соққы беріп, өздерін өз қандарына бояды. Мұндай кенет оқиғаларда
елгезектік көрсетіп, әдебиеттің басқа жанрларынан бұрын қимылдайтын поэзия бұл
жолы да көсемдік көрсетті.

            Жамбыл («Жеңіс жыры»), Н.Байғанин
(«Комиссар Пожарский»), Ғ.Орманов («Қайт кейін»), Ә.Сәрсенбаев («Жауға жауап») өлеңдері
Хасан, Халгинкол оқиғаларымен байланысты туды.

            Отан қорғау мәселесі - поэзиямыздың
негізгі тақырыбы ретінде жыл сайын өрістеп, қанатын кең жая берді. Өйткені қоршаған
капиталистік елдер, оның ішінде агрессорлық басқыншылықтары күн санап өршіп
келе жатқан қаныпезерлердің жуан ортасында отырып, Отан қорғау жұмысын әлсірету
мүмкін емес еді.

            Поэзия жау қаншама құбылмалы,
зымияндыққа салынса да, совет солдаты, совет адамы солардың зұлымдықтарын көреген,
мейлінше қырағы болуы керек дегенді үндеді. Қырағылық көрсеткен шекарадағы
солдаттардың  ерлік, айла-тәсілдерін
суреттеді. Ондаған поэма (Т.Жароков «Шекара», Ж.Саин «Досыма хат», Қ.Аманжолов
«Күзетте», Ә.Сәрсенбаев «Отан күзетінде», т.б.), сандаған өлеңдер дүниеге
келді. Бұларға халық ақындары Жамбылдың, Н.Байғаниннің, Ш.Қошқарбаевтың, Д.Әлімбаевтың,
И.Байзақовтың, К.Әзірбаевтардың патриоттыққа, ерлікке, қырағылыққа үндейтін
тамаша өлең-жырларын қоссақ, поэзиямыз саны жағынан да, сапасы жағынан да молыға
түскенін көреміз.

            Импералистік екінші соғыс қаупі
туды, бүгін бе, ертең бе, ол біздің шекарамызға бүліншілігін салмақ. Ендеше,
жау жеңер күш - ерлік, бірлік, соғысқа әзірлік. Поэзия ертеңгі соғыс күндеріндегі
ел міндетін, ер міндетін аса бір көрегендікпен елді ерлікке шақыра жырлады.

            Әрине қазақ совет поэзиясында 37-40
жылдар актуальды, саяси өткір, елдікке, ерлікке үндейтін өлеңдерді Жамбыл бастаған
халық ақындары және С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, Қ.Сатыбалдин, Ж.Саин, Ә.Сәрсенбаев, Қ.Бекхожин,
тағы басқа ақындар жазды.

            С.Мұқановтың «Сөз - Советтік Армия»
атты өлеңінде очерк - барлаушы, поэзия - бомбовоз, көркем проза - ауыр
артиллерияның жұмысын атқарады, ақын сөздерінен жау жеңбес сансыз полк армия құрылмақ
дегенді айтты.

 

Фашизмнен
Отанды тынбай қорып,

Жаудың
бетін қайтара жасап жорық.

Жасалмақ
ақындардың сөздерінен,

Армиялар,
корпустар, сансыз полк.

 

            С.Мұқановтың бұл өлеңі
В.Маяковскийдің «Во весь голос» атты поэмасымен үндес. Негізгі үлгіні С.Мұқанов
осы поэмадан алғандығы талассыз.

            Әрине бұл екі өлеңнің бір-біріне жақындығы
алдымен идея, пікір, образ үндестіктерінде.

            Қорыта айтқанда, 30 жылдардағы қазақ
поэзиясы - өзінің алдындағы, 20 жылдардағы әдебиетіміздің заңды жалғасы. Қазақ
совет әдебиеті өзінің туған күнінен бастап-ақ саясатқа ілесе жұмыс істеді.
Ленин партиясы мен Совет үкіметінің халық тұрмысын жақсарту, социалистік өмір құру
жолындағы игілікті істеріне белсене ат салысып келді. Сонау алғашқы күндерден-ақ
лирикалық жанрдың негізгі түрі болған азаматтық, саяси лирика жыл санап дами түсті.
Алғашқы кездердегі өлеңдерде кездесіп қала беретін жалаң үгіт, насихаттар енді әдемі
бейне, көркем образдарға бөленіп берілетін дәрежеге көтерілді. Әрине қазақ
поэзиясы тек қана азаматтық-саяси лирикадан құралған жоқ, махаббат лирикасы, көңіл-күй
лирикасы, пейзаждық лирика, ән-жыр, т.б. түрлері де өзінше өсіп, дамып жатты.
Кейде поэзиямызда эпостық тек пен лирикалық тектер бірігіп, бір бүтін поэма, не
сюжетті шағын көлемді өлеңдер туғызса, кейде негізінен не эпостық, не лирикалық
текке жататын да поэмалар дүниеге келді.

            20 жылдардағы поэзиямызда кемеліне
келе алмаған сатиралық лирика 30 жылдардағы қазақ поэзиясынан көрнекті орын
алды.

            Поэзияның негізгі түрлері сонау Махамбет,
Абай замандарынан болатын. Көп үлгіні біздің қазіргі поэзия өкілдері солардан
алғаны, оларды жаңа жағдайға сәйкес дамытып, ілгерілеткені сөзсіз.

            Бірақ заман өзгерді, Махамбет, Абай
замандарындағы қиялда ғана мүмкін, арман дүниесі енді нақтылы өмір шындығына
айналды.

            Сондықтан біздің дәуіріміздің
поэзиясы бұрынғы биігінде қалып қоюы мүмкін емес-ті. Шындығында да жаңа заман
поэзияға өзінің жаңа ырғақ, жаңа тынысын ала келді. Бұл тек бір ұлт шеңбері
емес, бір идеялы көп тілді бүкіл Совет халықтарының бәріне тән құбылыс еді. Осы
құбылысты, жаңа заманның жаңа тынысын алғашқы рет ұғынған және оны жаңа ырғақ,
жаңаша тыныспен жырлауға Одақта бірінші жол салған Социалистік революцияның ұлы
ақыны В.В.Маяковский болды.

            Жаңа өмірдің жыршысы боламын
дегендердің бәрі де Маяковскийге еліктеп, соның үлгісімен жазды. Кейбір ұлт ақындары
Маяковскийге еліктеушілерден үйреніп, солардан үлгі алып өсті.

            В.Маяковскийге творчестволық жолмен
еліктеуде нәтижелі табыстарға қолы жеткендердің бірі - Сәкен Сейфуллин. Қазақ ақындары
ғана емес, өзбек, қырғыз, қарақалпақ ақындарының бірқатары С.Сейфуллин арқылы
Маяковский стиліне еліктеді. 20-30 жылдары С.Сейфуллин қазақ, қырғыз, қарақалпақ
поэзиясында Маяковский стиліндегі ең үлгілі ақын болды.

            30 жылдар қазақ поэзиясының үлкен табысының
бірі - тіл байлығы. Бұл - мұқият зерттеуді қажет ететін тақырып. Ол өзіне
шейінгі әдебиетімізде қандай жетістік, кемшіліктер бар еді, сонымен салыстырғанда
қазір не нәрсеге қолымыз жетті, міне, бұл мәселеге осы тұрғыдан қарауымыз қажет.
Ондай терең зерттеу - келешектің ісі. Әйтсе де қазіргі бақылаулардың негізінде
де белгілі бір қорытындыға келуге болатын сықылды.

            Қазақ поэзиясына әрбір ірі ақындарымыздың
өздері енгізген жаңалықтары, өздері қосқан үлестері бар. Мысалы, С.Сейфуллинді
біз В.Маяковскийден творчестволық жолдармен үйреніп, оның өлең құрылысы үлгілерін
қазақ топырағына екті де, одан қазақ тілінің перзенті етіп, қазақ өлең құрылысына
жаңа түр енгізді дедік. Оның енгізген негізгі жаңалығы өлеңдерінің ырғағында, ұйқасында.
Сонымен қатар жаңа сөз, жаңаша образ, интонациясында болатын.

            «Ритм - это основная сила, основная
энергия стиха» деп Маяковский айтқандай, Сәкен өлеңдерінің ең күшті жағы да,
оның поэзиямыздағы ерекшелігі де, әсіресе осы жағында болатын.

            Б.Майлин қазақ поэзиясына, жалпы әдебиетіне
халқымыздың ауыз әдебиетінен бастап, ғасырлар бойы қалыптасқан юморлық әдісін
толық меңгеріп, ирония, сарказм тәрізді поэтик тілдердің не көрнекті үлгілерін
ендірсе, І.Жансүгіров инверсияға негізделген жаңа сөз тіркестерімен, жаңаша сөйлем
құрылыстарымен қазақ поэзиясын байытты. 30 жылдардан былай қарай ерекше бет
алып, әр жылдар-ақ айта қалғандай құнды да, құнарлы да еңбектер берген талантты
ақын І.Жансүгіров поэзия тілінің баюына да үлкен үлес қосты. Мысалы:

 

«Тау
сұлу Алтайдағы патсайыдай,

Қап
орап әсемдеген ақ шайыдай.

Сарқырап
Алатаудан аққан бұлақ,

Шыңдағы
шұбар құстың сақ-сағындай».

 

            Осы үзіндідегі Алтай тауларын -
патсайыға, қарды - ақшайы жібекке, аққан бұлақ дыбысын - шұбар құстың дауысына
теңеуі де жаңалық. Жеке сөздері қазақ тілінде болса да, тап осылай теңелген сөз
тіркестері ешбір әдеби нұсқалардан табылмайды, сондықтан да олар - жаңа. Тек
Ілияс қаламына ғана тән образдар. І.Жансүгіровтің поэзиямызға тағы бір қосқан үлесі
- ішкі ұйқас (внутренняя рифма). Ішкі ұйқастың байлығы, қиюласып келуі ақынның
тіл байлығын дәлелдейтін негізгі факторлардың бірі болуымен қатар, бұлар өлеңнің
музыкалылығын да күшейте түседі.

 

Сайрадың
құйқылжытып, құбылжытып,

Тамсандым,
тамағымның суын жұтып,

Толқытып,
толықсытып, емірентіп,

Қиқуға
қызықтырдың, қылдың ынтық.

 

            Осы келтірілген үзіндіден тамаша түрде
қалауын тапқан ішкі ұйқас та, дыбыс қайталаушылық та айқын сезіледі. Бұл -
І.Жансүгіров поэзиясына тән негізгі ерекшеліктердің бірі.

            30 жылдардағы қазақ поэзиясын қай жағынан
болсын байытуда көп еңбек сіңірген талантты ақындарымыздың бірі - С.Мұқанов.

            С.Мұқанов - поэзияда ойға қатысы жоқ,
тек буын, бунақ толтыру үшін келетін басы артық сөздерге қарсы күрес ашты. Бұл
сонау ұлы ақынымыз Абайдан басталған-ды. Совет дәуірінде сол Абай традициясын
жалғастырушының ең бастысы С.Мұқанов болды. «Ақ аю», «Колхозды ауыл осындай»,
«Сөз - Советтік Армия» - осы нысананы берік сақтап жазылған сәтті шығармалар.

            Өлеңде басы артық сөз қолданбау ақынды
өлеңдерін диалогке және өзінше ырғақ іздеп, жаңа интонацияға құруға әкеп
тіреді. 30 жылдардың екінші жарымынан бастап, ақынның көп өлеңдері осы әдіспен
жазылғандығын көреміз.

            С.Мұқанов жаңа сөз, жаңа образдар
тапқыш ақындарымыздың бірінен саналады. Кейде инверсия заңына сүйеніп, кейде
лирикалық қаһармандарымен әңгімелесу, кейде тіпті бір күтпеген жерден жаңаша сөз
тіркестерін жасайды. «Майға сәлемде» майға жанды адамша қайырыла сөйлеу,
«Жолдас Май» деу - осының бір мысалы.

 

            Чапаевтай зор дауыс, гудок,

                                                                       Қиқу

            Салды келіп,

                                   кемеге

                                               деп:

                                                           «Шагом
марш!»

 

            Гудок дауысын Чапаевқа, социализмді
жарқын жазға теңеу бұрынғы поэзияда кездеспейтін. Әрине бұндай жаңалықтар басқа
да қазақ ақындарынан аз табылмайды. Біз бұларды тек мысал үшін ғана келтіріп
отырмыз.

            30 жылдардағы қазақ поэзиясы тіл
дамыту жөнінде де үлкен жетістіктерге ие болды. Өйткені С.Сейфуллин, І.Жансүгіров,
С.Мұқанов, Т.Жароков, т.б. ақындарымыздың тамаша құнды поэмаларының дүниеге
келуі де осы жылдарда. Жақсы туындылар өзімен бірге шұрайлы тіл де, үздік
образдар да ала келеді.

            30 жылдар поэзиясы - бүкіл Совет Одағында
қарқындап өскен кезеңі десек, ол туралы Лениндік сыйлықтың лауреаты жазушы
Леонид Леоновтың «Десятилетия отделяют нас от тридцатых годов - этой бурной,
вулканической эпохи. Литература тех лет сейчас представляется мне сплошным
массивом, а отдельные книги - кирпичами, из которых сложены первые этажи
величественного здания» деген сөздері сол кездегі қазақ поэзиясына тікелей қатысты.

 

1965ж.