ВЕРНУТЬСЯ

       Біз
осы еңбектің кіріспе бөлімінде лиро-эпос поэмаларының ерекшеліктері жайлы біраз
тоқталып өттік. Олардың әрқайсысын жеке сөз еткенде бұл мәселе тұжырымды,
нақтылы тұрде баяндалмақ. Сондықтан тағы да қайталап жатпай, тура талдауға
кірісеміз.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» қазақ
лиро-эпостарының ең ескі түрлерінің бірінен саналды. «Қыз Жібек», «Күлше қыз -
Назымбек», «Айман - Шолпан», «Мақпал қыз», «Есім сері - Зылиха» т.б. Сонымен
қатар шығыс елінің әдебиетінен келіп қазақша жырланған бір алуан лиро-эпикалық
поэмалар да бар.

            Біздің бұл кітапта тоқталмағымыз
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман - Шолпан». Оның негізгі себебі -
жоғарғы аталғандарының соңғы кезде әлі қайта басылып, халық қазынасына
айналмағандығы. Жақын жылдарда бұлардың бәрі де қайта басылып шығуы сөзсіз.
Әзірше, біз қолдағы лиро-эпостарға ғана талдаулар беруді мақұл көрдік.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» қазақ
тіліндегі нұсқасын ел аузынан жазып алып, 1870 жылы, бірінші рет бастырып
шығарған академик В.В.Радлов. Ең соңғы басылуы 1957 жылы (Қазақ Ғылым
Академиясы, тіл және әдебиет институты).

            1870 жыл мен 1957 жылдардың арасында
«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» жеке кітап болып та, жинақтарға енгізіліп те талай
рет басылып шықты. Оны кімдер бастырғаны жайлы мәліметтер «Қазақ әдебиеті
тарихының»1 бірінші томында болғандықтан және сол поэманың 1957
жылғы баспасында да келтірілгендіктен, ол мәселеге әдейі тоқталмадық. Поэманың
жиналу, басылуы жайлы кеңірек танысқысы келгендерді сол кітаптарға
сілтейміз. 

Лиро-эпос
поэмаларының ішінде біздің әдебиетшілеріміздің көңілін аударып, көбірек
зерттелгені де «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу». 1941 жылдан бері орта мектепке
арналған оқу құралдарына енгізіліп, жеке тақырып ретінде зерттеліп келеді.
«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» туралы кандидаттық диссертация қорғалды
(И.Т.Дүйсенбаев). Доцент А.К.Қоңыратбаев жолдас «Қазақ лиро-эпосы туралы»
кандидаттық диссертация қорғағанда, негізгі тақырыбының бірі «Қозы Көрпеш -
Баян Сұлу» болды. Жоғарғы аталып өткен бірінші томға да жеке тақырып болып
енгізілді.

Осылардың
бәрінде «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» поэмасы версия, варианттары, идеялық-мазмұны
не көрсетеді, образ, композициясы, көркемдік ерекшеліктері қандай деген
мәселелердің айналасында талдаулар болды. Әйтсе де «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу»
поэмасы жөніндегі зерттеулердің ішінде қай жағынан алсақ та, ең жақсы жазылғаны
«Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томындағы проф. М.О.Әуезов мақаласы деуге
болады.

Бұл
мақалада «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасының кімдерден жазылып және кімдер
бастырғандығын негізгі версия, варианттарын салыстыра зерттеп, олардың
әрқайсысына тән ерекшеліктерін айқындау, тағы басқа жақтары толық қамтылған
деуге болады. Поэманың идеялық мазмұнын ашуда, жеке образдарын талдауларда тек
бір версия, бір вариант емес, бірнеше версия, вариантты пайдаланған.

Поэманың
композициясы жақсы талданылған. Бұл 
мәселеде автордың ғалымдығы мен жазушылығы бір-біріне көмектесудің
арқасында, композицияны талдаудың екінші бір түрі ұсынылған деуге болады. Ғылымдық
жағы - дұрыстығы да, жазушылық жағы әрбір композициялық элементтерді атап
айтпаса да, оқушыларды ұққандай дәрежеде мегзеп, баяндаулар арқылы
берілгендігі.

Қысқасы,
кейбір жеке мәселелер жөніндегі аз-мұз қайшылықтары болмаса, мақала, бүтіндей
алғанда, өте сәтті шыққан ғылыми мақала. Біз бұл еңбекте «Қозы Көрпеш - Баян
Сұлу» туралы бұрынғы өзіміз жазған бөлімдегі пікірлерімізді толықтырып, бізше
әлі толық емес-ау деген мәселелерге ғана тоқталмақпыз.

«Қозы
Көрпеш - Баян Сұлу» 16 варианты бар десек, солардың ішіндегі ең толығы да,
көлемді, көркемі де Жанақ айтты дейтін вариант. Бұл қазақ оқушыларына ең көп
тараған және басқа варианттарымен салыстырғанда көбірек басылған деуге болады.
Кейде мұны Жанақ - Бейсембай варианты деп те атайды. 1936 жылы акадамик М.О.Әуезов
жеке кітап етіп бастырды. 1939 жылы «Батырлар жыры» атты жинаққа, академик
С.Мұқанов құрастырған жинаққа да сол вариант енгізілген. Біздің сөз етпегіміз
де «Қозы Көрпеш - Баян Сұлудың» осы варианты.

Бұл
вариантты бастырушылардың бірі: М.О.Әуезов мұны Жанақ-Бейсембай варианты десе,
С.М.Мұқанов поэманың тек бас жағы ғана Жанақтікі дегенді айтады. Әрине, бұл екі
пікірдің қайшылығы жоқ. Әйтсе де негізі  - Жанақ варианты, Бейсембай сол вариантты
жаттап айтушы, өз жанынан кейбір эпизодтар қосып, толықтырушы ғана деу дұрыс
тәрізді.

«Қозы
Көрпеш - Баян Сұлу» варианттарымен таныс адамға ең көркемі де, толығы да осы
вариант. Тек аяқ жағындағы жалғамалы бір-екі эпизод пен оқиғаның шешуі болмаса,
басқа жағы шебер құрылғандығын зерттеушілердің бәрі де мойындайды.

_____________________

1«Қазақ әдебиетінің
тарихы», 1 том. 1948ж, Алматы, 171-173 беттер.

                                              
«Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» поэмасы

«Қозы Көрпеш - Баян         қазақтың    лиро-эпостарының  ішінде

сұлу»  поэмасындағы
                 ең ескісі,
әріден келе   жатқандарының          

кейбір  мотивтер                     бірі
дедік. Бұл жайт поэманың идеялық- 

                                                             мазмұны,
композициялық құрылысы, тілі т.б. жағынан да аңғарылады.

            Барлық лиро-эпостарға тән тақырып, ойдың
негізгі қазығы бірін-бірі сүйіскен жастар болады да, поэма оқиғасының желісі
солардың мақсаттарына жету жолында кездесетін әр алуан қиыншылық, бөгеттермен
қалай күресулері, қандай халдарды бастарынан өткізулері суреттеледі. Олардың
мақсаттарына жету, жетпеуі - ол
екінші мәселе.

Ал  «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» ескірек поэма
екендігін аңғартатын поэманың өзінде екі түрлі мотив бар. Бірі - қалыңдығының тумай жатып шалғай кетуі
де, екіншісі - малшылық
айналасындағы күрес және ертегімен ұштасатын жайттар. Бұл мотивтің батырлық
туралы эпостар және ертегісімен өзектесіп жатушылығы. Жалпы ауыз әдебиетінің
ескі түрінің бірі ертегі болса, сол мотивтердің эпос, лиро-эпостарда жиі
ұшырауы оның ескілігін дәлелдейді. Неғұрлым бергі заманға жақындаған  сайын ертегі, аңыздар азая береді де, шығарма
реалистік өмір құбылыстарына жақындай түсетін тәрізді.  «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» кейбір
варианттарында кездесетін қырық бөрі, қалың тоғай тәрізді жайттар - ертегілік мотив. Бұның элементі
Жанақ-Бейсембай вариантында да кездеседі. Қозы Көрпештің саудагермен кездесіп
достасуы, оның сиқыр дұға жазып, беліне байлап беруі т.б.

            Әрине, бұл, қырық бөрі, кісі
өткізбес қалың шеңбердің жолға пайда болуымен салыстырғанда, қолдан жазып
берген дұға арқылы бас қаһарманның әрекет істеуі анағұрлым кейін туған
наным-сезімдермен байланыстылығы күмән келтірмейді.

            Мал бағу, бақташылық поэмада қатты
дәріптеледі. Қарабайдың сол мал үшін бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Мал
шөлдегенде су тауып беремін деген Қодарға жалғыз қызы Баянды беруге уәде етеді.
Қарабайға мал байлық-салтанат үшін керек емес, оның ауруы тәрізді. Поэманың еш
жерінде, кейінгі кезде туған сол тақырыпқа шығарылған поэмалардағыдай сән,
салтант құрушылық еш жерде суреттелмейді. Поэманы оқыған адамға Қарабай - мал
барлық ақыл-ойын әбден билеген тұрпаты басқа болғанмен, малмен жаны бір тәрізді
сезім қалдырады. Оның 90 құлының да ерліктері сол мал айналасында көрінеді.
Малды қатты дәріптеуі жөнінде көп жерлері ертегі, аңыз әңгімелердің ескі бір
түрі саналатын «Ер Төстік» аңызына ұқсайды.

             Қозының қалыңдығын іздеу мотиві кей жақтарынан
батырлық эпостардағы жар іздеулерді еске түсіреді.

            Көп жерлері «Алпамыс» эпосына
ұқсайды. Іште жатқанда құда болу, қыздың әкесінің қаша көшуі, жарын іздеу т.б.
Бірақ «Алпамыста» негізгі әңгіме сүйіспендік туралы емес, ерлік туралы. Жарын
іздеумен байланысты Алпамыстың әр алуан батырлық қимылдарын дәріптеу, оны
бірінші орынға қойып жырлау.

             «Қозы Көрпеш - Баян сұлуда» бірінші планда
сүйіспендік, ғашықтық. Бас қаһармандардың іс-әрекеттері сол сүйіспендікпен
байланысты ғана көзге түседі. Батырлықты жырлайтын эпостарда жар іздеу тек
өзінің  жеке басының, өз басының көңілін
күйттеу емес семья құру, өзінің батырлық жолын қуарлық шын мұрагер тілеп, соны
негізгі нысана етеді.

            «Қозы Көрпештің» көп вариантында бұл
мәселе туралы еш нәрсе айтылмайды. Жалғыз-ақ Жанақ - Бейсенбай вариантында
Күлептің аты аталады. Жасырып қалыңдық ойнап жүргенде, Баян Қозы Көрпештен
жүкті болып бала туады да, оны 9 жыл бойы ешкімге көрсетпей, бағып өсіреді.
Бірақ оның ешбір іс-әрекеті айтылмайды.

                                                «Қозы
Көрпеш - Баян сұлу» поэмасының

Қозы Көрпеш                     негізгі  идеялық-мазмұны  сол  дәуірдегі
                                          

                                                         жастардың   сүйіп  
қосылуын        арман

еткен тілек-мүдделерді қамтиды. Әуелде поэманың идеялық бір сабағы
жесір дауымен байланысты болғанға ұқсайды. «Жесір ерден кетсе де, елден
кетпейді» деген пікірді де сабақтастырған. Кейін ол жақтары көмескіленіп,
сүйіспендік мәселесі негізгі орын алып, оқиға тек сол тақырыптың айналасына
ғана шоғырланып, басқа жайттар тек соны дәлелдеуге жарарлық дәрежеде қалған.
Поэманы оқыған адамның мақсаттарына жете алмай, өмірден арманда өткен екі
жасты  аяйтыны да, олардың қосылуына
көлденең тұрған Қарабай мен Қодарға қарғыс айтатындығы да сондықтан. Поэманың
идеясын ашу, көркемдік ерекшеліктерін талдау үшін оқиғаға қатысушылардың
басты-бастыларына тоқталып өтуімізге тура келеді.

            Поэманың бас қаһарманының және
ұнамды образының бірі - Қозы Көрпеш. Бұл - өзінің сүйген қызын алуды арман
еткен сол дәуірдегі жастардың бастарындағы ой-сезімдерді қамтитын образ.
Ғашықтық, қаһармандарға тән қарапайымдық, нәзіктік, көріктілік,
қайырымдылық-күйректік, тәуекелі мықты, бетінен қайтпайтын, қиыншылыққа
төзімділік сықылды қасиеттер Қозы Көрпештің басынан табылады.

            Қозы Көрпеш алғашқы кезде Баянды
біреулердің айтуымен ғана біледі. Бір вариантта тазшадан, екінші вариантта
кемпірден, үшіншісінде Айбастан естиді. Қозының елінен аттанғандағы ойы
атастырып қойған жесірін өзі іздеп барып алу ғана болады. Қозыны жетімсініп,
қызымды бермеймін деп көшіп кеткен Қарабайдың іс-әрекетін өзін қорлағандық деп
біледі де, ары үшін атқа мінеді. Айбас: «Қосшылыққа ал», - деп қанша жалынса
да, Қозы Көрпеш қалыңдығын ешкімнің көмегінсіз өзі жалғыз барып алуын жөн көреді.
Айбастың жетегінде жүріп қыз іздеуді де басына мін санайды.

 

         Айбас-ау, мені ойыңда кем дейсің бе?

         Сен менің қайратыма сенбейсің бе?

         Жалғызы Сарыбайдың Қозы Көрпеш,

         Жетелетіп тапқаным жөн дейсің бе?

            Қозы әуелде ары үшін атқа мініп, тек
қалыңдығын іздеуші болса, екеуі  танысқан
күннен-ақ олардың арасында шын сүйіспеншілік басталады. Бұрын бір-бірінің
сұлулықтарын сырттан естіп, көруге құмарлық енді ғашықтыққа айналады. Екі
жастың қосылуына зор бөгет Қодардың көлденең тұруы, қосыла алмай қалудың қаупі
араларындағы сүйіспеншіліктерін өрбіте, күшейте түседі.

            Поэмада Қозы Көрпеш әр алуан жағынан
көрсетіледі. Оны айлалы да, ақыл иесі де, әлді де, керекті жерінде ер де етіп
суреттеуге тырысады. Бірақ бұлардың көпшілігі лиро-эпос қаһармандарына тән
мінез-құлықтарға батырлық эпостарда кездесетін мінез, іс-амалдардан алып,
орынсыз жамау. Мысалы, Қозы Көрпештердің ерлік жасауына поэмада даярлық та,
дәлелдер де жоқ. Сондықтан оның ерлік әрекеттері оқушыларын сендіре алмайды.

            Тоқсан мыңды жалғыз суарып, 90 құлды
бір шыбықпен айдайтын зор қара күштің иесі Қодарды оп-оңай атынан түсіре қоюы,
алыса кеткенде алып соғуы Қозы Көрпештің бойына сыймайды, бұл эпос
қаһармандарына тән қасиет емес.

            Қарабайдың аулына барарда тазша
қалпына түсуі, оның қолынан айла да келеді, бұл жағынан да ол құр емес деген
пікірді меңзейді. Және ол әрекетіне оқушылар сенгендей түрде дәлелделінеді.
Өйткені бұл кеңесті оған кездескен қайырымды кемпір ұсынады. Бірақ сиқыр дұға
арқылы күн жайлату, керек кезінде боран шақырып, жазды қыс етіп жіберу тәрізді
әрекеттер де дәлелденілмеген, қаһарманның шындық тұлғасына қайшы келетін
өрескел жамаудың бірі. Әйтсе де бұлар оның өзіне тән мінездерін бүркей алмайды.
Жалпы лиро-эпостық поэмалардың қаһармандарына тән қасиеттер Қозы Көрпештен
табылады. Жас кезінен-ақ оның ақылды, саналы, көрікті бала болып көзге түсуі,
ерекше күштілік қасиеті болмаса да, айтқан сөз, алған бетінен қайтпайтын
табандылық, сүйгеніне шын берілушілік т.б.

            Кетер алдында анасы әрі жалғыз ұлын
қимай, әрі алдағы қауіп-қатерлерді бұрын сезіп, аналық борышты да, мал-мүлкінің
иесіз қалып бара жатқандығын айтып, қаншама тоқтатпақ болса да, Қозы Көрпеш
тоқталмай, неге де болса бел буып, қиын жолға жалғыз кетеді.

            Қай вариантта болсын оның Баянды
сүюшілік сезімін баса суреттеуге тырысады.

            Баянға айтқан бір сөзінде Көрпеш:

         Баян-ау, келші бермен сағынып ем,

         Есімнен күніне бір жаңылып ем.

         Ұмытып уағыдасын мұнша қашып,

         Әкең Қарабайға мен не қылып ем? -

десе, ол екінші бір
сөзінде: 

         Дүниеде ғашық қатты екен,

         Көңілді бұған бұрғызды.

         Бере ме тәңірім, бермей ме,

         Ынтық болған бір қызды?

         Қосылғанша мен соған,

         Ішіме қайғы толғызды, -

дейді.

            Бұл үзіндіден Қозы Көрпеш шын сүйіспеншілік
жолындағы адам екендігі, өзінің сүйгенін жоғары санайтындығы айқын көрінеді.
Сөйтіп, сол ескі заманда адал махаббат, таза сүйіспеншілікті іздегендіктен,
поэмада да, жұртшылықтың ұғымында да ол ұнамды образдың бірі болып саналады.

                                                      Баян мен Қозы Көрпеш
сабақтас. Бұлар

Баян                                          бір   нәрсенің  екі  жағы сияқты. Көрпеш  

                                                           сүйіспендікті   аңсаған 
қазақтың ұлы 

                                                           десек,
Баян қызы.

Баян
оқиғасы ел қыздарының басында күні кешегіге дейін болып келді. Ата, ауыл-аймақ
қыздарды сүйгеніне бермей, малға сату тәрізді әдет, ескі ғұрыптың берік жағының
бірі болды. Бірақ қазақ қыздарының бәрі оған көне берген жоқ, өз әлінше
қарсылық жасап, өзінше жол іздеп, бас бостандығын аңсаушылар да табылады.

            Қай 
кезде болсын, жақсылықты алдағы өмірден күтетін халық өзінің ұл,
қыздарының ауыр халдерін көріп, олардың сүйгендеріне қосылуларын тіледі.
Сондықтан ескі өмірдің өрескел жақтарына қарсылық жасаушы қыздардың өмірін және
ауыр халдерін, көздеген мақсаттарын жинастырып, бір қыздың басындағы оқиға етіп
көрсетті. Сондай қыздың бірі - Баян.

            Баян сұлу, ақылды, сүйгеніне ешкімді
ауыстырмайтын өзінің атына берік. Ол үшін қандай қиыншылыққа да шыдайды.
Баянның Көрпешті сүюі тек қана қалыңдығы болғандықтан ғана емес, ол әңгіменің
тек бір-ақ жағы. Баян Көрпешті теңім, өзімдей сұлу, ақылды деп сүйеді. Ауыз
әдебиетінің көне нұсқаларындағыдай атын естіп, түсінде кездесіп, суретін көріп
ғашық болатындықтың элементі мұнда да бар. Баян Көрпешті көрмесе де, апаларының
не басқалардың айтуымен ғана ғашық болады.

            Көрпешті көргеннен кейін, Баянның
ғашықтығы үдей түседі. Көрпешті оның тереңнен сүйетіндігін Баянның өз сөзі
дәлелдейді. Баян Қозы Көрпешке кездескен жерде:

         Есімнен Көрпеш үшін жаңылып ем,

         Әкеме мұнша қашып не қылып ем.

         Дертіңіз болды ма екен бізден үлкен.

         Өлместей болып алдық құса, дерттен.

         Беліңнен қатты қысып құшақтасам,

         Қабырғаң солқылдайды, сынар ма екен? -

дейді.

            Баян өзінің ұнатпаған адамымен күресуге
де дайын. Қодар қанжығалап қалмай, әртүрлі жолмен қолына түсірмек болса да,
ешнәрсе шығара алмайды. Баянның Қодарға деген өшпенділігі күн сайын өсе түседі.
Жауына жалынбайды. Оның жауыздығын әрдайым бетіне басады. Қозы өлгеннен кейін,
ол Қодарды өлтірудің амалына кіріседі. Бұл жерде оның қайратымен қатар
айласының да барлығы байқалады.

           Құдайдың өзі қылды мұндай істі ,

           Баянның іші-бауыры күйіп-пісті.

           Бұл қыздың алдауына еріп Қодар,

           Беліне арқан байлап суға түсті, -  

дейді.

            Қодар өзінің қара ниетін орындамақшы
болып, қанша әрекет істесе де,  қыздың
құрған торына шырмалып, ақырында апатқа ұшырайды.

            Баян сүюді мейлінше жоғары санайды.
Баян образы арқылы халық: әйел кез келгеннің жетегіне жүре бермей, таңдап тауып,
бірді сүйсін деген пікірді ұсынады.

            Баян сұлу әкесінің жауыздығын, өз
өмірін азапқа салғандығын да көпшілікке әшкерелеп, әкесінің опасыздығының да
бетін ашады. Ашынған Баян әкесіне: «Қозыны өлтірдің, енді мені өзің ал», - дейді.

            Мұнан  артық ашынушылық, мұнан артық әкені
жерлеушілік  бола ма? Мұның негізінде
терең мұң, ауыр қасірет, зор өшпенділік көрінгендей, Баянның бұл қарсылығын
жалғыз Қарабайға емес, сол Қарабай сықылдылардың бәріне бірдей арнайды.
Сондықтан да Баян оқиғасына ескі феодалдық өмірдегі қыздардың бәрі де ортақ.

            Поэмада  Баяннан басқа Ай, Таңсық және Қозының шешесі
суреттеледі. Бұлардың бәрі де екінші сатыдағы қаһармандар. Ай мен Таңсық - Қарабайдың
асырап алған қыздары. Бұлардың поэмадағы негізгі рөлі бас қаһарманның бірі Баян
сұлудың образын толықтыру. Әрі өгей, әрі қатал әкенің қыңырлық мінездеріне екі
қыз да жан- тәнімен қарсы. Бірақ қолдарынан келері көз жасы мен аяулы әндері
ғана болады.

            Атақоныс, туған ел, өскен жерді қиып
кете алмай, үн салған екі қыздың зарлы ән, қоштасу сөздері поэманың лирикалық
жағын күшейте, қоюлата түседі.

             
Балталы, Бағаналы ел аман бол!

             Бақалы, балдырғанды көл аман бол!

             Кірім жуып, кіндігім кескен жерім,

             Ойнап, күліп ер жеткен жер аман
бол, -

деп басталатын Ай
мен Таңсық айтты дейтін ән - өзінің сөздерімен мұңды, шерлі болған талай
қыздардың талай ғасыр сүйікті жыры болған өлең.

            Сонымен қатар бұл қыздардың поэмаға
енгізілуінің және бір себебі сүйіспендікке сол кездегі жай, қатардағы қыздардың
қалай қарағандығын аңғартатынға ұқсайды.

            Қарабайдың қарауында жүріп бақытты
бола алмайтындығына көздері анық жететін қос ару Ай мен Таңсық Баян мен Қозының
тілектерін тілейді. Солар бақытты болса, бір бірін сүйген екі жас бөгетсіз
қосылса деп ойлайды. Қолдарынан келгенше екеуіне жәрдемдеседі. Кейбір вариантта
хабаршы, кейде Қозыға ас тасушы, кейде тіпті оны өлімнен алып қалушы да солар
болады.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»
поэмасындағы әйел қаһармандарды сөз еткенде, аз-мұз тоқталуды керек ететін
Қозының шешесі - Мамабике.

            Мамабике барлық вариантта біркелкі
суреттелмейді. Бірінде ол күйгелек, шайпау әйелдің бейнесінде көзге елестесе,
екіншісінде жуас, тіпті момын әйелдің кескінін елестетеді. Ең жақсы және
поэмада молырақ орын берілетін вариант - осы Жанақ - Бейсембай варианты. Мұнда
Мамабике ақылды, байсалды ананың кейпінде суреттеледі. Өз дәуірі, өз ортасына
тән ақыл-ойы, дүниетанушылығы бар, болғанға берік, саналы әйел. Сарыбайдың
өлімін естігенде де асқан төзімділікпен баласының болашағын тілеп, жақсылықты
алдан күтеді.

            Жалғыз баланың тастап кетуі анаға
қаншама ауыр тисе де, бұл оның қабырғасын күйреткендей хал болса да, ана асқан
төзімділік көрсетеді. Бұл вариантта, айтқанымды тыңдамай кеттің деп ана ұлын
қарғап, сілемейді. Тоқтамайтындығына әбден көзі жеткесін, батасын беріп, жақсы
тілек тілейді.

    

         Шырағым, қартайғанда сені көрдім,

         Тоқтар деп уайым қып айтып едім.

         Қапы қалма, шырағым, дұшпаның көп,

         Жолың болсын бар енді, рұқсат бердім.

            Ана поэмада тек ақылды, саналы,
байсалдылығы жағынан ғана емес, баласына деген аналық махаббат, сезім дүниесі
жағынан да суреттеледі.

          Ей, жалғызым, кеттің бе,

          Тірі тастап жалғанда?

          Қызығыңды көре алмай.

          Мен сорлы қалдым арманда!

          Мен не көрем ала кет,

          Дұшпаның көп алдыңда,

          Жалғызым, сен барғанда.

          Құдай қосса жарыңды,

          Еліңді ойла алғанда

          Жалғызым, сені көріп ем

          Өліп барып талғанда.

            Басқа мысал келтірмей-ақ, осы
үзіндінің өзінен де шешенің баласына деген аналық махаббаты айқын көрінетін
сықылды.

                                                 
Қарабай  -  тамаша шебер жасалған образ.

Қарабай                             Оның  образында сараңдық пен баласына  

                                               мейірімсіздікті  бірдей көреміз. Малдан басқа ешнәрсені
көрмейтін, бар қызық, бар адамгершілік тек малда  ғана деп ұғатын қазақтың байларының мінез-құлқы
Қарабайдың басынан табылғандай. Олар  баю
жолында қандай сұрқиялықтан да жерінген жоқ, бар мақсаты халықты қанап, баю
болды. Байлардың бұл сараңдық, сұрқия, зұлымдықтарын ұнатпаған халық, шық
бермес Шығайбай, Қарабайдың образын жасады.

            Қарабай, ең алдымен, сараң. Оның
жаны - мал, 90 мың жылқысы болса да, ажалынан өлмесе, өз қолынан «тышқан мұрнын
қанатқысы» келмейді.

            Жырдың Жанақ айтатын түрінде Сарыбай
буаз маралды атпаймын десе де болмайды.

          
Саған айтпай сөзімді кімге айтайын,

          Ұялмай үйге қайтіп бос қайтайын.

          Өлсем де атып берші бір тояйын,

          Мақшардағы күнәсін мен тартайын, -

дейді Қарабай
досына.

            Маралды Сарыбай атқаннан кейін,
ішінен екі қодығы мөңіреп шыққанда:

         Қазаққа алты санды бір деймін деп,

         Пәнденің еш ақылын білмеймін деп,

         Қодықты тыпырлатып бауыздайды,  

         Үйге апарып сілікпе қылып бір жеймін,
-

деп.

         Бұл екі үзіндінің өзінде-ақ Қарабайдың
әрі сараң, әрі мейірімсіздігі толық суреттеледі. Бірақ жалғыз бұл емес, жырдың
ұзына бойына осы бағыттан аумайды. Қарабайдың тілегін орындаудың жолында құрбан
болған досы - Сарыбай өлейін деп жатқанда оның басын да сүйемейді.

        
Тұрмайды сол Қарабай сертке жетіп,

        Сөйлескен құдайшылық естен кетіп,

        Маралды егіз лақпен теңдеп алып,

        Халқына жөнеледі өлеңдетіп.

        Тұрады сол Қарекең өнер бастап,

        Кәпірді көрген адам тұрмас қастап.

        Маралдың егіз қодығын теңдеп алып,

        Достысын бек сөйлескен кетті тастап, -

 деп 
суреттейді ақын Қарабайды. Досы өліп жатқанда, екі қодықты теңдеп алып,
өлеңдетіп аулына бара жатқан Қарабайды көз алдыңа келтірсең, нақ жексұрын адам
екендігін толық елестеткендей боласың.

            Қарабайдың мейірімсіздігі тек
бөтенге ғана емес, ол өзінің үй ішіне де сондай. Өмірі бала көрмеген Қарабайдан:
«Әйелің қыз тапты», - деп сақау қатын сүйінші сұрағанда, оның басын жарады. «Малымды
шөлден аман алып қалсаң, жалғыз қызым Баянды беремін», - деп Қодарға уәдесін
береді.

                             

            А, балам, қайратыңды мен көрейін,

            Жаманға сені неғып тең көрейін.

            Сен шөлдетпей, шығынсыз алып өтсең

            Сүйген қызың Баянды мен берейін, -

дейді.

            Қандай адамда болса да, аталық
махаббат, мейірбандық болады. Бірақ бұл Қарабайда жоқ. Баянды балам деп
қарамайды, оның жылағанына қайғырмайды. Бар арманы шөлден малын аман алып шығу
болады. Бұл үшін жалғыз қызын да құрбан етеді.

            Қарабайдың елін тастай көшуі де
малымен байланысты. Ел де, туған-туысқан да, зарлаған қыз, жылаған әйелдер де
Қарабайға тоқтау сала алмайды. Байлықтан басқа ешнәрсені ол көрмейді.

            Сөйтіп, Қарабайдың образы - сараң,
мейірімсіз байлардың образы, солардың жиынтығы етіліп көрсетіледі.

                                                     Жырдың кейбір
түрінде Қодар құл боп

Қодар                                                 суреттеледі. Бірақ, көпшілігінде-ақ 
бір  

                                                            елдің
мырзасы, асқан күшті еді деп баяндайды. Шындығында, Қодар кім болса, ол болсын,
жырда ол - қара күш пен озбырлықтың өкілі.

            Ескі феодалдық дәуірде де, жаңа
буржуазиялық дәуірде де «дүние мен үшін жаралған» нәрсе, басқалар «күл болмаса,
бұл болсын» деп қараушылық сол таптардың өздеріне табиғи нәрсе. Олар өзінен
басқаны адам не онда сезім бар деп ұқпайды. Біреу малына, біреу күшіне сеніп,
ең қымбатты нәрсені өз меншігі етуге тырысты. Алпыстағы шал малға 16 жасар
қызды сатып алып, әйел етеді. Күштілер біреуді шауып алуды әдет қылды. Кейде
күшін пайдаланып сүймеген әйелді алып қашып, «әйелдікке» көндірді.

            Міне, бұлардың бәрі де жеке
меншіктік идеяның қожалық еткен кезіндегі салт болатын. Сондай өзімшіл қара күш
иесінің бірі - Қодар.  

       Жылқысы суға қанып тойып алды.

         Қодардың әр нәрседен ойы бар-ды.

         Мұны құдай жаратқан сонша зор қып,

         Анық он кез өзінің бойы бар-ды.

 

            Әңгіме Қодардың күшінде ғана емес,
қайырымсыз, қара жүректігінде. Өзінен басқада сезім бар, сүйетін жүрек бар деп
ұқпаушылығында. Баян оған тимейтінін, Қозыны ғана сүйетіндігін білдірсе де,
Қодар мұны түсінбейді. Өзінің қара ниетін орындауды ғана ойлап, өңменін соза
береді.

         Қырық кісілік ақыл бар бізде дейді,

         Қозыекеңе жолықтым түзде дейді,

         Баян қызың көзімен көрсінші, деп,

         Басын кесіп әкелдім сізге, дейді.

            Жарын сүйген сұлуға Қодардың тартқан
«сыйлығының »  түрі осы. Бұл үзіндіден
адамға ешбір мейірімі жоқ, өзі сүйген сұлуын да сыйламайтын, әйелді жанды
қуыршақ деп қана ойлайтын қас оңбағандықты көрсек, келесі үзіндіден күші қанша көп
болғанымен де, қоян жүрек қорқақ, жауына жар астынан  ғана бұқпақтап  шабуыл жасайтын ғана жан екендігін көреміз.

         
Мінгені Қозыекемнің күрең атты.

         Түбінде шоқтеректің күйеу жатты.

         Қайнағам деп сәлемді бергенінде,

         Шұнақ құл қолы сынғыр не ғып атты...

            Қодар сүйіскен екі жастың қосылуына
бөгет, ескі өмірдегі қара күштің бірі болғандықтан, Қодарға деген халықтың
өшпенділігі өзінің шарықтау шегіне жетеді. Бар жексұрындықты оның айналасына
жинап, өздерінше үкім шығарады. Жырдың қай түрінде болмасын, Қодарға деген үкім
жазасы - өлім. Шығарманың шешуі Баянның Қодарды өлтіруімен тынады. Бұл қанды
қанмен жуу қанды кек емес, халық үкімі. Үкім жалғыз Қодар үшін ғана емес,
жастардың сүю жолындағы еркіндікке қол сұғушылардың бәріне бірден шығарылған
үкім.

            «Қозы Көрпеш»  жыры жөнінде, халық аузында қысқаша мынандай аңыз
әңгіме бар. 

            Қозы мен Баянды бір молаға қояды.
Қодарды құдықтың ішіне бүркей салады. Олар өлгеннен кейін, Қозы мен Баянның
бейітінің үстіне екі қызыл гүл өседі. Екі 
гүлдің аралығынан бір түп қара тікен шығады. Екі гүл жақындаспақ болса
да, арасындағы тікен олардың қосылуына бөгет жасап, екі басқа айырып тұрады.
Ел: «Екі гүл Қозы мен Баян, арасына біткен тікен - Қодар», -  деп аңыз етеді.

            Бұл
шығарманың эпилогі тәрізді. Эпилогтің өзі шығармадағы айтылған пікірдің
дұрыстығын дәлелдеу үшін керек. Эпилог ретінде өте орынды және гүл мен тікенді
символ ретінде пайдалану арқылы да сүйіспендік, махаббат іздеушілерге бөгетін
жасаған қара күштерге халықтың нәлет айтып, өте жек көретіндігін айқындайды.

            Сөйтіп, Қодар - жамандықты ғана
ойлайтын, өмірі басқаға кеселдік жасаумен өткен, мейірімсіз, қатал, жастардың
сүйіспендігіне кесел келтірушілердің өкілі. Халық Қодар образын жексұрын,
ұнамсыз етіп көрсетумен қатар, кейінгілердің Қодардан үлгі алмауы керек деген
қорытынды шығарды. 

                                                      «Қозы
Көрпеш - Баян сұлу» поэмасы

Поэманың                           өзінің мазмұны ғана емес,  
сюжетінің

көркемдік ерекшелігі              қызықтығы, оқиғасының
тартымды- 

                                                  
лығымен де фольклорист - ғалымдардың көңілін аударған болатын.
Г.Н.Потанин тағы басқа орыс ғалымдары да «Қозы Көрпеш - Баян сұлуды» өте көркем
шығарманың бірі деп бағалады. Тек қана ғалымдар емес, оның тақырыбының
тартымдылығы, оқиғасының қызықтығы, романтикалық өзек, трагедиямен бітетін
оқиға шешуі орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннен бастап, талай жазушы, талай
ақындардың көңілін аударғандығы мәлім.

            А.С.Пушкин өзінің 1837 жылы Орынбор,
Орал қалаларына келген сапарында «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасының сюжетін
білетін біреуден (мүмкін В.И.Даль болуы) күнделік дәптеріне жазып алғандығы,
соңғы жылдарда оның архивынан табылып отыр.

            Совет өкіметі кезінде Көкшетау
қаласын мекендейтін орыс ақыны Тверитин «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» бір
нұсқасын ерікті аударма түрінде 1928 жылы бастырды. Сол аударма 1941 жылы қайта
басылып шықты.  

            Қазақтың атақты драматургтерінің
бірі Ғ.М.Мүсірепов жолдас 1939 жылы 
«Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» сюжетіне 4 актілі драма жазды. Сахнаға
қойылған күнінен  бастап, «Қозы Көрпеш -
Баян сұлу» көрермен халықтың ұнатқан пьесаларының таңдаулылары қатарына,
драмалық еңбектердің қымбат қазынасына қосылды. Пьеса Қазақстанда ғана емес,
Москва театрларынан орын алып және киноға да шықты («Поэма о любви»).

            Осылардың бәрі де «Қозы Көрпеш -
Баян сұлудың»   мазмұнының құнды,
сюжетінің қызықты екендігін дәлелдейді.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың»   көркемдік жағын сөз еткенде, ерекше көзге
түсетін бір жайт - өмір құбылысының әр алуан жақтарының мол қамтылуы. Халықтың
салт-тұрмысында болған: «бесік құда», аңшылық, көшпелілік, мал бақташылық, бәйге,
жесір мәселесі тағы басқалар. Поэманың негізгі өзегі ғашықтық, махаббат
мәселесімен қатар суреттелінеді.

            Қарабай мен Сарыбайдың аңда жүріп
кездесулері оқиғаның алғашқы байланысы десек, Сарыбайдың өлімінен бастап-ақ
шиеленісе береді. Қодардың кездесуі оқиға шиеленісін бұрынғыдан да күшейте
түседі. Бас қаһармандардың жолында кездесетін бөгеттер оқиғаның шешуіне шейін
өзінің дамуын, қиыннан қиынға соғып, әлсіретпейді. Және бас қаһармандардың
бастарындағы әр алуан жағдайларды суреттегенде, эпикалық жанрға тән байымдылық
пен лирикалық жанрға тән ішкі сезім дүниесін көрсететін жайттарды тығыз
байланыстырып отырады.

            Поэманың құрылысымен байланысты екі
мәселеге айрықша тоқталу керек тәрізді: поэмадағы оқиғалардың дәлелденілуі және
шешуі.

            Поэмада қаһармандардың іс-әрекеттері
көпшілігінде оқушылар сенгендей дәрежеде дәлелденілсе де, кейде әлсіз, күмән
келтірерлік жерлер де ұшырайды. Мысалы: Сарыбайдың буаз маралды атқандықтан
өлуі; Қозының ұйықтап қалған шешесі түс арқылы біліп, садақа беру арқылы  оған көмектесу, кейбір вариантта өлген әкесін
аруағы келіп жол сілтеу, саудагердің сиқыр дұғасы арқылы әрекеттер жасау - бәрі
де оқиғаның дәлелдеуі  есебінде
келтіріледі.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлудың» шыққан
кезіндегі оқушыларға, кейін оны жырлаушыларға дәлелдеу ретінде қолданылған
бұл  тәрізді ескі және жаңа діни нанымдар
кісі сенерлік жайттар болса да, қазіргі 
оқушылар үшін дәлелдеу бола алмайды. Сондықтан олар поэманың әлсіз
жағына жатады. Ол үшін  поэманы, оны
бізге жеткізген ақын- жырауларды даттамасақ та, қай діннің сарқыншағы болсын
бәрібір, оған сын көзімен қарап, бүгінгі жастарға бұлар ескі салт-сананың
қалдығы екендігін ұқтыруымыз керек.

            Поэманың шешуі - бас қаһармандардың
өлімімен аяқталуы ең дұрыс екендігі талассыз. Өйткені бірін-бірі шын сүйген
жастардың армандарына жеткізбестік, кедергі, бөгеттер олардың күшінен жоғары,
ол дәуірде қиыншылықтардың бәрін жеңіп, тілектерінің орындалуы шындыққа да  жанаспайды және оқиға дамуларынан заңды түрде
тумайтын сықылды.

            Поэманың идеялық мазмұны бас
бостандығын, бірін-бірі сүйіп қосылуды аңсаған жастардың жақсы армандарын жоққа
шығарған ескі феодалдық салт күзетшілерінің көр көздіктері мен құлқын құлы
екендіктерін шенеу болса, ол кезде мұндай оқиғаның басқаша аяқталуы мүмкін де
емес тәрізді.

            Жанақ - Бейсембай вариантын толығы,
жақсысы десек те Қозы Көрпештің орнына Көсемсарыны өлтіртіп, Қозыны тірі
қалдыру  және оның бойына сыймайтын
ерліктер жасату - поэманың негізгі өзегіне қайшы келетін, соңғы кездің қоспасы.

            «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» поэмасы
оны тілі жағынан зерттеушілерге  де толып
жатқан материалдар береді. Халық поэзиясының ескілеу  нұсқаларында көбірек кездесетін зарлай арнау,
сұрай арнауларды айтпағанда, айрықша көзге түсетін тұрақты эпитеттер мен
қайталау, синтаксистік параллелизмдер.

            Қозы Көрпеш туралы сөйлегенде оның
атына «ер» деген сөзді қоса айтады. Мысалы: «Ер Қозы күреңкейін мінеді
ерлеп»,  «Ер Қозы аман-есен қызға жетті»
т.б. Шынында, Қозы ер, батыр жігіт емес. Әйтсе де дағды бойынша оған «ер,
батыр» деген сөздерді тұрақты эпитет ұғымында қолданады. Кейде елі, жұртынан
қашып, жалғыз жүрген Қарабайды «хан Қареке» деп атау да сол сықылды.

            Кейбір варианттарында қайталау, оның
бір түрі саналатын синтаксистік параллелизм де кездеседі.

          
Орманбеттен аттанған он сан ноғай,

          Әрқайсысының ақылы он сан қолдай.

          Қарабай, Сарыбайдай бай өтіпті,

          Екеуі заманында болған орай.

          Ақ киікті бастаған деген екен,

          Деген атып еттерін жеген екен.

            Алдыңғы таза синтаксистік
параллелизм де, соңғы еспе -қайталаудың бір түрі.

            Жанақ - Бейсембай вариантында халық
поэзиясының ескі түрінде болатын символ бірнеше жерде ұшырайды, Сарыбайдың
өлімін есіттірген жерінде, Қарабай:

          Ертіс бас қара дөң жерге кетті.

          Бейне теңіз дейтұғын жерге кетті.

          Бес жүз киік соқтығып, соны қуып,

          Жолы қиын Бетпақтай шөлге кетті! -                                      

  дейді.

            Қарабайға келгендегі Қозының
жұмбақтап сөйлеуі де осы символдық образ:                            

          Қарабай ат мінесің бек тағалап,

          Ақ қасқыр ауылыңды жүр жағалап.

          Қара інген от басында шөгіп жатыр,

          Жүгірген бозша тайлақ жар жағалап

            Әрине, бұл айтылғандардан «Қозы
Көрпеш - Баян сұлуда»  поэтик
тілдердің  басқа түрі кездеспейді деген
ұғым тумауы керек. Поэмада әдемі теңеулер де, метафора, тағы басқа образдар да
жиі ұшырайды.

           Тал шыбықтай бұралған өзі керім,

           Мінекей оны айтайын келді жерім.

           Қыпша бел, алма мойын, сұлу Баян,

           Сипаты жаннан асқан ол бір серім.

           Тал бойының міні жоқ қолаң шашты,

           Шашының ұзындығы тізін басты.

           Гүл төгілер ауызынан меруерт тісті,

           Ондай жан дүниеде жаралмасты.

            Баянның портретін бермек болған осы
үзіндіде қаншама әдемі теңеу, эпитеттер бар?

          Қанша айтса құлағына енер емес,

          Қажымас қара болат майталманды, -

деген тәрізді сирек
ұшырайтын метафоралық эпитеттер де табылады. Бұларға тоқталмауымыздың  себебі, осы поэманың тілі жағынан өзіне тән
ерекшелігіне оқушылардың көңілін аудару. Соңғы келтірген үзінділердегі сөз
образдары басқа лиро-эпостарда да кездесе береді.

       Қорыта айтқанда, «Қозы Көрпеш - Баян
сұлу» өткен дәуірдегі жастардың бастарында болған қайғылы халдарды көрсету
арқылы үстемдік етуші феодал табының өкілдерін, сол ортаның салдарынан туған
қатал мінездерді көрсетеді. Оқушы жұртшылықтың ой-сезімін арманда кеткен Қозы
мен Баянды аяушылыққа жетектеп, олардың өлімдеріне себеп болған Қарабай мен
Қодарға қарғыс айтқызады. Олардың екеуін де ұнамсыз образ етіп көрсету арқылы
қаталдық, мейірімсіздік, баққұмар, өзімшілдік, күншілдік тәрізді мінез-
құлықтардан кейінгі ұрпақтардың аулақ болуын көксейді.

            Поэма
өзінің мазмұнымен  ғана емес,
көркемдігімен де құнды. Ұнамды қаһармандар Қозы Көрпеш, Баян образдары да,
ұнамсыз кейіпкер Қарабай, Қодар образдары да өз пландарының шеңберінде шебер
жасалған деуге болады. «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» - өткен  заманнан бізге жеткен құнды мұраның бірі.