ВЕРНУТЬСЯ

    Ілияс
Жансүгіровтің шығармалары туралы бұрын да талай мақала, сындар жазылған
болатын. Әйтсе де, ақынның өмірбаянына толығырақ тоқтап, шығармаларының мазмұны
мен көркемдік ерекшеліктеріне кеңірек талдау беріле басталғаны 1958 жылдың бер
жағында деуге болады. Ілияс өлең, поэмаларының басылуымен байланысты бірнеше мақала,
очерктер жазылды.

            Бұлардың бәрі де ірі ақынымыз
Ілиястың шығармаларымен оқушылар жұртшылығын таныстыру, оның социалистік өмір
шындығын тереңнен толғап, тебірене жырлаушы, ірі талант, асқан сөз шебері
екендігін көпшілікке таныту, ақын еңбектерінің негізгі нысанасы, ой қазығы халық
тілегі, жұрт мүддесі екендігін аңғартып, көркем туындыларының идеялық мазмұны
мен эстетикалық жақтарын дұрыс ұғынып, дәл түсінуге бағыт сілтеу мақсаттарын қойды.

            Ілияс Жансүгіров - әрі лирик, әрі
эпик, әрі драматург, әрі сатирик. Ол өз творчествосында әдебиеттің барлық
жанрын қамтыды. Сонымен қатар аз да болса сын, әдебиеттану ғылымына да
араласты. Демек, ақынның творчестволық өсу жолдарын хроникалық ізбен айқындау -
барлық шығармаларын толық қамтығанда ғана мүмкін. Сондықтан қазіргі кездегі бар
мүмкіншілікті пайдалана отырып, Ілияс туралы жазған әдебиетшілеріміздің мақала,
очерктері - оқушыларымызға дұрыс бағыт сілтерлік, әрі керекті де, құнды да еңбектер.
Ал ақынның творчествосына терең зерттеулер, арнаулы монографиялар - келешектің
ісі.

            Әйтсе де жоғарғы көрсетілген мақала,
очерктердің ішінде Ілиястың творчествосын молырақ қамтып, тереңірек талдаған
филология ғылымдарының кандидаты М.Қаратаев жолдас «Ілияс Жансүгіров» атты
очеркінде ол ақынның өсу жолының желісін дұрыс көрсетіп, шығармаларының тууына
негіз болған әлеуметтік жағдайлармен жақсы байланыстырып және оның басты-басты өлең,
поэмаларына талдаулар береді («Дала», «Гималай», «Құлагер», т.б.). Ілиястың
творчестволық өсу жолдарын жалпы қазақ совет әдебиетінің дамуымен байланысты
алып, өзіне лайықты бағасын беріп, әдебиеттегі орнын көрсетеді.

            «Тұтас алғанда, Ілияс поэзиясы -
терең ойдың, үлкен сезімнің поэзиясы. Ол өрен жүйрік, асқақ ақынның тегеурінді
талантынан туған жоғарғы идеялы, шыншыл, ұшқыр қиялды, қуатты поэзия, ыстық жүректен
қорғасындай балқып, төгіліп, алуан сырлы образдар қорытқан салмақты, салиқалы
поэзия, бұл поэзияның мазмұны заман құбылыстарын қамтиды, мұның жырлаған геройы
- халқы, сол халықты коммунизмге бастаған данышпан коммунистік партия.  Сондықтан Ілияс поэзиясын қазақтың халықтық,
партиялық бағдарда дамыған поэзиясының кезінде маңызды бір тармағы болды
дейміз»1, - дейді Қаратаев жолдас.

            Негізінен алғанда, Қаратаев жолдастың
қорытындысы - дұрыс. Әсіресе Ілиястың ақындық таланты жөніндегі топшылаулары
жалпылап айтылса да, шындыққа дәл. Бірақ осы мақаланы түгелдей алғанда, көзге түсетін
бір жайт - Ілиястың өзіне тән ерекшелігінен гөрі де, жалпы қазақ совет әдебиетіне
ортақ мәселелер ақынға таңылып, осы жағы баса айтылуы. Мысалы, Ілияс шығармасының
халықтығы, партиялылығы, поэзиясының заман құбылысын қамтуы оның басқалардан
айырмашылығы емес, бірлігі. Бұл формулаларды Сәкенге де, Сәбитке де қолдануға
болады. Сондықтан біз бұл мақаламызда Ілиястың өзіне тән творчестволық
ерекшеліктеріне, яғни бұрынғы авторларда аз айтылған, не айтылмаған мәселелерге
көбірек тоқталмақпыз.

            Қай ақын, қандай жазушы болсын, оның
әдебиеттегі орнын айқындайтын негізгі мәселе олардың өз әдебиетіне қосқан үлесімен
белгіленеді. Өзінен бұрынғы, не өзінің тұсындағы замандастарымен салыстырғанда,
ақын өз шығармаларында әлеуметтік маңызы бар қандай проблеманы көтерді, қандай
жаңалықтар енгізді (тақырып, идея, метод, жанр, стиль, композиция, тіл, өлең құрылысы,
тағы басқалар), көтерген мәселелердің тарихи таптық мәні, теориялық, тәжірибелік
құны қандай, әдебиетте ол жаңалықтар тұрақталып беркіді ме, кейінгілерден өзін қолдаушы,
жалғастырушылар таба алды ма, жазушылар туралы сөз қозғағанда, міне, осы сұрақтар
әрдайым зерттеушілердің алдында тұруы керек.

            Ілияс Жансүгіровтің творчествосына
(негізінде поэзиясына) осы тұрғыдан келсек, ақынның қазақ совет әдебиетіне үлкен
үлес қосқандығын, өзінен бұрынғы әдебиетімізде болмаған, кезіндегілерді қайталамай,
өзіне ғана тән ерекшеліктерімен әдебиетіміздің төрінен заңды түрде орын алғандығын
көреміз.

            Ілиястың шығармаларымен таныс адамға
оның көп ізденгендігін аңғару қиын емес. Өз жолы айқындалып, өз стилі әбден қалыптасқанға
дейін ол сарғая оқып, сарыла үңіліп, қазақтың да, басқа елдердің де әдебиеттерінің
жақсы үлгілерінен үйрене отырып, жаңа заманның жаңа тыныстарын қайткенде оқушыларға
тартымды, әсерлі етіп жеткізуге болады, жаңа тақырыпты қалай жырлауымыз керек
деген тәрізді поэзиямыздың күрделі мәселелерін көп ойланып, терең толғанған ақындардың
бірі.

    1М.Қаратаев.
«Ілияс Жансүгіров» (Туған әдебиет туралы ойлар). - Алматы, 300-бет.

   Осы
ойланулар мен ізденулердің негізінде Ілияс әдебиетімізге жаңа тақырып, жаңаша өлең
құрылысын (өзгеше ырғақ, өзгеше ұйқас) адам сезімін суреттеуде жаңаша әдіс, жаңа
сөз образдарын енгізді және сол жаңалықтарын ақын қорытқан құрыштай берік етіп,
кезінде салынып жатқан қазақ әдебиетінің кең сарайының бір өңіріне қалап та үлгерді.

            Абайдан бергі ақын-жазушыларымыздың әдебиетке
енгізген жаңалықтарын сөз еткенде, біздің салыстыратынымыз - ең алдымен Абай
поэзиясы, оның өлең құрылысы, тілі.

            Өйткені Абай өзіне дейінгі қазақ әдебиетінің
барлық табыстарын өз бойына толық сіңірді де, кемшілігін қайталамай және орыстың,
шығыстың классик әдебиеттерінен үйрене отырып, бұрын болмаған поэзияның жаңа үлгісін
жасады. Жаңа идеяны жырлау үшін жаңа ырғақ, өлеңнің жаңа құрылысын қолданды, жаңа
образ, жаңаша сөйлем құрылыстарын әдебиетке енгізді. ХІХ ғасыр әдебиетінің биік
шыңы болған Абай ХХ ғасыр әдебиеті өкілдерінің үлгі алар ұстазы, үйренер
мектебі болды. Сұлтанмахмұт Торайғыров өз кезіндегі ұлтшыл ақындарды «құр
ойбайшылдар» деп шенесе, Абайды поэзияның туы етіп көтерді, басқалардың одан оқуын,
үйренуін талап етті.

            Қазақ совет әдебиетінің ірі өкілдері
Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Сәбиттер де алғашқы кездерінде ұлы ақынымыз Абайға
еліктеп, оның классикалық түрлерін үлгіге ала отырып, әлденеше өлеңдер жазды. Өздерінің
творчестволық беттерін олар өсе келе айқындады.

            Ілияс Жансүгіров те Абайға ерте
еліктеген ақын. Оның «Қалпымыз» дейтін өлеңі (1915-16ж.) - Абайдың «Сегіз аяғының»
үлгісінде жазылған және мазмұнына түрі сәйкес, өз шеңберінде сәтті шыққан өлең.
Ел өміріндегі жағымсыз мінездерді Ілияс та Абайша шенеп, Абайша сынайды.

 

«Пайдасыз
тақыл,

Хайласыз
ғафыл

Өлуге
орға секірер.

Дабырлы
жолды,

Табылды
болды,

Одан
артық не тілер?

Ақыл,
ой, талап, ар, намыс,

Біздің
елден жүр шалыс».

 

            Мұнан кейін Ілияс 1921-23 жылдар
«Сегіз аяқ», «Алты аяққа» қайта оралып, «Жарлылар ұйымының жетісі», «Сапарда»
деген екі өлең жазды. Алдыңғысында ақын совет өкіметінің арқасында бостандық,
теңдікке қолы жетіп, ұйымдасқан кедей-шаруалардың шаттық өмірін жырлауды,
олардың жетістіктеріне өзінің қуаныш сезімін, жақсы тілегін білдіруді мақсат
етсе, соңғысы символдық өлеңдердің тобына жатады.

            Соңғы өлеңінде ақын даулы-үрей, толқыны
күшті теңізде қайықпен сапар шегуге тәуекел еткен жолаушыларды, олардың долы теңіз
үстіндегі қараңғы түн, қауіпті күндерін суреттейді. Қайықшылар адастырмас темірқазық,
атар таңды аңсайды. Ақыры олар темірқазық жұлдызын, нұрлана атқан таңды көреді.
Келешегіне сенімдері арта түседі.

            Бізше, бұл екі өлеңде де мазмұн мен
түрдің өзара қабыспауы байқалады. Өйткені Абайдың «Сегіз аяғы» да, «Алты аяғы»
да өз кезіндегі әлеумет өмірінің ұнамсыз жақтарын шенеуге, елдік, бірлік,
прогрестік, ағартушылық тәрізді ақынның ұлы арманына қайшы келетін мінез-құлықтарды
өлтіре сынауға арналған ұлы сарказмға толы сатиралық өлеңдер.

            Ал Ілиястың соңғы екі өлеңі де көлеңке
жағын сынауға арналған емес, керісінше, жағымды жағын суреттеуге арналған.
Сондықтан «Сегіз аяқтың» үлгісімен жазылса да, алдыңғы «Қалпымыз» атты өлеңіндей
оқушыларына әсер ете алмайды. Екі өлеңде де айтайын деген мазмұнға түрі сай
келмегендігі аңғарылады. Бұл жайтты ақынның өзі де сезген. Кейінгі жылдардағы өлеңдерінде
ол «Сегіз аяқ», «Алты аяқ» өлең үлгілерін қолданбауы - осыны дәлелдейді.

            Ілиястың Абай үлгісімен жазылған өлеңдеріне
шолулар жасасақ, алғашқы кезінде үйренуді ол Абайға ұқсау, дәл сондай етіп жазу
деп ұғынса, 1922-23 жылдарда жазған өлеңдерінен біз Абай өлең құрылысының үлгісінде
жаза жүріп, өзінше өлең түрін жасауға ұмтыла бастағанын көреміз. Мысалы:

 

«Жауын,
жауын,

Толастамас,
сорғалар,

Су
болды ауыл,

Мал-жаны
қорғалап... -

 

деген
бір шумақты алсақ, 4 буынды жолдар мен 7 буынды жолдарды кезектестіріп, шалыс ұйқасқа
негізделген өлең түрі келіп шыққан (бұл - 1922 жылы жазылған «Жауында» дейтін
пейзаждық өлең).

            1923 жылы «Мезгіл суреті» өлеңінде 5
буын мен 7 буынды жолдарды кезектестіру арқылы жаңа шумақ жасалған.

 

«Жерің
анау

Жасыл
жолақ кілемдей.

Желің
мынау,

Жігіт
айтқан өлеңдей.

Көлің
анау,

Той
ғып жатқан ауылдай.

Күнің
мынау,

Елжіреген
енеңдей».

 

Бұлар
- шумаққа негізделген жаңалықтар.

            Кейде қазақ өлең құрылысында бұрыннан
бар, буыны, шумағы жағынан пәлендей өзгешелігі жоқ болса да, жолдардағы бунақтардың
орнын ауыстыру арқылы, оларды басқаша қиюластыру арқылы жаңаша интонация
жасаушылық та кездеседі.

 

Жаңа
өмірмен,

Жаңа
елмен

Түледі
біздің дала, қыр.

Күшті
күймен,

Тәтті
әнмен

Үдеді
біздің жаңа жыр.

 

            Екі дауысты дыбыстың түйіскен
жерлерінде бір буынға айналу (слияние звуков), сөз дауысты дыбысқа аяқталғанда
(керексіз болса) оның айтылмайтындығын еске алсақ, бұл 8 буын мен 7 буынның
белгілі тәртіппен келуіне негізделген.

            Бұлардан басқа да Ілиястың «Жазғы таң»
(1922-23ж.), «Мавзолей» (1929ж.), «Қазақстан» (1929ж.), «Май жыры» (1937ж.)
атты өлеңдері мен «Жастар» (1924ж.) тәрізді әнге арналған өлеңі бар. Олар
туралы әзірше сөз қозғамағанда, жоғарғы «Жауында», «Мезгіл суреттері» - өз тұрғысында
бір-ақ рет жазылған, қайталанбаған өлеңдер. Ақынның әдебиетке енгізген жаңа түрін
сөз еткенде екі түрлі жайт есте болуы керек: бірінші, ол түрді өзі бірнеше рет қайталап
жазумен қатар, басқалардың оны қабылдап, сол түрде жазылған өлеңдердің болуы
десек, екінші - түр мазмұнының түрі болып, өзінің ерекше көңіл аударарлық көркемдігімен
оқушылар жұртшылығын бірден мойындатуы.

            Өз тұрғысында «Жауында» мен «Мезгіл
суреттері» - жаңа түр. Шумағы, ырғағы, буын құрылыстарының заңдылығы жағынан күдік
келтірмейді. Өмір картинасын өз шындығына дәл етіп суреттеген жап-жақсы ғана
пейзаждық лирика. Бірақ осы түрлерге ақынның өзі кейін қайта оралар ма еді, жоқ
па, оған жағдай анандай болды, бұл түрді басқалардан іздеуге тағы болмайды.
Кейінгі ақындарға Ілияс өлеңдерін оқу мүмкіншілігі де тек 1958 жылдан бері
туды. Сондықтан Ілиястың бір алуан өлең түрлері жөнінде тап қазір үзілді-кесілді
айту қиын. Бірақ Ілиястың «Гималай» мен «Дала» поэмасы өзінің құрылысы жағынан
айрықша тоқталып, белгілі бір қорытынды жасауды керек етеді.

            Өйткені «Гималай» мен «Дала» поэмасы
- ақынның қазақ поэзиясына қосқан елеулі үлесі. Бұл екеуі - мазмұнымен де, құрылысымен
де ерекше көңіл аударарлық шығармалар.

            «Гималай» аралас ұйқасты өлеңдер
тобына жатады. Бұл өлеңінде ақын ерікті ұйқас пен қара өлең ұйқасын қиюластырып,
мағыналы аяқталған бір ойды білдіретін өлең шумағын жасаған.

 

Ақшалап
басын қар көміп,

Аспаннан
төсін арда еміп,

Апасындай
алтын күн,

Сел
жіберіп бір жуып,

Жел
жіберіп бір желпіп,

Ауық-ауық
құшақтап,

Әлсін-әлсін
нұр сеуіп,

Есейген
асқар Гималай...

Сол
күннен нұр ала алмай,

Басы
мұнар, бауыры тар...

Гималай
асқар неге олай?

 

            Бұл шумақтың құрылысы басқа шумақтарында
да дәл осылай қайталанады... Біз «Стиль - творчестволық ерекшелік» («Қазақ әдебиеті»,
27/ХІ-59жыл) атты мақаламызда «Гималай» туралы өз пікірімізді білдірдік. Оған қосарымыз,
үлкен идея әрдайым терең мазмұн, көркем түрді туғызатындығын аңғарту. Ірі ақындар
өзінің ұлттық қалпын сақтай отырып, ұлт тілінде де бүкіл прогрестікті аңсаушы
адам баласының ой-сезім, тілек, мүддесін жырлай алатындықтың «Гималай» көрнекті
үлгісі. Ол кезде импералистердің темір бұғауына шырмалып, қанды шеңгеліне бүріліп
жатқан сан миллиондаған халқы бар көптеген шығыс елдерінің тағдыры тек сол
елдердің өз іштерінен шыққан әлеумет қайраткерлерінің ғана жанын ауыртқан мәселе
емес, жалпы қанауға қарсы, теңсіздікке қарсы жер жүзіндегі күрескерлердің бәріне
ортақ, бәрінің де жанын ашытып, қанын қайнатқан көкейкесті мәселенің бірі
болды.

            Жер жүзіндегі езілуші халықтардың көсемі,
кемеңгер В.И.Ленин бұл мәселеге тіпті бұдан бұрынырақ та айрықша көңіл бөліп,
1912 жылғы РСДРП ҮІ («Прагалық») Бүкілроссиялық конференциясында сол кездегі Қытайда
болған болған революциялық қозғалыспен байланысты былай деді:

            «...Конференция Азияға азаттық әперуші
және Европа буржуазиясының үстемдігін бұзушы Қытай халқының революциялық күресінің
дүниежүзілік маңызын атап көрсетеді. Қытайдың революционер-республикашылдарын құттықтайды,
Россияның пролетариаты Қытайдағы революциялық халықтың табыстарын зор ынтамен,
толық тілеулестікпен көз тігіп отырғандығын білдіреді және патша өкіметінің басқыншылық
саясатын қолдап отырған орыс либерализмінің қылығын масқаралайды»1.

 

1В.И.Ленин.
Шығармалар (қазақша бірінші рет басылуы). - Алматы, 1952ж. - 475-бет.

            В.И.Лениннің жолын қуған әр елдің әлеумет
қайраткерлері, жазушы-ақындары әр кез, әр жағдайға байланысты шығыс мәселесіне
ерекше көңіл бөліп, өз еңбектерінің төрінен орын беріп отырды.

            Ілиястың «Гималайы» (1929ж.) сол жылғы
Үндістан оқиғасымен байланысты туса да, бұл коммунист жазушының Азия халықтарының
революцияшыл келешегін қырағылықпен болжаған данышпан көсеміміздің кемеңгерлік
көзқарасын көркем образ арқылы түйіндеуі деп қарауымыз керек. Өлең - жалғыз
Гималай емес, «Жиһангерлер жайлаған шығыс» елдері туралы.

            «Гималай» бейнесінде ақын «айдарлысы
құл, тұлымдысы тұл» болып жатқан, жиһангер жайлаған шығыс елдерінің ауыр азап, қиын
халдерінің жан түршігерлік картинасын асқан шеберлікпен көзге елестете келіп,
шығыс жөніндегі Ленин оқуы тұрғысынан дүниежүзілік мәні бар екі үлкен саяси мәселенің
бетін айқындайды. Біріншісі, шығыс халықтарын жиһангерлер қаншама езіп, жаншыса
да, оларға қарсы шығарлық лайсаң күш, қуат барлығын, олар құрала келіп, тұтатуға
әзір тұрғанын аңғару десек, екіншісі - ол күштер «Коминтерн» туын қолға алса ғана
мақсатына тез жететіндігін меңзеу.

 

Гималайда
қуат бар,

Қозғалды
оны құрауға,

Гималайда
ұлы от бар,

Таянып
тұр тұтауға.

Гималайда
ұлы оқ бар,

Құл
атады құдайға.

Болса
болар, болғандай...

Көксеп
күнмен көкорай

Дейтіндерге
неге олай?

Айтар
сонда Гималай!

 

            Ғасырлар бойы обырдай обып, жыланша
сорып жатқан жиһангерлер мен олардың жемтіктестерінің шаңырағын ортасына түсіріп,
жерінен түріп шығып, тізгінді өз қолына алып, социализм жолына түскен Қытай халқының,
тәуелділіктің лағанат қамытын ытып тастап, өз жеріне өзі қожа, елін өздері басқарып
отырған Индия, Вьетнам, тағы басқа Шығыс, Азия халықтарының бүгінгі тарихы шығыстың
революцияшылдық келешегі жөніндегі марксшілдік қисынның дұрыстығын дәлелдесе,
сол қисынға сүйене отырып жазылған «Гималай» өлеңі бір кездегі ақын қиялының қазір
нақтылы шындыққа айналғандығын көрсетеді.

            «Гималайдан» кейінгі ақынның
творчестволық үлкен табысы - «Дала» поэмасы. «Дала» қазақ совет поэзиясына
идеялық көркемдігімен де, құрылысы жағынан да елеулі жаңалық әкелді.

            «Дала» тақырыбын ақындарымыздың
талайы жырлады. Ілиястың өзінің де осы тақырыпқа «Дала» поэмасынан бұрын жазған
бірнеше өлеңдері бар.

            Бұған дейінгі дала тақырыбына жазған
кейбір қысқа өлеңдердің тәуір шыққандары болса да, ұзақ өлең, поэмалар әрдайым
сәтсіздікке ұшыраумен келген болатын.

            Дәл осы кезде Сәбиттің «Октябрь өткелдері»
мен Ілиястың «Дала» поэмасы дүниеге келді.

            Бұл екі шығарманың бұрынғы «поэма»
деп аталатын ұзақ өлеңдерден айырмасы - схематизмнен арылуы. Октябрь
революциясының қазақ халқына әперген бостандық, теңдігіне байланыстыра даланы
жырлау керек болса, ақындарымыз сонау атам заманнан бастайтын да, қазақтың
басынан өткен ауыр күн, қиын халдерін бір-бір ауыз сөзбенен атап өтіп, Октябрь,
совет өкіметі, олардың нәтижесінде қандай табыстарға қолымыз жеткендікті санай
келіп, «поэмасын» аяқтайтын.

            Сәбит «Октябрь өткелдерін» сюжетке құрды.
Теңізде кәсіп етуші бір балықшыны, оның баласы Теміртайдың өмір талқысында, күресте
шыныға келіп, теңдікке қолы жеткендігін баяндады. Мұнда ақын революциямен, Қазақстанның
он жылдығымен байланысты қазақ еңбекшілер өмірінің бір алуан көрінісін ғана көрсетуді
мақсат етті.

            Ілияс «Дала» поэмасының композициялық
желісін халық өмірінің тарихи сүрлеуіне негіздеп құрды. Бұл жаңа әдіс емес және
талайды тақыршаққа отырғызған, сүрінткен әдіс болатын. Бірақ сол талайды сүрінткен
әдіс қиялы ұшқыр, тілі орамды талантты ақынды сүрінте алған жоқ.

            Поэма адамдардың арасындағы қарым-қатынастарды
көрсетуге құрылмаса да, ескі заман, өткен кездердегі ел басында болған ауыр күн,
ащы тұрмыстардың картиналарын көзге толық елестете алады.

            Қазақ халқының елдік намысына қатты
тиіп, қанды кекке айналған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасынан (яғни,
1723жыл) бастап, поэмада ақын қазақ даласында болған әр алуан тарихи
елеулі-елеулі кезеңдерге ең тән, типтік жайттарды алады да, тұжырымды, жанды түрде
суреттеп, өткен өмірлердің әртүрлі көріністерін көз алдынан қазір өтіп жатқандай
әсер қалдырады. «Искусство көзге көрсетеді, ғылым дәлелдейді, екеуі де
сендіреді» дейтін ұлы сыншы Белинскийдің белгілі қағидасына сүйене отырып, ақын
тарихи болған оқиғалардың ең керекті, тиімді деген жақтарын шебер көрсету арқылы
поэзиямыздағы бұрынғы схематизмдік кемшіліктерді қайталамай, соны жол тапқан.

            Поэманың композициясында (құрылысы)
негізгі әдіс - шендестіру. «Ақтабан», «Құл көгені», «Құрбандық», тағы басқа ел
басынан өткен ауыр өмір, азап тұрмыстарды бейнелейтін эпизодтарды суреттеу мақсатсыз,
тек болғанды айту үшін емес, «Октябрь», «Теңдік», «Қызыл жұлдыз» сықылды
эпизодтардағы суреттеулерге қарама-қарсы қойып, екі өмірді шендестіру әдісімен
оқушылардың өздері қорытынды шығаруын көздеушілік. Поэмада Ұлы Октябрь
революциясы, совет үкіметі қазақ халқына пәлен берді, мынадай бақытқа жеткізді
демесе де, оны оқып шыққан адам сол қорытындыны өзі-ақ жасайды.

            Поэманың «Баяндама» деп аталатын бөлімінде
ұзындық, аз да болса аяғын шалыс басушылық бар. Бірақ ол кемшілікті «Той
бастау» бөлімі, ондағы ақынның шабыты, елінің он жылдығы табысына шын қуанып,
емірене, беріле жырлаушылық, не асыл, не сұлу сөздердің табиғи түрде төгіле
тізбектеле кеп, оқушылардың ой-сезімін тегіс билерлік дәрежеге көтерілуін
білдіртпей кетеді.

 

Қимылда,
тіл, қимылда!

Қимылдайтын
күн бүгін.

Есе
тиген күң-құлға!

Қимылда,
тіл, қимылда!

Қимылдайтын
күн бүгін.

 

Қазақстан
он жылда!

Ленин
берген ту қолда!

Қимылда,
тіл, қимылда.

 

Бүгін
көтер даусыңды,

Масайраған
мың-мыңға!

Қимылда,
тіл, қимылда!..

 

            Той күнгі шаттық сезімнің шарықтау
шегін ақын жыр арнау мен еспе қайталауды шебер қиюластыру арқылы лирикалық толғаумен
аяқтайды.

            «Дала» поэмасының және бір жаңалығы
- өлең құрылысында. Дәлірек айтқанда, шумағы мен ұйқасында. Бұл - әр тармағы 7
буыннан келетін 8 тармақты шумақ.

 

Алатаудың
ақ сүті - а

Асқар
иген, құм сүйген, - б

Боз
даланың қос құты: - а

Сыр
менен Шу екі ене - в

Екі
өзеннен шықты шаң - г

Екі
енені шапты жау...

Жуды
жауды, қанды қан... - г

Батыр
шықты «жекеге» - в

 

 

            Бұл ерікті, не кезекті, не шұбартпалы
ұйқастардың түрімен келетін «жыр ағымы», жеті буынды өлең емес, белгілі бір тәртіпке
негізделген, жаңа ұйқасты шумағы поэманың басындағы «Арнау» мен ең аяғындағы
«Той бастаудан» басқа бөлімдерінде берік сақталынады.

            Бұл - поэзиямызда бұрын болмаған
жеті буынды өлеңнің жаңа бір түрі.

            Ілияс Жансүгіровтің поэзиясында бұлардан
басқа да жаңа шумақты, не жаңа ұйқастар бар. Екі тармақтан құрылатын, шығыс әдебиетінің
үлгісінде жазылған өлеңде, орыс әдебиетінің үлгісінде жазылған қаусырылмалы ұйқасты
өлеңдер де кездеседі.

 

Ой,
балалар, балалар!

Жылы-жылы
жел соқты, - а

Жылғалардан
су ақты. - а

Қаңқыл-қаңқыл
қаз кепті, - в

Жер
қарайды, жаз кепті. - в

 

            Бұл өлеңнің алдындағы қаратпалы сөйлемнен
басқасы түгел егіз ұйқасты екі тармақтан құралады.

            Бірен-саран үш тармақты шумақты өлең
де кездеседі.

 

Іс
еңбекте, күш көпте! - а

Көп
еңбекші қимылда, - б

Ұрыларды
ісікте! - а

 

            Бұл - бір-ақ өлең. Үш тармақты шумақ
та бізде бұрын болған емес. Ұйқасы да жаңа. Жаңа ұйқастың түрінде, орыс әдебиетінен
үйрену нәтижесінде қазақ өлеңіне енгізілген қаусырмалы ұйқасты да атап өтуге
тура келеді.

 

Ауылдың
алды асқар тау, - а

Асқар
таудан асармыз. - в

Асып
жайлап жасармыз, - в

Ел
ержетіп есен-сау. - а

 

            Сөйтіп, жоғарғы келтірген
мысалдарымыздың бір алуаны Ілияс Жансүгіровтің қазақ өлең құрылысын әрі идеялық-көркемдік
жағынан, әрі түр жағынан дамытуға белсене ат салысып, зор еңбек еткендігін толық
дәлелдейді. Біз бұл мақалада ақынның қазақ өлең құрылысына енгізген жаңа түрлерін
сөз еткенде, идеялық-көркемдіктерін оқушылар жұртшылығы түгел мойындаған «Гималай»,
«Дала» шығармаларымен қатар, өз тұрғысында жақсы өлеңдердің сапында болуға
жарарлық, жай оқушылар ескеріп, мән бере қоймайтын, бірақ шумағы, ұйқасы жақтарынан
қазақ поэзиясында бірінші рет кездесетін кейбір шағын өлеңдеріне ғана тоқтадық.
Ал аудармаларына мүлдем тоқтағанымыз жоқ. Қазақ өлең құрылысын байыту, дамытуда
аудармалардың мәні зор. Бірақ бұл жеке зерттеуді, басқалардың аудармаларымен
салыстыра зерттеуді қажет етеді.

            Қазақ совет поэзиясын дамыту жолында
Ілияс Жансүгіровтің айрықша көтерген және сол тақырыпқа бір емес, бірнеше шығармалар
жазып, көп ойлап, көп еңбек сіңіруінің арқасында бүкіл жұртшылықтың көңілін
аударған бір мәселесі - қазақтың ән-күйі болды.

            Бұл мәселеге тарихи жағынан келсек, ән-күй,
өлең, қысқасы искусство, оның әлеуметтік ролі, тәрбиелік мәні, өзіне тән
ерекшелігі туралы бірінші рет пікір айтқан және тап басып, дәл айтқан адам ұлы
ақынымыз Абай болды.

            Жасынан ән-күйді терең сезініп,
жанымен түсінетін Ілияс әдебиетке ән-күйдің құдіретті күшінің туын көтере шықты.

            Адам баласы өмірінің тарихи
тартысындағы ауыр халді де, аңсаған арман, көздеген мақсатты да, жан тербеткен
сезімді де, ойды өрлетер қуат-күші де дыбыс, үн гармониясымен тыңдаушыларына
жеткізетін музыкалық искусствоның тілін өзі жақсы ұғынып, оны сөз искусствосының
пәрменімен оқушыларына жақсы ұғындыра білген біздің замандастарымыздың ішінде
бірінші ақын Ілияс екендігі талассыз.

            Ол қандай ән, қандай күйлердің
болсын, тек әдемілік іздеу тілегінен туған емес, ел өмірінің айнасы екендігін, қатал
заманның соқпағы мен қатыгез заңдардың тоқпағының зілді зардабы, ауыр салмақтарының
негізінде туғандықтарын, кейде лирика, кейде желілі оқиға, адамдардың
араларындағы қарым-қатынас, тартыстарды баяндау арқылы көрсетеді («Бұлбұлға», «Әншіге»,
«Күй», «Күйші», «Құлагер», «Көбік шашқан»).

            «Әншіге», «Бұлбұлға» атты алғашқы
лирикаларында ақын әннің өзіне, басқа тыңдаушыларға ететін әсерін сырттай
суреттеумен әнді, өлеңді өзінің терең сүйетіндігін білдіртсе, «Күй», «Күйші», «Құлагер»
поэмаларында ән-күйдің алуан сырын, сансыз тілі болатындығын ұғыну қабілетін өрістете
түсумен қатар, ескі тақырыпқа қалай барып, оны бүгінгі социалистік метод тұрғысынан
қалай жырлаудың да өзінше үлгісін көрсетуге тырысты.

            Алғашқы рет жазған «Күй» (1929ж.)
поэмасында ақын өзінің бұл тақырыпты жырлауының шын сырын ашық айтты.
Революциялық идеяны жыр ету мәселесінде қаладан алыс болып, өзінің басқалардан
кейінірек кіріскендігін меңзей келе, ендігі жырлар күйі жаңа заманның күйі
екендігін, ескі өмір, ескі күйді жырлауға барса, тек қазіргі күннің тілек тұрғысынан
баратындығын аңғартты.

            «Күй» поэмасын сөз еткенде, бұрын
да, соңғы сыншылар да Молықпай шал мен Бозінгеннің айналасынан әрі ұзап кете
алмады. Бізше, «Күйдің» идеялық мазмұны «Бозінген» ертегісінен әлдеқайда терең.

            «Күй» поэмасы ақынның ой-санасындағы
үлкен өзгерісті, яғни өмір құбылыстарын терең толғап, тебірене жырлауға бел буған,
жаңа өмірге өз пікір, өз сөзін айтқан, ескі түсінік, наным-сенімдерден мүлде қол
үзіп, енді ол жаңа заманның есейіп, ержеткен жыршысы екендігін мойындаған поэма
болды.

            «Бозінген» күйі, оны орындаушы Молықпай,
күйді қолқалаушы жастар (бірі - ақынның өзі) жаңа күй, жаңаша түсінікті оқушыларына
айтып беру үшін ғана керек болған. Негізгі идея, ой түйіні - қаңсыған шал, «жалғыз
үн, жарық қобызды» жырлау, мадақтау емес, «мың дауыс» көптің күйін жыр ету.

            Сондықтан да ақын:

 

Көргенде
күйелі төс, күсті білек,

Тапқандай
жаңа бауыр, жаңа тілек.

Жылы
қан ұлы бойда шым-шым қайнап,

Сауығып
сала берген дертті жүрек.

 

Мыңдаған
оркестрді көрген топты,

Жырлаған
жаңа өмірдің күйін соқты.

Жуылған
жүректен у сол күйменен

Аршыған
көңілімді басқан тотты.

 

Сол
күйге жан жылынған, жүрек жерік,

Шойындай
сонау отта кеткен еріп.

Қобыздың
ұлы күйін қаннан сарқып,

Соңғы
күй тұла бойды кеткен керіп...

 

...Арылып
жастың албырт тентегінен,

Құтылып
соқыр сордың жетегінен;

Қуарған,
қуанбаған сорлы шалдың,

Енді
қош айтысқан жер ертегімен, -

 

деді.

            Ақынды бұл түсінікке жеткізген,
ой-санасын өрістеткен социалистік жаңа өмір, алыста жатқан ауылдан оқу іздеп
келіп, мәдениетке мидай араласуы, қайнап жатқан еңбек, жұмысшы табының ірі өндірістердегі
ерлік істері, коммунизм құру жолындағы марксизм-ленинизм оқуымен қарулануы
болды.

            Айналасындағы өмір құбылысын аңғарымпаз,
сезімтал, көргенін тез түйетін ақын жаңалықтардың бәрінен сабақ алды. Қалада
болған аз жылдардың өзінде көп біліп, үлкен өзгеріске ұшырады.

 

 

Сонымен
сол барғаннан кейін қайтқам,

Мен
дағы жаңа тапқан күйді тартқам.

Бағыстап
жарлы жұртқа жүрек жырын,

Байқамай,
жыр айтам деп, сырымды айтқам, -

 

деді.

            1929 жылдан бастап Ілияс шығармалары
мазмұны жағынан да жаңаша түске енді. Алғашқы он жылдығының биігі «Гималай», «Күйші»,
«Дала» поэмалары болса, кейінгі поэзиялық туындыларында да сол биіктен төмендеген
жоқ. Қайта үдете түсті. Бұған «Күйші», «Құлагер» поэмалары айғақ.

            Жаңа заманның жаңа күйін жыр ету, не
ескі тақырыпты жаңаша көзқарас тұрғысынан жырлау туралы «Күй» поэмасында оқушыларына
берген уәдесін Ілияс кейінгі өлең-поэмаларында толық орындады. «Кәнпеске»,
«Дала», «Мәйек», «Жаң туған» поэмалары, «Кеңес» тәрізді ұзақ өлеңдер жаңа тақырып,
ақынның жаңа заманның күйін жырлауы десек, ескі өмірден алынған «Күйші» мен «Құлагер»
поэмалары өткен заманның қыры мен сырын қазіргі көзқарас тұрғысынан көрсету
екендігіне ешкім таласа алмайды.

            Ел ұғымында болсын, тарихта болсын,
жүрген жері жойқын жорық, жосадай қан болатын Кенесарының қара халыққа жасаған
зорлығы мен көрсеткен қорлықтарының бір-ақ эпизодын бейнелейтін «Күйші»
поэмасы, ханның да, оның айналасының да шектен асқан жауыздықтарын көз алдыңа
келтіреді. Поэма оқушыларының ой-сезімін ханға, хандық құрылысқа қарсы тәрбиелейді.

            Поэманың сюжет желісі Күйші мен Қарашаш
арасындағы оқиғаға құрылады. Негізгі қаһармандар да осы екеуі. Бірақ ақын сөз
арасында кейбір ғана қысқаша сурет, баяндау, репликалар арқылы Кененің жексұрындық
мінез-құлық әрекетін де шеберлікпен көрсетеді.

 

Бердім
мен ханышаға, - деді Кене,

Сатса
да, сойса-дағы өз еркінде...

 

деген
сөздердің өзі-ақ адам тағдыры - азаттық, құлдық мәселесіне ханның қалай қарайтындығын
аңғартпай ма? Жауыздық, қара жүректік, озбырлық, менмендік, қара халықты
менсінбей, оларға тәкаппарлықпен қараушылық - бәрін бір-екі шумақпен-ақ ақын түйіп
берген емес пе?

            Бір жерінде:

 

Бәрі
отыр бөлтірікке беріп ырық,

Алар
деп өз абыройын өзі-ақ жығып.

Балқаштың
тұңғиығы толқын бермей,

Тымырсып
терең жатыр іштен тұнып.

 

Жанжалды
үй арасы ұсақсынып,

Арыстан
отыр барлап тісі ақсиып;

Дүп
қылып ханның сыртын Дулаттарға,

Төбеде
тұр әнекей, қыз қақшиып, -

 

дейді.

            Поэмада Кенесарыға орын мейлінше аз
беріледі. Осы шумақтан басқалары - сөз арасында келетін репликалар. Бірақ «қорқау-сырттан»
Қарашаштың бүкіл үйсінге салып жатқан бүлігі ханның «дүмі», бұл - тек өмірде
бір-ақ рет болатын кездейсоқ нәрсе емес, Кенесарының ел билеу жүйесінен «заңды»
түрде туып отырған бүлік.  Жай қарағанда,
бас қаһармандары қыз бен күйші болса да, кесепаттың түп тамыры Кенеде жатыр.
Сондықтан бар лағанатты ең алдымен «бөрінің» өзіне айтасың.

            «Құлагер» поэмасында ақын ескі
феодалдық ауылда өмір сүрген әрі ақын, әрі әнші Ақанның басында болған
трагедияны асқан ұсталықпен суреттеу арқылы Ақанды тау кездіріп, тоғай аралатқан
жалғыздық пен өмірден түңілуге әкеп тіреген қара күштерге қарсы оқушылардың
сезімін оятып, сол заманға да, заман қожаларына да кейінгі ұрпақ қарғыс айтуын
ой қазығы етті. Поэма солай болып шықты да. «Құлагерді» оқып шыққан адамның жақсы
лебіз, жылы сезімі Ақан жағында болып, оны апатқа ұшыратқан, өмірден түңілткен
озбыр күштерге қарсы өшпенділіктің өрши түсуі осыны дәлелдейді.

            Бұл поэмаларға аз ғана тоқталғандағы
мақсат - талдау беру емес, тарихи тақырыпты қазіргі көзқарастан жырлаушылыққа
тек мысал келтіру ғана.

            Біз жоғарыда Ілияс қандай күй, әнді
болсын халық өмірінің айнасы деп ұғады дедік. Мұны күй тілін көркем сөз арқылы
оқушылардың көз алдына елестетпек болған суреттеулерінің бәрінен де байқауға
болады.

 

Қағылды
кейде бір күй дабылдай боп,

Бұрқырап
кетті түтеп дауылдай боп.

Әлде
күш, әлде дауыл, әлде ат шапқан,

Әйтеуір
қырдан көшкен сарындай боп.

 

            Бұл үзіндіде халық тарихында талай
кездескен көк ала түтін, көк жортақ жортуылды күн, жойқын жорықтардың бір көрінісін
ақын шебер қиюласқан сөз кестесі арқылы оқушыларын ойландыра, толғандыра ұғынғандай,
сезінгендей етіп суреттесе, «Көбік шашқанда» музыка тіліндегі пейзажды поэзия
тіліне былай айналдырады:

 

Көне
күй, күйдің аты - «Көбік шашқан»,

Сел
болып көк теңізді төгіп шашқан.

Жел
болып кең даланы қағып, сілкіп,

Тең
болып аспаның жер, жерің аспан.

 

            Жалпы алғанда, Ілиястың музыкалық
искусствоны көркем сөз арқылы пластикалық искусствоға айналдыруда әдебиетімізде
орны ерекше. Ол музыканың тілін жанымен ұғады. Өлеңдерін, әсіресе «Күй», «Күйші»
поэмаларын оқығаныңызда жаратылысында композиторлық таланты да мол адам-ау
деген ойға келесің.

            Ақ отауда Қарашашпен бетпе-бет, оңаша
кездескенде, тоқсан күйдің бәрінен айрылып қалған қиын дағдарыстан кейін, күйшінің
домбырасында жаңа бір күй туады. Сол күйдің туу процесін суреттегенде ақын күйші
көңіліндегі әр алуан күй ырғағын да, нәзік сезімдердің өзгерістерін де көріп,
сезіп отырып жазғандай әсер қалдырады.

 

Күй
жүйрік, кейде түнде сылаңдаған,

Қашаған
қыз алдында қылаңдаған.

Құрықтап,
жетегіне ап жортады күй;

Арты
«Аттан» жер күңірентіп ұрандаған.

 

Кейде
күй қыран болып қылмаңдаған,

Алдынан
қызыл алтай бұлаңдаған.

Саңқылдап
домбырадан бір құмар күй,

Сағынып
сар балақты жұмарлаған.

 

Бұлбұл
боп кейде қақсап, таңда зарлап,

Торғай
боп аспанда ұшып, көкте шарлап.

Басына
аққу киіп, дуана боп,

Қасына
қанышаның кеп тұр сарнап...

 

деген
жолдардағы суреттерден музыканың тілі мен күйі естілгендей болса, қыз бен күйдің
әсерінен туған күйші сезіміндегі бүліншіліктерді ішкі монологтар арқылы
суреттеулерінен оқушылар жанымен сезінгендей әсер алады.

 

...Қияндап
кетті мініп қиялына,

Ондайда
қиял бойын жияды ма?

Ұмытып
қайда екенін, кім екенін,

Быж-тыж
боп, отыр сорлы қыз алдында.

 

Әлде
қыз, әлде түлкі, кім алдымда?

Үстіне,
не боп кеттім, құлармын ба?

 

Әлде
өңім, әлде түсім, қайда кеттім,

Апырым-ау,
бар ма, жоқ па көз орнында?

 

            Ілиястың «Күйшісі» эпика-романтикалық
поэмалардың түріне жатса да, поэмада адамның психологиясын суреттеуге көп орын
беріледі. Әлеуметтік жағдайлары тым алшақ жатқан өнерпаз жігіт пен өрбике сұлуды
түйістіріп, бір-біріне ғашық етуде тілдері - күй, сырлары - үн болушылығы
психологиялық жайттарды мол қамтып, құлашын кең жая суреттеуіне қолайлы
келгенге ұқсайды. Жалпы алғанда, Ілияс адам психологиясын сөз арқылы беруге
шебер ақын десек, «Күйші» поэмасы сол шеберлігінің шарықтау шегі болды.

            Әр жағдаймен байланысты адамның ішкі
сезім дүниесіндегі өзгеріс, құбылыстарды ақын-жазушылар кейде параллелизм,
кейде арнаулы монологтар, кейде лирикалық шегініс, кейде пейзажды қатыстыра
суреттеу, кейде қаһармандардың сезіну, күйініш-сүйінішін тікелей суреттеу арқылы
беріледі. Бұл айтылғандардың әр түрлерінің де элементтері Ілияс шығармаларынан
табылады. Әйтсе де оның поэзиясына қаһармандардың басында болған хал-жағдайларды
кейде тікелей суреттеу, кейде олардың ойын, ішкі сезімін арнаулы монолог арқылы
беру әдістері тән.

            Адам психологиясын, қаһармандардың әр
алуан жағдайларға байланысты сезім дүниесінде болатын құбылыстарды суреттеуге
шеберлену біздің қазақ совет поэзиясында үлкен олқылықтардың бірі болатын.
Ілияс бұл кетігімізді толтыруға айрықша ат салысып және көрнекті үлгілер қалдырды.

            Жоғарғы айтылғандармен қатар, Ілияс өлеңдерінің
музыкалық жақтарының күштілігі мен поэзиямызда бұрын қолданылмаған жаңа сөз,
образдары сөйлем құрылыстарын қазақ өлеңдеріне енгізуді, жеке тоқталуды қажет
етеді.

            Негізінде поэзиялық шығармалардың
музыкалылығы дыбыс әуезділігіне (эвфонияға), оның заңды, табиғи қолданылуына
байланысты. Сондықтан дауысты, дауыссыз дыбыстарды аралас келтіріп, белгілі мөлшерде
қайталау барлық ақындарда кездеседі. Оның мөлшерін, шегін белгілейтін - әр ақынның
сезіну қабілеті. Табиғи заңдылықтан қылдай тайса, дыбыс қайталаушылық дыбыс қуалаушылыққа
айналады да, өлеңнің әуезділігі, музыкалылығынан еш нәрсе қалмайды. Оқырмандардың
әдемілікті талғайтын сезіміне керісінше әсер етеді.

            Әрине, дыбыс қайталаушылықтың да әр
алуан түрі бар. Негізгі түрі дауысты, дауыссыз дыбыстарды қайталаудан құралады.
Мұны әр ақынның да өлеңдерінен кездестіреміз. Біздің бұл жердегі айтпағымыз ол
емес, Ілияс өлеңдерінде кездесетін ішкі ұйқас (внутренняя рифма).

            Ішкі ұйқасты бізде жалпы дамытқан, өлеңнің
музыкалық жағын күшейтуде мәні зор екендігін аңғарып, оны өзінің әдемі өлең,
шын мәніндегі искусстволық дәрежеге көтерілген поэмаларында шебер қолдана алған
ақынның алғашқы өкілдерінің бірі де Ілияс болды. Оның «Күй», «Күйші», «Құлагер»
поэмаларын оқығанда, тіл бір мүдірмей, есіліп отыратыны да, оқушының бойын
билеп, иектеп әкетуінің де бір тамыры оның өлеңдерінің әрдайым толымды болып
келетін ішкі ұйқасының күшінде жатыр.

            Көркем шығарманың бір алуан түрін өлең
деп атауымызға негіз - өлең шумағы, шумақ - синтаксистік біткен бір ойды
білдіретін өлеңнің бір бөлшегі десек, сол бөлшек жасалуы үшін керекті басты
шарт - ырғақ пен ұйқас. Бұл екеуінсіз өлең жасалмайды. Сондықтан ұйқастың мәні
зор. Әрі толымды, әрі жүйелі түрде және табиғи мөлшерде қолданылатын ішкі ұйқастың
өлең сөйлемдерінде орны ерекше. Орта ақындардың өлеңдерін оқығанда, төрт жолдан
құралатын қара өлеңдеріндегі бірыңғай буын, дыбыс үндестігін керек ететін үш түрлі
толық ұйқастың өзін таба алмай, сүрініп-жығылып жататындығын көрсек, Ілиястың
бір жолында жалғаса келетін бірнеше ұйқастарды көреміз. Және көпшілігі -
толымды ұйқастар.

 

Сайрадың
құйқылжытып, құбылжытып,

Тамсандым,
таңдайымның суын жұтып.

Толқытып,
толықсытып, емірентіп,

Қиқуға
қызықтырдың, қылдың ынтық, -

 

деп
басталатын оның ең алғашқы «Бұлбұлға» атты өлеңінде-ақ біз әрі толымды, әрі
ішкі ұйқастар кездестірсек, бұл әдіс оның басқа кездегі өлеңдерінен де байқалады.

            Басынан аяғына дейін тегіс ішкі ұйқас
пен дыбыс әуезділігін мейлінше әдемі, табиғи түрде сақтап отырып шығарылған көпшілікке
мәлім «Әнші» өлеңін былай қойғанда, «Күй», «Күйші», «Құлагер» поэмаларында да
ішкі ұйқастар жиі ұшырайды.

 

«Желдеткен,
желде кеткен желмаясы,

Желге
не? Алақандай жер аясы.

Ақырып
Алатаудан өзен құлап,

Сыңқылдап
самалданған сай, саласы.

(«Күй»)

 

Асқақтап,
кейде күйді көкке өрлетіп,

Алыстап,
шырқап сілтеп, әрі кетіп.

Қайрып,
қалықтатып, қайта оралтып,

Бірден-бір,
ақырын-ақырын төмендетіп.

(«Күйші»)

 

Аттатып,
атандайын алшаңдатып,

Ақситып
бір балуанды арсаңдатып,

 

Аруақтап
жетелеген бір қараның

Ноқтасын
сыпырды әкеп, талтаңдатып.

(«Құлагер»)

 

            Мұндағы анафора, ассонанс,
аллитерация, тағы басқа қайталаулар, олардың музыкалылығын, өлеңнің жалпы көркемдік
құнын арттыра түсудегі ролі мен орнын сөз етпегенде, ақынның ішкі ұйқасты мол,
асқан місекерлікпен және айтайын деген ойына лайықты, дәл қолданатындығын осы
мысалдардың өзінен де айқын көруге болады.

            Ілиястың екінші бір ерекшелігі -
поэтикалық тілінде. Тілдің көркемдігі, сөз образдарының оригиналдығы жағынан
Ілияс қазақ совет әдебиетінде айрықша орын алады.

            «Оригиналдық» дегенде, бұл жердегі
біздің айтпағымыз, оның поэзиямызға енгізген жалпы жаңалығы, сөздігі туралы
емес (ол кең толғап, терең зерттеуді қажет етеді), поэтик тілдеріндегі сөз ойнақылығы,
сөздердің сөйлемдердегі талғамалы, таңдамалы орындарын дәл тауып, шебер
пайдаланумен қатар, кейде инверсияға негізделінген, кейде бұрынғы өлеңдерде
кездеспеген, көп адамның ойына келмейтін, дағдыдан тыс жаңа мән беретін теңеу,
метафора, не басқа образдарды ақын өте ұсталықпен қолданып, оқушыларын ғажап қалдыратындығы.

            Ілияс «Сапты аяқ» өлеңінде сапты аяқты
былай суреттейді:

 

Қабаққа
біткен қайыңның,

Беріші
еді, безі еді.

Өтіндей
ақ аюдың,

Әкемнен
қалған көзі еді, -

 

дейді.

            Бұл үзіндідегі оригиналдық, көркемдік
«сапты аяқ» қайыңның беріші, безі еді деген метафораның ұлғайған түрін қолдануында,
оның заттық қасиетін көрсетуінде емес, «өтіндей ақ аюдың» деген теңеуінде.
Біріншіден, аяқты аюдың өтіне теңеу поэзияда бұрын болмаған жаңа теңеу болса,
екіншіден, тіпті ойға келмейтін нәрсеге теңеушіліктен оригиналдық, теңеп отырған
затының өмір шындығында мейлінше мұқтаж, зәрулігінен сапты аяқты иемденушілерге
өте қымбат саналатындық қасиеті әрі нәзік, әрі шебер түрде берілген, сондықтан
да өлең оқушыларға қатты ұнайды.

           

Қақырығы
қойма алтын,

Түкірігі
түйме алтын

Қазақстан
болды оймақ, -

 

деген
жолдардағы метафоралық эпитеттерді бұрын, не өз кезінде пәлен ақын қолданды деп
кім таласа алады?

            Ілияс өлеңдерінде кейде жай сөздердің
өзі де сөйлемде шебер қаланып, шебер қиюласатындықтан, өмір құбылысының шындық
картинасын жайнақы түрде көзге елестетіп, ой-сезімге ерекше әсер етеді.

 

Бай,
құлаққа шабуыл,

Жасап
жатқан заманда.

Ескіліктің
төбесін,

Қашап
жатқан заманда, -

 

деген
төрт жолды алсақ, «ескіліктің төбесін қашау» деген ауыстыру мағынасында қолданған
сөз тізбегінен басқа, поэтик тілге жанасатын бір де сөз жоқ. Басқалары -
прозалық жай сөздер. Бірақ оқушылардың ой-сезіміне үлкен әсер етерлік бұл үзіндінің
поэзиялық күшін кім де болса мойындайтыны сөзсіз.

            Мұндағы көркемдік күш - сөз қолданысының
оригиналдығында. «Тасты қашау, тауды қашау, ағашты қашауды» естіп өскен құлақ
сол сөздердің басқа бір жаңа тіркесін естігенде еріксіз елең ете қалады.
«Ескіліктің төбесін қашап жатқан заманда» дегенде, ескілік не бір тау, не бір
биік оба тәрізді болып көзге елестейді.

 

Тау
сұлу Алтайдағы патсайыдай,

Қар
орап әсемдеген ақ шайыдай.

Сарқырап
Алатаудан аққан бұлақ,

Шыңдағы
шұбар құстың сақ-сағындай.

 

            Бұл үзіндідегі теңеулердің әдемілігі,
таныс емес құбылысты жұртқа таныс, қанық нәрселер арқылы көзге елестетуі,
оларды үздік образдар арқылы оқушыларының қасына көшіріп әкелуі ақынның айта қалғандай
шеберлігі десек, төмендегі үзіндідегі теңеулер бұрын әдебиетте мүлде қолданылмаған
сонылығы, жаңалығымен оқушыларын тамсандырады.

            Ілияс Ақан серінің өмірден әбден соққы
жеп, зорлықшыларға өз қолынан келген бар қарсылығы олардың орталарынан безу ғана
болып, сұлу Көкшенің тау, тасы мен ну тоғайын мекендеп жалғыз өмір сүріп, әбден
қартайған кездегі келбетін суреттеген өлеңінің бір жерінде:

 

Келсаптай
тұзды түйген басы ағарған,

Түздегі
қу бастайын жақ қуарған.

Бетіне
ел көшкендей сүрлей түсіп,

Шөлдегі
шыңыраудай көз суалған, -

 

дейді.

            Мұндағы астын сызған теңеулердің бәрі
де бұрын поэзияда кездеспеген мүлде жаңа теңеулер, жеке ақынның айтайын деген
ой-пікірін оқушыларға дәл жеткізуде әр сөз, әр образы өз міндеттерін қалай атқарып
тұрғандықтары айрықша дәлелдеуді керек етпейді.

Тең
теңеу ғана емес, Ілияс өлеңдерінде осылар тәрізді оригиналдық сөз қолданыстар
поэтикалық тілдердің басқа салаларында да мол қолданылады.

Қорыта
айтқанда, Ілиястың қазақ өлең құрылысын бұрын болмаған жаңа шумақ, жаңа ұйқастармен
байытуы, кейбір өмір құбылыстарын суреттеуде соны әдістер ұсынуы, бүгінгі үшін
тәрбиелік мәні зор жаңа тақырыптарды тебірене жырлаумен бірге, тарихи тақырыптарды
қазіргі көзқарас тұрғысынан қалай жырлаудың көрнекті үлгісі боларлық шығармалар
берді. Поэзиямызда өрістей алмай келген психологиялық суреттеу әдісінің өнегесін
көрсетуі, халықтың тіл қазынасын толық меңгеріп, керегін таңдап ала білсе, жаңа
заманның сәулесі дерлік жақсы поэзиялар жасауға болатындығын, халық тілі
таусылмас қазына екендігін өз шығармаларындағы үздік образ, оригиналдық сөйлем құрылыстары
арқылы дәлелдеп беруі поэзиямыздың даму жолындағы ұлы еңбек, үлкен үлестері
болып табылатындығы сөзсіз.

            Ілияс Жансүгіровтің бұл игілікті
іс-еңбектері әдебиетіміздің шаршы төрінен орын алуы заңды да, орынды да.