ВЕРНУТЬСЯ

     Мағауия 1869 жылы туып, 1904 жылы қайтыс болды. Мағауия қазақша
да, орысша да оқыған. Әбдрахманнан кейінгі Абайдың қатты үміттенген ұлының бірі
Мағауия болады. Бірақ ол жас кезінен ауруға шалдығып, ақыры сол науқасынан 35
жасында қайтыс болған.

            Абайдың өмірбаянын
айтқанда, біз ұлы ақын өз кезіндегі жұртшылыққа ой-сана жағынан ұстаз болды
дедік. Сонымен қатар Абай өзінің өкше ізін баса шыққан жас ақын, жазушы
таланттардың творчестволық өсуіне тікелей басшылық етіп отырады.

            Абайдың шәкірттері
көп. Солардың ішінде ең таланттылары - Ақылбай, Мағауиялар. Абай оларға тақырыпты
өзі беріп, оқытушысы да, тәрбиешісі де әрдайым өзі болып отырады. Ақылбайға «Қысса
Жүсіпті», Мағауияға «Медғат Қасымды» жаздырады.

            Өзі оқыған ұзақ
романдардың сюжетін ертегішісі Баймағамбетке айтып беріп, сол арқылы елге
таратады. Абайдың мұнысы да кездейсоқ емес, өзінің негізгі принципімен
байланысты. Өйткені Абай қазақ, орыс, шығыс мәдениетінің үшеуін де меңгере
білді. Өмір құбылысын айқындауда болсын, жазушылық жолында өзіне керекті азығын
алуда болсын, оны толық пайдаланды. Мұны ол өзінің шәкірттеріне де үлгі етті.
Мағауия, Ақылбай тәрізді оқыған шәкірттерінің орыс, батыс әдебиетінің сол
кездегі әдеби әдісін, өмір шындығын суреттеуде негізгі басшылық ете білуін
талап етті де және оларға өзі басшылық көрсетіп отырды.

            Абай қазақ
көркем әдебиетін дамытқанда оның стиль, түр жағына да ерекше көңіл аударды. Мұны
Абайдың тек өз шығармаларынан ғана емес, шәкірттерінің шығармаларынан да көруге
болады.

            Абай -
реалист ақын, оның негізгі стилі - реализм, ал романтизмнің Абайда тек
элементтері ғана бар десек, оның кейбір шәкірттері шығармаларын романтизм бағытында
жазды. Романтизмнің реализмнен негізгі бір ерекшелігі - әртүрлі тарихи
себептермен байланысты өзінің айналасына риза болмаушылық екені жұртшылыққа мәлім.
Мұндай өз ортасына риза емес таптың немесе топтың өкілдері - жыршы, ақындары не
өткен өмірді көксейді, не болашақты қиял етеді.

            Жалпы
Европа және орыс әдебиетінде романтизмнің дәуірлеген кезеңі - ХІХ ғасырдың алғашқы
жартысы болды. Романтикалық өлең, поэма, драма, әңгіме, романдардың жарыққа көп
шыққан кезі де осы кез еді. Бұлардың көпшілігі сюжетті, уақиғалы шығармалар
болды. Романтикалық қаһарман реалистік қаһармандардан іс-әрекеті, өмірге көзқарасы,
мінез-құлқы, тіпті сыртқы кескіндері жөнінде де басқаша суреттеледі. Сөйтіп,
Европа, орыс әдебиетіндегі романтизм марқайып, қалыптасқан, кемеліне келген әдеби
стиль болды. Романтизмге жоғарыда айтылған айналасына риза болмаушылықпен
бірге, тағы да мынадай өзгешіліктер тән. Бірінші, уақиға дағдыдан тыс жағдайда
болады, қаһармандарын жеке адам ретінде алсақ, күшті, жігерлі, қолынан ерлік
те, жақсылық та келерлік адам болып суреттеліп, қатардағы адамдардан дараланып
көрсетіледі. Екінші, романтикалық қаһарманның мінез-құлқында да айрықша
ерекшелік болады, демек, бұзылса да, мықтап бұзылып, түзелсе де мықтап түзеліп,
не жасаймын десе де шегіне жеткізе істейді. Үшінші, қаһармандардың сыртқы
бейнесінің өзінде де сол ерекшелік байқалады.

            Жалпы
романтикалық шығармаларға тән осы айтылғандарды қазақ әдебиеті тарихына
жанастырсақ. Абайдың шәкірттері Мағауия мен Ақылбайлардың дастандарына дейін
бізде сюжетті уақиғаға құрылған романтикалық бір де бір шығарма болған емес.
Сюжетке құрылған романтикалық бірінші шығарма - «Медғат, Қасым» мен «Қысса Жүсіп».
Бұл дастандардан басқа елдердің әдебиеттеріндегі романтикалық дастандарға тән
ерекшеліктерін түгел дерлік табуға болды. Бұларда уақиға құруда болсын, образ
жасауда болсын, қаһармандардың іс-әрекетін суреттеуде болсын романтизмнің
сарыны анық байқалады. Бұл жөнінде, қазақ әдебиетін стиль жағынан зерттеу, білу
үшін Абайдың шәкірттеріне, әсіресе, Мағауияның «Медғат, Қасымына» айрықша тоқталуға
тура келеді.

            «Медғат, Қасымның»
қысқаша мазмұны мынадай: Ниль дариясы бойындағы Африка еліне Мұрат деген адам
баю үшін Мысыр қаласына кәсіп іздеп келеді.Оның Медғат деген ұлы, Ғазиза деген қызы
болады және Мария деген бір қызды еншілес етіп алады. Мұраттың құлдары көп,
соның ішінде әрі қайратты, әрі қайсар Қасым деген бір құлы болады. Бұл құлдың
шешесін жас кезінде Мұрат сатып алып, Қасымды өзіне бала етіп алады. Бірақ Медғат
туғасын, оны құл орнына жұмсайды. Ер жеткеннен кейін Қасым Марияны сүйіп, өзінің
көңілін білдіреді. Мария Медғатпен әліптес болғандықтан, Қасымды
менсінбейтіндігін айтып, оған теріс қарайды. Онымен қоймай, бұл әңгімені Медғатқа
жеткізеді. Медғат Қасымды су түтігінің (насостың) астына отырғызып, жаза
тарттырады. Қасым талып қалады. Алайда бұл жазадан аман құтылып, бірнеше күннен
кейін Марияны өлтіріп кетеді. Бірнеше жыл өткеннен кейін Мұрат бай Мысырға көшпекші
болады. Қасым сол кеткеннен үш жылдай қарақшы болып жүреді. Бұлардың көшейін
деп жатқанын естіп жол тосады да, түнде Мұратты өлтіріп, Медғатты, Ғазизаны қолға
түсіреді. Ғазизаның Сәлім деген сүйген жігіті болады екен, бірақ Мұрат пен Медғат
оны кедейсініп, Ғазизаны бермеген соң, ол бір аңшыға қосылып, аңшы болып кеткен
екен. Енді соған хабар жетіп, барлық мергендер жиналып, Ғазизаны құтқармақшы
болып келеді. Қасымның жолдастары арақ ішіп, мас болып, өзі ұйықтап жатқанда, Сәлімдер
қамайды. Қасым Ғазизаны алып қашады. Сәлім артынан қуады. Бірақ Сәлімді Ғазиза
танып, Қасымды тоқтатады. Қасым Ғазизаны Сәлімге береді. Дастан осымен аяқталады.

            Дастанның
идеялық мазмұнындағы бір құндылық - Мұрат, Медғат сықылды құл иеленушілердің құлдарға
көрсеткен ауыр азабын суреттеу. Дастанда Медғат пен Қасымның арасындағы қарым-қатынастан
қожаның құлға деген мейірімсіздігі өте айқын көрінеді.

            Мұрат та,
Медғат та өте қатал, өте мейірімсіз адам болып суреттеледі. Олар құлды адам деп
санамайды. Олардың құлдарды қалай жазалаймын, қалай жазғырам десе де еріктері өзінде.
Бар байлық, бар игілігі құлдардың қолымен жасалып отырса да, ешбір кінәсіз Қасымды
қатты жазаға бұйырады. Туысында бірбеткей, өжет Қасымды Медғат қылмысқа
айдайды. Ақырында жас жігіт өмірден түңіледі. Мұрат та, Медғат та байлықты, сол
байлықтан туған менмендікті ең жоғарғы нәрсе деп ұғады да, соны берік ұстайды.
Сөйтіп, ақын құл иеленуші жауыз байдың типін жасайды.

            Ақын өзінің
дастанында Мұратты да, Медғатты да жамандықтың өкілі ретінде көрсетуді мақсат
етіп қойған да, ол тілегін дұрыс орындап шыға алған. Дастанды оқығанда оқушылар
Мұратты да, Медғатты да мейлінше жек көреді. Өйткені олардың екеуінің де
ойлайтыны - байлық пен менмендік. Сол жолға кімді құрбан етуге болса да
тайынбайды. Олардың осы тәрізді іс-әрекеттері оқушыларды өздеріне қарсы қояды.

            Дастанда
ерекше орын алатын қаһарман - Қасым. Автор Қасымды ұнамды кейіпкер етіп көрсетуді
мақсат еткен. Оның кісі өлтіріп, қарақшы болып кетуін де, басқа қылмысты іс-әрекеттерін
де автор өзінше дәлелдеп, соның бәріне жауапты Медғат екенін аңғартады. Автор өзінің
дастанында бір жағынан өткен кездегі құл мен қожаның арасындағы күресті көрсетпек
болса, екінші жағынан, кекке-кек, қанға-қан деген ескі пікірді қолдайды. Әрине
соңғы пікірдің дұрыс та, теріс те жағы бар. Кекке-кек, қанға-қан таптық тұрғыдан,
отан тілегінен туса, ол күрес ел жауы, отан жауы үшін жұмсалған күрес болмақ.
Бірақ мұндағы кекке-кек мәселесі олай емес, сондықтан қазіргі тұрғыдан қарағанда,
ондай күресті дәріптеуге болмайды.

            Бірақ
автордың көрсетіп отырған уақиғасы - өткен замандікі. Ол кезде басқа жолдың
болуы да қиын және автордың мақсаты - кек үшін күрескен өжет, ер, намысқой
адамның образын жасау, айқындалған таптық санасы болмаса да, таптық жағдай,
правосыз өмір, қожадан көрген орынсыз зорлыққа қарсы аттанған құлды әр жағдайда
алып, романтикалық қаһарман етіп көрсету. Объективтік көзбен қарағанда, Қасымның
Медғатқа қарсы күресі тек сол дәуірдің шеңберінде ғана мәні бар. Ал бүгінгі көзқараспен
қарасақ, артта қалған, күрестің атам заманғы ескі әдісі.

            Бұл
дастанның біздер үшін екінші бір құндылық жағы - өз кезінде қазақ әдебиетіндегі
жаңалығы. Жас ақын Мағауия «Медғат, Қасым» арқылы қазақ әдебиетіне мәдениеті
алдағы орыс әдебиетіндегідей романтикалық бағытты енгізді. Автор оны өзі айқын
түсінді ме, жоқ па ол арасын ашу қиын. Бірақ дастанның құрылысына, уақиғасына,
образ жасау әдістеріне қарағанда, автордың ол кездегі романтик ақын-жазушылармен
де, романтикалық дастан, романдармен де жақсы таныстығы байқалады. Сондықтан да
ақын өзінің дастанын шын мәніндегі романтикалық дастан етіп шығара алған.

            Уақиғаның
байланысы жай дағдыдағы эпостық дастандардың ізінше басталса да, кейін уақиғаның
болған жағдайлары және уақиғаның даму кезеңдері басқаша бола бастайды. Ең
алдымен, уақиға дағдыдан тыс, жаңа географиялық ортада болады. Қаһармандарының
іс-әрекет, мінез-құлық, наным-сенім, тіпті сыртқы көрініс, т.б. алсақ, қалыптағы
жай іс-әрекет, мінез-құлықтардан мүлде ерекше.

            Бір амалмен
екінші амалдың байланысы, уақиғаның шиеленісі, шарықтау шегі - бәрі де күтпеген
жерден кенет жалтарысқа ұшырап, шешілуі де осыған сәйкес болып келеді. Адам
образдарын жасау әдісі де осыған дәл. Солардың ішінде романтикалық қаһарманды көз
алдыңа елестете аларлық және өте шебер жасалған образ деп бас қаһарман Қасым
образын айтуға болады.

            Қасым - өжет,
қайратты, бірбеткей, қайсар, мейлінше кекшіл. Оның істерінің қайсысын алсақ та
ірі, басқалардан бөлек, ерекше. Бір жерінде:

 

Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты.

Қара сұрлау, пішіні зәңгі затты.

Отты қара көзі бар, ұзын бойлы,

Тәпаппар, тәуекелшіл, бек қайратты, -

 

десе, екінші бір жерінде ақын Қасымның осы сыртқы кескініне
оның бірбет, қайсарлық мінезін де сай етіп суреттейді. Мысалы, Қасымды Медғат
су түтігімен (насоспен) жіберілген судың астына қойып, оны қатты жазалап жатқанда
да ол дыбыс шығармайды.

 

Ыңқ еткенімді естісе, сүйсінер деп,

Тістеніп, жатып алды ернін шайнап.

Су құйылды краннан басына атқып,

Қыңқ етіп дыбыс шықпай қалды қатып.

Ойбайынан өлгенін оңай көріп,

Шыдай берді жатса да қанша батып, -

 

деп суреттейді.

            Қасым кекті
қатты ұстайды. Жауына мейірімсіз және мейлінше қатал. Мұрат пен Медғатты
жазалып, өлімге бұйырған жерінде де тайынбайды. Оның көз алдына жалғыз-ақ нәрсе
елестейді. Ол - Медғаттың бұдан үш жыл бұрын қолданған жазасы. Мұрат пен Медғат
қана емес, баяғыда Қасымды жазалап жатқанда ара түспегендігі үшін Ғазизаны да
жазаға бұйырмақшы болады. Бірақ Ғазизаның тәрбиешісі кемпірдің аналық сөзі Қасымның
сезімін оятып, Ғазизаны жазадан аман алып қалады.

            Бұл
эпизодтың Қасым образын ашуда мәні ерекше. Оның романтикалық образ екендігі, әсіресе
осы жерде айқындалады. Романтиканың негізгі шарты екі түрлі шекке барушылық деп
Белинский айтқан пікірге оның бұл жердегі мінезі дәл келеді.

            Ғазизаны қолға
түсірген жерде Қасымнан біз мейірімсіз, қаталдықты көрсек, кемпірдің сөзінен
кейін өте мейірімді жұмсақтық, мейлінше рақымдылық мінезді көреміз. Енді ол Ғазизаны
тек жазадан босатып қана қоймайды, оны өз сүйген жігітіне қосып, өз жанынан
жалау беріп, оған дәл туған ағасындай болады. Осының екеуі де романтикалық
образдарға тән мінез.

            Қасым қасына
қол жиып, қарақшы болып жүргенде оның аңдығаны бай адамдар болады. Әрине Қасымда
оянған таптық сана жоқ. Бірақ Мұрат, Медғаттың өзіне жасаған зорлығы оның әрдайым
көз алдында тұрады да, қарулы күшін соларға қарсы жұмсайды.

            Ақын бұл
жерді:

 

Әсіресе байларға рақым етпес,

Ағаш толған зәңгінің бәрі ниеттес.

Сорлы болған адамға тағы әдеті,

Бір жақсылық қылады естен кетпес, -

 

деп суреттейді.

 

... Медғатқа көрсетермін өлсемдағы,

Неге көмек болмайды істің ағы... -

 

деп, Қасым Медғаттан кек алу үшін бұл істеп жүрген іс-әрекетін
өзінше «ақтық» жолындағы, әділетсіздікке қарсы күрес деп ұғады. Сөйтіп, ақын өзінің
дастанында өткен дәуірдегі жеке кекпен байланысты құлдар мен қожалардың
арасындағы күрестердің бір көрінісінің суретін бермекші болған.

            Жалпы алғанда
құл мен қожалардың арасында болған үлкен-үлкен күрестердің тарихи шындығы көп
болғанмен, қазақ әдебиетінде оның сәулесі аз болатын. Мағауияның «Медғат, Қасымының»
бұл жағынан алғанда ерекше мәні бар. Өйткені ескі ғасырлардағы Рим елдерінде
болған құлдардың қозғалыстарын тарихтан өткенде, оны оқушылардың көз алдарына
елестету үшін де бұл дастанның көмегі тиеді.

            Дастан -
тіл көркемдігі жағынан да құнды. Жаңа теңеу, жаңа эпитеттер тәрізді сөз
образдары өз алдына, әсіресе құндылығы - қаһармандарына романтикалық мінездерді
шебер түрде бере білушілігінде. Қаһармандарының ішкі сезімін, мінезін шебер
суреттеуде жас ақын Мағауияның ұстазы Абайдан үйренгендігі анық байқалады.

            «Медғат, Қасымды»
романтикалық дастан дедік. Оған дейінгі қазақтың ауыз әдебиеті, жазба әдебиеті
эпостық, лиро-эпостық және тарихи дастандарға бай болғанмен де, романтикалық
дастандар бізде жоқ болатын. Сондықтан бұл романтикалық дастандардың үлгілерін
Абай шәкірттері орыс әдебиетінен алды. Өйткені біріншіден, Мағауия, Ақылбайдың ұстазы
оларға шығысты емес, орысты өнеге етті. Екіншіден, бұлардың екеуі де орыс әдебиетін
еліктерлік дәрежеде жақсы білген. Ал шығыс әдебиетін олар еліктерлік дәрежеде
білді деуге дәлел аз. Осылардың жиынтығында бұл дастан орыс әдебиетіндегі
романтикалық дастандардың әсерінен туды дейміз. Әрине бір елдің ақыны екінші
елдің әдебиетіне, ақындарына еліктесе - өмір құбылысын тануда, көзқарасында
олармен өзара жақындықтары болатыны белгілі қағида. Демек, Абайдың тәрбиесінде өскен
Мағауияның да орыс әдебиетін нысанға алып, оған еліктеуі таңғаларлық нәрсе
емес.

            Қорыта айтқанда,
«Медғат, Қасым» дастаны тақырыбы жағынан болсын, құрылысы жағынан болсын, өз
кезінде жаңалық болды. ХІХ ғасырда қазақ әдебиетіндегі сюжетке құрылған
романтикалық дастан, романтизм стилінің қазақ даласындағы әсері деп «Медғат, Қасым»
мен «Қысса Жүсіпті» ғана айтуға болады. Сондықтан да оларды зерттеудің мәні
зор. «Медғат, Қасымды» оқу, талдау арқылы біз жалпы романтикалық дастан және
оның өзіне тән ерекшеліктерімен тұжырымды түрде танысамыз.