ВЕРНУТЬСЯ

    Шоқанның өмірі

   Шоқан Уәлиханов
18351 жылы ноябрь айында, Көкшетау облысы, Сырымбет тауына жақын Қошмұрын деген
жерде туған. Шоқан - Абылайдың шөбересі. Өз әкесі Шыңғыс, қарт әкесі - Уәлихан.

Абылай тұқымдары өзара хан-сұлтандық тізгінге тартысқанда,
Шыңғыс - орыс еліне арқа сүйеген адам.

    1Бұрынғы басылған кітап, еңбектерде Шоқанның туған жылын 1837
жыл деген мәліметтер кездеседі. Бірақ соңғы зерттеулер бойынша, Шоқанды 1835
жылы ноябрьде туды деген қорытындыға келіп отыр. Шоқанның негізгі
зерттеушілерінің бірі академик Ә.Марғұлан бұл туралы бұлжытпай мойындатарлық
екі дәлел келтіреді. Біріншісі, Шетелдер министрлігінің архивінде сақталған
дата да, екіншісі - Шоқан Уәлихановты орыстың географиялық қоғамының толық мүшесі
етіп сайлардағы өзі толтырған анкета. Сондықтан мұнан былай осы Шоқанның туған
жылы туралы датаны шексіз дәлелденген деп санауымыз керек.

Шоқан бала шағында өзінің туып-өскен жері Көкшетау,
Сырымбетте өзінің ата-анасының қолында тәрбиеленеді. Мұсыманша оқып хат танып,
кітап оқи алатын халге жетеді. Бірақ мұның білім болып жарытпайтындығына көзі
жеткен әкесі Шыңғыс Сотников деген бір оқымысты адамның кеңесі бойынша, Шоқанды
1847 жылы Омбыдағы Кадет корпусына оқуға береді.

Шоқанмен бірге оқыған оның жолдастары: «Шоқан Кадет
корпусына кірген кезде орыс тілін білмейтін еді, бірақ зерек еді, әсіресе, оның
ерекше көзге түсетін өнері - сурет салғыштығы еді», - деп жазады. Алайда, ол алғашқыда
орысша білмесе де, өзінің зеректегі арқасында орыс тілін тез үйреніп, өзі
шамалас оқушылардан анағұрлым озық шығып отырады. Өткір, алғыр, ізденгіш,
талапты, зерек жас Шоқан сабақты жақсы үлгеріп, өз бетімен де әртүрлі
кітаптарды көп оқып, өз класында көрнекті орын алады. Сол оқушы кезінің өзінде-ақ
Пушкин, Гоголь, Лермонтов, т.б. орыс классиктерін және батыс әдебиетінен
Диккенс, Теккерей, тағы басқаларды үзбей оқиды.

Сонымен қатар, сол кездегі әдебиетпен танысып отырады,
«Современник» журналын үзбей оқып, әлеумет өмірінің және әдебиет ағымының қай
бағытта, қалай дамып бара жатқандығын аңғара алатын өз кезінің саналы оқушысының
бірі болды.

Шоқанның оқушылар арасындағы айнымас жақсы досы болашақ үлкен
оқымысты, этнограф Г.Н.Потанин болған. Бұл екеуі оқуды бітіргеннен кейін де шын
дос болып қалады. Бұлардың өмірі мен еңбектерін зерттеушілердің қайсысы болсын
бұл жайға ерекше тоқталып, атап көрсетіп отырады. Шоқан 14-15 жасында-ақ өзінің
оқытушылары мен мектеп бастықтарының көңілін аударып, болашақ ғалымдығының ұшығын
(шет-жағасын) сол күнде-ақ көрсете бастайды. Бұл туралы Г.Н.Потанин былай деп
жазды: «... Шоқан білім жағынан тез өсті. Өзінің бірге оқыған жолдастарынан
білімі озық болды... Кадет корпусының бастықтары 14-15 жасында-ақ Шоқанға
болашақ зерттеуші, яки болашақ ғалым деп қарайтын... Ол кезде Шоқан көп оқитын.
Бұл көп оқуы оның сыншылдық қабілетінің артуына себепші болды. Оның
адамгершілік жөніндегі және кейіннен өзінің мамандығы болып кеткен шығыс филологиясы
жөніндегі пікірлері бізді таңғалдыратын еді».

Шоқанның оқып жүрген кезіндегі өзінің міндетті сабақтарынан
тыс терең шұғылданып, көп оқыған еңбектері әртүрлі жиһанкездердің өмірі мен ісі
туралы жазылған еңбектер болады. Мұның өзі Шоқанға үлкен әсер етеді. Ол жиһанкез
болуды, ең алдымен, Орта Азияны кезіп шарлауды, оны зерттеуді арман етеді.

Шоқан 1853 жылы өзімен оқитын жолдастарынан бір жыл бұрын
Омскідегі Кадет корпусын бітіріп, офицер атағын алып шығады.

Кадет корпусының соңғы курсында әскери ғылымнан оқылатын
мамандық сабақты оқуға Шоқанның мүмкіншілігі болмайды. Өйткені басқа ұлттың
адамы болғандықтан, оның ол курста сабақ тыңдауға правосы жоқ еді. Сөйтіп, оқуды
бітіріп шыққаннан кейін офицер атағын береді де, сол жылы 25 мартта Батыс
Сібірдің генерал-губернаторының адъютанты етіп тағайындайды.

Осы қызметті атқара жүріп Шоқан өзінің оқу-зерттеу жұмыстарын
тастамай, ұдайы ізденумен болады. Әсіресе Орта Азияның тарихына, оның
географиялық, этнографиялық жақтарына көп көңіл бөледі. Ол 1856 жылы қырғыз
елін зерттеу мақсатымен құрылған экспедицияға қатысады. Экспедицияны Хоментов
басқарады. Шоқан экспедициямен қырғыз елінің көп жерін аралайды, халықтың тұрмыс-салтымен
жақсы танысып, қырғыздың атақты эпосы «Манастың» мазмұнын жазып алады, кейін
осы эпосты орыстың даңқты ғалымдарына бірінші рет таныстырушы да Шоқан болады.
Бұл сапарында ол қырғызбен шектес Ұлы жүз қазақтарының мекендеп отырған
жерлерін, олардың шаруашылыққа жайлы-жайсыз жақтарын жақсы зерттеп, елдің әдет-ғұрпымен,
тұрмысымен, ескіден қалған әңгіме-ертегі жырларымен танысып, оларды да жинай жүреді1.

Сол экспедициядан қайтқаннан кейін, 1856 жылдың август
айында Шоқан орыс өкіметінің Құлжадағы сауда-саттық жұмыстарын басқаратын
арнаулы өкілі болып тағайындалады. Қытай еліндегі арнаулы өкіл болып жүрген
кезінде ол Қытай елінің тарихын, тілін, этнографиясын зерттейді.

Ол Құлжада 3 ай тұрып, Омскіге қайтып келеді. Мұнда
келгеннен кейін шығыс тарихын терең зерттесем, ол үшін білімді молайтсам деген
оймен әскери жұмысты тастап, Петербургке оқуға бармақ болады. Шоқанның бұл ойын
1856 жылы 5 декабрьде Ф.М.Достоевскийге жазған хатынан, Достоевскийдің оған қайырған
жауабынан анық көруге болады.

Шоқанның бұл ойын атақты географ П.П.Семенов-Тянь-Шанский де
мақұлдайды. Ол Шоқанның Петербургке барып, университеттің шығыс факультетіне түсуіне
кеңес береді. Шоқан өзінің ғылыми еңбегінің, зерттеулерінің және орыс ғалымдарының
оған көңіл аударуларының арқасында, 1857 жылы 20 жасында орыстың императорлық
географиялық қоғамының толық мүшесі болып сайланады.

1857 жылы Шоқанды қырғыз еліне әртүрлі материал жинауға жібереді.
Ал 1858 жылы Қашқарға жөнелтілген экспедициямен бірге көп тапсырмалар беріп,
оны Қашқарияға жібереді. Ол 1858 жылдың 27 сентябрінде Қашқарияға барып, 1859
жылдың 11 мартына дейін сонда болады. Ол жердің жаратылысы, этнографиясы,
тарихы, экономикалық және саяси тұрмыстары жөнінде көп материалдар жинап, өзіне
тапсырылған міндеттерді толық орындап қайтады.

 
  1Шоқан Уәлиханов. Шығармалары /ред. Басқарған
Н.И.Веселовский, басып шығарған Империялық географиялық қоғамы, С-С, 1904ж. -
12-бет.

Сол 5-6 айдың ішінде ұйғыр тілін үйренеді, шығыс тарихы
жайында сирек кездесетін кітаптарды қолға түсіріп алады. Қысқасы, аз уақыттың
ішінде көптеген ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді.

            Шоқанның бұл
экспедиция кезінде жинаған материалдары патша өкіметінің сол кездегі сыртқы
саясатына және соғыс мақсатына пайдалануы үшін құнды мәліметтер берді, сонымен қатар
Орта Азияның әлі мәлімсіз, зерттеліп жетпеген түкпір-түкпірін білу, тану ісіне
көмектесті, география ғылымына зор еңбек болып қосылды.

            Шоқан Қашқар
экспедициясынан қайтқан соң, 1860 жылы март айында Петербург қаласына келді. Мұнда
келгендегі негізгі мақсаты - оқып, білімін толықтыру болады. Ол күн-түн демей оқып,
үлкен оқымыстылардың лекцияларына қатысып, өзінің білімін көтереді.

            Сонымен қатар,
ғылыми жұмыстар да жүргізеді. Әскери министрдің тапсыруы бойынша, Кіші Бұхара
мен Қырғыз Ыстықкөлінің картасын жасайды және императорлық география қоғамының ғылыми
жұмыстарымен танысып, оларға қырғыздардың этнографиясы, географиясы, тарихы, тұрмыстары
жайлы көп мәліметтер береді. Сөйтіп, ол бұл жолы өзінің «Алты шардың
жай-жапсары», «Жоңғар тарихы» және қырғыз жайындағы басқа да біраз ғылыми еңбектерін
баспаға әзірлейді. Осымен бірге сол кездегі әлеуметтік-саяси мәселелерді көбірек
жазатын журналдарды үзбей оқып, айналасында болып жатқан тартыстар мен әлеумет өмірінің
ағымын толық түсінуші, саяси көзі ашық білімпаздардың бірі болып саналады.

            Шоқан
Петербургте көптеген ірі оқымыстылармен, жазушылармен танысып, пікір алысады. Өз
кезінің озат, пікірі ірі адамдармен достық қарым-қатынас жасауы Шоқанға көп нәрселерді
аңғартады.

            1861 жылы
ескі өкпе ауруы қайта қозғалғандықтан, Шоқан елге оралады, бірақ елге келгеннен
кейін де Петербургтегі пікірлес достарымен хат арқылы хабарласып отырады.

            1862 жылы
Шоқан Атбасарға аға сұлтан болғысы келеді. Ондағы мақсаты - елге шектен тыс әкімшілік
қысымын көрсетіп, зорлық-зомбылық істеп, парақорлыққа салынып, жүгенсіз кеткен
жергілікті өкімет орындарына қарсы күресу, сөйтіп, қиянатшыл әкімдердің
тепкісінде отырған бұқараға жәрдемін тигізу болады. Бірақ Шоқанның бұл ойы іске
аспайды. Қазақтың бай-феодалдары, Омскідегі патша өкіметінің ұлықтары қарсы шығып,
Шоқанды аға сұлтандыққа бекіткізбей тастайды.

            Шоқан бұл
жылдарда да ауылда қарап жатпайды. Өзінің дағдылы әдеті бойынша, ғылым ісімен шұғылданып,
халықтың ауыз әдебиетін жинау, зерттеу жұмыстарын жүргізеді.

            «Бақсылық
туралы», «Қазақтың шежіресі», «Қазақтың Ұлы жүзінің ертегі, аңызы туралы» атты
еңбектерін жазады. Шоқан өзінің осындай істері, ғылыми еңбегі, ақыл-кеңесі арқылы
бұқараға әсер етіп, оларды жаңалыққа сүйремек болады. Бірақ сол кезде қазақ
даласын қоршаған қараңғылық қай жағынан болсын Шоқанға бөгет бола береді. Әйтсе
де, Шоқан өзінің алған бағытынан қайтпай, Омск, Петербургтегі достары
Достоевский, Майков тағы басқалармен хат арқылы байланыс жасап, қазақтың әдет-ғұрпы,
ауыз әдебиеті туралы жазылған еңбектерін бастырмақшы болып, баспаға дайындайды.

            1863 жылы
Омскінің генерал-губернаторы Дюгамельдің шақыруы бойынша, Шоқан Омскіге келіп,
1864 жылға дейін сонда болады. Сол кезде Омскіде қазақ елін басқару, билеу жүйесіне
өзгерістер кіргізу жөнінде құрылған комиссия болатын. Шоқан комиссия жұмысына көмектесу
үшін шақырылады. Бұл комиссияның жасаған жобаларын сынап, Дюмагельге Шоқан өз
жобасын ұсынады және оның бұл ұсынысы қабыл алынады.

            Бұл жылдары
Шоқанның көп шұғылданған мәселесінің бірі - көшпелі қазақтардың мал
жайылымдарын қайткенде дұрыс пайдалануға болады деген мәселе еді. Ол жөнінде Шоқан
«Қазақтың көшіп-қонуы туралы» деген мақала жазады. Қысқасы, бұл кезде де Шоқан ғылыми
жұмыстан қол үзбейді.

            1864 жылы
24 мартта Ташкент қаласын алуға аттанған Черняевтың шақыруы бойынша, Шоқан Әлиеатаға
(қазіргі Жамбыл қаласына) келеді. Бірақ Ташкентке шабуыл жасау кезінде
Черняевпен келісе алмай, сол жылдың жазында Верный (қазіргі Алматы) қаласына
келеді. Одан кейін Жетісу қазақтарының бір бөлігін басқарушы Тезек төренің
ауылына барып жатады, осы кезде Тезектің қарындасына үйленеді.

            Мұнда да Шоқан
өзінің дағдылы ғылыми жұмысын тастамайды. Жетісу қазақтарының өмірін зерттей
бастайды. Албан, дулат елдерін басқару мәселесіне үлкен өзгерістер кіргізу
туралы жоғарғы орындарға ұсыныстар жасап, ірі-ірі әлеуметтік мәселелер жөніндегі
өз пікірін генерал-губернаторға білдіріп отырады.

            1864 жыл
мен 1865 жылдың арасында Шоқанның денсаулығы күн санап нашарлап, көкірек ауруы
асқына береді. Ақырында, 1865 жылдың күзінде сол аурудан қайтыс болады.

            Сүйегі
Алтын-Эмель маңындағы Кошен-Тоған деген жерге қойылады.

Қазақ тарихында өз кезіндегі әлеумет өмірінің
әр алуан мәселелеріне зор көңіл бөліп, оларды терең зерттеп, сол дәуірдегі мәдениетті
елдердің алдыңғы қатарлы демократ интеллегенттерінің пікірлерімен өрістес,
солардың көзқарастарына жақын пікірлер айтқан қазақтың тұңғыш ғалымы және
демократ интеллегенті Шоқан болды.

            Біз жоғарыда
Шоқанның жас кезінде-ақ ғылымға бейім, әртүрлі мәселелермен шұғылданғыш,
іздемпаз оқушы болғанын айттық. Оның болашақтағы демократиялық пікірлері де сол
шәкірттік кезінен-ақ қалыптаса бастайды. Шоқанның демократиялық идеясының да бір
тамыры осы Кадет корпусында оқып жүрген кезінде жатқан сияқты.

            Г.Н.Потаниннің
айтуынша, «Кадет корпусы ол кезде Сібірдегі таңдаулы оқу орындарының бірі
болды». Демек, Шоқанның бойына біткен табиғи талап, ізденпаз қасиетінің үстіне
оның сол кездегі «таңдаулы оқу орнында» оқуының мәні де үлкен болғаны сөзсіз. «Ұяда
не көрсең, ұшқанда соны аларсың» дегендей, Шоқанның он жасынан бастап тәлім-тәрбие
алған оқытушыларының жас Шоқанға, оның ғылымға талпынуына болсын, келешектегі
демократиялық идеясының қалыптасуына болсын тигізген әсері аз емес.

            Шоқан оқушы
кезінің өзінде-ақ оқытушыларымен тығыз байланыста болып, олармен әрдайым
пікірлес болған. Потаниннің айтуынша, Шоқанның ой-пікіріне көбірек әсер еткен оқытушылары
Гонсевский және Костылецкий болған.

            Г.Н.Потанин
Шоқанның оқушылық кезін еске түсіре келіп: «... Гонсевскиймен жақын болып,
пікір алысуларының арқасында Шоқан сол кездегі саяси көзқарастармен танысты. Бұл
оның жолдастарына, соның ішінде маған, қолға түспейтін кітап тәрізді болатын.
Бізден жасы кіші болса да, өзімізбен салыстырғанда ол үлкен сықылды еді де,
біздер оған қарағанда бала тәрізді едік. Өзінің бізден артық білетіндігін, не
бізден білімі жағынан жоғарылығын білдіруге тырыспаса да, жолдастардың арасында
болатын жай әңгімелердің өзінде-ақ оның білімінің бізден артығы танылып қалатын.
Жалпы жолдастарына, соның ішінде маған, ол еріксіз «Европаға ашқан терезе» сықылды
болды», - дейді.

            Шоқан «Современник»
журналын оқып, Россияда күнбе-күнгі болып жатқан саяси ағыммен таныс болуы да
жоғарыда айталған Гонсевскийдің әсері болса керек.

            Кадет
корпусын бітіріп шығып, губернаторға адъютант болып істеп жүрген кезінде де Шоқанның
Омскідегі жоғарғы интеллегенттердің ортасында болуы оның болашағына әсер етті.
Потаниннің айтуы бойынша, оның саяси бетінің айқындалуына тағы бір әсер еткен
адам С.Ф.Дуров болады.

            Дуров
Петрашев ағымының беделді адамдарының бірі, өз кезіндегі Россияның саяси-әлеуметтік
құрылысын, оның төрешілдік сүйегіне сіңген аппаратын, мәдениет жағынан артта қалушылығын
қатты сынап, демократиялық және социалистік идеяны көпшілікке үндеуші адам болған.
Оның әр алуан ісі, үгіт-насихат жұмысы, шығармалары өзінің жолдастарына да,
онымен қарым-қатынасы болған басқа адамдарға да үлкен әсер еткен. Сондықтан да
патша үкіметі Дуровты Сібірде айдауда болған жерінен босатылғаннан кейін
Омскіге жер аударылған.

            Дуров пен
Шоқанның үлкен дос және көп мәселелер жөнінен пікірлес болғандығын оның өз сөзінен
де байқауға болады. Г.Н.Потанинге Дуровты сырттай таныстырғанда Шоқан: «... Ол -
толық білімді және жаны жақсы адам ...» - дейді. Осы екі ауыз сөздің өзінен де
Дуровқа оның қалай қарағандығын аңғаруға болады.

            1854 жылы
Шоқан атақты жазушы Ф.М.Достоевскиймен танысып, екеуі өмір бойы дос болып өтеді.
Достоевский де жоғарғы айтылған петрашевшіл үйірмеге қатысқандығы үшін төрт
жылдай Омскі абақтысында отырып, 1854 жылы Семейге жер аударылған. Міне, Шоқан
осы жағдайларда Достоевскиймен танысып, ұлы талант, ірі суретшінің өмірге көзқарасын
түгел қолдамаса да, жазу тәжірибесі, өмірді бақылау әдістерімен жақсы танысады.
Кейін Петербургке барған кезінде Достоевскиймен таныстығының Шоқанға үлкен
пайдасы тиеді.

            Шоқанның
Потанин, Дуров, Гонсевский, Костылецкий, Достоевский, Майков, т.б. сияқты орыс
халқының алдыңғы қатарлы жазушы, ғалымдарымен жақын дос, сырлас, мұңдас болғанын
және олардың Шоқанды шын жүректерінен жақсы көріп, бағалағанын Г.Н.Потаниннің,
Н.Ядринцев, тағы басқалардың еске түсірулерінен де көруге болады. Мысал үшін
Ф.М.Достоевскийдің 1850 жылғы хатынан бір үзінді келтірелік.

            «... Сіз, -
дейді Ф.М.Достоевский, - мені жақсы көремін деп жазыпсыз. Ендеше мен туралап
айтайын, мен сізді жанымдай жақсы көремін. Мен Сізді жақсы көргендей, еш уақытта
да, ешкімді де, керек десе туған аға-інімді де жақсы көрген емеспін, мұның
себебін құдай білсін...»1

            Сонымен қатар
бұл кез бүкіл Россияда қоғамдық ой-сананың оянған кезі еді. Патшалық құрылысты
сынға алу, әртүрлі саяси тілектер қойып, қарсылық білдірушіліктің көбеюі тек қана
орталыққа тән нәрсе емес, орталықтан алыс жерлерге де шарпуы тиген еді.

            Бұл кез атақты
демократ жазушы Салтыков-Щедриннің, Чернышевскийдің әңгіме, мақалалар жазып, ұлы
майданның тартысына түскен кезі болды. Олардың дабылы Омскіге де жетіп жатты.
Шоқан болып жатқан саяси тартыстармен газет, журналдар арқылы жақсы таныс
болды.

            Ол кезде
айдаудан қайтқандардың бәрі де, тіпті декабристер де, петрашевшілер де Омск арқылы
қайтып жататын. Омскіге бұлардан басқа да жаңа адамдар келе бастады. Омскідегі
Кадет корпусына Чернышевскийдің досы Лободовский келді. Шоқан онымен де
танысады. Мұның үстіне Шоқанның Петербургте болған жылдары Россияда
крепостниктік правоны жою-жоймау мәселесі қатты қолға алынып, ол мәселенің
айналасында күрестің қызу жүріп жатқан кезі болды.

            Россияның әлеуметтік
өміріндегі әр алуан өзгерістер, күрес-тартыстар, орыстың революцияшыл ұлы демократтарының
озат пікірлері Шоқанға қатты әсер етті, дүниеге көзқарасын өзгертті. Шоқанда
байқалатын демократиялық идеяға бой ұрудың негізгі бір сабағы осында десек,
екінші сабағын қазақ халқының, әсіресе оның езілушілерінің ауыр халі, қиын жағдайларын
көре білуінде деп ұғуымыз керек.

 

 

Қай кезде
болсын демократтық бағытқа тән негізгі ерекшелік - өз халқының езілушілерін сүю.
Халықтың көпшілігімен қоян-қолтық келіп, олардың мұң-мұқтажын көре біліп,
солардың жоқшысы, жаршысы болуды арман ету. Езілуші бұқараның ауыр тұрмысын жеңілдетуге
қолынан келген бар мүмкіншілігін жұмсау. Шоқанның өмірі де, жазған еңбегі де
осыны дәлелдейді. 

            Шоқанның өз
халқының келешегіне көз жіберіп, қайткенде оның елдігін сақтау, қай жолмен
дамуы, ілгерілеуі керек, халық көпшілігін сорып жатқан абжыландар кімдер, жалпы
елдің ілгерілеуіне бөгет болған қай қырсық, осылар тәрізді әлеуметтік мәні зор,
келелі мәселелерге жауап іздеген кезінің әлеуметтік қайраткері екендігін өзімен
бірге оқыған орыс жолдастары мен замандас ғалымдары да растайды. «Шоқан өз халқын,
өзінің тайпасын жақсы көруші адамдардың бірі болып қала алды. Онда өз елінің
халықтығын сақтап қалушылық пен европалық ағартушылықтың басын қосса деген қиял
болушы еді...», - деп жазды Шоқанның жақын жолдастарының бірі Ядринцев.

            Шоқанға
халықтың қалай қарағандығы жөнінде Ядринцев сол еңбегінің екінші бір жерінде:
«... Қазақ даласындағы шалдармен әңгімелесіп, Шоқанды еске түсіргенде, олардың
аппақ сақалдарын ыстық жаспен жуып егілетіндігін өз көзімізбен көрдік. Шоқан өз
елінің мақтаны, әрі сүйікті ұлы еді. Ол жұртшылықтың жүрегінде тап осы дәрежеде
сақталған еді...», - деп жазды.

            Шоқанның өз
халқын сүйгендігін дәлелдеу үшін жоғарғы айтылған пікірге досы Потаниннің ол
туралы жазғандарын және өзінің сот реформасы жөніндегі мақаласын қоссақ, оның
шын мәнінде патриот екендігіне шәк келтірмейміз. Шоқан ел тағдырын дұрыс шешіп,
айқын бағыт сілтеуді күрделі мәселе деп түсінді, елді басқару ісіне ерекше мән
берді. Сондықтан Көкшетау еліне аға сұлтан болуға тырысты. «Мұндағы мақсатым - өз
халқымды әкімдер мен зорлықшыл бай қазақтардан қорғау еді», - деп жазды Шоқан
1862 жылдың 12 декабріндегі Потанинге арнаған хатында.

            Сол жылы 6
декабрьде Майковқа жазған хатында әлгі пікірін тіпті ашық айтады. «Жергілікті сұлтандармен,
қара сүйектерден шыққан байлармен келісе алмай жүрмін, - деп жазды Шоқан, -
себебі олар өздерінің құлдарын өте нашар ұстайды, құлдардың олардан азат болғысы
келеді, бірақ қалай азат болудың жолын білмейді. Мен олардан (сұлтандар мен
байлардан) жалшыларына еңбекақы төлеуді, адам қатарында ұстауды үнемі талап
етем. Сондықтан даланың пролетариаты мені жақсы көреді, мен олармен доспын».

            Шоқанның бұл
сөзінен оның ауылда кімді дос, кімді қас санағандығын айқын көреміз. Сөйтіп, қазақ
оқымыстыларының арасынан қазақ елінде тілегі қайшы екі таптың бар екендігін алғашқы
рет көрген де, ашып айтқан да, тап қайшылығын түсіне келіп, қаналушы көпшіліктің
жоқшысы болған да Шоқан еді деуге болады.

            Біз жоғарыда
Шоқанның өмірбаянымен байланысты, ол 1864 жылы генерал-губернатор Дюгамельдің
шақыруымен Омскіге келіп, «Сібір қазақтарына жүргізілетін ел билеу реформасын»
жасауға қатысты, сол туралы өзінің жобасын ұсынды дедік.

            Шоқанның
демократиялық көзқарасын айқындауда бұл еңбегінің мәні өте зор. Шоқан өз
жобасында мәселеге тарихи, теориялық мән беріп, терең толғап, кеңінен алып
шешпекші болды.

            «... Біздің
заманымызда халықтың нағыз мұң-мұқтажына тікелей қатысы бар, халыққа ең маңызды,
ең керекті реформа - экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформа сол
экономикалық реформаларды жүзеге асырудың құралы есебінде жүргізілмек. Өйткені әрбір
адам және бүкіл адам баласы өзінің өрлеу жолында түпкілікті бір мақсатқа ұмтылады...
ол мақсат - өзінің тұрмысын жақсарту. Прогресс дегеніміздің негізінің өзі -
осы. Біз осы тұрғыдан алып қарасақ, адамның тұрмысын жақсартуға жағдай туғызған
ғана реформалар керекті де, ал осы мақсатқа қандай болса да кедергі келтіретін
реформалар болса, ондайлар халыққа зиянды, керексіз реформа болып табылады...»1

Сөйтіп Шоқан жүргізілгелі тұрған реформаға ерекше мән берді,
қазақ халқының, азаматтық жағынан өсіп-өркендеуге зор үміт туғызып отырған
миллиондардың тағдырымен байланысты мәселенің барынша дұрыс шешілуін көздеді.

            Сол елдің
болашағы үшін келешекте Россия империясының қамқорлығы керек екендігін, әйтпегенде
өз беттерімен жарқын жол таба алмайтындығын, ол елдің ұлы орыс халқын шын бауыр
тұтып, арқа сүйер аға көретіндігін дәлелдеді.

«Біз - Батый татарларының ұрпағымыз, орыстармен тарихи жағынан
да және тіпті қан араласу жағынан да тығыз байланыстымыз. Азаматтық жағынан өсіп-өркендеуде
зор үміт туғызып отырған, орыстарды отандас туысқанымыз деп санап отырған және
орыс мемлекетінің қарамағына өз еркімен кіріп отырған миллиондаған адамдардың
тағдырын Шекспирше айтқанда, «не тіршілік етуі, не құруы керек» сияқты үзілді-кесілді
мәселелерді шешерде көбірек көңіл бөліп, көбірек қамқорлық жасауға тұратын сияқты...»,
- деді. Алайда халық тағдырымен байланысты осынша күрделі мәселеге кейбір үстірт
қараушылық бар екендігін айтты.

      1Шоқан Уәлиханов. Мақалалары мен хаттары. - Алматы, 1949ж. -
48 бет.

«... Бізге, қазақтарға, облыстық бастықтар арасында әдетке
айналып кеткен үстірт қараушылықтың салдарынан ғана облыстық басқарманың
жанындағы комитет өз жұмыстарының басты негізі етіп ешбір талғамастан сұлтандардың,
билердің және басқа да қазақ шонжарларының пікірлерін алып отыр және сол әбден
сүйекке сіңген үстірт қараушылықтың салдарынан ғана өзінің жобасында ол қазақ
халқының ардақталынған табы - қазақ аристократтары «қара халық» деп атайтын қазақ
халқы керексіз тауып отырған көпшілік үшін керексіз және зиянды қайта құрылыстар
мен өзгерістерді бекітіп отыр. Халықтан жиналған пікірлерді дұрыс талдап-бағалау
үшін комитеттің, ең болмағанда, қазақтардың сословиелік қарым-қатынастарына және
олардың өз араларындағы орыс басшыларына қалай қарайтындықтарына назар аудару қажет...»,
- деді1.

Реформадағы осындай үстірт қараушылықты айта келіп, Шоқан бұл
мәселеге халықтың, яғни «дәулетсіз, шен-шекпенсіз қарапайым қазақтардың» кеңінен
қатыстырылуын, солардың пікірлерімен санасу керек екендігін, реформаны ақсүйектер
емес, қалың бұқараның тілек-мүддесіне сай жүргізілуін талап етті.

«... Халықтың, әсіресе надан және жартылай тағылық дәрежеде
тұрған халықтың пікірін халықтың шын мұқтажын білдіреді деп тануға бола
бермейді. Ал қоғамның ардақталған топтарының пікіріне халықтың шын мұң-мұқтаждығына
мүлдем қайшы келетін пікір деп қарау керек, өйткені мәдениетті қоғамның өзінде
де атақты бай адамдардың мүдделері бұқараның, көпшіліктің мүдделеріне көбінесе қарсы
болып отырады»2.

Тап қайшылықтарына Шоқан тарихи көзбен қарап, мәдениетті
елдердің өзінде де езуші тап пен езілуші таптың арасындағы қайшылықтың атам
заманнан бері келе жатқандығын көрсете келіп, қазақтың өз жағдайымен
байланысты: «Аға сұлтандардың араға түсуі арқылы екі жағы да бір-біріне кеңшілік
жасап, мынадай келісімге келді: билер болыстарға, болыстар билерге, ал болыстар
мен билер сұлтандарға кедергі жасамайтын болды... Қарапайым халықты қанауға қазақ
әкімдерінің бір-біріне кедергі жасамауы үшін оларға керегінің өзі де осы
болды...», - деді3.

Осымен қатар сол кездегі халықты қанаудың бір түрі -
алым-салық жөнінде де жергілікті өкіметтің істеп отырған істерін қатты сынайды.

            Бұл
келтірілген үзінділердің қайсысын алсақ та, Шоқанның жаны ашитыны қалың бұқара,
езілуші халық екендігін, жай халықты байлар мен сұлтандардың қанап отырғандығын
көре біліп, содан шығудың жолын іздегендігін көреміз.

1Бұл да сол кітап, 50 бет.

2Бұл да сол кітап, 54 бет.

3Бұл да сол кітап, 54 бет.

     Шоқанның үстем
таптан шықса да, халықты кімдер қанап отырғандығын дұрыс көре білуі, халыққа
жаны ашып, олардың мұң-мұқтажын ойлауы - оның демократтығы еді. Бірақ ол
Чернышевский, Добролюбовтардың дәрежесіне көтеріліп, революцияшыл демократ бола
алған жоқ. Халықтың халық болып, ел қатарына қосылып, мәдениетті, іргелі ел
болуы, ел болмауы реформаның қалай жүргізілуіне байланысты деген түсінік Шоқанда
басым болды.

            Әрине ол үшін
Шоқанды кінәлауға болмайды. Ол кездегі қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық тұрмысының
артта қалуы, Шоқанның революцияшыл-демократтардың сатысына көтерілуіне мүмкіндік
бермеді. Әйтсе де өз дәуірі, өз кезіне қарағанда, қазақ даласындағы тап қайшылығын,
бұқара халықтың мұң-мұқтажын көре білуі, өз кезінде қазақтың саяси-әлеуметтік құрылысын
демократияландыруға ұмтылуы үлкен прогресшіл, демократиялық идея болатын. Сондықтан
да оны қазақтың өз ішінен шыққан тұңғыш демократ дейміз.

    Шоқанның оқушылық кезінен бастап, қайтыс болған күніне
дейінгі өмірін шолып өтсек, оның ұдайы ғылыммен шұғылданған адам екендігін көреміз.
Әрине, қалдырып кеткен үлкен монографиялық еңбегі жоқ. Бірақ қысқа-қысқа мақала,
ғылыми баяндамаларының өзінен де оның зор білімді, ғылыми-зерттеу мәселелеріне қалыптанған,
оның әдісін толық меңгерген, шын мәніндегі ғалым екендігін мойындамауға
болмайды. Шоқанның ғылыми-зерттеу еңбектері әр алуан: тарих, география, право,
дін, фольклор, әдебиет, этнография, тағы басқалар.

            Қай мақала,
қай жұмысын алсақ та, Шоқан өзінің алған тақырыптарын барлық жағынан терең
зерттейді, олар жайлы бұрын-соңды жазылған еңбектермен толық танысады, дұрысын
мойындап, қате дегендерін сынайды, өзі оған қалай қарайтындығын көрсетіп
отырады.

            Шоқан тек
мамандықты ғана жақсы білетін ғалым емес, ол - әр жақты ғалым. Бұл, бір жағынан,
Шоқанның зеректігін, ғылыми жұмысқа қабілеттілігін көрсетсе, екіншіден, ол
кездегі қазақ елінің тарихи жағдайы Шоқанды ғылымның әр саласын зерттеуге мәжбүр
етті. Өйткені ол қазақтың бірден-бір оқыған адамы болды. Сондықтан да қазақтың
тарихи шежіресі, этнографиясы, әлеуметтік құрылысы, тағы басқа жақтарымен
байланысты мәселелерді сол кездегі орыстың мәдениетті, оқымысты ғалымдар жұртшылығының
алдына салу үшін оған көп оқып, көп зерттеу, ғылымның қай саласынан да білімді
адам болу керек болды. Оның үстіне Шоқан сол кездегі орыс ғалымдарымен тығыз
байланыс жасап отырды. Ғылымды меңгеру жөнінде де олардың Шоқанға үлкен әсер
еткені даусыз. Сөйтіп, осы айтылған екі жағдаймен байланысты оның ғалымдық жолға
түсуі қалыптасты. Шоқан ғылым дүниесінде өзін замандас оқымыстыларына шын ғалым
ретінде танытты. Императорлық географиялық қоғам басып шығарған Шоқан Уәлихановтың
шығармаларына жазған бас мақаласында академик Н.И.Веселовский: «Шоқан Уәлиханов
Шығыстану әлеміне құйрықты жұлдыздай жарқ етіп шыға келгенде, орыстың шығыстану
ғылымының жолындағы ғалымдар оны үздік күш деп түгел мойындап, түрік халқының
тағдыры туралы онан маңызы зор, ұлы жаңалықтар ашуды күткен еді, бірақ Шоқанның
мезгілсіз өлімі біздің бұл үмітімізді үзіп кетті...», - деп жазды.

            Шоқанның
тарих, этнографиялық, географиялық бағалы ғылыми еңбектерімен қатар, оның әдебиет
мәселелерімен де тікелей байланысты еңбектері аз емес. Оның әдебиет туралы қалдырған
мақала, еңбектерін екі салаға бөлуге болады: бірі - қазақ, қырғыз елдерінің өзінше
құнды, бағалы деп тапқан кейбір нұсқаларын қағаз бетіне түсіріп жазу; екіншісі
- фольклор және аты мәлім әдебиет тарихының өкілдері жайлы, әдебиеттің кейбір
теориялық мәселелері туралы өзінің көзқарасын аңғартып, құнды талдаулар беру.

            Шоқан Уәлихановтың
жинастырғандары - Қырғыз халқының атышулы эпосы Манастан үзінді («Көкетай ханның
өлімі және оның асы»), «Ер Көкше», «Ер Қосай» туралы аңыз, «Өлі мен тірі және
олардың достықтары» туралы аңызы, «Шона батыр» ертегісі, т.б. Сонымен қатар, қазақтың
атақты жыршылары Жұмағұл, Жанақ, Арыстанбайлармен таныс болып, олардан жазып алған
қазақтың ескі жыр, ертегілері.

            Шоқан осы әдеби
мұралар туралы ғылыми қорытынды, пікірлер айтқан («Манас», т.б.). Оның «Бірінші
санды қолжазба» дейтін мақаласының көп жерлері әдебиеттің тарихи және теориялық
мәселелеріне тікелей қатысы бар. Шоқанның фольклор, әдебиет нұсқаларын жинап,
кейінгі ұрпаққа жазба түрде қалдыруының мәні зор. Өйткені ең алдымен Шоқан
тарихи маңызы бар шығармаларға көңіл бөледі және кейбіреулері тарихи адамдардың
атымен байланысты десек, ал кейбіреулерінің жалпы фольклорды, оның өсу кезеңдерін
тану, білу үшін ғажап құнды мұра деуге болады. Мысалы: қырғыз халқының «Манас»,
«Сәметей» туралы дастандары - эпостың кемеліне келіп жетіскен кезін көрсететін
және көлемі жағынан дүниежүзінде теңдесі жоқ эпостар. Бұлар оқиға құру, адам
образдарын жасау жағынан да аса құнды эпостар болып саналады. Қырғыз халқының бұл
эпостары елдің өткен өмірінің сәулесі болуға жарарлық шығарма деп, Шоқан жоғары
бағалаған.

            Жазуы жоқ
елдердің өткен тарихы мен салтын тануымыз үшін мұндай ұзақ желіге құралған күрделі
эпостардың үлкен мәні барлығын Шоқан дұрыс түсініп, соны қырғыз елінің
«Манасының» үлгісінде көрсетпек болған.

            «Манас»
бірінші рет Шоқан арқылы баспаға түсіп, орыс ғалымдарына Шоқан арқылы мәлім
болды.

            Қырғыз, қазақ
халқының ертегілері мен аңыз, өлең-жырларының тарихи мәні туралы Шоқан Уәлиханов
былай деп жазды: «Егер жұрттың айтуынша, Геродот жинаған Гомердің көркем өлеңдері
мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егер де өзгеріліп, мысал тәрізді
болып кеткен аңыздардың негізінде уақиға, шындық жататын болса, қырғыздың
ата-бабаларының өмір тұрмысын, әдет-ғұрпы жағынан қамтып, белгілі бір жүйеде
суреттеген, сол елдің өткен кездегі өмірінің сәулесі болған аңыздарын алып, ол
халықтың осы күнгі мінез-құлықтарымен және олар жөніндегі тарихи нұсқалармен
салыстырсақ, ол аңыздардың тарихи мәні болуының мүмкіндігіне күдіктенбеуіміз
керек...»1.

            Шоқан ноғайлы
дәуірінен қалған жырларды жинағанда да көбіне тарихи адамдардың атымен
байланысты, негізінде тарихи дерегі бар әңгіме-жырларға көбірек көңіл бөлді. Әрине,
Шоқан тарихи әңгіме, жырлардың көркемдік мәнін де бағалай білді, алайда сол әңгіме,
жырлардың тарихпен байланысты жағын бірінші орынға қояды. Бұл туралы Шоқанның
мына сөзін еске алуға болады: «Маған, - дейді Шоқан, - қазақтардың арасында тағы
бір-екі жыр мәлім. Біреуі «Ер Көкше мен Ер Қосай» деп аталады. Ол жырда уақ
руынан шыққан Ер Көкше мен оның баласы Ер Қосайдың күшті ру қыпшаққа қарсы соғыстардағы
ерліктері суреттеледі. Бұл жырдың тарихи жағынан қызықты еш нәрсесі де жоқ,
онда қатысушы қаһармандарының аттары да бізге мәлім емес, бірақ өлеңдері көркем,
дыбыс әуезділігі күшті, жыр уақиғасы басынан аяғына дейін қызықтырып отырады, әсіресе
көңіл аударарлық бір жері, бірінші бөлімінде бас қаһарманы жеңіліске ұшырап,
жаралы халде жау қолынан өлуі деуге болады. Соңынан Көкшенің ұлы Ер Қосай қыпшақтардан
әкесінің кегін алады. Бұл жырда өткен дәуірдегі дала жауынгерлерінің барлық
стратегиясы мен тактикалары толық баяндалады, жырдың қызықтырарлық жағы деп
осыны ғана айтуға болатын сықылды...»2.

            Шоқан әдебиет
теориясының да кейбір мәселелерімен шұғылданған қазақтың поэзиясының жанры, түрі,
өлең құрылысын зерттеген, қазақтың өлең құрылысымен орыс ғалымдарын таныстырмақшы
болған.

            Қазақ өлеңдерін
Шоқан жыр, жоқтау, қара өлең, қайым өлең, өлең деп беске бөледі. Қайсысы ескі түр,
қайсысы жаңарақ, олардың қайсысын кімдер айтады, міне, осы жағына талдаулар
береді.

 

 

1Шоқан шығармалары. - Импер.геогр. қоғ. Энт. Бөл., ХХІХ том,
С.П.

2Бұл да сонда. Шоқан Уәлиханов. Шығармалары, 225-бет.

            Шоқанның қазақ
өлеңдеріне берген бұл анықтаулары - сыртқы түр жағынан ғана берілген анықтамалар.
Қазақ өлеңдерінің құрылысының негізі жағынан алсақ, Шоқанның қателіктері жоқ
емес. Оның негізгі қатесі - қазақ өлеңдері құрылысының силлаболық жүйеге
жататындығын аңғармай, жыршылардың өлең айтқанда, не шығарғанда қобыз, не
домбыраға қосып айтуына қарап, қазақ өлеңінің құрылысын басқаша түсінуінде. Қазақ
өлеңдерін сөз еткенде, оларды буын жағынан алып бөлмей, түр жағынан алып бөлудің
себебі де осыдан келіп шыққан.

            Жоғарыда
айтқан бес түрлі өлеңді буын жағынан алғанда, 7 буынды, 11 буынды деп екіге ғана
бөлуге тура келеді. Алайда сыртқы түр жағынан алғанда, Шоқанның бақылауы дұрыс,
қазақта ондай өлеңдердің түрлері бар.

            Әдебиет
теориясымен байланысты пікіріндегі кейбір кемшіліктері үшін біз Шоқанды кінәлай
алмаймыз. Өйткені Шоқан әдебиеттің теориялық мәселелерін жеке мәселе етіп, оны
зерттеуді мақсат етіп қоймаған. Бұл жөніндегі пікірлері, көбіне басқа мәселелермен
байланысты, сөз арасында айтылған өзінің алғашқы бақылаулары ғана деп ұғуымыз
керек.

            Бірақ аз да
болса ол жөнінде пікір айту фактісінің өзі біз үшін өте керек. Өйткені ХІХ ғасырдың
бас кезінде қазақта қандай өлеңнің түрлері бар екендігі жөнінде өз кезінің оқымысты
адамының бақылаулары қазіргі зерттеушілер үшін құнды мәлімет болып
есептелінеді.

            Шоқанның әдебиет
мәселелері жөніндегі аса бір құнды пікірі мынау. Ол менменсіген Европа ғалымдарының
көшпелі халықтар, олардың мәдениет мәселелері жөніндегі жат пікірлеріне соққы
берді. «Көшпелі елдерді аң тәрізді жауыз тобыр санап, беталды жүрген тағылардың
есебінде түсінетін жалған ұғым қазірдің өзінде де Европада үстем болып келеді.
Олардың көшпелі моңғол немесе қазақтар туралы ұғымдары бұларды тұрпайы, мал тәрізді
тағылар деген пікірмен тығыз байланысты. Ал шындығына келгенде, сол тағылардың
көбінің жазба түрінде немесе ауыз әдебиеті, аңыз-әңгімелері бар... Өлеңге, әсіресе
суырып салма өлеңге бейімділік барлық көшпелі елдердің өзіне тән ерекшеліктер
деуге болады...»1, - деп жазды Шоқан бұл жөнінде.

            Орыс мектебінде
тәрбие алып, орыс ғалымдарының еңбектерімен жете танысқан, орыс қоғамының озат
пікірлерінен қорек алған қазақтың тұңғыш оқымыстысы Шоқанның менмендікке
кеудесі толған Европа оқымыстыларын өлтіре сынап, олардың пікірлерінің
терістігін фактілермен дәлелдеп беруі тек сол кез үшін ғана емес, қазірдің өзінде
де мәні зор.

   1Бұл да сонда, 192-бет.

            Шоқанды біз
қазақтың тұңғыш ағартушысы, ол қазақтың мәдениетті ел болуы орыс халқымен достық
қарым-қатынасқа, ұлы орыс халқының мәдениетін үйрену, соны меңгеруіне
байланысты екендігін бірінші рет дұрыс түсінген, осы мәселе жөнінде қазақ
тарихында бірінші рет пікір айтқан, сол пікірінің жүзеге асуын арман еткен адам
болды дедік.

            Шоқан
кезінде қазақ даласына жайыла бастаған ислам дінімен байланысты араб, парсы мәдениетімен
қатар орыс мәдениеті де ене бастаған еді. Араб, парсы мәдениетін таратушы да, қолданушы
да татар молдалары болды. Қазақтардың мәдениеттенуіне ол кезде еш көңіл бөлмеген
патша үкіметі арабшылдық бағытты қолдады. Сондықтан да кертартпа араб мәдениетін
таратушы татарлардың шалағай молдаларына толып жатқан кеңшіліктер, шексіз
праволар берді.

            Шоқан патша
өкіметінің бұл саясатын қолдамады. Өйткені ислам дінімен біте қайнасқан араб мәдениеті
орыс мәдениетіне қарағанда өмірді түсінуге пайдасыз, жоқ нәрселерді үйретумен
басты қатыратын кертартпа «мәдениет» болатын. Шын ғылым көзімен қарағанда, оның
қазақ даласына жайыла бастаған түрі мәдениет емес, діншілдіктің мықты торы
болатын.

            Мұны жақсы
түсінген Шоқан қазақ мәдени дамуы үшін ислам дінінің зиян екендігін ашық айтып,
барынша қарсы шықты. Бұл туралы Шоқан былай деп жазды: «Жалпы алғанда, қазақ
европалық мәдениетке жету үшін орыстардың византиялық дәуірді басынан кешіргені
тәрізді, татар дәуірін бастан кешіруге мәжбүр болып отыр. Қазақтың алдында тұрған
бұның болашағы өліммен тең деуге болады. Өйткені византияшылықты қаншама сұмырай
десек те, ол христиандықты енгізді, христиандықта ағартушылық элементінің бар
екендігі даусыз еді. Ал ой-пікірі тың, не нәрсені болсын қабылдауға қабілетті қазақ
халқы ой мен сезімнің өсуіне бөгет жасау ғана қолынан келетін татар ағартушылығынан
өлі схоластика болмаса, басқа не күтуі мүмкін. Біз қайткенде де татар дәуірін
аттап өтуіміз керек, мұның үшін өкімет бізге көмектесуі қажет. Суға кетіп бара
жатқан адамға көмек қандай керек болса, бұл туралы бізге де көмек сондай керек.
Мұндай адамгершілік істі жүзеге асыру үшін, бірінші ретте, ислам идеясы мен
молдаларға деген қамқорлықты өкімет қайтып алып, молдалар басқаратын
округтердегі татар мектептерінің орнына орыс мектептерін ашу керек...»1.

            Сөйтіп Шоқан
өз еңбектерінің көпшілігінде қазақ халқы мен ұлы орыс халқын қай жағынан болсын
жақындастыруға күш салды. Шығыстың кертартпа мәдениетінен елін аулақ ұстап,
орыс мәдениетіне, батыс мәдениетіне қол созды. Ол қазақ халқының ілгері дамуын
аңсады. Оның ішінде еңбекші бұқараның ауыр тұрмысын жеңілдетуді көкседі. Қорытып
айтқанда, Шоқан қазақ тарихында демократиялық пікірді тұңғыш қолдаушы адам
болды.

 

 

1Шоқан Уәлиханов. Шығармалары, 194-195-беттер

 «Нағыз, шын
әділдігін айтқанда, Уәлихановты үздік адам деп айтуға болады. Уәлиханов өз
еліне шын берілгендігін, оны терең сүйетіндігін, қазақтың тұрмысын жақсы көрушілігін
сақтай алуымен қатар, батыстың мәдениетін де жоғары бағалады және өз халқының қызықты
келешегі тек қана Россияның қамқорлығымен болатындығын күні бұрын болжай
білді...»1, - деп жазды орыс империясының географиялық қоғамы.

            Географиялық
қоғамның Шоқанға берген бұл бағасы - негізінен дұрыс баға. Шоқанның қиядағыны
болжаған көрегендік пікірі, оның артына қалдырған еңбектері - біз үшін мейлінше
құнды. Ол қазақ халқын орыс халқымен достастыруды көздеді, қазақ халқы тек ұлы
орыс халқының қамқорлығымен ғана алға баса алатындығын өзінше дәлелдеді және
тарихи көзбен қарағанда, бұл сияқты бірден-бір дұрыс пікірдің қазақ жағдайында
тұңғыш рет жаршысы болды.

            Бұл күні бүгінге
шейін мәні зор, актуалдық мәселе десек, сонымен қатар оқуға, ғылымға талпынушы,
советтік ұлы Отанының коммунизм құрудағы күрделі істердің керегіне жарарлық шын
мәніндегі маман болып шығамын деушілер үшін де Шоқанның өмірі мен қызметінде де
үлгі, өнеге аларлық жағы көп.

            Шоқан 1847
жылы Кадет корпусына түсіп, 1853 жылы бітіріп шығады. Не барлығы алты-ақ жыл.
Бірақ оның бізге қалдырып кеткен еңбектерін оқып отырып, Шоқанның көп
білетіндігіне қайран қаласың. Ғылымның көптеген саласын мейлінше терең түсінетіндігі
кімді болсын мойындатады (этнография, тарих, филология, география, шет тілдер,
шет елдердің әдебиеті, орыс, қазақ, қырғыз әдебиеті, философия, т.б.). Бұларды
ол тек біліп қана қойған жоқ, сол пәндердің кейбіреулері жайлы қазақ, қырғыз
елдерінің өміріне байланысты тарихи мәні зор ғылымдық трактаттар жазды.
Кейінгілерге құнды-құнды пікірлер қалдырды. Бұл тәрізді үлкен мәдениет, ғалымдық
дәрежеге ие болуының себебі оның тек қана асқан қабілеттілігі емес, ерінбей еңбек
етіп, жалықпай оқуы, өзінің Кадет корпусында негізін салған білімін күн сайын,
жыл сайын толықтыра, дамыта түсуімен байланысты. Өзінің аз өмірін оқумен, еңбекпен
өткізуінің арқасында ғана оның ғалымдық дәрежеге қолы жеткен.

            Демек,
кімде-кім мәдениетті, білімді адам боламын, сол арқылы өз еліме, өз отаныма бір
пайда келтіремін десе, Шоқанның өмірі мен ісінен үлгі алуы керек.

 

 

1Орыс геогр.қоғ., 1865ж. - С-П, 1866ж. - 9-11-беттер