ВЕРНУТЬСЯ

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең...»

(Абай, І том, 81-бет)

 

            Қазақтың
шын мәніндегі көркем әдебиетінің негізін салушы ұлы ақынның тілін ғылыми түрде
терең зерттеудің жалпы қазақ әдебиет тілінің даму жолдарын айқындауда маңызы
зор, орны ерекше. Абай өлеңдерінің тілін зерттеп, ұлы ақын қазақ әдебиетінің
тілін қалай дамытып, қалай ілгерілетті, жалпы тіл қорына не қосты, осылардың
бетін ашу - қазіргі кездің туғызып отырған, толғағы әбден піскен мәселе. Әрине
бұл оңай жұмыс емес, көп зерттеу, көп талдауларды керек етеді.

            Абайдың
поэтик тілдерінің биік сатыға жету жолдарының ғылыми түрде бетін ашу үшін жалпы
сөз өнері, оның өзегі саналатын поэтик тілдерінің қазақ өмірінде қандай мәні,
орны болды? Фольклор, Абай алдындағы және оның өз кезіндегі әдебиетердің поэтик
тілдері қандай сатыда еді? Олармен салыстыра зерттегенде, тіл жағынан Абай не
жаңалық енгізді? Өз ерекшеліктері қайсы? Шығыс және орыс әдебиеттерімен қандай
байланыс, қарым-қатынастары болды? Міне, алдымен осы мәселелердің бетін ашуымыз
керек. Онысыз Абайдың қазақ әдебиет тілінің негізін салудағы орнын белгілеу қиын.
Бұл мәселелердің беті ашылмай, Абайға шейінгі әдебиеттегі барымыз анау еді,
Абайдың енгізген жаңалығы мынадай деп салыстыра отырып зерттесек қана, Абай қазақтың
әдеби тілінің негізін салушы дей аламыз. Сондықтан бұл мәселелердің әрқайсысына
жеке-жеке тоқталып, салыстыра отырып талдаулар беруіміз керек.

            Демек, ең
алдымен өлең, оның негізгі құралы поэтик тілдің қазақ халқының өміріндегі мәні
мен орны қандай болды, соған тоқталайық.

            Орыстың атақты
ұлы сыншысы Белинский өзінің «Әдебиет» деген сөздің «Жалпы мәні» дейтін мақаласында
жазба сөз өнері, әдебиет, олардың айырмасы, жақындығы, қарым-қатынастарын айта
келіп,  бір жерінде «Халықтардың сәбилік
дәуіріндегі ой-санасы ең алдымен олардың поэзиясынан көрінеді, өйткені мәдениеттің
және білімнің қандай сатысында тұрса да, әрбір халықтың, әрбір тайпаның өзіндік
поэзиясы болады... халық немесе бір тайпа жазу өнерін білмеуі мүмкін, бірақ оның
поэзиясы болмауы мүмкін емес» (5) дейді.

            Ұлы сыншының
бұл айтқан даналық пікірі біздің қазақ халқының өміріне де дәл келеді. Қазақ
халқы - жазба әдебиетімен кеш танысса да, ауызша әдебиетке (фольклорға)
мейлінше бай халықтың бірі.

            Қазақ
фольклоры байлығы, мазмұндылығы, көлемділігі жағынан қай елдің болсын фольклорымен
таласа алады.

            Көп тәңірге
бағыну қалдықтарын көрсететін «Күн жайлату», «Күн жаудыру», «Жылан арбау», «Бәдік»,
«Бүйіні оқу» тәрізді салт жырлары және «Қара өлең», «Қайым өлең», қысқасы, ауыз
әдебиетінің ұсақ жанрларына жататын әртүрлі өлеңдерден бастап, зор оқиғалы ұсақ
жырлар, оқиғаға қатысушы қаһармандарының ерлік салттары атадан балаға беріліп,
тұқым қуалата суреттелетін «Қырымның қырық батыры» тәрізді жырлардың бізде
болуы - ауызша әдебиеттің жоғарғы Белинскийдің құнды пікірін дәлелдеуі өз
алдына және қандай дәрежеде болғанын да толық айқындайды.

            Қазақтың
ауыз әдебиеті - халықтың дін, философия, этнография, саясат, тәлім-тәрбие, ғылым,
тарих сәулесі, бәрінің басы түйіскен үлкен қазына. Мәдениеттің сәбилік дәуірінде
дін, философия, этнография, тәлім-тәрбие, ғылым - бәрінің функциясын әдебиет,
поэзия атқаратыны әр елдің тарихына тән нәрсе. Қазақ елінің ескіден қалған
тарихи, әдеби мұралары да осыны көрсетеді. Қазақтың ауыз әдебиетінде негізгі
сала - поэзия.

            Халықтың көп
тәңірге табыну кезіндегі сана сәулесін ауыз әдебиетінің ескілеу жұрнағының бірі
саналатын «Ұсақ жанрдың» өзінде де біз стихиялық күштерге сөз арқылы әсер ету,
кейде жалбарынып, «қатаң тәңірді» жібіту, кейде қорқытып ығыстыру, қалайда
стихияны өз дегеніне көндіру тілегі ашық айтылатындығын көреміз.

 

«Темір, темір, темір жан,

Темірдің ұлы қауға жан,

Тасырқасаң, тас жаудыр,

Қаһарлансаң, қар жаудыр!..

Кел, кел, бұлт, кел бұлт,

Екі енеге тел, бұлт,

Ағысы қатты сулардан

Сырғи соғып кел, бұлт!..

Дария шор, дария шор!» (6)

 

            Бұл үзіндіде
«темір жан», «қауға жан» - бұлт тәңірісі, «Дария шор» - су тәңірісі ұғымында.
«Күн жайлату», «Наурыз жырындағы» да осы тәрізді тілек - жақсылық иелері, рақымды
тәңірлерді сөз арқылы сыпайы тілекпен өздеріне икемдеп, тіршілік керегіне
пайдалану.

 

«Мары, мары, мары жылан,

Бызыри бір жылан.

Ұзын, ұзын, ұз жылан,

Ұзын шашты келте жылан,

Марқари, сарқари,

Былдыр, шылдыр болған түннің басынан

Лек-лек келеді, шық, жылан,

Ыс жылан, ышпар жылан,

Отыз бес көзді,

Қырық жүзді,

Орман түннің басынан,

Лек-лек келеді, шық, жылан!»

 

«Бүйі келді, Қамбар, шық!

Бүйі келді, Қамбар шық!

Отыз омыртқадан шық!

Қырық қабыртқадан шық!»

 

«Бүйі, бүйі, бүйі, шық!

Бүйі келді, Қамбар, шық!

Заһарыңды жаймай шық!

Отыз омыртқадан шық!

Қырық қабыртқадан шық!» (7)    

    

            Біз «Бұлт
шақыру», «Күн жайлатудан» жақсылық иелеріне жалбарыну, тілек тілеуді көрсек, соңғы
«Бақсы жыры», «Жылан арбау», «Бұлт шақыру», «Бүйі» жырларында жамандық иелеріне
және жылан-шаян сықылды әртүрлі зияндарын сөз арқылы бөгеп, сөзбен табиғат құбылысын
да, әртүрлі жәндіктерге де өз әсерлерін тигізу, оларды өзіне бағындыру мүддесін
көреміз.

            Әрине бұл үзінді
келтіріп отырған нұсқа - ауыз әдебиетінің «Ұсақ жанры», олардың түрі қанша
десек те, адам өзін табиғаттан айырмай, бір санап жүрген кездерден анағұрлым соң
шыққан табиғат сырларын толық ұқпаса да, өзін табиғат деп танудан әлдеқашан
арылған кездердегі ой-сана қалдықтары.  Әйтсе
де, табиғаттың әртүрлі стихиялық күштеріне, зиянды жәндіктеріне сөз арқылы әсер
етемін деген әлі де ой-сананың сәбилік кезінен арылып кетпеген наным-сенім көлеңкесі
екенін түсіну қиын емес.

            Сонымен қатар
бұл жырларды ой-сананың қаншама сәбилік кезін көрсетеді, мәдениеттің әлі қаншама
төменгі сатыда тұрғандығын аңғартады десек те, бір кездегі халықтың дүниетанушылық,
оған өзінің қарым-қатысы, өзінше табиғат құбылыстарына әсер етемін дегендегі құралы
поэзия, өлең, жырлар болғандықтан, поэзияның жалпы ел өміріндегі орны, мәні
ескі кездің өзінде де осал болмағандығына бұл келтірілген мысалдар дәлел бола
алады.

            Ал халық
санасының анағұрлым өскен дәуіріндегі ой-пікірдің сәулесі болған ұсақ жанрдың
екінші түрі саналатын «тұрмыс-салт жырларын» және мақал-мәтел, шешендер сөздерін
алсақ, поэзия әлеумет өмірімен тікелей байланысты болып, әр мәселеде де поэзия үлкен
орын алып, елдің елдігі үшін нақтылы, күшті құралының бірі болғандығын көреміз.

            «Үгіт, жұбату»,
«Беташар», «Бесік жырларынан» бірнеше мысалдар келтірелік:

 

«... Ата-анаңа жаққайсың,

Күйеуіңді күткейсің,

Өз басын құрмет еткейсің,

Қанша көңіл қалса да,

Бір-біріңді түтпейсің...» (8)

 

«Қайнағаңның алдынан,

Қақаңдама, келіншек,

Үйге түскен түйені,

Бақаңдама, келіншек.

Көксауыр кебісің сартылдап,

Үй қыдырма, келіншек...»

 

«Құрығыңды майырып,

Түнде жылқы қайырып,

Жаудан жылқы айырып,

Жігіт болар ма екенсің?

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?

Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?» (9)

 

            Бұл үзінділерден
үстем таптың да, халықтың да тілегі, мақсаты айқын көрінеді. Жаңа түскен
келінді феодалдық ғұрыпқа бағындыру мүддесін «Беташардан» көрсек, «Бесік»
жырынан батырлық, ел қорғауды аңсаған халық арманын көру де қиын емес. Сондықтан
ауыз әдебиетінің бәрін бірыңғай халықтікі деген дұрыс болмас еді. Ауыз әдебиетін
сөз қылғанда ол халық мұрасы дегенде, әңгіме көпшілік жөнінде екендігі әрдайым
есте болуы керек.

            Халық өз ұлының
ел қорғайтын батыр, жұрт басқарарлық шешен, ең болмаса, қолынан шеберлік өнер
келетін ұста болуын аңсайды, жас ұрпақтың еліне игілі іс етуін мақсат етеді.

            Шын мәнінде
поэзия болмаса да, өзінің құрылысы жағынан, ырғақ, дыбыс қайталауы жағынан өлеңге
өте жақын қазақтың мақал-мәтел, нақыл сөздерін алсақ, олар да біздің осы
пікірімізді растай түседі.

 

«Алтау ала болса, ауыздағыдан айырылады,

Төртеу түгел болса, төбедегіні келтіреді».

«Байлық - байлық емес, бірлік - байлық».

«Бірлік, бірлік түбі - тірлік».

«Бейнет, бейнет түбі - зейнет».

«Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді».

«Мал - жаным садағасы, жан - арым садағасы».

«Ер бір өледі, ез күнде өледі».

«Еңбек етсең, емерсің». (10)

«Қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды», -

 

дегендер сияқты адам өмірінің тәжірибесі, өмірдің әр жағын қамтыған
мақал-мәтелдердің қайсысы болсын - кекілді жас, келешек ұрпақтар үшін сызылмаған
хат, жазылмаған кітап, үлгі-өнеге, ілім-білім алатын мектебі.

            Абайша айтқанда,
әкесінің баласы болмай, адам баласы боламын деушілердің өмір тану, ой-пікірін өрістету,
еліне керек еркек ұл болу үшін керекті үлгі-өнегенің көпшілігі мақал-мәтелден,
нақыл сөздерден табылады. Өйткені нақыл сөздер - халық даналарының өмір
тіршілік тартыстарын бақылап келіп, айтылған тәжірибе жемісі, терең ой,
данышпан ақылдың берік түйіні, халықтың өмірге көзқарасы.

            Сөз өнерінің
ел өмірінде қандай орын алғандығына және бір дәлел - билер сөзі деуге болады.

            Бізге аты ғана
емес, сөздері мәлім қазақ билерінің көпшілігі - қазақтың рубасылары, феодал
табының идеологтары. Билер өмірге өз табының мұнарасынан қарап билік айтты,
кейінгіге сөз қалдырды. Олар рушылдық дәуірдің өткенін біліп, өз кезін жете түсініп,
өз көзқарастарынша келешекке жөн сілтеді.

            Халық
тілегіне қарай бейімделген кейбір шешендердің сөздері, мәнімен қатар, түрі жағынан
да көңіл аударуды керек етеді. Мысал үшін ХҮІІІ ғасырдағы Қаз дауысты Қазыбектің
Қоңтәжіге айтқан бір сөзін келтірелік. Бұл - мазмұны жағынан да, түрі жағынанда
шешендік сөздердің ең үлгілі түрі.

            Абылай
кезінде (ХҮІІІ ғасырда) қалмақтың әрі қолбасы, әрі дипломат, атақты ханы Қоңтәжі
қазақ елінің бір бөлігін шауып алып, көп мал әкетеді. Қоңтәжімен сөйлесуге барған
билердің ішінде 14 жасар бала Қазыбек те барады. Сөз ұстап барған Тайгелтір
кезекті сөзін жөндеп айта алмағанына ашынған Қазыбек, ханнан сөз сұрап, ел
билігін өз қолына алып, төмендегі сөзді айтады:

 

«Сен темір де, мен көмір,

Еріткелі келгенмін,

Екі еліктің баласын

Теліткелі келгенмін.

Егесетін ер шықса,

Иілткелі келгенмін.

Тұтқыр сары желіммін,

Жабысқалы келгенмін.

Жаңа үйреткен жас тұлпар,

Шабысқалы келгенмін.

Танымайтын жаттарға,

Танытқалы келгенмін.

Қазақ, қалмақ баласы

Табысқалы келгенмін.

Табысуға келмесең,

Тұрысатын жеріңді айт,

Сен қабылан да, мен - арыстан,

Алысқалы келгенмін», (11) -

 

дейді.

            Қаз дауысты
Қазыбектің бұл сөздерінен шет бір ел мен екінші ел адамдары кездескенде берік
сақталатын елдік менмендік те, ерлік те, ел тізгінін өз қолында ұстап, шетпен сөйлесе
аларлық сөз жүйріктігі шешендік те, ерлік, доңайбат, елдесуге құшағы, жауласуға
пышағы әзір, өзінің қабырғалы ел екендігін аңғарту да толық ұғынылады. Осы сөзден
кейін Қоңтәжі бітімге келеді.

            Сөйтіп,
шешеннің жүйесін тапқан шешендік сөзі арқасында екі елден де айдалмақ мал, төгілмек
қан аман сақталынып, жойқын жорыққа, қырғын шабуылдарға бөгеу салынады.

            Жоғарғы
айтылғандарды қорыта келгенде, ескі салт жырларынан бастап, күні кешегі
шешендік сөздер, тағы басқа өлең-жырлардың әлеуметтік өмірде мәні зор, үлкен
орын алғандығын көреміз. Халық өмірінің толық айнасы болған батырлар жыры,
лиро-эпос, тарихи жырларды айтпай-ақ, осы ұсақ жырлар мен нақыл сөз, шешендік сөздерден
келтірілген үзінділер де бұған толық дәлел бола алады.

            Енді
негізгі мәселе - поэтик тілдің қазақ өміріндегі мәні мен орны, соған келелік.

            Әрине бұл мәселені
әдебиеттен тыс, жеке алып қарауға болмайды. Сондықтан да өлең-жырларға тоқтап,
олардың ел өміріндегі мәнін, алған орнын, атқарған жұмысын сөз етіп отырмыз. Әлі
де біз поэтик тіл мәселесін сол өлең-жырлармен байланыстыра отырып тексереміз.

            Жоғарғы үзінді
келтірген өлең, жыр, мақал-мәтел, шешендік сөздердің әлеуметтік өмірде зор жұмыс
атқарғанын мойындасақ, поэтик тілдердің де мәні үлкен екенін мойындаймыз. Өйткені
олардың қайсысын алсақ та, ырғақ, ұйқас, сөз қайталау, дыбыс қайталау, образды
сөздерге құралады. Ырғақ, поэтик тіл - қайсысының болсын негізгі құралы.

 

«Темір, темір, темір жан,

Темірдің ұлы қауға жан,

Тасырқасаң, тас жаудыр,

Қаһарлансаң, қар жаудыр!..

Кел, кел, бұлт, кел бұлт...»

«Мары, мары, мары жылан,

Бызыри бір жылан.

Ұзын, ұзын, ұз жылан...» (12) -

 

деген үзінділерде өлеңнің әр жолдары белгілі буын санына
негізделініп (әр жолы негізінде екі бунақ, 7 буын), өзіне тән ырғақ, белгілі ұйқасы
бар, сөз қайталау, дыбыс қайталау (ассонанс, аллитерация) заңдары берік сақталады.
Егер үзінді келтірген өлең-жырлардың жалпы алғанда, әлеумет өмірінде үлкен
орны, мәні болды дегенді мойындасақ, сонымен бірге, оны өлең етіп, жыр етіп, тақпақ
етіп тұрған поэтик тілдің де мәні зор екенін мойындамасқа болмайды.

 

«Бүйі, бүйі, бүйі, шық!

Бүйі келді, Қамбар, шық!

Заһарыңды жаймай шық!

Отыз омыртқадан шық!

Қырық қабыртқадан шық!» (13)    

 

            Мұндағы қайталанып
отырған сөздер сөз таба алмағандықтан қолданылып отырған жоқ, зиянды жәндіктердің
атын атап, оған бұйырып, айтқанына көндіру, сол сөз арқылы заһар уын адамнан шығару
мақсатымен айтылып отыр.

            Бұл өлеңдердің
ішінде кейде қазір бізге түсініксіз, шығу тегінің қайсы екенін біз білмейтін сөздер
де жоқ емес.

            Мысалы,
«Бызыри бір жылан», «Марқари-сарқари» деген тәрізді сөздер. Бұлар әуелде бір нәрсенің
аты болуы, не қосарланып айтылып жүрген «Мар мен жылан» (мар - парсыша жылан
деген сөз) тәрізді сөз болуы мүмкін, олардың шығу тегін айқындау - тіл
мамандарының жұмысы. Біздің бұл жердегі айтпағымыз - қазір әлсіз көрінсе де,
бір кездерде адам баласының ой-санасы әлі сәбилік дәуірде, сөз арқылы стихияға әсер
ету тілегінен туындағанын көрсету.

            Бақсылар
жырында поэтикалық тілін, айтайын дегенін образ арқылы беруге тырысу тіпті жиі
кездеседі.

 

«Мінген атың сабылып,

Батырым, алып келіпсің

Жетпіс батпан темірді.

Жалғыз өзің жамылып,

Балалы қаздай ыңыранып,

Бәйтеректей бұралып,

Батыр, Терек, сен сөйле!» -

 

деген үзіндідегі «Жетпіс батпан темірді» тәрізді әсірелеу,
«Балалы қаздай ыңыранып», «Бәйтеректей бұралып» деген жолдардағы теңеу, эпитеттер
көркемдеу құралы ретінде жұмыс атқарып отыр.

            Ал мақал-мәтел
мен билер сөзін алсақ, түгелдей поэтикалық тілдерге негізделеді. Қай мақал, қай
мәтелді алсақ та белгілі ырғақ, сөз, дыбыс қайталау, теңеу, эпитет, әсіресе
метафоралық сөз қолданыстары жиі ұшырайды. «Бейнет, бейнет түбі - зейнет»,
«Байлық - байлық емес, бірлік - байлық» тәрізді метафора,  «Қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды» деген
сықылды бүтіннің орнына бөлшегін қолданған синекдоха, «Киіз кімдікі болса,
білек соныкі» деп, иесінің орнына киізін, адамның орнына білегін, бүтіннің
орнына бөлшегін қолданған синекдоха, не поэтик тілдердің басқа түрлері екі мақалдың
бірінен кездеседі.

            Поэтик
тілдер қазақтың шешендік сөздерінде көп табылады. Шешендік сөздер өзінің мазмұнымен
ғана құнды емес, түрі, құрылысы, әсіресе тілімен де құнды.

            Қазақ халқының
сөз өнерінен шешендік сөз ерекше орын алады. Қазақтың шешендік сөздерінің
кейбіреулерін логикалық және көркемдік жағынан алсақ, ескі грек, Рим елдерінің
шешендік мұраларын салыстыра зерттеуге болады. Олар ескі грек, Рим
шешендеріндей теориямен қаруланған адамдар болмаса да, өз бойларында табиғаттың
тартқан зор сыйы бар үлкен талант иелері жас кезінен шешендікке дағдыланып үйренуі,
оны әрі өнер, әрі ел басқаруда үлкен құрал деп ұғуы - шешендердің шешендік өнері
жолында көп нәрселерге ие болғандығын көрсетеді.

            Қазақ халқы
шешендік жөнінде теориялық ғылыми еңбектер қалдырмаса да, шешендік өнері үлгі-өнегесін
қалдырды. Тамаша нәрсе, қазақ билерінің сөздерінде шешендік (ораторское
искусство) өнеріне қойылатын шарттар анық байқалады.

            Шешендік сөздердің
құрылысы туралы Аристотель былай дейді: «Шешендік сөйлем құрылысының түрін алсақ,
метрика болып кетпеуімен қатар, ырғақсыз да болмасын. Сөйлем жалаң метрика
болып келсе, тыңдаушының көңілі дауыстың көтеріңкі, басыңқы айтылу жақтарына
ауады да, пікір табиғи болмай, жасанды тәрізденеді. Егер сөйлем ырғақсыз болса,
онда ой бітпей қалғандай көрінеді. Әрбір бітпеген ой - ақылға ұнамсыз, көңілге қонымсыз.
Сондықтан метрдің көмегімен болмаса да, сөйлемге біткен түс беру керек. Барлық
нәрсе санмен өлшенеді десек, сөйлем түріне өлшеуіш сан - ырғақ, метр - оның бұтақтарының
бірі ғана. Демек, сөйлем ырғаққа негізделінуі шарт, метрге негізделсе, ол өлеңге
айналады» (14).

            Қазақтың
шешендік сөздері де негізінде ырғаққа құралады. Сөйлем құрылысы өлең мен қара сөздің
аралығында болып келеді. Поэтик тіл, ырғақ, метр, сөздің әуезділігін күшейту үшін
қолданылатын дыбыс қайталаулар оны өлеңге жақын туыс етсе, сөйлемдерінің
сезімге емес, келелі пікір, түйінді ой, терең логикаға құрылуы оны қара сөзге
туыстас етеді.

            Аристотель
екінші бір жерінде шешендік өнеріне, әсіресе керекті тіл, ауыстыру мағынасында қолданылатын
сөздер десе, қазақ шешендерінің сөзі бұл жағын да берік ұстайды.

            Жоғарғы үзінді
келтірген Қаз дауысты Қазыбектің Қоңтәжіге айтқанын поэтик тіл жағынан талдап көрсек,
жалпы шешендік сөзінің поэтик тілдерден құрылатынына шәк келтірмейміз.

 

«Сен темір де, мен - көмір,

Сен қабылан да, мен - арыстан...»

 

            Әрі
метафоралық, әрі шендестіру (антитеза) тәрізді сөз қолданыстар, не:

 

Екі еліктің баласын...

Мен - желім...

Мен - тұлпар...» -

 

деген сықылды метафораның жай түрі немесе:

 

«Тұтқыр сары желім мен»

«Жаңа үйреткен жас тұлпар», -

 

деген тәрізді метафоралық эпитеттер түйісе келіп, шешеннің сөзіне
әдемі көрік, терең мазмұн беріп отыр.

            Сонымен қатар
ассонанс, аллитерация тәрізді дыбыс қайталаушылық, ырғақ, ұйқас, сөз қайталау
заңдары да белгілі мөлшерде қолданылып, сол сөйлеуді (Қазыбек сөзі) бүтіндей алғанда,
құлаққа қонымды етіп тұрған да поэтик тіл, оның әртүрлі элементтері. Бұл - жалғыз
Қазыбек қана емес, басқа да шешендердің сөз, сөйлемдеріне тән қасиет.

            Жинақтай
келгенде, тұрмыс-салт жырлары, мақал-мәтелдер, шешендік сөздер халықтың дүниетану,
тәлім-тәрбие, үгіт-саясат, жалпы тіршілігінде үлкен орын алды десек, олардың өлең-жыр,
тақпақ болып жасалып шығуында негізгі құралы поэтик тіл екені сөзсіз. Ендеше,
осы тұрғыдан қарағанда, өлең-жыр, оның негізгі құралы поэтик тілдің әлеумет өміріндегі
орны ерекше, мәні зор.

            Қазақтың ұлы
ақыны Абайдың:

 

«Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы, бос қақпай елең-селең», -

 

деуінде үлкен мән, терең мағына жатқандығын осыдан да айқын
көруге болады.