ВЕРНУТЬСЯ

     Қазақтың
ауыз әдебиеті материалдың молдығы, мазмұндылығы және түр көркемділігі жағынан
қай халықтың ауыз әдебиетінен де кем түспейді.

            Фольклористика ғылымында танылған
сан алуан түрлердің қайсысы болсын қазақ ауыз әдебиетінен табылады: не әдемі
ертегі, аңыздар; биікке қол созып, қиынға құлаш ұрған халықтың өршілдік
ой-арманын меңзейтін, шытырман оқиғалы, ғажайып қиялды әңгімелер; тіл дамыту,
ой-өрісін кеңейту, логикалық ойлау мүмкіншілігін байыту тілегінен туған жаңылтпаш,
жұмбақ, тәлім-тәрбиелік қызықты балалар ертегісі; өмірдің бұраң жолдары мен сан
қайшылықтарын бақылай келіп түйген афористік топшылау - мақал, мәтелдер; әр
алуан көңіл күйлерінің көлеңкесі - қара өлең, қайым өлеңдер; халық тұрмыс-салтының
әрқилы жақтарын аңғартатын жар-жар, айтыс, сыңсу, қоштасу, беташар, бесік
жырлары; өмір сабағы жазылмаған хат, басылмаған кітап есебінде болған үлгілі
терме, өнегелі толғаулар; халық санасының сәбилік дәуірінің нақтылы сәулесі -
ескі дінмен байланысты туған: күн жайлату, жылан арбау, бақсы жырлары тағы
басқалармен қатар ауыз әдебиетінде халқымыздың басынан өткізген белгілі-белгілі
тарихи кезеңдердің сүрлеуі дерлік, әсіресе, 
батырлар жыры - эпос, лиро-эпостар (ғашықтар жыры) көп және әр алуан.

            Жұртшылығымызға мәлім батырлар
жырларында бірнеше ғана эпизодтан құралған, батырдың бір ғана ерлігін
көрсететін қысқа поэмалар («Базар»), әлденеше ерлік қимылдарды бір адамның
басына жинақтап, оқиғаларын композициялық жағынан бір бүтін етіп шығарған ұзақ
поэмалардың («Алпамыс», «Қобыланды») және әңгіме бір батырдың ғана ерлігі емес,
көптеген батырдың ерліктерін жалғастыра суреттейтін эпопеялық эпостардың болу
дерегі қазақ ауыз әдебиетінің әрі бай, әрі эпостық жыры марқайған ел екендігін
аңғартады.

            Бұлай болудың екі түрлі себебі бар:
бірінші - өзінің даму жолдарында сан қайшылықтарды бастарынан кешіріп, ұзақ
ғасырларда кездескен қиыншылықтарға мұқап қалмай, елдің өршілдік арманын дамыта
берген халқымыздың рухани күшінің беріктігі; екінші - жазу өнерінің бізде кеш
туып, мәдениеттен кенже қалуымыз.

            Жазуы, баспасы жоқ елдерде сөз өнері
- негізгі құрал екендігі белгілі. Ондай елдің ауыз әдебиеті сан алуан
сыпаттарды өз бойына сыйғызады. Халық өмірге көзқарасын да, жастарға
тәлім-тәрбие беру мәселесін де, ел басынан өткен тарихи жайттарды да,
діни-наным, сенімдерін де сөз арқылы көпшілікке жеткізеді. Сондықтан сөз өнерін
дамыту, оның мазмұнымен қатар, түр көркемдігіне ерекше көңіл бөлу жай
машықтаудан туған нәрсе емес, өмір тілегінен туған нәрсе.

            Әлеумет өмірінің әртүрлі керегіне
жараған, ел мүддесі, жұрт тілегін үндейтін қара сөз не өлең жырларды жазып
тарату мүмкіншіліктері жоқ болғандықтан, әркім жадында сақтап, ойында қалдыруға
мәжбүр болды. Демек, олардың мазмұны ғана емес, түрі де көркем болуы шарт. Сөз
өнері неғұрлым мәнді, неғұрлым сұлу, көңілге қонымды, құлаққа ұғымды болса,
соғұрлым тез ойда қалып, тез жадыңда сақталады. Қазақтың ертегілерінен бастап,
дау-шарларда сөйленетін қара сөздеріне шейін тақпақ болып келетіндігі, ұйқасы
берік сақталмаса да, ырғағы берік сақталып, айтайын деген пікірдің образ арқылы
берілетіндігі ауызша шығарманың тез ойда қалу, біреуден біреудің тез ұғынып алу
тілегінен туғаны талассыз.

            Қазақ ауыз әдебиетінің байлығы және
көркемдік, мазмұндылығы революциядан бұрынғы орыстың ірі ғалымдарының да
назарын аударды. Атақты орыс ғалымы, тюрколог, академик В.В.Радлов, Орта
Азияның әйгілі зерттеушісі, ғалым Г.Н.Потанин тағы басқалар да қазақ фольклорын
жоғары бағалады.

            Академик В.В.Радлов өзінің «Образцы
устной литературы тюрских племен» деп аталатын көп томды кітаптарының бесінші
томының алғы сөзінде, қазақ, қырғыз елдерінің ауыз әдебиетін зерттеу
нәтижесінде төмендегідей қорытындыға келеді:

            «...Өздерінің туыстас түріктектес
елдермен салыстырғанда қырғыздар да, қазақтар да сөзге шешендіктерімен ерекше
көзге түседі. Олардың шешендіктеріне, шынында да таңғалмасқа болмайды. Қазақтар
сөйлегенде ешбір мүдірмей, күрмелмей есіп жүре береді; ойларын дәл, айқын етіп
бере білумен қатар, сөз, сөйлемдерін белгілі бір дәрежеде әдемілікке безейді,
әңгімелесіп отырғанның өзінде жай сөйлемінде не жайылма сөйлемінде болсын ырғақ
анық байқалып және жиі кездеседі. Өлең шумақтарында ғана ұшырайтын сөйлем
түрлері жай сөздердің өзінде іркес-тіркес келіп жатады да, тыңдаушыға өлең
тәрізді әсер береді... ырғаққа құрылған сөздерді дүниедегі көркемөнердің
жоғарғы сатысы деп ұғынатын, суырылған шешендікке жаны рақаттанатын халықтың
сөздері солай  болып келуі әбден
түсінікті. Сондықтан да қазақ халық поэзиясының дамуы - жоғарғы сатыға жеткен.
Олардың мақалдары да, насихат, нақыл сөздері де әдейі қолданылған кезекті
ұйқастарға негізделінеді; тарихи жыр, айтыстар, салт өлеңдері, жоқтаулар т.б. -
бәрі де жиын, тойларда әрдайым-ақ жырланады және оларды жұрт емірене тыңдайды.
Сонымен бірге қазақта суырыпсалмалық - мейлінше кең таралған өнер. Аз-мұз
тәжірибесі бар ақындар жиындағылар туралы табанда-ақ өз жандарынан өлең
шығарып, әдемілеп жырлап беруге мүмкіншіліктері мол»1, - дейді.

Бұл
айтылғандардың бәрі де қазақ халқы ауыз әдебиетінің байлығын дәлелдейтін
фактілер, ғылыми қорытындылар десек, біздің бұл мақалада сөз еткелі отырғанымыз
жалпы ауыз әдебиеті емес, соның мол саласының бірі - эпостық поэмалар.

            Қазақша «Батырлар жыры» деп аталатын
эпостық поэмалар не эпос ерте заманнан бері халық арасында ірге тепкен, көбінің
қай ғасырда пайда болғаны белгісіз, атадан-балаға, ұрпақтан-ұрпаққа беріліп,
замандар бойы ауызша сақталынып, ақыры біздің дәуірімізге жетіп отыр.

Ауыз
әдебиетін жинау, оны бастыру мәселесі ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында қолға
алынады. Бұл істі үлкен мәселе етіп көтеруші және оған басшылық етіп, белсене
қатысушылар да сол кездегі Россияның бұқарашыл бағыттағы ағартушылары, тюрколог
ғалымдар,  әдебиетшілер болады.
Орталықтағы Россиялық география қоғамының бөлімшелері қазіргі Қазақстан
топырағындағы кейбір қалаларда да құрылды. Россия география қоғамының арнаулы
экспедициялары және ғалымдар қазақ даласына келіп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын
жүргізді. Олар қазақ халқының шаруашылығы, қоғамының тұрмыс тіршілігі,
әдет-ғұрпы, жалпы мәдениеті жайлы көптеген материалдар жинаумен қатар, ауыз әдебиетінің
әр алуан үлгілерін де жинап, қағаз бетіне түсірді.

Халық
аузындағы аса құнды мәдени мұраларды жинау үстінде айрықша көрнекті еңбек еткен
ғалымдар: В.В.Радлов, И.Е.Березин, Г.Н.Потанин, Ш.Ш.Уәлиханов, Н.Ильминский,
А.Е.Алекторов, А.Н.Васильев тағы басқалар. Бұл ғалымдар қазақ ауыз әдебиетін
тек жинап қана қоймайды, жинаған материалдарын орыс және қазақ тілдерінде өз
кездеріндегі газет-журналдарға бастырып, кейбіреулерін жеке кітапша етіп
шығарады. Сөйтіп, қазақ ауыз әдебиетіне жұртшылықтың көңілін аударып, жалпы
мәдениет қорына қосыларлық үлкен қазына екендігін танытты.

Алдарына
қойған негізгі нысаналары бай материалдарды жинау, бастыру, бұл мәселеге ғылыми
жолдағы жұртшылықтың көңілін аударту болғандықтан, осы жағымен көп шұғылданады
да, ауыз әдебиетін, оның ішіндегі эпостарды әр 
жағынан алып зерттеген үлкен еңбектер қалдыра  алмады. Әйтсе де қолдарындағы бар
материалдарға сүйене отырып, қазақ ауыз әдебиеті туралы В.В.Радловтың,
Ш.Ш.Уәлихановтың, Д.Н.Потаниндердің аздап болса да айқын құнды пікірлері - күні
бүгінге шейін өзінің тарихи бағаларын жойған жоқ. Кейінгі зерттеушілердің
қайсысы болсын, ол ғалымдарға бір тоқталмай өте алмайды.

Бұлардан
кейінгі ауыз әдебиетін жинауға атсалысып, оның әлеуметтік сырын ашуда еңбек
еткендер қазақ әдебиетінің классиктері

Ы.Алтынсарин, Абай
Құнанбаев және әсіресе, көп еңбек сіңірген атақты фольклорист-ғалым Әбубәкір
Диваев.

Өткен
ғасырлардағы  өз ыждағаттарымен қазақ
ауыз әдебиетін жинап, бастырушылардың еңбектерін біз бағалаймыз да,
құрметтейміз де. Алайда қазақ ауыз әдебиетінің ұйымдасқан түрде көп жиналған
және тереңірек зерттелген кезі біздің совет дәуірінде болды.

Қазақ
Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институты бірнеше жылдар бойы елге арнаулы
экспедициялар шығарып, әлденеше томдық ауыз әдебиетінің материалдарын жаздырып
алды. 1948 жылы Тіл-әдебиет институты ғылыми қызметкерлерінің күшімен бір
томдық ауыз әдебиетін зерттеу еңбектерін жарыққа шығарды, бірнеше эпос жеке
кітап боп бастырылды; қазақ эпостары жөніндегі газет-журналдарда басылған
көптеген мақалаларды, ауыз әдебиетінен орта мектептерге арналған оқу құралдарын
былай қойғанда, эпос, лиро-эпостар туралы кандидаттық, докторлық диссертациялар
қорғалды.

Ауыз
әдебиетін жинау, жазу олардың әртүрлі варианттарына, версияларына
мұқияттылықпен қараудың өзі оп-оңай жұмыс емес десек, сан материалды белгілі
бір жүйеге салып, зерттеу, олардың идеялық мазмұны мен көркемдік ерекшеліктерін
тапжылтпай танып, марксистік көзқарастан дұрыс баға берушілік онан да қиынырақ.
Бұл жолда қазақ зерттеушілерінің қате-кемшіліктері де болды. Кейбір
зерттеушілер эпостардың өзара идеялық жақтарынан айырмашылықтарын көрмей,
бірыңғай құптап, машықтаушылыққа бой  ұрды. Екінші бір зерттеушілер эпостарымыздың
барлығын бірдей халыққа жат етіп көрсету, одан жұртшылықты бездіру әрекеттерін
жасады. Әрине, бұлардың екеуі де теріс көзқарастар. Алдыңғысы искусство,
әдебиет жөніндегі марксистік қағиданы ауыз әдебиетіне дұрыс қолдана алмаудан
туған қате-кемшіліктер десек, соңғысы әдебиеттің даму процесін мүлде
түсінбейтін ұр да жық не  түсінгісі келмейтін
сындар еді.

Ауыз
әдебиетін зерттеуде кездесетін үлкен қиыншылықтың бірі - оның қай кез, қай
дәуірде туған шығарма екендігін тап басып, дәл айту мүмкіншілігінің жоқтығы.
Сондықтан  ертеден жазылып қалған тарихы,
литописі болмаған елдерде фольклорды зерттеу мәселесі айрықша сақтықты керек
етеді.

 Жалпы ауыз әдебиеті, оның ішінде эпостық
жырлар өзінің жарыққа шыққан күндерінен бері талай ғасыр, талай заман, талай
әлеуметтік топты да, таптарды да бастарынан өткізді. Демек, әртүрлі қоғамдық,
таптық тілектерге сәйкес талай өзгерістердің де болуы сөзсіз. Кейбір эпостың
алғашқы нұсқасы халықтық идеяны жыр етсе, кейіннен үстем таптың көзқарасын
қолдаушы жыршы-ақындар өз табының идеясына бейімдеуі, жырды оқып шыққан
адамдарға алдыңғы нұсқасынан басқа ұғым, басқаша тәлім-тәрбие беретін етуі
мүмкін. Бір эпостың өзінде толып жатқан варианттардың барлығы, кейде идеялық
қайшылықтың болуы да сондықтан.

Қазақ
эпостары, негізінен алғанда, көп вариантты эпос. Қобыланды, Алпамыс,
Қамбарлардың әрқайсысының бірнеше варианты бар. Біз оған кейін тоқталамыз. Бұл
жерде, қазақ эпостарының тууына себеп болған жағдайлары мен бәріне тән кейбір
ерекшеліктеріне жалпы шолулар ғана 
жасамақпыз.

Қай
елдің эпосы болсын белгілі  бір тарихи
оқиғаның ізін баса туатынға ұқсайды және ол бір күн  не бір жылдың ғана жемісі  емес, халықтың басынан өткізген талай заман,
талай ғасыр, талай тартыстардың нәтижесі. Бір батырдың ерлік өмірі туралы не
жалғастыра жырланатын көп батырлардың күрестері туралы жырлар талай жылдарды,
талай шығарушы, жырлаушыларды бастарынан өткізіп барып,  халық қазынасына айналады. Қазақ эпостары да
осыны аңғартады. Қазақтың осы күнгі ұзақ эпостарының бастамалары, ерте
замандардағы патриархалдық рулық құрылыс кезінде: үйсін, қаңлы, қоңырат, керей,
қыпшақ замандарында, әр рудың өз тәуелсіздіктерін сақтап қалу үшін күрескен
адамдардың істерін ерлікке айналдырып жыр еткен қысқа көлемді жырлар жатуы,
кейін олар ұмытылса да, есте сақталынып қалған аңыздардың негізінде ұзақ жыр,
поэмалардың тууы, мүмкін, аңызы ғана. Бізге мәлім қазіргі қазақ эпостарының
көпшілігінде қазақ батырларының қалмақтарға қарсы күресі. Оларға  кездесетін қайшылықтар да, ерліктерінің
көрінетін майданы да, ерлердің патриоттықтарын айқындайтын қиын-қыстау, тар
кезең де - осы қалмақ, қызылбастармен күрестер болады.

Қазақ
эпостарының жасалыну жолдарын Ш.Уәлиханов ХIV-XVI ғасыр, Алтынорда дәуірімен
байланыстырады.

«Қазақ,
қырғыз, өзбек, ноғайдың ауыз әдебиеттерінің бір түрі - батырлар туралы жырлар.
Бұл жырлардың көбі Алтынорда дәуірінде болған тарихи адамдар туралы. Соған
қарағанда бұл жырлар ХІІІ ғасырдың ақырында, XV- XVI ғасырларда жасалған
сияқты...» - дейді.

Шоқанның
бұл айтқандары барлық эпос туралы болмаса да, бірқатары жөнінде-ақ дәл деуге
болады. «Қырымның қырық батыры» туралы эпос кейін жазылып алынса да, ондағы
қатысушылардың көпшілігі Алтынорда дәуірінде болған адамдар және Қырым
хандығының өзі - Алтынорда ыдырай бастаған кезде пайда болған хандық. Міне, осы
тұрғыдан қарағанда Шоқанның жоғарғы айтқандары шындықтан шалғай емес.

Шоқанның
бұл пікірін кейінгі тарихшылар да растайды. 
ХІІІ ғасыр басында Шыңғыс хан бастаған моңғол әскері Орта Азияға шабуыл
жасады. Сол жорығында Қазақстанның қазіргі жерлерін мекендеп отырған қаңлы,
қыпшақ т.б. руларын басып алды.

Шыңғыс
не оның балаларының қаталдық, қан төккіштігі әлемге әйгілі. Әйтсе де оған
жергілікті ел оп-оңай беріліп, соғыссыз көне қалған жоқ. Кезінде қарсыласып та,
жеңілген күннің өзінде де көнбей, күресті тоқтатпаған батырлық жеке қимылдардың
болуы да сөзсіз. Кейбір тарихи мәліметтерде 1256 жылдардағы Хулагу хандығына
бағынбай қарсылық көрсеткен кавказдықтардың, әзірбайжандықтардың отрядтарының
ішінде де және 1297 жылдардағы қызылбас (Иран) ханы Ғазан ханының кавказ
елдеріне жасаған шабуылдарына қарсы күресушілердің қатарында қыпшақтар болып,
асқан ерліктер көрсеткенін Грузин тарихшылары атап көрсетеді.    

1380
жылғы Куликов даласындағы Дмитрий Донской бастаған орыс халқының үлкен
соққысынан кейін Алтынорда бұрынғысындай бола алмады. Өткен замандардағыдай
үстемдіктерін қайта оралтпақ болып жасаған соғыс әрекеттері сәтсіздікке ұшырай
берді.

Ақыры
XV ғасырдың бас кезінде өзара қырқысқан тартыстардың аяғы Алтынорданың
ыдырауымен, біріне бірі бағынбайтын үш хандыққа (Қырым, Астрахань, Қазан)
бөлінуімен тынды.

Осы
қарсаңда қазақпен көршілес қалмақ хандығы күшейді. 1618 жылы Алтай маңындағы
Зюнғарлардың бір бөлегі Еділ бойына қарай көшіп келіп, 1630 жылдар Еділ бойында
Айюк (Әюке) хандығы орнады.

Жоңғар
қалмақтары қазақтың жер-суын басып алу мақсатымен талай рет шабуылдар жасады.
Қалмақтардың үлкен бір шабуылы 1643 жылы Есім баласы Жәңгірдің хандығы кезінде
болды. Жәңгір бастаған қазақтар қалмақтың қалың әскерін тар асудан өткізбей, үш
күн тойтарыс берді. Ташкеннен 20 мың қолмен Жалаңтөс батыр көмекке келіп, ақыры
қалмақтарға шегінуге тура келеді. Осындай шабуылдардың ең күштісі 1723 жылы
болды. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» атанды. Өйткені қалмақтардың бұл
шабуылы қазақ тарихында мейлінше қатал, мейлінше жойқын оқиғалардың бірі болды.
Соғыста қазақтар қатты жеңіліс тауып, босқынға ұшырады.

Халық
елі үшін, жер үшін жан аямай-ақ шапқыншыларға қарсы күрессе де, қазақтың үстем
тап өкілдерінің алауыздығы, өзара тартыстарының кесірінен жауына қарсы көпшілік
күштерін біріктіре алмады. Оның үстіне бұл соғыстарда қалмақтар пушка қолданды
және олар шабуылды күтпеген жерден жасады. Соғысқа даярлықсыз, жайбарақат елді
басып алуға бұл да себеп болды. Осындай жағдайлардың нәтижесінде қазақтар
жеңіліс тауып, өздерінің атамекендерін тастап, қаша көшуіне тура келді. Орта
жүз Ходжентке, Кіші жүз Хиуа хандығының шекарасы, Қарақалпаққа шейін барды.

Алтай
зюнғарлары 1725 жылы Ташкент пен Түркістанға шабуыл салды. Осы 1725 жылы Еділ
бойындағы қалмақтар Еділ, Жайықтың бергі бетіндегі Кіші жүз қазақтарына соғыс
жариялады; оларға қарсы хан Әбілхайыр бастаған қазақтар қатты күрес ашып, үлкен
ерлік көрсеткен қырғын соғыстан кейін жеңіліп, қалмақтар шегінуге мәжбүр болды.

1726
жылы Сарысудың батыс беті, Бұланты өзенінің бойында Қанжығалы Бөгенбай батыр
бастаған қазақ қолы қалмақтарға қарсы соғыс ашып, үлкен жеңіске ие болды. Бұл
жеңістің мәні зор. Өйткені мықты жаудың беті қайтты, жеңушілердің көңілі өсті.
Бұрынғы «оларды жеңуге болмас» деген жалған лақап, жалған сенімдердің күлі
көкке ұшты.

Қазақ
пен қалмақтардың осыдан кейінгі бір мықты соғысы 1729 жылы. Бұл жолы қазақ қолы
қалмақтардың 1723 жылғы тартқан табақтарын өздеріне қайта тартып, айта
қалғандай талқан етті. Соғыстың болған жері «Аңырақай» атанды. Сөйтіп, қанға
қан, кекке кек алды.

Үстірт,
шолып қана айтқанда, қазақ пен қалмақтардың араларында  осылар тәрізді зор майдан, үлкен соғыстар
болды десек, сол қанды жорық, зор соғыстар халықтың батыр ұл, ер-азаматтарын да
жарыққа шығарды. Олардың асқан ерліктері мен ұрпаққа үлгі боларлық
патриоттықтары аңызға айналды. 1643 жылғы Жәңгір мен Жалаңтөс батырдың, Бөгенбайлардың
ерлік қолбасылықтары тарихи шындық.

Қазақ
эпостарының бәрі бірдей тап осы айтылған тарихи жағдайлармен тікелей байланысты
туды деп үзілді-кесілді қорытынды жасау қиын. Бұл оқиғалардан бұрын да осы
тәрізді оқиғалар болуы, солармен байланысты тууы да немесе соңғы тарихи
жағдайларға байланысты өткен дәуірлердегі ерліктердің қайта жырлануы да мүмкін.
Бұл тәрізді анахронизм ауыз әдебиетінде бола береді.

Н.А.Добролюбов
орыс эпостарымен байланысты анахронизм туралы:

«Барлық
славян елінің және орыстың халық поэзиясы ескі дәуірдің өзінде-ақ болған... Ел
басына күн туып, етігімен су кешкен кездерде орыс халқы өздерінің бұрынғы
даңқты күндерін еске түсіріп, ел есінде сақталған аңыздарды қайта тірілте
бастайды. Халық ішіне тараған аңыздардың айналасында оқиғалар құрастырып, жаңаша
жырлау мәселесі көтеріледі. Бірақ кісі аттарын, оқиғаның болған жерлерін,
дәуірін шатастырады, үш жүз жылдай уақыт ішіндегі оқиғаларды, басқалардан гөрі
естерінде берігірек сақталған тек Владимирдің ғана атымен байланыстырады. Жаңа
низам, жаңаша тәртіпке жаны жатпаған халықтың көзқарасы мен ашынған ұлы сезімі,
ескі заманнан қалған аңыз, жырларға назар аудартып, оларға деген
сүйіспендіктерін оятады. Қазіргі жағдайдағы ауыр хал, халық аңсаған үмітке
керісінше келіп, бүгінгі жағдайлар оның өткен кездегі өмір сәулесі болған
аңыздармен салыстыруларына әкеп тірейді, князь Владимирдің серіктері болған
даңқты, алып батырларды жыр етті... Сонымен Владимирдің батырларын татарлармен
соғысқа шығарды»1.

Қорыта
айтқанда, қазақтың эпостары да ертелі-кешті халқымыздың басынан өткізген
әлеуметтік тарихи жағдай мен тарихи оқиғалардың, тарихи болған адамдардың ерлік
істерін, елдің елдік салтын, әдет-ғұрып, 
рухани күшін бейнелейтін бұл - құнды қазынаның бірі. Сондықтан оны
бастырудың да, әр алуан жақтарын алып ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізудің де
мәні зор.

Бұл
еңбекте талданылатындар қазақ эпостарының барлығы емес, әзірше іріктелініп
алынған бірнешеулері ғана. Батырлар эпосы: «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар»,
«Алпамыс», лиро-эпостар: «Қозы Көрпеш», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан».

Бұның
себебі: қазақ ауыз әдебиетінде басқа эпостардың жоқтығынан емес, ғылым
тұрғысынан әбден іріктеліп болмағандығынан.

Біз
жоғарыда, қазақ эпостары көп вариантты эпосқа жатады дедік.

Оқушылар
көпшілігіне таныс, басылып жүрген варианттарымен қатар, біз бұл еңбекте бұрын
таныс емес, әлі басылмаған варианттарының да қысқаша мазмұнын баяндадық. Ондағы
мақсат: оқушыларымызды эпостарда суреттелінетін қаһармандардың іс-амал, ерлік
қимылдарымен молырақ, кеңірек таныстыру болды. Олар әрбір эпос, лиро-эпостарға
жекелеп талдаулар жасаумен байланысты келтіріледі.

Орыстың
ұлы сыншысы В.Г.Белинский өзінің бір мақаласында: «Героикалық поэмаларда
суреттелінетін қимыл, іс-әрекеттер бүкіл халықтың рухын немесе сол халық
рухының  кейбір жақтарын көрсете аларлық
бір адамның айналасына жинақтала суреттелінуі керек», - дейді.

Осы
тұрғыдан қарағанда, қазақтың батырлар жыры да героикалық поэмаларға - батырлық
эпосқа жататыны даусыз. Қазақтың эпостарында оқиға, іс-амалдар басты
қаһармандардың айналасында болады да, басқалар сол негізгі қаһармандардың
ерлігін, патриоттығын немесе басқа психологиялық жақтарын толықтыру үшін, кейде
поэтикалық контраст ретінде көрсетіледі.

Қай
жырдың идеясын алсаңыз да, негізінде ел тілегі жатады. Елдің елдігін, ерлердің
патриоттықтарын тарихқа аты мәлім бір адамның іс-амалдары арқылы көрсетуге
тырысады. «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Тарғын», «Алпамыс» жырларының негізгі
идеясы өз Отанын басқа елдердің шабуылынан қорғау, жау қаншама көп, қаншама
күшті болса да, халық өз батырларын үстем етеді. Қандай

қиыншылықты болсын
батырлар жеңіп шығады, оларды алмақ болған сыртқы жаулар да, аяғынан шалмақ
болған пасық - ішкі дұшпандар да апатқа ұшырайды.

Батырлар
жырының халықтық қасиетінің де, тарихи құндылығының да негізгі түйіні осында.

Әрине,
тап болған қоғамда ауыз әдебиетінің де таптығы белгілі қағида. Сондықтан  қазақ эпостарының да бәрі бірдей халықтық,
бәрі бірдей халық көпшілігінің тілек-мүддесінен туған жоқ. Олардың ішінде үстем
таптың да мүддесін қорғайтын «Батыр халық баласы емес, әкесінің баласы» ғана
болып, өрісі тар, өзімшілдік көзқарастан аса алмайтын эпостар да бар. Мысалы,
«Ер Сайын» жырын алсақ, мұндағы бас қаһарман Сайынның ерлігі де, іс-амалының
өрісі де өз әкесінің ар-намысын іздеушіліктен ұзап кетпейді. Одан басқа да
осымен идеялас жырлар жоқ емес. Ол - өз алдына мәселе.                                          Бұл кіріспенің мақсаты:
қазақтың эпостық жырларының туу себептері мен бәріне тән кейбір ерекшеліктеріне
ғана шолулар жасау. Алдыңғы мәселе жөнінде жоғарыда айтылды. Сондықтан біз
соңғы мәселеге біраз тоқталып өтелік.

Жалпы
алғанда, қазақ эпостарының көпшілігінде-ақ бас қаһарман  - тәңірден тілеп алған жалғыз ұл. Оның өзін де
әке-шешесі қартайған кезде және баласыздықтың әбден зарын шеккен кезде барып
көреді. Кейбір жырларда әулие-әмбиелерге түнеп, бала солардың шапағатымен
дүниеге келеді. Олар кейде Баба түкті шашты Әзиз, кейде қырық шілтендер. Бұл
әрідегі көп тәңірге, берідегі ислам дінінің салдарынан туған ескі нанымдармен
байланысты көзқарастың қалдығы деуге болады.

Болашақ
батырдың шешесі кейде аюдың, айдаһардың етіне, кейде жолбарыстың жүрегіне жерік
болады. Батыр ұл туғаннан-ақ басқа балалардан ерекше көзге түседі. Бала айлап
емес, күндеп өседі. Ат жалын тартып мінгесін-ақ ол елін жаудан қорғауды арман
етеді.

Батырлардың
бәрі де өзінің батырлығын жасынан танытады. Халқын басқа елдердің шабуылдарынан
аман сақтауды негізгі мақсаты етеді де, сол жолда қанша қиыншылық көрсе де
төзіп, ақыры жеңіп тынады. Кездескен бөгеттерден кейде өжет ерлігімен, кейде
айласымен құтылады. Қиындыққа мойып, жасып қалмай, тез шабуылға әзірленеді.

Алпамыстың
терең зынданнан шығуына өнерпаздығы, Қобыландының зынданнан шығуына асқан
ерлігі себеп болады. Қарлығаның оған ғашық болуы да, тұтқыннан шығуына
көмектесуі де Қобыландының батырлығына бас июінде жатыр.

Қазақ
эпостарына тән және бір ерекшелік - елдік мәселесі. Бұл да жоғарғы айтылған
патриоттық тілекпен нық байланысты. Елдің күші - бірлігінде. «Бірлік болмай,
тірлік болмайды» деген халық мақалының терең мәні де осында. Батырлар жырының
көпшілігінде-ақ бұл - негізгі идея.  «Қамбар
батыр» жырында қыз Назымның ағалары Қамбардың кедейлігін бетіне басып, тең
көрмейді. Соны сезген батыр ғашық боп, жолына өрмек құрған жас сұлудың назына
да қайырылмай, «Нар мойыны үзіліп, Бердібектің өлген жері осы» дегендей,
қаразға мінсе де, ел үстіне жау төніп, ірге сөгілер жерде, батыр жеке өз
басының жәбір-жапасын ұмытады да, Әзімбай ауылын қамап жатқан қалмақтарға қарсы
шабуылға шығады.

«Ер
Тарғын» жырында, Торғауыттың алынбас қамалына жалғыз шауып олжа түсірген Тарғын
Ақша хан еліне талай жылдар тізе көрсеткен жауларға жасаған күш-қайратын өз
жұртына жасай алмайды. Ханзада ханның қол астында жүргенде екі рет алданып,
Ханзаданы өмірлік көрмей кетуге ант ішсе де, ол елді қалмақтар қамаған кезде ел
үшін шыдай алмай тағы атқа мінеді. Ханның алдауы туралы ел атынан сөйлеген  Сыпыра жырау тәрізді шешендердің сөзінен кейін,
батыр алғашқы бетінен қайтады да, өзінің бар күшін ел жауына қарсы жұмсайды.

Өз
елін тереңнен сүюшілік мотиві қазақ эпостарында психологиялық жағынан да
дәлелделінеді. Ұзақ сапар, жорықтарда болып, дұшпанда кеткен ары мен барымтаға
түскен малын іздеген  ерлер елі, жері
еске түскенде жер тітіреткен даңқын да, олжаға түсірген мүлкін де бір тиынға
санамайды. Алпамсадай алыптар елі есіне түскенде анасын сағынған баладай жас
төгіп, буыны босап кетеді. Ғазанды жеңіп, Көбіктінің көп жылқысын алып қайтқан
сапарында - Қобыландының Қараспан тауын жайлаған қалың қыпшақ елдерін
сағынғанда өзегін өрт шалып, өзін қайда қоярға білмейді. Осы сықылды эпизодтар
басқа эпостардан да табылады.

Басқа
елдердің эпостары тәрізді, қазақ эпостарында да батырлармен қатар жүретін
олардың жарлары. Олар кейде батырдың көмекшісі, кейде ақылшысы (Құртқа), кейде
батырға дем беруші, қиын-қыстауда серігі, жан қиысқан досы (Ақжүніс), кейде
Назым тәрізді алды-артын қиядан болжайтын ақыл иесі адамдар етіліп
суреттелінеді.

Эпостардағы
әйел мәселесі - біздің зерттеушілердің көңілін қатты аударарлық, мәні зор
мәселенің бірі. Қазақтың кейбір эпостарында батырдың ерліктері үйлену не жау
алып кеткен әйелін іздеу әрекеттерімен байланысты болып келеді. Бұл - басқа
елдердің эпостарында бар мотив.  Эпос
неғұрлым ертерек болса, соғұрлым онда үйлену жолындағы қиыншылық, бөгеттер
көбірек кездесетіндігі, қаһарманның ерлік, батырлық қимылдары алдымен осы
күрестің айналасында көрініп, танылатындығы аңғарылады. Көбіне батырлар өзінің
болашақ жарын білмей, көрмей-ақ үйленуді арман етеді. Мысалы, Қобыланды шуды
естіп, мәнісін Естемістен сұрап біледі де, жұрт таласып жатқан Құртқаны алмақ
болып, Естеміске болмай аттанады. «Алпамыс» жырында Гүлбаршын өзінің қалыңдығы
екендігін, Байсары қалмақ еліне көшіп кеткендігін Алпамыс кейін біледі. Жарын
іздеп шыққан батыр көп сын, көп қиындықты бастан кешіріп, ақыры еліне алып
қайтады. Бұл екінші бір түрде «Қобыланды» эпосында да кездеседі.

Эпостардағы
жар іздеу мәселесі ғашықтықтан туған мотив емес, семья құру тілегінен туған,
эпостың әрігіректе пайда болғандығын аңғартатын элементтің бірі екендігін
фольклористика ғылымы толық дәлелдеп отыр. Қазақ эпостарының қайсысы бұрын,
қайсысы соң туғандығын дәлелдеуде бұл - айрықша көңіл аударарлық жайт.

Жар
іздеу мотивінің негізгі түйіні үй болу, семья құру болса, ол келешекке өзіндей
не өзінен де асып түсетін ұрпақ қалдыру тілегіне келіп тіреледі. Қобыландыдан:
Бөгенбай, Киікпай, Алпамыстан Жәдігер, Тарғыннан: Әжігерей, Айқожа т.б. Бұлардың
кейбіреулері ерлігін әкесінен де асырып жібереді.

Кейбір
нұсқаларда әйел арасынан да батыр образын шығармақ идеясы аңғарылады. Бірақ бұл
тәрізді талпыныстар қазақ эпостарында өз биігіне шыға алмай қалған. Қарлыға,
Нарқыз сықылды әйел образдарының батырлық іс-амалдарын ойдағыдай дәлелделінген,
көңілге қонымды, ақылға нанымды деп қарау қиын.

Қазақ
эпостарында батырлардың жорыққа мінетін аттарына да үлкен орын беріледі.
Олардың сұлулығы, қуса жетіп, қашса озатын жүйріктігі, жуан-жуас беріктігі айрықша
шебер суреттелінеді. Кейде ескі нанымдармен байланысты  аттарға ерекше қасиеттер тағылып, әр нәрсені
түсіне алатын есті хайуанат етіліп көрсетілсе, кейде қысылшаң жерде ұша алатын
қанаттылар қатарында дәріптелінеді. Эпостарда атқа үлкен көңіл бөлінуі заңды.
Өйткені көшпелі елдерде жылқы тәрізді көлік малының мәні жалпы үлкен болды
десек, жаугершілік кездерінде жорыққа мінуге жарайтын аттардың орны бөлек.
Жортуылдарда кездесетін жекпе-жек сайыс, самсаған жауға еміне шауып қамал
бұзып, кейінгі қолға жол ашу - бәрі де ол кезде атпен байланысты. Жырларда
жақсы атқа көп орын беріліп, оларды әр жағынан алып, батырмен қоса дәріптеп
жырлайтыны да сондықтан.

Қазақ
эпостарында кездесетін және олардың ескіліктегі ел тұрмысын меңзейтін бір нәрсе
- бақташылық, аңшылық мотивтері. «Қобыланды», «Сайын» эпостарында батырдың
алғашқы адымы жылқы бағудан, малын жаудан қорғаудан басталады. Бұл «Алпамыста»
да аңғарылады. Өзі мінерлік атты Алпамыстың сан жылқының ішінен тапжылдырмай
танып ұстауы, оның да көзі малмен ашылғандығын аңғартады.

Аңшылықпен
шұғылдану «Қобыланды» (Мергенбай варианты) эпосында да кездеседі. Ал «Қамбарда»
аңшылық батырдың негізгі кәсібі есебінде суреттеледі. Қамбар аң аулап, ит
жүгіртіп, құс салып тоқсан үйлі тобырды асырайды. Аңшылық «Қамбар» эпосында
машықтықтан емес, тіршілік, күнкөрістен туғандығы айқын танылады. Бұл кейінгі
кездегі қосымша күнкөрістердің бірі, не қызық көру құмарлығының көлеңкесі емес,
аңшылық бір кезде халықтың негізгі кәсібі болғандығын, сондай дәуірді сол елдің
де бастарынан кешіргендігін байқатады. Бұл мотив те көпшілік эпостарға тән
жағдай.

Әр
эпостың композициялық құрылыстары, негізінде, әр басқа. Әйтсе де бұл жағынан да
өзара бірліктері жоқ емес. Ең алдымен, оларды бір-біріне жақын ететін жайт -
тақырыбы. Эпостың барлығында да батырлардың ерлік қимылдары - шығарманың
негізгі қазығы. Онсыз эпос жоқ. Эпостық жыр, поэмаларды сөз етпек болсақ, бұл
оның ең басты ерекшелігі деп тануымыз қажет. Екінші - өзара бірліктері,
эпостардың бас қаһармандарына кездесетін әр алуан қиыншылық, күрес-тартыстар.

«Қобыланды»,
«Ер Тарғын», «Қамбар», «Алпамыс» тағы басқа жырларды алсақ та, үйлену, жар
іздеумен қатар, қалмақ хандықтарының шабуылдарына қарсы шабуыл, күрестерді
суреттейді. Оқиғаның байланыстары да, өрбу жолдары да, шарықтау шегі де қазақ
пен қалмақтардың соғысы. Елдің ар-намысын іздеген батырлардың ерлік қимылдары.
Қай жырда болсын оқиғаның шешуі  қазақ
батырларының жауды жеңуімен тынады.

Кейбір
эпостарда экспозициялық суреттеулер не сол оқиғаның немесе оқиғаға қатысушы бас
қаһармандардың туу, өсу жолдарын, не келешек тартыстың болуына қандай жағдайлар
себеп болғандығын аңғартушылық та кездеседі. Кейбір жырларда, кейде бір жырдың
варианттарында оқиға экспозициясыз-ақ бастала береді («Қобыланды»  Марабай варианты) т.б.

Эпостардың
оқиға құрылысын сөз еткенде сюжет құру шеберлігі, оның қызықтылығымен қатар,
адам образдарын жасаудағы шеберліктері де айрықша көңіл аударады. Әр
образдардың өзіне лайықты портрет, мінездеу, монолог, диалогтар, не олардың
күйініш, сүйініштерін жағдайға лайықты көрсетумен қатар, кейде шегініс, кейде
жанама мінездеу және драмалық коллизиялар да кездесіп отырады. Бұл жайттар
әрбір эпосқа талдаулар бергенде айрықша тоқталуды керек етеді.

Қазақ
эпостарынының тіл көркемдігі бізде әлі тексерілмей, соны жатқан тақырып. Алайда
жай шолудың өзінен-ақ олардың тілі мейлінше бай, өмірдің қандай құбылыстарын
суреттесе де, жеріне жеткізіп бере алады. Қандай жағдайды көрсетпек болса,
соған лайықты сөз образдарын қолданатындығын көреміз. Адамның не аттың  портреттерін жасауда эпитет  не оның тұрақты түрі, теңеулерді, іс-амалдарды
суреттеуде дамыту (градация), бір нәрсені мақтамақ, дәріптемек болса, әсірелеу,
кемітпек, кішірейтпек болса, литоталық образдарды көп пайдаланады.

Әсірелеу
эпостарда ерекше орын алады. Өмірдің қандай құбылысын суреттемек болса да
шектен шығара, асыра айтушылық жиі ұшырайды. Адамның тұлғасын, қимылын,
табиғат  болмысын, қысқасы, не нәрсені
айтсақ, бәріне қолданылады. Кейде жау бейнесін көрсетуде қолданылған әсірелеу -
ирониялық мән береді. Жаудың ірілігіне сөлекеттігі сабақтаса жүреді. Сондықтан
оны шағын денелі батыр жеңіп кете береді. Эпос неғұрлым жас болса, әсірелеу де
солғұрлым аз ұшырайды. Сөз образы да шындыққа жақындай түседі.

Жалпы
ауыз әдебиетінде, соның ішінде эпостарда поэтикалық тілдің негізі саналатын
және бір түрі психологиялық параллелизмдер жиі ұшырайды. Қаһармандардың
басындағы қиыншылықтармен байланысты туған күйініш, сүйініштерді суреттегенде,
оған табиғат құбылысын  не
жан-жануарлардың ауыр жағдайларын параллель етеді. Сол екі құбылысты қатар қою
арқылы оқушылардың ой-сезімдеріне әсер етуге тырысады. Бұлай суреттеу әдісі
кейде антитеза ретінде келеді.

Қазақ
тілінің даму сатысынан қарағанда, эпостарда көп кездесетін және көп кездесуі
заңды архаизмдер, олардың тілді зерттеушілер үшін мәні үлкен екендіктерін былай
қойғанда, жазушы, әдебиетшілер үшін де эпостық поэмалардың тіл шеберліктерінің
мәні зор.

Бүгінгі
ақын, жазушыларымызды алсақ, кім ауыз әдебиетін, эпосты жақсы білсе, соның тілі
бай, оралымды, халыққа түсінікті екендігін байқаймыз. Сондықтан эпостарымыздың
бұл жағынан да орны ерекше.

Бұрынғы
зерттеушілердің еңбектерінде не көмескі қалып, не айтылмай, кейде Радлов
тәрізді оқымыстылар қазақта батырлар жырынан гөрі лиро-эпостар көбірек,
батырлар жыры аз деген пікірлер айтты. Шындығында, бұл қате. Радловтың  ол пікірі сол кездегі әлі жиналып жетпеген
қазақтың батырлар жыры мен лирикалық ұсақ жырларын салыстырып, көпшілігі соңғы
жырлардың түріне жатқандықтан айтылған тәрізді.

Қазақ
СССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жинаған материалдарына
қарағанда, қазақта батырлар жырының көптігі толық айқындалып отыр. Әлі
жиналмаған, біз білмеген соны жырлар, қазіргі жазылып алынған  не басылып шыққан жырлардың әртүрлі
варианттары әлі де ұшан-теңіз. Отан соғысы кезінде атақты Мұрын жыраудың бір
өзі «Қырымның қырық батыры» туралы жырларын жаздыра бастады. Ол әр батырдың
өзін сала-салаға бөліп, ұзақ жырлайды.

Бұл
айтылғандар қазақта батырлар жырының ертеден бар екенін көрсетеді. Бірақ ертеде
бұл батырлар жырлары ноғайлыдан шыққан батырлар деп аталып келді.  Көп батырлар жырларының соңғы кезге шейін
айтылып келген, жазылып алынған варианттарының бәрінде де ноғайлы деген сөз
жүреді. Мұндағы ноғайлы деген сөзді қазақтан бөлек, басқа ел деп түсіну керек
емес.

ХV
ғасырда бүгінгі Қазақстан өлкесінде Алтынорда құлаған соң құралған ноғайлы деп
аталған хандық болған.

Сол
Ноғайлы хандығының құрамында кейін қазақ атанған елдердің талай рулары
болғандығы тарихи әбден дәлелделінген, мысалы, қаңлы, қоңырат, үйсін, арғын,
найман, алшын, қыпшақ тағы басқалар.  Демек,
«ноғайлы елі» бұрын болған да, мүлде із қалдырмай жойылып кеткен ел емес,
«ноғайлар» деген аты ғана өзгеріп, құрамындағы елдер кейін басқаша атанғанға
ұқсайды. Қазақ эпостарындағы батырлардың бірі қыпшақ руынан, екіншісі қоңырат,
тағы біреулері арғын, қият руларынан шығады. Қазақтардың ішінде «ноғай» атын
сақтап қалғандар да жоқ емес. Олар өздерін қазақтың бір руымыз деп біледі.  «Ноғайлы», «ноғайлылықтың» аттарымен
байланысты халық аузында аңыз-ертегі, көптеген өлең, эпостық, лиро-эпостық жырлар
қазаққа мұра ретінде қалды. Бұл жырларды жинаудың да, тексерудің де мәні зор.
Ш.Уәлиханов айтқандай, бұлардың тамаша жері халықтық рухтың, ұғымдардың,
әдет-ғұрыптардың, дәстүрлердің, тұрмыс дағдысының көрінісі болып табылады,
сонымен бірге филологиялық жағынан да бұлар тамаша...

Жалпы
ауыз әдебиетін, оның ішінде, батырлар жырларын жинаушы, зерттеушілер үшін
қолайлы бір жағдай бар. Ол бізде жыршы, жырау, суырыпсалма ақындар, былайша
айтқанда, батырлар жырын туғызушы, жырлаушы, сақтаушылар қазіргі күнде де көп
табылады.

Халық
ақындарының әрқайсысында жазылып алынбаған сан жырлар бар екені сөзсіз болумен
бірге, сол жырлардың да көпшілігі батырлар туралы болуы, қазақта батырлар жыры
аз деген пікірдің теріс екендігін толық дәлелдейді.

Қай
елдің болсын ауыз әдебиеті ең ескі өмірден қалған мұрасы ғана емес, бір
кездердегі сол халықтың білімі, өнері, тарихы, діні, нанымы тәлім-тәрбие құралы
болып, толып жатқан сипатты өз бойына сыйғызып, көп жұмысты бір өзі атқарған
дәуір кезеңдері болды. Көп елдерде батырлар жыры тек әдебиеттік мұра ғана емес,
тарихтан да елес береді. Өйткені батырлар жырының көбінің негізінде тарихи
оқиғаға жататыны да болады.

Қазақ
батырлары жырының кейбіреулерінің шығу, дамуында да сол тарихтық негіз барлығы
байқалады. Алыс сарын түрінде болса да, нақтылы тарихта болған кешеу-кешеу
замана бейнесі танылады. Сол дәуірлердегі ерлік істердің көмескі болса да ізі
көрінеді.

Бірақ
айтылғандарға қарап, батырлар жырын тарих деп те, тарихи жыр деп те қарауға
болмайды. Себебі батырлар жыры тарих арасынан туғанымен, оған қиял тудырған көп
жайлар қосылып, өсірілген болады. Мұнда көріктеу әдіс, үлгілерінің өзінде де
ақиқат шындықтан гөрі ертегілік әсірелеу, үлгі өрнектері де басымырақ болады.

Батырлар
жырында ескі наным, ертегі, мифологиялық көзқарастар да араласа жүреді. Сонымен
қатар елдің өзі қадірлейтін азаматтық қасиеттерді кең түрде көрсете алған мұра
да батырлар жыры екені сөзсіз. Бұл жөнінде көп жырлардың қоғамдық, халықтық,
идеялық мазмұны бүгінгі күндердің тілек-мақсаттарымен үндес.

Батырлар
жырының, әсіресе бір құндылық жағы ерлердің ішкі сырын терең ашып, қайтпас ер,
жауына қатал, еліне мейірімді, сөзіне ісі сай, ар-намысқа берік, ерекше мінез,
өнегелі ісі бар адамдар етіп көрсететіндігі. Сонымен қатар бұл тәрізді елін
сүйетін патриоттық сезім тек ұлына ғана емес, халықтың қызына да тән мінез.
Батырға олардың адал жар, ақылгөй серік болу мотивтерінің негізі, тілегі
отаншылдық идеяда жатыр.

Сөйтіп,
батырлар жыры халықтың қалаулы  ұлы мен
аяулы аруларының өнегелі істерін, жас буын келешек ұрпаққа үлгі етеді. Ерлікті
елдің қасиеті санап, ездік өмірден ерлік өлім артық деген ұранды ту ғып жоғары
көтереді. Жас буынды елдік, ерлік идеясына бөлеп, тербетеді. Өлмес елдің  өшпес асыл сипаты да осында болатын. Елдің сол
сипатына шаң жұқтырмай, сол дәстүрін берік ұстап, күні бүгінге шейін сақтап
келген жалпы ауыз әдебиетінің ішінде ең күрделі, ең сүбелі саласы да батырлар
жыры. «Қобыланды» мен «Тарғын», «Қамбар» тағы басқа батырлар туралы жырлардың
ай, апталап жырланса да, жалықпастан тыңдалып, сан оқылса да сарқылмас қызығы
бар көрінетіндігі де осында.

Батырлар
жырын зерттеушілердің алдында тұрған толып жатқан қиыншылық, бөгеттер бар.
Алдымен ең алғашқы варианттары жазылып қалған ескі жазба деректер жоқ. Біздегі
батырлар жырының қайсысы болсын кеш жазылып, кейінгі кезде ғана басылып шықты.
Атадан балаға, ағадан ініге ауызша ауысып, ауызша сақталуы, сонымен қатар әрбір
жыр талай тартыс, әртүрлі өткелдектерді басынан кешіре келіп, біздің
заманымызға жетуі бар. Жазылып қалмаған нәрсеге әр кез, әр таптың, кейде үстем таптың
жыршы, жыраулары өзінің таптық санасының ізін қалдырып, түпнұсқасына әлденеше
өзгеріс кіргені де сөзсіз. Бір батыр туралы он, жиырма, кем қойғанда бірнеше
вариант болып, әрқайсысында өзінше өзгешелік болуы да жоғарғы пікірдің даусыз
дұрыстығын дәлелдейді. Оларды салыстыра отырып зерттеу керектігін және ол  жөнінде өте сақ болудың қажеттігін де
аңғартады.

Бірақ
жазылып қалынған алғашқы нұсқалары болмаса да, түрлі варианттарды салыстыра
тексерулер арқылы, түп нұсқасын тауып, кейінгі түр-варианттардың қоспаларын
айыру қажет. Әр заман, әр кездегі наным, сенім, дүниетанушылық көзқарастар не
кіргізді, жырлардың бұл жақтарын кеңірек ашқан жөн. Бұл - бүгінгі
зерттеушілердің ойланатын, келешек зерттеу жұмыстарына мақсат етіп қоятын
негізгі мәселелерінің бірі.

Батырлар
жырын зерттеудегі және бір қиыншылық - Сыпыра жырау, Әбіл, Нұрым, Марабай,
Мергенбай, Жанақтар секілді батырлар жырын айтушы жыраулардың қалай жырлап, қай
түрде орындағандарынан деректердің аздығы. Әртүрлі варианттарды салыстыра
зерттегенде, әр жыраудың қалай жырлағанын білу өте қажет дейміз. Өйткені
батырлар жырын орындаушыларға тән нәрсе оқиғаның жалпы желісін ұғып өзінше
жырлау, не жыр оқиғасындағы ерекше, елеулі саналған жерлеріне ғана көңіл бөліп,
қосымша оқиғаларды қара сөзбен ғана түсіндіріп, қысқарта жырлау, не жырдың ұзын
ырғағындағы оқиғаның ең қызықты, ең көркем саналатын жерлеріне ғана тоқтап,
көлденең оқиғаларды шегініс, не экспозиция ретінде ғана баяндап, аттап түсу,
қысқасы, әртүрлі әдістер болады.

Бірақ
эпостардағы тартыстар да, әр алуан бөгеттер де, адамдардың іс-әрекеті,
мінез-құлықтары, портрет, күйініш-сүйініштері де айтайын деген негізгі
ой-пікірлер де өлеңмен суреттеледі. Қара сөзбен эпос айтылмайды. Сондықтан
өлеңмен айтылуы эпостың өзіне тән қасиеттерінің бірі тәрізді.

Қазақ
эпостары да басқа елдердің эпостары сықылды әндетіп айтылады. Бұл тақпақтап
айтуға мүлде келмейтіндігінен емес. Суреттемек оқиғасына байланысты. Әуелде өзі
домбыраға қосып айтуға лайықтанылады. Мұны халық «жырлау» дейді. Осыдан келіп
«жыр ағымы» аталатын, 7 не 7-8 буынды 
өлең түрі поэзиямыздың бір алуан мол саласы болып отыр. «Жыр ағымы» -
эпостарда бейнеленетін жаугершілік өмірді суреттеуге өлеңнің ең қолайлы түріне
ұқсайды. Жандасқан соғыс, жан аяспас ұрыстардағы қимылдарды, он бір буынды қара
өлеңмен беру қиынға түсер еді. Ұзақ жырларды домбыраға қосып айту үшін де «жыр
ағым» анағұрлым қолайлы.

Бұл
мәселелердің де тереңірек зерттеушілер үшін мәні зор.

Зерттеушілердің
үшінші қолға алатын ғылымдық мәселесінің бірі - жыраулар мектебі. Қазақта
батырлар жырының белгілі-белгілі мектебі, ол мектептің өзінше айту стилі
барлығы байқалып отыр. Бұрын Қазақстанның кей жерлерінде батырлар жыры үзінді
не бөлек-бөлек қысқа жырлар болып айтылатын. Бұл жалпы эпос жайлы ғылымның
сипаттауынша, орыстың ұлы сыншысы Белинскийдің айтуы бойынша, батырлар жырының
әлі марқайып, пісіп жетпеген, кемеліне келмеген сатысын көрсетеді десек,
сонымен қатар Қазақстанның кейбір облыстарында батырлар жырының кейін желіге
құрылған, ұзақ сонарлы түрлері барлығы да айқындалып отыр.

Әбілден
Нұрымға, Нұрымнан Мұрынға ата мирасындай болып қалған «Қырымның  қырық батыры» бұған толық дәлел. Мұрын жырау
«Қырық батырда» оқиғасының жартысы шындық, жартысы миф болып келетін алатайлы
Аңшыбайдан бастап, батырлықты тұқым қуалата жырлай келеді де, аяғын «Қарасай-Қазимен»
тындырады. Аңшыбаймен Қарасай-Қази аралығындағы көп батырлар бірін-бірі
толықтырушы, бірі екіншісінің жалғасы, бәрі бір тұтас желілі дастан болып
суреттеледі.

Жалпы
ауыз әдебиетін, оның ішінде батырлар жырын басқа елдердің ауыз әдебиетінің,
эпостарының дамуларымен байланыстырмай, жалаң, тек өз әдебиетіміздің шеңберінде
тексеру аз, ол нақтылы ғылымдық зерттеу әдісі болмайды. Сондықтан салыстыру
қажет ететін жақын үлгілермен салыстырып тану керек. Әсіресе көршілес советтік
елдердің әдебиетінде кездесетін варианттар мен біздегі варианттарды салыстыра
зерттеу - ғылыми бағалы принцип. Қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікпен,
татар, башқұрттағы және басқа көршілес елдердегі ауыз әдебиет өрістес қана
емес, бірімен бірі мидай араласып жатады. Бір Алпамыстың өзінің өзбек, қазақ,
қарақалпақ, башқұртта болуы, («Алпамыс жыры») осы бар вариант азербайжанда
«Кітабы дәдәм Қорқыттағы» Бамсы Бәйрек әңгімесіне ұқсауы елеусіз қалатын жайлар
емес. Өзбек әңгімесінде Алпамыс кішкене бала кезінде Алпын би деген атасының он
төрт батпан жез садағын тартуы, қазақта жас Алпамыстың Байшұбардай тұлпарды
құйрығынан ұстап тоқтатуы, әңгіме оқиғасының Байсын көлінің жағасында болуы -
бәрі де салыстыра зерттеуді күтеді. Қазақтағы батыр жырларын зерттегенде, тек
жаңағы аталған елдердің ғана дастандарымен салыстырып қараумен қанағаттануға
болмайды. Көп мысалдарды қазақ тарихына үлкен әсері, араласы болған орыс
халқының батырлық дастандарымен салыстыра тексеру қажет. Өзбек, қырғыз
эпостарын тексерудегі соңғы  жылдардағы
ғылымдық зерттеулерге қарасақ, қазақ жырларымен ұқсас ерекшеліктер көп аталады.
Және қазақ жырларының кейбіреуінің оқиға тартыстарында орыстың батырлық
жырларымен де өте ұқсас келетін кездерін көреміз. Жалпы қазақ фольклорының орыс
фольклорына ұқсас келетін жайларын ертегі үлгілерін салыстырғанда Шоқан да өз
кезінде анықтап айтқан болатын. Біздің тереңдеген зерттеулерімізде осы
ұқсастықтар да қатты ескеріліп аталуы шарт.

Әрине,  салыстыра зерттеудің мақсаты: әр жырды
таңбалап мынау мынанікі, анау ананікі еді деу ғана болмау керек. Советтік
көршілес елдерімізде қай жырдың әңгімесі қай елде толық сақталған? Ескі түр,
түпнұсқасы кімде?  Қай елдегі варианты
көркем? Ерекшеліктері қайсы? Қалай сақталып келген? Өзінен бұрынғы жырлардан не
алды, бергі заманға дейін ауызша жырлау арқылы сол бергі кездерде қаншалық
жаңалық, жамаулар қосты? Тарих пен эпостардың арасындағы байланысы қандай? Сол
эпосқа негіз болған идея қайсы? Осы мәселелердің бетін ашу зерттеудің зор
міндеті болу керек. Мұны қанаттас елдердегі бардың-барын ортаға салып,
салыстырсақ қана толық ұғуымыз мүмкін. Бірақ бұл әдіс біздің зерттеу
жұмыстарымызда әлі толық қолданылмай келеді. Оның негізгі себебі - бір ел мен
екінші елдің әдеби мұраларын салыстыра зерттеулер жасау үшін ғылымдық мәні бар,
мол мәліметтің түгел жиналып, қорытылып жетпегендігі. Әйтсе де бұл біздің
ғылыми тексеру, зерттеу жұмыстарымыздың алдағы бірінші адымы болуы шарт.

Эпостық
поэмалардың (жырлардың) құрылыстары да зерттеушілердің үлкен көңілін аударарлық
мәселелерінің бірі. Біздің зерттеушілердің көпшілігі эпостық, лиро-эпостық
поэмалардың тууына себеп болған тарихи-әлеуметтік жағдайларға,
идеялық-мазмұнына талдаулар берсе де, көркемдік ерекшеліктеріне, оқиға құрылысына,
тіліне тоқталмай, «құрылысы шебер, тілі көркем» деген тәрізді жалпы сөздермен
өте шығады.

Бұл
шын ғылыми зерттеу емес. Қай шығарманың болсын идеялық мазмұнын оның түрінен
бөліп алып қарауға болмайды. Бұл - әдебиеттану ғылымында әлдеқашан мансоқ
болған әдіс. Көркем шығармадағы жақсы идея құрылысының, тілінің де жақсылығымен
байланысты.

Оқушы
жұртшылығы жүрегінің жылы жерінен орын алған халық поэмалары идеясымен қатар,
көркемдігімен де құнды. Оларды қызықтыратын жырлардың оқиға құрылысының
шеберлігі, адам образдарының өз кездеріндегі мінез-құлықтарды қамти алатындығы,
тамаша тіл көркемдіктері десек, ол жақтарына атүсті қарауға болмайды.

Әрине,
ол көп еңбекті, әдебиеттің теориялық жақтарын жақсы білуді қажет етеді.
Композицияның әрбір элементі әрбір поэтик тіл тапжылдырмай танып, бұлжытпай өз
орнына қоюды қажет қылады. Ол оңай емес. Бірақ қиындықтан қорқып, жеңілдің
асты, ауырдың үстімен кетуге бой ұру ғылыми зерттеуге жат. Әрбір зерттеуші
қиындықты жеңіп шығуды мақсат етуі керек.

Өз
тіліміздегі эпостардың  вариант, түрлерін
салыстыра отырып зерттеумен бірге, көршілес елдердегі вариант-нұсқаларымен де
салыстырып, мазмұны, түрі жақтарындағы бірліктері мен әр алуан ерекшеліктерінің
тарихи-әлеуметтік сырларын ашу, сөйтіп, жалпы совет фольклористика ғылымының
өрістеп, дамуына атсалысу - қазақ әдебиетшілерінің алдында тұрған күрделі міндеттерінің
бірі.

Қазақ
ауыз әдебиетінде эпостық поэмалармен қатар, сүйіспендік, махаббат тақырыбына
арналған поэма, жырлар да аз емес. Бұлар да талай ғасырлар бойы ел аузында
сақталып, атадан балаға мұра ретінде қалып келген. («Қозы Көрпеш - Баян Сұлу»,
«Қыз Жібек», «Күлше қыз - Назымбек», «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Есім сері -
Злиха», «Айман - Шолпан» т.б.)

Солардың
ішінен бұл еңбекте айрықша тоқталынып талданылатын: «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу»,
«Қыз Жібек», «Айман - Шолпан».

Эпостық
поэмалар тәрізді бұларға да шолулар жасасақ, бәріне тән өзара жақындықтары
барлығын аңғаруға болады.

Лиро-эпостардың
(ғашықтық жырлары) өзара жақындығы - тақырыбы; негізгі мәселе - бір-бірін
қалтқысыз сүйіп, қосылуды арман еткен екі жастың араларындағы ыстық махаббат.
Оқиғаның байланысы да, дамуы, шиеленісуі де, шешуі де осы сүйіспендік
мәселесіне бағындырылады. Сүйгеніне қосылуды аңсап, мұратқа талпынған жастарға  ескі феодалдық салт-сана, шатқалаңы мол
асудай кесе тұрады да, оларды дегеніне жеткізбей мерт қылады. Баласынан малын
артық көретін қатал жүрек, тасбауыр әке Қарабайдың кесапаты Қозы мен Баянды,
менмендік иесі, ірі феодал Базарбайдың безбүйректігі Төлегенді апатқа
ұшыратады.

Лиро-эпостық
поэмаларда халықтың тұрмысы, салты, әдеті, ғұрпы, күнкөрісі, наным-сенімі,
психологиялық жақтары эпостық поэмалармен салыстырғанда молырақ қамтылып,
тереңірек суреттелінеді. Мақсатқа жету жолдарында ұнамды қаһармандарға
кездесетін қиыншылықтар шет жаулардың іс-әрекеттері емес, ескі салт-санадан
туған әр алуан бөгеттер болады да, сол шытырман қайшылықтардың шырмауына
оралып, көбіне-ақ, оқиға шешулері қайғылы халдермен аяқталады.

Лиро-эпостық
поэмаларда реалистік негіз бен романтикалық элементтер сабақтасып жатады. Бірақ
реалистік әдіс басым. Сондықтан романтикалық сыр, бояулар шындық өмір
құбылыстарының көлеңкесінде қалып қояды.

Лиро-эпос
поэмаларының ішінде ерекше орын алып, бөлектеу тұратын «Айман  - Шолпан» поэмасы. Оның тақырыбы да, оқиғасы
да тарихи жырларға жақын. Лиро-эпостық поэмаларға тек халықтың тұрмыс-салтын
терең суреттеуі жағынан туыстас.

Толығырақ
талдаулар, поэмаларға жеке тоқталған бөлімдерде айтылмақ.