ВЕРНУТЬСЯ

    Махамбет
Өтемісов 1804 жылы қазіргі Батыс Қазақстан Орда ауданы Нарын құмы, Бекетай
деген жерде туған. Орда ауданы (қазір Жәнібекке қарайды), ол кезде
«Бөкейлік»  немесе Ішкі Бөкей ордасы деп
аталған.

Нарын
- Еділ мен Жайықтың арасындағы жалпақ құм. Бұл жерді бұрын қалмақтар жайлаған.
Олар басқа жаққа көшіп кеткеннен кейін елсіз, көп жылдар бос болатын. Міне, осы
қонысқа 1801 жылы Жайықтың бергі бетінен Нұралыханов Бөкей сұлтан бастаған бір
топ қазақ келіп орналасты. Бұл - Павелдің патшалық құрған кезі. Бөкейге ресми
түрде рұқсат беруші де Павел болды.

             Ішкі Бөкей ордасына орналасушы рулардың
көпшілігі Байұлы руынан. Қазақ шежіресі бойынша, Байұлы он екі атаға бөлінеді.
Соның бір бұтағы - беріш. Исатай Тайманов сол беріштердің ішінде «Жайық беріш»
атанатын бұтағынан шыққан. Махамбет те осы Жайық берішке жатады.

            Махамбеттің
өз әкесі - Өтеміс, арғы атасы Құлмәлі делінеді. Ертерек кезде қазақ пен
түрікпендердің арасында әртүрлі себептермен жауласушылықтар болып отырады. Оның
негізгі себептері: жер, су, жайылымға таласу немесе барымта-сарымта тәрізді
мәселелер. Көбіне осындай мәселелерді пайдаланып өрбітіп, отына май құюшылар
екі елдің үстем тап өкілдері болады. Осындай бір жаугершілік кезде Жайық беріш
руының батырлары Құлмәліні Түрікпеннен қолға түсіріп әкелген екен... Кейін
бірте-бірте Құлмәлі терезесі тең азаматқа айналып, қазақ қызына үйленеді; одан
Шыбынтай, Шыбынтайдан Өтеміс, Өтемістен Махамбет туады.

            Өтемістің
Махамбеттен басқа да балалары көп.

            Ақынның:

Өтемістен туған он
едік,

Онымыз атқа
мінгенде -

Жер қайысқан қол
едік, -

дейтіні де
сондықтан.

            Өтемістің
басқа балаларының да тарихта аттары мәлім: Исмайыл, Қожақмет, Ыбырайым,
Бекмағамбет т.б. Исмайыл мен Қожақмет (Ахмет) көтеріліске белсене қатысып,
күрес күндерінде үлкен қайрат көрсеткен ерлердің бірі. Қожақмет (Ахмет) 1838
жылы июльдің 12-сі күні Исатай және оның басқа да батыр жолдастарымен майданда
қаза тапқан. Ал Исмайылды каторгіге Сібірге айдаған. Бекмағамбет халық көтерілісіне
қарсы, хан жақтаушылардың бірі болады.

            Халық
аузындағы әңгімеге қарағанда да, кейбір архив мәліметтеріне қарағанда да Өтеміс
- кедей шаруа адам. 1839 жылы Жайықтың бергі бетін жайлаушы Қарасұлы дейтін
кісі Махамбеттің інісі Ыбырайым туралы:

            «Біздің
ауылға қызым Шөкішпен бірге күйеуім Ыбырайым Өтемісұлы келді. Бір жақта сорлы
болып қалған байғұстар менен бұрынғыша жәрдем сұрап келген екен, бір түйе беріп
жібердім. Сүйтіп, екеуі ішкі ордаға қайтып кетті», - дейді. Бұған қарағанда,
Өтемістің шаруасы тек көтеріліс кезінде ғана күйзеліс тауып, кедейленген адам
емес, онан бұрын да ол кедей шаруа болғанға ұқсайды.

            Өтемістің
көп ұлдарының ішінде әрі ақындық талантымен, әрі ел үшін еткен істерімен аты
ерте шығып, халық жүрегінің ең жылы жерінен орын алған - Махамбет. Оның ардақты
аты мен асыл сөздерін халық күні бүгінге шейін өзінің санасында сақтап келді.
Қазіргі кездің өзінде де жинаушылар ескінің жұрнағындай бірен-саран жаңа
өлеңдерін ел аузынан жазып алып жүр.

            Махамбет
қай жағынан болсын ерте оянып, ел ісіне ерте араласқан және керекті кезеңдерде
ел басын қосуға шебер, ұйымдастырғыш, қабілеті мейлінше күшті жастардың бірі
саналады. Махамбет жас болса да жалынды ақын, жарқ еткен талант екендігін ел
тез таниды, оның даңқы жастан-ақ шығады. Махамбеттің осы қабілетін өз керегіне
пайдаланбақ болған Жәңгір хан оны сарай ақыны етуге әрекеттенеді. Жастау
кезінде бір азырақ уақыт Махамбет Ордада болғанда, Жәңгір хан өзінің
Зұлқарнайын деген жас баласын Орынборға жібергенде, соның қасында болады. Бірақ
хан қанша әрекеттеніп, Махамбетті өз бауырына тартпақ болса да, оның бұл ісінен
нәтиже шықпағанға ұқсайды.

            Хан
ордасының ішінде болып жатқан сан алуан әділетсіздіктерді өз көзімен көріп, ел
көрген зорлық-зомбылықтардың айғағы болушылық - ақынның езушілерге деген
өшпенділігін күшейтіп, оның ой-сезім, жылы жүрегін халыққа бейімдеген, жалынды
сөздерін ханды жақтауға емес, даттауға жұмсауға көмектескен жайттың бірі
тәрізді. Сондықтан да «түзелмейтін» ақынды хан Жәңгір сарайынан қуып жіберді.

            Бұл
туралы кейінірек, 1836 жылы 13 декабрьде Орынбордың генерал-губернаторына
жазған хатында Жәңгір:

            «Исатайдың
ең жақын досы, ең бірінші кеңесшісі, ол сойқанның ең бірінші жәрдемшісі болған
Махамбет Өтемісұлы деген қазақ менің Зұлқарнайын деген ұлымның жас кезінде,
Орынборда қасында болды, бірақ ол мүлде бұзылған адам болғандықтан, мен оны
қуып жібердім»,1 - деп жазған.

_____________                    

1Рязанов « Исатай
Тайманов көтерілісі»,18-бет.

Жәңгірдің
бұл хатынан Махамбеттің хан ордасында қанша болып, қай жылы кеткенін аңғару
қиын. Ол жөнінде басқа да архив материалы жоқ. Бірақ ақынның ханмен араздасып
кетуі  1828-29 жылдардан анағұрлым бұрын
болған оқиға екендігі мәлім. Өйткені Махамбеттің 1836 жылы 10 декабрьде берген
жауабында: «Бұдан 6-7 жыл бұрын Орал шекарасынан жасырын өткендігім үшін патша
үкіметі адамдарының қолына түсіп, екі жылға жақын (1829-1831) Калмыков
түрмесінде отырып, 1831 жылы холера ауруы кезінде тұтқыннан қашып шықтым», -
дейді.

            Бұл
даталар Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісінен бірнеше жылдар бұрын,
хан, сұлтан, би-феодалдардан жәбір көріп, Жайықтың бергі бетіне қаша көшпекші
болған халық толқуын өз мақсатына пайдаланбақ болып, соларды бастау ісін өз
қолына алып, ақыры халықты сатып кеткен Қайыпғали Ешимовтің қозғалысына дәл
келеді.

            Бөкейлік
қазақтардың бұл толқулары 1829 жылға шейін болды. Қаша көшпек болған елді тап
Жайыққа жақындап келгенде, осы көшуді тоқтату үшін жіберілген офицер Бородинмен
сөйлескеннен кейін, Қайыпғали елді тастап кетті. Халықтың өз ішінен шыққан
бірнеше басты адамы жауапқа тартылды. Көпшілік Нарын құмына қайта көшуге мәжбүр
болды. Махамбеттің 1936 жылы берген жауабында, 1829-31 жылдардың арасын мегзеуіне
қарағанда, сол көтеріліске де қатысты және жас та болса, соның басты
адамдарының бірі болды деп топшылауға болады.

            Осы
оқиғадан кейінгі тарихта мәлім дата - 1834 жыл. Бұл кезде ол Исатай Таймановпен
тізе біріктіріп, хан, сұлтандарға халық наразылығын күшейте түсу бағытында іс
істейді. Соны аңғарған хан, ханды жақтаушылар Махамбетті старшын етуге ұсынады.
Ондағы мақсаты ақынды өз жақтарына бейімдеу еді. Бірақ олардың бұл ойларынан
ешбір нәтиже шықпайды. Махамбет бұрынғысынша ханға, оны жақтаушыларға қарсы
үгіттерін жүргізе береді. Сондықтан жоғарғы орындар Махамбетті старшиналыққа
өткізбей тастайды.

            Хан
да, оның айналасындағы қолдаушылары да Исатай, Махамбеттердің оңайлықпен қолға
түспейтіндіктеріне әбден көздері жетеді де,  
1836 жылы 17 мартта «Исатай, Махамбетті жолдас-жораларымен ұстап алып
келіңдер» деген хан бұйрығы беріледі. Бұл жұмыс Қарауылқожа Бабажановқа
тапсырылады. Қасына 522 адам отряд алып, Қарауылқожа Исатай, Махамбетті ұстауға
аттанады. Бұдан хабар алған Исатай, Махамбеттер де қарап жатпай, іріктелген 200
жігітпен Қарауылқожаға қарсы шығады. 1836 жылдың  4 апрелінде екі қол Қиялымола деген жерде
кездеседі. Әдейі ұстау үшін келсе де, Қарауылқожа ұрыс ашуға бата алмай, кейін
қайтады.

            Бұл
уақиға ханға қарсы  бас көтерушілердің
жауынгерлік рухын өсіріп, олардың халық алдындағы беделдерін көтере түседі.

            Біраз
мезгіл өткеннен кейін Махамбет Күшік Жапарұлы дейтін адамды өлтірді деп, өтірік
жала жауып, Қарауылқожа ханға арыз түсіреді. Осы өсекті пайдаланып,  1836 жылы 23 майда Орынбордың шекара
комиссиясына арыз жазып, Исатай мен Махамбеттің сотқа тартылуын талап етеді.
(Бұл жерде айта кететін бір мәселе: Жәңгірдің Орынбор басшыларына жазған
мәліметтерінің көбінде Махамбетті айрықша көрсетеді: әсіресе, оның Исатайға ықпалы
күшті екендігін баса айтады). Мысалы, 1836 жылдың 14 январында жазған мәлімдемесінде
Жәңгір: «Исатай түзелмейтін зұлым Махамбеттің ықпалында жүр», - деп жазады.

            Халық
көңілі Исатай, Махамбеттер жағында екендігін Жәңгір де жақсы түсінеді. Ол екеуін
жалпы халық көпшілігі - бұқара халық сүйеп тұрғанда өз күшімен оларды мұқата
да, ұстай да алмайтынына көзі жеткен хан Күшік Жапарұлының өлімі жөніндегі
жалған фактілерді пайдаланып, осы оқиғаның маңында айқай, шу көтеріп, оларды
Орынбор генерал-губернаторы, оның әскери күші арқылы ұстауға тырысады.

            1836 жылғы 23 майда хан Орынбор шекара
комиссиясына:

            «Бұл
бағынбаушылық жаман үлгі беретіндіктен, мен бұл екі қырғызды және олардың астас
адамдарын  линияны қорғаушылардың
көмегімен ұстап, қатал тергеу жүргізуді және сонымен қатар бұл екі қырғызды
Орда халқымен ешбір қатынастырмай, аулақ ұстауды сұраймын, өйткені бұлардың
жеңіл мінезділік, бағынбаушылығын көріп, халық арасында бейбітшілікке кеселдік
келтіретін зиянды ұғым етек алып кетуі мүмкін»1, - деп жазды.

            Хан
Исатай, Махамбет бастаған шаруалар көтерілісін бесігінде тұншықтырмақ болып,
оны басқарушыларды тез ұстатып, айдатпақ болса да, ол ойын іс жүзіне асыра қою
оңай болмайды. Ғасырлар бойы қайнаған кек пен бойды кернеген ыза, ханға деген
халық  өшпенділігі өрши түседі. Исатай,
Махамбеттерді жақтаушылардың саны көбейіп, көтеріліс күші нығая береді.

            1836
жылы июнь айының орта кезінде хан алдына қойған көтерілуші халықтың талаптары
туралы сөйлеспекші болып, Исатай мен Махамбет 17 жолдасымен хан ордасына
аттанады. Жолшыбай бір-бірлеп қосылушылар көбейеді. Бұлардың қарасы мол, айбары
зор, үлкен қолға айналады. Олар жөнінде ханға хабарлаушылар өз жандарынан қоса
сөйлеп, Исатай, Махамбеттерге ерушілердің санын мүлде көбейтіп жібереді. «Исатай
ауыр қолмен Ордаға келіп қалды» деген хабардан хан қатты сасады. Хан Исатайға
хат жазып, қоятын талаптарын ауызша емес, жазып берулерін сұрайды және оны тез
қарап, тексеруге уәде береді, өздерінің Ордаға келмей-ақ, сол жерден

________________

1Рязанов « Исатай
Тайманов көтерілісі»,27-бет.

қайтуларын тілек
етіп елші жібереді.

            Исатай
ханның хатын алғасын, ауызша айтпақ арыз, хан алдына қоймақ талаптарын жазып
қалдырады да, жолдастарымен кейін қайтады.

            Бірақ
хан уәдесінде тұрмайды. Ханның мұнысы алдау саясаты болады. Исатайлардың қарасы
үзілмей-ақ, Жәңгір Орынборға олар жөнінде мәлімдемелер жолдайды. Бұл
мәлімдемелерінде көтерушілерді тұқыртып, өз дегеніне көндіру, құрыққа тұрғызу
үшін  Орынбордың генерал-губернаторынан
күш, көмек сұрайды. Хан өзінің бұл мәлімдемелерінде, әсіресе Махамбеттің рөлін
айрықша көрсетіп, нысанаға алдымен Махамбетті байламақ болады.

            Жәңгір:
«Өтемісұлы соңына ерген қырғыздың әр руынан құралған жарты бас, өңшең
қасиетсіздерді жиып алып, маған келуді ойлап, халық жұмыстары туралы және полк
жасауылы Қарауылқожа Бабажанұлының үстінен бұрын берген арыздары жөнінде
менімен сөйлесем деген сылтау тауып жариялаған»,1 - деп жазды.

            Исатай
хан сөзіне құлақ асып, кейін қайтқан сапарында, бірнеше адам қол қойып, Орынбор
губернаторына арыз жазады. (Бұл арызға қол қойғандардың ішінде Махамбеттің қолы
жоқ. Оның не себеп екендігін айту қиын. Мұны ол болмашы әрекет санап, онан гөрі
батылдау қимылды қолдауы мүмкін деп қана болжалдауға болады.)

            Қысқасы,
осылардың нәтижесінде, Орынбордан елге комиссия келеді. Исатай, Махамбет комиcсияның
ел ішіне келіп тексерулерін талап етеді. Ордаға олардың бармайтынына көздері
жеткендіктен, комиссия елдің ішіне келіп, Күшік Жапарұлы, тағы басқа шағым
арыздарды тексеру істеріне кіріседі. Тексерудің қорытындысында хан мен халықтың
арасы мүлде алшайып кеткендігі, ханның маңындағылар халық көпшілігіне жәбірлер
жасайтындығы, осының негізінде наразылықтардың күшейіп, Бөкей елі қатты
толқудың алдында тұрғандығы анықталады.

            Орынбордан
келген комиссия ешкімді ұстамайды да, жазаламайды да, уақиғаның барысын өзінің
шындық қалпында Перовскийге баяндайды. Бұл Орынбор басшыларын қатты ойлантқан
мәселе болады.

            Осы
уақиғадан кейін Исатай, Махамбеттердің маңына езілуші халық бұрынғыдан гөрі де
топтала түседі. Ендігі жерде Исатай, Махамбет ханның сөзін сөйлеп, таяғын
соғушыларға және олардың елге жасаған жәбірлеріне қарсы қарулы күш көрсетуге
даярланады. Алғашқы қимылын Қарауылқожаның аулына шабуыл жасаудан бастайды.

            1837
жылдың 17 февралында Исатай, Махамбет бастаған 35 адам Қарауылқожаны шауып
алады. Талай жылдар бойы халыққа жасаған 
Қарауылдың қорлығы мен зорлығын өзінің алдына келтіріп,

________________                            

1Рязанов « Исатай
Тайманов көтерілісі»,28-бет.

өз  табағын өзіне тартады. Қарауылқожаның арызы
бойынша шығын мөлшері сол кездің ақшасына шаққанда 4204 сомға есептелген.

            Бұл
қимыл, келешек үлкен күрес,  зор
шабуылдардың табалдырығы болады да, батырлар осыдан кейін қарулы көтеріліске
белсене кіріседі.

            Ордада
болған бұл тәрізді ірі оқиғаның айбынды беталысынан сескенген Орынбор басшылары
Исатай, Махамбеттерді көтерілушілерден бөліп жіберуге тырысады. Бірақ олардың
бұл ниеті іске аспайды. Исатайды ұстауға бірнеше рет әрекет жасаса да, ол
алдауларына түспейді. Перовскийдің жеке сөйлеске шақыру қағаздарына әр алуан сылтаулар
айтып бармайды. Аз-мұз отряд шығарып ұстатып ала қоюға болмайтындығына бұл
кезде кімнің де болса көзі жеткендей еді. Өйткені Исатай, Махамбеттердің
айналасында мыңнан аса қарулы жігіті болады.

            Осы
жылдың  15 октябрінде  Исатай, Махамбет бас болып көтерілген халық
Орданың ірі феодалының бірі, халықты көп жылдар қан қақсатқан Құдайбергенұлы
Балқыны, осыдан аз күн кейін тағы да Қарауылқожаны шабады. Балқының сәндікке
салынған үйін өртеп жібереді. Бармақ, Тәуке, Медет деген төрелерді де 24 октябрьде
көтеріліс жасаушылар шабады. Сол октябрьдің аяқ шенінде хан ордасының өзін
қамайды.

            Исатай,
Махамбеттер ордаға таянған сайын оларға қосылушылар көбейіп, сандары өсе түссе,
орданы қамаған кезде, көтеріліс туының астына жиналушылар бұрынғыдан да өрши
түскен. Исатай, Махамбет бастаған көтерілісшілердің хан ордасын қамар кезде
саны екі мыңдай-ақ болса, 27 октябрьдегі ханның генерал-губернаторға берген
ақпар мәлімдемесінде екі мыңнан астам деп хабарлайды. Исатайдың жақын жәрдемші,
қолбасы батырының бірі Қалдыбайұлының сөзіне қарағанда, орданы қамауға алған
күндері Исатай әскерінің саны 3 500 адамға жеткен.

            Орынбор  генерал-губернаторы Перовский хабар
алысымен-ақ, ханға көмек көрсету және көтерілісті тез басу үшін төрт жүздей
адамнан құралған әскерге подполковник Геккені бас етіп ордаға аттандырады. Хан ордасының
маңындағылардың қатты сасқандығы Махамбеттің және басқа ақындардың өлеңдерінде
де айқын суреттеледі. Махамбеттің Исатай атынан берілетін «Әй, Махамбет,
жолдасым!» дейтін монологінде:

Ауыр әскер қол
ертіп,

Жасқұсқа барып
кіргенде,

Арыстандай ақырған

Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай,

«Жанымды қи» деп
сұрады-ай! -

десе, мұны
подколковник Гекке де растайды. Ол өзінің Бөкей ордасына келісімен Перовскийге
жазған хатында: «Ханның сасқаны сонша, әскерім кейінірек қалып, жалғыз келген
мені көргеннің өзінде-ақ қатты қуанды», - деп жазған.

            Шынында
да көтерілістің беті тым қатты, айбыны зор болатын. Қанды кегі бойына сыймай,
ызалы ашу кернеп келген халыққа: «Шабыңдар!» 
деген Исатайдың аузынан бір-ақ сөз шықса болғаны, көпшілік хан ордасының
күлін көкке ұшыратын еді. Ол болмады. Хан, оның алаяқ билері аңғал батыр
Исатайды айламен тоқтатуды ойлап, келіп қалған қолға тез өкілдер аттандырады.
Батырға жұмсаған елшілерге Исатай не талап етсе де көніңдер, тек сол
айтқандарын орындау үшін он күнге срок сұраңдар дегенді тапсырады. Аз
сөйлескеннен кейін, Исатай елшілердің жалған сөздеріне сеніп, он күнге срок
беремін дегенді айтып салады. Махамбет Исатайдың бұл шешіміне қосылмай, наразылық
білдіреді. Сол күндері Исатайға айтылған: «Хан баласы - ылаң, қара шұбар жылан,
құйрығын бастың, басын ез, шап! Шаппасаң, шабыласың» дейтін тамаша афоризмді
Бөкей елі қарттарының көпшілігі-ақ Махамбет айтқан екен дейді. Кейбіреулер хан
өкілінің бірі Әсмембет би айтыпты-мыс деседі. Бізше де мұны Махамбет айтқанға
ұқсайды. Өйткені «Әй, Махамбет, жолдасым» атты Махамбет өлеңінің бір жерінде
Исатай:

«Ақкөңіл, аңқау
жүрекпен,

«Беремін» деп мен
тұрдым.

Көк бедеуді
бауырлап,

«Шабамын» деп сен
тұрдың.

Исатай басшы білсін
деп,

Ауыр әскер қол
тұрды.

Қырық бір жасқа
келгенше,

Өз дегенім болмаса,

Өзгенің тілін
алмаған,

Кісі ақылы
қонбаған,

Қанша айтсаң да
болмадым,

Сөзіңе құлақ
салмадым,

Бұрала біткен
емендей,

Қисық туған сорлы
ағаң,

Хан сөзіне
сенгенім,

Он күнге срок бергенім»...
-

дейді.

            Махамбет
батыл қимылдап, не болса да келген бетте-ақ көпшіліктің дегенін істеп шығу,
халыққа тынышсыз ханды өзінің хандығымен бірге құртып жіберу мақсаттарын қояды.
Әйтсе де әрі көсем, әрі қолбасшысы, жақынға бедел, жатқа айбар етіп, бетке
ұстап жүрген Исатайды көктеп өтіп, Махамбат өздігінен амал істей алмайды.
Көтеріліс кездеріндегі бұл - Исатайдың жіберген үлкен қатесінің бірі. Ол
кездегі тарихи-әлеуметтік жағдайлардың себебінен онсыз да жеңілер еді. Бірақ
көтерілістің нағыз дамыған кезінде, қатулы ерлік қимылды баяулатып алуы дәл сол
жылғы жеңілістің алғашқы бір себебі болды.

            Исатайдың
ханға он күн срок беруі: Орынбордан подполковник Гекке бастаған әскердің,
Астраханьнан Миркулов отрядының және хан орданың өзінде Шоқа Нұралыханов,
Қарауылқожаның отрядтарының құралуларына мүмкіндік берді. Бұлар күш қосып,
көтерілушілерге жан-жақтан күрес ашып, өздері шабуылға шығып, Исатайлардың
Бекетай құмына қарай шегінулеріне мәжбүр етті.

            Исатай
бастаған көтерілісшілер хан әскері мен ханды жақтаушыларға талай рет табан
тіреп соққы берді. Гекке мен Бородинді таңдандырған әлденеше ерлік қимылдар
көрсетті. Ең үлкен қарсылық, хан әскерін және оған көмекке келген Геккенің
әскерін састырған соғыстың бірі «Бекетай құмы» деген жерде болады. Сол күрес
күндерінің негізгі бір эпизодының айқын шындығы Махамбеттің «Соғыс» атты
өлеңінде тамаша суреттеледі.

            Исатай,
Махамбеттің қалың қолы осы Бекетай құмында сәтсіздікке ұшырағаннан кейін-ақ,
ыдырап, тарай бастайды. Исатай, Махамбетті қалайда ұстау мақсатымен іздеріне
түсіп, қоймай қуудың нәтижесінде қастарында қалған бес жүздей адамның бірқатары
қолға түсіп, бірқатары бөліне қашып бас сауғалап, қысқасы, Жайықтың бергі
бетіне өтер кездерінде, олардың жанында қырық шақты ғана іріктелген жақын жолдасы-ақ
болған.

            Көтеріліс
жеңілістік тауып, қатысушылардың өздері, үй іштері күйзеліске ұшырағаннан
кейін, көпшіліктің беті қайтса да, бұл ауыр жағдай Исатай, Махамбетті мұқата
алмайды. Бұлар енді тек Бөкей ордасының халқын ғана емес, қолдарынан келіп,
«істері жөнге келсе», Жәңгір ханға қарсы бүкіл Кіші жүзді көтеруді ойлайды.

            Исатай,
Махамбет бастаған аз адам іздеріне түскен бірнеше отрядтарға да, Жайықтың ұзына
бойын бақылаушы отрядтардың аңдуларына да қарамастан, декабрьдің 12-нен 13-не қараған
түнінде Жайықтан кеп өтеді. Осы 13 декабрьден бастап бұлар 1838 жылы июнь айына
дейін Жайықтың бергі жағын мекендеуші Кіші жүздердің арасында болады. Исатай
мен Махамбет ел-елді аралап, халықты көтеріліске үгіттейді. Бұлар бір ру мен
екінші рулардың араларындағы жер дауы, жесір дауы тәрізді әр алуан араздықтарды
бітістіріп, ел ішіндегі толып жататын берекесіз дау-жанжалдарды қойдырып, халық
көпшілігінің назарын хан Жәңгірге, жалпы халық көпшілігін бұғауда  ұстамақшы болған сұрқиялық саясатына қарсы ұйымдастырады.
Май айына дейін соғысқа дайын болу ұранын тастап, жер-жерге үгітшілер жібереді.
Көтерілісті бастаушыларының өздері Адай мен Түрікпен арасындағы араздықтарды
бітістіріп, Әлім сықылды ірі руларды 
аралап, қыс бойы қаруланған жігіттерді жинап, іргелі әскер құрады.
Сөйтіп, июнь-июль айларында бұлардың жаңадан ұйымдастырған қолының саны үш
мыңға дейін жетеді.

            Осы
жылы баяғы 1829 жылғы көтерілістен кейін Жәңгірмен келісе алмай, Хиуаға қашып
барып, Хиуаның ханына қызын беріп, сол арқылы Хиуаға шектес қазақтарға зекетші
болып тағайындалған  Қайыпғали  Ешимовпен сөйлесіп, сол арқылы Хиуа ханы
Аллақұлдан  да жәрдем алатын болады.
Қайыпғали өзіне бағынатын елдерден жігіттер жинап, Исатайларға көмек беруге
аттанады.

            Исатай
Тайманов пен Қайыпғалидың араларындағы байланыс берік бола алмайды. Өйткені бұл
екеуінің алға қойған мақсаттары екі басқа - сұлтан хандық үшін күрессе, Исатай
ханнан зәбір көрген қара халық, шаруалардың тілек, мүддесі үшін күресті.

            Қайыпғали
Ешимов бұл кездегі көтерілісті де  өз мақсатына
пайдаланбақ болған. Жұрт алдында өзінің беделін көтеру үшін халықтың жоғын
жоқтаған болып бой көрсетеді. Халықтың шын басшылары Исатай, Махамбетттерді,
жағдайды пайдаланып, өз қолдарына ұстамақшы болып одақтасады, өз әскерімен
көмекке келеді. Бірақ мұнысы бүркеме саясат, уақытша ғана одақтасу, оның өз
көздегені, іштей өз ойлағаны болады. Бұлардың түпкі мақсаттары екі басқа
екендігін Исатай жақсы түсінетін тәрізді. Бұл жайт «Исатай - Махамбет» атты
Шөрекұлы Ығылман ақынның поэмасында өте шындық түрде суреттеледі.

            1838
жылдың июнь айында Исатай мен Махамбет Адай мен Әлім руларын жиып, бұрынғы
ашу-араздықтарды мүлде тастап, шын татуластырмақ болғанда, сол жиылыста  Қайыпғали Ешимов та қатысады. Қайыпғали Адай
еліне Хиуа хандығына қосыл деп үгіттейді екен. Бірақ ежелден бірбет, жауынгер,
өжет ел Адай сұлтанның сөзіне  құлақ
аспайды. Осы әңгіменің айналасында сөзге келісіп, біреуіне Қайыпғалидың тілі
тиеді. Өзінің тап көз алдында хан тұқымының қара халықты сөгуіне шыдай алмай,
Исатай Қайыпғалидың шын бетін ашып, оның жер-жебіріне жетеді.

            Исатай:

Атаңа нәлет, Қайып
хан,

Сөзіңе кімдер
нанады?!

Хан Жәңгірмен бақ
үшін,

Талас қылсаң тақ
үшін,

 

Өзің үшін қылғанды

Халықшыл ерден санадың!

Хан күшіңді алған
соң,

Жүр едім деп жұрт
үшін,

Сонда да мені
жанадың,1 -

дейді.

            Бұл
монолог Исатайдың дәл өз сөзіне негізделген бе әлде емес пе, кесіп айту қиын,
алайда мұның түбінде тарихи шындықтың ұшқыны барлығы сөзсіз. Бұл - Исатай,
Махамбеттер мен Қайыпғали сұлтанның алдарына қойған әлеуметтік және жеке тілек,
мүдделерінің әр басқалығы. Бұл - даусыз шындық. Бірақ сол кездегі жағдай Жәңгір
ханның соққы көріп, малы талауда, елі қамауда қалып, салт атты, салбыр қамшы,
басқа елде қашып жүрушілік оларды Қайыпғалимен уақытша болса да, «одақтасуға» әкеліп
тірейді. Көздеген мақсаты басқа болса да, ел алдында Исатай, Махамбеттей беделі
жоқ сұлтанға бұл екеуімен «одақтасу» күні үшін керек болады. Жәңгірді мұқату
үшін, халық алдында беделді батырлармен бірлесе отырып күресу -  Қайыпғалиға тиімді көрінді.

            Бұл
кезде де шаруаларды соңына ерткен Қайыпғалидың беделі емес, Исатай, Махамбеттің
беделі. Исатай өліп, көтерілістің сәтсіздікке ұшырауынан кейінгі уақиға да
осыны дәлелдейді. Және Қайыпғалидың бұларға не мақсатпен қосылып,
одақтасқанының да бетін ашады.

            Бұл
көтерілістің дүмпуі Жайықтың бергі бетіндегі сұлтан-правитель Баймағамбет
Айшуақұлын қатты үрейлендірді. Өзінің тыңшылары арқылы  көтерілісшілердің не істеп жатқанынан
күнбе-күн хабардар болып тұрған Баймағамбет алғашқы кезде бұл жақтағы Әлімұлы,
Байұлының басты билеріне хат жазып, өзінің беделі, ықпалымен, оған өресі
жетпесе, арқа сүйейтін күші - патша үкіметі арқылы шара қолданатынын білдіріп,
қорқытып тоқтатпақшы болады. Алғашқы кезде Жайықтың бергі бетіндегі елдерді
Исатай, Махамбеттерге ергізбеуге көп күш салады. Бірақ сұлтанның бұл әрекетінен
еш нәрсе шықпайды. Жоғарғы аты аталған және басқа да рулардың жалпы көпшілігі
батырларға еріп, қолдарынан келген көмектерін көрсетеді. Сондықтан Баймағамбет
сұлтан 1838 жылы 17 июньде Орынбор шекара комиссиясының бастығына бұл жақтағы
болып жатқан жай-жапсарды ақпарлап, қарулы отряд жіберуін сұрап, өтініш-арыз
түсіреді. Сонымен қатар өзі де қарап жатпай, әмірі жетіп, ықпалы жүретін
елдерден жігіт жинау, солардың отрядын құру ісіне үлкен әзірлік жүргізеді.        

 

__________________

1Ығылман Шөрекұлы
«Исатай, Махамбет», 125-бет.

Бұл
хабарды алысымен-ақ Орынбордың генерал-губернаторы Перовский Исатай,
Махамбеттерге қарсы бұрынғы подполковниктің басқаруымен тез отряд жабдықтап,
1838 жылдың 6 июлінде Баймағамбет сұлтанға аттандырады. Гекке бастаған отряд 10
июльде

Баймағамбет
Айшуақовтың әскеріне кеп қосылады.

            Бұл
күндерде көтерілісшілердің бас қосып, ту тіккен жері Қиыл өзенінің бойы
(қазіргі Ақтөбе облысы) еді. Жайықтың бергі бетіндегі елдердің көпшілігі дерлік
Исатай, Махамбетке еріп, халықтың ханда кеткен кегі мен арын, намысы мен
жәбірін қуысуға бата оқып, малта жесіп, жортуылға үлкен даярлық жасап жатқан
болатын. Бұларға күш- көмекке әлі де болса сараңдау - Тұзтөбе, Орынбор
қолтығындағы елдер еді. Өйткені олар әрі Баймағамбеттің ордасына, әрі Орынбор
губернаторына жақын еді. Сондықтан олар аңдысын аңдауды мақұл көрді. Осы
жағдайларды еске алып, бір жағынан, нақтылы үгіт жүргізу үшін, екіншіден, ел
ісіне бөгет болып отырған Баймағамбеттің ордасын шабу мақсатымен Исатай,
Махамбет бастаған 500 адам жорыққа аттанады.

            Исатай,
Махамбет аз адаммен жорыққа аттанғанда, Қиыл бойындағы бұл ауыр қолдың басшы
адамы болып, «одақтасы» Қайыпғали Ешимов қалады.

            1838
жылы 12 июльде Исатай, Махамбеттер күтпеген жерден, бұларға қарсы аттанып келе
жатқан Гекке мен Баймағамбет сұлтанның отрядтарына душар келе кетеді.

            «Кезенген
оқ, кер садаққа» күтпеген жерден кез келсе де, қашуды ар көрген батырлар сол
жерде бас салып соғыс ашады.

            Жақсы
қаруланған және соғыстың айла-амалын жақсы білетін Геккенің әскері бұларды
қамап алады. Қамауды бұзып шығуға мүмкіншілігі болса да, жолдастары қамауда
қолға түсіп қалғандықтан, батыр оларды тастап кетуді өзіне ар көріп, қамалға
қайта кіреді. Сол кіргенде оның атын атып, жаяу қалдырады: Махамбет, Үбі
тәрізді жан жолдастары бірінен соң бірі аттарын ұсынса да, Исатай қашпайды.
Батыр енді жаяу соғысады. Ақыры тірі қолға түспейтінін білгесін, оның өзін
атады. Сөйтіп, теңдік аңсаушы қара халықтың туын көтерген ардақ ұл, асыл ер,
халық батыры Исатай 1838 жылы 12 июльде майданда қаза табады.

            Исатайды
қоршаудан құтқаруға Махамбет қаншама күш салса да, алып шыға алмайды. Сондықтан
Махамбет басқа жолдастарын қоршаудан шығаруға әрекет жасап, кейінде қалған көп
қолға тез жетуді ойлайды. Соларға бас болып, қайта серпуді мақсат етеді. Бірақ
оның бұл ойы да сәтсіздікке ұшырайды. Исатай оққа ұшып, оған ергендер апатқа
ұшырады деген хабар тез тарап кетеді де, көпшілікке қорқыныш, үрей туа
бастайды. Ең алдымен үрейі ұшқан Қайыпғали Ешимов болады. Суық хабарды
естісімен-ақ, Қиыл бойында қалған Исатай, Махамбетке ерушілерді бетімен
қалдырып, өзімен еріп келген адамдарымен Хиуа хандығының шекарасына қарай
шегінеді. Тарихшылардың айтуынша, Қайыпғалидың қорыққаны сонша, ол жолындағы
елдердің ешқайсысына соқпастан, елсіздеу жолдарды сағалап, мейлінше суыт
кетеді.

            Қайыпғалидың
бұл қашуы ұйымдасу жағы нашар және басшылары ауыр жағдайға ұшыраған көпшіліктің
«бас сауға» қамына кірісіп, тез тарап кетулеріне мұрындық болады. Махамбет
келгенше көпшілік бет-бетіне кетеді. Сондықтан Махамбет өзінің қасында қалған
сенімді жолдастарымен Хиуа хандығына шектес Назар, Шүрен елдеріне қарай
ығысады.

            Сұлтан-правитель
Айшуақов, подполковник Гекке көтеріліске қатысушыларға қатты шаралар
қолданылады.

            Махамбет Назар, Шүрен елдерінде 1839
жылға шейін болады. Барған жылдары ел-елден адам көмегін сұрап, тағы да қарулы
күш жимақшы болып әрекеттенеді. Хиуа ханы Аллақұлдан да әскери жәрдем сұрайды.
Ол алғашқы қарқында көмек беремін дегенді айтады.

            Махамбет
елде қалған достарына хат жазып, олардың да қамдана беруі керектігін аңғартады.
Бұл айтылғандардың растығын айқындайтын екі түрлі архив документі бар. Біреуі -
Махамбеттің Назар, Шүрен елдерінде жүріп, өзінің жерлес дос, жолдастарына
жазған хаты. Махамбет:

            «Ардақты
батырларымыз: Бабайға, Надырқұлға, Сәлиге, Жармұхамбетке және Жамантайға - барлығыңа
сәлем. Өздерің сықылды достардың дұғасымен аллаға шүкір есенмін. Мен Хиуадан
аман-есен қайттым. Сіздерді сағындым, осынша-ақ көргім келеді, бірақ  бару қиыншылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың
алдында ханға (Хиуа ханы) тағы бір жолығып шығам. Әрілегенде әскер алдымыздағы
жаз шығады. Егер жағдай көтерсе, қалай да старшын Сәлиді жіберіңдер. Ол жаққа
барардың алдында мен сіздердің қандай халде екендіктеріңді білуім керек қой...»,1
- деп жазады.

            Бірақ
Хиуа ханының «әскер беремін» деуі - не алдау немесе басқа бір саясаты тәрізді.
Өйткені сол жылдың (39 жыл) аяқ кезінде- ақ Махамбеттің әскерсіз өзінің қасына
ерген аз адамымен ғана жүргендігі мәлім. Мұны мына төмендегі мәлімет
дәлелдейді. Егор Петрович Ковалевский («Странствователь по суше и морям» СПБ
1743, I кітап), 1839 жылы ноябрь айында Хиуа шекарасында Махамбет Өтемісовпен
кездескенін, оның қалайда болса, отрядыңа қосып алып кет, орыс үкіметінің
алдында кінәм болса, іс жүзінде ақтаймын дегенді айтқандығын және бірнеше
жылдар бойы Бөкей ордасында қалған әйел, бала-шағаларын көрмей, оларды қатты
сағынғандықтарын, тағы басқа мәселелерді айтқандығын және онымен өзінің қалай
танысқанын жазады.

____________________

1Рязанов. «Восстание
Исатая Тайманова», 9-бет.

«Біздің,
- дейді Е. П. Ковалевский, - әскери экспедицияда жүрген отрядымыз бір ауылда
жатқанда, өз халқының арасында даңқты бір қырғызға (қазақ) кездестік. Қасында
екі жолдасы бар, ол біздің жолым үйге кірді, 
«Сіз кімсіз?»  деген дағдыдағы
сұраққа, менің өзімнің кім екендігімді білгенше, атымды білмей тұра тұруыңызды
сұрар едім дегенді айтты. Оның бұл жұмбағы бізге ұнамаса да, айлалы қырғыз
(қазақ), мұндайда дағды бойынша сөйленетін сөздердің бетін басқа жаққа өте
шебер түрде бұрып жіберді және аз уақыттың ішінде-ақ өзінің ақылдылығын да,
шешендігін де танытты, мұндай қабілет Азия халқының және оның елінің аса бір
ерекшелік қасиеті ғой: ол өзінің айтпақ пікірлерін ауыстыру үшін құраннан
үзінділер келтірді, бірақ ол оны Бұхар мен Самарқанд медреселеріндегідей әбден
мездікке айналған софистік жалпылаушылықтар емес, өзінің ұғынуына сәйкестеп
талдады; сүйтіп, ол бұл жағынан да терең білетінін аңғартты. Оның сөйлеген
сөздерінің кейбіреуі Орынбор, Петербургта қызмет етуші үкімет адамдарына да
қатысы болды, сосын үкіметтің ел басқару тәртібінде қандай өзгерістер бар
екендігін сұрады және асқан ептілікпен қызықтырып, біздің абайымызды өзіне
аударып алды...»

            Осыдан
кейін ол адамның, қайткен күнде де өздеріңмен мені ала кетіңдер деп өтініш
еткенін, жолда қандай қиыншылық кездессе де бірдей көруге әзір екендігін
білдіргенін, керек болса, жолдас үшін өле алатындығын, т.б. тілектерін айта
келіп, атын айтпай, өзін таныстырушы жұмбақ адам сөзін былай аяқтады», - дейді
Ковалевский:

            «Мен
қайғы-қасіретті өз басымнан көп кешірген адаммын. Жүрекке ең жақын үй іші,
қатын, балам, туған ел, өскен жер - бәрі де менен алыс, бәрінен айырылып ел
кезгелі бірнеше жыл болды, басқа пана, жанға азық жоқ, ырызықты жұрт үстінен
теріп жеп жүрген жай бар. Тек осыны ойлап көріңіз. Мен - Махамбет Өтемісов»,1  - деп атын айтты.

            Мұнан
кейін Ковалевский Махамбеттің оларға еріп шыққанын, біраз жүргесін қастарына
ертіп жүрген тілмаштың ат алып қашып кеткенін, Махамбетті соны ізімен тауып
алып келуге жұмсағанын, Махамбет бір рет барып таба алмай қайтқанын, оны екінші
қайта жібергенін, ол іздеп кеткеннен кейін тілмаштың өзі келіп орыс отрядына
қосылғанын, күн боран, панасыз, елсіз құмда, бұлар Махамбетті көп күте алмай
жүріп кеткендігін, сонан кейін Махамбетті өзінің көре алмағандығын айтады.

            Бұл
уақиға1839 жылдың ноябрь айының аяқ кезінде болған. Махамбет жөніндегі кейбір
тарихи мәліметтерге қарағанда, __________________________

1Е.П.Ковалевский, «
Странствователь по суше и морям», (С. П. Б.) 1843,стр. 82-84.

Махамбеттің
отрядтан көз жазып қалуы кездейсоқ қана нәрсе тәрізді. Өйткені Ковалевский: оны
күте алмауымыздың және бір себебі - асығуымыз. Өйткені біздің ізімізді ала
қуғыншылардың шығуы да мүмкін еді. Сондықтан сәл кідірудің өзі отрядты апатқа
ұшырату болып табыларлық жағдайда болдық және боран бірден екі үдеп, көз
аштырмастық дәрежеге жетті деген пікірді аңғартады.

            Махамбетпен
айырылысып кетушіліктері жөнінде Ковалевский өз пікірін ашып айтып, белгілі бір
қорытынды шығармаса да, осы келтірген екі түрлі фактінің өзінен-ақ, Махамбеттің
бұларға қайта қосыла алмаушылығы, сол өздерінің күтпеушілігі мен күшті боранның
себебі деп түсінетінге  ұқсайды.

            Сонымен
қатар осы 1839 жылдың аяқ кезінде Бөкей ордасының шегіне Махамбет жасырын
өтіпті деген хабар 1840 жылдың бас кезінде Жәңгір ханға жетеді. Хабарды
алысымен-ақ хан Балқы Құдайбергенов пен тағы бір сұлтанға: «Махамбетті ұстаңдар»,
- деп бұйрық береді. Осындай бұйрық Жайықтың бергі бетіндегі Баймағамбет
сұлтанға да тапсырылады.

            1840
жылы декабрьдің ішінде Махамбет Жайықтың батыс бетіне өтіп, кешегі көтеріліс
кезінде ханды жақтаушылардың бірі старшын Ақтай Мұңаевтың 35 жылқысын айдап
әкетеді.

            Махамбеттің
бұл тәрізді ашық қимылы хан, сұлтандардың үрейін алып, оны қалай да ұстау керек
деп, тағы да  әртүрлі адамдарға тапсырыстар
беріліп, осы істі ұйымдастыру, тұжырымды шаралар қолдану ісі Каспий теңізінің
жағасын жайлаушы Аспандияр Сайдалин мен Махамбеттің белгілі жауы Тәукеге
тапсырылады. Бұлар Махамбеттің ізіне бір жылдай түсіп, ұстай алмайды. Ел үшін
күресіп, қуғын көрген аяулы ұл, ардақты ақынын іздеушілерден халық жасырып,
қайда жүргенін айтпайды. Өстіп жүргенде 1841 жыл болады. Бұл жылы Махамбет Ембі
мен Жайықтың арасындағы елдерде жүреді. Хан Жәңгірдің мәлімдемесі бойынша,
Орынбор губернаторы Орал қаласының әскери атаманына: «Махамбетті ұстауға тиісті
шараны тез қолданыңдар», - деп, 1841 жылы январь айында тығыз бұйрық береді.

1841 жылы 4 мартта Мұртазағали Өзбекғалиев деген бір сұрқия үкімет
орнына: «Махамбет Жайықтың Гурьев бетіндегі бір ауылда жасырынып жүр», - деп
мәлімдеме түсіреді. Калмыков қаласына (қазіргі Тайпақ ауданының орталығы)
атаман бастаған 40 кісі хабар алысымен тез аттанып, Ғалиевтың көрсеткен ауылына
барып, Тілекеев деген қазақтың үйінде жайбарақат отырған Махамбеттің үстінен
түседі. Қару-жарақсыз отырған Махамбетті отряд қамап алады да, сәлден кейін
үйге кіреді. Қолдағы бар қару-қанжарымен қарсылық көрсетіп, бірен-саранын
жаралайды. Бірақ көпке топырақ шаша алмай, ақыры қолға түседі. Махамбетті де, ол
қонақтап отырған ағайынды Тілекеевтерді де тұтқынға алып, Калмыковқа келтіреді.

Махамбет Өтемісов халық көтерілісінің белгілі басшыларының бірі, қылмысы
зор болғандықтан, оны Орынборға жіберуге тура келеді. Оның ісін Орынбордағы
әскери сот қарауға тиісті болады. Сөйтіп, 1841 жылы 17 мартта Махамбетті
Орынборға  айдайды. Орынборға жазған
жолдау қағазда, оның түр-түсін жазады: «Жасы 37-де,  бойы 2 аршин және 5 2/4 вершок, шашы,
қастары, мұрты, сақалы қара, бетінде дағы жоқ, қараторы, қой  көзді», - 
делінген.

Айта кететін бір нәрсе - Махамбет пен Баймағамбет сұлтанның кездесуі
жайлы. Бұл жөнінде екі түрлі аңыз бар. Бір аңызда: Махамбет, шамасы осы 1840-41
жылдары, бір ауылда қонақтап отырғанда, қасында қосшы-қолаңымен сол ауылға
Баймағамбет сұлтан келіпті. Ежелден аңдысқан жаулардың күтпеген жерде кездесуі
екеуіне де қиын соғады. «Баймағамбеттер келіп қалды» деп Махамбеттің ол ауылдан
кетіп қалуын жұрт «қорқу, қашу» деп бағалауы мүмкін. Бұл - өзінің ерлігіне мін,
атына сынық келтіру, оған өліммен тең.

Ал Баймағамбет сұлтан да өте жағдайсыз халде қалады. Бас салып ұста
деуге, қару-жарағы бойында, құралайды көзге ататын мерген, сайыста теңдесі жоқ
найзагер Махамбетті қарусыз 10-15 адам оп-оңай ұстай алмайтындығына көзі жетіп,
еш шара қолданбапты. Қасындағы бір үйге түсіпті де, Махамбетті үстеріне
шақырыпты. Махамбет қаруын шешпестен келіп, оқшауырақ отырады. Баймағамбет: «Исатай
екеуің не істемекші едіңдер, соны айтшы», - дегенде, Махамбет өзінің
«Махамбеттің  Баймағамбетке айтқаны»
дейтін  атышулы өлеңін осы арада шығарған
екен.  Баймағамбеттің  қасындағылар хан, сұлтандардың жер-жебіріне
жеткізе сөйлеген уы мен зәріне шыдай алмай, сұлтанға жарамсақсып,
қоқиланғандары, ақынға жабысқылары келгендері де болған екен, бірақ оларды:
«Бұлай сөйлемесе, Махамбет Махамбет бола ма, оның сөзін көтермесем, мен хан
болам ба?» - деп, басқаларды тоқтатыпты дейді.

Екінші аңызда, бұлардың кездесуі басқашалау, мұнда осы Орынборға айдап
бара жатқанда кездесіпті дейді. Бұл аңыздың шындыққа жақын келетін бір жері,
Калмыковтан Орынборға тіке айдаса, дәл Баймағамбет сұлтанның ауылының
(Шыңғырлау) өзенінің дәл үстінен жүруі керек. Осы жолы кездесуі мүмкін. Жоғарғы
өлеңді де осы жолы айтқан екен деседі. Өлеңнің бір жерінде:                          

Көрмес, келмес деп
едім,

Өз еркіммен
бетіңді-ай! -

деуі
де, ақынның еріксіз кездескенін меңзейтінге ұқсайды. Бізше де, аңыздың осы
варианты шындыққа жақын, қысқасы, екі варианттың қайсысы дұрыс болса да,
бәрібір, әйтеуір, Махамбет пен Баймағамбеттің бір кездесуінің шындығын
растайды.

Махамбетті Орынборға әкелгеннен кейін, генерал-губернатор оның ісін
Орынбор әскери сотына тапсырады. Ол Махамбетке тексеру жұмысын жүргізіп, тез
сотқа тарту әрекетіне кіріседі. Тексеру кезінде Махамбет әртүрлі тәсілдер
қолданып, қалай да ақталып шығуды ойлайды. Тексерушінің алдында Махамбет өзінің
көтеріліске қатысқанынан танбаса да, басшылық еткенін мойындамайды. Қайта,
шекарада болған орыс отрядтарына қиын кезде талай рет жақсылық істегендіктерін,
мысалы, хорунжий Шустиковты тұтқыннан босатқандығын айтады. Хорунжий Шустиков
бастаған аз ғана отрядтың Көтібаровтардың қолында тұтқында болуы, соны қолға
түскен Исатайдың үй ішін босатып алу үшін, тұтқын айырбастау ретінде,
Көтібаровтармен сөйлесуші Махамбет болғаны, отрядтың босатылуы рас болатын.
Махамбеттің бұл айтқандарын растау үшін шақырылып, жауап алынған айғақ-подпоручик
Аитов та растайды. Хорунжий Шустиков бастаған казактарды Көтібаровтың
тұтқынынынан босатуға көмектесуші Махамбет Өтемісов болды деп, ақтап жауап
береді.

Нәтижесінде генерал-губернатор:

«Орал сыртындағы Ордада болған кезде үкіметке жақсылық еткенін ескеріп,
сотқа тартылған Махамбет Өтемісұлы жазадан құтқарылып, шекарадан өткізілініп,
салынсын, бірақ оның мұнан былай шекараға жақындауына тыйым жасалсын, егер бұл
тыйымды бұзса немесе ішкі ордаға өтсе, қатал жазаға тартылсын», - деп үкім
шығарады.

Сөйтіп, 1841 жылы 7 июльде шекара комиссиясы «Шекараға жақындамау үшін
даланың алысырақтау жеріне жіберу» керек екенін аңғартатын жолдама жазып, Кіші
жүздің орта аймағындағы билеуші сұлтан-правитель Арыслан Жантуринге нұсқау
беріп, Махамбетті шекарадан өткізіп салады.

Тарихшылар Махамбеттің тұтқыннан босануының негізгі себебі оның
Шустиковтің отрядына көмектесуінде емес, басқа жағдайлармен байланысты,
Шустиков мәселесі Махамбетті босату үшін тек тілге тиек қана  нәрсе деп біледі. Тарихшылар, бұл Исатай,
Махамбет   бастаған шаруалар  көтерілісінің басылуына үш жыл өтіп оқиға
«ескіре бастаған» кезі еді. Сондықтан елге беделді Махамбетті Сібірге айдатып
не басқа бір ауыр жаза қолданып, ескі жараның аузын ашқаннан да, оның себебін
тауып, босатып жіберуді дұрыс тапқанға ұқсайды. Бұл қозғалысқа  қатысушыларды тексеру астына алу, мұнан былай
болмайды, халықтың тынышталуы керек деп, 1838 жылдың  29 октябріндегі патша тарапынан шығарылған,
жарлыққа да сүйенген болуы керек. Сонымен қатар олардың қолында көтеріліске
қатыстың дегеннен басқа, Махамбетке таға қоярлық пәлендей жаңа қылмыстары  да бола қоймаған. Тап осы тексерудің кезінде
ежелгі жауы Жәңгір хан, Баймағамбет сұлтандар қамсыз қалады. Өйткені көптен
ізіне түсіп жүрген, бұрын үстінен талай рет материал берілген Махамбет
Өтемісовті генерал-губернатор оңайлықпен босатып жібереді деген ой мүлде
естеріне келмейді. Хан, сұлтандар жағдайдың өзгеріп кеткенін, үкімет
орындарының көтерілісшілер жөніндегі қазіргі саясаты бұрынғыдан  басқашалау екендігін аңғармай қалған тәрізді.

Үкімді естігеннен кейін, Жәңгір өзінің наразылығын білдіріп,
Махамбеттің үстінен тағы да материалдар жинай бастайды; Орынбор губернаторының
алдына мәселе қойып, Махамбетті қайтадан соттауын талап етеді. Бірақ генерал-губернатордың
қарары шығып қалғаннан кейін, шекара комиссиясы еш нәрсе істей алмайды да,
Жәңгірге губернатордың үкімі туралы ресми түрде хабар етумен ғана тынады. Мұнан
кейін Жәңгірдің де амалы құриды.

1841 жыл мен 1845 жылдардың арасында қайда болғаны жөнінде Махамбет
өмірінен мәлімет жоқ. Бұл жылдары ол негізінде Жайықтың бергі бетінде жүрген
болуы керек деп қана топшылауға болады.

1845 жылы февраль айының ішінде Махамбет Орынборға келеді. Мұндағы ойы
Нұрсұлтан деген баласын оқуға кіргізу болады. Бұл кезде қазіргі Қазақстанның
бірнеше қаласында орыс-қырғыз мектебіне балаларды тарту мәселесі көтеріліп
жатқан кезі ғой. Содан хабардар болған Махамбет баласын сол оқуға не жаздырып
қою, не Орынборда оқытуды мақсат етеді. Бірақ ол бұл тілегін де орындай
алмайды. Баласын мектепке кіргізу үшін жазған Махамбеттің   өтініш- арызын қараумен байланысты комиссия
оның бұрынғы істерін қайта көтереді де, баласын мектепке алу былай тұрсын,
өзіне «Орынбордан тез кетуің керек» деп бұйырады.

Махамбеттің шекарадан өтіп, Орынборға келуімен байланысты, іс қайтадан
генерал-губернатордың қарауына түсіп, оның әмірі бойынша  шекара комиссиясы сұлтан-правитель Бай     мағамбеттен мәлімет сұрайды. Махамбет бұл
кезде Кіші жүздің батыс бөлігінде жүрген болатын. Сондықтан Махамбет туралы
мінездемені - ескі жауы Баймағамбет Айшуақовқа беруге тура келеді. Тісін басып
жүрген сұлтан Махамбетті өте қауіпті, зиянды жау етіп көрсетуге, қолдан
келгенін жасап, оның басына бар пәлені жаба түседі.  Баймағамбет Айшуақов шекара комиссиясына
мәлімдемесінде:

«Қырғыздардың арасындағы ол - ең бір қауіпті, зиянды кісі. Сондықтан
оны менің қарамағымнан аулақтауыңыз туралы бұйрық беруіңізді мен сізден бас
иіп, өтініш етемін», - деп жазды.

Екінші бір қағазында Баймағамбет Айшуақов: «Махамбеттің төңірегін Ішкі
ордадан қашқандар паналап жүр, оларды үкімет бұйрығынан Махамбет құралдың
күшімен қорғайды», - деп мәлімдеген.

Осылардың негізінде Орынбор шекара комиссиясы
Махамбеттің ісін қайта көтеру мақсатында, оның үстіне бірнеше рубасының қолдары
қойылған приговорлар жасаудың керектігі жөнінде сұлтанға құпия нұсқау береді.
Баймағамбет Айшуақовтың басшылығымен мұндай приговор-үкім ұйымдастырылады да,
Баймағамбет сұлтанға қараған Алаша руының бірнеше билері «әу» десіп, Махамбетті
пәлелеп, өздерінше, сыртынан үкім шығарады.

«Біздің келісімімізден тыс, ішімізде көшіп-қонып жүрген зиянды адам Махамбет
Өтемісұлының шатағынан аулақ болу үшін біздің арамызда оның болуын, көшіп
жүруін тілемейміз», - деп жазған.

Бұл үкімге қол қоюшылар бай-феодал, рубасылар мен старшындар болады.
Осы үкімге сүйеніп,  Махамбетті Орынборға
ұстап тапсыруға шекара комиссиясы Айшуақовқа бұйрық жібереді. Бірақ бұл
бұйрықты орындау оңай соқпайды. Өйткені қара халық Махамбетті жасырып, Баймағамбеттің
ұстауына бөгеттер жасайды. Мұны сезген қулығы мол сұлтан зұлымшылдыққа бел
байлайды. Астыртын адамдар жіберіп ұстамақшы, оның реті келмесе,
өлтіртпекші  болады. Махамбеттің басына
мың сом тігеді. Осы ниетпен 1846 жылы октябрь айының ішінде елге шығады. Ел
арасынан қара ниетті адамдар қарастырады. Ондай адамдарды сұлтан іздестіріп
табады да, оларды сол октябрь айында Махамбетке аттандырады. Бұлардың ішінде
бұрыннан осындай сұрқиялық істері үшін хорунжий атын алған Ықылас Төлеев
және  сол сықылды құлқынның құлы: беріш
руының биі Жаңаберген Боздақов, оның ықпалына түскен Төрежан Турумов, Жүсіп
Өтеулиев тағы басқалар. Бұлар күндіз Махамбеттің үйіне келеді. Махамбет үйі
басқа ауылдардан оңашарақ көшіп, жалғыз үй отырады екен.

Тарихшы В.Шахматов олардың келісін былай баяндайды: «Махамбет бұл отрядтың
тегін келмегенін сезеді. Бірақ оның қашуына мүмкіншілік болмай қалады. Қорғану
ниетімен ол Төрежан Турумовты атып жібереді. Әйтсе де оғы дарымайды және
Төрежан барымтаға алған жылқыны қайыру жөнінде берген сұлтанның бұйрығын
тапсыруға келдік деп Махамбетті алдайды, ол келісім жасау үшін басшысын үйіне
шақырады. Үйге хорунжий Ықылас Төлеев пен Мұса Нұрашов кіреді. Махамбетті
қасақана ерегестіріп, ұрыс көтеру үшін Ықылас Төлееев онымен сөзге келе
бастайды. Кешікпей-ақ керіс ұрысқа айналады. Махамбет те тірі қолға түспеу
ниеті болып, қанжармен қару етеді. Осы кезде үйге кіріп келген Жүсіп Өтеулиев
Махамбеттің басын қылышпен шауып түсіреді. Үйін талап, туысы (інісі) Хасен
Өтемісұлын тұтқынға алады. Келген қанішерлер Махамбеттің басын Баймағамбет
Айшуақовқа апарып береді!».

Алайда Шахматов: «Махамбетті өлтірушілер тергеу орындарына берген
жауаптарында шындықтың бетін әдейі бұрып, уақиғаның нақтылы желісін өзгерткен»,
- дейді.

Шынында да,  Махамбеттің өлімі
туралы келтірілген мәліметтер архив материалына сүйенілсе де, үлкен күмән
келтіреді.

Біріншіден, Махамбет  сияқты
асқан мерген адамның атқан оғы Төрежанға тимеуі мүмкін емес және әдейі іздеп
келген қарулы адамдарды көре тұра алдауға көне қалуы ақылға сыймайды.
Екіншіден, Махамбет сынды мықты адамның қолында 
қанжары бола тұрып, үйге кірген екі-үш адамға әлі келмеді деушілік те
үлкен шәк келтіреді. Бұлардың бәрі де өздерін ақтау үшін Махамбетті өлтірушілер
мен Айшуақовтың соңынан ойлап шығарған нәрсесі болуы керек. Оқты Махамбетке
бұрын шығарту да осыны меңзейді.

Ақылға салып қарағанда Махамбетті өте бір зұлымшылдық  әдіс қолданып, мейілінше аңдаусызда
өлтіргенге ұқсайды. Ел ауызындағы әңгімеге қарағанда да, архив материалына
қарағанда да Ықылас екіжүзді нағыз қарғалған, айтулы алаяқтардың бірі болыпты.
Ықылас туралы Шахматов бір жерде Касторматинов дейтін чиновниктің мінездемесін
келтіреді. Ол: «Оны (Ықыласты) тапқырлықты керек қылатын қиын-қыстау жерлердің
бәріне де пайдаландық, жағдай мен адамдарды қанық білу арқасында, жан-тәнімен
бізге жәрдем беруі арқасында тапсырған істің бәрін ол тамаша орындаушы еді», -
деп жазған.

Осы мінездемеге қарағанда, ел ауызындағы екінші бір аңыз шындыққа жақын
келетінге ұқсайды. Мұнда да Махамбет сол қанішер Ықыластың қолынан өледі. Бірақ
ол жоғарғы тәрізді ашық келмейді. Аңыз бойынша, Ықылас Махамбетпен достасқан
болып, әуелден сыр тартушы Баймағамбет пен патша үкіметінің ескі тыңшысы
болады. Сондықтан Махамбетке келіп-кетіп жүреді екен. Бұл жолы ол жолдастарымен
келіп, «қонақ» болып отырып, шай ішіп отырғанда Ықылас Махамбетке қанжар
сілтейді.

Сөйтіп, елін сүйген ер, атышулы ақын абайсызда сұрқия жауының қолынан
қаза табады.

Махамбет 42 жасында 1846 жылы октябрь айының ішінде қайтыс болған.