ВЕРНУТЬСЯ

    Әр
дәуірдегі үлкен кезең, тап күресі тарих елегендей адамдарды туғызды. Бұл шындықты
басқа елдердің тарихына жүгірмей-ақ қазақ елінің бастан кешірген кезеңдерін
алсақ та дәлелдейді.

            Қазақтың әлеуметтік өміріндегі
тарихи ұлы кезеңдердің бірі ХІХ ғасырдың аяқ кезі, ХХ ғасырдың бас кезі болды.
Бұл кез - бір жағынан патшаның отарлау саясатының кезі болса, екінші жағынан бұрынғы
бектік құрылыстың өзгере бастаған, қазақтың өз ішінде ұлт буржуазиясы туа бастаған
кезеңі. Бұл кез, бұл дәуірдегі тартыс өз идеологтарын, өз жыршыларын тудырды.

            ХІХ ғасыр Шортанбай, Әубәкірлерді
тудырса, ХХ ғасыр қазақ ұлт буржуазиясы Мағжан, тағы басқаларды туғызды. Олар
бектердің, буржуазияның идеологтары, жыршылары болды. Солардың таяғын соғып,
жырын жырлады. Бірақ бұл сөзден сол дәуірде еңбекші бұқараның идеологтары болмаған
екен деп ұғуға болмайды. Ол кездегі (еңбекші бұқараның екі түрлі қуаңшылықта
болуы, бір жағынан отырықшылық, екінші жағынан өз байларының қанауы) еңбекшілердің
өз жыршыларын туғызбауға мүмкін емес еді. Туғызды да. Еңбекші бұқарының таяғын
соққан ақындар да, жыршылар да шықты (Махамбет, т.б.).

            Бірақ олардың жырлары бізге көбінесе
ауызекі жетті. Қандай жағдайларда, қашан шығарылғаны ұмытылып, кейін кім жазғаны
белгісіз болып, фольклорға айналды. Әйтсе де сол бізге өліп-талып жеткен жұрнақтардың
өзінен-ақ кімді шенеп, кімге қарсы, кімнің мұңын жырлайтыны анық көрінеді. Бірақ
бұлар әр дәуірде бірдей шығып отырған жоқ. Әр кезеңде әртүрлі болып отыр.
Тарихи жағдайлардың шорласқан қайшылығы күшті, күрестің мықты кезеңдерінде түйдек-түйдегімен
шығып отырған кездері болды. Соның бірі - ХХ ғасырдың бас кезі.

            Бұл кез қазақ тарихынан төтенше орын
алды. Қазақ еңбекшілерінің басына қара күн туғызған патша отаршыларының шегінен
асқан кезі бір болса, екінші жағынан, ғасырлар бойы қанап келген өз байларының
езушілігі жаңа түр алып, еңбекшілердің титығына жетуіне айналып еді. Міне, осы
екі түрлі аяусыз қанау, еңбекші бұқараның жанын жеген ауыр дерт оларды қарап
отырғызбады.   Олардың патшаға да, байға
да қарсы көтерілуіне толық жағдай туғызды. Оның үстіне сол кездегі имперализм
соғысы еңбекшілер тұрғысын бұрынғыдан да нашарлатты. Осыдан келіп, көптен бері
жарыла алмай келе жатқан бітеу жараға 1916 жылғы 25 июньдегі қазақтан соғыстың қара
жұмысына жігіт алуы өртке май құйғандай, лау еткізе түсірді. Ғасырлар бойы бықсып
жана алмай келген түтінді өртке айналдырды. Июнь жарлығы он алтыншы жылғы көтерілістің
негізгі себебі емес, оны тұтатушы ғана болды, негізгі себеп жоғарғы айтылғандай
еді. Қазақ еңбекшілері Қазақстанның қай бұрышында болсын, түгел көтерілді. Бұл
көтеріліс патшаға да, езуші қазақ байларына да, оны жақтаушы болыстарға да қарсы
көтеріліс болды. 

            Қара бұқара кедей батырақтар
байлардан жігін ашып бөліністі. Бұл көтеріліс қазақ еңбекшілерінің басын қосу,
таптық сезімін оятуға үлкен әсер етті. Бұған шейін тап сезімі көмескілеу болып
келген қазақ еңбекшілері кім дос, кім қас екенін ашық түсінді. Патшаға да, байға
да қарсы көтерілу керек екенін, олардың (патша және қазақ байы, олардың
идеологтары - ұлтшылдар) шынтуайтына келгенде, бірігіп кететінін анық көрді. Еңбекшілер
оларға қарсы көтерілді. Өз бостандықтарын іздеді. Сондықтан да біз 1916 жылғы көтерілісті
бұқара көтеріліс дейміз. Олай болса, бұл кез қазақ еңбекшілерінің тарихындағы
зор кезеңнің бірі болды.

            Жоғарғы айтылған түрлі жағдайлардан
келіп туған бұқара қозғалысы, оның басында болған ауыр қиыншылық, еңбекшілердің
тілегі өз жыршыларын, өз идеологтарын туғызды. Олар еңбекшілердің ауыр күндерін,
1916 жылы қазақ еңбекшілерінің басында болған зор ауыртпалықты жырлады. Сол
кездегі бұқарашы ағынның бірі болып, қазіргі пролетариат жыршысы, өлшеусіз
талант, үздік лирик, қазақ даласынан жарып шыққан новатор Сәкен де жарыққа шықты.

            Сәкеннің қалам ұстап жаза бастауы қазақ
кедейлерінің басынан кешірген жоғарғы айтқан екі түрлі қанаушылық, соның
зардабынан туған бұқара көтерілісі, қан төгіскен азамат соғысының алдыңғы
кездерімен ұштасып жатады.

            Сәкенді ақын етіп тарихқа шығарған
да осы жағдайлар  болды.

            Сәкеннің «Өткен күндер» атты бірінші
жинағы 1916 жылы шықты. Сәкен бұл кездерде бұқарашылдықтан асып кете алмады.
Бірақ Октябрь революциясы, шиеленіскен тап күресі Сәкенді ол қалпында қалдырмады,
өсірді. 1917 жылдардан бастап-ақ Сәкен бұқарашыл кезіндегідей емес, кедейлердің
басын қосу, оларды езуші байлар табына қарсы ұйымдастыру, біріккен күреске шақыруға
кірісті.

«Теңдік
бұрын нашарларға келіп пе еді?

Көздің
жасын жауыздар көріп пе еді, жолдастар!

Жалбарынып,
жалынып сұрағанда,

Байың,
патшаң, тәңірің көріп пе еді, жолдастар!

Кедей
ұлы жігерлі!

Бірігіп
ұран салып қал!

Қызыл
тудың астында,

Бостандықты
алып қал!

Балғын
білек, күшпенен алармыз біз,

Неше
мың жыл құдайдан сұрағанды, жолдастар!»1

 

1Сейфуллин
С. Өлеңдері мен поэмалары, 1957ж. - 62-63-беттер.

деді.

 

Сәкеннің
бұл өлеңін білмейтін еңбектеген жас, еңкейген кәрі жоқ шығар. Сәкеннің 1917-18
жылдары революция кезінде күреске шақырған, революциялық өлеңдері жалғыз бұл ғана
емес, толып жатыр. Кейбір бай-құлақтардың ықпалына түсіп, революцияға ат салысқан
ерлердің аяғына тұсау, жолына бөгет боламын деушілерге «Адасқандар» деген 1918
жылғы жазылған бір өлеңінде Сәкен былай дейді:

 

Нашарларға
болысып,

Күштілер
бетін қайыру,

Тырнағынан
олардың

Езілгендерді
айыру,

Жолында
жүрген бауырыңа,

Тас
ататындар бәрің де.

Мырзаларға
қосылған,

Жастарың
да, кәрің де,

Адамдықтың
ұшқыны,

Сендерде
егер ар болса,

Бердім
соның сотына,

Халық
- тәңір бар болса!

 

дейді.

Бұдан
басқа да осы кезде жазылған «Тұлпарым», «Жастар марсельезасы» сықылды тап күресіне
шақыратын, байларға қарсы үндеген өлеңдері көп.

Сәкен
Октябрь революциясына көркем сөзімен ғана қатысып қойған ақын емес және
революционер. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқымаған, «Қызыл сұңқарлар»
атты пьесасын көрмеген еңбекшілер аз шығар. Мұның екеуі де нағыз шындық. Сәкеннің
өз басынан кешірген қиыншылықтардан алынып жазылған шығармалар. Сәкеннің
революцияға еткен еңбегі көп, Сәкен - Октябрь революциясының бір солдаты.

 

Ұлы
күнде жас солдат соңыңа ерген,

Қызыл
гвардия болып адым керген.

Қайнаған
кек, жас қайрат, жан, жүректі,

Сен
екеуің бастаған іске берген!

Сен
полковод, мен болған қызыл солдат,

Сақтаулы
әлі сонда алған семсер, мандат, -

 

деген.

Сәкеннің
Отанға жазған өлеңі өз басында болған шындықтан алғаны даусыз. Сондықтан біз ақынның
революциялық жұмыстарын қоя тұрып, оның жазушылық өсу жолдарына тоқталдық.

Сәкен
1917-1918 жылдарда ғана жазып, үкімет тізгінін пролетариат өз қолдарына алғасын
күресті қоя салған жоқ. Бұрынғыдан үдете түсті. Тақырыптарын кеңейте бастады.
Ілкі әзірдегісіндей, тақырыпты тек қана халықтың ескі ауыр тұрмысынан алып қоймай,
өндірісті, кеңес құрылыстарының басқа тарауларынан да ала бастады. «Жұмыскер»,
«Қара айғыр» сықылды өлеңдер жазды. Социализм құрылысының алғашқы жылдарын
жырлады. Бұл кездерде ол қанатын кеңірек жайды. Оқушыларына интернационалдық тәрбие
беруге тырысты.

Сәкеннің
бұл кездегі өлеңдерінің бәрі қысқа үгіт өлеңдері еді. Революция, Октябрь үшін күрескен
ерлердің образдарын көрсететін үлкен поэма, үлкен романдар бере алған жоқ.
Ондай үлкен нәрсе жаза салу, тап сол кезде мүмкін де емес еді. Өйткені Сәкен
жазу жұмысынан гөрі әлеумет жұмыстарымен көбірек айналысты. Әйтсе де қазақ
пролетариаты әдебиетінде Октябрь үшін күрескен революционер, большевиктердің
образдарын ең бірінші көрсеткен Сәкен болды. Сәкеннің «Қызыл сұңқарлары»
Октябрь төңкерісінің кезіндегі большевиктердің образы еді. Бұның бірінші
басылып шығуы 1921 жылы болса да, жазылуы 1918-1919 жылдар болатын. Сәкеннің бұл
пьесасында не көрсеткісі келгені өзінің «Қызыл сұңқарлар» деген атынан-ақ
белгілі. Шынында да бұл - өмір шындығының сәулесі, тап күресі. Атамандар жорығында,
олардың азап вагондарында қиыншылық көрген, бірақ алған мақсаттарынан қайтпайтын,
жігері жасымайтын берік революционер большевиктердің ерлік өмірлерін көрсеткен
пьеса. Әрине кемшілігі жоқ емес, басты геройы Еркебұланның өзінде де кемшілік
бар. Әйткенмен бұл шығарманың өз кезінде және бүгінге шейін мәні зор, кесек
образ жасаған шығарманың бірі екені талассыз.

Сәкен
азамат соғысынан кейін де кедей-жалшы, жұмыскер, еңбекшілер мүддесін үзбей
жырлап келді. Бұған 1925-1926 жылдары жазылған «Ұйым және еңбек, шарт -
жалшылар қорғаны» дейтін әңгімесі толық дәлел бола алады. Кейбір кемшіліктері
болғанмен, Сәкеннің бұл шығармалары негізінде езілуші кедей, батырақ жұмыскер мұңын
көксеген шығармалары екені даусыз.

Әрине
Сәкен шығармалары әуелден мүлтіксіз, қалам ұстағаннан бері ешбір қателеспеді
деген пікірден аулақпыз.

Бірақ
бұл Сәкенің концепциясы емес, қатесі еді. Қанша айтқанмен Сәкен ұлтшылдардың күшті
кезінде өскендіктен, өзі олармен аянбай күрессе де, Сәкеннің «Тар жол, тайғақ
кешу» деген тарихи ұзақ әңгімесі әуелде ұлтшылдық болды. Сәкен ұлтшылдармен
бізге келді дейтін кейбір сыншылардың пікірі мүлде қате екенін толық
сипаттайды. Сәкен өз өмірінде ұлтшылдықпен де, ұлтшылдармен де аянбай күрескендігін
өзінің ісімен де, творчествосымен де оқушыларын сөзсіз сендіре алады.

 

Теңдік
іздеп кедейге,

Жауызға
көнбей туладық.

Зұлымдардың
жасаған,

Арманына
уладық...

Бір
шұңқыр су, түйір нан

Үйреншікті
ас болды,

Күл,
көмір, қиқым, тоң төсек - 

Жастығымыз
тас болды...

Қол-аяқта
көк шынжыр,

Жыланша
жалап, жаралап,

Жауыздардың
дұзағын,

Көрдік
қорлық азабын!..1

 

деген.

Совет
өкіметінің алғашқы кезінде Ақмолада Совдепті ұйымдастырған, ұлт әскерін құрамыз
дегенде ұлтшыл алашордашылардың саяси бетін ашып, трибунаға шыққан, аяқ-қолы
кісендеулі, Колчак пен Алашорда соттарына жауап берген, атаман Анненковтың азап
вагонында тоғыз ай ауыр азап шеккен, Колчак түрмесінде пролетариат үшін қиыншылық
көрген, «Тар жол, тайғақ кешуді» жазып, ұлтшыл алашорда кім, оның құйыршықтары
кім, «Тар жол, тайғақ кешуде» кімдер, кім үшін күресті, қой терісін жамылып,
партияға кіріп, іштен жегіше жеу айласына түскен сұқ күшіктер кім екенін ашып
берген Сәкенді оқушылары ұлтшыл дей алмайды. Сәкен туралы тарихи шындық осыны
айтады. Олай болса, мұны біле тұра бұрмалаймын деушілерге де, білмей қателесушілерге
де Сәкеннің оқушылары (читатель) жол бермейді.

Кейбір
«сыншылар» Сәкенше айтсақ, «тырнақ сыншылар» «Тар жол, тайғақ кешу» жанр жағынан
алғанда, поэма да, повесть те, тарих та емес, сондықтан түкке аспайды» дейді (Төреғұлов).
Бірақ әңгіме оның романдығында, не повестігінде емес, оның еңбекшілер жұртшылығына
келтіретін пайдасында. Шындықты көрсете алуында. Сондықтан мәселеге тек түр жағынан
келген «Тырнақ сыншылардың» үстірт пікірі оқушылардың көңілін аудара алмайды,
аудару қолынан да келмейді. Өйткені «Тар жол, тайғақ кешуді» еңбекшілер сүйіп оқиды,
төтенше бағалайды. Оларға пайдасы зор. Бұл әңгіме тап жаулары Октябрь
революциясына қалай қарсы шықты, қандай айла-амалдар қолданды, олар кімдер еді,
олардың саяси программалары не болды, бәрінің де бетін ашты. Кімнің қай уақытта,
қандай қарсылық жасағанын, не жасағандарын, олар қай жылы, қай айда, қай
газетте, оның қай санында шыққанына шейін айтты, тап жауларының аяғын қия
бастырмай, конкретті фактілермен бетін ашып, «жауың міне» деп, еңбекшілерге ұстап
берді. Осы күнгі жас коммунист, комсомолдардың көпшілігіне алашордашылардың кім
екенін білуге «Тар жол, тайғақ кешу» көп жәрдем берді. Сондықтан Сәкеннің «Тар
жол, тайғақ кешуі» қазақ әдебиетінің тарихында үлкен орын алады. Демек, «Тар
жол, тайғақ кешу» түкке аспайтын шығарма деп, не тап жауы, не солардың ықпалына
түскен «тырнақ сыншылар» ғана айтады. Біз, Сәкеннің оқушылары, оны айта
алмаймыз.

Бірақ
Сәкеннің өсу жолдарында үлкен қателескен кездері де болды. Онысын жасырмаймыз.
Бұл НЭП кезі. НЭП-ті Сәкен теріс түсінді, НЭП-ті байларға еркіншілік беру деп ұқты.
НЭП-ке қарсы болды. «Совет баласы», «Жұмсақ вагондарды» жазды. Бұл шығармалары
- Сәкен творчествосындағы зор кемшіліктердің бірі. Бірақ Сәкеннің бұл қателерін
кейінгі еңбектері ақтады. Сәкен осы шығармаларынан кейін, көп кешікпей, жұмысшылардың
арасына барды.

«Жазушылар,
фабрика, заводқа, жұртшылықтың арасына барыңдар, онан сіздер шығармаға импульс
аласыңдар, пролетариатқа қазір не нәрсе керек, осының бәрін фабрика, заводтан,
көпшіліктен табасыңдар» деген Ленин сөзін Сәкен жақсы ұқты. Өндірісті, ондағы
пролетариатты және индустрияны жырлады.

Сәкен
бұл тақырыбын 1925 жылдардан бастап, күні бүгінге шейін жазып келді. Өндіріс жөніндегі
жазған Сәкеннің өлеңдері көп. Бұлардың қайсысы болсын, өндірісті, оның ерлерін,
олардың социализм үшін күресін суреттейді. Сәкеннің бұл кездегі шығармаларының
бәріне тоқтап жатуға мүмкіндік жоқ. 1925 жылы жазылған атышулы «Советстан»
поэмасы - өзінің мазмұнымен де, түрімен де қазақ поэзиясындағы үлкен бел. «Сәкен
«Советстанымен» қазақ поэзиясына жаңа түр кіргізді... Сәкен социалистік құрылысымыздың
өсуін күшті қарқынды, өлеңнің тек қана мазмұнымен ғана емес, өлеңнің ырғығымен
де берді...» деген Сәбиттің пікіріне толық қосылуға болады. Жалғыз ғана
«Советстан» емес, Сәкен поэзиясында жаңалық орыстың пролетариат жазушысы
Маяковскийге еліктеушілік, оның түрін, өлең құрылысын қазақ поэзиясына кіргізу
жөнінде Сәкен көп еңбек жасады. Сәкеннің «Альбатрос», «Тракторшы», тағы басқа өлеңдері
- осы жаңа түр іздеушілік бағытымен жазылған шығармалар. Шынында Сәкеннің қазақ
поэзиясына кіргізген түрі тұрақты орын алды. Советстанның түріне еліктеген жас
жазушылар көп. Осы күнгі Асқар, Тайыр, тағы басқа жас ақындарымызды Сәкеннің шәкірті
деп айта аламыз. Сөйтіп «Советстан» - көпшілікке үлгі болған поэманың бірі.

Айта
кету керек, Сәкен 1925 жылдан 32 жылға дейін көбіне өндірісті жырлап,
ауылшаруашылығын аз жазды. Онысын «Қызыл атпен» әңгімелескенде, өзі де мойнына
алды. Ал 1932 жылдан бастап, ауылшаруашылығын қолға алды. Мал шаруашылығына ақынның
төтенше көңіл бөлгені жаңа басшылықтың, Мирзоян жолдастың келуімен байланысты. Қазақстанды
шығыстағы мал шаруашылығының базасы ету деген партияның ұраны шығысымен-ақ ақын
қаламын алып ауылға, колхозға аттанды. Ауылшаруашылығының тақырыбы етіп атышулы
«Қызыл атты» жазды. «Қызыл ат» - Сәкеннің үлкен табысының бірі.

«Қызыл
ат» та «Советстан» сықылды түр өзгешелігі болмағанымен, өзінің тақырыбы және көркем
тілі, пернелі суретті, үлкен мазмұны, шебер лирикасымен көпшіліктің абайын
аударған поэма болды. Сәкен «Қызыл атта» ескі басшылықтың қатесін, ауылдағы мал
шаруашылығының төмендеуін, өтірік белсенділердің зиянкестіктерін, ақын-жазушыларымыздың,
оның ішінде өзінің ауылшаруашылығын аз жазғандықтарын сынға ала отырып, мұнан былай
ауылды, мал шаруашылығын жырлауға уәдесін берді және жырлап та келеді.

Міне,
пролетариат жазушысы Сәкен творчествосының өсу жолдары, қысқаша айтқанда,
осындай.

Әрине
біз бұл арада Сәкен творчествосының өсу жолдарын түгел айтып бердік дей
алмаймыз. Сәкен творчествосының өсу жолдарын бір мақаламен айтып жеткізу мүмкін
емес. Сондықтан Сәкен творчествосы туралы берілген осы аздаған таныстыруымызбен
сөзді тоқтатып, Сәкен поэзиясының өзгешелігі, көркемдік жағы, Сәкеннің 20 жылдығын
тойлағандағы біздің алдымыздағы міндеттерге келелік.

Сәкен
поэзиясын басқа жазушылармен салыстырғанда екі түрлі өзгешелік көзге түседі.

Бірінші,
Сәкен - лирик ақын. Сәкен өлең жазғанда, шындық болмысқа өзінің өмірге көзқарасын,
басында болған күйініш-сүйінішімен байланыстыра отырып жазады. Сәкен поэзиясы
адамның жан-жүйесін тербеткен лирика болып келеді. Сәкен шындық болмысын
суреттегенде, адам басында болған күйініш-сүйінішпен байланыстыра отырып жазғандықтан,
оқушыны тез әсерлендіреді.

Сәкеннің
«Аққудың айрылуы», «Қара жер», «Ақсақ киік», «Сыр сандықтарын» лириканың қай көрінісіне
болмасын, апарып көрмеге қоюға жарайды. Оның үлкен поэмаларында да лирикалық
шегініс көп кездеседі. Бұл - Сәкен поэзиясының бір өзгешелігі.

Екінші
өзгешелігі, Сәкен - новатор (жаңашыл және түр енгізуші), орыс пролетариат ақындарының
новаторы Маяковский болса, қазақ пролетариат ақындарының новаторы - Сәкен. Ол
Маяковский әдісімен көп өлеңдер жазды, оны қазақ поэзиясында тұрақты етіп қалдырды.
Бұл - екінші өзгешелігі. Мұның екеуі де жас жазушыларды өзіне еліктеткен, оларға
үлгі болған өзгешеліктер.

Сәкен
- тек ақын емес, әрі жазушы, әрі әдебиет тарихшысы, әрі драматург, әрі сыншы.
Сондықтан оның поэзиясындағы өзгешеліктерін айтумен қатар, поэзиясындағы тіл көркемділіктеріне
тоқталалық.

Сәкен
- тек қана лирик емес, көркем сөздің ұстасы, жұрт таңғалғандай үздік образдар
(образ жай суреттеу мағынасында) бере білген ақын. Тіл, көркемдік жағынан «Көкшетау»,
«Қызыл ат» қандай көркем шығармалармен де таласа алады.

Сонымен
қатар Сәкен фольклорды (халық әдебиеті) жақсы біледі. Халық әдебиетінің үздік,
көркем, сұлу сөздерін поэзиясына кіргізе алған, оның тілі өте бай, өте суретті.
Біз Сәкеннің 20 жылдық жазушылық өмірін тойлауменен қанағаттанбай, Сәкеннің
творчествосын терең тексеріп, көп зерттеуіміз керек. Сәкеннің «Тар жол, тайғақ
кешуі», «Қызыл ат», «Советстан», «Айша» сықылды шындық тұрмыстың сәулесі болған,
шебер суретті көркем кітаптары столымыздың үстінде жататын болуы керек. Біздің қалам
ұстап, жаза бастаған жас жазушы, ақындарымыз Сәкеннің әдемі лирикасын, өлеңінің
жаңа құрылысын, көркем тілін көп зерттеп, үлгі алып, үйрене білуіміз қажет.

Сыбызғының
сызылған үніндей лирик, Октябрь революциясы туғызған трибун, новатор,
революционер, Қызыл Ту орденді пролетариат ақынымыздың 20 жылдығын біз, міне,
осылай қарсы алуымыз керек.

 

1936ж.