ВЕРНУТЬСЯ

- Жоқ екен тіпті құдайдан әсте
Құл болып бақыт сұраған жерім.
Қайғы де, мейлің көздегі жас де
Біреуі де емес сыбағам менің.
Безініп кетті баяғы бір сәт
Ұйқыдан тапқан рақат та менен.
Түсіме кірмей еркіндік, пұрсат,
Бесіктен шығып, лахатка келем.
Бірі де қалмай тоналды жолда
Бояу да сия, қауырсын қалам.
Сыбаға дерлік түгім жоқ қолда,
Апырау, неткен ауырсын., ғалам!
Маңайым түгел қараңғы нәсіл,
Ерте-кеш шулап созады көшін.
Сыбағам бәлкім-түйеге масыл
Қайғысы зілдей қараңғы көршім.
Жеткізген жері тағдырдың айдап
Телмірген түбек теңізге мәңгі.
Ұйқысыз түнім - «Аттан!» мен «Айтақ»
Соғылған сойыл, ақырған «әңгі».
Осылар анық сыбағам менің,
Дүниеде біз де дүрбелең жұртпыз.
Уа, құдай,
Рахым етпесең мейлің
Жабайы кектің уынан жұтқыз.
Тіріні мендей ұйқыдан безген
Жатқызба көрдей жер үйде жалғыз.
Қайсаққа барам қарғысқа төзген,
Қанжарға мейлі жүрегім жарғыз.
Тағылық бейбақ қылмаса жазым,
Мұнда мен - мұңлы ортанын досы.
Мандайға жазсын Маңғышлақ әжім,
Екінші менің отаным осы.
Адам тас емес байқамас түкті,
Мұнда да кек бар, қан да бар жалқын.
Мұнда да ауыр арқалап жүкті,
Аңсайды күнді алдағы жарқын.
 
                     *   *   *
Кобзарьдын. алғаш аптасы мұндай
Ойлармен өтті оіаша, тұнжыр.
Ескі достардан қалған бір жандай
Қасында жалғыз қаңғыбас күн жүр.
Жағада жалғыз қармағын салып,
Ол ойға шомса, ұзақ күн - шолақ;
Қайықтар жаққа қарайды налып...
Қазақтың сырттан көргені сол-ақ...
Мұрт мұнша бурыл, маңдай жалаңаш»,
Құлан сыртындай көйлегі жолақ.
Серті бардай-ақ жанға жоламас...
Казақтың сырттан көргені сол-ақ.
Тарастың көргені:
айнала - баяу...
Бір жанып-сөніп бітетін шырақ...
Ағылған атты, түйелі, жаяу
Ерте де, кеш те жататын шұбап.
Бұ да бір жылжып өтіп-ақ жатқан
Өзінше сағат, өзінше күн-ау!..
...Білмеді бірақ Тарас ол шақта
Қазақ таратқан аңызды мынау:
- Кәдімгі адам қалпында...
ТобаІ
Таң атса өзі жағада жалғыз.
Перғауын патша, ия қыдыр-баба...
Ал тұлғасы оның - кәдімгі дәл біз.
Қармақшы болса, қалтқы бүлкілін
Қалар ед бағып қалғи да мүлги.
Ал, мынау ұққыш теңіздің тілін,
Сөйлеседі екен толқынмен ылғи.
- Жоқ іздеп жүріп Жоламан сері
Көріпті соны бесінге жуық:
Судағы сұлу жалаңаш пері
Жүріпті соның бетін де жуып.
Толқындар ақбас аяғын құшып,
Алдына басын апарып иген.
Көгілдір кезден ұшқындар ұшып,
Сонда да суға қабағын түйген.
- Теңіздің арғы үстіне қарай
Зекіген дейді көтеріп қолын.
He берер құдай осыған орай,
Дауылды бәлкім шақырар сол үн?!
- О, тоба, тоба.. Ырымға жаман,
Күн бата суға сүңгіп пе, неткен?
- Ғажабы сонда: ақшамға таман
Ғайып боп жерге сіңіп те кеткен.
- Әскери орыс қамалы жақтан
Таң ата қайта Айлақка барған,
Саздан жалаңаш адам жаратқан...
Ол содан бөтен аулақ хабардан.
-  Ойбай-ау, оны түнде де көрген
Жағаға қайтқан балықшы барқас:
Біресе өзі адам боп жүрген,
Біресе бейне мелшиген жартас.
Есуас теңіз етегін ашпай,
Әлгінің жатқан алдында сұлық.
Бұралқы сұлу бұралған аштай
Сәулесі дір-дір айдың да суық.
Самалдан жанға тауып бір рақат,
Болыпты түннің ол сыйына мәз.
Күбірлеп сонсоң тоғыз рекехат
Оқыған дейді ясин намаз.
Қыздармен өзге сейілге шыққан
Қаракөз-әйім қырағы, зерек -
Ізін көріпті таңдағы шықтан,
Барған бағыты - қырдағы терек.
-  Уа, пірім, тәңірім!.. Бәлкім бұл бақыт.
Жоламан тобы жолығып бақсын.
Сөйлессін барып... Лағыл мен жақұт
Садақа берсін... садағын тақсын.
Дулыға кисін дұғалық ұстап,
Шақырсын оны дәм-тұзға, тілге.
Жарылқар болсын жақсыға бастап,-
Май салыңдаршы қоламта-күлге!..
 
                  *   *   *
Жорамал, болжал - бәрі де бітті,
Ұшты да кетті ол бір жел-құйын.
Құрметтеп ақыр Тарасты күтті
Адайдың жазғы аулында жиын.
Кедейдің үйі: кебеже,.тулақ,
Кереге басы - ноқта мен сірге.
Сығалап сырттан баласы шулап,
Үлкендер үйде «Жат жанмен» бірге.
Кеудесі сырлас, көнілі мұңдас,
Азап салмағы арқаға батқан -
Айнала қазақ, ортада тілмаш,
«Жалғыздың» сөзін жартылай ұққан:
-  Жетектеп жүрді жетімдік ұдай,
Жастай жоғалттым ана құшағын.
Жақсылық бізге бермеді құдай,
Құлдыкта бітті балалық шағым.
Құдай мен ағзам жанымды қинап
Салса да отқа, жүрегім ырза.
Ат-жөнім - қабыл алсаңыз сыйлап,
Тарас Эль-Днепроуи Шевченко мырза.
Айнымас үкім азапқа қиды,
Айрылдым қанша ақылды достан;
Көзімше дозақ отына сүйді
Сүргінде туған сурет пен дастан.
Оларды сақтап «кунәкар» болды
Қойын мен қоныш, ұлтарақ, ұлтан.
Айқындап берді айдауға жолды
Құлдықтан соңғы бозарған бұл таң.
Әйтсе де, достар, мен емес ғарып,
Ежелден алған бетеді - дабыл...
Жатады кегім дертіме дарып,
Егесті жаным етеді қабыл.
Бейуақыт зарым - ясин емес,
Намаздан бетер өленім нала.
Саз мүсін - адам. Оны жын демес
Өмірге келер өнерлі бала.
...Ал лебіз осы көкейге қонды,
Кек-ыза жанға кезінде дауап...
Жабырқау жанды, жабағы тонды
Қазақтың жылы көзінде жауап.
Қазақтың жылы көзінен сезді
Меймандос жұртты Таразы зерек.
Батыр кескінді, бала мінезді
Жоламан даусы өзгеден ерек:
- Хош келдің, тамыр, Таразы биім.
Таразы болсын тайпыға мағлұм.
Таразы жырау жұртыма дүйім
Еріксіз келген өнеге, тағлым.
- Таразы мейлі мұсылман емес,
Кәпір де бұған кәміл жат, түге!..
Мыс қазан, шара, мосыңнан үлес
Беліп бер, үйге дамылдат, түге!..
Қамалға барсақ, Устинов ұлық
Бермейді бізге рұқсат-пұрсат.
Ерте-кеш, тілмаш, ұрланып жолық,
Қақпадан күтсін Таразы бір сәт.
Жоламан айтты, жолдасы қостап:
-  Онсыз да кешпес алла кінәмді.
Сол күні кеште саптыаяқ ұстап,
Таразы татты алғашқы дәмді.
Мұндайда жұрттар салтын сөз етпек
Парыз ғой. Бәрі гулесіп бақты,
Сол күні кеште күйлер безектеп,
Ақын өлеңмен ақынды қақты.
Сол күні кеште Тарас танысқан
Сәукеле, жүзік, алаша, басқұр
Суретке түсті: өнер табысқан
Басталды содан бір ғажап дәстүр.
Есіркеп бүгін ақыры тәңір
Бағбанын елге берген есепті:
Ақылға терең Таразы тамыр
Жемістен ұрық жерге де септі.
Қазақпен бірге қаршыға салды
Қолынан езі қоян, киікке,
Барып та жүрді балапандарын
Қызғаншақ қыран қояр биікке...
 
Қазақпен бірге қайықта жүзді,
Шайқылдап үсте қалың шағала.
Қоқанға күнде балығын тізді
Қасынан шықпай қайыршы бала.
Барымта сыйы -
байғұс күң қатын
Тарысын түйсе, тезегін терсе,
Алысқа бәйге айдатып атын
Күйшіге палуан кезегін берсе,-
Таразы соның күллісін көзден
Өткере берді аптада, айда,
Садақпен тойда шаршыны бөзден
Бақанға байлап атса да қайда?!
Таразы жайы бір бөлек төбе,
Қиысқан ойы қиыннан терең.
Тілмашы бейне бір өткір жебе
Құрыштан сөзі құйылған дер ең.
Таразы бидің табынған пірі
Бағы жанбаған бақташы, диқан.
Ол үшін жегі, ұятсыз ұры -
Алтын сарайлы Ақ патша, не Хан.
...Мекенге мақтан мезгілді санау.
Бағбанның орны - асыл аямыз.
Жемісі бітік түбекте сонау
Жерлесім бүгін осындай аңыз.
 
 
     АҢЫЗДЫҢ ЕКІНШІ ТАРАУЫ
 
Бөкейден шыға бөрідей жортқан -
Тайманның ұлын өлтірген тақсыр.
Салықтан қашқан, жарлықты жыртқан
«Бұзықтар», жаққа жаныңды тапсыр!
 
Аспанның асты алай да дүлей -
Шаң басқан дала:
ой-қырда «ойбай!»
Құзғындар шықты жемтігін тілей,
Оларға қырғын - олжалы тойдай.
Талайдың жан мен таланды мүлкі,
Ошаққа түсті ойран боп шаңырақ.
Құйынмен кетті шұрқырап жылқы,
Аруана бейбақ ботасыз аңырап.
Қан-шырын найза ұшында кепті,
Біреулер таппай біреуді сұрап.
Қарақөз аттың саурында кетті
Сонарда соққан түлкідей сұлап.
Мезгілдің патша, тақсыры тақта;
Тайманов халқы -
тастанды бала.
Екінді намаз еңкейген шақта
Жансыздар жайрап, бос қалды дала.
Бос 'қалған жоқ-ау, ескі жұрт жақта
Қаңғырған адам, жаңғырған тау-тас.
Ойранның орны өлік - кан-соқта,
Аспанын құзғын торлаған тұтас.
Болды деп бүгін боздаққа зақым,
(Жер таппай өзі қонарға басқа).
Бір құзғын келді жер үйге жақын,
Тұмсығын сүртіп томарға, тасқа.
- Тартқанда садақ талғап бір азғын,
Қалпақтай ұшты Жоламан жонда.
Тірідей соны жепті!-
деп,- құзғын,
Қайыршы келді жылаумен мұнда.
Тұмсығын сүрткен томарға, тасқа,
Тажалға Тарас қадайды көзін.
- Ал құпта,- дейді ол,-
қараңғы қасқа,
Құзғынды берген құдайдың өзін!..
Тесілген көрдей жер үйге келіп,
Таразы сонсоң отырды керең.
Құтқармай оны құзғын мен өлік
Құсалы ойға батырды терең.
 
                *   *   *
Дертінен туған көп зардың,
Сондағы ойы Кобзарьдың:
- Ой сұмдық-ай!.. Мыналардың сұмдығы-ай!..
Қайран қазақ! Саған сәлем мың дұғай!..
Биік жонда бір арамза қолынан
Бар деп жүрген балаң белі сынды ғой!
Қыр басынан қызыл тапты қарғалар,
Ол олжадан құзғын қалай құр қалар?!
Жоқ-ақ болды қайран досым Жоламан
Қу даладан қуыс таппай қорғанар.
Ол өлерде не деп жатты - құлақ түр:
Ылғал берсең таңдайыма, бұлақ бір...
Қарашыққа қанды сәуле тамызып,
Жалғыз ғана күннің көзі жылап тұр.
Қайран халқым! Ерте түйін, кеш түйін -
Өлгеннен соң өкіргенің бес тиын!..
Қарғаларды қарқылдатшы тағы да,
Соны-ақ сенің жоқ,тауың деп, естиін.
Қайран халқым! Айлар өсіп, жыл өсіп,
Әл жүрегім тілегіңді тілесіп
Келіп еді. Алып жатыр соныңды
Өлтірмей-ақ қара қарға үлесіп.
Тимей тұрып суық жерге жанбасым,
Тісім жарып шығармадым жанға сыр.
Енді айтамын: екі жарым, үш емес,
Бұл қарғалар өмір сүрген он ғасыр.
Мен кетем-ау, саған, жұртым, обал-ақ,
(Момын сорлы, сені қайтем табалап?..)
Жүрер әлі аспаныңды осылар
Сасық қара қанатымен сабалап.
Қара қарға аян мұнда әмбеге,
Өзінде жоқ өлер-бітер тән деген.
Бұлар сонау арғы баба зиялы
Әл - Фараби жүрегін жеп дәндеген.
Консаң, көшсең, қожаң осы қара құс,
Қылатыны - «шылық», «шірік», арам іс.
Таңдап жеген үлкендерін жүректің
Тажал құстың бар денесі тарамыс,
Тарамыс... Тарамыс...
Осыны айтып өлді кәміл Жоламан,
Азат енді азап-сордан ол адам.
Бұғаусыз-ақ қолды бунап қойғаны-ай,
Соған зират соғар едім қоладан!
Қақсап жатып өлді солай Жоламан,
Енді жерді сел басса да, ол аман.
Ғайып болсын! От жүректі оған мен
Төбесі жоқ төмпешікті қаламан.
Ерен боздақ, елің қалай сағынбас?..
Қында, бірақ, қырсық кесер ақ алмас.
Ана сүтін ақтап өлген күрескер!
Ін түбінде идім міне саған бас!
 
                 *   *   *
- Әзіз Эль-Днепроуи уағазын мұндай
Жұртына жайған мұңлы мұсылман.
Өткір сөз - елге өтелген кұндай,
Артықша қымбат алтын-мысыңнан.
Депті ол:
«Әсте аяқ артуға
Сұлтаннан сұрап жақсы ат алдырман».
Қобыз сыйлапты қосық тартуға
Дала дабылы - ақсақал Құрман.
... Мекенге мақтан мезгілді санау,
Бағбанның орны асыл аямыз.
Жемісі бітік түбекте сонау
Жерлесім бүгін осындай аңыз.
 
    АҢЫЗДЫҢ ҮШІНШІ ТАРАУЫ
 
Өлгендер орны кең, жасыл кілем,
Қызғалдақ қыршын қанындай жалқын.
Көктемде таудан тараған сілем
Ақынның қайран жанындай жарқын.
Табиғат сорлы - бір сәби бала,
He десең, соған құлайды жайлау...
Ертеңгі бейнет, сорыңа бола
Бүгін шарт қолдан құдайды сайлау.
 
                  *   *   *
Шар тастау керек сиқырды сыйлап,
Сол үшін сойыс - матаулы жылқы.
Ұлық қойнына ұрғашы сыймақ
Арғы дәстүрдің «аталы құлқы»,
Сүттен шыққандай үзіктес үйлер
Жағалай аппақ тігілген тіркес.
Біреулер қисық, түзік те сөйлер,
Билеуші топтың түгін кетірмес.
Жан-жақтан керуен келеді азық.
«Құп-құп!»- сұлтан мен ханға көп адам.
Қыз, қымыз, қазы Тарлы мен Жазық.
Сахар-сенгірден, Қаңға-бабадан.
Құлпырды бүгін таң атпай алап,
Толқындай халық құйылды мұнда...
Далақтай шауып, жалақтай қарап,
«Құзғыңдар» тағы жиылды қырға.
Жиыннан аулақ бір адыр-жота,
Сол жерде құпия Таразы, тілмаш.
Астыртын оған азамат, ата
Бір соқпай өтсе, көңілі толмас...
 
Көз алдында оның атынан түсіп,
Ақылын сұрап, ашылған құшақ...
Халықтың мағлұм түрі мен түсі -
Сырты қап-қара болса да іші ақ.
Арызын тыңдап көп зардың
Айтқаны -сонда Кобзарьдың:
- Ой сұмдық-ай!.. Жайнап кетті-ау мұң-дала.
Үгіт, жігіт, күрес, көкпар - мың дода.
Өгіз көкірек, өзге берген дәреже,
Малғұн мансап бар екен ғой мұнда да.
Ұғып болғам шенді дәулер нәсілін
Арам зіпір айла-қулық, тәсілін:
Сен байғұстан сенім сұрап аларда
Табаныңа тастайды бар асылын.
Бүгін ғана сол қорғанар, қорғанса,
Шар салар деп қобдиыма қол қанша?..
Ал, ертең ше?.. Өртер болар ол сені
Қашан өзі қаңғып, ит боп қалғанша.
Жетпестей-ақ тірідегі жалшылық,
Құтылмайсың жерге кіріп -
жан шығып:
Жоламанның өлігінен өскен гүл
Жатыр соның табанында жаншылып.
Оның серті: - Құлдық!.. Құран жастанам!
Оған күлкі - күй аспабың, баспанаң.
Қанша берсең тәлкек болар тағамың,-
Қажет оған басқа түз бен басқа нан.
Озбыр әкім қылған ісі орайлы,
Жалғыз соның атар таңы арайлы.
Барып басын жығар жері саждаға
Санк-Питер тақты, тажды, сарайлы.
Соған сыйға тартады бұл барыңды,
Таптатады намысың мен*арыңды.
Көздің жасын онда сақтар ыдыс бар,
Бұғау даяр, ұлың туса дарынды.
Саған түк жоқ... өлсең орның қайда да
Бір қара жер - биікте ме, сайда ма...
Шар тастама -
әр уақытта жан алғыш
Әзірейілді өз қолыңнан сайлама!
 
                *   *   *
Осынау ащы оңаша кеңес
Таразы биден тарады сыртқа -
Құлады сұлтан. Құлпырған дөңес
Күнестен күліп түр әлі жұртқа.
Кіжінсе құдды кірпідей мұрты,
Бетінде ызғар - бекіген аяз,-
Айуан деп, аң деп даланың жұртын
Ортада қатты зекіген ояз.
Сұлтанның үнсіз көз алды - күйік -
Жылқының жыны шашылған бекер.
Салбырап күллі сары жез иык,
Қылышы жерге шаншылған нөкер.
- Азғырған бұзық бұқара топта,
Тап!- деген соны жалпыға жарлық.
- Парақор ояз, елірме, тоқта!
Елдікі жөн-ау, сенікі зорлық!
- Бұлардың шары - домалақ бүйі,
Ажалы содан сорлының ақтық.
Бұл сайлау бізге дозақтың үйі,
Құлатсақ, қолдан соны құлаттық!..
- Жоғал, сен, ояз! Халықтың күні
Бітпейді саған жалынбасақ та.
- Адайда бар ма әкеңнін, құны,
Астрахань өт те, жаныңды сақта!
«Тобырлар» солай салды бір әлек,
Бітіспес ашу, араз ұлғайып.
Қамалға бұл сәт оралса керек,-
Тағы да болды Таразы ғайып.
... Мекенге мақтан мезгілді санау,
Бағбанның орны - асыл аямыз.
Жемісі бітік түбекте сонау
Жерлесім бүгін осындай аңыз!
 
АҢЫЗДЫҢ ТӨРТІНШІ ТАРАУЫ
 
Әскери қамал. Баяғы мекен.
Қазақтар тойға көтеріп асын
Келіпті. Бүгін ұзатады екен
Таразы жырау Катеринасын.
Катеринасы - Қарақөз-әйім -
Қазақтың жетім қыз еді бастан.
Арсыздар салты салады уәйім,
Аямай гүлді үзеді жастан.
Махаббат - күйік. Күйрегіш о да
Аңызақ соққан ащы бұтадай.
Қарақөз ғана қайғыдан ада,
Сүйгені бүгін - жас жігіт адай.
Үсті мен басы ақ торғын шайы
Қарақөз бүгін артықша сұлу.
Оңында күні, солында айы -
Шыны ғашықтың шынтағы жылу...
Бозбала күйеу момақан үнсіз,
Тарастан тайқып төмен қараған.
- Балам, бұлайша ұялма жөнсіз,
Батыр бол!-дейді кемеңгер оған.
Тойда бар малшы, аушы мен солдат,
Сырнайға тұңғыш қобызды қосқан.
Тарпыды жерді жегулі, салт ат
Көші-қон, шиыр көп ізді басқан.
Жүректер баска жүгінді заңға -
Жүзік алмасу... шырақтан - шапақ...
Шалқыған думан ұласты таңға,
Шарап та қымыз; биленді «гопақ».
Неке қиюшы таппай тағат та
Екі жас жанға берді бал-шырын...
Аяулы қызы кетер сағатта
Әке Эль-Днепроуи ағытты сырын.
 
                 *   *   *
Куәсі болған көп зардың
Айтқаны сонда Кобзарьдың:
Жеті жылға жуықтады оған да,
Көп зарықтым өзім бөтен қоғамда.
Осы қызым он екіде тап болды,
Сәби-сәби!.. Оны жат деп ұғам ба?!
Көп ұзамай көз жасын да құрғаттым,
Досы қылдым бір мысық пен бір лақтың.
Аз ба маған қатал тағдыр үкімі?!-
Он тертінде опық жедім - ұрлаттым!
Әлбәттә, оны әкеткен жоқ әз адам -
Тайсалмадым, қарсы келсе, қазадан.
Аяулыға әперем деп азаттық,
Екі -солдат сұрап алдым қожадан.
Мылтық алып талай жерде қаңғыдым,
Шатқал бардым; шаршағанда қалғыдым.
Орда-жылан жатағының үстінен
Жан түршігіп талай тауда қарғыдым.
Қостарына бардым шалдың, жігіттің,
Көз қиығын жүк астына жүгірттім.
Ақыры мен өсейгелі еш уақыт
Жас тимеген кірпігімді жібіттім.
Үрлеп іште кек тұтатқан шоғымды,
Қорамсақтан қолыма алдым оғымды;
Заманда бір залым қазған зынданнан
Таптым ақыр іздей-іздей жоғымды.
Бала тұтқын жеңілмей сол ұрлықтан,
Жер астында бірді ұқпаса, бірді ұққан;
Дәрмені жоқ аяқ-қолы бұғауда,
Дәмін төгіп, аштан езі бұрлыққан.
Жанды маңға жолатпаған қыз әлі,
Қақпан тұтқан бөлтіріктей ызалы...
Бұрым шашы тарқатылған. Жас дене
Жатыр екен жайдағыдан ұзарып.
Еңіредім де, қолыма алдым еденнен,
Сұр қалмаған сұлу біткен беденнен.
Көрсем, түсі көк сиядай... Дариға-ай,
Бұл өмірде шошынбадым неден мен?!
Қылмыс толы айдың іші, жыл іші!
Қанша мазақ - қайран ана жынысы!
Таптырмай-ақ тауда қалды қарақшы,
Аяқталып бітпеген соң жұмысы!..
Сонда-дағы, махаббаттың жауы шын
Ұқсын дедім кектің ащы дауысын:
Қарақшылар кеткен жаққа мен атқан
Қарғыс оғы қаңқ еткізді тау ішін.
Айсыз кеште арқан, құрық сүйретіп,
Қақы да бар жаудың өмір сүретін;
Сол шындық қой маған ақыр салғызған
Бұл түбекте «Бұғаулы қыз» суретін.
Ендеше, еш адам қалмай елшіге,
Бұзық берді бұл суретті еншіге...
Содан бері мәңгі дарқан махаббат
Менің ғана Катеринам меншігі!
«Бұғаулы қыз» бұл ұрпақты ұялтар,
Қелер жанға арман жүктеп, ой артар.
Сыртқа шығып темір кісен сылдыры,
Ұйқыдағы өзгені де оятар!
 
Көтерер бұл намыс туын, ар туын,
Осы менің ез қызыма тартуым.
Қалыңдыққа жасау осы. Рас, бұл -
Сықап-тиеп атан-нарға артуым!
Өнер бекер жиіркенбейді сұмдықтан,-
Ыза ғой бұл, құпия ғой сондықтан.
«Бұғаулы қыз» жата тұрсын жасырын,
Аздан кейін шығарарсың сандықтан.
Ал, таң атты! Жез табақтай жер күнді
Жүлде қылды. Жүйріктерге ер мінді.
Катерина!.. Кетер болдың!.. Соңғы рет,
Кірпігіңе тигізейін ернімді!
Сағынсаң да, сар-уайымға жолама!
Сен бұлайша бүгіннен соң жылама!
Улап-шулап балапанын ұядан
Мезгілімен ұшырады жыл-ана!
Осынау бір сәтте ажыраған екен
Катеринасы құшақтан зорға.
Таңдағы таудан қарапты бөкен
Қаракөз-әйімді ұзатқандарға.
Жаңғырып, бейне жан біткен сонда
Мелшиген тасқа меңіреу де, саңырау;-
Әншілер оңда, күйшілер солда,
Күмбірлеп соққан күймеде қоңырау.
Таң бүгін дарқан атқан бір арай,
Тарқар мүшеге халықта талас.
Қыз кеткен жаққа қарай да қарай
Қамал түбінде қалыпты Тарас.
... Мекенге мақтан мезгілді санау,
Бағбанның орны - асыл аямыз.
Жемісі бітік түбекте сонау
Жерлесім бүгін осындай аңыз.
 
АҢЫЗДЫҢ БЕСІНШІ ТАРАУЫ
 
Көп күндер озды, Александр ағзам
Райдан қайтпай рахымы түспей...
Құлазып қалды бикүнә ақ жан...
Күткен үміттің бір ақыры - түстей...
Бақтар гүлдеді...
Жапырақ сарғайды...
Сан дүркін жас қар жамылды ағаш...
Тек бүгін айтып басқа бір жайды,
Күн тәртібінен жаңылды алғаш:
Сарғайып күткен жақсылық-жарлық
Бұзау тіліндей қағаз боп келді.
Жиналды сурет, қолжазба барлық...
Шинель қағылды, жаға көктелді...
Түнімен түгел қамалда достар
Көңіл шіркінді «өтерді шырқап!..
Бақыт жолына арналды тостар,
Қалмасын деді көкіректе сырқат.
- Данышпан ақын, суреткер озық!
Қалған күндерді жақсыға жорыт!
- Медетін, болғай қол ұшын созып,
Қайран туған жер -
Звенигород!
- Айсыз түндегі құсжолындай
Ақ белбеу қалар аспанда сенені
- Сен де бір Пушкин зор школындай
Жолдарсың көзін ашқанға сәлем!
- Қалған күндерде қасіретпен суық,
Халықпен жеміс тере же ортақ!
... Солай деп жатты әскери туыс,
Телміргіш көзден терезе қымтап...
Тарас тіл қатты:- көкірегім ұқса,
Болған жоқ, деді, айтар сөз арық!-
Қамалдан сыртқа қақпадан шықса,
Таң атқан екен қайта сазарып.
Дүние бір ғажап сүйкімді гүл-гүл;
(Саулы інген, мейлің, аулақта зарлан!..)
Тарастың еккен бағында бұлбұл,
Саңқылдап жатыр тау жақта тарлан!
Жай кезде дүние мүнша тұрар ма
Көзіңе түгел көрініп-ақ кең -
Күбірлеп Тарас күн шашырарда
Жеке қоштасты жер-үйлі бақпен.
Тірілер ояу, қамалдың қасы,
(Марқұмдар тыныш, қастасып өлген)
Ер, әйел түгел кәрі мен жасы -
Қазақтар ерте қоштаса келген.
Қашан да жоқ қой сезімге толас,
Сүйгенді сүймеу - бетіңе салық;
Жүгі соңынан қозғалды Тарас,
Теңізге қарай ағылды халық.
Жүректен жүлде алсаң лайық,
Қалайша төмен басылмақ иін?!-
Жалғыз желкенді жағада қайық,
Күйік-Патшаның басында жиын.
 
                    *   *   *
Көз жасын ақтап көп зардың,
Айтқаны сонда Кобзарьдың:
- Талай мезгіл көз жетпеген көмескім
Айқындалды. Тонамапты мені ешкім.
Мен осынау «меңіреу» дейтін түбекте
Еріктен тыс өмір кештім демеспін.
Бұ жақта да тырсылдаған сағаттың
Бекер бейбіт жолын тосқан жоқ-ақпын.
Өз еркіммен әлсіз жанды әлдилеп,
Өз еркіммен зұлымдыққа оқ аттым.
Бұл жақта да елдің ертең, қазірін
Даярластым; ердің білдім қадірін:
Ардақтадым Жоламанның бір сүйем
Қазылмай-ақ есте қалған қабірін.
Менін шешем - күң қатыны құс-құлдың -
Россиясы қорлау, сықақ-мысқылдың.
Сол сорлының мандайындай сұп-суық
Қара тастан қашап-жонып іс қылдым!
Бұғауымен жеті бояу, жетім жыр
Бұқпантайлап би жаққа да жетіп жүр.
Ал, ақ патшам, пандарым мен хандарым,
Қарғыс, таңба, қалғаныңды жетілдір!..
Қош бол, берік қамалдагы сақшылар -
Жүрегінде жылан жатқан жақсылар!»
Кірпік қақпай осы жерден күтіңдер
Күн туар деп тіл кесілер, жақ сынар!..
Қош бол, сыбыр, казармада тынбаған!
Қош бол, құлақ, «күнәкарды» тыңдаған!
Құлақ байғұс таң атқанша ұқсын деп,
Тағдыр берді ұзақ-ұзақ түнді оған!
Мен бұ жақта сұлтан ұққан, сот ұққан
«Қозы» көрдім (бір-ақ маусым отыққан).
Қош бол, Арал! Қош бол, Түбек, қарақөз
Күннен рахым сұрай-сұрай тотыққан..
Қош бол, дайым қомдап мініп түйені,
Сарнап көшкен әннің елі, күй елі!
Өлмес тамыр өніп қалды жерінде,
Айғақ соған алақаным сүйелі!
Жерлес болдым! Осы соңғы лебізім!
Бұ жақта да қалды менін, көп ізім.
Айнымасқа, айрылмасқа жұртыңнан
Айғақ мынау құшақтаған қобызым!
Қош бол, Арал! Қош бол, Түбек! Кеңістік!
Жүрген жерім - жүрегімде ең ыстық!
Жұтатпаңдар менің балғын бағымды,
Талай ұрпақ жеймін десе - жемістік!..
Өмір өсер менің балғын бағымдай
Аңызаққа, аязға да бағынбай!
Бұл жақта да мұңсыз ұрпақ күн кешер
Құдіретке жалбаң қағып жағынбайі
Жүрегіңді, жүзіңді де көркемдер
Ойшыл ақын бұ жақта да өркендер!
Оның жанын аяй білмес азғынды
Шын дозақта шырқыратып өртеңдер!
Тоқтатылсын әлсіз жетім ызыңдар!
Күллі нәсілі Ұлың бар да қызың бар -
Аттаныңдар!.. Өсіріңдер өмірді!..
АттаныңдарІ..*Бұғау-торды бұзыңдар!..
Өсиетім бұл! Қабыл ете көріңдер!
Қажет күнде қазаға да көніңдер!
Мен де өлемін. Днепрода жота бар,
Сол жотаға мені апарып көміңдер!
Қай түста да осы байтақ Отан кең
Әлдилейді әлгі биік жотаммен!
Айғай-шуын Атырау мен Днепр
Тыңдап тыныш, көз жұмам да, жатам мен!
Аяулылар! Ал, осыған келістік!
Қош, Атырау, Арал, Түбек, Кеңістік!
Күллі орынның қызулысы - күн емес,
Жүрегімде жүрген жерім - ең ыстық!
 
                      *   *   *
Сәт!.. Эль-Днепроуи Таразы жырау
Құшақтан шығып кайыққа мінді.
Күлімдеп тұрып ақырын жылау
Ұқтырды шерден айыққаныңды...
Күндіз де күміс сәулесін төгер
Қаракөзінің қолында шырақ.
Алақан жұрттың үстінде түгел -
Қалтырап түрған қалың жапырақ.
... Әттең-ай!..
Тіпті:
- Кетпеші!- дер ем,
Қайтадан қол алыспайды енді...
Телміртіп көзді теңізге терең,
Ақ желкен жалғыз алыстай берді.
... Мекенге мақтан мезгілді санау
Бағбанның орны - асыл аямыз!
Жемісі бітік түбекте сонау,
Жерлесім бүгін осындай аңыз!
                                                         Октябрь, 1963 - март, 1964