ВЕРНУТЬСЯ

Далам-ай менің,Көсілген көркем далам-ай,Көргендей алғаш, қуанып тұрмын баладай.Елжіреп тұрмын, қасиеті күшті туған жер,Сен маған емес, мен саған бақи анадай. Қуанбай қайтем, дым тамбай талай көгіңнен,Мамырда тіпті отты леп есіп деміңнен.Кенезем кеуіп, қосыла саған шөлдедім,Кішкене ғана бөлшегің болып сенің мен. Тамшысын таппай жаңбырдың осы өңірден,Балауса шөптер әп-сәтте солды-ау көрінген.Сонда да болса сенімен қоса егілгем,Кезім жоқ менің, маң далам, сенен жерінген. Бүгінде мынау есесін алып сан жылдың,Дүрия далам, бойжеткенге ұқсап сән құрдың.Алғысың көп-ау науырыз бенен сәуірге,Рәтін көрдің көктемде жауған жаңбырдың. Қарашы, міне, жас жусан жарды бүршігін,Қырыңды кезіп, жинадым гүлдің мың түрін.Шаттығың болып бозторғай ұшты пыр-пырлап,Әніне салып, алмай жүр шіркін бір тыным. Жарықтық дала, қайнары асқақ шабыттың,Сен маған бүгін ерекше рай таныттың.Гүл тұнған қырда шалғынды кешіп тұрып мен,Қымыран жырды жүрекке құйып алыппын… * * *                              *** Шіркін, менің даламның ауасын-ай,Жанға шипа, жүрекке дауасы бай.Көлбеңдеген қиырға көз тастасаң,Дала тектес таусылмас табасың ой. Қол бұлғайды қыз етек қырқаларым,Әр шоқыдан шежіре-сыр табамын.Бозторғайлы бозаң қыр – туған дала,Сенсің менің айтар жыр, шырқар әнім. Шуағына даланың шомыламын,Мауыт түнін көрпе ғып жамыламын.Өйткені, мен түзде өскен тағыдайын,Көрмей жүрсем, даланы сағынамын. Сағынамын, ұзасам жабығамын,Дала – үйімдей, аспаны – шаңырағым.Менің алтын қазығым – о, туған жер,Қастер тұтып, өзіңсің табынырым!                                                                                             ***                  ***                  ***Сайын дала, көктемгі көркің ғажап,Тұскиіздің түрленген кейпінде алап.Бозаң жусан желкілдеп, дөңгеленгенҚарияның сілкіме бөркін жасап. Балғын құрақ сусылдап тербеледі,Бейне теңіз көшкендей өң береді.Жапырақ сайын күміс шық жылтырайды,Қолмен қадап қойғандай теңгелерді. Білем, әлі-ақ бұл қалпың өзгерерін,Жазираны сарғайған көз көрерін.Төскейіңде ақ сағым жеңіл қалқып,Көшпе құмға сай-салаң кез келерін. Мейлі, тіпті іздемен жер дарасын,Айнымас саған ғашық көзқарасым,Көктеміңмен, аптабың, ақпаныңмен,Сен мен үшін бөлінбес ен даласың. * * *                              *** Алматы, міне, жасыл-желекке бөленген,Көктөбе жаққа қиямен өрлеп келем мен.Төменде қалып у-шуға толы нән қала,Кербез Алатау қарайды күліп төбемнен. Шулайды құстар тарқата алмай базарын,Қылықпен ерке айтады бұлақ наз әнін.Әсем астана, көркем табиғат – тау, өзен,Ұмыттырғандай өмірдің мұң мен азабын. Аймалап самал, қытықтап күннің жанары,Ағыл да тегіл ақ жаңбыр төгіп алады.Еске алып сонда шөліркеп жатқан даланы,Көңілім менің, Маңғыстау, саған ауады. Жанымды тіптен сергіте алмай өпкен леп,Сүреңсіз болып көрініп қала көкпеңбек,Алатауға шығып, жаңбырлы бұлтты жиып ап,Қиял қуамын өзіңе ұшып кетсем деп. Жете алмас саған әсемдік көзді арбаған,Қала мен дала мен әлі тіпті бармаған.Жүрек-аруана өзіңе тартар боздаумен,Өзге өлкені жерсінбей өтер мен-балаң.                                                15.08.1993.