ВЕРНУТЬСЯ

        Ғасыр
бітті...

уақыт бізге көрсетті басымдықты,

жеңе алмадық, біз бірақ айуандықты,

жеңе алмадық надандық, басырлықты,

масылдықты жеңе алмай ғасыр бітті!

Аяқталды...

талай арман жазықсыз таяқталды,

ұрандар
мен бұйрықтар билік құрып,

қорлап бақты сүре мен аяттарды,

имансыздық ғасыры аяқталды...

Аяқталды?

Жоқ әлде басталды ма?

Шындық бұл-бұл
ұшты ма бастан мына?

Ақиқат пен құдайға
астам қарап,

Шошындырдық жерді де аспанды да.

Табалдырық!..

"Жіберді еңбек маймылды адам қылып",

десе - сендік, бірақ та сол адамнан

арылмады бәрібір арам қылық,

тамам былық аттаған табалдырық.

Ғасыр өтті!

Шындық өзі шау тартып, жасы жетті

Қауқар, қуат қалған жоқ адамзатта

талақ етіп тастардай қасіретті,

көз жасына көміліп ғасыр өтті...

Тәмамдалды!..

заман зарлы болғанда, адам жарлы,

бұл адамзат атындай астындағы

ауыстырып мінгенде қоғамдарды,

қасиет пен өсиет қараң қалдьі,

бір ғасырлық масқара тәмамдалды..

Келер ғасыр!

кердең басып саған да енер масыл,

нелер тарпаң табандар таптар ма екен,

ақ ниет деп аталған өнерді асыл,

не дайындап келесің, келер ғасыр?..