ВЕРНУТЬСЯ

      Бұл қазақ қарап жүрген бе? Ендi Хемингуэй мен Керiмбайды
бiр-бiрiне ұқсатып, егiздiң сыңарындай етiп әңгiме қыла бастапты. Олар қалай
ұқсайды?

Хемингуэй - қаламгер. Кәдiмгi әлем таныған қаламгер. Ел-елге
есiмi кең тараған ең мықты жазушылардың бiрi.

Керiмбай да қалам шаруасынан кенде жан емес. Ол да өнердi
сүйедi. Өлең жазады. Аты әлемге танылмаса да, өзi туған топырақта оның өлең
шимайлайтынын бiлмейтiн бiрде-бiр жан жоқ.

Хемингуэй - аңшы. Аңшылықты өнер деп бiлген кiсi. Керiмбай
да солай. Бұл да өз аулының ең атышулы аңшысы. Құралайды көзден атқан мерген.
Көздегенiн қалт жiберместiң тап өзi.

Тiптi бар ғой, осы Хемингуэй туралы әр-әр жерлерден оқып
қалады, ол нағыз серi жiгiт болған, өз кезiндегi көзтаныс қыз-қырқынның
қай-қайсы да оның жанынан айналшықтап кете алмайды екен деседi. Ал, мына
Керiмбай да тұп-тура солай. Бұның да серiлiгi бiр басына жетедi. Алдынан
қай  сұлуды да жәй, бос өткiзiп көрген
емес. Хемингуэй мырза 3-4 қатын алыпты деп жүр 
Керiмбай да бұл жөнiнен одан қалыса қоймаған. Үш рет үйленген мықты
қазағыңыз, мығым қазағыңыз осы.

Бұл аз десеңiз, әлгi Хемингуэй жұдырығы темiрдей мықты
боксер болыпты ғой, ал мына Керiмбай болса өз айналасындағы жан баласына есе
жiбермеген бас бұзар. Оның соққысынан жан сақтап қалар бiр жан бұл ауылда әлi
туған жоқ.

Қысқасы, Хемингуэй мен Керiмбайда шынында да бiр ұқсастық
бар сияқты. Алыста, Әмiркен топырағында дүниеге келген  үлкен жазушы мен қазақ елiнде, Түркiстан
маңында шыр етiп дүние есiгiн ашқан Керiмбай екеуiнiң соншалық ұқсас, егiздiң
сыңарындай болуына не себеп екен? Тiптi бұ дүниеден өтуi де... Иә, ол туралы сәл
кейiнiрек. Сабыр! Сәл сабыр, оқырман!

 

                                                    
*  *  *

Е-е-е!.. Бұл тiрлiкте кiсiге не жетпейдi десең, бәрi де
жететiн сияқты да, артынан ойласаң жетпейтiн нәрсе көп-п болып кететiнi тағы
бар. Жұмыр басты пенде болып жер бетiне келген соң көргенiңнен көрмегенiң көп
болады да тұрады, сол көрмегенiң, яки көргiң келетiнiң дегбiрiңдi алып, көңiлдi
кiлкiлдетiп, сеңдей соғылысып, желдей жүйткiп бiр жүргенiң-ақ. Осы Керiмбайға
ендi не жетпейдi деп көршi-қолаң пыш-пыш сөйлейдi, Керiмбай болса пыш-пышты
тыңдауға құлықсыз, оны күндiз де, түнде де толқытатын, ойландыратын мәселе көп.
Керiмбайға бәрi де жетпейдi. Сондайлық алапат күштiң иесi бола жүрiп, әлем
таныған боксер, не самбист, не басқа бiр спорт түрiнiң жампозы бола алмағаны
жанына бата ма екен?.. Жо-жоқ, ол ғана емес. Осындайлық құралайды көзге атқан
мерген бола жүрiп, ана шетi мен мына шетi шолақ қайырылған кiшкене ауылға
белгiлi аңшы ғана екендiгi ме?.. Әй, қайдам! Ол да емес сияқты. Айтпақшы,
кеудесi күмбiрлеген, ағыл-тегiл сезiмге толы ақын жанды бола тұрып, бұғыңқы
ауылда қор болып, көмiлiп жатқандығына өкiнер?.. Сол ма?.. Күдiктiлеу...

Әйтеуiр ауыл серiсi Керiмбай мырза әсiресе соңғы уақытта
бiртүрлi өзгере бастады. Өз көңiлiне өзi түсiнбей барады. Онысы несi!..

Мына жарық жалғанда адамға 
жұмыр басты пендеге бәрiбiр бiрнәрсенiң жетпей тұратыны рас болғаны ма?
Көңiл неге тоймайды? Пенде неге тойымсыз?..

Күш десе күш, серiлiк десе серiлiк - барлық құрамды қасиет
бiр бойына тоқайласқан асыл нәсiлдi ержүрек жiгiт Керiмбай осындай бiр қиғаш
қиялға бiржола бейiмденiп келе жатыр. Тойымсыздықтың өзi түптеп келгенде, ең
әуелiм, ойдың тойымсыздығы шығар-ақ. Кiсi ойы неткен тойымсыз әлем! Бәрiн де
иемденгiсi келедi. Бәрiне өзi көз жеткiзбей тынғысы жоқ. Сол бақыр бас тойымсыз
пендеңiздiң бiрi - осы Керiмбайдың өзi ме! Солай. Дәп солай.

Кербез жiгiттi кенезесi керiлген, түбi түпсiз, терең зындандай
тым-ақ шұңғыл ойдың жәукемдеп келе жатқанына көп болмаса да, кiсiнi құбылтуға
әбден-ақ жететiн уақыт болды. Керiмбай құбылды. Құбыла бастады. Сол құбылудың
бiр көрiнiсi - оның жатса да, тұрса да әлгi Әмiркен жазушысы Хемингуэйдi көп
ойлауы болатын.

Хемингуэй! Ондағы шатағы не? Ол кiм? Бұл кiм?

Баяғыда, жастау кезiнде сол жазушының кiтаптарын
жатпай-тұрмай, жастанып жатып оқушы едi. Әсiресе, "Шал мен теңiздi"'. Әсiресе,
"Қош бол, қаруды". Әсiресе... Оқымаған дүниесi қалды ма әуелi...

Сол жазушы бұның балаң қиялын әбден-ақ бұзып кеткенi.
Кейiпкерлерiнiң бәрi дерлiк ниетiнен шатақшыл, шетiнен мықты, шетiнен қарулы.
Бiрбет, алғанынан қайтпайтындарды бала кезден бұл да iш тартатын. Содан ба
екен, Хемингуэйдiң кiтаптары да, өзi де бұған жақын туыстай, бауыр болып кеттi.
Ол ендi түсiнде де Хемингуэй жазушыны көрiп, сонымен әңгiмелесетiн. Сонымен
аңға шығатын. Сонымен балық аулауға беттейтiн. Сонымен... сұлу қыздарға бiрге
кетiп бара жататын...

Ол күндер де өтiп кетiптi. Хемингуэй бұны шаршатты ма, әлде
Хемингуэйден өзi қашты ма, ақыры оның кiтаптарын жылы жауып қоя салған.
Өзiмiздi-ақ жарылқап алайыншы деп ойлаған. 
Өз Әуезовiмдi түсiне алмай жатып, шетел жазушысымен бас қатырғаным,
тәңiрдей табынғаным қай қылығым, қай мәртебеге жеткенiм?! Осы мен қияли болып
кеттiм бiлем. Абай иiрiмiне малтып жатып, Абай шыңына қол тұрмақ, қиялды да
жеткiзе алмай жатып, қайдағы Әмiрикеге 
қандай итiм ылақты осы деген...

Көңiл селi нөсерлей жөнелгенде бойын шабыт қысып, өлең
жолдарын қиюластыратын. Айдалада, кең далада иығына қос ауыз мылтығын асынып
алып келе жатып, өзiнен-өзi күбiрлеп, өлең оқитын. Абайды оқитын. Мағжанды
оқитын. Iлиясты, Қасымды, Төлегендi, Мұқағалиды... Сосын барып өзiнiң көкiрек
сарайына, жан сарайына үңiлетiн. Өзiнiң iшкi сырын асау өлеңмен өрнектемек
болатын. Кейде сәттi, кейде сәтсiз... Сөйтiп келе жатып, кенет қарсы алдынан ор
қоян қаша жөнелгенде, дереу мылтығын қолына ала салып, басып қалатын. Қоян
серең ете түседi. Бұл жас балаша қуанады. Айқайлап жiбередi. Болмаса кiшкене
өзеннiң бойынан көқала үйрек пыр-р еткенде, бұл да дереу жылдам қозғалып,
шүрiппенi баса тарс еткiзгенде, әлгi көқала үйрек қайтадан төмен құлдилап
келiп, қара жерге дүрс етедi. Бұл "еh-е-е" деп шаттанып қоя беретiн.
Мергендiгiне мәз болып "еһ-еу-у!" деп аспанға айқайлайтын...

Ауылда бұған тең келер аңшы жоқ. Балықшы да тумаған. Палуан
да жоқтың қасы. Ақын... Ақын да дүниеге келмептi. Бiр күнi Керiмбай өз-өзiнен
жынданып, лепiре сөлеп, барша ауылға жария сөз айтты. Кiмде-кiм менiмен алысып,
жауырынымды жерге тигiзсе, бар байлығымды беремiн деп... Ешкiм батып келе алмады.
Сосын тағы да... егер кiмде-кiм менiмен бiрге аңға шығып, түз тағысын менен артық
атып түсiре алса, соған басымды иiп, тағзым етем, дегенiн iстеймiн дедi. Оған
да қарсылас болмады...

Бұдан кейiн ол ауылдастарынан мүлде күдер үзiптi. "Бәрiң ез
екенсiңдер, бiзде еркектiң белбеуiн буынар ер қалмапты, ондай еркек әлi тумаған
екен" деп қайғыланыпты...

Таяу уақыттағы көңiл құбылысына, ой құбылуына себеп болған,
бiрақ, бұл жәйттер емес. Өзiнен-өзi жынданып-жынданып барып, басылған да, оны
да оп-оңай ұмытқан. Не күштi жiгiт, не мықты аңшы табылмаған ауылға несiне
өкпелей бередi. Сосын ақындық шаруаға қайтадан мойын бұрып едi. Бiр қызығы,
басқалар секiлдi сол жазғандарын еш жерге, ешбiр басылымға жолдаған емес.
Жолдауды ойламапты да. Тек... мықты ақын екенiне өз көңiлi сенiмдi. Оған  атақ-мансаптың құны көк тиын. Ол өлеңдi өзi
үшiн жазды. Өзгелер оқи ма, жаттай ма, болмаса лақтырып тастай ма - онда
шаруасы шамалы.

Осылайша Керiмбай тәп-тәуiр өмiр кешiп - ақын болып, палуан
болып, аңшы болып - әйтеуiр тiрлiктi өзiнше жалғап жатыр едi. Осы өңiрдегi ең
сұлуыңызды да өзi сүйiп, сұлу тiршiлiк кешуде едi. Бiр емес, бiрнеше рет
үйленiп те қойған-ды. Жұрт пыш-пыш етiп, бұны арами жағынан азғындаған десе де,
сол пыш-пышқа құлақ тосуға уақыты болмай жатыр едi. Солайша өмiр кешiп, өмiр
кеше жүрiп, бұл дүниеден де кәдiмгi көп кiсiлер секiлдi бұл да елеусiз өтер ме
едi, қайтер едi. Егер оның осынау бұйығы тағдырына тағы да Хемингуэй
араласпағанда...

Ана жолы үлкен қалаға барды. Түркiстанға барды. Көшемен келе
жатып, өзi әдемi, өзi сұлу, өзi сымбатты бiр келiншектi көрдi. Үстiндегi киген
киiмi ше? Жағасы үлбiреген таза ламалы шуба, басында норка... Келiншек алда, бұл
артта. Жүрiсi қандай жарасымды. Киiм киiсi де, жүрiс - қозғалысы да
тап-тұйнақтай. "Шiркiн-ай!" деп ойланған бұл сол келiншектiң соңынан iлесiп
келе жатып... "Онсыз да сұлу жанды әдемi киiм онан бетер сұлуландырып,
әдемiлендiрiп жiбергенiн қарашы. "Кiсi көркi - шүберек". Рас-ау сол... Тап осы
сәтте... көше бұрылысынан екi жас бозбала жүгiрiп шыға келдi де, дереу келiншектi
бас салды.

Мiне, тiрi табиғатқа мейiрiмсiздiк деген осы!  дейдi бiреуi.

Екiншiсi айтады:

Осы кербез келiншектi үлде мен бүлдеге орау үшiн қанша лама,
қанша норка шаһит  болды десейшi!.. Оһ,
тасбауырлар-р...

Табиғат жауы - осындай мейiрiмсiз жандар ғой,  дейдi анаусы тағы да тiстеле сөйлеп.

Керiмбай ана екеуiне таяп келiп те қалып едi, сөздерiн
тыңдай тұрып, не келiншектi ажыратып аларын, не ажыратпасын бiлмей дал болды.
Ойы сан-саққа жүгiрдi. "Табиғатқа мейiрiмсiз топас адамдар-р... Не деп тантиды
мына  көшенiң бұзықтары..."

Кербез келiншек шыр-шыр етедi.

 Азамат, денеңiз сонша
дәу болғанымен өзiңiз қорқақ, сужүрексiз бе! Құтқарсаңызшы менi! - деп
дауыстайды. - Сазайын бермейсiз бе мына бұзақылардың...

Керiмбайдың басы мең-зең. "Табиғатқа мейiрiмсiздiк-к... Табиғаттың
хас жауы... Өй, мыналарыңның есi дұрыс па өзi-i!.. Есiнен шатасқан бiреулер
шығар!"

Сұлу келiншек ендi сыпайлықты қойып, ащы айғайға басты.

Құтқарыңдар-р! Ойбай, құтқарыңдар менi мына айуандардан-н...

"Айуандар! Ол кiмдер!.. Ана екi бұзақы ма, жоқ әлде-е..."

Әй, азамат! Бүйтiп еркек болғанша басыңа жаулық салып, қатын
болғаның жөн едi. Тiптi болмаса әрi барып "қойыңдар" деп айқайласаңшы...

Әйелдiң тiлi ап-ащы. Жүректi тiлiп түсердей.

Жiгiт ана екеуiне тақап келдi де, екеуiн екi ұрып, жерге
сұлата салмақшы болған. Алайда оған үлгере алмай қалды. Екi бұзақы бұны
көре-сала екi жаққа қашты. Ана келiншек сонда да аузын жабар емес. "Өзiңiз
өңкиген, икемсiз еркек екенсiз, ең болмаса бiреуiн ұстап алып, менiң көзiмше
сазайын бермеген соң... Сiздi де еркек деп..." дейдi жiгiттiң шамына тие сөйлеп.
Керiмбайдың кеудесiн ендi шынында да намыс буды, дереу бiреуiнiң сонына түсiп
берген.

Өзi тым жүйрiк-ақ екен, аяғы аяғына жұғар емес, әйтсе де
Керiмбай Керiмбай ғой, оны алысқа ұзатқан жоқ, жетiп алып, желкесiнен бүре
түстi.

- Ағатай! - деп жалынды бозбала бұның қарулы қолына түскен
сәтте. - Тимеңiз маған! Мен сiз ойлағандай көше торып, кiсi тонайтын жан
емеспiн.

- Е, сонда кiмсiң, айтшы кәне? - деп, Керiмбай  үстiнен төнiп тұр.

- Мен... мен табиғат жанашырымын. Бiздiң қаламызда... тiрi
табиғатқа мейiрiмсiз жандар көбейiп барады. Соларды тәубесiне келтiрсек деп...

Керiмбай мынаның сөзiне елең етiп, әрi қарай тыңдай бергiсi
келдi.

- Ал-л! Солай дейiк. Сонда... Табиғат жаулары дегенiң кiм?

- Ой, олар шаштан асады, 
деп, ол ендi үстi-басын қаққыштап, еркiндеу сөйледi. - Мысалы, мына
бiздiң Түркiстан шәhәрiнде пәленбай мыңдаған әйелдер тұрады. Қарасаңыз,
солардың бәрiнiң үстiнде неше түрлi қымбат бағалы киiмдер  лама, норка, ондатра...  Әйтеуiр терiсi бағалы аңның аман қалғаны жоқ.
Бұл не деген қаскөйлiк! Бұл неткен тасбауырлық! Өзiңiз-ақ айтыңызшы!..

- Иә, - дедi Керiмбай да. - Сенiң ойың қызық-ақ екен. Кiсi
киiнбеуi керек пе сонда? Жалаңаш жүрсiн дейсiң бе?..

- Жоқ, киiнсiн! - дедi анау жұлып алғандай. - Бiрақ неге
бейкүнә аңдарды, жануарларды өлтiруi керек. Бұл дұрыс емес, нағыз оңбағандық!
Тас бауырлық-қ! Бүйте берсек, келер ғасырда тек бiз, өзiмiз - қауақ басты
пенделер ғана қаламыз мына жарық жалғанда. Жан-жануар атаулы жер бетiнен мүлдем
жоғалды. Оларды қайтып көре алмайтын боламыз. Мен содан қорқамын...

- Сонда... сенiң ойыңша, әйелдер үстiне не киюi керек?

- Не ұнаса, соны кисiн. Тек жан-жануарларға тыныштық берсе
болғаны.

- Е-е, солай де!

Керiмбай оған басқа сөз айтпады. Әуелде "осы бұзақы
бозбаланы мұрнынан сүйреп, ана әдемi келiншектiң алдына апарып, кешiрiм
сұратайын" деп ойлап едi, ол ойынан айнып қалғандай. "Ендi жөнiңмен жүре бер"
дегендей, кенет түздегi тағы бүркәттәң тырнағындай қарулы саусақтарын босатты
да, бұрылып, өз бағытымен жүрiп кеттi...

Жүрiп келе жатып та ойынан жаңағы бiр сұп-суық сөздер кетер
емес. "Табиғаттың хас жауы-ы... Аңшы атаулы тiрi табиғатқа, жан-жануар әлемiне,
сөз жоқ, жыртқыштық жасайды. Бұл рас. Балықшылар су еркесiне қиянат қылады. Бұл
да ақиқат. Тiптi керек десең, кез-келген еркек... ең болмағанда әйел затына, табиғат
сұлулығына, әсемдiк әлемiне, перiштеге өктемдiк көрсетедi... Бұл да өтiрiксiз
шындық-қ..."

Көзiнiң алды жасаурап кеткендей болды. Өмiрiнде бiрiншi рет
күйреуiк күйi кешуi. Темiрдей қатты-ақ сияқты едi. Күйреуiк күй жанына жат-ақ
сияқты едi...

Дәл осы сезiмнен ауылға келген соң да арыла алмады. Сол
күннен бастап, бiр таңқаларлығы, қос ауыз мылтыққа қолы бармайтын болды. Өзi
жанындай жақсы көретiн кәсiп - балық аулау шаруасына да селқос болып қалды. Сол
күннен бастап...  ең  жас аруы - үшiншi болып есiк ашқан әдемi
келiншегiне де өктем сөйлеуге, өр сөйлеуге батылы бара бермейдi. Оның орнына...
iшкiлiкке салынды. Көп iше бастады. Iшiп алып, күңiренiп, көзiне жас алады.

Сосын... Хемингуэйге қайта оралды. Оның кiтаптарына бас қойды.
Оның ендiгi мұңдасы да, сырласы да - осы Хемингуэй.

"Қайран, Хемингуэй!" деп ой өрбiттi ол жалғыздан-жалғыз
жатып алып. Сенiң жан сырыңды бұрын қалай ұқпағам? Қалай түсiнбей келгем? Сенiң
бұ дүниеден нелiктен жылдам, тезiрек кетуге талпынғаныңды ендi ұға
бастағандаймын. Сенiң бұ дүниеден өтерiңде, мәңгiге кетерiңде ешкiмдi де
әурелемей, тек сүйiктi қос ауызың "Боссты" қолқалауың маған ендi түсiнiктi
болып келедi. Бiз екеумiз де табиғат алдында қарабет болғанымыз ба? Қаншама аң,
қаншама тiрi жәндiктiң қаны мойнымызға iлiнгенi ме? Ең кешiрiлмес күнәмiз де
сол-л... ма!..  Табиғат - ана кешiрер ме
онымызды..."

Оның ойы күннен-күнге өстiп тереңдеп, тарылып, iшке түсiп,
жегiдей жеп, күйретiп бара жатты. Кезiнде ауыл-ауылға болаттай берiк, темiрдей
қатты, жаны жасымас жiгiт болып көрiнген Керiмбай ендi ең күйреуiк жанға айнала
бастады.

"...Тiрi табиғатқа мылтықты көздеп тұрып, ең болмаса бiр рет
осы мылтық өзiме қарай бұрылса қайтер едiм деп ойлай алмағанымыз жөн бе едi,
Хемингуэй мырза! Жә, сен оны  кеш те
болса ұқтың ғой. Ал, мен ше!.. Түкке түсiне алмас топас жан, нағыз түксезбес
жан - ол мен-ақ екенмiн-н..."

Жанын езiп, жүрегiне салмақ түсiрген кермек ой осы тектес
болатын.

Оны ауылдастары сол күннен бастап мүлде танудан қалды.
Керiмбайдың iшкi жан күйзелiсiн кiм түсiне қойсын!...

Көп күндер бойы iшiп, ес-түссiз жатып, ең ақырында ес
жиғанда, қолына қалам ұстап, өлең жазбақшы болады. Бiрақ онысынан түк те
өнбедi. Бiртүрлi күй. Өзiн-өзi жоғалтқан, мүлде жоғалтып алған, өзгерген, өзге
жандай. Оған ендi бар табиғат, тiрi табиғат үдере көтерiлiп келiп, тап-тап беретiндей.
Бейне бөтен әлемге, бөгде әлемге түскен жандай. Өзiн барша табиғат алдында  кiнәлi, қылмыскер жан сезiнетiн сыңайлы.
Күндiз де, түнде де бойынан бiр үрей кетпей-ақ қойды. Осы уақытқа дейiн ол
табиғатқа үстемдiк етсе, ендiгi жерде сол тылсым табиғат бұған үстемдiгiн,
өктемдiгiн бастап кеткен секiлдi.

Ақыры... кезектi бiр әдемi күннiң атар шағында Керiмбай да
соңғы бөтелкедегi арақты түбiне дейiн 
iшiп алып, есiк алдындағы сарайға, өзiнiң ескi досы  қос ауызы сақтаулы тұрған сарайға қарай
құлазыңқы көңiлмен беттей бердi...

                                                    * * *

Осы қазақ Хемингуэйдi бiлетiн-ақ болар, ал Керiмбайды бiле
ме екен?... Бiлгiсi келер ме екен Керiмбайдай бiр ұлының бұл фәниден қалай
аттанғанын!.. Ненi ойлап қамыққанын!.. Не нәрсеге жаны сыздағанын!..

Бiлгiсi келер бар ма екен?!.