ВЕРНУТЬСЯ

         (егіз әңгіме)

         1. Қараңғы бөлмедегі қара мысық

 

Тас бөлме. Қараңғы бөлме. Лүп етiп самал соқса кәнiки. Шыбын
екеш ызыңдауық қара шыбын да жоламайды мұнда. Төбеден ұрғандай тылсым тыныштық.
Өлi тыныштық. Үш күн болды, үш түн болды - көрген-баққаны осы. Жалғыздықтың
бөлмесi неткен үрейлi едi. Дәл мұншалық еңсенi езiп, көңiлдi құлазытып, жiгерiн
жасытар деп ойласа кәнi.

Ойлаушы едi. Темiрiм қатты деушi едi. Анау-мынауға жаси
қоймаспын деушi едi. Соның бәрi де жәй, күйбең тiрлiктiң көз алдауы болғаны ма?
Жайбарақат өмiрдегi еркiндiктiң ессiз де тиянақсыз, тайғанақ ағыны болғаны
ма?.. Ой, шiркiн-ай, пенде әншейiнде өз қиялына өзi мас болып, өзiн-өзi көкке
көтере бередi екен-ау. Бұны қалай байқамаған?.. Қайран, пендешiлiк!.. Ит
пендешiлiк!.. Жә, бiрақ осының бәрiн бүгiн ғана бiлгендей, қазiр ғана
түйсiнгендей түңiле өкiнiп, сан соғар не бар. Пенденiң аты - пенде емес пе.
Пенденiң пенделiгi болмаса, әр адым аттаған сайын артық-кем түсiп жатар тұстары
болмаса, кәйтiп қана қара жер басып жүре алады. Мен де, сен де, ол да - пенде.
Пенделермiз... Әр қадам сайын пендешiлiк жасаймыз.

Нәзiр ауыр дем алды. Осы жолы қолқасы қысып, шаншып, ашып
бiр ауырғандай болды. Қараңғы бөлменiң қапырық ауасы ауыртты ма?... Болмаса ауыр
ойдың ащы запыраны ма?... Әйтеуiр қолқасы шымырлап кеттi.

"Аһ!" дедi екiншi мәрте. "Қу дүние... қисық жолсың
бұраңдаған..."

Үш күн, үш түнгiден бүгiнгi күйi мүлде бөлек. Бойын елден
ерек үрей билеп алғаны несi екен! Неден қорқады сондай-ақ?.. Рас, әнеукүнi
қауiпсiздiк комитетiнiң қызметкерлерi әй-шәйға қаратпастан, алдына салып,
тұп-тура осында айдап әкелдi. "Бұйрық солай!" дедi. Арнайы рұқсат қағаздарын
көрсеттi. "Өкiметке қарсы астыртын әрекет жасап, шет елдермен байланысқа
шығатын көрiнесiз" дейдi. Қай өкiметке?.. Мына өзi iрге тасын қаласып, ыстығы
мен суығына қатар күйiп келе жатқан өкiметке ме?!. Түсiнсе бұйырмасын.
Түсiнбестiк шығар. Ел қарап жүре ме! Көре алмайтын бiреудiң әрекетi болар да.
Ер жiгiттiң досынан гөрi жауы көбiрек болатыны баяғыдан белгiлi емес пе. Кiм?..
Кiм жауығар едi? Осынау тырнақтай ғана тiрлiкте кiмдермен үзеңгi қағыстырып,
көкпарласып едi бұл. Қызмет бабында тәртiптi талап етiп, қаталдық көрсеткенi
рас. Бойкүйездiкке жаны қас-ты. Жалқаулармен ымырасыз-ды. Жағымпаздыққа жаны
сыздайтын.

"Аһ!" дедi тағы да. "Қу дүние... қисық жолсың бұраңдаған...
Осынау қырықтың көк желкесіне көтерiлген жасыма дейiн тек қана адалдықты ту
еттiм, халқыма адал қызмет қылдым деп жүрсем... бiр-ақ күнде Отанын сатқан
опасыз, ардан безген ұятсыз болып шыға келгенiм бе?!"

Бөлме тас қараңғы. Қараңғы үйдi қара мысық - қарау ой кезiп
жүр. Қарау ой - қара мысық айтады: сенiң арың да, тәнiң де таза емес; осы
уақытқа дейiн кiмдерге қиянат жасамап едiң; ана қолың болса қанды; мына
табаныңда қара дақ - қара күйе бар...

"Қиянатың не?! Қайдағы қан ол!.. Халқымды шын сүйдiм. Халқым
үшiн күйдiм... Жаманын жасыра алмай, күлтелектеуге көнбей, бетiне шыжғырып
басқаным ба?.. Жақсысын айтып, мерейiн асырып, шаттана жар салғаным ба?.."

Қараңғы   бөлмедегi
қара мысық айтады:

"Е-һе, кiнәңдi әлi де бiлмейдi екенсiң ғой. Бүлдiргенiңдi
өзiңнiң бетiңе шыжғырып басар кез ендi келе жатыр. Мың асқанға - бiр тосқын
деген! Шалқақтама дегем! Асқақтама дегем! Тыңдадың ба! Ал, тарт ендi
сазайыңды..."

"... Ойбай-ау, айтсаңшы! Айтып өлтiрсеңшi! Не жаздым
халқыма?.."

"Не жаздым дейсiң, ә?.. Санаңа бәрiбiр жетер емес қой. Тыңда
ендеше. Қазақ деген етек-жеңi далиып жатқан, тойса тоба қылатын қойдай жуас
момын халық едi. Қонағына төрiн берiп, өзi есiктiң алдын мiсе тұтушы едi. Бар
жылы-жұмсағын сол құдайы қонағының алдына тосушы еді. Ат басын әдейi тiресе де,
болмаса жол-жөнекей соқса да, келген кiсiнi құдайындай сыйлайтын ел едi бұл.
Сен сол елдiң сан ғасырлық жазу емлесiне тиiстiң. Араб әрпiн мiсе тұтпай, оны
әр-әр жерден түртпектеп, латын әрпiне ауыстыру керек деп тепсiндiң. Оның
оп-оңай шаруа еместiгiнде ойың да болған жоқ. Зиялы қауымның бiразы мұныңа
қарсылық бiлдiрiп жатса да тоқтамадың ғой. Қайсар болған, бiрбет болған
жақсы-ақ шығар. Әйтсе де халқыңның тағдыры, ертеңгi болашағы таразы басына
iлiнген тұста қайдағы харiптi айтып, бүйтiп тепсiнуге, қырыс мiнез көрсетiп,
қасарысуға хақың бар ма едi? Айтшы, саған ондай құқықты кiм бердi? Кiм?.."

"...Сен ...сен не деп көкiп барасың? Қазақтың кiм екенiн мына
маған - қазаққа түсiндiрмексiң бе?! Мұның ендi тым артықтау. Ал, алфавитке
келсек... Араб әрпiмен жазу, онан соң оқу екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермес
шаруа екенiн әуелi өзiң бiлемiсiң? Бұл тек менiң ғана ойлап тапқаным десең -
қателескенiң. Сол кездiң саясаты солай болады. Оңай емесiн өзiм де бiлгем.
Бiрақ қайтерсiң. Керек болса айтайын, Орта Азия халықтарының жазу әрпiн
латыншаға ауыстыру Қазақстанда, яки Өзбекстанда жүргiзiлген жоқ. Ол нақ
Мәскеудiң төрiнде, үлкен үйде жүргiзiлдi. Солардың нұсқауы болғанын
түйсiнермiсiң сен! Оған қоса өз атымнан айтарым: латын харпi түркi тектес
елдердiң көбiсiнде қалыптасып үлгерген, әлем дәрiгерлерi медициналық рецептi
сол харiппен жазады емес пе, керек десең, латынша жазу да оқу да анағұрлым
оңайырақ. Кейiнгi жастарымыздың тезiрек сауат ашуына, білім мұхитына бойлай
құлаш ұруына осылай ықпал ете түсемiз бе дегемiз..."

Қараңғы бөлмедегi қара мысық бәрiбiр тыным табар түрі жоқ.
Нәзiрдi қайта-қайта алқымдап бара жатыр.

"Пәлi, қалай-қалай сайрайсың ендi келiп! Жаның мұрныңның
ұшына келгенде бас сауға жасағаның ғой бұл. Есiңде болсын, тарих есер ұлдарының
ессiз әрекетiн ешқашан ұмыттырмайды, қайта-қайта жаңғыртып, қайта түлетiп,
болашаққа аманаттай арқалап, жеткiзедi де тұрады.  Содан да әр iстiң әдiл төрешiсi - уақыт,
заман. Сен қанша жерден шыбын жаның шырқырап, өз басыңды өзiң арашалап,
жiберген кемшiлiгiңдi жасырғың келгенiмен, шындықтан үлкен шың жоқ. Оны
мойында. Бiр халықтың тұтас  жазба
тарихын, жазба мәдениетiн бiрер жылда, қысқа ғана уақытта, дереу төңкерiп
тастап, басқа бағытқа бұрып әкетем деу - сорақылықтың үлкенi. Сонау-у 1926 жылы
Әзiрбайжан топырағында, оның астанасы - Бакуде өткен тюрқологтардың үлкен
басқосуында суырылып сөйлеп, "латыншаға, тездетiп латыншаға ауысуымыз керек"
деп бар дауысқа салып айқайлап, соншама iшегiң үзiлгенше зарлағаның қалай?..
Осының өзi, керек етсең, ел тағдырын тәлкек еткенiңдi, ойыншыққа
айналдырғаныңды көрсетедi. Ахаң, Ахмет Байтұрсынов жақсы айтып едi. Жақсы
сөйлеп едi. Арабша жаңа алфавиттi ұсынбады ма. Оның да алдын орап кеттiң ғой.
Соның не? Сөйткенiң не?.. Қайран Ахаң кімнен кем едi? Кімнен сауаты төмен
едi?.. Сен бiлетiндi ол да бiлетiн. Сен оқығанды ол да оқыған. Сен бiлетiн
тiлдi ол да бiлдi ғой..."

Ендi Нәзiрдiң қиялы да кеудесіне сыймай, тыпыршып ала
жөнелдi.

"Уай, қанымды қайнатып, намысыма тиiп, аққа қара күйе жаға
бердiң-ау! Бакудегi кеңес бiздi ажыратқан жоқ, қайта табыстырды, достастырды.
Бүкiл түркi тiлдес халықтардың ғалымдары мен тiлшiлерi сонда бас қосты емес пе.
Басқа тұрмақ, топастың да төбесiн тесiп, санасына тiл саясатын құйдық-ақ деп
едiк! Түсiндiрдiк-ақ деп едiк!... Ахаңды айттың-ау! Ахаңның алдын орадың
дедiң-ау. Ахаң менiң ғана емес, бүкiл алаш азаматтарының айбыны, ұстазы.
Абайдан кейiнгi кемеңгерiмiз деушi едiк. Тiптi әне бiр жылдары Ахаң екеумiз
"Ұлт туралы тезистердiң" жобасын түзгенiмiзде соны ерiккеннiң шаруасы дегенiмiз
жоқ. Сонда да ойымыз, пiкiрiмiз бiр түйiнге тоқпайласып, бiр жерден шыққан.
Түсiнiскенбiз. Ал, Бакуде, сен айтқандай, бет жыртысқанымыз жоқ, парасатты
пiкiр сайысына түстiк деп ойлаймын мен. Оған бола менi кiнәлау қисынсыз. Бiр
нәрсенi ұғынғаның жөн: әр адамның өз ойы, өз пiкiрi болады; пiкiрсiз адам -
бағытсыз адам... Мен қай кезде де өзiмнiң ойымды ашық бiлдiрiп үйренгем,
бұлтақтау, жалтақтау, өтiрiк мүләйiмсу - жаныма жат..."

"...Мiне, мiне, ендi ғана шындық аулына жақындап келесiң. Сенi
құртқан, сенi орға жыққан бiлiмсiздiгiң де емес, парасатсыздығың да емес, ең
алдымен осы мiнезiң! Қаттылығың! Халық тағдырын қолға ұстап тұрып, қаттылығыңа
баса беруiң, қасарыса беруiң жөн бе едi. Рас, рас, тiл бiлерлiгiң болды. Билік
басында жүрген көптеген басшыларға қарағанда сен көп тiл бiлерлiгiңмен
ерекшелендiң. Содан да көбiрек қолпаш естiдiң. Мәскеулiк кейбiр саясатшыл
шенеунiктер қулыққа салып, айламен айналдырып, марапаттаған болып, көпiрме
лебiзбен өзiңдi көтермеледі. Майдалап сыр тартып, матадай бипаздады. Өздерi
тасада тығыла тұрып, көрiнбей, көзге түспей, жүктiң ауырын саған қарай аудара
сырласты. Соған малдандың. Құрулы торға тез-ақ топ ете түстiң. Әп дегенше
алдамшы, алаяқ саясаттың сойыл соғары болдың да, алға түсiп, шаба жөнелдiң.
Сендей оң-солын бiлер сыралғы адамның тез көнiп, тым тез-ақ илеуге түсiп жүре
бергенi кiм-кiмге де түсiнiксiз. Қолшоқпар!.. Қолшоқпарлық қолың ба едi?.."

"Тарт тiлiңдi! Не деп көкiп барасың?.. Ауыз өзiмдiкi екен
деп ойыңа келгендi айтып сандала берме, сарнай берме, арты қиынға бастайды.
Өкiнiшi өзектi өртейдi. Осыны бiлiп қой. Қолшоқпар деуiң - менiң жеке басымды
қорлауың! Түрмеңе жап! Дүреле! Ат! Ас!.. Алайда, арыма тиме. Мен арымның
алдында әрқашан таза болдым. Кiсiнiң ала жiбiн аттаған кезiм жоқ десем бiр
жаратушының алдында күнәһар бола қоймаспын. Ұлтым - қазақ, қаным - қазақ... Қазақ
болып ойладым, ойлап та келемiн. Сен қара мысық - қарау ой, өйтiп қойны-қоншыма
кiрiп, тырнақ астынан кiр iздей бергендi қой ендi. Пенде болған соң майда-шүйде
пенделiгiмiз болған шығар, бiрақ одан жымысқы астар, жыралы ой iздегенiңе жол
болсын. Бiрлiктi аңсаған кiсiнiң тiрлiгi емес ол..."

"... Майда-шүйде пенделiгiмiз бар едi деп, мiне, өзiң де мойындап
отырсың! Бар! Бар болғанда қандай!.. Қырсық шалғанда, өзiң ойлағандай, тым майда
болмай отыр-ау сол құрғырың. Зор күнә! Оңайлықпен жуылмас күнә!.."

"Тағы ненi бастадың?! Не ол?.. Не жайында айтпақсың?.."

"Ә-ә, жүрегiң тағы да дiр ете түсiп, бойыңды от қарыды ма!
Солай-й!.. Бiз екеумiз еске түсiрер қилы-қилы жәйттер, қиянға бастар қияс
оқиғалар бар әлi. Мәскеудегi күншығыс елдерi коммунистерi университетiнде 1924
жылы 24 қарашадағы қазақ жастарының басқосуы есiңде болар. Иә, иә,  "Жерлестiк" ұйымының жиналысы... Баяғы "бағы
ашылмаған" Мағжан ақынның өлеңдер жинағын талқылайтын жиналыс... Бiлем, бәрiн де
бiлем. Сен қай кезде де Мағжанды жақсы көрдiң. Өлеңдерiн сүйiп оқыдың, жастанып
жатып оқыдың. Кейбiр сәтті шумақтарын жаттап та жүретiнсiң. Ал, сол жолы... сенi
түрткен түлен не?.. Сыншы, сыншы дегенге мiнезi шадыр шобыр аттың әдетiне
басып, ер-тұрманыңды астыңа алып, осынша тулармысың! Мағжан оған дейiн-ақ әбден
танылып, оған дейiн де ел ықыласына бөленiп, ақындық бейнесiн айқындап үлгерген
едi ғой. "Халықтар көсемi" Сталиннiң өзi көрсе болды, тiлi қышып тиiсе кететiн
атышулы "Орта Азияның Шыңғысханы" Сұлтанбек Қожанов тағы да бiрбеттiгiне басып,
топ пен тобырдың өсек-аяңына бой берместен, оның өлеңдерiне алғысөз жазып, бiр
том етiп тасқа бастырып бергенде, қалың мұқабалы кiтабын бауырына басып,
Мағжанекең көзiне жас алған едi. Сол бақыт жасы кеуiп те болмай жатып,
маңдайдан қос қолдап ұрғандай болғандарың-ай! Ақын жырын, ақын үнiн өшiру оңай
еместiгiн сен бiлмеушi ме ең? Ол ел жүрегiнде қалатын, ел махаббатымен жасайтын
қазына екенi сен үшiн жаңалық болмаса керек-тi. Жаңылыстың ғой, Нәзiр..."

"Иә, иә! Осыны әйтеуiр бiр кезде алдыма кесе-көлденең тартар
деп әлдеқашан ойлап ем. Қайран, Мағжан!.. Мағжан жыры менiң де сезімімді
қозғағанын қалай жасырайын. Сол алқалы жиын да әлi күнге есiмде. Соңғы сөзiмдi
қалай түйiндегенiм де көз алдымда. Ұмыта қойғам жоқ. Мағжансыз өткен сол
талқылау, бiле-бiлсең, кейде арымды таразылағандай болып, азапқа салатыны бар.
Мұратбайдың Ғаниы да сөйлеп едi. Тұрманжанның Өтебайы да... Әсiрес менiң үнiм
барынша басым болған сықылды. Сәрсенбiұлы Жәкеннiң кенет суырылып шығып, ақынға
шырылдап ара түскенiн қалай ұмытармын. Сол бiр қайсар жiгiт - Жәкен, расын да,
әдiлiн де айтты. Көбiмiз айта алмағанды сол жеткiздi. Сол үшiн қайран сабаз
жазықты да болды. Ой, жалған-ай!.. Алайда, шыным осы, мен Мағжанды сiлелетiп,
сiлiкпесiн шығарып, жоқ етудi мұрат еткен емеспiн. Әдейiлеп сынауды да мақсұт
еткем жоқ. Бұл өзi аяқ астынан, кенеттен туындаған ойлар... Талантты ақынды
аз-кем мiнеген болып, кемшiлiгiн көрсеткен болып, тағы да қамшыласақ па дедiк.
Кейбiр тұстарда, расын-ақ айтайыншы, сақтандырып қойсақ па дедiк. Тағы да есте
болар жәйт: мен өз сөзiмде Мағжан ақын емес дегем жоқ, жала жаптым деп те
ойлаймын. Сөз - оның жеке бір жинағы төңiрегiнде өрбiдi. Осалдау өлеңдерiн
нысанаға алып, сiлкiлеп алғанымыз да рас. Шындыққа жүгiне сөйлер болсам - сол
күнi ақынды сынай тұрып, өзiм де iшiмнен қан жыладым. Бiрақ, амал қанша! Ол
туралы жоғарыдағы үлкен лауазым иесiнiң бiреуi өз баяндамасында "ұлтшыл ақын,
ескiлiктi көксеушi ақын" деп түйреп өткенін да бiлмеушi ме ең сен!... Бәрiнiң
астарында бiр құпия сыр бүркелiп жатты. Оны сол уақытта ешқайсымыз да түсiне
алмадық. Ойластырылған шаруа... Өз қолымыздағы балтамен өзiмiздiң қолымызды шорт
кесу, шауып тастау..."

"...Пәлi, соның бәрiн iштей бiлген екенсiң, түсiнген екенсiң,
ең болмаса үндемей қалуға болмас па едi. Мағжанға тұзақ құрардай не жазығы бар
едi бейбақтың!.."

"...Жазығы... уақытынан озып кеткенi. Ертеңгi күннiң, болашақтың
өлмес жырларын сол кезде-ақ тудыра бiлгенi. Мен онысын түсiндiм. Іштей сездім.
Алайда, қайтiп мадақтарсың, қайтiп ақтап аларсың! Ол тұрмақ, сол шақта асқар
таудай Абайдың атын ауызға алуға сескендiк! Ұлылығын паш етiп, әлемге жаюға
жүрексiндiк! Десе де... Мағжанды мен әрдайым қорғадым, қолдадым. Сонау бiр жылдары
Мәскеуде Күншығыс елдерiнiң кiтап баспасын басқарып тұрған шағымда өзiм жұмысқа
тарттым, жазған көп дүниелерiн шығаруға ықпал еттiм. Бiрқатар аудармалар
жасады. Басқалардың тiсi бата қоймайтын Лениннiң еңбектерiн қазақ тiлiнде
сөйлеттi. Олары жарық көрдi. Бұған тарих куә! Өткен өмiр куә..."

"Жә-жә, ендi бүгiн тас қараңғы бөлмеде бүрiсiп отырып,
ақталғаның кiмге керек. Артық кетсең де, асылық iстесең де ар соты алдыңнан
күтiп алады. Оның үкiмi қатал! Ымырасыз сот! Ал, мен болсам... тек өткен
өмiрiңнiң қара дақтарын қайта бiр есiңе салып, тәубеңе келтiрудi мұрат тұтып
ем. Қамығар, күйiнер еш ретiң жоқ сенiң. Жер басып жүрген өз айналаңдағы жұмыр
басты пендеңiздiң қай-қайсысы да құдай алдында күнәдан пәкпiн дей алмайды.
Бәрiнiң жаңылыс басып, жаңсақ кеткен жерлерi, мүлт кеткен тұстары жетерлiк.
Онысын мойындайтындар да, мойындамайтындар да бар. Қайтерсiң ендi... Мен сенiмен
осылайша қоштассам ба деймiн. Алда әлi де тартыс, өмiр тартысы күтiп тұр. Тағы
да жағаласарсыңдар. Тағы да жұлқысарсыңдар. Бiрiңнiң сыртыңнан бiрiң оқ
атарсыңдар. Бiрiңдi бiрiң сатып, бiрiңе бiрiң ор қазарсыңдар. Ол айна-қатесiз
ақиқат. Сендер, адамдар, сөйтпесеңдер жүре алмайсыңдар ма?!. Көр де тұр, осыған
дейiнгi көңiлге медеу етпекшi бар еңбегiңнiң құны көк тиын болады. Оны ешкiм
де, еш пенде де ауызға алмайды. Қайраткерлiгiң де, елшi болғаның да,
журналистiгiң де, сыншылдығың да - бәрi-бәрi бiр пәсте желге ұшады. Көресiң
сонда! Өкiнгеннiң әкесi сонда болады. Не үшiн өмiр сүргенiңдi, кiм үшiн
күрескенiңдi түсiнбей дал боларсың-ау әлi! Аяймын! Сендердi аяймын! Қандай
қатал тағдыр күтiп тұр алдарыңда. Қош бол, қайраткер! Қош бол, дипломат! Қош
қазақ елiнiң үлкен жүректi елшiсi! Сенi мен аяғаныммен, өзгелер, өз бауырларың
аяр деймiсiң. Өздерiңдi шабатын өз айбалталарың... Маған ренжiме. Тас бөлмеде,
тар қапаста қиналып-қысылып жатқанымда сен-ақ жан алқымнан алып болдың-ау деп
қапалана көрме. Мен елеспiн... Қараңғы бөлмелердi кезiп жүретiн қара мысықпын.
Қазiр бармын. Қазiр жоқпын. Келдiм, кеттiм. Оған бола бордай үгiлме, жан бауыр!
Ал, қош-ш! Екiншi бiр көзге түртсе көргiсiз тар қапаста, қараңғы қапаста жолыққанша...»

Қараңғы бөлмедегi қара мысық қою қараңғылыққа бiржола сүңгiп
кеттi де, елеске айналып, бiрсiн-бiрсiн жоғалып бара жатты.

Ой құшағында отырған жiгiттiң жүрегi шымырлап қоя бердi.

"Не дейдi?.. Не деп кеттi әлгi қара мысық?! Бiрiңдi-бiрiң
түтерсiң, бiрiңе-бiрiң жауығарсың дедi ме. Ол не сөзi?.. Не деп тантып кетті
әлгi?! О, сұрқия!..  Үнiң неткен
қорқынышты едi. Сен... сен өйтiп көңiлi кең, жүрегi жомарт менiң халқыма қара
күйе жақпа! Халқым барда әдiлдiк бар, шындық бар. Шексiз, таусылмас, түгесiлмес
шындық бар. Көпке топырақ шаша алмайсың. Көп өлмейдi. Көп қателеспейдi, жаңылыс
баспайды да. Көп өз перзентiн өзi қаралап, өзi қара жерге көмбейдi. Қара
ниеттiлердiң арам пиғылы бәрiбiр әшкере болады. Өтiрiк жеңбеген. Жеңе алмайды.
Мен осыны бiлем. Осыған сенем. Осы үшiн бар жан-тәнiммен еңбек еткем. Сенiммен,
шүбәсiз үмiтпен еңбек еткем. Ендеше менiң кiнәсiз екенiм жалпы жұртқа жария
болады, айтылады, мен қалайда ақталам. Шығам әлi-ақ кең дүниеге!... Өзiмнiң халқым
барда, өзiмнiң елiм барда, кең жүректi, ақ ниеттi жанашыр жандар барда, қара
ниеттiлер мекен ететiн тар қапаста неге жатамын? Солар аман болсын. Солардың
мерейi үстем болсын. Соларға сенем..."

Ендi ол шалқалап жатты да, қараңғы бөлменiң төбесiне, биiкке
көз салды. Әнебiр бұрыштан сызаттанып, әлсiз сәуле, болар-болмас сынық сәуле
жылт-жылт еткендей болды.  Соған қарады
да, тырп етпей, тапжылмастан ұзақ-қ телмiрдi. Көзiнiң алдынан өткен өмiрi, бар
ғұмыры бiрiнен соң бiрi тiзбектелдi. Ферғанадағы балалық шағы... Алғашқы сауат
ашуы... Ес бiле бастаған шағындағы әкемен алғашқы әңгiме... "Сенiң болашағыңнан зор
үмiт күтемiн, балам!" деп, емiренiп келiп, құшағына тартып, маңдайынан сүйгенi
қайран әкесiнiң!... Ол да елiм деп егiлiп, шыбын жанын шүберекке түйiп, тар жол,
тайғақ кешуде өмiр сүрiп едi. Сөйтiп жар құлағы жастыққа тимей жүргенде... 1918
жылы Қоқандағы басмашылар "сен сатқынсың", "отанға опасыздық жасап жүрсiң" деп,
көп сөзге келмей-ақ, оқтың ұшына алып, бiр түнде айуандықпен өлтiрiп кеттi. Не
жазығы бар едi? Кiмдi сатыпты сондай-ақ! Халқын ба, жерiн бе? Керек десе, ол
сол ұғым үшiн - ел мен жер үшiн шыбын жанын да қиюға әзiр екенiн ұқпағандары!
Сосын... Ташкент, Мәскеудегi аласапыран кезең... Оқу, қызмет... Түркiстан өлкесiндегi
жоғары лауазым... Баспагерлiк бейнет... Иә, бертiнде Сауд Арабиясына жол түсiп,
елшiлiк жұмыс атқарды. Қазақтың қара баласы намысқа тырысып, жатпай-тұрмай
дипломатияның әліппесін үйренді. Ердi намыс өлтiредiнiң кебiн кидi. Әйтпесе
қайдан оңай болсын. Сөйтiп, мұнда да елiм деп, жерiм деп тас түйiн еңбек етiп
жатыр едi, бiр күнi Орталықтан шақыртып алды да... мына тас бөлмесiне әкеп тықты.
Түсiнсе бұйырмасын!... "Халық жауы" дейдi! Қай халықтың жауы!... Осыны айтып
жүргендер өз халқын дәл бұл секiлдi сүйе алар ма екен әуелi? Сүйе алса, кәнi,
неге көрсетпейдi? Неге жарқырап жанбайды, неге дүркiреп көтерiлмейдi? Неге!
Неге!..

Жалғыздан-жалғыз қалғанда ойыңа не түспейдi. Ненi
ойламайсың? Бәрi де бiрiнен соң бiрi тiзiлдi-ақ екен. Ой, жалған-ай, бұның
әсiресе сағынышпен еске алар, ерекше ыстық топырағы - кiндiк қаны тамған ежелгi
ескi қала Иассы - Түркiстан жерi екен-ау! "Сен қасиеттi қала - Түркiстан
түбiнде, Әзiрет Сұлтанда туғансың" деп, әкесi қаншама рет айтып едi. "Ата
жұртымыз сонда" дедi ғой. "Қоқанға қызмет бабымен келiп қалғанбыз" деген. Сол ата
жұрт! Арман болған ата жұрт! Есейгелi берi бiр барып қайтудың ретiн таба
алмапты-ау. Не деген қаттылық!... Не деген тасбауырлық!...

"О, қасиетiңнен айналайын, Түркiстан!" деп iштей толқып,
тебiренiп қоя бердi. "Қайда барсам да, қайда жүрсем де менi қорғаған, менi
қолдаған тек сенiң әруағың. Мен сенiң перзентiңмiн. Әзiрет Сұлтанның шапағаты
әрдайым демеп келедi. Ол айна қатесiз ақиқат. Оны қай кезде де сезiнемiн.
Сезiндiредi маған құпия күш! Тек... өзiңе көптен берi ат басын тiремесем, ол үшiн
сөкпешi. Уақыт самалымен, дәуiр дауылымен қаңбақ сынды ары да, берi де зыр
жүгiрген мен бiр бейбақ пенде..."

Ендi қапас бөлменiң төбесiне телмiрген қалпы еш қыбырсыз,
қозғалыссыз жатыр. Төбенiң бiр бұрышын сығалаған ұры сәуле, әлсiз сәуле айдай
жарық әлемнiң, жалпақ әлемнiң хабаршысындай едi. Түбi болатын бiр жақсылық
хабарды жеткiзгiсi келiп, бiрақ жеткiзе алмай, кiбiртектеп тұрғандай ма едi сол
сәуле...

Көңiл қылын шерткен тәттi қиялдың бәрiн дәлiз арқылы
күбiрлесiп келе жатқан екi кiсiнiң қатқыл үні бұзып жiбердi.

- Халық жауының аты - халық жауы, оған еш аяушылық болуы
тиiс емес! Алып шық, дереу!..

Атуға әкете ме?

Тап солай! Ол бүгін атылады!...

Осы бiр дөрекi үн қараша үйде туып, бар білімі мен білігін
халқына арнаған қара бала - Төреқұлдың Нәзiрiнiң кеудесiне қадалған қара
тікендей болып, қолқасын ашытып ала жөнелдi.

Енді даусы да шықпай қалып еді.

                                            2. Қуыршаққа айналған қайраткер

          Аузын буған өгіздей өңкейген дәу қараның - қызыл жағалының
Сұлтанбекті алдына сап айдап алғанына біраз уақыт болды, бағаналы бері
арлы-берлі сүйрелеп жүріп, бір ауыз сөз айтпап еді, ақыры темір тордың алдына
алып келген соң, есікті аша беріп, алғаш рет зор даусымен гүр-р етті.

- Неғып тұрсың? Ну-у... - деді.

-          Ішке...
өтейін бе! - деп, Сұлтанбек барқылдақ бұқа дауыстан сескене түсіп, енді жасқана
қарады оған. Сонда байқады, ана өңкиген өгіздей қызыл жағалының екі көзі
қып-қызыл, тіпті кісі өлтіріп, соның қанын жаңа ғана қылғытып салғандай үрейлі
кейіп. Бәлкім, Сұлтанбекке бір сәтте солай көрінді ме!..

Темір тордың сұп-суық есігінің жақтауынан ұстай беріп еді,
әлгі қызыл жағалы бұны дәу көн етігімен май құйрықтан бір теуіп:

-          Кімді күтіп
тұрсың! - деді. - Саған жаны ашитын қай құдаң бар еді мұнда!... Кір деген соң
кір! Ну, жылдам...

Сұлтанбек май құйрыққа тиген ауыр тепкіден соң, ішке кіре
бере сүрініп кетіп, жер құша жаздады да, қайта тұра беріп, қайта құлады. Өзінде
бұрынғыдай әл де жоқ. Әбден әлсіреген. Қалжыраған. Тіпті осы күндері оны біреу теппей-ақ,
жәй шынтағымен итеріп жіберсе де, құлап қалуы әбден-ақ мүмкін.

Тар, қапас камераның еденінде етпетінен түсіп жатып, жаңағы
дөңкиген қара өгізге бірнеме демек боп, әзер деп басын көтерген. Оның аяқ
жұмсағанына тәп-тәуір қорланып та жатыр. Бұл секілді бар ақылы басынан ауысып, бойына
тарап кеткен, төбесінде торғайдың миындай да ми жоқ томар адамдар бір кездері
бұның кабинетінің алдына келіп, кіре алмай, күнұзақ кезекте тұрушы еді-ау. Ал,
енді мынау... Құлан құдыққа құласа, құлағында құрбақа ойнар! Бұл дәл сол кеп!
Дәл сол күй! Әй, бірақ... Бұл дөй қараға не деп өкпелейді! Бұл орындаушы! Бұл -
не істе десе, соны істейтін робот - Адам! Бәрі ана жақта, жоғарыда шешіліп
жатқан жоқ па! Әттең десе, әттең-ай, бұлай болар деп кім ойлаған! Дәл бұлай
боларын алдын-ала білгенде, өзінше, өзгеше қам жасар ма еді. Алдын - алуға
болатын да еді-ау! Ең болмағанда, ана Сталинге бір кіріп шығар еді, алдынан
өтер еді, бар шындықты сол мұртты көсемнің өз аузынан естіп барып, сосын
біржола күдерін үзіп, беті ауған жаққа жоғалып кететін еді.

Темір есік бұның ойын бөле шақыр-шұқыр етіп жабылды. Дөй
қара кілтті екі рет бұрап, қара жерді ойып жіберердей тақ-тақ басып кетіп
барады. Тағы да жалғыздық! Талай уақыттан бері көріп келе жатқан жалғыздығы...

"Мен енді шынымен-ақ, біржола ешкімге керек болмай қалғаным
ба?.. Мені іздер жан бар ма екен, болар ма екен бұл қазақта!.. Әй, қайдам-ау!..
Жай уақта да қадіріңді біліп жарытпаған бұл қазақ..."

Сұлтанбектің іші мұздап қоя берді. Талай жыл үлкен-үлкен
жауапты қызметтерде жүріп, ішінен болса да қазақ ұлтының айтулы қайраткерінің
бірі болған-ақ шығармын деп өзінше бір үміт-дәмеге малданушы еді, сөйтсе...
ұлтына еркелейтін түгі де жоқ екен. Бәрі де өткінші, бәрі де көңіл алдау дүние
болыпты да шығыпты. Бүгін ол ешкімге де керек емес. Ешкімге де...

"Сонда қалай?.. Қалай десек те, халқы таныған қайраткер
еді, ел алдына шығарайық, ақтық сөзін айтсын дейтін лауазымы бар һәм жүрегі
жылы бір пенде табылмағаны ма? Мал екеш, малдың да артында сұрауы болушы
еді..."

Тар камераның ішіндегі тас еденде етпетінен жатқан қалпы
қайта тұра алмады, тіпті тұрғысы да келмеді. Осы жолы ол қатты қамықты. Ойына
қайдағы-жайдағылар түсті. Елім, жұртым десе қай кезде де жанын қиюға әзір еді,
онысы да бүгін өзгелер үшін жәй әңгіме болды. Енді ешкімге ке­рек емес-с...
Әсіресе, Сталинге...Егер керек болса, ол "ау, Сұлтанбек қайда, оны қайда
жібердіңдер?" деп сұрамай ма! Осы тас бөлмеге қамалғалы бері де 3-4 ай
өткен жоқ па! Сұраған болса, бұл күнге дейін іздеуші де табылып қалар еді-ау!

"Ешкімге де керек емес екенмін! Әй, бүйтіп кеңірдек
соза мақтаған Кеңес Одағының қайраткері болғанша... сонау ауылда, Ақсүмбеде неге
қой бақпадым екен! Сонда мені адам баласы елемес еді. Тіпті мені қамаңдар деп
алдына түсіп томпаңдасаң да, "әй, қара қойшы, аулыңа қайт, сен саясатты
қайтесің" деп, қуып жіберер еді-ау! Сол өмірім жақсы еді-ау..."

Тас еденде жатып алып, бүгін іштей үгітіліп, расымен-ақ
жасыды. "Отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын" темірдей мықты,
болаттай берік Сұлтанбек осы жолы күйреді. "Орта Азияның Шыңғысханы" осы
күні өз-өзінен қапалы күй кешіп, тағдырына шынымен налыды.

"... Еһ, Сталин!.." деп ойланды. "Сен менімен
жәй, әзіл-қалжың айтып, дос көңілмен ойнап жүрген болар десем, олай болмады-ау.
Сенің бар қулығың мен сұмдығың ішіңде жатыр екен ғой. Бұрын ойлаушы ем, мына
заман қалай бұлғақтаса да, мені түсінетін, мені қолдайтын, мені қай кезде де
ажал құрығынан арашалайтын Сталин-дос бар деп жүрсем... Сен де сенімнің сеңін
сөктің, Сталин жолдас! Сен де, енді байқасам, ұлы адам емес, көп тобырдың бірі
екенсің. Оған осы қылығың, осы әрекетің куә! Біз әлі тағы да кездесерміз.
Кездесуге тиіспіз. Арамыздағы әзіл мен шындықтың ара-жігін ажыратып алуымыз
үшін де... Сен мені, бәлкім керісінше, мен сені түсінбей жүрген болдық-ау.
Сосын да кездесуіміз керек. Мен саған бұрынғы бұрынғы ма, одан да басқасын,
онан да өзгесін айтуым керек. Солай, Сталин-жолдас-с..."

Ойына қайдағы бір өткен күндер орала берді...

 

                                                              
***

Бағана дөңкиген қараның бұны алдына салып айдап алып барған
жері - жеке бөлме еді. Онда әуелде ешкім де болған жоқ. Бұған табуретка ұсынды.
"Осыған отыр" деді. Сосын ала көзін төңкере қарап, "күт"
деді. Дөңкиген қара бұқаның бар айтқаны сол.

Бір кезде арғы жақтағы есіктен сүр гимнастеркалы, қиылта
мұрт қойған бір қазақ бері аттады.

- Ал-л... - деді ол столына отырар-отырмаста. - Ал неден
бастаймыз-з?...

- Түсінбедім, - деді Сұлтанбек. - Әңгіме өткен жолы-ақ
аяқталмады ма...

Сол-ақ екен жаңағы қиық мұрт столды салып қалып:

- Сен, контра-а... аузынды бағып сөйле! Бүгін осы жерде мен
бастықпын. Он жерден кешегі сұңғыла Сұлтанбек болсаң да, сөйлер сөзінді біл.

- Мен не дедім!..

-          Сен... сен
әңгіме бітті дедің. Ал, мен айтам: әңгіме енді басталып келеді. - Ол орнына
қайта отырды. Қиық мұртын сылап қойды. Сосын сұрады. - Айта қойшы, баяғыда
Ташкентте Алаш серкелерінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың 50 - жылдығын дүрілдетіп
өткізіп бергенің рас па?

- Рас!

- Рас болса, соны мойындаймын деп қол қой. Мына қағазға...

- Жоқ, қол қоймаймын.

- Неге?

- Өйткені, Ахмет тойын өткізгенім үшін ел алдында да, өз
арымның алдында да қылмыстымын деп сезінбеймін.

-          Солай де! - Қиық
мұрт столды саусағымен сыртылдатып отыр. - Онда біз бәрібір солай болған деп
протокол толтырамыз. Сен үшін қол қойып беретіндер бар. Осыны да біліп қой.

- Білем. Жағымпаздар қай кезде де болған. Жағымпаздық жер
бетінен жойылушы ма еді...

- Жоқ, шырақ, олар жағымпаз емес. Олар - нағыз Кеңес
өкіметінің достары. Өйткені олар мына сен секілді кеудесіне нан піскен, қисық,
қыңыр, керітартпа адамдарды жазалауға қол ұшын береді. Көмектеседі.

- Ол сіздердің ойларыңыз...

-Жоқ, бұл Кеңес өкіметінің ойы. Өкіметпен ойнама-
ңыз! - Ол тағы да столды ұрып-ұрып жіберді. - Сонымен... Байтұрсыновтың тойын
өткізуге тікелей ықпал еткеніңді мойындадың. Тәк-к! Енді мынаны айтшы, сен осы ана
Алашордашыл ақын Мағжан Жүмабаевты неге жақсы көресің? Сол жігіттің өлендерін
жақсы көріп қана қоймай,насихаттаушы да болыпсың. Кітабын шығарып беріпсің!
Бұл да рас па?

-          Рас!    

- Рас болса, қолыңды қой.

- Қол қоймаймын.

- Неге-е!.. Ә-ә, білем, сен үшін бұл қылмысқа жатпайды. Кінәм
жоқ дейсің, ә! Кінәнің көкесі, міне, осы жерде.Алаш ақынын жақтаған адам ретінде
сен де Алаштың идеялас досысың. Осы үшін-ақ өзіңді тап қазір-р...-кіжіне, жұдырығын
түйіп, орнынан тұрды да, қайта отырды.-Жә,
жарайды, ол енді менің жүмысым емес. Менікі, әңгіменің ақ-қарасын ажырату. Соны
протоколға түсіру... Айтпақшы, осымен істі жабуға да болады екен-ау. Бүдан
басқа да кінәларың жетерлік. Ал, мына екеуі - тапжылтпайтын, тап бастырмайтын
мысал! Вещественное доказательств-о...

Ол сөзінің соңын орысшалап аяқтап, орнынан тұра берді. Сөйтті
де, ана дөңкиген көк өгізге "әкете бер" дегендей, ым жасаған.
Сұлтанбек әуелде бірнеңе дегісі келіп, мүдіре түсті де, артынан "әй, бұған
сөзімді қор қылмай-ақ қояйын" деп ойлап, әкетушінің алдына түсті...

Есік алдына жақындай бергенде жаңағы қиық мұрт бұны
тоқтатып:

- Сен, Сұлтанбек, шынынды айтшы осы, - деді. - Бұрын қызмет
істеп жүрген кезіңде Сталин жолдасты талай рет келемеждеп, келеке етіп, тіпті
мұқата сөйледі дейді.Сол рас па?

- Оның саған қандай қажеті бар! - деп енді Сұлтанбек қисая
сөйледі. - Бәрібір сен үлкен лауазымдағы кісілер арасын түсінбейсің ғой...

- Тіліңді тарт! - деп айқайлады қиық мұрт. - Тарт тіліңді!..
Өзіңді тас бөлмеге әкеліп тыққан да осы тікен тілің екен ғой. Енді түсіндім...

Сұлтанбек сонда да қыңбады.

- Жоқ, - деді ол, - ... сен әлі де түсінбеген екенсің.
Түсіне алмапсың! Ендеше тыңда. Мен Сталинмен сөз сайысына түскенде ұлтымның,
халқымның ар-намысын қорғаймын деп тайталасқам. Қазақты ешкімге, ешбір адам
баласына мазақ етпесем дегем. Ал, сен... сен өзгенің алдында жалтақ, қорқақ,
бірақ басына іс түскен өз қазағыңа өзің мүйіздене қарайтын алакөз бұқасың...

- Жап! Жап ана оңбағанның аузын!... - Қиық мұрттың қаны
басына теуіп, айқайға басты.

Сол-ақ екен, әлгі бұқа көз жігіт Сұлтанбекті желкеден қойып
қалды...

Сұп-суық қара тас үстінде жатып, осы бір көріністі есіне
қайта түсірді. Ахметті есіне алды...

"Қайран, Ахаң!" деп ойлады ішінен. "Сені бұл
қазақ түсінгенше әлі талай уақыт керек шығар! Біле білгенге сен ұлт жауы емес,
ұлт жанашыры едің-ау. Сен жазған оқулык, сен жазған ғылыми еңбек, сен жазған
өлең-мысалдар, сен түзген әліп-би... әлі-ақ қазақ үшін құны жоқ дүние боларына
мен сенем. Сен қалай дегенде де ұлт үшін үлкен іс тындырдың. Ал, біз ше! Біз не
істей алдық? Мемлекет қызметкерлеріміз деп, сол биік орынтаққа жеткенімізге мәз
болыппыз. Сөйтсек, ол деген өткінші бірнеңе екен ғой..."

Есіне түсті.        

1923 жылы Ташкентке Ахмет Байтұрсынов келді. Ол ең алдымен осы
Сұлтанбектің кабинетін ашты. Бұл ол кезде оқу-ағарту халкомын басқаратын. Кіріп
келгенде, Ахметті танымай қалды. Өңі жүдеу. Өзі азғын. Сөзі солғын.

- Аха, сізге не болған? Мұндай күйіңізді өмірі көрмеуші
ем...

- Е-е, - деп қамыға тіл қатты Ахмет. - Мен өзі бағы жанбаған
һәм жанбайтын қазақ болармын, сірә! Қайда барсам да, қорқыттың көрі...

- Ойбай-ау, не болды? Айтсаңызшы?

- Хабарың жоқ екен-ау, - деді Ахмет. - Мен ана Орынборда
ел-жұртқа таза масқара болдым. Өзімнен де бар. Елу жасты тойлаймыз, елге мереке
жасаймыз дегенге еліріп... Азғана топтың алдау сөзіне сеніп қалғаным
ғой,қайтейін...

- Ой, сол ма! - деп Сұлтанбек ынты-шынтысымен күліп алды. -Оны
мен естігем. Ана бұзақы топтың сізге жетпіс шіріген жұмыртқа, алпыс ашыған алма
лақтырып, өздерінше мұқатпақ болған кеші ме? Білем оны.

- Оның несі күлкі! - деп Ахмет ренжи тіл қатты. - Сен үшін
күлкі, ал мен үшін үлкен пазор. Масқара! Қазақ үшін оқулық, ғылыми еңбек жазып
жүрген оқымысты-ғалым Орынбордың тап ортасында шіріген жұмыртқа, иістенген
алманың астында қалады. Және де оны ұйымдастырушылар - қазақтың осы күнгі
оқыған, білімді жастары. Белгілі-белгілі ақын-жазушылар. Саясат адамдары...

- Білем! - деді Сұлтанбек столды таянып тұрып. -Білем бәрін
де! Бұл - тек сізге емес, біле білсеңіз, бәрімізге, тіпті ұлтқа лақтырылған
тас. Сосын да мен бұл шаруаны аяқсыз қалдыра алмаймын. Айтамын, жеткіземін
сөзім жеткен жерге...

- Қой, айналайын! Саған да зияным тиіп кетер. Сен өсіп келе
жатқан жассың. Өкімет өкілісің. Ал, біз деген... - деп, Ахмет қипақтап қалды.

- Жоқ, мен айтқанымнан қайтпайтын қазақпын. Айттым-бітті.
Енді мені бөгемеңіз...

Ахмет Сұлтанбектің жүзіне қарады. Кәдімгідей ашулы екен. Шын
жаны ашығаны да білініп тұр... Бұрын да естуші еді, Сұлтанбек қиянатқа,
әділетсіздікке шыдай алмайтын қазақ деуші еді. Сонысын әр-әр жерден көп-ақ
құлағы шалған. Айтса айтқандай ма деді. Бірақ, осы жолы одан қорған сұрап
келмеген. Оңдай ойында жоқ шаруа еді...

Арада бірер апта өтісімен-ақ, Сұлтанбек Ахметті өзіне
шақыртты.

- Елу жылдық тойыңызды осы Ташкентгің қақ төрінде атап
өтеміз. Мен үлкен басшылармен келісіп қойдым, -деді Сұлтанбек. - Енді іші
күйгендер тұз жаласын... Көрсін,білсін, естісін...

- Жоқ, - деп Ахмет басын алып қашты. - Тағы да Орынбордағы
жағдай қайталанып жүрсе... Екі рет масқара болғым келмейді.

- Қайталанбайды! - деп Сұлтанбек кесе сөйледі. - Өзім
тікелей бақылауға алам.

Ахметтің көнбеске шарасы қалмады...

 

                                                     *
* *

Кейіннен ұлттың рухани көсеміне айналған Ахмет
Байтұрсыновтың елу жылдық тойы Ташкентте өте жақсы аталды. Үлкен, айтулы той
болды. Ел тойы болды. Ташкентте оны шын жүрегімен жақсы көретіндер баршылық екен.

Оған Ахаңның өзінің де көзі жетті...

Той өте салысымен Ташкентте шығатын үлкен басылымдардың
біріне Мұхтар Әуезов көлемді мақала жариялады. Атын да айқайлатып қойыпты.
"Ахаңның елу жылдық тойы!.." Бұл мақаланың тууына да, жарыққа шығуына
да тікелей себепкер - Сұлтанбек еді... Соның өтініші болатын...

 

                                                    
* * *

Сол үлкен тойда Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев өлең оқыды.

Мағжанды Сұлтанбек бұрын да сыртынан білуші еді. Әсіресе, ол
туралы Мұхтар Әуезов бір кеш әңгімелеп, әдемілеп мақтаған. Тіпті Мұхтар
қыза-қыза келе: "Мағжан болашақта Абайдан соңғы ең үлкен ақын болады"
деді. Сұлтанбек оның сөзіне еріксіз күліп жіберген.

- Неге күлесіз? - деді Мұхтар. - Менің бұл сөзім іште,
жүректе әбден қайнаған, пісуі жеткен пікірден туып отыр. Сіз солай ұғыңыз...

- Жә, жә! - деді Сұлтанбек. - Әзіл ғой. Әдебиетті, Мұхтар,
сен білмесең, біз қайдан білеміз? Онда қазірден-ақ, Абаймен тайталаса алатын
ақын өсіп келе жатыр десейші. Ол қайда? Неге маған дұрыстап таныстырмайсыңдар,
а! Қайда өзі?...

- Танысудың да сәті болады, - деді Мұхтар. - Сол сәт міне,
Ахаңның тойымен тұспа-тұс кеп тұр.

Ахмет тойы үстінде Мағжанды әуелі Мұхтар әкеліп таныстырды.
Содан соң Ахмет ол туралы өте әсерлі, әдемі әңгіме айтты. Мағжанның сұлу
поэзиясының құпия қыры мен сыры, міне, Сұлтанбек үшін сол күні өз есігін айқара
ашқан болатын.

 

                                                     
* * *

 Той өткен соң, аз
күннен кейін-ақ, Сұлтанбек Мағжанмен өз кабинетінде жеке кездесті.

Олар ұзақ-қ әңгімелесті. Сұлтанбек бұл жолы да кәнігі
саясаткерлер өдісіне сала, оны бірден жылы қабақпен қабылдай қойған жоқ. Әуелі
сын-ескертпелерін де айтып алды. "Ескілікті, баяғыны көксеуші дейді, ылғи
ескі заманды мақтап жазады дейді" деп, іштегі күдікті сырды сыртқа
шығарды. Мағжан шыж-быж. "Мен ескілікті көксеуші, мақтаушы емес, түсіне
білгенге кей ретте ескілікті сынаушы, қатал мінеуші ақынмын" дейді.
"Әр ұлттың өз тарихы бар, оны біліп алмай жатып, ақынмын деу әбестік"
дейді. "Тарих болған соң, оның кедір-бұдыры да қатар жүреді, мен жазған
тарихи тұлғалар бүгін бағасын алмай жатса, ертең алады" дейді. Қысқасы, Сұлтанбек
оны бастан-аяқ, ерінбей тыңдады. Сосын бірнеше өлеңдерін де оқытты. Төгіліп
тұр.

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Қырандай күшті қанатты...

Мен жастарға сенемін!

Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар...

Мен жастарға сенемін! -

деп, Мағжан екпіңдете, елтіте өлең оқыған, Сұлтанбек үнсіз, бас
шұлғып тыңдаған...

- Ал,- деді Сұлтанбек қоштасарда, - сені көп әдебиетшілер
діңкелете даттағанымен, көпшік қоя мақтаушылар да жоқ емес. Кімдікі дұрыс?
Соған өзім көз жеткізбекші болып ем. Қолжазбаң бар ма?

- Бар.

- Маған қалдыр. Оқып шығайын.

- Жоғалып кетсе...

- Жоғалмайды. Уәде берейін.

Мағжан Сұлтанбекке қолжазбасын қалдырып, кабинеттен шығып бара
жатты...

                                                         
* * *

Арада көп уақыт өтпей-ақ, Мағжан ақынның бір томдық өлендер
жинағы Ташкент баспасында басылып шықты. Оған Сұлтанбектің өзі алғысөз жазды. Тағы
да батылдығына, жүректілігіне басты. Поэзиясын талдай келе Сұлтанбек Мағжанды
болашақ ұлы ақын деп атауға толық негіз бар екенін сездірді.

Сұлтанбектің бұл пікіріне көп әдебиетшілер қуанып та қалды.
Әсіресе, Ахмет пен Мұхтар екеуі риза еді.

Әрине, бұл жолы да тырнақ астынан кір іздеушілер табылмай
қалмады. Олар сол кезде-ақ жоғары жаққа Сұлтанбектің үстінен домалақ арызды
қайта-қайта төпеп жатты...

                                                             
* * *

Мына сұрықсыз, сүрқия өмірде әділеттілік бар ма? Бар шығар...
Әй, бірақ сол әділет атты дүниеңіз әділетсіздік үшін түк те емес! Әділетсіздік -
биік зәулім ғимарат болса, әділеттілік - жәй, құрап-сұрап тұрғызған бәкене үй.
Сонда кімнің мысы басады?..

Жә, бұл теңеу емес.

Әділетсіздік - анадан сау-саламат, қол-аяғы балғадай болып
туған сәби болса, әділетіңіз - көксау, дімкәс, аурушаң шарана. Сонда қайсысының
мерейі үстем? Айтыңызшы, а!

Жә, бұл да теңеу бола алмас.

Әділдік - жалғыз жортқан жолаушы болса, әділетсіздік жол
торыған көп тобыр баукеспе. Жалғыз жолаушы, мейлі ол он жерден қарулы болсын,
қамданулы болсын, көп тобыр баукеспелерді жеңе ала ма? Әлбетте, жоқ. Рас қой осы...

Тас еденде жатып алып, ой әлеміне біржола түсіп кеткен
Сұлтанбек екі шекесін ұстап, ұзақ уақыт басын шайқай берді.

"Қап, - деді ішінен, - аңқау басым-ай! Мен сол кезде сыртымнан
тұзақ құрып жатқанын білгенімде мүлде басқаша әрекетке көшер едім ғой. Әй,
аңқаулық-қ!..."

Енді арқасына аунады. Төбеге көз салды. Түн-түнек. Тас
түнек. Тек әнебір шеткі бұрыштан сәуле сығалайды. Ол да өлімші сәуле...

Қажыған, қапалы көңіл күй Сұлтанбектің есіне тағы да бағанағы
қиық мұрттың қисық мінезін түсірді.

- Сен, - деген еді сол қиық мұрт екі бүйірін таяна сөйлеп, -...
сен әлі де баяғы Сұлтанбекпін, ел басқарған хатшымын деп ойлайсың ба? Есіңде болсын,
бұл күнде елдің жады өте жұтаң. Не нәрсе де тез ұмытылады. Тез естен шығады...

- Жоқ! Олай болуы мүмкін емес. Ел ешнәрсені де ұмытпайды.
Жұрт жады жұтаң тартты дегенің жала...

- Ха-ха! - деп күлді қиық мұрт. - Сенсең де осы,сенбесең де
осы. Сенің есімің қазірдің өзінде-ақ ұмытылды.Біреу білсе, біреу білмейді.
Қысқасы, сен енді қуыршақ қайраткерсің...

Сұлтанбектің төбесі шымырлап қоя бергендей болды. "Қуыршақ
қайраткер-р... Ол мен бе сонда-а!... Ау, мына сасық көкірек қазақ не дейді,
ойбай-ау!..."

- Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле! - деді Сұлтанбек оған.
Іштегі қайнаған ашу-ызаны әзірге тежеп тұр. - Қайраткерге ондай лауазымды елі,
халқы береді. Ал, халық ешқашан өз қайраткерін қуыршақ етпек емес.

- Жоқ, қуыршақсың! Қуыршақ қайраткерсің. Тап қазір менің
қолымдағы ойыншықсың. Әйтпесе, сені жақтайтын, сөзінді сөйлейтін кісің кәні!
Қайда олар-р...

- Оның да уақыты келер. Туар ондай да заман-н...

- Бұл - қиял! Арман! Сағым секілді елес-с...

Қиық мұрт өз-өзіне риза көңілмен ұзақ-қ күлді...

- Мен қуыршақ қайраткерге айналсам, онда осы күні әулие
көріп отырған Сталин да қуыршақ, - деп, Сұлтанбек тістене айтты. - Нағыз
қуыршақ солар, соның айналасындағылар-р...

Көк өгіздің қолындағы таяқ Сұлтанбектің көк желкесіне сарт ете
қалды...

Өлімші сәулеге қарап жатып, осыны есіне түсірген-ді...

"Жоқ! - деп ойланды енді Сұлтанбек. - Мен не істесем
де, өз басым үшін істегем жоқ. Қара басымның қамын ойлағам жоқ. Қандай әрекетке
барсам да, ең әуелім ойымда елім тұрды. Қазағым тұрды. Қандай қайраткер болдым,
оны келер ұрпағым айта жатар. Әйтеуір ұлтым үшін аянып қалмағаным рас. Ендеше, бүгін
өліп кетсем де арман жоқ!.."

Ойы сырғып-сырғып, тағы да Ахмет пен Мағжанға қарай беттеді.

"Ахметті қазақ бүгін бағаламаса да, түбі бағалайды.
Ахаң ұлтқа ұран бола алатын азамат. Ондай ұлдың басқа ұлт емес, қазақ боп
туғанына қуанарсың сен әлі, ұйқыдағы қазағым-м!"

Ұйқыдағы қазақты ойлаған сәтте есіне Мағжанның бір өлеңі
түсе кетті.

...Ұйқы басқан қабағын,

Бастыра киген тымағын,

Жалқаулықты жар көрген.

Жүрген ескі заңымен,

Алдындағы малымен.

Бірге жусап, бірге өрген!

Алаш деген елім бар,

Неге екенін білмеймін -

Сол елімді сүйемін!..

Бұны жазған кім? Әрине, Мағжан! Мағжан осылай жазбаса Мағжан
ба!

"Әттең, оны да қатал уақыт өз илеуіне алды ғой.
Мағжанның Ташкентте басылған бір томдық өлеңдер жинағын келер жылы Мәскеуде бір
топ қазақ жастары сынапты дейді. Олардың басшысы - ана Нәзір болыпты дейді.
Нәзір, әрине, ақылды азамат. Бірақ оны жұмсаушы, нұсқау беруші - орталық. Ол
солардың дегеніне көніп отыр. Ал жастар... олар істің мәніне терең бойлап бара алды
деймісің! Әй, сорлы қазақ!... Өзіңе-өзің қол жұмсағанда, аяуды білмейсің. Ал,
өзгеге ше! Өзгеге не жасқаншақсың, ә! Неге тартыншақсың-ң!... Неге қорқақсың-ң!..."

 

                                                       
* * *

Шалқалап жатқан қалпы мына дүниенің опасыздығын тағы
қайталап ойына алды. Жарық дүние неткен опасыз!... Неткен алдамшы!... Неткен жиіркенішті!...

Адамдар ше! Ау, олар ойыншық қой. Не істе десе, соны істейді.

Дүниеде иман болмаса, ол иман кісіде қайдан болмақ! Жоқ
иманды кісі кімнен алмақ! Кімнен іздемек!...

Әне, имансыз дүние имансыз күлкімен тағы да Сұлтанбекке сұқ
саусағын шошайтты. Сол сұқ саусақ бір-ақ сәтте Сұлтанбек тағдырын шеше алады.
Бір кездегі ұлт қайраткері енді имансыздар алақанындағы қуыршақ бейне. Оны
қуыршақ етіп тұрған - иманы кеткен дүниедегі иманы жоқ пенделер!..

...Уа, жарық дүние, өзіңе тән иманды бейнеңнен айнымашы
енді! Бар тілегім де, зар тілегім де - осы! Сенде иман болса, елім де, жұртым
да ес жияр! Оң-солын таныр! Оны мен көре алмаспын, әрине! Әйтсе де жас ұрпақ бар,
жас қазақ бар! Соларға сенемін-н... Соларға үміт артамын...»

Сұлтанбек ақырын көзін жұмды.