ВЕРНУТЬСЯ

Біздің шаңырақтың ал-

қызыл гүлдері - Нүргүл

мен Айсұлуға.

 

Мариям Жагор деген орыс қызы...

Осылай басталатын әнді, осы ән әуенін білмейтін бір қазақ
бар еді деп біреуді сендіре алар ма едің. Әрине, ешкімді сендіре алмайсың.
Өйткені бұл әнді жетегіне  алып, ұрпақтан
ұрпаққа жеткізуші ешкім де емес, өмірдің өзі. Ал, біздің бүгінгі әңгімеміздің
желісіне өзек болған етікші Жагор да, сестра қыз Мариям да олардан мүлде
бөлек...

Қызылмақташы қолхозының шиборбай балалары бұл әнді шынында
да осы Мариямға, осы Жагорға арналған деп шырқап жүр.

...Қазаққа Дудар деген ғашық болып.

Сондағы Мариямның айтқан сөзі... - деп, ойнап жүрген балалар
бар даусымен айғай салғанда, жанынан өтіп бара жатқан сестра қыз аздап ұялыс
тауып:

- Әй, қойыңдар енді. Әйтпесе ұстап алып, май құйрыққа ине
шаншимын, - деп тұра ұмтылатын. Көше тоздырған желаяқтар бет-бетімен бытырап
қаша жөнеледі.

Етікші Жагор (Егор Иванов) мен сестра қыз Ма­риям Егорованың
Қызылмақташы қолхозына келгеніне көп те болған жоқ. Жергілікті халық әлі
олардың өмір тарихына онша қанық емес. Әзірге бар білетіндері: Мариямды аудан
арнайы осы қолхозға жіберіпті, жеңіл-желпі ауру-сырқауларды арба салдыратып, көлік
тоздырып аудан апармай-ақ, осында емдеп жазады. Онысы өте жақсы болды.
Қолхозшылар дәрі-дәрмекке қарқ болып қалды. Бас аурудікі дейсіз бе, іш ауруы
дейсіз бе - бәріне де табылады. Тек ауыл адамдарының көңілдерін күпті еткен
сұрау біреу ғана: қазақ қызы Мария қалайша орысқа қыз болған?

Ал, етікші Жагорың қазақ тіліне судай болып шықты. Тіпті
өзіңді жаңылыстырады. Бәрінен де өнерін айт, шіркіннің. Жыртылған етік, мәсі,
бәтеңкелерді қолына алса бітті, жамап-жасқап, бір-екі күннен кейін қайтарғанда
өзін танымай қаласың. Қызы да, өзі де қолхоз үшін ауадай қажет адамдар болып
шықты.

 

                                                    
* * *

...Май топырақты иір-иір дала жолының үстінде кішкентай
ноқат пайда бола кетті. Енді бір мезетте сол ноқат айқындала-айқындала түсіп,
адам бейнесіне айналды. Құдай-ау, адам деп отырғаны - сәби ғой. Кәдімгі сәби,
айдалада жол үстінде қалған жалғыз Бұлдіршін... шырылдап жылайды кеп,
жылайды-ай, даусы да қарлыға бастаған ба... Бет-аузын түгел жас жуыпты.
Кіп-кішкентай қолдарын ербең-ербең еткізіп, әлдекімді іздейді.           

Енді бірде... қалың қамыс арасынан жон арқасы жалт-жұлт
еткен, көздері оттай жанған көкбөрі шыға келді. Арлан қасқыр аздап аялдап,
жан-жағына асықпай кез тастап, сонсоң еріне бір есінеп алды да, шырылдап жылап
отырған иесіз бейкүнә балаға жақындап келе жатты. Жас нәресте қозғалып келе
жатқан тіршілік иесінен аялы алақан іздегендей солай қарай итіне түсіп, май
топырақты мұрнымен сүзе құлады. Жыртқыш аң қазір... қазір-ақ жарық дүние есігін
жақында ғана ашқан жас нәрестені қып-қызыл қанға бояйды. Май топырақты дала
жолының үстіндегі жалғыз ноқат қып-қызыл қан болып жайылып кетеді. Жолдың  бетін сәби қаны жуып жүре береді... Өмірден
бір тіршілік иесі, ешкімге залалы тимеген кішкентай Адам мәңгіге жоралады...
Әне, әне, қасқырдың қатыгез тырнақтары жоғары көтерілді, азу тістері
шақұр-шұқыр етті...

- А-а-а-ай-й!.. - Қаншайым бар даусымен шыңғырып, шошып
оянды. Қырман басында, түскі үзіліс кезінде жарты сағатқа жантая кеткен
қолхозшы әйелдер бастарын жұлып-жұлып алысты. Біріне-бірі:

-  Не болды?

-  Не болып қалды?..
-  десіп, абыр-сабыр бола кетті.

- Тағы да қызымды көрдім, - деді Қаншайым даусы дірілдеп. -
Көкжал қасқыр жегелі жатыр екен...

-  Ал, қатындар,
тұрыңдар! Осымен үзіліс бітті, - деп дауыстады бригадир, Қаншайым ілби басып,
қолына күрегін ұстап, көпшіліктің соңынан ілесті. Қолы жұмыста болса да,
қиялында әлгіндегі түс. Дәл қазір ішкі әлемін әлде бір жалын өртеп бара
жатқандай. Елді айтады-ау, балаларынан Отан үшін, туған жер үшін ақтық қантөгіс
айқаста айрылып, қайғы жұтса, бұл бейбақ айдың күні аманда, өз қолынан өлімге
қиып, айдалаға тастап кетті ғой. Құдай-ай, ана үшін бұдан еткен қорлық болар
ма! Енді міне, жол үстінде қалған сәбиінің сыңсып жылаған үні жиырма жылдан
бері құлағында ызыңдап тұрады да қояды. Көзі ілінсе болды, түні бойы сыңсыған
сәби үнін тыңдап шығады. Сосын қорқынышты түстер кереді. Тіпті, кейде сол
нәресте періште болып, көкке ұшып кетіп, түн баласына шешесінің қасына келіп,
сықылықтап күле ме, еңіреп  жылай ма,
мені неге тастап кеттің деп, бұны буындырғысы ке­ле ме; кей-кейде тынысы
тарылып, дем жетпей бара жатқанда, оянып кетеді;  әлдеқандай мұңды ән айтама-ау; енді бір мезет
анашым деп құшақтап,  тас шандыр болып
қатып қалған емшегін борпылдатып сора ма-ау...

Ана сол бір сәбиін жол үстінде қалдырғалы бері, жиырма жыл
бойы дұрыс ұйқы көрген жоқ, ой азабын көрді. Сыңси жылаған нәресте үнінен қанша
қашса да, құтыла алмады. Сол үн қалған ғұмырында Ана арын тәлкек етіп, мазақ
етумен келеді... Жиырма жыл бойы ар соты аяқталған емес...

 

                                                        * * *

Ұлы ғасырдың (XX ғасыр солай емес пе!) отыз үшінші жылы
алыстағы Қызылмақташы ауылын жұт болып, жоқшылық болып аттады. Ауа райын түсіну
қиын, құбылмалы қалып, бірде асып кетеді, бірде дауыл тұрады; егін шықпады,
шыға қалса, піспей жатып, күйіп кетті; мал басы көбеймеді, қайта бұрын-соңды
болмаған жұқпалы ауру шығып, қырылып қалды. Әзірейілдей ең-сені басқан
ашаршылық ел ішін ақырын аралап келе жатыр еді...

Сыр бойын сағалап отырған оншақты үйлі ауыл жоқшылықтың,
аштылықтың кесірінен, біріне-бірі қарамай, пана іздеп, бет-бетімен тарап кетті.
Қаншайымның жолдасы Қараман бетің бар, жүзің бар демейтін, турашыл, бір бет,
өткір адам еді. Айтпайтын, айтса айтқанынан қайтпайтын. "Сыр бойынан ешқайда
кетпейміз, балық аулап жесек те, бір күнімізді көреміз" деп ескі жұртта отырып
қалды. Қараманның қайратына сенетін Қаншайым да пәлен деп дау айтқан жоқ,
"отырсақ отыра берейік" деді. Екі балаға талшық етер бір нәрсе табылса, бөтен
жерге қаңғырып, қайтпек? Жылы орнын суытпай, осында қалғаны мың есе артық...

Қожайын тірі болғанда, кім біледі, Қаншайымның тағдыры
бүйтіп астан-кестең күйге түсер ме еді. Ілгеріректе ақ сақалды қариялар басыңа
түскенде жеңілдеткені ме, "пешенеге жазғанды көресің, қарағым, жазмыштан озмыш
жоқ" деп, тәубеге шақырып отырушы еді-ау. Сол рас-ақ екен...

Қараманды дария жағасында балық аулап отырғанда төтеннен
келген қарғын су алып кетіпті. Денесін іздер қауқар бар ма онда. Қаншайым үш
жасар ұлымен, бір жасқа тола қоймаған қызымен кімді іздегендей еді. Үш-төрт күн
үйдегі бар тамақты қорек етті. Бір күн барып, дарияға қармақ салды, түске дейін
сілесі қатқанша сілейіп отырып, бір түйір шабақ та ұстай алған жоқ. Қайта
қасына ере барған ұлы суға құлап кете жаздап, әзер ұстап қалды. Бесінші күн
дегенде ол белін шарт буынды. Тау жақ беткейде төркінің жұрты бар. "Не де болса
ел ішіне жетіп жығылайын ең болмаса, өлсек, арам қалмаспыз, сүйегімізді
жасырар" деп ұлын жетелеп, қызын арқалап алып, үлкен жолға түскен.

Ана түске дейін шаршағанын сезген жоқ. Үш жасар бала да
бұған дейін өз бетінше еріп отырып еді, енді қыңқылдай бастады. Қайтсін, аяғы
талған ғой, оның үстіне жей қоятын тамақ та таусылған. Түс ауа Қаншайым қатты
сасайын деді, Балаларым шаршады деп дем алайын десе, күн кешкіріп барады. Әлі
жолдың жартысын да жүріп біткен жоқ. "Е арғы елде жоқ, е бергі елде жоқ,
айдалада қасқырларға жем болар ма екенбіз" деп, кеудесіне үрей кіре бастады.
Әлде бір үміт іздегендей ұзын жолды қуалап, сүзіле қарайды. Қасақана қыбыр
еткен жан көрінсейші.

Екеуін бірдей арқалап, таудағы елге жету азаптың  үлкені болды. Күн болса сәт сайын төмен
құлдырап ба­рады. Қас қарайды дегенше жолдан адасуы да оп-оңай. "Қу құдай-ай,
саған не жазып едім! Күйеуімді қарғын су жұтты, енді бізді көрер көзге түз
тағыларына жем етпекшімісің? Қиналған пақырларды демеп, жебеп жүретін
періштелерің  қайда кеткен, қайда сол
жарлылардың жақсы досы?.."

Ол осылай күбірлеп келе жатты. Еріндері де кезеріп, шөл қыса
бастады. Қызы жылап-жылап, ішегі қатты білем, ақырында ұйықтап кетіпті. Әлі
кете бастаған сон, жол жиегіндегі жусанның үстіне жалп етіп отыра қалды да,
қызын жерге жатқызып, маздайынан аққан ащы терді алақанымен ысырып тастады.

"Бір көзсіз тәуекел қажет болып тұрғаны..." Қаншайым өз
ойынан өзі шошып кетіп, отырған орнынан ұшып түрегелді. Әлгі бір үрейлі ойдың
әсері ме, саусақтары дір-дір етіп, икемге келер емес, икемге келмек тұрмақ, өз
бойын өзіне билетпей барады. Жүрегі құрғыр, бірақ, бәрін де сезіп тұр. Екі
баламен қосақталып жүріп, таудағы ауылға күн батқанша жете алмасын, сөйтіп
үшеуі бірдей опат боларын, оның сөзсіз екендігін, дәл қазір іштей мойындағандай
еді. Ананың анық тұйыққа тірелген сәті болды бұл: "Егер, - дейді ішкі үн
сыздықтата сыр ашып, - жеткен жерге тоқтап, от жағып түнеп шықса қайтер еді.
Оған от жаға қоярлық сіріңке кәні, отын кәні, бұл бір ме!  Оның үстіне үшеуі де әбден ашықты, нені қорек
ете қоймақ, аштан аш жатып, ертеңгісін жолға жүруге жарар ма? (Егер түннен аман
шықса, әрине...) "

"Бір тәуекел керек болып тұрғаны..."

Ана сылқ түсіп отыра кетті де, көзінің жасын сығып-сығып
алды. Әбден амалы құрып, айласы таусылғанда пенде қалай көз жасына ерік
бергенін байқамай қалады білем. Ондайда көзден аққан тамшының  кермек дәмін де ұмытасың, дөңес мұрынды
қуалап келіп, езуіңе құйылып жатқанын да елемейсің. Елемегені сол, дәрменсіздік
жасының дәмінен кәдімгідей қуат алғандай, өмір-бақи осылай адам баласына қуат
беріп тұрғандай күй кешер ме едің, қайтер едің, уа, тіршілік иесі!..

Оның жанарынан жас сауласа да, үнін шығармады, қызынын,
оянбағанын тіледі, ұлының қосыла еңірейтінінен қорықты.

Дәрменсіз күйде баласының басынан ақырын сипап қойды.

-  Апа су... су
ішем...

"Бір тәуекел қажет... ойбай-ай, суы несі тағы...". - Су...
су...

Бала кебірсіген еріндерін тілінің ұшымен қайта-қайта жалап,
енді бірде қыңқылға басты. Аңқасы кепкен Бұлдіршін шыдамның шырқау шынына
жеткендей екен, бұдан әрі сөзге де, алдартқан әңгімеге де құлақ асар болмады.
Көзінің жасын көлдетті дейсің. Бала жанарынан ытқып шыққан жастың бірер түйір
моншақтары ана алақанына домалап түсті.

Ана мелшиіп ұзақ отырды. Жылаған үн оның санасында әлденеше
рет қайта жаңғырып, енді бірде түсініксіздеу күйге ауысып, сосын күрсініске
ұласып, миына мыңсан ұшқын ба екен, сәуле ме екен шашырағандай...

Ызық-ызық, у-шу әлем бір сәт сілтідей тына қалып, бар
данғаза тек қана оның ми қатпарына қоныстанып қалғандай.

Сілкініп алды. Кенет қатайды. Бойына әлдеқандай қуат
келгендей қайрат пайда болғандай. Орнынан ытқып тұрды да, қызын шоқ жусанның
өкпек желден ықтасындау жағындағы жыраға апарып жатқызды. Сонсоң басындағы
жаулығын дереу сыпырып алды, бір шетін дар еткізіп жыртты да, жусанға байлады.
Онысы - қайта оралғанда тез тауып алудың айласы еді. Сонсоң сәл саябырлады.
Еміс-еміс есінде. Осы жолдың оң қапталындағы қия бұрылыста ескі жұрт болушы
еді, ілгеріректе атағы жер жарған бір бай қыстаған екен. Бір жолы Қараман екеуі
төркініне бара жатқанда, жолай соғып, ескі құдықтан су ішкен, аздап кермек дәмі
бар­ды. Оңға да бұрылды, сол қапталды да бетке ұстады, еске түсірді.

"Иә, алла, тез табыла көр..."

Қаншайым ұлын арқасына салып алып, әуелі адымдады да, бара-бара
қадамын ұзарта түсті. Енді бірде су іздеген ол жорға жүріске түсті.

Ол сол жүргеннен ұзақ жүрді, әудем жерді шарлады. Онға да
бұрылды, сол қапталды да бетке ұстады. Қияға да беттеді, еңіске де құлдилады.
Әйтеуір оңайлықпен құдық суынан күдер үзе қоймады. Онсыз да дегбірін алып,
қышқылы күшейе түскен бала оған тоқтап ойлануға мұрсат бермеді. Жылай-жылай
даусы қарлығып, бір уақытта сап тиыла қалып еді, қараса қалғып кеткен екен. Екі
көзі қып-қызыл болып ісіпті. Ал, еріндері шілденің аптап ыстығында алаңсыз су
көрмей, қақ-қақ айрылған үлкен арықтың табаны секілденіп, қабыршақ-қабыршақ
болып ырсиып түр. Ана жүрек езіліп кетті. Алақанына үш рет түкіріп барып, әзер
дегенде ылғал баланын, ерніне жақты. Сөйтсе, өзі де шөлден қаталай бастапты,
тамағы қурап қалғанын аңғармапты. Есіне қызы - Гүлжаны түсті. Көзінің алды
буалдыр тартып, елес-бейнелер бірсін-бірсін көбейіп,  олар қызды келемеж етіп, әр жақтан
түрткілесе, енді бірде ғайыптан пайда бола қалған азулы жыртқыш нәрестеге төніп
келе жатқандай үзік-үзік суреттер... тұрып алсын. Сонда аңғарды, құдық іздеймін
деп жүріп, қызынан талай жерге ұзап кетіпті.

"Не жаманшылық болса да бірге көрейік, қызыма тезірек
жетейін" деп түйген Қаншайым қайтадан кері бұрылды да, май топырақты жолға
түсіп алып, бөкен желіске басты...

Жусан тұр. Байланған өз орамалы тұр, бірақ Гүлжан жоқ. Елес
пе деп, кезін қайта-қайта сүртіп қарайды, Тағы да сол көрініс, сол қалып. Қыз
жоқ. Ішкі әлемі от қарығандай болып, шымырлап қоя берді. Дел-сал күйде теңселіп
барып, оңды-солды шайқатылып тұрып, құлауға шақ қалды. Құлап түсіп, жер сабалап
жылар ма еді, жусанды жұлып, қарш-қарш шайнар ма еді, қайтер еді, егер
арқасында соңғы сүйеніші - ұлы алаңсыз ұйықтап жатпаса...

Тас болып түйілді. Жыламады. Өзіне ерік бермей, еріксіз
саулай жөнелген бірер тамшы ащы жасты елемеуге тырысты, "жыламауға тиіспін" деп
қатайып алды.

Гүлжаны қалған аумақты үш рет айналып шықты, көзіне ешнәрсе
ілінбеді. Анық жоғалғанына көңілі сенбесе де, көзі сенді. Сосынғы бір сәтте
іштей күбірлей бастады: "Әзірге қош бола тұр, балапаным, көрер жарығың болса,
күн сатып, қас қарайғанша қайта оралармыз, тірі болсаң табармыз осы арадан..."

Ана қара жолға түсіп алып, бөкен желіспен таудағы ауылға
қарай асыға зытып бара жатты. Оқта-текте жүгіріп-жүгіріп те алады. Тәуекел
дүниесіне кеме салған Қаншайым дәл қазір өзге дүниені алаңсыз естен шығарып
еді. Қарны ашқаны, шөлдегені бір демде естен шығып, тіршілік тәлкегімен
бетпе-бет келген Ана бірте-бірте қанаттанып, қара жермен емес, ауада қалқып
келе жатқандай күй кешті.

Екі қыр асқан соң-ақ, құлағына әлдеқайдан ызыңдап, бір әуен
жетті. Мұң ба, зар ма - ол қандай әуен, оны тоқтап тыңдар қауқар қалған жоқты.
Ана ауылға асықты, соған жылдам жетуге асықты. Құлақ түбінде шыңылдап тұрып
алған, ызыңдап тұрып алған сәби үніне көңіл еркін беріп, үгітілмеуге тырысты...

 

                                                   
* * *

Қаншайым төркініне жеткенде, көкжиек  қызғылт тартып, күн де ұясына кіріп бара
жатыр еді. Есік алдында тұрған шешесі мен інісін әзер таныды.

- Ана жақта... осы жолдың бойында Гүлжан қалды. Тез
құтқарыңдар... - деуге әзер шамасы келді. Сосын талықсып кетті...

                                                    
* * *

Ол есін жиғанда таң атып, ай-жай болып қалған екен.

- Гүлжан!.. Гүлжанды таптыңдар ма? - деп, жастықтан басын
жұлып алды. Інісі Нұрахмет діріл аралас даусымен:

- Сенің жүрген ізіңмен барып, Гүлжанның орнын таптық.
Орамалыңның бір шетін жыртып жусанға байлап кеткен екенсің, оны да көрдік.
Бірақ... қыз жоқ, -  деді.

Бишара бала, жыртқышқа жем болды-ау... Аһ-һ!..

Қаншайым жастықты умаждап, тұншығып булығып жылады. Көмейіне
кептелген ащы өксік шыдатпай кетті білем, енді бір мезетте қос жұдырығымен қара
жерді аяусыз сабалап жатты.

- Бейбақ балапаным-ай, соқыр құдай бұл сұмдығын саған
көрсеткенше, мені неге қақпақылына салып, мені неге жалмамады екен! Әкең
екеуіңнің азаңды арқалап, азабыңды арқалап, бұл дүниеде тағы да қалғаным ба!
Мен кімге керек едім енді...

Қатын-қалаш жиылып келіп, оған басу сөз айтты.

- Неге сонша зарланасың, өлі денесі жоқ болса, сүйегі
табылмаса, кім біледі, тірі шығар. Жолы түскен жолаушы өзімен бірге ала кетуі
де мүмкін ғой...

Әлгіндегідей жылы сез күпті көңілге үміт ұялатса да ондай
жақсылық хабар жақын арада естіле қоймады. Сол күннен бастап Ананың құлағында
бір үн, сыңсыған сәби үні үнемі ызындады да тұрды. Айдалада жолдың жағасына өз
қолымен қалдырған қызының күйігі, қызының қайғысы жүрегіне шер болып қатты.
Тіпті беріректе, соғыс басталар жылы, төтеннен келген науқастан ұлы қайтыс
болғанда, біраз күн жылап сықтады, өкінді, опынды, бірақ оған Гүлжанын іздегендей
қаусап, күйреген жоқ. Араға жылдар түскенде ұлдың қайғысы көңілден аз-аздап
көне бастағанын да сезінді. Ажалға не шара, демі бітсе, осы жүрген жұмыр басты
пендеңіздің барлыры да қара жердің қойнына барады. Ал, дені сап-сау, қол-аяғы
балғадай жас нәрестені ез ықтиярыңмен отқа итеруден өткен қылмыс болар ма жер
бетінде! Ар соты кешірер ме мұны... Ар соты... Ол әділ сот! Ымырасыз сот...
Қолыңмен істедің бе, мойныңмен көтер" дейді ол. Не көтеріп жүресің, не болмаса
шыдай алмай мұрт сынасың. Екінің бірі. Мұндайда аралық жол болмақ емес...

Қаншайым - ананың түнде ұйқысын, күндіз күлкісін бөліп, сол
бір сыңсып жылаған сәби үні жиырма жыл бойы неге мазалады? Неге?..

 

                                                      
* * *

Колхоз төрағасы Ақылбек керзі етігінің қонышын тіктіріп
отырып:

- Осы Жагор, сен ғой орыссың. Ал, қызың болса қазаққа
көбірек ұқсайды, мұның сыры неде? - деп сұраған. Жагор бұған күліп отырып жауап
қатты.

- Әйелім қазақ қызы еді. Марқұм ерте өліп қалды, әйтпесе осы
күнге дейін тағы да үш-төрт нәрестені дүниеге әкелмес пе. Мен өзім мына сіздер
секілді он бала туса да қарсылық жасамауға бел буған едім, қайтейін енді, -
дегенде, Ақаң еріксіз кеңкілдеп қоя беріп:

- Ай, Жагор-ай, сен де тек емессің, бойыңда ептеп біздің
халықтың қаны бар,- деп, күректей алақанымен арқасынан қағып-қағып жіберген. 

Жалпы Жагор ешкімге ашылып әңгіме айтқан емес. Ел іші оның
әлгі сөздеріне иланып жүрді. Мариямды ауылдың кейбір салпы етек келіншектері
"орыс пен қазақтың буданынан туған" деп, жаратпаған пішінмен, сыртынан пыш-пыш
өсек айтысып қоятынды.

Бір жолы Қаншайым ауырып қалып, Мариям үйіне келіп уқол
салғанды.

 -         Осы, қарағым, сен өз шешеңді білесің
бе? - деп жорта сыр тартып көріп еді, сонда, ол түк білмейтін болып шықты.
Қазбалап, тамырлап, ежіктеп сұрауға батылы жетпеді. Кім біледі, тәрбиесі бөлек
неме көңілге тиер ауыр сөз айтып тастаса, кәрі кеудені қаусатып кетеді ғой.
Құрал-саймандарын жиыстырып, кеткелі жатқанда қыздың жасын сұрады.

-  Биыл тура жиырмаға
толады екенмін, апа, - деді ол жүзі бал-бұл жанып. - Жақында туған күнімді атап
өтемін. Қанша дегенмен жиырма жас...

Дәрігер қыз кетісімен Қаншайым ұзын-сонар ой сілемдеріне
берілді. "Шіркін-ай, менің Гүлжаным қазір тірі болғанда ол да жиырмаға толып
отырар ма еді. Кімге тартқанын да біле алмадым. Әкесіне ұқсаса мінезі тік,
айтқанынан қайтпайтын, жанары өңменіңнен өтердей өткір боларды; ал маған
тартса... кім болсын тура өзім болады да қояды... Ендігі өз теңін тауып, тұрмыс
құрып дегендей..."

Ана жымиып қойды. Сол сәт оның қиялы қияға самғады.
Құда-құдағи, күйеу бала туралы тәтті ойларға беріліп, бақыт бесігінде
тербетіліп, сырқатын ұмытып, кеудесін көрнеген шаттық сезім ескі шаңыраққа
сыйғызбай, зеңгір көкке, сонау самғау биікке алып ұшсын бір...

 

                                                      
* * *

Егор Иванов отыз үшінші жылдары қылшылдап тұрған жас жігіт
еді. Әке-шешесінің қонысы болған осы Жаңатас ауданының жері Егор үшін де аса
ыстық. Балалығы осында етті. Әкесі Макар Ивановыч денелі, сақалды, екі иығына
екі адам мінгендей ірі кісі болатын. Аңшылық, саятшылық десе ішкен асын жерге
қоя салатынның бірі - осы Макарды. Ұлы Егорды жанына ертіп алып, осы аймаққа
атышулы мұзбалақ бүркітімен түлкі, қасқыр аулайтын. Бертін келе Егор да әке
жолын қуды. Темір тырнақ бүркіт баптай білмесе де иісшіл, ақылды, аңшылыққа
ыңғайлы бірнеше иті болды. Қақпан құрып, талай рет түлкі мен қарсақ ұстап, тон
тікті. Макар Ивановычтан қалған ұстаның құрал-саймандарын әжетке жаратты. Ең
соңғы жан серігі болған ит - Булька екен. Ой, оның  сезімталдығын айт, адамнан бірде-бір кем
емес... Егер қалың тоғайдың ішіне айталық, қырғауыл атып түсірсең, соны сөзсіз
тауып әкеледі. Еркелетсең еркелей біледі, жекірсең оны да түсінеді. Бірнеше рет
Сырдың бойында отырған ауыл-үйдің суға кетіп қала жаздаған балаларын аман алып
қалды. Сырт киімінен тістеп, суын сорғалатып, иесіне алып келгенде, баланың
әке-шешесі жүрегі жарыла қуанған. Осындай жаратылысы бөлек Бульқасынан соғысқа
аттанып бара жатқанда амалсыз ажырап қалды...

Бір жолы Булька айдаладан нәресте тауып әкелді. Кәдімгі бір
жастан жаңа ғана асқан қыз бала. Қараторының әдемісі. Әуелгіде ел жағалап,
сұрау салып, баланың әке-шешесін іздемекші болды. Досы Максиммен осы жайлы
ақылдасып еді, ол айтты.

- Ой, сен де қызық екенсің, бала керек адам жапан дүзге
тастап кете ме. Тасжүрек біреулердің аштыққа қылған айласы шығар. Жалғыз басты
еркек емессің бе, асыра. Бағып-қақ. Өз қызыңдай көріп, аялап өсір. Кезінде
іздеу салып, келіп жатса оны да көрерсің.

Максимнің ақылы ақыл болды. Енді күнделікті ермек табылды.
Бұрын Булька екеуі ғана ұйықтайтын болса, үйге нәресте келгелі бері ол ауызғы
үйге шығып қалды. Әттең  Лариса болғанда
ғой... Лариса екеуі үш-ақ жыл отасты. Оның туған-туыстары Сталинград жақта
тұратын. Алғашқы жылдары бұлар өздерін жер бетіндегі ең бақытты жандарға
балаушы еді, екі жыл етіп, үшінші жылға аяқ басқанда, ол қыңқылды шығарды. "Осы
май топырақтың ішінде бізге не бар. Сталинградқа кетейік"  дейді. Егор қанша үгіттесе де келіспеді.
Ақыры өзі кетіп тынды. Кейбір сәттерде жападан-жалғыз жатып, бұл ойлайтын:
"Әттең, ортамызда шарана болмады-ау, әйтпесе нәрестенің жас исі Ларисаға бәрін
де ұмыттырар еді, сөйтіп осында қалар ма еді...".

Сол арман болған сәбиді ақыры ақылды Булька та­уып әкелді,
кеш тапты бірақ...

Астық жиналып біткен мезгіл. Қолхоздың дыбыр-дыбыр тірлігі
дамыл тауып, ауыл ішіне азғана мамыражай сәт туған.

Қаншайым қолхоз төрағасына өтініш айтып, бүгін ана бір
жылдары із-түзсіз жоғалтып алған Гүлжанының жиырма жасқа толатын күні еді деп,
қолхозшыларды өз шаңырағына шақырған. "Өміріміздегі ең бір қуанышты күнім
болсын"  деп, жалғыз ешкісін де сойғызды.

Ауыл-аймақ, тайлы-таяғымен жиылыпты. Тіпті етікші Жагор да
осында жүр, әдетте ол көпшілік жерге жиі бара бермейтін. Ақылбай үздік қолхозшы
Қаншайым ананың қуанышына арнап жылқышылардан дәу саба қымыз алдырыпты.

- Қаншайым-ау, сен не көрмедің! Оны өзге білмесе де, біздің
қолхоз біледі. Біліп қана қоймайды, сенің еңбегіңді бағалайды. Осындай ақ
түйенің қарны жарылған шуақты күні мына жұртыңа айтатының да бар шығар? - деп
қолхоз төрағасы тіл қатып еді. Қолхозшы Ананың жанары жасаурап қоя бергені.

-  Нағыз бақытты заман
енді туды ғой, бұл осы отырған бәріміздің басымызға қонған  бақ. Айналайын өкіметке рахмет!.. - деп,
толқи түсіп, сөз бастай берген сәтінде оң құлағы шым-м ете қалды да, артынша
сыңси жылаған сәби үні естілді.

- Оу, неге тосылдың, Қаншайым, айта бер, өте жақсы сөйлеп
келесің, - деп, қатын-қалаш шуылдасты.

   -       Айтсам, - деді Ана әзер есін жиып, -
бүгін сіздерді үйге шақыра отырып, осыдан жиырма жыл бұрын ашаршылық пен
жоқшылықтың кесірінен, таудағы елге жеткізе алмаған мен бейбақ, жол  бойында 
қалдырып қойған сәбиімді, қызым Гүлжанымды өздеріңізбен бірге тағы бір
еске түсірейін деп едім. Мен кінәлі ме екенмін!.. Мен бе екен тастайын деген!...
- Ананың көзінен моншақтап жас тамды.

- Ау, оның не? Онан да сен бізге болған оқиғаны айтып
берсейші.

- И-ә, сөйтпеймісің! - деп үлкендер жағы басу айтты.
Қолхозшылардың бірі біліп, бірі білмейтін бұл оқиғаны Қаншайым осы жолы ғана
бастан-аяқ баян қылды.

Әлгі оқиғаны тыңдап болған кезде бір бұрышта қаннен-қаперсіз
жер сызғылап отырған Егордың ішін жалын жалап өткендей күй кешкені. "Апыр-ай,
апыр-ай, мына менің Мариям деп жүргенім Қаншайым ананың Гүлжаны болып шыққаны
ма! Солай болғалы тұр ма!.. Жо-жоқ, мүмкін емес, жаңсақтық шығар... Жаңсақ
әңгіме болар әлгі естігенім... Мариям менікі, өзімнің қызым..."

Денесі бір ысып, бір суынды. Жаңа ғана жан тебірентерлік сыр
шерткен Қаншайым анаға да, өз қызы Мариямға да қарауға дәті шыдар емес. Ары
алдында азапқа түсіп, қылмысты адамдай қысылсын бір... "Мен қылмыскермін!
Жиырма жыл бойы кісіге киянат жасап келген, ар-ұяттан безген қылмысты
бейбақпын...

Адам ұрлап, адам жасырғаннан үлкен, одан өткен арсыздық
болар деймісің бұл жалғанда. Ах, Егор, Егор!.. Тірлікте жұмыр басты пенденің
ала жібін аттамаймын, қиянат пен қысастыққа қарсы тұрамын, онымен күресіп
өтемін деуші ең-ау!.. Күрескенің осы ма?.. Осы ма ақжүрек, адал, мейірімді де
момақан пенде болып, біреуге тұтқа, біреуге нұсқа болғаның...

Миы солқылдады. Қос құлағы шыңылдап, көзінің алды бұлдырады.
Шындық пен өтірік атты қос дүниенің ортасынан тартылған қыл көпірдің үстінде
қалт-құлт етіп, қалай қарай қисая кетерін білмей, басы қатты. "Шындықты айтсам,
Мариямнан мәңгіге айрылғаным да!.. Тағы да, қалған тырнақтай тірлікте,
жападан-жалғыз төрт қабырғаға телміре қарап, сары уайыммен таңды атырып, күнді
батырармын... "Қубас Жагор" дер мына халық. Қайтсем екен, а?.. Үндемей қалсам,
менің бұл қылмысымды жақын арада кім әшкере қыла қояр дейсің! Ондай көріпкел
құдіретің әлі жаратыла қойған жоқ шығар. Немен, несімен дәлелдей алады... Ал,
дәлелдеші. Қылмысымды бетке қойып көрші... Бірақ арың... адамдық арың мұндайды
кешірер ме? Әз ұятыңның алдында не деп ақтала аларсын. Бейшара, бейбақ ана
еңірегенде етегі толып, жанарынан жас бұршақтатпады ма! Жүректе мұз боп қатқан
жиыр­ма жыл бойғы шерді жібітер құдірет қолымда тұрғанда, несіне аянып қаламын.
Онсыз да қылмысты емеспін бе. Осы уақытқа дейінгі бар айыбымды барша халық
алдында, тап қазір осылай жумаймын ба мен! Жарық жалғанға ана құрсағынан пәк
болып келіп, таза болып келіп, о дүниелік ұзақ сапарға аттанарда, дененді ит
иіскемей қалса... оның несі мұрат... Қаншайым ана-ай, қуаншы бір! Қуаншы бір ақ
жүрегіңді айқара ашып, маған да оңай тиер деймісін, амалым қайсы. Қуан, шаттан,
Ана! Үйді басына көтере "Қызым, Гүлжаным!.." деп,  бар даусыңмен жар сал. Мариямды ана кеудеңе
алып, мауқыңды басшы... Әне, Гүлжаның! Гүлжаныңды ал...

Жагор орнынан көтерілгенде өңі өрт сөндіргендей болып
қабарып түтігіп кеткен екен. Тілі таңдайына жабысып қалыпты.

-  Сол-л... - деп,
тұтығып қалды. Жанары жасаурап кетті.

-  Сол екен ғой, менің
Мариям деп жүргенім Гүлжан болды ғой... - деді де, кері бұрылып, орамалымен
көзін сүртті. Оқыс елең еткен Ананың өткір жанары топты жарып етіп, Мариямға
қадалды. Қос жанар ана мен перзент жанары ілездемде бірін-бірі іздеп тауып,
ауада айқаса кетті.

- Гүлжаным!.. Қызым!... - Қаншайымның бұдан басқа сөз айтуға
шамасы келмеді.

Ел Қаншайым мен Жагордың ортақ қызы Гүлжан - Мариямды
құшақтарына алып, қайта-қайта бетінен сүйіп, еміреніп жатқанда Ананың көзінің
алды тұманданды, құлағының түбінен дыңылдап, кетпей тұрып алатын сыңси жылаған
сәби үні бірте-бірте алыстап алыстап барып, енді біржола ғайыпқа сіңіп бара
жатқандай...

                                                    
* * *

Қаншайым ана неге екені белгісіз, сол күннен бастап тілден
қалды. Дәрігер қыз оған неше түрлі уқол әкеліп салды, дәрі ішкізді. Бәрібір ем
қонған жоқ. Ауданнан шақыртылған шипагерлер де түк істей алмады.

Қызы енді алаңсыз анасының жанынан бір елі шықпай күтіп
отыратын болды. Былайғы жұрт қыздың өмірбаянына кейінірек қанықты: Жагор өзі
бағып-қағыпты. Соғысқа аттанып бара жатқанда балалар үйіне "Ма­риям
Иванова"  деп өткізген екен, кейін
аман-есен оралған соң, қайтадан қолына алыпты. Мектеп бітіргізіп, медицина
училищесінде оқытады. Сөйтіп, әдемі мамандық алуға мүмкіндік жасайды...

Екеуден екеу қалған кей сәттерде, Қаншайым былдырлай, қызына
бірнәрсе айтқысы келеді. Әрі қиналып, бері қиналып, ақыр соңында онысынан түк
өнбей, теріс қарап жатып қалғанда, жастыққа бірер тамшы жас тамып кетеді....

 Кейінгі кездері
етікші Жагор да осы үйден ұзап кете алмай, айналшықтай беретін болды.