ВЕРНУТЬСЯ

 1

- Мына жаныңыздағы орын бос па?..

- Бос болуы керек.

- Онда мен отырайын.

- Еркіңіз білсін.

- Жоқ, жаратпай отырсаңыз, басқа орынға кетейін.

- О не дегеніңіз, сізді жақтырмайтындай... маған не
істедіңіз? Бірінші рет көріп тұрмын ғой.

- Кім біледі! Кейбіреулер болады, өмірі адам баласын ұната
бермейді. Әйтеуір бір жерінен кемшілік тауып...

- Мен ондай кісі емеспін. Қорықпай-ақ қойыңыз.

- Сұрап жатқаным да. Алдын алып дегендей...

- Сіз... өзіңіз сондай кісі емессіз бе! Келмей жатып жағадан
алдыңыз...

- Бұл - әдетім. Қай кезде де әңгіменің басы ашық болғаны
дұрыс.

- Е-е, түсіндім.

- Онда отырайын.

- Отырыңыз...

                                                                                2

Қабаш қасына отыра кеткен көршісіне көз қиығын салып,
бірнеше рет қиықтана қарап, «өзі қызық кісі» дегендей, бірауық сол ойдан ажырай
алмай отырған. Анау жайғасуға еш асықпады. Әуелі костюмін шешті, оны жоғарыға
ілді. Сосын көйлегінің жең түймесін ағытты, оны шынтаққа дейін түрді. Сосын
қалтасынан тарақ алып, шашын тарады. Ұзақ тарады. Бурыл тартқан шашы майлы
екен, тараған сайын жата қалады, тікірейіп тұрған бір тал да жоқ. Қабаш өз
шашын ойлады. Ылғи да тікірейіп, тікенектеніп тұрады. Қанша сулап жатса да, сол
қалпы. Кірпінің үстіндей.

- Ал, енді таныс болайық көрші. Менің атым - Танаш.

- Қабаш.

- Міне, керемет! Атымыз да ұқсас екен. Жас шамамыз-з...

- Бір жылдан соң елуге толамын.

- Мәссаған! Мен де солай... Бұл өзі не деген ұқсастық.
Атымыз да, жасымыз да...

- Ондай бола береді ғой.

- Жоқ, бола бермейді. Бұл - сәттілік. Сирек кездесетін
сәттілік. Демек, жолымыз болады екен.

Осы кезде үлкен лайнер де көгілдір аспанға көтеріліп бара
жатты.

- Сіз... Алматыға бара жатсыз ба?

- Алматыға. Одан әрі Талдықорғанға...

- Әні, айттым ғой. Бұл өзі сәттіліктің сәттілігі. Мен де
солай. Талдықорғанға барам... Іссапар. Жұмыс бабымен... Сіз де солай шығарсыз.

- Жоқ, мен тойға бара жатырмын. Досымның баласы үйленіп
жатыр.

- Е, осы жерде сәл ғана алшақтық бар екен. Сіз тойға, ал мен...
Оқа емес. Онда тұрған дәнеңе жоқ. Ең бастысы - бағытымыз бір. Тіпті осы
самолеттен түсе салысымен бірге тартып кетсек те болады екен. Оны көре
жатармыз...

Танаш танаурап сөйлеп, әңгімесін әзер ауыздықтап болып,
кішкене креслоға шалқайды. Қабаш та қолына кезекті газет нөмірін алып, оқи
бастады. Сол-ақ екен Танаш басын шұғыл көтеріп алып:

- Мына оқып отырғаның «Время» ма? - деді.

- Иә, сол газет.

- Әй, осы бар ғой, мен осы газетке риза емеспін, - деді
Танаш. - Қайдағы жоқты теріп жазады. Анаған да тиіседі, мынаған да...

- Тиіскені қалай? - деп Қабаш оған таңдана қарады. - Әртүрлі
пікірлер жарияласа, онда тұрған не бар?..

- Жоқ, олай емес. Бұлар әдейі дау-дамайлы тақырыпты іздейді.
Сөйтіп, ел назарын өзіне аударғысы келеді. Жұрт газетті емес, жаңағыдай скандальный
материалдарды көп іздейді, соған әуес қой. Міне, сөйтіп бедел жинағысы келеді.
Бұл - арзан бедел.

Қабаш ананың сөзін тыңдай отырып, ойланып қалды.

- Сіз... журналиссіз бе? - деп сұраған.

- Қайдағы журналист! - деп Танаш ыршып түсті. - Атын атамашы
солардың! Жазатындары өтірік, іздейтіндері өсек...

- Журналистердің барлығы да ондай емес шығар...

- Бәрі емес. Бірақ көбісі сондай. Оған бола дауласпай-ақ қой
менімен. Айтпақшы-ы... сіз өзіңіз журналист шығарсыз?

- Мен де басқа мамандық иесімін. Бірақ газет-журналға
әуеспін. Көп оқимын. Іздеп жүріп оқитын журналистерім де бар.

- Ха-ха! - деп күлді Танаш. - ...іздеп жүріп оқитындай ол
қандай ғұлама! Ондайлар осы күні жоқ. Бәрі де саясаттың сойыл соғары. Белгілі
бір топтың сөзін сөйлеушілер...

- Бәрі емес.

- Көбісі сондай. Әйтпесе айта қойшы, осы күні жарқырап
көрініп жүрген, қара қылды қақ жаратын қандай журналист бар, а! Бәрі де саясат
шылауында кетіп барады. Жалпы мен айтар едім, осы күні тек журналистер ғана
емес, барша саясаткерлер де өз құлқыны, өз жағдайы, өз креслосы айналасынан
ұзап шыға алмайтындар.

Қабаш енді газетті екі бүктеп, папкісіне сала қойды. Әңгіме
қыза түскен сияқты.

- Сіздің ойыңызша... осы күнгі партия, қозғалыс басқарып
жүргендер де өз құлқынын ойлағандар ма?

- Солай. Бәрі де солай. Біреуі - өзінің биік орынтағынан
айрылып қалып, соған ренжіген адам; екіншісі - үлкен қызметке жете алмай,
шаршаған кісі, үшіншісі - бүгінгі басшыларды жек көретіндер, соларды қайтсем
сүріндірем деушілер...

- Партия, қозғалыс құрғандардың бәрінің де ойы сондай десек,
ол үлкен қателік емес пе! Олардың арасында елді, халықты, болашақты ойлап
жүргендер де бар шығар...

- Бар болса, бар болар. Көпке күш шаша алмаймын. Алайда,
өзіңіз - ақ ойлаңызшы, ел қамын ойлаған адам неге партия, қозғалыс құруы керек?
Неге ол бүгінгі билікті айқайлап, үркітіп, масқаралап көрсетуі керек? Шын
жүрегі таза адам -өзінің ішіндегі ойын олай жеткізбегені абзал. Айқай-ұйқайға
ұласқан әділеттілік айтысы түбі жақсылыққа апармайды.

Қабаш оны тағы да сөйлете түсті.

- Сонда... сіздің ойыңызша кез-келген адам айқайлауға, дауыс
көтеруге, әділеттілік сұрап ұрандатуға бармауы керек пе! Бара қалса, онда
қателескені ме?

- Тағы да айтам. Атам қазақ «шағыммен - шаттық орнамайды»
деген. Демек, нені де ақылдаса, ойласа отырып шешу мақұл. Мен бүгінгі басшыны
аспанға көтере мадақтау, мақтау керек демеймін. Алайда, бір-ақ күнде бар
істеген ісін жоққа шығарам деушілерге қарсымын. Ел басқару - оңай іс емес.
Мұндай шаруада қателік те болмай қалмайды. Кез-келген елдің басшысы өз кезінде
жақсы ісімен қабат кемшілік те жіберуі әбден мүмкін. Ал, бірақ сол кемшігін
ғана айтып, соны айбарақ етіп, ел-жұртқа масқаралаймын деушілер - қателеседі.
Ол жеме-жемге келгенде өзімізге өзіміз күлгеніміз.

- Өзіне-өзі күле білген ел - ақылды ел демеуші ме еді...

- Ендеше былай дейін. Бұл - өзімізді-өзіміз масқаралауымыз.
Өз ақымақтығымызды өзіміз әшкерелеуіміз.

- Неге біз бүгінгі басшыны сынға алсақ, өз-өзімізді
масқаралаған боламыз? Басшы жіберген кемшілікті көріп тұрып үндемеуге бола ма?

- Көре тұрып үндемеуге болмайды. Егер кемшілік расында да
елге, халыққа зор нұқсан әкелетін болса, оған қарсы тұрмау ақымақтық қой.
Алайда медальдің екінші жағы тағы бар. Бізде «кемшілікті әшкерелеу» деген
сылтаумен басшының басқан ізін аңдып, әйтеуір бірнеңе табуды мақсат тұтатындар
да бар. Бұлар ше? Бұларға не дейсіз?

- Ондайларды арызқой дейді. Біздің әңгімеміз олар туралы
емес.

- Сол кіші арызқойлық пен үлкен саясаткерлік екеуінің арасы
мүлдем жақын нәрсе. Әрі тартсаң анаған, бері тартсаң мынаған кете бермей ме.

- Олай емес болар. Саясаткер басқа, арызқой басқа
дегендей...

Танаш бұл жолы әбден қызынып алды да, Қабашқа қарсы сауалды
боратты.

- Әуелі арызқой адам деген кім? Осыны анықтап алайықшы.

- Арызқой, арыз жазатын адам дейік. Ал, ол неге арыз жазады?

- Арызқой болған соң...

- Жоқ, оның да себебі бар. Кез-келген есі дұрыс кісі, мен
ауру, біреуді көре алмайтын, қызғаншақ, ішітар кісі туралы айтып тұрғам жоқ,
біреуді жамандауға ұмтылмайды. Өйткені таяқтың екі ұшы бар екенін ол әбден
біледі. Бірақ амалсыз қолына қалам алатыны - белгілі бір себептен. Айталық,
өзінен лауазымы жоғары кісінің қысымы, болмаса жұмыс бабындағы әділетсіздік,
әйтпесе өзіне тиесілі нәрсені өзі ала алмауы, тағы сондай-сондайлар жүйкесін
жұқартады. Содан кейін барып...

- О-о, - деді Қабаш күле сөйлеп, - ... сіздің сөзіңізді
тыңдап отырсақ, жер бетіндегі бүкіл арызқойларды ақтап алуға да болады
екен-ау...

- Мен арызқойларды, әсіресе іштар, қызғаншақ, көре алмайтын
арызқойларды ақтаудан аулақпын. Тіпті арыз жазу деген сөздің өзі ақтаудан гөрі
даттауға бейімірек. Дей тұрсақ та... бұл тірлікте әр зат өз атымен аталуы
керек. Мен арыз жазушыларды екі топқа бөлем: бірі - жаңағы қызғаншақтар мен
іштарлар; екіншісі - жаны күйіп, амалы таусылып барып қолға қалам алатындар.

- Бұны түсіндік делік. Ал, енді арыз жазатын адам мен
саясаткердің қандай байланысы бар? Осыны түсіне алмай отырмын...

- Ә-ә, бұл енді жаңағыдан да тереңірек мәселе. Арыз жазатын
адам екі топқа бөлінеді дедік. Алғашқысы - өз атын өзі айбарақ етіп, өзі
жазатындар. Ол - бір. Енді арызды өзі жазбайтын, бірақ екінші, тіпті сол екінші
арқылы үшінші біреуді айдап салып, сол арқылы шағым түсіретіндер де бар. Олар
түлкіден де қу, айлалы. Ешқашан ұстатпайды. Ұстап тұрсаң да мойнына алмайды.
Бар ма сондайлар?

- Иә, бар ондайлар.

- Бар болса, соларды кім дейміз?

- Білмедім. Айлакерлер, зымияндар,  қушыкештер... Тағы кім деуге болады.

- Міне, осылар саясаткерлер. Олар кез-келген жағдайда тонын
да, түрін де өзгертіп кете береді. Ең бастысы - жеңіске жетсе болды.

- Жеңіс? Қандай жеңіс... Кімді жеңеді?..

- Бір топ екінші топты. Ана топ мына топты... Қысқасы, қоғам
ішіндегі айтыс-таластан туындап жатады бұның бәрі де. Біреуі біреуін жеңу үшін
тек шағым ғана ұйымдастырып қоймайды олар, топтаса отырып, партия құрады,
қозғалыс құрады...

- Еһе, сіз әңгімені қай жаққа бұрып барасыз? Сонда осы күнгі
партиялар, қозғалыстар...

- Дәл солай. Олар жайдан-жай құрылған жоқ. Ол - саяси
мұқтаждық. Белгілі бір топ үшін керек...

Осы кезде Танаштың қалта телефоны шырылдады. Әңгіме үзіліп
кетті...

Ол әлдекімдермен ұзақ-қ сөйлесті...

                                                                           3

Қабаш әрі ойланды, бері ойланды. Қасындағы көршісінің
әңгімесі еріксіз ойландыратындай.

«Арыз... Шағым... Саяси ойын... Саясатшы... Түсінсем
бұйырмасын! Сонда бұл қоғамда кімге сенуге болады?..»

- Уа, көрші! Не ойлап отырсың?..

Танаш жымия күліп, бұның иығынан қақты.

- Жәй, мына терезеден жерге қарап... - деп, Қабаш аузына
келген сөзді қиюластырған болды.

- Жер! - деді Танаш. - Қара жер жарықтық мәңгілік қой! Тек
өткінші ұрпақ - бізбіз. Бізге дейін де талайлар өлген, бізден соң да келеді.
Келу мен кету! Ешнәрсенің байыбына жете алмай өте шығамыз...

- Қалайша! Әр адам өз өмірінде, мейлі ол қысқа болсын не
ұзақ болсын, белгілі бір із қалдырмай ма?

- Қандай із?

- Енді-і... іс бітіреді. Ғылыммен айналысады, жаңалықтар
табады. Тіпті ең болмағанда артында өз ұрпағын қалдырады.

- Е, оның бәрі де жай нәрсе ғой. Ғылым бізге дейін әбден
зерттеліп біткен. Ұрпақтың келуі мен кетуі де жаңалық емес. Қысқасы, адам өмірі
жәй ғана қас-қағым сәттік құбылыс. Бірақ сөйте тұра пенделер айтысады,
таласады, тартысады. Өйткені, олар өмір мәніне үңілмейді. Егер шынымен-ақ
үңілер болса, бәрі түк те емес. Билік те, лауазым да, атақ та... Бәрі жай
нәрсе.

- Бұған қосыла алмаймын. Билік пен лауазым расымен-ақ
уақытылы нәрсе болар, ал бірақ атақ-даңқ олай емес қой. Кісінің атағы ұрпақтан
ұрпаққа кетпей ме. Мысалы, жазушы кітап жазса, оны 100 жыл, 200 жылдан соң да
оқитындар табылмай ма! Бұл деген мәңгілік бастауы емес пе!

- Атақ-даңқ деген ол да адамдар ойлап тапқан зат, - деді
Танаш. - Мәселен, ХVІІІ ғасырдағы атақ-даңқ осы күні кімге керек? Тіпті күні
кешегі Кеңес дәуіріндегі Лениндік сыйлық ше? Соны қазір кім алады? Кімге беріп
жатыр?

- Атақты қоя тұралық. Адамдар ше! Атағы онсыз да жер жарған
кісілер ше!

- Ол да жәй нәрсе. Жаңағы Лениндік сыйлық осы күні жоқ
дедік. Тіпті оны айтасыз, ана қолдан жасалған қайраткер Ленин де қазір шын
бет-пердесін ашып жатқан жоқ па! Осы күні Ленин кім? Көптің бірі. Көп
саясаткерлердің бірі ғана. Күн көсем де емес, пролетариат данышпаны да емес.
Жай ғана саясатшы... Тіпті ол өзі белгілі бір топтың қолшоқпары болды деушілер
де табылып жатыр.

- Түсінбедім. Сонда қалай, біз осы бетімізбен барша
зиялыларымызды жоққа шығарып бітеміз бе?

- Жоққа шығармау керек. Ақты ақ, қараны қара деу керек.
Әсіресе, қолдан жасалған көсемдерді елге айту парыз. Өтірік бәрібір өзін-өзі
әшкерелейді. Ерте ме, кеш пе бәрібір...

Қабаш енді шын шатасайын деді. Тыңдағанынан таңданысы
көбейіп барады.

- Саясаттың бәрінің астарынан ондай жымысқы ой іздей беру
жөн бе! Бұл өзі кісіні шатастырып жіберетін нәрсе ғой.

- Міне, саясатшыларға да керегі сол. Елдің шатасқаны, миы
айналғаны... Сонда олар үгітке тез көнеді. Айтқанға тез ереді. Ал, арғы жағы
белгілі...

- Белгілі болғанда, аяғы қайда бастайды?

- Аяғы ма? Аяғы - белгілі бір топтың билік басына жетуімен аяқталады.
Сосын қайтадан басталады. Баяғы елге бақытты заман тудырам дейтін саясаткерлер
де өз бас қамына кірісіп кетеді. Уақыт өте келе тағы бір топ бас қылтитады.
Тағы да саяси ойын... тағы да саяси қақтығыс... талас-тартыс... Алдау, арбау...

- Сенің сөзіңе сенсек, тіпті өмір сүріп керек емес.

- Өмір сүру керек. Бірақ өз ойыңмен...

- Менің ойым кімге керек!

- Ешкімге де. Ол өзіңе ғана керек.

- Атақ-даңққа да ұмтылма демексіз бе?

- Ұмтылмаған абзал. Атақ іздеген адам қайтсе де саясатқа
ұрынады. Саясатшылар торына қалай түскенін білмей қалады. Саяси тордың өз жолы
бар...

- Сіз өзіңіз... бір партияға мүшесіз бе?

­-Жоқ. Мен өзім бір партиямын.

- Газет-журнал оқисыз ба? Ұнататын газетіңіз...

-Қазір оқымаймын.

- Неге?

- Өйткені бүгінгі баспасөз де саяси торға түскен баспасөз.
Демек, не жазатыны да белгілі. Жаңа «Время» туралы айтқаным да содан. Сіз
көңіліңізге алмаңыз. Мүмкін сіз сол газетті ұнататын боларсыз. Ол енді өз
шаруаңыз. Ал, менің өз ойым бар...

- Әрине! Түсінем-м...

                                                               4

 - Партиялар мен қозғалыстар бізде ғана емес, шетелдерде де
бар ғой, - деп Қабаш енді қарсы уәж айта бастады. - шетел басылымдарының
жазуынша, партиялар өз елінің басшысының жіберген кемшіліктерін дер кезінде
көрсетеді. Елге жария етеді. Қысқасы, мақсаты айқын... Ойлағандары - ел қамы...

- Соған сенесіз бе?

- Енді... сенбегенде...

- Ал, мен сенбеймін.

- Неге?

- Өйткені, партия, қозғалыстардың ісінде бәрібір ала-құлалық
болады. Олар қалай дегенде де сол өз кезіндегі басшыны сүріндіріп, өздері
билікке барсақ деп армандайды. Бұл да пенделік арман. Ол үшін кінәлауға да
болмас. Алайда, билік үшін таластың аяғы қиянатқа да апарып соғуы әбден мүмкін.

- Қысқасы, сіздің ойыңызша барша жұрт билікке бас шұлғып,
құрақ ұшып тұруы керек қой шамасы. Билік не десе де, ләббай деуі жөн демексіз
бе!

- Мен олай дегем жоқ.

- Енді әңгіме ыңғайы соған келіп тұр. Партия, қозғалыстарды
қолдамайсыз. Саясатшыларды да ұната бермейсіз. Саясатты да, саясаткерді де жек
көресіз.

- Саясатшылар мен саясаткерлерді ұнатпайтыным рас. Бірақ
саясатты емес.

- Сонда қалай? Түсінбедім.

- Саясат басқа. Саясатшы басқа.

- Екеуі бір емес пе?

- Жоқ! Саясат сөзі әу бастағы мағынасында өте дұрыс ұғым.
Оны жақсы мағынада қолдансақ, саясат - қадірлі. Мысалы, мен отбасымды ұйытып ұстауым
үшін ептеп саясатқа барам. Ол жаман ба! Жоқ. Мен еліме зиян тимеу үшін, өзге
жатжұрттықпен ептеп саясатқа кірем. Ол бұрыс па? Меніңше, дұрыс шешім. Ал,
бірақ өз бас қамы, өз креслосы, өз атағы үшін саясатқа түсіп жатқандарды ұната  алмасым анық.

- Мемлекеттің іргетасын шайқалтпай ұстап тұру үшін де саясат
керек деседі...

- Бұл рас. Бұл - шындық. Мемлекеттік саясат пен бақай есеп
саясатты шатастырмау шарт. Екеуі аспан мен жердей...

- Партия жетекшілері де өздерін мемлекеттік саясатты
жүргізушілерміз дейді.

- Бәрі емес.

- Бірқатары...

- Әй, соларға да күдігім бар. Менің шын ойым - мемлекеттік
саясатты мемлекеттік аппарат жүргізеді. Жүргізуге міндетті де.

- Ал, сол аппараттың өзінде былық шығып жатса ше! Ондайлар
бар ғой.

- Енді көп ішінде кездейсоқтар да кездесе береді. Бірақ
көпшілігі мемлекеттік саясаткер... Соларға арқа сүйеген абзал.

- Сіз, шамасы, мемлекеттік аппаратта қызмет істеген кісі
болдыңыз ғой.

- Ептеп.

- Қазір ше?

- Қазір онда емеспін. Өз еркіммен кетіп қалдым. Кішкене
өкпем де болды. Алайда жеке өкпе үшін жалпыға күл шашуға болмайды.

- Мемлекеттік аппарат қайтсе де өз дегенін істейді дейді.
Сол рас па?

- Мемлекет үшін керек іс болса, онда оған неге күдіктене
қарауымыз керек. Мемлекет деген - сен, мен, менің отбасым, сенің отбасың...
Солар аман болсын десек, мемлекеттік саясаткерлерге сенуіміз қажет.

- Ал, олар қателесіп кетсе... Ойына арам пиғыл кіріп
кетсе...

- Онда халық өз сөзін айтуы тиіс.

- Сол халық сөзін айтушы - жаңағы қоғамдық қозғалыстар емес
пе!

- Тағы да айтам: партиялар мен қоғамдық қозғалыстар тек қана
таза ниет үстінде бола бермейді; олардың бір ұрты арам; елді айта отырып, өз
мүддесі есінде тұрады; халықты айта отырып, қарын қамын қоса тықпалайды...

- Түгел олай емес қой...

- Әй, көбісі солай.

- Иә, - деді Қабаш. - ... сіз шыныда да оларға қатты өкпелі
екенсіз.

- Менің өкпем кімге керек! Расы - сол ғой. Оны несіне
күлтелектетеміз...

                                                                             5

 - Осы сіз өзіңіз қайда жұмыс істейсіз? - деп, Танаш енді
Қабашқа сауал берді. 

- Мен бе! Мен... бір қоғамдық қозғалыстың жетекшісімін.

- М-да! Солай де!..

Танаш осыны айтты да, үндемей қалды. Содан қайтып жақ ашқан
жоқ.

Самолет Алматыға қонатын болды.

Ол сонда да үндемеді.

Самолет жерге қонып, сыртқа шыққан соң, Танаш пен Қабаш
екеуі екі жаққа беттеді. Бір-біріне қараған жоқ...

                                                                         2. Сыра

                                                                                1

 - Екеуміз осы күні арақ ішуді де қойдық, ә! - деп, Танабай
қасындағы құрдасына әзілдегендей болып, иығына қолын сала берген. Қыңырбай досы
ыршып түсті. Ыршып түсті де:

- Мен бұрын да жетістіріп ішкен емеспін сол пәлеңді, - деді.

- Е, ішкенің өтірік пе! Талай-талай отырыстарда бірге болған
жоқ па ек, сондайда бір кісідей-ақ сіміруші ең ғой...

- Осы сендерге түсінбеймін, - деп, кәдімгідей ренжи тіл
қатты Қыңырбай. - Мен сонда алқаш болғаным ба? Қашан араққа тойып ап, далада
құлап қалыппын...

Танабай әлі де әзіл сөзін әрі жалғап, досының шабынан түртіп
тұр.

- Енді... өмірі ішпеген адамдай... Аузыңа арақ алмаған пенде
болсаң бір сәрі, неменеге бұлданасың. Білеміз ғой...

- Нені! Нені білесің!.. Мен ешқашан арақты салынып ішкен
адам емеспін. Және есіңде болсын, аздап ішкенім рас, бірақ ешқашан мас болған
емеспін.

- Ой-й, Қыңырбай, сен тіпті шынттап барасың ғой, - деп,
Танабай енді оны басуды ойлаған. - Ішпесең ішпеген шығарсың. Аздап ауыз тисең,
солай-ақ шығар. Мен сені ішкіш дедім бе! Айтсам - соңғы уақытта екеуміз де
ішпейтін болдық дегенім де. Сол құрғырды... мүлде қойып кетсек қанеки! Күн құрғатпай,
салынып ішкендерге шыққан мүйізді де көрмедік қой...

- Оның рас. Тек өтінерім - бұдан былай «сен кезінде ішкіш
болғансың» демеші. Осы сөз өте ауыр тиеді маған.

- Түсіндім. Қойдым енді.

- Өтінем сенен...

- Қойдым дедім ғой. Сөзім-сөз. Уәде-уәде! - деп, Танабай бір
түйіп тастады да, артынша: - Ал, досым, бүгін сенбі. Жұмыс та аяқталып қалды.
Түс ауа бізді кім іздей қояр дейсің. Не істейміз? - деді.

- Не істегені қалай?

- Осылай үйге қайта береміз бе! Жоқ, әлде жолай бір жерге
соғып...

Қыңырбай тағы да ыршып түсті.

- Жо-жоқ, жаңа ғана өзің айттың емес пе! Ішуді қойдық қой.

Танабай айтты:

- Арақ ішпесек, ішпей-ақ қоялық. Бірақ... әлден сопы болып
кетуге ертерек. Жасымыз елуге жете қойған жоқ. Ең болмаса сыра ішелік.

- Сыраға да зауқым жоқ, - деді - Қыңырбай. - Сол пәлекетің
арақтан да жаман ба деймін. Басыңды ауыртқанда сындырып жібере жаздайды.

- Қойшы сен де. Бір-бір кружкадан ішелік. Бары-жоғы бір
кружка. Тек әңгіме айту үшін... Екеуміз жеке сөйлеспегелі  қанша уақыт, жұмыс-жұмыс деп, тіпті бөтен
адам боп барамыз. Бір-бір кружка...

Әй, қоймадың ғой, - деді Қыңырбай да. - Болсын ендеше.
Кеттік сыраханаға...

                                                        
2

 

Аядай ғана сырахана іші гу-гу. Араның ұясындай. Біреу кіріп,
біреу шығып жатыр. Бірі қызара бөртіп, екіншісі шала масаңдау болып, үшіншісі
сүріне басып кетіп барады. Ең бастысы, мұнда кім келіп жатыр, кім кетіп жатыр -
онда ешкімнің шаруасы жоқ.

Танабай мен Қыңырбай да бір шеттен орын ыңғайлап, екі кружка
сыра алдырды. Шөлдеңкіреп келген Танабай бірден-ақ кружканы басына көтере,
жартылап тастады. Қыңырбай болса екі-үш ұрттады да, тыжырынып қалды.

- Ту-у, пәлекет-ай! Осылар кісіні аямайды. Мынаның тең
жарымы су ғой. Сен байқамадың ба?

- Жоқ, тәп-тәуір сияқты, - деді Танабай.

- Тәуір түгі де жоқ, жартысы қара су... Қазір мен оларға
ескерту жасаймын.

- Тоқта, кідіре тұр, - деп, өтіне сұраған Танабайдың сөзіне
тоқтамастан, Қыңырбай сыра сатып тұрған Мұртты жігітке жетіп барды.

- Сендерде ұят бар ма өзі! - деді дауыс  көтере. - Ақшасына беретін болған соң неге су
қосасыңдар?..

Мұртты жігіт еш сасатын емес. Миығынан күлгендей болып:

- Бізге әкеліп береді, біз соны сатамыз, - деді. - Сіз маған
әкіреңдемеңіз. Ішкіңіз келмесе...

Осы кезде Танабай келді де, сөзді өзі іліп әкете қойды.

- Сен сөзді көңіліңе алма, бауырым, - деді. - Досым қаттырақ
айтса, кешір.

Сосын Қыңырбайды жетелегендей болып, әрі алып кетті.
Қыңырбай бәрібір басылатын емес.

- Мен оны... мен оған әлі де айтатынымды айтқам жоқ. Сыраны
сатса, дұрыстап сатсын. Әйтпесе жайына кетсін. Көрдің бе оны... «Ішсең іш,
ішпесең кете бер» демекші ғой сонда! Оңбаған десе...

- Сабыр сақташы, Қыңырбай, - дейді Танабай, - бұл көпшілік
орын ғой. Бір ашуыңды маған-ақ берші.

Қыңырбай сөйлеп-сөйлеп әзер дегенде басылды-ау. Енді Танабай
өзі барып, сыра сатушы Мұртты жігітпен сөйлесті.

- Достым, - деді оған, - сен бізді кешір, әрине. Бірақ шыны
сол, бізге құйған сыра тым дәмсіз. Суы көп. Өзің көріп тұрсың, біз бір
мекемедегі әжептәуір лауазымды кісілерміз. Мүмкін болса, басқа бөшкеден
дегендей... Өтініш қой.

Мұртты жігіттің жүзі жылығандай болды. Сосын Танабайға жымия
түсіп:

- Кружкаңызды әкеліңіз, - деді.

- Қазір, қазір-ақ... - деп, Танабай томпаңдап ала жөнелді.

Ол екі кружка сыраны стол үстіне қойып, досы Қыңырбайға
қарап:

- Ал, енді сіміріп көрші, - деді. - Дәмі қандай екен.

Қыңырбай кружканы екі-үш сімірді де, тамсанғандай боп:

- Е, енді мынаусы мүлде басқа, - деді. - Көрмейсің бе, бұлар
сондай... Үндемесең, ойына келгенді істейді. Ой, оңбағандар...

Танабай оған енді мән-жайды түсіндірмекке кірісті.

- Сен ғой, - деді оған, - бардың да айқайладың. Өз ойыңша
айқайға бассам, шындық орнайды деп ойлайсың. Ол, бауырым, ең әдемі әдіс емес.
Шындықтың атасы әлдеқашан-ақ өлген. Өліп қалған...

- Жоқ! - деді Қыңырбай. - Мен  сенімен келісе алмаймын. Шындықтың атасы
ешқашан өлген емес, өлмейді де. Шындық, әділдік бар. Ол адам бар жерде болуы
керек. Мен жаңа әділдікті талап етіп ем, мұртты сырашы тәуірін құйып берді.

- Ойбай-ау, ол сен айқайлаған соң құйған жоқ, мен барып
астына көпшік қойған соң құйып берді, - деді Танабай. - Бұл заманда ешкімді
қорқытып жеңе алмайсың. Жағдайға байланысты майыса, иіле білу керек.

- Әні, көрмеймісің, бәрін бүлдіретін өзіміз. Мен әділдікті
талап етсем, сен бардың да оның алдында иілдің! Неге иілесің, ол кім сонша! Біз
өзіміздің адал ақшамызға сыра ішіп тұрмыз. Ақша төледік пе, одан тәуір, сапалы
сыра талап етуге құқылымыз.

- Осы сені өмірі түсінбей-ақ қойдым, - деп, Танабай кіжіне
сөйледі. - Қашан көрсем де бір жағыңа қисая сөйлейсің. Қай жерде болмасын,
кісімен ілінісе кетесің...

- Мен көрінгенмен ілініспеймін, бәрін бастайтын олар, - деді
Қыңырбай да алған бетінен қайтпай. - Көре көзге өтірік сөйлеп тұрады, мен оған
қалай шыдаймын. Көре көзге...

- Тоқта! - деді Танабай. - Осы жерде тоқтай ғой. Айтса басқа
біреу айтып жатыр. Сөйлесе ол сөйлеп жатыр. Өтірік айтса, тағы да сол адам
айтып жатыр. Сенің қандай бес бидайың күйді? Үндемей-ақ қоюға болады ғой.

- Қалай үндемеймін! Мен үндемесем, сен үндемесең, бәріміз
үндемесек - онда өмір не болады? «Осы күні заман өзгерді, адамдар майдаланып
кетті, бәрі бұзылды» деп зар қағамыз. Соны күнбе-күн өзіміз жасап жатқанымызды
білгіміз де келмейді.

- Ой, сен де... - деп, Танабай түңілгендей болды. - Сені
үйретем деп-ақ шашым ағарды-ау. Бар адамды түзеу еш мүмкін емес деп қанша рет
айтам. Оның үстіне... заман, уақыт өз дегенін істейді. Кезеңнің өз саясаты, өз
ұстанымы болады. Соны да елемесек...

Қыңырбай сөзді бөлді.

- Қандай саясат! Қандай ұстаным...Оның бәрі де өз қолымызда
емес пе. Біз бәріміз  болып қолға алсақ,
түзелмейтін нәрсе бола ма! Бәрі өзімізден... Жастар бұзылып барады дейміз. Ол да
өз тәрбиеміздің төмендігінен. Өзіміз өтірік айтамыз да, балаларымызға өтірік
сөйлеуді үйретеміз. Өзіміз өтірік күлеміз де, балаларымызға соны үлгі етеміз.
Сонда... арты не болмақ!

- Жә, отбасы әңгімесі бөлек мәселе, - деді Танабай қостаған
сыңаймен. - Мен ол туралы емес, жұмыс кезіндегіні айттым. Өзі ұжым болса,
ұжымда көп адам жұмыс істесе, солардың дегеніне бағыну деген болмай ма. «Қырық
кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болғанда табарымыз қайсы? Ортаға
икемделмейінше, дұрыс жұмыс істей алмаймыз ғой.

- Ортаға икемделу! Сонда қалай! Орта өтірік айтса, өтірік
сөйлесе, өтірік күлсе... мен де соларды қайталай беруім керек пе! Онда мен өз
мінезімді жоғалтам ғой. Мінездің майырылуы ғой ол... Жоқ, мен өйте алмаймын. Сен
өзің біл...

Танабай басын ұстап, қинала сөйлей бастады.

- Өтірікке өтірік, қулыққа қулық жаса деп жатқам жоқ. Ең
болмаса, сол көпшілік айтып жатқан өтірікті біле тұрып та, өзіңді ұстауға,
салмақты болуға болады ғой. Айталық, қырғи қабаққа бармай, үндемей-ақ...

- Мен өйте алмаймын. Әділетсіздікке үндемей қалу - мен үшін
өлгенмен бірдей. Сен қалай ойласаң, олай ойла! Мен өз пікірімде қалам. Ұзын
сөздің қысқасы сол.

Оның сөзіне енді Танабай да намыстанып қалды.

- Сонда... сенің ойыңша, мен екі жүзді, хамелеон болғаным
ба?

- Хамелеон емес шығарсың, алайда... соған жақынсың. Өйткені
сен кез-келген жерде, кез-келген ситуацияға бейімделгенді дұрыс көресің. Адам
біткен түгел сондай мінезді үйреніп алса, онда арты не болады! Атасы өлсе де
әділін айтатындар жер бетінен жоғалмай ма!

- Жоқ! Сен менің ойымды басқа жаққа бұрып әкеттің. Менің
айтпағым - жер бетінде тыныштық, тату-тәтті өмір болуы үшін адамдар өзара
түсіністікте болғаны абзал. Яғни, ұрыс-керіс, айтыс-таласқа жол бермеу қажет.
Ал, саған салса...

- Маған салса, мен қай кезде де әділін айту керек деймін.
Уақытша тыныштық үшін өтірік күлудің түк те пайдасы жоқ. Қиянат пен өтірік
бәрібір өзінің бет-пернесін ашады. Ал, сол кезде ше! Сол кезде не істейміз?

- Қандай да қисық, жолсыз істі айқай-ұйқайсыз да жөнге
салуға болады. Ол үшін ең әуелім төзім керек. Сабыр керек.

- Қанша сабырлы болсаң да, сен мына сыраханаға әділдік
орната алмайсың. Бұлар ел үстінен күн көріп үйренгендер. Бұлармен тек қана
қатты сөйлесу керек. Қорқыту қажет. Сонда ғана тәубесіне келеді.

- Әй, осы сенің мінезің-ай! - деді Танабай. - Өзің-ақ ойлашы,
осы күні жер жүзінде болып жатқан ұрыс-керістің түп төркіні неде? Әрине, өзара
түсінісе алмауда. Ә десе, мә дейтін заман өтіп барады ғой, достым.

- Жоқ! - деді Қыңырбай. - Қисық пен қыңырды түзеудің жолы -
шоқпар. Көпті ықтырудың жолы - мінез. Мінезі жоқ кісіні ешкім де сыйламайды.

- Қайдам-м!.. - деп Танабай да ойланып қалды.

Енді екеуі де аз-кем үнсіз қалды. Танабай Қыңырбайға
қарайды. Әлгінде ғана сыраны ептеп сіміріп ішіп тұрған досы енді кружканы
басына төңкеріп жатыр.

- Мен тағы бір кружкадан әкеле қояйын, - деп Танабай жүгіріп
кетті. Кетті де тез оралды.

Жаңадан келген сыраны енді іше берді де, Қыңырбай түкіріп
жіберді.

- Туһ! Мына оңбағандарға дауа жоқ екен. Тағы да бүлдірді.

- Нені?

- Сыраны айтам. Жарымы қара су. Қой, бұл болмайды екен. Мен
оларды орнына қояйын.

Ол Мұртты жігітке жетіп барды. Сосын жағасынан ала түсіп:

- Иттің баласы, не сыраны дұрыстап сат, не болмаса бұл
арадан табаныңды жалтырат - деді.

Мұртты жігіт те қарулы екен. Қарсы қайрат қылды. Екеуі
ұстаса кетті. Қорқатын Қыңырбай емес.

- Сен кімді ақымақ еткің келеді, иттің баласы...

- Ит өзіңсің. Жақсы сыра ішкің келсе, ресторанға бар. Мұнда
неменеге келдің? 

- Ә, сендер екінші сортты сыра сатады екенсіңдер ғой. Оны
неге ертерек ескертпейсің.

- Онда шаруаң болмасын. Бізге келетін өз адамдарымыз бар.

- Сен... сен нағыз оңбағансың! Халық үстінен күн көрген
сүмелек-к...

- Сенің де адал ақы, маңдай теріңмен күн көріп жүргенің
шамалы шығар.

- Менің арыма тиме сен! Мен... адалмын. Мен... ешқашан өтірік
сөйлеп көрген кісі емеспін.

- Күдігім бар, бұл заманда тек қана адалдықпен өмір сүріп
жатырмын дегендерге сене алмаймын. Ондайлар жоқ. Болмайды да.

- Болады!

- Болмайды!

- Болады!

- Болмайды...

Осы кезде Танабай келді де екеуін ажыратты. Қыңырбайды
қолтығынан сүйеп, сыртқа алып кетті.

- Ой, ит... Менің адал екеніме, шын сөйлейтініме күдік
келтіреді-әй! Өзі әбден боққа былғанған соң, елдің бәрі солай деп ойлайтын
шығар. Өй, иттің баласы-ы...

- Жарайды. Қойшы енді. «Сыраханада төбелес шығарыпты» деген
атқа қалармыз. Жүр, тез кетіп қалайық. Кім біледі, әлі милиция шақырып,
екеумізді ұстатып жіберуі де мүмкін.

 - Артына... қарасын!

- Жүр! Кеттік! Жылдамырақ...

                                                                             3

Қыңырбайды үйіне жеткізіп салған Танабай жалғыз келе жатыр.
Жол-жөнекей есіне Қыңырбайдың мінезі түсе береді. Оны әуелгі кездері қияли деп
ойлаушы еді. Көрінген жерде бүйректен сирақ шығаратынына түсіне бермеуші еді.
Бірақ бүгін қиялына басқа бір ойтүрткі түскен сияқты. Ол расымен қияли ма?
Мейлі, қисықтау, қыңырлау болар. Әйтсе де өз ойы, өз бағыты... Ал, бұл ше! Бұл
кім? Соны түсіне алмай келеді. Енді ойлап қараса қандай ортада болмасын, үнемі
өзгелердің ыңғайына бейімделіп кете барады екен. Сосын да барлық жерге сыйымды.
Ал, егер... бір рет болса да, өз үнін шығарып, өз даусымен сөйлеп жіберсе қайтер
еді. Көпшілік жақтырмайды? Ақымақ дейді? Қалайша? Неге ақымақ? Әлде...
ойындағысын айтып салса... бұл да Қыңырбай болып шыға келе ме! Сонда бұл өмірде
өтірік, өсек, жалған сөз, жала болмауы үшін шынында да Қыңырбай - мінез керек
болғаны ма? Әділдікті ұстап тұрған тек солар ма?..

«Әй, қойшы!» деді ішінен. «Әй, қойшы соны... Сол мінезі ғой
осы күнге дейін қызметтен өсе алмай жүргені де. Бәріміз сондай болып кетсек,
онда қоғам не болады. Ұя бұзылады ғой. Ұяны, ұяларды бұзбай ұстап келе жатқан
иілгіш, майырылғыш мінездер-р... Солар болмаса, әй қайдам, не боларын...»

Тағы бір ой былай деп үн қатты: «Ау, сонда адами әділдік,
бейкүнә адалдық қайтеді? Шырқыраған шындық қайтеді? Бәріне де көре тұра
көзжұмбайлық жасай берсек, тура сөзді кім айтады? Ол бейшараны... кім қорғайды?...»

Қиялында шым - шытырық ойлар қаумалап кетті.

Енді ол аяғын әзер басып, әзер ілбіді...