ВЕРНУТЬСЯ

          "Мен неге жалғыз жүремiн, соның себебiн бiлесiң бе?" деген
едi-ау ана бiр жылы Сейсен ағасы.

Бұл ол кезде сол сөзге мән бермеп едi.

"Ең әуелiм "жан қиысамыз" деп жалбақтаған досыңнан сақтан,
ал бiр бүйiрлеп қисая тартатын қасыңнан қайтсең де қорғана аласың" деп едi-ау
Сейсен ағасы.

Бұл соны кезiнде түсiнбептi...

 

                                                   
* * *

Кейбiреулерге лауазым бақ. Ал, ендi кейбiреулерге...

Жасхан осы биiктаққа (кiшiгiрiм мекеме басшысы) отырғалы
берi кеудесiне тас тығылғандай болып, бiр түйiн кетпей-ақ қойғаны. "Осы мен
расымен жақсылығын бұлдаған басшымын ба, болмаса аналардiкi көргенсiздiк пе?..
Қайсымыздiкi жөн?.. Қайсымыз адамдықтың ала жiбiн аттап кеттiк екен-н..."

Осы бiр тас түйiн ой оны кейiнгi күндерi қатты мазалайтын
болып алды. Тiптi ойламайын десе де әредiк-әредiк қиялына қайта айналып соғып,
"менi де бiрауық еске алып қойң дегендей көңiл әйнегiн тоқылдатып тұрғаны. "Осының
жауабын бер, болмаса мазаңды алғаным алған" деп тызақтайды әлгi бiр тiкенек ой...

Бәрi неден басталып едi, өзi? Оған да талай-й уақыт болып
қалыпты-ау, ә! Әй, Жасхан-ай, өзiңнен де бар. Тым ақкөңiл, аңқылдақ болып,
анаған да, мынаған да "ау, мүнда кел, менде жұмыс бар"  дей бергенше, кейбiр мекеме басшылары секiлдi
сықиып, әзер сөйлеп, креслода ырғалып қойып... отырсаң ғой... Құда да тыныш, құдағи
да тыныш...

Бiр есептен ойлайды, осы анаған да, мынаған да кеуде аша
ұмтылып, бар жақсылығын жасағысы кеп тұратыны - өзiнiң де көп уақыт жолы
болмай, көрiнген бастықсымақтардың қол астында талай жылдарын босқа
өткiзгендiгi үшiн де... Солардан көрген тепкiсi, теперiшi, тiптi қорлығы десе де
болар... соның бәрi есiне түсiп, өзiм дегендерге өле жаздап, өзегiн де үзiп беруге
ұмтыла беретiнi... Ал, бiрақ содан тапқаны...

Неден басталды бәрi?..

Иә, бүл бiр күнi шағын мекемеге басшы болып бекiтiлдi. Түнде
түсiне кiрмегенi ойда жоқта мүның алақанына 
өзi келiп түсе қалды. Дәл мұндай биiктаққа бү тiрлiкте қолым жете қояр
деп ойласа бұйырмасын. Содан...

Бiр күнi бұның кабинетiне сумаң етiп бiр кезде бiрге оқыған
курстасы Сақжан кiрiп келдi.

- О-о, Жасхан бауырым, мен өте қуаныштымын. Сенiң өсетiнiңдi
студент кезде-ақ сезiп жүрушi ем. Мiне, мiне, айтқаным келдi де қойды, - деп,
даудырап, арсың-гүрсiң сөйлеп, бұны кеу-кеулеп барады. Сақжанды бүл көрмегелi,
бұны Сақжан iздемегелi қанша жыл. Сонда да көңiлi жiбiп (қанша дегенмен бiрге
бес жыл оқыды емес пе) Жасхан да ерiп сала бердi.

- Ой, Сақжан, өзiң... өзiң қалайсың? Қай жерде жұмыс iстеп жатырсың?
- деп, досына бүл да жылы лебiздi сөздерiн айтуда. Сөйтсе... досы уақытша
жұмыссыз жүр екен. Соны айтып, "қазiр тамыр-таныстың заманы, мықтысың ба, жоқ
болбыр бiреусiң бе - оны көңiл таразысына салып жатқан пенде жоқ, ешкiм
жәйден-жәй есiгiнен сығалатпайды"  деп,
басын төмен салып, қамығып қойды.

Жасхан курстасының қамығыңқы көңiлiн көтерейiн деп:

- Е, не болды жүзiңдi сонша төмендетiп!.. Ешкiм қызметке
алмаса мен бармын ғой. Курстасың мен емеспiн бе! - дедi. Сол-ақ екен, Сақжан да
дереу еңсе көтерiп:

- Жасхан, жаныңа ал, қандай жұмыс болса да тартынбаймын, тек
менi басқалардың қорлығынан құтқаршы, - деп, жалбарынышты үнмен сөйлеп кеп
бергенi.

- Жә, жә! - дедi, Жасхан оның жылаңқы үнiн тыңдай беруге
ыңғайсызданып. - Сөзiм сөз, ертең арызыңды жазып әкел, қалаған бiр жұмысыңды
беремiн...

Сақжан оның кабинетiне тышқан болып кiрiп едi, ендi түйе
болып шықты...

Тағы бiр күнi... осы қалада тұратын ауылдасы Құлжан телефон
соқты.

- Жасхан, бастық болғаныңды естiп жатырмын. ҚҰтты болсын.
Бiз секiлдi қарапайым қызмет адамымен ендi сөйлесе қояр ма екенсiң...

- Ойбай, о не дегенiң? Кресло деген уақытша нәрсе ғой. Ал,
сен екеумiз талайдан дос, жерлес...

- Өзiңе кiрсем деп едiм.

- Е, не сөз бар. Ертең кел...

Ертеңiне Құлжан да келдi. Тағы да жылы-жылы сөздер айтылды.
Бiр-бiрiн қолпаштады. Сөздiң тоқ етер түйiнi - Құлжанға осы мекемеге ауысу
қажет екен. Өйткенi ана жақта қысқарту басталыпты. Бұны да қысқарта салуы
мүмкiн. Өйтiп абыройсыз босағаннан, өз бетiмен жұмыс тауып кеткенi әлдеқайда
тиiмдi.

Жасхан Құлжанды да жерге қаратқысы келмедi.

- Жұмысқа алайын, әзiрге бiрақ кiшiлеуi болса да ренжiме.
Кейiнiрек көремiз ғой...

- Мейлi, - дедi Құлжан, - әйтеуiр қасыңда жүрсем қара жер
қауып қалмаспын...

Күндер жылжи бердi.

Жасхан жанына, өз мекемесiне курстасы Сақжан мен ауылдасы
Құлжанды алғанына алғашқы кездерде iштей риза да болып, қуанып жүрдi.
Кейбiреулердiң пыш-пыш өсегiн де елең қылмады. "Ойбай, бiздiң бастық тек өзiне
жақын адамдарды жинай бастады"  деген
сөздердi естiсе де естiмеген болды. Осылар болмаса, кiмге сенедi. Кiммен ашылып
сөйлесе алады. Бөгденiң сырты бүтiн, iшi Тұтiн... Арғы жағында не жатқанын бүл
қайдан бiледi. Сосын да... Қанша дегенмен өзiне жақын, таныс, тiлектес, тiптi
ойын тез түсiне қоятыны тағы бар. Кейбiр майда-шүйде, оны-мүны шаруаларды да
басқаларға емес, осы екеуiне тапсыра салады. Сенгендiктен де... Тiптi өзiнiң жеке
шаруаларын, отбасына, балаларына қатысты кейбiр мәселелердi де соларға айтатын.
Сенетiн болған соң... Өз арамызда қалады деп ойлаған соң...

Бiрақ Жасхан дәл осы жерде қатты қателескенiн кейiнерiк, тым
кеш аңғарды. Жақсылықты жақыныңа жасаған жақсы, бiрақ iшкi сырыңды...

Күндердiң күнiнде Сақжан айтты:

- Ау, Жәке, мен өстiп жүре берем бе? Ептеп өсiрiңкiремейсiң
бе?

- Қайда?

- Е, ендi топ жетекшiсiнiң орны бос тұрған жоқ па?

- Жарайды, ойланайын.

Жасхан жеке қалғанда iштей ойға берiлiп "рас-ау, мен неге
Сақжанды өсiрмеймiн, өз адамым, айтқанымды екi етпейдi, тапсырмаға
тап-түйнақтай, iсiне де тиянақты"  деп
қиялдап қойды. Е, ендеше...

Аз уақыт өтпей жатып, айтқанындағысы болды. Сақжан топ
жетекшiлiгiне көтерiлдi. Ол аз дегендей, ендi бiраз күн өте бере бөлiм бастығы
басқа жаққа ауысты да, Сақжанды онан бетер жоғарылатты. Мекемедегi санаулы
басшылардың бiрi болып шыға келдi.

Оған iле-шала кабинетке Құлжан кiрiп алып, былай дедi:

- Жақсылықты тек курстасыңа жасай бергенше, бiздi де ойлап
қойсаңшы.

- Қайда бармақ ойың бар?

- Е, топ жетекшiсiнiң орны бос тұрған жоқ па?

- Жарайды, ойланайын.

"Е, неге жоғарылатпасқа! Құлжан Сақжаннан кем бе? Жерлесiм,
досым... Бар сырымды бүкпесiз айтар сырласым... Өзiм дегенде өзегiн суырып беруге
әзiр-р..."  деп ойланды Жасхан.

Сөйтiп Құлжан да қызметiн жоғарылатты...

Жасхан осының бәрiн де таза ниетпен, шын көңiлiмен жасады.
Осылар өссiн дедi. Бұлар отырмаса басқа бiреулер келедi. Одан да өзiне жақын
адамдардың болғаны дүрыс қой. Қалай десе де сөзiн тез түсiнедi, үрысса да,
таласса да өз арасында... Өздi-өзi... Не нәрсенi де ешкiмнiң араласуынсыз-ақ шешiп
отырамыз деп ойлап...

Күн артынан күн зулап, арада бiрер жыл жүгiрiп өттi де, бiр
күнi Сақжан бұған келiп былай дедi:

- Жасхан, барлық жақсылығыңа рахмет. Сен болмасаң мен осы
күнге дейiн көрiнгеннiң есiгiнiң алдын сығалап жүрер ме ем, - деп, дауысы
дiрiлдеп, кiшкене кiдiре түскен. Жасхан оның мына сөзiне түсiне алмай:

- Е, Сәке, саған не болды? - деп таңданды. 

- Менiң де бағым жанатын күн бар екен, менi бiр үлкен
мекеменiң бастығы өзiне орынбасарлыққа шақырып жатыр, келесi аптадан сонда
ауысамын.

Жасхан қуанып кеттi.

- Ойбай-ау, оны менен несiне жасырып жүрсiң! Құтты болсын!
Өс, өсе түс!..

Ол Сақжанды қатты қысып құшақтап түрды. Есеппен емес, шын
жүрегiмен құшақтап едi оны...

Осының артынша-ақ, шамалы уақыттан соң ауылдас досы Құлжан:

- Менi бiр коммерциялық мекеменiң басшысы қайта-қайта
шақырып жүр. Айлығы тәп-тәуiр екен, сонда ауыссам қайтедi, - деп ақылдасты.

- Мен сенi қумаймын. Керек десең қимаймын да... Ал, ендi...
барам десең өзiң бiл. Ақша кiмге керек емес, кiмге көптiк етедi...

Осылайша Жасхан бiр досын үп-үлкен мекеме басшысының
орынбасары етiп, ал ендi бiрiн ақшалы мекемеге тәуiр қызметке шығарып салып,
өзi жалғыз қалғандай сезiнiп, күн өткiзiп жатқан. Мекеме баяғы мекеме. Әркiм өз
жұмысымен. Жасхан қызмет бабында сөйлескенi болмаса, өз қарамағындағылардың
ешбiрiне сыр айтқан емес. Қанша десе де, олар не Сақжан, не Құлжан бола
алмайды...

Бiрақ... арада бiршама уақыт өте келе Сақжан да, Құлжан да
бөлек, қиғаш мiнез көрсете бастағанын аңғарған. Бұрын-соңды байқамағаны ма?
Болмаса соңғы кездерi пайда бола бастаған қызметтiк кiдi мiнез бе?.. Бiз де
болып қалдық, толып қалдық деп... Жо-жоқ! Сақжан да, Құлжан да өзiнiң ескi
достары ғой. Неге өйтуi мүмкiн? Әй, шамасы бұның өз ойы шығар. Көңiлдегi жәй
күдiк... Әйтпесе... күнi кеше ғана екеуiн де өз жанына паналатқанда iштей
түсiнiсiп, "бiз бiргемiз, ендi мәңгi бiргемiзң дескен  сияқты едi. Ендi мәңгi-бақи солай болады, дос
құшақтар ажыраспайды, ешкiм ажырата да алмайды десiп...

Аяқ астынан жоғарыда iстейтiн бiр бастығының елу жылдық тойы
болатын болды. Тойға Жасханды да шақырған. Тойға әдетте құр қол бару ыңғайсыз.
Не сыйлаған жөн? Ақша берсе, басқаша түсiнуi мүмкiн. Әрi ойланды, берi ойланды.
Ақыры Сақжанмен ақылдаспақ болды. Бұрын мұндай мәселенi ылғи да онымен ақылдаса
отырып шешетiн. Сақжан мұндайда ақыл да тапқыш едi. Сол есiне түсiп...

- Ау, Сәке, - дедi оған телефон шалып, - бүл мен ғой.
Өзiңмен ақылдассам деп ем... Иә, кездесiп... Не дейсiң?..  Қазiр уақытым жоқ. Түсiндiм-м...  Онда телефонмен-ақ...

Сақжан да бастық қой. Шамасы телефонмен-ақ айта бер деп
жатса керек.

- Сол ендi... елу жыл... соған тәуiр бiр сувенир, не басқа
бiрнеңе қарастыра аласың ба?..

- Ойбай, өзiм қиындау жағдайда отырмын.

- Жо-жоқ, тегiн емес. Ақшасын берем ғой. Сен осындайдың
көзiн бiлетiн болған соң...

- Дүрыс қой. Бiрақ қазiр...

- Е, бұрын қасымда жүргенде тез-ақ үйымдастыра қоюшы ең. Сол
еске түскенi де. Сақжан, саған не болған?..

- Қазiр мүмкiндiк жоқ. Тағы бiрде... Ренжiме...

Сақжанның сөзi осы болды. Артынша телефон трубкасын салдыр-р
еткiздi.

Араға бiраз уақыт салып, ауылдасы Құлжанға хабарласты.

- Ойбай, өзiм қазiр қыл үстiнде жүрмiн, - деп, ақыл қосу
орнына, ол да басын алып қашты.

Жасхан сонда да оларға өкпелемедi. Мiндетсiнетiн не бар.
Уақыттары болмай жатса, оған өкпелеп не керек. Бастығының елу жылдығына бар
тапқанын апарып, оны да өткердi-ау. Бiрақ...

Арадағы әңгiме одан бетер гулей бастады. Аннан да, мыннан да
естiлiп қалады. Естiген сайын Жасханның жүрегi ауырады. Бойын белгiсiз бiр
күйзелiс керней жөнеледi. Сол әңгiменi айтатындар - бiрде Сақжан, бiрде Құлжан...

"Ой, - дептi бiр жерде Сақжан, - сол Жасханды қойшы. Бастық
па сол да! Майда есептiң адамы. Жақсылығын бұлдайтынның тап өзi..."

"Кiшкене көмек көрсеттiм деп менi де тақымдай бередi, ананы
iсте, мынаны бiтiр деп..."  деп, Құлжан да
сөз таратыпты.

Ау, сонда... Бұларға өзiмсiнгенi ақыр аяғында өстiп, керi
айналып, бүл парақор, бәлеқор, жақсылығын бұлдайтын адам болып қайтқаны ма?..
Ең болмаса бетiне айтса қайтедi! Сырттан пыш-пыш етiп, өсекке онан бетер от үрлеп,
ел аузына терiс сөз сала беретiндей оларға соншалық не қиянат етiптi?
Бiрдi-екiлi айтқанын iстесе, өз ерiктерiмен... Өз ықыластарымен... Ниет -
қалауымен... Әлде-е... мен қателесiп жүргем бе? Мүмкiн, олар күнi үшiн маймыл
болып, сыртымен күлiп...

Осындай ой соңғы кездерi түнде түсiне кiрiп, күндiз ойынан
кетпей, көкейiне тығылған тас-түйiн болып, мазасыздандыра бередi.

Ендi ойласа... баяғыда Сейсен ағасы айтатын әңгiме
дүп-дүрыс-ақ екен. Ол ешкiммен араласпайтын. Ешкiмге жаманшылық та жасамайтын,
бiрақ жақсылық жасауға да ұмтылмайтын.

- Адам адамға шын дос бола алмайды, - дейтiн ол. - Өйткенi
пенделiк пейiл мен пенделiк құлық бәрiбiр ол екеуiн екi айырады. Ақыры бiр
күнi... Сонда дос деп жүргенiң қасыңнан бетер болып кетуi мүмкiн. Досың сенiмен
қастасса, ең жаманы сол. Өйткенi ол iшкi сырыңды, бар сырыңды бiлетiн жау...

Осыны айтып Сейсен аға жағын таянатын. Сосын айтатын:

- Мен жалғыз жүрем. Сосын да бақыттымын. Өйткенi менi ешбiр
жау ала алмайды. Өйткенi олар iшiмдегiнi, iшкi сырымды бiлмейдi... Бiле де
алмайды...

Тағы бiрде сол Сейсен аға күйiне отырып бiр өлең оқыды:

- Бiр жетсе ажалым жетедi,

Найзағай оттарынан,

Сатқындар оқтарынан...

Сосын тағы да мүңая отырып:

- Тым төменнен қарады олар маған,

Өмiрiнде биiктеп көрмегендер, - деп толғана төгiлдi.

Осы өлеңдердi неге, не үшiн бұған оқыды екен, қайран аға?

Соны айта-айта, Сейсен аға да бү дүниенiң қызығын тәрк еттi...

Ендi оның артында iнiсi Жасхан отыр бас қатырып.

"...Тым төменнен қарады олар маған... Не деген ауыр, ащы сөз!..
Адамды шын бағалау үшiн әуелi соның биiгiне көтерiл дегенi ме... Өзi көтерiле
алмай жатып, жоғарыдағыны сынау... Жоғарыдағыға күйе жағу!.. Жазғыру... ғайбаттау-у..."

Жасханның басы дыңылдады. Өз-өзiнен дегбiрсiзденiп, iшiн бiр
ой күйдiрiп бара жатқандай, алақтай бердi.

"...Адамдармен араласып, дос болу үшiн, сырлас дос болу үшiн
де саясат керек болғаны ма? Жоқ, әлде... Сейсен ағамдiкi жөн бе? Ең абзалы -
ешкiмге жаманшылық та, жақсылық та жасамай-ақ... өмiр сүрiп, өмiрден өтiп... кету
ме..."

"Жоқ! - деп үн қатты iшiнен бiр дауыс. - Онда өмiр сүрiп не
керек! Адам өмiрге араласу үшiн, сырласу үшiн, артына ұрпақ қалдырып кету үшiн
келедi ғой. Кiммен араласу керек, оны ендi өзiң ойлап шеш. Дұрыс адам таба
алмасаң, оған да өмiр, тағдыр кiнәлi ме?.. Жоқ, олай емес. Сен, сенсiң оған
кiнәлi..."

 

                                              * * *

Жасхан басын ұстап ұзақ-қ отырды.

Осы уақытқа дейiн көрген қиындығы, ауыртпалығы, тiптi
кейбiреулердiң бұған жасаған екiжүздiлiгi - бәрi де дәл бүгiнгi күйiнiң қасында
түк те болмай қалды.

"Сейсен ағамдiкi дүрыс. Досыңнан қауiптi қасың болмайды.
Өйткенi, ол..."

Ұзақ-қ отырып барып, аспанға қарап, өз-өзiнен күбiрлеп
айтқаны мынау болды.

- Жақсылықты да кiсiлiгi бар адамға жасау керек екен ғой.
Соны бiлмеген сорлы басым.