ВЕРНУТЬСЯ

         Тұмсығында күрегi бар сақ-сақ еткен сары "ДТ" -сымен бүкiл
ауылға аты жайылған Садырбек бiр күнi аяқ астынан нiлдей бұзылып, Алматыға
оқуға жүретiн болды. "Ау, мұның не? "  дескен бiр адам болмады. Тек ферманың бастығы
Сағатiллә ғана оның арызына қайта-қайта үңiлiп, бiраз уақыт қағазды
қаламсабымен сабалап отырып:

- Тәк-к! Оқуға барамын де. М-м... Да-а... Значит, жұмыс
жалықтырған ғой сенi... - деп оңайлықпен қол қоя салмады. Бастықтың соңғы сөзi
шымбайына батып кеттi ме, Садырбек жұлып алғандай:

- Атай көрмеңiз! Мен ферманың жұмысынан ешқашан бас тартып
көрген емеспiн, ендi бас тартпаймын да. Тек... түсiнесiз бе, мен... бағымды сынап...
- деп, кiшкене мүдiре түсiп, басын сипалады. Бiр аптадан берi сабын мен су
көрмеген қалың бұйра шаш әбден ұйпаланып қалыпты. - Сiз... аудандық газеттен
оқыған шығарсыз, ептеп мақала жазып жүрмiн дегендей...

- А-а, солай де! - дедi Сағатiллә қолындағы қаламсабын стол
үстiне сарт еткiзiп қойып жатып. - Жазушы боламын де. Әрине, талаптанған
жақсы-ақ. Оның үстiне кiтап жазамын деп талпыну... өте тамаша. Тек, мен осы
мынаған түсiнбеймiн. Дәрiгер ғой, оқымаса болмайды, анау-мынау операция, неше
түрлi ауруларды емдеудiң әдiс-тәсiлiн көзбен көруi керек дегендей. Инженер де
солай. Сондай-сондай мамандықтар болады оқусыз миға қонбайтын... Ал, ендi қолға
қалам алып, мақала жазуға не оқу керек? Айтшы өзiң?

Садырбек ескi керзi етiгiмен жер шұқыды.

- Ендi... оқу керек қой...

- Жоқ, бауырым, жазушы болу үшiн оқу емес, талант керек.
Қабiлетiң жоқ екен, жұрттың басын ауыртпа. Он жерден мұрныңа май құйса да сенен
түк шықпайды. Осыған келiсесiң бе?

- Мүмкiн, солай шығар...

- Мүмкiн емес, дәп солай. Жарайды, ниет жасап қалған
екенсiң, мен саған рұқсат берейiн. Бiрақ есiңде болсын, бес жылдан бергi жақсы
жұмысыңды, үлгiлi тәртiбiңдi ескере отырып, жiберiп отырмын. Әрине, алда-жалда
болмай қалса... ну, сәтсiздiктi айтамын да, тез ауылға кел. Пока мына "ДТ" -ны
ешкiмге бермей ұстай тұрайын...

Сосын Сағатiллә бiр жапырақ қағазға айбақ-сайбақ етiп
жазылған арызды тартпасына тыға салды.

Ендi Садырбек үйiне келiп, үлкен жолға жиналды. Жолдасы
Айғанша бiр жасар қызын емiзiп отыр едi, мұның анық кетуге бел буғанын сезiп:

- Сол оқуды қайтесiң? Егер сәтiн салып, түсiп кетсең, бiздiң
күнiмiз не болады? - деп, өзiнiң ойындағы бiраздан берi тұмшаланып жатқан
қаупiн жеткiзген. Бұл оның сөзiн жақтырмай қалды.

- Қорықпа, сендердi асырауға шамам жетедi. Тiптi болмаса бiр
жылдан соң, сырттай оқуға ауыса салмаймын ба. Тек жаңағыдай терiс тiлекшi болма
маған.

Әйелi одан әрi Садырбекке сөз айтпады. Шамаданына оны-мұны
заттарын салып бердi.

Түс ауа Садырбектi бiр шопыр жолдасы стансаға алып келiп,
Алматыға баратын жүрдек поезға отырғызды.

Ол бүкiл жол бойына өзiнiң емтиханды қалай тапсыратынын
ойлап, бас қатырды. Өткенде газеттен оқыған, абитуриенттер ең алдымен шығарма
жазады екен. Соны ойлай бердi. Көз алдына әр түрлi тақырыптар елестедi.

"Аудандық газетке анау-мынау емес, бес бiрдей мақалам
басылды, бұл оқуға мен түспегенде кiм түсер дейсiң"  деп, iштей ризалық сезiмге бөленедi. Сол сәтте
есiне аудандық газетте тiлшi болып iстейтiн әлгi бiр тақыр бас жiгiт түседi.

"Тфу, тұқымың көбейгiр, бәрiн бүлдiрiп жүрген сол ғой"  дейдi ерiндерiн жыбырлатып.

Ана жолы, шамасы көктемнiң бас кезi шығар, жаңағы тақыр бас
жiгiт ауылға iссапарға келе қалды. Оның тiлшi екенiн қайдан бiлсiн, су жүретiн
каналдың екi жағын көтерiп жатыр едi, анау қолындағы фотоаппаратын көрсетiп,
бұған қол бұлғап "тоқтаң дегендей белгi бердi.

Бұл "ДТ" -ны тоқтатты де, жерге ырғып түстi.

- Немене, басқа ермек қалмаған соң, елдi соңынан қуып жүрiп
суретке түсiрiп, ақша табуға шыққансыңдар ма? Мен жұмыс iстеп жатырмын ғой,
көрмейсiң бе? - дедi маңдайының терiн ескi күпәйкесiнiң жеңiмен ысыра сүртiп
жатып. Жаңағы тақыр бас жiгiт бұған қол созды.

- Таныс болайық. Мен аудандық газеттен келген тiлшiмiн.

- Е-е, газеттенмiн де. Онда дұрыс түсiнбеген екенмiн ғой, -
деп Садырбек оған ыңғайсыз күйде қолын берiп, қиқы-жиқы тiстерiн ақсита,
салдырлай күлдi.

Тiлшi бұның iшi-бауырына кiрiп кеттi. "Бастығың сенi
мақтады, өзiң туралы бiрдеңе түртпекпiн", - деп, жылы лебiзге жайылып сала
беретiн бұның басын әп-сәтте айналдырып тастады.

Екеуi бiраздан соң үйге келiп, шай iштi. Жақынырақ
танысты.  Садырбек iлгерiректе бiр-екi
рет газетке мақала жазумен әуестенiп, онысы басылмаған соң, бiржола тастап
кеткенiн сөз арасында айтып едi, анау желiмдей жабыса кеттi.

- Ойбай-ау, оның тiптi тамаша болды. Бiзге өзiңдей
жергiлiктi авторлар ауадай қажет. Қайта баста. Жаз. Хатты тура менiң атыма
жолда, - дедi.

- Ойланайын, - дедi бұл.

Жұп-жұқа ерiндерiн жып-жып еткiзiп сөйлейтiн тақыр бас тiлшi
ендi тақымдап алды.

- Оның ойланатын дәнеңесi де жоқ. Бiр тiлшi өзiңдей-ақ
болсын. Нағыз еңбек адамысың, еңбектiң қызу ортасында жүрсiң, саған тақырып
деген толып жатыр, анаусын да, мынаусын да ойып-ойып ал да, сүйкей бер, сүйкей
бер... Тiлшi деген көктен салбырап түспейдi, осындай қара халықтың қалың
ортасынан шығады. Кiм бiледi, бойыңда буырқанған талант бұғып жатқан шығар,
көзi ашылмаған бұлақтай, пәлен жылдан берi қағажу көрiп, булығып жатса ше!..
Бұрқ еткiз, бауырым! Бұлақтың көзiн аршы. Сауабын ал. А то, обал... Обал
жасайсың.

Бiраздан соң "газетке жазу үшiн керек"  деп мұны сауалдың астына алсын. "Нелiктен
именно трактор айдағың келдi, мектепте қалай оқып едiң, оқуға барғың келмедi
ме, кiмдердi өзiңе ұстаз санайсың?.. "  деген секiлдi сұрақтардың бiрiнен соң бiрiн
төпелеп жаудырып кеп берсiн.

- Тракторшы болғым келдi, сонан соң болдым. Мектепте қайбiр
озат оқушы бола қойды дейсiң, әйтсе де осы күнi сол оқымыстысымақтардың
бiразынан гөрi ел менi сыйлайды. Көбi қиял қуып, әлi күнге не ары, не берi емес
- өң мен түстiң ортасында сенделiп жүр. Со да мәртебе болып па. Мысалы, ана
Мақтабек деген досым бiр апта болды ауылда. Студент едi. Бiр жылға демалыс
алған дей ме. Үйiнен шықпайды. Түкпiргi бөлмесiне кiрiп алып, том-том
кiтаптарды ақтарады да жатады екен.

Тiлшi жiгiт мұның ойын қостағанын сездiргендей жалтыр басын
жарық сәулеге шағылыстыра түсiп, қайта-қайта изеп отыр.

- Өмiр, өзiң айтпақшы, тек қана теориядан тұрмайды, оған
икем керек. Демек, жақсы оқу бар да, жақсы ұжым мүшесi, еңбек адамы болу тағы
бар. Мәселен, бұл ретте  сен фермаға
ауадай қажет жiгiтсiң. Көппен тiл табыса бiледi екенсiң. Мақталып жүргенiң де
сол. Ал әлгi Мақтабегiң мүлдем басқа ортаның адамы, асылы сол ғылым жағын
қолайлағаны дұрыс-ақ болар. Өзi де сезiп жүрген шығар сонысын.

- Әй, бiлмедiм. Бiзбен сөйлесуге де зауқы жоқ... Ал ендi тағы
да  бiр досым бар. Ол осы ауылда менiмен
бiрге қалып қойған. Оқыған да жоқ. Шопыр. Арагiдiк сөйлесе қалсаң, айтатыны тек
қана дүние табу, ақша табу. "Жеңiл машина алу, жаңа үй салу да ойда бар, тағы
да толып жатқан шаруалардың бәрiне де қаражат iздеймiн. Ендi күн-түн демей соны
тiрнектеп жинап жүрмiн. Саған рахмат. Еш нәрсе де ойламайсың. Бүгiн тапқаныңды
бүгiн, ертең тапқаныңды ертең жаратып жүре бересiң"  дейдi. Әне, оның да өз ойлағаны бар. Өз
қиялымен өмiр сүрiп жатыр.

- Бұл ендi дүниеқоңыздық! - дедi жалтыр бас жақтырмаған
пiшiнмен. - Өмiрдiң бар мағынасы - дүние табуда ма екен. Ондайлардың ойлағанына
қосыла алмаймын. Заманды да, адамды да бұзатын сондайлар.

Садырбек "кiм бiлiптi"  дегендей мойнын қиқаң еткiздi...

Тiлшi кеткен соң, Айғаншаға даурыға сөйлеп, былай дедi.

- Маған қағаз бен қалам тауып бершi. Ойыма тақырып келiп
тұр.

Мiне, содан берi қарай ол ептеп мақала түрте бастады да,
онысы iшiнара газетке басылып жатты... Әрине, жазғанының дәл өзi болмағанымен,
негiзгi ойы, тақырыбы сақталады. Бұл соның өзiне мәз.

Бiр рет жариялатты, екi мәрте жариялатты. Ал, үшiншiсiне
ауысқан соң, қиялына қанат бiтiп, Алматыға оқуға баруды ойлады.

...Шығарма жазу үшiн берiлген алғашқы екi тақырып Садырбектiң
ойлаған ойынан шыға қоймады. Қайдағы бiр көтерiлiстiң шығу себептерi дей ме,
Махамбет жырларындағы романтизм дей ме, әйтеуiр, мұның бәрi Садырбектiң миына
кiрмедi. Ақыры, соңғысына тоқтады. "Ауылым 
алтын бесiгiм". Еркiн тақырып.

Бiлектi сыбанды. Қағазды алдына икемдедi. Қаламсабын қыса
ұстады. "Ойбай-ау, ауылым туралы толғана алмасам, не болғаным! Жазамын. Қазiр
бәрiн де жазамын. Бастық Сағатiлләдан бастап, түгел тiзiп шығамын. Сақ-сақ
еткен сары "ДТ" -мен кез-келген жердiң қыртысын алып, қырды тып-типыл етiп,
еңiстi төбеге айналдыруға болатынын жазамын мен... Сол да қиын болып па..."

Қаламсап ақ қағаз бетiнде жорғалай жөнелдi. Жазып жатыр,
жазып жатыр. Ой деген таусылатын емес. Iрi жазулармен жазушы едi. Олардың
берген ақ парағы түгесiлуге айналды. Бiрақ қағаз жетпейдi екен деп, ойды
тұзақтауға бола ма! Қол көтерiп, тағы да ақ қағаз сұрады. Бiр уақытта
аяқтады-ау, әйтеуiр. Соңында сары "ДТ" -ның арқасында бүкiл ауылға танымал
болғанын жазды.

"...Бiздiң ауылда әрбiр үй жеке бақшалық жер ұстайды. Көктем
басталды дегенше олар егiстiк жерлерiн жыртқызуы керек. Сосын амал жоқ, менi
iздеп табады. Мiне, сары "ДТ" -ның заманы осы кезде жүредi. Көршiлер еңбегiмдi
елеп, маған сыйлық бередi... сұрамасам да, өздерi тықпыштайды. Оны қалай
алмайсың! Бетiн қайтару - ұят..."

Жазып бiткен соң, бетiн жауып емтихан алушыларға апарып
бердi. Сөйтiп, далаға шыққанда, тынысы кеңiп, бойын шаттық сезiмi билеп ала
жөнелдi. "Ай, ең кемi төртке жазған болармын"  деп ойлап қойды. Содан кейiн өзiне-өзi риза
болған күйде, ақырын аяңдап, iлгерi жүрiп кеттi...

Арада бiрнеше күн өткенде шығармадан "екiлiкң алған
абитуриенттердiң аты-жөнi iлiндi. Садырбек те көппен бiрге асыға  жетiп, 
дереу-дереу көз жүгiрткен. Мәссаған! Дәл ортан белiнде мұның да аты тұр.
Iшiне шоқ түскендей болды. Жан-жағындағыларға көз қиығымен қарап алып,
"құлағанымды бiлiп қоймады ма екен"  дегендей, ыңғайсыз күй кешiп, жайлап ысырылып,
осы арадан тезiрек кеткенше асықты.

Оқудан құлаған қиын екен. Садырбек бiрнеше күнге дейiн
өз-өзiне келе алмады. Басы мең-зең. Не ауылға қайтарын, не қайтпасын бiлмей
дел-сал болып, көшеде жүредi де қояды.

Соңғы күнi тәуiр ресторанның бiрiне кiрiп, салқын сыра iшiп
отырған. Бiр мезет мұнда түрi таныс орта жастағы кiсi кiрiп келе жатты.

"Қайдан көрдiм? "  деп
ойлады бұл. - Алматыда мен танитын кiм бар?.. "

Әлгi кiсi мұның жанындағы үстелге келiп отырды. Жалғыз өзi
тамақ iштi. Темекi шегiп, ұзақ ойға берiлдi. Садырбек орнынан тұрып, жанына
келдi де:

- Сiзбен сөйлесуге бола ма? - деп сұрады.

- Әрине, әрине. Отыр.

- Осы сiздi бiр жерден көрген секiлдiмiн. Тек есiме түсiре
алмай әлек болғаным... Қайда жұмыс iстейсiз?

-Е-е, iнiшек, бiздiң жұмыстың несiн сұрайсыз? Бас ауырту
ғой... Айтқандай, сен жалғыз ба едiң?..

- Иә...

- Ендеше осы үстелге ауыссаңшы. Ептеп әңгiмелесейiк. Былай
нетушi ме едiң?..

- Iшу жағы ма?..

- Тек-к! Қатты айтпа. Мұндайды үндемей-ақ түсiну керек қой.

- өқтым.

Бейтаныс кiсi екеуi бiраз уақыт әңгiмелестi. Ол мұның қайдан
келгенiн сұрады. Садырбек оқуға келгенiн, бiрақ шығармадан құлап қалғанын айтып
едi, анау елең ете түстi.

- Сен әлгi сары "ДТ"  туралы жаздың ғой, ә?

Садырбек аң-таң.

- Сiз оны қайдан бiлесiз?

- Мен сенiң шығармаңды тексергенмiн. Ха-ха-ха! Сары "ДТ" ...
Хи-хи-хи! Еңбегiме қарай ақша бередi! Өздерi тықпыштайды! Ой, iшiм-ай!.. Кiсi
сөйтiп те шығарма жазады екен-ау...

Ол iшегi үзiлгенше күлдi. Көзiнен жас ақты. Оның мазақ
күлкiсi ендi Садырбектiң ашу-ызасын келтiрдi.

- Сiз неге күлесiз?..

- Күлмегенде ше! Аулыңды сүймейдi екенсiң. Аулын сүйген адам
сөйтiп шығарма жаза ма? Ол шығарма емес, ауылды мазақ ету. Мен грамматикалық
қатесi туралы айтып отырған жоқпын. Ойбай, iшегiм-ай! Өткенде оқығанда да
осылай бiрнеше минут  өз-өзiмнен
селкiлдеп күлiп едiм...

 - Сiз... күле бермеңiз...

- Қарағым-ау, күлмегенде жылаймын ба! Ауылда да сол ауырдың
астымен, жеңiлдiң үстiмен өмiр сүрiп жүрген қусың-ау, ә? Жұрттың бергенiн
қалтаға сүңгiтiп жiберiп, соған мәз болғансың ғой. Әй, iнiм-ай, шалағай екенiң
көрiнiп-ақ тұр...

- Сiз олай демеңiз! Олай деуге хақыңыз жоқ. Мен... ауылымды
ешбiр қалаға айырбастай алмаймын. Және сiз ойлағандай шалағай да емеспiн...

- Қайдам, қайдам-ау! Сөзiңе сене алмай тұрмын. Егер шалағай
емес екенiң рас болса, емтиханнан құлағаныңа бiрнеше күн болды, мұнда неғып
жүрсiң? Жұмыстан қашып, барғың келмейдi ғой баяғы. Бiлемiз, сендейлердiң
талайын көргенбiз. Ендi осы қаланы шарлап, жан қинамайтын жеңiл жұмыс iздейсiң.

Садырбек оның арға тиетiн ауыр сөздерiне шыдай алмай кеттi.
Екi көзi қанталап, орнынан ұшып түрегелдi де, жағасына жармасты. Оның оқыс
шыққан даусын естiген бойда бұлардың жанына екi милиционер жетiп келдi.

Екеуiн ертiп тысқа шығып едi, бiреуi ананың танысы екен.
Кабинетiне алып бармастан, сол жерден-ақ бұларды босатып жiбердi. Садырбек
жатақханаға өте көңiлсiз оралды. Оның бүгiнгi iшкi күйзелiсiн бөлiсер бiр адам табылмады...

Ертеңiне поезға отырып, ауылға қайтты. Жол-жөнекей кешегi
кiсiнiң сөздерi қайта-қайта есiне түсiп, бойын әлдебiр ашу кернедi.

"...Менi әлi бiлмейдi екен бұлар. Аудандық газетке суретiммен
жарияланған мақаланы оқыса ғой. Тақыр бас тiлшiнiң төгiле, таусыла жазғаны
соншалық, әуелде өзiмдi-өзiм танымай қалдым емес пе. Ауылдастар той жаса дестi.
Несi бар, той да жасап жiберуге болады. Тiлшiлер бiледi, кiсiнiң кiм екенiн.
Олар сыртыңды ғана емес, iшiңдi де зерттейдi. Тiптi әрi-берiден соң өзiң
байқамаған жақсы қасиеттерiңдi де тауып алмай ма, әңгiмелесу үстiнде. Әттең...
менiң әнеукүнгi шығармамды сондай түйсiгi бар, жазғаныңнан айтылмаған, айта
алмаған арғы ойыңды да...  бiлiп қоятын
тақыр бас тiлшi секiлдi бiреуi тексергенде... студент болып отырар ма ем. Республикаға
танымал тiлшi болып шыға келер ме ем. Орталық газеттер бiрiнен соң бiрi
кезекпе-кезек менiң жазғандарымды жариялап, ауылдастарым жабыла оқып, "Пәлi,
бiздiң Садырбек ауылда қор болып, трактор айдап жүр екен ғой", - деп таңдай
қағысып жатар ма едi. Сағатiллә ағам да: "Вот, бiздiң тәрбиелеген жiгiттер
республиканы аузына қарата бастады. Осылай-й! "  - деп үстелiн сарт-сұрт ұрып, ауданнан
келгендерге көз қылар ма едi, қайтер едi!..

Жарар!.. Жазуды оқусыз да бiр нәрсе етермiз. Мен кетiп
қалсам, ана сары "ДТ" -ны кiм иеленер. Екеумiз бiр-бiрiмiзге әбден бауыр басып
қалыппыз-ау. Сағынып қалыппын өзiм. Мимырт жүрiсiн де, құлақ құрышын қандырар
тырылын да... Кейбiреулер соның даусын тым ащы дейдi, қайдам, өзiме байқалған
емес. Сары "ДТ" -мен екеумiз әлi-ақ талай-талай елдi таң қалдырар жойқын iстер
бiтiрермiз. Көрермiн сонда, облыстан, республикадан тiлшiлер ағылар. Оқуының
қажетi жоқ. Рас-ау, Сағатiллә ағам дұрыс айтты, жазу үшiн оқып не керек. Ол
таланттың, қабiлеттiң iсi... Егер ол болмаса, несiне арам тер боламыз... Мен
өзiмнiң ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен өмiр сүрмейтiнiмдi, ондай өмiрдi
қаламайтынымды да дәлелдеуге тиiспiн. Осыдан үйге жетейiншi... Қап, бәлем!..

Садырбек үйге келдi де, таза киiмдерiн шешiп, қайтадан "ДТ" -ның
рулiне отыруға асықты. Жұмысқа кетiп бара жатып, әйелiне:

- Бастықтан менiң арызымды ала салшы, - дедi.

- Оны қайтемiн?!

- Жыртып таста! Отқа жақ! Не iстегiң келсе, соны iсте...
Қайтемiн дейдi ғой маған...