ВЕРНУТЬСЯ

       Дүкенші еді. Дүкенші болып істей бастағанына да талай жыл
болыпты-ау. Көп жыл артта қалыпты. Жұрт "тіс қаққан кісі" атап жүр қазір. Рас
сөз. Солайы солай-ау, әйткенмен кейбір пасықтар ойлағандай, адамгершіліктен
жұрдай кісіңіз бұл емес. Үлкенге де кішіге де иіліп сәлем береді. Келгендерді
ізетпен қарсы алып, құрметпен шығарып салады. Мұнан басқа не тілейді олар. Ал
енді ішкі есебі... өзі үшін. Ешкім біреудің арқасында күн көрмек емес. Ол былай
тұрсын, қазіргі заманда әркім өз керегін өзі іздеп табуы керек қой. Е, ендеше
жұрттың не шаруасы бар мұнда. Тірлікте әркімнен-ақ өз есебі болғаны абзал емес
пе. Міне, соның арқасында он-он бес жылдан бері сатушы. Ауылдағы шағын дүкенді
бір өзі-ақ дөңгелентіп отыр. Оқығаны да шамалы. Әйтсе де есепке жүйрік-ақ. Бұл
оған құдайдың берген бағы.

Бұл кісінің жасы... Қырсыққанда осыны әлі күнге ойламапты.
Қай жылы еді, бір қырыққа толғаны есінде. Жо-жоқ, есептеуге қиналып отырған жоқ
қой, керек болса қазір-ақ шығара салады. Бірақ соған бола алтын уақытты өлтіріп
отыру деген... ақымақшылық қой... Келген, кеткен заттарды есептеуі керек, бұл
ауадай қажет, сосын күндік табыс алақанда болмаса, тексеріс деген бәле тағы
бар. Осымен-ақ уақыты өтіп жатыр. Ара-тұра кейбір заттарды мерзімі өткен деп
қағаз толтырып, акті жасап, есептеп шығарып, ақшасын қалтасына басады. Бұған да
бас керек екені өзінен езі белгілі...

Дүкенәлі бүгін дүкенін кеш жапты. Көптен бері күнделікті
сауданы ғана есептеп, езгеге мойны жар бермей жүруші еді. Кешкісін ерінбей
отырып, түгел шотқа салды. Артығын бір бөлек алды, қалғанын тағы бір белек...
Ал, енді тексерушілер келе қалса, жігін тауып көрсінші. Асылы, Дүкеңе тән
қасиет - өмірі ақша кем шыққан емес, ылғи асып түседі. Және сол артығын ешкімге
сездірмейді. Өзі қалтаға басып қалады. Басқаға кеткенше, неге өзінде
қалмайды... Ол осыны ойлағанда еріксіз жымияды. "Көп жылғы өмір-тәжірибе ғой
бәрі де..."

Көңілі шалқып үйге қарай баяу аяңдаған Дүкең енді қиял
жетегіне ере берді. "Осы менің әкемнің бір көрегендігі бар болу керек," деді
ішінен. -  Әйтпесе менің дүкенші
болатынымды қайдан біліп, атымды Дүкенәлі қойған десейші.  Дүкенші болғанда қандай дүкенші. Анау-мынау
емес, ішкі есебі түгел... Ешкімге есе жібермейтін... Көрінгенге алдыра
қоймайтын... " Масаттанып кетті. Оның бетіне әл кіріп, жүзіне күлкі ойнайтын
кездері де аса сирек. Үнемі қабағы түюлі жүреді. Ашулы екенін сезу де қиын
емес, бет терісі жиырылып, ерінін жымқырып алса болды, ашуланғаны дей беріңіз.

Әудем жер адымдап барып, кенет көңілін су сепкендей басты
да, қайтадан ежелгі қалпына ауысты. Әлгіндегі әсерлі сәт бірден келмеске кетті.
Енді көңілсіз ой сонарына түсті. Оның бұл ауылда ең жек көретін, сонымен қабат
жасыратыны жоқ, қорқатын, екі-ақ адамы бар. Есіне солардың түсіп кеткені... Жә,
бірақ қазір олар ауылда емес: бірі - ауданда тұрады, екіншісі одан да алыста...

Алғашқысы аудандық санэпидстансада істейді. Не жұмыс
атқаратынын да білмейді бұл. Әйтеуір дүкен, балабақша секілді жерлердің
тазалығын тексеруге рұқсат қағазы бар. Ауылға келсе болды, алдымен осында
кіреді. Сонан соң:

- Ақ халатың - неге жоқ, қоғамдық орында тазалық ұстау
керек, - деп тиісер еді бұған.

   - Еден неге лас,
төбеде өрмекшінің ұясы неге тұр, - деп тағы да Дүкенәлінің    зәресін  
ала   түсер  еді. Ол келді дегенше Дүкенәлінің мазасы
кетер еді. Кеткен­ше асығады. Әрине, содан келген жауды көріп-ақ алар еді,
әйтсе де мұның ойлағаны "сақтықта қорлық жоқ", "тек жүрген тоқ жүредінің" кері.
Ауданда да таныстары жоқ емес қой мұның. Керек десе көп нәрсені соларға сүйеніп
істейді.

Өйтіп-бүйтіп алдайды.

- Інішек, жаман ағаңды қайтесің қажап, тазалықты ұстауға
тырысып-ақ жатырмыз. Сонда да болмай жатқаны ғой... деп сөйлеп тұрады да, соның
арасында Қапанның дәу қара портфеліне бір-екі бөтелкені ытқытып жібереді.
Сонымен бәрі де біткені. Екі жақ та бірін-бірі түсініскендей, әңгіме де сап
тиылады. Дүкең іштен тынып қала береді...

Ал, екіншісі онан да қауіптірек. Ол - облыстық газеттің
тілшісі, ауылдағы Анарбек шалдың баласы. Ауылға көп келе бермейді... Ал егер
келе қалса, Дүкеңнің дегбірі кетеді. Оның анау-мынаумен ісі жоқ. Өткен жылы бір
келгенінде мұның үстінен газетке бір фельетон жазып кеткені бар. Құдай
сақтағанда жоғары жаққа жазбады, аудандық газетке жариялады да қойды. Соның өзі
бұған едәуір соққы болды. Тілшілер де бір бәле екен. Жаза қолданылсын деп
таңдайлары тақ-тақ етеді. Аудандағы таныстарына айтып жүріп, бітірді-ау
әйтеуір. Жұрт болса бір шулап қалды. Бәрі жау бұған.

Неге өйтеді екен-ай, осы!.. Жесе, бес-онтиын жеген шығар.
Оған нелері кетеді екен.

Дүкенәлі кенет ой құшағынан серпіліп, асыға адымдады. Енді
қиялдың да біткені. Бұдан әрі ойлағысы да келмейді, ойлаған күнде де шегі
осы-ақ. Жүріп бара жатып артына жалтақ-жалтақ қарады. Онысы - біреу-міреу келе
жатқан жоқ па екен дегені. Үйде өзге заттар тұрмаса да, арақ бар, темекі бар.
Күнде түнделетіп келетін адамдардың саны да белгілі. Бес-алтыдан келіп,
арақ-шарап алады, темекі сұрайды. Үйден сатқанның бір жақсысы- тиын-тебен
қайтару жоқ. Оны сұрамайды да. Түнделетіп келгендерге майдалап емес үш сом
алпыс екі тиынның арағы төрт сом, төрт сом он екі тиынның арағы бес сомға өсіп
сатыла береді. Неге олай? Мұндай сауалды ешкім де қоя алмайды. Себебі ол жұмыс
уақытынан тыс сатып отыр. Сонымен қабат дүкенде емес, үйде. Алғысы келгендер
алсын, алмаса қоя қойсын, керек десе төрт сомға емес бес омға, бес сомға емес
алты сомға сатар. Одан да жоғарылатар... Сонда қайтеді? Ылажсыз келіп тұрған
кісі бәрібір алады...

Үйге кіріп, жуынып, тамаққа отырғаны да сол еді. Біртіндеп
кешкі "сауда жасаушылар" келе бастады

 

                                                       
* * *

Аяқ астынан тексерушілер келе қалмасы бар ма! Бұрын келерден
бір-екі күн Бұрын хабар естуші еді. Бұл жолы абайламай қалды. Қайта әнеукүні
бір рет өз-өзіне есеп беріп қойғаны жақсы болған екен. Әйтпесе нағыз масқара
бүгін болмақшы екен. Есіктің маңдайшасына "тексеру жүріп жатыр" деп үлкен жазу
жазылған бір жапырақ қағаз жапсырылды да, тексеру басталып кетті. Екі кісі,
екеуі де жас жігіт. Ойлары бұзық-ау, сірә, әуелгі күннен бастап-ақ қылмыс
табуға бекінгені байқалды олардың. Кәнігі дүкенші мұны ә дегеннен сезе қойған.
Кешкісін оларды ешқайда жіберместен үйіне қонақ етті. Екі жігіт те мұның
соншалық сыпайы, майда тіліне таңданулы, Алдарына ішкіліктің ең жақсысын әкеліп
қойды. Әуелде біреуі ғана ішіп, екіншісі сы­пайы сөйлеп, сырғақ отыр еді.
Дүкенші оны да қоярда-қоймай, бір-екі стақан жұтқызып жіберді. Адамның осал
жерін қалай дөп басады десеңші. "Сөз сөйлеп жіберіңіз" дейді. Сосын өзіңізді
жеркөкке сыйғызбай-мақтайды. "Бұдан артық лебіз болуы мүмкін бе!" деп соғады.
Содан кейін... ішуге де тура келеді...

Отырыс ұзаққа созылды да, жас етті күтіп отырып, бұлар біраз
сілтеп жібергенін сезбей де қалыпты...

Ертесіне екеуі кеш тұрған еді. Бастары мең-зең. Сон­да да
сыр бермеген болып қайта іске кірісті. Дүкең кәдуілгі ісін қайтадан қолға алды.

- Кеше көбірек сілтеп жібердік пе, мынаны бас жазуға...
-  деп жұмыс үстінде-ақ бөтелкені ашып,
екеуіне бір-бір стақан тартқызды. Олардың ішкісі жоқ еді, бірақ тырысқан
маңдайлары еріксіз итермеледі ішкілікке.

Сөйтіп екі күннің ішінде тексеру тамам болды. Үшінші күні ол
екеуін Дүкенәлі автобусқа шығарып салды. Көңілін тапқанын іштей сезді. Енді ол
екеуінен келетін "бәле" жоқ. Сондай жап-жас жігіттердің көкейіндегісін дөп баса
білмесе, Дүкенәлі несіне дүкенші болып істеп жүр? Бұл - масаттанғандағы өз
ойы...

Әлгілерді шығарып салған соң дүкенді түс ауа ашармын деп
үйде шалқасынан түсіп, дем алып жатыр еді. Түскі автобуспен оқудағы қызы келді.
Үй іші арқа-жар­қа бола қалды.

- Көке, - деді қызы, түгел сәлемдесіп болған соң, Дүкеңнің
мойнына асылып. -  Бүгін сіздің туған
күніңіз емес пе, тура қырық бес жасқа толдыңыз...

Ішінен ойлады: "Құдай-ау, шынымен-ақ сонша жасқа кеп
қалғаным ба? Уақыт қалай-қалай зулайды, а!..."

    - Кеш батқанша
үйге жетем бе, жете алмаймын ба деп асығып-ақ келе жатыр едім. Әйтеуір
үлгердім-ау! - деп, ол енді сөмкесінен су жаңа, үстінде жылтырағы бар кәстүмді
шығара бастады.

- Көке, мынау сіздің туған күніңізге тартуым. Тура жетпіс
бес сомға сатып алдым, шетелдікі...

- Жетпіс бес сом! Соны несіне!.. - Дүкенәлі абыржып қалды.
Жетпіс бес сомды далаға шашып жібергендей көрінді оған. Кәстүмді кигісі де жоқ
еді,  қызы қоярда үстіне жапты.

- Міне, шап-шақ, ал сіз болсаңыз ренжисіз. Осындай туған күн
қуанышында ақша деген сөз бе екен. Апа, бүгін үйде кішігірім той
ұйымдастырайық...

- Қарағым, - деді Дүкенәлі, - той менің не теңім! Мына
кәстуміңе-ақ ризамын. Қайтесің соны...

Осылай деді де асығыс басып, үйден шыға жөнелді. Түс ауған
еді. Дүкенді бетке алды. Ойланып келе жа­тыр. Дәл қазіргі сезіміне түсіне
алмаған. Бұрын ғой, қызы келгенде ылғи куана қарсы алушы еді, құшақтап, мауқын
басатын. Ал, бүгін ғана өйте алған жоқ. Неге өйтті? Түсінсе бұйырмасын...

Жұмысқа кіріскен кезде де сол сезім. Жұрт біртіндеп келіп
сауда жасап жатыр. Дүкеңнің іші алай-дүлей, әлденеге күйінгендей ме...
Ренжігендей ме...

"...Осы маған не болған?.. Ақшаны кім үшін, не үшін жинап
жүрмін? Балаларым үшін деп едім, онық да теріс болып шыққаны ма! Оларға да
қимайтын түрім бар. Бәлкім соны өлгенде басыма қоярмын... Қойшы, қай-қайдағыны
ойлап кеттім, білем. Тірлікте бәрі де кереқ болады. Керек-к..." Қызы қайтарында
"туған күн өткізетін едім" деп екі жүз сом сұрағанда Дүкең тіпті мазасыз күй
кешті. Көзін жұмып тұрып:

- Қанша?... Қанша дейсін?.. -  деді, естіп тұрса да қайталап сұрап.

- Екі жүз сом, үш жүз сом болса тіпті жақсы болар еді.

   -Жерден қазып берем
бе? Соны... өткізбей-ақ қойсаң да болатын еді ғой. Адам деген кішкене есептей
білу керек емес пе. Әкеңе тартсаң жаман болмас едің. Қайтейін... - деп күбірлей
берді, күбірлей берді. "Қайтейін" деген сөзді "бәрі-бір сен түсінбейсің"
дегендей нығыздап айтып, сөреде тұрған кішкентай қобдиын кілтімен ашып, екі жүз
сом алып берді. Бір бума ақшаның тағы да екі жүз сомға кемігенін ойлағанда, іші
өртеніп сала бергені...

 

                                                    
* * *

Арада біраз уақыт өткен. Күндердің күнінде ауылға Анарбектің
баласы Әлтай келді. Оның келгенін естігенде Дүкенәліде ес қалмады. Күнде "кеп
қалатын шығар" деп есікке жалтақ-жалтақ қараумен болды.

Әлтай кезекті еңбек демалысын пайдаланып, аз ғана уақытқа ат
басын тірегені екен. Ауыл үйдің ақсақал-қарасақалдарына бас сұқты. Қолын алды.
Аманшылығын сұрады. Олар әңгімесінің соңында дүкеншіден көрген қорлығын айта
бастайды. "Осы-ақ... білгенін істеп болды" деседі. Әлгі Бәтігүл шешей:

- Қарағым, Әлтайжан, Дүкенәліден-ақ  көрдік қой көресіні. Әнекүні бір шелек,
екі-үш кір сабынға сауда жасаймын деп он сомымнан айрылдым. Артынан балаларға
есептетсем, шелек бес сом, сабын дегенің тиын екен ғой, тәйірі! Алты-жеті сом
орнына, табан ақы, маңдай теріммен тапқан он сомымды алып жүре бере ме осылар?
Құдайдан безген неме, құдайдан қорықпаса не шара...

Қалима кемпірдің де шағымы осындай. Бір кілә май алам деп,
елу тиынын жеп қойған. "Енді ол басқаны қойып, есеп білмейтін шал-шауқанды
айналдыруды шығарған ба?" - деп ойлады ішінен Әлтай.

Дүкенге келді. Дүкенәлі көптен күткен "қонағын" сыртымен
қуана қарсы алған болды. Әрине, Әлтай да бала емес.

Өзін жақтырмайтынын қашаннан біледі.

- Дүке, жеке әңгіме бар еді, -  деді сөзді тіке бастап. Елдің көзінше
ұялтқысы келмеді. Дүкең сауда жасаушыларды жылдамдатып босатты да, есікті
ішінен іліп алды. Әлтай енді сыпайылап жатпады, әңгімені туралап айтты.

- Аға, сізге келгім де жоқ еді. Соқпасам-ақ деп едім. Бірақ
соңғы кездегі тірлігіңіз... Айтыңызшы,   
осы  ауылда - бөтен адам бар ма?
Сол шал-шауқанның тиын-тебенін жемей-ақ қойсаңыз қайтеді, - деп бір қойды.

Дүкенәлі түкке түсінбеген адамдай, ыршып кетті:

- Мен бе?.. Кімді жеппін сондай-ақ?!..

- Ой, аға-ай, несіне дауыс көтересіз! Мен енді сізге
"пәленшені, түгеншені" деп, әйел өсекті айтып жатайын ба. Жайбарақат шешілетін
әңгімені айқайға айналдыру ақылдың белгісі ме екен...

Осыған жеткенде Дүкенәлі де майысып сала берді.

- Інішек, рас, менен қателік бар шығар. Оны несіне
жасырайын. Бүгін өзің бізде қонақта болсайшы. Жақсылап әңгімелесейік... Ауылға
да сирек келесің...

- Жоқ, аға! Ниетінізге рақмет. Мен бүгін қалаға қайтуым
керек...

- Қап!... - Осыдан соң бір нәрсе айтпақ болғанына
қарамастан, Әлтай есікке беттеді. Дүкенәлі  
ере   шықты. Қоштасарда:

- Інішек, алыс адам емеспіз ғой, -  деп тағы да әңгіме бастап келе жатыр еді,
Әлтай қолын тезірек қысып, кете барды...

Бәрі де осымен біткен еді. Дүкенәлі де мұны жақсы түсінді.
Күні ертең-ақ үлкен газеттің бірінен өзі жайлы фельетон оқитыны күмәнсіз-тін.
Әкесін жақсы біледі ғой. Анарбекті бұл ауылда кім білмесін. Атышулы қара қырсық
емес пе. Айтпайды, айтса бітті, аш күзенше қатады да қалады. Қайтып жібіту
қиын, шіркінді...

Мына жүгермегінің тұп-тура өзіне тарта салғанын қа­рашы.
Жап-жас болып алып, жердің астындағы бәлені іздейді. Ой, ит-ай!.. Енді жазады.
Оған дауа жоқ... Оның арты, әрине, жақсы болмайды. Соңғы кездері аудандағы
бастығы да сәл нәрсеге қитығып, тырнақ астынан кір іздеуді шығарып еді... "Бар
абыройдан жұрдай бо­лып, "орнынан алыныпты" дегізгенше, алдын алып өзім
шығайын. Дос бар, дұшпан бар дегендей... Екі қолға бір жұмыс табылар, не болмаса
бірер жылды артқа салып қайта оралармын... Кішкене тазаланып алған да дұрыс...
Қанша есептедім дегенмен сауданың аты сауда ғой. Бір жағын дұрыстасаң, екінші
жағы қисайып жатады. Ал, орынға қайта оралу... Оның есебі болар. Оған шама
келмесе, кім болғаным... Дүкең әзірге есебінен жығылып көрген жоқ. Қайта «бір
оқпен екі қоянды» деген... Осы жолы айла асырып, қулық жасап, Анарбектің
баласын бір сазға отырғызайын. Ертең мені сынап, кәзитке құлаштай мақала
жазады, артынан тексеру келгенде, Дүкең жұмыста жоқ. Бәлем, сосын өзінің
терісін сыпырып алар. "Сынаған адамыңның жұмыста бар  -жоғын білмейтін неткен миғұласың!" деген сөз
естісе де, менің жеңгенім ғой...

Оның көп күн ойланып, тоқтаған түйіні осы болды. Соның
ертесіне-ақ денсаулық жағдайыма байланысты деп уақытша жұмыстан арыз беріп
босанды. "Дүкенәліні құдай қозғамаса, басқа адам қозғай алмас"  деп жүрген жұрт оның мұнысына таң қалды.

Бір қызығы - газетке фельетон шыққан жоқ...