ВЕРНУТЬСЯ

       Елтаныс жиегi әшекейленген шақыру қағазын қолына қайтадан
алды. Маржандай тiзiлген бес-алты ауыз сөз бұған осы  жолы сондайлық әсерлi көрiндi. Алыста қалған
жастық шақтың жаңғырығындай. "Құрметтi Елтаныс Естайұлы! Сiздi Мемлекеттiк
университеттi осыдан жиырма жыл бұрын бiтiрген курстастардың бас қосуына
шақырамыз! ".

Қайран, студенттiк жылдар! Көздi ашып - жұмғанша зу етiп өте
шыққан жас өмiр! Ендi мiне, қызмет-қызмет деп жүргенде арада жиырма жылдың
қалай сырғып кеткенiн де сезбей қалыпты-ау!..

Ол жұмсақ орындығында шалқайып отырып, бiрауық ойға шомды.
Алыстап кеткен арман күндер ендi кеудесiне сыналап енiп, бойын дел-сал етiп,
әлдебiр бойкүйез сезiмге бастап бара жатқандай. Ненi еске аларын, кiмдi еске
аларын да бiлмейдi. Тап қазiр ойына тиянақ етер бiр нәрсенi түсiре алсашы.
Сонда да... сонда да түпсiз ойдан тез жерiп, бойын жинағысы жоқ. Алыс күндер
елес-сағыныш сынды... өзiне тарта түседi.

Өстiп өзiмен-өзi түсiнiксiз күй кешiп, бiршама уақыт отырды.
Сонан соң серпiлгендей болып, еңсесiн тiктедi де:

- Қой, бару керек! - дедi баяу үнмен.

Сосын орнынан жеңiл көтерiлдi.

                                            * * *

Аудандық бiр мекеменiң бастығы Елтаныс Естайұлы Алматыға,
курстастарының жиырма жылдық бас қосуына жалғыз жүретiн болды. Келiншегiн де
алып кеткiсi бар едi, ол бiрақ аяқ астынан науқастанып, ауруханаға түстi.
Дәрiгерлер "әзiр ұзақ жолға жарамайды, бақылауда болуы керекң деген соң, басқа
амалы қалмады. Жалғыз баруына тура келдi.

Содан жолға жиналды. Жәй жиналған жоқ, iссапарға жиналды.
Бас бухгалтерiн шақырып алып, дереу iссапар куәлiгiн әзiрлеудi тапсырды. Басбух
бас изеп, шығып кеттi де, артынша қайта кiрдi.

- Сонда не деп жазамыз? Жиналыс па, әлде...

- Мәселемен. Мәселе шешу үшiн деп жазыңыз. Тездетiңiз. Уақыт
тығыз.

Бiрер сағаттан кейiн Елтаныс жүрдек поезға отырды...

Шаңы бұрқырап аспанға көтерiлiп жататын алыс ауданның
қасында Алматы дегенiңiз пейiш-ақ. Қонақ үйге орналасқалы келе жатып, ол әнебiр
жылдары осында қызметке қалып қоймағанына өкiнгендей болды. "Ендi мынау,
түкпiрдегi ешкiмге елеусiз ауданда шаң-шаң болып жүргенiмiз. Астананың
қызметкерлерiн былай қойғанда, жүк тиеушiлерiнiң өзi ақ көйлек, ақ кәстүм киiп
жүредi. Әнi, мәдениет дегенiңiз... Әнi, тазалық дегенiңiз..."

Қонақ үйге келдi. Орын алды. Жайғасты.

Ал, ертесiне кездесу де басталып кетiп едi.

Курстастардың көбiсi-ақ жиналыпты. Бiрлi-жарымын
есептемегенде, негiзiнен барлығы келген десе де болады.

Мынау Жансұлу. Ықшам денелi, жiп-жiңiшке қара қыз едi. Ендi
толысыпты. Екi бетi пiскен алмадай алаулап тұр. Топырлаған көп келiншектердiң
ортасынан ең әуелi көз тiктегенi осы Жансұлу болды. Неге?.. Оның өз сыры да
бар.

Жансұлу да боталаған жанарымен бұған көп қарағыштады. Сол
баяғы өткiр жанар. Өзгермептi. Қараған сайын жiгiт те сезiмге балқып,
буын-буыны босай бастағанын аңғарды.

"Қайран Жансұлу! Сондағы айлы түн астында сырласқан
кездерiмiздi ұмыта алмай жүр ме екенсiң..."

Елтаныс пен Жансұлу оқуға түскен жылы-ақ жақсы араласып
кеттi. Бiрте-бiрте бiр-бiрiне ықыласты екендiктерiн аңғартып, қолтықтасып
киноға баратын. Жiгiт неге екенi белгiсiз, осы қызға көп үйiрсектедi. Оның сыр
ұялаған жанары, қыр мұрыны, толқынды қара шашы - бәрi-бәрi Елтанысқа ұнап
тұратын. Қыз да бұның шашынан сипалап тұрып:

- Шашың өте қатты екен, бұл қайраттылықтың белгiсi, - деп,
еркелей қылымситын.

Қыздың бұл еркелеуi, алайда, ұзаққа созылмады. өрысқан да
жоқ, таласқан да жоқ, ыстық көңiлдер өзiнен-өзi суыса бердi. Ақыры араға сына
түстi. Оқу бiтiрген жылы екеуi көптiң бiрi секiлдi суық қоштасты. Қыздан да,
жiгiттен де "Бұл қалай болды? "  деген
бiр ауыз сөз шықпады.

Содан кейiн бiр-бiрiн көрiп тұрғаны осы.

Кездесу аяқталып, бүгiнгi күннiң жоспарын бiтiрген соң
барлығы тарқай бастағанда, бiреу арт жағынан келiп қолтықтай алғаны. Елтаныс
жалт бұрылған. Сөйтсе Жансұлу екен.

- Өзiм келмесем жақындайтын түрiң жоқ қой, - дейдi сыңғырлай
күлiп.

- Жағдайың қалай, Жансұлу. Қасыңда күйеуiң бар шығар деп...

- Ой, сенi де жiгiт дейдi-ау. Күйеу деген кiм тәйiрi. Кiшкентай
нәрсенi қызғаныш көретiн кезден әлдеқашан өтiп кеткен жоқпыз ба. Баяғыда
батылсыз едiң, әлi сол қалпың...

- Иә, мiнез ғой...

- Сол мiнезiң емес пе екеумiздi екi жаққа бөлiп жiберген, -
дедi қыз бұны қолтықтаған қалпы iлгерi жүре түсiп. - Баяғыда ғой, көңiлдегiнi
бүкпестен, ашық сөйлескенiмiзде бүйтiп жылдар бойы бiрiмiздi-бiрiмiз iздеп,
армандап жүрмес едiк.

Елтаныс аң-таң. "Бiр-бiрiмiздi iздеп, армандап..." дегенiне
аса мән бермесе де, оның әлi де iштей ұнататынын ұғып тұр. Несi бар, бұл ендi
жүректiң шаруасы...

Екеуi басқалардан бөлек шығып кеттi.

- Айтпақшы, сен қай қонақ үйге тоқтап едiң? - деп сұрады
Жансұлу былай шыға бере.

- Алматы қонақ үйiне.

- Ендеше сонда бастамайсың ба? Жиырма жылдан соң әзер
кездестiк дегендей. Ең болмаса шампан iшiп отырып, өткен күндердi еске
түсiрейiк.

- Әрине, - дедi Елтаныс ендi есiн жиғандай. - Бөлмеге
барамыз ғой. Тек... сенi үйде күтiп қалмай ма?..

- Күтсе күтер. Жиырма жылдан соң курстастарыммен бас
қосқанда бiр күн бой жазып, шалқуыма хақым бар шығар...

- Сонда да... Отбасының аты отбасы. өрыс-керiс шығып кетсе... -
Елтаныс тап қазiр бiреудiң отбасын бұзғалы тұрғандай абыржи сөйледi.

- Сен де болмайтын нәрсенi сөз етедi екенсiң. Маубас күйеуiм
бұл кезде пыр-пыр етiп ұйықтап жатқан шығар. Оның қарны тоқ болса бiттi, басқа
түктi де қажет етпейдi. Баста, қонақ үйiне...

- Ендеше барайық. - Елтаныс Жансұлуды өзiнiң бiр  кiсiлiк люксiне алып келдi. Коньяк, арақ,
шампанын топырлатып қойды үстел үстiне. Екеуi талай жылдардан соң кездескенi
үшiн тост көтердi.

- Ендi әңгiме айт. Күйеуiң кiм, балаларың нешеу? - деп,
Елтаныс одан сыр суыртпақтады. Жансұлу тағы да тарс кеттi.

- Маубас күйеуiм құрылыста iстейдi. Бiр қызымыз бар. Оның
несiн айта берем. Сен де маған құда түсетiндей... Одан да баяғыны еске түсiрейiк
те...

- Сонда ненi? - деп Елтаныс қипақтады.

- Баяғы күндер ше! Сен менi киноға шақыратынсың. Екеумiз
қолтықтасып кетiп бара жатқанымызда басқалар бiзге қызыға да, қызғана да
қарайтын. Ол шақтағы балауса махаббат таңғы шықтай мөп-мөлдiр едi-ау, қайтейiн.
Ендi мынау...

"Ендi мынау"  дегендi
аса бiр күрсiнiспен айтқандай болды.

- Әлденеге ренжулiсiң ғой, - дедi Елтаныс аяушылық сезiммен.

- Ренiш! Кiмге ренжiмекпiн. Тiптi әрбiрден соң ренiшiм кiмге
дәрi? Оны кiм елеп жатыр екен.

Осы бiр азғана отырыстың өзiнде-ақ Елтаныс Жансұлудың мiнезi
мүлдем өзгерiп кеткенiн байқағандай. Баяғыда сыпайы едi, биязы едi. Көп
сөйлемейтiн. Бiр нәрсеге ұялып қалса, бетi нарттай болып қызаратын. Бұл оның
сонысын қызық көретiн. Ал, бүгiн мүлде бөлек бейнемен, мүлде бөтен адаммен
жүздесiп отырғандай. Өзi сөзшең болып алыпты. Аздап бетпақтығы да
байқалатындай. Ә десең мә дегелi тұр.

- Сен менi шын сүйген жоқсың, ә? - дедi Жансұлу бұның ойын
бөлiп.

- Неге!.. өнаттым-м...

- Өтiрiк. Өтiрiк айтасың. өнатсаң бекерден-бекер
бiр-бiрiмiзден алшақтар ма едiк.

- Ендi... сен ғой.

- Мен емес, сен. Сен ғой тез салқын қабақ танытқан.

- Өзiң үндемей жүре бердiң. Сосын саған ұнамайтын шығармын
дедiм, - деп, Елтаныс шын сырын ашты.

- Сүйетiнiн әуелi жiгiт айтпай ма? Қыз басыммен қалай сыр
ашамын. Соған да ақылың жетпедi ме.

- Қайдам! Басқа бiреуде ойың бар шығар деп... - Жiгiт күмiлжiп
қалды.

Қыз ендi рюмкiге коньяк құйды да, өзi тартып жiбердi. Сосын
қарқылдап тұрып, ерсiлеу күлсiн.

- Ха-ха-ха! Бiздiң бұл отырысымыз не? Қайтадан үйленетiн
адам секiлдi. Өткен өттi. Оған өкiндiң не, өкiнбедiң не. Бүгiнгi күннiң әуенi
басқа. Жастық дәурен зулап өтiп барады. Бес күн болса да, оның қызығын көрiп
қалу керек. Мен солай ойлаймын. Ал, сен ше?

- Мен... бiлмеймiн. Ал, сен болсаң, мүлде өзгерiп кетiпсiң.
Тани алмай отырмын, өзiңдi.

- Неге тани алмайсың. Мен сол баяғы Жансұлумын. Бар болғаны
ептеп өмiрге икемделдiк. Кiмдермен және қалай қарым-қатынас жасау керектiгiн
бiлдiк. Соның арқасында астанада үш бөлмелi пәтерiм бар, шетелдiк мебель,
кiлем... Осының бәрiн тауып жүрген әлгi үйдегi маубасым емес, мына мен. Менiң
таныстарымның сыйлығы... Маған жасаған қошаметi... Былайша айтқанда қызметке -
қызмет.

- Сен... сен баяғы Жансұлу емессiң! Сен басқа адамсың.

- Баяғы Жансұлу болғаннан не пайда, - дедi ол. - Жүрер едiм
көрiнгеннiң есiгiнiң алдында. Тапқан табысым тамағыма бiрде жетiп, бiрде
жетпей... Осыны өтiрiк дешi? Қала өмiрiн түсiнермiсiңдер бiрақ.

- Ал, сонда ар, ұят дегендi қайтпексiң? - деп, Елтаныс та
ренжи тiлге келдi. - Адамға ең басты керегi - дүние, мүлiк пе екен?..

- Ақылының түрiн... Дүниесi жоқ адамды адам дей ме осы күнi.
Көшеде қаңғырып жүрген қаңғыбаспен кiм сөйлеседi, ә?!

- Дүниенi адал ақы, маңдай термен табу керек. Сонда ыстық
болады. Сонда қадiрлi болады.

- Бiлгiш-ақ екенсiң. Өзiң де маңдайың терлеп жұмыс iстеп
жүрмеген шығарсың. Сен секiлдi бастықтардың талайын көргемiз. "Жұмыс бастан
асып жатыр"  деп, әйелiн алдап қойып,
өздерi жезөкшелермен қыдырыстайды...

- Тоқтат! Өйтiп елдiң бәрiн қаралай берме. Байланысып
жүргенiң қандай бастықсымақ екенiн бiлмеймiн. Бостан-босқа жақсыларды
ғайбаттама. Күпiрлiк жасайсың.

- Жақсылар! Кiм олар?..Осы жасыма дейiн етегiне намаз оқып
жүрген еркек кездестiрмедiм. Бәрi де бiр сәттiк нәпсiнiң құлы... Әйелдерге бар
пәленi үйрететiн де солар...

- Жансұлу?.. - деп айқай салды бұл. - Мен сенi көргiм
келмейдi. Менiң Жансұлуым баяғыда-ақ өлген екен. Ол ендi жоқ екен... Бар! Бар!..
Кет ендi...

- Қайда кетем! - деп, Жансұлу Елтаныстың мойнына жармасты. -
Ескi махаббатың емеспiн бе. Ең болмаса бiр түнiңдi қимайсың ба...

Елтаныс орнын ұшып түрегелдi.

- Жоғал! - дедi ендi әмiр бере. - Көзiме көрiнбе...

 

                                                     
* * *

Арада алты ай өткенде Елтаныстың қызметi жоғарылады. Алматыдағы
бiр министрлiкке бөлiм бастығы болып бекiтiлдi. Министрлiктiң жұмысы ауыр-ақ.
Ерте келiп, кеш қайтады. Күнұзақ қағаздан бас көтере алмайды.

Сондай күндердiң бiрiнде алдындағы қызыл телефон шырылдаған.
Көтердi. "Әлө"  дедi. Ал, арғы жағынан
үнi нәп-нәзiк бiр келiншек:

- Маған Елтаныс Естайұлы керек едi, - деп сұраған.

- Мен. Тыңдап тұрмын.

Әйелдiң дыбысы шықпай қалды.

- Әлө, Елтаныс тыңдап тұр сiздi. Әлө!

- Шынымен... Елтаныссыз ба? - деп, әлден уақытта әзер жауап
қайтарды арғы жағынан.

- Иә, Елтаныспын. Кешiрерсiз, өзiңiз кiмсiз?..

- Жайдаркүл деген қарындасыңызбын. өмытып қалған боларсыз...

- Жайдаркүл!.. - Елтаныс ойланып қалды. Таныс есiм. Бiрақ,
қашан, қайда көрдi. Қапелiмде есiне түсе қойса кәнiки. Сонда да сыр бергiсi
келмей:

- Әрине, таныдым, - дедi.

- өмытыңқырап қалыпсыз. Дауысыңыздан сезiп тұрмын.
Сенiмсiздеу сөйлейсiз, - дедi арғы жағындағы келiншек. - ҚазПИ, екiншi
жатақхана, 43 бөлме...

Елтаныстың жүрегi аузына тығылғандай болды. Сол. Сол екен
ғой. Баяғы Жайдаркүл... Елiктiң лағындай ерке қыз... Өлең жазатын ақын қыз...

Құрбым, сен де кел, таныс,

Бұның аты - Елтаныс...

Ол осылай деушi едi. Өстiп өлеңдететiн. Еркелейтiн бұған.
Жансұлумен аралары суысып кеткен соң, осы Жайдаркүлдi тапты емес пе. Қайран,
Жайдаркүл... Сенiң де сыңғырлаған үнiңдi еститiн күн бар екен-ау...

- Қайдан телефон соғып тұрсың? Қолың бос болса кездеспеймiз
бе?..

- Бiлмеймiн. Сiз бiздi ендi менсiнбейтiн шығарсыз, - деп,
қылымси  күлдi келiншек. - Үлкен
министрлiкте iстейсiз.

- Әзiлдi қой. Шаруаға көшелiк те.

- Кездесуге уақыт бола қойса... Екi-үш күнге iссапарға келiп
едiм. Солтүстiк жаққа кетiп едiм ғой. Сол жақта тұрмысқа шығып, балалы-шағалы
болдық дегендей...

- Тап қазiр қай жерден телефон соғып тұрсың?..

- Бiлiм министрлiгiнiң жатақханасынан. Бiрақ, уақытым тығыз.
Ертең ертемен елге ұшамын. Жәй, осында екенiңдi бiлiп, ең болмаса дауысыңды
естiгiм келгенi...

- Жо-жоқ, болмайды. Ең болмаса жүзiмiздi көрелiк. Сағат
алтыдан жиырма минөт өткенде «Есiк» мейрамханасының алдында күтейiн. Келесiң
бе?

- Қайдам-м...

- Қайдам емес, уәдеңдi бер.

- Жарайды...

Елтаныс кешкiсiн Жайдаркүлдi тағатсыздана күттi. Ол қашан
келгенше дегбiрi қашып, тыпыршумен болды.

Кенет... анадай жерден баяғы өзiнiң Жайдаркүлi жалт ете
қалғаны. Қарасаң көз тоймайтын нағыз сұлу келiншекке айналыпты. Аздап қана
толысқаны болмаса, денесi тiп-тiк, осы тұрысында отыз жасқа әзер қиғандайсың.
Елтаныс қолын ұсынып жатып, оның бетiнен сүймекке ниет қылып едi, келiншек тартыншақтады.
Сосын бұл да дереу бойын жиып алды. "Аңқасы кепкен еркектей, мұным не? "  деп ойлады iшiнен. Екеуi мейрамхананың
түкпiрiндегi оңаша үстелге отырды. Өткен күндерден әңгiме қозғалды. Сөзiнен,
қимыл-қозғалысынан сезiлiп тұрды, Жайдаркүл бұны әлi күнге қимайтындай.

- Екеумiздiң болмашы нәрседен арамыз ажырап кеттi, ә? - деп
жiгiт әңгiме тақырыбын өткен жылдарға ойыстырған. - Бәрi менен болды.

- Жоқ, оған кiнәлi өзiммiн, - дедi келiншек. - Қызғаншақ
мiнезiмнен. Сол жолғы ақымақшылығымды осы күнге дейiн кешiре алмаймын. Бiр
өсекшi құрбым сенi паркте басқа қызбен қолтықтасып бара жатқанын көрдiм дедi.
Соның ақ-қарасына жетпестен, шарт сындым. Ол есiңде ме?..

- Емiс-емiс... Одан берi де қаншама жылдар өттi...

- Иә... уақыт деген заулап барады... Ең болмаса бүгiн көзiмдi
жеткiзейiн. Басқа бiреумен паркте қыдырғаның рас па, айтшы?!

- Ол ендi... есте де қалмапты. Кiм бiледi, курстас қыздар
болуы да ықтимал...

- Жоқ, ең бастысы сол кезде менен өзге қызға көңiлiң аумады
ма?!

- О не сөзiң! Менi кiм деп отырсың?

Келiншек төмен қарап үнсiз қалды. Жүзiне ризалық сезiм пайда
болғандай. "Әлi күнге дейiн iшкi құштар сезiмiн сақтай алыпты-ау"  деп ойлады жiгiт. "Шын махаббат неткен
құдiреттi! Әсiресе, әйелдiң махаббаты деген... түпсiз тұңғиық қой... Оның түбiне
жету еш мүмкiн емес..."

Елтаныс пен келiншек мейрамханадан шыққан соң да, ажыраса
алмай, көшеде ұзақ қыдырды.

- Балаларың нешеу? - деп сұрады сөз арасында Жайдаркүл.

- Үшеу ғой...

- Жарайсың, мықты әке екенсiң. Бiз екеуден асыра алмадық.

Сол түнi Алматыға қар жауды. Бұлар қарды да елейтiн емес.
Түн ортасына таман келiншек бойы тоңазығанын айтып, кетуге ыңғайланды. Биiк
үйдiң түбiне келгенде екеуi де тоқтады. Осы сәтте Жайдаркүл өзiнше батылданып,
Елтанысты өзiне қарай тарта түстi де, бетiнен өбiп алды. Сөйттi де:

- Қашанда бақытты болуыңа тiлектеспiн, - дедi. Сосын ақырын
басып кетiп бара жатты. өзай бере, қайта бұрылып:

- Саған деген сезiмiм сол баяғы қалпында, Елтаныс! - дедi...

Елтаныс тұрған орнында қаққан қазықтай қалшиды да қалды.
Жүрегiн әлдене тiлгiлеп өтiп жатқандай. Баяғы кез, баяғы жалаң аяқ жас кез
есiне түстi. Сол уақытта айтылмай қалған жүрек лебiзiн ендi естiдi.

"Жайдаркүлiм!.. Сенi мен де сүйетiн едiм. Қайтейiн бiрақ...
Бәрi өттi де кеттi ғой. Өмiр деген осылай..."

Өстiп iшiнен күбiрлеп алып, аяңдай берген. Жол үстiнде
Жансұлуды есiне түсiрдi. Қалай өзгерiп кеткен, ә! Тiптi кiсi танымастай
өзгерген. Жайдаркүл ше!.. Сол қалпы... Сол пәк қалпы... Әлi күнге сүйедi екен.
Махаббат шiркiн... Иә, шын махаббат мәңгiлiк деген рас болар тегi... Рас екен ғой...
Бiз екен ғой сенбей жүргенң...

Адымдай түстi де, кенет жүрегi қайтадан су-у ете қалғаны.
Баяғыда Жайдаркүлдi әлденеше рет алдап едi. Сол "пысықтығының"  арқасында ақыры аралары суысып тынып едi...  Жаңа... арада жиырма жыл өткенде тағы да жалған
сөз айтты оның алдында. Паркте қыдырған қызды неге ұмыта қойсын. О, шiркiн
де  жүзiктiң көзiнен өткендей сұлу
болатын. Шоқ тастап едi бұның жүрегiне... Сол сұлулыққа арбалып, әлденеше рет
айлы түн астында сырласқаны ше!.. Бiр жүректi қайда қиярын бiлмей қиналған
кездерi ше!.. Тағы да... Жайдаркүлдiң алдында шын сөйлей алмады. Ағынан
жарылмады. Ол болса, сендi. Сенiммен қоштасты. Көңiлiнде кiр қалдырмады. Ал,
бұл болса...

"Неткен сорлы едiм! - деп қамықты ендi. - Махаббатты, шын
сүйiспеншiлiктi қадiрлей бiлмейтiн нағыз маубас мен шығармын. Солай. Дәл
солай!  Маубаспын!.. "

Ол осы түнi  өзiн-өзi
тұңғыш рет өлердей жек көрдi.