ВЕРНУТЬСЯ

       Бір жылдарда...
көкпарды көп доданың бірі емес, өнер деп білген осы өңірде Құли көкпаршыдан
өткен көкпаршы болып па! Дариға-ай, о да бір дәурен дүние екен-ау!.. Қай
уақытта да уысына ілінген тоқты-торым, теке-терім Құлидың қолынан қайтып босап
па әуелі... Оны арғы-бергі ауылдағы барлық көкпаршы білетін де мойындайтын.
Көкпарға Құли араласты дегенше алдарындағы несібесінен сол сәтте-ақ біржола
айрылғандай болып, бәрі де сабылысып, қарбаласқа түсетін.

     О, шіркін, о да
бір дәурен дүние екен!...

 

                                                      *
* *

Құли қартайды. Бойдан қуат кетті. Қыран құстың тырнағындай
темір саусақтар да әлсізденіп, ұстаған заты уысынан сырғып кете беретін болды.
Бұл кәрілік! Мойындасаң да, мойындамасаң да мойныңа мініп алар кәрілік.
Баяғыда... ойлайтын. Мен қайратымнан қайтпайтын шығармын. Мені ешкім де жеңе
алмас. Мен көкпарға араласқанда, маған тең келер кісі болмас. Сөйтіп... ат
үстінде жүріп, дүрбелеңді дода-дүниеден тым-тырыс о дүниеге де аттанып кетермін
деп... Сөйтсе...

Кәрілік деген кәрі дос ол да өзінше көкпаршы екен. Ол да....
өз дегенін істейді екен. Мойындасаң да, мойындамасаң да сені желкелеп алады
екен. Мойныңа бір мінген соң, ол енді қайтып оңайлықпен түсе қоймайды екен. Бұл
кәрілік солай екен.

Қария әсіресе үйден шыға алмай, үйелеп отырып қалғалы бері
осы ой деген түпсіз терең тұңғиық пәлені анық серік етті. Әйтпесе... баяғыда ой
деген пәледен мүлдем ада еді. Қиял деген қыртыңыз бұл ауылға қыдырмайтын қонақ
еді. Енді мынау... үй күшік.

Күні кеше "қартайдым, енді көкпарға шабатын шама жоқ, бірақ
барып көремін, айқайшы болып отырамын" деп үлкен ұлына қолқа салғанда баласы ол
сөзін құп алып, қайда той-томалақ болса, сонда алып баруға уәде етті. Және ол
сөзінде тұрды да. Бұл көкпар басталды дегенше, сол дүрмек ішіне кіріп кететін.
"Әй, анау да бір болбыр неме екен ғой, қолына ұстап тұрып жібере салғаны несі"
деп, алыстан айқай сап, іштей кіжініп тұратын. Кейбір бұны жыға тани
бермейтіндер "ой, мына бір қақпас шалға не жоқ" деп, оны омыраулай өтіп,
қаға-маға шетке ығыстыратын. Құли ондайды елеп жатқан жоқ. Оның бар зейіні -
көкпарда.

-  Әй, олай емес,
бұлай тарт. Сілкіле, сілкіп тарт! - деп айқайға басады.

Сөзі аналарға жетіп жатыр ма, жоқ па - онда шаруасы шамалы.
Әредік әлгі көкпаршы оң, тәуір қимыл жасап қалса, "ой, пәлі, бағаналы бері
өстімеймісің" деп, риза көңілмен шек-сілесі қата күлетін.

Ал, енді  соңғы
айларда ондай бақыттан да айрылды. Алаңсыз жүруден қалды. Аяғын басуға дәрмен
жоқ. Енді көрші жатқан ауыл-ауылды аралап, көкпар көруге де бара алмайды. Ұлы
"енді болмайды, аяқ асты боласыз, үйде отырыңыз" деп тастап кетеді. Әке осыған
әжептәуір-ақ налиды. "Өй, иттің күшігі... Мені аяқ астында қаласың деп... Кешегі
кәнігі көкпаршыны қорлап сөйлейді әй, мынау! Сен... мені білмейді екенсің. Мені
табанымен таптап кетер пенде бұл аймақта әлі туған жоқ" деп, ұлына күркіреп
қоятын.

Кеше... ұлы келіп:

-  Әке, ертең ауылда,
ана қыр үстінде көкпар болады. Соған алып барамын,

дегені.

Бұл балаша қуанды.

-  Қашан, ертең
ертемен бе? - деп елпектеді.

- Жоқ, таң атпай емес, түс ауа...

- Е, жарайды.

       Түс ауа баласы
әкесін атқа мінгестіріп алып, ауыл сыртына алып келді. Өзі аттан түсті де,
әкесін анадай жердегі төбе басына отырғызды.

-  Осы жерде отырып
көресіз...

Әкесі айтты:

       -  Балам-ау, мына төбеден не көрем мен. Тым аласа
екен. Сен онан да анау-мынау биікке шығар мені. Сол жерден қарап отырайын.

       Ұлы әке
өтінішін амалсыз орындады. Биік төбеге көтеріп шығарды. Ол жер расында да
еңселі. Енді сайдағы алаңқай алақанға салғандай бола қалды. Тек... төменгі жағы
ойпаң, терең шұңқыр. Әкесіне:

-  Орныңыздан
қозғалмаңыз, төменге құлап кетіп жүрмеңіз, -  деп ескертті.

-  Е, немене, мен жас
бала ма екем, -  деп, әкесі әжептәуір-ақ
ренжіп қалды.

       Сәлден соң
делебе қоздырар көкпар да басталып кетті. Құлидың ұлы да сол дүрмекте. Қарт
көкпаршы алыстан көз салып, кәрі қырандай бақылап отыр.

       -  Әй, сен олай етпе, былай... Былай қарай сілкіле.
Ой, жетесіз... - деп, төбе басынан айқайлап қояды.

Бір уақытта ұлының қолына көкпар тигенін көріп, айқайға
басты.

       -  Енді заула, бас қамшыны! Ананы... ананы тақымға
басып ал. Босаңсыма. Ой, мынаны-ай, ә!.. Қап-п!..

Шал кәдімгідей еліріп алған. Өзі сол дода ішінде жүргендей
екпіндейді кеп.

       - Әй-й...
күшік-ау, болсаңшы. Атты... атты қамшыла. Олай емес, мына жағынан. Туһ-һ!..
Осындай да болбыр бала болады екен-ау... Көкпарды қор қылып...

       Құли көкпар
қызығымен итініп, итініп кетіп, алға жылжып-жылжып барып, жар жағасына да келіп
қалғанын да аңғармаған. Бір пәсте... Кєрі көкпаршы баласының көкпардан айрылып
қалғанын көріп, ашуға булыға айқайлап жіберді.

       - Әй, сені де
ұл таптым деп... Әй, сені де ұрпағым деп... Боркемік... Жасық туған неме...

      Осылай деп
булыға сөйлеп, орнынан тұрып кетердей боп, ұмтылып қалды да, артынша шұңқыр
сайға қалай құлап кеткенін де байқамады. Құлдилап келе жатса да әлгі әсерден
айыға алмай: "сені де ұлым деп, үміт артып..." деп күбірлеген күйі терең сайға
гүрс етті. Осы сәтте мына жарық әлем қарт көкпаршының көзінің алдында жарқ етті
де, шыр айналып бара жатты.

       Шыр айналған
дүние арасында есі кіресілі-шығасылы болып жатып, шал өзінің байқаусызда
биіктен құлағанына емес, ұлының көкпарды оп-оңай қолдан бергеніне налыды. Соны
қатты қинала есінен шығара алмай жатыр. Ұлы емес, көкпардан жеңілген тап мына
өзі  секілденді. Сол жеңіліс... тұла бойын
мұздатып, бүкіл жан-жүйесін  сырқырата,
жанына бата ауыртты. Құлап қалғанынан емес бірақ. Бәрі де ұяттан...

       Ат үстінде
қырық жыл көкпар тартып жүріп өмірі жеңіліп, не аттан құлап көрмеген көкпаршы
ұяттан өртене жаздап, тұла бойы қалшылдап жатты да... көзін ақырын жұма берді.

Ал, ана жақта көкпар-дүние қызып жатты.