ВЕРНУТЬСЯ

     Бiздiң бұл әңгiмемiздiң бас кейiпкерi Жарасхан мырза бұл
өмiрде тек қана сұлулыққа сүйсiнiп, сұлуды ғана сүйiп, сұлулыққа ғана табына
тiршiлiк етушi кәдiмгi жұмыр басты пенде. Ол табиғаттың, жаратылыстың барша
сұлулығына кейбiреулер секiлдi селқос, немқұрайлы қарай алмады. Сұлулыққа
табынса бүкiл жан-тәнiмен табынатын, сүйсе ынтызар көңiлмен шын берiле сүйетiн.
Ол, әсiресе, қыз сымбатына, қыз сұлулығына өлердей ғашық едi, оның тұнық
сезiмiн жүрегiмен сезiнiп, тазалықтың тылсымына шомыла бiлетiн.

Алайда ол осы жасына дейiн сатып алатын, сатылатын,
саудалауға болатын сезiмдi, иә, кәдiмгi кiсi сезiмiн кездестiрмек тұрмақ,
түсiнде де көрмептi.

                                                    * * *

Кеше ғана бой көтерiп, аяғын әлтек-тәлтек басқан кiшкене
қалаға - жас қалаға Жарасхан жақында келген-дi. Жақында келсе де бұл қаланың
қырын да, сырын да, ащысын да, тұщысын да бiр кiсiдей бiлiп қалып едi. Таяуда
ғана табаны тиген осы қаланың әлдебiр долы қатынның мiнезiндей деп-демде
долданып, ақ көбiк шаша арындап, сосын деп-демде сап тиыла, сабасына түсе қалар
жынды желi мен шаяндай шағып алар аязына бәрiбiр бойы үйрене алмай-ақ қойғаны.
Кешегiсiне бүгiн, бүгiнгiсiне ертеңi ұқсамайды. Долы қатынның мiнезi ме, әлде
шатақ мiнез шытыр шалдың қыңыр қылығына ұқсай ма? Әйтеуiр жаңадан кiрпiшi
қалана бастаған жас қаланың ескiден келе жатқан есер мiнезi Жарасханға әуелде
еш ұнамаған. Тiптi ұнамағаны сол, алғашқы кезде "әйт, шу" деп келген жағына
тартып-ақ кетпекшi де едi. "Ден сау болса, екi қолға бiр жұмыс". "Кiсi өмiрге
екi келмейдi, жалғыз-ақ өмiр".  "Сол
жалғыз өмiрдi осындай қалаға қор етiп, бiрде iнiне су кеткен сарышұнақтай
бүрсеңдеп, бiрде ұшынған кiсiдей түршiгiп күн кешу кiмге керек?". "Бiр ғана
өмiр-р...".

Ендi-ендi, сәл болмағанда қоржын-сөмкесiн жинап-терiп
қолтығына қысып алып, "әйт, шу" дегелi жүрген кезiнде қасына, жатын үйдегi
бөлмесiне Серiбек деген жас серiнiң, жас перiнiң келе қалмасы бар ма. Серiбек
десе Серiбек-ақ екен, оған қаңтардың қара суығы да, ақпанның ащы аязы да -
тiптi дембiл-дембiл долылана соғар жынды жел де әсер ете қояр емес. "Один раз
живем, аға" дейдi. Құдды әнебiр кездегi көңiл төрiне орнығып алған өзiнiң
ойындай. "Бiр-ақ өмiр..." Оны қоштайды-ақ. Бiрақ сол "бiр-ақ өмiрдi" қайда, қалай
өткiзу керек? Кiммен өткiзу керек? Мiне, әңгiме өзегi осыған тiрелгенде Серiбек
екеуiнiң сезiм-түйсiгi сетiнейдi, жол екi жаққа бөлiнедi. Сымдай тартылған сұлу
жiгiт Серiбекке салса, барлық қалада да "қызық етiп өмiр сүруге болады". Мейлi
боран, мейлi дауыл тұрсын - тiптi ауа райының әлегiнен неге аспан айналып жерге
түспейдi - онда шаруаң қанша, - "один раз живем, сүр ендеше өмiрдi!" Олай болса
күнделiктi "жұмыс кестеңiз" жұмыс - үй, үй - жұмыс болмауы керек, оны
аударып-төңкерiп, әр апта сайын жаңартып отыру керек. Сонда бар ғой, қайда
барсаң да, қайда тұрсаң да "табаның тиiп, тайраңдап жүрген жерiңнiң бәрi
жұмақ". Бұл - оның ойы, жас перiнiң, сымдай тартылған сұлу перiнiң айтары.

Өзiнiң ой керуенi, көңiл сарайындағы көш керуенi ненi
меңзейтiнi бiрде елес, бiрде күңгiрт. Тап 
бiр дөп басып, "мынадай едi" дейтiн тоқ етер түйiн жоқ. Ой тоқайласар,
көңiл тоқтатар тiректi тағы да таба алмаған. Бiр бiлетiнi - "жалғыз-ақ өмiр".
Ол қайда, қашан тоқтайды, бiр алланың қолында. Сол сағат, сол минөттi көңiл
қаламайтын, жүрекке онан бетер жатпайтын қапас қалада, яки жынды жел ойнақ
салған көңiлсiз жерде күткiсi келмегенi айғақ. "Екi қолға - бiр жұмыс".
Әлбетте, қол-аяғы балғадай жiгiтке қай жерден де жұмыс табылар, табан тiрер
орнықты орын неге табылмасын. Ендеше, әлденеше айлар бойы ойлағаны - "жалғыз-ақ
өмiрдi" басқа бiр қалада, көңiлдi, көркем, желсiз, аязсыз қалада өткiзгiсi
келген едi - оның несi айып екен? Оған, осындай ойға қамала бергенiне
Жарасханның көңiл-кеудесi кiнәлi емес, оған, осындай ойнақы ой мен ойқастаған
сезiмге ерiксiз жетелетiп әкеткенi үшiн жас қала да кiнәлi емес. Кiнәлi ешкiм
де емес-с... Бiр ғана өмiр-р... Оны кiм қалай, қайтiп өткiзбек - өз шаруасы.

Әйтсе де... жеңiл тiрлiктi iздегендi жалқау дейдi мына өмiр,
ауырдан қашқанды қорқақ дейдi мына өмiр, тұрақ таба алмай, көп жортқанды қаңбақ
дейдi мына өмiр... Сонда қалай? Ойыңа келгеннiң, ойға алғанның бәрiне құлақ аса
бермеу керек пе!.. Солай ма бұл жалғанның демегi...

Бұның iшкi сарайы күнi кешеге дейiн  арса-арса болып, әлем-тапырық күйге түскенi.
"Бiр-ақ өмiр-р". Рас, солай. Ендеше нетпек керек, ойдың арғы түкпiрiндегi
көмескi үн "әйт, шу" болғаны ма? Ту-у!.. Қорқақ! Қаңбақ!..

Өстiп ой теңiзiне малтығып жүрген шағында есiк қаға келген
сұлу жiгiт - Серiбек әп-сәтте-ақ бұның кеудесiне бөлекше шоқ тастап, басқаша ой
әуенiне аударды. "Бiр-ақ өмiр", яғни "один раз живем" бiрте-бiрте жақындаса,
жымдаса, үндесе түскендей. Жас жiгiт пен жiгiт ағасы екеуi бiр уақыттың -
бүгiнгi уақыттың үнiне құлақ аса түсiп, ендi бiр кештерде әңгiме әуенi де
басқаша өрнек құрды.

-          Сiз, аға,
"один раз живем" деген сөзiмдi көңiлiңiзге ала көрмеңiз, - деген Серiбек сыпайы
үнмен. - Менiң айтайын дегенiм, өмiр онсыз да қысқа, сол қысқа тiрлiктi
мүмкiндiгiнше пайдалы шаруаға, маңызды iстерге арнаған дұрыс-ау деп...

-          Жә, жә, -
дедi Жарасхан да, - Оған көп ақталмай-ақ қой, iнiм.   Он-он бес жас үлкен демесең, мен де осы сен
өмiр сүрiп жатқан уақыттың екi аяқтысымын. Менiң де көңiлiм әлi жастықтан ұзап
кете қойған жоқ, егделiкке кiм құмар дейсiң, ол онсыз да бiр күнi өз дегенiн
iстейдi. "Бiр-ақ өмiр" менi де аз ойландырмайды.

-          О, тiптi
ғажап, мiне, сiз менi тез түсiндiңiз, - деп Серiбек ақтарыла күлген. Бұл да
жымиған. Сол күннен бастап екi еркек - бiрi жас перi, бiрi жiгiт ағасы -
достасып та, тiл табысып та үлгергендей едi.

Арада аз-кем уақыт өте келе жас перi бөлмелес аға-досын
"один раз живем" деп, өз дегенiне икемдеп алған. Онысы - үйкүшiк бола
берме, әйда, кеттiк кафеге, көңiл көтермей бола ма, онсыз да өтiп бара жатқан
өмiр-р... Мұнысы бiрте-бiрте Жарасханға ұнай бастады. Әй, шынында да, мына жас
қаланың долы қатынның мiнезiндей долдана соғар жынды желi де, шаяндай шағып
алар ащы аязы да - тәйiрi, бәрi де түк емес екен-ау. Оны ойлап не керек. Тiптi
әрi-берiден соң, осы қаланың ауа райын бағып отыру бұның шаруасы ма едi? Неге,
расында да, аспан айналып жерге түспейдi! Мәселе - жұмыс кестесiнде! Әр күнi
қайта қарап отыру керек екен. Күндiз жұмыс, ал кешке кафе, бар, мейрамхана...
Әдемi музыка, әсем би... Көкейдi қытықтаған көрiктi көрiнiс... Бұл - өмiр... Кәдiмгi
өтiп жатқан өмiр көрiнiсi...

Көңiл сарайынан күмбiрлi күй төгiлгендей болып, әр күнi
әдемi басталып, әдемi аяқталып жатқанда байқамапты да - бұл кешегi бiр жанын
сыздататын ауыр да ащы ойларды ұмыта бастапты, бұ дүниеден мезгiлсiз озған
сүйiктi жарын да кей түндерi еске алмайтын да болыпты. О, дариға, оның әдемi де
әсем бейнесiн, майдақоңыр күлкiсiн, тәттi қылығын бұ дүниеде ұмыта алмаспын
деушi едi, сөйтсе... арада бiрер жыл өтпей жатып-ақ, мiне, түнде ойлауды, тiптi
күндiз еске алуды қоя бастапты-ау. Бәлкiм, екеуiнiң арасында дәнекер болып
қалатын бiр сәбидiң болмағандығынан ба бұл?.. Неге? Сол себептен бе? Жұмбақ.
Әлде қасындағы серi жiгiт Серiбектiң "один раз живем" деп, бұның басын шырмап
алғанынан ба? Содан ба? Мүмкiн, басқа-а...

Қанша жөнсiз десе де, өзi соңғы кездерi марқұм әйелiн сирек
ойлап, кiшкене болса да өмiрдiң алдамшы қуанышын сезiне бастағанына риза едi.
"Онсыз да бiр-ақ өмiр..."

Жас қаланың бораны да, желi де, ащы аязы да ендi естен шығып
кетiптi. Ойы тыныға бастағандай. Сөйтсе, 
ұйқысы да жақсара бастапты-ау.

Серiбектiң әрекетi де, сөзi де бiреу-ақ: "Один раз живем".

Бүгiн кешке "бөлмеде-ақ болайын, күнде-күнде селкiлдей
бергенiм жараса қоймас" деп өз iшiнен тәубе шақырып, теледидар көрiп жатқан
Жарасханды Серiбек тағы да ерiксiз ертiп ала жөнелдi. "Ойбай, ағасы, сiз өмiрi
көрмеген бiр жер бар,  көрiңiз де
тұрыңыз, еш өкiнбейсiз, мынау деген орын, нағыз көңiл көтерер орын" деп,
киiнбесiне қоймады. Сондағы ертiп әкелген жерi - түнгi бар екен, шамасы таң
атқанша музыка ойналып, би биленiп, ән шалқитын болса керек. Е, несi бар. Келiп
қалған екен, мұны да көрген жақсы. Расында да Жарасхан үшiн мына орын аса
көңiлдi көрiндi, мың бұрала билеген жас қыздар, қызылды-жасылды жарқ-жұрқ еткен
музыка - сурет... Жастарда тыным жоқ, столға отырғандарынан майыса билеген
сәттерi көп. Бұл болса би алаңына көзiн сатып қана қарайды. Ендi қайтедi! Жасы
құрғыр... жағдайға қарай ма?..

Бiр кезде бұл отырған столға Серiбек жап-жас, тал шыбықтай
бұратылған екi қызды әкелiп отырғызды.

 Бәрiбiр биге шығатын
түрiңiз жоқ, ендеше, тым болмаса мына мәдениеттi бойжеткендермен әңгiме-дүкен
құрыңыз, - дейдi Серiбек үстiнен буы бұрқырай, тершiген маңдайын алақанымен
сүйкей сөйлеп.

 Сөйлессек,
сөйлесейiк, - дедi Жарасхан да ендi иығын тiктеп және еңсе көтерiп.

Әуелгiде екi жас қызға оншалық ынтыға қоймаса да, сөзден сөз
туындап, әңгiмеден әңгiмеге ауысқанда байқады, екеуi де сөзшең. Қай саладан сөз
бастасаң да, ағып ала жөнеледi, тiптi тоқтар түрлерi жоқ. Бiрте-бiрте Жарасхан
өз жанына жақын отырған бүйрек бет, қыр мұрын, оймақ ауыз сары қыздың ыңғайына
көшiп, соған үйiрсектеп бара жатқанын да байқамады. Күлкiсi қандай! Күлген
кезде үнi әсем сыңғырлап, көңiл хошын келтiрердей. Ал, бүйрек бетi күлгенде
бұрынғысынан да бетер алаулай түсiп, қараған жанға жан рахатын шақыратындай.
Иә, Жарасхан осы жасына дейiн, яғни қырықтың иығына көтерiлгенше талай
сұлуларды, нешелеген әдемi де сүйкiмдi қыз-келiншектердi көрiп едi, ал мына
қызды соның бiрде-бiрiне ұқсатпады. Ұқсамай тұрған түрi ғана емес, дене бiтiмi
ғана емес, тiптi күлкiсi, алма бетi, үлбiреген ернi ғана емес - бәрi де
ұқсамайды. Ұқсамайды-ақ! Бұл - бөлек, бөгде жаратылыс. Бұның бойында еркектi
өзiне тартатын, ерiксiз елiтiп әкететiн бөлекше тылсым күш тығылып жатыр. Әнi,
анау нәркес көздерiнiң терең түкпiрiнде бiр құпия сыр жасырынғандай. Әнi, анау
алма жүзi табиғаттың тағы бiр құпия сұлулығын жария еткiсi келiп, бiрақ жария
ете алмай, жария етуден қашқансып, сөйтсе де сұлулықтың құпия сырын тұмшалай
алмай тұрғандай.

Жарасхан расымен-ақ осы қыздың алдында арбауға түсiп, әлде
ұнатып, не болмаса сиқырланып қалғанын бiле алмай, дел-сал күйде. Көкейдi
қытықтаған бiр сезiм бұны байлап-матап тастағандай, ендi тырп ете алмай, сары
қызға телмiрдi де отырды. Ол сөйлеп отыр. Тiптi еркiн. Сосын, қымсынып, ұялып,
кiбiртiктеу тiптi де жоқ. Сөйлеп отыр.

 Өмiр деген өткiншi.
Бүгiн бар, ертең жоқ, солай емес пе, ә! - дейдi сыңғырлай, әсем үн қатып.

Бұл айтады:

- Сен олай демешi, сенiң осындай сұлу келбетiң, сұлу
бiтiмiң, сұлу болмысың тұрғанда бұл фәни өткiншi деуге бола ма?

 Жоқ, - дейдi қыз. -
Өмiр бәрiбiр өткiншi. Көздi ашып - жұмғанша...

 Сұлулыққа уақыт жүре
ме! Сұлулыққа керек десеңiз, сол өткiншi дүниенiң өзi де қызығады, қызығып
қарайды. Бiр сәтке болса да жалғандығын, өткiншiлiгiн ұмытады.

 О-о, сiз тiптi
философ екенсiз. Сiздi тыңдаған қыздың қай-қайсысы да өзiнiң бiр кездерi
қартаятынын, өмiрден өтетiнiн де ұмытып кететiн шығар.

Жiгiт қыздың сүп-сүйкiмдi сүйрiктей саусағынан ұстап,
алақанын сипады. Сары қызға соншалық ынтықтықпен, сүйiспеншiлiкпен үздiге,
үзiле қарап отыр.

- Сен сұлусың! - дедi сосын.

Қыз күлдi. "Ол өзiм де бiлемiн" дегенi шығар бұл деп ойлады
жiгiт.

- Сұлу болғанда, ерекше сұлусың!..

Қыз бұл жолы күлмедi. Былай дедi:

- Қойыңызшы. Сұлу болсам, сiзге сұлу шығармын, ал басқаға...

- Жо-жоқ, олай деме, сен шынымен-ақ ең сұлу қызсың. Өзiңдi
қадiрлей, аялай бiл. Сұлулығыңды қадiрле.

Бүйрек бет сары қыз мойнын бұрып әкетiп, басқа жаққа қарады.
Оның томпия бұртиып, ренжiгендей күйге ауысқаны да өзiне жарасып тұрды.

Осы кеште Жарасхан шынымен-ақ ақыл-естен адасқандай болып,
өз көңiлiне өзi бұғау сала алмай, дегбiрсiздендi. Мұны жас перi Серiбек те
байқап қалған екен, дереу ыңғайын таба қойып, ана сары қызға:

- Ағаңыз сiздi ұнатып қалыпты, шығарып салмайсыз ба? -
дегенi.

Сұлу қызда қарсылық жоқ. Басын изегендей. Жарасхан бұған
одан бетер риза бола түсiп, көңiлi шалқып-ақ кеткенi.

Ендi бiршама уақыттан соң қыз екеуi даңғазалы, жарқ-жұрқ
еткен әуендi орынды тастап шығып, жiгiттiң бөлмесiнде отырды. Жарасхан сұлу
қызға деген ынтызар көңiлiн қайта-қайта айтып, қайта-қайта оның әдемiлiгiн,
әсемдiгiн сөз етумен болып едi. Көкейдегi сұлу сөздiң, ынтызар көңiл сөзiнiң
бiразы сыртқа шықса да әлi де айтылып бiтпегенi баршылық. Тағы, тағы да айта
түссем, ашыла түссем деген ниетi басым. Сөз соңы, бiрақ, бұзылып, сезiмдi
сәттiң сеңi сөгiлiп, ендi әңгiме тiзгiнiн сары қыздың өзi ала бастады.

- Сiз менi кешiрiңiз, сұлулық, әдемiлiк туралы әдемi-ақ
айтады екенсiз, бiрақ ол әңгiме бүгiн де, ертең де бiтпеуi мүмкiн. Сондықтан
да...

- Сонда-а ... - деп жiгiт абдырай түсiп, не айтарын бiлмей
аңтарылды. - Сен... сенiң айтпағың...

- Иә, сол...

 Сөздiң арғы төркiнiн
түсiне қойған  Жарасхан ендi қызға
жақындап, оның қыпша белiне қол жүгiртiп, өзiне ыңғайлай  бастағанда, 
ол бұлқынып қалып:

- Маған-н... яғни әуелi... ең алдымен ана ненi... - деп күмiлжiдi.

- Ненi? - дедi  жiгiт.
- Сен-н... ақы сұрап тұрсың ба?

Қыз басын изеген.

 Қанша?..

 Елу доллар.

- Жо-жоқ, -деп жiгiт дауыс көтере, құбыжық көргендей
айқайлап жiбердi. - Сен сонда... Мынадай әдемiлiкпен... Мынадай сұлулықпен... Тәнiн
саудалайтындар - бұзылған, бұзылып бiткендер ғой. Сен болсаң... Сенi мәдениеттi
сұлу деп...

Сары қыз сiрестi де қалды. Ендi ақы төлемесең, менi құшақтап
әуре болма, сұлулық, әдемiлiк туралы сылдыр сөзiңнiң құны бес тиын дегендей.
Жiгiттiң жүрегi шым-м ете түстi. Күнi бойғы бойын балқытқан әдемi әсер, сұлу
сезiм, сұлуға деген iңкәрлiк, ынтызарлық - бәрi-бәрi де ендi сағымға айналып,
жоғалып бара жатқандай. Тап қазiр ең бiр қимасынан айрылғалы тұрған жандай
көзiнiң алды қарауытып, iшi алай-дүлей болып, iшкi сезiмi астан-кестең күйге
ұласты.

- Сен-н... - деп, әзер тiлге келген ол сөзiн cылбыр жалғады. -
Сен-н... тәнiңдi саудаға салып... өз сұлулығыңды өзiң аяқ асты еткенiң қалай?
Әдемi, әсем қалпыңды табанға таптағаның не!..

Сиқыр қыз мұңаю орнына қылымси  күлiп, бұның қазiргi шарасыз күйiн мазақ
еткендей сықылықтап берсiн.

- Бүгiн ғана көктен түскендей болғаның ба бұл? Сөздiң
қысқасы мынау. Сезiм рахатына бөленгiң келе ме - төле! Бұл заманның, уақыттың
дегiзгенi... Әмiршi бiреу: ол - Уақыт...

- Түсiнсем бұйырмасын, - дедi жiгiт көзi шарасынан шыға. -
Сезiмдi, кiсiнiң тұнық сезiмiн, сұлу сезiмiн де саудалауға бола  ма? Мен саған ақша берсем, сен менi
кәдiмгiдей-ақ сүйе аласың ба? Ынты-шынтыңмен дегендей...

- Оны көрермiз. Әуелi ақысын бер-р...

- Жоқ, сонда кiсi сезiмi, сүйiспеншiлiк сезiм, мөлдiр, таза,
әдемi, әсем сезiм қайда?

- Сезiм! Сезiм! Қандай сезiм ол... Сезiмдi түсiнер, ұғынар,
қадiрлер еркек бар деймiсiң бiздiң заманда! Бәрi де, бәрiң де нәпсiнiң
құлысыңдар. Неменеге мүләйiмсiп қалдың тап бүгiн... Өтiрiк бiлмеген болып...

Жарасханның тап қазiргi күйi расында да аянышты, кiсi
мүсiркерлiк.  Ол бiрауық  үн-түнсiз отырды да, ең соңында:

- Сезiм де саудаға түсетiн бұл қай заман болды өзi! - деп аһ
ұрды.

Сөйтiп, қызға қарамастан, сұлқ отырып қалды. Мұнысы - ендi
сенiмен әңгiме бiттi деген ишараты. Анау қымсынған да, қысылған да жоқ, орнынан
ұшып тұрды да, дереу сырт киiмдерiн кие бастады. Сосын түймелерiн жүре түймелеп
бара жатып:

- Фи! Қанша уақытымды босқа өткiзiп... - деп, ернiн сылп
еткiздi.

Дәл осы сәтте жiгiт жүрегi де суынып-суынып барып, ендi оның
жалыны да өшуге айналған екен.

"Сезiм!.. Саудаға түскен сезiм-м..." деп, iштей ащы өксiкпен
аһ ұрды тағы да.

Бұл кезде әлгiнде ғана сүйе табынған, ессiз табынған сұлуы
есiктен шығып та кеткен едi.

Иығынан ап-ауыр қара тас басқандай болып, Жарасхан әлi отыр,
әлi отыр. Ендi орнынан қозғала алса кәнi! Санасы шым-шытырық.

"Кiсiнiң кiсiлiк бейнесi оның тұнық сырымен, пәк көңiлiмен,
шынайы сезiмiмен өлшенсе керек-тi, ал пенде сол қасиетiнен айрылса онда не
болғаны?!."

"Пенденi пенделiктен аз да болса жоғары етiп көрсететiн
бедерлi белгiсi - оның ешнәрсеге айырбасталмас таза ықыласы, ынтық көңiлi деушi
едi..."

"Заманға адам күйлемек, заманы оны илемек!.. "

"Уәй, iшкi мөлдiр сезiммен астаса, араласа, жымдаса,
салаласа тартылған сұлулық, сенiң де осылай жоғалып, бiрсiн-бiрсiн көзден
тасаланып, жып-жылас боларың рас болғаны ма?.."

Ол ауыр күрсiндi. Әлгi бүйрек бет сары қызбен бiрге ғұмыр
бойы жан жүйесiн елiткен бұл дүниедегi бүкiл сұлулық, әдемiлiк, әсемдiк -
бәрi-бәрi де бiрге жоғалып бара жатқандай күй кешкен жiгiт күрсiнiсi.

Оның бойы тiтiркендi. Бiрақ бұл тiтiркену жас қаланың жынды
желi мен шаяндай шағып алар ащы аязынан емес, басқа бiр күйден...

                                                        * * *

Көз алдыңды күн сайын көлбейтiн әдемiлiк пен әсемдiкке
табыну әлдеқашан әдіре қалып, кiсiнiң iшкi сезiмi, дәлiрек айтқанда қыз сезiмi
саудаға түскен замананың сиқын қарашы! 
Қарашы сиқын, Жарасхан мырза!