ВЕРНУТЬСЯ

       Мына  фәниде елдiң есiн
алып, жұрттың жүрегiн жаралайтындар, сiрә, аз емес. Сол жүрек жаралағыштар,
туасы, әртүрлi, ала-құла. Бiреулерi әдейiге қисайып, қыңырайып, ары тарт десең
берi тартып, отыр десең жатып, сөйле десең тымырайып, күл десең қабағын түйiп,
қойшы әйтеуiр, қысқасы жүйкеңдi жұқартуға келгенде таптырмас қыңырдың тап өзi.
Ондайлардың қайсыбiрiн термелейсiң. Ал, ендi бар ғой, осы өмiрде мына Құләсiп
секiлдiлер де баршылық. Құләсiп, былайша қарағанда, кәдiмгi адам. Оны қыңыр
деуге де, қисық деуге де, жалпы алғанда жаман адам деуге аузың бармайды.
Шынтуайтына келгенде осы жалғанды жалпағынан басып жүрген, «қайтсем ананы
сүрiндiрiп жiберем» дейтiн мысық тiлеулi 
кейбiр қияли кiсiлердiң қасында, расы да сол, Құләсiптермен жылап
көрiсерiң хақ. Оның бар айыбы - сол қуды-қашты әңгiмесi...

Сол Құләсiп... өзi өлең де жазушы едi. Жазғаны сол, Құлекең
былайғы жұрт алдында өзiн керемет талантты ақын санаушы едi. "Бiз былай жазамыз"
 деп даудырлап өлең оқи жөнелгенде,
анау-мынау кiсiлерiң аузын ашып қалып, "па, шiркiн"  десiп, таңданысатын да. Құләсiп, қиянат етiп
қайтелiк, бiр қарағанда анау-мынау өлеңшiлерiңiзден таланттылау екенi де
рас-ты. Бiздiң айтпағымыз, әйткенмен, ол емес. Ақын екен, алла разы болсын,
жаза берсiн-ақ. Бiрақ, сол Құләсiпекең... кейiнгi жылдары басқашалау мiнез шығарғаны.

Ол өзi былай.

Құләсiп әу бастан лауазымы жоғарылау, беделi зорлау, өзi
мықтылау кiсiлермен әмпей-жәмпей болуға бейiм едi. Қашан көрсең де әлгi бiр
мықтымен кетiп бара жататын. Болмаса, жеке жолыға қалсаңыз, ой бөсетiн бiр.

- Сен бiлесiң бе, кеше мен ана-а... (бас бармағымен көктi
көрсете) кiсiмен бiрге болдым ғой. Екеумiз екi сағат биллиард ойнап, ол маған,
мен оған комплимент айтып... - деп, бөсетiн.

Тағы бiр жолы кездесе қалғанда:

- Мен әнеукүнi пәленше деген министрмен сөйлестiм. Тұп-тура
кабинетiнде... Өзi шақырды. Телефон шала қалып едiм, менi таныды да, "сен,
шырағым, маған кел, өзiңмен әңгiме бар"  дедi. Бардым, ой сосын бiр шешiлiп
сөйлегенi-ай... - деп, тыңдаушысының аузынан суын ағызып тұрып әңгiмелейдi.

Бұрын-соңды таныстығы жоқ кiсi болса оны расында да тамсана
тыңдайды.  "Не деген бедел, қандай абырой"
 деп ойлайтыны айна қатесiз ақиқат.

Құләсiп, әсiресе, облыс-аудандарға шыққанда әй бiр әңгiменiң
майын тамызады-ау. Қай әкiмiң де, қай мекеме басшысы да Құләсiп сөйлегенде
аузын ерiксiз ашады.

Ол былай деп бастайды.

- Осы көктемде... жоқ, жазғы салым... мен ана ақ үйдегi үлкен
кiсiге телефон шалдым. Өзi көтердi де "иә, жай маң дедi. Сiзбен срочно жолығуым
керек дедiм. "Қап, әй,ә! "  дедi ол кiсi.
"Шетелге жол жүргелi жатыр едiм, жарайды, он бес минут уақытымды өзiңе бөлейiн,
тек тез жет"  деп, трубканы қоя салды.
Содан дереу жетiп келсем, тағатсыздана күтiп отыр екен. Мен де уақытын көп
алмайын деп, өз шаруамды дереу-дереу айта бастадым. Үлкен кiсi тыңдап бола бере
"Жарайды, бала, бәрi де болады, өзiм бақылауға алам, еш саспа, өлеңiңдi
бұрқырата бер, тәуелсiздiктi жырла"  деп
арқамнан қақты да, мәшинесiне беттедi...

Тыңдаушыда ес жоқ.

"Мәссаған! Бiз кiммен шәй iшiп отырмыз!..  Егер үлкен кiсiнiң өзi қабылдап, әлгiндегiдей
әңгiме айтса... Құләсiп нағыз талант болды ғой..."

Облыс-ауданның ең сыйлы асы осының алдында. Ең жоғары
сый-сияпат осы Құлекеңе...

Сөйтiп, Құләсiп бұл жалғанды қонышынан басып өмiр кешiп
жатқан. Сөйтiп, қуды-қашты әңгiмесiн айтып, бұл жалғанды жалпағынан кеше де
берер ме едi, қарап жүрмей, ендi келiп, әдебиеттiң iрi майталмандарына
айналшықтай бастағаны.

Ана жолы бiр топ ақындардың ортасында:

- Мен әлгi көзi тiрi классик ағамыз бар ғой, ана Әбекеңдi
айтам, сол кiсiмен әдебиет туралы айтысып... - деп бөсiп тұр едi, бiреусi былай
дегенi:

- Оу, Құлеке, Әбен ағамыз анау-мынау кiсiмен ашылып сөйлесе
бермеушi едi.

- Ой, сен өзiң... - деп Құләсiп дүрсе қоя бердi. - Мен
Әбекеңдi түгел оқыған адаммын. Барлық романдарын... Тiптi кейбiреуiне кезiнде
пiкiр бiлдiрiп... сын айтып...

- Жә, - деп бiр бүйiрледi тағы бiр жас қаламгер. - Құлеке,
сiздiң мұныңыз тым ақылға қона бермейдi ендi. Әбен ағамыз қазiр сексеннен асып
кеттi. Ал, ана романдарын ол кiсi баяғыда, осыдан отыз жыл бұрын жазып
тастаған. Сiз ол кезде жап-жас жiгiтсiз, қалайша романдарына сын пiкiр айтып
жүрсiз?..

- Е, айтпай ше!.. - деп Құләсiп тағы да күйiп-пiстi. -
Ойбай-ау, ол кiсi романдарын көп жөндейдi ғой. Үстiнен қайта-қайта қарайды.
Мiне, сондай кезектi жөндеуi үстiнде мен де пiкiр бiлдiргем.

Басқалары ендi үндемей қалған соң Құләсiп те "Әп, бәлем,
бәрiңнiң де аузыңа құм құйылды ма"  дегендей, масайрай түсiп, тағы да сөзiн әрi
жалғаған.

- Сол Әбекең екеумiз... тау арасында, дачада, оны-мұныны сөз
етiп, қуды-қашты әңгiме айтып, ол кiсi менi қажап, мен оны қажап дегендей...
сөйлесiп отырғанбыз. Әбекең маған "Әй, сен осы, менiң бiлуiмде, тәуiр-ақ
ақынсың, талантты ақынсың, неге осы маған бiр өлең арнамайсың, а? Анау
Мұқағалидың Әбдiлдаға арнағанындай..." деп өзiмдi қыспаққа ала бастады. Өмiрiмде
ода жазбап едiм, арнау өлең жаза алмаймын ғой дейiн десем, көзi тiрi классик
жатып келiп ренжитiн түрi бар...

- Иә, иә, содан?.. - деп, бiр ақын жiгiт қызыға, ынтыға
түстi. - Содан қайттiңiз?..

- Қайтушi ем, жазайын дедiм. Тек уақыт берiңiз, ойланайын
дедiм. Сөйтсем классик ағам ренжiген үнмен "ой, мен сенi тез-ақ шығаратын хас
талант па десем, өйтiп отыз күн ойланып, қырық күн толғанса, кез-келген ақын да
ондай ода жаза алады" дегенi.

- Иә, сосын!..

- Содан тәуекел дедiм де классик ағама "қазiр-ақ шығарамын"
дедiм. Көрерсiз, сiз туралы бұған дейiн ешкiм жазып көрмеген өлең тудырамын.
Осыны айттым да дереу қаламға жүгiре берiп ем, классик ағам "жарайды, бiр күн
ойлана ғой" деп арқамнан қақты. Арқамнан қағып тұрып...

Әңгiменi суша сапырып тұрған Құләсiп кенет селк ете түсiп,
артына жалт қарағаны. Сөйтсе... арқасынан шынымен-ақ классик ағасы қағып тұр
екен.

- Әй, шырағым-ай! - дедi Әбекең майда қоңыр үнмен еш
ашусыз-ақ. - Өтiрiктi де кiсi бойына шақтап айтуы керек қой. "Әбен өзi туралы
ода жаз дедi"  дегенiң қай сасқаның?
Менен басқа айналдыратын кiсiң құрып-ақ қалғаны ма, қалқам!..

Классик осыны айтты да жәй басып, жазушылар Одағының
ғимаратына кiрiп кеттi. Құләсiп қып-қызыл болды.

Жиналғандар оған жиiркене қарап:

- Ой, өзiң шын өтiрiкшi екенсiң ғой, - десiп, тарай
бастаған.

Сауысқаннан да сақпын дейтiн Құләсiп осы жолы әңгiменiң
қызуымен желке тұсынан келiп қалған классиктi байқамай қалғанына қатты өкiндi.

Дегенмен... әлi бiте қойған ештеңе жоқ.

Классик Әбен болмаса, атағы жер жарған қаламгер, лауреат
Қабен бар. Ендi, шамасы, сол лауреат ағасымен "қуды-қашты әңгiме" айтуы керек
шығар. Әрине, бойына шақтап... Әрине, сауысқаннан да сақ болып... Әрине, кiм-кiмде
сенетiндей, нанатындай етiп...

Сол дұрыс болар.