ВЕРНУТЬСЯ

                                                          1

Әуелде екеу еді. Үш кісілік палатада екеуден-екеу. Екеуі де
томсарулы. Ләм -

мим. Үн жоқ. Бұл оған, анау бұған тіл қатпайды. Бір-бірін
көріп тұрғаны осы. Бұрын-

соңды бірін-бірі білмек тұрмақ, кездеспеген. Сонда да
араларында өзекті өкпесі бар

адамдардай.

Бұртиюлы. Екеуінің көзі де, көңілі де екі жақта. Мүмкін,
мінез...

Бұйығылық... Томаға-тұйықтық...

                                                           2

Екеудің бірі - Қылыш қара, екіншісі - Үндемес сары. 

Қылыш қара ойлады. Өзі туралы. Бірақ сырқаты туралы емес.
Оны ойлай беретін несі бар? Одан да басқа бірнеңені... Екеуінің де аузынан сөз
шықпай жатқаны бәлкім, мінезден... Мінездің міні... Бұл тұйық па? Жоқ! Сөзге,
сөйлесуге әманда әзір тұратын былқылдақ көңілі енді келіп, осы ауруханаға
түскенде кенет өзгере қалып па! Мінез деген - мінез. Кісі мінезі тез
өзгермейді. Мінез, түптеп келгенде, туа бітті қасиет. Туа бітті әдет. Ал, оны
жол-жөнекей өзгерту... Айтпақшы, өзгертуге болады деседі. Оқығаны бар. Ана
орыстың үлкен жазушысы бар емес пе, Чехов деген... Сол өз мінезін өзі өзгерткен
дейді. Замандастары ол туралы жылы-жылы сөз айтып, қандай сыпайы, қандай
салмақты, қандай әдепті деп таң қала даудырласып жатқанда, ауруы әбден меңдеген
Чехов бар күшін жия жымиып күліпті дейді. "Қайран достарым, - депті ол, - менің
ішкі мінезімді, шын бейнемді білсең ғой, ал мынау, өздерің көріп жүрген мінез -
жәй, өзімді-өзім қолға алудан..." Анау-мынау емес, орыстың орман жазушысы осылай
депті. Тірліктегі мінезім басқа, ал ішкі мінезім одан бөлек... Ал, ендеше... Соған
қарағанда...

Қылыш қара, өз ойынша, өз мінезіне өзі би. Ашықтау.
Көңілділеу. Сөзшеңдеу. Сөйлесер жан табылса, әрине, көңілден шығатын кісі
болып, сөзі жараса бастаса, таңды таңға ұруға бар. Жақсы әңгіме әрбірден соң
көңіл шырайы, сезім сергітер, ой тазартар... Ол үнемі тұнжырап, үндемей, томсарып
жүретіндерді іштей ұнатпайтын. Әсіресе, әлгі бір адамды...  Әлгі бір үндеместі... Сол да өмір болып па!..
Онсыз да қысқа тірлік... Одан гөрі осы қысқа өмірдің әрбір сәтін көңілдірек, әсемдеңкіреп
өткізбес пе! Томсарып, түнеріп жүру - не қоғамға, не тұрмысқа, не қатын-балаңа,
әйтпесе жанындағы біреуге ренжу. Жә, ренжігенде де оның шегі болмай ма. Бір
күн, екі күн, бір апта... Ау, содан соң серпілу керек қой... Серпілу қажет. Ал,
жаңағы адам... өмірі тұнжырап, түнеріп жүреді де қояды. Тірлік ол үшін қызығын
әлдеқашан жоғалтқандай. Енді мен үшін бәрібір дейтіндей. Ой, сөйтіп те өмір
сүру деген...

Ашуы келетін.

Сол кісіні көрген сайын бойын белгісіз бір ашу кернеп
кететін. Егер сөзге тартып, сөйлесе кетсе бар ғой, одан ешбір жаманшылық
көрмесе де, неге екені белгісіз, тұп-тура шабуылға шығып, оны жерден алып,
жерден салуға әзір болатын. Бірақ анау бұған үндемейді.Тіпті сөйлесетіндей
ыңғай да байқатпайды. Өзімен-өзі.

Осыған ит ашуы келіп жүргенде бір күні тағы бір кісіні
көрді. Ал, бұл болса... құдай көрсетпесін, түбі түскен шелек сияқты. Анамен де,
мынамен де емен-жарқын сөйлесе жөнеледі. Қарқылдап күледі. Жөн-жосықсыз күледі.
Ерсілеу күледі. Сөйлеген сөзі де түйеден түскендей, қарадүрсіндеу. Қотыр сөз... Әуелде
сол адамды іштартып, "е, осылай жүрмей ме жұрттың бәрі" деп ойлап еді, арада аз
уақыт өтпей-ақ ол ойынан өзі қашты. Қотыр сөзіне қарап... Ерсі күлкісіне қарап...
Мынадай даңғой даңғырлақ болғаннан үндемес болу әлдеқайда артық па деді.

Сонда... бұл өмірде кісі қандай болуы керек? Сөзшең бе, жоқ
болмаса томаға-тұйық па?

Өзі туралы ойланғанда кейде әлгі түбі тесік шелек секілді
адамға ұқсап кететіндей еді. Әредік сөзшең болып кеткенде... Сосын дереу өзін
тежей қоятын. Осы жерде тоқтағаным дұрыс болар деп...

Біраз болды, ептеп басы ауыратын болып жүр. Қан қысымы
көтерілген дейді. Осы заманда қан қысымы көтерілмей қайтсін. Қайта шыдап-ақ жүр
екен. Қан қысымы көтерілмек тұрмақ, бұрқ-сарқ тасып та кетер. Заман мынау... ақша
билеп тұрған... Дүниеге көк қағаз - доллар билік құрып тұрған... Ой, десе, АҚШ
долларының дөңгелегі алға басып еді, тығырыққа ақша ғана емес, адам да тіреліп
қалғандай. Көп кісілердің пейілі ғана емес, мінезі де өзгеріп кетті.
Доллар-мінез дарылдақтар көбейіп...

Кейінгі уақытта жұбайы да бұны жұбата сөйлеп:

- Жасың қырықты орталады, елудің аулы да алыс емес, енді
денсаулығыңды күтсеңші, - дейтін. - Сен алда-жалда олай-бұлай бола қалсаң, біз
қайтеміз? Балаларыңның өз қолы өз аузына жете қойған жоқ...

Балалар десе бауыр ет езілмей қоя ма. Өз қолы өз аузына жете
қоймағаны да рас.

- Денсаулық саған керек болмаса, бізге керек, күтінші
жарқыным, - деп әйелі бәйек. Күнде айтады. Күнде құлақ етін жейді. "Давлениемен
ойнама, бәрі деп-демде..." дейді. Бәрі деп-демде... Рас-ау, бұл өмірде бәрі
деп-демде. Сүйек пен еттен жаратылған жұмыр басты пенде үшін бәрі қас-қағым
сәтте... О, жаратқан десе, өзі жаратады да, өзі қия жарға тақап қоятынын-ай, ә!..
Өйтіп жаратқанша... Жә, жә, осыным артықтау шығар. Шүкір, жарық дүние сыйлағаныңа
мың мәрте шүкір...

Денсаулықты күту мәселесі күн тәртібінде тұрғалы қашшан.
Әйелі күндіз де, түнде де қақсайды. Өйт те бүйт...

Ақыры соның дегенін қылды. Бас редакторға жағдайын айтып
еді, қарсы болмады. Тіпті екі сөзге келген жоқ.

- Ауырып жүрсең, не сөз бар. Жат, емделіп ал, - деді.

Ауруханаға өз еркімен келіп жатқаны осы еді, дәрігер дереу
тексеріп, қан қысымына қосымша тағы да үш-төрт кеселдің бетін ашып берді.
Осынша дертпен үндемей жүре бергеніңізді айтам-ау деп күледі бұған. Бұл аң-таң.
Ептеп басы ауыратыны рас. Ал, енді әлгіндегідей сырқатты сезінсе кәні!
Дәрігердің қолына түссең болды, істейтіні осы. Ауру еместі ауру, сырқат еместі
сырқат етіп, әп-сәтте есіңнен тандырып тастайды.

Мейлі. Ақыры келді, енді асығар не бар. Бас редактордың өзі
рұқсат етті. Өз еркімен жіберді. Е, ендеше қорқатын не бар. Тексерсін. Емдесін.

Тек... бұның көңіл күйін бөліп, ойына әрнені салған бүгін ғана
палатаға келген кісі - ана жатқан Үндемес сары. Келгелі бері үш-төрт сағат
болды, әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бір қарағанда - әжептәуір мекемеде істейтін
қызметкер сияқты. Жәй адам емес. Сөйлессе, сөздің түбін түсірердей-ақ сыңайы
бар. Әлде... жанына батқан ауруы бар ма? Сосын да сөзге селсоқ па екен?.. Мүмкін,
ол...

- Сағат қанша болды?..

Үндемес сарының ең алғашқы сөзі де, сауалы да осы болды. Бұл
оның тіл қатқанына қуанып кетті ме, дереу сағатты айтты.

- Уһ-һ... - деді Үндемес сары.

- Не, бір жеріңіз қатты ауырып жатыр ма?..

Ол жауап беру орнына бұған бір сәт кірпік қақпай қадалып
қарап қалды. Көзі қандай өткір еді. Әзер дегенде... назарын қайта аударып әкетті.
Әрі қарап жатып, күбірлегендей болып:

- Е, ауру деген жетеді бізде, - деді. - Бірақ соның бәрінен
де жан жарасы ауырлау болып тұр...

Қылыш қара үнсіз қалды. Жаңағы сөзге елең етті де, әрі қарай
сөз жалғастыруға бата алмағандай. Жан жарасымен ауырған кісімен қалай тез
сөйлесе алсын. Көз жанары анау. Мінезі де бәлкім, тік пе? Кім біледі, шарт
кетіп...

Үндемес сары бұдан әрі үндемей қалған. Әрі қарай тіл қатуға
зауқы жоқ. Осы Қылыш қарамен неменеге сөйлеседі. Нені түсінер ол! Сөйлескенде
не демек? "Шырағым, мен чиновник едім, аппарат қызметкері едім, анау-мынау
емес, консультант едім, сол аппаратыңа бір кісідей еңбегім де сіңе бастаған
қызметкер едім, сол орнымнан айрылып қалдым, андағылар иттік етті,
оңбағандар-р..." Осыны айта ма? Түсінсе жақсы. Ал, түсінбей... "Ой, сіз өзі
қиялилау екенсіз, сондай консультанттық қызметтен де кісі оңай босай ма,
іліктің екен, шырмауықша шырматылып, қалай болғанда да айрылмау керек еді" деп
малтасын езсе...

Ішінен ойлады. Өткен күндері еске түсіп, бәрін де жоқ жерден
Бұлдіріп алғанын ойлап, іштей күйзелді. Жаны шырқырап, ауырғандай болды. Біреу
бүйіріне біз сұғып жатқандай.

"Чиновник болып нем бар еді! Мұғалімдік неме жетпеді осы...
Тып-тыныш тірлігім бар еді, көңілім орнында еді. Ал, енді мынау... Кімді
кінәлаймын, кіммен жаға ұстасамын... Сол жұмысқа қалай оңай барсам, солай жылдам
босадым да... далада қалдым ғой енді..."

Үндемес сары басын шайқап, ішінен кіжініп қойды. Өз
кінәсінен гөрі өзгенің кінәсі басымдау дегендей. "Мен емес, басқалар,
басқалардың қиянаты... Адамдығынан гөрі арамдығы басымдау пенделердің ит
қылығы-ы..."

Осы ой... Кеше де мазалаған. Алдыңғы күні де... Одан да бұрын...
Бүгін тағы да... Басы зеңіп кеткендей.

"Әй, осы көңілсіз ойдан қайтсем құтылам! Аппаратный чиновник
болмағандар тәуір өмір сүре алмай ма екен, басқалар не, адамның қоры ма сонша...
"Біз чиновникпіз" деп кеуде кере сөйлегенде міндеті тас жара жаздайды-ау
солардың! Немене, чиновник зор да, басқалар қор ма? Басқа қызметтегілер ше?..
Коммерция, бизнес... Солар жаман өмір сүріп жатыр ма? Доллар кімде - соларда.
Дүние кімде - соларда-а... Тіпті олар осы аппаратный чиновниктеріңе сыртынан
күледі де. Көгенге байланып, көзін сатқандар деп... Керек десе, енді мен сол
чиновниктеріңнен де зор, мықты боламын. Көр де тұр... коммерцияға, бизнеске
кетіп..."

Енді ол кермек қиялдан қаша бастады. Оны бойынан үркітуге
ұмтылды.

Сосын қасындағы серігіне - Қылыш қараға қарап, сөйлесуге
зауқы соқпаса да, өзін-өзі қинағандай болып, тіл қатты:

- Атың кім?

- Алтай.

- Мен - Алмаспын. Өте жақсы.

Осыны айтып тұрып, Қылыш қараның - Алтайдың рең-басына осы
жолы ғана дұрыстап қараған. Жасы өзінен кішілеу көрінді, сосын да сен деп
сөйлесуін әрі жалғай берді.

- Қайда істеуші едің?

- Журналиспін.

- Е, журналиспін де. Ол жақсы екен. Журналист деген өте
тәуір мамандық. Ал, біздікі... - Үндемес сары кідіріп қалды. Қылыш қара еміне
түсіп, қайда істейтінін білмекке құштар.

- Сіз ше? Сіз қайда жұмыс-с...

- Чиновникпін.

"Чиновникпін" деген сөзді Үндемес сары өте зілді айтты.
Өкпесі бар адамдай. Чиновниктік жұмыс шаршатқандай.

Осылайша олар текіректеп, сөз сабақтаса алмай жатқан.

Әлден уақытта барып, ойына бірнеңе келді ме, Үндемес сары
жатқан орнынан кеуде көтеріп, бойын тіктеді. Сосын Алтайға қарап:

- Журналист болсаң, саған айтар, тек өзіңе ғана айтар
әңгімем бар, - деді. - Бірақ біліп қой, мен өзі көп ашыла бермеймін, көрінгенге
ашыла бермеймін...

Алтай ыңғайлана берді.

                                              3

Ол әңгімесін сауалмен бастады.

- Сен өзің мемлекеттік қызметте істеп көріп пе ең?..

- Ептеп...

- Қайда?

- Бұрынырақ комсомол қызметінде болғам.

- Е-е, - деп, Алмас бұған күлімсірей түсіп, енді тіпті
жайдарылана бастады. - Онда сен чиновниктің кім екенін жақсы білетін болдың...

- Аздап...

- Аздап емес, комсомолда істеген адам бәрін де әріден
түсінеді. Мен байқұс сол комсомол мектебінен өтпеген соң ба, әр адым сайын
аяғым шалынып...

Үндемес сары-Алмас ағасы тағы да теріс айналды. Сөзінің
соңын жұтты.

"Айтсам ба екен, жоқ қажет емес пе? Бұл өзі түсінер ме менің
жайымды? Түсінсе жақсы, ал түсінбесе... Дегенмен, іште тұншықтыра бергенше бір
рет болса да ашылып қойған дұрыс болар... Денсаулық үшін де..."

                                                 4

 - Мен мұғалім болатынмын, - деп бастады әңгімесін Алмас
ағасы. - Әдебиет пәнінің мұғалімімін. Мектепте жұмыс істейтінмін. Алғашқы
жылдары өзің білесің, мен Сәбет уақытын айтып отырмын, мұғалімдердің жағдайы
жаман емес еді ғой. Жалақың да жетерлік, абыройың да жаман емес. Бар қиындық,
шынын айтқанда, "кемеңгер" Компартияның құлауымен басталды. Біз секілділердің
титтей де беделі қалмады. Жалақың аз екені өз алдына, оның өзін уақтылы бере
қоймайды. Сосын амал жоқ, басқа жұмыс іздеуге тура келді. Тепсе темір үзетін
кезім. Жасым әлі отыздың ар жақ, бер жағында. Тамыр-таныстарды жағалап жүріп,
ақыры Алматыдағы бір әкімшілік мекемесіне қазақ тілін үйретуші болып жұмысқа
тұрдым. Сонда көрдім, мына чиновниктер арасында өз ана тілін білмейтіндер
шаштан да көп екен. О, сұмдық-ай! Жағамды ұстадым. Өз тілін өзі білмеу деген...
Біздің ауылда ондай проблема болған емес. Мен барлық жерде сондай шығар деуші
ем. Сөйтсем...

Мейлі ғой. Мен үшін не, тәйірі. Үйрету керек деді, үйретуге
кірістім. Кәдімгідей күнделікті сабақ жоспарын жасап, мектептегі балаларды
оқытқан сияқты, мен де қызу жұмысқа кіріскем. Алғашқыда аппарат қызметкерлері
өте құлықты сияқты көрініп еді, ананы да, мынаны да сұрап, ынталы бейіл
байқатқан. Мен соған қуанғам. Бірақ бұл қуанышым да ұзаққа бара қоймады. Арада
аз-кем уақыт өтпей жатып-ақ тыңдаушылардың арасы іри бастады. Әуелі біреуі
келмей қалды. Сосын екіншісі. Мен келесі жолы келгенде өткен жолы келмеген
кісіге айтам ғой.

- Сіз неге сабақты жіберіп аласыз? Өйте берсеңіз, қазақшаны
тез үйрене алмайсыз.

Ол кісі өте сыпайы адам. Кешірім сұрады. Жұмыстың ыңғайына
орай бір сабақты жіберіп алғанын алға тартты. "Енді қалмауға тырысамын" деді.
"Е, жарайды". Қызмет жағдайы болса, енді не істемек. Мен оған қызметіңді қоя
тұр дей алмаймын ғой.

Күндер өте берді.

Сабақ - кәдімгі сабақ. Өзіме үйреншікті жұмыс. Ең бастысы -
мұндағы айлығым уақтылы. Әрі мектептегіден екі есе көп. Сосын басқаны ойлап, не
бас қатырайын. Оның үстіне көңілге тағы бір медеу етерім - өзімнің ана тілімді
үйретіп, соны басқалардың бойына 
сіңіруге жұмыс істеп жатқам жоқ па. Ендеше, еңбегім еш емес. Ешкім маған
"мына тірлігің не" дей алмайды. Осыған да бір есептен көңіл тоқ.

Тағы бір күні сабаққа екі-үш қызметкер келмей қалды.
Әдеттегіше келесі жолы келгенде ескерту жасадым.

- Бұл болмайды. Бүйтіп қазақшаны үйрене алмайсыздар...

Осыны айтуым мұң екен, кірпіш бас бір қызметкер шарт кетіп:

- Е, үйренбесек дүние қирап қала ма екен? Осы қазақ тілі
ресми қағаз тілі бола алатынына күмәндімін, - дегені.

Төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей. Лауазымды
кісілер де осылай сөйлейді екен-ау. Өз тілін өзі қорлап... Өзінің ана тілін...

- Сіз... Сіз... олай демеңіз! Тілге тиісіп... қайтесіз. Оқығыңыз
келмесе оны айтыңыз, - дедім тұтыға сөйлеп.

- Жоқ-ау, - дейді кірпіш бас кіжіне. - Бізді зорлап оқытып
не керек! Білгісі келмегендерге біл деген не өзі...

- Мен... мен бе сізді қинап оқытып жүрген! - дедім  іштегі ашулы сөзді тежей алмай. - Қайта
сіздер емес пе мені шақырып... Оқыт деп... Үйрет деп...

Сөзімнің соңын дұрыстап та айта алмадым. Даусым дірілдеп
кетсе керек. Осы кезде егделеу, қасқа бас бір кісі сөзге араласты:

- Шырағым, - деді анаған, - оқығың келмесе, келмей-ақ қой.
Ол үшін мұғалімге тіл тигізбе. Оның жазығы қайсы?

Кірпіш бас та қайтпастың өзі. Дереу орнынан ұшып тұрды да:

- Ал, ендеше, сендер-ақ оқыңдар. Мен біржола кеттім, - деді.
- Осы қазақ тілін білмегенім үшін жұмыстан қуар болса, көріп-ақ алайын... Тфу!..

Соны айтты да, есікті тарс жапты. Тарс ете қалған есік те
осы жолы мені "Тфу!" деп мазақтағандай болып елестеп кетті.

Бөлме ішінде біршама уақыт үнсіздік орнады. Мен қатты
зәбірленген жандай бүрісіп тұрып қалғам. Осы кезде әлгі қасқа бас кісі
жайбарақат қана:

- Қалқам, оған көңіл аударма, сабағыңды жалғай бер, -
деді.  - Өз тілін бүгін сыйламайды екен,
әлі ертең-ақ бармақ тістейді. Қайтесің қамығып...

Осы бір жібектей жағымды дауыс қана мені бәрінен
құтқарғандай.

Сенімді көңілмен қайтадан сабақты жалғауға кірістім...

Оның әңгімесін палатаға кірген дәрігер бөліп жіберді.

- Алмас Алтынбекович, сіз уқолға жүріңіз.

Енді Алмас-екең дәрігердің алдына түсіп алып, бүкектей
жөнелді.

                                                      5

Күндегідей емес, Алтай Алмастың әлгі әңгімесіне көңілі
жайдарыланып, шын разы болды ма, бір түрлі ішінен жақын тартып, бауыр басып та
қалғандай. Екеуі кешкі тамақтан соң, тысқа таза ауа жұтуға шықты. Бұны да
Алмастың өзі айтты.

- Тамақтан соң тысқа шығып, ептеп қыдырыс жасап қойған жөн, -
деген. - Сонда асқазан, ішкі құрылыс жұмысы дұрыстала түседі.

Алтай оның бұнысына қарсылық байқатпады. Қыдырса несі бар,
палатада жата бергеннен не шығады. Мүйіз шықса, екі күннен бері жатқан жоқ па
үймысықтанып...

Енді тыста біраз уақыт жүрді.

- Табиғат деген қандай әсем, - деді Алмас Алтайға тағы бір
ойын сездіргісі келіп. - Табиғат деген неткен ғажап, неткен таза...

- Иә, табиғат - Ана расында да керемет қой...

- Сен менің ойымды түсініп тұрсың ба? - деді Алмас бұл жолы
Алтайға сауал қойғандай болып. - Сен... табиғат тазалығы дегенде нені ұқтың?..

- Енді-і... - деп, Алтай күмілжіді. - Енді...пәктік символы
дегендей...

-  Ол ғана емес, -
деді Алмас даусын жуандатып. - ол ғана емес... Табиғат о баста мына бізді, сені
мен мені - жалпы жұмыр басты пендені жаратушы. Жаратқанда да мөлдір, пәк,
тап-таза күйінде... Ал, енді біз, ес жия келе, сол табиғат-Анаға қарсы жұмыс
істейміз. Ісіміз де, тірлігіміз де соған қарсы. Қарама-қарсы. Қайтсек табиғатты
тұншықтырамыз, қайтсек тұқыртамыз... Осы-ақ. Пенделік тырбаңымыз осыған ғана
саяды. О баста сол табиғаттың өзі секілді тап-таза, пәк болып өмірге келіп,
сосын... былғанамыз. Өзімізді де былғаймыз, табиғатты да...

Алтай қатар жүріп келе жатып, кешелі бері сөзшең болып алған
Үндемес сарыны тыңдай түсті. Оның жан шырылын түсінуге тырысты.

- Сол табиғатты... - деп, Алмас тағы да бір сырды сабақтады. -
...сол табиғатты аямаған бұл пендеңіз бір-бірін де аямайды екен. Аяғаның не, тым
қатал ма дедім. Мен оны... бұрын мектепте жүргенде сезбеген екем. Мына аппарат
қызметкерлері арасына келіп байқадым. Оларға сабақ беріп, тіл үйретіп-ақ жүре
беруім керек екен, өзіме де обал жоқ...

Ол "обал жоқ" деген сөзді зіл бере айтқан. Алтай сөзді
бөлмеді. "Е, неге" деген жоқ. Үнсіз ғана еріп келеді.

- Обал жоқ өзіме де, - деді Алмас тағы да. - Чиновниктер
арасына қалай кіріп кеткенімді өзім де сезбей қалдым. Бір күні... әкімшілік
басшысы "Сен бізге қызметке ауыс, енді іс-қағаздарын қазақша жүргізуді де қолға
аламыз" деді. "Айлығың жаман болмайды" деп тағы да шегеледі. Сосын... келісе
кеткенім. Міне, сол күннен бастап мен де чиновник болып алдым...

Алғашында аппаратқа ауысқаныма оншалық өкінгем де жоқ.
Кісіге керегі не? Әуелі жақсы жалақы... Ол бар. Тәубе деуге болады. Сосын...
көңілдегі жұмыс... Ол жөнінен де өкпелер жөнім жоқ. Чиновник деген атым болмаса,
негізгі жұмысым - іс қағаздарының қазақша нұсқасын әзірлеу, үстінен қарау... Бір
есептен қуанып та қоямын, "әйтеуір егемен елімнің мемлекеттік тілін дамытуға
титтей де болса үлес қосып жүрмін ғой" деп...

Ең қызығы - кейінірек басталды. Бұл аппарат жұмысы дегенің
жанып тұрған от. Жоғарыдағылардың тапсырғаны заң, өз уақытында орындалмаса,
шаруаң бітті дей бер...

Сөйтіп жүргенде... бір күні мен жұмыс істейтін бөлімге жаңа
басшы келді. Мұрты тікірейген бұжыр бет. Келгеннен қаһарына міне келді.
Әй-шәйіңді білмейді.. Сөйлесе - тек орысша сөйлейді. Қазақшаңды қақпайтынның
нақ өзі... Екі күннің бірінде айтатыны - тәртіп...

- Жұмысқа ерте келіп, кеш қайтасыңдар. Мен кетпей ешкім
қайтпауы керек...

- Тапсырма айтқан уақытта орындалуы керек. Орындалмаса -
түсінік жазасыңдар...

- Мемлекеттік қызмет этиқасын сақтаңдар. Әркім өз орнын
білуі керек. Субординация сақтай біліңдер. Бастық кім де болса бастық...

Әңгімесінің негізгі желісі осындай.

Алғашында пәлендей көңіл аудармағандықтан ба, оның кім
екенін байқамаппын. Түр-түсі маған бұрыннан таныс секілді ме? Әрі ойлаймын,
бері ойлаймын... Ақыры... таптым-ау. Бұл - баяғы кірпіш бас... Менің сабағымды тастап
кететін кірпіш бас... Ішім сол сәтте-ақ қылп ете қалған.

Сөйтіп жүргенде... бір күні ол екеуміз сөзге келіп қалдық. Ол
айтты:

- Сен тым сылбыр жұмыс істейді екенсің, айтқанды дереу, сол
мезетінде  қағып тастамаған соң...

Мен айттым:

- Аппаратта мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын жалғыз
өзіммін. Бәрі жаңа, бәрі тың... Сосын да көбірек ізденіп, көбірек шұқшиюға тура
келеді. Оны енді... сылбырлық десеңіз...

- Енді қалай? Басқаларға тапсырма берсең, екі-үш сағаттан
асырмайды. Ал, сен... бір күн емес, екі күн емес...

- Өйткені шалағай қағаз жазғым келмейді. Көп жазып, көп
сызамын. Ешкім көмекке келе алмайды. Қайта жұмысы ауыр ғой деп жағдай жасаудың
орнына... айқайға басасыздар...

- Ол қандай жағдай? Не үшін жағдай жасауымыз керек? Сен де
көп қызметкерлердің бірісің.

- Жоқ, - дедім мен, осы жолы қайсарлана, - мемлекеттік тілді
іс-қағаздарына жік-жапар енгізудің іздену, талпыну, ойлану, кітап ақтару...
секілді қосымша салмағы бар. Оны да ескеріңіз...

Кірпіш бас бастығым шарт кетті.

- Әй, шырағым, - деді, - міндетің сол болса, мен әкімге
айтамын. Тіпті, керек десең, біз іс-қағаздарын тек орысша да жүргізе аламыз.
Неге бүгін қазақшаға көшпейсіңдер деп жатқан ешкім жоқ. Так что, жолдас...
қазақшаңды қалтаңа салып қой...

- Өзіңіз біліңіз...

Оған осы қыңыр мінезім жақпады-ау деймін, артынша өз
айтқанын орындауға тырысты. Мені шетқақпай етті.

Ойлағам. Ана тілі үшін арпалысып жүрмін ғой, басқалар мені
жақтар деп. Сөйтсем... бәрі ана бөлім бастығының ығына жығыла берді. Қандай
жиналыс болса да, жалғыз қарақұлақ - менмін. "Аппарат этиқасын білмейді,
субординация сақтамайды, сөзі түйеден түскендей, өзгені сыйлауды, құрметтеуді
парыз санамайды..." Осылай да осылай...

Ұзын сөздің қысқасы, екеуміз біршама уақыт айтысып-таласып
жүрдік те, ақыры... ол мені қысқартуға түсірді. "Мемлекеттік тілмен айналысатын
жалғыз қызметкер неге қысқарады" десем, ол айтады. "Сенің шаруаң болмасын..."
"Жоқ, бұл деген нағыз бюрократтық, мен арызданам..." "Өзің біл... тек бұл мекемеге
енді есік жабық". "Оны... көрерміз әлі." Әділетсіздікке шыдай алмадым. Жоғары
жаққа шағымданып бақтым. Газетке де жазып... Жә, оны қойшы. Қысқасы, аурулы
болдым. Қан қысымым көтерілді. Соның бәріне кінәлі кім? Әрине, әлгі кірпіш бас...
Соның қаныпезерлігі. Мені қайтсем де қуып шығамын деп қыр соңыма түскендігінен...
Тағы бір өкінерім - сол аппаратта әжептәуір уақыт жұмыс істеді ғой, еңбегі бар
еді ғой, консультанттыққа дейін көтерілген жоқ па деп бір қызметкердің мені
жақтамағаны... Жаны ашымағаны... Енді міне, сенімен бірге ауруханадамын....

Осыны айтты да Үндемес сары - Алмас ағасы ауыр күрсінді.
Күрсінді де:

- Е, бүйткен мемлекеттік қызметіңнің... -  деп, жерге шырт түкірді. - Өңкей алаяқтар...
екіжүзділер... подхалимдер... Өз басын ғана ойлайтын эгоистер...

Алтай үндей алмады... Ішінен ойлады: "...Мемлекеттік қызметке
ондайлар - алаяқтар, екіжүзділер, эгоистер... қайдан келеді өзі? Елеп-екшейтін
сияқты еді... Жүзден жүйріктер барушы еді. Әлде... осы күні бәрі өзгерген бе?.."

                                                 6

Міне, олар - Алтай екеуі екі-үш күннен бері бір палатада. Ол
әлгі әңгімеден соң тағы да үндемес күйге ауысқан. Алтай да қайтып оны мазалаған
жоқ.

Тек күнде ойлайтыны - чиновниктер мінезі...

Баяғыда... бұл да ептеп комсомол қызметінде болып еді, бірақ
ол кез басқа-а... Сәбет өкіметінің кезі... Талап та, тәртіп те басқа. Ал, мына
Үндемес сарыны тыңдап көрсе... кісі шошығандай.

"...Шынымен-ақ... мемлекеттік қызмет көрінгеннің қолжаулығы бола
бастағаны ма сонда? Ойына не келсе, соны істеп... Көңіліне жақпағанды дереу
тепкіге алып... Кет де кет деп..."

Сөйтіп, екеуден екеу үндемей, біріне-бірі сөз айтпай екі-үш
күн өткізгенде араларына тағы бір кісі келді. Палатадағы үшінші кереуетке келіп
жайғасқан.

Алтай ол кісіге қарап "пәлі, бұл да сол аппаратный
чиновниктің бірі болмағай" деп ойлаған. Айтқаны дәл келді де қойды.

Ол сөзшең екен. Келді де бұларға:

- Ал, шырақтар, таныс болайық, - деді. - Мен Атановпын, өзім
ұзақ жыл партия қызметінде болған кісімін...

Ал, ендеше... Алтай "партия қызметкері болғам" деген сөзді
естігенде аңтарылып қалды. Үндемес сары да елең етті. Бетін бері бұрды.

- Алтай,

- Алмас, - деп екеуі де кезекпен аттарын айтты.

- Жақсы, - деді Атанов, - мен шамасы екеуіңнен де үлкен
екенмін, біз деген қайда, партия ардагеріміз ғой...

Оның сөзіне Алтай күліп жібере жаздады. Сөзшеңдігі өз
алдына, мақтаншақтығы да бар ма деді.

Анау-мынауды елең қылып жатқан ол жоқ. Енді бұл екеуінің
қайда істейтінін, мамандығы кім екенін біліп алды. Талас-тартыс сосын басталды...

                                                   7

- Аппарат үлкен мектеп, - деді Атанов.

- Мен де ептеп оның тұз-дәмін таттым, үлкен мекеме шығар,
бірақ үлкен мектеп емес, - деді Үндемес сары.

Алтай үндемеді.

- Неге мектеп емес? Өзің-ақ ойлашы, тәртіп қайда бар,
аппаратта. Онда әркім ойына келгенді айтпайды.

- Сол үшін мектеп болғаны ма? - деді Үндемес сары.

- Бұл бірінші белгісі. Ал, енді екінші ерекшелігі - кісімен
қалай сөйлесуді үйретеді.

- Қорқып-үркіп сөйлесу ме?..

- Жоқ. Олай емес. Мәдениетті сөйлесуді... Үшіншіден, аппарат
қызметкері жинақылыққа дағдыланады.

- Тағы да қорқытудан...

- Олай емес. Ол аппарат ішіндегі психологиялық ахуал.
Қызметкер соған бейімделеді. Ал, қазір қандай? Демократия-я дейміз... Көрінген
аузына келгенін оттайтын болды. Тіпті басқаны қойшы, Министрге тиіседі.
Премьер-Министрді жерден алып, жерден салып жатады. Президентке де... Бұл не
сонда! Бұл қай тәртіп!

- Сынаса, Министр, Премьер-Министр, тіпті Президент те адам
ғой, кемшілігін айтпаса қалай болады, - деп, Алтай да сөз қосқан. Атанов айтты:

- Сынаудың да сынауы бар. Аузыңа не түссе соны айту сын
емес, ол мазақ ету... Ол бір. Екіншіден, Президент ол халық сайлаған басшы. Ел
айбары. Ел қайта сол Президентімен мақтануы керек. Парасатты елдің Президенті
де биікте тұрады.

Осы кезде Үндемес сары сөзді бөлді:

- Ал, енді сол Президент ел сенімінен шықпай жатса ше? Онда
қалай болады? - деді.

- Ой, қарағым-ай, сен Ата заңды оқымапсың-ау... Бұл сұрағыңның
жауабы сол Ата Заңда әлдеқашан жазылып қойылған емес пе. Соны да білмегенің...

- Ата заңмен кім жүріп жатыр қазір...

- Жүреді. Жүрмесе, жүреді әлі. Заң әлі-ақ өз дегенін
істетеді. Заңнан аттап кеткен ел түбі оңған емес. Мемлекеттік чиновник сол
заңды орнықтыруға күш салушы...

- Бәрі емес, - деді Үндемес сары.

- Мүмкін, - деді Атанов. - Мүмкін... Арасында бірлі-жарым
алакүліктер кездесіп те қалар. Әйтсе де мемлекеттік қызметші ары таза адам.
Солай болуы керек...

- "Бір қарын майды бір құмалақ шертеді"  деп айтқан мен емес қой. Қазақ айтты ғой.

- Қарағым, біріншіден мемлекеттік аппарат бір қарын май
емес. Ал, ондағы бірлі-жарым шалағай қызметкерлер атмосфера жасайды дегенге
сенбеймін, олар түкті де шеше алмайды. Түптің түбінде өзін-өзі әшкерелеп, мазақ
болып, ақыры кетіп тынады...

- Мен ана жолы, - деді Алтай сөзді басқа арнаға бұрып, - бір
газеттен оқыдым. Бұрын чиновник болған, кейін жұмыстан босап қалған біреу
аппарат жұмысын "есек қораға" теңепті. Қу, айлакер, зәлім, өз басын ғана
ойлайтын екіжүзділер жұмыс істейтін орын депті.

- Е, ол енді өкпесі бар адам ғой, - деді Атанов. - Өзімен
бірге істеген бірді-екілі қызметкерге көңілі қалған шығар. Ал, бірақ жалпы
аппаратты, мемлекеттік қызметті "есек қораға" теңеу асылық... Тым анайылық... Мына
шет елдерде чиновниктер үлкен құрметке ие. Біздегідей мазақ адамы емес... Өйткені
олар чиновник мемлекет саясатын, ел саясатын жүргізіп отыр деп есептейді.

- Солайы солай ғой, - деді Үндемес сары осы жолы сөз
тізгінін өзіне қарай аударып. - Алайда біздің еліміздегі чиновниктер туралы сіз
айтқандай құрмет сөз айту әлі ертерек болар.

- Е, неге? Неге ерте?..

- Бізде чиновниктер мектебі әлі қалыптаспаған.

- Пәлі, сенің ойыңша мына біз, қазақ халқы ел басқару,
мемлекет басқару ісін білмейтін, мүлде мақұрым халық болдық па. Сонда қалай?
Баяғы Абылай хан заманындағы билік мектебі қайда қалады сонда? Үш биіміз -
Төле, Қазыбек, Әйтекелер ше? Одан бергі кезеңдегі хан, билеріміз ше?.. Тіпті
оны қойып, кешегі Кеңес заманындағы нағыз нарқасқа қазақ ұлдарын қалай
ұмытамыз? Әлихан, Ахмет, Тұрарлар... Қос өкімет тұсында-ақ "министр портфеліне"
ылайықты саналған Мұстафа... Кеңес өкіметі кезінде-ақ шетелде елші бола білген
Нәзір... Ау, шырағым, сен өзі "көрмес, түйені де көрместің" керін жасап тұрған
жоқсың ба осы...

- Олар басқа. Ол кезең басқа. Мен бүгінгі күнді айтамын...

Атанов онымен тайталаса берудің еш нәтиже бермесін аңғарған.
Сосын әрі қарай сөз өрбітпеді.

Үндемес сары тағы да ойлады: "Нағыз партократ біреу
боларсың. Партияның бар рахатын көрген соң... әрине осылай сайрайсың. Мен секілді
әділетсіздікке ұрынып, тепкі көріп, жазықсыз аппараттан қуылып кеткен болсаң
ғой... "Есек қора" емес, одан да зорын айтар ең-ау, әттең..."

Атанов ойлады: "Битке өкпелеп, тонын отқа жаққан ақымақ
секілді неме. Өзі дұрыс чиновник бола алмаған соң, өстіп аппаратты балағаттайды
бұлар. Есек қора деп, былғаныш жер деп... Мемлекет сол аппараттың арқасында
шайқалмай, теңселмей тұрғанын білмейді-ау, әттең..."

Алтай бұл екеуінің аралық дауын дұрыс түсіне алмады. Ойлап
қараса, ана Үндемес сарының да реніші орынды сияқты. Енді қалай, тәп-тәуір
жұмыс істеп жатқан жерінен дереу қысқартуға түсіреді. Сенің еңбегің бар-ау,
консультант едің-ау деп жатқан бірі жоқ. Обал-сауабы бар ғой мұның да дейтін
есі түзу жан болса кәні!.. Ол ол ма... Онымен қоймай, "мінезі дөрекі,
субординацияны білмейді, жұмысқа жарамсыз" деген арына тиетін сөз естиді. Бөлім
меңгерушісінің көңілінен шықпағанына бола... Ал, енді ана Атанов ағасы да өз ойын
дұрыстап отыр. Былайша оныкі де жөн. Аппарат үлкен мектеп екені өтірік пе!
Чиновник болу мәртебелі атақ екені де рас. Ана жолғы газеттен оқығаны... расымен
жала. Мемлекет  аппаратын "есек қора"
дегені не сандалыс?.. Тоқта, тоқта! Сол мақаланың авторы кім еді осы? Алтыбаев,
жоқ Алтынбаев... Алтын-н... Алтын...беков... Иә, Алтынбеков... Сонда-а... сол Алтынбеков
мына Үндемес-с..."

Өз ойынан өзі шошығандай, сілкініп қойды. Үндемес сарыға қарап
еді, әрі қарап жатыр. "Сендермен енді сөйлессем, ит болайын" дейтіндей. Атанов
әлдебір газетке шұқшиюлы.

- Террорист... Киллер... Дүние не боп барады өзі! Адам құны көк
тиын бола бастады-ау осы күні...

Алтай ойлады: "Террорист те, киллер де өз атымен аталады.
Ал, енді арамызда үндемей жүрген, үндемей жүріп үйдей қылмыс істейтіндер ше? Өз
бас пайдасы үшін досты да, ұжымды да, тіпті мемлекетті де қаралауға, жалалауға
әзір тұрған адамдар ше..."

                                                8

Тағы бір сөз ретінде Алтай Атановты әңгімеге тартқан.
Ойлаған. Осы кісі партия, совет қызметінің бар рахатын көрген кісі ғой деп.
Сосын да сайрай беретін шығар деп...

- Сіз... қандай қызметте болдыңыз?..

- Мен бе! Мен ұзақ уақыт аудандық партия комитетінің
нұсқаушысы болдым. Отыз жыл нұсқаушы болып зейнеткерлікке шыққам.

- Зейнетақыңыз жақсы шығар?..

- Шырағым-ай, оны несіне сұрайсың. Зейнетке шығайын деп
тұрғанда жұмысымнан кемістік кетіп... қызметтен қуылдым. Бюрода не жұмысты
тастайсың, не партбилетті столға қоясың деді. Мен алдыңғысын таңдадым.
Партбилетті беру деген... сұмдық қой. Отыз жыл коммунист бола жүріп, аяқ астынан
қызыл билеттен айрылсам, онда қалай болғаны. Сосын... бірер жыл ілінген жұмысты
істеп, анда жалданып, мында жалданып жүріп, әйтеуір зейнеткерлікке іліндім-ау...

- О-о, онда мемлекеттік аппаратқа сіздің де өкпеңіз қара
қазандай екен ғой. Несіне мақтай бересіз...

- Жоқ, шырағым, - деді Атанов. - олай деме. Мемлекеттік
аппаратқа мен өкпелей алмаймын. Өзіме-өзім өкпелеймін. Сонша жыл жап-жақсы
істеп жүріп, аяқ астынан қағаздан қате жіберіп алғаным... осы күнге дейін арымды
мазалайды. Мен нағыз чиновник бола алмадым. Чиновник деген атқа күйе жақтым.

- Аппарат жұмысында әділетсіздік, теңсіздік, қыспаққа алу...
дегендер бәрібір бар емес пе?

- Ол жекелеген ары таза емес адамдардың әрекеті болар. Ал,
менің ойымша аппарат - ол тәртіп. Өзің-ақ ойлашы, мектеп көрмеген бала қандай?
Міне, мемлекеттік аппарат та, чиновниктік қызмет те біз үшін соншалық қажет. Ол
- мемлекет мектебі... Сосын да осынау қасиетті орынды "есек қораға" теңеу, ол
туралы  былғаныш, былапыт сөз айту күнә...
Білмейтіндер айта берер, ал білетіндер ондайға бармайды...

Алтай енді Үндемес сарыға ұрлана қарап еді, ол бетін бері
бұрыпты. Өңі боп-боз. Атановты әлде қостағаны, әлде қостамағаны белгісіз,
әйтеуір жанарында сан алуан сауал ізі жазылып тұрғандай.

Алтай осы палатадағы ахуалды қағазға түсіргісі келді. Бірақ
неден бастарын біле алмай отыр. Мінездер туралы ой толғауы керек пе? Мінез
демекші... Есіне неге екені белгісіз тағы да Чехов түсті. Бірақ бұл жолы Чеховтың
мінезі емес, оның әңгімесі... "Чиновниктің өлімі" есіне түскені...